Қисса Әбушахма

Бұл шығарма исламның жекелеген өсиеттерi мен тыйым- тоқтамдарын, халал мен харамды әңгiмелейтiн және оларды бұзушыларды жазалау туралы дастандар тобына жатады. Шығарманың басты кейiпкерi Әбушахма—хазiретi Омар халифаның баласы. Ол Құран Кәрiмдi шебер оқуымен және дауысының Пайғамбар дауысына ұқсастығымен ерекшеленедi.

Kazakh
Қисса Әбушахма
Әуелі сөз сөйлейін бисмилладан, Сауабын бисмилла білмес надан. Жамағат, құлақ салып тыңдасаңыз, Азырақ сөз сөйлейін Шахмадан. Екінші хамду айттым бір Аллаға, Сөзімде кеше-күндіз бек көп сәна. Сипатын Әбушахма айтып болмас, Ұқсаған ұжмақ іші бейне хорға. Салауат пайғамбарым Мұхаммедке, Шапағат қыл күнәһар біз үмбетке. Айрылып күнәһтан Шахмадай, Бар ма екен сапар қылған ақыретке. Жаһанның тарлығына көзім салдым, Қолыма мен бір ғаріп қалам алдым. Ғаріптің ел ішінде көңілін аулай, Қиссасын Әбушахма жаза салдым. Сөйлесе сөзі тәтті шекер-балдай, Секілді жаңа өспірім бойы талдай. Зарланып Құран оқыса Әбушахма Тартыпты Мұхаммедке үні талмай. Нұр сипат көркін көрсең, жүзі айдай, Толықсыр жас баланың көңілі майдай. Қирағат мақамына мейірің қанар, Ақ құйрық памилнай кәміл шайдай. Өнері Әбушахма кеткен асып, Қайғысын сахабаның жүрген басып. Дауысын Пайғамбардың сағынғанда, Шахманы оқытысыпты шуылдасып. Шахмаға өнер берген Хақ Тағала, Ішінде Лаух Махфуз нұр сипатын Құдайым артық қылған шаһизада. Жиырмаға жаңа келген нұрдың жасы, Шахманың Хасан, Хұсейін жан жолдасы. Далаға Шахма бас боп сейіл құрып, Тізілген өңшең бағлан сайдың тасы. Сөйлейін шаһариарды құрмет етіп, Барады ғаріп жанға ажал жетіп. Бұл сырын һеш мұсылман біле алмайды, Кетіпті біраз ғана заман өтіп. Қайратын Әбушахма қыла алмайды, Болғанын халін нешік біле алмайды. Атына ғазиз сұлтан міне алмайды, Науқасы бек қинайды ғаріп жанды. Қарамай өзгелері жүре берді, Бар еді кәпірдің жалғыз үйі Қалжырап Әбушахма соған келді. Баланы жүһүд көріп қайран қалды, Жас бала мұсылман деп ойына алды. “Омардың баласымын” дегеннен соң, Тезірек сарайына алып барды. Ойлайды кәпір “қастық қылайын” деп, “Осы жерде құмарымнан шығайын” деп, “Бір түрлі жала жауып баласына, Омардың әділдігін сынайын” деп. Барады тәубе қылмай күнім өтіп, Кәпір тұр жас баланы құрмет етіп. “Басыңыз іше қойсаң жазылар” деп, Бір аяқ шарап алып келді жетіп. Шарапты шөлдеп тұрған салды жұтып, Жас бала мас болады [мұны] ішіп. Біле алмай есі-түсін сандалады, Шаһзада арақ ішкен халі кетіп. Бар еді сол кәпірдің жалғыз қызы, Ер жеткен адам еді оның өзі. Қызына тез жүгіріп келе салып, Жүһүдтің кәпірлікпен айтқан сөзі: – Айналайын, жан балам, Айтқан тілге нан, балам. Тамашаға сейіл құр, Сарай жаққа бар, балам. Ол сарайға кір дейді, Кел, соңымнан ер, дейді. Ішінде оның жігіт бар, Нұр сипатын көр дейді, Әдейі іздеп әкелдім Күйеулікке мен дейді Көңіліне оның ұнаса Қалағанын бер дейді, Үйір қылып көр дейді. Өмірің өтіп барады, Азырақ ойнап, күл дейді. Қыз шайтан мұны естіп жүгіріп келді, Келген соң қуанады жүзін көріп. Мастықпен Әбушахма біле алмайды, Қалыпты сол арада ойнап-күліп. Мастықпен Әбушахма шайтанға ерді, Бір-екі кәпір қызын зина қылды. Ес-түсін біраздан соң жиып алып, Аттанып Әбушахма жүре берді. Есіне қылған ісі келіп түсті, Тітіреп өне бойы, зәресі ұшты, Мүбәрак екі көзі қанға толып Жылайды: “Көре алман нұр пейішті”. Әбушахма жылайды, Көзін жасын бұлайды: – Кәпірдің қызын кез қылып, һәр не қылсаң жарайды. Зар жыласам Құдайға, Тәубе қылсам бола ма. Жиырмаға жетпей-ақ, Жолықтым үлкен күнәға. Кез қылды маған бұ істі, Қиындық басқа іс түсті. Не деп тәубе қылайын, Тәңірім мақұл көрмес-ті. Біліп қойса атамыз, Бастан кешкен қатамыз, Афласонның қолында, Қамшыда қор боп жатармыз. Құдайым кешсе мұнымды, Қамшы тілсе жонымды. Жас басымнан ұрындым-ау, Қумайын өткен күнімді. Жолықтым үлкен жалаға, Кез кел[дім] бір сам бәлеге, Екіншіде мен ғаріп, Шықпас едім далаға. Бір заман кейде толар, кейде солып, Қалармыз ажал келсе бір күн өліп. Әнеукүн Шахмаға қосылғанда Қалыпты кәпір қызы буаз болып. Жаратқан Құдай шаһзада . . . Ерлерге иман берсін Хақ Тағала, Тоғыз ай, он күн тамам болғаннан соң, Тауыпты кәпір қызы бір жас бала. Ол жүһүд мұны көріп қайран қалды, Баланы етегіне орап алды. “Апарып өз қолымен берейін” деп, Омардай падишаға алып барды. Қуанып келе жатыр кәпір күліп, Боларын айтқанының іші біліп. Сағынып Пайғамбарды шаһариарлар Үйінде тарқаушы еді хатым қылып. Бұл жүһүд ниһаятсыз кәпір еді, Бәдбахыт ойлағаны ақыл еді. Омар мен Әбушахма, шаһариарлар, Мәсжидте хатым қылып жатыр еді. Құранды-ай Әбушахма оқыр еді, Батасын молда Оспан қылар еді. Бағыштап рухына Пайғамбардың, Жарандар қайтайын деп отыр еді. Есіктен көрінеді кәпір кіріп, Келгенін бір жұмысқа Омар біліп. “Келеді,– деп,– мәсжидке бұ қалайша”, Жарандар қайран болды мұны көріп. Күнәға Әбушахма қалған батып, Кеткені бала болған бір-ақ жатып. Есіктен келді дағы кәпір жүһүд, Баланы тастай берді шырылдатып. Сонда жүһүд сөйлейді, Сөйлегенде не дейді: – Айтайын деп бір арыз, Келіп едім мен дейді. Сізге деген бұл датым, Айтайын енді сөз салтын. Шығып еді жұртыңа, Әділ Омар, жақсы атың. Жұрт билеген падишам, Әділ Омар, бекзадам. Жалғызыңа айтып па ең Кәпірлерден ал қатын? Кітабыңа көзің сал, Келіп тұрмын сөз салып. Шахма балаң кетті ғой Жүрегіме мұз салып. Себеп болған балаға, Қызымды менің ала ма. Шыққан екен далаға, Басы ауырып кез болған Біздің жалғыз сарайға. Қылғаны анық болмаса Күйдірмейін жалаға. Екі көздің қарасы, Адамның не-дүр шарасы. Осы сөздің түбіне Көзің салып қарашы. Әділ Омар, сен едің Мұсылманның данасы. Қара қылды қақ жарған Дін исламның сарасы. Әділдігіңе алмасаң Мұның да бітпес жарасы. Қатын қылды қызымды, Құда қылдың өзімді. Сендей әділ патшамен Теңдесіп тұрған кезім-ді. Өнерім Тәңір берген артық дейді, Жел сөзге қызыл