Kazakh
Қисса Дандан
Бисмилла, мен сөйлейiн Тәңiрiм атын,
Мұны жазған Сергелi Уақ затым.
Ақылбектiң өлеңiн тыңдасаңыз,
Ыбраһым шаһның сөйлейiн хикаятын.
Ақылбек Сабалұғылы мұны жаздым,
Қайғыға зағыпырандай болып аздым.
Хикаятты өлеңге айналдырып,
Талайын шығарушы ем өлең наздың.
Нағашым Рахмет, Абай өткен,
Құнанбай балаларын еркелеткен.
Жалғаннан өлмей, сiрә, кiм қалады,
Анам Талжан, Асылбай, бәрi кеткен.
Мен де белгi тастайын өлмей тұрып,
Алланың аманатын бермей тұрып.
Артыма қисса басып қалдырайын,
Түндiксiз, қараңғы үйге кiрмей тұрып.
Қиссаны шығарушы деген құрсам,
Кiтаптағы нұсқаға мойын бұрсам.
Мирас көрiп һәр адам оқыр ма екен,
Бiр күнi қаза жетiп өлiп қалсам.
Тiлiме келтiрейiн жалғыз Хақты,
Безейiн шамам келсе тiл мен жақты.
Ыбраһым падишаның хикаятын,
Жарандар, ендi айтайын сал құлақты.
Құдайым жәрдем берсе, жазайын хат,
Аллаға қабыл болсын көп мiнәжат.
Өтiптi Ыбраһым атты бiр падиша,
Шаһарын мен айтайын Хадарабад.
Бар екен бiр баласы жүзi көркем,
Һәркiмге мейiрiн салып жүрген екен.
Атасы бегiрек жақсы көредi өзiн,
Есiмi бұл баланың Дандан екен.
Жаратқан көркем етiп Жаппар Халиқ,
Атасы жақсы көрген мейiрiн салып.
Қайда барса өзiменен бiрге болып,
Һәрқашан отырады қасына алып.
Бiр саудагер бұ шаһарға келген жетiп,
Он бiр ай сапар қылған тамам етiп.
Екi-үш күн бұ сапарда тұрды дағы,
Көрiсерге патшаға тағзым етiп.
Бiр кiшкене алтын сандық алып келдi,
Ыбраһымге сәлем берiп қарсы тұрды.
Сандықты һәдия үшiн бердi дағы,
Жолда көрген әңгiме[сiн] тамам қылды.
– Әй, тақсыр, мен сауданы қылдым,– дедi,
Көп ғажап шаһарларды көрдiм,– дедi.
Мұнда да бiр ай сауда қылсам керек,
Бұ сандықты һәдия үшiн бердiм,– дедi.
Мұның да тамашасын көзiң көрсiн,
Бiз ғарiп, сiз патшаға баян қылсын.
Iшiнде нәрсесi бар көрсетейiн,
Құрметтi Дандан ұғылың шығып тұрсын.
«Құп» дейүп, Дандан тысқа шығып кеттi,
Сандықты падишаға жақын елттi.
Саудагер сандықты ашты дағы:
«Әй, тақсыр, қара,– дедi,– бұл суреттi».
Падиша көзiн салса, қыз суретi,
Мұндай ғажап жаратар Құдiретi.
Жас жiгiттер қараса бұ суретке,
Көңiлiне пайда болар ғашық дертi.
Саудагер айтты: – Бұған жоқ теңдесi,– дедi,
Дидарын һешбiр адам көрмес,– дедi.
Бұ суреттi сатады он мың алтынға,
Одан төмен атасы, бермес,– дедi.
Шаһардың көп қызына бас болады,
Дидарын көрген адам мас болады.
Атасы падиша бермек болса,
Заданың екiншiсi қас болады.
Атасы көрсетпейдi оның үшiн,
Бар адам ғашық болар көрсе түсiн.
Мiнекей сұрасаңыз мұның жайы,
Бiтпеген һеш адамға мұндай пiшiн.
Бұ қыздың шаһарына мен де бардым,
Сауда қылып көшесiн араладым.
Сiзге мен һәдия үшiн берейiн деп,
Он мың қызыл алтынға сатып алдым.
Атасы мұны сатып жүрдi дейдi,
Алғандар ғашық дертiн көрдi дейдi.
Ұғылыңыздың алдында мен көрсетсем,
Әлбетте о да ғашық болар едi.
Патша айтты: – Ақыл көп сенде,– дедi,
Әгар мұны көрмесем де күнде,– дедi.
Өзiмнiң кәрiлiгiм болмаса, әгар,
Ғашық бола жаздадым мен де,– дедi.
Падиша қалам менен қағаз алып,
Суретке саудагердiң атын салып,
«Пәлен байдың келтiрген һәдиясы» деп,
Андан кейiн сандыққа қойды апарып.
Бiр хадимге бердi патша бұ сандықты,
«Қазынаға қойың,– деп,– қымбаттықты».
«Ендi өзiмнiң саудама барайын» деп,
Падишамен қоштасып үйден шықты.
Шаһзада мұны көрiп болды күптi,
«Бар сырды жасырды менен,– дептi.
Атам менен саудагер һеш айтпады,
Сандықтың iшiндегi болған кептi».
Бұ пiкiрде шаһзада жүрдi дейдi,
Бiр күнi қазынаға келдi дейдi.
Сақшылардан кiлтiн алды дағы,
Қазынадағы суреттi көрдi дейдi.
Сол сағат көрдi дағы болды ғашық,
Дидарын бiр көруге болады асық.
