Хикая Әбушаһыма

Бұл шығарма исламның жекелеген өсиеттерi мен тыйым- тоқтамдарын, халал мен харамды әңгiмелейтiн және оларды бұзушыларды жазалау туралы дастандар тобына жатады. Шығарманың басты кейiпкерi Әбушахма—хазiретi Омар халифаның баласы. Ол Құран Кәрiмдi шебер оқуымен және дауысының Пайғамбар дауысына ұқсастығымен ерекшеленедi.

Kazakh
Хикая Әбушаһыма
Өтіпті ілгеріде қанша жандар, Тыңдаушы, құлағың сал, мұсылмандар. Өткен ел өз тұсында неше түрлі, Және де өткен уәли көп мұрсалдар. Ақырдың пайғамбары хақ Мұстапа, Жараны жанындағы төрт шаһариар. Әли мен Әбубәкір, әзірет Оспан, Дүниеден өткен ерлер әділ Омар. Дейтұғын Әбділда мен Әбушаһыма, Омардың сол уақытта екі ұлы бар. Құс әуез Әбушаһыма молда екен, Шығатын лебізінен түрлі әуездер. Оқыса Әбушаһыма “Кәлам Шәріп”, Келгендей болады екен хақ Пайғамбар. Дауысын Пайғамбардың сағынғанда, Құранды оқытушы еді сахабалар. Бір күні Әбушаһыма науқас болған, Жолында ата-анасы болды құрбан. Жазылса осы ұлым деп әзіреті Омар, Тұтуға он ораза уағда қылған. Бір Алла бұл тілегін қабыл етіп, Баласы бас көтеріп, тәуір болған, Аллаға еткен Омар уағдасымен, Он айда ораза ұстап тамамдаған. Бір күні келді жиылып сахабалар. Омарға айтты: – Өтініш, аразымыз бар Шаһымаға “Кәлам Шәріп” оқытайық, Сағындық Алла досты – хақ Пайғамбар. Өтінішін падиша Омар қабыл етіп: – Мешітке,– деді,– кешке барыңыздар. Шақырып Шаһыманы апарайын, Оқытып “Кәлам Шәріп” тыңдаңыздар. Онан соң Шаһыманы барды алып, Жиналды сахабалар хабарланып. Мысалы Пайғамбардың даусындай, Оқушы еді неше түрлі әуез салып. Көргендей Мұстапаны көп сахаба, Тыңдады “Кәлам Шәріп” рахаттанып. Әуезін естігендер тұрды жылап, “Рақымет, Әбушаһыма,– дейді,– шырақ”. Дұғаға қол көтеріп көп жамағат, Саулығын Шаһыманың Хақтан сұрап. Жиналып таң намазын оқыған соң, Жылаумен сахабалар кетті тарап. Мұнан соң Әбушаһыма үйге кетті, Жолшыбай көрді бала бір жүһүдті. Баланы көріп жүһүд айтты сонда: – Сарғайған жүзің неге мұнша?– депті. Бала бұлайша жауап берді жүһүдке: – Мен душар болып едім үлкен дертке, Хақ Жаппар ақырын беріп апу етіп, Жеткерді жеңілдетіп есендікке. Жүһүд айтты: – Керек,– деді,– дәрі саған, Боласың дәрі ішпесең мұнан жаман. Мен саған ем қылайын дәрі беріп, Аурудан айықпаған бар ғой шамаң. Сап қылып сағатында кеселіңді, Жақсылық еткім келеді саған, балам. Сұрайды Әбушаһыма ол жүһүдтен: – Беретін дәріңізді айтшы маған. Жүһүд айтты: – Беретұғын дәрім арақ, Кітапта оның аты – “Арақ-шарап”. Шат қылып көңіліңізді көтереді, Ашуы басылған соң бойға тарап. Сауығып сағытында кеселіңнен Минөтте жазыласың бермен қарап. Егерде тілімді алып ішпесеңіз, Кеселің көбейеді күн-күн санап. Елі үшін ішсең бала ештеңе етпес, Ішпесең болар түбі әлің харап. Бала айтты: – Ішуіме менің арам, Арамды бұйырмады Хақ Тағалам. Жүһүд айтты: – Залалы жоқ зәрушілік, Іше бер, зияны жоқ,– деді,– балам. Мас болып ішкен заман қызуланып, Кетуге көшеменен ұрды қадам. Көшемен келе жатыр бала кетіп, Бір үйге қызулықпен келді жетіп. Төрінде толықсыған бір қыз отыр, Қарады бала қызға назар етіп. Әзілдеп әлгі қызға асылады, Нәпсінің қалауынша көңіл етіп. Қайтсем де мақсатымды