Қисса Мәлікаждар

Әуелі сөз бастайын “аузубилла”, Мұхаммед – Құдай досты, Хабиб Алла. Бастаймын қиссасын Мәлікаждар, Тіліме медет бергіл, Қадір Алла. Сөз тыңда әй, жарандар, салтанатты, Бұ сөзім тыңдасаңыз балдан тәтті. Жер еді екі арасы сегіз күндік, Бар еді бір падиша Қарис атты. Сахиптық қылып жүрді Әли Хайдар, Тар жерде қолдағушы ха...

Kazakh
Қисса Мәлікаждар
Әуелі сөз бастайын “аузубилла”, Мұхаммед – Құдай досты, Хабиб Алла. Бастаймын қиссасын Мәлікаждар, Тіліме медет бергіл, Қадір Алла. Сөз тыңда әй, жарандар, салтанатты, Бұ сөзім тыңдасаңыз балдан тәтті. Жер еді екі арасы сегіз күндік, Бар еді бір падиша Қарис атты. Сахиптық қылып жүрді Әли Хайдар, Тар жерде қолдағушы хақ Пайғамбар. Палуан үш ұғылы сол Қаристың, Кенжесі асқан палуан Мәлікаждар. Пайғамбар сөзін тұтқан сахабалар, Қасында жан жолдасы төрт шаһариар. Сегіз жүз батпан шоқпармен ойнайды екен, Сол кезде сегіз жасар Мәлікаждар. Мәліктің үлкендік бар ойларында, Олардың сауыт-сайман бойларында. Мәліктің екі ағасы палуан екен, Шоқпары жүз батпандық қолдарында. Ойлайды біз сапарға барайық деп, Қолына қылыш, найза алайық деп. Мәліктің екі ағасы кеңес құрып, Керуенді жолда тосып талайық деп. Екеуі осылайша ой қылады, Керуенді жүрсе жолмен талап еді. Екеуінен қорыққаннан ей, жарандар, Керуені Мәдиненің жүрмей қалды. Қорқысты керуендері қылып налыс, Керуенге қаһар қылды кәуір Қарис. Керуендер бұ сөзді сөге айтты, Есітіп Әли Арыслан қылды намыс. Есітті Әли Арыслан үшбу күнде, Мінеді қаһарына Әли сонда. Керуенді бұ азаптан құтқармасам, Тұрмайын хақ Расулдың мәжілісінде. Болады жөнелмекші фатиха алып, Зұлпықарды Дүлдүл мініп қолына алып: – Жүктеріңді арт дағы жөнеле бер, Мен оны жайратайын бұрын барып. Әлиге хақ Пайғамбар бата берді, Зұлпықарын Дүлдүл мініп қолына алды. Жер екен екі арасы сегіз күндік, Ер Әли сағат болмай жетіп келді. Ер Әли сағат болмай жетіп келді, Екеуін жолда жүрген көзі көрді. Екеуі Арыстанға жетіп келіп, – Адамсың нағып жүрген сөйле,– деді. – Ей, кәуір, сөйлеп тұрсың сен не,– дейді, Мен келдім көрейін деп сені,– дейді. Көңліңде арман қалмасын, өлтіремін, Әуелі күрзіңмен ұр мені,– дейді. Жаратқан барша жанды жалғыз Алла, Жарандар, бұ кәуірдің сөзін қара. Кәуірдің дінсіздігін сонан білші, Ұмтылды Арыстанға жүзі қара. Екеуі біржолата Әлиді ұрды, Сиынып бір Құдайға қарап тұрды. Күрзінің салмағы мол күшіменен Дүлдүлі тізесінен жерге кірді. Қиындық Әли Хайдар көрді сонда, Жаппар Құдай Әлиді Өзің оңда. Күрзіден сау-саламат қалғандан соң, Сөйлейді Әли Арыстан тұрып сонда. – Бастады кәуірлерің мені ұрып, Мен ұрсам тез қатарсың, шапшаң өліп. Көтер де бармағыңды мұсылман бол, Кәуірлер пара-пара болмай тұрып. – Бұ жерден керуенге жол бермеспін, Арамды, сендей битті ер демеспін. Бұ заманның арыстаны біз екеуіміз, Көзге алып жалғыз сені қам жемеспін. Сол жерде бір ақырды, қаһар келді, Әлидің тасып кетті қайраты енді. Дүлдүлге қамшы басып тақым қысып, Екеуін жалғыз шауып екі бөлді. Қаристың екі бірдей палуан ұғылы Батырдан Әли Арыстан солайша өлді. Өлгенін екеуінің естіген соң, Мұсылмандар бек шаттанып, қатты күлді. Тозаққа екеуі өліп жаны кетті, Екі палуан өлгенін көзі көрді. Жанына екі басты байлап алып, Ер