Бозжігіт

Сөз келедi тыңдағанға айтатұғын, Жоқ шығар бұ жалғанда мұңсыз туған. Дүниеге адам ұлы қонақ болған, Күнiнде бiрi-бiрден қайтатұғын. Жан бердi, иман бердi Бiр уа Барың, Қалады өзiң өлсең дүние, жарың. Дүниеде бiраз өмiр қонақ болған, Барады қазған көрге жiгiт, кәрiң. Бұ жалғаннан бiр кiсi тоймай өтер, Жақсы құл өлiм түб...

Kazakh
Бозжігіт
Сөз келедi тыңдағанға айтатұғын, Жоқ шығар бұ жалғанда мұңсыз туған. Дүниеге адам ұлы қонақ болған, Күнiнде бiрi-бiрден қайтатұғын. Жан бердi, иман бердi Бiр уа Барың, Қалады өзiң өлсең дүние, жарың. Дүниеде бiраз өмiр қонақ болған, Барады қазған көрге жiгiт, кәрiң. Бұ жалғаннан бiр кiсi тоймай өтер, Жақсы құл өлiм түбiн ойлай өтер. Бiр бенде малды жияр, дүние сүйер, Жалғаннан еш мұрадын алмай өтер. Бiр бенде өтер әкенiң жүзiн көрмей, Бiр бенде өтер шешеден сүтке тоймай. Бiр бенде көп мал жияр, дүние сүйер, Бiр бенде өтер малға көңiл қоймай. Бiр бенденiң қорасы малға толған, Бiрiнен-бiрi көрiп ыбрат алған. Бiр бенденiң көңлi күлiп өтер, Бiреудiң жылай-жылай жүзi солған. Бiрiнен-бiрi көрiп ыбрат алған, Алла мейiр ойласын деп үлгi салған. Е, бенде, өлерiңдi бiлмеймiсiң, Адамның көбi кетiп, азы қалған. Бiр құлдан бiр құл көрiп ыбрат алған, Жақсы құлға Құдайым ақыл салған. Е, бенде, бұ жалғаннан сен де өтерсiң, Өлiмге ажал оған пайда болған! Кәрiптердiң жалғанда көңлi сынық, Байларменен жүруге жолы тұйық. Бiреуге малға қолын сен жаратсаң, Ендi қалай болады сөзiм сынық. Кәрiптiкте болады мүшкiл күнiң, Шықпайды көп iшiнде айтсаң үнiң. Айтқан сөз жүрген жолда сен жаратсаң, Ендi қалай болады мұның жөнi? Қауым болған әуелде Билла интаһа қайырдан Бар ғалам[ды] жаратқан Сұлтан болған қожамсың! Көптен құдiреттi[сің], Он сегiз мың ғаламға Сұбхан болған қожамсың! Ғаршы менен Күрсiнi, Лаух пенен Қаламды, Он сегiз мың ғаламды Алты күнде жаратып Бенде қылған Алламсың! Жәбiрейiл, Мекайыл, Ысрапыл мен Әзiрейiл, Перiштенiң iшiнде Артық сүйген Алламсың! Адам менен Хауа ана Төрт нәрседен жаратып Бенде қылған Алламсың! Жүз жиырма төрт мың әнбия, Сахибта жоқ әулие, Атамыз ол Адамды Құрсант қылған Алламсың! Артық нәби Мұқамбет, Фахр нәби Мұқамбет Құлдардың iшiнде Артық сүйген Алламсың! Сегiз қабат ұжмақты, Жетi қабат тамұқты Күнәлi құлдарға Бина қылған Алламсың! Сүйген құлың ұжмақта Түрлi-түрлi нығметте Ұжмақтың iшiнде Орын берген Алламсың! От iшiнде тозақта Тамұғыңды жандырып Азап қылған Алламсың! Түзiк жолдан жүрмеген, Құлшылығын қылмаған, Күнәсi көп бiз - құлың, Азап қылсаң қоярсың. Күнә қылмай құлыңды Рақым қылсаң қоярсың. Рахматы кең сен, Жаппар, Бiз күнәһар, сен Ғаппар. Айыбымызды жасырып Рақым етсең Ғаппарсың, Айыбын кешпей құлыңды Азап етсең Қаһарсың. Рахматыңдан, иә, Раббы, Еш үмiтi[м] үзбеймiн, Жүмлә құлға рахмат ет! Иә, Рахим ир-Рахман, Жүмләмызға таупиқ бер! Бозжiгiттiң кiтабы Омбы шәрiне барғанда «Бозжiгiт» кiтапты бiрқатар көрiп едiм. Бұ кiтап жақсы жазылған едi, жыры көп жоқ екен, сөзi мұңды екен. Жiгiттiң аты Бозжiгiт екен, қыздың аты Қарашаш екен. Бозжiгiттiң досының аты белгiсiз екен. Беркмiн деп жазып едiк. Және шәрдiң аты жоқ едi. Бұ кiтап жазарға бiзге қиын болды. Өзiмiздiң көңлiмiз қайғылы күнде бұ «Бозжiгiт» кiтапты мың сегiз жүз қырық екiншi жылда жазып едiк. Әуелi жазғанда қисса деп жаздық, сөзiн жазып жырлап едiк, шәкiрттерiмiз «Бозжiгiт» кiтапты бәрiн әнiменен жазылсын деген себептi бәрi сөзiн әнiменен жаздық. Бiздiң мұңды адамдардың көңлi ашыл- сын деп кiтапты әнiменен жазбаққа рұқсат бар. Заманнан көп замандар өттi дейдi, Бiр ханға жалғыз ұлы бiттi дейдi. Жақсы ұзақ дәурен көрмек бар ма? Дүниеден арманымен өттi дейдi. Бiр ұл туды патшаға, жұртқа лайық, Сауын айтып той қылды елге жайып. Жұртына көп жақсылық қылған екен, Той қылды әр жаннан малды сойып. Заманнан көп замандар өттi дейдi, Тәңрiден имандығы[н] күттi дейдi. Жетi жаста баласы оқу оқып, Он жасына бұ ұл ендi жеттi дейдi. Жүрiптi жаманды ойына алмай, Жалғанның қызығына көңiл қоймай. Қолына Құран менен кiтап ұстап Барады молдасына бiр күн қалмай. Көрмегендi көрейiн деп жүредi екен, Таңқалып жүзiн көрiп тұрады екен. Басында алтын айдар тұлымы бар, Айдай жақсы болып жүредi екен. Бiр түнде ұйықтап бiр түс көредi, Алдында сұлу, жақсы қыз көредi. О дағы бiр патшаның жалғызы екен, Бiр жалғызға бiр жалғыз дос болады. Арыз айтып алдында сөз сұрайды, Ашық жарың iздесең нең құрайды. Жаратқанның жарлығы солай екен, Бiрiне-бiрi мақұл ұшырайды. Қыздың айтқан сөзi Түнде жылап, күндiз зар, Мен жүзiңге ынтызар. Не себептен болдың жар, Менi мұндай қылып зар, Ақылың айтсаң керек-тi! Бiр жыл болды жанармын, Өткен күндi санармын. Ес-ақылымнан танармын, Сөзге не күн қанармын, Атың айтсаң керек-тi! Бозжiгiттiң түсiнде сабыр қыл деп айтқан сөзi – Жаныма түстi жайың, Тәңрiден рахмат күтер. Мұратқа бiр күн жетер, Сабыр қылсаң керек-тi! Ашықтар зарлап өтер, Тәңiрден рахмат күтер, Мұратқа бiр күн жетер, Сабыр қылсаң керек-тi! Сабыр қылмай iс бiтпес, Мезгiлсiз арзың жетпес, Зарлаумен қайғың кетпес, Сабыр қылсаң керек-тi! Ойын мен күлкiң қалса, Бойыңа бiр дерт қонса, Iшiң қайғыға толса, Көрерсiң мезгiл болса, Сабыр қылсаң керек-тi! Бұрынғы өткен ашықтай Ақылың сенiң керек-тi! Бөтен жарға қайрылмай Нәпсiң тыйсаң керек-тi! Бiздiң үшiн әр жерде Жаның қисаң керек-тi! Қылма көңлiң бұзықты-ай! Ағарып жүр жүзiктей, Зылиқа мен Жүсiптей Сабыр қылсаң керек-тi. Қыздың түсiнде жiгiтке берген жауабы – Қапылмысың, ойбай, жiгiт, Жiгiт бүйтiп жатар ма?! Атқа мiнiп шықпайсың, Ер олжаға батар ма? Мен жолыңа ынтызар, Пейiлiң болса iздей бар! Бiр-бiр патша жалғызы Сiздiң үшiн болдым зар. Келер ме деп жоқтаймын, Үш жыл болды сақтаймын, Жүзiңдi бiр көрмеймiн, Қайтiп шыдап тоқтаймын?! Жаның жанға қосылған, Сен ақиқат жар болсаң, Бiздiң үшiн зар болсаң, Шәр-бустан Рұмнан Бiздi iздесең, табарсың. Бустан шәрдiң бұлбұлы, Сарай жердiң бiр гүлi, Дария кешiп, тауды өтсең, Бiздi iздесең, табарсың. Бiз–дарияның кеукерi, Бiр болармыз жауһары, Алтын-күмiс қолға алып, Бiздi iздесең, табарсың. Жолдастарын жанға алып, Бiздi iздесең, табарсың. Нұрдан үлгi алғанмын, Тоты құстай болғанмын, Таяғыңды қолға алып, Бiздi iздесең, табарсың, Ақыретте сен табарсың! Түсiнде бұ қыз жырлап ғайып болды, Жiгiтiң көкiрегiне қайғы толды. Бақсы менен дәрiгерден дәрмен таппай, Жiгiттiң күннен-күнге жүзi солды. Әкесi менен шешесi хабар бiлдi, Жалғызы үшiн жандарын құрбан қылды. Дертiне жалғызының дәрмен таппай, Әкесi мен шешесi зарлы болды. Бiр жыл болды бұ жiгiт күлмей жүрдi, Дертiнiң еш ылажын бiлмей жүрдi. Қасында құрдасы бар, жолдасы бар, Ешқайсысын көзiне iлмей жүрдi. Екiншi жыл түсiнде тағы көрдi, Қыз келiп бұ жiгiтке сәлем бердi. Көзiнен жасы[н] ағызып, қол қусырып, Арызын айтып жiгiтке жауап бердi. Қыздың түсiнде айтқан жауабы – Төрт жыл болды сақтаймын, Келер ме деп жоқтаймын. Хабарың жоқ, өзiң жоқ, Сәлем де бiр сөзiң жоқ. Мен жүзiңе ынтызар, Сақтай-сақтай болдым зар. Бiз бiр патша жалғызы Сiздiң үшiн болдық зар. Әке менен шешесi Рұқсат бермес болар ма? Түсiнде көрген бұ жарын Келiп көрмес болар ма? Жiгiт[тiң] қызға берген жауабы –Сен бiр сурет назырсың, Кеш қасымда әзiрсiң. Үйiне келсем жан да жоқ, Не аттысың? Атың айт! Не жерлiсiң? Жерiңдi айт! Туған-өскен елiңдi айт! Және мұндай зар қылма, Анық қылып жөнiңдi айт! Елiң сенiң бiлмесем, Саған түзу жүрмесем, Шәрiң сенiң бiлмесем, Сенi қайдан табармын? Былтыр келдiң қасыма, Қайғы салдың басыма. Көрiнбейсiң көзiме, Сенi қайдан табармын? Жiгiтке қыздың берген жауабы – Атқа мiнiп шықсаң сен, Бiздi қабыл көрсең сен, Құбылаға қарай тұрсаң сен, Iздей бiздi табарсың. Түсте қосқан Алламыз Өңiнде бiздi қоспай ма?! Дүние бiзден өтпей ме, Жар iздесең, табарсың. Түсiнде бұ қыз жырлап ғайып болды, Жiгiттiң көкiрегiне қайғы толды. Бар едi бiр досы жаннан артық, Таңертең оған барып, арыз қылды. Бiр құп сурет көрдiм мен, Қайран болып жүрдiм мен, Мәслихатты жан досым, Ақыл таппай жүрдiм мен. Қайғы түстi басыма, Ақыл таппай болдым зар. Мақұл көрсең, жан досым, Оны iздер ойым бар. Кетпес қайғы түскенде, Кеңес тапқан досымсың. Алыстан ой түскенде, Ақыл тапқан жан досым. Бiр жыл толды танғанмын, Бұ қайғыға қалғанмын. Iздеуден бөлек ойым жоқ, Көңiлдi оң салғанмын. Жолдасым жоқ кеткелi, Дәрменiм жоқ жеткелi. Жан жолдасым сен едiң, Батпай жүрдiм айтқалы. Кетпес дертке жолықтым, Дәрменiм жоқ, жан досым. Оны iздеп өлсем де, Арманым жоқ, жан досым. Достың жауабы – Мақұл сөз, тұр, барармыз, Ақ жазғанын көрермiз. Бiз жолыңда құрбандық, Қызмет етiп барармыз. Тағдыр етсе Алласы, Шарасы жоқ бендесi. Досқа бiр iсiңiз келсе, Құрбандығы жолдасы. Ажал жетсе, өлермiз, Өлмесек, бiз келермiз. Еш шарасы болмаса, Ақ жазғанын көрермiз. Досым, сiзден қалмаспын, Жарды iздеп барармын. Мен - жолыңда құрбандық, Жалғаншы дос болмаспын. Досымен бұ екеуi мұңдасады, Ой ойлап ақыл тауып жырласады. Бұ екеуiнiң ақылын ешкiм бiлмес, Жолаушының жабдығын оңдасады. Екiсi бiр-бiрiне жандай дос-ты, Бiрiне-бiрi тауып ақыл қосты. Патшаның өзi ақылын таппай, Уәзiрi, билерi қатты састы. Досына жан жолдасы сөз салады, Жалғаннан өлмей-өтпей кiм қалады. Өлсек жардың жолында өлейiк деп, Шәрден тауып бұлар қосшы алады. Досына жан жолдасы сөз салады, Жалғаннан өлмей-өтпей кiм қалады. Шәрден бұлар кетерiн ешкiм бiлмес, Алтын менен күмiстен мол алады. Досына жан жолдасы сөз салады, Жалғаннан өлмей-өтпей кiм қалады. Екi нарға азығын артып алып, Екеуi бiр жiгiттен басшы алады. Арғымақ аттан сайлап мiнiп алды, Әкесi мен шешесi бiлмей қалды. Жолдасын, құрдасын қасына алып, Қыз iздеп Бозжiгiт онан барды. Аттанып бара жатып айтқан сөзi – Басты берген Алламыз Ризық берсе керек-тi. Дене жаратқан Алламыз Денсаулық берсе керек-тi. Жан жаратқан Алламыз Өзi сақтар бендесiн. Қайсы жерде болсақ та, Аяқ берген Алламыз Қуат берсе керек-тi. Ақыл берген Алламыз Себеп қылса керек-тi. Бiз жоқ едiк, бар қылған, Дене жаратып, жан берген, Жан бергенде нан берген, Аш болмасақ керек-тi. Жол бастаған өзiңсiң, Жан сақтаған өзiңсiң. Күн менен түн бұлар жүрдi дейдi, Шәрден-шәрге бұлар жүрдi дейдi. Әр жерде шәр көзге көрiнсе, Ат басын оған қарап бұрды дейдi. Заманнан көп замандар өттi дейдi, Шәрден-шәр сұрай-[сұрай] кеттi дейдi. Қырдағы көп шәрден жарын таппай, Дариямен кеме қылып кеттi дейдi. Заманнан көп замандар өттi