Қисса Тамимдер

Қиссаны өлең қылған ақын зерек, Ойласам дүние жүзі дөп-дөңгелек. Бұрынғы өтіп кеткен жарандардан, Бір сөзді шариф қылып айтсам керек. Жақсыларды жад қылсам хатқа салып, Имансыз құл тозақта мәңгі қалып. Тәңірім берсе адамзат не көрмейді, Мехнатты адам дүниеден кетер озып. Хатқа жаздым кітаптың сөз қырларын, Қисса сөздің...

Kazakh
Қисса Тамимдер
Қиссаны өлең қылған ақын зерек, Ойласам дүние жүзі дөп-дөңгелек. Бұрынғы өтіп кеткен жарандардан, Бір сөзді шариф қылып айтсам керек. Жақсыларды жад қылсам хатқа салып, Имансыз құл тозақта мәңгі қалып. Тәңірім берсе адамзат не көрмейді, Мехнатты адам дүниеден кетер озып. Хатқа жаздым кітаптың сөз қырларын, Қисса сөздің жазайын қызықтарын. Айыпқа ала көрмең біз ғаріпті, Қате болса түзетің бұзықтарын. Жақсыларға сөйлейін тыңдағандай, Жолдасы бозбала бұ заманда-ай. Мехнат көрген біледі ғаріп жайын, Мехнат көрген адамдар жылағанда -ай. Мұхаммед пайғамбардың заманында Талай көрген мехнатты бір бейшара. Жерде, көкте көрмеген нәрсесі жоқ, Тәңірім жазса не көрмес адам пенде. Пайғамбар бізден бұрын өткен екен, Иманды құл мұратқа жеткен екен. Пайғамбардың Тамим деген сахабасы, Жеті жыл ғайып болып кеткен екен. Құдай сүйіп, дос қылған Мұхаммедті, Пайғамбарға Алладан хабар жетті. Алладан бұ хабарды есіткен соң, Пайғамбар ер Әлиді “келсін” деді. Шақырған соң тақсырға Әли келді, Қол қусырып алдында сәлем берді. – Бір насихат айтамын, Әли, саған, Сөзімді тыңда жақсы, балам,– деді. – Ажалды адам дүниеден кетер,– дейді, Ажал жетсе тағдыры жетер,– дейді. Менен соң Тамим деген сахабамды, Жындар алып ұшырып кетер,– дейді. Дүниедегі нәрсені көрер,– дейді, Біраз күн мехнат көріп жүрер,– дейді. Жақсылық, жамандықтың бәрін көріп, Сіздерге сөйтіп хабар берер,– дейді. Әли мұны естіп қайтып келді, Алладан Мұхаммедке тағдыр болды. Ажал жетсе, дүниеден кім құтылар, Пайғамбар дүниеден көшіп кетті. Пайғамбар дүниеден көшкен екен, Тәңірім, тағдыр осылай еткен екен. Пайғамбардың орнына патша болып, Әбубәкір бас таққа мінген екен. Хазірет Омар патша болып таққа мінді, Омардың дариядай алды кең-ді. Жұрт ішінде көрсетіп әділдігін, Тәңірім өзі оңғарды енді жолды. Омардың айтқан сөзі бәрі мақұл, Алдына ғаріп-міскін келер жақын. Хазірет Омар алдына арыз айтып, Бір бейшара арыз қылып келді қатын. Омарға арыз қылды қатын келіп, һәрбір сөзді айтады мағлұм қылып: – Құдай қосқан қосағымнан айрылғанмын, Жеті жылдан бері ол болған ғайып. Көңіліме жеті жыл-дүр түскен сәна, Жесір қатын біз болдық, жетім бала. Құдай қосқан қосақтан айрылғанмын, Қайда барып күн көрем мен бейшара. Менің ерім ғайып болып кетті,– дейді, Жеті жыл содан бері өтті,– дейді. Өз алдыңда, падиша, некаһ қылып, Біреуге біз пақырды берің,– дейді. Омар мақұл бұл сөзді көрді дейді, Некаһ қылып біреуге берді дейді. Намазшамда некаһын қидырып алып, Жігіт алып үйіне келді дейді. Намазшамның уақыты болып қалды, Жігіт намаз оқырға үйге барды. Құдайға құлшылық қылмақ үшін, Таһарат үшін қолына құман алды. Таһарат үшін қолына құман алды, Намаз үшін қинаған ғаріп жанды. Бір таһараттық құманда су жоқ екен, Жігіт суға баруға даярланды. Жігіт суға баруға даярланды, Түрегеліп қолына шелек алды. “Мен барайын, сіз енді бармаңыз” деп, Қатын келіп қолынан шелек алды. – Сіздің суға барғаныңыз жарамайды, Қызмет қылса керекті қатын байды. “Ерге қызмет қатын қылсын” деген, Естуім Пайғамбардан осылайды. Бұны айтты да ол қатын суға кетті, Судың таман басына жақын жетті. Су басында бір қара көрінеді, Ұқсамас адамзатқа, дәу суретті. Қатын жаман қорықты мұны көріп, Қатынның шақырады атын біліп. “Атым Тамим, мен сенің ерің,– дейді, Жақын кел, қасыма бері жүріп”. Қатынның сескенеді ғаріп жаны: “Тәңірім, душар қылдың ба бұ бәлені”. Дәу болса, мұнан қорқып