Kazakh
Қисса хазірет Жүсіп аләйһиссалам илән Зылиханың мәселесі
Бисмиллаһир рахманир рахим
Бастаймын «бисмилла» деп Тәңiрiм атын,
Жақсылар, айып етпе жазған хатым.
Құдайым һәм пайғамбардан сөз бастасам,
Қалай терiс болады насихатым.
Құп тыңлап бұ сөзiмнен мағына алған,
Көңiлiне фаһим әйлап, қайғы салған.
Таңда махшар күнiнде пырақ мiнiп,
Ұжмақтан хор қызымен орын алған.
Хазiретi Жүсiптен сөз бастайын,
Басқа сөз арасына һеш қоспайын.
Кәламда аты мәшһүр – Жүсiп сыдық,
Мақтамай, шамам келсе тастамайын.
Атасы Жақып нәби сушы болған,
Жәбiрейiл оларға елшi болған.
Бабасы – Халилолла Ысқақ нәби,
Болады расул Алла тап солардан.
Мұхаммед расул Алла – Құдай досты,
Артық-дүр бұ ғаламнан оның нәсiлi.
Екi жаһан тұтқан қақпасын,
Шек келтiрген оларға жарамас-ты.
Расул Алла – жаһанның паналары,
Биiк дәрахт саялы, бек шырын миуалары.
Кәлима шаһадатны жары қылған,
Шапағат, үмiт қылар жанның бәрi.
Басшысы Әбубәкiр шаһариардың,
Құрметiн тұтқан ғарда пайғамбардың.
«Сыдығым» деп ат қойған хақ Пайғамбар,
Шыншылдығы жете алмас баршалардың.
Жар болған онан соңы әдiл ғұмыр,
Расулның шариғатын қылған хабар.
Төрт мың төрт жүз мәсжиднi бина қылған,
Бұларны мадақтаған сауап табар.
Молда Оспан – төрт жардың үшiншiсi,
Олармен тең келмейдi һешбiрiсi.
Құранды жамиғ қылған, қате қылмай,
Артық-дүр көп адамнан мәртебесi.
Андан соңыра лә фата иллә Әли,
Дiнсiзге үстем қылған тәңiрiм оны.
Лә сайфу иллә зұлпықар деп мәшһүр қылған,
Жiгiттер, ендi олардай адам кәнi?
Перзентi пайғамбардың – екi жiгiт,
Серкесi мұсылманның дiнге келiп.
Жiгiттiкте дүниядан жаннат барды,
Хасен, Хұсайын сұрасаң – екi шаһид.
Олардан көп әулие кейiн [болды],
Құдаға олар құлдық туғры қылды.
Хазiрет имам ағзам онан кейiн,
Көндiрдi шариғатқа талай елдi.
Оларға Рахман Ием рахматы мол,
Баспаған тiрлiгiнде һеш қисық жол.
Құдай артық жаратқан сол ерлерден,
Мен ғарiп медет тiлеп, көтердiм қол.
Иләһи, өзiң баста туғры жолға,
Қаламды «бисмилла» деп алдым қолға.
Өлең қылып аударған бұ кiтапты,
Жүсiпбектi, иә, Алла, өзiң оңла.
Сиындым медет тiлеп, иә, Зүлжалал,
Тауфиқ берiп, һидаят жолыңа сал.
Өзi надан, ақылсыз Жүсiпбектi,
Жамиғ пайғамбарлар, қолына ал.
Мен құлыңа рахмат қыл, Қадiр Мәула,
Саламат қыл қатерден, дiнiм сәуле.
Жарандар, құлақ салып, тыңлап тұрғыл,
Хазiрет Жүсiптен қалған қолы.
Келiптi бұ жаһанға Жүсiп нәби,
Атасы Жақып нәби – Хақ хабибi.
Ыбраһым халилдiң зүрияты,
Бабасы Ысқақ сушы – дiн табибi.
Раст қисса бұ сөзiм өңге сөзден,
Кәламда, кiтаптарда көрдiм көзбен.
Тыңлаған жан көз жасын тия алмайды,
Болмаса шыны-рас дiннен безген.
Көңiлiме тауфиқ бергiл, бiр Құдайым,
Не болса да бiлесiң өзiң жайым.
Жүсiп нәби қиссасы ендi келдi,
Жоқты-барды көп сөйлеп не қылайын.
Келгенде он бiр жасқа Жүсiп нәби,
Жақып сушы қасында ұйықтап едi.
Ғажайып ұйқысында бiр түс көрiп,
Тағбирын атасынан сұрай келдi.
Натаким Құранда бұйырды қаулаһу Тағала: Инни раай-ту ахада ашара каукабан уашшамса уал қамара раайтуһум ли сәжидина
– Әй, ата, түсiмде толған ай мен бiр күн көрдiм,
Он бiр жұлдыз қасында бiрге көрдiм.
Он бiр жұлдыз ол айға сәжде қылды,
Тағбирiн, ата, сiзден сұрай келдiм.
Қаулаһу Тағала қала: – Йа, бунаййа, лә тақсус руйака ала ихуатика файакиду ләка кайдан.
– Әй, ұғылым, бұл түсiңiз – мүбәрак түс,
Құдайым берер сiзге нығмет уа күш.
Саған ғиззат уа рифғат қылар Сұбхан,
Һешкiмге бұ түсiңдi айтпағыл һеш.
Күншығыс, күнбатысқа кетер атың,
Алланың көрерсiңiз ғинаятын.
Ғаламға сенiң атың мәшһүр болар,
Көрерсiз пайғамбарлық рисалатын.
Менiм айтқан тiлiмдi алғын, балам,
Сұбханыңа хамд, сәна айтқыл, балам.
Естiсе ағаларың күндер сенi,
Хорлық көрiп жүрерсiң, нанғыл, балам.
Басыңа бақыт, дәулет қонар екен,
Он бiр ағаң қызметкер болар екен.
Патшалық, пайғамбарлық бәрi сiзге,
Құдайым нәсiп қылып, келер екен.
Жорыды Жақып нәби былайша деп,
Атасының жауабын тыңлады бек.
Он ұғылымен туысқан бiр қыз мұны
Ағаларына айтады есiтiп кеп:
– Ағалар, Жүсiп iнiң түс көрiптi,
Бiр айға он бiр жұлдыз сәжде қыпты.
Сiздердi оған қызметкер болады деп,
Атаңыз құп жорыды естiдiм,– дептi.
Шайтан айдап келтiрген әлгi қызды,
Естiдi ағалары қыздан сөздi.
Күншiлiк құсалар iшке сыймай,
«Қызметкерi қыла ма,– деп,– баршамызды».
«Ол Жүсiп патша болса бәрiмiзге,
Қатты ар, намыс iс қой айтар сөзге.
Тоқалдың ұғылы бiзге патша болса,
Таяқпенен түртедi көзiмiзге.
Жүсiптi оңашаға шақыралық,
Рас па екен ол түсi бiз сұралық.
Әгар ол түс көргенi рас болса,
Жүсiптi не қылсақ та өлтiрелiк».
Жүсiптi ағалары шақырады,
Оңаша үйге ертiп апарады.
«Түс көрдiң бе, қарағым, Жүсiпжан?» деп,
Жалынып ағалары қылды зарды.
Көп жалынып сұрады ағалары,
Жүсiпке тауазуғлық қылды бәрi.
Ата сөзiн бұза алмай Жүсiп отыр,
Жалынып қайта-қайта сұрады оны.
«Бiздi дұшпан көрдiң бе жасырғаның?
Болмаса, айналайын, айтсаңшы?» деп.
«Түс көрмедiм» демедi Жүсiп сыдық,
Отырды үндей алмай, көп қысылып.
Ағаларының көңiлiн бұза алмады,
Жалған сөйлеп, мойнын бұра алмады.
Құдай шыншыл жаратқан Жүсiп сыдық,
Баян қыла бастады көргендерiн.
Жүсiп сөзiн тыңлады он ағасы,
Иаһуда едi бәрiнiң отағасы.
– Жүсiп бекер айтады жалған түстi,
Атам жақсы көрсiн деп, қылған қасы.
Атам жақсы көрсiн деп, айтқан өзiн,
Атам рас бiлдi ғой жалған сөзiн.
Жалған сөзiменен атамды рәсуа қылар,
Онан да жоғалтайық мұның өзiн.
Атамыздан тiлелiк мұны барып,
Бiздерден жақсы көрер атам ғарiп.
Бiздердi жақсы көрер онан кейiн,
Мұны өлтiрсек, атамнан тiлеп алып.
Атамыз оны бiзден көредi артық,
Не iс болса тұрады оған тартып.
Еншi берсе, бiздерден артық берер,
Үлкен қылып жүремiз оны қайтiп.
Сәлем берiп атасына келдi жетiп,
Қол қусырып, алдына тағзым етiп.
Арыз қылып Жүсiптi тiледiлер:
– Аңға барып келсiн,– деп,– тамаша етiп.
Жүсiпжан бiздерменен аңға барсын,
Көрмеген тамашалы жерлер көрсiн.
Аққан су, тау, ағаштар бәрiн көрiп,
Кешке жақын алдыңа қайтып келсiн.
Жүсiпжан барып келсiн бiзбен ерiп,
Таудағы дәрахтлардан миуа терiп.
Сiзге келiп, һәммасын баян қылсын,
Түрлi, алуан тамаша iстер көрiп.
Тыңлады мына сөздi Жақып нәби,
Iшiне жаман қайғы қылды әнi.
Өзi бiр жаман түстi көрген екен,
Түсiн ойлап Жақыптың күптi жаны.
Балаларына айтады: – Бiр түс көрдiм,
Түсiмде он бiр қозы бағып жүрдiм.
Бiреуiн қасқыр келiп алып кеттi,
Бұ түсiм қалай түс деп, қорқып тұрдым.
Жүсiптi мен сiздерге бере алмаймын,
Жүсiбiмдi көре алмай тұра алмаймын.
Бұл түсiмнен қорқамын жаман қатты,
Бұл айтқан сөздерiңе ере алмаймын.
Олар айтты: – Жүсiптi құп сақтаймыз,
Жүсiпсiз бiздер, сiрә, дәм татпаймыз.
Көзiмiзден Жүсiптi таса қылсақ,
Қайтiп, ата, тұзыңды бiз ақтаймыз?
Көзден таса қылмаймыз Жүсiпжанды,
Қорқытамыз Құдайдан басқа жанды.
Қасқыр түгiл, жолбарыс, арыслан, қабылан
Қолмен ұстап аламыз талай аңды.
– Қойыңдар, Жүсiп, сiрә, аңға бармас,
Тамаша iс көрмектi ойына алмас.
Жүсiптi жiберiп отыра алман,
Қонып қалса, көзiмнен ағады жас.
Есiтедi он ұғылы мына сөздi,
Мұны естiп атасынан күдер үздi.
Жүсiптiң өзiн барып алдадылар,
– Тойға ертiп апарамыз,– дедi,– сiздi.
Жүсiпжан, бiздерменен аңға барғыл,
Көрмеген тамашалы жерлер көргiл.
Аққан су, тау, ағаштар бәрiн көрiп,
Кешке таман атаңа қайтып келгiл.
Жүсiп айтты: – Әй, ата, ауға барсам,
Далада аң, судағы құсты көрсем.
Ағалармен iлесiп тамаша қып,
Рұқсат берсең қайтедi, барып келсем.
Бәни Ысрайыл Жүсiпке рұқсат бермес,
Сағат таса қылуды рауа көрмес.
«Қой, перзентiм, барма!» деп айтып едi,
Мойнына асылып, жалынып маза бермес.
Жiбермесе, Жүсiптiң көңiлi қалар,
Қорқып тұрса, Құдайдан келдi хабар.
Үшбу сөз көңiлiне заһир болды
Иза жааль қаза аммиль басари.
Мұны ойлап Ысрайыл сабыр қылды,
Қаза келсе, үйде алып қалмас, бiлдi.
– Балаларым, Жүсiптi жiберейiн,
Күн батпай алып кел,– деп уағда қылды.
Мұны естiп қуанды балалары,
Көңiлiнiң кетер болды саналары.
Жүсiптiң де ойында һеш нәрсе жоқ,
Өлтiрмекке ант қылды ағалары.
Ол күн қонып, ертең жүрмек болды,
Жақып нәби Жүсiбiн бермек болды.
Кейiн «Құдай, кешiр» деп, тәубе қылсақ,
Обалын жүре барып, көрмек болды.
Таң атқан соң, орнынан тұрды бұлар,
Атасына барғалы жүрдi бұлар.
Жақыпқа сәлем берiп, қол қусырып,
– Кәне Жүсiп, бергiн,– деп, тұрды бұлар.
– Құп, балалар, Жүсiбiм барсын,– дедi,
Көзiнен Ысрайылдың жас төгiлдi.
Басын жуып, Жүсiптiң шашын өрiп,
Ыбраһымның сәлдесiн басына орап.
Түрлi асыл киiмдер киiндi ендi,
Көзiне сүрме тартты, шашын тарап.
Ысқақ нәби кемерiн белiне буып,
Жүсiптi алып шықты жолға қарап.
Түрлi, алуан Жүсiпке азық бердi,
Жақып сушы құшақтап зары қылды.
– Аманат Жүсiп жаным сiздерге,– де[дi],
Күн батпай, үйге қайтып әпкел,– дедi.
Ренжiтпеңдер Жүсiптi, менi десең,
Арқалап көтерiңдер, жаяу жүрсең,– [дедi].
Түзiк бата беремiн, балаларым,
Күн батпай, Жүсiбiмдi алып келсең.
Жүсiптi олар ертiп алады ендi,
Атасы жол аузында қалады ендi.
Жүсiптiң Дина деген қарындасы,
Зар жүгiрiп Жүсiпке барады ендi.
– Қызым, қайда барасың?– деп атасы айтты,
Неге жылап жүгiрдiң, жаным?– дептi.
Атасының тiлiне бұрылмастан,
Жүсiптi қуып жетiп, кейiн тартты.
Дина айтты: – Жүр, аға, үйге,– дедi,
Жылаудан басқа сөздер сөйлемедi.
Өзi төрт жаста едi, ғарiп Дина,
Жүсiптiң қолын ұстап жiбермедi.
Дина берi тартады, олар әрi,
Динаға қарамайды оның бәрi.
Қолын ұстап шырқырап тұрғаннан соң,
Арқалап алып қашты ағалары.
Тiлi анық шықпаған Дина ғарiп,
Атасына жылайды, қайтып барып.
– Түсiмде он қасқыр кеп Жүсiбiмдi,
Қолымнан алып қашты, тартып алып.
Атасы мұны естiп, зары ағлар,
Өкiнiп, бергенiне қайғы қылар.
«Қайран Жүсiп, перзентiм, аман бол!» деп,
Қызын алып, үйiне жөнелдiлер.
Жүсiптi бұлар алып белден асты,
Жүсiпке сол арада қылды қасты.
Азықтарын Жүсiптiң төгiп тастап,
Ендi өзiн өлтiрмек боп ақылдасты.
Жүсiптi сүйреледi жолдан шығып,
Рауил деген бiреуi ұрды шыбық.
Етiгiн шешiп алып, жалаң аяқ,
Жаны ашымай айдады, көздi жұмып.
Бұлардың қас қылғанын Жүсiп бiлдi,
«Ағалар, не жаздым?» деп зары қылды.
«Не күнәһым бар, ағалар, айтыңыз?» деп,
Ғазиз Жүсiп оларға көп жалынды.
Олар айтты: – Түс көрдiм дедiң жалған,
Атам сенi инанып, қасына алған.
Жалған сөзбен атама жақсы көрiнiп,
Сол сөзiңнiң жазасы саған салған.
Ғазиз Жүсiп жылады аяғы ауырып,
Шаршады шөлдеген соң, демi құрып.
«Ағалар, шаршадым» деп жылап едi,
«Сөйлеме!» деп, ақырды басқа ұрып.
Жүсiптiң тұщы етiне өттi таяқ,
Тым болмаса ұрмады бiреуi аяп.
Қамшыдан қорыққан соң зар жылайды,
Аяғын баса алмайды жалаң аяқ.
Жүсiп айтты: – Маған қас қылдыңдар ма?
Iбiлiстiң уасуасасына ердiңдер ме?
Шыныңмен айналайын, ағаларым,
Менiм тәттi жанымды қидыңдар ма?
Көпсiңгенiң мен болсам, өлтiрерсiз,
Мақсаттарыңды орнына келтiрерсiз.
Құдадан тағдыр болса, амалым не?
Атамды қай жауаппен нандырасыз?
Қасiретке саларсыздар Ысрайылды,
Көз жасынан қорықпастан ол залилды.
Тәңiрi алдына барғанда не айтасыздар?
Шын қорықпай, ұмыттың ба Хақ Жәлилдi?
Атама жүз мың матам салмаңыздар,
Қорқыңдар, бақытын қара қылмаңыздар.
Анам басқа болса да, атамыз бiр,
Қаным жүктеп, обалға қалмаңыздар.
Өзiм – Сыдық, атам – Жақып, бабам – Ысқақ,
Сiздерден жапа көрiп, тақатым тақ.
Мен өлсем, атам көзден қан ағызар,
Қорқыңдар көз жасынан, болмаңыз ғақ.
Мұны естiп сонда Шамғұн ашуланды,
Пышағын қолына алып жетiп келдi.
– Бауыздаймын сенi,– деп айтып едi,
Бетiне қарап Жүсiп сонда күлдi.
Шамғұн айтты Жүсiпке: – Күлдiң неге?
Қуандың ба, өлтiрем дегенiме?
Неге күлдiң, мағынасын айтшы маған?
Жалынып, жылап едiң бұрын неге?
Жүсiп айтты: – Күлгенiмдi айтайын мен,
Анық ұғып, сөзiмдi қарағың сен.
Бiр күнi үйде отырып ойлап едiм,
Құдайсыз пенде көңiлi болмас екен.
Құдiретiн көргiздi Құдай маған,
Ойлап ем «аман тұрса бұ он ағам
Қандай дұшпан тиедi маған?!» деп ем,
Сол сөзiмдi көрсеттi ендi маған.
Бұ күнде сiздер маған дұшпан болдың,
Мұны көрiп, сол сөзiме тәубе қылдым.
Алланың бұ тағдырын көргеннен соң,
Асылық қылғанымды бiлiп күлдiм.
Бiр күн үйде ойлап ем мен бiр iстi,
Мұңлық атам бейшара көрген түс-тi.
Сiздер жапа қылар деп ойламап ем,
Ақыры Тәңiрi салды мұндай iстi.
Ендi келдi атамның көрген түсi,
Жоқ сiздерге қой дейтiн һешбiр кiсi.
Бiреу тисе, жаны ашыр бауырларым,
Iнiсiне он жасар жеттi күшi.
Тәннен қуат, басымнан кеттi ақылым,
Сiздерден дүнияда жоқ һеш жақыным.
Сiздердi маған дұшпан қылғанына,
Алланың тағдырына жоқ тәдбирiм.
Мен өлген соң, мақсатқа жетер болсаң,
Тiрi жүрсем, қор болып кетер болсаң,
Сiздер үшiн жанымды құрбан қылдым,
Тәнiмде жүз мың, әгар, жаным болса.
Не қылсаң, ағаларым, разымын,
Мен жанымды аяман қажетiңнен.
Мен үшiн бәрiң бiрдей қор болмаңыз,
Бұ сөзiм анық шыным, Құдайға аян.
Ағаларым, тыңдағыл менiм сөзiм,
Жаттарға телмiрмесiн екi көзiм.
Сiздер үшiн жанымды құрбан қылдым,
Жақсы болып қайтемiн жалғыз өзiм.
Бұл сөзге Иаһуданың жаны күйдi,
Мейiрi келiп, жаны ашып бұ аяйды.
– Айналайын қарағым, бауырым-ай,
Лә тақтулу, Жүсiп[тi], сендер,– дедi.
Жүсiптi «берi жүр» деп жетеледi,
Есiркеп, етегiмен жаба бердi.
Иаһуданың Құдайым мейiрiн салып,
Мейiрi түсiп, жаны ашып кетедi ендi.
Иаһудадан ол Жүсiп көрдi шапағат,
Көңiлi оған шат болды бек қабағат.
Олардың ұрып-соққан жапасынан,
Иаһуда сақтап тұрды сау-саламат.
Өзгесi кеп: – Жүсiптi жiбер,– дедi,
Тоқтатып неге қойдың бекер?– дедi.
Өлтiрiп, ерте жайғап қалайық та,
Қарап тұрсақ, күн батып кетер,– дедi.
Иаһуда айтты: – Жүсiптi өлтiртпеймiн,
Өлмек түгiл, таяқпен бiр түртпеймiн.
Алланың қаһарынан қорықсақ керек,
Атамызды тағы да ренжiтпеймiн.
Тоғызы жауап қылды сонда тұрып:
– Сөз тыңла, әй, Иаһуда, мойның бұрып.
Ант iшiп, уағда қылған сөзiң қане?!
Ұятқа қалдық бекер қарап жүрiп.
Иаһуда айтты: – Дұрыс емес iстерiңiз,
Бұл Жүсiпке жетпей ме күштерiңiз?
Өлтiрген жан көрдiң бе бауырласын?!
Неге мұнша бұзылды түстерiңiз?!
Жақсы-жаман жаратқан Қадiр Сұбхан,
Бәрi әшкере өзiне қанша пiнһан,
Пайғамбардың шаһид қылып қанын төгiп,
Қара жүздi болармыз екi жаһан.
Құдаға бәрi мағлұм батил амал,
Мұрсалдарның ұғылы-дүр, қылма обал.
Жұмақ берiп, тамұқты сатып алып,
Жанымызға қылмалық үлкен залал.
Бұл Жүсiп – бiздерменен бiр бауырлас,
Мұныңменен, жiгiттер, болмалық қас.
Тұқымымыз өспестен құрып кетер,
Пайғамбарды өлтiрген, асла, оңбас.
Бұ өлген соң, күнәһтан таза болар,
Шаһид болып дүниядан қаза болар.
«Қарғыс алған оңбайды» деген сөз бар,
Атамыз тағы бiзге наза болар.
Мұның ұлық бабасы – Мағрұф халил,
Отқа салды оны ол Намруд жаһил.
Жетi тамұқ бiрiндей болған оттан,
Құдiретiмен сақтады Мәула Жәлил.
Онан соң мұрсал болды халил Алла,
Тәубе қылып түсiңдер туғры жолға.
«Құрбан шал» деп Құдайым айтқаннан соң,
Атасы айтқан оны Ысмайылға.
Бауыздар жерге ұғылы келген ерiп,
Атасы арыздасқан хабар берiп,
Пышақ сонда өтпеген Ысмайылға,
Соның бәрiн тұрсыздар бiлiп, көрiп.
Бiздер тағы солардың нәсiлi болсақ,
Құдаға һеш оңбаймыз асы болсақ.
Жақып сушы Құдадан қатты қорқар,
Бiздер неге қорықпаймыз ұғылы болсақ?!
Иаһуданың көрмедi сөзiн мақұл,
Құлағына кiрмедi айтқан ақыл.
Ақыреттiң азабын ойға алмады,
Насихатты тыңламас болды жәһил.
Жүсiптi тартып алды жабылып кеп,
Иаһуда жалғыз болды, өзгесi көп.
Иаһуда жалынады ендi оларға
«Туысқанның қанын көтерме» деп.
– Кел, жiгiттер, Жүсiптi өлтiрмелiк,
Бекер нақақ қанын көтермелiк.
Бiр құдыққа тасталық адам көрмес,
Көзiмiзден тасаға кетiрелiк.
«Құдыққа тасталық» деп ақылдасты,
Осы сөздi баршасы мақұлдасты.
Құдыққа тастамақшы болғаннан соң,
Зар жылап, Жүсiп көзден төктi жасты.
Фаслу сифати бири Йусуф аләйһиссалам
Ғад бiр құдықты қазған екен,
Суы шықпай, қырық құлаш барған екен.
Қырық құлаш жерге барып, суы шығып,
Адам татпас, ащы боп қалған екен.
Адам татпас, ащы боп қалған екен,
Суы келiп аузына толған екен.
Қанша жыл һеш адамзат татпаған соң,
Жылан, шаян-iшiне қылған мекен.
Бiр молда болған екен сол заманда,
Жүсiптi бiлген «Забурды» оқығанда,
«Жүсiп атты бiр көрiктi жан болар» деп,
Тамаша қып айтыпты барша жанға.
Жүсiпке молда өзi ғашық болды,
Аллаға мiнәжат қып, дұға қылды.
«Құдауанда, Жүсiптi көрсеткiл» деп,
Аллаға зары қылып тiлеп едi.
Тiлегiн Алла Тағала қабыл қыпты,
Түсiнде уахи-Илһам көрiнiптi.
«Сол құдыққа келедi Жүсiп сыдық,
Келгенiнше сол жерде күткiл» дептi.
Ол молда сол құдыққа жатты түсiп,
Құдаға тағат қылып, көңiлi өсiп.
Һәр күнде бiр анарды ауқат қылып,
«Құдай-а, келедi,– деп, – қашан Жүсiп?»
Ол заһид мың екi жүз жасқа келдi,
Дұғасын Ғазиз уәжiл қабыл қылды.
Жүсiптi сол құдыққа тастамаққа
Ағалары сүйретiп алып келдi.
Жүсiптiң белiне кеп арқан тақты,
Зар қылды ғазиз Жүсiп сонда қатты:
– Шыныңмен, ағаларым, қидың ба?– деп,
Көзiнен қан аралас жастар ақты.
Һешбiрi тыңламады Жүсiп сөзiн,
Жүсiптен құтылмаққа жұмды көзiн.
Киiмiн үстiндегi шешiндiрiп,
Жап-жалаңаш тастамақ болды өзiн.
Жүсiп онда айтады: – Ағаларым,
Көзiм нұры, сүйiктi ғазиздарым.
Тiптi ғуриян қылмаңдар, тәнiмдi ашып,
Өлтiрсең де разымын, бауырларым.
Һеш болмаса қойыңдар көйлегiмдi,
Хайуанаттар көрмесiн ақ тәнiмдi.
Әгар өлсем, үстiмде кебiн болсын,
Құдай үшiн, жалаңаш қылма менi!
Тыңламастан көйлегiн тағы шештi,
Мейiрi қатып, Жүсiптен жұмла кештi.
Белiне арқан байлап салбыратып,
Жоғары тартып тұрып, жiбiн кестi.
Жүсiп сонда бұлардан күдер үздi,
Ағалары Жүсiптен жұмла бездi.
Көйлегiн шешiп алып жатқанында,
Сөйледi Жүсiп сонда мына сөздi:
– Иләһи – Кәрим, Рахман айа Ханнан,
Ғарiптердiң үмiтi көп-дүр сенен.
Ағалардан үмiтiм үздiм бүгiн,
Рақым әйла рахматтық, Қадiр Сұбхан.
Бауырларым болдылар мейiрi тас,
Жалынар һешкiм жоқ сенен өзге.
Не қылсаң, Қадiр Алла, байладым бас.
Иаһуда мұны естiп көп жылады,
Құдадан медет о да бек тiледi.
«Бiзден үмiт үзген соң, айналайын,
Бiр Аллаға жалынды-ау» деп жылады.
Ғарiптердiң сүйенiшi Қадiр Рахман,
Фазылымен Жәбiрейiлге қылды пәрмен:
«Пайғамбарлық жiбердiм Жүсiпке мен,
«Сүйiншi» деп, дертiне болғыл дәрмен».
Ошал дауыс малаик рух аламин
Құдай артық жаратқан, бiлгiл тағин.
Жетi қат көк үстiнен ағып келдi,
Суға жетпей ұстады ол нәбиiн.
Жәбiрейiл айтты: – Иә, Жүсiп сыдық,
Құдайың сәлем, рахмат қылды тахқиқ.
Сүйiншi сұрай келдiм бүгiн сiзден,
Жiбердi Алла Тағала пайғамбарлық.
Рисалат құтты болсын басыңызға,
Өлгенше мен жолдас қасыңызға.
Ақиқат, Жүсiп сыдық, өзiң мұрсал,
Жәннаттан тағам келер асыңызға.
Жәбiрейiл екенiн Жүсiп бiлдi,
Башарат сүйiншiсiн естiп күлдi.
Хақтан рахмат хабарды есiткен соң,
Ғарiп махзин көңiлi шадыман болды.
Ол құдықтың түбiнде тас бар едi,
Жәбiрейiл тасты аузына шығарады.
Су астына тақыт қылып тасты қойып,
Жүсiп[ке]: «Тақ үстiне отыр!»– дедi.
Құдайым ол Жүсiпке рахмат қылды,
Тұрғаннан тастың үстi жұмсақ болды.
Күндiзгiдей ол құдық жарық болып,
Құдықтың һәмма iшi нұрға толды.
Алладан Жәбiрейiлге әмiр болды,
Ол Жәбiрейiл ұжмақ таба сапар қылды.
Бiр сағатта Жәбiрейiл барды дағы
Ұжмақтан хулла, тағам алып келдi.
Хулла, тондар үстiне кигiзедi,
Бейiштiң ниғматтарын жегiзедi.
Жүсiптiң нұры көкке тiреу болды,
Жүсiптi заһидқа Хақ көргiзедi.
Жүсiп сыдық қасына заһид келдi,
Заһид келiп Жүсiпке сәлем қылды.
«Мұратыма Құдайым жеткiздi» деп,
Көрiсiп хамд сәна шүкiр қылды.
Жүсiпке заһид айтты: – Қайғырмағыл,
Ағаларыңнан көңiлiңдi айырмағыл.
Сiз менiм тiлегiммен келдiң мұнда,
Қапа боп, жауыз дұға һеш қылмағыл.
Жүсiп айтты: – Кiм едiң, айт, әй, пенде?!
Тiлегiңмен келтiрсең менi мұнда.
Бәддұға қып зынданға салсаң менi,
Не деп жауап бересiң Тәңiрi алдында?!
Заһид айтты: – Кiтаптан уасифiң көрдiм,
Жүзiңдi һәм көрмекке ғашық болдым.
Мың екi жүз жыл жасаған ғұмырымның
Төрт жүзiн тағат бiрлән мұнда өткердiм.
Мұратым бүгiн менiм хасыл болды,
Шүкiр Алла, көрген соң көңiлiм толды.
Насихатын Жүсiпке айтып-айтып,
Онан кейiн заһидке ажал келдi.
Жолдасы өлiп, Жүсiп тағы жалғыз қалды,
Жалғыз қалып, көңiлi қамға толды.
Алланың әмiрi бiрлән ол Жәбiрейiл,
Жүсiп нәби қасына тағы келдi.