Бiр дана уәзiрi болған едi,
Отырды соныменен ақылдасып.
Қайғысы шаһзаданың болды басқа,
Болды ғой қайғы бөгеу iшкен асқа.
Бұ суреттi қазынадан алып келiп,
Өзiнiң үйiне келдi дуарасқа.
Сақтады бұ суреттi неше күндей,
Сарғайды зағыпырандай һешкiм бiлмей.
Қасындағы уәзiрiмен ақылдасып,
Жүредi атасына жақын келмей.
Бiлмедi Ыбраһым падишасы,
Осындай бұ суреттiң тамашасы.
Ол бiр уәзiр ақылды, дана екен,
Һәрқашан бұ Данданның ашынасы.
Уәзiр айтты: – Сөз тыңда, шаһизада,
Бар екен осы сурет дүнияда.
Мағшұқты жiгiт iздеп таппақ керек,
Тұратын пайда бермес бұл арада.
Бар ма екен саудагерден мен сұрайын,
Шамам келсе, жұмысың мен қылайын.
«Бар» деп, маған хабарын берсе, әгар,
Iздеуге құрбандығың мен болайын.
Осылай деп уәзiр сөзiн бiттi,
Уәзiрiн сұрайын деп жүрiп кеттi.
Қай шаһарда мағлұмын бiлейiн деп,
Саудагердiң үйiне барып жеттi.
Үйiне саудагердiң келдi жетiп,
«Сол қыздан айта ма» деп мағлұм етiп.
Алдынан бiр адам шығып хабар бердi,
«Саудагер жаңа өлдi,– деп,– күнi бiтiп».
Осылайша ол адам жауап берiп,
Тындады сөйлегенiн қарсы тұрып.
«Тағам жеп отырғанда балық асап,
Өлдi,– деп,– тамағына сүйек кiрiп».
Уәзiр қапа болып кейiн қайтты,
Бұрылып, аттың басын кейiн тартты.
«Саудагер опат болып қалыпты» деп,
Уәзiр шаһизадаға келiп айтты.
Уәзiр айтты шаһзадаға: – Жақын,– дедi,
Саған да мен айтайын ақыл,– дедi.
Үш күннен соң екеумiз жөнелейiк,
Бұдан артық болмайды ақыл,– дедi.
Бiрге жолдас болмағым анық,– дедi,
Бiзден бөтен бiлмесiн халық,– дедi.
Дариямен жүрейiк, мен де iздесем,
Екеумiз де мiнейiк қайық,– дедi.
Мен алайын үйiмнен он мың алтын,
Бiлмесiн бiзден бөтен өзге халқың.
Сен де он мың алтынды алың,– дедi,
Құдай қосса, болады жүзiң жарқын.
Бұ сөзiн шаһизада қабыл еттi,
Үш күндей жол жарағын әзiрлеттi.
Ақшам мезгiл болғанда қайық мiнiп,
Дариямен екеуi жүрiп кеттi.
Қайыққа жол жарағын салып алып,
Құдай-а, медет бергiл Жаппар Халиқ.
Патша ұғылын iздейдi, жоқ болды деп,
Қайда екенiн бiлмейдi тамам халық.
Қайда деп шаһизада алаңдады,
Iздегенмен көп адам таба алмады.
Патша айтты «Хәкiм уәзiр ақылы көп,
Бекерге қаңғырмас» деп ой ойлады.
Таба алмады падиша ұғылын тез,
Бiр адам көрмеген соң көзбе-көз.
Бұлар мұнда таба алмай тұра берсiн,
Шаһизада, уәзiрден есiтiң сөз.
Екеуi қайықпенен жүредi ендi,
Он күндей дарияда келедi ендi.
Он күн тамам өткенде көздерiне,
Алыстан бiр жазира көредi ендi.
Таба алмай ұғылын қалды патша,
Он мыңнан екеуiнде болған ақша.
Жазираға жақындап келсе жетiп,
Тағы да көрiнедi көркем бақша.
Бақшаға тағы бұлар жақын келдi,
Алыстан бұл бақшадан кiсi көрдi.
Уәзiрi шаһзадаға: – Барғыл,– дедi,
Қайық тұтып қалайын осы жерде.
Шаһзада уәзiр сөзiн қабыл алды,
Белiне қылыш байлап кетiп қалды.
Ғұмырымды өткiзiп тұрмайын деп,
Бақшаның есiгiне жетiп барды.
Хәкiм уәзiр сақтамаға қайықта тұр,
Жамағат, бұ сөзiме мойынды бұр.
Шаһизада бақшаға жақын келсе,
Есiк алдын сыпырып бiр адам жүр.
Ол кiсi айтты: – Сарайға кiргiл,– дедi,
Iшiнде қожамыз бар, бiлгiл,– дедi.
Бiз – оның қызметшi адамдары,
Жауабыңды өз аузыңмен бергiл,– дедi.
Бақшаға шаһизада келдi кiрiп,
Ақ сақалды адамға сәлем берiп.
«Қош келдiң, мейманым, ғазизым» деп,
Қасына отырғызды жақсы көрiп.
Шаһизада: – Арман бар бiзде,– дедi,
Бiр сауалым бар едi сiзде,– дедi.
Бұл жерде ұзақ тұрсам ғұмыр өтер,
Бар едi бiр ғажайып көзде,– дедi.
Бiр сурет бар көрсетейiн сiзге,– дедi,
Қазiр мұнда көргiзсем көзге,– дедi.
Әгар бiлсең суреттi, әй, жан ата,
Хабарын айта көршi бiзге,– дедi.