кете ме деп, Қатын байғұс айтады бисмилланы. Қасына ол қатынның келді Тамим, “Ерің – мен” деп сөйлейді: – Қатын, сенің. Әуелден Тәңірім қосқан екеуімізді, Менің бар перзенттерім туған сенен. Қатын айтты есітіп: – Сұбхан Алла, Менім ерім келмейді бұ заманда. Жеті жыл ғайып болған менім ерім, Сен өзің диюсың ба, перісің бе? Тамимге ұқсамайды сенің түсің, Сен өзің бір жәдігөй перімісің. Бір жадугер, алдаушы болғаннан соң, Балаларым білесің оның үшін. Тамимге ұқсамайды сенің өзің, Жын-періге ұқсайды екі көзің. Тамим болсаң сүйікті перзентіңе Хат бірлән жетпес пе еді сәлем сөзің. Осы жерде сөзіңді білем жалған, Өтірікті, жәдігөй, айтпа маған. Адамзатқа ұқсамас келбетіңіз, Көргенім жоқ дүниеде сендей адам. – Хақы үшін инанғыл Пайғамбардың, Атым – Тамим, еріңмін, қатын, сенің. Аятпенен айтса да Тамим байғұс, Сөзіне инанбайды қатын оның. Қатынның тиген байы үйде қалды, Қатын мұнда сөйлесіп тұрып қалды. “Біреуменен зиналасып жатыр ма” деп, Соңынан қатынының жетіп барды. Қасына бұл екеуінің жігіт келді, Қатынменен сөйлескен дәуді көрді. “Бизауал уақытта қатынменен Сөйлесіп тұрған адам кімсің? деді. – Сенің емес, менікі осы қатын, Сен неге алдың біреудің аманатын. “Перзенттерім анасы осы”– дейді,– Осы қатын менікі, білдім” дейді. – Бұ қатынды берген-ді Омар маған, Өлсем де бұл қатынды бермен саған. Омар айтқан жарлығын бұза алмассың,– Бір-біріне сөйлесті қатты жаман. Екеуі су басында ерегісті, Арасына бұлардың қатын түсті. Екеуіне айтады қатын сөзін, Ұнатсаңыз айтайын мен бір істі. – Бұ жерден үшеуіміз де қайталық біз, Үшеуміз де үш бөлек жаталық біз. Әділ патша не жарлық қылар екен, Ертең барып патшаға айталық біз. Ертең барып патшаға жүгінелік, Не айтса да сөзіне біз көнелік. Осы сөзі бойынша қайтты үшеуі, Үшеуі үш үйге жатты келіп. Үш бөлек бұл үшеуі жатты дейді, Жалғаншылар иманын сатты дейді. Таң атып, күн шығардың мезгілінде, Бұл үшеуі арызын айтты дейді. Бұл үшеуі есіктен келді кіріп, Патшаға тағзым бірлән сәлем беріп. Жігіт енді Омарға арыз қылды, – Қатынды маған бердің некаһ қылып. Қатыным шелек алып суға барған, Қатынымды осы кісі әуре қылған. Қатынымды құшақтап жібермейді, “Сен менің қатыным” деп азап қылған. Дәу малғұн тұрған екен әуре етіп, Қатыным көп кешікті суға кетіп. Қатыным кешіккен соң шыдамадым, Соңынан не болды деп бардым жетіп. Қатынды некаһ қылып маған бердің, Алмай жатып мен дәуден зорлық көрдім. Не қылсаң да, тақсыр хан, енді өзің біл, Дәу, қатынды, мінекей, алып келдім. Естіп Омар патша қайран болған: – Шын ба екен осы сөзің, емес жалған. Адамзат пенен перізат бұ дүниеде, Сұбхан Алла, бар ма екен [некаһланған]. Омар Тамим екенін танымаған, Тамим айтты: – Мен жалған айта қалман. “Ей, патша, бұл қатын менікі” деп, Бейшара мұңын айтып зар жылаған. – Қара болған перідей менім түсім, Мехнат бірлән өткіздім жазы-қысым. Мен көрдім қанша мехнат бұ дүниеде, Періге жүзім ұқсар оның үшін. Дүниеде ғаріптікпен не көрмедім, Мехнат көріп дәулерде жүрер едім. – Қатының менен балаңа Тамим болсаң, Не үшін бір хат жазып жібермедің. – Тәңірім салған мехнатқа мен байғұсты, Мехнат бірлән өткіздім жазы-қысты. Хат жазып жіберетұғын хал болмады, Ойлап тұрсам Алланың әмірі күшті. Омар сонда ғажапқа қалды дейді, Ойына бір нәрсені алды дейді. “Хазірет Әли Тамимді тани ма?” деп, Баршалары жиылып барды дейді. Жиылып ер Әлиге келді бәрі, Қасында ер Әлидің зұлпықары. Кітап оқып ер Әли отыр екен, Омарменен кіріп келді баршалары. Хазірет Әли Омарға сәлем берді: – Қасыңызға жиыпсыз тамам ерді. Көп жамағат қасыңа жиып алып, Не жұмысқа, падиша, келдің,– дейді. – Келгенімді айтайын, Әли, саған, Бір кісі Тамиммін деп келді маған. Тамимге ұқсамайды оның жүзі, Танытуға патшаңыз келді саған. Сонда Әли Тамимді білді танып, Сұрайды ер