Әли Мәдинеге қайта жүрді. Жүріңіз тауфиқ қылып, иман біліп, Аттанды Әли сонда қаһар келіп. Жарандар, Мәдиненің дарасына, Қояды басын іліп алып келіп. Басты асты алып келіп Әли Хайдар, Қуанды бек шаттанып сахабалар. Сахабалар шаттықта болғаннан соң, Әлиге бата берді хақ Пайғамбар. Бұлар мұндай шаттыққа жолықты кез, Тыңлай көр жалықпастан, жарандар, сіз. Ер Әли тыныштық алып жата тұрсын, Батырдан Мәлікаждар есітің сөз. Иманды құл өлгенде иман табар, Мұсылман жата тұрсын әй, жарандар. Екі ағаңды Әли өлтіріп кетіпті деп, Батырға Мәлікаждар берді хабар. Шақырды Мәлікаждар ашуын сол, Патшаның құмырсқадай әскері мол. “Екі ағамды қайдан іздеп аламын” деп, Мәлікаждар жиып алды екі мың қол. Хабарсыз үйде жатыр Әли Хайдар, Бұ сырды һеш білген жоқ сахабалар. “Жер үстінде Әлиді қоймаймын” деп, Жөнелді сырнай тартып Мәлікаждар. Мәлікаждар жолыменен бара тұрсын, Жолына Мәдиненің сала тұрсын. Азырақ ер Әлиден кеңес айтып, Жарандар, қандырайық құлақ құрышын. Баласы ер Әлидің Хасан атты, Бек көркем һәр нәрсеге салтанатты. Хасан, Хүсейін жас бала аң қуарға, Тілейді атасындан рұқсатты. “Дұшманым көп, кәріне ұшырап кетпе” Деп, ұғылына айтады насихатты. Екеуін шаттандырды рұқсат беріп, Қуанды жас балалар киім киіп. Екеуіне екі атты даярлатып, Жөнелтті балаларын бата беріп. Жаратқан барша жанды жалғыз Алла, һәр қайда сақтағушы Жаппар Алла. Екеуі шапқыласып қуанысып, Шығыпты сахараға екі бала. Жарандар, тыңласаңыз кітап сөзі, Екеуі таба алмайды аң тіпті өзі. Мәлікаждар қолыменен жеткен екен, Бұларды екеуінің көрді көзі. Екеуі қарап тұрды “бұлар кім?” деп, Жарандар, көрсе ләшкер қисапсыз көп. Он екі мың қолымен жеткен екен Сол жерге Мәлікаждар, Әлиді іздеп. Екеуі барласпай қарап тұрды, Кәуірдің біреуі оған қарсы келді. Сол кәуір жетіп келіп тұра қалып, – Адамсың нағып жүрген, сөйле,– деді. – Сұрасаң аң қуалап жүрміз,– деді, Сіздерді тамаша етіп тұрмыз,– деді. Атам аты сұрасаң Шаһимардан, Бабамыз бек сүйеді бізді,– деді. Бабам аты – Мұхаммед, хақ Пайғамбар, Шеріден атам аты Әли Хайдар. Әбубәкір, Омар мен Осман қазы, Бабамның жан жолдасы – төрт шаһариар. Мәдине, Мекке менің шаһар қалам, һәр жерде қолдағушы Алла Тағалам. Бұ көп кісі нағылған кәуір ләшкер, Сұраймын жайыңызды айтқыл, жалғыз адам. Кәуірлер жиылысып қарап тұрған, Сөз айтты, баланы алдап Құдай ұрған. Сол кәуір екеуіне жауап берді: – Балалар, біз де аңшымыз киік қуған. Алдады балаларды айтып жалған, Екеуі бұ сөзіне қайран қалған. – Мен сізді керек болса апарайын, Киік бар біздің қолда ұстап алған. Иланып екі бала ерді бұған, Ертіп алып жүрді жолға таман. Сол кәуір Мәлікаждарға бұрын барып, Көргенін бастан-аяқ қылды баян. Кәуірлер балаларды келді алып, Қарады Мәлікаждар аң-таң қалып. “Екеуі екі ағама татиды” деп, Қуанып жар шақырды бек шаттанып. – Екеуін зынданыма қырық күн салсам, Андан соң өлтіріп мен өшімді алсам. Бек қатты той қыламын, ей жарандар, Үйіме сау-саламат есен барсам. Туған адам қалыспас бәрі де өлмей, Уақытсыз һеш жан өлмес ажал жетпей. Екеуін Мәлікаждар алып кетті, Атасы Шаһимардан қалды білмей. Атасы білмей қалды Әли Хайдар, Бұ сырды һеш білген жоқ сахабалар. Екеуін бір түйеге артып алып, Жол жүрді бір күн бір түн Мәлікаждар. Жаратқан барша жанды жалғыз Алла, һәр қайда сақтағушы Жаппар Алла. Бір күн, бір түн жүрген соң бек сусайды, Кәуірден су сұрайды Хасан бала. Хасанға бір кесемен суды берді, Сусыны су ішкен соң қанады енді. Хасан, Хүсейін жас бала кәуірлердің Кресін мойнындағы көзі көрді. Жаратқан барша жанды жалғыз Алла, һәр жерде құдіреті кең Хақ Тағала. “Қолынан өлсек дағы су ішпейік, Мойнында кресі бар, Хасан аға” – Кәуірлер, сөз сөйлейміз сізге,– дейді, Салып тұр құлағыңды бізге,– дейді. Кәуірлердің қолынан су ішпейміз, Су берме өлсек дағы бізге,– дейді. “Кәуір” деп екі бала зар жылайды, Жад қылып Мұхаммед пен бір Құдайды. Кәуірлер бұ сөзіне ашуланып, Екеуін бір түйеге тең қылады. Жарандар, Хасан бала кәміл еді, Екеуін артып алып жөнеледі. Кәуірлер баланы алып бара тұрсын, Тыңлаңыз, Зәйтүн ерден сөз келеді. Жарандар, біразырақ есітің сөз, Кәуірлер таусылмайды, сірә, һәр кез. Зекетін бар жиюшы Зәйтүн атты, Қолына Мәлікаждар жолықты кез. Келді тыңдасаңыз Зәйтүн сөзі, Ер Зәйтүннің бұларды көрді көзі. Кәуірге тұтылғанын біліп сонда, Батырдың Зәйтүн Сары іші күйді. Батырдың Зәйтүн Сары іші күйді, Қолына қаһарланып күшін жиды. “Не болсам да болайын бала үшін” деп, Зәйтүн ағаң бұларға жетіп келді. Зәйтүн ағаң бұларға жетіп келді, Бала танып Зәйтүнге сәлем берді. “Біздер мұнда кәуірге тұтылдық” деп, Зәйтүнге бала шағып жылайды енді. Сөйлейді Зәйтүн сонда бала сөзін, Қайрады тастай тітіреп өзі-өзін. – Бір ұрыспай кәуірменен үйге барып, Көре алман Пайғамбардың алтын жүзін. Кетейін бұ кәуірді қойдай қырып, Қылыш шауып, шоқпармен бәрін де ұрып. Кәуірлер екеуіңізді ап барады, Кетейін нағып қашып көре тұрып. – Зәйтүнеке жалғызсың шамаң келмес, Уақытсыз ажал жетпей адам өлмес. Соғысып бұ кезден өліп кетсең, Біздерден атам Әли хабар білмес. Кәуірден өліп кетсең естен кетпес, Түбіне бұ жалғанның адам жетпес. Бір жолы ашуыңызды бізге беріп, Бабама ұрыс қылмай хабар жеткіз. – Бабаң да келер, балам, есен болса, Қайтейін тіліңді алмай олай болса. Не бетіммен барамын Фатимаға, Қайтайын жаралы боп, тым болмаса. Жарандар, тыңласаңыз кітап сөзі, Жүйріктің сөз сөйлеуге келді кезі. Зәйтүнді тек деме, ей, жарандар, Бір мыңдық батыр екен жалғыз өзі. Қияйын деп ойлайды шыбын жанды, Кәуірмен соғысуға оңтайланды. “Мен Әли қазір келдім, кәуірлер” деп, Зәйтүнекең нағыра тартып айқай салды. Ақырып қалды Зәйтүн араласып, Болады-ай астын-үстін кәуір сасып. Даусынан аңыратты тітіресіп, Жиылып Мәлікаждарға барды қашып. Жиылып тұра қалды кәуір қолы, Жарандар, жақсы болды Зәйтүн жолы. Білген соң соғысарын екі бала, Өтініп бір Аллаға дұға қылды. Асасын Зәйтүн Сары қолына алып, Тұрады жекпе-жекке жалғыз барып. Күндей күңіреніп бір кәуір жетіп келді, Шоқпарын, найза, қылыш қолына алып. Кәуір келіп найзамен салып қалды, Балалар Зәйтүн ерге аң-таң қалды. Айналайын, тақсыр-ай, шапшаңдықпен, Найзасын салған шақта тартып алды. Жұлып алып найзамен өзін салды, Жаны жаһаннамға барып қалды. Бір-бірге келгенде Зәйтүн Сары, Кәуірден көп кісіні қырып салды. Зәйтүн Сары кәуірге ойран салып, Қылыш шауып найзасын қолына алып. Кәуірлер бірме бірге келмеген соң, Сөйлейді Зәйтүн сонда айқай салып. – Кәуірлер, жоқ-ақ екен арың,– деді, Өлсең