тілім сампылдайды. “Әкесі жендет болды балаға” деп Қуанып, кәпір жүһүд жампылдайды. Таранып әділ патша сұңқылдайды, Жас бала шала-жансар қыңқылдайды. Әділдік қаһарына мейірі келіп, Тас мәсжид қорғасындай былқылдайды. Омардың кәпір қорқар қарасынан, Қорқа-дүр тақсыр ердің қаһарынан. Ер Омар мойнын бұрып Шахмаға, Сұрайды “рас па?” деп баласынан. Қорыққаннан Шахма жастың іші күйді, Боларын бір сұмдықтың енді білді. “Бір түрлі қинауменен өлтіремін” деп, Асхабтың қол астына бәрін жиды. – Жетті ме жас басымнан ажал,– дейді, Болды ма кәпір жүһүд надан,– дейді. Өтейін шаһид болып бұ дүниеден, Әйтеуір тозақ ішінде жанам,– дейді. – Шыныңды айт, Шахма бала, жетті қаза, Алданып жалғыз сөзге болма наза. Менің қаһарым, әй, балам, дәнеме емес, Алдыңда күнәліге – қатты жаза. Шахма айтты: – Бір іс қате өтті,– дейді, Түбіме кәпір жүһүд жетті,– дейді. Өлейін жалған айтпай, шынымды айтып, Бұйрығы бір Алланың жетті,– дейді. – Жөн болар шын айтқаның, Шахма балам, Қирағат мақамына көп-дүр сәнаң. Қинаумен өлтірейін, балам, сені, Пейішті нәсіп қылсын Хақ Тағалам. – Өлтірсең ризамын, атам, сізге, Кешіңіз ата хақын сіз де бізге. Кеттім-ау күнәһлі боп, уа, дариға, Алданып нәпсі менен жалған сөзге. Шахмаға бұл бәлені Тәңірім салды, Күнәлі баласына қаһарланды. Мешіттен алып шығып Шахманы, Жетелеп дар басына алып барды Мінеді әділ Омар қаһарына, Тақсырдың кім шыдаған заһарына. “Баласын әділ Омар асады” деп, Жайылды Мәдиненің шаһарына. Омардың Шахма зада жалғыз ұғлы, Ерлердің сайыпқыран қызыл гүлі. Қамшыгер жазалыға дүре салған, Бар еді Афласондай жөнсіз құлы. – Афласон шапшаң мұнда келсін,– [дейді], Жазасын бұл баланың берсін,– дейді. Жүз қамшы дүре ұрсын жалаңаштап, Қор болып қамшы астында өлсін,– дейді. Афласон тез жүгіріп келді дарға, Омардай кім шыдаған алды тарға. Жиылып күллі шаһар тітіреді, Бетіне қарсы келер заман бар ма? Ашуы ер Омардың болды күшті, Есітіп Оспан, Әли жүгірісті. Бұл істі кешу қылып кетер еді, Тұра тұрса әзелінде хақ өлімі. Оспанның сұрағаны Сонда Оспан айтады, Айтпай енді қайтеді. Пайғамбарды жоқтасып Қайғы-жапа тартады. Шариғатты жөн дейді, Әділ Омар сен дейді. Нұр иесі атанған Молда Оспан мен дейді. Жетім қалған біздерді Пайғамбардан . . . дейді. Тәубе қылса кешірер, Осы ашуың бер дейді. Құрметі үшін бабамның Төкпе қанын баланың. Құтылуға қиын ол Тәңірім бәле салғанның. Сонда Омар айтады: – Оспан жарым, жолыңа Пида болсын ғазиз жан. Бұл істі енді менен сұрамаңыз, Қан төкпей кешілмейді күнәлары. Өкініп молда Оспан болды наза, Бар дейді рақымымызға йаумул жаза. Омардың жаны ашымай баласына, Шынымен жеткен тағдыр қазасына. Барады іші күйіп Әли Арыслан, Ағызып екі көзден қып-қызыл қан. Әлидің кәлимасы Шаһимардан сұрайды, Қайғы көріп жылайды: – Бабам болса бұл іске Бір қайланы қылғай-ды. Пайғамбардың дауысын Мақамына салғай-ды. Сағынғанда тыңдайтын Халіміз нешік бұл депті. Жазалы