орындаймын, Көнбесең өлтіремін күш көрсетіп. Қыз айтты: – Қорықпаймысың бір Құдайдан, Атақты атаң Омар падишадан. Шәрманда шариғатқа істер істеп, Не дейсің ақыретте, иә, надан. Мастықпен масқараны тыңдатпады, Мақсатын орындады бала тамам. Балаға ол қыз айтты тағы және, Қыз екен өзі зипа, ақылы дана. – Сыртқа бұл сырыңды білдірмеспін, Еңіретпесес өзі Хақ Тағала. Білдіріп құпия сырды қойса Құдай, Жасырып бола алмаймын мен масқара. Құдайдан әм ата-анаңнан ұялмастан, Бұл істі қылдың қате сен, жас бала. Мұнан соң Әбушаһыма қайтып кетті, Арада жылдан аса күндер өтті. Бір жақтан Шаһыманың себебінде, Сұлу қыз екі қабат болды жүкті. Қалайша бала туса етермін деп, Сарғайып сәнаменен болды күпті. Осылай уайымда жүргенінде, Баланың туатұғын күні бітті. Толған соң туды бала тоғыз айға, Таппасқа таптырмады ешбір айла. Халыққа қаншалықты масқара боп, Кетпестей кір жағылды абыройға. Үйінде әкесінің бала табу, Қыздарға қиын жұмыс жеткен бойға. Көппенен күліп-ойнап қосыла алмай, Қорғалап бара алмайды жиын-тойға. Баланы падишаға апармақтың, Пікірі бір күндері түседі ойға. Омарға алып келді қыз баласын, Кідірмей келіп айтты мұддағасын: – Арызымды әділдікпен тыңда, тақсыр, Бақ қонған байтақ елге падишасың. Әлемге әділдікпен атың шыққан, Аш, тақсыр, бұл жұмыстың ақ-қарасын. Өткен жыл ұлың Шаһыма бір күндері, Мас болып келді үйіме сыбап басын. Отырған үйде жалғыз көріп мені, Аударды арам жолға ықыласын. Қайтесің дедім оған ақыретте Әлемнің он сегіз мың бір Алласын. Сөзімді қанша айтқанмен қабылдамай, Ұмтылды жайып маған бар құлашын. Егерде бала туып қалмағанда, Адамға айтпас едім бұл күнәсін. Сол күні балаң қыздан пайда болды, Ей, тақсыр, бұл ұғланды не қыласың? Балаңнан туған ұлды өзің алып, Шариғатпен Шаһыманың бер жазасын. Деп сұлу падишаға айтты бәрін, Хусусан болған істің маниқасын. Қалдырмай айтты бәрін болған сырдың, Мазмұндап маниқасын мақлил жырдың. Естіп әділ Омар қайран қалып, Күңгірттеп айдын көңілін басты кірбің. Ол қызға Омар айтты: – Қалай сөзің, Мен бұрын көргенім жоқ еш мінезін. Қасаммен сөзіңді рас қыласың ба, Қалайсың ант ішуге сенің өзің? Растап сұлу сонда қасам іштті, “Айғағым Ақ Тағала”,– [деп] – өзі күшті. Оқиғасын өткен істің бәрін айтып, Ант ішіп растады болған істі. Сөзіне қыздың айтқан Омар нанды, Ашумен көрмей көзі тірі жанды. “Қалай,– деп,– бұл қадиса”, қапа болып, Үйдегі баласына өзі барды. Падиша Омар келді үйіне түйіп қабақ, Шаһма отыр екен ішіп тамақ. – Ал, балам, бұл тағамнан әбден тойып, Ұзақ жол жүретұғын болды себеп. Айтады әзірет Омар баласына, Көзінің ағы менен қарасына: – Өткен жыл кімді көрдің жол үстінде, Мешіт пен өз үйіңнің арасында? Оларға өтірік айту өте қиын, Тана алмай келді бала расына. – Қателік кетті менен, кешір, ата, Масқара перзентіңді қыласың ба. Мұнан соң әділ Омар жиды халқын, Орындап падишалықтың түрлі салтын. “Күнәкар Әбушаһыма болыпты” деп, Жинады шаһардағы жас пен қартын. Жиналды Меккеліктің бірі қалмай, Ерлері айырыпты сөздің парқын. “Жүз дүре Шаһымаға үкім еттім” Деп, Омар айтты көпке шама-шарқын. Жазасы жазықтының қандай екен, Көзіңмен көріңіздер тегіс жалпың. Баланы мұнан кейін қойды керіп, Жылайды