кетер жаһаннамға жаның,– деді. Бір-бірге келуге қорқып тұрсың, Жабылың бірдей маған бәрің,– деді. Кәуірлер осы сөзден болады мат, Жаратқан жатсы қылып оларды Хақ. Осы сөзді айтқан соң бәрі кәуір, Жабыла Зәйтүн ерге қояды ат. Жарандар, құмырсқадай кәуірлер көп, Қараңғы болды шаңмен жер менен көк. Кәуірді кіріп Зәйтүн қойдай қырды, Ақырып “иә Алла, иә Расул” деп. Зәйтүн кірді кәуірді қойдай қырып, Қылыш шауып, шоқпармен бәрін де ұрып. Кәуірлер су шетінде қырғын тапты, Қисапсыз палуанды салды қырып. Кәуірлер қырғын тапты осы жолда, Зәйтүнді, Жаппар Құдай, өзің қолда. Кісілер өлгеніне шыдай алмай, Сөйлейді Мәлікаждар тұрып сонда. Өлгенге кісілері іші күйді, Ойлайды Әли ме деп Зәйтүн ерді: – Әли болса шығайын ұрысына, Жарандар, әбден таны енді мұны. Бір қайратты бастайын бұған енді, Әли болса ұрысуға шығам енді. Жат біреу боп масқара біз болмайық, Ол болмаса бармақ ар маған енді. Сөйлейді көп ішінде кәуірлері, Қалай таң-тамаша жұрт нетер бәрі. – һәр елден зекет жиып жүруші еді, Жарандар, мен танысам Зәйтүн Сары. – Жарандар, Зәйтүн болса оқпен епте, Кісіден он екі мың осы көп пе. Оқтан жаңбыр жаудыр да амалдап бақ, Осымен ұрысуға маған еп пе. Құйылды оқтан жаңбыр қисапсыз көп, Қараңғы болды шаңмен жер, аспан, көк. Зәйтүнге жетпіс жерден жара тиіп, Құшады атының жалын, “иә Алла” деп. Жығылды Зәйтүн батыр оқтан талып, Етіне жетпіс жерден жара салып. Пайғамбардың Зәйтүн құрметі үшін, Ат шықты жалын төсеп жаудан алып. Келеді Зәйтүн қаны атын жуып, Кәуірлер жабылады атты қуып. Хасан, Хүсейін Зәйтүннің халін көріп, Жылайды бір Алла[ға] зары қылып. – Жаратқан барша жанды жалғыз Алла, һәрқайда қолдағушы Өзің ғана. Хақ Пайғамбар бабамның құрметі үшін, Зәйтүнді, Жаппар Құдай, Өзің қолда. Қолдай көр, тақсыр бабам, хақ Пайғамбар, Бере көр жәрдемшілік Әли Хайдар. Әуелі әнбиелер жәрдем беріп, Кәуірден құтқара көр, шаһариарлар. Балалар дұға қылып жылап тұрған, Кәуірлер қоймай тұрды Құдай ұрған. Дұғасы балалардың қабыл болып, Жарандар, қап-қараңғы болды тұман. Қиындық Зәйтүн Сары көрді сонда, Зәйтүнді, Жаппар Құдай, өзің қолда. Құтылды кәуірлерден сау-саламат, Жарандар, аты келіп түсті жолға. Жәбірейіл атты келіп жолға салып, Келеді Зәйтүн Сары оқтан талып. Ат келді Мәдинеге есен-аман, Кәуірлер балаларды алды қалып. Бұ хабарды білмеді жұрттың бәрі, Әлидің баласы-ды ынтызары. Зираттың тап түбіне барғанында, Атынан құлап қалды Зәйтүн Сары. Құдай медет береді барша жанға, Кәуірлер ат кеткен соң қалды таңға. Үсті-басы боялған қып-қызыл қан, Зәйтүннің аты келді мәсжид тамға. Зәйтүннің аты келді мәсжид тамға, Жолында қарамайды һеш бір жанға. Пайғамбар, сахабалар атты көріп, Баршасы есі кетіп қалды таңға. Зиратта қалып еді Зәйтүн талып, Ат келді мәсжидке тура салып. Жиылған жамағат пен Пайғамбарды Ат жүрді зиратқа бастап алып. Ат жүрді зиратқа бастап алып, Келеді сахабалар аң-таң қалып. Үсті-басы боялған қып-қызыл қан, Зәйтүнді тауып алды, жатыр талып. Келеді сахабалар атпен еріп, Қарап тұр Пайғамбарым көзі көріп. Сөйлерісе тілі жоқ Зәйтүн ердің, Жаны бар құр шықпаған, жатыр өліп. Бұ іске таң қалады сахабалар, Қарап тұр қайран қалып Әли Хайдар. “Жаппар Ие, Зәйтүнге тіл бергіл” деп, Достынан тілек