Келдi Жүсiп қасына тағы жетiп,
Насихат сөздер айтты, құрмет етiп.
– Құдықтан шығасыз аман-есен,
Бiрақ көрер алдыңда тауқыметiң көп.
Құдықтан шығып, құл боп сатыласыз,
Неше мехнат-жапаға қатыласыз.
Ақырында салтанат[ты] патша болып,
Тәж киiп, тақытқа отырасыз.
Күндеген ағаларың қызмет қылар,
Көзiнен жасы ағып, бек ұялар.
Пұшайман болып, қатты iстерiне
Қайғырып, көңiлiнен гериан болар.
Атаңа һәм саламат көрiсесiз,
Көрген-бiлген iстерiн терiсесiз.
Мехнаттың ақырын рахат қылып,
Iзгiлiк мұратыңа ерiсесiз.
Жәбiрейiл мұның бәрiн қылды баян,
Есiттi Хақ сәлемiн заһир, аян.
Сабыр қылып, тағдырға разы болды,
Дерттерi жүрегiнен болды мийан.
Фаслу ружуғи ихуати Йусуф аләйһиссалам
Жүсiп нәби құдықта жата тұрсын,
Алланың рахматына бата тұрсын.
Ендi он ағасынан сөз айталық,
Бұл сөзге, жамағаттар, құлақ салсын.
Жүсiптiң ағалары үйге қайтты,
Бiр жерде бауыздады бiр лақты.
Көйлегiне қанынан жағып-жағып,
Көрсеткелi атасына алып қайтты.
Ол уақытта күн кешке жақын барды,
Жүсiп кеткен жолына Жақып барды.
Алдынан шығайын деп баласының,
Жолға түсiп келедi жылап зарлы.
Сол уақытта екiндi уақты болды,
Бiр ағаштың түбiне намаз қылды.
Оқып болып намазын, жылап тұрса,
Аспаннан «жетпiс» деген әуез келдi.
«Жетпiс» деген әуездi тұрды тыңлап,
Жақып нәби «аһ» ұрды, зары ағлап.
«Жетпiс күн, жетпiс ай ма, жетпiс жыл ма?
Оған шейiн жоқ екен» дедi жылап.
Үйге қайтты мұны естiп Жақып нәби,
«Ағалары қас қылды-ау!» деп ойлады оны.
«Ағалары қастықпен жоғалтты ғой,
Уа, дариға, Жүсiбiм,– дедi,– қане?!»
Он ұғылы да ауылға жақын келдi,
«Бауырымдап баралық» деп уағда қылды.
Йасиғ оқып тұрғанда бәни Ысрайыл,
«Аһ, Жүсiп!» деп, жылаған дауыс келдi.
Құлағына шулаған дауыс кептi,
Асығып үйден Жақып жүгіре шықты.
«Иә, ата, бiз Жүсiптен айырылдық» деп,
Он ұғылы бәрi шулап зарлық еттi.
Он ұғылы атасына келдi шулап,
Жақып нәби жүрегi кеттi тулап.
«Жүсiбiңнен айырылдық» дегеннен соң,
«Аһ!» деп барып, сылқ етiп қалды құлап.
Жақып сушы жығылды ақылын танып,
Жүсiп үшiн жүрегi оттай жанып.
Атасы жығылған соң өкiнiстi,
«Бекер қылған екенбiз!» дедi ұялып.
Түнiмен Жақып нәби жатты талып,
Балалары қысылды қайран қалып.
Есiн жиып алған соң сөз сұрады,
Балаларын алдына шақырып алып.
Шақырып балаларын сөз сұрады,
Жүсiп халiн бiлмекке тез сұрады:
– Ертiп алып кеткен Жүсiбiмдi
Қайда тастап келдiңiз?!– деп сұрады.
Балалар атасына бердi жауап,
Ұялмай беттерiне сiрi жамап.
– Бәрiмiз де бiр жолы садақ тартып,
Кетiп едiк бәрiмiз соны қарап.
Жүсiп қоста сол уақытта жалғыз қалды,
Сол уақытта қасқыр жептi Жүсiпжанды.
Қайтып келсек, көйлегi қан боп жатыр,
Бiзге Құдай осындай қайғы салды.
Жүсiпке қаза бердi Қадiр Құда,
Жүсiпке қылып едiк жанды пида.
Фа акалаһу-з-зибу далил осы,
Сөйтiп, ата, Жүсiптен болдық жұда.
Жақып айтты: – Жүсiптi қасқыр жесе,
Қалмап па мүшесiнен һешбiр нәрсе?
Шаш, тырнағы қалса да алып келгiн,
Болмай ма шын өлгенiн көзiм көрсе?
Мен оны кебiн орап, қойсам көрге,
Мағлұм қылсам болмай ма һәр шаһарға?
Алладан тағдыр, ажал жеткен күнi,
Болмай ма, өзiм тағы жатсам бiрге?
Олар айтты: – Қарадық һешбiр қоймай,
Өзiмiз жылап жүрiп, салып ойбай.
Жалғыз сүйек таппадық денесiнен,
Кетсе керек қасқырдың өзi тоймай.
«Көйлегi, мiнеки!» деп алып келдi,
Жақып сушы алдына алып көрдi.
«Аһ» ұрып, көйлегiн көргеннен соң,
Есi ауып, со жерде талып қалды.
Бiр заманда ақылын жиып алды,
Зар еңiреп, көйлектi қолына алды.
– Жүсiптi түк қалдырмай жегенiнше,
Көйлегiн жыртпағаны қалай?– дедi.
Жақып айтты: – Балалар, тыңла,– дедi,
Мұндай сұқ мiнездi қылма,– дедi.
Неге жалған жылайсың, көр болғырлар?!
Жайғап салып келдiңдер мұнда,– дедi.
Барыңдар, ол қасқырды ап келiңдер!
Менiм айтқан сөзiмдi құп бiлiңдер.
Жүсiптi не себептен жеген екен?
Сұрайын, алып келiп көрсетiңдер.
Болмаса, Рахманыма қылам зары,
Сiздерге қаһар қылар Азим, бәрi.
Менi наза қылмаңдар, қорық Тәңiрiден,
Мазлұмның мұстажаб-дүр дұғалары.
Мұны естiп он ұғылы қорқады ендi,
Қаһар қылса, баршасын құртады ендi.
Далбасалап бiр қасқырды тауып алып,
Атасының алдына әпкелдi ендi.
Жетелеп бiр қасқырды әпкеледi,
– Жүсiптi жеген қасқыр осы,– дедi.
– Жүсiптi жеген қасқыр сенбiсiң?– деп,
Бәни Ысрайыл қасқырдан жауап сұрды.
– Әй, қасқыр, Жүсiптi неге жедiң?
Көйлегiн қорқып жыртпай, бүтiн қойдың?
Пайғамбардың жылатып баласын жеп,
Құдайдан не себептен қорықпадың?
Бiр Алладан қасқырға әмiр болды,
Алдында Ысрайылдың «сөйле» дедi.
Құданың құдiретiмен тiл бiткен соң,
Жақыпқа қасқыр сонда сөйлейдi ендi.
Қасқыр айтты: – Жүсiптi көргенiм жоқ,
Һәм және қайда екенiн бiлгенiм жоқ.
Уа, Алла, тақсыр, балаңды мен көрмедiм,
Бейкүнәмiн, әй, тақсыр, сөзiмдi ұқ!
Өзiңiз кереметтi хақ Пайғамбар,
Құдаймен тұрмайсыз һәм бейхабар.
Аллаға аян, бiлесiз өзiңiз де,
Етi бiзге харам-дүр пайғамбарлар.
Бәни Ысрайыл, тыңлағың менiм сөзiм,
Мысырдан жаңа келдiм менiм өзiм.
Бiр күшiгiм бар едi, жауға алдырып,
Жылаудан түк көрмейдi екi көзiм.
Баламды жау алғалы он жетi күн,
Сонан берi татпадым тағам бүтiн.
Бiр тауда жылап-жылап жатыр едiм,
Тiптi жалған әпкелдi, бейкүнәмiн.
Әй, тақсыр, өзiм де ақ, сөзiм де ақ,
Маған Алла куә-дүр жаратқан Хақ.
Қан жағып ауызыма алып келдi,
Бейкүнәмiн, әй, тақсыр, сөзiме бақ.
Жақып сушы қасқырдың сөзiн бiлдi,
Өз қолымен қасқырға ас жегiздi.
«Құданың өзi берген қазасы» деп,
Қасқырды рұқсат берiп, қоя бердi.
Һәрбiр ойды ойлайды Жақып нәби,
«Пайғамбар қылған Алла өзi менi,
Сабырсыздық iс қылсам Құдайыма,
Қара жүздi болармын махшар күнi.
Разымын Құданың салғанына,
Жүсiптi қолымнан алғанына.
Мұратым хасыл қылар, тәубе қылсам,
Жауыз дұға қылмайын қалғанына».
Иаһуда ол құдыққа һәр күн келер,
Жүсiптiң халiн сұрап, хабар бiлер.
Жүсiппенен сөйлесiп ол Иаһуда,
Естiген, бiлгендерiн мағлұм қылар.
Фаслу Мәлiк бин Дұғар түс көргенi
Мысырда болған екен бiр саудагер,
Үлкен бай, аты оның – Мәлiк Дұғар.
Ғажайып ұйқысында бiр түс көрiп,
Тағбирiн жорушыға қылды хабар.
Дұғар айтты: – Ұйқымда бiр түс көрдiм,
Түсiмде саудаменен Кiнған бардым.
Аспаннан күн түсiп бiр жерлерге,
Жағалап ғад қиусын жүрiп едiм.
Аспаннан ол күн келiп жерге түстi,
Етегiмнiң астына ол жабысты.
Етегiмнiң астынан өрлеп келiп,
Қойнымнан жоғары өрлеп, көкке ұшты.
Iнжу-маржан жаңбырдай жауды көктен,
Кезек-кезек мен тердiм екi етекпен.
Терiп-терiп сандыққа салып едiм,
Сандық толып, үйiме сыймай кеткен.
Тағбиршы, осы түстi көрдiм анық,
Қуанғаннан барамын iшiм жанып.
Бұ түсiм, қалайша түс, жорып бершi,
Тағбиршы, естиiн құлақ салып.
Тағбиршы жори бердi түсiн оның:
– Дәулетiң өседi екен ендi сенiң.
Ғад қиусын жағалап жүрген болсаң,
Үстiне бiр шығарсыз барша елдiң.
Және сатып аларсыз бiр жақсы құл,
Аузыңа бiр қарайды оң менен сол.
Патшалардан дәрежең артық болар,
Қазынасынан Құдайым ашады жол.
Және иман Құдайың нәсiп қылар,
Қанша шаһар атыңды жұмла бiлер.
Дiндi нәсiп қылады Тәңiрiм қалап,
Көңiлiңе иман, шамғ нұры келер.
Пайғамбар болар, сатып алған құлың,
Мұныңнан мың хәсса өсер малың, пұлың.
Кәпiрлiктен құтылып, иман тауып,
Екi дүния рақатын бiрдей алың.
Мәлiк Дұғар қуанды мұны естiп,
«Кiнғанға барамын» деп, кеттi көшiп.
Түсiндегi көргенiн қарамаққа,
Ғад қиусы басына жатты түсiп.
Қарады үмiт қылып һәр жерлердi,
Жiбердi һәр тарапқа қызметкердi.
Өзi келiп құдыққа қарап тұрса,
Ғайыптан құлағына әуез келдi.
Ол әуездi Мәлiк Дұғар тыңлап тұрды,
«Елу жыл бар алдыңда әлi,– дедi.
Ол баланы аласың, мұнда келсең,
Елу жыл болмайынша, келме» дедi.
Мәлiк Дұғар оны естiп, қайта көштi,
Онан кейiн елу жыл тамам кештi.
«Уағда жеттi ғой» деп, қайта көшiп,
Ол қиуның басына және түстi.
Мәлiк Дұғар ол жерге келiп қонды,
Қонып жатып құдыққа көзiн салды,
Өзi бұрын көрмеген түрлi құстар
Құдықта үймелеп жүр, көзi көрдi.
Мәлiк Дұғар құстарды көредi ендi,
Мылтық алып атпаққа жүредi ендi.
Перiштелер екенiн қайдан бiлсiн,
Мәлiк Дұғар ол уақытта кәпiр едi.
Құстарды келе жатыр атайын деп,
Құсты атып, қызыққа батайын деп.
Жақын келсе, жоқ болды құс дегенi,
Мәлiк Дұғар таң қалды «бұл қалай?!» деп.
Қарап тұрса, құдықтан шығады нұр,
Мәлiк Дұғар бұл iске таң болып тұр.
Есi ауып азырақ, бойы балқып,
«Бұл қалай тамаша?!» деп, таң болып жүр.
Ойлап-ойлап қосына қайта жүрдi,
«Бiр ғажайып, тамаша iс бар» дедi.
Қосқа келiп бiр-екi жiгiтiне
«Барыңдар, құдықтан су әпкел» дедi.
Бәшiр, Бәшира екеуi шелек алды,
Шелек, қауға алды да суға барды.
Қауғаларын құдыққа салды барып,
Жүсiп сыдық «бұ не?» деп, қарай қалды.
Қауға жылжып төмендеп, суға жеттi,
Құдайым Жәбiрейiлге әмiр еттi.
Жәбiрейiл сол сағатта жетiп келiп,
«Бұ қауғамен құдықтан шыққыл» дептi.
Бәшiр, Бәшира – қауғасын тартты екеуi,
Қауғадан берiк ұстады Жүсiп нәби.
Жәбiрейiл айтты: – Жүсiп, тыңла сөзiм,
Айнаға қарап едiң бiр күн өзiң.
«Менi бiреу құлым деп сатса, әгар,
Кiм баға қылар едi?» деген сөзiң.
«Сатушы, алушының бәрi әзiр,
Бағаңыз қанша екенiн көрiп тұрғыл.
Сол айтқан жауабыңды ендi көргiл,
Асылық қылғаныңа тәубе қылғыл.
Алланың тағдырына һеш шара жоқ,
Әр нешiк пендесiне болса үкiмi».
Құдықтан Жүсiп нәби шыға келдi,
Толған айдай нұр жүзi туа келдi.
Дұғардың екi көзi құдықта екен,
Жүсiптi көрiп, ақылы бихуд болды.
– Иә Бәшiр, һаза-ғаллам,– дедi Мәлiк,
Жiгiттер қосқа келдi Жүсiптi алып.
Толған айдай балқыған бiр жас бала,
Баршасы қарап тұрды қайран қылып.
Һәр қашан құлдарына айтады екен:
«Бiр құл тауып алам,– деп,– iздеп келген,
Оны қайсың келсеңдер тауып алып,
Азат қылам соны» деп айтады екен.
Бәшiр келiп Мәлiкке хабар бердi,
Қуанып Мәлiк Дұғар қарсы барды.
Жаман қатты шаттанды Мәлiк Дұғар,
Жүсiптi көргеннен соң қуанады.
Жүсiптiң көздеп жүрген ағалары,
Көредi қонып жатқан керуендердi.
Жүгiрiп кеп қараса ол құдыққа,
Жүсiп жоғын көредi баршалары.
Құдықта Жүсiп жоғын қарап көрдi,
Жиылып былай шығып, кеңес қылды.
– Бiздiң бiр қашып кеткен құлымызды,
Ұстап алдың, керуендер, бергiн,– дедi.
– Бермесең,– дедi сонда Рауил тұрып,
Әй, керуендер, жiберсем бiр ақырып,
Қырыларсыз тiрi боп, бiрiң қалмай,
Құлымызды шапшаң бер, өлмей тұрып.
Ол Дұғардың ақылы зерек едi,
«Мiнеки, құлыңыз» деп, бередi ендi.
«Жүсiптi сатайық» деп ақылдасып,
«Сатамыз» деп, Дұғарға келедi ендi.
Бұлайша кеңес-ақыл ойладылар,
Жүсiпке ғабрише сөйледiлер:
– Сенi бiздер сатамыз құлымыз деп,
Разы болып сен оған тұр,– дедiлер.
Өлтiремiз, алмасаң тiлiмiздi,
Жалғаншы қылар болсаң, әгар, бiздi.
Ғабри тiлiмен Жүсiптi көндiрiп ап,
Мәлiкке: – Сатамыз,– дедi,– құлымызды.
Қуанды сатам дегеш Мәлiк Дұғар,
Қалмады көңiлiнде тақат, сабыры.
Ағалары сатамыз дегеннен соң,
Жүсiптiң қан боп кеттi жүрек, бауыры.
Жүсiп айтты: – Ағаларым, сатпаңыздар,
Менi қасiрет отына атпаңыздар.
Қасам еттiр һешкiмге айтпасыма,
Ауылға менi алып қайтсаңыздар.
Сатпаңыздар, жүһүдке құл болмайын,
Дiнсiзге пенде болып, қор болмайын.
Қарағым айналайын, ағаларым!
Қасiретпенен жер жатқызбай, жағаларым.
Құрметi үшiн кешiңдер күнәһiмдi,
Халилолла, Ысқақпен, бабаларым.
Олар айтты: – Әй, Жүсiп, сөздi қойың,
Болмайды қанша айтсаң да сенiң ойың.
«Қасқыр жедi» дедiк бiз атамызға,
Болған жерi, Жүсiпжан, ендi тойың.
Иаһуда Жүсiпке айтты ақыл, үгiт:
– Дүнияда не көрмейдi еркек-жiгiт?!
Не қылса ағаларың разы болғын,
Болмаса өлтiредi, қылма үмiт.
Ендi сен сатылмақты рауа көргiн,
Не айтса ағаларың жүре бергiн.
Аллаға қиын емес қайтып қосса,
Атаңнан ендi айырылдың, мұны бiлгiн.
Дұғар айтты: – Рас айт, құлыңыз ба?
Алайын деп мен тұрмын пұлымызға.
Ақыл-көркi сiздерден, тiптен, артық,
Сатыңыз, пиғылын баян қылыңыз да.
Сiздерге не iс қылды мұның өзi?
Мап-майда, тiптi, жақсы айтқан сөзi.
Анық айт, құлың ба, шыныңды айтшы?
Бастарыңнан артық тұр басқан iзi.
Ағалары Мәлiкке жауап бердi:
– Бiр жасында атам сатып алып едi,
Қасымызға ертiп жүрушi едiк,
Жүре-жүре бұл өзi ақымақ болды.
Неше мәртебе ауылға салды бүлiк,
Отырмайды адамға асылы күлiп.
Құдыққа түскен жерден тауып апсыз,
«Малға бар» деп жiберсек, қашып келiп.
Мәлiк айтты: – Жiгiттер, үшбу құлың,
Неше түрлi айыбы бар, айтқыл шының?
Сырын бiлмей, бiз дағы қор болармыз,
Һәммасын айыбының баян қылың.
Олар айтты: – Айталық құлдың сырын,
Үш айыбы бар едi мұнан бұрын.
Өзi – ұғыры, жалғаншы, өзi – қашқын,
Мiндерiн жасырмалық һеш те бiрiн.
Мәлiк айтты: – Естiдiм сөздерiңiз,
Құлыңды, нәсiп болса, бiз алармыз.
Айыбын көре-бiле алмақ болдым,
Тағы да айт бағасын өздерiңiз.
Мәлiк айтты: – Артқаным бәрi де пұл,
Алтын-күмiс ақшам жоқ, сен иланғыл.
Артқаным атлас, қамқа, торғын миңлық,
Ендi не аласыздар баян қылғыл?
Мұнан басқа азырақ жармағым бар,
Бұл құлыңды алмаққа мен харидар.
Не нәрсеге сатасыз құлыңызды?
Не алсаң да бағасын айтыңыздар.
Жүсiп бiр күн айнаны көрген екен,
Сонда «құл боп сатылсам,– деген екен,
Бағамды кiм айтады бұл менiм?» деп,
Көңiлiне осы сөздi алған екен.
Олар айтты: – Айталық сырымызды,
Алмаймыз атлас, қамқа, пұлыңызды.
Қанша болса, әйтеуiр, жармақ бергiл,
Не де болса алсаңыз құлымызды.
– Он сегiз жармағым бар, мұны алсаң,
Құлыңды сатқыл, бұған разы болсаң.
Мұнан басқа ақшам жоқ, не аласыздар?
Өзгесiн маған сыйла, пұл алмасаң.
Олар айтты: – Соныңа разы болдық,
Аз да болса он сегiз жармақты алдық.
Пұл алмаймыз, соныңа бiз разымыз.
Өзгесiн өзiңiзге сыйлау қылдық.
Сонда Мәлiк Жүсiптен сөз сұрады,
Мұның жайын бiлуге тез сұрады:
– Қайдан шыққан баласың, кiм едiң?– деп,
Құл екенiң рас па?– деп сұрады.
Бұлар сенi құлым деп, сатты маған,
Мен тамаша боламын, жаным, саған.
Рас па осылардың айтқан сөзi?!
Түстерiне қарасам, тiптi жаман.
Олар айтты Жүсiпке: – Құлмын дегiл,
Бiздiң айтқан жауапқа иқрар қылғыл.
Ғабрише айтады ағалары:
– Болмаса, өлтiремiз, мұны бiлгiл.
Ғазиз Жүсiп олардан қорқады ендi,
Айт дегенiн қорыққаннан айтады ендi.
«Жалған болса, иә, Алла, кешiргiл» деп,
«Құлмын» дегеш, көзiнен жас төгiлдi.
Олар айтты: – Әй, Дұғар, бiзге инан,
Бұ сөздердi қылмағыл һәркез күмән.
Бiр сағат босатсаңыз, айырыласыз,
Кiсенiн, асла, алма аяғынан.
Елiңе барғаныңша босатпағыл,
Өзi – аяр, есiркеп сөз қатпағыл.
Асла айтқан сөзiнiң шындығы жоқ,
Үйiр қылып, қасыңа жолатпағыл.
Дұғар айтты: – Сiздерге мен инандым,
Айыбын есiте тұрып сатып алдым.
Бiттi, жазып қол қойып берiңiздер,
Он айыбы болса да қабыл қылдым.
Олар айтты: – Берелiк, мақұл,– дедi,
Сiздiң бұ сақтығыңыз ақыл,– дедi.
Құдадан қорықпай, батыл iстер қылып,
Жазып берiп, болмаңыз ғапыл,– дедi.
Қағаз алып, бiтiсiн Шамғұн жазды,
Жәһил болып, һәммасы жолдан азды.
Пайғамбарды құлдыққа сатты дағы,
Жүсiптен һәм Құдайдан жұмла бездi.
– Бәрiмiз бұл саудаға разы болдық,
Он сегiз жармақ алып, бiр құл бердiк,
Бәрi тегiс мұны айтып, қолын қойды,
«Бұл құлды iздемеске уағда қылдық».
Жүсiп мұны естiп зары жылар,
Қасiрет от iшiн өртеп, бауырын тiлер.
Ағалары жөнелмек болып едi,
Жүсiп рұқсат Дұғардан тiледiлер.
– Рұқсат берсең, оларға барайын мен,
Жүздерiн тойғанша көрейiн мен.
Зарласып, қоштасып, амандасып,
Күнәһiларым олардан тiлейiн мен.
Мұны естiп жылады Мәлiк Дұғар,
Елжiреп, ерiп кеттi жүрек-бауыр.
Жүсiптiң жылауына қайран қалып,
Қалмады көңiлiнде тақат, сабыр.
Дұғар айтты Жүсiпке сонда тұрып:
– Не қыласың оларға бекер барып?!
Һешбiреуi сүймейдi барғаныңды,
Қылғандарын тұрсың ғой көзiң көрiп.
Олар сенi саттылар кем жармаққа,
Ниеттерi тек сенен айырылмаққа.
Мен сенi кем қылмаймын өз баламнан,
Келiспей тұр оларға сiз бармаққа.
Ол уақытта жармақтың мың төрт жүзi,
Бiр тiллә болушы едi зорға өзi.
– Осынша арзан сатып тұрғандарға,
Барғанмен жақсы көрмес,– дедi,– сiздi.
Сонда Жүсiп Дұғарға жауап бердi,
Көзiнен жастар ағып зар еңiредi:
– Өздерiнiң көңiлiне түзiк шығар,
Сiзге терiс болғанмен қылғандары.
Сонда Мәлiк Жүсiпке рұқсат бердi,
Айтқан сөз, ақылына көңiлi ерiдi.
«Ендеше амандасып барып кел» деп,
Жүсiптi Мәлiк Дұғар қоя бердi.
Оларға қайтып барды ғазиз Жүсiп,
Қайтайын деп тұрғанда жолға түсiп.
«Ағаларым, не айтайын, аман бол» деп,
Көрiстi һәрқайсымен құшақтасып.
– Ағаларым, құтылдыңдар ендi менен,
Көңiлiң маған тас болды әлде неден.
Құдадан һәм менен де бездiңiздер,
Орын сатып алдыңдар жаһаннамнан.
Ысрайылдан менi махрұм қойдыңыздар,
Кегiңдi алып, көзiмдi ойдыңыздар.
Атам жүзiн көруден кеттiм алыс,
Маған мұндай дұшпандық қылдыңыздар.
Уа, дариға, ғазиз едiм, залил болдым!
Бауырларым, сiздерден жапа көрдiм.
Сiздерден анық бүгiн күдер үзiп,
Көңiлдерiң қатқанын ендi бiлдiм.
Уа илән атам Жақып махрұм қалды,
Жылауменен көздерi көрмес болды.
«Жүсiбiм» деп ерте-кеш жылауменен,
Ғарiп-мұңлық атамның жүзi солды.
Уа, дариға, пенде болды ғазиз басым!
Жыласам, кiм сүртедi көзiм жасын?!
Құданың құдiретi мұндай екен,
Туысқан сатады екен бауырласын.
Ағалар, менiм халым болды хараб,
Басымды кiм жуады, шашым тарап?!
Қайран менiм, мүсәпiр, ғарiп атам!
Екi көзi төрт болды жолға қарап.
Туысқан, бiр бауырлас, ағаларым,
Менi сатып, қанды ма табаларың?!
Бұ қасiрет, ақабатқа салдың менi,
Наза болып жүрмесiн бабаларым.
Ғазиз басым жүһүдке болды пенде,
Тақат, сабырым қалмады зәрра менде.
Бiр сағат көзден таса қылмаушы едi,
Ысрайыл қайтып отыр осы күнде?!
Арқалап жүрушi едi ғарiп атам,
Атам еске түскенде, қандар жұтам.
Жастыққа салушы едi ұйқым келсе,
Оянсам, берушi едi түрлi тағам.
Ағалар, салдың маған бұ қылықты,
Жүһүдке қайтiп қылам құлшылықты.
Мұнан соң қашан көрем, ағаларым,
Бұ күнде тағдыр қылды айырылмақты.
Бұ тағдырды Тәңiрден бiлсек керек,
Хақ үкiмiне құл разы болса керек.
Құданың ирадасыз нәрсе болмас,
Бiлесiң бе, сабырлық қылсақ керек.
Ғазиз Жүсiп мұны айтып жылады зар,
Құшақтап ағаларын қатты ағлар.
Көрiсiп жылағанын көргеннен соң,
Өксiп-өксiп жылады Мәлiк Дұғар.
Көрiсiп Жүсiп нәби көп еңiредi,
Қосылып Мәлiк бiрге бек еңiредi.
«Мұнан кейiн, кеткеннен соң, ағаларым,
Сiздердi қашан көрем?» деп еңiредi.
Ағалары жылады мұны көрiп,
Кетедiлер мiнезiне iшi ерiп.
«Бекер қылған екенбiз,– деп өкiнiстi,
Анық, шын iнi екен,– деп,– бiзге серiк».
Жүсiпке айтты: – Бiз сенi алар едiк,
Ауылға алып қайтып барар едiк.
Ендi не деп айтамыз атамызға?!
Әуелде сенi «қасқыр жедi» дедiк.
Сенi бiз ауылға алып бара алмаймыз,
Атамызға жалғаншы бола алмаймыз.
Не болса да барасыз, Жүсiп, ендi,
Сенi апарып ел бетiн көре алмаймыз.
Жүсiп айтты: – Өткен iс қайтып келмес,
Алланың не қыларын пенде бiлмес.
Алланың салғанына разымын,
Асылық, күпiрлiк сөз айтып болмас.
Құданың һәр не қылса бiр өзiнен,
Жас ағып атам қалды ол көзiнен.
Екеу едiк бiр туған бiр анадан,
Ибн Иамин айырылды ендi менен.
Бұ тағдырды Тәңiрiден бiлiк мағлұм,
Атам Жақып қасiретпен қалды мағмұм.
Мұнан кейiн көредi менi қашан?
Бауырым Ибн Иамин қалды мағмұм.
Дұғар келiп Жүсiптi жетеледi,
Жөнелiп ағалары кетедi ендi.
Артына қарай-қарай жылап Жүсiп,
Дұғардың көштерiне жетедi ендi.
Жүсiптi Мәлiк Дұғар алып кеттi,
Ағалары үйiне қайтып кеттi.
Ағалардың айтқан сөзiменен,
Жүсiптiң қол-аяғын тас бекiттi.
Жүсiптiң қол-аяғын кiсендедi,
Қашып кетiп қалар деп сенбедi.
Астына кiлем жайып, көрпе төсеп,
Алып келiп бiр түйеге мiндiредi.
Мәлiктiң бiр құлы бар, Қылыш атты,
Түсi қара құл, бек айбатты.
Соған айтты «Жүсiптi сен баққыл» деп,
Мәлiкке сенiмдi едi саясатты.
Сол сағатта керуендер одан көштi,
Бiр моланың жанынан өте көштi.
Анасы Рахиланың қабiрiне,
Жүсiп нәби ал сонда көзi түстi.
Анасының қабiрiн көрдi Жүсiп,
Зар жылады көңiлiне қайғы түсiп.
«Мейiрбан, ғарiп анам, жатырмысың,
Мен барамын мойныма шынжыр түсiп.
Мейiрбан, ғарiп анам, халiм көргiл,
Ағаларым саттылар менi, бiлгiл.
Күншiлдiкпен қас болып ағаларым,
Жырақ жерге жiбердi, тахқиқ бiлгiл.
Ағаларым атамнан айырдылар,
Қасiрет отпен жанымды қүйдiрдiлер.
Қол-аяғым шынжырлы, мойным бұғау,
Ғарбәт тонын үстiме кидiрдiлер.
Ағаларым салды маған ренiш, захмат,
Жас күнiмде түстi маған үшбу хикмат.
Пенде болып кеттiм бұ күнi,
Қылады Тәңiрiм маған қашан рахмат?
Әй, анам, менiм халiм көргiл заһир,
Пенделiкке сатып алды дiнсiз, кәпiр.