Тамимді қасына алып. Сонда Тамим Әлиге сөйлейді енді, Ішінде айтпаған сыр қоймайды енді. Әуел бастан сөйлейді ер Әлиге, Тамимнің айтқан сөзін жұрт тыңдайды. Сөйлейді әуел бастан жамағатқа: – Қатын қылған бар ма екен қанағатқа. Қатыным тынышымды алып қоймаған соң, Келіп едім қатынымменен шариғатқа. Ғұсылсыз төсегімде жатпайын деп, Күнәға ғұсылсыз батпайын деп, Ғұсылды құйынбаққа суға бардым, Таһарат алып денемді пәктайын деп. Сөйлейін енді сізге сөздің бәрін, Насихат айтып еді Пайғамбарым: “Қатын бірлән сұхбатқа кіргеннен соң, Ғұсылсыз жатпа,– деген,– жарандарым”. Сол сөзі Пайғамбардың бар есімде, Таһарат алып келем деп су ішінде. Бір қатын жүзі көркем пайда болды, Көзіме көрінеді нұр ішінде. Қатын маған келді де көңіл етті, Мен айттым періште ме нұр сипатты? Әзілдесіп меніменен ойнаған боп, Аузыменен қатын маған бір су септі. Сол суды сепкеннен соң қалдым талып, Алып ұшты аспаннан бір дәу келіп. “Дарху” деген алып барып бір дарияға, Ортасына тастай берді алып барып. Сол арал шайтан менен жынның жері, Мекен қылған аралды дию,пері. Мұсылман періменен дұшпан екен, Кәпір пері ұрысады ары-бері. Кәпір пері соларменен ұрыс қылды, Мұсылман перілерінің бәрі ер-ді. Кәпірлердің еркіне қоя бермей, Кәпірлердің мұсылман бәрін қырды. Жөнелді қатын, қызын жиып алып, Соларменен бірге кеттім мен бір ғаріп. Құранды иман бірлән оқыр едім, Менен пері сұрайды қасына алып. – Не қылған адамзатсың сен жаһанда, Айтқан сөзің жағады біздің жанға. Мен айттым: – Мұхаммедтің үмбетімін, Мен елімді көремін қай заманда. – Айтқан сөзің жаныма кетті жағып, Дарияға келдің, сірә, мұнда нағып. Сені білсек ұрысқа бармас едік, Сен бұлардың қолына түстің нағып? Мен халімді сөйледім бастан-аяқ, Ел-жұртымнан айрылып болдым саяқ. Періге мен сырымды айтып едім, “Бейшара” деп жылайды бәрі де аяп. Мені пері патшасына барды алып, – Ей, падиша, бейшара бұл бір ғаріп. Бастан кешкен сөйледім бар мұңымды, Жамағат, біраз тыңда тілге нанып. Падиша енді менен сөз сұрайды: “Қай патшаның кісісісің? ” деп сұрайды. “Мұхаммедке қараған адам” дедім, Менің халім есітіп көп жылады. Алдына бір табақпен дәм алдырды, Патша айтты: “Бұ жерден кетпе” деді. “Барлығымды сөйлейін, әли саған, Ізет-құрмет қылайын, сөкпе” деді. Бір күні Құран оқып жылар едім, Басыма бәле келсе Хаққа бердім. Падишаның құрметтеп сыйлауынша, Біраз күн сонда тұрып ғұмыр сүрдім. – Білуші едім Құранның мағынасын, Біздерге пенде болған бейшарасың. Менім молда екенім білгеннен соң, Жиып берді “оқыт” деп көп баласын. Оқыт деп балаларын маған берді, Баланы оқытқалы бес жыл болды. Араб, парсы, нахуадан мағына беріп, Балалардың бәрі де молда болды. Сіздерді түсте көрдім, жарандарым, Қатыным, бірге келген балаларым. Түсімде Пайғамбарды көрдім дағы, Ойыма алып жыладым баршаларын. Патша мені шақырды қастарына: – Не мехнат түсті сенің бастарыңа. Бізден кінә таптың ба жылағандай, Ел-жұртың түсті ме естеріңе? – Мен айттым ел-жұртым сағынғанмын, Қай уақытта еліме табыламын. Бүгін кірді түсіме елім-жұртым, Соларды ойлап, падиша, иғлағаным. – Сен біздің ұстаз болдың балаларға, Қақыңды сенің жүктеп қаламыз ба. Сол қақыңды біздерге кеше қалсаң, Сені біз жеткізелік қалаңызға. – Мен айттым қайтар едім елімізге, Сен біздерді жеткізсең жерімізге. Құдай үшін оқыттым балаңызды, Кештім дедім хақын бәріңізге. Патша айтты: – Шаһарың неше жылдық? – Есім танған, ей, тақсыр, мен бір сұмдық. Патша айтты: – Шаһарың мен білемін, Сенің шаһарың бұ жерден сексен жылдық. Зар жыладым ғаріп болып мен бір пенде, Падиша “жылама” деп айтты сонда. Саған алыс болса да бізге жақын, Жеткізелік шаһарыңа бір заманда. Падиша уәзірлерін қасына алды, Ішіне бір аралдың алып барды. Мен көрдім бұ дүниеде қанша мехнат, Тәңірім мендей қылмасын бейшараны. Сол