Kazakh
Қисса Зияда, Шаһмұрат
Бағдат Мысыр бiрлән – екi үлкен шәр,
Сарғайүр қайғы бiрлән мағшұғы бар.
Ирамбақ перiлердiң ойнағы екен,
Азапты жолы қиын бек кiрiптар.
Екi ғалам жаһанда Хақ Тағала,
Һәркiмге хасыл қылсын нұр сипаттар.
Уасифiн көрiп түсiнде перiзаттың,
Көп бағлан сапар шеккен қара пiл, нар.
Ақырында Құдайым қосылдырған,
Неше жыл қасiрет бiрлән болса да зар.
Расул өткеннен соң дүние салып,
Артында хүкiм қылған төрт шаһариар.
Солардың заманында жиһан кезген
Сөйлейiн бiр жiгiттен сөз қиссалар.
Мысырда бай болған мүлкi толған,
Нұр сипат қайғы көрсе, бiр күн солған.
Бiр ханның Зада деген дәулетi асқан,
Жиһазы мың шаһармен бiрдей болған.
Гауһары сексен базар түзiлмеген,
Саудасы жер қалмады кезiлмеген.
Өзi де бiр керемет әдiлеттi,
Шынжыры тұғры түсiп үзiлмеген.
Салдырды мың бiр сарай, тоқсан тақты,
Бағында бұлбұл сайрап, сулар ақты.
Безентiп лағыл, iнжу, зүбәржатпен,
Зүлфiден тақ орнатып, гауһар шапты.
Дәулетпенен биниһаят сарай салып,
Бек әдiл хан болыпты аруақты.
Тексерген шариғатпен әдiл жүзiн,
Күллi жан қабыл көрдi айтқан сөзiн.
Айбынып һайбатынан көп падиша,
Көруге жарамайды басқан iзiн.
Ақылы әдiлi мен тең болған соң,
Исламға хан қылыпты жалғыз өзiн.
Екi қыз, бiр ұл болды падишадан,
Тұтатын сұлулықпен күннiң көзiн.
Шаһмұрат патша ұғылы жетi жаста,
Ғаламнан сұлулығы еркiн асты.
Атадан Зада хандай бала туып,
Дұшпанның талай қиын көңiлiн басты.
Шаһардан бай мен бектiң ұлын жиып,
Мысыр[да] бойдақ жолдас өңкей жасты.
Жасынан шаһизада сейiл құрып,
Өсiрдi жапан түзде ғарiп басты.
Аш белбеу, алтын айдар ханның ұлы,
Екi қыз Хорлы – Ғайын жұпар шашты.
Тең болып төрт құбыласы шаһзаданың,
Көтердi мың жарым пұт қара тасты.
Жасынан батыр, палуан болғаннан соң,
Байлапты аш белiне жек алмасты.
Гауһар тас кемер белбау салтанатты,
Мiнедi боз арғымақ жан салмасты.
Астары торғын, жiбек, торқа, жақұт,
Киедi алтын жаға күн шалмасты.
Зiлзала жер мен көктi талқан қылған,
Айырды алтын тақтан көп болмасты.
Екi ханшаның баяны
Ханшаның зүбәржаттан шарбағы бар,
Ханзада нәсiлi патша сабағы бар.
Ақ маңдай, қас зүбәржат, көзi гауһар,
Назы көз, қиғаш қара қабағы бар.
Нәсiлi адамзаттан болса дағы,
Безегей хор қызына тамағы бар.
Көрмей жүзiн, естiген көп бозбала
Болады екеуiне шала құмар.
Нөкерi екеуiнiң елу төрттен,
Һешбiрiнiң бiр мiнi жоқ адам сынар.
Ұқсайды һәрбiрiсi ай мен күнге,
Қыз емес айта берсе көңiлiн тынар.
Сипатын шын мүбәрак көрген жолы,
Жiгiтте тағат қалмас мүлкiн санар.
Елу төрт қыз қойнында райхан гүлi
Шам-шырақ панарындай күнде жанар.
Күн батса қос ханша пәрмен қылып,
Көшеге жақтырады лағыл панар.
Неткен пенде екеуiне қосылар екен,
Неше жыл қасiрет бiрлән болса да зар.
Ұқсайды тоты құсқа бас игендерi,
Пердесiн сурет қылды түргендерi.
Жиһанның ләулiк нұры жан ләззаты,
Сайраған бұлбұлдайын күлгендерi.
Бейне хор жүрулерi бұраңдаған,
Һеш пенде тағат қылып тұра алмаған.
Екеуiн ай мен күн деп ойлайды екен,
Әгарда бiреу көрсе сұралмаған.
Адамнан артық туған екi ұлғат,
Бiтпейдi һеш пендеге мұндай тұлғат.
Аршын төс, алтын сипат қос ханыша,
Құдайым хасыл қылған қандай сипат.
Ұжмақтай иiсленген қойындары,
Бағында бұлбұл сайран ойындары.
Iнжуден отыз тiсi, ернi лағыл,
Ақ тамақ, алтын иек мойындары.
Сайраған бұлбұл, тоты бау-шарбағы,
Саф гауһар перде жапқан алтын тағы.
Көмейi – халуа-шекер, тiлi – балдан,
Сықылды пiскен жүзiм бет пен жағы.
Меруерт кiрпiктерi бейне тiзген,
Ұқсамас адамзатқа көзiн сүзген.
Мас болып, дидарына талып қалып,
Жанынан көрген адам күдер үзген.
Болмаған һеш пенденiң мұндай түрi,
Шаһары сауық қылар өлең-жыры.
Сипаты бұған теңдес адам болмас,
Құданың мансаптаған ләулiк нұры.
Бұлардың дүниеден артық сәнi,
Падишаның қосымша меһiрбаны.
Көрсетсе мысал үшiн бiр тал шашын,
Жаһанды жарық қылар раушаны.
Һешбiрiн қияр емес бөтен жарға,
Бұйыртсын Хақ Тағала мағшұқ жарға.
Ғаламат ай мен күн деп ойлайды екен,
Көрiнсе қос ханыша пенделерге.
Әлемге мәшһүр олған мұның сәнi,
Шықпаған тал бойынан һешбiр мiнi.
Сарайдан нұры шығып жарық қылған,
Шаһарда қап-қараңғы айсыз түнi.
Сұрасаң, қос ханыша Хорлы – Ғайын,
Құдайым артық қылған осындайын.
Бiрi – он жетi, бiреуi он бес жаста,
Мағруф құлға берген туған айын.
Сарайы Ирамбақтай шарбағы бар,
Нөкерi жүз сегiз қыз, айтсам жайын.
Бек бiрлән сұлтан қызын нөкер қылды,
Шаһардың былай қойып өңкей байын.
Кеулесе саф лағылдай тарантасы,
Пар жегiп он арғымақ қылды дайын.
Қырық күндей ат шаптырып той қылады,
Сейiлге ханның қызы шыққан сайын.
Көшеден бiр өткенде жүзiн көрген
«Түсiме енсе екен» деп зары қылған.
Сипаты елу төрт қыз екеуiндей,
Жағынған опа-далап иiстi майын.
Мекенi Зада ханның – Мысыр жерi,
Ойнағы өңкей араб талапты ерi.
Бәрiнен сипаты артық екеуiнiң,
Тұлпардың сағым жетпес ақтаңгерi.
Ханшаның отыз тiсi меруерттен,
Мүшесi, кеудесi алтын, зүбәржаттан.
Райхан гүлi бiткен екi қолы,
Безенген алтын, iнжу, шын жақұттан.
Арабтан бұған ғашық талай батыр,
Пердесi алтын тақтың торғын шатыр.
Желпидi нөкерлерi хайла бiрлән,
Iшiнде қос ханша ұйықтап жатыр.
Пердесi саф лағылдан жiбектерi,
Ақ маңдай, нұрлы сипат иектерi.
Ғашық қып көп патшаны диуана еттi,
Суғарған аб кәусәрдан сүйектерi.
Безеген алтын бутал құлақтары,
Сан патша ғашық болған балалары.
Қарасаң сағымданып көз жетпейдi,
Қолының созған гауһар салалары.
Бағында баға болмас iнжу қақпа,
Бұлбұл құс, сандал ағаш, сулар ақпа.
Сыртынан нұры балқып мас қылады
Пердесi, бiр қарасаң алтын таққа.
Халайық әдiл көрдi Зада ханды,
Падиша шапағаткер меһiрбанды.
Шаһардан түстiк жерге иiсi шығып,
Мас қылар маңайында тамам жанды.
Сарайдан күнде соққан нұрдың желi,
Мас болды маңайында мұқым елi.
Орнаған ләулiк нұры Хорлы – Ғайын,
Адамнан асып туған бұраң белi.
Бап. Бағдат патшасы илә Мұхтар шаһтың қиссасы
Болыпты талай патша бұл арабта,
Зададай һәрбiреуi шартарапта.
Бiр ханның бұған теңдес салтанаты,
Жүргiзген мыңдап әскер жүз карабта.
Дәулетi аның дағы жан жетпеген,
Уақытында бiр өзiндей жан бiтпеген.
Бiр өзi билегенi – жетi түрлi ел,
Жарлығын падишаның екi етпеген.
Задаға заманында тең болыпты,
Тең келмес онан басқа патша тiптi.
Тоты құс, бұлбұл гуя бау-шарбағы,
Бiр өзiн отыз мыңдай нөкер күттi.
Асыпты талай хадiнден салтанаты,
Әлиден Шаһимардан арғы заты.
Задаға заманында тең болыпты
Дәулетi биниһаят, Мұхтар аты.
Билептi халқын жақсы әдiлдiкпен,
Қымбатты бұл жүргiзген һәр түрлiктен.
Мың сарай салдырыпты безендiрген,
Iшiнде тоты сайрап түзендiрген.
Қақпасы тоғыз есiк зүбәржаттан,
Жүз кiсi қарауылшы кезендiрген.
Шарбағын жасатыпты мрамордан,
Жаралған арғы заты ләулiк нұрдан.
Тұрағын Бағдат шаһары деп айтады,
Бағасы һеш болмайды мұндай қорған.
Елiнiң ханы болды жақсы көрген,
Сейiлде сансыз әскер қасына ерген.
Алса да неше қатын бала көрмей,
Меккеде үш мың түйе нияз берген.
Елiне әдiлдiкпен қылды жарлық,
Пендеге жаман емес қолда барлық.
«Иесiз өлсем тағым қалады» деп,
Құдайдан бала тiлеп қылды зарлық.
Бiр бала нәсiп еттi бiр Құдайым,
Тарқады қайғылы шер, сары уайым.
Зияда деп ат қойды баласына,
Аты екен анасының Мұлғұзайым.
Жалғыз ұл Мұхтар ханнан туды манап,
Сипаты артық жамал, қызыл далап.
Бiр де болса бағасы сан патшаға,
Жүрiптi жетi жаста әскер санап.
Жетiптi Зияданың кәмiл жасы,
Артылды талай ханнан ғазиз басы.
Атасы ұғылына орнын берiп,
Болыпты Бағдаттың падишасы.
Дәулетi Зада ханмен тең болыпты,
Тең келмес онан басқа патша тiптi.
Тоты құс, бұлбұл гуя бау-шарбағы,
Бiр өзi отыз мыңдай қол күтiптi.
Мұхтар деген хан болды
Бағдат шаһары iшiнде.
Гауһардан шамын орнатқан
Мүбәрак құтты кешiнде.
Разы болмақ пендеге
Алланың қылған iсiне.
Хан ұғылы Зияда ғашық болған,
Хорлы – Ғайын сипатын түсiнде.
Бағдатта Мұхтар ханның дәулетi асқан,
Шаһарға құдайы қылып қазына ашқан.
Данышпан ақылы артық сан патшадан,
Халқына әдiлiмен пәрмен шашқан.
Уәзiрi һәрбiреуi бiр патшадай,
Қисабы қырық жетi екен ақылдасқан.
Шетiнен жауға шапса мың кiсiлiк,
Бұлардың жан болмаған көңлiн басқан.
Зияда Мұхтар ханның жалғыз ұғылы,
Түсiнде Хорлыменен сұхбаттасқан.
Оянса, туған айдай мағшұғы жоқ,
«Дариға, бұ қалай?» деп жаман сасқан.
Көңiлiне қиял кiрдi осылайша,
«Кiрген жоқ Хорлы – Ғайын түске жайша.
Шын менiң жарым ба екен Құдай қосқан
Бұрынғы ер Баһрам мысалынша».
Зияда Хорлы – Ғайынды түсiнде көрiп жоқтағанының баяны
Оянған соң жылайды,
«Дидарын қашан көрем» деп.
«Жерiн бiлсе бiр адам,
Дүние малын берем» деп.
Азық сайлап, ат жиды,
«Хорлыны iздей жүрем» деп.
«Шын туған болсам Мұхтардан,
Түсiме енген махбүбтiң,
Бiр хабарын бiлем» деп.
«Мен – ақ сұңқар, ол – аққу,
Көп көлдерден көрiнсе,
Көлденеңнен iлем» деп.
Хат жазады Мұхтарға:
«Рұқсат берсе хан ием,
Хасыл мұрат Алладан,
Жарымменен ойнап-күлем» деп.
«Әуара қылды бұ түсiм
Он төрттен-он бес жасымда,
Һеш нәрсенi ойламас
Хан балиғы басымды.
Түсiмде көрген суретке
Бiр жерде тұрмас жүрегiм,
Iше алмаймын асымды.
Рұқсат берiп жөнелтсiн,
Атекем келiп таратып
Алтын айдар шашымды.
Түсiмде көрген нұрлы жоқ,
Оянған соң сипасам,
Алтын тақыт қасында-ай.
Сапарыма жүргiзсiн,
Сұраған берiп iсiмдi.
Қасiрет-қайғы сарғайтты
Нұр сипатты түсiмдi.
Қай етейiн, нұрлы жамалың
Ойлағанда кетiрүр
Әл-қуатты күшiмдi.
Шыдап үйде тұра алман,
Сабыр, хайла қыла алман,
Күйдiрүр дертiң iшiмдi.
Балам десең, атекем,
Рұқсат берiп, әзiрле
Маған қосар кiсiңдi.
Асыл туған нұрлы жан,
Ғашық болдым уасифiңе,
Түсiмде көрген өңiнен.
Шын уағда байласып,
Халал жұфұты болмаққа
Құшақтап едi мойнымдан.
Түске кiрген нәрсенiң
Қайғы[сы] қатты, дариға,
Оянып кетсем таңертең,
Кетiп қапты қойнымнан.
Тұра сала iздедiм
Пердесi алтын тағымнан,
Iздеп хабар таппадым
Сайраны бұлбұл бағымнан.
Халыққа хабар шаштырдым,
Бiле ме деп бiр адам
Бағдат шаһары жағымнан.
Тiнтпеген жердi қоймадым,
Бұлбұл сайрап, гүл шыққан
Дария, теңiз ағымнан.
Перi ме, адамзат па екен
Түсiмде көрген Хорлыжан?
Тапсырамын сәлемдi
Жел бiрлән ұшқан сағымнан.
Бөгелемiн iздеуге,
Атам бiрлән анам бар,
Қайран басым, хан басым,
Он бес жасар шағымда.
Басыма қайғы түстi осылайша,
Кiрген жоқ Хорлы – Ғайын түске жайша.
Барат кешесiндей он төртiншi
Сипаты мәшһүрленген туған айша.
Һеш сабыр ете алмаймын өзiн көрмей,
Хорлының түсiме енген қасына ермей.
Есiмдi сағат сайын ұмытпасқа,
Жүзiктi лағыл жапқан қолдан бермей.
Перi ме, адамзат па, бiле алмадым,
Қайғысы iшке енген соң күле алмадым.
Таңертең көзiмдi ашсам қасымда жоқ,
Жүрегiм күл-ойран боп тұра алмадым».
Зияданың Хорлыны жоқтап айтқан ғазалы
– Нұр сипатты Хорлыжан,
Сипатың естен кетер ме-ай?!
Хасыл қылып мұратқа,
Жасаған Ие Құдайым
Қуаныш көңiлiн етер ме-ай?!
Перi десем – белгiң жоқ,
Адамзат десем – артықсың,
Пендеге ұқсар белгiң жоқ.
Ирамбақ болса шаһары,
Адамның ұғылы жетер ме-ай?!
Шын мағшұғын iздемей,
Талапты жiгiт жетер ме-ай?!
Кеше-күндiз қайғысы,
Зердесi болса бойында,
Қосылмай тағам татар ма-ай?!
Ханның ұғылы болған соң,
Мүкаммал жиһан толған соң,
Хорлыдайын махбүбтi
Дүниелiкке сатар ма-ай?!
Шаһзада осылай деп қайғыланды,
Тек емес нәзiкүлiк мың мен санды.
Ақылдасып жол-жөнiн сұраймын деп,
Жидырды шаһардағы бiткен жанды.
Падиша шаһарына пәрмен еттi,
Хабары жүрем деген көпке жеттi.
Тәж бен тақ, мал-мүлкiнден қабат бездi,
Хорлыдай iздеймiн деп алма беттi.
Мұхтардың әдiл патша арғы тегi,
Жиылды ақыл айта өңкей бегi.
Баласын падишаның ортаға алды
Шаһардың сайыпқыран қаракөгi.