дейдi, Дариямен үш-төрт айлық жол кеттi дейдi. Бар екен бiр аралда мимун шәр, Құдайым оған түсерге еттi дейдi. Мимундың батырлары айғай салды, Бәлеге бейшаралар ендi қалды. Бәрiн де бейшараның ұстап алды, Жерден қазған зынданға ендi салды. Бейшаралар зынданда тұтқын болды, Зарланып бiр Құдайға жүзi солды. Кәуiрлердiң ешбiрiнен тыныштығы жоқ, Бұлар жатқалы зынданда үш жыл болды. Бұлардың зынданда айтқан сөзi – Биiк тауға кез болдық, Өту бiзге қиын-ды. Темiр үйге қамалдық, Шығу бiзге қиын-ды. Жаман жолға кез болдық, Кету бiзге қиын-ды. Жындай елге кез болдық, Адам жүзiн көрместей. Жындай жерге кез болдық, Мұңда адам жүрместей. Мойынға құрық түсiптi, Қиналсақ та шықпастай. Саңырау елге кез болдық, Жалынсақ та ұқпастай. Рақымсыз елге кез болдық, Жалынсақ та бiлместей. Жанған отқа кез болдық, Жалынсақ та көнбестей. Бұ бәледен құтылып, Жол жүрер күн болар ма? Әке менен шешенi Көрер күнi болар ма? Бұ не құдiрет, жарандар? Бұ не мехнат, жараңдар? Патша басы құл болып, Бұ не қайғы, жарандар? Бұлар[дың] зынданнан құтылған жерi Бейшаралар сырласып мұңдасады, Қашуға жабдықтарын оңдасады. Бұ зынданның iшiнде өлемiз деп, Қашуға амал таппай жыласады. Шықтылар бұ зынданнан айла тауып, Қаштылар о шәрiден аттай шауып. Дұшпаннан құтылсақ деп қан жыласып, Түстiлер дарияға бiр сал тауып. Салменен бейшаралар жүрдi дейдi, Қашар жаққа салдарын бұрды дейдi. Жолдасының бәрi де анда қалды, Жан жолдасын бiрге алып жүрдi дейдi. Салменен бейшаралар жүре бердi, Құдай аман қылсын деп тiлей бердi. Салменен бейшаралар шығып едi, Алдынан көп керуен ұшырай келдi. Екi адам көп керуеннен келдi дейдi, Бiрiнен-бiрi сұрап бiлдi дейдi. Қараса өз елiнiң патшасы екен, Керуеннiң бәрi келiп көрдi дейдi. Керуен бәрi келiп көрiседi, Бiрiнен-бiрi сұрап бiлiседi. Ханымыздың жоғалған жалғызы деп, Керуен бәрi ендi жыласады. –Жалғызы патшамыздың, нағып жүрсiң, Сал байлап дария iшiнде ағып жүрсiң? Әке-шешең сiз кеткен соң зар еңiредi, Не жұмысқа елiңнен шығып жүрсiң? Кетiпсiң ел-жұртыңа сөзiңдi айтпай, Тағыңда патшалық орның күтпей. Әке-шешең көрмегелi төрт жыл болды, Дарияда нағып жүрсiң iсiңдi айтпай? Жiгiттiң жауабы – Көп керуен, сөз тыңдаңыз, бiз айталық, Түстегi уақытта келген жарды айталық. Жар үшiн әке-шеше үйiнен кеттiм, Жаратқан тағдырына не айталық. Түсiмде жарым зарлап «Iзде,–дедi, Үмiтiмдi таппаспын! деп үзбе,–дедi. Жаратқан Алла бiздi не қылса да, Уақытыңда өлсең де не болар?» дедi. Керуеннiң жауабы – Патшамыздың жалғызы, бiз тiлеймiз, Бас ұрып аяғыңа сөз сұраймыз. Жалғыз жүрiп жарыңды таба алмайсың, Қайтқаның мақұл екен, бiз жүрермiз. Әкеңнiң сiздiң үшiн жаны құрбан, Әр тарапта шәр жұртың болды аман. Өзiңiз бiр патшаның жалғызысыз, Жалғыз жүрiп жар iздеу заңға жаман. Мың-мың әскер сiзге жолдас болар, Шәрiне әкеңiздiң хабар салар. Құдайдың үнi сiзге бұйрық қылса, Жер жүзiнде бар болса, тауып алар. Жiгiттiң жауабы – Е, керуен, бұ сөз мақұл болмас деймiн, Бұ сөздi асық жiгiт алмас деймiн. Өлсем, жардың жолында өлейiн де, Жалғанда ешкiм өлмей қалмас деймiн. Бұ сөздi, дұшпан сөзі–алман, керуен, Өлсем дағы жолымнан қайтпан, керуен. Жарыма уәденi қылғаннан соң, Жарымның жүзiн көрмей қайтпан, керуен. Керуеннiң қайтқан жерi Керуен көп сөзiне қайрылмайды, Әуелгi өз сөзiнен айрылмайды. Онан соң көп керуеннен бұл айрылды, Деп ендi бiр-бiрiне бұрылмайды. – Бiр iс басқа түсiптi, Жүрмей көңiлiм тынбайды. Асық болған жарымды Көрмей көңiлiм тынбайды. Көп кәрiптiк көрсем де, Зар зарланып жүрсем де, Жар жолында өлсем де, Жүрмей көңлiм тынбайды. Қайғы жұтып қанбадым, Бұ жолымнан танбадым, Бұрынғыдай болмадым, Жүрмей көңлiм тынбайды. Жалғыздықта жолдасым, Жар жолында жан жолдасым. Дертiме дәрмен болмайды, Жүрмей көңлiм тынбайды. Жаным барда барармын, Тiрi жүрсем қайтармын. Өлсем сәлем айтармын, Жүрмей көңлiм тынбайды. Ендi керуен жүрсе, Әке бiздi көрмесе, Дертiме дәрмен болмаса, Арманымды айтарсыз. Разы болсын әкемiз, Сүтiн кешсiн шешемiз, Артымызда атамыз, Сәлемдi сiз айтарсыз. Бұ жолдан мен келермiн, Келмесем мен өлермiн, Өлсем сонда өлгеймiн, Сәлемдi сiз айтарсыз. Мұны ұғып көрсеңiз, Шын жолына жүрсеңiз, Құлақ салып тұрсаңыз, Жақсы екен деп айтарсыз. Көп керуен бұ жүрмесiн бiлдi дейдi, Алтын-күмiс, керегiн бердi дейдi. Патшаның баласы ендi кеттi, Таудан, тастан, дариядан өттi. Қасындағы қызметкерi жан жолдасы, Бiр заманда шәрге жақын жеттi. Бiр шетiнен шәрiнiң кiрдi дейдi, Алдында бiр үлкен үй көрдi дейдi. Үй iшiнде бiр абыз отыр екен, Кiрiп үйге сәлемiн бердi дейдi. Абыз тұрып сәлемiн алды дейдi, Бұларды көрiп таңқалды дейдi. Алыстан келген бұлар бейшара екен, «Отырыңдар» деп текемет салды дейдi. – Ойбай, жiгiттер, жолыңыз болсын,– дейдi, Көп олжа алдыңызға толсын,–дейдi. Бейшаралар, жерiңiз алыс екен, Iздегенiңiздi тауып, жолыңыз болсын,– дейдi. Бейшаралар, жерiңiз алыс екен, Мынау бiр патшаның жалғызы екен. Жерiңiз, Құдай бiлдiрсе, мен бiлермiн, Iздегенiң бақыры хан қызы екен. Таң қалып бұлар сырын айтты дейдi: – Кiм келiп хабар берiп қайтты?– дейдi. Жолымда ешбiр адам көрiнбейдi, Бұ хабарды кiм сiзге айтты?–дейдi. – Құдайым бiлдiрген соң, бiлдiм сiздi, Үш күн бұрын түсiмде көрдiм сiздi. Қарныңыз ендi сiздiң ашқан шығар, Бойыңыз ендi жатпақ, қойса сөздi. Шәрден жарыңызды iздеп қарай, Жерде кәрiп болса сонан сұрай. Жарыңыз бұ шәрiден табылмаса, Бiреуiңiз бiздiң үйге қайтып орай. Шәрге бұ бейшара кiрдi дейдi, Алланың жарлығына көндi дейдi. Бiр көшенiң iшiнде жүрiп едi, Қырық қыз босып жатыр, көрдi дейдi. Жiгiттi қыздар бұрын көрген екен, Көшемiзде екi кәрiп жүрген екен. Патшаның қызының көзi түсiп, Артынан бiраз қарап тұрған екен. – Ойбай, қыздар, бұ жiгiт кiм болады?! Әр жер қарап тұрып айналады. Шүйiншi, жарым болса, берер едiм, Көрсеңiз, не көргелi кiм барады? Хан қызының қыздарға жырлап айтқаны – Батыр ердей жүрiсi, Патша ұлындай тұрысы, Көрген түстiң түрi осы, Бүгiн келген болмасын?! Қылдан бiрдей басында, Жолдасы бар қасында, Қайғы түсiп жасында, Жар iздеушi болмасын?! Пида қылып малдарын, Құрбан қылып жандарын, Барып сұрап елдерiн, Сөз сұраушы болмасын?! Түсте көрген жарымыз, Оған құрбан боламыз, Күндiз-түнде зарымыз, Жар iздеушi болмасын?! Барып жүзiн көрiңдер, Оны сақтап тұрыңдар, Бiраз қарап тұрыңдар, Ел iздеушi болмасын?! Барып хабар алыңдар, Жүзiн қарап көрiңдер, Қайғы-мұңын сұраңдар, Жар iздеушi болмасын?! Онан хабар алғанға, Шүйiншi хабар салғанға, Алтын жүзiк гауһар тас Шүйiншiлiкке берермiн. Хан қызы асық жарын бiлдi дейдi, Қыздарға жарын айтып күлдi дейдi. Қырық қыздан екi қыз жолдас алып, Бұ жiгiттi көргелi келдi дейдi. Көшеден қыздар iздеп таппай қалды, Бұ кәрiп о жерден кетiп қалды. Қыздар келiп қараса, дәнеме жоқ, Әр жерден қарап жүрiп айналды. Ханышаға қыздар келiп хабар айтты: –Жолаушы екен оларың, кейiн қайтты. Хан қызы көп қыздарға сөз айтады: –Жарым болса, ол неге кейiн қайтты. Бозжiгiт жолдасымен кеңеседi, Әр жерден мойнын созып қарасады. Шәрiден тоны жыртық кәрiп көрсе, Ел-жұртының мәнiсiн сұрасады. –Жарымыз бар ма, жоқ па, бiр анықталық, Әйнегiн, қыздар бiлмес, бiр тыңдалық. Бұ шәрiден жарымыз табылмаса, Жолаушының жабдығын оңдасалық. Бұ кәрiп хан қызын көңiлiне алды, «Иә, Алла» деп өздерiн жолға салды. Бiр сарайдың iшiнде от жанады, Әйнектен бұлар келiп құлақ салды. Көп қыздар үй iшiнде сөйлеп жатыр, Хан қызы жарын жоқтап жатыр. «Асық жарым, жүзiн бiр көрсем» деп, Құдайдан налыш қылып жылап жатыр. Үй iшiнде айтқан сөзi:–Жетi жылдан Болдым зар, жүзiңе ынтызар, асық саған. Жарыма қосар ма екен Бiр уа Бар, Бәрi жанның-жанға қосылған. . . . . . . . . . Бiр жүрер күн болар ма, Көкiректегi көп қайғы Құтылар күн болар ма? Келемiн деп айтыпсың, Уәделерiң жалған [ба] едi. Мұнша сақтап келмедiң, Бөлек жарды алған [ба] едi. Алла қосқан жар едiң, Жарым, опа қылмадың. Жетi жылдан үйiңнен, Еш орныңнан тұрмадың. Хан қызы жылай ендi сорлы болды, Жiгiттiң көкiрегiне қайғы толды. Асық жары екенiн бiлгеннен соң, Жырын жырлап әйнектен хабар салды. –Ойбай, жарым, бiз шығармыз асық жарың, Сақтаған жетi жылдан ынтызарың. Iздегенiң бiз болсақ, асық жарым, Сөзiмiзге ендi [сiз] құлақ салың. Бәрi төрт жыл болды Жолыңда жүрген жарың. Уәде қылып түсiнде көрген жарың, Iздеген асық жарың, Келiп тұрмын, жарым, Шын болса ынтызарың. Сiздi мұнда жаратты, Бiздi онда жаратты, Бiраз зарлап жүрсiн деп, Арада дария жаратты. Шөлде жүрдiм су таппай, Көп кәрiптiк көргенмiн. Жол бастаушы бiр таппай, . . . . . . . . . Төрт жыл болдым жолыңда, Қайран болып жүрiппiн. Дария кешiп, тау өтiп, Көрмегендi көрдiм мен. Табандарым ойылып, Қолдарым сойылып, Дәулет бағым жойылып, Зар-сәргардан болдым мен. Әкемдi мен көрмедiм, Шешемдi мен көрмедiм, Үйде өмiр сүрмедiм, Бiр сен үшiн жүрдiм мен. Мен сенi iздеп жүргенмiн, Бойың түсте көргенмiн, Жаным құрбан қылғанмын, Рақым етсең керек-тi! Запырандай солғанмын, Үш жыл тұтқын болғанмын. Жүзiң көрер күн болса, Не болсам да болғанмын. Мейман болып келiппiн, Қайран болып жүрiппiн, Нұрын түсте көрiппiн, Рақым етсең керек-тi! Атым менiң–Бозжiгiт, Қасымда бар дос жiгiт, Бiр қайғылы қос жiгiт, Рақым етсең керек-тi! Шын ақиқат жар болсаң, Үйге кiрсем керек-тi, Жаным сүйген, жанарым, Жүзiң көрсем керек-тi. Қыздың жауабы – Шын ба екен, өтiрiк пе екен сөзiң сенiң, Таппаймын қайғылықсың өзiң сенiң. Түсте Алла қосқан жарым болсаң, Көрейiн, кел, әйнектен жүзiң сенiң. Бозжiгiт әйнекке келдi дейдi, Қыз қарап жiгiт жүзiн көрдi дейдi. Бетiндегi пернесiн ашып едi, Ханыша асық жарын бiлдi дейдi. Тонын киiп хан қызы қадам басты, Жүгiрiп қыздар тұрып есiк ашты. Уыстап алтын-күмiс қолына алып, Меруерт пен маржаннан шашу шашты. Құшақтасып көрiстi асық жары, Қасында қырық қыз бар қызметкерi. Қыздар тұрып алдына жар-жар айтып, Хан қызының табылды ынтызары. Қыздардың айтқан жар-жары – Әлхамду, сүре Құранның Басында-дүр, жар-жар! Пайғамбарлары Алланың Қасында тұр, жар-жар. Бiрi–меруерт, бiрi–маржан, Тiзiлiп тұр, жар-жар! Бiрi–хан-дүр, бiрi–ханыша, Жар болыпсың, жар-жар! Бiрi–тоты, бiрi–бұлбұл, Жар болыпсың, жар-жар! Бiрi – алтын, бiрi – күмiс, Түс болыпсыз, жар-жар! Бiрi – гүл, бiрi – жұпар, Хош болыпсыз, жар-жар! Бiрi – ай-дүр, бiрi – күн-дүр, Қайғырмаңыз, жар-жар! Заманақыр болғанша Айрылмаңыз, жар-жар! Бiрi – гауһар, бiрi – жақұт, Жарасып тұр, жар-жар! Бiрi – тоты, бiрi – бұлбұл, Сыр ашып тұр, жар-жар! Заманақыр болғанша, Бiр жүрiңiз, жар-жар! Сiз – ханша, бiз – қызметкер, Алла болысар, жар-жар! Жалған дүние жарасар Көп малменен, жар-жар! Малды күнге жарасар Сүйген жармен, жар-жар! Малы жоқтың жары жоқ, Төсегi жоқ, жар-жар! Жар-жар айтпақ бұрынғы Үлгiмiз бар, жар-жар! Тiрiлiкте бiраз күн Күлкiмiз бар, жар-жар! Жар-жар айтты қырық қыз ойнап-күлiп, Құлақ салды хан күңi тыстан тұрып. Қыздардың бұ ойнын есiткен соң, Жөнелдi ханға таман хабар бiлiп. Жар-жар айтып көп қыздар қызмет қылды, Бiр күңi падишаның тыңдап бiлдi. Қырық қыздың жар-жарын есiткен соң, Келдi де патша алдына жауап бердi. – Тақсыр хан, қызыңызға барып келдiм, Бiр сұмдық бар екен, тыңдап бiлдiм. Қырық қыз жар-жар айтып жатыр екен, Есiткен жамандықты айта келдiм. Бұ жар-жарын есiтiп үйге кiрдiм, Тойларын, қылған iсiн қарап тұрдым. Көп қыздар бiр той қылып жатыр екен, Екi жiгiт iшiнде, оны көрдiм. Қызыңызбен бiр жiгiт мойындасып, Жатыр-ды тақ үстiнде қойындасып. Менiң айтқан сөзiме нанбасаңыз, Қараңыз, тақсыр ханым, есiк ашып. Есiтiп хан қолына қылыш алды, Елiне ашуланып хабар салды. Көшеде көп салдаттар жиылып, Хан қызының тас үйiн қамап алды. Хан тыста ашу қылып ақырады, Үйде жатқан қызын шақырады. Үйде жүрген дұшпанды өлтiрсiн деп, Билерi тыста тұрып ақырады. Салдаттар үй iшiне енiп келдi, Таппады бейшаралар қашар жолды. Кәрiп жаннан түңiлiп бейшаралар, Алланың әмiрiне мойынсұнды. Салдаттармен екiсi ұрыс болды, Бермедi көп салдаттар қашар жолды. Бейшаралар есiкке ұмтылғанда, Аяғына таптады сегiз құлды. «Иә, Алла» деп қылышын қолына алды, Алдына кез-келгендi қырып салды. Бейшаралар тас үйден шығып едi, Тыстағы көп салдаттар ортаға алды. Өлтiрсiн деп хан тұрып жарлық қылды, Тыстағы салдаттар ортаға алды. Бейшаралар атына мiнiп алып, Жүз жиырма кiсiсiн қырып салды. Бозжiгiт жолдасымен қашып кеттi, Шәрдiң көшесiмен шауып өттi. Сақтаса Құдай Тағала, бәле болмас, Баяғы абызына аман жеттi. Ұстай алмай хан ендi әзiз болды, Жүз жиырма кiсiсi өлiп қалды. Аяғының астынан бәле шығып, Құдайым бұ бәленi қайдан салды. Ханның қызына айтқан сөзi – Ойбай, қызым, бұ не деген сұмдық,– дедi, Әкеңдi ендi қылдың мұңдық,–дедi. Қайдан азып жүргенге жолдас болып, Шәрiде кiсi жоқ па сондық,– дедi. Ойбай, балам, ер таппай сасқаның ба, Жер жүзiнде хандардың ұлы жоқ па? Қайдан азып жүргенге жолдас болып, Құлдармен шыныңменен азғаның ба? Бұ не деген басыма бәле салдың, Мұндай үлкен ұятқа қайдан қалдың? Жұртыңда сондай хандар ұлы жоқ па, Жолдан азып жүргенге қайдан қалдың? Әкесiне қыздың берген жауабы – Құлағым саңырау болғанда, Айтсаң сөзiң ұқпаймын. Қандай жақсы тапсаң да, Ештемеңдi алмаймын. Ақылым бастан кеткен соң, Ақылыңды алмаймын. Бұ бiр келген жiгiттiң Еш жолынан қалмаймын. Әкем, басымды алсаң да, Зынданыңа салсаң да, Бұ жарымнан кетпеспiн. Жүзiн көрмей қалсам да, Бiзден мақұл қыз тауып, Өз еркiнше қыларсың. Жұртынан жақсы таңдатып, Сүйгенiңе берерсiң. Бұ жарымнан басқаның Өлсем жүзiн көрмеймiн. Бұ жiгiттi көрмесем, Дертiме жоқ дәрменiм. Жүзiн көрiп өлсем мен, Дүниеде жоқ арманым. Ашуланып хан ендi жұртын жиды, Қызына ашуланып iшi күйдi. Дұшпандар тағы мұнда келмесiн деп, Әр жерге күзетшiнi әзiр қойды. – Ойбай, жұртым, ханыңыздың даты деймiн, Шәрiде дұшпанымыз жатыр деймiн. Қайдан келiп қызымды азғырыпты, Тек емес бұ бiр келген жаты деймiн. Ақылдасып, билерiм, жол табыңыз, Шәрiден бұған жиып қол табыңыз. Кәрiлiкте басыма келген бәле, Кешiктiрмей дұшпаннан кек алыңыз! Дұшпанның алып кел кесiп басын, Көзiнен ағызыңыз қанды жасын. Дұшпаннан кешiктiрмей кек алыңыз, Қоймаңыз қасындағы бар жолдасын. Ашуланып хан ендi жарлық қылды, Көп әскер дұшпанына бармақ болды. «Дұшпанымыз ұшыраса, құтылмас» деп, Шәрiге салдат, мың әскер толды. Бейшаралар абыздан ақыл алды, Хат берiп жолдасынан хабар салды. Хат iшiнде өзiнiң атын салды, Жолдасы кеттi, өзi үйде қалды. Хат алып жан жолдасы жетiп келдi, Хат ұстап хан алдына келiп едi. Хан бұ хатын ұстап оқыған соң, Дұшпанның жолдасын[ың] барын бiлдi. Қол қусырып ханға бұ сәлем бердi, Хатын берiп есiкте қарап тұрды. Хат iшiнде «ханмын» деп жазған екен, Хатын оқып хан алып жерге ұрды. –Ойбай, жұртым, бұ жiгiт сасқан екен, Құл екен, патшамын деп жазған екен. Жолдасын басшы қылып басын алың, Өзiне-өзi шұңқыр қазған екен. Бейшараны басшы қылып алып барды, Қылыштарын қынына салып барды. «Iздеген дұшпанымыз кез болды» деп, Қалдырмай батырларын алып барды. Үйден қарап ханзада бiлдi дейдi, Өлтiргелi дұшпандар келдi дейдi. Көп әскердiң дауысын естiген соң, Ер ерттеп арғымағын мiндi дейдi. «Иә, Алла» деп дұшпанға қарсы жүрдi, Жан жолдасын дұшпаннан жұлып алды. Жолдасын көп әскерден алып едi, Көп әскер бәрi ендi ортаға алды. Көп кiсi күн батқанша ұрыс болды, Шұңқыр жердiң бәрi де қанға толды. Құдай Тағала сақтаса бәле болмас, Жықты дейдi атынан үш жүз құлды. Бейшаралар өздерiн жолға салды, Көп дұшпаннан екеуi аман қалды. Алла Тағала сақтаса бәле болмас, Үш жүз кiсi дұшпаннан қырып салды. Барған кiсi бұларға қайтып келдi, Үш жүз кiсi өлгенiн айтып келдi. Құдай Тағала бұларға қуат берiп, Жықты дедi атынан үш жүз құлды. Қалған әскер әзiз болып қайтып келдi, Үш жүз кiсi өлгенiн айтып келдi. Барған кiсi дұшпанды ұстаған жоқ, Хан бiр сұмдықтың болғанын ендi бiлдi. Билерi хан алдында сөз айтады: – Ұрысып бұ дұшпанды бiз қайтелiк. Шақырып, күйеу қылып той тойлатып, Ол терiс амал қылып бiз қайталық. Билердiң бұ сөзiне бәрi көндi, Көшеде сауын айтып атқа мiндi. – Жiгiт, кәрiң, бұ тойдан қалмаң,– дедi, Ханшамыздың көңiлi ендi тынды. Ханышаға «шүйiншi» [деп] бiреу келдi, Неге айырсын ханыша сүйген жарды. – Жарыңыз[ға] «келсiн» деп хабар салың, Тойыңызда тойсын жұрттың қарны. Атқа мiн[iп] хан өзi бармақ болды, Тойыңыздың қызығын көрмек болды. Жарлық қылып жұртына сауын айтып, Сүйгенiңiз[ге] ол сiздi бермек болды. Қыз бекер өтiрiк сөзге нанады, Жарына сәлем айтып сөз салады. «Тойымызға Бозжiгiт келсiн жылдам, Күйеу қылып тойлатып сенi шақырады». Жiгiт шақырғанда тойға келдi, жiгiтке көп арақ берiп мас қылдылар, аны өлтiрерге ақыл қосқанда жолдасы қызға хабар бердi. – Көп дұшпанның iшiнде Қайрап алар жары жоқ, Сүйемiн деп толғанда, Айырып алар жары жоқ. Шын жарым деп сiз үшiн Басын бұлсыз сатар ол. Тiрiлiктiң жолында Не қылсаң да қылар ол. Сiздiң үшiн туған бiр адам Өлтiрсең де құлың-ды. Кәрiп бас[ы] кесiлсе, Сiздiң үшiн кесiлер. Кеудеден бас үзiлсе, Сiздiң үшiн үзiлер. Айтса сөзi бұл едi, Бiр патшаның ұлы едi, Мың-мың әскер аттанса, Бәрi оның құлы едi. Дүние-мүлкi бар едi, Бiр өзiңе зар едi. Сондай патша бiтiлмес, Көрiнгеннiң жары едi. Қай ерлiгiн айтайын, Қанша айтсам да таусылмас. Жалғызы едi бiр ханның, Сүйегiн жұртың танымас. Мас болғанда кәрiптiң Әлiн ешкiм сұрамас. Көп iшiнде не қылсын, Аққа мойын ұсынды, Мойын ұсынған жiгiттiң Өлер күнi болыпты. Сiзден себеп болмаса, Өлер күнi жуық-ты. Өтiрiк жардың досы емен, Менi тағы қостай бар! Бiздi бiрге өлтiрсiн, Әкенiң сөзiн қостай бар! Шын сүйген жар болсаң, Үмiтiңдi үзбей бар! Бұрынғы өткен достай бар, Достың сөзiн қостай бар! Шын көңлiңмен жар болсаң, Жарыңды тез iздей бар, Қылыш басын кеспей бар! Жарда пейiлiң бар болса, Үмiтiңдi үзбей бар! Құрбандығын жықпай бар, Дұшпаныңдан қорықпай бар, Жар қайғысын ойлай бар! Iс өткен соң пайда жоқ, Найзаларын сұқпай бар! Бүгiн еске алмасаң, Өткеннен соң тойлай бар! Дерт басқа түскен соң, Қылыш басын кескен соң, Сiз жарға мен не айтайын Кеудеден бас үзген соң. Қыздың жұртына барғаны Қыз бақыр есiткен соң тұрды дейдi, Жүгiрiп тойға таман жүрдi дейдi. Өлсем жардың соңында өлейiн деп, Сәлем берiп той үйге кiрдi дейдi. Есiктен кiрiп көпке сәлем бердi, Көп әскер түрегелiп орын бердi. Бозжiгiт мас болыпты есiн бiлмей, Өтiрiк той болғанын ендi бiлдi. Әкесi отыр екен төмен қарап, Мас жiгiттiң болмайды әлiн сұрап. Екi көзi жiгiтте көп әскердiң, Пышақ пенен қолына қанжар алып. Бозжiгiт жар келдi деп танымайды, Арақ пенен шарапқа қарыны тойды. Есi өткенiн бейшара бiлiп алып, Айналып көп әскердi бiр қарайды. Қыз бақыр бұ сұмдықты бiлдi дейдi, Әкесiне зар еңiреп келдi дейдi. Жар үшiн көп алдында тiзе бүгiп, Бастады әкесiне сөздi дейдi. Жасын төгiп алдында қыз жылайды, Бiр жар үшiн жалынып зар еңiрейдi. Жарымның жалғыз қаны қала ма деп, Мұң айтып көп алдында жыр жырлайды. Қыздың жылап айтқаны – Сәлем бердiк, әкелер, Құтты болсын тойыңыз! Көп халықты жиыпсыз, Құтты болсын ойныңыз! Шын көңiлмен той болса, Қой, қозыдан сойыңыз. Дұшпан болса арада, Азат етiп қойыңыз! Әдiл патша той қылса, Алла үшiн деп ой қылса, Бай iшiнде зарлыны Азат қылса керек-тi. Бүгiнгi күн жақсы күн, Тұтқын адам бар болса, Құтыларға зар болса, Азат етiң, жақсылар! Бұзық болса тойыңыз, Жалған болса ойыңыз, Азат қылып жалғызды, Бiз бақырды сойыңыз! Бұрынғы өткен дүниеде Кiсi сойып той қылған, Есiтпедiм, көрмедiм Мұндай жаман ой қылған. Өлiм керек десеңiз, Адам етiн жесеңiз, Бұ зарлыны құтқарып, Бiз бақырды сойыңыз! Көп iшiнде бұ өзi Аздай болған бiр кәрiп, Алып жүрген қасында Жолдасы жоқ бiр кәрiп. Сырын айтып мұңдасар, Жолдасы жоқ бiр кәрiп, Ел-жұртынан айрылған, Жарты жанды бiр кәрiп. Алла Тағала жазған соң, Кiмдер тар болмайды. Көп елiнен айрылса, Кiмдер зарлы болмайды. Мен жылаймын, тiлеймiн Әке менен шешеден, Хан қасында отырған Билер менен ағадан. Айтқан сөзге көнсеңiз, Сұрағаным берсеңiз, Кеңесi жақсы әкемiз, Сөзiм мақұл көрсеңiз. Мейман болып келгенмiн, Қалағаным берер ме?! Сүйген жардан айрылтпас, Ұлды әкеден айрылтпас! Е, жұртымның жақсылар[ы], Сiзден сұрап жылаймын, Бұ бiр келген жiгiттi Азат қыл деп тiлеймiн. Мұны азат қылсаңыз, Бар малымды беремiн. Қолыңызға су құйып, Күңдей қызмет қылайын. Қыз бақыр жарынан айрылмайды, «Жарымды азат қыл» деп көп жылайды. Хан өзi төмен қарап жердi шұқып, Қызының бұ сөзiне қайрылмайды. Ақылсыз бәрi [бiр]дей саңырау болды, Қыз сөзiн есiтпестей меңiреу болды. Әкесi мен жұртынан қыз түңiлiп, Көзiнен аққан жасқа алды толды. Жылап-еңiреп жарында екi көзi, Үй iшiнде айналып бiр қарайды. Қайда кеткен байының бар жолдасы, Көп дұшпанның iшiнде жан жолдасы. – Зар-сәргардан бiр кәрiп Әлiн бiлмес болар ма?! Жылап қызы келгенде, Көзiң салмас болар ма?! Жұрт iшiнде жалғызды Есiрiк етпес болар ма?! Көп жасаған әкелер, Билер менен ағалар, Кеңес жақсы