аралда бар екен жуан ағаш, Ағаштың жуандығы мың бір құлаш. Сол ағаштың түбінде бір темір үй, Падиша жарлық қылды “есікті аш”. Темір үйдің есігін ашып салды, Ішінде темір үйдің дәулер бар-ды. Көп дәулердің ішінен бір диюды Падиша шақырды да қасына алды. Мұндай үлкен диюды көргенім жоқ, Қандай үлкен Құдайым жан жаратқан. Падиша айтты: – Тіліме көнемісің, Сен менің жақсылығым білемісің. Жамағат, құлақ салып тыңда-сәна, Мыңнан бірін айтайын көрген ісім. – Білемін жақсылығың, падиша хан, Ұмытпаспын, жақсылығың қылдың маған. Патша айтты: – Бір қызмет тапсырамын, Сені мен шығарайын бұ зынданнан. Мен саған тапсырайын бір аманат, Біздерде ғаріп болған бір адамзат. Шаһарына жеткізсең сол ғаріпті, Уәделесіп қылайын сізді азат. Мәдине шаһарына жеткіз мұны, Қылайын азат енді сонда сені. Дәу айтты: – Жеткізелі шаһарына. – Қай уақытта жеткізесің бейшараны? Қастық қылман тапсырған аманатқа, – Жеткізермін жеріне он сағатта. Алды да мойнындағы шынжырларын, Тапсырды мен ғаріпті перізатқа. – Ей, пері, бұған зиян қылмағайсың, Менім айтқан сөзімді тыңдағайсың. Сен енді бұ кәпірге ермегейсің, Бейшара ғапыл, сірә, болмағайсың. Сен ғаріпті қолымнан жөнелтейін, Саған жақсы бір дұға үйретейін. Не тасқа, не теңізге тастап кетер, Көңіліңе жазғандай ғып хат бітейін . Барарсың мұны оқысаң есен-аман, Ойынға алмай ұмытпа мұны, балам. Көрмесем де сыртыңнан қанық едім, Омар, Оспан, Әлиге дұғай сәлем. Мінгізді арқасына дәудің мені, “Тәңірім есен сақтасын, ғаріп, сені. Тапсырдым,– деп,– Аллаға” қоя берді, Аспанға алып ұшты дию-пері. Ауаға сонда пері алып ұшты, һәр күйге Тәңірім салды мен байғұсты. Көк жүзінде мен көрдім көп періште, Бір Құдайдың ойласам әмірі күшті. Басым көкке жақындап сонда жетті, Көрмегенді көрген соң есім кетті. Құлақ салып тыңдай көр, жамағаттар, Біразырақ айтайын сондай кепті. Тыңдай көр құлақ салып, жарандарым, Қиналған мехнат көріп әзел жаным. Не теңізге, не тасқа тастай ма деп, Оқи бердім үйреткен дұғаларын. Қайсыбірін айтайын, көп күн өтті, Нағып теріп жазайын есім кетті. Ғаріпшілік күн туды мен байғұсқа, Тәңірім енді ғаріпке не көрсетті. Ұшырып келе жатыр дию алып, Не дейін іс көрмедім мен бір ғаріп. Қол қусырып тұр екен көп періште, Мұны көріп келемін қайран қалып. Тағы көрдім бір бөлек періштелер, Мұны көріп ғарібің таңға қалар. “Уассаффат” сүресін шарых қылып, Періштелер жиылып әуез қылар. Мен көрдім періштелер тағы бір топ, “Уалләйл” сүресін тұрған оқып. Таудай үлкен жұлдызды көргеннен соң, Мен ғаріп қорқып кеттім зәрем кетіп. Не іс түсті мен ғаріп пақырыңа, Жамағат, құлақ салып мұны тыңда. Сол жұлдызды көрген соң есім кетті, Дұғаларым келмейді хатирыма. Дүниеде не көрінбес ғаріп жанға, Бастан аяқ сөйлейін падишаға. Жын патшаның дұғасын ұмытқан соң, Қорыққаннан оқыдым “Құл һуа Алла”. Тағы да мен көрдім бір періште, Қолына от ұстап тұр һәрбір істе. Қолындағы сол отты тастай берді, Диюдың үстіне келіп түсті. Сол диюдың үстінде мен бір ғаріп, От тиген соң ол пері кетті жанып. Диюдың арқасынан түсіп қалдым, Аспаннан жөнсіз оқтай келем талып. Аспаннан мен құладым төмен қарай, Ғаріп болып мехнатты көрдім талай. Жеті күн, жеті түнде жерге түстім, Не көрсетпес ғаріпке Жаппар Құдай. Түскен жерім дарияның жағасы екен, Маған қылған Алла панасы екен. Құдай өзі сол жерде жәрдем берді, Түскен жерім мақтадан жұмсақ екен. һеш жерім ауырмады және тұрдым, Бір күн түскен жерімде сонда тұрдым. Қарап тұрсам дарияның ортасында, Толқынменен келе жатқан бір құс көрдім. Құсқа жақын мен келдім қадам басып, Құс маған су береді аузын ашып. Рақымшылық көп қылды сол құс маған, Ғаріп болып жүргенде қарыным ашып. Берген суы ол құстың балдай тәтті, Тәңірім ғаріп қылмасын адамзатты. Ұжмақтың шәрбатына ұқсайды екен, Майдан жұмсақ су екен, емес