Жарылқар күнi маған болар ма екен?
Бұ iстi тағдыр қылды Мәулам ғафир.
Уа, дариға, ғазиз анам, жатырмысың?!
Менiм мұндай халiмдi бiлермiсiң!
Темiрменен байлаулы қол-аяғым,
Менен хабар атама берермiсiң!
Үн келдi қабiрiнен анасының:
– Иә, Жүсiбiм, не болған халiң сенiң?!
Ағаларың нелiктен мұндай қылды,
Мехнатқа нағып түскен жаның сенiң?!
Жан ұғылым, бұл пәлеге қайдан қалдың,
Қас болған ағаларыңа не iс қылдың?!
Рухым қозғап, өртедiң сүйегiмдi,
Зар ұрып қабiрiме жылап келдiң.
Атаң сенiң халiңдi бiлмедi ме?
Һешкiмге халiң мағлұм болмады ма?
Ғапыл болып пәлеге нағып түстiң?
Қасыңа жалғыз ағаң келмедi ме?
Құдай-а, бұ қасiретiм саған мағлұм,
Үмiтi көп-дүр сенен жұмла мазлұм.
Фазылың бiрлә нәжат қыл, иә, Рахима,
Сатылып, пенде болған – менiм ұғылым.
Жүсiп оны естiп, бихуд болды,
Құдайым мiнәжатын қабыл қылды.
Рахиланың рухының зары үшiн,
Тәж-тақыт, салтанат нәсiп қылды.
Қылыш бақты Жүсiптiң түйесiне,
«Үстiнде бар ма екен» деп иесiне.
Бара салып Дұғарға хабар салды,
Қалай деп, көзiн салмай жобасына.
Қайғырды Мәлiк Дұғар «Тұрсын керуен,
Жоқ болса, қашқан екен бұл құл ұғлан».
Жұмла керуен Жүсiптi қарайдылар,
«Қайда кеттi екен,– деп,– осы арадан?»
Қылыш құл мiнген едi арғымақ ат,
Ашуы жаман едi бек қабахат.
Елден бұрын Жүсiпке шауып барып,
Жүсiптi қамшыменен ұрды үш қат.
Қылыш айтты Жүсiпке: – Қаштың неге?!
Мен саған көрсетейiн көп әңгiме.
Құл қамшысы Жүсiпке өтiп кеттi,
Сонда Жүсiп жылайды жан иеге.
Жүсiп айтты: – Иә, Алла, не қыламын?
Бұ мехнаттан мен қайтып құтыламын?
Құдай-а, фазылың бiрлән құтқар менi,
Өзiң жәрдем қылмасаң не қыламын?
Құдауанда, әгар, мен қате қылсам,
Әмiрiң қойып, мен саған асы болсам.
Тәубе қылдым, фазылыңмен кешiр, Алла,
Атам Жақып әмiрiн бұзған болсам.
Иләһи, әгар, асы болмасам мен,
Қателiк, асылық iс қылмасам мен.
Бұ қауымға көрсеткiл бiр ғаламат,
Жүһүдтерге һәм қасылық қылмасам мен.
Құдайым мiнәжатын қабыл еттi,
Құдiрет бiрлән көктен бiр бұлт шықты.
Қарлы жаңбыр аспаннан қабат жауып,
Ашылмай, күнi-түнi боран соқты.
Жетi күн боран соқты ашылмастан,
Керуендер өлер болды ендi аштан.
От жағып, ауқат қылар еш лаж жоқ,
Құрғақ нәрсе таба алмай, халi қашқан.
Һеш адам бiрiн-бiрi көрмес болды,
Шуласып, зар еңiресiп, өлмек болды.
Көк қызарып, күркiреп, жасын түсiп,
Ғаламат, ұлық қатты айбат болды.
Һеш адам бiрiн-бiрi көре алмады,
Бiрiне-бiрi хабар бере алмады.
Мәлiк Дұғар қорқады жаман қатты,
Сөйлесер һешбiр адам таба алмады.
Мәлiк Дұғар шақырды керуендердi,
Шақырған соң, жиылып келдi бәрi.
Дұғар айтты: – Бұ хикмат не ғаламат?
Тәңiрiнiң неге бiзге келдi қаһары?
Дұғар айтты: – Жарандар, болдық ойран,
Нұхтан соңғы ғаламат болды топан.
Аяғына жығылып жалынайық,
Арамызда бар едi бiр мазлұм жан.
Бiздерден ол мүсәпiр тұһмат көрдi,
Ол мүсәпiр тiлегiн Тәңiрiм бердi.
Бұл ғаламның иесi – Қадiр Рахман,
Мазлұмның көзi жасын есiркедi.
Һәр қайсыңыз айтыңыз қылған iсiң,
Қорыққанымнан кетiп тұр есi-түсiм.
Һәлак болып қырылдық әй, жарандар,
Жасырма қылғаныңды һәрбiрiсiң.
Сол уақытта Қылыш құл жетiп келдi,
Көпке келiп қылғанын баян қылды.
Өзге кiсi болмады бұзық қылған,
«Бұ кесапат Қылыштан екен» дедi.
Сонда Мәлiк айтады қара құлға:
– Жүсiптен барып шапшаң, ғұзыр тiле.
Бiзге iзгi дұға қылар ма екен,
Көңiлiн хошнуд еткiл лутфың билән.
Жүсiптiң құшақтағың екi аяғын,
«Күнәһiмдi өткiн» деп зар жылағың.
Көңiлi разы болғандай iстер қылып,
Көңiлiнiң разылығын көп тiлегiң.
Қылыш келдi Жүсiптiң қастарына,
Пәруана боп айналды бастарына.
Екi аяғын құшақтап, бек жалынып,
Бетiн жуды көзiнiң жастарына.
Ол уақытта алдына Мәлiк барды,
Қол қусырып, алдына ғиззат қылды.
«Қаталық күнәмiздi кешiргiл» деп,
Жүсiпке зары қылып көп жалбарды.
Мұны көрiп Жүсiптiң мейiрi келдi,
Оларға разы болып, дұға қылды.
Рахман ием қабыл қылып дұғасын,
Сол сағатта боран кетiп, күн ашылды.
Сонда Дұғар Жүсiптiң қолын шештi,
Жалынып, аяғына иiле түстi.
Басшы – Мәлiк Дұғар, жұмла керуен
Жүсiпке һәмма бәрi жалбарысты.
Қол-аяғын босатып ат мiндiрдi,
Жiбек, атлас үстiне тон кидiрдi.
«Керуен басы – Жүсiп» деп жар шақырып,
Ұлық-кiшiк бәрiне һәм бiлдiрдi.
Жүсiпке барша керуен қызмет қылды,
Қасиетiн бәрi де анық бiлдi.
Мәлiк Дұғар хүкiмiн бергеннен соң,
Бәрi Жүсiп әмiрiнен шықпас болды.
Керуенге Жүсiп қылды онда пәрмен,
Ұлық мансап бердi оған Қадiр Сұбхан.
Мәлiк Дұғар қызметкер болғаннан соң,
Һешбiрi шықпас болды әмiрiнен.
Баршасынан сөйлесе фаһимi артық,
Һәм және кеңес қылса, ақылы артық.
Көрген жан жамалына тояр емес,
Ақ жүзiнен тұрады нұры балқып.
Неше маддат керуен ол жолдар кештi,
Бiр шаһардың жанына келiп түстi.
Ол шаһардың һәммасы һинди екен,
Жүсiптi көрiп бәрi таң қалысты.
Жүсiпке һиндилердiң бәрi келдi,
Ұлық-кiшiк шаһарда, жас пен кәрi.
Жүсiптiң жамалына қайран қалып,
Жүзiне қарап тұрды баршалары.
Сонда тұрып кәпiрлер Жүсiпке айтты:
– Мұнша көрiклi жамалды кiм жаратты?
Сенiң бұ нақышыңды түзеткенге,
Бiз де пенде болалық, кiм түзеттi?
Жүсiп айтты: – Жаратқан менi Жаппар,
Бұл жаһанды түзеткен Кәрiм Саттар.
Сiздi, бiздi жаратқан өзi Алла,
Бұ сөзге нанбағанға қылар қаһар.
Баршасы үшбу сөзге инандылар,
Жүсiпке барша һинди бүгiледiлер.
Иман айтып, һәммасы дiнге кiрiп
Һәм Жүсiптi «пайғамбар» деп инандылар.
Онан көшiп, екiншi шаһарға келдi,
Жүсiптiң көркiн көрiп қайран болды.
Баршасы табынбаққа ол шаһардың,
Жүсiптiң картинкасын жасап алды.
Онан көшiп, Құддыс шаһарына тағы келдi,
Құддыс бегi түсiнде көрген едi.
Шаһарына жар салып: – Бiрiң қалмай,
Керуен келедi, алдынан шыққын!– дедi.
Құддыс бегi ләшкер жиып қарсы шықты,
– Керуен басы кiм-дүр?– деп жауап айтты.
– Мәлiк Дұғар – керуеннiң басшысы,– деп,
Керуеннiң бәрi тұрып хабар айтты.
Ойлайды сонда тұрып Мәлiк Дұғар,
«Көп ләшкер жиғанында не хикмат бар?
Мен жылда жүргенiмде бүйтпеушi едi»,
Қатты қорқып, бұ iске таң болдылар.
Жүсiпке келдi сонда Құддыс бегi,
Әдеппен сәлем берiп, қызмет қылды.
Жүсiптен Құддыс бегi жауап сұрап:
– Әй, жаным, жөнiңдi айт, кiмсiз?– дедi.
Сонда Жүсiп ол бекке жауап бердi:
– Мен боламын түсiңде көрген,– дедi.
«Алдынан шық!» деген соң келiп тұрсыз,
Һеш күмәнсiз сол кiсiң менмiн,– дедi.
Бұ сөздi ол естiп ғажап қылды,
Жүсiптi ертiп барып, қонақ қылды.
Ғиззат, икрам, сияпат, құрмет жасап,
Қасындағы жолдасымен құп сыйлады.
Бiр күн, бiр түн Жүсiптi құп сыйлады,
Құддыс бегi Жүсiпке сөз сөйледi:
– Маған бiр насихатыңды айтып кеткiл,
Сөзiңдi қылайын,– деп бек сөйледi.
Жүсiп айтты: – Әй, патша, есiт сөзiм,
Тұтыңыз көргенiңдi бәрiн өзiң.
Жүсiптi қатты сыйлап қонақ қылды,
Көп мал берiп, арғымақ ат мiндiрдi.
Он түйеге толтырып қазына берiп,
Алтын кемер белiне буындырды.
Алдына түрлi-түрлi ас келтiрдi,
«Бисмилла» деп, Жүсiп те бiр асады.
Бiр табақтан төрт жүздей кiсi тойды,
Сонда дағы бiр елi кемiмедi.
Құддыс хан Мәлiкке айтты жауап:
– Жүсiптiң қылған iсi – бәрi сауап.
Құлымыз деп нелiктен айттың маған?
Онан дағы қылсаңшы өзiң тауап.
Осындай жақсы адамды құл дей ме екен?!
Бұларға қызметiмдi қыл дей ме екен?!
Сiзбен бiзден бағасы мың есе артық,
Басшысын басшы қылмай боқ жей ме екен?!
Сонда Дұғар ол ханға жауап бердi:
– Басшысы бұл керуеннiң – Жүсiп,– дедi.
Мен Жүсiптiң құлымын осы күнде,
Жүсiпке патшалық та лайық,– дедi.
Керуен көшiп ол жерден жолға түстi,
Құддыс ханы ел жиып құп кеңестi.
«Кәуiл баладан қапыда айырылдық» деп,
Бәрiсi жаман қатты өкiнiстi.
Хан айтты: – Айтайын мен бiр ақыл,
Тартып алып қалалық, көрсең мақұл.
Он екi мың әскермен қуады ендi,
Мәлiк Дұғар о дағы емес ғапыл.
Мәлiк Дұғар қорқады жауды көрiп,
Қорыққан соң Жүсiпке айтты келiп:
– Жау таянды, не қылам бұған?– дедi,
Жүсiп айтты: «Қорықпа» деп сабыр берiп.
Шабуылдап жау сонда келдi жақын,
Жүзiнен Жүсiп ашты зер ниқабын.
Оны көрiп, есi ауып жұмла ләшкер,
Аттарынан құлады бәрi тағин.
Он екi мың кiсi едi келген шауып,
Бiрi қалмай құлады есi ауып.
Керуен көшiп жөнелдi аман-есен,
Дұшпаннан кеттi алысқа қылмай қауiп.
Олардың есi ауып жатып қалды,
Керуен халқы бұ iске қайран қалды.
«Мендей көрiктi жаһанда жан бар ма?!» деп
Жүсiп тағы бұ iстi көңiлiне алды.
Сол сағатта Жәбiрейiл келдi әзiр,
«Жүсiпке көрiк берген Жаппар Қадiр.
Өзiңе-өзiң неге таң қаласың?!
Олай десең, Құданың құдiретiн көр!»
Үшiншi күн бiр шаһарға тағы кiрдi,
Ол шаһарды қараса, перi едi.
Жүсiп оны қараса һәрбiрiсi,
Жүсiптен көркi һәмма артық болды.
Һеш бiреуi Жүсiпке қарамады,
Мақтануға ендi Жүсiп жарамады.
Өзiнен һәммасының көркi артық,
Шаһарды бастан-аяқ аралады.
Һәммасының Жүсiптен нұры артық,
Бой нұсқасын қараса, нұры артық.
Өзiнен-өзi түңiлдi Жүсiп сонда,
Ақыл, көркi, фаһимi – бәрi артық.
Жүсiпке сонда уахи келдi Хақтан,
«Олар – мұрсал пайғамбар, кәмал тапқан.
Құдiретiмдi тамаша қылғыл менiм,
Сақтанғыл мұнан былай ол ғажаптан».
Құданың бұ хабарын заһир бiлдi,
Қате iс қылғанына тәубе қылды.
«Иә, Алла, асылығым кешiргiл» деп,
Сәждеге басын қойып, зары қылды.
Құдайым қабыл қылды ол тәубесiн,
Өзiне қайтып бердi көрiктi түсiн.
«Тiлегiңдi мен бердiм,– дедi Алла,
Иә, Жүсiбiм, сәждеден көтер басың».
Керуендер ол жерден және көштi,
Бұ арада бiрқатар күндер өттi.
Нiл дариясы жанына келдi керуен,
Мысырдың шаһарына жақын жеттi.
Керуен қонды Нiл дариясы жағасына,
Мәлiк алды Жүсiптi өз қасына.
– Жүсiпжан, суға барып шомыл,– дедi,
Бiр саяз су көрсеттi шамасына.
– Тозаң-топырақ тәнiңнен кетсiн,– дедi,
Көрiктi жүзiң жанымнан өтсiн,– дедi.
Шомылмаққа Нiлге келiп Жүсiп нәби,
– Не айтсаңыз, көңiлiң бiтсiн,– дедi.
Жүсiп нәби ол суға келедi ендi,
Қол көтерiп бiр дұға қылады ендi.
«Тәнiмдi мақлұқтарға көргiзбе» деп,
Алладан Жүсiп пiр де тiледi ендi.
Алла Тағала дұғасын қабыл қылды,
Сол сағатта жаннаттан перде келдi.
Денесiн мақлұқтар көрмесiн деп,
Перде келiп, дарияға шомылды ендi.
Ол суда бiр үлкен балық болар едi,
Судағы балықтарға әмiр қылды:
– Әдеп сақтап, балықтар, қарамаңдар,
Құданың пайғамбары суға келдi.
Оны естiп балықтың қашты бәрi,
Ұлық-кiшiк жұмласы, жас пен кәрi.
Жүсiп нәби құрметiн жұмла сақтап,
Қарамай, қашып кеттi онан әрi.
Ол балық Жүсiп нәби қасына келiп
Айтады: – Менi, тақсыр, мiнiңiз,– деп.
Балықтың арқасында мiнiп тұрып,
Тасбих айтты сол жерде шүкiр қылып.
Ол балық үстiнде ғұсыл қылды,
Нұры тағы мың есе артық болды.
Бейiштен хулла, тондар қолына алып,
Жәбiрейiл сол сағатта жетiп келдi.
Жүсiп нәби шомылып болғаннан соң,
Қасына киiмiнiң келгеннен соң,
Әлгi балық Жүсiпке арыз қылды,
Хулла киiп, көңiлi шат болғаннан соң.
Жүсiпке айтты сонда ошал балық:
– Бақ, дәулет бердi маған Жаппар Халиқ.
Бұ судағы балықтың патшасы – мен,
Құдайым нәсiп қылған патшалық.
Патшасымын балықтың дәулетi мол,
Аралап көрдiм өзiм бiрталай жол.
Дүнияда бiр перзентке мұқтаж едiм,
Иә, тақсыр, менiм үшiн бiр дұға қыл.
Алла сiздiң дұғаңды қылар қабыл,
Фазылымен Тәңiрiм маған берер ұғыл.
Өзiм кетсем, орыныма мирасқор боп,
Артымнан дұға қылар, өлген соң ол.
Жүсiп сушы балыққа дұға қылды,
Құдайым дұғасын қабыл қылды.
Өздерi кереметтi, өзi – патша,
Ол балыққа Құдайым екi ұғыл бердi.
Екi ұғылы болыпты кереметтi,
Жүнiстi ол балықтың бiрi жұтты.
Сүлейменнiң жүзiгiн жұтты бiрi,
Дүниядан патша болып олар да өттi.
Сонда Жүсiп қосына қайтып келдi,
Тасбих, таһлил Құдаға айтып келдi.
Үстiнде хулла, тоннан нұры балқып,
Жер мен көк арасына тiреу болды.
Жүсiптiң келгенiн Дұғар көрдi,
Сандықтан түрлi асыл тон шығарды.
– Үстiңiзге бұларды киiңiз,– деп,
Жүсiпке һәммасын алып бердi.
Жүсiп нәби қасына Дұғар барды,
Үстiнде хулла көрiп қайран қалды.
– Кiм бердi,– дедi,– мұны, Жүсiп, саған?!
Мен ұстап көргенiм жоқ мұндай малды.
Жүсiп айтты: – Тәңiрiм бердi бұ хилғатты,
Мәулам өзi разы қылды бұл дәулеттi.
Менiм сырым өзiне аян едi,
Берiп-дүр соның үшiн бұ рахатты.
Мәлiк Дұғар бұл сөзге қайран қалды,
Сөйтiп тұрған уақытта көш жөнелдi.
«Бiр ғазиз, жақсы кiсi келедi» деп,
Ауадан Мысыр ишара бiр әуез келдi:
«Дұғар тажир сарайына келген,– дедi,
Ол ұғланды тамаша қылғыл,– дедi.
Адамға ұқсамас оның нұры,
Мұқарраб перiштедей, бiлгiл,– дедi.
Келгенi ол адамның қатты тұрыр,
Ақылы артық, сөздерi тәттi тұрыр.
Көруге ғашық болғын һәммаларың,
Бұ жаһанда бек жақсы қылықты тұрыр».
Мұны естiп Мысыр елi қуанышты,
Көрмекке барша жұрттар құрдай ұшты.
«Жүсiп нәби жамалын көремiз» деп,
Ұрғашы-еркек һәмма жұрт жиылысты.
Жүсiппен бiрге келдi ағыр ләшкер,
Олардың баршалары – перiштелер.
«Қошамет қыл Жүсiпке!» деген Алла,
Шаһарға Жүсiппен бiрге кiрдi олар.
Мұны көрiп таң қалды Мысыр елi,
Бұларды «адамзат емес» дедi.
«Көктен енген, бұл өзi – перiште» деп,
Баршалары Жүсiпке сәжде қылды.
Жүсiп сушы Мысырға келгеннен соң,
Тағамдарды қолына алғаннан соң.
Ғұд ғинбар секiлдi иiстер шықты,
Аузына Жүсiп нәби салғаннан соң.
Мәлiк Дұғар үйiне келгеннен соң,
Жүсiпке тағам берiп болғаннан соң,
Сарайдан нұры балқып көкке шықты,
Жүсiп пердесiн жүзiнен алғаннан соң.
Оны көрiп, Мысыр елi жамиғ болды,
Мәлiктiң сарайына бәрi келдi.
«Құлыңызды бiздерге көрсеткiл» деп,
Тажирге шаһар халқы арыз қылды.
Тажир айтты: – Жүсiптi көргiзбеймiн,
Iшiне сарайымның кiргiзбеймiн.
Ер басына бермесең бiр тiлләдан,
Үйiмнiң маңайынан жүргiзбеймiн.
Разы болып, бiр тiлләдан берiстiлер,
Дұғардың сарайына кiрiстiлер.
Көрген жан жамалына тояр емес,
Кешке шейiн кезекпен көрiстiлер.
Екiншi күн барша жұрт және келдi,
Екi алтыннан қолына ала келдi.
Жүсiп жүзiн көрмекке ғашық болып,
Көрген жан, зар сәргардан қайран қалды.
Үшiншi күн, төртiншi күн, бесiншi күн,
Артадылар һәр күн сайын бiр-бiр алтын.
Көрген жан жамалына тояр емес,
Болмайды көрген жанның ақылы бүтiн.
Онан кейiн үшiншi күн тамам болды,
Ер басына он-оннан алтын салды.
Көрген жандар есiнен танып жатыр,
Шаһарда адам қалмай бәрi келдi.
Кейбiр жандар көредi қарсы алдынан,
Кейбiр жандар көредi арт жағынан.
Жете алмай сырттан сұрап, кей жандар тұр,
Жүзiн көрген талып жатыр ақылынан.
Артқыға алдыңғылар жол бермейдi,
Топырлап, бiрiн-бiрi жiбермейдi.
Қолдарында көрсетiп тiлләларын,
Сырттағылар дауыстап, қол сермейдi.
Жүзiн көрген мал-жаннан жұмла бездi,
Көре алмаған жанынан үмiт үздi.
Шоқынып, шұлғып жатыр көрген жүһүд,
Есi ауып, жиырма мың адам өлдi.
Сол уақытта Құдайымнан пәрмен болды,
Мәлiк Дұғар Жүсiптi алып келдi.
Қораның ортасына алтын табақты
Қойды да, Жүсiпке «оған отыр» дедi.
Мәлiк сонда жұртына жар шақырды:
– Ендi мен Жүсiптi сатам,– дедi.
Жеткiзiп харидарлар баға қылса,
Ақшасы жеткен адам алсын,– дедi.
Мұны естiп жиылады Мысыр елi,
Ұлы-кiшi, бай-пақыр бәрi келдi.
Шамасы келетiн де, келмейтiн де
Бәрi де «мен алам» деп үмiт қылды.
Бiр кемпiр келдi сонда «мен алам» деп,
Қолындағы бар пұлы – бiр келеп жiп.
Сылтауменен Жүсiптi көрiп алды,
Һеш малы болмаса да айла қылып.
Сол уақытта бiр салт басты қыз бар едi,
Әкесiнiң аты Табиун едi.
Бұ хабарды һәркiмнен естiген соң,
Көрмекке аламын деп о да келдi.
Мың түйе алтын-күмiс жүк әпкелдi,
Жүз құл, жүз арғымақ тағы әпкелдi.
Жүз құлын киiндiрiп, ат мiнгiзiп,
Жүз қыздың бәрi сұлу және әпкелдi.
Осындай салтанатпен келдi сол қыз,
Жүсiпке назар қылды есiтiңiз.
Пайғамбарлық рисалат нұрын көрiп,
Қайран болып Жүсiпке тұрды ол қыз.
Жүсiпке айтты сонда ол қыз тұрып,
Жаһанда артық туған жүзiн көрiп.
– Қандай жанның ұғылысыз,– дедi,– жаным?
Адамзат туады екен сiздей болып.
Жүсiпке айтты: – Әй, ұғлан, шығар сөзiң,
Сататын құл емессiң сенiң өзiң.
Қай патша, қай сұлтанның баласысың?
Құл деуге батпай тұрмын менiм өзiм.
Құл деп айту сiздердi лайық емес,
Сiздердi сауда қылу байлық емес.
«Сатып алам» деп айтар неткен адам,
Сiздерге дүния малы баға келмес.
Не үшiн қайғың үлкен, қатарың тар?
Қам, құса жар болып-дүр саған, әй, жар.
Ахуалыңды айтсаңшы, жаным, маған?!
Бұ iске сiздi салған қандай жандар?!
Дәл сiздей бұ жаһанда адам болмас!
Сiзге ұқсап дүнияда адам тумас!
Сiздi мен перiштесiз деп ойлаймын,
Сипаты адамзаттың сiздей болмас!
Сiздi естiп, малымды жиып келдiм,
Сiздi сатып алмаққа үмiт қылып.
Ендi баға қылуға қорқып тұрмын,
Асығып әпкелiп ем мың түйе жүк.
Барша жұрт қыз сөзiне қайран қалды,
Сонда Жүсiп ол қызға жауап қылды.
Көзiнен гауһардай боп жас домалап,
Өз тiлiнше ол қызға сөйлейдi ендi.
Жүсiп айтты: – Халiмдi Ием бiлер,
Құлына оның әмiрi лайық болар.
Бұ iстi құдiретiмен салды маған,
Не қылса да пендесiне өзi қылар.
Жаратқан менi мұндай Тәңiрiм өзi,
Құдiретiмен берген Алла көрiктi жүздi.
Һеш адам бұза алмайды оның әмiрiн,
Пенденiң күнәкарлық барша сөзi.
Құл керек болса, менi алғын сатып,
Жиылған халайыққа бағалатып.
Әгар да малың маған жетпес болса,
Жаның сақта үйiңе барып жатып.
Мұны естiп Жүсiпке ғиззат қылды,
Иман айтып Тәңiрiге мүмiн болды.
Құдайым дiндi оған нәсiп қылды,
Дәруiштерге, жетiмдерге көп мал бердi.
Ғұмырын тағат бiрлән өткермекке,
Мешiт салып, сол жерде жатып қалды.
Бар Құдай жарылқады осы қызды,
Дүнияда естiмедi һешбiр сөздi.
«Иә, Алла, ендi маған иман бер!» деп,
Мал-мүлкi, дүниясынан түгел бездi.
Фаслу фи баян Зылиха
Жарандар, тыңлаңыздар, мына сөздi,
Зылиха патшазада – Таймус қызы.
Сипаты – бейiштегi хор мысалы,
Балқыды толған айдай нұрлы жүзi.
Ол Таймус патша едi күнбатыста,
Даңқы оның кеткен едi тiптi алысқа.
Құдай артық жаратқан патша едi,
Көп жаннан салтанаты артық, басқа.
Қылғаны салтанатпен ойын-күлкi,
Дүнияда көп патшадан артық көркi.
Зылиха қызы едi сол патшаның,
Дүнияда адамзаттан артық көркi.
Зылиха Таймус патша қызы едi,
Жастығы атасының тiзесi едi.
Бiр күн көрiп түсiнде Жүсiптi ол,
Ғашық болып, қайран боп қызып едi.
Жүсiптi көрушi едi Жақып қандай,
Тәнiнде көрер едi шыбын жандай.
Жүсiптi қандай жақсы көрсе Жақып
Зылиха атасына – о да сондай.
Зылиха ұйықтап едi бiр күн жатып,
Түс көрiп, көп қызыққа қалды батып.
Жүсiптi түсiнде көрiп ғашық болып,
Оянды зар еңiреп, жасқа батып.
Оянып, жылап-еңiреп тұра келдi,
Алдына атасының жылап келдi.
– Қарағым, неден шошып ояндың?– деп
Атасы Зылихадан сұрайды ендi.
– Қарағым, не себептен тұрдың жылап,
Зар ұрып, өзiңдi мұнша бұлап?!
Түсiңде қорықтың ба бiр нәрседен?
Сенi көрiп жүрегiм кеттi сулап.
Зылиха айтты: – Ұйқымда бiр түс көрдiм,
Түсiмде тамашалы бiр iс көрдiм.
Жаһаннан сипаты асқан сурет көрiп,
Зар жылап, соның үшiн мен аһ ұрдым.
Ол сурет көз алдымнан кетпей отыр,
Ұстауға қолым менiм жетпей отыр.
Ақыл, һүшім, сабырымды жұмла алып,
Көңiлiм бұл дүнияға бiтпей отыр.
Таймус айтты: – Мен оны көрсем едi,
Тұрағын қайда екенiн бiлсем едi.
Нәсiп болса, оны мен саған қосып,
Жолыңда жаным пида қылсам едi.
Онан соң Зылиханы қайғы басты,
Қуарып, күннен-күнге түсi қашты.
«Жүсiп» деп, күнi-түнi жылауменен
Ұйқы жоқ, татпас болды тағам, асты.
Осындай қайғыменен бiр жыл болды,
Түсiнде Зылихаға Жүсiп келдi.
«Зылиха, насихатым тұтыңыз» деп,
Ол Жүсiп насихатын айтады ендi:
– Тыңласаң, мен сенiкi, сен менiкi,
Ойлама олай-бұлай өзге кептi.
Көңiлiңiздi аударма ғашықтықтан,
Шығарма қатерiңнен, асла, менi.
Зылиха үшбу сөзге разы болды,
Оянып, ұйқысынан тұра келдi.
Оянса, қасында жоқ әлгi сурет,
Есi танып, сол жерде жығылды ендi.
Атасы мұны көрiп болды қайран,
Түскенiн ғашық оты бiлдi баян.
Ертеңнен кешке шейiн тұрмай жатты,
Қылса да неше түрлi айла, дәрмен.
Жатады үш күн, үш түн тағам татпай,
Бiр ауыз һеш адамға жауап қатпай.
Әйтеуiр тiрiлiк бар рахаты жоқ,
«Аһ!» дейдi анда-санда тыныш жатпай.
Дәрiгерлер бұған дауа қыла алмады,
Кеселi не екенiн бiле алмады.
Не ұйқы, не күлкi жоқ, тағам татпай,
Тiк басып аяғынан жүре алмады.
Үшiншi жыл Жүсiптi және көрдi,
Жүсiптен ол Зылиха жауап сұрды:
– Жолыңда қайран қылдың менi мұндай,
Айтсаңшы, мекенiңiз қайда?– дедi.
Жүсiп айтты: – Зылиха, менi iздесең,
Мысырдың патшасымын, менi бiлсең.
Иншалла, жетерсiң мұратыңа,
Мысырда қосыласыз iздеп келсең.
Сабыр қыл, асықпаңыз, иә, Зылиха!
Жалбарғыл сабыр қылып жалғыз Хаққа.
Сабырсыздық пендеге пайда бермес,
Жетерсiң сабыр қылсаң тез мұратқа.
Зылиха бұл түсiнен оянады,
Қуанып бұл түстi ойға алады.