сөзiнен Айрылмастай болар ма? Ақылсызға сөз айтсаң, Көкiрегiне қонбас-ты. Рақымсызға сөз айтсаң, Не айтсаң да болмас-ты. Көзi жоқ хандардың Саңырау болар күнi екен. Ақылы жоқ шалдардың, Соқыр болар күнi екен. Заманақыр болғанша Ашылмасын көзiңiз! Дұшпаннан жау болғанда, Шын болмасын сөзiңiз! Күнiңiз мұңды болғанда, Қайырсызға кез болыңыз! Зарлы күнге қалсаңыз, Саңырау жұртқа кез болыңыз! Малыңызды алған жоқ, Көңлiңiз еш қалған жоқ, Әкеңiздi өлтiрiп, Мойнына қылыш салған жоқ. Найза, қылыш жанға алып, Балта, пышақ қолға алып, Әкеңiздi өлтiрген Дұшпаныңыз бұ емес. Айыбы жоқ адамның Қанын төккен бұ емес. Қыз бейшара жұртынан түңiлiптi, Жарына жақынырақ үңiлiптi. Әкесi мен жұртынан дәрмен таппай, Көзiнен қанды жасы төгiлiптi. Қыздың жiгiтке берген жауабы – Ойбай, жiгiт, қуанба бұл ойынға, Шайтан кiрген қойынға. Ақылыңды жимасаң, Қылыш жетер бойыңа. Ойбай, жiгiт, мас жiгiт, Ақылыңды жи, жiгiт! Жан шығуға жетiптi, Көп iшiнде аз жiгiт. Бозжiгiтiм, көзiң аш! Әуелден қосқан жар келдi, Секiрiп тұрып есiк аш! Қылыш шаппай басыңды, Зарланып жарың келгенде, Жылап келген жарыңның Жұрты тiлiн алмайды. Қатты ер хан әкем Қызына көзiн салмайды. Жан жолдасы есiкте жылап отыр, Құдайдан аман қыл [деп] тiлеп отыр. «Хан қызынан еш пайда болмас» деп, Қыздың сөзiн есiктен тыңдап отыр. Бейшара бiлдi ендi болмағанын, Әкесi қыздың сөзiн алмағанын. «Досымның жүзiн мен көрейiн» деп, Үйге кiрдi құрбан қылып жанын. Қасына досының жақын келдi, Қыздан дәрмен болмасын ендi бiлдi. «Өлсем бiрге со жерде өлейiн» деп, Шыбын жанын досы үшiн құрбан қылды. Мас болып досына қарамайды, Ешқайсы мұның халiн сұрамайды. «Досымның құлағына жыр жырлайын, Тек отырып шығуым жарамайды». Бозжiгiтке досы жырлап айтқаны – Бiр шәрдiң iшiнде, Бiр жүргенге ұқсайсың. Қай жердiкiсiң, ойбай, жiгiт, Бiр көргенге ұқсайсың. Мен елiмнен алыспын, Әке-шеше көрмеспiн. Сен елiңде хан едiң, Әрбiр iске дана едiң. Өзiңдей болған кәрiпке Туған соң дана едiң. Билеп едiң жұртыңды, Шықпас жерге түсiпсiң. Құс құтқармас қаршыға, Жаман жолға кетiпсiң. Тiлеп болмас дұшпаннан, Бiр қорлыққа түсiпсiң. Маңдайынан тер ағып, Қайғылы [күйге] түсiпсiң. Терең жерге барыпсың, Жанған отқа түсiпсiң. Егiз туған бала едiң, Бiр күндерде зар едiң, Бiр сағат та шы[дамай]. Аман бол, жан досым, Ендi қайда көрермiн? Бұрынғыдай бiрiгiп, Ендi қайда тұрармын. Қиямет күн болғанда, Көрсем сонда, көрермiн. Қасында жан жолдасы жыр жырлады, Төрде отырған хан қызы зар еңiредi. Жан жолдасы бұ жыр[ды] есiткен соң, Көзiн ашып досына бiр қарады. Көзiн ашып бұ жiгiт досын көрдi, Қашуға қыз бен жiгiт мақұл көрдi. Дұшпанның қайла қыларын бiлген соң, Мас болған жiгiтке ақыл кiрдi. «Иә, Алла» деп атына мiнiп алды, Үйдегi көп дұшпандар тоймай қалды. Досы мен екеуi атқа мiнiп, Найза мен қылыштарын қолына алды. Хан қызы «аман-есен барың,–дедi, Он күнде әзiр болың жарым», дедi. Бұлардың қашқанын бiлгеннен соң, «Тез барып оның басын алың» дедi. Көп әскер бiр-бiрiне тығылады, Бiздерден қашса ол не қылады? Үзенгiнiң оң жағын қиған екен, Мiнемiн деп атынан жығылады. Бозжiгiт жолдасымен кетiп қалды, Артынан көп әскер қумақ болды. Сансыз әскер атына мiнiп алып, Артынан жете алмай тұрып қалды. Бар едi бiр патшаның ұлы е[н]дi, Көп едi алтын-күмiс бұлы едi. Хан ұлына қызын бермек болған, Арасы бiр айшылық жолы едi. Бiр жадияр келдi, хабар алды, Көп әскер жиып тұрған алып барды. Мың кiсi қасына жолдас қылып, Келген, көрген адам таң қалды. Хан алдына келдi де сәлем бердi, Хан келгенiн жақсы көрiп әлiк алды. «Керек күнiмiзде болдың күйеуiм» деп, Өзiнiң жанында оған орын бердi. Хан тұрып:–Балам, ендi отыр,– дедi, Қызымды уәде қылдым былтыр,– дедi. Арамызға бiр дұшпан кiрген екен, Басын кесiп сен маған келтiр,– дедi. – Тақсыр хан, рұқсат берсең мен барайын, Басын кесiп сiзге мен келтiрейiн. Атына рұқсат алып мiндi дейдi, Көп әскер менiңменен мен алайын. Атына рұқсат алып мiндi дейдi, Көп әскердiң қырылғанын көрдi дейдi. Әскерден бес жүз кiсi қайтқан екен, Алдында ашу қылып тұрды дейдi. Көп әскер: – Бiз ұрысқа бардық,– дейдi, Мың кiсi ортамызға алдық,– дейдi. Жартымызды ол бiздiң қырып салды, Күшiмiз бiздiң жетпей қалдық,– дейдi. Алдына кез келгенiн қырып салды, Өз артына жолдасын тұрғызып салды. Күшiмiз жетпей онан қашып кеттiк, Бес жүз кiсi бiздерден қырып салды. Хан баласының жауабы – Хан қызын былтыр бiзге уәде қылған, Екi хан бiр-бiрiне құда болған. Мұнша елiн қырдырып ханның өзi, Бiздi әуелде шақырмай қата қылған. Көрiңiз, сiзге қызық көрсетейiн, Оқпенен басын оның үзе атайын! Екеуiнiң бiрдей басын кесiп алып, Ханышаңызға апарып көрсетейiн. Көп әскер бiрге ендi жүрдi дейдi, Қарасын бейшараның көрдi дейдi. Бозжiгiт тасқа бiр оқ атқан екен, Тасқа оғы кезiнен батты дейдi. Бұ да ендi бiр оқ атты дейдi, Тасқа оғы ортасынан батты дейдi. Өз күшiнiң кем екенiн бiлген[нен] соң, Жұртына жарлық айтып қайтты дейдi. – Бiзден қашып ендi ол келмес,– дейдi, Бұ шәрiге ендi ол енбес,–дейдi. Ханышаңыз бiзбенен қосылған соң, Келсе де ит құрлы көрмес,–дейдi. Ханышаң жақсы көрсе, көрген шығар, Дуа оқып, басын оның бұрған шығар. Ханыша бiздi көрсе, құрбан болар, Бiздi келмес деп жүрген шығар. Көп әскер көрiсiп қашты дейдi, Өлтiрдiк деп ханышаға айтып келдi. Қыз бақыр тiрiлiктен үмiт үзбей, Сүйтсе де күннен-күнге жүзi солды. Жiгiттердiң сөзi Бейшаралар жаралы болған екен, Жан жолдасы қасынан қалған екен. Көзiн ашып қараса, тауға келдi, Биiк тау алдында болған екен. Көзiн ашып қараса, тауға келдi, Есi ауып қалғанын ендi бiлдi. Биiк таудың қасына келiп едi, Тауға бiр асып түсуге көңiл қылды. Оқ жағына қол қарысып қалған екен, Дұшпандар көп жараны салған екен. Қасында қарап тұрса, жолдасы жоқ, Бейшара бiр жерде өлiп қалған екен. Жан жолдасы бейшара өлген екен, Көп дұшпан iшiнде қалған екен. «Тiрi болса қасымда жүрмес пе едi», Көкiрегiне көп қайғы салған екен. Әр жерде жарасы бар, қан ағады, «Бұ жерде өлсем, менi кiм бағады?» Көп жарадан өлiмдi ойына алып, Екi көзден қанды жас ендi ағады. Бiр жерге атын байлап түстi дейдi, Әзiз жаннан үмiтiн үздi дейдi. Жалғандықта жанымда жолдасым жоқ, Бастады досын жоқтап сөзiн дейдi. Жiгiттiң досын жоқтап жылағаны – Тозаң басты күнiмдi, Көп әскер басты жолымды, Қайғы басты көңiлiмдi, Ашылар күн болар ма?! Кәрiптiкке түскенде, Досым маған келер ме?! Есiме алып жоқтасам, Менiң халiм бiлер ме?! Жалғыздыққа қосқанда, Бiр көрер күн болар ма?! Бұрынғыдай бiрiгiп, Бiр жүрер күн болар ма?! Артымдағы дұшпаннан Құтылар күн болар ма?! Бұ қайғылы күндерiм Ұмытылар күн болар ма?! Қарсы қарап дұшпанға, Жүрсем жолым болар ма?! Бұрынғыдай бiрiгiп, Бiр жүрер күн болар ма?! Айрылыппын, жан досым, Көрер күнiм болар ма?! Iздейiн десем дәрмен жоқ, Сенi қайдан табармын? Бiрге өлсем арман жоқ, Сенi қайдан табармын?! Досын жоқтап зар қылып еңiрейдi, «Көрмеймiн досымды» деп көп жылайды. – Биiк таудың басында бiр қарлығаш Баласына жем берiп асырайды. Қарлығаш қарлығашқа жем бередi, Қарындас қарындасқа дем бередi. Жалғыздыққа түстi кәрiп басым, Менiң бүйтiп жүргенiм кiм бiледi?! Жылағаным бiлмейдi әкем менiң, Зарлығым бiлмейдi шешем менiң. Кәрiптiкке түстi кәрiп басым, Сұрарға ешкiм жоқ менiң. Күндер бiзге бар екен бүйтiп жүрер, Зарлансам да ешкiм жоқ халiм сұрар. Өз жайымда асыраған әке-шешем, Болар ма тағы сiздi бiр күн көрер. Ағаштың басын кессе түбi қалар, Екеудiң бiрi өлсе, бiрi қалар. Жалғызың өзi өлсе, несi қалар, Мiнген ат, киген тон жатқа қалар. Барайын десем, болыпты жолым тұйық, Айтайын десем, жат елде сөзiм сынық. Не қылса да ырыс бар, шарамыз жоқ, Болмас-ты пайда кәрiптен көңiлi сынық. Жоқ болды қасымдағы жан жолдасым, Жүрмес жерге ұшырады кәрiп басым. Туған жер, әке-шеше ойға түстi, Ағады қан аралас көзден жасым. Бұ дүниенiң iшiнде өлмей қалған, Болар ма ойлағанның бәрiн алған? Бiреудiң басында қайғысы бар, Оның үшiн бұ жырды тауып алған. Жаздым мен мұңды көңiлiм ашылсын деп, Әр жерде бұ бiр сөзiм шашылсын деп. Дүниеде түрлi-түрлi адам болар, Қайғылы адам көңлi басылсын деп. Бозжiгiттiң Құдайға налыс қылғаны – Ұлылардың ұлы Құдайым сен, Келiп тұрмын алдыңа кедейiң мен. Өзiң жәрдем қылмасаң бiз құлыңа, Жалғыздыққа түсiппiн, не етейiн мен. Ойлаймын жаным мұнда алар ма деп, Мұңды басым бұ жерде қалар ма деп. Кiм өлмей қалар мұнда, жаралған соң, Қорқамын құл кебiнсiз қалар ма деп. Құдай жарлығынан қаларым жоқ, Жәрдем iздеп еш қайда барарым жоқ. Көңiлiме со бiр жерi мұң болады, Кепiл тауып көр iшiне саларым жоқ. Он сегiз мың әлемдi жаратыпсың, Тас iшiнде құрттарға жем берiпсiң. Тiлермiн жарлы құлың «Сұлтаным» деп, Жердегi адамдарға дем берiпсiң. Сенен басқа ешкiмге тiлерiм жоқ, Әлiм не боларын бiлерiм жоқ. Амалым жоқ ұшыраса өлiм ендi, Сенен басқа ешкiмнен тiлерiм жоқ. Әуелде бiз құлыңды патша қылдың, Құлыңның датын өзiң бiлдiң. Не қылсаң бiз бенде шарамыз жоқ, Азап қылсаң құлыңа ашуландың. Бейшара еңiреп Құдайға налыс қылды, Жаратқаннан басықты ендi бiлдi. Бейшара налыс айтып отыр едi, Қара тышқан алдына қарсы келдi. Тышқанды бұ бейшара ұстай алды, Өзiндей әр жерiне жара салды. Бұрынғыдан есiткен сөз бар екен, Дертiне бұ тышқанды дәркер қылды. Тышқанды жiпке байлап қоя бердi, Тышқан iздеп әр жерден шөптi жедi. Әр жерден тышқан шөптi iздей-iздей, Бiр шөп жеп қара тышқан сафа болды. Бұ тышқан о шөптi жеп алды, Шөптi жеп со жерде үгiп салды. Шөптен сол жерде үгiп салды, Жарасы сау кiсiдей бола қалды. Тышқанның жеген шөбiн тауып алды, Бiраз жеп жараға үгiп салды. Жарасының үстiне салып едi, Жарасы сау кiсiдей бола қалды. Құдай Тағала берекет берiп, дертiн жазды, Атына мiнiп жолға таман басты. Бiр күнi қатты шауып жүрдi дейдi, Шәрiнiң шетiне ендi араласты. Қалған досының сөзi Бейшара мұның досы қалған екен, Бұған да көп жараны салған екен. Көп әскердiң iшiнен досын таппай, Баяғы өз iзiне барған екен. Жетi күн досын таппай iздеп жүрдi, Қызға жарын таба алмай хабар бердi. Хан қызымен екiсi ақылдасып, Ендi келсе қашу мақұл көрдi. Қыз айтады: – Оны ап кел,– дейдi, Өлген бе, тiрi ме,оны тап,– дейдi. Бұ шәрдiң iшiнде бiр кемпiр бар, Жасырып үйiне оны ап кел,– дейдi. Жолдасы падишаны iздей жүрдi, Көп көрiнсе атының басын бұрды. Бiр төбенiң басына келiп едi, Жан жолдасы келедi, оны көрдi. Атына мiнiп досына қарсы жүрдi, Бiр-бiрiне қолдасып қолын