қатты. Ол құсқа тіл берді Жаппар Алла, Маған айтты: – Қайғырма, ей, бейшара. Өз жеріңе барарсың есен-аман, Ғаріп болып жүрерсің біраз ғана. Хақ жазғанын, бейшара, көрерсің сен, Азырақ мехнат көріп жүрерсің сен. Жер мен көктің арасын бәрін көріп, Жұртыңа барып хабар берерсің сен. Мен айттым: – Әй, жақсы құс, атың кім-ді, Маған жәрдем қылдырды Тәңірім сені. Баян қылсаң атыңды білер едім, Тәңірім душар етті ғой екеумізді. Маған атын сөйледі бейшара құс, Мен көрдім ғаріптікпен бірқатар іс. Ысхақ деген құс екен ұжмақтағы, Қайдан теріп айтайын бәрін тегіс. Адамға сол құс қызмет қылған екен, Ұжмақта қызмет қылып тұрған екен. – Ей, жігіттер, ұжмақтың іштерінде, Бір таудай ағаш бар, жуан екен. Есітіп құстан мұның бәрін білдім, Сол құстың қастарында қырық күн тұрдым. Амандасып жөнелдім құс қасынан, Келе жатып бір үлкен жылан көрдім. Жылан таудан, қарасам, үлкен екен, Оны көріп жүрегім тітіреген. Тәңірім жазса адамзат не көрмейді, Ғаріп адам не көрмес тентіреген. Барар жолды білмедім сол арада, Ысқырып жылан айтты: – Адамзада. Жылан аты – Дәббәт әл-Арз екен, Не көрмедім дүниеде мен бейшара. Жол сұрадым жыланнан мен бір ғаріп, Жылан мені жіберді жолға салып. Бір үлкен тау алдымда көрінеді, Жыланнан сұрап алдым бәрін қанып. Жылан айтты: – Сол тауда бір кісі бар, Соған барсаң ол саған жол көрсетер. Жыланнан осы сөзді есіткен соң, Тамим байғұс аяңдап келе жатыр. Ақырындап, аяңдап тауға келдім, Тау басында бір үй бар, оны көрдім. Бір кәрі адам сол үйде отыр екен, Қорыққаннан тағзым қылып сәлем бердім. Сәлемді қабыл алды ол кәрі адам, – Бұ жерге ей, бейшара, келдің неден. Бұ Иса пайғамбардың үмбеті екен, Бастан аяқ сырымды айттым соған. Төрт жүз жыл мұнда тағат қылған екен, Тағат қылып сол тауда тұрған екен. Мұхаммедтің сипатын көрген екен, Мұхаммедке бек ғашық болған екен. “Тірі ме?” деп сұрайды Мұхаммедті, Мен айттым: – Мұхаммедке тағдыр жетті. “Аһ, дариға, көрмедім” деп зар жылайды. Жылай-жылай ғаріптің есі кетті. Аты екен ол адамның – Әбу Жүніс, Мехнат көрген бейшара мен бір байғұс. Тәңірі жазса адамзат не көрмейді, Ғаріптікпен һәркімге болдым таныс. Ол адамнан сұрадым мен жыланды, Шал есітіп бұл сөзді қайғыланды: – Заманақыр болғанда осы шығып, һәлак қылар ол жылан талай жанды. Ол шықса, Мекке адам бармас дейді, Ел ішінде берекет қалмас дейді. Түрлік-түрлік ғаламат болар дейді, Өз малына қанағат қылмас дейді. Ол білән соны сақтап тұрған дейді, Ей, ұлым, һеш болмас бұған дейді. Заманақыр болғанда осы шығып, Имансызды жұтады тамам дейді. Ол адамнан есітіп мұны білдім, Түрлік-түрлік ол жерде жеміс көрдім. Шал маған түрлік жеміс алып берді, Шалменен бірге отырып тағам жедім. Шал бейшара бір сөзді айтты маған, Асаған соң тойғанша түрлі тағам: – Бұ дарияның жүзінде бүгін дейді, Бір талай келе жатыр кемеші адам. Кемешіге сені мен тапсырайын, Ей, бейшара, көңіліңе алма уайым. Шал маған сол сөзді айтып отырғанда, Бір талай кемешілер болды аян. Кемешіге тапсырды мені апарып: Мұхаммедтің үмбеті бұл бір ғаріп. “Мұхаммедтің үмбеті” деп айтса дағы, Кемешілер білмейді мені танып. Шал бейшара маған бір сәлде берді, Керуен айтты кемеге міндірелі. Кемешіге тапсырып Құдай үшін, Кемешіге тапсырып қоя берді. Керуен есті кемесін оңды-солды, Айрылған ел-жұртынан мен бір мұңды. Кемелері дариядан бір күн шықты Теңізден шығардылар керуен мені. Мен шықтым дарияның жағасына, Көзім түсті көп жеміс миуасына. Қандай жерді Құдай жаратпаған, Алланың құдіретіне қара-сәна. Кеме бірлән теңізден шығып келіп, Көңілім менің қызады жеміс көріп. Құдайдан өзге жаннан жәрдем болмас, Ол жерде рахат көрдім біраз тұрып. Сонда тұрсам, бір жақтан от жанады, Тәңірім мендей қылмасын һешбір жанды. Шаһардың оты екен деп мен ойладым, Жарық болып көрінді раушаны. Сол