Шаһзадаға молдалар[дың] тоқтау салғаны
Молдалар кiтап ашыпты
Хикаяттың сөзiнен.
– Ғашық бопсың бiр қызға,
Түсте көрген кезiнен.
Лағыл, гауһар мүшесi,
Райхан шырақ көзiнен.
Жаның қиып сапарға
Шын iздегiң келедi,
Бiр күн айтқан махбүбiң
Халуа-шекер сөзiнен.
Перiлер екен ғашығың,
Iздеп мүмкiн болмайды,
Хабар алмай өзiнен.
Бап. Шаһзаданың молдаларға жауап бергенi
– Молдалар, мына сөзiң жарамайды, Жаманды жақсы адамға баламайды. Ер жiгiт ғашық болса қасiреттi, Халқына дүниелiкпен қарамайды.
Iздемей тұра алмаймын Хорлыжанды, Жолына сарып қылдым шариф тәндi. Байласқан қатты уағда, қайран мағшұқ, Қосылмай ойламаймын патша-ханды.
Бiр сөзiн сөйлегенде бұлбұл еткен, Түсiме енгеннен соң есiм кеткен. Сипатын неше түрлi айта берсем, Хор қызы тырнағына әрең жеткен.
Хан басым қапа болды қайғы басып, Сүйегiм әдiл затты кеттi жасып.
Ағалар, менi жолға жүргiзе гөр, Атаммен Мұхтар патша ақылдасып.
Ғашықтан маған жеткен қасiреттi оқ, Түсiмде бiр қыз салды iшiме шоқ.
Мекенiн сапар жүрiп iздемесем, Жанымнан үйде отырып үмiтiм жоқ.
Атамның жалғызы едiм балам деген, Хан қылып, талайдан кек алам деген.
Ел-жұртым, алтын тағым, Бағдатым, Ойлап па ем тiрi айырылып қалам деген.
Мұхтар патшаның ұғылы зарлағаны
Мұхтарға хабар жеттi мына сөзден,
«Жалғызым, қор болды екен қандай кезден. Сорым,– деп,– қартайғанда бұ да болса», Жас ақты қан аралас екi көзден.
– Қайтейiн, жалғызым ең алдыма алған, Алтын тақ алпыс түрлi перде жапқан.
Жүзiңдi көрген тұрмас деушi едiм, Мұндай iс ақырында Құдай салған.
Өтiптi бiзден бұрын Абдолла шаһ, Қайғылы бұл неткен iс, қасiрет, аһ. Қыз үшiн Малатияда өлген екен,
Дәл соның болады ғой жалғыз уәншаһ.
Зияданың анасының ғазалы
– Құлыным, кетемiсiң тiрi тастап, Салыпты мұндай iске Құдай бастап. Зар жылап ханым шықты ордасынан, Басының шашын жайып, жалаңаштап.
– Тоғыз ай сенi көтерiп, Толғатып үш күн туғызған. Сылау май қылып жұпардан, Аб кәусармен жуғызған.
Сәлде киiп, тәж салған,
Гауһармен белiн буғызған. Қамалға шапса жау алып, Дұшпанның көңiлiн суғызған. Саяға шықса сан батыр, Тұлпармен тағы қуғызған.
Асыл туған, жалғызым, Бағдаттың затынан.
Мейiрiм түскен туғанда, Зияда деген атыңнан.
Тұрмайды деп ойлаушы ем Бұл шаһарға бiтпеген, Тұрпаты бөлек затыңнан. Түсiнде көрiп бiр қызға, Жас құлыным, жалғызым, Тағаты кеткен жасынан.
Перi болса келдi екен Қай шаһардың елiнден?
Қап тауы ма екен келгенi, Дария, мұхит көлiнен.
Iздеп адам бара алмас, Перiден қызды ала алмас, Құры жылап сәлем айтпаса Сағымның соққан желiнен. Топ iшiнде көрнектi, Сейiлде жүрген Зияда Гауһар түстi белiнен.
Жылап пайда таппайды, Хорлыжан деп зар илеп, Көзiнен аққан селiнен.
Түсiнде көрген қыз үшiн Безiптi алтын тағынан. Атлас көрпе, мамық жай, Пердесi торғын ағынан. Жасында түстi бiр қайғы, Бейнетi көп боп бағынан. Қадiрлi ханның заты едi, Кетеген ұлан қағынан.
Қызды солар бiледi, Жiберiп кiсi сұраңыз. Баһрам, Шаһбал мекенi, Шаһары Мысыр жағынан.
Ханым бiрлән хан жылар, Ұғылының қайғы жағынан.
Түсiнде көрген бiр сурет Кетпедi деп ойынан.
Жылаумен қайтiп жөнелтем, Қайран, балам, тарқамас Iштегi қайғым молынан.
Зияда жаным туғанда, Елi-жұрты жиылып, Келiп жеген тойынан.
Ей, тұлпарым, жалғызым, Ғашық болып бiр қызға Тәжiн кимей басына, Зұлпықар түскен бойынан. Қыз үшiн қайтiп жүдейдi, Тоятын алған, шырағым, Құланның құлын-тайынан. Зияда сапар кеткен соң, Бүтiн Бағдат шаһары Айрылар шолпан, айынан.
Гүл жүзiм солды қапа боп, Баламның қылған зарынан. Iздесе хабар табар ма-ай Түсiнде көрген жарынан.
Перi болса үмiт жоқ, Сонысы қиын бәрiнен. Кiмдi iздеп сапар қылады, Ақ пердесi алтын тақ, Аяулы туған жалғызым, Кетпеген ұят-арынан.
Өледi деп қорқамын, Һеш хабарын бiлмедiң,
Қыз үшiн зарлап жылайды, Һеш татпайды нәрiнен.
Мұхтар хан ғазалы
– Жалғызым, қайғылы боп жүзiң солды, Перiзат түнде көрiп мамық қолды.
Құдай-а, салғаныңға ризамын, Жалғызым бiр қыз үшiн мұндай зарлы.
Шекербанд, көз қуанышым, жалғыз ұғлым, Жолыңа азат еттiм мың сан құлым.
Күн-түнi құлыным деп зар жылайды, Солды ма қолда ойнақ қызыл гүлiм?!
Затынан ләулiк тәжi кетпегенiм, Пәрменiн ислам екi етпегенiм.
Шөлдейдi бiр қыз үшiн жапан түзде, Арабтан көп падиша жетпегенiм.
Жасынан күйге салған Құдiрет Кәрiм, Қайтейiн, Зиядажан, бар қарарым.
Басынан жел ұшпаған заманында, Жолында бiр сағымның ынтызарым.
Қуаныш қызыл гүлiм қолда ойнаған, Сорлы атаң жалғызым деп һеш қоймаған. Құрт-құсқа жапан түзде жем болады-ау Жүзiне әдiл патша жан тоймаған.
Зибажан, пәрмен солай айырылғаным, Аш белiң алтын сымдай майрылғаным. Жел соқса айдалада қор болады-ау, Пақыр мен мүсәпiрге қайрылғаным.
Iнжу тас, гауһар, жақұт, қимат пұлым, Қай етейiн, қош-аман бол, ей, құлыным! Келүр деп сенi тiрi үмiтiм жоқ,
Қолда ойнақ бар қарарым қызыл гүлiм.
Зияда, қош-аман бол, асыл жасым, Қор болды бiр қыз үшiн ғазиз басың. Салынған қызыл жақұт ләулiк тәжiм, Қай етейiн, алтын айдар, iнжу шашың.
Құлыным, қош-аман бол, зиба жаным, Құдайдан сұрап алған меһiрбаным.
Жалғызым, сапар шексе сен сипатты, Отырүр қай етiп менiң сорлы жаным.
Балаған бiр де болсаң отыз ұлға, Қалар ма азат берсем мың сан құлға. Белгiсiз, перi ме екен ғашық қызы, Iздейтiн талап етiп алыс жолға.
Ғашығы перi болса қайдан екен, Шаһары қандай есiм жайған екен. Кетүрдi жалғызымның есi-түсiн, Тигенде нұр сипаты айдан екен.
Тигенде адам болса қайсы жақтан, Падиша қызы ма екен алтын тақтан. Қыздары көл жазираның суы едi, Шықпаса ғашық қызы жол тараптан.
Қап тауының бұғы, марал, ақтан керi, Жиһанның мекен еткен қандай жерi. Перiге түсте ғашық болушы едi, Мысырдың өңкей сұлу талапты ерi.
Шықпаса сол тараптан ғашық еткен, Белгiсi ғашықтықтың жанына өткен. Ғаламды кездiрейiн адам болса, Япырым-ай, перi болса қайда кеткен.
Әгарда перi болса Ирамбақтан, Келмесе перi қызы сондай жақтан. Қап тауы дүниенi шыр айланған, Ағын су сапар шектi алтын тақтан.
Қап тауы перi болса жолы қиын, Ханзадам, қара басың күнде жиын. Алар ем адамзаттың қызы болса,
Мың шаһар берсем дағы қалың сыйын.
Қай етейiн, әуел бастан қыстаған соң,
Қайғысын қатты шыдар баспаған соң. Тақ пен тәж, мал-мүлкiм не қылайын, Жалғызым сен сипатты тастаған соң.
Мұхтар патшаның ұғылын жүргiзбек болған ғазалы
– Ей, халайық, жараным, Жалғызымдан айрылдым Тұлпар атқа мiнгiзген, Көп дұшпанды мұқатып Талай жауды жеңгiзген.
Ғадiлеттi халқына Шарапат жол бiлгiзген. Алтын түлек ақ сұңқар Көлiнен аққу iлгiзген. Сауық қылып шаһарын, Азаматын күлгiзген.
Сейiлге шықса жаяуға, Инсi мен тұрғын тiлгiзген. Үйренiп әскер мысалын Тағзым бiрлән жүргiзген. Тексерiп халқын әдеппен, Әдiл билiк жүргiзген.
Тоты құс ұшты бағынан, Мекен етпей жиһанды, Бағдат шаһар жағынан. Бiр қыз үшiн безiптi Отырған бәни тағынан. Жүргiзейiн сапарға,
Бiр тәуекел Аллаға, Жаман-жақсы болса да, Өзiне бiткен бағынан.
Ессiз болды, тағатсыз, Түсте көрген махбүбтiң Сипаты нұрлы бағынан.
Сипатты туған жалғызым, Қайыр уа май едi халқына, Сан пақырды тойғызған.
Лағылдан сарай жасатып, Мейман үшiн қонғызған. Мысыр шаһар сұлтаны Жүсiптейiн жомартым, Қонаққа тұлпар сойғызған. Пердесi жайын пәк етiп, Саф гауһардан ойғызған.
Ескендiрдей сұлтаным, Дұшпанға бермей намысын, Хорлы халқың, саум елiң Иттифақта болдырған.
Қайғысы басқа түскен соң, Ғашық болып бiр қызға Төрт тарапты шалдырған. Сағым үшiн далада Топырақ басып қалады, Iнжуге тәжiн малдырған. Дүниеде ғашық қатты екен, Елi-жұрттан шын безiп Зарлатып менi қалдырған.
Шаһзаданың анасының ғазалы
Баласы үшiн зар жылап, Ханым афған салады.
Iшi-бауыры елжiреп, Биһұш болып талады.
– Ардақтаған бiр күнде
Ақ сұңқардай зибажан, Менен де жырақ болады. Қайғымен жүзiм солады, Құлынынан айрылған Кер тағы өскен құландай Iшiме қайғы толады-ай. Перi болса бұл қызы,
Iздеп қай етiп алады. Сапар шексе жалғызым, Сорлы байғұс ананың Отпен iшi жанады.
Зияда келiп сапардан, Қай уақытта, дариға-ай, Мұңлы көңiлiм тынады. Тапсырамын аманат, Ей, шырағым, ғазизiм, Мен тiлесем де зар,
Шыныңмен тастап кеттiң бе, Көз қуанышым, жалғызым.
Нәби затты жаралған, Шаһимардан нәсiлi Заһидтардан таралған. Әдiлдiктi көрсетiп Өзiне жиһан қаралған.
Перi ғой, тегi, мағшұғы, Адамзат болса бiлмей Қалмады жиһан сұралған. Әуара қылып баламды, Түсiне кiрген жарының Бар ма екен жерi торылған. Ғұмыр ғазиз сипатты
Заты бөлек Зияда,
Һәр түрлi нұрдан құралған. Парасатпен сөз тартып, Зейiнi мол болған соң,
Көп патшадан сұралған. Жиһанда жүрiп құрт-құсқа Жем болады, дүние-ай, Шыбықтай белi бұралған.
Қыз үшiн сапар жүрмекке Дүниелiгiн сайлаған.
Тұлпар мен дүлдүл ат жиып, Мiнуге жолға байлаған.
Артыңда халқың не болар,
Дұшпаны көп Бағдаттың Қамқоры жалғыз сен едiң, Талай жауды айдаған.
Суретiн көрiп сағымның Жалынмен iшi қайнаған. Адамзаттың асылы Айдыны үлкен Зияда, Сан патшадан таймаған. Пәрмен Алла болған соң, Себепкер болып түсiнде,
Баламды бiр қыз қоймаған. Айрылдық деп жылайды, Әдiлдiк көрген ел-жұрты Қызығына тоймаған.
Иесiз қалды артыңда, Бұлбұл сайрап шарбағың, Қызыл гүлi солмаған.
Сапар шегiп, жүрiп жол Талай бейнет көредi
Шам-шырағым жайнаған.
Жидырды тамам елiн шарбағына, Сиынды дiн Исламның аруағына. Амалсыз ханның келдi жүргiзгiсi, Баласы айланған соң бармағына.
Жасанды жүз парахот, сексен караб, Көп ердi жолдас қылды жеке талап. Сиынып бiр Аллаға тәуекел қып, Затынан Шаһимардан, нәсiлi араб.
Сұлтандар ақыл айтты бiрталай көп,
«Жол қиын, дұшпандар көп, тiлiңiз еп».
«Шаһарға неше күндей мағлұм қылды, Хан ұғылы дүйсенбi күн жүредi» деп.
Жүрер күн ел жиылды Бағдат шаһар,
«Сұңқардан айырылдық» қылдылар зар.
Бәрi де қолын жайып бата бердi:
«Қарағым, дұғаңызда һәмма мүмiндер».
Хан жылар: – Қош-аман бол, қуат-белiм, Су аққан зәмзәм шариф дария-көлiм.
Үстiнде боз арғымақ зар жылайды:
– Қай етейiн, аман бол,– деп,– қайран елiм.
Дұғадан тастамаңыз кеткендердi, Құрметтеңiз, ей, жарандар, ата-анамды. Үлкен аға, кiшi iнi, жамағатым, Айтыңдар менен қайғы өткендердi.
Зияданың ғазалы
Зияда сонда жылайды, Амандасып елiмен, Неше сұлтан, неше бек, Сарыарқаның белiмен.
– Құдай қосып, айырылдым, Ғашық болып түсiмде Сағымның соққан желiмен. Адамзат болса бiлермiн, Мысыр жақты iздесем,
Өзен аққан Нiлiмен. Ғашығымды iздеп таппасам, Ләззаты жоқ дүниенiң, Қымбатты баға пұлымен.
Қыз үшiн азат қылады Қызметкерi, құлымен.
Амандасты ел-жұрты,
«Аман бол,– деп,– зибажан», Мұхтардың жалғыз ұлымен. Бағында тұрмай тез ұшқан, Ғайыптың қызыл гүлiмен, Теңiзге түсiп жөнелдi Индулияның көлiмен.
Арыздасып, жыласып,
Айрылады халқындан Теңiздiң аққан селiмен.
Шығарды елi-жұрты атын сайлап,
«Оңғар,– деп,– жастың жолын, иә, Құдайлап». Ұғылына он екi мың әскер бердi,
Белгiге Шаһимардан туын байлап.
Төрт кiсi сүйеп жүрдi Мұхтар ханды, Халқына шапағаткер меһiрбанды.
«Амандасып осы жерден қайтыңыз» деп, Тоқтатты неше мыңдай тамам жанды.
Бәрi де зар жылайды афған салып,
Көп қылған шапағаттарын көңлiне алып.
«Аман бол, зибажан» деп Мұхтар патша, Атынан жер бауырлап түсе салып.
Зар жылап, тамам халқы фариад салды, Мұхтар хан ханым бiрлән естен танды. Жөнелiп Теңiз деген дария бiрлән, Артынан изiн етiп жылап қалды.
Шаһардан шыққан күнi дария толды, Көңiлiне алмақ болды һазар iстi.
Әскердiң он екi мың баршалары Шетiнен мың кiсiлiк, бәрi күштi.
Дариямен үш күн ақты кеме саулап, Патшаның ән салады көңiлiн аулап. Теңiзге Индi деген келгеннен соң, Тоқтатты парахотты шынжыр баулап.
Сол жерде жау-жарағын асынысты, Тамаша күнде сейiл, аты түстi.
Бес күндей Индулияда ағып жүрiп, Аралға Кабил деген әрең жеттi.
Ол жерде жетi күндей тағы жатты, Аң аулап, құлан қуып, киiк атты. Тағы да жөнеледi кеменi айдап,
Көп жердiң бiр қыз үшiн дәмiн татты.
Батыр-ды жолдас қылған талай мықты, Жағынан мағриптiң бұлт шықты.
Толқынның биiктiгi Қап тауындай, Кеменiң баршасын да суға тықты.
