Диуана шейх Бұрқы

Айтайын тыңдасаңыз жақсы кепті, Бізден бұрын көп адам өтіп кетті. Хазіреті Мұсаның заманында, Шейх Бұрқы диуана деген өтті. Ертеде шейх Бұрқы диуана өтті, Қайтармайды аузынан келген кепті. Жақсы-жаман диуанаң сөз айтса да, Не айтқанын Құдайым қабыл етті. Ертеде шейх Бұрқы диуана өтті, Диуананы Құдайым “достым” депті. Қ...

Kazakh
Диуана шейх Бұрқы
Айтайын тыңдасаңыз жақсы кепті, Бізден бұрын көп адам өтіп кетті. Хазіреті Мұсаның заманында, Шейх Бұрқы диуана деген өтті. Ертеде шейх Бұрқы диуана өтті, Қайтармайды аузынан келген кепті. Жақсы-жаман диуанаң сөз айтса да, Не айтқанын Құдайым қабыл етті. Ертеде шейх Бұрқы диуана өтті, Диуананы Құдайым “достым” депті. Құдайым диуананы сонша сүйді, Диуананың Құдайға арызы жетті. Тәңірім айтты бір күні: – Ей, диуанам, Қырық ұдай қызмет қыл енді маған. Қызметіңді бітіріп менен тіле, Қалағаның берейін мен де саған. – Жарлық қылсаң қызметіңе лайық көріп, Жан-тәнменен қылайын мен жүгіріп. Қызметіңді бітіріп болғаннан соң, Бұйымымды тілермін мен де келіп. – Диуанам, бермейді деп ғапыл қалма, Бір берермін деген соң қайту бар ма? Қырық күн ұдай қызметің бітіргенше, Ине жіптей көңіліңе харам алма. – Тентек еткен сөзімді жұтпағансың, Өзің кеңсің, жаман сөз кектейсің. Пәрменіңді қылайын, падишаһым, Береріңнің белгісін бекіткейсің. – Бүгінгідей қылайын бұ жылғыңды, Оңай қылып берейін қиыныңды. Саған қиын болса да, маған оңай, Таба алмай тұрам ба бұйымыңды. Диуанам қызмет қылды Құдайына, Қырық күн тынбай қылды ұдайына. Қырық күн өтіп қызметін бітірген соң, “Айтқан күн болды” деп келді алдына. – Диуанам, бәрекелді қызмет еттің, Азғана күн айтысқан сөзге жеттің. Көңіліңдегі арызыңды менен қала, Маған өтіп кетті ғой бұ қызметің. – Мойныма қырық күн салған міндетіңе, Аяғымнан тік тұрдым қызметіңе. Қарызымды не айтайын, не айтпайын, Бұ қызметім жақты ма екен құдіретіңе. – Диуанам, бұ қызметің жақты маған, Қырық күн ұдай қызметім қылдың тамам. Көңіліңдегі қарызыңды менен тіле, Қалағаның берейін мен де саған. – Өзің тентек жаратқан диуанаңмын, Біз өзіңе мас болған пәруанаңмын, Тіле дедің, қоймадың падишаһым, Мен арызымды айтуға ұяламын. – Диуанам, мақұл емес ұялғаның, Ұяламын дегенің не қылғаның. Диуанам, бұ сөзіңнен ұялмағыл, Ұялсаң рахматымнан құр қалғаның. – Құдайым, маған берсең дозақты бер, Дозақ отын күл қылып ұшыра көр. Менім саған тілеуім ей, Құдайым, Пенделердің күнәһін кешіре көр. – Диуанам, дозақ па сенің қастың, Айтқан сөзін қарашы тентек сенің. Қалағаның берейін әлі де болса, Дозақты қой, өзгені тіле, достым. – Арызыңды тілеп ап өзің айттың, Өзің айтқан сөзіңнен өзің қайттың. Айтқан сөзге мен жеттім, сен жетпедің, Достықтан сен қайтсаң, мен де қайттым. Өзің айттың “диуанам, тіле” дедің, Өзің тіле деген соң тілеп едім. Шайтанға да азаттық беріп едің, Шайтан құрлы пендеңді еш көрмедің. Сегіз ұжмақ жараттың рахматыңнан, Жеті дозақ жараттың қаһарыңнан. Дозақты күл қылып ұшыра көр Мен разы болайын, Тәңірім, саған. Күшің жетпей тұр ма екен өшіруге, Пенделердің күнәһін кешіруге. Он сегіз мың ғаламның падишаһы, Сен кешірмей Әзірейіл кешірер ме? Бар қыларға дозақты жеткен күшің, Жоқ қыларға келгенде қайда кеттің. Меккеден түзік еді менің көңілім, Анша түзік көңілімді қалдырғаның. Соңыра отқа пенде мені саламын деп, Мақұл емес дозақты жандырғаның. Бір өзіме бер-сәна дозағыңды, Бір-ақ өзім көрейін азабыңды. Құдай-а, не қылсаң да өзіме қыл, Дозаққа жібермегіл қарағымды. – Диуанам, дозағымды мен берейін, Мұсылманды дозаққа жіберейін. Көптен аздың хақын алып беріп, Қор менен зордың екеуін теңгерейін. Диуанам, дозақ оты жанып тұрсын, Пенделер қорыққан тәубе қылсын. Бір дозақтан пенделерім қорықпаса, Менің Құдай екенім қайдан білсін. Диуанам, бір уақытта ақырзаман болар, Көбісі мұсылманның кәпір болар. Азға зорлық-зомбылық қылғандар бар, Бәрі де өз алдыма мағлұм болар. Кәпір үшін дозақты жаратқан мен, Мұсылманды пейішке қаратқан мен. Қылмысынан мұсылман дозақ барса, Өз обалы өзіне онан жаман. Диуанам, разымысың енді маған, Немді аяп тұрамын енді сенен. Мұхаммедтің күнәһлі үмбеттері Дозақтың отынан болса аман. Диуананың тілеуін Құдай береді, Мұсылманды дозаққа жібермейді. Жаратқан бір Алланың хақы үшін Қол көтеріп, дұға қылың енді. Мал үшін, дүние, жаның үшін Ораза, намаз оқығыл иман үшін. Мұхаммед пен диуананы біз жад қылдық, Бір салауат оқыңыз оның үшін.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.