жарыққа қарсы енді жүрдім, Бір сахара үстіне шыға келдім. Құдайым қандай жерді жаратпаған, Алланың құдіретіне мойынсұндым. Жақұт, гауһар, лағыл тас жаратылған, Асыл тастай тастары інжу-маржан. Бағасын біле алмады адамзаты, Шам-шырақтар қасында жанып тұрған. От дегенім бұлардың жарығы екен, Оттай болып көрінген сағым екен. Мехнат көрген дүниеде ғаріп адам, Ойлап тұрсам Алланың әмірі екен. Жатыр екен сол жерде бір айдаһар, Көрген соң, Аллаға бір қылдым зар. Мен көрдім ғаріп болып талай мехнат, Тәңірім жазған әуелден жазмышы бар. Құйрығыменен бір салып мені жықты, Жығылып байғұс болып есім кетті. Есім жиып Құранды оқып едім, Қорқып жылан дарияға қашып кетті. Есім жиып отырдым сол арада, Бір жақсы дауыс келді құлағыма: “Құранды оқымасаң ғаріп басқа, Жетіп еді тағдырың ей, бейшара”. Дауыстады бір адам мұнда маған: “Өз жеріңе барарсың есен-аман. Қайғырмағыл, бейшара, қорқуменен”, Қай жағымнан шықты деп болдым қайран. Мен Мұхаммед үмбеті, бейшарамын, Ғаріп болған дүниеде әуарамын. Бұ мехнаттан мені сіз құтқарғайсыз, Дауысыңнан танимын мұсылмансың. Нұх пайғамбар үмбеті екен үшбу адам, “Бір жолды көрсет” дедім сонда оған. Ол айтты: – Алдыңда бір адам бар-ды, Соған барсаң көрсетер жолды саған. Сөй деген соң ілгері жүре бердім, Үш күн, үш түн жолменен тентіредім. Қарным ашып қалмады һешбір тағат, Үш күннен соң бір үйге ұшырадым. Қарным ашып жығылдым сол арада, Шөп жедім аштықтан мен бейшара. Ғаріптікпенен … жия алмадым, Наза болып жыладым біраз ғана. Бұ адам айқай салды сонда маған, Қарным ашып жығылдым, кетті шамам. – Ей, Тамимжан, бейшара, сау-саламат Өз еліңе барарсың есен-аман. Сол арада бір адам пайда болды, Бір табаққа асын салып маған берді. Ас жеген соң, мен келдім өз халіме, Бір аяқ мен тағы да іштім суды. Біреу айтты “кетпе” деп сонда маған, Ол барып алып келді тағы тағам. Алып келіп тағамды маған берді Бергеннен соң тойғанша жедім тамам. – Ей, Тамим, қызмет қыл патшаларға, Білсең қызмет қыларсың біраз ғана. “Бұл арадан кетпе” деп жарлық қылды, Қызмет қылар білем дедім мен бейшара. Көп тағамды тағы да берді маған, “Көп жақсылық қылайын,– дейді,– саған”. – Менің айтқан тілімді алып тұрсаң, Жақсылыққа жетерсің, бейшара адам. Пері сонда сілкініп бір құс болды, “Менің екі аяғымды тұтқыл” деді. Аяғын перінің тұттым мен бір пақыр, Тағы да айтты “көзіңді жұмғыл” деді. Бір уақытта мен ғаріп аштым көзді, Мен көрдім сондай үлкен бір теңізді. Сол дария мұхиттың теңізі екен, Тәңірім есен сақтасын ғаріп бізді. Іші толған мұхиттың арал екен, Дию менен перінің мекені екен. Сол аралға құс мені алып келді, Осы құс дию, перінің патшасы екен. Мен көрдім сол патшадан жақсылықты, Сол пері маған берді бір сандықты. Сол сандықтан көп қылып үйіп алды, Дию маған көрсетті көп қызықты. Сандық [іші] дәрі екен кереметті, Жақсы дәрі болмасты мұнан тіпті. Құлақ салып тыңдаңыз, жарандарым, Біразырақ айтайын көрген кепті. Имансыз жан ұжмақтан төгіледі, Ғаріп болған дүниеде мен бір мұңды. Өлген жанның аузына мұны салса, Бұ сандықтан өлгендер тіріледі. – Бұны есіңе, бейшара, алғайсың сен, Менің айтқан тіліме нанғайсың сен. Ажал жетіп, мен өлсем қаза жетіп, Бұ сандықты аузыма салғайсың сен. Дию мені бір тауға алып барды, Тәңірім есен сақтайды ғаріп жанды. Тау түбінде бар екен бір темір үй, Есігіне жазыпты бұ дұғаны. Жазыпты “Лә иләһа илла Алла” деп, Мен ойладым бұл үйде жан бар ма деп. Сандықты есігіне салып едім, Кілт ашылды, ішіне кеттім кіріп. Ақырды “Бұ кімсің,– деп,– есік ашқан?”, Даусынан қорқып, зәрем ұшқан. Кім екен деп қарасам ақырғанға, Күзетшіге тұр екен екі арыслан. Мені көріп арыслан қарсы ұрды, Тәңірім есен сақтады мен сорлыны. Сандықты аузына тастап едім, Сандықты жұтты дағы екеуі өлді. Бір бөлек бір жағында тағы да үй