Атасына айтады бұ ахуалын,
Дертiнен онан кейiн оңалады.
«Мысырдың патшасы – ол жаны,
Көңiлiме салған менiм көп сәнаны».
Түзелдi Зылиханың ақыл, көркi,
Түзелдi сөзi менен түрi дағы.
Зылиха мағриб шаһтың қызы едi,
Ел-жұртының аузында сөзi едi.
Мұнан басқа перзентi жоқ атасында,
Айтатын шаһзаданың өзi едi.
Мекенi Зылиханың – мағриб елi,
Өлшеуi – Мысыр менен ара жолы,
Почтамен ай жарымда жетер екен,
Жүргенде тоқтамастан күнi-түнi.
Жиырма жетi ат мiнген жолаушылар,
Һәрбiрiнiң басында алтын тәждар.
Баршасы Зылиханы айттырмаққа
Әпкелдi қисабы жоқ қанша малдар.
Жiберген бiр падишаһ елшiсi едi,
Елшiлер Зылиханы тiлеп едi.
Атасы Зылихадан сөз сұратса,
«Менi Мысыр патшасына берсiн» дедi.
Бұ сөздi атасына айтып салды,
Атасы қызының сөзiн қабыл алды.
Нама жазып Мысырдың патшасына,
«Бiр қызым бар, некахлап алсын,– дедi.
Таймус ибн Талус менмiн анық,
Бар едi жалғыз қызым сiзге лайық.
Мақұл десең, жiбергiл елшiлерiң,
Сiзге оны ғашық қылды Жаппар Халиқ.
Шаһзадалар көп тiлер, һәркез бармас,
Сiзден өзге адамды рауа көрмес.
Мақұл көрсең, жiбергiл қағаз жазып,
Көңiлiнен сiздi қызым һеш шығармас.
Соның үшiн қызымды сiзге берем,
Мың түйе жүк қызыма жасау қылам.
Мың қашарға беремiн алтын артып,
Қызметкерге тағы да мың құл берем.
Онан кейiн мың сұлу қыз беремiн,
Ненi қызым қаласа, құп көремiн.
Алтын менен күмiстен ер ерттетiп,
Мың атты жетелетiп бос беремiн.
Ол уақытта Мысыр шаһы Қытфир едi,
Елшiлер хатты алып жетiп келдi.
Елшiлердiң намасын қолына алды,
Қытфир шаһ оқып көрiп: – Мақұл,– дедi.
Мен де сүйем өзiмдi сүйген жанды,
Оңалтпаймын залалы тиген жанды.
Жақсылықтың жолында жаным пида,
Мен неге жақтырмайын ондай жанды?!
Мұны айтып хат жазды Қытфир шаһы,
«Һәрқашан қажетiңе бiз панаһи».
Сәлем айтып, хат жазып Таймус ханға,
Жiбердi бiр елшiнi бұ да тағы.
Қытфирдың елшiлерi келдi жетiп,
Хатын бердi Таймусқа тағзым етiп.
Таймус хан оқып болып хат-намасын,
Жөнелтпек болды қызын жол түзетiп.
Мың түйе, мың қашарға жүктер артты,
Жiбектен һәр қайсысына арқан тартты.
Зылиханың қызметiне бермек үшiн,
Мың құл, мың қыз тағы да даярлатты.
Осындай қып жөнелттi Зылиханы,
Неше күнде Мысырға жақын келдi.
Салтанаты жаһаннан асқаннан соң,
Тамашаға қаратты тамам елдi.
Харир киiп, тәж орап, таққа мiндi,
Шат болып Зылиханың көңiлi тынды.
Нұры күндей балқыды Зылиханың,
Қалдырмай көңiлiнде зәрра мұңды.
Қуанды «Мұратыма жетемiн,– деп,
Дүниядан патша болып өтемiн,– деп.
Ғашық болған жарыма қосылған соң,
Ғайш-ғишрат iстердi етемiн» деп.
Бiр уақытта бектерменен патша келдi,
Бектер шығып, шаһ үйде жалғыз қалды.
Зылиха көрсе, ерi – бөтен кiсi,
Зар еңiреп оны көрiп, фариад қылды.
Зылиха зар жылайды фариад салып,
Қызметкерлер жиылды қайран қалып.
Алдына қызмет қылған қыз-келiншек,
Айтады Зылихаға бәрi келiп:
– Мысырдың патшасы – Қытфир осы,
Үшбу-дүр сұлтан ғазиз саған қосы.
Әдепсiздiк қылмаңыз, ұят болар,
Өзiң iздеп келген ерiң осы.
Мұны естiп Зылиханың ақылы ұшты,
Фариад қып, есi ауып жерге түстi.
Қытфир шаһы жылайды мұны көрiп,
Уәзiрлер патшаменен қайғырысты.
Қыз-қатындар сұрайды шаһ жайын,
– Нелiктен зары ұрып, қылдың фаған?
Бiздерге мағынасын баян қылғыл,
Патшаны көрiп, қорықтың не мағынадан?
Зылиха айтты: – Алыс қалды менiм елiм,
Аһ, неден ғарiп болып, сынды белiм!
Неше күндiк мехнатым зая кетiп,
Болмады бұ сапарда менiм жолым.
Түсiмдегi көргенiм осы емес,
Бұ патшаң, сiрә, маған лайық емес.
Мен түсiмде көрiп ем бiр суреттi,
Ақыл, көркi, мiнезi бiр ұқсамас.
Нұрлы едi толған айдай оның жүзi,
Бал-шекерден тәттi едi айтқан сөзi.
Онсыз маған керек емес үшбу жаһан,
Дертiме дауа едi һәр лебiзi.
Маған ол анық уағда қылып едi,
Уағдасын не себептен хилаф қылды.
Алыста қалды менiм қайран елiм,
Еңбегiм, бейнеттерiм зая болды.
Зылихаға көп насихат қылды қыздар:
– Һеш қызық көре алмаймыз сенсiз бiздер.
Сабыр қылсаң, жетерсiң мұратыңа,
Құр бекер қасiрет ұрып, қылмағыл зар.
Қайдан бiлдiң Құдай себеп қылмайтынын,
Ол түсiң расқа келмейтiнiн.
Құдайға һәр не қылса қиын емес,
Кiм айтты мұратыңның болмайтынын.
Зылиха бұ үгiттi рауа көрдi,
Мысырда тұрмақтыққа көңiл бұрды.
Һеш адамға айтпады бұ сырларын,
Қытфир дағы бұ сырдан бiлмес едi.
Зылиха сонда тұрды сабыр қылып,
Қытфирдан өзi тағы құп сақтанып.
Қайғыменен шөптей боп, солып кеттi,
«Аһ, Жүсiп!» деп, күнi-түнi көп зарланып.
Құдай аман сақтады Зылиханы,
Жүсiп үшiн сақтады Тәңiрiм оны.
Зылиха деп құшады Қытфир ханы,
Жын қызын қосып қойды Жаппар Ғани.
Зылиха ол Қытфирға мұтиғ болмас,
Сақтанып, түн болғанда жақын келмес.
Зылиха деп құшады жынның қызын,
Қытфир шаһ бұ iстерден хабар бiлмес.
Соныменен жетi жыл тамам өттi,
Жүсiп нәби Мысырға жақын жеттi.
Мысырға келiп құл боп сатылғанын,
Ұлық-кiшiк ол шаһар жұмла есiттi.
Базарға шапқыласты мунадилер,
«Бұ ұғланды кiм сатып аладылар?!»
Базарға алып шығып жарқыратып,
Пердесiн жүзiндегi көтердiлер.
Һеш адам мұны сатып ала алмады,
Қасына бiреу жақын келе алмады.
Дүния малын салмаса жиып әкеп,
Мысырдың малы баға бола алмады.
Жұртына әмiр қылды Қытфир патша:
– Он қатар майдан жерге үстел жаса!
Ортасына бiр таққа Жүсiптi қой,
Жұрт түгел көрiп тұрсын қанша болса!
Он қатар үстел, күрси келтiрдiлер,
Айнала көтiн қойып отырдылар.
Жүсiптi әкеп қойды ортасына,
Сабыр қылмай барша жұрт тiк тұрдылар.
Жүсiптi көрдi сонда жұрттың бәрi,
Ұлы-кiшi, шаһарда жас пен кәрi.
«Күндей боп жарқыраған немене?» деп,
Зылиха жетiп келiп көрдi оны.
Зылиха айтты топқа келгеннен соң,
Жүсiптi тани қалды көргеннен соң,
Бихуд болып жығылды һүшы кетiп,
Отырды есiн жиып алғаннан соң.
Зылиха есiн жиып түрегелдi,
Тұрған соң қыз-қатындар бәрi келдi.
– Нелiктен есiң ауып жығылдың?– деп,
Баршасы Зылихадан сұрайды ендi.
Зылиха айтты: – Қойыңдар мен тұрайын,
Азырақ бiр мәслихат, кеп құрайын.
Мұратым, уаслiмнiң күнi туды,
Фирқат халiн, ахуалын мен сұрайын.
Жаңа келдi қажетiм, оны бiлгiн,
Сiз оны мен үшiн сатып алғын.
Аяма, қанша баға десе дағы,
Патша сарып қылсын барлық малын.
Базарға, жар шақыртты шаһарына,
Елiнiң хабар салып баһарына.
«Он түрлi өнерi бар бұл құлдың» деп,
Мысырдың мағлұм қылды шаһарына.
– Әуелi, орта бойлы, гауһар көздi,
Екiншi, өзi сұлу, көркем жүздi.
Үшiншi, жетпiс екi тiлдi бiлер,
Сөйлесе, балдан шырын, жұмсақ сөздi.
Төртiншi, шапағатты, мурууатлi,
Бесiншi, алып жүректi, бек айбатты.
Алтыншы, қырық кiсiнiң қуаты бар,
Бұ жүрген кiсiлерден һәм қуатты.
Жетiншi, дiнi таза, дианатты,
Сегiзiншi, залым емес, аманатты.
Тоғызыншы, пайғамбардың нәсiлiнен,
Оныншы, мiнезi артық, сөзi тәттi.
Патша мұны естiп қайран қалды,
Жүсiптiң жамалына назар салды.
Патшаның есi кетiп сол арада,
Жүсiптi көргеннен соң талып қалды.
Патша: – Мұны маған сатқын,– дедi,
Гауһар, жақұт, алтынға батқыл,– дедi.
Не десең де алайын бұ құлыңды,
Бағасын қазiр маған айтқыл,– дедi.
Мәлiк айтты: – Таразыға өлшеп көргiн,
Өзiнiң салмағындай алтын бергiн.
Төрт түлiк малдарыңды тағы алдырып,
Малыңнан сондай малды тағы бергiн.
Патша осы сөзге разы болды,
Алдына қазынаның өзi келдi.
Жүсiптi таразыға отырғызып,
Әпкелiп бiр жағына алтын салды.
Қисапсыз таразыға алтын салды,
Жүсiпке сонда дағы тең келмедi.
Жүсiпке барабарға жеткiзем деп,
Патшаның қазынасында түк қалмады.
Патша үй аспабын жиып алды,
Гауһар, жақұт, iнжу, маржан бәрiн салды.
Таразыға салуға нәрсе таппай,
Патша «бұ қалай?!» деп қайран қалды.
Патша айтты: – Ендi мен кедей болдым,
Барымды өзiмдегi тамам қылдым.
Дүния малын жисам[да] тең келер емес,
Ендi алуға мен[iң] күшiм жетпей қалды.
Ал десең, қалғанын сыйла маған,
Болмаса, не беремiн ендi саған?!
Бұған разы болмасаң, берерiм жоқ,
Өзiмде бiр пұл қалмады, бiттi һаман.
Тажир айтты: – Бұған мен разы болдым,
Жетпесе де бұ малды баға қылдым.
Баланы шын алмаққа құмар болсаң,
Қалғанын, тақсыр, сiзге сыйлау қылдым.
Ол Дұғардан Жүсiптi патша алды,
Жүсiпке Мәлiк Дұғар назар салды.
Алдында нәбуат нұрын көрiп,
Өкiнiп сатқанына жылап қалды.
Жылап-жылап сөйледi Мәлiк Дұғар:
– Мен бұрын бұ жайыңды бiлсем, әгар.
Аһ, дариға, iс қолымнан кетiп қалды!
Сатпас ем бұрын, Жүсiп, берсең хабар.
Мәлiк Дұғар айтады: – Жүзiң нұрлы,
Һеш адамда көрмедiм сендей нұрды.
Перi ме, перiште ме деп ойлаймын,
Жайыңды, Жүсiп, маған айтшы ендi.
Жүсiп айтты: – Сырымды айтайын мен,
Менiм жайым саған мағлұм, айтайын мен.
Мәлiк Дұғар, бұ сөзге уағда қылғыл,
Һешкiмге менiм сырым айтпағыл сен.
Сiз менiм кiм екенiмдi бiлгiл анық,
Ақиқат пайғамбармын, бiлгiл танып.
Арғы атам – Халиолла, бабам – Ысқақ,
Қардашым – Зәбихалла, атам – Жақып.
Дұғар оны естiп қайғырды көп,
– Мен бұрын бұ жайыңды бiлмедiм,– деп.
Қапыда айырылдым сыдығымнан,
Пайғамбар екенсiз ғой – шын асыл тек.
Жайыңды бұрын сiздiң бiлсем едiм,
Әгар бiлсем, құлдыққа сатар ма едiм?!
Өлгенiмше өзiңе өзiм құл боп,
Азат қылып, атаңа iлiтер едiм.
Жүсiп айтты: – Ендi iс қолдан кеттi,
Бұ iстi Тәңiрi маған тағдыр еттi.
Хақ әмiрiне мойынды ұсынбақ керек,
Осындай болмақ iстi рауа еттi.
Мәлiк Дұғар айтады: – Жүсiп сыдық,
Бар едi жалғыз қызым, һеш ұғылым жоқ.
Һеш күмәнсiз дұғаңыз қабыл болар,
Тiлеймiн маған дұға қылыңыз деп.
Жүсiп сушы Мәлiкке дұға еттi,
Дұғасын Алла Тағала қабыл еттi.
Ол Мәлiкке Жүсiптiң дұғасымен,
Жиырма төрт ұғылды нәсiп еттi.
Мәлiк Дұғар Жүсiптен жауап сұрды:
– Сiздi маған сатқандар кiмдер едi?
Не себептен саттылар сенi маған?
Сiз маған сол сырыңды айтшы,– дедi.
Жүсiп айтты: – Ол сырымды һеш айтпаймын,
Уағда қылған сөзiмнен һеш қайтпаймын.
Iшiмдегi сырымды жұртқа жайып,
Шайтанның көңiлiн байытпаймын.
Екеумiз айырылатын уақыт жеттi,
Әй, Мәлiк, маған разы бол, – деп айтты.
«Мен Жүсiптi көрдiм» деп, адамға айтпа,
Көңiлiңе сақта үшбу аманатты.
Қытфир шаһы онан соң ой ойлайды,
Iшiнде ойламаған ой қалмайды.
«Қазынамда қалмады бiр тиын пұл,
Жүсiптi неге алдым?!» деп қайғыланды.
Сонда Жүсiп сөйлейдi патшаға:
– Бiр кiсi жiбер,– дедi,– қазынаға.
Бiр кiсi қазынаға барып келсiн,
Қаласыз онан кейiн тамашаға.
Сонда бiреу қазынаға барып келдi,
Қазынадан хабарды алып келдi.
«Қазынашы бағып тұр қазынасын,
Алтын-күмiс толы» деп хабар бердi.
Жүсiп айтты патшаға: – Иә, сұлтан,
Жаратқан ием бар-дүр ұлық Сұбхан.
Жоқ iстердi бар қылмақ оған оңай,
Не болса да одан-дүр жұмла ихсан.
Бiлсеңiз, бұ ғинаят ол Тәңiрден,
Тысқары һеш iс болмас әмiрiнен.
Көп шүкiрлiк қыламын Құдайыма,
Һеш нәрсе үмiт қылман мен сiздерден.
Жүсiп сөзiн ол патша тыңлап тұрды,
Нәсiлi таза екенiн анық бiлдi.
«Таза күтiп, мұны сен сақтағыл» деп,
Жетелеп Зылихаға алып келдi.
– Зылиха, бұл балаға құрмет қылғыл,
Өзiне лайықтап ғиззат қылғыл.
Бiздерге осы бала ұғыл болсын,
Менi қандай сыйласаң, артық қылғыл.
Зылиха патша сөзiн мақұл көрдi,
Бек құрметтеп Жүсiптi сыйлай бердi.
Үш жүз алпыс түрлi тон даярлап,
Күн сайын бiр түрлiсiн киiндiрдi.
Жүсiп айтты бiр күнi Зылихаға:
– Бұ киiмдер бәрi маған рауа ма?
Патша кимес киiмдер кидiресiз,
Ұятқа қалып жүрме маған бола.
Зылиха айтар: – Тыңлағыл, иә жаным,
Патша өзi бұйырған мұның бәрiн.
Патша бек шаттанар кигенiңе,
Жақсы киiм киуден ұялмағын.
Өз қолымен Жүсiптiң шашын тарар,
Iнжу, маржан, меруертпен байлап-орар,
Күннен-күнге артады ғашық оты,
Көрген сайын қалмайды сабыр, қарар.
Мүшкiл халге түстi ол онда гозин,
Бiр сағатқа көрмесе Жүсiп жүзiн.
Не сөйлесе «Жүсiп» деп жауап қылар,
Iлмейдi құлағына кiсi сөзiн.
Сол заманда бiр адам қан алдырса,
Хәжжам оның тамырына ништар ұрса.
«Жүсiп» деп жазылады жер үстiне,
Әгар да қаны барып жерге тамса.
Ол Зылиха аспанға назар салса,
Көктегi жұлдыздарды көрер болса.
Барша жұлдыз көңiлiнде «Жүсiп» дедi,
Ол Зылиха Жүсiптi көңiлiне алса.
Ғашық отымен Зылиха есiн танды,
Жүрегi ғашықтықпен оттай жанды.
Жүсiптiң бiр қолынан махкам ұстап,
Жетелеп пұтханаға алып келдi.
– Әй, санам, арыз айта келдiм саған,
Өзiме лайық екен үшбу ұғлан.
Бұл баланың көңiлiн маған салып,
Бiр медет жасай көргiл ендi маған.
Арыз қып ол санамға зар жылар,
Тақаты жоқ көңiлiнде сабыр қылар.
Пұтына жалбарады арыз айтып:
«Тыныш қыл,– деп,– қажетiмнен көңiлiм тынар».
Жүсiп сушы оны көрiп дұға қылды,
Пұт сынып, сол арада талқан болды.
«Жүсiптi пайғамбар деп сөйлегiн» деп,
Ол пұтқа бiр Алладан әмiр келдi.
Ол Зылиха Жүсiптен жауап сұрды:
– Қарап тұрып пұт сынып ненi көрдi?
Жүсiп айтты: – Құданың құдiретi,
Бұ iстi қаламады саған,– дедi.
Зылиха айтты: – Үшбу iс ондай болса,
Бұ санамға басқадан әмiр болса,
Дұға қылып түзеткiн, Жүсiп, мұны,
Жақсы болар бұл санам бүтiн болса.
Қорқамын пұтханаға патша кiрсе,
Сынып жатқан санамды, әгар, көрсе.
Не деп жауап беремiз патшаға,
«Кiм сындырды?» деп, бiзден жауап бiлсе.
Мұны естiп Жүсiп сушы дұға қылды,
Құдайым дұғасын қабыл қылды.
Зылиха қайран қалды мұны көрiп,
Ол пұты баяғыдай бүтiн болды.
Онан кейiн ғашықтық әсер қылды,
Ғашықтығы күннен-күнге қатты болды.
Ас iшпестен сарғайды, ұйқы көрмей,
Нұр жүзi Зылиханың гүлдей солды.
Бiр күнi Зылихаға патша келдi,
Шақырып бiр табибты алып келдi.
Тамырын кеп ұстады табиб сонда,
Ғашық оты екенiн заһир бiлдi.
Тәбиб айтты: – Бұ дертке дауа болмас,
Қанша ем қылғанменен дәрi қонбас.
Әйтеуiр мұның дертi iшiнде екен,
Мәнiсiн кеселiнiң айтып болмас.
Фаслу Зылихадан ахуал сұрағаны даясының
Зылиха бiр күн үйде жатыр едi,
Бiр даясы бар едi оны көрдi.
– Әй, ханым, сенiң халiң қалай болған?
Мәнiсiн кеселiңнiң айтшы,– дедi.
Әй, жаным, не себептен қатарың тар?
Сарғайып, қатты азыпсың не азабың бар?
Өлуге де қалыпсың қатты жүдеп,
Мәнiсiн ренжуiңнiң қылғыл азһар.
Зылиха даясына айтты сырын:
– Менiм бұ халiмдi заһир бiлiң.
Кiсiге айта көрме, ана,– дедi,
Һешкiмге айтқаным жоқ мұнан бұрын.
Әй, ана, ол сүйгенiм – құл ұғланы,
Анықтап бiлемiсiз сiздер оны.
Соған мен ғашық болып, болдым мұндай,
Өлер халге жеткiздi ендi менi.
Даясы айтты: – Iс болса мұндай саған,
Айтпадың бұрын неге оны маған?
Мұратыңды қылар ем сенiң хасыл,
Ұялып, айтпай жүрген өзiң жаман.
Әй, жаным, ғашық iсi оңай болмас,
Һеш табиб, дәрiгер оған дауа қылмас.
Ғашықтықтың мәнiсiн мен айтайын,
Барша жұрт күлсе дағы ғашық күлмес.
Зылиха айтты: – Әй, ана, шын айтасың,
Көңiлiмдегi iстердi құп табасың.
Әй, ана, ғашықтықтан өлер болдым,
Дертiмнiң дауасына не қыласың?
Даясы айтты: – Малың сарп қылмақ керек,
Ғашық кiсi малынан безбек керек.
Ғашықтарға бұ дүния неге керек?
Мал шашып, мұратына жетпек керек.
Зылиха айтты: – Әй, ана, разы болдым,
Не деген жауабыңа иқрар қылдым.
Не десеңде алайын тiлiңiздi,
Мал-мүлкiмдi бұ үшiн пида қылдым.
Кемпiр айтты: – Жиғызғын ұсталарды,
Жасатқын тiптен артық бiр сарайды.
Һәмма iшi нақышты, алуан болсын,
Ақылын алып тұрсын көрген жанды.
Iшiне дүр, маржан, фарш төсесiн,
Қызыл алтын ағаштар онда тiксiн.
Бiр ағашта жүз түрлi бұтақ болып,
Басында жемiстерi пiсiп тұрсын.
Түрлi-түрлi теректер онда тiксiн,
Теректерi алтын мен ақық болсын.
Бiрнеше iнжуменен лағыл болып,
Бiрнеше өңкей қызыл маржан болсын.
Алтыннан оған арғымақ ат жасасын,
Гауһар, жақұт, iнжу, маржан тұрман тақсын.
Жайнап тұрсын ағаштар[дың] жемiстерi,
Көрген жан қайран қалып, һүшы кетсiн.
Ол ағаштар бастарына құс қондырсын,
Сарайдың тамашасы мұндай болсын.
Дүниядағы иiстi гүлдiң бәрiн егiп,
Сарайдың тамашасы мұндай болсын.
Жұпар мен зағыпыранның гүлiн ексiн,
Жетпiс жерге гауһардан қанадил бiтсiн.
Ғұд ғинбар мисктiң бәрiн өртеп,
Бұ дүния нақышының бәрi бiтсiн.
Ол үйдiң ортасына тақыт орнат,
Өзiң асыл киiм ки неше қабат.
Басыңа гауһар, жақұт тәж орнатып,
Тақытқа отырыңыз хорлар сипат.
Жүсiптi сол уақытта қасыңа алғын,
Сөзiме айтқан құлақ салғын.
Жүз мың сабыры болса да кетер құлап,
«Тақытқа отыр» деп, жетелеп қолын алғын.
Жүсiбiң сол уақытта сенi көрсе,
Көрген соң, саған оның көңiлi ерер.
Мұратыңды хасыл қып сол арада,
Дертiңе басыңдағы дәрмен берер.
Зылиха кемпiр сөзiн мақұл көрдi,
Кемпiрге сыйлау қылып алтын бердi.
Онан арман Зылиха өлмек болды,
Бiр күнi патша тұрып жауап сұрды.
Зылиха айтты: – Жиғызғын ұсталарды,
Жасатқын маған лайық бiр сарайды.
Ол сарай бұ жаһаннан артық болсын,
Көңiлiм қалап тұрар сондай жайды.
Кең сарай, нақышы асқан үй жасатшы,
Жаһаннан артық болсын тамашасы.
Миуа пiсiп, iшiнен сулар ақсын,
Һәр алуан жемiс болсын – ағаш басы.
Қытфир патша жұртына әмiр қылды,
Ұсталар, нақышшылар бәрi келдi.
Бұ жаһаннан өрнегiн артық қылып,
Айтқанындай бiр сарай-бина қылды.
Зылиха дүр, маржан тәж орнатты,
Үстiне алтын қамқа тон киiндi.
Гауһардан алқа салып, үйге кiрiп,
Мысалы толған айдай боп көрiндi.
Үйге кiрiп Жүсiптi «Келсiн,– дедi,
Сарайдың тамашасын көрсiн» дедi.
Көңiлiнде һешнәрсе жоқ келдi Жүсiп,
«Қасымда, тақта бiрге тұрсын» дедi.
– Қасыма таққа отыр, келгiн,– дедi,
Менi патша саған бердi, бiлгiн,– дедi.
Мұны айтып қолынан ұстап алды,
– Сұхбатты бiрлән құрғын,– дедi.
Сол уақытта Жүсiп айтты: – Құдауанда,
Құдiретiңмен келтiрдiң менi мұнда.
Фазылыңмен сақта менi сабыр берiп,
Билiк жоқ бұ фитнада, асла, менде.
Зылиха айтты: – Мен сенi түсте көрдiм,
Көрмекке жамалыңа ғашық болдым.
Мұратымды қылыңыз бүгiн хасыл,
Елiмнен сiздi iздеп мұнда келдiм.
Зылиха берiк ұстады Жүсiп қолын,
Бекiтiп қойды бәрiн кетер жолын.
Толған айдай балқыды Жүсiп нұры,
Кетiрдi Зылиханың сабыр, көңiлiн.
Жүсiп айтты: – Аулақ сарай безенiптi,
Зылиха хор секiлдi түзенiптi.
Шайтанның уасуасасынан сақта, Алла,
Малғұндар аздырмаққа кезенiптi.
Жүсiп айтты: – Әй, Зылиха, жiбер қолым,
Ұнамас асла, сiрә, сенiң мұның.
Көп қорқамын жаратқан Аллаһымнан,
Баспайды кiнә iске менiм көңiлiм.
Сенiң бұл айтқан iсiң қыла алмаймын,
Шерменде Хаққа асы бола алмаймын.
Сабыр қылсаң, сынады шайтан мойны,
Фасад iстеп, боққа аунап қала алмаймын.
Зылиха айтты Жүсiпке қарсы тұрып:
– Қайтiп сабыр қыламын сенi көрiп.
Мiнезiң жаннан жақсы, жүзiң көркем,
Кетпесең жiбермеймiн тек өлтiрiп.
Сенi көрiп, кетiп тұр ақыл, һүшім,
Өртенiп бара жатыр күйiп iшiм.
Сарайдың жан-жағына көзiңдi сал,
Жасаттым бұ сарайды сенiң үшiн.
Жүсiп сонда бұл сарайға қарайды ендi,
– Жарайды, сарайыңыз жақсы,– дедi.
Жалғыз өзiң отырсың, патша жоқ,
Екеуiң бiрге отырсаң жарар,– дедi.
Сонда Зылиха Жүсiпке жауап берер:
– Патшаның бұ сарайда не iсi бар?!
Саған арнап жасаттым мұны өзiм,
Сарайдың өрнектерi саған ұқсар.
– Менi патшам пұлына сатып алды,
Мен үшiн сарп қылды талай малды.
«Балам» деп жүр бұл күнде патша менi,
Атама ойламаймын залым халдi.
Қиянатты Құдайым, асла, сүймес,
Дұшпанынан азабын һеш көтермес.
Бала қылған патшаға жәбiр қылсам.
Құдайым, асла, маған рахмат бермес.
Сөз кiрмес Зылиханың құлағына,
Насихат сөз кiрмейдi бұл шағында.
Өз сөзi Зылихаға мақұл едi,
Жүсiптi алсам дедi құшағына.
Айтқан сөзi – Жүсiптi бәрi мақтау,
Жүсiп көңiлi – патшаның тұзын ақтау.
Жүсiпке жалынады зарлықпенен,
Жүсiп айтар «Илаһи, өзiң сақта!»
– Әй, Жүсiп, жүзiң нұрлы, сөзiң – шырын,
Бұ күнде iшкен асым – у мен iрiң.
Сен сөйлесең, көңiлiмнен сабырым кетер,
Сөзiмнiң тыңламайсыз бiрде-бiрiн.
Менiм сiзден тiлегiм – жан рақаты,
Нұр жүзiңнiң ыстығы iшiме өттi.
Қанжардай тiлдi бауырым[ды] нұрлы жүзiң,
Суретiң, ғажап түрiң, лебiзiң тәттi.
Саған ұқсар һеш адам болмас, сiрә,
Жан-тәнiм сенсiз қарар қалмас, сiрә.
Фирағыңда өртендi күйiп iшiм,
Дүнияны екi көзiм көрмес, сiрә.
Һилал сипатындай қастарыңыз,
Тiзген мерует секiлдi тiстерiңiз.
Өз қолыммен өруге лайықты тұр,
Жұпар сүмбiл секiлдi шаштарыңыз.
Бойың зипа, миск жұпар шашыңыз бар,
Мұхиттың гауһарындай басыңыз бар.
Кiрпiктерiң өкпеме қадалып тұр,
Нелiктен болдың маған қатарың тар?
Ақық пенен жақұттай жанарыңыз,
Алмадай қыз балықты иегiңiз.
Арманым жоқ, бiр сүйсем тамағыңнан,
Сымға тартқан күмiстей сүйегiңiз.
Жас шыбықтай майысқан бармақтарың,
Лағыл тастарындай тырнақтарың.
Алақаның жұмсақ-дүр харирдан,
Кафура сипатындай бiлектерiң.
Шын ақиқат, бейқарар қылдың менi,
Мағшұғым, қашан болар уасл күнi.
Жүзiңдi көрмей тұрсам, сабырым қалмас,
Құшамын, ғашық жарым, қашан сенi?!
Ақылымнан айырды екi көзiң,
Дертiме дауа болар айтқан сөзiң.