Шынжырды тоқтатуға ала алмайды, Қорқысып, үрейлерi һеш қалмайды. Толқыннан қаһары бар Ысрапылдай Бiр-бiрiн адам танып, бiле алмайды.
Бiр жерге толқын кеме жиып едi, Патшаны бiр қыз түсте қайғылы еттi. Екi кiсi құтылды парахотпен, Өзгесiнiң һәммасы суға кеттi.
Жел шықты сол уақытта күнбатыстан, Құбыламен бiрдей соқты екi тұстан.
Соққан жел Амрұққа айдап келдi, Күңiренген дүниесi бұлбұл құстан.
Шаһзада есiн жиды соққан желден, Жел қуып айдап келдi мұхит-көлден. Бiр шақырым келгенде жерге таман, Үн шықты айғайлаған сондағы елден.
Парахот жақындайды жерге таман, Қарайды қасындағы ерге таман.
Айрылып неше мыңнан екеу қалды, Бiр күнде патша болған қайран заман.
Жақын келсе Анкума биiк тау жер, Айырылып жолдасынан «дариға» дер. Палуан Зияданың өзiндей-ақ Дейтұғын Қосмалия талапты ер.
Екеуi жау-жарағын байлап алды, Кеменiң суын төгiп, жайлап алды. Алтын семсер, ақ алмас наркескендi Өткiртiп шарық тасқа қайрап алды.
Патша айтты: – Ей, жiгiт, жан жолдасым, Тазалап, тез қайнатып пiсiр асың.
Қандай халық бар екен бұл арада, Байқайын қарауылдап таудың басын.
Шығарды парахоттан арғымақты, Қолға алды наркескендi екi жақты. Жалаңаш күнге кепкен адамдары Көрiндi басқа халық аруақты.
Отырды қарауылдап тау басында, Қайғыға ұшыраған әу басында.
Неше түрлi көрiндi адамдары, Жапырақ киiмдерi кеудесiнде.
Өңi жоқ адамының зәңгi түстi, Көредi жолда жүрiп һәрбiр iстi. Адам байқап болмайды айтқан сөзiн Шаһизада сөйлеуге iшi пысты.
Алыстан тамаша еттi соны байқап, Биiк тау, отырған үлкен қиқап.
Есiттi даңылдаған дауыстарын, Сөйлестi бiр-бiрiне басын шайқап.
Миуасы, таудың iшi жемiсi көп, Отырды тамаша етiп, һәрбiрiн жеп. Жолдасы ас пiсiрдi сол уақытта, Сауыт пен алтын шелек су алып кеп.
Мосын асты, отын жағып, түтiн салып, Жылғаның ағып жатқан суын алып.
Жалаңаш от көрмеген халықтары Түтiнге қарадылар аң-таң қалып.
Пенде үшiн жаратыпты бұл жалғанын, Табады қай уақытта еске алғанын.
Айланып шаһизада жемiстерге Ұмытты жолдасының не болғанын.
Шаһзада ойға алады жаққан отты, Бiле ме надан адам сұрау-сотты.
Орнына қайтып келсе, жолдасы жоқ, Құр байлап, тастап кеткен парахотты.
Зияда қайран қалып алаңдайды, Белгiсiз мекен еткен мұндай жайды. Шапқылап дарияның жағасында, Болдыртып тұлпар атын таба алмайды.
Айырылды жолдасынан жалғыз қалып, Сол жерде зар жылайды фариад салып:
– Ермегiм, елi-жұртым, жан жолдасым! – Дедi де неше заман жатты талып.
Бiр уақыт есiн жиды талғанынан, Дүниенiң пайда болмас жалғанынан. Падиша ғазал әйлап зарлық еттi, Айырылып Қосмалиядан қалғанынан.
– Әуелде үйден он екi мың ер, Халқына сөйлесуiң бұ қиын жер. Кетейiн мұнда болса бiр тiлдесiп, Құдай-а, мен пендеңнiң мұратын бер.
Ұмытты жолдас үшiн ғашық [жарын], Кетiрдi ашуланып шын қаһарын.
Бiлейiн бiр хабарын достымның деп, Жөнелдi қуат әйлап Бiр уа Барын.
Жолдасын iздеп жүрдi зәңгi жақтан, Бек жақсы таудың iшi бау-шарбақтан.
– Айрылдым қасымдағы жолдасымнан, Безiп ем бұ жиһанда алтын тақтан.
Табамын сенi қайдан iздегенмен, Бiлмеймiн жердiң жүзiн кезлегенмен. Тiл қайырып, достымды сұрар едiм, Ұқпаймын айтқан сөзiн сөзлегенмен.
Жолдасым қайда кеттiң, сымбақ сәнiм, Болмаған падиша едiм һешбiр мiнiм.
Айырылып жолдасымнан мұндай болдым, Билеген мың шаһарды, қайран күнiм!
Жаралған падиша едiм дәулетi асып, Қыз үшiн сапар шектiм қайғы басып. Айырылған ел-жұртынан екеу едiк, Кетпедiм тым болмаса арыздасып.
Жолдасым, жолығамын қашан саған, Бейхалдiк сұрасар күн бар ма маған. Зар илеп Зиядажан отырғанда,
Есiттi бiр дауысты айғайлаған. Немене айғайлаған елсiзде деп Жүгiртiп шыға келдi құба дөңге.
Сол жерде көрiнедi жығылған ер, Шаһзада зар жылайды ағызып сел. Қосмалия «Зияда» деп айғай салды:
– Қалайын арыздасып, қасыма кел.
Сол жерде қаһарланды намыс етiп, Бойына ақыл кiрдi, ашу кетiп.
Қорқатын Зияда жай падиша ма, Қасына жолдасының келдi жетiп.
Зәңгiлер таң қалады келбетiне, Қарайды тамаша етiп әлпетiне. Бұғаудан Қосмалия қашып шықты, Патшаның мас болған соң суретiне. Келедi тамам зәңгi хандарына, Тұрғысыз адам шыдап маңдарына.
Зәңгiлер жетi мың қол айдап шықты, Бәрi де өз заңынша батыр мықты.
Карабтан Қосмалия атқа мiнiп, Семсермен қойдай қырып қайта тықты.
Ұстауға хайла қылды зиба ханды, Соғыстан аямайды ғазиз жанды. Екеуiнен жетi мың қол қашқан соң, Сұлтаны жалаңша дөң ашуланды.
Жан тумас Зияданың нұрындай боп, Болат соғысады қырындай боп.
Зияда сол соғыста қимыл қылды, Әли мен Қаһарманның бiрiндей боп.
Шығарды зәңгi сонда отыз мың қол, Бәрiнiң тастан шоқпар, қаруы мол. Ұмтылса есiк қылар жүрген жерiн, Наркескен екi жүздi оңы мен сол.
Соғыстан падишаның бас-көзi iстi, Болса да не хайла етсiн, бәрi күштi.
Мысырдың ғашық еткен көл далабы, Қуаты түгелдi ме ер талабы.
Зияда, Қосмалия қолға түстi, Арабтың аруақтаған қос манабы.
Байлайды қол-аяғын кiсен салып, Екеуi бейнет көрдi қолда қалып. Не айтса әмiрiмен қылалық деп,
Он мың ер жүрмек болды ханына алып. Патшасы бiр кiсiнi жiберiптi:
– Ап келсiн, етiн жеймiн ханның ұлын.
Жиылды көп жалаңша зәңгi халық, Елiнiң жеген асы – жылан-балық.
– Қанын iшсiн жылыдай сұлтанымыз, Тiрiдей ендi екеуiн апаралық.
Ханына алып келдi Зияда ердi, Хорлы үшiн аралапты талай жердi. Зәңгiнiң падишасы әмiр қылып, Сегiз ай зындан салды падиша ердi.
Зәңгiлер қарамайды зарларына, Жеткiзсiн жалғыз Алла арманына. Сексен құлаш зынданның тереңдiгi, Салдырды алып барып зынданына.
Сақтады сегiз айдай азап қылып, Һешкiм жоқ халiн сұрар, жайын бiлiп. Жиһанның бiр сұлуын мұндай қылды, Жүретiн падишаны ойнап-күлiп.
Жүрегi падишаның дертке толды, Бiр елге менi бiлмес қолды болды.
Қоштасып жолдасымен зар жылайды, Көп жүрген ойына алып алыс жолды.
– Бiр күнде Бағдаттың сұлтаны едiм, Дүлдүлден затым шыққан тұлпар едiм. Жолықтым қалың торға құтылмастай, Ақ торан тоят алған сұңқар едiм.
Қайғыдан беңзiм кетiп күнде солдым, Бейнетi қатты болды осы жолдың.
Аман бол, Қосмалия бiрге жүрген, Ирамбағы сапарында қасыма ерген. Ауызбен бахилдiктi сұрар едiк, Көрмедiк елi-жұртты көзi көрген.
Бағдатта падиша едiм әдiл затты, Хорлыжан, қайғы салдың маған қатты. Халiм сұрар сөйткенмен һеш адам жоқ Дейтұғын «Зиядажан қайда жатты?»
Зияданың Қосмалияға айтқан ғазалы
– Қосмалия, аман бол, Бахилдiк сұрап алайын, Бiр заманда хан болып,
Қызықтың көрдiм талайын. Құтылуға дәрмен жоқ,
Есiм барда, жолдасым, Арыздасып қалайын. Хақ Сәруар Құдайым, Тiлегiмдi берүр ме,
Зар илеп афған салайын. Мұндай болды заманым, Падиша болған шағымда Ойлап [па] ем зындан болайын. Шаһимардан бабамның Аруағына сыйынып,
Алладан медет сұрайын.
Есен шықсам зынданнан, Түсiме кiрген жарымның Әдiлдiктi көрсетiп, Бағдаттың жерiне.
Падишаһ болған заманым, Қор болды ғазиз ғұмырым Зәңгiнiң қазған көрiне, Хабар айтар адам жоқ Мен сорлының елiне.
Ақыр өйтiп өлем де, Тапсырып сәлем болмайды Мұхиттың соққан желiне. Медет бер өзiң, Құдай-а, Зындан толды түн-күнi Көзiмнiң аққан селiне.
Қосмалия, аман бол, Алла қосып осылай, Мұндай болды патшаның Буынған гауһар белiне.
Медет бер деп жылайын
Дiн Исламның дiнiне. Зынданда жатып қор болды, Зиядадай патшаның
Таң қалғандай сынына. Зәңгiлерге кез болдым, Тым болмаса түспедiк Ирамбақтың жөнiне.
Әйласын қуат Мұртаза, Ерлердiң қайғы жөнiне. Сұлтанның қолы жетпейдi Наркескендi алуға,
Қол-аяғы байлаулы, Ұмтылса да қынына.
Мен-ау сорлы душар болдым Жаман кәуiр қолына.
Зынданда хан қор болды күлiмдеген, Жарынан һешбiр хабар бiлiнбеген.
Зар жылап, арыздасып отырғанда, Есiттi бiр дауысты дүрiлдеген.
Дәл сонда айғай салды бiр адам кеп,
– Осында, екi адамзат, бармысыз?– деп. Арқаннан тiрi болсаң ұста,– дедi, Патшамыз жарлық қылды соямыз деп.
Зияда сол уақытта қаһарланды, Әйтеуiр қинады деп шыбын жанды. Талқан қылып сындырды кiсендерiн, Қанатып неше жерден шариф тәндi.
«Құдай-а, оңғар, – дедi, – бiздiң халдi», Жолдасының байлауын шешiп алды.
– Арқан ұстап шығуға дәрменiм жоқ, Қолым шешiп шығар,– деп айғай салды.
Зәңгiлер сол уақытта жиын қылған, Патшаны өлтiрем деп қиын қылған.
Бiрiн-бiрi шақырып, қонақ қылып,
«Адам сойып берем» деп сыйын қылған.
Арқанның жiбердi зынданға ұшын, Зияда қаһарланып жиды күшiн.
Тағы да тыста тұрып айғайлайды:
– Зынданда екi адам, тiрiмiсiң?
Көңiлiне хайла қылмақ келдi дейдi,
«Биледiм Бағдат шаһар елдi»,– дейдi.
– Менi сойып жесеңiз, тiрi тұрмын, Жолдасым қасымдағы өлдi,– дейдi.
Қуанды бiреуi өлсе, бiреуi бар, Жүдеттi падишаны бiр ғашық жар.
– Арқанға өлгенiңдi байлап жiбер, Онан соң өзiң керек, ей, жiгiт зар.
Екеуi есiтедi айтқан сөзiн, Хайланың қатты қылды ендi кезiн. Арқанға өлiк қылып байламаққа Тартады Зияданың екi көзiн.
Өлiкше Зияданы қойды байлап, Тәуекел бiр Аллаға зарлық әйлап. Iшiнен қоса таңды киiмiнiң Қылышын екi жүздi өткiр қайрап. Iшiнен наркескендi орап таңды Ақ торғын Мұртазаның туыменен.
Қаруын бiрге өзiмен таңды сайлап,
«Тәуекел, медет бер,– деп,– иә, Құдайлап». Зынданнан «тартып ал» деп айғай салды,
– «Арқанға жолдасымды қойдым байлап».
Зәңгiге хабар бердi мынадайдан, Болмағың жақсы-жаман бiр Құдайдан. Қуанып «байладым» деп айтқаннан соң, Тартады бұлдыратып әлдеқайдан.
Арқанға кiсi таңған көзiн салды, Бiр Алла медеттесiн ғарiп жанды.
Қайғысыз «өлген кiсi жеймiз ғой» деп, Таңулы бiр адамды тартып алды.
Әдетi зәңгiлердiң адам сойған,
Нұрына ғашық жардың болмас тойған. Асты-үстiн арқанменен шарып байлап, Бiреуiн тартып алды байлап қойған.
Тартып алып байлаудың жiбiн шештi, Жақсыға мол бередi ақыл-естi.
Зияда шешiп жатса ойлап жатыр, Осы жол соғыспаққа жаннан кештi.
Бiр жерi шешiлмеген һеш қалмады, Тiрi ме, өлi ме деп көз салмады.
Әбден шешiп болған соң қылайын деп, Шаһзада былқ-сылқ етiп қозғалмады.
Қарауға шешiп қойып бата алмайды, Садақпен өлген ғой деп ата алмайды. Шыдамай зәңгiлердiң дүбiрiне Шаһзада қаһар қысып жата алмайды.
Падиша шешiп алды баулап қырды, Ойлайды шаһизада талай сырды.
«Ата-бабам, ер Әли, медет бер» деп, Қолға алып наркескендi атып тұрды.
Сипаты ай мен күнге теңелдiлер, Қуанып тұрғаннан соң оңалдылар. Өлген кiсi тұрған соң қылышы бар, Зәңгiлер шошыған соң жөнелдiлер.
Көтердi Мұртазадан қалған туды, Тарқатты iште қайғы сары суды. Сиынып Арысланның аруағына, Кәпiрдi қойдай қырып үш күн қуды.
Қан қылды Амрұқтың жүрген жерiн, Зәңгiнiң тартып мiндi тұлпар керiн. Зәңгiнiң он бес мыңдай бiрiн қоймай, Қиратты неше мыңдай талай ерiн.
Дүниенiң көз жетпейдi пернесiне, Алланың белгi болмас һәрнесiне. Шығарып жолдасымда алайын деп Келедi терең зындан жар басына.
– Зәңгiден тартып мiндiм кердi,– дедi, Қираттым он бес мыңдай ердi,– дедi.
Көрсеттiң осы жолы хайла,– дедi, Ерлерге хайла қылмақ пайда,– дедi. Зынданға сексен құлаш арқан салып,
– Белiңнен, Қосмалия, байла,– дедi.
Жолдасын шығарып ап амандасты, Әуелден iздеп шыққан қолаң шашты. Бiрiгiп атқа мiнiп жөнелдiлер, Байлаулы парахотқа һәм келдiлер.
Түзетiп кемесiнiң һәр нәрсесiн,
Сол жерде неше күндей көп тұрдылар.
Неше күн балық алды, азық сайлап, Ас-суын даяр қылып алды жайлап.
«Дүйсенбi жүрелiк,– деп,– Ирамбаққа, Қойдылар жұма күнi уағда байлап.
Түсiнде ғашық болды сағымменен, Бiр айтқан уағда сөзi жағыменен. Аралдан жазғытұрым сең жүредi, Теңiзден Мұзды деген ағымменен.
Жүруге парахотты қойды бұрып, Қорқады сындырұр деп сең мұз ұрып. Жағада сеңдерi бар орнап қалған, Әкетер бiрiн-бiрi түн-күн ұрып.
Бiр күнi жүрермiз деп үмiт еттi,
«Қор қылма, Жаппар Құдай, бiздi» дептi. Мұз үстiнен су алам деп жүргенiнде, Жолдасы сол күйiнше ағып кеттi.
Жалғыз қалды, жолдасы ағып кетiп, Жер емес алып қалар қуып жетiп.
Ұстауға қалың мұздан кеме жүрмей, Жығылды шаһизада есi кетiп.
Бiр уақыт есiн жиып атқа мiндi, Қосмалия ағып кеттi патша сынды.
«Жайындардан жаныңды сақтарсың» деп, Семсерiн лақтырды алтын қынды.
Айырды бiр-бiрiнден күн мен айды, Жад қылып сиынады бiр Құдайды. Жағада шауып жүрiп амандасты:
«Қарағым, қай етейiн?!» деп зар жылайды.