Қарт айтты сурет көрiп: – Бiлем,– дедi,
Мен дағы сiзге хабар салам,– дедi.
Менде де бар сурет бегiрек көркем,
Көрмесем, ауру болып қалам,– дедi.
Таппадым iздесем де, бар деп айтқан,
Мен дағы сiздей болып қайғы жұтқам.
Ол заман өтiп кеттi, мiне сурет,
Қатын болып бiрнеше бала тапқан.
Бұл суретiң жаңа екен дүнияда,
Жылдам iздеңiз, шаһизада.
Ол қартаяр, ғашықтық таусылмайды,
Бiтiрме ғұмырыңды бұл арада.
Осыны айтып пердесiн жапты бетке,
– Менi мұндай салған,– деп,– қайғы дертке.
Тезiрек, шаһизада, iзде,– дейдi,
Жапан түздi қаңғырып, шығып шетке.
Ғашықтық он жасымда жеттi,– дейдi,
Мен һешкiмге айтпадым тiптi,– дейдi.
Менен көрiп ғибрат ал, шаһизада,
Сонан берi алпыс жыл өттi,– дейдi.
Мұны естiп шаһзада қайтып келдi,
Естiгенiн Хәкiмге айтып келдi.
Ақсақалдың бар көрген хикматын,
Уәзiрге бастан-аяқ баян қылды.
Мұныменен екеуi жүрiп кеттi,
Су үстiнде жете алмай бiр ай өттi.
Дарияда балық салып отыр екен,
Бiр әдемi жiгiтке келiп жеттi.
Бұл екеуi сөйлестi жақын барып,
«Мұнан да кетейiк,– деп,– хабар алып».
– Ей, жiгiт, ғапыл болып, ғұмырыңды
Неге сен өткiзесiң балық салып?!
Жiгiт айтты: – Балықты тұтамын мен,
Бiр алтынға бiр балық сатамын мен.
Он балықты сатамын он алтынға,
Сонымен рахатта жатамын мен.
Бiр қызы падишаның бегiрек көркем,
«Алам» деп шаһизада келген екен.
Соған мен бұл балықты апарамын,
Шаһзадалар «балық алам» деген екен.
Дидарын көрген адам мас болады,
Он алтын маған көпке ас болады.
Бiрiне шаһзаданың бермек болса,
Заданың екiншiсi қас болады.
Бұлар сонда көрсеттi бұ суреттi,
– Осы сурет бiздердi ғашық еттi.
Нәркестiң суретi осы ма екен,
Баян қылшы бiлсеңiз оны,– дептi.
Жiгiт көрiп суреттi: – Бәлi,– дедi,
Мұны адам алған жоқ әлi,– дедi.
Безгек болған кезiнде салынған ғой,
Азырақ бұ сурет сары,– дедi.
Осы күнде көрсеңiз әгар,– дедi,
Сiздерге мен айтайын хабар,– дедi.
Диуана болып кетесiң жүзiн көрсең,
Мұнан да артығырақ нұр бар,– дедi.
Бұлар айтты жiгiтке: – [Тыңда],– дедi,
Саған да бiз айталық сөздi,– дедi.
Пәтер тауып берiңiз ертiп барып,
Ақы[с]ын берiп разы етем сiздi,– дедi.
Мұны естiп ол жiгiт қабыл еттi,
Бiр хамалға бұлармен келiп жеттi.
Екеуiне үй тауып бердi дағы
Хақын алып, жайына қайтып кеттi.
Пәтерде үш күн жатты бұлар келiп,
Базарды аралады ертең тұрып.
Базарды бұлар келiп араласа,
Айқайлап бiр адам жүр нида қылып.
Айқайлап: – Ғашық адам бiлсiн,– дедi,
Ертеңгi күн бағ-санамға келсiн,– дедi.
Бағ-санам жанына келген жерде,
Нәркестiң құп жамалын көрсiн,– дедi.
Бармасын ғашық болмаған адам,– дедi,
Қасиетiн бiлмейдi надан,– дедi.
Құп жамалын көргенде көңiл берiп,
Құдай бiлер, қандай адам алар,– дедi.
Бұлар сонда сұрады бiр адамнан,
Қышқырғушы адамның айқайынан.
– Мұның айтқан сөзiне түсiнбедiк,
Бiр хабарын сөйлеңiз,– дедi,– мұнан.
Ол айтты: – Нәркес ертең келер,– дедi,
Бағ-санам iшiнде жүрер,– дедi.
Тамам ғашық сол жерде әзiр болып,
Патша қызын бәрi де көрер,– дедi.
Ертеңiнде бұлар барды сонда,
Бағ-санамда бiр бақша көрдi сонда.
Бұлттан жаңа шыққан күндей болып,
Нәркес қыз бiр уақытта келдi сонда.
Тамам жұрт қаптап алған айналасын,
Көрдi [ол] шаһизада һәр баласын.
Бұл Данданды көргенде ғашық болып,
Ұнатты сипатының тамашасын.
Хәкiмге қайтып келдi Дандан бала,
«Қыз дағы ғашық болды көре сала».
Хәкiм айтты: – Сiз көрген қызың ба екен,
Қосылар күн бар ма екен, Хақ Тағала.
– Осы екен қызымыз менiм көрген,
Шаһизада көп екен бәрi келген.
Хәкiмге: – Разымын сiзге,– дедi,
Менiмен сапарда бiрге жүрген.
Уәзiр айтты: – Аллаға сиын,– дедi,
Асыңды iшiп болған соң, киiн,– дедi.
