Қисса Көдек баланың хикаяты

Бір күні жүһүд бір кітап оқыр, Қасында жас баласы қарап отыр. Жасырса да, баласы аңлай берді, Жаққан соң құлағына тыңдай берді. Жер мен көктің арасы нұрға толды, “Атаке-ау, бұл не аят?” деп тыңдай берді. Әлденеше сұрады үшке дейін, Сұраса да, айтпады түске дейін. “Мұхаммед пайғамбарды жасырдың” деп, Бала жатып жылады к...

Kazakh
Қисса Көдек баланың хикаяты
Бір күні жүһүд бір кітап оқыр, Қасында жас баласы қарап отыр. Жасырса да, баласы аңлай берді, Жаққан соң құлағына тыңдай берді. Жер мен көктің арасы нұрға толды, “Атаке-ау, бұл не аят?” деп тыңдай берді. Әлденеше сұрады үшке дейін, Сұраса да, айтпады түске дейін. “Мұхаммед пайғамбарды жасырдың” деп, Бала жатып жылады кешке дейін. – Атаке, аят мағынасын айтшы бізге, Жақсы дұға қылар ем атам сізге. Атаке-ау, аят мағынасын айтпасаңыз, Мен-ай лағып кетермін құла түзге. – Білген кісі, ей балам әулие емес, Нанған кісі әулие тіптен емес. Кітапқа бір жәдігөй аты түскен, Мағынасын менен басқа адам білмес. – Мұхаммед пайғамбарды мен іздермін, Екі көзің ағарып отыр атам. Бала шыға жөнелді үйден тұра, Баланы ұстай алды тұра қуа. Баланы темір қорған үйге салды, Қол аяғын кісендеп мықтап буа. Баланың қол аяғын кісендеді, Кетеді деп балаға инанбады. Атасы мен анасына күш бермеді, Және біреу келді де үшеуледі. – Құдай-а, көзім жасын қабыл қылсаң, Дем алмастан жылайын, аңырайын. Ей, Құдай-а, біз құлға есігің аш, Мендей ғаріп құлыңа рахматың шаш. Құдай үшін жанымды қылдым құрбан, Мұхаммедтің жолына байладым бас. Әй, Құдай-а, ашшы маған есігіңді, Есік ашсаң, көрер ем нәсібіңді. Ақыреттен үмітуар болар едім, Мұхаммедті бір көрсем, осы күні. Ей, Құдай-а, күшті білдім құдіретіңді, Өзің ғафу қылмасаң бұ дертіңді. Құдай-а, бұ дертіме дәрмен берсең, Та өлгенше қылар ем қызметіңді. Құдайым Жәбірейілге қылды пәрмен, Пәрменіне Құданың не-дүр дәрмен. – Бар, Жәбірейіл, Көдектің қолын босат, Көдегімді мен жақсы жарылқармын. Уай, Жәбірейіл, бара көр Көдек ұғылға, Мен рахматым салармын мұндақ құлға. Бар, Жәбірейіл, Көдегімнің қолын босат, Екі ортада бірдемеге обал қылма. Құдайым Жәбірейілге жарлық етті, Шапқан ат, атқан оқтан жылдам жетті. Жәбірейіл аспаннан ұрып еді, Темір үй талқан болып тарс-тұрс кетті. Үй қалды бұзылып, кісен сынды, Ғаріп Көдек баланың көңілі тынды. Үй бұзылып, кісені сынғаннан соң, Құдайым рахматын салғанын бала білді. Үйден шығып лағып кетті бала, Ел жоқ, күн жоқ беталды құла дала. Бет алдына-ай лағып келе жатса, Көрінді қарсы алдында бір шоқ қара. Шоқ қара керуен екен Мекке жүрген, Жылда барып саудасын ете жүрген. Жақын емес, алыс жол Мекке жолы, Бір жарым ай дегенде жете жүрген. Бір бала келе жатыр бебеу қағып, Аузынан бурадайын көбік ағып. “Елсіз, күнсіз далада немене” деп, Керуендер таң қалып тұр оны бағып. Жетіп келіп керуенге берді сәлем, Керуен айтты: – Не болды жаным бала? Өзің теңді балалар ойнасып жүр, Жас басыңнан не салды Құдай Тағалаң. – Жақсы айтасың бұ сөзді, ағаларым, Ақсақал, қарасақал бабаларым. Өзге бала ойнаса, ойнай берсін, Мұхаммедтің жолында шықсын жаным. – Бұл бала асық екен Мұхаммедке, Түскендей асықтықтан мұндай дертке. Қайыр қылсақ біздерге сауап болар, Берелік аяқ лау біраз күнге. Керуен тұра жөнелді түннен көшіп, Бала жылап келеді жаннан кешіп. һәр қайсысы айтады “ас іш” десіп, “Айналайын жарқыным ат мін” десіп. – Мін демеңіз көлікке, түс демеңіз, Сірә маған ас беріп “іш” демеңіз. Ас ішпесем қарным сірә ашпайды, Жаяу жүрсем шаршаман, сіз білмейсіз. – Аш, балам, жүре көр олай болсаң, Не салғанын көрерсің қалай болсаң. һәр қашанда бізбенен бір барасың, Қырық бес күндей бізбенен бірге қонсаң. – Мен жас бала Меккеге барғаным жоқ, Алыс-жақын болжауын алғаным жоқ. Қырық бес күндік болмақтан, жүз күн болсын, Осы жолда жан берсем арманым жоқ. – Жеткізелік Мұхаммед әулиеңе, Шыныңменен жылай бер жан