– Барасың, Қосмалия, сумен ағып, Серiк боп, ажалыңа түстiң нағып. Тұлпар ат болдырған соң тұрып қалды, Айырылып жолдасынан санын қағып.
Теңiздiң жан-жағына көз жетпейдi, Қайғысы жолдасының һеш кетпейдi. Ат болдырып, жапанда жалғыз қалды, Қайғылы падишадай жан бiтпейдi.
Зияда қайтып келдi мекен жерге, Құдай-а, берме қайғы талапты ерге. Болдырғаш Қосмалияның атын тастап, Мiнедi өз тұлпары бозғыл керге.
Жер емес хабар айтар жазған хатпен, Шаһзада зар жылайды мiнәжатпен. Қимады айырылуға жолдасынан, Бозғыл кер қайта қуды тұлпар атпен.
Төрт күнде қуып жеттi аққан сеңдi, Қайыспас падиша едi, қайғы жеңдi. Сеңiнiң һәрбiреуi Қап тауындай, Қашырды һайбатынан қайран өңдi.
Сеңдерi Қап тауындай қарап тұрса, Үлкен хал келмейдi шетке бұрса.
Тау мен тас дауысынан дүрiлдейдi, Бiр сеңдi бiр сең келiп қатты ұрса.
Сол уақыт жел шығады күншығыстан, Теңiздiң үстi суық қаңтар қыстан.
Құбыланың жағынан қырауланып, Һайбатпен сеңдi айдады екi тұстан.
Зияда тұлпарымен жағалайды, Қаһарлы қайғы басты екi байды.
Жел қуып, сеңнiң бәрi шетке шықты, Жолдасын су жүзiнен таба алмайды.
Зияда жолдасынан қалды дейдi,
Бар Құдай мұндай күйге салды дейдi. Қосмалия әйтеуiр өлемiн деп, Мойнынан бiр балықтың алды дейдi.
Балықты тоғыз құлаш ұстап алды, Туласа жiбермейдi, су шайқалады. Кемерiн белiндегi шешiп алып, Мойнына ол жайынның махкам салды.
Көп тулады үстiнен жығайын деп, Теңiзге Дүние айналған шығайын деп. Шын болмасын бiлген соң адамзаттың, Малтыды балық шетке шығайын деп.
Құйрығын малтиын деп есiп алды, Жайынның жуасымас несi қалды. Бұйдалап желкесiнен басып тұрып, Танауын наркескенмен тесiп алды.
Сиынып Қосмалия зарлап тұрды, Сiздерден аямайық бiлген сырды. Арда екен арғымақтай жеке үйреткен, Бұлқытып ары-берi мiнiп жүрдi.
Үстiнен аққан сеңнiң құтылды аман, Әуелден қайраты көп, емес жаман.
Қамшымен борбайына салып қалып, Малтытты Қосмалия шетке таман.
Қайғымен Қосмалия көңiлi күптi, Көрмеген жамандықты бұрын дептi. Жайын әкеп жағаға шығарған соң, Алады мойнынан таққан жiптi.
Қуанды көргеннен соң құрғақ жердi, Сарғайтты қайғы-қасiрет талапты ердi. Құданың бұ да болса пәрменi деп, Жайынды жiбiн шешiп қоя бердi.
Жүредi жағаменен көңiл бөлiп, Сарғайды зағыпырандай жүзi солып. Жаяулықты көредi Қосмалияекең, Бiр күнде жүрген оның қасына ерiп.
Теңiздiң балығы көп шуылдаған, Жел қуып, аққан сеңi суылдаған. Жағамен қапа болып келе жатса, Есiттi бiр дауысты дуылдаған.
Қорқады немене деп дауыс шыққан, Бәрi су киiмiнiң жеке шыққан.
Ғапыл болмай, жау болса бiлейiн деп, Қолға алды наркескендi қынға тыққан.
Жағада құлақ салды тоқтай қалып,
«Зияда қор болды екен қайда қалып?!» Зар жылап Зияда отыр «жолдасым» деп, Семсерiн келе жатса қолына алып.
Танысты бiрiн-бiрi әлдеқайдан, Қазасын Құдай қосып һәрбiр жайдан. Зияда көрген жерден талып қалды, Патшаның көңiлi жұмсақ сары майдан.
Қосылды қалмаған соң жапанда өлiп, Сүйедi Зияданың басын келiп.
Кiсiнеп жердi тарпып қоя бердi, Келгенiн Қосмалияның тұлпар бiлiп.
Зияда есiн жиып тұра келдi, Хорлы үшiн аралады талай жердi. Қосылып жолдасымен екеулерi, Баяғы парахотқа қайта келдi.
Алдылар атына артып, азық сайлап, Екеуi жолға түстi «иә, құдайлап».
«Бiр айлансақ мiнермiз, Құдай қосса», Тастады парахотты мықтап байлап.
Хан едi әдiл заттан асыл тектi,
Салт мiнiп, тұлпар атпен сапар шектi. Тауының биiгiнен күн көрiнбес, Болмайды жерден байқап аспан-көктi.
Қарата Ирамбаққа сапар қылды, Өткiздi зарлықпенен неше жылды. Арада талай бейнет қайғы көрдi, Түстегi iздеймiн деп назы гүлдi.
Табам деп ғашық жарын үмiт еттi, Арада мейлiм менен көп күн өттi. Миуасы, бас-аяғы аққан бұлақ, Иесiз, дым сасыған баққа жеттi.
Бағына көз жетпейдi бұлдыраған, Кәусардың шәрбат ағып сылдыраған. Лағылдан, iнжу-гауһар қақпалары, Мұндай бақ бұ дүниеде һеш болмаған.
Жасаулы сырлы сарай, алтыннан тақ, Нәрсесiн қарап тұрсаң, бейне ұжмақ. Қызығы дүниенiң бәрi сонда, Сайраған бұлбұл гуя бiр бау-шарбақ.
Бағының айналасы алты қорған,
Һеш жан жоқ мекен етiп мұнда тұрған. Һәр түрлi үнмен сайрап сандуғаш[тар], Бiрiнен-бiрi келiп сауал сұрған.
Жасапты пердесi аппақ бiр алтын тақ, Зейнеттi мұнан артық болмайды бақ. Сарайдың қызыл жақұт кiрпiштерi, Гауһардан терезесi, лағыл қақпақ.
Адамзат мекен етпес мұндай жердi, Тарқатты бақта жатып қайғы-шердi. Тақытқа тамаша етiп қарап тұрса, Алтын потал үстiнде жазу көрдi.
Дүние бес күн тiрiлiк жалған екен, Зияда хатқа көзiн салған екен.
Ол хатты таққа жазған оқып көрсе, Бұл сарай Ескендiрден қалған екен.
Шарбақта сейiл құрды, жемiс тартып, Аттарын қоя бердi дамылдатып.
Қосмалия қалады бақ iшiнде, Ұйықтады Зияда кеп таққа жатып.
Патша[ға] Құдай бердi артық түрдi, Жаратқан дәргаһында ләулiк нұрды. Бұрынғы Бағдаттағы күнiндей боп, Түсiне Хорлы жары тағы кiрдi.
Түсiнде сөйлеседi Хорлыменен,
Неше жыл ғашық болған нұрлыменен. Сол үшiн ел-жұртынан қабат безген, [Зияда] сұхбаттасты Хорлыменен.
– Қарағым, Зиядажан ғашық еткен, Көргелi сенi түсте есiм кеткен.
Әйтеуiр мекенiмдi бiр таптыңыз,
Шын асыл патша болсаң сөзге жеткен.
Зибажан, қайғың түстi маған қатты, Белгiсi ғашықтықтың жанға батты. Көрмесем сенiң жүзiң, шаттығым жоқ, Қай етейiн, сахих сөзiң балдан тәттi.
Ғаламды нұр сипатың жасырғаным, Қайғыңыз қатты болды, мағшұқ, сенiң. Жалғызы Шаһбалдың күләндамдай, Бiр сенде мағшұғым бар, патша менiм.
Аш белiң алтын сымдай бұралғаным, Данышпан парасатпен сұралғаным. Әгарда жiгiт болсаң, бiр iздеп тап, Затынан Шаһимардан жаралғаның.
Зүбәржат кiрпiктерiң, лағыл маңдай, Сипатың белгiлiмсiң атқан таңдай.
Әгарда мендiк болсаң, бiр iздеп тап, Мағшұғым, жақсы көрген ғазиз жандай.
Түсiнде осылайша уағда еттi, Белгiсi ғашықтықтың жанына өттi. Сұрасып бастан-аяқ ахуалдарын, Ғайып боп сол уақытта Хорлы кеттi.
Хорлыдай түсте көрген бұраң белдi, Сол үшiн тастап кеткен тамам елдi. Қозғалып ары-берi алтын тақта, Сипалап төңiрегiн түрегелдi.
Сайраған бұлбұлы бар бау-шарбақтың, Пәрменi мұндай болды жалғыз Хақтың. Оянса, жан-жағында дәнеме жоқ, Қараса перде түрiп алтын тақтың.
Тағынан шаһизада түрегелдi, Хорлыны бау-шарбақтан iздейдi ендi. Түске кiрiп, ғайып боп кеткеннен соң, Бiрталай аһ, фариад қылады ендi.
Зияданың Хорлыны жоқтап айтқан ғазалы
Ей, Хорлыжан, ғашықпын Түсiме өзiң кiргелi.
Сенi iздеп бейнет көп көрдiм Сапарында жүргелi.
Мейiрi тәттi, сымбатты, Дәргаһыңа ергелi,
Бiр сен үшiн безiп ем Атам бiрлән анамнан, Қолымнан белгi бергелi.
Бүгiн тағы сөйлестi Меһiрбаным тұлғалы. Қай уақытта табармын, Тәж бен тақты тастап ем Бiр саған ғашық болғалы. Мекенiңдi айтпадың,
Шын мағшұғым, Хорлыжан, Басыма қайғы салғалы.
Талап еттiм сапарға Бiр сенi iздеп алғалы. Табар уақыт болар ма,
Иiлдiм афған сенiң үшiн, Ғашықта басым қалғалы.
Хорлыжан, сенсiз бiр күн тағатым жоқ, Қайғылы көкiректi еттiң шоқ.
Құдай-а, қай уақытта көрсетесiң, Iшiме менiң салды тағы да шоқ.
Сөйлестi түнде жарым қасыма кеп, Айтқанда шырын тағзым сөзiнде еп.
Перi ме, адамзат па, бiле алмадым, Айтады «мен де саған ғашықпын» деп.
Қолынан ғашық жарым бiр дәм таттым, Өңiмде ғашық жармен сөздi қаттым.
Түсiме Хорлы жарым кiрүр ме екен, Пердесi алтын таққа қайта жатсам.
Бұ сөзбен алтын таққа келдi жетiп, Жығылды таққа келiп, есi кетiп.
Түсiрiп перделерiн, көзiн жұмды, Түсiме кiрер ме деп үмiт етiп.
Сапарда өткiзедi ғазиз жасын,
Көп баға жолда шашты лағыл тасын. Атлас көрпе, торғыннан төсектерi, Бүркейдi ұйықтайын деп аяқ-басын.
Ғашықтан сарғаяды iшi пысып, Ұйқысы һеш келмейдi қайғы қысып.
«Хорлыжан, сенi қашан көрүрмiн» деп, Бiр уақыт зар жылайды тақтан түсiп.
– Сен үшiн безiп едiм тәж бен тақтан, Көңiлiм ашылмады мұң мен наздан. Бiр саған қосылмаққа жаһатым бар, Сапарда жүргенiм жоқ қайғым аздан.
Пәрмендi патша едiм алтын тақтан, Iздейiн мекенiңдi Ирамбақтан.
Әйтеуiр үмiтiмдi һеш үзбейiн,
Тәуекел, қосылдырмақ жалғыз Хақтан.
Iздеуге ой қылады жұпар шашты, Сипатты, жамалы артық қиғаш қасты. Неше күн аунап-қунап мекен еткен Бағымен Ескендiрдiң амандасты.
– Хорлыжан, қай уақытта табам,– дедi, Қайғыңнан мен жүдедiм тамам,– дедi. Тағыңда алтын перде он күн жаттым, Медет бер, Зұлқарнайын бабам,– дедi.
Бiр iске Құдай салды әуел бастап, Тұлпарды жүрмек болды таққа тастап. Жаяулап Қап тауынан аспақ болды, Жолдасы жүрмек болды сөзiн қостап.
Жөнелдi екi жаяу қадам басып, Сүйегi әдiл патша кеттi жасып.
Бiле алмай жолдың жөнiн бейшаралар, Iшiнде қалың таудың кеттi адасып.
Жол бiлмей бейшаралар адастылар, Қай жерде тастан тайып құластылар. Шыға алмай Қап тауына басы айналып Табаны жерге тайып жыластылар.
Бап. Мысырдың патшасының қызы Хорлы Зиядаға ғашық болған ғазалы
Хорлының нәзiк белi қындай болды, Бармағы нәзiк тартқан сымдай болды. Сөз бастайын Мысырдың ғазизiнден, Сұлтаны Бағдаттың мұндай болды.
Мысырдың сөз бастайын хандарындан, Құрметтi үкiм еткен жандарындан.
Патшаның екi қызы Хорлы – Ғайын, Жүрмеген һеш адам маңдарындан.
Мысырға Зада патша пәрмен еткен, Жүзiнен әдiлдiктiң дәрмен еткен. Сейфүлмәлiк көп iздеп Бәдiғұлды, Жерiне Ирамбақтың ол да жеткен.
Ғашықтық бұ шаһардан үзiлмеген, Дүниеде жер қалмады кезiлмеген.
Тақ пен тәж мал-мүлкiнен қабат безiп, Iсiне бiр Алланың не хайла еткен.
Хорлыжан Зияданы ғашық еткен, Ұқсас-ты назы күлген, сипат бiткен. Көп патша үмiт етiп көре алмаған, Екеуiн жүз сегiз қыз нөкер күткен.
Зияда Хорлы қызды ғашық еткен, Оған да артық болып сипат бiткен. Түсiнде Зиядаға ғашық болып, Хорлының афған әйлап есi кеткен.
Дертiнен ғашықтықтың жүре алмаған, Нөкерi мұндай iстен сыр алмаған.
Елжiреп iшi-бауыры ғашықтықтан Орнынан оянған соң тұра алмаған.
Заданың екi қызы, бiр ұғылы бар, Ғашық боп назы гүлге көп адамдар. Ғайын мен Хорлыдан сөз бастайын, Тағы да есiтiңiз бiр қиссалар.
Бiрiнiң аты – Хорлы, бiрi – Ғайын, Жасаған қызыл жақұт мекен-жайын. Сол күнде нешелер ғашық болып, Заданың ала алмаған күн мен айын.
Бермедi неше жақсы патша-ханға, Һәркiмдi Құдай салар ғашық заңға.
«Хорлыжан, Ғайынменен екi балам, Берем,– деп пәрмен еткен,– сүйген жанға».
Ғайын мен Хорлы екеуi жаннан өткен, Кәмiл жас шарапатқа толық жеткен. Пердесi алтын тақта жатады ұйықтап, Екеуiн жүз сегiз қыз нөкер күткен.
Сарайы екеуiнiң екi басқа, Болады қайғы бөгеу iшкен асқа.
Жiберсе неше патша хош алмайды, Жаздырып алтын потал лағыл тасқа.
Бiр күнi Хорлы жатты сарайында, Сипаты нұр жаралған шырайында. Түсiнде ұйықтап жатса махаббатты, Бiр бақтың сейiл құрды маңайында.
Түсiнде баққа келiп сейiл еттi, Ағұр су, алтын тақты жерге жеттi. Әуес қып бұлбұл гуя сандуғашын, Айналып қызығынан онан да өттi.
Көредi келе жатып бiр ақ шатыр, Бақшаның миуалары балдай татыр. Ханыша сол шатырға көзiн салса, Iшiнде бiр адамзат ұйықтап жатыр.
Хорлының сипаты бар ғазиз жандық, Не қайғы кез келмейдi шариф тәндiк. Қалмады һеш сабырлық, қызда дәрмен, Бұл жiгiт, жаным құрбан, болса мендiк.
Жiгiтпен Хорлы келiп бiр жатады, Аузынан шәрбат-ләззат дәм татады. Оятып мойнынан құшақтап ап, Зибамен ұйықтап жатқан сөз қатады.
Сол уақыт жiгiт тұрды перденi ашып, Қасында бiр қыз отыр бетiн басып.
Көрген соң ханышаны ғашық болып, Шаһзада тұра келдi асып-сасып.
Хорлы айтты: – Жiгiт, сөзiң балдан тәттi, Бәрi рас айтқан сөзiң инабатты.
Жиһанда сан патшаны көрсем дағы, Һешбiрi жаралған жоқ сен сипатты.
Тiлiң бал, тiсiң меруерт, жiгiт, сенiң, Жаралған шыны нұрдан шариф тәнiң. Етпесе рақым өзi Хақ Тағала,
Сен үшiн қатты болды ғашығым менiң.
Қараса, бiр сұлу қыз бетiн басқан,
Шын ғашық белгiсi емес сөзден қашқан. Бұраң бел, ернi ақық, көзi гауһар, Сипаты бұ ғаламнан еркiн асқан.