Сендей ұғыл тумайды һеш адамнан,
Муқарраб перiштедей анық өзiң.
Бұл сөздердi тыңлады Жүсiп сыдық,
Көңiлiн Зылиханың бiлдi анық,
Насихаттар айтады жылы сөзбен:
– Тыңла,– деп Зылихаға: – Құлақ салып.
Жүсiп айтты: – Зылиха, сөзiм тыңла,
Не айтқан жауабымды ұғып, аңла.
Жүзiң сұлу екен деп қызықпаңыз,
Өлген соң, нұр қалмайды үшбу тәнде.
Көрiктi жүз кебiн киiп, көрге кiрсе,
Көмулi көр iшiнде үш күн тұрса.
Қызықпақ түгiл, әуелi, қашар едi,
Қанша дос болса дағы сонда көрсе.
Көрiктi жүз көр iшiнде нұры кетер,
Менi сен ғашық болып сүйме бекер.
Шаш-мұрттарым сыпырылып, жидiген соң,
Сол уақытта көрсеңiз, зәрең кетер.
Қырағы көз көрмес боп солар сонда,
Iнжудей тiс төгiлiп қалар сонда.
Етiм шiрiп, сүйегiм қалған кезде,
Көрсеңiз, көңiлiң маған толар сонда.
Өлместей бiлiп тұрсыз бұ күн менi,
Нандырамын, Зылиха, не деп сенi?
Жаман iске Құдайдан қорқу керек,
Мордар iске қол суырып келмес жөнi.
Зылиха айтты: – Сенде менiм дертiм,
Қорқып, сабыр қыларға келмес уақытым.
Уисал шауқың көңiлiмдi ғарат қылды,
Фирақ отын жұтыппын көп қасiретiм.
Әй, Жүсiп, сенiң өзiң не ойлайсың?!
Көңiлiңдi маған қарап бiр қоймайсың.
Сен[iң] маған қызықпайтын күшiң жоқ па?!
Болмаса, бiр адамнан қорқамысың?!
Жүсiп айтты: – Қорқамын Жаратқаннан,
Жаһанды құдiретiмен жаратқаннан.
Сол себептен мен сiздi қаламаймын,
Ақырет азабынан қорыққаннан.
Жүсiптi құшақтап ап қысты қатты,
Күлiмдеп Жүсiп сонда езу тартты.
Атасының дуасы боп сол арада,
«Лә тақрабуз зина!» деп дауыс кептi.
Ғайыптан былай деген үн есiттi:
«Жаман iстен қолыңды тартқын!» дептi.
Ол аятты есiтiп қатты қорқып,
Онан соң Жүсiп нәби сабыр еттi.
Орнатқан пұт бар едi ол сарайда,
Ұқсатар Зылиха оны бiр Құдайға.
Бiр шапанмен ол пұтты жауып қойды,
«Құдайдан ұялам,– деп,– осындайда».
Зылихадан сұрады Жүсiп оны:
– Неге жаптың ол пұтқа шапаныңды?
Зылиха айтты: – Ұяламын мағбұдымнан,
Сол себептен жапқаным шапанымды.
Жүсiп айтты: – Зылиха, ақымақ болдың,
Ақымақ болып бұ iстi неге қылдың?
Сен пұтқа шапаныңды жауып қойдың,
Жаратқан бiр Аллаға мен не қылдым?
Жаратқан бәрiмiздi Қадiр Сұбхан,
Заһир ерүр Аллаға қанша пiнһан.
Жаны жоқ, құр сурет – сенiң пұтың,
Не керек құр суреттi жапқаның?!
Құдайдан безiп оған табынбағың!
Құдай көрер құдiретiмен, сурет көрмес.
Бұл iсiң тамұқ отын сағынбағың,
Құдай көрер құдiретiмен, сурет көрмес.
Құдайға жазғандығын құлы бiлмес,
«Ажал оғы» деп айтар оны пенде,
Алланың оғы тиген һәм оңалмас.
Бұ сөздердi Зылиха ойға алмады,
Көңiлi сонда дағы һеш қалмады.
Етегi мен қолынан берiк ұстады,
«Қашып кетiп қалар» деп сене алмады.
– Сен менiм жауабыма көнбей тұрсың,
– Құшақ жазып қойныма енбей тұрсың.
Дүниядағы қыздардан қай жерiм кем,
Неге менi лайық көрмей тұрсың?!
Жiгiттiк қызығынан неге қаштың?
Мен саған қанат жайып, қойнымды аштым,
Жiгiттiкте бiр қызық көрмеген соң,
Бекер-ақ өткенi ме есiл жастың?!
Жүсiп айтты: – Иләһи ғафур Рахман,
Менде жоқ мұнан кетер бүгiн дәрмен.
Есiк берiк, һеш тесiк жоқ мен құтылар,
Құдай-а, құдiретiңмен құтқар мұнан!
Сол уақытта нида келдi Аллаһымнан:
«Тiледiң, Жүсiбiм, рахмат менен.
Құдiрет бiрлән ашайын жетi есiктi,
Құтқару, медет менен, қашпақ сенен».
Мұны естiп «Алла» деп жұла қашты,
Құдiрет бiрлән есiктiң бәрiн ашты.
Жетi есiктiң бәрiнен шыққан жерде
Әбден шаршап, Жүсiптiң өкпесi ұшты.
Шыққан жерде Жүсiптi қуып жеттi,
Жеткен соң, артқы етегiн махкам тұтты.
Ұстаған жерiн жыртып алып қалды,
Қарамай етегiне қашып кеттi.
Қуып тысқа шыққанда патша көрдi,
Зылиханың ашуы келген едi.
Алдына шақырып алып бұл екеуiн,
Патша екеуiнен жауап сұрды.
Зылиха ашуланып жүгiрiп келдi,
– Бұ балаң маған қорлық қылды,– дедi.
Менi қатты бұйырды жаман iске,
Зынданға сал, иә, азап қылғын!– дедi.
Үшбу сөздiң дәлелi қаулаһу Тағала Қалат мә жазау мән ара- да би аһлика суа илла ән иусжана ау азабун алим
Патша айтты Жүсiпке: – Не iс қылдың!
Бұ iстi маған неге рауа көрдiң?!
Менi жұртқа осынша рәсуа қылып,
Тойынған соң, нәпсiңнiң тiлiне ердiң.
Жүсiп айтты: – Жаман iс қылғаным жоқ,
Хақтығым – Құдайға аян, көңiлiме тоқ.
Хақтығыма жас бала куә болар,
Ақтайтын Зылиханың куәсi жоқ.
Патша айтты: – Бар уәзiр ұғланына,
Он жетi күн болып-дүр туғанына.
Не деп бұған куәлiк берер екен?!
Қаралық расы мен жалғанына.
Жүсiп айтты: – Тыңлаңыз, иә сұлтан,
Сырымды бiлер менiм Азим Сұбхан.
Жас баланы сөйлетер құдiретiмен,
Хақтығым болғаннан соң өзiне аян.
Онан соң Қытфир шаһы әмiр қылды,
Уәзiрдiң жас баласын алып келдi.
– Жүсiпке куәлiктi айт, ұғлан,– деп,
Баланы Қытфир шаһы қолына алды.
Жас бала сөз сөйледi сонда тұрып,
Патша құлақ салды, мойын бұрып.
Патша менен халайық тыңлап тұрды,
Айтады куәлiгiн тiлге келiп.
Бала айтты: – Жамандық қыла алмаймын,
Сөзiмдi жалған сөйлеп, бұра алмаймын.
Құданың айт дегенiн айтамын мен,
Һәркез жалған куәлiк бере алмаймын.
Әй, патша, айтайын естi сөзiм,
Шын көңiлiңмен иланып, тыңла өзiң.
Ақ,– дедi,– артқы етегi жыртық адам,
Харам деймiн етегi жыртықсызын.
Сонда патша қарады етектерiн,
Құр бекер қарай ма жанның бәрiн.
Жүсiптiң артқы етегi жыртық екен,
Зылиханың ұялтып төктi арын.
Зылихаға патша ұрыс қылды,
Баланың куәлiгiн дұрыс бiлдi.
– Жалғаншы болдың,– дедi Зылихаға,
Жүсiптiң аяғына жығыл,– дедi.
Зылиханың айтқаны болды жалған,
Жұрт қайран болды бұған құлақ салған.
Жиылған топ iшiнде жығылған соң,
Зылиха кеттi үйiне ұялғаннан.
Фаслу Зылихаға ғайбат қылған қатындардың баяны
Мысырдың шаһарында бар қатындары
Мұны естiп, ақылын қосты бәрi.
Зылиханы ғайбаттап күлiседi,
«Жоқ екен Зылиханың тiптен ары».
«Зылиха бiр құлына ғашық болған,
Құлы оны жаратпай, рәсуа қылған.
Құлы үйден қашқанда қуа шықса,
Патша оны сырттан көрiп қалған».
Бұл өсек Зылихаға есiтiлдi [ендi],
Қонаққа қатындарды шақырды ендi.
Төрт жүз қатын жиылды шақырған соң,
Баршасы бiр сарайға отырды ендi.
Зылиха киiндiрдi Жүсiптi ендi,
Киiндiрiп, мәжiлiске алып келдi.
Һәммасына пышақ пен сәбiз берiп,
«Тезiрек, таза турап бергiн!» дедi.
Қатындар пышақ, сәбiз қолына алды,
Жүсiптi көрiп бәрi қайран қалды.
Жүсiпке қараймын деп есi кетiп,
Саусақтарын сәбiз деп турап салды.
Қолдарын қызыл қан қып турап отыр,
Есiн бiлмей қатындар турап отыр.
Iсi жоқ қолыменен қатындардың,
Қолдарының қандары саулап отыр.
Зылиха айтты: – Қатындар, көргiн мұны,
Өсек қылма мұнан соң ендi менi!
Бiр көрем деп турадың қолдарыңды,
Тандыңдар ақылыңнан көрiп ненi?!
Мен көргелi Жүсiптi жетi жыл-дүр,
Ғашықтық көрген сайын күнде артар.
Сонда дағы сiздерден сабырым артық,
Менi ендi өсек қылмай, жайыңа жүр!
Қараңдар менiм реңiм, түрiм қандай!
Жүсiптiң жүзi нұрлы, туған айдай.
Тал бойында тарыдай бiр мiнi жоқ,
Ерiтер көрген жанды сары майдай.
Жүсiптi көрген қатын таң боп кеттi,
Адасып ақылынан қаңғып кеттi.
Тамақ iшiп, iшпегенi есiнде жоқ,
Үстi-басы шиедей қан боп кеттi.
Зылиха ойлар «Жүсiптi талдырамын,
Не қылсам да тiлiмдi алдырамын.
Әгар хасыл қылмаса мұратымды,
Патшаға айтып зынданға салдырамын».
Сонда Жүсiп жылады «Құдайым» деп,
Күнәдан қорыққан соң уайым жеп.
«Бүйтiп жүрiп күнәға ұшырармын,
Бұ фитнадан жатуға зынданың еп».
Бар Құдайым дұғасын қабыл қылды,
Iбiлiс малғұн мұратын батил қылды.
Зылиханың көзiнен таса қылып,
Хабсаханат Жүсiпке мекен қылды.
Зылиха айтты: – Тыңлағыл, Жүсiп,– дедi,
Ғашық отпен iшiм тұр пiсiп,– дедi.
Әгар хасыл қылмасаң мұратымды,
Зынданға жатамысың түсiп?!– дедi.
Жүсiп айтты: – Құдайға асы болман,
Сенiң айтқан iсiңдi асла қылман.
Қара жүздi болғанша Құдайыма,
Тiптi жақсы жатуға зындан маған.
Оны естiп iшiне от жабысты,
Ашуланып iшiнен қаны түстi,
Белiндегi кемерiн шығарып алып,
Харир, зипа киiмiнiң бәрiн шештi.
Мәлiк Риян Қытфирдiң iнiсi едi,
Зылиха арыз қыла соған келдi.
– Бiздiң бұ құл көп жаман iстер қылды,
Зынданға соны апарып салдыр,– дедi.
Көп малға ол баланы сатып алдым,
Ақырында пәлеге сонан қалдым.
Тiлiмдi алсаң, тезiрек зынданға сал,
Сонша жаман болған соң қапаландым.
Риян айтты: – Ендеше барғыл,– дедi,
Менiм бұ насихатымды алғыл,– дедi.
«Құлым жаман болды» деп, қапа болма,
Рұқсат бердiм, зынданға салғыл,– дедi.
Зылиха сонда үйiне келдi қайтып,
Бiр сандық жасаттырды бұйрық айтып.
Жүсiптi сол сандыққа салды дағы,
Зынданға салмақ болды әзiрлетiп.
Сол уақытта Қытфир шаһ жетiп келдi,
Жүсiптiң ахуалынан хабар бiлдi.
«Шығарғыл» деп қатынға ашуланып,
«Пәлекеттiң бәрi де сенен» дедi.
Жүсiптi ол сандықтан шығарды ендi,
Астына харир, атлас төсендiрдi.
– Зынданға түстiм ғой деп қапа болма,
Кешiкпей шығарамын, барғын,– дедi.
Аз күнде Қытфир шаһ дүния салды,
Бұйрықпен Әзiрейiл жанын алды.
Мәлiк Риян дейтұғын iнiсiне,
Қытфирдың патшалығы соған қалды.
Йемен шаһарынан екi адам келдi,– дедi,
«Патшасы Мысырдың өлдi,– дедi.
Риянды заһар берiп өлтiрелiк,
Онан соң бiз сұралық елдi» дедi.
Хабаз, Сақи бұлайша кеңес қылды,
Мәлiкке бұ хабары естiледi.
Шақырттырып алдырып ол екеуiн,
Мәлiк Риян зынданға махбұс қылды.
Жүсiптiң түстi үстiне олар барып,
Жай жүрмей пенде болып болды ғарiп.
Сақи жатып бiр күнi түс көрiптi,
– Жорушы бар ма?– дедi хабар салып.
Жүсiп айтты: – Түсiңдi жориын мен,
Не деген түс көрiпсiң, айтып көр сен.
Сақи сонда Жүсiпке түсiн айтты:
– Жорытып бiлсең, әгар, ақылы кең.
Сақи айтты: – Ұйқымда бiр түс көрдiм,
Түсiмде үш бау жүзiм сығып тұрдым.
Қызыл алтын кесеге суын құйып,
Iшiп қойды Риянға берiп едiм.
Хабаз тағы: – Бiр түстi көрдiм,– дептi,
Төбеме нан көтерiп жүрдiм,– дептi.
Нанымды алып Риянға берiп едiм,
Құстар келiп, басымнан талап кеттi.
Екеуiнiң жорыды Жүсiп түсiн,
– Сақидың оңғарады Құдай iсiн.
Мәлiк Риян – қылады сiздi уәзiр,
Берiңiз, бұ түсiңнiң сүйiншiсiн.
Хабазға айтты: – Қатерлi сенiң түсiң,
Оңалмас мұнан былай қылған iсiң.
Кешiкпей-ақ өлтiрер Риян сенi,
Құстар жеп, ада қылар тәннен басың.
Натаким Құранда бұйырды қаулаһу Тағала: Фатакулу ат- тайру мин расиһи
Хабаз сонда мұны естiп, қылды фаған:
– Мен түстi көргенiм жоқ, иә ұғлан!
Жүсiп айтты: – Тансаң да Тәңiрi қоймас,
Көрсеткен мен емеспiн түстi саған.
Натаким Құранда бұйырды қаулаһу Тағала: Құдия әл- амру әллази фиһи тастафтин
Сақи Жүсiп сөзiне бек қуанды,
Айтқанын жақсы көрiп һәм иланды.
Ашуланып ол Хабаз кәпiр болды,
Сақи сонда мүмiн боп дiнге ендi.
Сақиды қасына алды Мәлiк Риян,
Қылмады бiр зәррадай оған зиян.
Құп сыйлап, уәзiр қылып қасына алды,
Аманат сөз тапсырды Жүсiп оған.
– Мәлiкке барсаң, бiзден сәлем дегiл,
Жүсiптiң күнәсi,– де,– екен жеңiл.
Минһума узкурни инда Раббикка
Бейкүнә екенiмдi хабар бергiл.
Ол уақытта ғарыш иесi – ұлық Сұбхан,
Патшалардың патшасы – Қадiр Сұлтан.
Арыз айтып Жүсiп жалынған соң,
Жiбердi сәлем айтып Жәбiрейiлден.
– Атаңа сенi жақсы көргiзген кiм,
Ағаларыңнан айырып бергiзген кiм?!
Зынданнан халас қылып һәм шығарып,
Жақсы қып ара жолда жүргiзген кiм?!
Кiм құтқарды Зылиха жаласынан,
Куәлiк кiм айтқызды баласынан?!
Жетi қабат есiктен шығарған кiм,
Кiм шығарды патшаның қапасынан?!
Жүсiп айтты: – Тәңiрiмнен соның бәрi,
Он сегiз мың ғаламның Бiр уа Бары.
Мехнат, рахат берушi Тәңiрiм өзi,
Берген маған ғуфраным, ихсанларым.
– Олай болса, Тәңiрiңдi неге ұмыттың,
Риянды Құдайыңнан ұлық тұттың?
Жаратқан үкiм қылса кiм бұзады,
Не себептен Риянға арыз еттiң?!
Жүсiп сушы қатесiн өзi бiлдi,
Қате iс қылғанына пұшайман болды.
«Құдай-а, кешiргiл!» деп мiнәжат қылып,
Тәңiрге жалбарынып тәубе қылды.
Хабазды бiр күн Мәлiк дарға асты,
Дарда басын құс жеп, миын шашты.
Бұл айтқаны айнымай келгеннен соң,
Сақи қойды Жүсiпке ықыласты.
Жәбiрейiл сол сағатта жетiп келдi,
– Жүсiп нәби, Құдайың сәлем дедi.
Мың шүкiрлiк қылыңыз Құдайыңа,
«Кешiрiп, тiлегiңдi бердiм» дедi.
Бұ зынданда жатасыз бiрнеше күн,
Саламат шығарсыз тысқа бiр күн.
Шыққаннан соң Мысырға патша болып,
Аузыңа қаратасыз барша жұртын.
Фаслу Кiнғаннан келген араб
Зынданда жатыр едi Жүсiп нәби,
Кiнғаннан келдi мысыр[лық] бiр ағраби,
Жолмен жүрiп керуендер бара жатса,
Көредi терезеден Жүсiп оны.
Керуен зындан қасына жақын келдi,
Жүсiптiң сонда екенiн түйе бiлдi.
«Мен Кiнғаннан келемiн, иә Жүсiп» деп,
Жүсiпке түйе боздап зары қылды.
Әлқисса түйенiң Жүсiпке жауап қылғаны
Түйе сонда боздады,
Әңгiмелер қозғады.
Тұсына жақын келген соң,
Тұра қалды сол жерде.
Ендi қадам созбады,
Жүсiптiң жүзiн көрсем деп,
Зынданның iшiн көздедi.
«Көрдiм,– деп,– атаң Жақыпты»,
Хал-ахуал сөйледi.
«Көрiп келдiм атаңды,
«Жүсiбiм» деп зар қылып,
Күнi-түнi сiздi iздедi.
«Көрермiн,– деп,– дүнияда»,
Үмiтiн асла үзбедi.
Көрiп келдiм атаңды,
Тартып жүр сенiң жапаңды.
Қасiретпенен зар қылып,
Кең дүниясын тар қылып,
Күндiз-түнi қан жұтып,
Көрдi сенiң қапаңды.
«Жүсiбiм» деп зар қылып,
Күнi-түнi жылады.
«Перзентiмдi көрсет» деп,
Алладан һәр күн сұрайды.
Үмiт қып зауқы сафаңды,
Сiздi жоқтап атаңыз,
Күнi-түнi аңырайды.
Жас орнына көзiнен
Қызыл қандар парлайды.
Рахматына Алланың
Белiн махкам байлайды.
Фирағында өртенiп,
Кеше-күндiз зарлайды».
Атасынан Жүсiпке
Түйе хабар бередi.
Түйе боздап тұрған соң,
Жүсiп те жылай бередi.
Атасының хабарын
Түйеден естiп бiледi.
Жүсiп сонда жылады,
Жүсiптiң даусын есiтiп,
Түйе шөге қалады.
Айдаса да тұрмайды,
Керуендер қайран болады.
Шөгiп жатып боздады,
Жүсiп мұны көрген соң,
Қасiреттерiн қозғады.
Түйенiң айтқан сөздерi
Сүйегiне батады.
Өртенiп iшi елжiреп,
Жер бауырлап жатады.
Қайтiп сабыр қылады,
Халi сондай болғанын,
Есiткен соң атаны.
Ғарiптi Тәңiрiм сүйесiн,
Жетiп келдi сол уақытта
Ол түйенiң иесi.
Ол түйенiң бар екен
Хайуан да болса киесi.
Ағаш алып қолына,
Ұрайын деп жүгiрдi,
Тұрмаған соң түйесi.
Қолына алып келедi
Ұрайын деп таяғын.
Құдiретi болып Құдайдың
Жер ұстады аяғын.
Ала алмады ағраби
Жерден тартып аяғын.
Жiгiттерiн шақырды
Қорыққанынан бейшара,
Ойбай салып бақырды.
Жер аяғын тұтқан соң,
Жүсiп сонда сөйлейдi,
Сөйлегенде бүй дейдi:
– Әй, ағраби, құлақ сал,
Таяқ алып жүгiрiп,
Бүлдiрдi неңдi хайуан-мал?!
Бейкүнә оны ұрасың,
Хайуанды бекер ұрам деп,
Құрыдың ендi, байғұс шал!
Қайдан келген адамсыз?!
Баян қыл бiзге сiз ахуал.
Ағраби сонда сөйлейдi:
– Мен айтайын халiмдi,
Жүк әпкелiп Кiнғаннан,
Бiтiрдiм сатып малымды.
Бұл араға келгенде,
Аяғымды жер ұстап,
Сорып кетiп барады
Менiм екi санымды.
Қатты қорқып барамын,
Қояр ма Құдай жанымды?!
Жүсiп сонда сөйлейдi:
– Тыңла,– дедi,– Ей, ағраби,
Құлағың сал берi қарап.
Аяғың жерге жабысты,
Бұ түйенi ұрмаққа,
Жазықсыз қылдың сен талап.
Қайтқыл ендi райыңнан,
Болмағыл бекер құр хараб.
Ағраби сонда сөйлейдi,
Босатып жерден аяғын.
Қорыққанынан қолынан
Түсiп кеттi таяғы.
Тәубе қылып бейшара
Жалынады Құдайға
Ашуы кетiп баяғы.
- Кiнғаннан келдiм осында,
Жолдас қылып әпкелген
Жүз кiсiм бар қасымда.
Жетi жүз түйе жүк алып,
Келiп едiм басында.
Пұлымды сатып бiтiрiп,
Шығып едiм қосыма.
Жүсiп сонда сөйлейдi,
Сөйлегенде бүй дейдi:
– Кiнғаннан мұнда келдiң бе?
Ол шаһардың iшiнде
Қаба ағаш бiлдiң бе?
Он екi бұтақ басында
Түгел ме екен көрдiң бе?
Ол дәрахт орнында
Түзу тұр ма иiлмей?
Саясынан жүрдiң бе?
Ағраби сонда сөйлейдi:
– Тыңладым айтқан сөзiңдi,
Кiм екенiң бiлдiршi?
Маған анық өзiңдi.
Бiлгенiмдi мен айтсам,
Жарасар едi тап сонда,
Көрiп тұрып жүзiңдi.
Биiк ағаш дегенiң,
Жақып нәби екен ол,
Көңiлiм менiм сезiндi.
Он бiр ұғылы түгел тұр,
Осы күнде қолында.
Он екiншi Жүсiбi[н]
Қасқыр жеген бұрында.
Құлақ салсаң сөзiмнiң,
Жалғаны жоқ-дүр айырымға.
«Жүсiбiм» деп зарланып,
Екi көзi Жақыптың
Шаһардың жұмла жолында.
«Келе ме,– деп,– Жүсiбiм»,
Шар тарапқа қарайды.
Қайғыменен қарайып,
Өткен күнiн санайды.
Алланың әмiрi тамаша
Демегiн, асла, қалай-ды.
Бiрнешенi жылатып,
Қуантқан неше талайды.
Жақып нәби сарғайды,
Алланың болып пәрменi,
Көрмес болды көздерi.
Тәнiнде қалмай дәрменi,
Бiр көрсе Жүсiп перзентiн
Қалмас едi арманы.
Тұрарында орнынан,
Сипалап жердi қармайды.
Жылауменен жасынан
Көзi тiптi көрмейдi.
«Дәрул махзун» мақамнан
Шықпайды күндiз-түнiнде.
Сонда жатып «Жүсiп» деп,
Күңiренiп қатты сарғайды.
Жақын барған адамның
Тап-тақаты қалмайды.
«Жүсiбiм» деп аһ ұрса,
Есiткен адам аңырайды.
Жақыптың зарын естiген,
Екiншi қайтып бармайды.
Тура ажал жетпесе,
Қайғыдан адам өлмейдi.
Есiл Жақып пайғамбар
Жасыды сөйтiп сүйегi,
«Жүсiбiм» деп аңыраса,
Кемсеңдейдi иегi.
«Жарылқа деп, иә, Жаппар»,
Аузынан сағат тастамас,
Жаратқан қадiр Иенi.
Сонда да мұңлық Жақыптың
Көз жасын қабыл қылмады.
Неше жылдан бiр жылы
Жылаудан һәркез тынбады.
Шыбын жан тiптi-ақ берiк екен,
Сонда дағы сынбады.
«Жүсiпсiз маған харам» деп,
Дүнияға көзiн салмады.
Тоғыз жыл болды күңiренiп,
Бiр үңгiрде жатқалы.
Аузына тағам салмады,
Ибн Иамин болмаса,
Бала екен деп өзгесiн,
Көңiлiне алмайды.
Бұ сөздi естiп ал сонда,
Жүсiп қатты жылады.
Атасын жайын есiтiп,
Сүйегi жаман сынады.
«Уа, дариға, атам!» деп,
Жер бауырлап құлады.
Атасын ондай деген соң,
Қайтiп шыдап тұрады.
Атасы үшiн қайғырып,
Ағын судай тынады.
Асылзада пайғамбар
Ақыры сабыр қылады.
Қолын ұстап ағрабидiң
– Хош, елiңе қайт,– дедi.
Тапсырайын аманат,
Жақыпқа сәлем айт,– дедi.
Ұмытпай барып тез айтсаң,
Болсын рахмат бад!– дедi.
Дұға қылсын қол жайып,
Мен ғарiптiң қақына.
Дұғасы қабыл олардың,
Қолымда жоқ бұ күнде
Беретiн сәлем хат,– дедi.
Халас болсам зынданнан,
Болсын көңiлiм шат.
Бұрылмай барып тез айтсаң,
Сiзге дұға қылайын.
Елiңе аман барғанша,
Аманат деп Аллаға
Тiлегiңдi тiлеп тұрайын.
Дұға қылса ол ерлер,
Иншалла, жарылқар
Менi қадiр Құдайым.
Сонда ағраби сөйлейдi:
– Бiлсем екен жөнiңдi,
Кiм екенiң бiлмеймiн,
Есiтемiн үнiңдi.
Көрiп қана кетейiн,
Көрсетшi маған түрiңдi?
Жақыпқа жөнiңдi айтайын,
Iшiме түйткiл болмасын,
Айтсаңшы маған сырыңды?!
Жүсiптiң айтқан жауабы:
– Мәнiсi бар сырымды айтпайтұғын,
Уағда қылған iсiмнен қайтпайтұғын.
Мен сырымды айтуға рұқсат жоқ,
Рұқсатсыз iс қылуға батпайтұғын.
Рұқсат жоқ жүзiмдi көрсетуге,
Артымнан өсек сөздi ергiзуге.
Иесiнен қорқамын рұқсатсыз,
Бұйырмаған iстердi бергiзуге.
Онан дағы алыңыз бұл белгiнi,
Қызыл жақұт бiлезiк, бiлгiл оны.
Жиырма мың алтындық бағасы бар,
Аманат қолыңызға сақта мұны.
Бұ бiлезiк бағасы саған жетер,
Жиырма мың алтындық бағасы бар.
Ақыреттiң жарағын қылсаң керек,
Бұ дүния опасы жоқ, келер-кетер.
Ол керуен амандасып жүрiп кеттi,
Екi арада бiрнеше күндер өттi.
Бұ хабарды Жақыпқа жеткiрмекке,
Кiнғанның шаһарына барып жеттi.
Кiнғанға түнде келдi күндiз жетпей,
Үйiнде ойланып жүр бекер кетпей.
Жақыпқа жүгiредi аттан түсiп,
Үйiнде таң атуға сабыр етпей.
Жақыптың түнде үйiне жетiп келдi,
Есiктен тыста тұрып дыбыс қылды.
Дина шығып келдi де жауап сұрап:
– Сен өзiң түнде жүрген кiмсiң?– дедi.
Динаға жауап бердi ол ағраби:
– Үйде ме,– дедi,– зарлы Жақып нәби?
Аманат деп бiр сәлем айтып едi,
Мысырда пенде болған бiр ғабри.
Мұны естiп ол Дина үйге кiрдi,
Жақып нәби намазда отыр едi.
Сәлем берiп болған соң оң-солына,
Жақып нәби Динаға: – Не хал?– дедi.
Ағрабиды шақырды: – Үйге кел,– деп,
Үйге келiп, сөзiңдi баян қыл,– деп.
Үйге кiрiп, көргенiн баян қылды:
– Сәлем айтты сiзге бiр ғабри құл,– деп.
Көп жылады зынданда тақаты-тақ,
Сiздi бiр көрмек үшiн болып мөштақ.
Мысырдың зынданында жатыр өзi,
Нәсiлi таза кiсi екен, сөзiме бақ.
Сiзден дұға тiлейдi сонда жатып,
Менi сол қайран қылды таңырқатып.
Дұға қылғыл, зынданнан халас болсын,
Қам-қайғыға көңiлi жатыр батып.
Жақып айтты: – Көрдiң бе оның жүзiн,
Аузынан есiттiң бе айтқан сөзiн?
Зынданға нағып кiрген адам екен,
Кiм екенiн бiлдiң бе оның өзiн?
Ағраби айтты: – Сұрадым, айтпады атын,
Һеш болмаса бермедi жазып хатын.
Сырын маған айтпады «ғабримiн» деп,
Бiрiн қоймай сұрадым асыл затын.
Жақып сушы ал сонда дұға қылды,
– Сенiң бұ айтқан сөзiң тәттi келдi.