болып қамшы сор, Өліп бітер қайран ер. Құрметі үшін бабамның Тәубе қылып кешіре гөр. Баланың қанын жүктеме Осы ашуыңды маған бер. – Сөзіңе жаным пида Оспан, Әли, Бұл дүние баршамыздан өтер пәни. Күнәден сіз де, біз де бейшарамыз, Біздерді-ай асып кетер күнәлары. Жиылып күллі шаһар сұрайды енді, Зарланып сұраса да болмайды енді. Баласының қол-аяғын байлап алып, “Соққын” деп, Афласонға бұйырды енді. Сықылды апта түнеп туған айдай, Ұруға құлдың қолы бара алмайды-ай. Қамшыменен екі қабат ұрып еді, Шырылдап ғазиз сұлтан жата алмайды-ай. Шахма айтты: – Уа дариға, ғазиздарым, Барады-ау таяқ өтіп шыбын жаным. Балаға ата жақын болмай ма екен, Жан баба, қиналды ғой ғазиз жаным. – Етіңе қамшы өтті ме, балам,– дейді, Бұдан да тамұқ оты жаман,– дейді. Құтылсаң қамшыменен тәуір,– дейді, Сөйлетпей тез ұрыңыз, жылдам,– дейді. Афласон сол араға онды салды, Қиналды бейшараның шыбын жаны. “Онды соқ және үстіне” дегенінде, Шыдамай сахабалар шуылдайды. Афласон сол арада отыз ұрды, Қызыл жүз, ақша етіне қамшы кірді. Оспан, Әли сөзіне құлақ салмай, “Тағы да онды соқ” деп бұйрық қылды. Қырық соқты Афласондай батырлары, Тұрады иман айтып жақындары. “Хазірет Фатима үшін бізге бер” деп, Сұрайды асхабтардың қатындары. Қамшы өтіп Шахма зарлық қылар, Қызыл гүл бақшадағы шөптей солар. Әділдік қаһарына мініп алды, Болмайды не қылса да хазірет Омар. Омар айтты: – Афласон құлым,– деді, Батпайды сенің бұған қолың,– деді. Ер Омар ашуланып Афласонға, “Жиырма тағы бұған соғың” деді. Баласын сол арада және соқты, Соқпаса ғаріп жанынан өзі қорықты. “Ішім күйіп барады, сусын бер” деп, Сол жерде Шахманың тілі шықты. Шахманың сөзі Жылайды енді бекзада, Күнәлі болып тұрса да Өлтірмесе нетеді Қамшыменен ұрса да. – Уа дариға, жан атам, Таудан үлкен көп қатам. Махшарда күлкі болмайын, Мен емес пе жас ботаң. Атасыменен араз дер, Әуелі берші оң батаң. Некаһсыз бала туған-ды, Көзімді кімге саламын. Ризалық бермесең, Көзімнің жасын көрмесең, Ықыласың бермесең, Атам бар деп махшарда Артыңыздан ермесем, Қайда бардым мен ғаріп. Ашымайды жаныңыз, Нала болып еңіресең Жалғыз ұғлың тез өлер, Ақыретке жөнелер. Алла деген құлына, Аңдушы дұшпан кез келер. Қол-аяғым байлаулы, Қолымнан менің не келер. Құдай үшін балаңа Бір жұтатын сусын бер Ризалық алып жатайын. Уа, дариға-ай, атеке, Енді маған батаң бер. – Жас бала Әбушахма, ақылың зерек, Күнәһің көп, сусын ішіп неге керек. Ішерсің ақыреттің шараптарын “Тағы да онды соқ” деп қылды бұйрық. Афласон сол арада тағы да ұрды, Қызыл жүз, ақша етіне қамшы кірді. “Бір көріп жан барында қалайын” деп, Анасы жетіп келіп жүзін көрді. Анасының кәламы Анасы келіп салды қол, – Уа, дариға, жан бұлбұл, Өсірген сүйіп құлыным Қамшы астында қалды ма, Гүл еркін өсіп жүргенде Сайраушы едің, қызыл гүл. Әкеңе қарсы кім келер, Құлыным, енді аман бол. Махшар күні болғанда Алдымнан, ұғлым, шығар бол. Ер