Пердесiн, бетiн ашып, қолын алып, Қарады бiр-бiрiне көзiн салып.
Екеуi бiр-бiрiне ғашық болды, Жаралған нұрларына қайран қалып.
Мойнына падишаның қолын салды, Таныса түсте көрдi мұндай халдi.
Байласып қатты уағда екi мағшұқ, Тiлiнен тақ үстiнде ләззат алды.
Қыз айтады: – Ей, жiгiт, ғашық жарым, Қайғының мен айтайын iште барын.
Өз жөнiмдi сұрасаң, атым – Хорлы, Жөнiңдi айт, мағлұм етiп ахуалдарын.
Сөйлестi талай-талай қос бұраң бел, Зарынан ғашықтықтың ағызып сел.
– Мекенiңдi айт, ей, жiгiт, ғашық жарым, Болады тұрмыс жерiң қай шаһар, ел?
Хорлының жаннан асқан қиғаш қасы, Аршын төс, алтын иек, iнжу басы.
– Зияда – өзiм атым, атам – Мұхтар, Бағдаттың осы күнгi падишасы.
Түсiнде сейiл құрды екеу бақта,
Көп жатты сұхбаттасып алтын тақта. Суретiне түсте көрген не хайла етсiн, Оянып ханша кеттi сол уақытта.
Билеген Зада патша тамам елдi, Түсiнде Хорлы көрдi сағым желдi. Ханыша «ұйқым емес, өңiм ғой» деп, Сипалап екi жағын тұра келдi.
Оянса, қасында жоқ көрген шатыр, Бермедi һешбiреуге жауап қатар.
Көзiн ашып жiберсе Хорлы байғұс, Баяғы өз сарайы, тақта жатыр.
Ойлайды: «көрген ғашық кiсiм екен, Басыма бiр қайғы жол iсiм екен.
Нөкерiм, тағым менен мынау тұрған, Дариға, не хайла етсем, түсiм екен».
Тұрған соң ойға түстi көргендерi, Уағда бiр-бiрiне бергендерi.
Күнi-түнi ханшаны зарлатады Бақшада сейiл құрып жүргендерi.
«Түсiмде көрген жiгiт, қайда кеттiң? Көңiлiмдi ғашық әйлап, қайғылы еттiң». Нөкерлерi сұрайды ханышадан:
– Япырмай, бүгiн жүдеп, не зар еттiң?
Ханша айтты: – Нөкерiм, ақылдасым, Жолықты бiр қайғыға ғазиз басым.
Түсiмде бiр iс көрдiм бек қайғылы, Адамзат айтып болмас мәселесiн.
Жиылып нөкерлерi тұрадылар, Фариад ханша үшiн ұрадылар.
– Халiңдi бастан-аяқ мағлұм ет,– деп, Баршасы тағзым етiп сұрадылар.
– Айтайын сiздерге ендi көргенiмдi, Уағда бiр жiгiтке бергенiмдi.
Оянсам, қасымда жоқ ғашық жарым, Бақшада сейiл құрып жүргенiмдi.
Түсiмде жiгiт көрдiм – Зияда есiм, Ғашықтық қайғы салды маған қысым. Дүниеде халал жұфұт жар болмаққа, Сол едi ұшып кеткен бұлбұл құсым.
Не етейiн дүниенiң мүлiк-малын, Басыма қайғы түстi қатты, қалың. Һеш нәрсе хош келмейдi көңiлiме, Жiгiттiң бiлмейiнше ахуалдарын.
Сипатын бұ жалғанда айтып болмас, Қайғылы, қасiреттi көңiлiм толмас. Дариға, өңiм десем, түсiм екен, Сипаты бұ жалғанда естен қалмас.
Сары алтын киiмдерi бiр қызыл гүл, Данышпан, жан жеткiсiз бейне дүлдүл. Өңiмдей түс те болса сұхбаттасып, Заманым сайран еткен тоты бұлбұл.
Ғашықтан сарғайды iшi пысып, Жылады күнде зарлық тақтан түсiп. Неше күндей дәм татпай жатып алды, Жылайды Зияда деп тағын құшып.
Неше күн мұның бiрлән көп күн өттi, Бiр жiгiт ханышаны қайғылы еттi.
Ғашықтан күнi-түнi афған салып, Ханшаның зарлық бiрлән беңзi кеттi.
Гауһардан отыз тiсi, лағыл – тiлi, Заданың Хорлыжаны – назы гүлi. Кетiптi қатты жүдеп ханышажан, Исламның түсiне енiп бiр бұлбұлы.
Гауһардан, басы, жақұт, мойны ақық, Ханыша ғашық болды түсте тахих.
Сарғайды сипат нұры бейшараның Сайраған тотыдайын сөзi сахих.
Һеш сабыр қыла алмай iшкi дертке, Түсiнде жiгiт салды жанған отқа.
Түсiнде құшақтасып сейiл құрған, Жетем деп зар жылайды айтқан сертке.
Зар жылап күнi-түнi ғашық үшiн, Қасiрет-қайғы басты нұрлы түсiн. Солдырды Хорлыжанның нұр сипатын, Ғашықтың қатты көрдi мұндай iсiн.
Ғашықтан қайғы басты нұрлы беттi, Бек жүдеп, жiгiт үшiн беңзi кеттi.
Түсiнде айтқан сөзiн есiне алып, Бiрталай Зияда деп ғазал айтты.
Хорлының ғазалы, Зияданы жоқтағаны
– Түсiмде көрген Зиядажан, Шыбықтай белi бұралған.
Суретiн түсте көрген соң, Қалмады тағат, тұра алман. Сөйлесе сөзi бұлбұлдай, Зияда атты жан жiгiт, Аузына жиһан қаралған.
От перiдей заты бар, Шаһимардан ғазиздiң Рухынан таралған.
Ондай да патша туар ма, Медине – Мекке арабтан Сөзi сахих жаралған.
Сөйлесе сөзi көңiлден, Тұлпар атты жүрiстi, Жиһанды кезiп таппаққа, Түсiнде уағда берiстi.
Ғашық қылды от жағып, Зипа бойлы мiнi жоқ, Тоты құстай тұрысты.
Құшақтасып сөйлесiп, Бiрге сейiл құрысты. Мейiрi шәрбат бал татып, Шапағатты сөз қатып, Дариға, түсте жүрiстi.
Сөзi тәттi шекерден, Мұхтар ханның баласы Басыма салды бiр iстi.
Түсiмде көрген зибажан, Қосылам қашан сенiңмен? Бұлбұл сайрап бағында, Пердесi алтын тағыңда, Сейiл еттiң менiммен.
Дүниелiк ойға келмейдi Ғашықтың қатты дiнiмен. Шырын сөзiң ұмытпан, Өте ме күнiм сенiңмен.
Ғашық қатты түскелi, Басыма қайғың кешкелi, Ұмытпайын күн-түнi, Iшi-бауырым елжiреп, Зиядажанды ойласам, Алтын жүзiң сенiмен.
Ұжмақта сайрап тотыдай Хабарымды кетiрдi Ғаламда жоқ нұрымен.
Сен үшiн афған салайын, Ғашықтық батты сонымен. Ойлап тұрсам бойында Жаралған жерi жоқ едi, Көңiлiң толмас менiммен. Қосылар күн болар ма
Бұ жиһанда онымен. Түсiме кiрiп сөйлескен, Аһ, дариға, зибажан, Көрмеймiн бе сенi мен, Өлемiн бен сенсiз мен.
Естiдi нөкерлерi зарлық сөзiн, Ханшаны жандай көрген бiр қыз өзiн. Осылай Хорлы жылап жатқанында Сөйлейiн ханымға кеп айтқан сөзiн.
Бередi ханымға қыз Малиға атты, Сипаты оның дағы перизатты.
Хорлының елу төрт қыз нөкерi бар, Ең абзал артық екен инабатты.
Дәл сонда келдi дейдi Малиға қыз, Сөзiнiң бәрi әдептi, сiз бенен бiз.
Ханымның сарайына кiрiп келдi, Тағзыммен сәлем берiп жүгiнiп қыз.
– Бердiңiз тағзым бiрлән сәлем,– дедi, Жаралған бенi үшiн ғалам,– дедi.
Қасынан Хорлыжан шықпаушы едiң, Малиға, жолың болсын, балам,– дедi.
Малиға айтты: – Балаңмен елу бес едiк, Мекендi алтын сарай, алтын төсек.
Таңертең афған әйлап жылап отыр Жететiн Хорлыжанның ойына әнсек.
Түсiнде ғашық бопты бiр адамға, Өлшеген қайран Хорлы ғазиз жанға. Күн-түнi аһ ұрып, зар жылайды, Көңiлi басылған соң қайғы-ғамға.
Аз емес түскен қайғы бiр басына, Дәм татып қарамайды һеш асына. Атасы – Бағдатта Мұхтар сұлтан, Исламның ғашық бопты патшасына. Түсiнде ұйықтап жатып бақ көрiптi, Жiгiтпен бақ iшiнде бiр жүрiптi.
Балаңның ғашық болған қайғысы көп, Хорлының жайын айттым мен сiзге кеп.
Жiгiт те әдiл затты патша балам, Өз атын айтып кеткен Зияда деп.
– Уайым, бiр ғашықтық басқан екен, Қайғы[дан] Хорлыжаным сасқан екен. Ханға айтып iздетуге қам қылайын, Бiр iске Хақ Тағала қосқан екен.
Жiгiттi түсте көрiп болыпты зар, Қоймайды һеш сабырын бiр ғашық жар. Ханға айтып не қылсам да iздетейiн, Малиға, балам, ендi үйiңе бар.
Ханым келдi патшаға тақта жатқан, Мәңгiнiң ажал көрмес суын татқан.
– Бiреуi үш перзенттiң Хорлыжаның Көрiптi қатты қайғы жанға батқан.
Келмейдi бiр өткен соң заман,– дедi, Хан едiң төрт құбылаң аман,– дедi. Түсiнде бiр жiгiтке ғашық болып, Жүдептi Хорлыжаның жаман,– дедi.
Күн-түнi дәм татпайды астан,– дедi, Кешiптi ғашығы үшiн бастан,– дедi. Ғашық бопты жiгiтке Зияда атты, Шарбағы iнжу, жақұт тастан,– дедi.
Хорлының зарлық бiрлән беңзi солды, Падиша елге пәрмен етпек болды.
Қызының ғашық жарын iздетуге Жиыпты неше мыңдай әскер қолды.
Жидырды тамам елден пәрмен бiрлән, Қол жетсе не қылмайды дәрменменен.
«Ғашығын Бағдаттан iздетейiн, Өлмесiн Хорлыжаным арманменен».
Шақырды Шаһмұрат жалғыз ұғлын, Хорлының қайғы басты қызыл гүлiн. Арғымақ тұлпар атты жиғызады, Мысырдың қайда сұлу бар дүлдүлiн.
Жасатты парахотты темiр хайла,
Он мың ер жүрмек болды мынадайда.
«Бағдаттан Зияданы iздейдi» деп, Кетiптi дүбiрлерi әлдеқайда.
Шаһмұрат өзi қолға бас боп жүрдi,
Он мыңдай жолдас қылды талапты ердi. Мысырдан шыққан күнi Нiл құйылысы Теңiзге Индi деген келiп кiрдi.
Кеменi ағызады он мыңдай ер, Құдай-а, талапты ердiң тiлегiн бер. Теңiзде ай жарымдай ағып жүрiп, Көрiндi қарауланған бiр қорған жер.
Бiр күнде қарауланған жерге жеттi, Талай ер бiр кiсi iздеп талап еттi.
Кеменi байлап тастап жағалауға, Шаһ[мұрат] «әскер тұлпар мiнсiн» дептi.
Мiндiлер тұлпар атқа ерлер саулап, Қойдылар парахотты шынжыр байлап. Сұлтаны Бағдаттың Мұхтар патша Сейiлде жүредi екен киiк аулап.
Мiнедi тамам әскер тұлпар керге, Шаһмұрат өзi бастық он мың ерге. Екi кiсi қос атпен келе жатыр, Көз салып атқа мiнiп алыс жерге.
Екеуi жетiп келдi, олар көрген, Жапанда жандар екен сейiл жүрген. Аң аулап сол уақытта тө[бе]ге шықса,
Мұхтардың жолдасы екен қасына ерген.
Келедi сәлем берiп екi адамдар, Төрт тұлпар, екеуiнiң қос аты бар.
Ат-тоны артық, бұлар да салтанатты, Сұрады мекен-жөнiн ендi бұлар.
Бiз айталық: – Падиша, жөнiмiздi, Бағдатта Мұхтар билер елiмiздi.
Сол ғой деп бiз сiздерге келiп едiк, Жоғалттық Зияда атты iнiмiздi.
Мұхтар хан ел билеген сұлтанымыз, Шықпайды пәрменiнен бар жанымыз. Жалғызы падишаның Зияда атты, Перi үшiн жолға кеттi бiр жанымыз.
Он екi мың қасына алды өңкей ердi, Ғашық боп перi қызын түсте көрдi. Ирамбақ деп шаһарын есiтемiз, Осындай сапар қылды алыс жердi.
Падиша бұ сөздi естiп ойланады, Iшiне қапалықтан от жанады.
Өзiмiз Бағдаттың кiсiсiмiз, Ғазизжан, өз жөнiңiз кiм болады?
– Мысырды билегеш атам менiң, Екi қыз, бiр ұл едi перзентi аның.
Сарайда қарындасым ұйықтап жатса, Түсiнде ғашық қылған патшаң сенiң.
Шаһмұрат – өзiм атым, патша ұғылы, Жұмсаған қисабы жоқ мың сан қолы. Зияда атты патшаға ғашық болып, Хорлының қарындасым солған гүлi.
Қайғылы қарындасым Зияда үшiн, Жандырған ғашық оты бауыр-iшiн. Һеш нәрсе дүниеде ойламайды, Көрмесе сол жiгiттiң нұрлы түсiн.
Сапарда пәрмен қылдым мың сан қолға, Жолықты қарындасым қайғы молға.
Хақы үшiн туысқандық iздейiн деп, Сол үшiн шығып едiм ұзын жолға.
Жүдедi қарындасым қайғы басып, Сүйегi ғашықтықтан кеттi жасып. Кетсе де Ирамбаққа iздеймiн ғой, Кетейiн Мұхтар ханмен амандасып.
Бұ сөзбен Мұхтар ханға жүрмек болды, Ап жүрдi он мыңдайын әскер қолды.
Шаһмұрат келедi деп Бағдатқа, Жаптырды жiбек кiлем келер жолды. Сапарын Шаһмұраттың ел бiлдiлер, Тоғыз мың алдарынан қол келдiлер.
Мұхтарға амандасты тағына кеп, Қайғыға ер жүдемес уайым жеп. Бастан-аяқ айтады ахуалдарын, Ұқтырып падиша осылай деп.
Неше күн Бағдатта тұрды дейдi, Көп әскер сейiлдiктi құрды дейдi. Iздеуге Ирамбақтан Зияданы Мұхтармен амандасып жүрдi дейдi.
Қол бердi сегiз мыңдай тағы бұған, Хақы үшiн сапар қылды бiрге туған.
– Айта бар барсаң сәлем жалғызыма, Көз жасым көл-дария бетiм жуған.
Ер жiгiт жарамайды сөзден қашса, Шаһмұрат гүл төгiлер аузын ашса.
– Иләһи, жолың болсын, балам!– дейдi, Болар ек жақсы құда Құдай қосса.
Балама ғашық бопты қарындасың, Кем емес сан патшадан ғазиз басың.
Құдайым жолықтырсын жалғызымды, Зар еткен қабыл қылып көзде жасым.
Қол бердi сегiз мыңдай кеме сайлап, Бәрiнiң жау-жарағын махкам байлап. Бiрiгiп Шаһмұраттың кемесiмен Теңiзбен жөнелдiлер, иә, Құдайлап.
Теңiзбен қырық күн жүрдi жер ортасы, Пiсулi күнi-түнi даяр асы.
Күнiнде қырық бiрiншi матрұқтан Көрiндi мұнарланған таудың басы.
Кеменiң темiр арқан шынжыр бауы, Шын байлық жарлы адамға деннiң сауы. Келгенде Сейiтбаттал өткелiне,
Байқады сағымдаған Атлас тауды.
Атласта үш күн жатты аунап-қунап, Талапты өңкей батыр ерлер дулап. Теңiзбен ол Атластан жөнелдiлер, Кемеге мiнiп алып қайта шулап.
Суменен кеме саулап он күн ақты, Iздерге ойлары бар Ирамбақты.
Неше күн су жүзiнде ағып жүрiп, Парахотты қозғалтып толқын қақты.
Қабаққа жақындайды бiр күн ағып, Парохот теңселедi толқын қағып.
Көрiнген қабақ соқты, жайын екен, Жақыннан қарасады бұған бағып.
Мiнгiзген парахотқа патша-ханды, Ойламас ғашық адам мың мен санды. Һайбаттанып сол жайын аузын ашты, Кемемен жұтайын деп тамам жанды.
Ғашықтық жүдетедi жанған отпен, Жаманның ойы болмас сұрау-сотпен. Кеменi тоқсан екi жұтып қалды, Құтылды бес жүз кiсi парахотпен.