бердi. Бiрiн-бiрi көрiсiп көңiл тынды, Атқа мiнiп екеуi шәрге барды. Бiрiн-бiрi көрiсiп көңiл тынды, «Шәрге кiрейiк» деп атқа мiндi. Жан досы қыз үйiне жаяу келiп, «Аман жарың келдi» деп хабар бердi. – Шүйiншiге тiледi ал, кел,– дедi, Қолыңа алтын жүзiк сал, кел,– дедi. Кемпiрге бес мың алтын дiлдә бермек болдым, Жарымды барып маған алып кел,– дедi. Кемпiрге бес мың алтын дiлдә бермек болдым, Жарымды барып онан көрмек болдым. Ендi мұнда келмесiн, дұшпан бiлер, Түзер ендi кемпiр бiздiң жолды. Әр жерден дұшпан бiзге көз салады, Кемпiрдiң үйiне алып барсын дедi. Кемпiрге хабар берiп уәде қылдым, Кеше барып түнде тұрмақ болдым. Хан қызы жан досына хабар қылды, Кемпiрдiң үйiне алып барсын дедi. Әр жерден дұшпан сiзге көз салады, Түзер ендi кемпiр бiздiң жолды. Шәрден бiреу мұны көрдi дейдi, Баяғы қыздың жары келдi дейдi. Бейшаралар кемпiрге келген екен, Көргендер ханға «айтам» деп келдi дейдi. Есiктен хан алдына келдi дейдi, Бiр жұмысқа келгенiн бiлдi дейдi. «Баяғы дұшпаныңыз екi жiгiт О кемпiрдiң үйiне келдi» дейдi. Билерi хан алдына келдi дейдi, Екi жiгiт келгенiн бiлдi дейдi. «Бұ дұшпаннан бiз қайтiп құтылалық», Жұртын жиып ендi кеңес қылды дейдi. Баяғы Зитун батыр бiрге келдi [дейдi], Күйеу болып шықпайды хандан дейдi. Хан қызын аламын деп қуанады, Сәлем берiп ендi үйге кiрдi [дейдi]. – Тақсыр хан, ұлықсат берсең мен барайын, Амал қылып мен оны өлтiрейiн. О кемпiрдiң үйiнен тiрi ұстасам, Алдыңа сүйреп мұнда келтiрейiн. – Ойбай, балам, оны өлтiрсең, қыз сенiкi, Боламын дұшпан кетсе досың сенiкi. Ханнан рұқсат алған соң жүред екен, Кемпiрдiң бұ үйiне келдi дейдi. Ханнан рұқсат алған соң жүрдi дейдi, Кемпiрдiң бұ үйiне келдi дейдi. Бiр қоржынға толтырып алтын берiп, Кемпiрдi ақыры алдап ұрды дейдi. – Ойбай, кемпiр, саған алтын мол берейiн, Өлгенше қызметке құл берейiн. Аналарды у берiп өлтiр, кемпiр, Өмiрiң өтпей тұрып жол берейiн. Таңертең тұрып, кемпiр, ас қыларсың, Ас iшiне у салып алдырарсың. Хан саған мұны өлтiрсең, шен бередi, Бiр қауым қатындарға бас боларсың. Ақыры жолдан кемпiр азды дейдi, Бұларға ендi шұңқыр қазды дейдi. Базардан у сатып ап келген, Таңертең кемпiр қылды асты дейдi. Бейшара бұ дәрiден iшiп салды, Жолдасы бiлмес мұны, тыста қалды. «Жолдасы жоқ, бәрiн бердiм дәрiнiң, Өлтiрсiн» деп патшаға хабар салды. Баяғы Зитун өзi келдi дейдi, Кәрiптен ендi кегiн алды дейдi. Таңертең базарда өлтiрем деп, Зынданға темiрлеп салды дейдi. Салдаттар патшаға хабар салды, Дұшпаннан ханның ендi көңлi тынды. «Қызымды мен Зитунге беремiн» деп, Жұртына «той қылың» деп хабар салды. «Хан қызын аламын,–деп қуанады, Бұ қызды менен басқа кiм алады». Бозжiгiт[тi] зынданға салғаннан соң, «Көңлi сүйер ханыша» деп ой қылады. Хан ертең жарлық қылды: – Өлтiрiң,– деп, Базарға алып келiп өлтiрiң,– деп. Дұшпанымның өлгенiн жұртым бiлсiн, Дұшпан өлiп қалғанда көңлi тынсын,– деп. Салдаттар Бозжiгiттi алып барды, Базарға ел жиылды оңнан-солды. Бейшара мас болып ақылы жоқ, Ажал ендi мұнда душар болды. Жолдасы хан қызынан қайтып келдi, Бiр сұмдық болғанын ендi бiлдi. Кемпiрдiң ашуланып жанын алды, Қылыш тұтып кемпiрдiң басын кестi. Кемпiрдiң ашуланып жанын алды, Кемпiрден қылыш тұтып қанын алды. Досымның құнын сенен алайын деп, Басын алып кескiлеп итке салды. Бейшара ендi жоқтап зар еңiрейдi, Кез келiп көрiнгеннен бiр сұрайды. Әр жерден сұрай-сұрай келiп едi, Базарда көп ел жиылып шуылдайды. Бiр жерде көп халық қарасып тұр, Әр жерден асушыны сұрасып тұр. Өлтiрушi бiр уәзiрдiң қолында тұр, Асушы тiлеушiмен тiлесiп тұр. Бiреу асамын деп жiп алып тұр, Бiреу алмас қылыш қолға алып тұр. Уәзiр менен билер тұрды бәрi, Өнер қылайық деп жарлықшы сайланып тұр. Досына жақын келiп қадам басты, Не қыларын бiлмедi, қатты састы. Жылап-еңiреп қасында тұрып едi, Бiр заманда бейшара көзiн ашты. Аяғына қараса байладылар, Өлтiруге орнын сайладылар. Төңiрегiне қараса, бәрi дұшпан, Кәрiп жан[ды] шығуға қинадылар. Оң жанында жан досы жылап отыр, Өлтiруге жұрт бәрi шулап отыр. Ажал жетсе, ешкiмнен дәрмен болмас, Иман айтып өлерiн ойлап отыр. Бейшара өлерiн ендi бiлдi, Досына «берi кел» деп бiр ым қылды. Досына құрбан едi жан жолдасы, Қасына жақынырақ ендi келдi. Аузын ашып досына сәлем айтты: – Тiрiлiк те ендi, досым, бiзден қайтты. Ажал жаннан бейшара түңiлген соң, Елi менен жұртына сәлем айтты. Бозжiгiт[тiң] досына жырлағаны – Ойбай, жан досым, жақынырақ кел, Арызым саған айтайын, Сенен басқа досым жоқ, Сырым кiмге айтайын. Қаршыға құстың қанаты Қайрылысар күн болады, Амандасып досымен Айрылысар күн болады. Бiр күн қалмас досынан Қайрылысар күн болады. Е, жан досым, жақын кел, Ажал бiзге жетiптi, Көп дұшпанның iшiнде Дәрмен бiзден кетiптi. Бүгiннен соң, жан досым, Ендi сiздi көрмек жоқ. Бұрынғыдай бiрiгiп Ендi бiрге тұрмақ жоқ. Бұ жерден сiз қайтыңыз, Жұртқа сәлем айтыңыз! Жалғызыңның сөзi деп, Бiзден сәлем айтыңыз! Қаршыға құстай қондырған, Қасымда сүйiп отырған, Дидарыма тоймаған, Жалғызым деп ойлаған, Мұңды қалған әкеме, Зарлы болған шешеме, Әкем менен шешеме Сәлем айта көрiңiз! Бала шешеден тумақ бар, Бұйрық болса тұрмақ бар. Ажал жеткен адамға Артық өмiр сүрмек жоқ. Қанатынан қайрылған, Жалғызынан айрылған, Қайғы[сы] көп шешеме Сабыр қыл деп айта көр. Кiмдi балам дер ол, Кiмдi мен деп сүйер ол? Бiз есiне түскенде, Жанған отқа күйер ол. Күйгенiне кез болсаң, Сабыр қыл деп айта көр! Басымдағы бөрiгiмдi Мұңды қалған әкеме, Қолымдағы жүзiктi Зарлы болған шешеме Өз қолыңнан бергейсiң! Көңлiн[е] ұнай жүргейсiң! Басымдағы бөрiктi Кимесе де ол ұмытпас, Жалғыз ұлым келер деп Ол бiздердi күтпесiн! Қолымдағы жүзiктi Өз қолыңа салғайсың, Сәлем айтты деп жалғызың Шешеме сен бергейсiң! Жалғызым деп жыласа, Көңiлiн[е] ұнай жүргейсiң! Бiз екiмiз бар едiк, Еш айрылмастай жар едiк, Бiр күн сенi көрмесек, Көрейiк деп зар едiк. Алладан пәрмен жеттi, Досым, досыңнан хал кеттi, Бұ дүниеде көрмесең, Ақыретте көргеймiз! Әке-шешеден айрылып, Бiздiң үшiн, жан досым, Көп ренжiп не көрдiң сен? Елiңе сен барарсың, Әке-шешенi көрерсiң. Бiзден хабар сұраса, Арзың айтып жыларсың. Барсаң сенi көргейлер, Қасыңа келiп тұрғайлар, Бiзден хабар сұраса, Көзi көрген жолдастар, Бiрге жүрген мұңдастар, Бiздi есiне алғандар, Бiзден мақрұм қалғандар, Бiздi көрмей қалғандар Бiзден хабар сұраса, Сәлем[iм]дi айтарсыз. Бiзден ренжiп қалғандар, Бiзден көңлi қалғандар, Көп iшiнде бар болса Разы болсын деп айтсаң. Жалғыз да өтер дүниеден, Жаман да өтер дүниеден. Дүние iшiнде арманда Зарлы да өтер дүниеден. Қонақ болған дүниеге, Кiм өлмейдi дүниеден, Сен де өтерсiң дүниеден. Досының жауабы – Айрыларың бiлгенмiн, Қорқа-қорқа жүргенмiн. Алла әмiрiне дәрмен жоқ, Мойынсұнып тұрғанмын. Шеше сүтiн ембеген, Жаннан тәттi сүйiскен, Заманақыр болғанда, Айрылмайық дескен, Жаннан тәттi, жан досым, Жаным құрбан қылсам да, Осы көптiң алдында Сiздiң үшiн өлсем де, Көп дұшпанның iшiнен Құтылмастай күн болды. Басқа түскен iсiмiз Ұмытылмастай күн болды. Жаннан тәттi, жан досым, Көп күн бiрге жүрмедiм, Бүгiннен соң ақыры Ендi сiздi көрмедiм. Сен өлсең, мен қайтармын, Арзым қайтiп айтармын, Әкең шықса алдымнан, Не деп жауап айтармын? Шешең шықса алдымнан, Не деп жауап айтармын, Алдымда тұрып зарланса, Не деп жауап айтармын? Әке менен шешеден, Малы менен баладан, Кiмдi айырмас бұл өлiм? Ойбай, бейшара досым, Медет тiле Алладан, Маған да келер бұл өлiм. Бозжiгiттiң өлген жерi Бейшаралар мұңдасып көп тұрыпты, Арызын айтып екеуi мұңдасыпты. Базарда жиылған көп жамағат Бұлардың сөзiн естiп жыласыпты. Бiр заманда уәзiрi келдi дейдi, Бейшаралар өлерiн бiлдi дейдi. Салдаттар алдына әзiр тұрып, «Қылышпенен шабың» деп жарлық қылды. Өлтiрерге мұны байладылар, Қылышын өткiр қылып қайрадылар. Салдаттар қылышпенен шауып едi, Өтпедi, қылыш жанды қинадылар. Уәзiрi: – Өткiр қылыш келтiр,– дейдi, Кешiктiрмей мұны тез өлтiр,– дейдi. Бетiндегi пердесiн ашып жауып, Патшаның көңлiн шапшаң тындыр,– дейдi. Бетiнде қыл пердесiн сойып алды, Жалаңаш мойнына қылыш салды. Бетiнде алтын айдар тұлымы бар, Көрген адам бұларға таң қалады. – Тек кiсi емес деп ойлап едiк, Көп кiсi ортаға алып сөйлеп едiк. Қайтейiк, залым патша тiл алмады, Өлтiрме бейшараны, қой деп едiк. О жерде Зитун батыр ақырады, Әрбiрiне «өлтiрiң» деп шақырады. Хан жарлығын бұзуға әлiң бар ма, Салдаттарға «шабың» деп ақырады. Салдаттар басын үзе шаба алмады, Ылажын өлтiруге таба алмады. Өлтiрем деп қинапты әзiз жанды, Салдаттар тiлiн бiр алмады. Бозжiгiттiң жауабы – Ойбай, әскер, бiзге жаман сөйлемеңiз, Қылыш етiм кесер деп ойламаңыз! Табанымның астында алмас қылыш Алып шабың, жанымды қинамаңыз! Кеудемдi ешкiм менiң үзбес деймiн, Өз қылышым болмаса, кеспес деймiн. Жанымды алсаңыз да қинамай ал, Тағдыр қылса Тәңiрiм бұзбас деймiн. Бейшараның етiгiн шешiп алды дейдi, Кеудеден шауып басы[н] үздi дейдi. Алты бүктеп салған алмас қылыш Бiр шапқанда мойны[н] үздi дейдi. Әзiз басы қиналып жерге түстi, Ақ жүзi жарқырап жерге түстi. Қасында жан жолдасы жылап отыр, Досынан айрылып үмiт үздi. Зитун батыр: – Ол оңбасын,– дедi, Дарға байлап жоғары асың,– дедi. Жұрт iшiнде өлгенi мәлiм болсын, Хан-ханшаның көңiлiн бассын,– дедi. Кәрiп басын дарға асты дейдi, Жұрт бәрi жылап онан қашты дейдi. Ханға жұрт «өлтiрдiк,– деп айтып келдi,– Құтылдық дұшпаннан, көңлiмiз тынды» дейдi. «Той қылың» деп жұртына жарлық қылды, Патшаның өлгенiн жұрт бiлдi. Қыз бақыр бұ iстен ессiз ақыл, Мал сойып той ендi қылды дейдi. Бейшара ол шәрде өлiп қалды, Досы оның қиынын көрiп қалды. Дарға басын асқанын көргеннен соң, Жылай-жылай бейшара талып қалды. Айхай, дүние, е, дүние, Кiмге опа қылдың сен?! Ескендiрдей патшаны Өз қойныңа алдың сен! Неше-неше шаһариар Еңiретiп алдың сен! Фахр ғалам Мұқамбет, Оны тағы алдың сен. Алып-алып тоюың жоқ, Еш те бiрiн қоюың жоқ, Қасымда жүрген жан досым, Бүгiн тағы алдың сен, Ажал жетсе өлгеймiн! Қарашаш сұлудың сөзi Қыз сақтайды жолдасы келе ме деп, Келiп бiзден бiр хабар ала ма деп. Қыз үйiне жолдасы келмеген соң, Қыз қорықты бiр сұмдық болды ма деп. Кемпiрге хан қызы келдi дейдi, Кемпiр өлiп жатыр, көрдi дейдi. Үйiне жылай-еңiрей қайтып келдi, Бiр сұмдық болғанын бiлдi дейдi. Бәрiн де қырық қыздың қасына алды, Шәрден жарын iздей жүрмек болды. Түн iшiнде қай жерде дауыс болды, Әйнектен бәрi