жиылған жұрт мұны көріп. Үкімі шариғаттың болғаннан соң, Әркімнен кетіп тұрды сөйлерге ерік. Шақырып абыланы әзірет Омар, Шаһымаға келді кезек дүре соғар. Қашаннан күнәліге дүре ұратын, Дейтұғын Абыла атты сахаба бар. Деді де бар киімін шешіндірді, Жатқызып екпетінен көсілдірді. Тірліктен күдер үзіп Әбушаһыма, Жалғанның сарайынан бетін бұрды. Омарға былай деді сонда Абыла: – Күш-қуат берген маған Ақ Тағала. Мен егер бар күшіммен ұрар болсам, Болады тау менен тас пара-пара. – Ұра бер! – деді сонда әзірет Омар, Күшіңді алып қалып деді аяма. Әмірі атасының болғаннан соң, Жалаңаш дүре астында жатты бала. Он дүре ұрды әуелі санап тұрып, Аямай-ақ денесін кетті тіліп. Бір еткен қателіктің себебінен, Баланың басына түсті қиыншылық. Зарпына салған дүренің шыдай алмай, Жас бала жалынады зарлық қылып: – Жалынам сізге, жан ата, Жастықпен қылдым бір қата. Әділдік Хақтың әмірімен Көрсеттің маған көп жапа. Аямай ата балаңды, Ұрғыздың дүре зарлата. Сабыр бер маған сасқанда, Алланың досты Мұстапа, Тіледім жәрдем сіздерден. Адам нәби, Ауа ана, Алдауымен шайтанның, Басыңа түскен көп қапа. Нұх нәби мұрсалдың, Топанға қауымын алдырып, Набуд қылдың қирата. Жасаған, саған жалындым, Жаратқан жүмләні егесің. Жоқтан бар ғып туғызып, Барды жоқ қып көмесің. Ыбыраһым Халелді Кәпірлер отқа атқанда, От ішінде жәрдем боп, Күйдірмей шықтың денесін. Ысмайыл нәби мұрсалды, Құрбандыққа шаларда, Ғайыптан қошқар жіберіп, Пышақтан сақтап өңешін. Жақыптың ұлы Жүсіпті, Қырық құлаш терең құдықтан, Қисайтпай шықтың жебесін. Мысырға падиша әйладың, Марқабат салып себебін. Тілегін беріп ақырда, Көрсеттің ата-енесін. Сүлейман шаһи сұлтанды, Қырық күнге дейін зарлатып, Қайтадан бердің кеңесін. Айуб нәби мұрсалды, Шығарып қауымы тастаған. Әзиздің ақ бәденін, Құрт, құмырсқа жегесін, Тілегін беріп ақырда, Жеткіздің күнге төбесін. Маған да сондай жәрдем бол, Сабырдың қағып шегесін. Мен құлыңа жәрдем бол, Өзіңе оңай алуға, Тағдырдың салған дүресін. Деп жылап бала жатты Құдіретке, Ашуы ұрған таяқтың өтті етке. “Баршамыз махшарда қауышармыз” Деп, бала қош айтысты тұрған көпке. Омарға сахабалар айтты арыз: – Тыңдамақ ғаріп сөзін сізге парыз. Қалғанын он дүреден бізге ұрыңыз, Шаһымаға қияметте емес қарыз. Бұларға жауап берді патша Омар: – Өтініш етпе бұған, сахабалар. Күнәсін күнәкардің біреу тартпас, Сұрайды өз басынан Пәруардигар. Мұнан соң “Ұр!” деп айтты Абылаға, Он дүре дем алдырмай ұрды және. Етіне таяқ батып бара жатқаннан соң, Жалынды атасына сонда бала. Деді: – Ата, сүйегімнен өтті таяқ, Ұрсайшы ең болмаса ұлыңды аяп. Құлының емес пе едім қолыңдағы, Қатты ұрмай қайтеді, ата, ұрсаң жай-ақ. – Етіңе мен қайтемін өтсе таяқ, Тұрғанмен лажым жоқ сені аяп. Осы ұрған жүз дүренің себебінен, Күнәңнан арыларсың, балам, шаяд. Патша Омар “Ұр!” деп айтты Абылаға: – Ұрыңыз он дүрені тағы және. “Бір сағат дем алайын кідіртсең” деп, Жалынды атасына сонда бала. – Мұрсат жоқ кідіртуге,– деді Омар, Алланың әмірінен атаң қорқар. Медет жоқ менен саған тілегенмен, Болмаса құрметіңе Құдайың жар. Және де он дүрені ұрғызады, Бір минөт мойны босап тұрғызбады. Ұрғанда елу дүре етпетінен, Көзінен