Құдайыма қылайын мың шүкiрлiк,
Жаныма осы сөзiң рахат болды.
Ағраби айтты: – Сауап iс керек маған,
Аманат оның сөзiн айттым саған.
Ол мүсәпiр бiр бiлезiк бердi өзi,
Жиырма мың тiллаға жетер тамам.
– Тыңла,– дедi Жақыпқа: – Әй, Исрайыл,
Маған да ақыреттiк дұға қылғыл.
Баянсыз пәни дүния керек емес,
Болады иман берсе мәула Жәлил.
Жақып сушы қол көтерiп, дұға қылды,
Дұғасы Хақ қасына қабыл болды.
Жәбiрейiл пәрмен бiрлән жетiп келiп,
Жүсiптен келiп сәжде сұрайды ендi.
Жәбiрейiл айтты: – Тыңла, Жүсiп сыдық,
Саған атаң дұғасы жеттi тахқиқ.
Мехнаттардан рахатқа шықтың қазiр,
Халық сеңа фауз нәжат қылды латиф.
Фаслу Жүсiп (а.с)-ның зынданнан шықпағы
Зынданды он екi жыл мекен қылды,
Атасының дұғасы қабыл болды.
Түсiндiрiп айтып басқы сөзде,
Сол себептен зынданнан халас болды.
Сол сағат жетiп келдi ол Жәбiрейiл,
Жiбердi жарылқауын Рахман Жәлил.
Басында мехнат тосыннан болып едi,
Жарылқау тосыннан, мұны бiлгiл.
Бар құдай жарылқады Жүсiптi ендi,
Мәлiк Риян патша бiр түс көрдi.
Һеш адам бiле алмады түс тағбирiн,
Падишаһ жұртты жиып айтып едi.
Құранда бұйырды қаулаһу Тағала:* уа қалал малику инни әра сабға бақаратин симанин йакулуһунна сабғун ижаф уа сабға сунбулатин худрин уа ухара йа бисати йа аййуһа әл-Ма- лау афтуни фи руйайа ин кунтум лил руйа тағбурун
Түсiмде жетi семiз сиыр көрдiм,
Бәрiн де алдыма салып айдап жүрдiм.
Бiрiнен соң бiрiн мiндiм жетеуiн де,
Онан соң жетi арық сиыр көрдiм.
Тiптi арық жетi сиыр түрi жаман,
Iлiнiп өлгелi тұр, бәрi һаман.
Жетi семiз сиырды жетi арығы
Жеп бiтiрдi түк қоймай, бәрiн тамам.
Және тұр жетi астау толы бидай,
Жетi астау және де тұр құрыдай.
Үш түйiр бидай сонда жерде қалды,
Өзге бидай көкке ұшты бәрi бiрдей.
Һеш адам түс мәнiсiн бiле алмады,
Алдында бұрынғыдай күле алмады.
Жұрттың бәрi сандалды жори алмай,
Сәлемге уәзiрлер де келе алмады.
Жұртына патша сонда ашу қылды,
Сол уақытта Сақи жүгiрiп жетiп келдi.
– Падишаһ, қаһарыңды қайтарыңыз,
Түс жорушы адамды бiлдiм,– дедi.
Мұны айтып ол Сақи көп өкiндi,
Патша айтты: – Ойладың сонша кiмдi?
Басың шайқап осынша неге өкiндiң?
Бұ iсiңнiң мәнiсiн айтшы, – дедi.
Сақи айтты: – Тыңлаңыз, шаһ жиһан,
Зынданда көрiп едiм ғабри ұғлан.
Бұ түсiңнiң мәнiсiн сол бiледi,
Данышпан жаратып-дүр Қадiр Сұбхан.
Патша айтты: – Оны сен нағып көрдiң?
Оның түс жоритынын қайдан бiлдiң?
Сақи айтты: – Зынданда жатқанымда
Түсiмдi жорып едi, сонан бiлдiм.
Айтқанының айнымай келдi бәрi,
Перiште сипатындай нұр дидары.
Өзi – ғалым, мiнезi-жаннан артық,
Мақтай берсе, таусылмас онан әрi.
Сақи айтты: – Тәңiрi тағдыр жаман,
Он екi жыл зынданда ғұмыр кештi.
Патша айтты: – Ендеше, баршы жылдам,
Менiм түсiм мәнiсiн сұрашы жылдам.
Қызмет қылып алдына тiке тұрып,
Мәнiсiн әбден сұрап келшi жылдам.
Сақи айтты: – Баруға бата алмаймын,
Жүзiм шыдап, жауапты қата алмаймын.
Сiзге арызын айтпаққа уағда қып ем,
Ендi жүзiн көрерге бата алмаймын.
Сонда патша Сақиға айтады сөз:
– Сiз менiм жауабымды есiтiңiз.
Жақсы болса Тәңiрден, бiледi ол,
Ұялмай-ақ алдына барыңыз тез.
Сонда Сақи зынданға келiп жетiп,
Жүсiпке сәлем бердi тағзым етiп.
Ұялып тұр бейшара төмен қарап,
– Қор болдым,– дедi,– тақсыр, ұмытып кетiп.
Сонда Жүсiп Сақиға ғиззат қылды,
Ұялып тұрғанын анық бiлдi.
– Не қылсам, маған Тәңiрiм өз құдiретi,
Сiзде қате емес, – деп жауап қылды.
Жүсiпке айтты сонда Сақи тұрып:
– Патшамыз жаман састы бiр түс көрiп.
Жұрт жиылып, тағбирiн бiле алмады,
Мен айттым сонда сiздi хабар берiп.
Қаулаһу Тағала Йусуф аййуһас сиддиқ афтина фи сабғи бақаратин симанин йакулуһунна сабғун ижаф уа сабғи сунбу- латин худрин уа уахара йа бисатин
Жүсiп айтты: – Жетi жыл тоқтық болар,
Арзан болып, астыққа жаһан толар.
Онан кейiн артынан жетi жылдай,
Дүнияға жаһан қатты тарлық келер.
Онан кейiн берекет қайтып келер,
Дүнияға Рахман ием рахмат қылар.
Жесiр қатын, жетiм ұғыл мың қой айдап,
Уаллаһи ағлам арзандық, тоқтық болар.
Мұны естiп Сақи сонда қайтып келдi,
Естiгенiн патшаға айтып келдi.
Патша тыңлап Сақидың айтқан сөзiн,
Қисыны бар болған соң, көңiлi тынды.
Падишаһ айтты Сақиға: – Сен бар,– дедi,
Жүсiптi ол зынданнан шығар,– дедi.
Зынданда жатпақ оған лайық емес,
Құп сыйлап мехнатынан құтқар,– дедi.
Жақсы қызмет қылайын оған өзiм,
Аузынан есiтейiн айтқан сөзiн.
Құтқарып мехнатты азабынан,
Ақылдас уәзiр қылам оның өзiн.
Ақылы артса, орнымды тағы берем,
Мен өзiм қызмет қылып, соңына ерем.
Жұмла жұртқа атын мәшһүр қылып,
Ұлық-кiшiк бәрiне һәм бiлдiрем.
Зынданға барып Сақи есiк ашты,
Құдайым Жүсiпке ендi рахмат шашты.
– Сүйiншi!– дедi Сақи Жүсiпке,– Ендi
Қам-қайғы жамандықтың бәрi қашты.
Жүсiп айтты Сақиға: – Қайтып бар,– деп,
Қолы кесiк қатынды жиып ал,– деп.
Күнәмнiң мәнiсiн патша бiлсiн,
Менiм ахуал-жайымнан хабар сал,– деп.
Сақи сонда Риянға қайтып барды,
Риянға мағлұм қылды бұ хабарды.
Риян падишаһ бұ сөздi мақұл көрiп,
Жидырды қолы кесiк қатындарды.
Қолы кесiк қатынның бәрi келдi,
Зылиха да iшiнде бiрге келдi.
Падишаһ қатындардан жауап сұрап,
Куәге жиып қойды тамам елдi.
– Не болған,– дедi падишаһ,– қолдарыңа?
Не мүшкiл iстер болған халдерiңе?
Зылиха айтты: – Кiнәнiң бәрi бiзден,
Жүсiптi азап қылма жандарына.
Онан соң падишаһ жұртқа әмiр қылды,
Жүсiпке алтын сарай үй салдырды.
«Зынданнан Жүсiптi тез алып кел!» деп,
Қызметке бес жүз кiсi аттандырды.
Бес жүз кiсi зынданға келдi жетiп,
Келген соң аттан түстi құрмет етiп.
Жүсiптi махбұсынан шығарған соң,
Жолдастары жылады шу-шу етiп.
Жолдастары зынданда жылап қалды,
Жүсiп нәби оларға көзiн салды.
Патшаға «азат қыл» деп Жүсiп сыдық
Һәммасын жолдасының тiлеп алды.
Мәлiк Риян һәммасын азат қылды,
Пенделiктен Құдайым нәжат қылды.
Тоғыз жүз кiсi зынданда жатыр екен,
Бәрiн Риян Жүсiпке бағыштады.
Мысыр халқы Жүсiпке келдi бәрi,
Ұлық-кiшiк, шаһарда жас пен кәрi.
Басына дүрру, маржан, iнжу шашып,
Тағзымдап қатар тұрды баршалары.
Риян патша Жүсiптiң көрдi жүзiн,
Тыңлады құлақ салып айтқан сөзiн.
Ақылы, көркi, мiнезiне қайран қалып,
Бiлмедi бихуд болып өзi-өзiн.
Риянның Қадiр Алла мейiрiн салды,
Жүсiптiң жүзiн көрiп қайран қалды.
Жүсiпке тақытынан түсiп орнын берiп,
Мәлiк Риян орнына падишаһ қылды.
Тәж киiп, тақытқа отырды Жүсiп нәби,
Фазылымен жарылқады Тәңiрiм оны.
Көрген жан жамалына тояр емес,
Мысырдың шаһарының болды ханы.
Өзi – ғалым, данышпан, ақылы кәмiл,
Қақ жарған қара қылды болды әдiл.
Аузынан шыққан сөзi шекер балдай,
Адамның һешбiрiне қылмас жәбiр.
Мәлiк Риян иман айтып, мүмiн болды,
Жүсiп сыдық дiнiн қабыл қылды.
Жүсiптiң қолын тұтып, мұхлис болып,
Хақ пайғамбар екенiн тахқиқ бiлдi.
«Әй, тақсыр, дiнiңiздi тахқиқ бiлдiм,
Тағы да патшалыққа лайық көрдiм».
Жұртына айтты «Жүсiптiң әмiрiн тұт!» деп
Билiгiн бердi сонда тамам елдiң.
Тоған қазды бос тұрған көлдерiне,
Егiндi көп салдырды елдерiне.
Неше сарай, амбарды жасаттырып,
Астықты көп құйдырды елдерiне.
Астық төктi сарайға жетi жылдай,
Сарайды көп жасатты бiр күн тынбай.
Тоқшылық жетi күнi жеткенiнше,
Дүния раушан болды бiр шөп сынбай.
Жетi жыл өткеннен соң, тарлық келдi,
«Егiн салма!» деп, Жүсiп жарлық қылды
Жетi жылдай аспаннан жаңбыр жаумай,
Салқыны жоқ, жел тағы ыстық болды.
Ашықты бiр жылдан соң Мысыр елi,
Мал жұтап, астық шықпай, қалды пұлы.
Шөп шықпай, жердiң жүзi тақыр болып,
Дүнияның шаң басады соқса желi.
Сонда Жүсiп жұртына хабар салды:
«Тауысқаның мұнда кел,– дедi,– малды».
Астық пенен малдарын бiтiрген жан,
Жүсiптен алтын берiп, астық алды.
Бiтiрдi сата-сата малы, пұлды,
Өткердi соныменен алты жылды.
Мал таппаған ұғылы мен қызын сатып,
Баласыздар құл болып қызмет қылды.
Жұрттың бәрi құл болды жетiншi жыл,
Сатуға таба алмады бiр жалғыз пұл.
Барша жұрт «құлыңбыз» деп уағда қылып,
Жүсiпке кеп ант бердi «бәрiмiз – құл».
Жiбердi Алла Тағала Жәбiрейiлдi,
«Иә, Жүсiп, ендi шүкiр қылғыл, – дедi.
Басында сенi құл деп сатып едi,
Барша жұрт һәмма сенiң құлың болды».
Алты толып, жетiншi жылға жеттi,
Жүсiпте астық қалмады, тамам бiттi.
Iшiнен «Жұртқа ендi не берем?» деп,
Жүсiп сушы Құдайға арыз еттi.
Сол уақытта Жәбiрейiл келдi әзiр,
Жүсiпке көрiктi берген Жаппар Қадiр.
«Құдiретiмдi тамаша қылғыл, – дедi,
Елiңе өз жүзiңдi көрсет заһир».
Онан соң Жүсiп жұртқа қылды пәрмен,
Падишаһтың пәрменiне не-дүр дәрмен.
«Ертең ерте шық бәрiң майдан жерге,
Келмей қалған үйiнде қылар арман».
Айтқан жерге жиылды жанның бәрi,
Ұрғашы-еркек, қатын-қыз, жас пен кәрi.
«Жүзiме қара!» дедi сонда жұртқа,
Бәрi тегiс қарады келгендерi.
Жүсiптiң жамалына назар салды,
Мас болып, қараған жан талып қалды.
Сол орнында жатады бiр айға ше,
Бiлмедi ұйқыда боп дүния-малды.
Ай сайын көрсетедi Жүсiп көркiн,
Беттен перде алады, бастан бөркiн,
Бiр айдан тағам татпас есiн бiлмей,
Ойламай, мас боп жатар дүния-мүлкiн.
Фаслу Жүсiп (а.с.)-ның уәзiр сайлағаны
Бiр күнi Жәбiрейiл жетiп келдi,
«Жүсiп нәби, Құдайың сәлем дедi.
Ерте тұрып, ат мiнiп көшеге шық,
Кiмдi көрсең, соны уәзiр қылғыл,– дедi.
Күмәнсiз бұл сөзiмдi анық бiлгiл,
Ең бұрын кiмдi көрсең, алып келгiл.
Елден бұрын алдыңа кез келгендi,
Соны өзiң алдыңа уәзiр қылғын».
Бар едi Жүсiптiң бiр арғымағы,
Һәр не болса Тәңiрi берген бағы.
Арғымақтың бұрыннан әдетi едi,
Кiсiнеушi едi ерттейтiн болса шағы.
Ерттерiнде арғымақ кiсiнеушi едi,
Даусын естiп, жұрт тұрып келушi едi.
Әдетiнше ерттедi арғымағын,
Кiсiнеп едi, жұртына есiтiледi.
Екi жүз мың оңынан келушi едi,
Екi жүз мың солынан келушi едi.
Төрт жүз мың келедi алды-артынан,
Солай тұрып жамалын көрушi едi.
Атқа мiнiп, көшеге шығып едi,
Алдына жыртық тонды адам келдi.
Өзi – ғарiп, бейшара, тоны жыртық,
Оны Жүсiп уәзiрге менсiнбедi.
«Бүгiн мен Мысырға падишаһ болсам,
Бұ жұртқа тақытқа мiнiп хүкiм қылсам.
Жұрттың бәрi мазақтап күлер менi,
Мұны мен өз алдыма уәзiр қылсам».
Сол уақытта Жәбiрейiл және келдi,
«Қараттың аузыңа тамам елдi,
Жарамайды оны сен кем тұтқаның,
Мұның сен мәнi-жайын бiлгiл,– дедi.
Зылиха жапқан едi саған жала,
Куәлiк берген сонда бiр жас бала.
Бұл саған қалайдан лайық емес?!
Кез қылды бүгiн соны Алла Тағала».
Жүсiп оны үйiне алып келдi,
Үстiне жақсы киiм киiндiрдi.
Ат-тұрманын түзетiп, құрмет етiп,
Жүсiп оны алдына уәзiр қылды.
Фаслу Зылиханы неках қылмақ баяны
Жүсiптiң түс көргенi бала күнi
Басында баян қылып айттық оны.
Неше түрлi мехнат көрiп,
Көп көрдi шиддаттар мен қам-құсаны.
Онан соң мехнат кетiп, рахат жеттi,
Жәбiрейiл перiште жетiп кептi.
«Тамаша қыл, – деп,– Хақтың пәрменiне»,
Һәммасын бастан-аяқ баян еттi.
«Һешкiмнен аямағыл шапағатың,
Мiскiнге артық болсын махаббатың.
Зынданда пенделерге мейiрбан бол,
Жақпағыл һеш адамға пәле отын».
Бұ сөзiн Жәбiрейiлдiң махкам тұтты,
Бұрынғы мехнат кетiп, рахат жеттi.
Рахым Мәула патшалық нәсiп қылып,
Күллi Мысыр шаһары құлдық еттi.
Һәрқашан ай жаңасы болғанында,
Ләшкер жиылып, барша әзiр келгенiнде.
Сегiз жүз мың iлесiп қастарына,
Жүсiп сыдық сейiл қылып жүргенiнде.
Зылиха зағип болды көзi көрмес,
Тағам, киiм алмаққа халi келмес.
Жүсiптi көңiлiнен тастамайды,
Қартайған ғарiптiгiн Жүсiп бiлмес.
Жүсiптiң зар еңiрейдi жолын күтiп,
Барады сол жылаумен күнi өтiп.
Жүсiп жүрер жолынан үңгiр жасап,
Сол жерде отырады үмiт етiп.
Тартады ғашықтықтың қасiретiн,
Өзi – кәрi, көзi жоқ, соқыр қатын,
Күндiз-түнi жатады сол үңгiрде,
Үмiт қылып Жүсiптiң махаббатын.
Ай жаңасы болғанда һәрқашанда,
Бiр шығар Жүсiп нәби анда-санда.
Зылиха арғымақтың даусын естiп,
Былғанып зар еңiрейдi топырақ-шаңға.
Онысын Зылиханың Жүсiп бiлмес,
Бiлмеген соң қасына жақын келмес.
Қанша фариад зар қылып жыласа да,
Даусы [оның] құлағына естiлмес.
Зылиха қайғылы боп күнi өттi,
Ғашық оты iшiн өртеп, қандар жұтты.
Сонда дағы Зылиха үмiт үзбес,
Қанша жыл тыңламастан қасынан өттi.
Зылиха болды қайран неше жылдай,
Жылайды күндiз-түнi дамыл қылмай.
Пұтқа бiр күн табынбай өкпеледi,
«Не жаздым, – дедi,– саған медет қылмай?!
Патша едiм, тұл қалып болдым ғарiп,
Ғашық оты iшiмдi кеттi жарып.
Бұ күнгеше бiр медет қыла алмадың,
Қолыңнан түк келмейдi, бiлдiм анық!
Мысырдың патшасының қатыны едiм,
Һәмма қатын iшiнде ақылды едiм.
Қолыңнан келсе, маған аяйсың ба?!
Сонан берi Тәңiрi деп сақтап едiм.
Жүсiп сыдық ол уақытта құлым едi,
Құлшылық Тәңiрiсiне қылар едi.
Тәңiрiсi ол Жүсiптi патша қылды,
«Ием бар» деп, әмiрiнен шықпас едi.
Керегiң жоқ, мен бездiм өзiңiзден!
Әй, санам, түк келмейдi қолыңыздан.
Қалдырдың қанша жылдай жолымыздан!
Жүсiптiң Тәңiрiсiне ендi жалынады.
Үстiнде алтын менен күмiстерiн
Саттырып, бiрнеше күн ауқат қылды.
Онан кейiн ай тағы жаңа болды,
Атқа мiнiп майданға Жүсiп келдi.
«Иә, Жүсiп, менiм халiм көрсеңшi!» деп,
Зылиха айғай салып фариад қылды.
Бар құдай Зылихаға медет қылды,
Жүсiпке бүгiн даусы естiледi.
«Бұ кiм?!» деп, даусын естiп мойын бұрса,
Көзi жоқ, соқыр кемпiр зары қылды.
Сонда Жүсiп атының басын бұрды,
Жақын кеп, Зылихадан ахуал сұрды.
– Қажетiңе жеткiрейiн, әй, бейшара,
Не мұрат, арызың бар, айтшы!– дедi.
Зылиха айтты: – Әй, шаһ жиһан!
Халiм нашар, көзiм көр, бiлгiл баян.
Назар салып қарашы бүгiн менi,
Мысыр шаһының қатыны Зылихамын.
Бұрын мен сiздi сатып алып едiм,
Бар малым сiзге сарп қылып едiм.
Бұл күнде душар болдым мұндай күйге,
Дертiңмен талай қайран болып едiм.
Қолымнан кеттi сонша наз-нығмет,
Бiрi қалмай жоқ болды мал-мүлкат.
Һәр уақытта ғашық отың өртер менi,
Таусылмас сонда дағы ғашық қасiрет.
Дiнiңнiң хақтығына иқрар қылдым,
Һәм «Жүсiп пайғамбар» деп анық бiлдiм.
Бұ туралы қалмады еш күмәнiм
«Ла иллаһа илла алла» мүмiн болдым.
Жүсiп сонда Зылиханы есiркедi,
Арзу ғашығын ойланып ғажап болды.
Сынамаққа сұрады Зылихадан,
– Сенiң бұ ғашықтығың бекер,– дедi.
Қайда,– дедi,– Зылиха, жайың, малың?!
Ол қайда зипа бойың, құп жамалың?
Толған айдай нұр жүзiң балқушы едi,
Бiрi жоқ үшбу күнде сол ахуалың.
Зылиха айтты: – Малымның бердiм бәрiн,
Күйдiрдi iшi-тысым ақ дидарың.
Бақыттан, тақыттан бәрiнен айырылған соң,
Тартқаным күндiз-түнi қайғы-зарың.
Жүсiп айтты: – Бәлi, сен ғашық болсаң,
Ғашықтық қасiретiнде сыдық болсаң,
Зылиха, бұл сөзiңе куә керек,
Шыныменен ғашық болып, дертке толсаң.
Зылиха айтты: – Әй, Жүсiп, берi келшi,
Маған келiп қамшыңның сабын бершi.
Бекер болса, сынарсыз онан кейiн,
Ғашық болсам, сонан соң сынап көршi.
Сонда Жүсiп қамшының сабын бердi,
«Аһ!» деп ұстап, өзiне қайтып бердi.
Отқа көсеп алғандай ыстық екен,
Ұстағанда Жүсiптiң қолы күйдi.
Қолы күйiп, қамшысын ол лақтырды,
Зылиха көзi жасын бұлап тұрды.
«Ғашығы Зылиханың шын екен» деп,
Осылайша iс қылып сынап тұрды.
Зылиха айтты: – Көрдiң бе менiм жайым?!
Қырық жылдай көңiлiме түстi уайым.
Қамшының сабы неге отқа жанды?!
Сол отты маған салды бар Құдайым.
От күйдiрдi қырық жылдан берi менi,
«Мағшұғым» деп, аһ ұрдым жоқтап сенi.
Уасил шауқың көңiлiмдi ғарат қылды,
Жүрегiм болды менiм от мекенi.
Сол уақытта Жәбiрейiл жетiп келдi,
«Жүсiп, сiзге құдайың сәлем дедi.
Өзi падишаһ Зылиханы неках қылып,
Зылиханы Хақ жұфұт қылсын дедi».
Есiттi Жәбiрейiлден мұны Жүсiп,
Сөз айтты Зылихаға мейiрi түсiп.
«Аламын» деп есiттiрiп Зылихаға,
Үйiне кеттi қайтып жолға түсiп.
Мұны естiп Зылиха бек қуанды,
Жаман қатты шаттанып, көп қуанды.
– Құдауанда падишаһым, Бiр уа барым,
Рас па Жүсiп сөзi?!– деп қуанды.
Құдай-а, саған мағлұм менiм сырым,
Бай едiм, патша едiм мұнан бұрын.
Өзiм кәрi, бұ күнде көзiм соқыр,
Жамалымда қалмады зәрра нұрым.
Құдайым құдiретiмен рақым қылса,
Көзiм нұры өзiме қайтып келсе.
Бiр уа бар рахматымен жәрдем берiп,
Жүзiм тағы Жүсiпке лайық болса.
Сол уақытта Жәбiрейiл келдi жетiп,
Қанатымен сипады дұға етiп.
Көзi ашылып, өзi һәм қайта жасарып,
Күндей боп шыға келдi жарқ-жұрқ етiп.
Сол уақытта Зылиханы Жүсiп көрдi,
Ғашық оты Жүсiптiң iшiне кiрдi.
Йасиғтан соң төсекке жатқанынша,
Түстен кейiн арасы жылдай болды.
Некелеп Зылиханы Жүсiп алды,
Той қылып, барша жұртқа хабар салды.
Ұлық-кiшiк шаһарда жұрт жиылып,
Жүсiптiң құрметiне сарай салды.
Екi ғашық төсекке жатып қалды,
Жүсiп сонда Зылиханы бикрледi.
«Қанша жыл бiр патшаның қатыны едi,
Бұ қалай тамаша?!» деп қайран қалды.
Сонда Жүсiп Зылихадан сөз сұрады,
Мұның жайын бiлуге тез сұрады:
– Бұл күнгеше бикрiң қалай аман?
Мәнiсiн баян қылшы?– деп сұрады.
Зылиханың Жүсiпке айтқан сөзi:
– Сақтады құдiретiмен Тәңiрiм өзi.
Мен екен деп патша оны құшар едi,
Жатарда келушi едi жынның қызы.
– Ойыңда бар ма?– дедi Жүсiп оны,
«Зина қыл» деп шақырушы ең сонда менi.
Ол уақытта күнәдан аман едiк,
Соның үшiн жеткiрдi Жаппар Ғани.
Зылиха айтты: – Тыңлаңыз, Жүсiп нәби,
Ұялтпа оны айтып ендi менi.
Фазылымен Пәруардигар бар Құдайым,
Ол фитнадан Егем сақтады сенi.
Толған айдай балқыды жүзiң нақышы,
Бал шекерден тәттiрек сөзiң жақсы.
Сiздi көрiп қалады кiмнiң сабыры,
Көңiлiме түстi мың қасiрет ғашығы.
Екi ғашық мұратқа сөйтiп жеттi,
Құдайым Зылихаға рақым еттi.
Пендеге құдай берсе қиын емес,
Мысырға патша болып дәурен еттi.
Зылиха Жүсiппенен көп жыл тұрды,
Екеуi патша болып дәурен сүрдi.
Он екi ұғыл туды екеуiнен,
Үлкен ұғылы Мүсәлiмге хилғат бердi.
Фаслу Жақып (а.с) балалары Мысырға барғаны
Аш болды бiр жылдарда Кiнған елi,
Су ақпай, құрып қалды шалқар көлi.
«Мысырда арзандық деп есiтемiз»,
Балаларына айтады Жақып оны.
– Балалар, ендi бiздер ашықтық қой,
Ұнатсаңдар, мен бүгiн ойладым ой.
Мәнiмiз болмас, сiрә, астық таппай,
Балалар, бұ сөзiме құлақты қой.
Мысырдан келiңiздер астық алып,
Тыңлаңдар, бұл сөзiмдi құлақ салып.
«Мұсылман, өзi әдiл, данышпан» деп,
Мақтайды патшасын көрген халық.
Патшасына айтыңыз бiзден сәлем,
Оныңыз бәрiңiз де барғын, балам.
Несие қып сұраңдар «ақша жоқ» деп,
Берер деймiн патшасы уаллаһи ғалам.
Оны да бiрге жүрдi түйе мiнiп,
Барады сапар шегiп ойнап-күлiп.
Ибн Иамин бармайды, үйде қалды,
Мысырға барды бұлар он бес қонып.
Құдайдан Жәбiрейiлге пәрмен болды,
Жүсiпке ағаларын баян қылды.
Мұны естiп қуанды Жүсiп нәби,
Үш күннен соң Мысырға жетiп келдi.
Жебiрейiлден есiттi бұ хабарын,
Қуанып тосып тұрды ағаларын.
Құдаға мың мәртебе шүкiр қылып,
Тұрады жақсы көрiп келгендерiн.
Босатып қойды түзеп бiр сарайды,
Iшiне атлас, қамқа кiлем жайды.
Кiргiзiп ағаларын ол сарайға,
Құрметтеп ағаларын құп сыйлады.
Алдына неше алуан тағам қойды,
Тағам жеп ағалары әбден тойды.
«Бiздердi неге мұнша сыйлады?!» деп,
Ол оны кеңес қылып ойлайды ойды.
– Бiздi патша бай адам деп ойлайды,
Ертең көп алтын берер деп ойлайды.
Пұлымыздың жоқтығын қайдан бiлсiн,
Оның үшiн бiздердi көп сыйлайды.
Шамғұн айтты: – Атамызды патша бiлер,
Оның үшiн бiздерге құрмет қылар.
Пайғамбар деп есiтiп атамызды,
Сол себептен бiздерге ғиззат қылар.
Рауил айтты: – Бұл патша әдiл екен,
Кереметтi бұл өзi фазыл екен.
Есiркеп, мүсәпiр деп бiздi патша,
Мен бiлдiм солай қылып жатыр екен.
Меймандарға қылмаққа жақсы қызмет,
Мүсәлiм келiп тұрды жандарына.
Мүсәлiм меймандарға қылды қызмет,
Мойнына түскендей-ақ үлкен мiндет.
Алдына тiк тұрып қызмет қылды,
Көрмеген бұлар бұрын мұндай һиммат.
Олар сонда сұрады Мүсәлiмнен:
– Әй, бала, тудың,– дедi,– қандай жаннан?
Жүзiң нұрлы, әдептi, сөзiң жақсы,
Бiздерге қызмет қылдың һизар – шыннан.
Мүсәлiм сонда тұрып жауап айтты:
– Патша маған «Қызмет қыл,– дедi,– қатты».
Сiздердi патша атам жақсы көрер,
Қыламын соның үшiн бұ қызметтi.
Жүсiп сонда түзеттi тақытын, бақытын,
Тамамын рас қылып саз уа сахтын.
«Кiнғандықтар келсiн» деп хабар салды,
Қызметкерлер түзетiп һәм ол уақытын.
Оларға үш күн ұдай қызмет қылды,
Һәр қайсысын жекелеп әбден бiлдi.
Патша оларды жоғары отырғызып,
Үстiне атлас, қамқа тон кигiздi.
Олар келiп сарайға кiргеннен соң,
Патшаға тағзым қылып тұрғаннан соң,
Оны бiрдей сәждеге басын қойды,
Патшалық салтанатын көргеннен соң.
Жүсiп айтты: – Бастарың көтер,– дедi,
Тоңқайып жатпаңыздар бекер,– дедi.
Баян қыл, неге келдiң бұл шаһарға?