қылды хақ Пайғамбар. Дұғасы Пайғамбардың қабыл болды, Зәйтүн ер өліп жатқан тілге келді. Зәйтүнге тіл біткен соң хақ Пайғамбар: – Не көрдің Зәйтүн Сарым, сөйле,– деді. – Сөйлесем, жығылып әләм көп оқ тиіп, Бір сізден халас болдым жәрдем тиіп. Кәуірге Хасан, Хүсейін тұтқын бопты, Мен келдім, Хақ Расул, соны көріп. Ап кетті Мәлікаждар көрдім,– деді, Сазасын кәуірлердің бердім,– деді. Балаларды көрген соң шыдай алмай, Осындай соғыс қылып болдым,– деді. “Балалар зар еңіреді ұрыспа” деп, Кәуірлер он екі мың қисапсыз көп. Аз ғана Құдай үшін ұрыс қылдым, Хақ Расул алтын жүзін көре алман деп. һәр жерде қолдағушы Алла жарым, Сол жерде балада болды ынтызарым. “Бабама сәлем айт” деп, көп тапсырды, Деп айтты “дұға қылсын” балаларың. Құлақ сал, әй, жарандар, үшбу сөзге, Пайғамбар шапағатшы тақсыр бізге. Өлтірер деп қорқамыз кәуірлерден, Тапсырды “тез келсін” деп, Әли, сізге. Бұ сөзге таң қалады сахабалар, Қарап тұр қайран қалып хақ Пайғамбар. Сөзіне баласының іші күйіп, Жөнелді атқа мініп Әли Хайдар. Мінеді Дүлдүліне “иә, Алла” деп, “Баламды сау-саламат қолға бер” деп. Келеді құстай ұшып Шаһимардан, Сөзіне баласының іші күйіп. Білмейді бұ хабарды жұрттың бәрі, Әлидің баласы-ды ынтызары. Ер Әли ашуланып кетіп қойды, Жарандар, ұмыт қалды зұлпықары. Кетіпті солардан да дүние өтіп, Хас жүйрік өлең айтар екпіндетіп. Шаһарына қалғанда бір күншілік, Арыстан құстай ұшып келді жетіп. Ер Әли нағыра тартты жетіп келіп, Кәуірлер өті жарылып қалды өліп. Астын-үстін болады кәуір сасып, Ер Әли бір айқайлап салды бүлік. Ер Әли сиынады бір Құдайға, Салауат көп айтады Пайғамбарға. Дауысын Арыстанның есіткен соң, Жүгірді Мәлікаждар балаларға. Қылышын Мәлікаждар қолына алды, Кәуірлер бұ айқайға аң-таң қалды. “Кім де болса артыма қоймайын” деп, Жүгірді өлтіруге балаларды. Жүгіргенін көреді екі бала, Жылайды “сақтай көр” деп бір Құдайға. – Өлтіруге келеді Мәлікаждар, Тұрайық иман айтып, Хасан аға. Інісіне айтыпты Хасан сөзді, Жанынан жас балалар үміт үзді: – Хақ Пайғамбар бабамның құрметі үшін, Бір Алла құдіретіңмен сақта бізді. Жылайды екі бала бір Тәңірге, Жараттың құдіретіңмен Өзің ғана. Әулие, әнбиеден түк тастамай, Екеуі осылайша қылды дұға. Қылышын Мәлікаждар салды қалып, Аяды балаларды Жаппар Халиқ. Қылышын Жәбірейіл қағып қалды, Қылышы түйе мойнын түсті алып. “Өлді” деп, жүре берді Мәлікаждар, Қылыштан аман қалды жас балалар. Ренжітпей баламды шапшаң бер деп, Тағы да бір ақырды Әли Хайдар. Сөйлейді Мәлікаждар тұрып сонда: – Әй, Әли, менім айтқан сөзімді аңла. Өлтірдім балаларың әлде қашан, Менің де екі бірдей ағам қайда! Бұ сөзге іші күйді Әли Хайдар, Қолдай көр Арыстанды хақ Пайғамбар. Мықты болсаң мені де балама ұзат, Күрзімен ұрып қара, Мәлікаждар. Қолдай көр Арыстанды пайғамбарлар, Әуелі отыз үш мың сахабалар. “Ұр” деп, рұқсат берген соң, ей жарандар, Сөйлейді сонда тұрып Мәлікаждар. – Қуатың мың кісідей бар деуші еді, Алдыңды кәуірлерге тар деуші еді. Дұшпаныңды шапқанда өзі ұратын, Бір қылыш кереметті бар деуші еді. Көрсетші сол қылышты, Әли, маған, Көруге ынтық едім көптен соған. Қылышыңды тамаша қып көрген соң, Бастайын қайратымды мен де саған. – Әбубәкір, Омар мен Оспан жарым, Мәлікаждар, көрерсің