қанды жасын ағызады. – Атажан, арызым бар,– деді сонда, Анамды шақыртыңыз, келсін мұнда. Армансыз боп кетейін төсін иіскеп, Қалмасын ғаріп анам, ол арманда. Патша Омар баласына айтты сонда: – Жан балам, жылай берме сөзім тыңда, Көрерсің бұл дүреден аман қалсаң, Жолығарсың өліп кетсең махшарда. Және ұрды он дүрені Абыла ер, Соққанда солқылдайды бұл қара жер. Баланың жатты жаны зорға шыдап, Талықсып ағып жатты маңдайдан тер. Бала айтты және арыз: – Атажаным, Сүйікті дұғагөйім, мейірбаным. Енді ұрсаң өлетіндей халге жеттім, Шығуға жақындады тәнде жаным. Арызым мынау, ата, менің сізден, Қазірде кетті қуат денемізден. Күш-қуат маған, ата, болар ма екен, Бір мәрте иіскетсеңіз жүзіңізден. Бұл сөзін Омар және тыңдамаған, Деп айтты: – Қорқамын мен бір Құдайдан. Ақ Жаппар ақыретте қауыштырсын, Жөнелдің, жан шырағым, бұл дүниеден. “Ұр!” деді, он дүрені тағы және, “Ассаламуаләйкум” деді бала, Кеп тұрған сол жердегі асхабтарға. “Саламат қалыңыздар,– деді,– аға”. Арасат майданында жолығайық, Енді мен тірліктен болдым жұда. Хабарсыз қайран анам қалды менен, Айтыңдар дұғай сәлем анама да. Жылайды қойдай шулап сахабалар, – Қайтеміз жылағанмен не шара бар, Жалындық жанымызды пида қылып, Болмады сұрағанмен атаң Омар. “Он дүре тағы ұр”,– деді,– кідірместен, Барлығы ұрған дүрең болды сексен. Анасына бір сахаба хабар берді, Бұл жерде патша Омарға білдірместен. Сахаба анасына айтты барып, Қайғырып, қатты жылап келді налып. Баласын келіп көрсе, мажалы жоқ, Сөйлеуге әлі келмей жатыр талып. Анасы баласына барды жетіп, Шаһыма қалған екен әлден кетіп. Ахуалын баласының көргеннен соң, Жылайды сорлы анасы зарлық етіп: – Айналайын, жан балам! Бір көруге зар болып, Еңіреп келді сорлы анаң. Өз әкең ұрып өлтіртті, Болған соң әмір Алладан. Көре алмай жаның барында, Сорлы анаң келіп зарлаған. Қозысы өлген саулықтай, Ғаріп шешең маңыраған. Қысқа болды өмірің, Сарқылған судай арнадан. Тағдырдың керген ауына, Оралмай ешкім қалмаған. Күнәсін, Алла, ғапу ет, Қателік өтер пендеден. Ажалдың қазған орына Жығылмай кетпес жанды адам. Перзентінен айрылып, Талайлар мендей аңыраған. Ажалдың алғыр наһаны Жүз жиырма төрт мың нәбиді Қоймастан бірін жалмаған. Сәруардің салып даусына, Оқысаң Құран таңдаған. Құрметі үшін достының Қатасын кешір баламның, Болмасын таңла шермен қозың. Кешіріп еткен күнәсін, Жарылқай гөр, Жасаған. Қиямет күні таңладан Жанында жаннат ете гөр, Кіргізіп бұрын әммадан. Шақырып айтты Омар Абыланы: – Ұрыңыз он дүремен тағы да оны. Бітіріп кәлимасын өз аузымен, Шаһыманың тәнісінен шықты жаны. Қайғырып, қара киіп көп сахаба, Бастығы молда Оспан, әзірет Әли, “Қайда,– деп,– қайран Шаһыма енді бізге”, Жылады жиналған жұрт жас пен кәрі. Әмірін Ақ шариғының орындауға, Өлген соң он дүрені ұрды тағы. Барлығын бастан-аяқ санағанда, Осымен жүз дүреге жетті саны. Болған соң Ақтың әмірі амал бар ма, Әйтпесе, Омардың да өшті шамы. Жиналып жұрт-жамағат намаз оқып, Көмілді Шаһыманың әзиз тәні. Мұнан соң әзіреті Омар алды жатып, Қайғымен қадам ұруға болмай халі. Күн-түні күңіреніп жатып алды, Кеудесін көтеруге жоқ мажалы.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.