Бiр хабарын алмасаңыз осы қыздан,
Жуырда қосылмағың қиын,– дедi.
Шаһзада уәзiр сөзiн қабыл алды,
Белiне [алмас] қылыш байлап алды.
Қарауылшы ұйықтаған мезгiлiнде,
Бақшаның есiгiне жетiп қалды.
Мысықтай өрмелеп, бақшаға кiрдi,
Ас пiсiрген тағы да кәнизак көрдi.
Кәнизак тағы бiр жаққа кеткенiнде,
Қазанның дәл қасына жақын келдi.
Қазанға Дандан сонда дәру салды,
Тамам кәнизак тағамды алдына алды.
Дәру салған тағамды асаған соң,
Бәрi де ұйықтағандай талып қалды.
Нәркес байқап қарады мұның өзiн,
Жығылып қалған көредi кәнизак қызын.
«Бiреу келiп дәрудi берген екен,
Бiлдiм ғой талғанынан мұның өзiн.
Мен үшiн бiреу бар ғой өлейiн деп,
Жамалымды түнде келiп көрейiн деп,
Соның үшiн бiр адам келген екен,
Ұйықтап жатқан жерiмде бiлейiн деп».
Бұлайша Нәркес жатыр ой ойланып,
Түрегелдi алтынды қылыш алып.
«Өз көңiлiм жақтырмайтын жiгiт болса,
Өлтiрейiн қылышпен бiрақ салып.
Жақтырсам ол жiгiттi әгар,– дедi,
Қосылуға айтайын хабар,– дедi.
Бiрнеше күн ғишрат құрып жүрiп,
Құдай қосса, халалдыққа алар» дедi.
Қызға жақын Дандан да келдi жүрiп,
Қарады қыз да оған көңiл бұрып.
Қыз сонда ғашық болып Дандан ерге,
Көңiлiнде ұнатады қабыл көрiп.
Мойынын бiр-бiрiнiң құшақтасты,
Аймалап бiраз тұрып мауқын басады.
Бiр-бiрiнiң халдарын бiлмек үшiн,
Өзiнiң халiнен сөз сұрасады.
Кәнизактың бiреуiне дәру салды,
Есiн жиып, саламат болып қалды.
Бәрiн де солайша түзеткен соң,
Тамам кәнизак естерiн жиып алды.
Екеуi ғишрат етiп жатты дейдi,
Ертең және келмек боп қайтты дейдi.
Шаһизада уәзiрге келдi дағы,
Қызбенен қосылғанын айтты дейдi.
Хәкiмге дұға қылды шаһизада,
Һеш арманы жоқ болды дүнияда.
«Құдай қосса, бұл қызды алып қайтып,
Жатпайық көп кешiгiп бұ шаһарда».
Нәркес те орнынан түрегелдi,
Бақшадағы бiр хауыз суға кiрдi.
Судан шығып киiмiн киiнгенше,
Аспаннан қара бұлт жетiп келдi.
Қара бұлт жақын келдi жерге түсiп,
Көрген жерде Нәркестiң зәресi ұшып.
Қолынан Нәркестiң ұстады да,
Аспанға ап жөнелдi алып ұшып.
Нәркестi аспанға алып кеттi,
Артындағы нөкерi зарлық еттi.
«Аспаннан қара бұлт алды» деген,
Падишаға тезiрек хабар жеттi.
Падиша атқа мiнiп шығып кеттi,
Қасындағы қыздары зарлық еттi.
Шаһардан алысырақ бiр заһид бар,
Падиша бұл молдаға барып жеттi.
Молдаға баян қылды қыздың халiн,
«Әй, молда, маған айт,– деп,– ахуалын».
Патшаға бiр хабарын айтайын деп,
Ол заһид осы халде ашты балын.
Балын ашып, патшаға хабар берген:
– Мен бiлсем, қызыңызға залым келген.
Қап тауының ар жағында көп диюдың,
Падишасы бар екен Қәһқәһә деген.
Ол патша қызыңызға ғашық екен,
Алуға келiп-кету машық екен.
Қызыңыз суға барып шомылғанда,
Тезiрек ап кетуге асық екен.
Патшаның балаларын жиын,– дедi,
Жiбермесең, болады қиын,– дедi.
«Iшiңдегi бiреуiң барып кел» деп,
Әй, тақсыр, оларға бұйыр,– дедi.
Бiреуi перi халқын бiлер,– дедi,
Бәрi де ғашық болып жүрер,– дедi.
Бiреуiн жiберсеңiз ол диюға,
Әлбетте қызыңызды алып келер,– дедi.
Менде бiр көгершiн бар, алғыл,– дедi,
Қондырып задаларға, салғыл,– дедi.
Минут қадар басына қондырыңыз,
Тезiрек қауымыңа барғыл,– дедi.
Тезiрек қауымыңызға жөнелiңiз,
Бiр-бiрден бастарына қондырыңыз.
Қайсысының басында сөз сөйлесе,
Соны диюға тезiрек жiберiңiз.
Падиша бек қуанып қайтып кеттi,
Өзiнiң мақамына барып жеттi.
«Қызыма ғашық болған күллi зада,
Ертеге жиылың» деп хабар еттi.
Ертеге падишаның балалары,
Алдына падишаның келдi бәрi.
Дандан да оларменен келдi бiрге,
«Қайсының болады,– деп,– ғашық жары».
Патша айтты: – Заһидке бардым,– дедi,
Нәркестен жақсы хабар алдым,– дедi.
«Қәһқәһә дию алып кеттi» дейдi,
Соның үшiн қайран боп қалдым,– дедi.