Осы қылған қызметiң жетер,– дедi.
Ол оны сонда бiрден көтердi бас,
Тiтiреп, көздерiнен төгiсiп жас.
Тұра келдi баршасы қол қусырып,
Тағы келдi алдына һәр түрлi ас.
Астына баршасының күрси қойды,
Қорқысып неше алуан ойлайды ойды.
«Әлхаифа-әлхаифа» десiп олар,
Iшiп-жеп тағамдардан әбден тойды.
Жүсiп сонда ағаларын бәрiн бiлдi,
Жекелеп һәр қайсысын фаһим қылды.
«Жүсiп деген» олардың ойында жоқ,
Құдаға Жүсiп сонда шүкiр қылды.
Сонда Жүсiп бұларға: – Кiмсiз?– дедi,
Не iздеп, не жұмыста жүрсiз?– дедi.
Бiр туған адамсыз ба осы бәрiң?
Түрлерiңiз бiр, ұқсап тұрсыз,– дедi.
Олар айтты: – Кiнғаннан келдiк,– дедi.
Он екi ұғыл бiр кiсiден едiк,– дедi.
Бабамыз – Ысқақ, атамыз – Жақып нәби,
Көп жылдай қайғы-қасiрет шектiк,– дедi.
Жасында қасқыр жедi кенжемiздi,
Бiздер мұнда көргелi келдiк сiздi.
Жақсы көрген ұғылынан айырылған соң,
Атам үйге ап қалды бiрiмiздi.
Жүсiп айтты: – Айтпаңдар жалған сөздi,
Пайғамбар дедiңiздер атаңызды.
Пайғамбарға ондай iс лайық емес,
Артық жақсы көрмегi бiрiңiздi.
Олар айтты: – Әй, патша, есiт сөзiм,
Өлген кiшiмiздi көрсең көзiң.
Жүзiн, тақсыр, көрмедiң, не айталық,
Жүз мың артық сүйер едiң көрсең өзiң.
Бiздер де оны жақсы көрушi едiк,
Күнде жүзiн көрмекке келушi едiк.
Өтiрiк «түс көрдiм» деп атама айтып,
Сонан кесiр болды деп бiлушi едiк.
Жүсiп айтты: – Ол iнiң не түс көрдi?
Атаңыз оның түсiн не деп жорыды?
– Атам айтты «Патша боларсың,– деп,
Мысырдың шаһарына» деп жорыды.
Жүсiп айтты: – Ол түсi болмады ма?
Атасының жоруы келмедi ме?
Ол тараптан хабарын бiлмейсiз бе?
Жүсiп ұғылы патша болмады ма?
– Тақсыр-ау, ол бала өзi қайда?!
Жүргенiн құдай бiлер қандай жайда?!
Он жасында баланы қасқыр жеген,
Ажалға жоқ қой, тақсыр, сiрә, айла.
Өз жайымызды айталық, тақсыр, ендi,
Атамыз сiзге «дұғай сәлем» дедi.
Аштықтан жүдеген соң келiп едiк,
Берсеңiз, несие астық алам,– дедi.
Алдыңызға келдiк бiз мұқтаждықтан,
Өлуге аз қалып ек бiз аштықтан.
Бiр қайыр қылғыл, тақсыр, бiз ғарiпке,
Әдiлет, жомарттықтан даңқың шыққан.
Жүсiп айтты: – Сөздерiң мақұл болсын,
Сiздердiң бiреуiңiз мұнда қалсын.
Тағы астық алыңдар қайтып келiп,
Екiншi, Ибн Иамин бiрге келсiн.
Сiздер, әгар, түзiктiк қылсаңыздар,
Атаңа бiзден хабар берсеңiздер,
Пұл алмастан беремiн тағы да астық,
Ибн Иаминдi бiрге алып келсеңiздер.
Ол оны бұ жауапқа разы болды,
Кепiлдiкке Шамғұн онда қалды.
Түйесiне жүктерiн артып алып,
Өзгесi елдерiне тiк жөнелдi.
Бұларға айтты жауап Жүсiп сыдық,
Көп сыйлап, құрмет қылды тауазуғлық.
– Көп кешiкпей, тез қайтып келiңiздер.
Атаңызға айт,– дедi – сәлем құлдық.
«Хош болар» деп, онан соң кеттi көшiп,
Ойнап-күлiп барады жолға түсiп.
Патшадан айтады көрген сыйын,
Жол үстiнде кiм кетсе жолығысып.
«Һәрқашан бiз базарға келушi едiк,
Шаһарға қонып түсiп жүрушi едiк.
Сiрә, көрген емеспiз мұндай ғиззат,
Астықты бекер алдық бiр жылшылық».
Бұлар сөйтiп елiне барып жеттi,
Алдына атасының жетiп кептi.
Балаларынан сөз есiтiп күлдi дағы,
«Аһ!» деп барып ақылын танып кеттi.
Көргенiн атасына сөйлейдi ендi:
– Мысыр шаһы мұсылман екен,– дедi.
Шамғұнды кепiлдiкке алып қалды,
Екiншi, Ибн Иаминдi әпкел,– дедi.
Мұны естiп жылады Жақып нәби,
– Неге тастап келдiңдер ол Шамғұнды?
Ибн Иаминдi мен ендi қайтiп берем?
Алдап алып, жоқ қылдың Жүсiбiмдi.
Балалары Жақыпқа жауап бердi:
– Падишаһ сiздi сыртыңнан жақсы көрдi,
Сiздi айтып жылайды қатты зар қып,
Қайта-қайта сiзге көп сәлем,– дедi.
Сонда Жақып оларға рұқсат бердi,
– Ибн Иамин iлесiп барсын,– дедi.
Келгенде тоғыз едi және он боп,
Үш күннен соң Мысырға қайта жүрдi.
Жақып айтты: – Мысырға барсаң,– дедi,
Екi-екiден жүр шаһарға кiрсең,– дедi.
Тiл-көз болып жүрмесiн, балаларым,
Топтанып бәрiң бiрге жүрсең,– дедi.
Екi-екiден көшеден кiрдi барып,
Ибн Иамин жылайды жалғыз қалып.
Қайран болды бiле алмай барар жолын,
Зар еңiреп қарап тұрды қайран қалып.
Көшеде қайран болып қарап тұрды,
Алдына кез келгеннен жауап сұрды.
Айтқан тiлiн бiлмейдi һешбiр адам,
Сандалып сол арада жылап тұрды.
Келдi сонда Жәбiрейiл рухил әмин,
Жүсiпке айтты келiп Хақ сәлемiн:
– Сүйiншi сұрап келдiм,– дедi,– тақсыр,
Келдi бауырың көшеге Ибн Иамин.
Үстiңе қоңыр-құба киiм кигiн,
Астыңа көрпе салып, түйе мiнгiн.
Жүзiңе перде салып жасырынып,
Бауырың жүзiн көрмекке шапшаң жүргiн.
Даладан шаһар iшiне келiп жүрер,
Жол сұрап һәр адамға бiр жалынар,
Ғабри тiлмен айтқанын жан бiлмейдi,
Қапа боп ызаланып жылап тұрар.
Сонда Жүсiп базарға жетiп келдi,
Көшеде жылап тұрған адам көрдi.
Ибн Иамин екенiн тани алмай,
Жүсiп кеп сәлем берiп, жауап сұрды.
Жүсiп айтты: – Әй, ғазиз, кiмсiз?– дедi,
Алақтап немене iздеп жүрсiз?– дедi.
Ғабри тiлмен сұрады: – Жөнiңдi айт,– деп,
Көшеде неге жылап тұрсыз?– дедi.
Сонда айтты: – Кiнғаннан келген жанмын,
Патшаның үйiн iздеп жүрген жанмын.
Осы жерде айырылдым жолдасымнан,
Жақып ұғылы Ибн Иамин деген менмiн.
Иамин айтты: – Кiм едiң өзiң жақсы?
Мұсылман нәсiлiндей сөзiң жақсы.
Бұ тiлдi қайда жүрiп үйренгенсiз?
Арабша сөйлеген сөзiң жақсы.
Жүсiп айтты: – Кiнғанда жүрiп едiм,
Ол шаһарды жасымда көрiп едiм.
Ғабри тiлiн үйрендiм сол уақытта,
Жас күнiмде бiрқатар тұрып едiм.
Ибн Иамин айтты: – Әй, мурууаттар,
Сенiң жүзiң көрмекке мұратым бар.
Бетiңдегi ашсаңшы пердеңiздi,
Көңiлiм ойран болып, тақатым тар.
Жүсiп айтты: – Ондай iс ете алмаймын,
Жүзiмдегi пердемдi көтермеймiн.
Сабыр қылғыл, рұқсат жоқ бет ашуға,
Ұятымды бұ жерде кетiрмеймiн.
Жүсiп айтты: – Сен сабыр қылғыл,– дедi,
Бiр бiлезiк бердi де: – Алғыл,– дедi.
Мың тiллалық мұнымның бағасы бар,
Бұ жақұтты қолыңа салғыл,– дедi.
Жүсiп Ибн Иаминге басшы болды,
Дүкендердiң алдына алып келдi.
Ибн Иаминге көрсетiп ағаларын,
Жүсiп өзi үйiне қайтып келдi.
Жүсiп айтты: – Жiгiт, маған рұқсат бергiл,
Ағаларың қасына барып тұрғыл.
Ағаларың қасынан ендi қалма,
Падишаһтың сарайына бiрге кiргiл.
Ибн Иамин қалғысы келмейдi ендi,
Алдында ағаларын көрмейдi ендi.
– Сiздi көрiп балқыды тұла бойым,
Көңiлiм сiзден һеш қалғысы келмейдi ендi.
Сонда Ибн Иаминнiң көңiлдерi езiлiп жылап айтқан ғазалы
Мұны айтып ал сонда
Ибн Иамин жылады,
Көзiнiң жасын бұлады.
– Сiзден қалғым келмейдi,
Дүнияны көзiм көрмейдi.
Ағаларым қасына
Баруға көңiлiм ерiмейдi.
Бiр сөзiм бар көңiлiмде
Айтуға аузым бармайды.
Жалғыз бауырым жоғалған,
Жүсiпке түрiң беңзейдi.
Ибн Иамин мұны айтып,
Онан жаман еңiрейдi.
Бiр туған бауыры екенiн
Айтпаса да бiлiп тұр,
Рухы мен жаны, денесi.
Екеуiнiң өзгеден
Бiрге едi енесi.
Падишаһ қылды Жүсiптi
Жаратқан қадiр Егесi.
Ибн Иамин келгенде,
Қайран болып жүзiне
Қарайды он ағасы.
– Бүгiн неге, – деседi,
Көтерiлiп талайы,
Артық болды бағасы?
Жүсiптi қасқыр жегелi,
Күлген емес едi бұл.
Екi езуi құлақта,
Жайылып кеткен жағасы.
Қуандың неге, айт?!– дедi,
Көңiлiңнiң кетiп санасы?
Сонда Ибн Иамин сөйлейдi:
– Адасып сiзден қалғанда,
Бiр адам келдi қасыма.
Нұры бөлек жалғанда,
Түйесi бар астында.
Ғабри тiлмен сөйлейдi,
Ол кiсiден айырылып,
Мен ғарiп қалдым арманда.
Сiздердi маған көрсетiп,
Бiлезiк бердi маған ол.
Түзу жолға салғанда,
Жарылып кеттi жүрегiм.
Бiлезiктi мен алып,
Бiлегiме салғанда,
Қайғым кетiп көңiлiмнен,
Шаттық маған орнады,
Қолыма соны салғанда.
Иаһуда: – Бiлезiгiң қане?– дедi,
Көрейiн немене екен оны,– дедi.
Өзiңе сақтап берейiн маған бергiл,
Сенде жүрiп бола алмас сәнi,– дедi.
Иаһуда бiлезiктi қолына алды,
Қашып шығып, өзiне қайтып барды.
Рауил [бiлезiктi]«көрейiн» деп алып едi,
Ибн Иамин[нiң] өзiне қашып барды.
Рауил алды Иаминнен қайта сұрап,
Қолынан кеттi ағып мисли сынап.
Ибн Иамин[нiң] өзiне қайтып барды,
Қолында һешқайсының тұрмады ұнап.
«Көремiз» деп ағалары бәрi де алды,
Ұстап тұрып айырылып бекер қалды.
Бәрi де ыза болды ұстай алмай,
Ибн Иамин өзi алып, қолына салды.
Фаслу Жүсiп (а.с) сарай жасатқаны
Жидырды Жүсiп нәби ұсталарды,
«Жасап бер, – дедi, – үлкен, кең сарайды».
Ол бұрышы бұ бұрышынан қырық құлашты,
«Жақсы қып жаса,– дедi,– сондай жайды».
Жүсiп айтты: – Ұсталар келсiн,– дедi,
Айтқанымдай бiр сарай қылсын,– дедi.
Жақыптың ұғылыменен суреттерiн
Жүсiпке не қылғанын салсын,– дедi.
Атасынан Жүсiптi алдап алғандарын,
Жап-жалаңаш құдыққа салғандарын.
Һәммасын жаздырды үй iшiне,
Өлтiрмекке шын қастық қылғандарын.
Жүсiпке не қылғанын жазды бәрiн,
Дұғарға «құлымыз» деп сатқандарын.
«Үш айыбы бар-дүр» деп арзан сатып,
Қалдырмай жазды соның һәммаларын.
Сарайды әбден тамам жасап болды,
Iшiне түрлi тағам әзiр қылды.
Астына кiлем жайып, көрпе төсеп,
Шақырып ағаларын алып келдi.
Ағалары сарайға келiп кiрдi,
Рауил қарап, жазуды көзi көрдi.
– Бiздердiң қылған сұмдық iсiмiз,– деп,
Бiрiне-бiрi айтып күңкiл қылды.
– Атамыздан Жүсiптi алғанымыз,
Атам мен Хаққа асы болғанымыз.
Патшаның сарайына жазылыпты,
Һәрне iстер Жүсiпке қылғанымыз.
Олар сонда жазуға көзiн салды,
Ұялып қылғандарын көңiлiне алды.
Ұялғаннан жүрегiне тамақ батпай,
Қор болып, ас iше алмай қайран қалды.
Жүсiп сонда бiреуге әмiр қылды:
– Неге жылар, ас iшпей, сұрағыл?– дедi.
Ол жiгiт жетiп келiп меймандарға
– Неге ас iшпейсiз?– деп сұрайды ендi.
Олар сонда ол жiгiтке жауап бердi:
– Бiздiң бiр кенже iнiмiз болған едi,
Сол iнiмiзден айнымас анау сурет,
Жасында оны қасқыр жеген едi.
Жаңа өлгендей болдық бiз оны көрiп,
Тамақты iше алмадық көңiл ерiп.
«Ол үйде отырмасаңдар мұнда кел» деп,
Бiр сарайға әпкелдi түзеттiрiп.
Шақырған соң ол үйге келдi бәрi,
Жаюлы, даяр едi тағамдары.
Отыра салып тағамнан жедi бұлар,
Ибн Иамин ас жемей қылды зары.
Жүсiп айтты: – Жылайсың неге, жаным?
Жүзiң сары, көзiң жас, ғарiп халiң.
Он ағалы кiсiде мұң бола ма?
Жылайсың неге, маған айт ахуалың?
Әлқисса, сонда Ибн Иаминнiң Жүсiпке айтқаны:
Ибн Иамин сөйлейдi,
Сөйлегенде бүй дейдi:
– Барар ем қайтып әлгi үйге,
Маған рұқсат берсеңiз.
Көрейiн әлгi суреттi,
Қасыма өзiң ерсеңiз.
Жүсiбiме ұқсайды,
Өзiңiз жүрiп көрсеңiз.
Көрген соң әлгi суреттi,
Күл болды сынып сүйегiм,
Бұ сөзiме сенсеңiз.
Жүсiп рұқсат бередi,
Ибн Иамин қуанып,
Сарайға жүгiрiп келедi.
Жүсiптiң келiп суретiн
Айналдырып көредi.
Суретке қарап жылайды,
Көзiнiң жасын бұлайды.
Сығалап Жүсiп көредi,
Басындағы қайғысын
Суретке қарап тередi.
Жүсiп мұны көрген соң,
Мүсәлiмге: – Бар,– дедi.
Сарайдағы жылаған,
Ағаңыз болар ол сiздiң.
Сұраса, айтқын хал,– дедi,
Жайыңды айтқын сұраса,
Алдында қызмет қыл,– дедi.
Жұбатқын, әгар, жыласа.
Мұны естiп Мүсәлiм
Сарайға жетiп келедi.
Ибн Иамин жылап тұр,
Артынан келiп қараса.
Иаминнiң келiп Мүсәлiм
Қасына тұрды жанаса.
Қасына келiп тұрған соң,
Ибн Иамин қарады,
Мүсәлiмнiң жүзiне.
Мүсәлiмнен сұрады,
Жасын алып көзiне.
– Қайғымды сен тындырдың,
Қарап едiм өзiңе.
Қандай жанның ұғылысыз?
Жауап бер менiм сөзiме.
Айнымай Жүсiп секiлдi
Көрiнесiң көзiме.
Айтсаңшы маған, шырағым,
Кiмсiң, кiмнiң ұғылысың?
Мән-жайыңды сұрадым.
Елжiреп iшiм барады,
Қайда болар тұрағың?
Ибн Иамин сөзiне,
Жауап бердi Мүсәлiм.
– Айтайын ендi жөнiмдi,
Қаттырақ менi қыстадың.
Жан аға, құлақ салыңыз,
Айтып һәрбiр сөздердi,
Аяғымды тұсадың.
Жүсiп сыдық – атамыз,
Жақып нәби – бабамыз.
Атам – Жүсiп пайғамбар,
Тыңдағыл мұны, ағамыз.
Бабам – Жақып Ысрайыл,
Хабаршылары – Жәбiрейiл.
Атам – Мысыр патшасы,
Рисалат берген Хақ Жәлил.
Ибн Иамин мұны естiп,
«Аһ!» деп барып жығылды.
Есiн жиып ала алмай,
Бiр бұрышқа барып тығылды.
Есiн жиып алған соң,
Мүсәлiм жауап сұрады:
– Кеселiңiз бар ма?– деп,
Жығылған соң шошыдым,
Айтшы,– дедi,– мұныңды.
Ибн Иамин сөйлейдi,
Сөйлегенде бүй дейдi:
– Ақша бiр жауған қар едi,
Мен ғарiптiң, шырағым,
Тақатым жаман тар едi.
Жүсiп атты жоғалған
Жалғыз iнiм бар едi.
Сол себептен жығылдым
Есiмдi бiлмей, шырағым.
Iнiсiнен айырылған
Мен бейшара зар едi.
Мүсәлiм айтты: – Әй, аға,
Сөзiмдi менiм аңлағыл.
Мен бiр жауап айтайын
Құлақ салып тыңлағыл.
Мен сол Жүсiп ұғылымын,
Өз iнiңнiң баласы,
Шыныңмен, аға, жылағыл.
Көшеде тұрған уақытыңда,
Түйемен барды қасыңа.
Бiлезiк берген айтыңыз,
Көзден аққан жасыңа,
Бiлезiк берген iнiңiз.
Қызыл жақұт бiлезiк
Бiр ердiң жетер басына.
Көрiселiк, кел берi,
Бекер жылап жасыма.
Ибн Иамин мұны естiп,
Қайтадан есiн танады.
«Бауырыңмын» деген соң,
Iшi-бауыры жанады.
Сылқ етiп барып жығылып,
Есiн жиып алады.
– Рас па,– деп,– жауабың?!
Мүсәлiмдi тұра кеп
Құшақтай барып алады.
Бауырына басып құшақтап,
Мейiрi сонда қанады.
Сөйтiп тұрған кезiнде
Жүсiп жетiп келедi.
Көрiсiп тұрған екеуiн
Артынан қарап көредi.
Талып түсiп тұрғанын,
Көрген соң Жүсiп көңiлi
Қайтiп шыдап тұрады.
Кiрiп келiп сарайға,
Пердесiн алды жүзiнен,
Ибн Иамин көрген соң,
Жас тыймай кеттi көзiнен.
Биһұш болып жығылды,
Адасып кетiп көзiнен.
Есiн жиып алған соң,
Тұра келдi зарланып.
Жүсiппенен көрiсiп,
Зорға тұр басып сандалып.
Өксiгiн баспай еңiредi,
Жас кеттi көзден парланып.
Арманда болып айырылған,
Екi бауыр табысты.
Құшақтары айқасып,
Керегедей қабысты.
Аға-iнi көрiсiп,
Құшақтары жабысты.
Екi бауыр көрiсiп,
Екеуi бiрдей еңiредi.
Айналдырған үшеуi,
Оңаша бiр сарайда
Қой-қозыдай маңырады.
Екеуiнiң дауысын,
Перiштелер тыңлады.
Жүсiп көңiлiн тыйса да,
Ибн Иамин қоймайды.
Ибн Иамин төбесi
Тигендей болды аспанға.
Жүсiп сынды iнiсiн
Бауырына қысып басқанда,
Жарыла жазды жүрегi.
Дариядай көңiлi тасқанда,
Жетпiс жылдай айырылып,
Бiр күн көрер бар екен,
Әзелде нәсiп шашқанда.
Ибн Иамин болыпты,
Көзi оттай жасылды.
Құшақтасып, жыласып,
Көңiлдерi басылды.
«Қарағым, iнiм, бауырым» деп,
Мүсәлiмге асылды.
Мүсәлiмдi құшақтап,
Ибн Иамин жылады.
Екi iнiсiн көрген соң,
Аллаға шүкiр қылады.
Жүсiп Ибн Иаминнен,
Хал-ахуал сұрады.
«Аман ба атам?» дегенде,
Жүсiп нәби есi ауып,
Сылқ етiп барып құлады.
Бiр уақыттар болғанда
Көтерiп басын алады.
Ибн Иамин жүзiне
Және тағы қарады.
Атасының ахуалын
Қайырып және сұрады.
Ибн Иамин Жүсiпке
Бiр-бiрлеп айта бередi.
– Жылауменен атаңның,
Екi көзi көрмейдi.
Үңгiрде жатыр шықпастан,
Һешкiмге жауап бермейдi.
Қанша адамдар сөз айтса,
Жауапқа асла ермейдi.
«Жүзiңдi қашан көрем?– деп,
Аһ, Жүсiп!» деп еңiрейдi.
Жетпiс жылдай жылаумен,
Үмiтiн, асла, үзбейдi,
«Жүсiбiм қашан келер?!» деп,
Төңiрегiн көздейдi.
Өзге жұрт үздi күдерiн,
Күдерiн атаң үзбейдi.
Дина дағы жылайды,
Атаңменен қосылып.
«Ағакем!» деп зар қылып,
Бүтiн көйлек кимедi.
Жүрек-бауырын қан қылып,
«Ағекем» деп жыласа,
Есiткен жұртты таң қылып.
Күндiз-түнi жылаумен,
Һешкiмге жауап қатпайды.
Үш күнде бiр нәр татып,
Уақытымен тағам татпайды.
«Бұзылар,– деп,– тiлеуiм»,
Төсекке шешiнiп жатпайды.
Айта берсем баршасын,
Дина менен атаңның,
Үш күнде сөзi бiтпейдi.
Әлқисса, сонда Жүсiптiң айтқан жауабы
Жүсiп айтты: – Бар,– дедi,
Ағаларың қасына.
Бiрге барып отырғыл,
Олардың iшкен асына.
Ибн Иамин қорқады,
Бұрыннан тиген басына.
– Бар ендi,– дедi,– оларға,
– Бiрге жүрсең қасыма,
Арманда сiзден айырылып,
Жетпiс жылдай көре алмай,
Қойыным толды көл болып.
Аман қылса құдайым,
Ендi сiзден айырылман.
Көрiне салып жоқ болсаң,
Көңiлiмнен кетпес уайым.
Жетпiс жыл тарттық қасiрет,
Сiздi жоқтап күн сайын.
Жетпiс жыл көрген күйiмнiң,
Қараңғылық бәрiсi,
Қайсы да бiрiн айтайын.
Жүсiп айтты: – Оларға барғыл,– дедi,
Құп тыңлап менiм сөзiмдi алғыл,– дедi.
Мұнда алып қалармын ертең сiздi,
Бүгiнше қастарында болғыл,– дедi.
Мен түнде қаптарыңа астық салам,
Айламенен мен сiзге қылған жалам.
Алтын леген жүгiңе тығып қойып,
Онан соң айыпты қып алып қалам.
«Ұры» деп, алып қалам сiздi мұнда,
Қасымда бiрге отыр бүгiн түнде.
Өз қасымда боларсыз онан кейiн,
Бiле алмас бұл сырымды һешбiрi де.
Ибн Иамин ағаларына келiп кiрдi,
Көңiлi шат боп, жүзiнде нұры тұрды.
Олар айтты: – Қуандың не себептен?
Неге күлiп келдiң?– деп жауап сұрды.
Перде киiп оларға Жүсiп келдi,
«Екi-екiден отыр» деп жауап қылды.
Су құйып, дастарқанды жайғаннан соң,
Екеуара алдына табақ қойды.
Алдына табақ қойды екеуара,
Жолдассыз Ибн Иамин қалды дара.
Өзгелерi тағамды жей бастады,
Ибн Иамин жылайды ол бейшара.
Жүсiп айтты: – Жылама, тағам жегiн,
Неге төктiң, бейшара, көзiң жасын?
Мен қасыңа болайын саған серiк,
Өзiңнiң болайын мен бауырласың.
Ибн Иамин қуанып тұра келдi,
Жүсiп оң жағынан орын бердi.
Жүсiппенен тағына бiрге отырып,
Табақтан екеуара ол да жедi.
Меймандары тағам жеп, әбден тойды,
Ибн Иамин қайғының бәрiн жойды.
Екi-екiден баршасы тағам жесiп,
Дұға қып, дастарқанын алып қойды.
Тағамнан соң «Даярла қайың» дедi.
Өлшеуге алтын леген алып келдi.
Астық салып болған соң, өлшеуiштi
Ибн Иамин жүгiне тығып қойды.
Жүгiн артып онан соң жөнелдiлер,
Жолда барып бiр жерге бөгелдiлер.
Сол жерде Жүсiп барды жүз кiсiмен,
«Падишаһ неге келдi?» деп тiгiлдiлер.
Екеуiнен бiлмейдi басқа кiсi,
– Патшаның бар,– дестi,– қандай iсi?!
– Өлшеуiш легенiмдi ұрладыңдар,
Иннакум ласариқун, болдың кiшi.
Олар айтты: – Уаллаһи бiз алғамыз жоқ,
Харам ас аузымызға салғамыз жоқ.
Ұрлық қылған емеспiз ғұмырымызда,
Әуел-ақыр батил iс қылғамыз жоқ.
Олардың сөзiн Жүсiп тыңлап тұрды,
«Тiнтем» деп, көшiн шаһарға алып жүрдi.
Қораға алып келiп, қамап қойып,
Жүктерiн қаптарымен тiнттiрдi.
Ибн Иамин жүгiнен алды тауып,
Оларды айыптады жала жауып.
– Қане, ұрлық қылмаймыз дегендерiң?!
Бұған неге кеттiңдер көңiлiң ауып?!
Тұзымнан қорықпадыңдар, надан,– дедi,
Сiздерге өтiрiк сөз жаман,– дедi.
Төрт жүз сомдық легенiмдi ұрлап алдың,
Не iс қылсам, өкпе айтпа маған,– дедi.
Мұны естiп олар жаман сасады ендi,
Беттерiнен қандары қашады ендi.
Не айтарын бiлмейдi жаман сасып,
Ибн Иаминге азуын басады ендi.
Олар сонда Жүсiпке жауап бердi:
– Мұның бiр iнiсi де жаман едi,
Екеуi Рахила атты бiр анадан,
О дағы бұ секiлдi ұры едi.
Оларға сонда тұрып Жүсiп айтты:
– Жастарыңнан жамандық қылдың қатты.
Атаңызды жылаттың неше жылдай,
Тарттырдың неше жылдай қасiреттi.
Қанша жылдай жылаттың атаңызды,
Мойныңа мен қояйын қатаңызды.
Жүсiптi алып барып құл деп сатып,
Харам боқ жеп, көр байыттың жөнiңiздi.
Жүсiп айтты: – Жалладтар қайда?– дедi,
Ұрының өзiн тұтып, байла,– дедi.
Шариғаттың үкiмiн қылсам керек,
Зынданнан оған орын сайла,– дедi.
Олар сонда Жүсiпке айтты жауап,
Аяғын құшақтайды қылып тәуап.
– Оны қойып, бiздердiң бiрiмiздi ал,
Атамызға қылыңыз бiраз сауап.
Жүсiп айтты: – Ол iстi мен қылмаймын,
Кiнәлiнi жiберiп, сауды алмаймын.
Ұрының өзiн тұтып, байла жылдам,
Әдiлдiк мiнезiмнен айырылмаймын.
Сонда бұлар қор болып шыға бердi,
Оңаша бiр жерге кеп кеңес қылды.
Иаһуда айтты: – Мен бiр ақырайын,
Бәрiңiз қылыш тартып жүрiң,– дедi.
Даусым шықса, жиылып келiңiздер,
Қолдарыңа қылыш алыңыздар.
Шаһардың өзi ойран болған шақта,
Тiрi адам қоймастан қырыңыздар.
Олардың бұ кеңесiн Жүсiп бiлдi,
Кiшi ұғылы Мәмилеге әмiр қылды.
Иаһуданы көрсетiп жiбердi де,
«Арқасын сипа, шапшаң барғыл» дедi.
Мәмиле ата сөзiн қабыл алды,
Қасына Иаһуданың жетiп барды.
Байқаусызда арқасын сипап едi,
Даусы Иаһуданың шықпай қалды.
Бұрыннан әдетi едi Иаһуданың,
Арқасын кеп сипаса бiреу оның,
Өкпесi солып, даусы шықпас едi,
Қызығын қараңыздар әңгiменiң.
Иаһуданың өкпесi жаман солды,
Күн батып, қосқа барар уақыт болды.
Даусы күн батқанша шықпаған соң,
«Бұл қалай тамаша?» деп қайран болды.
Олар айтты: – Неге сен ақырмадың?
Бұ шаһарды нелiктен һеш қырмадың?
Әдейi уағда қылған жауабыңмен,
Бiздi майдан жерiне шақырмадың.
Иаһуда айтты: – Ахуалым сондай болды,
Бiр бала байқаусыз жетiп келдi.
Арқамды бiр-ақ сипап кетiп едi,
Даусым сонан кейiн шықпай қалды.
Олар естiп бұ iске қайран болды,
– Мұндай iс бұ шаһарда қайдан болды?