бар, Сандықпенен кілтін аштым мен зор. Сол үйге кілтін ашып кіріп едім, Ішінде жатыр екен екі айдаһар. Айдаһар қасад қылды мені көріп, Аузына сандық салдым тастай беріп. Бұл сандық тигеннен соң өліп қалды, Ішіне ол сарайдың кеттім кіріп. Ол үйге кіріп келдім мен бір пақыр, Алтын таққа құрыпты асыл шатыр. Тақ алдына қарасам көзім салып, Бір жыланның қасында жігіт жатыр. Екеуі мені көріп түрегелді, Жылан мені жұтам деп қасад қылды. Сандықты аузына тастап едім, Бұл сандық тигеннен соң, олар да өлді. Дию кәпір сол жерге барған екен, Сүлейменнің жүзігін алған екен. Сүлейменнің жүзігін алғаннан соң, Дию патша сол жерге болған екен. Сол диюдың жүзігін қолыма салдым, Мұхиттың дариясына қайтып бардым. Отыр екен бір қатын о дарияда, Жүзінің көркеміне қайран қалдым. Қатын мені сөйлетті қасына алып, Бар сырымды сөйледім мен бір ғаріп. Насихатын көп айтты қатын маған, Айтқан сөзі жаныма кетті жағып. Қатын айтты: – Сіз диюға барма,– деді, Енді мехнат басыңа алма,– деді. Тағы да ол диюға барамын деп, Құтылмастай бәлеге қалма,– деді. Ол қатын айтқаннан соң тілін алдым, Ел-жұртым еске түсіп қайғыландым. Қатын айтты: – Бейшара, жылама,– деп, Мен дағы баласы едім сендей жанның. Жерімнен алып келді бұ дәу барып, Неше жылдан сергелдең қайран болып. Бір диюды қасыма қосып берді, Қатын мені жіберді жолға салып. Дию алып аспанға ұшты мені, Шықпайды екен ажалсыз адам жаны. Бір бәлеге жолықты ғаріп басым, Тыңдасаңыз айтайын сіздерге оны. Қатын қылды жақсылық мен бейбаққа, Дию келіп түсірді бір уақытта. Бір тауға келді де қоя берді, Мен жыладым сиынып жалғыз Хаққа. Қатынға жүзік бердім сәлемдеме, Амандасып дәу қайтты өз жеріне. Ажал жетпей адамға тағдыр жетпес, Ажал жетпей адамзат өлер деме. Бір таудың қасына жақын бардым, Бір адам отыр екен қайран қалдым. Аяқ-қолы шынжырмен байлаулы тұр, Жамағат, біразырақ құлақ салың. Хайуан пілге ұқсайды денелері, Қасында толып жатыр әскерлері. Аузынан от шығады ол адамның, Тамашаға қарадым әрі-бері. Біраз тұрып сол жерден тағы кеттім, Күйге салды һәр түрлі Құдіретім. һеш жерде тоқталмастан жүре бердім, Бір ағаштың түбіне жақын жеттім. Ол ағаштың түбінде бір адам бар, Пәруардигар, пендеге бола көр жар. Дәу періге ұқсайды денелері, Маңдайының үстінде бір көзі бар. Мұндай адам көрмедім бұ жаһанда, Бұл кәпірден сақтай көр, Құдауанда. “Бұ жерге қайдан келдің?” деп айтады, Мен сиындым Аллаға дембе-демде. Шынжырменен адам ағашқа байлаулы тұр, Қасына жақын бардым мен бір пақыр. Мен қасына жақындап барғаннан соң, “Жақын ба, – деп сұрайды,– заманақыр?”. Мен білмеймін дедім де жауап бердім, Тажал малғұн екенін ойлап білдім. Өз-өзінен сөйлейді Тажал малғұн, Тамаша қылып азырақ қарап тұрдым. – Патшаларың әділ ме жұрт ұстаған, Бар ма екен елдерінде хайыр-ахсан. Ораза, намаз оқи ма молдаларың, Сөйлей ме молдаларың өтірік жалған. Мен жад еттім сиынып бір Құдайды, Тажал малғұн ақырып, сөз сұрайды. Мен шығатын мезгілім болыпты деп, Шынжырын үзейін деп оңтайланды. Құдайым Жәбірейілге бұйрық етті, Жәбірейілді көрген соң зығыры кетті. “Әлі шығар мезгілің болған жоқ” деп, Күрзіменен ұрып-ұрып байлап кетті. Жалғыз көз қорыққаннан зар болды, “Мезгілің болған жоқ” деп жаман ұрды. – Көтерілсе шығарсың хатым Құран, Сабыр қылғын, ей, малғұн, [әлі],– дейді. Тажалдан қорыққаннан кетіп қалдым, Жүре-жүре алтынды үйге жеттім. Мен көрдім көп ғажайып нәрселерді, Жаратқаны көп екен Құдіреттің. Жазыпты алтын үйге бұ дұғаны, Ықыласпенен оқыдым сол дұғаны. Ашылды алтын үйдің есіктері, Ішіне кіріп бардым сол заманы. Ол үйде толып жатыр алтын, күміс, Толып жатыр ішінде түрлі жеміс. Көрмеген нәрселерді көрдім сонда, Бір кісілер таянып отыр қылыш. Үстіне киген тоны қып-қызыл қан, Одан өтіп ілгері бастым қадам. Табақ-табақ жемістер тұр