Омар ашуланды анасына Бір жұтым сусын бермей баласына. “Тағы да онды соқ” деп қылды бұйрық, Етінің қамшы кірді арасына. Афласон сол арада онды соқты, Етіне қамшы саны сексен бопты. Жайылып тоқсан қамшы денесіне, Сол жерде шаһзаданың жаны шықты. Кәпірлер бұл ісіне қалды күліп, Мұсылман зарлық етті іші күйіп. Оспан, Әли үстіне қара киді, Жоқтығын пайғамбардың сонда біліп. Көктегі періште қара киді, Ұжмақта хор қыздары зар еңіреді. Ұшқан құс, жүгірген аң зарлық етті, Ғаламның он сегіз мың бәрі еңірепті. Ұжмаққа Әбушахма кетті жаны, Жүк болды сол арада кәпірге ердің қаны. Қамшыны әділ Омар қолына алып, Жаны жоқ сүйегіне он ұрғаны. Ұжмаққа Әбушахма жаны кетті, Соңғы ұрған қамшыменен жүзге жетті. Омардың іші күйіп баласына, Құшақтап “жалғызым” деп жылағаны. – Айналайын, жан балам, Ұжмаққа тура бар, балам. Пайғамбарға кез келсең Жарандарға айт сәлем. Екі көзімнің қарасы, Бағырымның парасы, Алла жазған тағдырға Пенденің жоқ шарасы. Енді сабыр қылайын, Тіл тигізбей жылайын. Ғарасат майдан болғанда Үстем болсын талайың. Періштелер сұрғанда Бабаң болсын панайың. Күнәһің қалса мойныңда Ғапу қылсын Құдайым. Әгар келсе бір шамам Көзімнің қырын салайын. Тәңірім қазы болғанда Махшарда тауып алайын. Беріп, алған Аллаға Шүкірлік қылып тұрайын. Омардай жан тумаған һеш ғадалат, Баласын қолмен ұрып қылған опат. Оспан, Әли көтерді бастарына, Олардың рухына мың салауат. Анасы болып қалды тірі ғаріп, Қиын екен туғасын жүрек жарып. Ғазиз жан өшіп кетті дем біткен соң, Құр сүйек қала берді, тәні шіріп. Жігіттер, иманыңды боққа сатпа, Көңіл бөл намаз үшін, ұйықтап жатпа. Арулап жаназалап Шахма жасты, Мінгізді табыт деген ағаш атқа. Тысқары алып шығып Мәдинеден, Бұйырған топырағы қойды жерге. Әділдік, өнер керек ер жасында, Өнер бар қызыл тілдің аясында. Шахманы хазірет Әли түсте көріп, Расулдың отыр екен тізесінде. Шахманың сөзі: – Баланың келіп бір үйге, Нәпсіге көңіл бұрғаны. Бұ жалғанда адамның Әкесі екен қорғаны. Тоқсан шыбық ұрғанда Жанымның ғайып болғаны. Перзентіне жуымай . . . келіп тұрғаны. Сүйегіме жаны жоқ Он қамшыны ұрғаны. Бастан-аяқ, әй, тақсыр, Баланың осы болғаны. Атанғаны осылай әділ Омар, Тақсырдың қылған ісі Хаққа ұнар. Тысқары шариғаттан бұрылмайды, Кісі емес мінез бірлән адам сынар. Ұйқыдан Әли Арыслан түрегелді Шахманың шаһидтігін енді білді. Түсінде пайғамбарды көргендерін Омарға айтайын деп келді енді. – Сүйінші, Омар патша, келдім сұрап, Көңілім ояу, көзім ұйқы, жаттым сұлап. Көргенін Расул Алла[ны] айтып отыр, Көзінің тамам қылды жасын бұлап. Бес күндік опасы жоқ мына жалған, Жақсы өтіп бұ дүниеден жаман қалған. Жамағат, өлмеймін деп ойламаңыз, Әкеміз баршамыздың – Адамды алған. Ағалар, мына жалған жақын қалған, Адамдар сұм дүниеге көңіл салған. Жігіттер, құлшылық[ты], сірә, қойма, Біз түгіл әулиелер оларды алған.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.