Аннан соң заһид бердi бiр көгершiн.
Шаһизадалар, тыңдаңыз сөздерiм шын,
Бiреуiңiздi жiберсем ол диюға,
Нәркестi мұнда алып келермiсiң.
Заһид айтты: «Мен хабар бiлемiн,– деп,
Жиылған задаларың бiледi деп.
Қайсысының басында сөз сөйлесе,
Сол барып Нәркестi алып келедi» деп.
Қәһқәһә алып кеткен менiм қызым,
Кiм барып әкеледi оның өзiн.
Жиырмаңыз бiрiне бермек болсам,
Маған қас болар едiң он тоғызың.
Падиша задаларды жиып көрдi,
Заһидтiң өсиетiн айтып бердi.
«Басымызға келгенде сөйлесе» деп,
Бәрi де задалардың тiлеп тұрды.
Бастарына задалардың қондырды ендi,
Заһидтың айтқан сөзiн қылдырды ендi.
Ақырында Данданға қонғанында,
Көгершiн басындағы сөйледi ендi:
– Әй, Дандан, Қәһқәһәға барасың сен,
Ақылды жолдасыңа саласың сен.
Диюларды өлтiрiп патшасымен,
Нәркестi халалдыққа аласың сен.
Көгершiн осылайша сөйлеп кеттi,
Есiткен тамам халық тамаша еттi.
Дандан ендi Нәркеске жүрмек болып,
Хәкiмге жайын айтып барып жеттi.
Бұлар сонда қайыққа мiнбек болды,
Нәркеске мұхитпенен жүрмек болды.
Құдай қосса өлтiрiп Қәһқәһәнi,
Нәркестi мұнда алып келмек болды.
Бұлар сонда қайыққа мiнiп кеттi,
Мұхиттың дариясында бiр ай өттi.
Тәттi суы бiткен соң «алалық» деп,
Жазираның қасына барып жеттi.
Тәттi суды жазирадан бұлар алды,
Бiр ағаш бiткен екен көзiн салды.
Ол ағашта жазылған бiр жазу бар,
Екеуi оқымаққа келiп қалды.
Ол жазудың сөздерi: «Адам,– дейдi,
Бiр махлұқ болса, әгар, жаман,– дейдi.
Жүнi күйсе яки қанаты жоқ,
Мұны сүртсе, болады тамам,– дейдi.
Әгар мұның шыбығын алса,– дейдi,
Сиқырларға осыны салса,– дейдi.
Сиқыры диюлардың бiтер деген,
Адамға керек екен, барса» дейдi.
Бұлар алды шыбық пен жапырақтан,
Тәуекелдi тiледi бұлар Хақтан.
Тағы да бiр ай жүрiп дариядан,
Үлкендiгi пiлдейiн бiр құс тапқан.
Құсқа келсе, қанаты жоқ бiр жағының,
«Отына күйдi,– дейдi,– аждаһаның».
Екеуi құсқа таман жақын келдi,
Мұндай халiн көргенде бейшараның.
Құс айтты: – Дәрiгер бол маған,– дедi,
Мен де себеп қылайын саған,– дедi.
Қай жаққа барсаңыз да алып барам,
Уағда болсын ендi бұған,– дедi.
Жапырақты сүрттi құстың қанатына,
Шат болды Данданның рахматына.
Сүрткен халде, құс аспанға ұшып кеттi,
Құданың қараңыздар құдiретiне.
Құс айтты: – Мұхташам менiм атым,
Қап тауының артында мекен-затым.
Жылда жейдi баламды бiр айдаһар,
Тартамын өз баламның мехнатын.
Бiз үшеумiз-екеумiз дүнияда,
Бiрiмiздiң мекенi Қап тауында.
Дандан айтты: – Қәһқәһә дию қайда?
Шамаң келсе, жеткiзiң менi сонда.
Құс айтты: – Бiр айлық азық алың,
Үстiмiзге екеуiң мiнiп барың.
Дарияда бiр айдай ұшқаннан соң,
Өз үйiме жетемiн, құлақ салың.
Екеуi дәл бiр айлық азық алды,
Мұхташам ендi ұшуға қанат салды.
Бiр айдай дарияда ұшып жүрiп,
Мұхташам ұясына келiп қалды.
Бұларды ұясына тастап кеттi,
Өзi және аспанға ұшып кеттi.
Бiр күн ұшып ауада жүрдi дағы,
Данданға уәзiрменен келiп жеттi.
Құс айтты: – Екеуiңiз ендi сақтан,
Айдаһар келе жатыр мына жақтан.
Шамаң келсе, Данданым, өлтiрiп көр,
Тiлейiн медет[деп] мен де Хақтан.
Данданға айтты бұлай жақын келiп,
Екеуi сақтанады мұны бiлiп.
Құсқа айтты: – Менi алып бар ана ағашқа,
Иншалла, өлтiрем[оны] пара қылып.
Данданды бiр ағашқа қондырады,
Өзiнiң айтқанындай қылдырады.
Мұнда бұлар бекiнiп тұрғанында,
Айдаһар да ағашқа құлдырады.
Айдаһар үлкен таудай келдi жетiп,
Дандан өте бердi дiр-дiр етiп.
Қасынан өтiп бара жатқанында,
Қылышпен салды басқа қаһар етiп.
Айдаһар екi бөлек өлiп қалды,
Жер жүзi қызыл қанға толып қалды.
Бiр сызғырған дауысы айдаһардың
Мағриб пен машриққа жетiп барды.
