Қисса хазірет Оспан разы Алла анһудың қонаққа шақырғаны

Сөйлеймін құп тыңдасаң, көп жамағат, Қалыпты Пайғамбардан аз насихат. Ғаламның он сегіз мың Падишасы Хабибі Хақ Расулдан қалды риуаят. Риуаят қалды бізге Пайғамбардан, Сөзіме сауап табар құлақ салған. Шырағы екі дүние Расулыдан, Болмай ма сөзім хараб аяп қалған. Насихат сөйле енді білсең тілім, Харам ғой Пайғамбарсыз к...

Kazakh
Қисса хазірет Оспан разы Алла анһудың қонаққа шақырғаны
Сөйлеймін құп тыңдасаң, көп жамағат, Қалыпты Пайғамбардан аз насихат. Ғаламның он сегіз мың Падишасы Хабибі Хақ Расулдан қалды риуаят. Риуаят қалды бізге Пайғамбардан, Сөзіме сауап табар құлақ салған. Шырағы екі дүние Расулыдан, Болмай ма сөзім хараб аяп қалған. Насихат сөйле енді білсең тілім, Харам ғой Пайғамбарсыз көрген күнім. Ғарасат таңда, махшар майданында, Бола гөр шапағатшы хақ Расулым. Пайғамбар шапағатшы болсын бізге, Кім болар шапағатшы сізден өзге. Оспанның қонақтыққа шақырғанын, Сөйлейін, жамағаттар, мұны сізге. Жігіттер, иманың күт бұ дүниеде, Иман жолдас болады о дүниеде. Пайғамбар Құдай досты, төрт жарменен, Бір күні отыр екен Мәдинеде. Ішінде Омар, Оспан, Әли де бар, Жастары көп ішінде, кәрі де бар. Ақсақалы бар еді Әбубәкір, Көңілі жақсы асхабтың бәрі де бар. Оспан молда төрт жардың байлары еді, Пайдасын ақыреттің ойлар еді. Отырса жамағаттар Мәдинеде, Сол күні рамазанның айлары еді. “Жан баба, жаным құрбан сізге” деді, “Бүгін қонақ болыңыз бізге” деді. “Қалмасын қасыңызда жамағаттар, Ал, жүрсін халайықтар бірге” деді. Қасына көп жамағат ермек болды, Алланың бұйырғанын көрмек болды. Пайғамбар Хақ Расулы бабасына Ер Оспан қонақасы бермек болды. Қонаққа шақыртыпты Оспан батыр, һәр сөзі мың тілләлық балдай татыр. Мешітте ақшам намаз оқып алып, Бас боп Пайғамбар қауымына келе жатыр. Үйіне кіргізіпті Оспан молда, Хабибі Нұр Мұхаммед, хақ Расул Алла. Жанында көп сахаба ерлерімен, Отырды жайланысып бәрі сонда. – Расулы, құп келдіңіз, тақсыр бабам, Жан қалмай халайықтан келсін тамам. Хақ Тағала ниетімді қабыл қылса, Келгеннен дүние-малға менің шамам. Түрлі тағам апкеліп, қойлар сойды, Алдына һәрбір түрлі тағам қойды. Тағам жесіп отырған көп адамдар, Халайық жас пен кәрі жүмлә тойды. “Жан баба, біздің үйге келдің”,– деді, “Мәнісін хал-шамамыз көрдің”,– деді. “Жүз жетпіс қадам жер басып келіп едің, Әр қадамыңызға бір құл азат қылдым”,– деді. “Бәрекелді” десіпті жұрттың бәрі, Шаттанысып отырды жас пен кәрі. Жамағат шаттанысып отырғанда, Зар-зар жылап отырды хазірет Әли. Ол жолда Оспан молда қылған қызмет, Оған дәулет беріпті Жаппар құдірет. Әлидің ашуланған кейпін көріп, Отырды сонда сұрап Нұр Мұхаммед. – Неліктен кейідіңіз, Әли батыр? Әлидің айтқан сөзі балдай татыр. Жаратқан Құдай артық Шаһимардан, Сөйлеуге енді тақсыр келе жатыр: – Жан баба, бізден дүние өтер екен, Дәулетті адам сауапқа жетер екен. Мен дәулетсіз сауаптан құры қалдым, Дүниелік жимағаным бекер екен. Көңіліне қайғы кірді талай-талай, Көңілі ер Әлидің алтын сарай. Көзінен жасы ағып, түгі шығып, Жөнелді ашуланып үйге қарай. Қайғырды бұ дүниенің малдарына, Кім шыдаған күш-қуат халдарына. Әлидің ашуланған кейпін көріп, Фатима қарсы шықты алдарына. – Мұсылман қайыр қылдың бәрісіне, Жолыққан жасы менен кәрісіне. Жұрттың бәрі шаттанып қайтқанында, Шаһимардан, қайғырыпсыз – мәнісі не? Ісіміз һәрбір қылған Аллаға аян, Тамұқта имансызды шағар шаян. Жұрттың бәрі шаттанып қайтқанында, Шаһимардан, бұл ісіңді қылшы баян. – Фатима бізден дәурен өтер екен, Дәулетті адам сауапқа жетер екен. Кедейліктен сауаптан құры қалдым, Дүниелік жимағаным бекер екен. Алдыма бар дәулетін жиып алып, Бабамды мен де қонақ қылсам ба екен? – Әй, шері, ісіне Алла салған шыдалық біз, Бұл жерде қайғы тартып тұрмалық біз. Қайғы көрер ер ме едің бұл дүнияда? Бабамды