иеңе. Қырық бес күндік болады Мекке жолы, Жүре алмассың, міне ғой бұ түйеңе. – Айналайын жаратқан, Құдайым-ай, Құдайыма жыламай тұрайынба-ай. Қияметте Мұхаммед үмбет десе, Бұ жалғанды басыма ұрайын ба. Жетіп келді Меккеге қырық бес күнде, Бала асығып жылайды күндіз-түнде. – Жан балам, асықпай тұр осы жерде, Таң атқан соң барасың бізбен бірге. – Мен келдім қырық бес күнде асық болып, Қырық бес күндей сіздермен бірге қонып. Іздеп келген Пайғамбар өліп кетсе, Мен арманда болармын ішім толып. Мен келдім қырық бес күнде өліп-талып, Қырық бес күндей сіздермен бірге қонып. Іздеп келген Мұхаммед пайғамбарым Өліп кетсе, қайтамын дүние салып. Бала асығып жөнелді шыдай алмай, Керуен қалды отырып жылай-жылай. Керуеннен ол бала былай шыға берсе, Бір сахаба жолықты онан былай. – Ей, атаке-ау, таң қаларсың сөзімізге, Тым-ақ жақсы көріндің көзімізге. Атаке-ау, есім шарифың кім болады, Мен іздеген Пайғамбар өзіңіз бе? – Үш күн болды Пайғамбар қасынан кетпейміз, – Бар еді Пайғамбарым көп кеңесі. Үш күн бұрын Пайғамбар өлген екен, Сахабалар бәрі жиылып келген екен. Хасан, Хүсейін – Пайғамбар перзенттері, Молдаларға Құранын берген екен. – Балам, осылай тұра тұр, мен қайтайын, Мұхаммедтің шын үмбеті келіп тұр деп сені айтайын. Жырақ жерден келіп тұр бір бейшара, Қырық бес күн болып тұр деп тағы айтайын. Сахаба қайтып келді көп ішінде, Бір демге сыймады сөз ішіне. “Сахаба бір сөзді есітті” деп, Көптер қарап аңдады пішініне. – Ей, сахаба, не аңладың тысқа шығып, Ішіңнен не тыңдадың жалғыз бағып. Бір нәрсеге көңілің бұзылыпты, Аузың барып біздерге айта алмадың. – Әлде қалай далаға шығып едім, Келіп тұрған жас қана бала көрдім. “Пайғамбар қайда?” деп жылай берді, Көңілім қатты бұзылып мүсіркедім. Сахаба айтты: – Ол бала өлмей қалмас, “Қой жылама” дегеннің тілін алмас. “Пайғамбарым қайда?” деп жылай берді, Өлетұғын сияқты тірі қалмас. Әли айтты: – Ол балаға мен барайын, Үйге келсе, ертіп ап келейін. Әлдекімнің баласы жылап өлсе, Пайғамбардың соңынан мен де өлейін. Әли шықты, есіктен бала көрді, “Пайғамбар” деп Әлиге сәлем берді. – Жан балам, мен Пайғамбар емес,– деп, Жас баланың қолынан жетеледі. Баланы жетелеп алып үйге кірді, Пайғамбарды өлді деп сендірді. Ынтық болып келді де көре алмады, “Айналайын Мұхаммед, ойбай” деді. – Пайғамбарым, жүзіңді көрмей қалдым, Жүзің көріп қолымды бермей қалдым. Та өлгенше алдыңда қызмет қылып, “Қияметте шапағат қыл” демей қалдым. Пайғамбарым, көрмедім нұр жүзіңді, Ынтық болдым бір басқан бір ізіңді. Бұ дүниеде жүзіңді көрмесем де, Қияметте маған сал бір көзіңді. Ата-анамнан айрылдым сіздің үшін, Үш күн тұрсаң нетеді менің үшін. Іздеп келген Мұхаммед пайғамбарым, Қайтейін Құдайымның қылған ісін. Ей, Құдай-а, ал менен аманатың, Нетейін бұ дүнияның салтанатын. Пайғамбарды көрмей қалдым деген сөзді, Есіттірме һәр кімге мәлім етіп. Жылай тұра жас бала түсті талып, Басын сүйеп отырды Әли барып. Құдайымның тағдыры солай болды, Өтіп кетті жас бала дүние салып. Өтіп кетті дүниеден қаза болып, Сахабалар жыла деді ара қылып. “Шариғаттың бұйрығы осылай” деп, Шомылдырды баланы таза қылып. Жаназасын оқысып көрге қойды, Топырағы бұйырған жерге қойды. Бала іздеп жүр еді, иман тапты, “Еңбек қылсаң жетерсің” деген сөз-ді. Хазірет Әли түс көрді үйіне барып, Пайғамбарға жолықты бала ғаріп. Түсінде Пайғамбарым үйір екен, Ғаріп Көдек баланы қасына алып. – Жігіттер, аңладың ба сөзім қандай? Кім қалды Пайғамбардан бұрынғыдай. Біз күмра пендеде ықылас жоқ, Ықылас қылсақ табар ек біз де сондай. Қиямет алыс емес, бұ күндей-ақ, Қайырсыз мал, доңыздың түгіндей-ақ. Біз күмра пендеде ықылас жоқ, Ықылас қылсақ жетер ек жүгірмей-ақ. Мен шығарған сөз емес мұның өзі, Бұрынғы бір ақынның айтқан сөзі. Бұ да баспа болсын деп жаза салдым, Жарандар, айып етпе енді бізді.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.