Мұхташам дауысын естiп келдi жетiп,
Қуанды өлгенiне шаттық етiп.
Данданның келдi дағы қолын өптi,
«Өлтiрдiң,– деп,– менiм де сөзiм күтiп».
Аннан соң түгiнен бердi бiраз жұлып,
Отқа салсаң менен сен үмiт қылып,
Осы жүннiң иiсiмен саған келем,
Алдыңа келiп тұрам, әзiр болып.
Диюды бұлар құсқа мағлұм еттi.
Данданды ұшырып алып кеттi,
Неше күндер ұшқанда ол екеуi,
Екi айырылған бiр тауға келiп жеттi.
Ұяға тастап кеттi ол Хәкiмдi,
Үш күндей ұшып бұлар жүре бердi.
Екi тау қосылады, айырылады,
Қайран боп Мұхташам көзi көрдi.
Құс айтты Данданға: – Мына тұрған,
Диюлар екi тауды сиқыр қылған.
Мен ендi өте алмаймын екi таудан,
Қылатұн қайлаң бар ма ендi бұған?
Дандан сонда сол жерде ол шыбықты
Оқтай атып, ол тауға оны соқты.
Шыбықты атқаннан соң тау жоғалып,
Мұхташам бiр күн ұшып әрмен шықты.
Бiр күн ұшып тағы да жүредi ендi,
Жанып тұрған бiр отты көредi ендi.
«Осы тұрған – диюдың сиқырлары»,
Данданнан Мұхташам тiледi ендi.
Дандан тағы оқ атты ол шыбықтан,
Мұхташам тағы ұшып әрмен шыққан.
Бiр мағара көрiндi алдарында,
Көздерiн бұ екеуi салып баққан.
Құс айтты Данданға: – Бұ мағара,
Қәһқәһә мақамы, бермен қара.
Бұл мағара iшiнде Қәһқәһә бар,
Шамаң келсе, қылыңыз пара-пара.
Бiр жаққа осы жерден кетемiн мен,
Бұл жердi сенсiз нетемiн мен.
Керек болсам, жүнiмдi тұтатсаңыз,
Алыстан қасыңызға жетемiн мен.
Шаттанып Дандан жерде тұрды,
Келуге мағараға ендi жүрдi.
Тағы да бiр зор есiк көрiнедi,
Есiк ашып, iшiне енiп кiрдi.
Кiрiп барса, ол дию бiр мұнара,
Басын қасып отыр екен қыз бейшара.
Данданға айтты: – Бұ жерге келдiң бекер,
Ендi сенi қылмасын пара-пара.
Диюға тәуекел деп салды қылыш,
Өлтiрiп шаһизада тұрды тыныш.
Қыз келiп Данданның қолын өптi,
– Һеш жаққа келмеймiн[мен] сенен бұрыс.
Мәлике бану болады атым,– дедi,
Машриқ жақта болады жұртым,– дедi.
Пикин деген болады өз шаһарым,
Осылай менiм саған датым,– дедi.
Жетi жылдай сарғайдым мұнда жетiм,
Мағұл патша болады менiм атам.
Азрақа деген дию алып келiп,
Мұнан басқа жоқ едi һешбiр қатам.
Шаһизада, артық-дүр күш, қуатың,
Маған сал шамаң келсе мархабатың.
Қап тауында қалдырмай менi, – дедi,
Кәнизагың мен болайын, алып қайтың.
Дандан айтты: – Сен тұршы осы жайда,
Жаман-жақсы болмағың бiр Құдайда.
Сенi мен қалдырмай-ақ кетер ем,
Әй, Бану, Қәһқәһә мен Нәркес қайда?
Қыз айтты: – Сұрасаңыз хабар,– дедi,
Олар да осы жерде болар,– дедi.
Мына жерде тағы да бiр есiк,
Оны ашсаң, табылар олар,– дедi.
Дандан тағы бiразырақ жерге жүрдi,
Алдында қарсы тұрған есiк көрдi.
Есiктi қатты жұлып ашты дағы,
Iшiне қаһарланып кiрiп келдi.
Бұ дию жасынан болған ғашық,
Шаһизада жетiп келдi асып-сасып.
Қаһарланып ол Дандан келiп кiрсе,
Диюдың Нәркес отыр басын қасып.
Диюдың қыз түсiрдi басын жерге,
Құшақтап амандасты Дандан ерге.
– Мына дию өлтiрер сiздi қазiр,
Ғашығым, неге келдiң осы жерге?!
Құсқа мiнiп келдiң ғой, Дандан зерек,
Байқасам, тамам жұрттан ақылың бөлек.
Менен басқа саған бiр қыз табылмай ма?
Қор болмай, шаһизадам, кету керек.
Диюды оятуға қылды барыс,
Аяғына қылыш тықты жарты қарыс.
Дию сонда «а-а» деп ояныпты,
Қарасаң сипатына бiр жолбарыс.
– Сен келмесең, орныңды басар едiм,
Қаныңды судан жаман шашар едiм.
Нәркестi аламын деген үшiн,
Сенi әкеп, кәуап қып асар едiм.
Ендi келдiң алдыма менiм,– дедi,
Ендi жаның қалмайды сенiң,– дедi.
Өзiм барып, сенi мен өлтiрмекшi ем,
Қис-лақис тәңiрiм өзi бердi,– дедi.
Мұны айтқанда диюға салды қылыш,
Екi жарып кәпiрдi тұрды тыныш.
Нәркеспенен екеуi шықты дағы,
Мәликебануды алуға қылды жүрiс.
– Әй, Нәркес, сен осында тұрғыл,– дедi,
Менiменен уағда қылғыл,– дедi.