менде барын. Баламның ашуымен ішім күйіп, Асығып үйде қалды зұлпықарым. – Әбубәкір ол қайда Оспан жарың, Аяп қалма, ер Әли, қолда барың. Қылышты бұ сапарда көре алмадым, Асығып үйде қалды зұлпықарың. – Мен Арыслан, адамнан жолым бөлек, Ашулансам тілермін бөлек-бөлек. Қылышты үйде қалған алдырамын, Көруге, Мәлікаждар, қылсаң керек. – Қылышың кетірмейді тастан ағып, Мен тұрмын сенің айтқан сөзің бағып. Бір сағат енді болмай ұрысамыз, Келесің қылышыңды қайдан алып? – һәр жерде қолдағушы Жаппар Аллам, Қыла алмас мендей қайрат жалғыз адам. Қылышты бір сағатта жеткізетін, Үйімде кереметті бар-ды бабам. – Тек демейін деп тұрмын биік жарды, Аяспайын деп тұрмын бойда барды. Үйіңде кереметті бабаң болса, Алдыршы бір сағатта зұлпықарды. Қойыпты кәуірлерді Құдай үрып, Ер Әли ойланады қарап тұрып. Мәлікаждар айтқан соң мына сөзді, Қарайды Мәдинеге мойнын бұрып. Ер Әли кәуірлерді жүрген қырып, Біледі Пайғамбарым қарап тұрып. Сол жерде қышқырады хақ Пайғамбар, – Қарадың не себептен мойның бұрып? Пайғамбар өзге жандан артық зерек, Салауат, ей жарандар, қылсаң керек. – Мәлікпен ұрысатын уақытым жетті, Зұлпықар, тақсыр бабам, болды керек, Кетіппін зұлпықарды үйден алмай. – Әй, балам, Мәлік тұр ма тілің алмай. Қылышты бір сағатта жеткізейін, Тұра-тұр оған шейін ұрыс қылмай. Сол жерде хақ Пайғамбар дұға қылды, Жәбірейіл пәрменменен Хақтан келді. Расулды арқасына салып [алып], Әлиге көз жұмғанша алып келді. Әлиге Зұлпықарды келді алып, Қарады Мәлікаждар аң-таң қалып. Ер Әли зұлпықарды қолына алды, Көрді Мәлікаждар көзін салып. Қылышты көріп алды Мәлікаждар, Қарап тұр қайран қалып хақ Пайғамбар. Шоқпарын Мәлікаждар қолына алды, Мәлікке ашуланды Әли Хайдар. Сол жерде төбелесті айқай салып, Найзасын, қылыш шауып қолына алып. Қанша шапты зұлпықар һеш кеспеді, Ер Әли қарап тұрды қайран қалып. Шоқпар ұрды ер Әли, “иә, Алла” деп, Бойында Арыстанның қайраты көп. Мәлікаждар күрзімен ұрғанында, Болыпты қап-қараңғы жер менен көк. Батыр Әли көрген жоқ мұндай ерді, Қанша қару қылса да бой бермеді. Мәлікаждар күрзімен ұрғанында, Дүлдүлі тізесінен жерге кірді. Жолықты Шаһимардан мұндай ерге, Ер Әлиге болмайды бірме-бірге. Екеуі бір күн, бір түн ұрыс қылды, Күл-күл боп қылыш, найза түсті жерге. Ер Әлиге болмайды Мәлікаждар, Қарап тұр тамаша ғып хақ Пайғамбар. Қарудан һешбір пайда болмаған соң, Сөйлейді сонда тұрып Әли Хайдар. – Түспейді зұлпықарым сені кесіп, Тұр сонда кеспеген соң көңілің өсіп. Мәлікаждар сөзімді қабыл көрсең, Екеуміз алысайық жаяу түсіп. Кетіпті солардан да дүние өтіп сұм, Қуанды Мәлікаждар тағы да тым. Ер Әли күреседі – жыға алмайды, Екеуі алысады бір күн, бір түн. Көріп тұр Пайғамбардың алтын жүзін, Жарандар, тыңдап отыр кітап сөзін. “Бір кәуірге тұтылып қор болдым” деп, Қайрайды Әли Арыслан өзі өзін. Ер Әлиге кәуірден берген нәсіп, Оқиын бұ қиссаны желдей тасып. Сол жерде ашуындан Шаһимардан, Шығыпты сауытынан түгі тесіп. Қаһарланып қолына күшін жиды, Әлиге бір Құдайдан жәрдем тиді. Мәлікаждар батырды Әли Арыслан, Көтеріп, “иә, Алла” деп жерге ұрды. “Түспейді зұлпықарым сені ұрып,” Мінеді кеудесіне алып ұрып. Пайғамбар бек шаттанды, әй, жарандар, Қайратын ер Әлидің көзі