Кеменi жiбермейдi толқын тұтып, Шаһмұрат зар жылайды қасiрет тұтып. Он сегiз мың әскерден бес жүз қалды, Он жетi мың бес жүзiн жайын жұтып.
Бiрталай теңiзбен азаптанды, Қинады жолда ғазиз жанды.
Қалған бес жүз жанынан тегiс аурып, Асбасшы қылып қойды патша-ханды.
«Бiр қайғы ер болған соң басқан шығар, Бейнетiм бiр адамнан асқан шығар».
Шаһмұрат осылай деп қайыспайды,
«Бiр Алла сынамаққа қосқан шығар.
Алланың ризамын бергенiне, Жақсыға кiм қуанбас ергенiне. Тәубашылық келтiрдiм жас күнiмде, Мұндайды шаттанамын көргенiме».
Бес жүздiң бәрi ауырды бiрi қалмай, Бола ма қайғы қатты мұндай болмай. Тоқтатты парахотты шынжыр баулап, Соларға сусын бердi тыным алмай.
Бес жүздiң ауырғаннан үш жүзi өлдi, Жазылып екi жүзi әлге келдi.
Көп көрдi қайғы қатты су үстiнде, Билеген патша едi Мысыр елдi.
Жүдедi шаһизада нұры қашып, Үш жүзiн өткiзiптi арыздасып. Дерт кетiп, екi жүзi оңалған соң, Оларды тойындырды балық асып.
Оңалды сау кiсiдей һәммалары, Шетiнен батыр, палуан тектi бәрi. Бұрып алып парахотты Ирамбаққа, Су бiрлән жөнелдiлер жанның бәрi.
Ай болды тоғызыншы сумен аққан, Алыстан от көрiндi халық жаққан. Түнде ағып кемеменен келе жатса, Жарамас ғайбат айтып сөздi баққан.
Сол кезде судың үстi боран болды, Қап таудай теңiз үстi сеңге толды. Кеменi толқын қағып жiбермейдi, Жел шығып екi жақтан оңды-солды.
Сарғайып көрiндi таң бiр уақытта, Болмағың жақсы-жаман берген бақта. Қараса жан-жағына шаһизада,
Жер көрдi қарауланған Амрұқ жақта.
Кеменi бұрып алды жерге таман, Қарады қасындағы ерге таман. Үш жүзi су үстiнде тағдыр жетiп, Екi жүз жерге шықты есен-аман.
Шығыпты неше күндей суда жүрiп, Сандалған өңкей батыр сең мұз ұрып. Атқа мiнiп сапарға жүрмек болды, Жағада Дерек деген он күн тұрып.
Балықтан азық сайлап тамақ асты, Сапарға байлап шыққан әуел басты. Тұлпармен Ирамбақты iздемекке Кеменi шынжыр тағып бек байласты.
Азық алды балықтан қоржын толған, Бәрiнiң қайғы көрiп жүзi солған.
Бiрнеше күн жол жүрiп шаһизада, Бiр баққа кез болыпты бұлбұл қонған.
Келдiлер мұқым әскер тұлпар мiнген, Жол жүрiп, шаһизада қайғы көрген. Жемiсi неше түрлi бейне ұжмақтай, Iшiнен шығар емес адам енген.
Iшiнде һеш адам жоқ мекен еткен, Әңгiме мұндай қызық баққа жеткен. Лағыл, iнжу, зүбәржат тақ жасаған, Орны екен перiлердiң келiп-кеткен.
Бұлбұлы, сандуғашы сайрап тұрған, Шаһмұрат осы бақта сейiл құрған.
Жиһанда мұндай мекен һеш болмайды, Адамды ғашық етер көңiл бұрған.
Жаралған дүниеде артық мекен, Iстеген келiстiрiп қандай дүкен. Сайран етпек жан үшiн салдырыпты, Перi[нiң] қыздарының сарайы екен.
Ондайды жан салдырмас Құдай қалап, Патша сейiл құрды жанға талап.
Үйге кiрсе, салулы төсектер бар, Көрдiлер һәр нәрсесiн тамашалап.
Салулы үш жүз төсек, пердесi бар, Сөйлейiн бақтың қиссалар.
Төсекте бiр-бiр кiсi жатып алды, Аттарын қоя берiп ендi бұлар.
Бағы екен, мекен еткен көп перiзат, Атлас көрпе, төсектiң бәрi қымбат. Пәлен қыздың орны осы төсек, Жастыққа алтын потал жазыпты хат.
Төсектiң бәрiнен де бiреуi абзал,
Қайғы өтсе, керек болмас жиһаз бен мал. Падиша бiр жазуды оқып көрсе, Ханшасы Ирамбақтың Ләззатбал.
Хан екен Ирамбаққа – перi Мұфтал, Қызының аты болар Ләззатбал.
Ұйықтаса Шаһмұрат тақ үстiнде, Түсiнде ғашық болған, бiр мүшкiл хал.
Падиша ұйықтайды қыз тағында, Зүбәржат, лағыл, iнжу шарбағында. Бiр түстi көрдi тағы қайғылы еткен, Сөйлесiп Ләззатбалмен дәл жағында.
Сарайда Шаһмұрат ұйықтап жатты, Сөйлестi перi қызы, сөзi тәттi.
Қызымен Мұфтал ханның Ирамбақта Ғашық боп, қайғылары болды қатты.
Түсiнде Шаһмұраттың бiр қыз келдi, Билеген Мұфтал патша перi елдi.
Жиһаннан нұры артылған Ләззатбал, Падиша құшақтады бұраң белдi.
– Жетi жыл ғашық болдым, патшам, саған, Шаһмұрат, ғашығым сен артық бағаң.
Қай уақытта болса да қосылмаққа Аузыңнан уағда бер, шаһым, маған.
Ғашықпын, патшам, саған жетi жылдай, Артықсың адамзаттан, белiң қындай.
Ғазиздiң Мұфтал перi баласымын, Ей, жiгiт, сенiң үшiн халiм мұндай.
Ирамбақ – перiлерге үлкен орын, Берiптi Құдай саған ләулiк нұрын. Сенi iздеп мен Мысырға сегiз бардым, Өзiңе ғашық болдым мұнан бұрын.
Перiнiң Мұфтал атам патша-ханы, Iздеттiм талай жерден, жiгiт, сенi. Ғашық жарым, уағда бер, iздер болсаң, Жиһанда тiрi болып жүрсең, менi.
Бiр сенi теңемейiн перiзатқа, Келiстi падишам сен дүлдүл атқа.
Түсiмде жетi жылдай ғашық болдым, Сабырым һеш қалмады, қылар дертке.
Сипатың жаннан артық нұрлы самал, Дәулеттi падишам, сен хайла-амал.
Менi iзде, жiгiт болсаң, қосыларсың, Мұфталдың жалғызымын Нұрлыжамал.
Жайнаған қызыл гүлдей патша шағың, Кем емес бiр адамнан бiткен бағың.
Мекенiм Ирамбақта, қосылсаңыз, Астыңда менiкi едi жатқан тағың.
Тағы да сөйлеседi сөздi бастап, Бiрiнiң айтқан сөзiн бiрi қостап. Сол жерде ғайып боп қыз кетедi,
Патшаны алтын таққа жалғыз тастап.
Падиша көрген түсiн ойға алады, Ғашықтан қапаланып iш жанады. Түсiм емес, көргенiм өңiм ғой деп, Жан-жағын тұра сала қармалады.
Тұрған соң падишаның халi кеттi, Құсасы ғашықтықтың жанына өттi.
Сол жерде «Ләззатбал» деп зар жылайды, Бұраң бел түсте көрiп алма беттi.
Шаһмұрат[тың] түсте көрiп Ләззатбалды жоқтағаны
Шаһмұрат сонда жылайды Ғашықтықтың дертiнен.
Қосылмаққа түсiнде, Сарайда жатқан кешiнде, Қызға берген сертiнен.
Сабырлық хайла ете алмай, Ләззатбалға жете алмай,
Патша жатып қайғырар Iшiнiң жанған отынан.
Сұлтаннан келiп сұрайды, Әскер халқы жиылып, Беңзi мұндай болған соң. Ғашықтық бiлдi қаттысын, Сипатты нұры солған соң. Аяғын басып жүре алмай,
Һешкiмге жауап бере алмай, Беңзi кетiп жүдедi,
Iшiне қайғы толған соң. Сұхбаттасып бiр жатқан, Қосылып түсте дәм татқан, Жарын еске алғанда Шаһзада жылайды, Перiзатқа ғашық боп, Зияданы таба алмай, Жапанда бүйтiп қалған соң. Кiм болмас ғашық перiге, Сайрады бұлбұл серiге,
Һәр сипаты келiстi,
Хор қызындай нұрланар, Гауһарға шашын малған соң. Шаһизада жылайды, Сабырлық хайла қылмайды.
Ләззатбалдың түсiнен, Сөйлеген сөзi перiнiң, Арабтың ғазиз сұлтаны Кетпеген соң есiнен.
Таңертең тұрды зар жылап, Көрген қызы ғайып боп, Патша жатқан кешiнен.
Ғазал айтып жылайды, Ғашық болып перiнiң Iздегей жөнiн таба алмай, Алланың қылған iсiнен.
– Түсiмде көрдiм, дариға, Перi қызының жамалын. Ирамбағы екен мекенi, Мұфталдың ұшқан самалын. Нұрлы жүзiн көрген соң, Уағда сөздi берген соң,
Қай етiп оған жетермiн, Бiлмедiм хайла-амалын.
Қай уақытта табармын Мекенiңдi жолы мен,
Күн-түнi сенсiз амал жоқ, Ғашықтың қатты молымен. Сапарға шықтым iздеуге, Қарындасым ғашық боп Мұхтардың ғазиз ұлымен. Жетер де заман болар ма, Қайғылы көңлiм толар ма, Құшақтасып дәм татып Ләззатбалдың қолымен.
Бiр амал тап, әскерiм, Ирамбақта перiнiң Ғашықпын қызыл гүлiмен.
Жамалың сенiң, Ләззатбал, Бұ жиһанда болмаған, Қайғың қатты жүдеттi, Патша едiм Мысырда, Беңзiм бұрын солмаған.
Құшақтасып түсiмде, Ғашықтықпен кетiрдiң, Мағшұғым, есiмдi,
Һеш тағатым қалмады, Патша болып тұра алмас, Салтанатты құра алмас Бiр сенi iздеп алмаған.
Бiр қайғының түсiнде Ғашық болып перiге,
Зияданы таба алмай, Өйтiп жүрiп өлем бе,
Хан басым сағым шалмаған.
Сол күнде Ләззатбал Ирамбақта, Қайғылы патша мұндай алтын тақта. Перi қызы көрiптi түсте мұны,
Бiр күнi ұйықтап жатып алтын тақта.
Патшаның ғашық бопты нұр жүзiне, Азабы қатты түстi бұ кезiнде.
Ойламай падишаны жатып алды, Патшаның қосылсам деп бiр өзiне.
Iздетiп жiберiптi перiлердi,
Ләззатбал көргеннен соң қайғы-зарды. Таңдап ұшқыр батырын жiберiптi, Дүниеден тауып әкел деп ғашық жарды.
Перiлер кезiп жүрдi жердiң жүзiн, Ғашықтық жүдеткен соң патша қызын. Неше күн кезiп жүрiп дүниенi, Адамның естiптiлер зарлық сөзiн.
Зарлаған бiр адамның үнi келдi, Падиша түсте көрдi сағым желдi. Келдiлер қыз бағына тамам перi, Ғашықтың мұнда екенiн бәрi бiлдi.
Перiлер шуылдайды аспанда ұшып, Жүдеттi шаһзаданы қайғы қысып. Дауыстап бiрiн-бiрi жиып алды, Тапқан соң қуандылар баққа түсiп.
Перiлер жиылдылар шарбағына, Сарайдың сансыз толып жан-жағына, Шаһмұрат сол уақытта зарлап отыр Сиынып дiн Исламның аруағына.
Перiлер тыңдастылар айтқан зарын, Сөйлейiн баққа келген қиссаларын. Патшаның әскерлерi қорқыстылар, Перiнiң көргеннен соң тамам бәрiн.
Көрдiлер адамзаттар перiзатты, Шаһмұрат қайғы көрген түсте қатты. Перiше сөйлесудi бiледi екен Патшаның бiр жолдасы Хайдар атты.
Перiлер жиылдылар бау-шарбаққа, Сиынды бейшаралар жалғыз Хаққа. Хайдардан рұқсатты сұрадылар, Беремiз арыз айтса патша жаққа.
Патшаға Хайдар келдi пәрмен сұрай, Бiр күнде қайран болған патша күнi-ай.
– Iшiне бау-шарбақтың перi толды, Хан ием жұрт билеген, мынау қалай?
Неше мың баққа толды ұшқан перi, Тегiнде Ирамбақ қой мекен жерi.
Асынған жау-жарағын алтын, болат, Мұфталдың не қылса да талапты ерi.
Сұрады рұқсатты менен бұлар, Зиянды адамзатқа перi жындар. Өлтiрер деп қорқамын патша бiздi, Қор болдық айдалада қайран күндер.
Сол уақыт жатқан тақтан патша тұрды, Асынды алтын, болат сегiз қырлы.
Тысқа шығып жауабын берейiн деп Сарайдан Хайдарменен бiрге жүрдi.
Басына тәжiн салған зүбәржатты, Перiше Хайдар сөйлер бек һайбатты. Патшаны көргеннен соң шуладылар,
«Һеш адам көрмедiк,– деп,– бұ сипатты».
Падиша тысқа шықты тәжiн салып, Үстiне киiм киген, лағыл малып.
Перiмен сөйлесуге келедi ендi, Хайдарды тiл бiлгiшi қасына алып.
Патшаға сәлем бердi перi көрiп, Ғаламнан артық туған нұрын көрiп. Перiге сөйлестiрдi Хайдар ендi,
«Менде қандай жұмысы бар екен» деп.
Сөйлейдi сонда Хайдар сөздiң бәрiн, Сұрайды қандай жауап қиссаларын, Падишаны шақырған алтын тақтан, Шарбаққа нешiк келген ахуалдарын.
Перiге Хайдар айтты патша сөзiн, Перiнiң патша бiлмес келген кезiн. Естiген соң перiлер ендi айтты:
– Iздедiк ол жiгiттiң бiздер өзiн.
Мұфтал хан Ирамбақта жұрт билеген, Перiлер жақындасып сөз сөйлеген.
Патшаның жалғыз қызы Ләззатбал Жiгiттi о[сы] тұста iзде деген.
Хайдар тағы патшаға айтады сөз, Iздеген бiр-бiрiне жолықты тез. Неше жыл азап тартып жүрсе дағы, Құдайым ақырында қылады кез.
Сөйлестi перi бiрлән сөздiң жайын, Құдайым кез келтiрген осындайын. Патшаның көңiлiнде азасы бар, Перiнiң түсте көрiп туған айын.
Перi айтты: – Бiздiң мекен Ирамбақта, Iздедiк бұрын сiздi Мысыр жақта.
Мұфталдың жалғыз қызы Ләззатбал, Уасифiне ғашық болды алтын тақта.
Ұшамыз сiздердi алып жетсе дәрман, Қанша қосылмаққа еткен арман.
Бар болса, дүниеде тауып кел деп Бiздерге Ләззатбал қылған пәрмен.
Патшаға қатты ғашық ханышамыз, Сөйлесiп бүгiн сiзбенен танысамыз. Екi жүз қасындағы жолдасыңмен Артына Қап тауының ап ұшамыз.
Шошымаңыз жығылып өлемiз деп, Зарларсың қай уақытта жетермiз деп. Жиылды өңкей ұшқыр перiзаттар Мiнгiзiп Қап тауындан өтемiз деп.
Падиша, қайғыңызды кетiремiз, Қатерсiз Қап тауындан өткеремiз. Ирамбақ шабар атқа бiр айлық жол, Ұшсақ ертең түсте жеткiземiз.
Көтерiп ұшпақ болды өңкей жасты, Шаһзада жолдасымен ақылдасты.
«Не болса да көрелiк Ирамбақты,
Бұ жолға байлап шықтық айдай басты».
Бұ сөзбен перiлер ап ұшпақ болды, Падиша мұндай iске душар болды. Бiр кiсiден һәрқайсы мiнгiзiп ап, Ап кеттi Ирамбаққа тамам қолды.
Аспанмен перi ұшты адамды алып, Кез болды мұндай iске Құдай салып. Ауаның жүзiн тұтты ұшқан перi, Жүрмейдi бiр-бiрiнен кейiн қалып.
Ұштылар адамзаттар перi мiнiп, Аспанда сауық салды ойнап-күлiп. Күн көрiнбес перiнiң ұшқанынан, Болмайды адамзаттар бiрiн бiлiп.
Перiлер Қап тауынан алып ұшты, Падиша көрген екен қайғы түстi. Бiр заманда шарбақтан кеткен соң,
Кез болды бiр шарбаққа бұлбұл құсты.
Баққа келсе, сайраған бұлбұл құсы, Жасатпас мұндай мекен һешбiр кiсi. Ондайды көрем деген ойы бар ма, Перiнi жолдас қылған Құдай iсi.
Перi[лер] келiп түстi бау-шарбаққа, Адамзат сиынады жалғыз Хаққа.
Бұ дағы Ләззатбалдың мекенi екен, Патшаны отырғызды алтын таққа.