Мәликебану бiр қызға уағда еттiм,
Оны мен алып келем, бiлгiл,– дедi.
Мұны айтып ол Дандан шығып кеттi,
Мәликебану қасына барып жеттi.
Нәркес жоқ мағараға қайтып келсе,
Екеуi қайран қалып тамаша еттi.
Мұхташамның жүнiн салып от тұтатты,
Қасына Данданның келiп жеттi.
– Әй, Мұхташам, сен оны бiлемiсiң,
Мәликебанудан қайта келсем, Нәркес жоқ-ты.
Құс айтты: – Мен айтайын оның жайын,
Бұл өзi бiлмесеңiз үш ағайын.
Қәһқәһә, Азрақа Афласа менен,
Оларды күштi қылған бар Құдайым.
Афласа мұнда Нәркеске келген шығар,
Қәһқәһәны өлтiргенiн бiлген шығар.
Анасына Афласа айтқан халде,
Қис-Лақис Нәркестi ұрлап алған шығар.
Қис-Лақис – мың жасаған жаны,– дейдi,
Көп дию «Тәңiр» дейтiн оны,– дейдi.
Оның мен бiлдiрейiн жайын айтып,
Осылайша, Данданым, халы,– дейдi.
Өзi және сиқыршы бегiрек асқан,
Жанынан адам түгiл перi қашқан.
Мұхташам осыны айтып тұрғанында,
Бiр кемпiр бiр тас алып, қадам басқан.
Құс айтты: – Келе жатыр осы қатын,
«Қис-Лақис» деп айтады мұның атын.
Сиқыр қылмай тұрғанда, бұрын атқыл,
Әйтпесе сен көресiң ғаламатын.
Шаһзада мұны естiп бiр оқ атты,
Сол жерде кәпiр малғұн өлiп жатты.
Бiр «қиқә» деп атқанында жығылыпты,
Мұнан бұрын салдылар ғаламатты.
Мұны көрiп көп дию жабырласты,
Қолына бiр-бiр таудай алды тасты.
Шаһзада дем алмай бәрiн атып,
Қандарын кәпiрлердiң судай шашты.
Атқанда құйрығы үзiлiп, жерге түсер,
Кәпiрдi шаһизада оқпен тесер.
Жаныменен қимылдап жерге түссе,
Мәликебану қылышпен басын кесер.
Қасына шаһизаданың келмедiлер,
Бiрi де соғысам деп тұрмадылар.
Ауада бiр-бiрiне хабар берiп,
«Кетейiк бұл бәледен» дедiлер.
Мың жасаған Тәңiрiсiн өлтiрдi ендi,
Жанына тұғры қаза келтiрдi ендi.
«Мұнда тұрмай, алысқа кетпек керек,
Қиратып бәрiмiздi бiтiрдi ендi».
Бәрi де мұны айтып кеттi қашып,
Шаһзада қырған соң қанын шашып.
«Нәркес қыз қайда маған хабар бер» деп,
Отырды Мұхташаммен ақылдасып.
Құс айтты: – Алтыннан бiр сарай бар,
Бұ сарайға жетпейдi һеш сарайлар.
Есiгiн тап iшiнен бекiткен-дүр,
Iшiнде Нәркес пенен Афласа бар.
Шаһзада таң қалады қайран болып,
Жетiп келдi жүрегi ойран болып.
Есiгiн бiр таспенен ұрып едi,
Сол жерде бұзылады талқан болып.
Афласа есiктен шығып кеттi,
Аспанға Данданды алып өттi.
Теңiзге алып салам дегенiнде,
Мәликебану қасына келiп жеттi.
Қылышпенен Мәликебану салып қалды,
Афласа таудай болып өлiп қалды.
«Мархаба патша қызы, әй, Бану» деп,
Шаһизада шаттанып қабыл алды.
Бiр-бiрi Нәркеспенен құп көрiстi,
[Қыз]бенен ғашықтық сөз сөйлестi.
Үшеуi Мұхташамға мiнiп алып,
Бұл құстың ұясына келiп түстi.
Өткiздi ғишратпенен ерте уа кеш,
Шаһизада мехнатқа уайым жемес.
Аман-есен көрiсiп Хәкiмменен,
Бар көрген әңгiмесiн қылды кеңес.
Мұхташам қызмет қылды қабыл көрiп,
Һешқайда босанбады мойын бұрып.
Азық алып мiнiсiп Мұхташамға,
Дариядан жерге түстi бiр ай жүрiп.
Мұхиттан аман-есен өтiп алды,
Бiр айда қара жерге жетiп қалды.
Шаһизада бұл құсқа дұға қылып,
Қайтарып мұны азат етiп салды.
Мәликебану бiр тал шашын қолына алды,
Күйдiрiп сол арада отқа салды.
Бұл шаштың түтеткен иiсiменен,
Бiрталай көгершiндер келiп қалды.
Бiреуi арасында тақытқа мiнген,
Амандасып Мәликеге қарсы келген.
Мәликебану айтты бұларға: – Шаһарыма
Қонақ болып қайтсақ,– деп жауап берген.
Адамның суретiне бәрi кiрген,
Қарсыласып Мәликеге сәлем берген.
Сiлкiнiп сол арада көгершiндер,
Жиылып адамзаттар болып жүрген.
Мәликебану шаһизадаға: – Сiзге,– дедi,
Мен бiр ақыл айтайын сiзге,– дедi.
Пикин деген шаһарым бар-дүр менiм,
Қонақ болып қайтайық бiзге,– дедi.