көріп. Ер Әли кеудесіне мініп алды, Барша жұрт мұны көріп аң-таң қалды. “Мұсылман бол, болмаса өлтірем” деп, Ер Әли зұлпықарын қолына алды. “Мұсылман бол” деп, айтты Әли Хайдар, Қасына жетіп келді хақ Пайғамбар. Пайғамбар “сабыр қыл” деп Әлиге айтты, Сөйлейді сонда жатып Мәлікаждар. – Жығылдым сенен, Әли, нағып жүріп, Күшіңе қайран қалдым көзім көріп. Көрсетші кереметті осы жерде, Болайын хақ мұсылман дінге кіріп. Тыңдай көр бұ сөзімді, әй жарандар, Қарап тұр қайран қалып хақ Пайғамбар: – Уағда айтқан сөзіңнен айнымасаң, Сұрайсың қандай керемет, Мәлікаждар. – Оңдасын Құдай Тағала жолымыздан, Керемет келер болса қолыңыздан. Бір үйдей қара тас бар шарбағымда, Жарылсын сол тас келіп оңымыздан. Қырып жүрсің кәуірді алдыңа айдап, Мен жатырмын шалқамнан түсіп жайрап. Сол тас жарылып ішінен бір құс шығып, Ақық жауһар жүні боп тұрсын сайрап. Тамаша қып тұрайын құсты көріп, Бойымды шын берейін көңлім ұрып. Іс қылсаң осылайша, батыр Әли, Боламын хақ мұсылман дініңе еніп. Ер Әли сиынады бір Құдайға, Әулие отыз үш мың сахабаға. Осы сөзді айтқан соң Мәлікаждар, Қарайды мойнын бұрып Пайғамбарға. Хақ Расул қайран қалды бұ балаға, Өтініп дұға қылды бір Аллаға. Нұр Мұхаммед дұғасы қабыл болып, Жәбірейіл жетіп келді Пайғамбарға. Жәбірейіл келді: – Құдайың айтты сәлем, Айтқанын айта келдім мен де саған. Достыңның айтқан сөзін айта келдім, “Құдіретім тамаша қып көрсін тамам. Бес жүз жыл бұрын жараттым айтқанысын, Достыма айт қуаныш қылып дұға қылсын. Айтқанынша сол құсы сайрап шығар, Батырдың Мәлікаждар көңлі тынсын”. Сол жерде дұға қылды хақ Пайғамбар, Оныңмен тас келіпті, әй, жарандар. Айтқанынша сол құсы сайрап тұрды, Бұ іске таң қалады Мәлікаждар. Құс сайрайды бір жүні ақық, бір жүні гауһар болып. Халайық таң қалады мұны көріп. Құдайым көптен бұрын жаратыпты, Мәліктің осы айтатын сөзін біліп. Тыңдай көр бұ сөзімді, әй, жарандар, Қарап тұр қайран қалып Әли Хайдар. Иман келіп көңліне толып қалды, Болыпты хақ мұсылман Мәлікаждар. Мәлікаждар көңліне иман толды, Кәуірдің ол қолының бәріне де. Пайғамбардың аяғын құшақтасып, Көп кәуір иман айтып дінге кірді. Мұнша қол дінге кірді иман айтып, Шаһарына кіреді сырнай тартып. Мәлікаждар мұсылман болғандарын, Қойыпты атасына біреу айтып. Әли Хайдар мінеді қаһарына, Олардың жан шыдамас заһарына. Қапқасын бек бекіп ұрыс қылды, Бұларды кіргізбеді шаһарына. Сөйлейді Мәлікаждар сонда тұрып: – Кісіні тауыспайық бекер қырып, Атама өзім барып сөйлесейін, Келейін, Хақ Расул, хайла қылып. Сол жерде рұқсат берді хақ Пайғамбар, Қарап тұр қайран қалып Әли Хайдар. Атасыны алдауға, әй жарандар, Кіреді шаһарына Мәлікаждар. Тұрады Мәлікаждар жетіп барып, Көреді Қарис патша көзін салып. – Пайғамбар мен Әлиді өлтіруге, Мен келермін, жан ата, алдап алып. Бұ сөзге патша нанып қылды тойды, Қанша көп шаттықпенен малын сойды. Тыста қалған Әли мен Пайғамбар Ақылмен ұрыс қылмай сөйтіп кірді. Пайғамбар мен Әлиді алып барып, Сөйлейді атасына Мәлікаждар. – Жан ата, шаһарыңыз алдық кіріп, Ислам маған бол дінге кіріп. Ер Әли мен Пайғамбар мынау тұрған, Құшақта аяқтарын ғұзыр қылып. Жаратқан барша жанды жалғыз Алла, Жарандар, бұ кәуірдің сөзін қара. Бұ бір жәдігөй сиқыршы ғой деп, Атасы