шақыр, қонақ қылалық біз. – Фатима, біз көңілді дәулетті ермен тең көреміз, Сауапты дәулетті ерден кем көреміз. Біз шақырсақ жиылып жұрт келеді, Үйде тамақ жоқ қой, не береміз? “Шақырсаң тақсыр бабам келер” деді, “Жанына көп жамағат ерер” деді. “Пендесін ризықсыз жаратқан жоқ, Құдай бізге бір нәсіп берер” деді. Ақылына қараңыз данышпанның, һәр жерде әлсіздерге болысқанның. Сол сөзін Фатиманың естіген соң, Ұстады жомарттығы Арысланның. Жақсылар бұ дүниеде бойын бағар, һәр жерде арамзаны Құдай табар. “Тақсыр бабам қонаққа келсінлер” деп, Шақыртып Әли батыр салды хабар. “Жан бабам біздің үйге келсін” деді, “Хал-жайын баласының білсін” деді. “Оспанның қонағынан үш есе боп, Жан қалмай жамағаттан келсін” деді. Шаһарға хабар салды хазірет Әли, Жамағат есітіпті жанның бәрі. Әлидің мал-шамасын білген адам, Екеу-екеу кеңесті жас пен кәрі. “Бармаса, жұртқа кінә қояр” деді, “Не білән жұрт жиылса тояр” деді. “Жаратқан Құдай артық Шаһимардан, Дүлдүлін намыстанса сояр” деді. Жарымы айтты “Біз онда барам” деді, Жарымы айтты “Біз үйде қалам” деді. “Нұрдан болған Дүлдүлдің етін жесең, Біздерге тозақ оты харам” деді. Қонаққа шақыртыпты Әли батыр, Әлидің һәрбір сөзі балдай татыр. Мешітте ақшам намаз оқып алып, Бас боп Пайғамбар қауымына келе жатыр. Шаһарға жұрт симады асқанынан, Пайғамбар нұры көкке тасқанынан. Пайғамбар аяғын бір ілгері, бір кейін басты, Ер Әли ұялар деп сасқанынан. Ер Әли өзі батыр, өзі мықты, һәр сөзін Пайғамбардың жадына ұқты. Халайықтан ұялып айналайын, Екеуі бибі Фатима тысқа шықты. – Ер Әли жомарттығын тыймайды ғой, Оспан бізден көп қонақ жимайды ғой. Жан қалмай бұ шаһардан келе жатыр, Қайтеміз, Фатима-ау, үйге сыймайды ғой? – Ер Әли таң қаламын жауабыңа, Мақтанып дахыл болдың сауабыңа. “Үйі тар балаңыздың, қайтесіз?” деп, Салыңыз бабаңыздың құлағына. Ер Әли халайыққа қарсы кетті, Алдына қол қусырып жетіп кепті. “Үйі тар балаңыздың, қайтесіз” деп, Мүбәрак құлағына сыбыр етті. Барды да құлағына сыбыр етті, Пайғамбар қол көтеріп бір дұға етті. Мүбәрак Пайғамбардың дұғасымен, Тақсырдың кішкене үйі кеңіп кетті. Қуанды судай тасып хазіреті Әли, Жамағат үйге кірді жанның бәрі. Жамағат жайланысып отырғанда, Дұға қылып отырды Пайғамбары. Дүниенің көзі жетті тұрмасына, Қарашы Арысланның мырзасына. Дүлдүлді сояйын деп тысқа шықса, Фатима намаз оқып тұр екен құжырасында. Тұр екен Құдайдан тамақ тілеп бұ бейшара, Жиылып келіп отыр тура қара. Жарандар, тыңдасаңыз ғажайып сөз, Алланың құдіретіне мұнда қара. “Әумин” деп қолын жайды Әли батыр, Әлидің айтқан сөзі балдай татыр. Үйінің бір бұрышынан көтеріліп, Өңшең алтын дастарқан келе жатыр. Дастарқанмен бірге келді алтын табақ, Ішіне бір табақтың жетпіс түрлі тағам салып. Дастарқанды жайды да табақ қойды, Отырды көрген адам мейірі қанып. Дара-дара табақты алдына алды, Көрген жанның бәрі де мейірі қанды. Жер-жемесін білмейді халайықтар, Бәрінің ұжмақ иісі мұрнын жарды. Үйлері ер Әлидің кішкене екен, Зәредей жарылқамақ істен екен. Дұғасы Фатиманың қабыл болып, Тағамы сегіз ұжмақ көшкен екен. Фатима “тілегімді берді” дейді, Тағамын сегіз ұжмақ көрді дейді. Жамағат шаттанысып отырғанда, Жәбірейіл пәрмен бірлән келді дейді. “Жарандар, шырағы Фатима екі дүние анаң” деді, “Хақ Расул қонақ қылды балаң” деді. “Фатимаға қонаққа келген жанға, Бәріне тозақ оты харам” деді. Фатиманың тілегін Құдай берді, Тамұқтан сол жандарды азат қылды. Бір Алланың достарын ауызға алдық, Қол көтеріп бір дұға қылалы енді. Жақыпқожа, Айтқожа бабам болды, Ол өткелі бір талай заман болды. Шайхыслам әкем аты, мен Жүсіпбек, Мұнымен бұ сөзім тамам болды. Я, Алла, қыла алмадым құл қызметін, Күнәһім ғафу әйлап, қыл рахматың. Жамағатым, баламды тауфиқты қыл, Жолдас қыл иманымды, Құдіретім.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.