Өзiмiздiң тұқымнан бiреу бар ма?
Болмаса, сенiң өкпең неге солды?
Оларға айтты сонда Жүсiп келiп:
– Әй, залымдар, қалсаңшы мұнан да өлiп.
Қылғаның бастан-аяқ бәрi жаман,
Менен өзге сiздерге жүрмес көнiп.
Осымен екi мәртебе келдiңiздер,
Бiр пұл жоқ, көп астықты алдыңыздар.
«Жақып нәби ұғылымыз» дейсiз маған,
Тұздан қорықпай жамандық қылдыңыздар.
Әлде болса сыйладым атаңызды,
Атаң үшiн кешiрдiм қатаңызды.
Ұрының өзiн алып қалайын мен,
Болмаса, қырар едiм баршаңызды.
Бұлар қорықты Жүсiптiң айбатынан,
Бұрынғы айырылған соң қайратынан.
Рұқсат берiп жiбердi өзгелерiн,
Өзгесi елге қайтты Иаһудадан.
Ибн Иаминдi Иаһуда бағып тұрды,
Өзгесi амандасып жолға кiрдi.
Арада бiрнеше күн сапар жүрiп,
Мәнiсiн кеп атасына баян қылды.
Жақыпқа әңгiмесiн айтты келiп,
– Ұят қылды Ибн Иамин ұрлық қылып.
Иаһуданы қасына қойып кеттiк,
Ұялып кеттiк бiздер тiрi өлiп.
Жақып сушы бұ iстi бiлдi баян,
Қайғысы артық болды бұрынғыдан.
– Ибн Иамин ұрлықты қылғандығын,
Көрдiң бе көздерiңмен заһир аян?
Жақыпқа жауап бердi балалары:
– Патшаның бiзге артық қылғандары.
Алтын леген жоғалып, ол падишаһ
Ибн Иамин жүгiнен тапты оны.
Жақып айтты: – Үмiт көп құдайымнан,
Қуанып бұ сөзiңе жылайын мен.
Иншалла, көрермiн Жүсiбiмдi,
Ғарiп көңiлiм құтылар уайымнан.
– Не айтасыз?– дедi олар атасына,
Өздерiнiң қарамады қатасына.
Жақып айтты: – Алладан рахмат болса,
Пенденiң рақым әйлап панасына.
Мехнат-қайғы ақырын рақат қылар,
Ахуалын пендесiнiң өзi бiлер.
Әгар ол патша бекер кiсi болса,
Иаһуда, Шамғұн неге бекер келер?!
Балалары айтты: – Оны бiр қылар едiк,
Өзiмiзден оны бiз күштi көрдiк.
Қолымыздан һеш қайрат келмеген соң,
Ылажсыз бiздер оған мойын бердiк.
Жақып нәби Динаға әмiр қылды:
– Қалам, сауыт қағазбен әпкел!– дедi.
Шамғұнге қалам, сауыт, қағаз берiп,
– Мысыр шаһына бiр нама бәйт жаз!– дедi.
«Пайғамбарлар кiсi қақын алмас болар,
Жұртқа әшкере жаман iс қылмас болар.
Аллаға қара жүздi болатұғын,
Аузына харам асты салмас болар.
Мұнан бұрын бiзге көп қылдың ихсан,
Қайырыңыз арта берсiн, болмай нұқсан.
Босатып ол баланы жiберiңiз,
Балаға бекер жала қылмағыл сен.
Менi мұндай жаламен ренжiтпегiн,
Сәждеде дұға қылсам, әгар, бiр күн,
Мүсәпiрдiң қорқыңыз дұғасынан,
Құрып кетер тұқымың қалмай бүтiн».
Жүсiпке бұл сәлемiн алып келдi,
Ашпай тұрып қағазды өбiп алды.
– Өпкенiмнiң мәнiсiн бiлдiң бе?– деп,
Оларға сонда Жүсiп жауап қылды.
– Қай патша, әгар да, әдiл болса,
Қол хаты жақсылардың оған келсе,
Құдай Тағала тiлегiн берер,– дедi,
Әуелi хатын өбiп, көзге сүртсе.
Мұны айтып оқыды хатты Жүсiп,
Фирқат от бауырын ерiттi iшке түсiп.
Атасының жауабын көргеннен соң,
Көзiнен кеттi жасы тыймай жосып.
Бетiнде ол Жүсiптiң пердесi бар,
Жылағаны, көңiлiнде зердесi бар.
«Хат жазып атасына жiберсiн» деп,
Жiбердi Жәбiрейiлден Қадiр Жаппар.
Жәбiрейiл айтты келiп «көп жылама,
Атаңа жазғыл,– дедi,– сәлем-нама».
Мұны естiп атасына сәлем жазды,
«Ғиззатлы сәлем,– дедi,– Ысрайылға.
Ғиззатлы Ысрайылға дұғай сәлем,
Әуел сөзiң дұрыс емес, уаллаһи ағлам.
Құдаға құл пенделер олай демес,
Сүйедi шүкiрлiктi Алла Тағалам».
Балалары ол хатты алып келдi,
Жақып нәби ол хатты ашып көрдi.
Қағазды ашып көрiп қайран болып,
«Мына сөз – пайғамбарлар сөзi» дедi.
Онан соң айтты Жақып балаларға:
– Кiдiрмей, тез барыңдар ол Мысырға.
Ибн Иамин Жүсiппен бiрге екен,
Жаратқан үмiт қылам ол Жаппарға.
Олар сонда ол Мысырға келдi қайтып,
Жүсiпке атасынан сәлем айтып.
– Атамызға болдық бiз қара жүздi,
Оны жiбер, бiздi ұста ендi қайтiп.
Сонда Жүсiп оларға бiр хат бердi,
«Өздерiң қолыңа алып оқы» дедi.
Iштерiнен оқысып һәрқайсысы,
Өздерi жазған хатын өзi көрдi.
Өздерi жазған хатын көрдi өзi,
Жүсiптi жамандасып жазған сөзi.
Жазған хаты Жүсiптi сатқандағы,
Өздерiнен ұялды көрiп өзi.
Жүсiп айтты: – Бұ хатты һешкiм бiлмес,
Бұ шаһардың адамы тiлiн бiлмес.
Һешкiм оқып мағынасын айта алмады,
Сiздердiң тiлiңiзден айырып болмас.
Олар айтты: – Бұ хатты бiз бiлмеймiз,
Оқып және мағынасын айта алмаймыз.
Жазуы жаман екен бұ қағаздың,
Мағынасына бұ хаттың жете алмаймыз.
Ол хатты олар өзi жазған едi,
«Құлымыз» деп Жүсiптi сатқан едi.
«Үш түрлi айыбы бар өзiнiң» деп,
Мәлiк Дұғар қолына берген едi.
Ол хат Жүсiп қолына түскен екен,
Жүсiп оны махкамлап тұтқан екен.
Бек қатты ықтияттап, таза сақтап,
Сандығының түбiне тыққан екен.
Жүсiп айтты: – Менен сөз тыңлаңыздар,
Бұрын сiздер бiр құлды сатыпсыздар.
«Үш түрлi айыбы бар өзiнiң» деп,
Бұл хатты сiздер сөйтiп жазыпсыздар.
Олар айтты: – Бiз жазған хат емес ол,
Шын айтамыз, тақсыр, сiз иланғыл.
Жүсiп айтты: – Есiңнен тансаңыздар,
Алдыма алтын леген алып келгiл.
Ол легендi алып келiп өзiңiздер,
Құп тыңлап сiздер сонда тұрыңыздар.
Алтын леген шыңғырлап не сөз айтса,
Жауабына иқрар болыңыздар.
Олар сонда бұ сөздi «мақұл» дедi,
Бiр жiгiт алтын леген алып келдi.
Сонда патша таяқпен қағып едi,
Құдiретiмен леген тұрып сөйлейдi ендi.
Легенге патша келiп ұрды таяқ,
«Тыңла» деп отырғызды бәрiн таяп.
Жүсiпке ағалары не қылғанын,
Алтын өлшеу сөйледi бастан аяқ.
Жүсiп айтты: – Ендi иқрар қылдыңыз ба?
Легенiм не айтқанын бiлдiңiз бе?
Сiздер қылған ұрлықтың бәрiн айтты,
Жалған айтпай, шын сөзге көндiңiз бе?
Сiздер әуел Жүсiптi алдапсыздар,
«Бiздермен тамашаға кел» депсiздер.
Өлтiрмекке ант iшiп уәделесiп,
Қанша көп жалынса да болмапсыздар.
Жақыптың айырыпсыз сүйген ұғылын,
Сатқанда «Бұл жаман,– депсiз,– залым».
Маған кеп «жақсымыз» деп мақтанасың,
Жақсы адамның iсi ме тап осының?
Сiздердiң қолдарыңды мен кесейiн,
Қосақтап мойныңыздан дарға асайын.
Бұ iстердi қылады Жүсiп нәби,
– Өлтiрiп, қандарыңды мен шашайын.
Натаким Құранда бұйырды қаулаһу Тағала Қала һәл алим- тум мә фаалтум би Йусуфа уа ахиһи
Олар айтты: – Әй, тақсыр, күнәһiмiз кеш,
Атамыз құрметi үшiн байлаудан шеш.
Атам Жақып жылаудан көзi көрмес,
Лаж жоқ, не қылсаңыз бiздерде еш.
Жасымызда айырылды бiрiмiзден,
Не болар тағы айырылса ендi бiзден?!
Атамыз ендi тiптi жаман болар,
Кеңдiк, тарлық қылсаңыз өзiңiзден.
Оны естiп Жүсiптiң ақылы қашты,
«Аһ!»[деп] жылап, жүзiнен перде ашты.
«Бастарыңды көтерiп отырғыл» деп,
Бәрiнiң де қолы мен көзiн шештi.
Қаулаһу Тағала Қалу иннака лә анта Йусуф
Жалынады Жүсiптi көрiп бәрi,
– Сiз анық Жүсiппiсiз,– дедi,– әлi?!
Сiз анық Жүсiпсiз ғой!– дедi шулап,
Ұятымен болмаған соң беттiң ары.
– Бек жақсы әдiлеттi iсiң,– дедi,
Жүсiпке ұқсап тұрар түсiң,– дедi.
Басқа кiсi болсаңыз қорықпас едiк,
Артық тұр бұ ғаламнан күшiң,– дедi.
Қаулаһу Тағала Құранда бұйырды Қала ана Йусуф уа һаза ахи
Оларға Жүсiп айтты сонда тұрып:
– Мен Жүсiппiн, тыңлаңыз мойын бұрып.
Мен өздерiңмен туысқан Жүсiбiңмiн,
Құдайым қойды менi патша қылып.
Өздерiңмен туысқан Жүсiбiңмiн,
Бұ күнгеше сақтады Тәңiрiм аман.
Мысырға патша қылды Тәңiрiм менi,
Айтайын мен жайымды ендi саған.
Мұны естiп баршасы ақылын танды,
Жүсiптiң жауабына әбден қанды.
Анық Жүсiп екенiн таныған соң,
Ұялғаннан беттерi оттай жанды.
Ұялғаннан көзiнен төктi жасын,
Жүсiптiң аяғына қойды басын.
Жабырласып аяғын құшақтайды,
Көрген соң патша болған бауырласын.
Жүсiп айтты: – Бастарыңды көтер,– дедi,
Аяғымды құшақтама бекер,– дедi.
Ұялмаңыз, мен ұмыттым күнәһларың,
Осы қылған қызметiң жетер,– дедi.
Тұра келiп көрiстi жабырласып,
Ұялғаннан баршасы зар жыласып.
Мұратына Құдайым жеткiзген соң,
Жүсiптiң көңiлi кеттi судай тасып.
Жылай-жылай ағалары қалды налып,
Жұрт жиылды бұларға қайран қалып.
Ағаларымен Жүсiптiң жылағанын,
Перiште де тыңлады құлақ салып.
Амандасып отырды күлiп-ойнап,
Ағалары ұялды iсiн ойлап.
«Мен кештiм, ұялмаңдар» дегеннен соң,
Қуанып кеттi бәрi «Иә, Құдайлап».
Фаслу Жүсiп (а.с) көйлегiн атасына бергенi
Жүсiп сонда сөйлейдi
Ағаларын келтiрiп.
– Тыңла,– дедi,– сөзiмдi,
Көзiне жасын толтырып.
Ендi барып тiрiлткiн,
Атамды қойдың өлтiрiп.
Қуантайын ол мұңлық,
Ғарiп, махзун атамды.
Тiрi екенiм бiлдiрiп,
Жейдемдi берiп жiберем.
Қолына алып иiскеп,
Қайғылы көңiлi сүйiнсiн.
"Тiрi екен,– деп,– Жүсiбiм»,
Көйлегiн көрiп тойынсын.
Жетпiс жылдай жылаттың,
Қояйын ендi күлдiрiп.
Жетпiс жылдай жылаттың,
Қартайғанда атамды.
Мордар болып кетерсiз,
Тiлеңiздер қатаңды.
«Күнәһiмызды кешiрiп,
Бергiл,– деп,– талаптарыңды».
Жiберейiн мен берiп,
Жасымда киген жейдемдi.
Бұ жейдемдi сұрасаң,
Құдыққа сiздер салғанда,
Алып келдi Жәбiрейiл.
Құдықта жалғыз қалғанда,
Жұмақтан әкеп кидiрдi.
Ғарiп, мұңлық атамнан
Айырылған уақта арманда.
Иншалла, жеткiзер,
Ендi Қадiр Құдайым.
Көре ме екенмiн деп едiм,
Атамды тiрi жалғанда.
Мың шүкiрлiк, Иләһи,
Дедi Жүсiп пайғамбар.
– Мен көргенше тыңайсын,
Көйлегiмдi қолына
Мұңлық атам алғанда.
Жас күнiнде Жүсiптiң
Өлген едi анасы.
Жетiм қалған артында
Жүсiп нәби баласы.
Сол уақыттың кезiнде
Сатып алған бiр шоры
Жақып нәби атасы.
Бiрге келген ол күңнiң
Бар едi еркек баласы.
Жақып нәби ол күңдi
Жүсiпке қылған даясы.
Қасындағы ұғылын
Айырып, сатты бiреуге.
Жанында жалғыз саясы
Сатқан ол күң баласын,
Жылап есiн танады.
Жетпiс қатрат көзiнен
Жастары ағып тамады.
Перзентiнен айырылып,
Iшi оттай жанады.
«Бiлесiң өзiң сырым» деп,
Аллаға қылды сәнаны.
«Жаратқан, Қадiр Зүлжалал,
Айырып сатып жiбердi,
Қасымда еркек тайымды.
Өзiм – шоры, балам – құл
Өлтiрдiң тағы байымды.
Арызымды кiмге айтайын?
Жаратқан, Жаппар Иләһым,
Жақсылық бар ма дайынды?»
Мұны айтып бейшара
Жылап-жылап жатады.
Көңiлi қамды бейшара
Ұйқыға таман жатады.
Ұйықтап кетiп түс көрдi,
Хақтан хабар жетедi:
«Мiнәжатың, әй, пендем,
Жетi қат көктен өтедi.
Тiлегiңдi мен бердiм,
Оның да сүйген баласы
Атасынан айырылып,
Көзiңнен жетпiс жас тамды,
Жетпiс жылға кетедi.
Жетпiс жыл тамам бiткенше,
Әуелi сенiң балаңды
Қосамын сенiң өзiңе.
Шығарып көңiл санаңды,
Оны да сендей жылатам,
Бөлiскен көргiл панамды».
Әлқисса, Жүсiптiң сатып алған құлы атасына барғаны
Жүсiп нәби сол кезде
Сатып алған бiр құлды.
Аты Бәшiр ол құлдың,
Бердi оған көп пұлды.
Көйлегiн алып баруға
Жiбермек болды сол құлды.
«Сен бар,– дедi,– атама,
Бiлесiң,– дедi,– һәр жолды».
Көйлегiн берiп ол құлға,
«Алып бар,– дедi,– атама».
Патшадан әмiр болған соң,
Қызметтен тоқтап жата ма.
«Атама алып бар,– дедi,
Көйлегiм менен хатымды».
Шығарып салып жолына,
«Болма,– дедi,– ғапыл-ды».
Хат бергенде қолына
Айтып бердi ақылды.
Көйлектi алып хатымен
Бәшiр жолға кiредi.
Күнi-түнi асығып,
Неше күн сапар жүредi.
Сабан желi Құдаға
Сонда арыз қылады.
Көйлегi менен қағазын
Жақыпқа алып барады.
Құдiретiмен Құдайым
Желге рұқсат бередi.
Тәңiрi рұқсат берген соң,
Келе жатқан Бәшiрден
Он күн бұрын келедi.
Жүсiптiң иiсiн Жақыпқа
Иiскете бередi.
Жүсiптiң иiсi келген соң,
Жақып шүкiр қылады.
«Ұғылымның иiсi келдi» деп,
Жақын нәби жылады.
Сонда тұрып сөйлейдi:
– Құдiретi күштi, Құдай-а,
Соқтырдың мынау самалды.
Жүрегiм менiм жарылып,
Ақылым менiм қамалды.
Мұрныма бiр иiс келген соң,
Тозып кеткен ақылым
Қайтып келiп өзiме,
Бiртiн-бiртiн жамалды.
Жетпiс жылдай қан аққан,
Жараларым оңалды.
Ақырын соққан, әй самал,
Бiлемiсiң амалды?
Анық келсiн иiсi
Перзентiмнiң мұрныма.
Иншалла, Жүсiбiм
Пайғамбар болар орныма.
Сүйегiм балқып барады.
Жаратқан Жаппар Иләһым
Тiлегiмдi бердi ме.
Сабан желi соққан соң,
Жүсiптiң келдi иiсi.
Сүйiншi сұрап келдi ме
Өлiп едiм, тiрiлдiм.
Көзiмнiң нұры ашылып,
Шеменге толған жүрегiм,
Барады бүгiн басылып.
Сабан желi ескен соң,
Келген күнгi иiсi,
Келiп тұр маған шашылып.
Ендi арман қылмайын,
«Өспедi,– деп,– Жүсiбiм,
Мойныма ойнап асылып».
Өсек қылды сонда жұрт,
Жақыптың айтқан мұнысын.
– Бiле қойды қайдан?– деп,
Жүсiптiң иiсiн.
Жетпiс жылғы баласын,
Иiсi келдi дегенi,
Жаңылғаны күйiсiн.
Мазақ қылды жұрт сонда,
«Бiлдiрдi,– деп Жақыпты
Кәрiлiктiң белгiсiн».
Әлқисса, Бәшiрдiң келгенi
Онан соң он күн болғанда,
Сол сөзiмен жұрты тұрғанда,
Бәшiр жетiп келедi.
Су басында кiр жуған,
Бiр кемпiрдi көредi.
Бәшiр келiп кемпiрден
Жауап сұрай бередi:
– Жақыптың үйi қайда?– деп.
Кемпiр айтты: – Жақыпты не қыласың?
Ат үстiнен асығып көп сұрайсың?
Бiр нәрсеге сүйiншi сұрағандай,
Мен бiлсем, тап сүйiншi сұрап жүрсiң.
Менi Жақып баста сатып алған едi,
Жүсiпке менi дая қылған едi.
Бәшiр атты ұғылымды айырып сатып,
Менi қатты қайғыға салған едi.
Сонда мен жылағанмын Құдайыма,
Көңiлiм қатты толған соң уайымға.
Қасымда жалғызымнан айырылған соң,
Жыламай сабыр қылып тұрайын ба?
Рахман Алла есiркеп көз жасымды,
Ғинаят салған менi мүләйiмге.
Құдайым сонда маған хабар қылды:
«Көзiңнен жетпiс қатрат жас төгiлдi.
Сүйгенiнен айырып жылатам» деп,
Бар Құдай уағда қылды жетпiс жылды.
Құдайым маған солай уағда қылды,
«Ұғылыңа сенi бұрын қосам» дедi.
Қане, менiм келген Бәшiр ұғылым?!
Жақыпқа сүйiншiге келесiң,– дедi.
Бәшiр айтты: – Әй, ана, жыламағыл,
Көл қылып көзiң жасын бұламағыл.
Менмiн, ана, сол айтқан Бәшiр ұғылың,
«Хақ уағдасы қайда!» деп, қам жемегiл.
Кемпiр сонда ақылынан танды құлап,
Бәшiр ұғылы басында тұрды жылап.
Есiн жиып тұра кеп көрiседi,
Екеуi жамыраған қойдай шулап.
Екi пақыр жыласып көрiседi,
Мұңдарын бастан кешкен терiседi.
Амандасып көрiсiп болғаннан соң,
Ендi екеуi Жақыпқа келiседi.
Сонда Бәшiр келдi де үйге кiрдi,
Жақыпқа кiрiп келiп, сәлем бердi.
Көйлектi хатыменен берiп едi,
Қолға алып Жақып нәби көре бердi.
Көйлекпенен хатты алып Жақып нәби
Бәшiрден: – Сен кiмсiң?– деп жауап сұрады.
Бәшiр айтты: – Жасымда саттың менi,
Сондағы құлыңмын,– деп жауап бердi.
Сонда Жақып қағазды көрдi ашып,
Бiледi қайда екенiн мауқын басып.
Жүсiп патша Мысырға болғанын
Бiлген соң, көңiлi кеттi судай тасып.
Сонда Жақып Құдайына шүкiр қылды,
Ұғылының патшалығын анық бiлдi.
Жүсiптiң жазған хатын көргеннен соң,
Көзi ашылып, көңiлi раушан болды.
Ағаларын қайтарды Жүсiп сонда,
Шақыртады атасын «Кел,– деп,– мұнда».
Алтын-күмiс, ат-инғам, сарпай берiп,
«Уатуни биаһликум ажмаина» дедi сонда.
Кiнғанға бұлар сонда қайтып кеттi,
«Атамды әпкелем» деп айтып кеттi.
Елiне барғаннан соң атасына,
«Күнәһiмызды кешкiн» деп арыз еттi.
– Қолыңнан Жүсiбiңдi алдап алдық,
Құл деп сатып, құдыққа және салдық.
Мысырға патша бопты осы күнде,
Әй, ата, ендi ұялып арыз қылдық.
Жақып айтты: – Мен бүгiн болдым разы,
Болғанда мағлұм болсын Тәңiрi қазы,
Құдайым рахмат қылды бiрақ маған,
Жылаттың жетпiс жылдай қысы-жазы.
Жүрдi Жақып Жүсiпке түйе мiнiп,
Қуанып келе жатыр ойнап-күлiп.
Жетпiс үш кiсi жолдас қасына алып,
Келедi дамыл қылмай күн-түн жүрiп.
Бiр күндерде Мысырға жақын келдi,
Жақыпқа балалары зары қылды.
Жүсiпке жiбередi бiр кiсiнi,
«Жүсiпке барып хабар қылғыл» дедi.
Жүсiпке атасынан хабар келдi:
«Атаң келе жатыр» деп шабар келдi.
Сегiз жүз жолдас кiсi қасына алып,
Жүсiп нәби ол да атқа мiнедi ендi.
Алдынан атасының келе жатыр,
Ергенi қасындағы өңшең батыр.
Елден оқшау кiсiнетiп арғымағын,
Алтын-күмiс жарағын жарқылдатар.
Келе жатыр сегiз жүз әскер алып,
Жаратқан басында артық Жаппар Халиқ.
Патшалық салтанатпен келе жатыр,
Дүбiрi тақсыр ердiң жердi жарып.
Көрген соң шүкiр қылды Жақып оны,
Ұғылының құлағына келдi зары.
Қарасын баласының көргеннен соң,
Аттан түсiп тұрады баршалары.
Нұрланып күндей шығып келе жатыр,
Сәулетпен патшалық Жүсiп батыр.
«Сабыр түбi сары алтын» деген осы,
Жеткiзген мұратына осылай ақыр.
Құрметтеп келе жатыр қауым – елi,
Аруақтанып аспанға шықты белi.
Бұрынғы ғарiп болып жүрген күнде,
Құдайға тiл тигiзген бар ма жерi?
Келедi аруақтанып перi күштi,
Оны көрген дұшпанның ызасы ұшты.
Қарасын атасының көрген жерден,
«Әдепсiздiк болар» деп аттан түстi.
Аттан түсiп тұрады Жақып нәби,
Жүсiп те аттан түстi көрiп оны.
Жүсiптiң құрметiне аттан түсiп,
Атын тастап, жаяулап жүрдi бәрi.
Атын тастап жаяулап Жүсiп жүрдi,
Тақат қылмай атасы жылап тұрды.
Ақыр асыл пайғамбар – бәни Ысрайыл
Жыласа да жүгiрмей шыдап тұрды.
«Уа, атам!» деп зар жылап келдi Жүсiп,
Атасын құшақтады қатты қысып.
Жүсiп пенен атасы көрiскенде,
Перiште келдi аспаннан топ-топ түсiп.
Ата мен ұғылы көрiсiп қылды зары,
Жылады естiген жұрт, жанның бәрi.
«Екеуi қосылған соң қайтедi» деп,
Жүсiптiң қорқып тұрды ағалары.
Ата мен ұғылы көрiстi құшақтасып,
«Шүкiр, Алла!» деседi мауқын басып.
Баласын аман-есен көргеннен соң,
Жақып нәби кетедi судай тасып.
Жүсiп айтты «Шайтанның белi сынды»,
Бiрiн-бiрi көрген соң көңiлi тынды.
Амандасып көрiсiп болғаннан соң,
Ендi атына тұрмастан қайта мiндi.
Неше түрлi сәулетпен Жүсiп батыр,
Атасын шаһарға алып келе жатыр.
Жiберiп жасауылдар шаһарына,
Мейманхана, орындар дайындатар.
Мысырдың келе жатыр қаласында,
Қарашы ақылының данасына.
Патшалық сарайына алып келдi,
Неше түрлi қызмет қып дадасына.
Той болды ол Мысырдың қаласына,
Бар Құдай жазған бұлай о басында.
Бұрынғы жаулық қылған он ағасы,
Бұлардың олар да жүр арасында.
Ағаларының күнәһiсiн бәрiн кештi,
Күнә еш пайғамбарда болмас һеш-тi.
Атасын көргенiнiң қуанышына,
Пақырларға нәзiр қып алтын шашты.
Жетiстi мұратына ұғыл-ата,
Сөзiмде, айып етпе, болса қата.
Пайғамбарлар қиссасын өлең қылдым,
Оқыған жан, маған да қылғыл бата.
Жақып нәби Мысырда қырық жыл тұрды,
Жәбiрейiл бiр күн келiп хабар бердi:
«Мұнан былай Мысырда тұрмасын деп,
Иә, Ысрайыл, Құдайың сәлем дедi».
Жақып нәби бұ сөздi Жүсiпке айтты:
«Алладан бүгiн маған хабар жеттi.
Қош бол!»– деп, амандасып ата – ұғыл,
Елiне Жақып нәби қайтып кеттi.
Насихат сөздер айтты баласына:
«Мысырдың тұрма,– дедi,– қаласына».
Хатым Құран қылдырды жүрер күнi,
Халил, Ысқақ, Ысмағұл бабасына.
«Бұл шаһарда тұрма» деп атасы айтты,
Атасын шығарып сап үйiне қайтты.
Өзiмен ерiп келген жолдастарын
Қалдырмай, бәрiн тамам алып кеттi.
Елiне бiр күндерде келдi Жақып,
Аз күннен соң, көп тұрмай өлдi Жақып.
Халиолла Сара мен Ысқақ нәби,
Қасында о да бiрге болды Жақып.
Мысырда Жүсiп нәби көп жыл тұрды,
Салтанатпен патша боп дәурен сүрдi.
«Мен өлiп, сiздер тiрi қалсаңыздар,
Дiнiңнен айырылма» деп үгiт бердi.
Бiр күндерде Зылиха дүние салды,
Зылиха өлiп, Жүсiп жесiр қалды.
Жаназалап көмбекке Зылиханы,
Шаһардағы мұсылманды жиып алды.
Жүсiпке ажал келдi онан кейiн,
Биiк төбе үстiнен қазды жайын.
Балалары, ағалары жылап бәрi,
«Иманды қылғыл,– дедi,– бар Құдайым».
Жүсiп тiрi күнiнде жұрт тоқ едi,
Қайғысы, уайымы һеш жоқ едi.
Жесiр қатын, жетiм ұғыл мың қой айдап,
Дау-жанжал тағы да жоқ боп едi.
Тарлық болды елiне Жүсiп өлiп,
Шаһары ренжiдi аштық болып.
Жүсiптiң сүйегiн кеп сұрайды ендi,
Мүсәлiмнен Риянның өзi келiп.
Мүсәлiмге келедi Мәлiк Риян,
– Атаңа тiрлiгiмде қылман зиян.
Өлсе дағы көтерем сүйегiн мен,
Бермесең, ұрысуға елдi жиям.
Мұсылманның таусылды айлалары,
– Ақтартпаймыз қабiрiн,– дедi бәрi.
– Көп қызмет қылған Риян атаңа,– деп,
Ұрыспа,– деп айтады ағалары.
Жүсiптiң сүйегiн Риян алды,
Сандық жасап, iшiне орап салды.
Нiл дарияның кiшкене аралына,
Сөре қылып үйгiздi терек-талды.
Жел, су тимес келiстi орын жасап,
Жүсiптi сонда қойды сандыққа сап.
Дүния-мал арзаншылық, тоқтық болды,
Дүния гүлдей көгердi қайта жасап.
Шаһарға құт-берекет кiрдi басып,
Һәркiмнiң несiбесi судай тасып,
Һеш шаһар тоқ болмады онан асып.
Жүсiп нәби сол жерде қырық жыл тұрды,
Пайғамбар боп Мысырға Мұса келдi.
Мұсаға бiр Алладан әмiр болды:
«Сыдығымды шығар,– деп,– су iшiнен»,
Мұса кәлим Жүсiптi iздедi ендi,
Сүйегi қайда екенiн бiле алмады.
Бiр қатын жетiп келiп сол уақытта,
«Мен Жүсiптiң сүйегiн бiлем» дедi.
Ол қатынның аты екен Балу маржан
Жүсiп нәби сүйегiн көрсеттi оған.
Кiнғанға алып барып Мұса кәлим,
Атасының қасынан қылды дәфiн.
Қасынан қабiрiн қазды атасының,
Бiлмеймiн қанша екенiн қатесiнiң.
Халил, Сара, Ысқақ пен Жақып, Жүсiп
Қабiрi бiр арада баршасының.
Сұрасаң, мұны жазған мен – Жүсiпбек,
Дүнияда пенде едiм күнәһым көп.
Соның үшiн кiтапқа атым салдым,
Оқыған жан бiр дұға қыла ма деп.