ашуланды жүзі қара. Атасын лақтырды аспанға алып, Көзінен халайықтың болды ғайып. Сүйегі күл-күл болып жерге түсті, Жаны ту жаһаннамға қалды барып. Халайық бәрі тұрды таңға қалып, Зынданға балаларды қойған салып. Пайғамбар мен Әлиді Мәлікаждар Жөнелді зындан жаққа бастап алып. Екеуін алып келді жетіп барып, Үшеуі қарап тұрды көзін салып. Бір айдаһар зынданды шырқ айланып, Құйрығын жатыр жылан тістеп алып. Қарап тұрды зынданға Расул келіп, Мәлікаждар қайран қалды мұны көріп. Хасан, Хүсейін баланы кәуірлерден, Сол жылан сақтар үшін жатыр келіп. Біраз ғана сөйлейін аттай желіп, Жыланға нұр Мұхаммед келер күліп. Пайғамбардың келгенін білді дағы, Сол жылан сақтар үшін жатыр келіп. Жылан тұрып сөйлейді, әй жарандар: – Балаңыз сау-саламат осында бар. Сақтадым жалғыз сенің құрметің, Маған енді разы бол, хақ Пайғамбар. Жыланды Пайғамбарым жақсы көрді, Бір кереметті қылғанын енді білді: – Жақсы қызмет қылыпсың, қабыл болсын, Қылайын не деп дұға, жылан, енді. Құлақ сал, әй, жарандар, үшбу сөзге, Пайғамбар шапағатшы тақсыр бізге. Таңда махшар күнінде Тәңір алдында, Дұға қыл үмбет бол деп, Расул, бізге. Пайғамбар дұға қылды бір Аллаға, Дұғасы қабыл болды Хақ қасында. Қуанып жылан кетті өз бетімен, Сол жылан үмбет болды Пайғамбарға. Мәлікаждар зынданға өзі кірді, Тағзыммен балаларды алып келді. Баласын сау-саламат көрген соң, Көрісіп, құшақтасып қалады енді. Қуаныш қылып шаһарда қылды тойды, Суреттің шоқынатын бәрін жойды. Мәсжид, медресе салдырып, дін үйретіп, Батырды Мәлікаждар патша қойды. Әлидің жолы болды осы жолда, Әлиді Жаппар Құдай өзің қолда. Жиылған жамағатқа, әй, жарандар, Сөйлейді Мәлікаждар тұрып сонда. – Қинадым балаларды азап салып, Тілейін Фатимадан мойным салып. Фатима кешер ме екен жаяу барсам, Төбеме балаларды салып алып. Баланы төбесіне салып алды, Барша жұрт мұны көріп аң-таң қалды. Жер екен сегіз күндік екі арасы, Шаһарға сағат болмай алып келді. Шаһарға сағат болмай алып келді, Әлидің Мәлік батыр үйіне енді. “Қылғанымды балаңа кеше көр” деп, Жалынып Фатимадан тілепті енді. Қасында бірге келді Әли Хайдар, Фатима жауап берді, әй, жарандар: – Атама үмбет, ерімнің досты болғаннан соң, Мен кештім не қылсаң да, Мәлікаждар. Тыңдай көр бұ сөзімді, әй, жарандар, Қуанды бек шаттанып Мәлікаждар. Барша жұрт разы болғаннан соң, Қол жайып фатиха берді хақ Пайғамбар. Шулайды дұға қылып барша елі, Әлидің жолдасының болды бірі. Ер Әлимен осылайша төбелесіп, Мұсылман Мәлікаждар болған жері. Бұ қисса осылайша болды тамам, Жад қылған халін білмей мен бір надан. Ер Әлимен осылайша ұрысыпты, Жарандар, Мәлікаждар неткен палуан. Мұнымен Мәлікаждар болды тамам, Жазғаным қолыма ұстап темір қалам. Тағы да көп әңгіме болса керек, Келмейді ұзартуға менім шамам. Шығарған өлең қылып Сыздық ақын, Көшіріп мұны жазған Ахмет атым. Болған атым Ахмет, өзім ноғай, Айтады мұрат елі деп оның затын. Рақым деген мұның өзін берді маған, Жібер деп баспашыға, келсе шамаң. Берген соң аманат тоқтау бар ма, Ағалар, риза бол енді маған. Қалам ұстап жазғаным қара сия, Яушев сұрасаңыз фамилия. Көңліме иман, өзіме тауфиқ беріп, Мұратыма жеткіз, Жаппар Ие.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.