«Құп болар» деп бәрi де мiндi тақытқа,
Құдай-а, мен пақырды өзiң сақта.
Мәликебану шаһары Пикин деген,
Перiлер алып келдi бiр сағатта.
Мәликенiң қарсы шықты ата-анасы,
Қызы үшiн көзiнен ағып жасы.
Аман-есен көрiстi бiр-бiрiне,
Жол болды жер мен көктiң екi арасы.
Уақиғаны бастан-аяқ айтты бәрiн,
Бiлiстi күллi адамдар ахуалдарын.
Мағрип пен машриққа хабар кеттi,
«Нәркестi диюдан алғандарын».
«Дандан бала Қәһқәһәға барды» деген,
«Нәркес пен Мәликенi алды» деген,
Төңiрек төрт бұрышына кеттi даңқы,
«Қис-Лақис пара болып қалды» деген.
«Жазасын бұ малғұнның бердi» деген,
Жаман екен Қис-Лақис негiзi деген.
Мәликебану сұлуға ғашық екен,
Баласы – Мәржум патшаның Синсизи деген.
Жүз мың әскер жиып алды қасына,
Қайраты бұ малғұнның асып ендi.
«Соғысып, Мәликебануды аламын» деп,
Жетiп келдi шаһарын басып ендi.
Ол Синсизи Данданға елшi салды,
Бұ дағы бұл елшiден хабар алды.
«Ықтиярмен берейiн Мәликебануды,
Нәркеске тимесiн» деп хабар салды.
Синсизиге жауап айтты елшi барып,
Дандан мен Мағұл патшадан хабар алып.
Бұ сөздi есiткен соң ол Синсизи,
Елшiге сөз сөйлейдi ашуланып.
– Мен өзiм соғысуға тұрамын,– деп,
Нәркеске мойынымды бұрамын,– деп.
Ықтиярмен бермесе бұл Нәркестi,
Данданды шаһарымен қырамын,– деп.
Елшiге тағы Дандан айтты сөзiн:
– Қимайды бұ Нәркестi менiм көзiм.
Дандан айтты елшiге: – Бара тұршы,
Ертеңгi күн соғысайын менiм өзiм.
Оның сөзiн мақұл деп көре алмаймын,
Екiншiлей қасына келе алмаймын.
Мехнат шегiп неше жыл жүргенiмде,
Соғыспай, бұ Нәркестi бере алмаймын.
Әскерiне бұл елшi хабар еттi,
Синсизи патшаға барып жеттi.
«Ертеге Данданменен соғысамыз» –
Синсизи әскерiне әмiр еттi.
Мұны айтып Синсизи ұйықтап қалды, Бiр заманда өзiне көзiн салды.
Аяқ-қолы байлаулы зынданда тұр, Мұны көрiп Синсизи қайғыланды.
Ертеңменен Дандан ер киiм кидi,
Соғысқа өз басының қамын жедi.
Мәлике сұрды: – Қай жаққа барасың?– деп,
– Синсизимен соғысуға барам,– дедi.
Мәликебану күлдi де жауап бердi:
– Өңкей жыннан бұйырдым тамам ердi.
Жүз мың әскер кiсiсiн өлтiрдi де,
Патшасын зынданға салып бердi.
Зынданға қолын байлап салдым,– дедi,
Кегiңдi, сөйтiп содан алдым,– дедi.
Әскерi өлiп, өзi қолға кiргенiнде,
Соғысуға ендi кiмге бардың?– дедi.
«Синсизидi алып кел!» деп әмiр еттi,
Алдына шаһзаданың алып кептi.
– Ықтиярмен Мәликенi бермек едiм,
Қадiрiн бiлмедiң оның,– дептi.
Ендi өзiм Бануды алдым,– дедi, Сенi ендi өлiмге салдым,– дедi. Өзiңнiң тәкаппарың тапты өзiңдi,
Әй, малғұн, арманда боп қалдың,– дедi.
Синсизидiң жалладтар терiсiн сойды, Сабан тығып, көшеге iлiп қойды.
Ол күнi Мәликебануды Дандан алып, Тамаша бұ шаһарда қылды тойды.
Тағы да бiрнеше күндер өттi, Нәркестiң шаһарына келдi жетiп. Анда барғаш, Нәркеске ата-анасы Қуанышты той қылды тамаша етiп.
Алты айдай шаһзада тұрды сонда, Ерте-кеш ойын, тамаша қылды сонда. Өз үйiне қайтып кеп ата-анасы Ойынның қызықтарын құрды сонда.
Жолдасы Хәкiм қызын тағы да алды,
Уәзiр байғұс Данданға ата болды.
Бұ сапарда үш сұлу қыздарды алып,
Шаттанып шаһзада көңiлi толды.
Алты айдай патша болар өз орнында, Үш айдай Нәркестiң шаһарына.
Үш ай патша болады Мәлике шаһарына, Данданның кiм пар келер қаһарына.
Үш айдай патша болды үш шаһарға, Дүнияда кiм пар болар Дандан ерге. Нәркестi осылайша алғандығы, Жайылды заманында һәр бiр жерге.
Нұсқа екен кiтабында сөйлер сөзi,
Бұрын өлең болмаған мұның өзi.
Жай сөздi өлең қып шығарам деп,
Ақылбек бейшараның талды көзi.
Мұнымен жазған қиссам болды сегiз,
Сөйлесем, таусылмайды сөзiм теңiз.
«Әдһәмдi» болған соң, мұны жаздым,
Оқыған жан, Ақылбекке рахмат деңiз.