келiп құлақ салды. Бiр жерге келсе көп жұрт той тойлайды, «Осында болар» деп қыз ойлайды. Әр әйнектiң түбiнде жыр жырлайды, Жарын жоқтап бейшара зар еңiрейдi. Қарашаш сұлудың әйнектен жырлағаны – Түйе келiп боздайды, Ботасы оның жоқ па екен?! Бота көздi Бозжiгiт Бұ ойыңда жоқ шығар? Сиыр келiп мөңiрейдi, Бұзауым деп жылайды. Бейшараның бұзау[ы] Бұ ойыңда жоқ па екен? Қойлар келiп маңырайды, Қозысы үшiн аңырайды. Бейшараның қозысы Бұ ойыңда жоқ па екен? Жылқы келiп кiсiнейдi, Құлыным деп iздейдi. Бейшараның құлыны Бұ ойыңда жоқ па екен? Бұлбұл құстар сайрайды, Қызыл гүлi жоқ па екен?! Қызыл жүздi Бозжiгiт Бұ ойыңда жоқ па екен? Әйнектен бейшара жыр жырлайды, Үй iшiнде жамағат жыр тыңдайды. Еш адам хан қызы деп ойламайды, Бейшара әркiмге бiр еңiрейдi. Көп iшiнде бiр адам бiлдi дейдi, Бейшара хан қызы екенiн көрдi дейдi. Бейшара жарын жоқтап жүрген екен, Әйнектен жарын жырлап жауап бердi. – Түйелер келiп боздайды, Ботасы оның жоқ шығар. Бота көздi Бозжiгiт Бұ ойыңда жоқ шығар. Жылқы келiп кiсiнесе, Құлыны оның жоқ шығар. Құлын көздi Бозжiгiт Бұ ойыңда жоқ шығар. Сиыр келiп мөңiресе, Бұзау[ы] оның жоқ шығар. Бұзау көздi Бозжiгiт Бұ дүниеде жоқ шығар. Қойлар келiп маңыраса, Қозысы оның жоқ шығар. Қозы көздi Бозжiгiт Бұ ойыңда жоқ шығар. Бұлбұл құстар сайраса, Қызыл гүлi жоқ шығар. Қызыл жүздi Бозжiгiт Бұ ойыңда жоқ шығар. Бозжiгiттiң тұлғасы Жаралағанға ұқсайды, Дүниенiң дәулетi Тұл қалғанға ұқсайды. Жарыңнан хабар сұрасаң, Қайтпас жерге кеткен ол. Есiтiп бұ сөздi қыз жылап келдi, Әкесiнен қыз басын сұрап келдi. «Әкем менiң аң аулай барған екен, Сауға бер, әке» деп еңiреп келдi. –Естiп пе ең, ойбай, ата, Аң аулай кетiпсiң, Өлтiруге батыпсың, Қалың шеңгел iшiнен Бала сұңқар атыпсың, Жақсы көрген қызына Бiр сауғаны қимай ма? Тұзақ құра жатыпсың, Бала киiк атыпсың. Атып алған аңынан Бiзге сауға бермей ме? Жақсы көрген қызына Бiр сауғаны қимай ма? Атқа мiнiп шығыпсың, Дұшпаныңды жығыпсың, Дүние ендi кең қалды, Өлмес хабар ұғыпсың. Бiр күн, әке, жыларсың, Көппен дұшпан боларсың, Iс өткен соң пайда жоқ, Әкем, дерттi боларсың. Ойлағаның бiлдiм мен, Сенiң түрлi ойың бар, Бiреуге бiздi берер ойың бар, Жұрт iшiнде тойың бар. Темiр алтын болмас-ты, Бақыр күмiс болмас-ты. Еркiм бар деп iс қылма, Қызың тiлiн алмас-ты. Күйеу қылған Зитунның Сыртын алтын қылсаң да, Iшiн күмiс қылсаң да, Өз жарымдай болмас ол. Алтынға жүнiн боясаң, Қарға сұңқар болар ма?! Қанатына қан жақсаң, Сұңқар қарға болар ма?! Жақсы көрген кiсiңдi Қорға қосып келтiрсең, Тамам жұртқа бiлдiрсең, Өз жарымдай болар ма? Күйеу сүйiп той қылдың, Қызың тiлiңдi алар ма? Бозжiгiттiң сүйегiн Мың Зитунға бермеспiн. Өз жарымның моласын Алтынды үйге бермеспiн. Сондай жарды тапсаң да, Еш те қабыл көрмеспiн. Ақылы жоқ әкемнiң Қылған iсiн қайтейiн? Өлген жарым көрмесем, Тiрi жүрiп қайтпаспын. Хан[ның] қызына берген жауабы – Жылама, қыз, жылама, Ел iшiнде жақсы көп. Елден-елге жүрейiн, Сенi оған берейiн! Тiлiм, балам, қайырма, Сүйгенiңше қылармын. Алтынды отау тiктiрiп, Қызметшiлер қоярмын. Басымдағы тәжiмдi, Астымдағы тақтымды, Қызым, саған берермiн. Арғымаққа мiнгiзiп, Мың құл, балам, берермiн. Мың түйеге жүк артып, Мың күң, балам, берермiн. Дүние жүзi кең, балам, Тауып алып бiр жақсы, Сүйгенiңе берермiн. Мал жақсысын аларсың, Сүйгенiңге жетерсiң. Бұзба, балам, ойыңды, Құп түзерсiң бойыңды. Хандардан хат келедi, Бәрi сенi сүйедi. Тоты құстай жiгiттер Бәрi сенi тiлейдi, Сенi алсам деп жылайды. Шақырып алып тұрғызып, Жүзiң, балам, көргiзiп, Көп қайғырма, жан балам, Сүйгенiңе берермiн. Қарашаш сұлудың сөзi – Балаң көңлi қалған-ды, Арбасаң да болмас ол. Нұр жiгiттi келтiрсең, Оны да қабыл көрмес-тi. Сүйектерiм сынған соң, Сыласаң да болмас ол. Жүрегiм жанып күл болды, Су құйсаң да сөнбес ол. Басым жерге тиген соң, Көтерсең де болмас ол. Көңiл құстай ұшқан соң, Қайтып қолға қонбас ол. Сүйген жарым кеткен соң, Не қылсаң да болмас ол. Iшiм мұзға толған соң, Жүрегiм тас болған соң, Iшiм еш те бiлмес ол. Арғымаққа мiнгiзген, Мың құлыңды нетейiн? Құл қызметi өткен соң, Күңге қызмет қылдырмай, Өзiм iсiмдi қылармын. Алтынды отау қылғанша, Жерден мола қылармын. Басыңдағы тәжiңдi, Астыңдағы тақтыңды Қолыма ұстап нетейiн? Таққа отырар кiсiм жоқ, Мал жақсысын нетейiн? Малды алар кiсiм жоқ, Елден-елдi аралап, Тапқан жақсыны нетейiн? Өз тапқаным кеткен соң, Өзге жарды нетейiн? Бiзден соңғы қызыңды, Қысыр қалған биедей, Елден-елдi аралап, Елден жақсы көрiнсе, Оған оны берерсiң. Бейшара қыз жылай-еңiрей сөзi бiттi, Әкесiнiң қасынан зарлап кеттi. «Өлсем жарым жолында өлейiн» деп, Бiр заманда шәрге жақын жеттi. Бiр заманда дарға асқан көрдi басты, Бiр көрсе есi ауып жерге түстi. Есiн жиып қанды басын қолға алып, Қан аралас ағызды көзден жасты. – Қайран басың, хан басың, Кесiлгенге ұқсайды, Басы жоқ кеудеден Үзiлгенге ұқсайды. Кеудең қанға былғанып, Аяқ-қолың шылғанып, Кебiнiң жоқ, көрiң жоқ, Жерде жатар ер ме едiң?! Қанға басың былғанып, Бүйтiп жатар ер ме едiң?! Құмға былғап басыңды, Көзден аққан жасыңды Жерге ағызар ер ме едiң?! Кеукер басың, хан басың, Алтын жүзiң былғанып, Дараға асылар ер ме едiң? Жұртыңда сен хан едiң, Әрбiр iске дана едiң. Дұшпандардың қолына Мұндай болар ер ме едiң?! Қарақаттай көздерiң, Қызыл гүлдей жүздерiң, Балдан тәттi сөздерiң, Бiр көруге зар болдым. Айтсам сөзiм жетпес-тi, Қайғың естен кетпес-тi. Алыс жолға кетiпсiң, Шақырсам да келмессiң. Өз жолыңда кетiпсiң, Зар қылсам да бiлмессiң. Сiзден дүние өтiптi, Мен де артыңнан өтермiн. Сен алдымда болмасаң, Бұ дүниенi не етермiн? Қайғың кетпес өлгенше, Күнде жылап жүргенше, Бұ қайғыны көргенше, Бiрге болсам керек-тi. Бейшара қыз дүниеден құры қалды, Торқаға қанды басын орап салды. Үйiнен алтын-күмiс қолына алып, Жарына там тұрғызу ойына алды. Қасына жүз жиырма құлын алды, Алтын менен күмiстен мола салды. Барғанын хан қыздың бiлген[нен] соң, Жұртына «жиылың » деп хабар салды. Жұртына: – Қыз қасына барың,– дедi, Неғып жүр қызым менiң бiлiң,– дедi. Қызымның бiр күнде көңiлi сүйер, Қызымның қыл дегенiн қылың,– дедi. Көп әскер қыз қасына келдi дейдi, Болғанын там тұрғызып көрдi дейдi. Қыз бұлардың келгенiн жақтырмады, Әскердiң бәрi қайтып жүрдi дейдi. – Қызыңыз там тұрғызып болған екен, Шәрден зергер жиып алған екен. Бұ шәрде сондай үй табылмас, Алтын менен күмiстен салған екен. Хан қызын көруге ұялады, Шешесi «жалғызым» деп зарланады. Қасына бiр-екi адам қосшыға алып, Шыдай алмай шешесi бiр барады. Қызына жақын келiп белiн буды: – Ойбай, балам, бұ күн саған қайдан туды? Құдай қосқан жарыңнан зар еңiретiп, Ақыл[ы] жоқ әкеңге не қан жауды?! Ақыл[ы] жоқ әкеңге айтсам тiл алмады, Дұшпандардың сөзiнен еш қалмады. «Қызыңды жылатпа» деп айтып едiм, Қанша айтсам да тiлiмдi еш алмады. Ұялғаннан қасыңа келе алмадым, Әкеңнiң еш ақылын бiле алмадым. «Обалың әкеңе,– деп зар еңiрейдi, Бiздi үйде, сiздi мұнда ойламады». «Обалың әкеңе деп зар еңiрейдi, Бiздi үйде, сiздi мұнда ойламайды». Қыздың қасында жасын төгiп, Көкiрегiнде ойлаған арызын айтты. Қызына жылап ханым мұңын айтты, Қылыпты әкең саған құрбан айтты. Баласы шешесiне қарамайды, Ұялып шешесi үйге қайтты. Қыз ендi там тұрғызып болды дейдi, Iшiнен бекiткендей қылды дейдi. Қасында қырық қызбен амандасып, Дала, жер көз жасына толды дейдi. Қарашаш сұлудың сөзi қыздарға жылаған – Жар-жар айтқан жар-жарым, Аман болың, қош болың! Бiзге өтер күн болды, Сiзден кетер күн болды, Аман ендi, қош болың! Бiзге өтер күн болды, Жар үшiн өлер күн болды, Сiзге қалар күн болды. Бiзден ренiш алғандар, Бiзден көңлi қалғандар, Ойыңызға алғайсыз, Риза болың, достарым! Бұрынғыдай боларсыз, Сүйген жарға барарсыз, Ойнап-күлiп жүрерсiз, Аман болың, достарым! Торғайға жем табылар, Ауруға ем табылар, Басыңыз жас, достарым, Сiзге де күн табылар. Бiзден дүние өтедi, Тiрiлiк ендi болмас-ты, Бұ жалғанның iшiнде Ешкiм өлмей қалмас-ты. Менiң үшiн жыламаң, Мендей бiр қыз табылар, Тiрiге жар табылар, Өлгенге жыр табылар. Менiң жарым өтiптi, Бұ жалғаннан кетiптi, Кел десем де келмес ол, Зар қылсам да бiлмес ол, Шын жарымнан қалғам жоқ, Жалған жарға барғам жоқ, Бұ дүниеде қалғам жоқ, Аман болың, достарым! Қыздар[дың] Қарашаш сұлуға жырлап айтқаны – Әуел Құдайдан тiлеймiз, Екiншi сiзден тiлеймiз, Бiраз сабыр қылыңыз! Арызымыз бар, сұраймыз, Бiраз тiрi тұрыңыз, Бiраз дәурен сүрiңiз! Жетiм болмаса шешеңiз, Бiр қат жүзiн көрiңiз. Жолдастарың артыңда-ай Қозыдай шулап қалмасын! Әке-шешең артыңда-ай Түн-күн еңiреп қалмасын! Алтын бiзге кең сарай Жерге құлап қалмасын! Қырық қыздың қанаты, Сiз боларсыз санаты, Қанатымыз қайырма, Өзiңден бiздi айырма! Сiздiң үшiн ел-жұртың Ботадай боздап қалмасын! Дүниеден үмiт үзбесiн, Түгенiңдi бұзбасын, Алтын отау кеукерiң Жат қолында қалмасын! Меруерт пенен маржаның Әркiмге олжа болмасын! Қайт, жанымыз, қайт-сана, Бiз бақырды зар қылмай, Қайт, жанымыз, қайт-сана! Қарашаш сұлудың сөзi – Бiреуге ажал келсе, Не қылсаң да болмас ол. Жан алушы келгенде, Айтсаң тiлiң алмас ол. Қанша жасқа келсең де, Дүние iшiнде қалар ол. Дүниенiң дәулетi Дүние iшiнде болмас ол, Артыңдағы дәулетiң Әркiмге олжа болар ол. Әке-шешең қасыңда Зар еңiреп қалар ол. Жан алушы келгенде, Кiмнiң тiлiн алар ол? Әкеден де кетермiз, Шешеден де кетермiз, Ажал келсе амал жоқ, Бұ жалғаннан өтермiз. Қатты дертке жолықтым, Дәрi iшсем де тiрiлмен, Ендi айтар сөзiм жоқ, Сөзiм қалар, өзiм жоқ, Ажал жетсе тұру жоқ, Аман болың, достарым! Бейшара қыз жылай-жылай тамға кiрдi, Тiрiлiктен өлгенiн жақсы көрдi. Там есiгiн iшiнен бекiткен соң, Өз iшiне өзi бұл пышақ ұрды. Қабірінде қыз жарын құшақтайды, Өзiн-өзi пышақпен пышақтайды. Сыртында қырық қыз сақтап отыр, Хан қызы тысқа шықпай ұзақтайды. Хан қызы жарыменен қосылыпты, Әзiз жаны кеудеден үзiлiптi. Әкесiне жұрт хабар айтқаннан соң, Қылған хан тойы ендi бұзылыпты. Хан есiтiп жұртынан жылап келдi, Шешесi бетiн жыртып еңiреп келдi. Тамам жұрт бұ хабарды есiткен соң, Өлген кiсiнiң моласына бәрi келдi. Жыласа да iс өтiп қалған екен, Екi жалғыз дүниеден барған екен. Ханым «мұндай боларын бiлмедiм» деп, Өз бетiн өзi тырнап жыртқан екен. Тыста тұрып хан қызын шақырады, Жұртына есiк аш деп ақырады. Ханым ашуланып патшасына, Iс өткен соң бұ ендi не қылады? Көп әскер там есiгiн бұзды дейдi, Бетiн