Салдырған сайран үшiн бұ бiр сарай, Қанша қайғы көрдi қатты талай.
– Сұраймыз Ләззатбалдан сүйiншiнi, Ирамбақ қалды түстiк мұнан былай.
Бiр перi жiберелiк бұрын елге, Ұқсайды ақылыңыз дария-көлге!
Бiз сiздiң ғашығыңыздан тұрмай жатқан, Көз жасы көл-дария аққан селге.
Падиша «жиыл» дедi перiлердi,
Неше жыл жолда көрген қайғы-зарды. Жiбердi Хайдар бiрлән бiр перiнi,
«Қуант,– деп,– Ләззатбал ғашық жарды».
Патшадан бұрын кеттi Хайдар батыр, Патшаның айтқан сөзi балдай татыр. Үстiне бiр перiнiң мiнiп алып, Адамзат Ирамбаққа келе жатыр.
Бағы бар Ирамбақтың гүлiн сүйген, Жиһанда ғашық жарға болмас тойған. Жолына падишаның қарауыл сап, Неше мың перiлерден нөкер қойған.
Сол уақыт Хайдар келдi мекен жерге, Қасында мiнiп келген перi бiрге.
Құрметтеп адамзатты күтпек үшiн Бiр сарай бөлек бердi Хайдар ерге.
Қызметшi даярлады мың сан құлды, Жайдырды келер жолға қымбат пұлды. Алдынан нөкерменен шығамын деп, Қуанды көремiн деп қызыл гүлдi.
Көруге қарсы жүрдi туған айды, Жолына лағыл, [жiбек] кiлем жайды. Алып кеп Шаһмұратты шаһарына, Тоғыз мың сойғызыпты тойға тайды.
Той қылды Шаһмұрат келгеннен соң, Қосылды шын мағшұғын көргеннен соң. Мекенде Ирамбақтай сейiл құрды, Жарыменен сұхбаттасып күлгеннен соң.
Перiлер жиылдылар Ирамбаққа, Тәж киiп патша отырды алтын тақта.
«Қырық күндей, – Мұфтал патша, – той қылам» деп, Айтқызды мағлұмнаме һәр тарапқа.
Перiлер жиылдылар лағыл киген,
Той болды бек қызықты жарын сүйген. Пақыр мен мүсәпiрге бермек үшiн Базарға жетi жүз пұт гауһар үйген.
Ойыншы неше түрлi сауық салған, Қызықты мұндай болмас дүние жалған. Шаһмұрат қосылған соң Ләззатбалға, Айтады Зияданы көңiлге алған.
Неше жыл сапар шегiп жүргендерiн, Арада талай бейнет көргендерiн.
Мысырда Хорлыдайын қарындасы Уағда бiр жiгiтке бергендерiн.
– Мысырда қарындасым Хорлы – Ғайын, Айтайын, Ләззатбал, сiзге жайын.
Перiдей нұр сипаты артық туып,
Көп патша ғашық болған көрген сайын.
Шарбағы екеуiнiң тоты, бұлбұл, Безеген сарайында райхан гүл. Түсiнде бiр жiгiтке ғашық болып, Сол едi iздегенiм бiрталай жыл.
Хорлының қарындасым беңзi нұрлы, Ақылы, зейiнi мол талай сырлы.
Түсiнде Зияда атты жiгiт көрiп, Iшiне қайғы түскен неше түрлi.
Түрленген шарбағында қызыл гүлi, Iздедiм сол жiгiттi неше жылы.
Бағдат шаһарының падишасы, Сұлтанның Мұхтар деген жалғыз ұлы.
Жiгiтке Зияда деп исм кеткен, Жақсының бiр белгiсi сөзге жеткен. Хорлыға түсiнде о да ғашық болып, Перi деп осы жаққа iздеп кеткен.
Шығып ем сол жiгiттi таппақ үшiн, Ғайыптың кiм болжайды бұрын iсiн. Һеш хайла, сабыры жоқ ғашықтықтан, Жiгiттiң көрмейiнше нұрлы түсiн.
Екеуiн қосар ма екен нәсiп әйлап, Һәрбiрi қызыл жақұт тұрған жайнап. Бар болса бұ дүниеде табармын деп, Елiммен шығып едiм уағда байлап.
Мұң қылып, ғашық жарым, айттым мұны, Ұшырып перiлерге iздет соны.
Ата-анам, елi-жұртым жырақ қалды, Мен тауып алып қайтам қашан оны.
Мұны естiп Ләззатбалдың көңiлi түстi, Һәр түрлi Құдай салар қайғылы iстi.
«Жiгiттi Зияда атты тауып кел» деп, Ұшырды перiлерiн өңкей күштi.
Ауаның ұшқан перi жүзiн алды, Есiтiп ханышадан мұндай халдi. Аса ұшып Қап тауындан екi күнде,
Арылтып төрт тараптың бәрiн шалды.
Перiлер қайтарында баққа кiрдi, Аралап тау iшiнден iздеп жүрдi. Зарлаған бiр адамның үнiн естiп,
Сол ма деп құлақ салып тыңдап тұрды.
Тыңдаса бiр адамзат зарлық еткен, Шыққалы шаһарынан көп күн өткен. Баяғы Мұхтар ханның жалғыз ұғылы, Хорлыны перi ғой деп iздеп кеткен.
Перiлер жақын келiп қарадылар, Фариад екi адамзат ұрадылар.
Қай мекен, қай шаһардан жүргендерiн, Бұлардың ендi жөнiн сұрадылар.
Сапарда азап көрген бiрталай жыл, Жiгiттi талап еткен мұратты қол. Ишарат қолдарымен көрсетедi, Перiмен сөйлесуге бiлмейдi тiл.
Перiлер алып ұшты екi адамды, Адамзат көрсе жүдер қайғы-ғамды. Бесiнде Қап тауынан алып ұшып, Оқыпты Ирамбақта намазшамды.
Зияда Ирамбаққа келiп түстi, Перi алып өңкей күштi.
Шаһмұрат Ләззатбалға қосылған соң, Iздеткен тауып алды бұлбұл құсты.
Жыласты екi сұлтан құшақтасып, Жүдеген бейшаралар қайғы басып. Жерiнде Ирамбақтың көрiседi, Шаһмұрат Зиядамен амандасып.
Шаһмұрат[тың] Зиядаға айтқан ғазалы
Шаһмұрат [сонда] айтады:
– Ей, Зияда, сұлтаным, Сенi iздедiм неше жыл, Ғашық болып түсiнде Хорлы саған назыгүл.
Жан екенсiң келiстi, Сөйлеген сөзiң дәл бұлбұл. Сапарыңда өлтiрдiм
Көп азамат сай дүлдүл. Әуезiң бар мейiлiм, Жолықтырды Құдайым, Зияда, саған қызыл гүл. Туысқандық ойладым Һәр мүшеңiз қымбат пұл.
Қайғырды халқым мен үшiн, Жылады Хорлы сен үшiн.
Iздедiк сенi талапты ер. Хорлыға сiздi қосармыз, Ғашық дертiң басармыз, Құдай-а, бiзге жәрдем қыл.
Жетi жыл болды шыққалы, Медеткер болып қосылдым Ләззатбал жарыммен.
Бүгiн көрдiм рахат,
Неше жыл қылған зарымнан Кеше қашып құтылдым, Жайын жұтып айырылдым Көп жолдасым бәрiнен.
Сұрап ем, сенi көрсеттi, Ризамын һәр нешiк, Хақ Тағала Кәрiмнен.
Шаһмұрат[тың] Зиядаға айтқан ғазалы
Зияда амандасты Ләззатбалмен, Көрiстi бейшаралар мұндай халмен. Ханыша көңiл аулап сөз айтады,
Неше жыл сапар шеккен патша-ханмен.
Ләззатбал Зиядамен көрiседi, Көңiлi бiр-бiрiне ерiседi.
Сөйтсе де Хорлы жары естен кетпес, Бiр жылдай Ирамбақта жүрiседi.
– Зияда, сiздер адам, бiз – перiзат, Ғашығың бiр Хорлы үшiн болды қымбат. Бiр Алла нәсiп етсе, қосыларсың, Қосылдым Шаһмұратқа тұлпар сымбат.
Өзiңнен адам ұғлы өтпеушi едi, Көңiлi мағшұғына жетпеушi едi. Шаһмұрат күндiз-түнi зары жылап, Ойынан сенiң дертiң кетпеушi едi.
Шаһмұрат мынау тұрған – менiм жарым, Бәрiңдi кез келтiрдi Бiр уа Барың.
Қаусырсын Хорлыға нәсiп етсе, Көңлiңден тегiс кетiп қайғы-зарың.
Зияда айтты: – Хан едiм Бағдатта, Көңiлiм түнi-күнi мына жақта.
Көп iздеп Хорлыдайын мағшұғымды, Жапанда жал қалмады дүлдүл атқа.
Мұхтардың жалғыз ұғлы болушы едiм, Қасыма сансыз әскер алушы едiм.
Ақ торғын шатыр тiгiп, хале киiп, Сауықты сахарада салушы едiм.
Бiр күнi тақта жаттым ұйықтайын деп, Неше жыл сапар шектiм уайым жеп.
Сипаты нұрлы туған ғаламда жоқ, Хорлыжан ғашық еттi түсiмде кеп.
Екiңiз қосылыпсыз Ирамбақта, Ғашығымды iздеп едiм осы жақта. Дертiнен Хорлыжанның мұндай болдым, Пәрмендi патша едiм алтын тақта.
Шаһмұрат бiр менi iздеп бейнет көрген, Жолдасы өңкей батыр қасына ерген.
Құдайым құтты қылсын екiңiздi, Жеңгем сен гауһар әйнек үлгi көрген.
Лағылдан зүлфi шашың таралғаным, Аш белiң алтын сымдай бұралғаным. Дертiме бiр дәрмендi өзiңiз ет, Затынан Шаһрухтың жаралғаным.
Сол жерде падишалар кеңеседi, Ләззатбал ай мен күнге теңеседi. Бұ жылша Ирамбақты мекен етiп, Жүрелiк ендiгi жыл ал деседi.
Шаһмұрат Зияданы тауып алды, Сөйлейiн мен бiр қисса, жаңа келдi. Қызықты ел жиылып тойын қылып, Шарбақта Ирамбақтай сауық салды.
Неше күн той қылдылар жақсы тiлек, Сұңқарлар қосылған соң тоғыз түлек. Күткiздi Зияданы жолдасымен, Қыздарға жүз перiзат лағыл бiлек.
Бiр сарай бөлек бердi алтын тақпен, Исламның дiн қуатты жалғыз Хақпен. Неше жыл бейнет көрген падишалар Жапанда сейiл құрды арғымақпен.
Назыгүл неше түрлi сұлу қыздар, Лағылдан жағалары хале тондар. Ұжмақтың мүйiсiнiң бәрi сонда, Сайрайды түрлi бұлбұл, тоты құстар.
Жиһанда һешбiр болмас мұндай бақтар, Жаюлы атлас көрпе, алтын тақтар.
Райхан гүлден оттап, шәрбат iшкен, Мiнгенi – гауһар жалды арғымақтар.
Ирамбақ үйлерi бар меруерт тас, Бұраң бел, мекенi екен көп қиғаш қас. Тұтқаны һәрбiрiнiң – алтын табақ, Iшiнде неше түрлi нығмет ас.
Перiлер күнде қызық сауық салған, Қолына райхан гүл табақ алған.
Көп тұрып Ирамбақта қайтпақ болды, Хорлының ғашығын кейiн қалған.
Ойлайды падишалар мекен жерiн, Қайғы мен жолда өтiрген талай ерiн. Құрметтi мұндай жерде тұрса дағы, Арабтың теңемейдi бұған бiрiн.
Бек жақсы құрмет көрдi перiлерден, Құтылды падишалар қайғы-зардан. Зияда сабыр етiп тұра алмайды, Хорлыдан хабар алмай ғашық жардан.
Мұфталға ақылдасып қайтпақ болды, Жолдасқа қосып бердi мың сан қолды. Той қылды неше күндей жақсы тiлек, Жаптыртып масатымен жүрер жолды.
Қуанды елi-жұртын көрмек болып, Қасына сансыз әскер ермек болып. Ақ туын Мұртазаның көтердiлер, Ғайынды Қосмалияға бермек болып.
Сөйлестi Шаһмұрат Қосмалияға, Шаһардан шыққаннан соң бұлбұл гуя.
– Құдайым нәсiп етсе, Ғайын сендiк, Нөкерi елу төрт қыз бәрi сенге.
Жамалы оның дағы нұрлы,– дейдi, Сарайы зүбәржаттан сырлы,– дейдi. Ғайынды саған берем, Қосмалия, Тиген соң Зиядаға Хорлы,– дейдi.
Жол жүрдi ғашық қайғы салғаннан соң, Ер iздеп көрген түсiн алғаннан соң.
Ақ сүйек патша болды Қосмалия, Заданың кiшi қызын алғаннан соң.
Мұфтал хан болды ұзатпақ Ләззатбалды, Халқына мағлұм еттi мұндай халдi.
Әуелде Зияданы iздеп шығып, Затынан Шаһрухтың бiр қыз алды.
Сансыз мал, Ләззатбалға жиһаз бердi, Қасына қанша әскер нөкер ердi.
Жапаны шексе дағы шаһизада, Тарқатты қайтарында қайғы-шердi.
Жiбердi Ләззатбалды ел шығарып, Мысырға бұрын қайтқан неше барып. Тигiздi өз қолынан сүйгенiне, Қыздарды нөкер еткен қасына алып.
Перiлер амандасты Ләззатбалмен, Шықтылар Ирамбақтан мұндай халмен. Жерiне әскермен қайта ап ұшты, Бағалы лағыл, iнжу, қымбат балмен.
Шыққан соң он күн ұшты Ирамбақтан, Мұфтал хан мекен еткен алтын тақтан. Мұхиттан, жетi теңiз өткеннен соң, Тау көрдi мұнарланған араб жақтан.
Жеткен соң ел шетiне дамылдасты, Ләззатбалмен қайтты қиғаш қасты. Сол жерден елге хабар жiбермек боп, Падишалар әскермен ақылдасты.
Арабтың мекенiне жақын келдi, Жеткен соң құрғақ жерге көрдi елдi.
«Бiр кiсi сүйiншiге жiберелiк, Қуантып Хорлыдайын бұраң белдi».
Алдынан Хайдар барын, жол бiледi, Һәрненi ақылды адам мол бiледi.
Ауамен перi мiнiп келе жатса, Алыстан Хайдар батыр қол көредi.
Сол қолға жақындайды Хайдар батыр, Мүләйiм айтқан сөзi балдай татыр.
Дертiнен Зияданың сейiл еткен, Таныды Хорлы – Ғайын тұрған шатыр.
Бұлардың қастарына келдi жетiп, Һәр iстi Құдай қылар нәсiп етiп. Хайдарды таныған соң Хорлы байғұс, Жығылды қуанған соң есi кетiп.
Бiр уақыт талғанынан есiн жиды, Көзiнiң зар әйлаған жасын идi.
Сұрады мағшұғының хат-хабарын, Әуелден Зияда деп жанын қиды.
– Ей, Хайдарбек, жүдепсiң, жүзiң сары, Жиһанда сiздей жүрмес жанның бәрi.
Қосылып бiр-бiрiне екi мағшұқ, Күн бар ма сейiл етер ғашық жары.
Бiлдiң бе, Хайдар, хабар Зиядамнан, Көңiлiм ашылмаған қайғы-ғамнан. Патшаның, аһ, дариға, абзал едi Жаралған нұр сипаты лағыл шамнан.
Хорлының Хайдардан хабар сұрағаны
Бiлдiң бе хабар, ей, Хайдар, Зияданың жолынан!
Ұстап тұрып жылайды, Хорлы байғұс қолынан. Сапардан iздеп жүргiздi, Түрлi бейнет көргiздi Қайғысы қатты молынан.
– Зиядам менiң бола ма-ай, Қайғылы көңлiм тола ма-ай, Жолға жүрдiң, ағалар,
Қай жұлдыздың солынан.
Ей, Хайдар, менiм халiм мұндай болды, Есiме ғашықтықтан қайғы толды!
Дертiме һешбiр хабар таптыңдар ма, Күн сайын тосып жүрмiн келер жолды?
Бiлдiң бе Зияданың һеш хабарын, Табады қандай адам ғашық жарын. Көзiме бiр көрсетiп мен сорлының, Басар ма, хайла бар ма қайғы-зарын.
Қай уақыт Зияданы көремiн мен, Дертiнен сейiлдiкте жүремiн мен. Әгарда сүйiншiге келген болсаң, Басқаны бiр өзiмнен беремiн мен.
Хайдар айтты: – Қатты екен зарың,– дедi, Жүдепсiз бiр [Зияда] үшiн барың,– дедi.
Құдайым тiлегiңдi қабыл еттi,
Есен-сау келе жатыр жарың,– дедi.
О дағы сiздi iздептi неше жылдай, Нәзiксiң, қос ханыша, белiң қындай. Қасiрет неше жылдай көрсе дағы, Құдайым ақырында мұндай қылды-ай.
– Қуанттың жүрегiмдi, Хайдар аға, Бағымда алтын-күмiс сансыз баға. Аяймын сiзден немдi сүйiншiге, Тұлпар мен хале киiп алтын жаға.