екен, Тойғанша ол жемістен жедім тағам. Жатыр екен бір үлкен онда жылан, Отыр екен ішінде тағы да адам. Осы үйдің иесі деп мен ойладым, Мен пақыр қорыққаннан бердім сәлем. Қабыл қылып сәлемімді алды сонда, Жол сұрадым мен сонан ғаріп пенде. Ол адам айтты маған “жүре бер” деп, – Бір адам жол көрсетер ілгеріде. Тағы да ол арадан енді кеттім, Жүре-жүре адамға тағы жеттім. Намаз оқып ол адам отыр екен, Тағзым бірлән мен ғаріп сәлем бердім. Сәлемімді қабыл алды ишан адам, – Бұ жерге Тамим ғаріп келдің неден? – Мен түстім түрлі-түрлі машақатқа, Тәңірім жазса не көрмес ғаріп адам. Бұ сарайдың ішінде жүрдім дедім, Ғажапты түрлі-түрлі көрдім дедім. “Тәубе бұған қылдың ба?” деді маған, Мен айттым тәубе бұған қылдым дедім. Ғаріп болған дүниеде мен бір мұңлы, Мен сұрадым ишаннан түзу жолды. – Ілгеріде бір адам сол білетін, Сол адам көрсетер саған жолды. Сөйдеген соң жолменен жүре бердім, һеш бағы ашылмайды мендей ердің. Бір кеші-күндізімен жүріп едім, Бір адамның қасына тағы келдім. Ол адам отыр екен намаз оқып, Қасына мен бейшара келдім жетіп. Сәлем бердім мен ғаріп тағы да оған, Сөйлеспестен қасынан кеттім өтіп. Олардың ар жағында бір кәрі шал, Ақ шалмалы қожа екен бұ бір ишан. Қастарында көп құстар сайрап отыр, Баршасы машғұл болып зікір бірлән. Сәлем беріп, олардан жол сұрадым, Бұлардың не екенін біле алмадым. “Тамим деген сен бе? ” деп, сөз сұрайды, “Тамим деген менмін” деп, жауап бердім. Тағы да онан өтіп жүре бердім, Дүниеде ғаріптікпен не көрмедім. Көп ғажайып іс көрдім мұнан басқа, Қыдырға жүре-жүре ұшырастым. Қыдыр айтты: – Әй, адам келші,– деді, Менің айтқан тілімді алшы,– деді. Көп ғажайып көрерсің, Тамим ғаріп, Сен тауға сол көрінген баршы,– деді. Ол тауға жетіп бардым мен бір батыл, Тау басында жүр екен сұлу қатын. Қатын айтты: – Жөніңе жүре бергіл, Қыдырға қайтып келдім мен бір пақыр. Қыдыр маған айтады насихатты, Қасына отырғызып мен бейбақты. Мен көрдім жақсылықты сол Қыдырдан, Ойлап тұрсам Алланың әмірі қатты. Не қылмайды адамға Жаппар Алла, Қатын екен ойласам жалған дүние. Қыдыр маған баршасын мағлұм қылды, Бастан аяқ көндірді жөн жолына. Хайуан піл секілді Ібіліс екен, Құстары жанындағы шәкірті екен. Маңдайында көзі бар дәу секілді, Ағаштағы байлаулы Тажал екен. Көп тағамдар пейіштің тағамы екен, Шаһид болған басы жоқ адам екен. Жеңдерінен қолдары шығып тұрған, Нәресте іштен түскен ұғлан екен. Ақ сақалды ол ишан – Ілияс екен, Бағанағы Тамимге қол сілтеген. Қыдыр маған баршасын мағлұм қылды, Не көрмейді адамзаты тентіреген. Қыдыр айтты: – Жеріңе барасың ба, Неше жылдық шаһарың білесің бе? Мен айттым: – Білмеймін қанша екенін, Тақсыр, өзің – пайғамбар, білесің де. Қыдыр айтты: – Бұ жерден тоғыз жылдық, Ғаріп болған дүниеде мен бір мұңлық. Естіген соң Қыдырдан зар жыладым, Ел-жұртыма келуге болған ынтық. Қыдыр айтты: – Бейшара, зар жылама, Үйіңе бармаймын деп ойға алма. Аспаннан бір ақ бұлт пайда болды, Бұлт айтты: – Барамын Мәдинеге. Қыдыр мені тапсырды ақ бұлтқа, Тәңірі рақым қылды мен мұңдыққа. Бұлт әкеліп шаһарға енгізді де, Су басында ұшырадым бұ қызыққа. Омар сонда қатынын қайтып берді, Есітіп қайран болып жігіт тұрды. Бейшара алғанынан қызық көрмей, Тамим алып қатынымен дәурен сүрді. Тамам болып қиссаның болған жері, Тамимнің өз қатынын алған жері. Бір жігіт бұ қатынды некаһ етіп, Бір кеш қонбай мақұрым қалған жері. Мәулекей бұ қиссаны тамам қылды, Бір қатар сәйір қылып жұртты білді. Ақымаққа жұрт білгенде не пайда бар, Қиссадан басқа нәрсені де білді. Сонда да тауфиқ тілеп дұға қылың, Ғайып дұға қабыл-дүр, иақин білің. Үміт-дүр дұғаңыз қабыл болса, Бұ бейшара наданға рақым қылың. Нығметулла қажыда жүрген жерім, Мәнжілдің медресесі тұрған жерім.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.