ашып көрдiлер қызды дейдi. Құшақтасып жатыр екi жалғыз, Көрген соң үмiттерi[н] үздi дейдi. Хан қыздың қасында зар еңiрейдi, Өз қолын өзi тiстеп жұлқылайды. Ханым патшасына ашуланып, «Бар сұмдық өзiңнен» деп жылайды. Хан жылай-еңiрей үйiне қайтты, «Сыртынан там тұрғыз» деп жарлық айтты. Сықылын бұ баланың бiлмедiм деп, Жұртының бәрi жылап көңiл айтты. –Сымбатын көргеннен соң қайтпадыңыз, Алтын айдар тұлымын айтпадыңыз. Сымбатын көргеннен соң сұмдық қылсам, Сонда менiң мойныма айып тағыңыз. Ханым ханға: – Мақұл болдың,– дейдi, Жалғызыңды өлтiрiп тындың,– дейдi. Ендi артыңда қосқан кiм қалады? Өле-өлгенше аманат алдың,– дейдi. Жалғыз қызың өлтiрiп тындың,– дейдi, Молаға жанын алып қойдың,– дейдi. Алдыңда қуанышың кiм болады? Тiрiлiкте тұқымыңды жойдың,– дейдi. Бейшара хан айтты: – Бiлмедiм,– деп, Өлтiрерге базарға кiрмедiм,– деп. Сақалын жұлып патша көп жылайды, «Бейшараның сымбатын көрмедiм» деп. Моласына хан келiп жұрт жүргiздi, Алтын мола сыртынан там тұрғызды. «Бейшара, жалғызым» деп хан жылайды, Жылағанмен өлгенiн кiм тiргiздi. О арманда өтiптi, бұл арманда, «Бiлмедiм» деп жылайды хандар мұнда. Алладан тағдыр келсе шара болмас, Дүниеден өтiп кеттi бәрi арманда. Екi асық бiрге өлiп қалды, Әкесi жұртын жиып мола салды. Бозжiгiттiң бетiн құшып жан досы, Дос[ы] үшiн жан досы талып қалды. Дос[ы] үшiн бейшара көп жылайды, Құдайда[н] «иман қыл» деп көп тiлейдi. Досым маған аманат берiп едi, Тапсырмай өлсем о қалай дейдi. Жiгiттiң жырлағаны – Мен қайтуға ой қылдым, Кiмменен жүргеймiн, Кiмдi досым дегеймiн? Сен есiме түскенде, Кеткiм келмес қасыңнан. Жыласам да пайда жоқ, Көзден аққан жасымнан. Менiң сенсiз iшкен ас Қызыл қанға ұқсайды. Қайтайын десем жұртыма, Қайғың аяқ тұсайды. Көптен ендi айрылған Қаздай болып қалдым мен. Көп елiнен айрылған, Аздай болып қалдым мен. Ботасы өлген түйедей Ендi боздай қалдым мен. Құлыны өлген биедей Ендi кiсiней қалдым мен. Жаның Аққа тапсырдым, Жарың бiрге қасыңда. Жалғыздыққа жылаймын, Көп қайғы бар басымда. Өлейiн деп ойласам, Аманатың бар қойнымда. Жүрейiн деп ойласам, Жалғыздық бар мойнымда. Аманатың тапсырып, Тiрi болсам келермiн. Жаннан тәттi жан досым, Жолыңда мен өлермiн. Құтылдыңыз дүниеден, Екеу болып бiрленiп, Жолдасына[н] айрылып, Досың қайтты зарланып. Досының үйiне барған жерi Бейшараның сөзi ендi бiттi дейдi, Жұртының жөнiн сұрай кеттi дейдi. Құдай сақтаса бендеге бәле болмас, Аман-есен жұртына барды дейдi. Алдында бiр-екi адам көрдi дейдi, Жеткен соң жақын, сәлем бердi дейдi. Екi адам өз елiнiң [адамы] екен, Амандасып бiрге ендi жүрдi дейдi. –Жалғыз жiгiт, атыңды бермен айда, Сенiң бiзге келгенiң болды пайда. Сiздердi iздеп шыққан көп кiсi едiк, Жалғыз жүрсiң, қасыңдағы досың қайда? Жiгiттiң жауабы – Құдайым жалғыздыққа салды,– дейдi, Жан жолдасым жылай-еңiрей қалды,– дейдi. Құдайым тағдыр жетiп алған соң, Жан жарымнан айрылып қалдым,– дейдi. Екеуi бұ хабарды есiттi дейдi, Шәрге алып мұны жүрдi дейдi. Жалғыз шәрге кiргеннен соң, Жұрт берi келiп мұны көрдi дейдi. Бастады жiгiт көпке сөзiн дейдi, Ағызып екi көзден жасын дейдi. «Жалғызын хан естiсе өлер» дейдi, Ханға барып айтуға састы дейдi. Жиылып көп билер кеңеседi, «Жалғызы патшаның» деп мұңдасады. Бiр ақын бар екен жұрт iшiнде, Жырменен бiлдiруге оңдасады. Ақын мен жан досын алып жүрдi, Көп билер сәлем берiп ханға келдi. Жалғызының жан досын көрiп едi, Хан ханыммен орнынан жылап тұрды. –Жан жолдасың, жалғызым қайда?– дейдi, Күйiп iшiмiз, жалын болды,– дейдi. – Балаңыз жарымен кейiн қалды, Той болар, үйдiң iшiн сайла дейдi. Балаңыз сүйгенiмен кейiн қалды, Жалғызыңыз бiзден хабар салды. Әкемiз бiз барғанша жұртын жиып, Аямай сойсын дейдi тойға малды. Бейшара хан мен ханым уанады, Мал сойып жиылғанға той қылады. Кәрi ақынды билер алдына алып, Жырлауға жырын ендi ой қылады. Билер: – Ақын, жырың жырла,– дейдi, Жалғызы ханның келер, ойла,– дейдi. Бүгiнгiдей той болмас, хан естiсiн, Жалғызы[ны]ң тойын тойлап жырла,– дейдi. Хан ханыммен: – Жыр жырла,– дейдi, Осындай мұнан соң қайда?– дейдi. Қолдарына ап келiп ат пен шапан, Ақынға сыйлап оны байла,– дейдi. Хан алдында кәрi ақын жыр жырлайды, Айтқанын құлақ салып көп тыңдайды. Жыршының сұрасаңыз есімін ендi, Ақылы бар адамдар мұны аңдайды. Жыршы[ның] бастаған жерi – Көптi көрген кәрi мен, Бiраз жырды жырлалық! Аспандағы торғайдай Алдыңызда сайралық. Үй iшiнде отырған Құлақ салың, жақсылар, Бұ жалғаннан пайда жоқ, Тақта болың, жақсылар! Кәрiңiздiң сөзiнен Ыбрат алың, жақсылар! Кәрiлердiң ескi сөз, Еске алмай жүрмеңiз. Ғалымдардың көздi сөз, Көңiлге алмай жүрмеңiз. Кәрiлердiң қайыр сөз, Бұрынғыдан қалған сөз. Ғалымдардың әдiл сөз, Пайғамбардан қалған сөз, Құдайдың досылар, Көңiлiне алған сөз. Дертiмiзге дәрмен жоқ, Қайғысызда арман жоқ. Дертке пайда болмаса, Жаратқаннан пәрмен жоқ. Мiнген аттан ер қалар, Тапқан ерден мал қалар. Ер басына күн туса, Сүйген жардан ол қалар. Патшалардан тақ қалар, Мергендерден жақ қалар, Ер басына күн туса, Дүниенiң бәрi жоқ қалар. Ғалымдардан хат қалар, Ұсталардан жат қалар. Ойлап тұрсаң, жақсылар, Бұ жалғаннан кiм қалар? Темiршiден тат қалар, Жүрген жерде жол қалар. Көрген жерде сол қалар, Байларыңдан бұл қалар. Қатын болса тұл қалар, Тапқан ерден мал қалар. Алтын-күмiс бұл қалар, Иттей шулап таласып, Кiм көрiнген сол алар. Үйiң болса бос қалар, Ойнап жүрген дос қалар. Туғанмын деп қуанба, Туған өлер күн болар. Өлген жанның бәрiнен Сұрау сұрар күн болар. Малым көп деп қуанба, Малды көрмес күн болар. Алтынменен жер толса, Көзiн салмас күн болар. Бiр өзiңнен басқаны Көңiлге алмас күн болар. Тiлдiмiн деп қуанба, Тiл байланар күн болар. Күшiм бар деп ойлама, Күшiң кетер күн болар. Дүниедегi құлдардың Көзiн салмас күн болар. Балам бар деп қуанба, Бала да қалар күн болар. Ғалыммын деп қуанба, Сұрау алар күн болар. Қызыл жүзге қуанба, Сойылып қалар күн болар. Құрт-құмырсқа жиылып, Тойынып қалар күн болар. Патша едiм деп ойласаң, Ескендiр мен Сүлеймен, Олар да өткен дүниеден. Балам көп деп ойласаң, Жүз қырық баланың әкесi Адам өткен дүниеден. Малым бар деп ойласаң, Малы сiзден көп шығар, Қарын өткен дүниеден. Күшiм бар деп ойласаң, Қаһарман мен ол Әли Олар да өткен дүниеден. Шешенмiн деп ойласаң, Неше-неше шешендер Сөйлеп өткен дүниеден. Неше-неше төрелер, Неше-неше жақсылар Жылап өткен дүниеден. Хан алдында кәрi ақын жыр жырлайды, Сөздiң түбiн ханға бұрады ендi. Жырлаушы бұ жерге келгенiнде, Хан бiр тұрып, орнына бiр отырды. – Ақыным, жақсы екен жырың сенiң, Өлiм айтып шығады кәрiң сенiң. Жырыңның өне бойы өлiм екен, Бiзге қарай таяды кәрiң сенiң. Жыршының жауабы – Тақсыр хан, өлiм айтпай не айтайын, Бұ жерде ажал жетсе, мен қайтейiн?! Адамның ақыр-соңы өлiм деген, Шын айтсам, оны айтпай не айтайын?! Жаралған соң кетермiз, Бұ жалғаннан кетермiз. Басқа, өзге өлiм ақ, Жылай-еңiрей кетермiз. Тағдыр таусылар болған соң, Шарамыз жоқ, не етермiз? Әмiр келсе Алладан, Мойын ұсынып жатармыз. Дүние шiрiп күл болып, Қара жер боп бiтермiз. Елден бұрын туған ол, Белiн берiк буған ол, Әуел келiп жол ашқан, Тәңрiменен сөйлескен Адам едi әкемiз, Хауа ана едi шешемiз, Бұ дүниеде пайда жоқ, Олар да өткен дүниеден. Топан су тасқанда, Таудан-тастан асқанда, Әр жануардан алып ол, Кеме iшiне салып ол, Аман-есен қалып ол, Нұх пайғамбар өткен дүниеден. Намруд отқа атқанда От iшiнде жанбады, Шын сөзiнен танбады, Жалғыз ұлын Ысмайыл Пышағын қынынан алып, Мина тауына апарып, Құрбан шалған Ыбырайым, О да өткен дүниеден. Он екi ұл iшiнде, Тұтқын етiп жатқызып, Рахмат еттi Алласы, Мысырдың болды патшасы, Жетпiс жылдың соңында-ай Жүзiн көрдi әкесi, Ақыр өмiр хан болып, Жүсiп өткен дүниеден. Жердiң жүзiн алған ол, Түрлi шәр салған ол, Күншығысқа барған ол, Күнбатысты көрген ол, Әдiл туған хан едi. Жан өлiмге жеткенде, Жердiң жүзi бұзылып, Күннiң көзi тұтылып, Мәңгi су таба алмай, Жиырма тоғыз жасында Ескендiр өткен дүниеден. Дәуiт ұлы Сүлеймен, Дүниеде хан болған ол. Жердiң жүзiн алған ол, Алтын таққа мiнiп ол, Аспаннан ұшып ол, Мың қатынды құшып ол. Құдай Тағала жол берген, Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жалғыз оған ұл берген, Бала үшiн арманда, Жер жүзiне хан болып, Сүлеймен өткен дүниеден. Неше-неше жар алған, Хандар өткен дүниеден. Ыбырайым мен Ысмайыл Зәкария мен Зұлғұпыл, Қабыл мен ол Абыл, Олар да өткен дүниеден. Көзсiздердi көргiзген, Аяқсызды жүргiзген, Жығылғанды тұрғызған Әулие өткен дүниеден. Құдай әмiрiмен аспанға ұшқан, Алла Тағала[ға] ашық-ты, Аузынан от шығарып, Жалаң аяқ, жалаң басы, Екi көзден ағып жасы Диуаналар өткен дүниеден. Мың түйеге жүк артқан, Жүз атқа пұл артқан, Алтын тақта отырған, Алтын менен күмiстi Жердiң жүзiн толтырып, Малдан зекет бермедi, Құдай әмiрiн қылмады, Мұнша байлық әлiмен Иман ислам таба алмай Қарын өткен дүниеден. Әуелi де Мұқамбет, Ақыры да Мұқамбет, Он сегiз мың ғаламның Фахыры да Мұқамбет. Үмбетiне зар жылап, Жарлылық деп көп тiлеп, Үмбетi үшiн әкесiн, Тiлемедi шешесiн, Құдайдан жарлық келгенде, Құрбан етiп баласын, Он сегiз мың әлемдi Оның үшiн жаратқан, Пайғамбарымыз Мұқамбет О да өткен дүниеден. Жүз жиырма төрт мың пайғамбар, Мұқамбетке шариарлар, Отыз үш мың сахабалар, Олар да өткен дүниеден. Жер жүзiне келгендер, Мен, мен деп жүргендер, Мың жас өмiр сүргендер, Бәрi де өткен дүниеден. Хан да өткен дүниеден, Қара да өткен дүниеден, Бай да өткен дүниеден, Жарлы да өткен дүниеден, Көп де өткен дүниеден, Аз да өткен дүниеден, Жаман-жақсы айырмай, Бәрi де өткен дүниеден. Әкең сенiң–қара жер, Шешең сенiң–қара жер, Барар жерiң–қара жер, Тұрар жерiң–қара жер. Кәрi ақын бұ жерге келдi дейдi, Хан сұмдық болғанын бiлдi дейдi. Тiрiлiктен соң бәрi өлiм, Алла әмiрiне хан мойын ұсынды дейдi. Айтып жырын бұ ақын түрегелдi, Сөзiнiң түбiн ханға бұра келдi. Шығындатып жырын бұрып едi, Бiр сөз ендi айтуға тура келдi. – Жаратқанның жарындай, Хан кеткенге ұқсайды. Бүгiн көрген түсiмде Сараңдилде балаңыз О да өткенге ұқсайды. Онан соңғы бiздерге Кезек жеткенге ұқсайды. Балаңа, хан, жылама, Бiзден бұрын өттi деп, Бұ дүниеден кеттi деп! Олар кеттi әкеге, Әке менен шешеге, Сiз де бiр күн барарсыз Бұрын өткен балаға. Ажал жетпей өлмек жоқ, Алла әмiрiнен қалмақ жоқ. Ажал жетiп өлген соң, Ешкiм қайтып келмек жоқ. Тағдыр жетсе