Сөйледi Хайдар сонда сөзге дайын, Жол көрген, ақылы мол, сөздiң жайын.
– Айтайын мәселемен бiр сөзiм бар, Әгарда құлақ салсаң, Хорлы – Ғайын.
Бiр бақта үш райхан, екеуi гүл, Iнжуден жапырағы бiреуi бұл. Жиһанда ондай нәрсе болмаған соң, Теңдесiн iздетiптi бiрталай жыл.
Жұмбағым екi қызыл гүл болыпты, Мекенi өңкей қымбат пұл болыпты. Қарап тұрса зейiнi жетер емес, Iшiне бау-шарбақтың нұр толыпты. Мекен қып өзге жерде тұрсам үдеп, Сипаты күнi-түнi һәм солыпты.
Төрт құбыла бiрдей болып жаралыпты, Бақшадан оған адырын қаралыпты.
Өзiне дүниеде баға болмас, Ұжмақтың мүйiсiнен жаралыпты. Қандай жердiң осындай гүлi бар деп, Тоты құс, бұлбұл ұшып сұралыпты. Жиһанның жүзiн басқан сұлулығы, Сипаты саф лағылдан құралыпты.
Қай уақытта түсем деп бұстан-баққа, Дертiнен әрең ғашық тұралыпты.
Неше түрлi жемiс пiсiп тұрған, Һәркiмнен ғашық айтып сұралыпты. Тағы да бұстан-бақта екi райхан, Жемiсi жерге түсiп бұралыпты.
Бұстан-бақша болса да, ей, ханыша, Бәрiнiң заты жақсы бiр қалыпты.
Қызығын бұ дүниенiң көрмек үшiн,
О дағы өзге жердi ойға алыпты. Қара торғын перделi киiп алып, Гүлiне бұстан-бақтың сөз салыпты. Бiр ағаштың бұтағы екеуi де, Бiреуiн көлеңкеден күн шалыпты. Екiншiсiн бұтақтың ақырында, Лағылға төре апарып тең малыпты.
Бап. Хайдар айтқан жұмбағын шешкенi
– Бұл сөзiң, Хайдар аға, болады бұл, Екi қыз, райханның бiреуi ол.
Бұстан-баққа түспегi – ғашықтығы, Заданың балалары – райхан гүл.
Ұшырған тоты, бұлбұл – кеткен сөздер, Жапырақ – қасымдағы нөкер қыздар. Теңдесi бақшалардан табылмаған, Iздеткен Зияданы байғұс бiздер.
Дегенiң екi бақша – екi хандар, Жемiсi қол үстiнде – ханша жандар. Тағы да бұстан-баққа шыққан гүлiң – Менi iздеп Ирамбаққа кеткен iздер.
Гүлiне бұстан-бақтың сөз салғаны,
Бiр маған ғашық болып қайғы алғаны. Бiр ағаштың бұтағы – бiз екеумiз, Баяғы менiм дертiм күн шалғаны.
Бұтақтың екiсiнiң бiрi – Ғайын, Ақылды, бөгелмейдi сөзге дайын. Баланың өзi дағы балатұғын, Иншалла, құтты болсын, не қылайын.
Жол жүрiп талай бейнет көрген екен, Бiр жiгiт Зиядаға ерген екен.
Лағыл деген сөздiң жөнi осылай, Күйеуге Ғайынды да берген екен.
Һәр нәрсе тағайынсыз мiн болады, Мәселе дәлел сөзбен шын болады. Қара перi дегенiң – Хайдар батыр, Ғашықта түсте көрген түн болады.
Ей, Хайдар, сен де жақсы қымбат бұлсың, Хайлаң бар жас күнiңнен назыгүлсiң!
Айталық нөкерлерге, шаһарға жүр, Бақшамды бұлбұл гуя даяр қылсын.
Қуанды мұндай халмен Хорлы – Ғайын, Жаңадан кiлем жайған көше сайын.
Жүнiндей тоты құстың зейнеттенiп, Құбылды қос ханыша хорлардайын.
Саф лағыл тарантасы қоңырау таққан, Екеуiн жүз сегiз қыз нөкер баққан.
Хорлы мен һәрбiреуi Ғайындай-ақ, Нәзiк бел, көзi гауһар, опа жаққан.
Нөкерiн Хорлы – Ғайын түзетедi, Айтуға жақсы адамға сөз етедi.
Әуезi тоты құстай тек мүләйiм, Екеуiн жүз сегiз қыз күзетедi.
Лағылдан там қойдырды баққа жағып, Бау-шарбақ сылдырлайды шәрбат ағып. Ұжмақтың хорларындай һәр сипаты, Адамзат тағат тұтар бұған нағып.
Он мыңдай әскер тұрды атпен бағып, Гауһардан алтын ерге тұрман тағып. Тамам елiн жидырды шарбағына, Шаһарға мағлұм әйлап дабыл қағып.
Тұрыпты Хорлы – Ғайын о да бағып, Қасында жүз сегiз қыз даярлапты.
Осы күнде солардай бiр қыз болса, Жiгiттер ғашық болмас оған нағып.
Толыпты ел жиылып бау-шарбаққа, Зада хан тәжiн кидi алтын тақта.
Әлдеқайдан көрдiлер, келе жатыр Патшалар бағанағы қалған жақта.
Жiгiтке һәзiр болмас сөзден тайған, Қайғысыз дүниеде нұрға тойған.
Жидырып түстiк жерге масатыны, Ұстатып атлас көрпе нөкер қойған.
Сол уақыт жақын келдi патша-хандар, Даяр боп түсiп тұрды жолда анлар.
Көтерiп атлас көрпе үстiне сап, Шаһарға келдi дейдi тамам хандар.
Келдiлер падишалар мекен-жайға, Ұқсаған өңкей ғашық күн мен айға. Задаға Зияданы алып келдi, Келiнiн қыздар күтiп бiр сарайда.
Шаһарға бұлар келдi елдей көшiп, Қуанды Хорлы – Ғайын көңлi өсiп. Күттiлер ханышалар Ләззатбалды,
«Үстiнде жаным құрбан жеңгем» десiп.
Болмады мұндай қызық бұ жалғаннан, Ғашығы қатты жүдер еске алғаннан.
Шаһмұрат перi қызын алып келдi, Бұрынғы ер Баһрам жол салғаннан.
Құрмет еттi күйеудi көп ерiмен, Һәркiмнiң жақсы болмақ өз жерiмен. Пәрмен қылды падиша бектерiне:
– Көрiстiр балаларды бiр-бiрiмен.
Болдылар көрiстiрмек бұраң белдi, Iздеген тауып келдi сағым желдi. Қосуға балаларды той қылам деп, Жидырды атыраптан тамам елдi.
Маңайында айлық жерге айтты сауын, Ұжмақта Хорлы – Ғайын пiскен қауын. Ханыша көрмесе де қайғы кеттi, Бұлбұлдың ұстаған соң аяқ бауын.
Жиылды адам қалмай мұсылманнан, Тұлпар ат таңдап мiнген мың мен саннан. Халықтың тойға келген қисабы жоқ, Көрiнбес жердiң жүзi тамам жаннан.
Ойыншы билеушi мен сауық сапты, Көрсе де талай бейнет жарын тапты. Ертең тойды бастаймыз деген күнде Шаһарға ақ торғыннан перде жапты.
Көрген жоқ ханышалар Зияданы,
Көп көрдi ғашықтықтан қайғы-зарды. Қырық күндей бек қызықты той қылыпты, Қосуға бiр-бiрiне ғашық жарды.
Той болды хорлар сейiл салғанындай, Белгiсi бұ дүниеде қалғанындай.
Рұмнан жетi түрлi ел қаратып, Хұсайын Шаһарбанды алғанындай.
Тоты құс, бұлбұл ұшып қосылғандай, Сипаты бұ ғаламнан асылғандай.
Бұрынғы Ләйлi – Мәжнүн, жетi ғашық Пәрменi перiлерге шашылғандай.
Той болды жердiң жүзiн жасырғандай, Көңiлi дұшпандардың басылғандай.
Кейде байын бiлмейдi елi тойдай, Басынан Нiл дариясы тасылғандай.
Той болды дүние малы шашылғандай, Есiгi Ризуанның ашылғандай.
Тiлiнден екi ғашық ләззат алды, Баһрам Күләндамға қосылғандай.
Қырық күн ел жиылып еттi тойын, Қосылды бiр-бiрiне алма мойын.
Ғашықты түсiне енген өңде көрiп, Ханыша құшақтайды гауһар қойын.
Түрленер қос ханыша нұры тасып, Аузынан дүр, маржан, гауһар шашып. Екi айдай екi күйеу жатып алды Қызымен падишаның құшақтасып.
Зар еткен қосылған соң қайғы кеттi, Сарайда екi бөлек құрмет еттi.
Қосылып бұлбұлдайын сайрасқан соң, Баяғы қайғы-қасiрет заман кеттi.
Зүбәржат, лағыл, iнжу шарбағы бар, Сарайда сұхбаттасып төрт ғашық жар. Сұраған сүйiншiнi ханышадан Патшаға уәзiр болды батыр Хайдар.
Тарқады қырық күннен соң жиылған ел, Той болды бек қызықты дария-көл.
Меккеден имам келiп хұтпа оқып, Некахлы ханым болды қос бұраң бел.
Мысырда хандар тұрды үш айдайын, Қосылды бiр-бiрiне Хорлы – Ғайын. Зада хан бектерiмен ақылдасты, Қыздарын ұзатуға айтып жайын.
Зада хан ұзатпақ боп балаларын, Шығарды көкiректегi сәналарын. Қырық күндей тағы қызық той қылады, Шаһардан жөнелтуге паналарын.
Жүргiздi хан қыздарын жиһаз берiп, Қасына неше мыңдай әскер ерiп.
Қайттылар өз елiне Зияда хан, Мысырда үш айдайын қызық көрiп.
Адамға иман күткен болұр пайда, Ер жiгiт дәм айдаса бармас қайда. Елу төрттен нөкерi бiрге жүрдi, Бөлiнбей ханышадан мынадайда.
Қисапсыз айтып болмас берген малын, Сөйлейiн өз жұртына келген халiн.
Мiнгiзiп бес жүз тұлпар әскер бердi, Безеген зүбәржатпен құйрық-жалын.
Қасына әскер бердi ергенiндей, Болмайды айтқан анық көргенiндей. Қисабы дүниенiң әрең толды Заданың қыздарына бергенiндей.
Пендеге Құдай салар iстiң бәрiн,
Неше жыл жолда көрген қайғы-зарын. Перi деп Ирамбаққа iздеп барып, Мысырдан алып қайтты ғашық жарын.
Мысырдан шығыпты ендi падишалар, Нөкерi қанша әскер сауық салар.
Жүз сегiз қыз хорлардың жамалындай, Үстiне атлас көрпе сағым шалар.
Қызыл жақұт сырғасы, бауы гауһар, Құйылып сағат сайын нұрға толар. Адам сабыр ете алмас жүзiн көрген, Солардың һәрбiреуi ғашық қылар.
Белi нәзiк, мойны ақ лағылдар, Қосылып қандай жiгiт болады олар. Сипаты бұ ғаламда қызға бiтпес, Жиһанда асып туған ендi солар.
Жиһанда асып туған ендi солар, Қосылып қандай жiгiт бұларды алар. Iнжуден отыз тiсi, ернi ақық,
Буына саф алтыннан шашын малар.
Мысырдан алып қайтты күн мен айды, Жан көрмес дүниеде һеш мұндайды.
Бiрнеше күн жол жүрiп шаһзадалар, Бағдат шаһарына жақындайды.
Жетi жыл сапар шегiп көп күн өттi, Патшаның көңiлiндегi қайғы кеттi. Құрбандық шыбын жанын етiп жүрдi, Мұратқа шаһизада ақыр жеттi.
Бастаған шаһизада мың сан қолды, Көрiптi ғашық үшiн талай жолды. Түстiк жерге қалған соң Бағдатқа, Үш кiсi сүйiншiге озбақ болды.
Алты атпен үш кiсi озды Мұхтарханға, Бiр Алла берсiн мұрат барша жанға.
Патшаның перi iздеген ұғлы келдi, Қуанып елi-жұрты қалды таңға.
Жиылған шаһар халқы, бек пен байы, Зияда падишаның туған айы.
Мұхтарды ханым бiрлән қуантады,
«Осылай жалғызының,– дейдi,– жайы».
Билеген әдiлдiкпен тамам елдi,
Түске енген тауып келдi сағым желдi. Әскермен қарсы шығып Мұхтар патша, Шаһарға балаларын алып келдi.
Неше жыл бейнет көрген жолда жүрiп, Дертiне ғашықтықтың мойын бұрып. Падиша жалғызымен амандасты, Халқымен келер жолын тосып тұрып.
Болған соң амандасып шаһар жүрдi, Көңiлiне шаттық кiрiп һазар түрлi. Алды-артынан он мыңдай әскер жүрiп, Қуанып Бағдатқа алып кiрдi.
Той қылды Мұхтар патша неше күндей, Өткiздi күнде сауық, өлең-жырды.
Қызыққа төрт тараптан хандар келдi, Асынып алтын қылыш болат қырлы.
Гүлденiп бау-шарбағы неше түрлi, Елiне айтты дейдi көрген сырды. Тәжiлмәлiк Әлидiң баязирiндей
Ел-жұрты айтқан сөзiн тыңдап тұрды.
Сарайда Хорлы – Ғайын сайран қылды, Нөкерлер перiзатты күтiп тұрды.
Қырық күндей алтын тақта ойын салып, Арабтың уәлаяты дәурен сүрдi.
Той болды Нiл дария тасуындай, Мысырдың уәлаятын басуындай. Мұхтар хан халқын жиды сасуындай, Тор тауы мекен мосы асуындай.
Зүбәржат, лағыл, iнжу табақ ұстап, Ұжмақтан хордың қызы түсуiндей.
Ұжмақтан хордың қызы түсуiндей, Алдынан түрлi гауһар шашуындай. Жiгiттер, мадақтасам қызық болды, Нәбиге мейiрiмдi қосуындай.
Қырық күн ел тарқады өткеннен соң, Мұратқа шын iздеген жеткеннен соң. Зияда Бағдатқа патша олды, Көңiлiнен қасiретi кеткеннен соң.
Екеуi жұрт билеген патша болды, Бiр Алла тiлек берiп көңлi толды. Өзiнiң пәрмен еткен заманында
Шығарды бiр қақпадан қырық мың қолды.
Салдырды мейман үшiн сексен сарай, Жиһанның салтанатын еттi талай.
Падишаны, бай болсын, не мүсәпiр, Демептi құрметтеуге мынау қалай. Ғаламнан биниһаят өнерi асты,
Көрген жан салтанатын қайран қалды.
Көрсе де мұрат тапты көп бейнеттi, Тағы бар мұратынан һәм зейнеттi. Ғұмардай халифа болып ел билеген, Ұстауға шариғатпен бек айбатты.
Нұры артық өзге жаннан салтанатты, Құданың Арысланы Әлизатты.
Үстiнен бес жүз шаһар пәрмен еттi, Қақ жарып қара қылды әдiлеттi.
Дүниеден асып кеткен сұлтанаты, Мұртаза, Шаһимардан арғы заты. Өттiлер дүниеден дәулетпенен Уақытында патша болып инабатты.
Мұратқа патша болып жеткен жерi, Қосылып құрметпенен күткен жерi. Хорлыны ғашық болып он жыл iздеп, Дүниеден қызық көрiп өткен жерi.
Дүниеден қызық көрiп өткен жерi, Мұратқа қайғы көрiп жеткен жерi. Заданың екi қызын екеуi алып, Қосылып құрметтесiп өткен жерi.
Дүниеден қызық көрiп өткен жерi, Көңiлден қайғы-қасiрет кеткен жерi. Патшаның жиһан кезген халiн сөйлеп, Қиссаның тамам болып бiткен жерi.
Ғайыптың Алла бiлер асыл сырын, Махфуздан жаратыпты ләулiк нұрын. Сұлтанды жиһан кезген мәселе еттiм, Шыққан жоқ қисса болып мұнан бұрын.
Үш қисса жiберiп ем мұнан бұрын,
«Қожа Ғаффан», «Таһир» мен «Нұрғұзарын». Абызкей, қата болса айып етпе,
Ғашықтың тасниф еттiм өлең-жырын.
Әлидiң арғы тегi әуладынан,
Қоймаған бұ ғаламнан жықпай бiрiн.
Тайпалған төрт аяғы жорғадайын,
Әуелден келiстiрген зат пен түрiн.
Бижiгiт – атекейiм, Жақып – атым,
Сiздерге мағлұм әйлап жазған хатым.
Бiр Алла қата болса, өзi кешсiн,
Қатасын айып қылма, асыл затым.
Өлеңдi келiстiрген ақыл зерек,
Ойласам дүние жүзi дөп-дөңгелек.
Тамам қып бiр қиссаны жазып болдым,
Тағы да бiр қиссаны жазсам керек.
Екi елу ердiң жасы болады жүз,
Көредi есен кiсi талай жаз-күз.
Бұ жолы екi қисса жаздым сiзге,
Жолықса, тағы қисса жiберермiз.
Қолыма ұстағаным қалам болды,
Көңiлiм бұ дүниеге алаң болды.
Мың сегiз жүз сексен төртiншi жыл,
Апрелде он бесiншi тамам болды.