қалмақ жоқ, Ажал қойып алмақ жоқ. Ажал жетiп өлген соң, Ешкiм барып алмақ жоқ. Айтып арыз алмақ жоқ, Ұрыс-талас қылмақ жоқ, Жарлыққа күш қылмақ жоқ, Шешеден бiр туған соң, Ешкiм өлмей қалмақ жоқ. Хан бақыр жыласа да сабыр қылды, Жалғызының өлгенiн ендi бiлдi. Ханым ұлының өлгенiн есiткен соң, Бетiн жыртып, зарланып шашын жұлды. Көңiлiн кәрi ақын жыр айтады: –Бет жырттың, тақсыр ханым, не пайда-ды? Бұ өлiм бұрынғыдан қалған өлiм, Өлмесе бәрi жандар ол қайда-ды. Ажал жетiп амал жоқ, Құтылуға дәрмен жоқ. Алладан келген жарлыққа Сабырсыздан жаман жоқ. Алла әмiрi жеткен соң, Бұ жалғаннан кеткен соң, Сөйлесең де пайда жоқ. Беттерiңдi қан қылып, Жыласаң да пайда жоқ. Айһай, өлiм, айһай, өлiм, Әке менен шешеден, Қарындас пенен баладан Кiмдi айырмас бұ өлiм?! Жұртыңдағы бұйымнан, Үйiңдегi бұйымнан Кiмдi айырмас бұ өлiм?! Түйе қалар боздасып, Жылқы қалар кiсiнесiп, Жан айрылып шығады, Денеменен қоштасып. Ажал бiр күн келмей ме, Әзiз жанды алмай ма?! Не қылса да еркi бар, Қожаға құл бермей ме? Жаның сенде аманат, Денең жерде аманат. Жанды денеге тапсырып, Тергеу қылып керек-тi. Малға тексi қылмаңыз, Мал жиярмыз бергенше, Әзiз басың өткен соң, Қалған малың жатқа өлмесе, Көп малымыздан пайда жоқ, Жанға пайда болмаса, Жан өлiмге жеткенде, Ешбiр себеп қылмаса. Дүние бейiшке аманат, Алданбаңыз, жақсылар! Тергеу күнi болғанда, Зарланбаңыз, жақсылар! Бiр сағатта боларсыз, Бiр сағатта бiлерсiз, Алла әмiрiне көнерсiз. Қанша жасқа келсең де, Ақыр бiр күн өлерсiз. Мал қайғысын жемеңiз, Жалғанды көп жимаңыз. Балам өлер демеңiз, Баладан, малдан пайда жоқ, Қапыл болдым демеңiз. Қатын қалса ер табар, Ұлың қалса мал табар, Қызың қалса бай табар, Жан өлiмге жеткенде, Кәрiп басың не табар?! Мiнген атың бос қалар, Киген тоның қос қалар, Ойнап жүрген дос қалар. Мiнген атың бос қалар, Мiнуге ер табылар. Киген тоның қос қалар, Киюге ер табылар. Бүгiн тiрi кiсiңiз Ертең жерге көмiлер. Алдыңызда қара жер, Ненi алмас деп бiлесiз? Алдыңызда кәрiңiз Не көрмеген бiлесiз? Мен ойласам, халайық, Ажал, өлiм қайда жоқ, Жалғаннан пайда жоқ. Бес намазды күтiңiз, Бiр ай ораза тұтыңыз. Өлiм ақ деп бiлiңiз! Малдан зекет берiңiз, Кедейге қайыр берiңiз! Бай болсаңыз, жақсылар, Меккеге барып тұрыңыз! Ненi айтайын, жақсылар, Айтқан сөзiм алғайсыз! Жырлаушы кiм болса да, Жақсы бата қылғайсыз. Ханым, сөзiм алыңыз, Аман-есен болғайсыз. Алладан келген жарлыққа Қатты сабыр қылғайсыз. Бiр-екi күн қонақсыз, Өздерiңiз бiлгейсiз. Қиямет күн болғанда, Жерге халық толғанда, Сонда сен де барғайсыз, Ұлың анда көргейсiз. Иманды құл ұжмақта, Имансыз құл тамұқта, От iшiнде зарланып, Азап көрер күн болар, Иманды құл ұжмақта, Сегiз қабат ұжмақта. Ол әке мен шешенi Көрiп, қосылар күн болар, Балаңды анда көргейсiң. Иманды болсаң ұжмақта Балаңменен жүргейсiң, Түрлi-түрлi нығметте Өлмей, дәурен сүрерсiң, Құдай кешсе күнәңды, Кең сарайда тұрарсың. Кәрi [ақын] ендi айтып жырын болды, Үй iшiне жиылып қатын толды. Ханымның көңiлiн аулай келiп едi, Баласын жоқтап ханым дауыс қылды. Белiн буып жалғызын жоқтап едi, Жүрегi есiткеннен талып қалды. Жалғызын жоқтап ханым зар еңiредi, Бейшара ханым бала үшiн көп жылады. Ханымның баласын жоқтап зарлағаны – Бауырымның парасы, Екi көзiм қарасы, Жаным сүйген жан балам, Сенi қайда көргеймiн, Кiмдi балам дегеймiн?! Сен есiме түсiпсiң, Нешiк шыдап жүргеймiн?! Алыс жолға кетiпсiң, Айтпай кеттiң сырыңды, Көрмей қалдым жүзiңдi, Бұ не болды, жан балам? Сүймей қалдым жүзiңдi, Алыс жолға кетiпсiң, Айтсам сәлем жетпес-тi. Жаннан тәттi, жан балам, Қайғылы iсiң кетпес-тi. Қарап үйден таппасам, Қайдан сенi табармын? Сенi қайдан iздейiн, Кiмдi сен деп иiскейiн? Сенен басқа, жалғызым, Көз көрерiм жоқ едi. Сенен басқа бiздерге Еркелерiм жоқ едi. Жалғыз едiң, бiр едiң, Мың қайғыға жыр едiң, Ендi қайтiп жүрейiн, Жүзiң қайтiп көрейiн, Ендi кiммен жүрейiн, Ендi кiммен тұрайын?! Сен есiме түскенде, Қайтiп өмiр сүрейiн?! Ашыққанға ас берген, Кәрiптерге ас берген, Дос үшiн бас берген, Жақсы менен жаманды Тегiс бiлген жалғызым, Сенi қайдан табайын? Мұңды болған әкеңдi, Зарлы болған шешеңдi, Бұзық болған көңiлiн Кiм аулайды, шырағым? Даладағы малдарың, Үйiндегi құлдарың, Алтын-күмiс бұлдарың Кiм қорғайды, шырағым? Арғымақ пенен тұлпарың, Лашын менен сұңқарың, Қаршыға мен тұйғының, Иесi жоқ болғанда, Кiм ұстайды, шырағым? Малың келiп шуласа, Жұртың таппай жыласа, Әкең-шешең келiп еңiресе, Iздей қайдан табайын? Бота қалды түйесiз, Жұртың қалды иесiз, Әке-шешең баласыз, Iздей қайдан табайын? Әуелгiде кеткенде, Сырыңды бiзге айтпадың, Жолда керуен көргенде, Қайт десе де қайтпадың. Iздегенiң алдында, Жүргiзбедiм, жалғызым! Мың кiсi барып жiберiп, Тiлеп едiм, жалғызым. Перзент үшiн Тәңiрiге Жылап едiм, жалғызым! Берiп едi тiлектi, Мұңды құлым көрсiн деп, Зарлап ендi өлсiн деп. Кәрiлiкте әкеңнiң Еңiрей күнi болды ендi. Жалғыз қалып шешеңнiң Зарлар күнi болды ендi. Екеу болсаң, шырағым, Өлмес едi бiреуiң. Кiм қолында өлсең де, Қылмас па едi сұрауың?! Құдай несiн салмады, Тұқым бiзден қалмады. Кәрi күнде қор болдық, Дертке дәрмен болмады, Ендi қайтiп жүрейiн, Жүзiң қайда көрейiн?! Жалғыз ұлдан айрылып, Кiммен өмiр сүрейiн?! Көз алдымда бар болсаң, Көрмес пе едiм ұлымды?! Өлген жерде бар болсам, Өлмес пе едiм, құлыным?! Жат жұрттардың iшiнде Қайтiп жүрдiң, шырағым? Дұшпандардың қолында Қайтiп жүрдiң, шырағым? Жұртың алмай қасыңа, Бәле келдi басыңа. Құрбандығың болмас па ем Көзден аққан жасыңа. Шырағымды сөндiрдiң, Дұшпаныңды тындырдың, Шешеңдi жалғыз қалдырдың. Бұ не қасiрет, жарандар, Бұ не қайғы, жарандар?! Көкiректегi жанған дерт, Күннен-күнге терең дерт. Көңiлiм ендi тынбас-ты, Сөнген шырақ жанбас-ты. Жалғызымның хабары, Көңiлiм ендi тынбас-ты. Жұртым, ендi аттаның, Жалғызыма барайын! Жетiм болмаса жалғызым, Моласын барып көрейiн! Көрсем, көңiлiм тынар ма, Қасында аз күн тұрайын! Жетiм болмаса, жарандар, Жырлап көңiлiм ашайын, Үш-төрт кiтап шығарып, Мұңдыларға шашайын. Мұңды адам есiтсе, Бiраз көңiлi басылар. Бейшара болмаса, Бұ сөз қайдан табылар? Әрбiр шамның уақтында, Қалам алдым қолыма, Бұ сөздердi жазғанша, Тәңiрiм салды ойыма. Мұңды ыбрат алсын деп, Өлсем, сөзiм қалсын деп, Сөзiм оқыған адамдар Бiзге бата берсiн деп. Мұңсыз бiр Құдай тұр, Әр бенденiң мұңы бар. Ыбрат алмақ кiтаптан, Шариғаттың жолы бар. Дәлелi жоқ бiр кiтап Ыбрат үшiн жазылды. Мұңды адам есiтсе, Қайғылы көңiлi басылды. Жалғызбын деп жылама, Жалғыз да өтер дүниеден, Көңiлiң кетер дүниеден. Жарлымын деп жылама, Жарлы да Құдай бендесi. Жалғандағы ешкiмге Малы болмас жолдасы. Жарлылық жаман iс болса, Пайғамбарың тiледi. Дүние, қайрат бiрге қыл, Деп тiледi Пайғамбар. Бенде жарлы болса да, Құлдық қылса керек-тi. Пайғамбарым сөзi бар, Оны бiлсе керек-тi. Мың жыл бұрын байлардан Бұрын кiрсе керек-тi. Құлшылық, тәубе қылғанда, Алла болсын ойыңыз. Аз өмiрде пайда жоқ, Ұжмақ болсын орныңыз. Аз өмiрде алданып, Қиналып мал табарсыз, О малға алданып, Құдай құлшылығын қоярсыз. Шайтан түссе кеудеге, Малға қашан тоярсыз? Бiзге бермес о малың, Артыңызда қаларсыз. Малды жисаң арамнан, Түбiнде сен өлерсiң. Зекетсiз мал арам-ды, Бiреуге олжа болар ол. Кiтапты еске алмайсың, Құлағыңа салмайсың. Зекет, қайыр бергенде, Құдайды ойға алмайсың. Соқыр малың қайырға Бергенмiн деп тұрасың. Көрiнгенге мақтанып, Аузыңнан еш алмайсың. Жасың жүзге жетсе де, Өлiмдi ойға алмайсың. Қайырыңда пайда жоқ, Малдан зекет бермейсiң. Қара жерге кiргенше, Жаман жолдан қалмайсың, Алланы ойға алмайсың. Намаз, ораза болмаса, Мүмiндерге пайда жоқ. Бiр күн тергеу боларсың Құлшылығың саналып, Таразыға саларсың. Таразыда кем болса, Оны қайдан аларсың? Пайғамбарлар алдында Ұялып қор боларсың. Жанған оттың iшiнде Түрлi азап көрерсiң. Иманды өтсең дүниеден, Ұжмақ таман барарсың. Құдай бетiн көрерсiң, Сансыз құлдар қасында Өлмей дәурен сүресiң. Ханымның баласын iздей барғаны Ханымның жарлығын жұрт бiлдi дейдi, Жиылып әскер он мың болды дейдi. Хан, ханым жалғызын көремiн деп, Жасанып аттарына мiндi дейдi. Көп әскер күн-түн тынбай жүрдi дейдi, Қырық күнде шәрiге келдi дейдi. Бұларды көрiп хан қорқады, Бұ әскер қайдан пайда болды дейдi. Бұларға елшi қылып кiсi салды, Елшi келiп бұлардан хабар алды. Баяғы жалғыз жiгiт әкесi екен, Көрген елдiң бәрi де таң қалды. Хан қорқып жұртыменен атқа мiндi, Келген хан алдына қарсы келдi. «Ажал Құдайдан, себебi бiзден болды», Айыбын мойнына алып арыз қылды. –Тақсыр хан, ажалы оның бiзден болды, Не қылса да бендесiне Алла салды. Ақылсыздықпен бұ iстi қылып едiк, Өкiнiп жұрттың бәрi жылап қалды. Алдыңда айыбымыз бар, арыз қылдық, Атқа мiнiп алдыңызға қарсы келдiк. Қолыңызға қылышыңыз ұстап тұрсыз, Не қылсаңыз да, айыбымыз бар, мойын ұсындық. – Балама Тәңiрiм тағдыр қылған шығар, Себебi оның сiзден болған шығар. Тергеуiң ақыретте болсын сенiң, Аллаға қылған iсiң аян шығар. Ханыңыз: – Кештiм, хан!– деп, атқа мiндi, Бұ хан кешкен соң көңiлi тынды. Көп әскер шәрiге кiрiп барды, Бозжiгiт моласына келдi дейдi. Хан, ханым моласына жақын келдi, Үйге енбей ханым сыртта дауыс қылды. Есiгiн ашайын деп қадам қылды, Аша алмай жұрттың бәрi әзiз болды. Жалғызын жоқтап ханым зар жылайды, Жалғызын есiк ашып зар еңiрейдi. Моласында зар еңiреп тұрды дейдi, Бала үшiн қайғырып көп жылайды. Ханымның жылаған жерi Он ай сенi көтерiп, Емшегiмдi емiзiп, Тәттi тағам жегiзiп, Асыраған шешең - мен. Шешең тұр қасыңда, Зар жылайды басыңда, Көрмес жерге кетiпсiң, Тұр кел, балам, тұр-сана, Мұңды шешеңдi көр-сана, Халiмдi бiр сұра-сана, Саған келдiм көргелi, Бет-аузыңнан сүйгелi, Артымда кiм қалады, Құлыным кiм болады?! Сенi ойлап зар қылсам, Көзiм қанға толады, Айһай, балам, е, балам! Кiмдi балам дегеймiн, Кiмменен жүргеймiн, Жүзiң қайда көргеймiн? Ұқсам едi сөзiңдi, Көрсем едi жүзiңдi, Жылап шешең келгенде, Бiр көрмейсiң, жан балам, Ботасы өлген түйедей, Боздай келдiм, жан балам. Қырық күншiлiк кең жолда Iздей келдiм, жан балам. Алла өзi берген-дi, Ажал жетiп алған-ды, Шешең жылап қалған да, Жыласа да не қылсын? Алла әмiрiне көнгенде, Зарлап шешең қалғанда, Көрер күнi болғанда, Бiр көрермiн, жан балам! Баласын жоқтап ханым талып қалды, Жылап-жылап бұ ханым үмiт үздi. Ханымның қайта жылап қайтқаны – Айһай!
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.