Қисса Ләйлі - Мәжнүн

Әуелi бiр Құдаға хамду сәна, Дәрүрi Мұстафаға болсын жәна. Алланың сүйер досты нұрдан болған, Салауат Мұхаммедке болып жәна. Екiншi жад етемiн Тәңiрiм атын, Ғарiптiң қабыл әйла мiнәжатын. Пайғамбар расул досты қайдум тұтып, Ғарiптiң аман еткiл бар қажетiн. Қажет көп бiз пақырда көңiлге алған, Ете алмай мақсат хасыл бол...

Kazakh
Қисса Ләйлі - Мәжнүн
Әуелi бiр Құдаға хамду сәна, Дәрүрi Мұстафаға болсын жәна. Алланың сүйер досты нұрдан болған, Салауат Мұхаммедке болып жәна. Екiншi жад етемiн Тәңiрiм атын, Ғарiптiң қабыл әйла мiнәжатын. Пайғамбар расул досты қайдум тұтып, Ғарiптiң аман еткiл бар қажетiн. Қажет көп бiз пақырда көңiлге алған, Ете алмай мақсат хасыл болады арман. Адамды ғам суымен сипат әйлап, Ғам-қайғы сонан бiзге мирас қалған. Келедi сонан бiзге мирас қалып, Аз дәуiр һәркiм өттi пайдаланып. Бағдат, Басра екеуi тұрған жерi, Өтiптi бiр жақсы адам нәсiлi араб. Бағдат, Басра екеуi тұрған жерi, Сұрадым таяуда ма о да бiрi. Тұрақтап араб, ғажам тұрса дағы, . . . . . . . . . . . . Қимылдап құрсағында сайран еттi, Берген соң Хақ бағыштап көңiл бiттi. Ойылға еккен тұқым жеткендейін, Гүл ашып шығатұғын уақыт жеттi. Анадан айдай болып туды бала, Ер ұғлан болды ужуды келген жәна. Той бердi көп мал сойып, шаттық етiп, Құдаға мың шүкiрлiк айтып сәна. Неше күн той қылады көп мал сойып, Бай, мырза, пақыр, мiскiн қалды тойып. Муазин азан айтып, қимат оқып, Тарқады Қайыс мырза деп атын қойып. Раушан нұр шашады туған бала, Ғазиздап құрмет еттi жерден Алла. «Қайғының мақамына түстiм бе» деп, Көп жылап бала тынбай айтты нала. Тазартып баланы орап қолына алған, Жан қалмай көп жылады кемпiр-шалдан. Даяға асыра деп әмiр еттi, Емiздi сүт орнына хасыл малдан. Қылады дая құрмет жас баласын, Қоймайды бала жылап һеш наласын. Жылаудан һеш уақытта тыйылмайды, Қанеки, қайдан бiлсiн мажарасын. Емшекке бала жылап алданбайды, Нәрсеге не қызықты көз салмайды. Уақытылы пейiлi қанып ұйықта[майды], Бiр жанын пида қылып жалбаңдайды. Күн-күннен жылағаны болды ғалиб, Сарғайды дая байғұс қайғыланып. Алданып һәрбiр жерге жұбансын деп, Баланы қыдырады қолына алып. Бiр үйге баланы алып келдi жетiп, Үйде отыр бiр жас бала қарiп айтып. Көрген соң жас баланы шаттық кiрiп, Жылағанын қоя қойды сабыр етiп. Екеуiн дая қосып алдына алды, Жыламай отырғанға бек қуанды. Айырып екi анасы өздерi алса, Пәрленiп бұрынғыдай афған салды. Қимайды айыруға екi қатын, Бiр қосып отырғызды перизатын. Жылаудан һеш уақытта тиылмайтын, Баланың дая айтады хикаятын. – Бұл бала бiр арабтың жалғыз ұғлы, Көп жылап тiлеп алған Хақтан мұны. Ақы алып уақытша асыраймын, Қайыс аты, тыңдасаңыз сөздiң шыны. Отырған сөз сөйлейдi кәрi қатын: – Бұл менiң өз балам-дүр, перизатым. Дүниеде жалғыз бала болғаннан соң, «Ләйлi» деп қожа, молда қойған атын. Хақ бердi тiлеген соң қыз баланы, Қыз туып көңiл шiркiн мұздағаны. Көтерiп жылаған соң алып жүрiп, Жарылып табанымның сыздағаны. Көтерiп қыдырамын дамыл алмай, Сағынып көргенiмдi естен салмай. Бiр минут жылағаннан тиылмайды, Жылайды афған етiп шаршап талмай. Ақылым дал болады ойлағанда, Жылауын сабыр етiп қоймағанға. Iшiне қанша бала отырғызсам, Етпейдi тоқтап мағзұр һешбiр жанға. Кемiдi қыдырумен жарым жаным, Көтерiп бала бағып кеттi сәнiм. Неше күн, неше уақыт бақсам дағы, Көргенiм осы-ақ ойнап отырғанын. Қуанып ойнап отыр екi көдек, Жерi жоқ һеш ойнаған мұнан бөлек. Отырар ғашық-мағшұқ сықылданып, Емес пе дүр Иләһим бұл ғажап кеп. Қимайды айыруға екi дая, Ұқсайды ажар-көркi күн мен айға. Бұлардың арасында не хикмат бар, Баршасы өзiңе аян, иә, Құдай-а. Түзеттi екеуiне ғилдат жайын, Ас, тамақ неше түрлi қойды дайын. Ас iшу, ұйқы, дамыл бәрiн тастап, Сайрайды бiр-бiрiне бұлбұлдайын. Түзелiп түрленедi бұл екi гүл, Бiр бесiк, бiр төсектi еттi мәнзiл. Тамақты сүткiсiне бiр-ақ татып, Алады екi күнде бiр-ақ дамыл. Баланы бұл үй тұрды тәрбия етiп, Балалар рахатта, қайғы кетiп. Ләйлiден Қайысты айырмай бiрге қойып, Үйiне дая қайтып келдi жетiп. Даяға анасының түстi көзi, Шыдамай сонда мынау айтқан сөзi: – Тастапсың иесiз үйге жас баланы, Қалды ғой өмiрi өксiп жалғыз өзi. Зарығып тiлеп алдық бiз Құдайдан, Алып кел, тұрып барып қойған жайдан. Үш күннен берi маған келгенiң жоқ, Құрысын бала асырап қылған пайдаң. Бұл сөзге қысылады жаман сасып, Кетiптi қорыққаннан түсi қашып. Есiнен айтар сөзi шығып кетiп, Тұрыпты аң-таң қалып, аузын ашып. – Бибеке, мен айтайын, сөзiм тыңда, Қыламын жаным пида жалғыз ұлға. Қойғанын жылағанын көрiп пе едiң, Келгенде зиаратқа һәр күн мұнда. Көтерiп пәруана боп жүрушi едiм, Үй қоймай жұбанса деп кiрушi едiм. Гүл берiп, емшек берiп уата алмай, Дағдарып хайла таппай тұрушы едiм. Қолымнан тастамаймын ебелектеп, Хал-жайын сұрайтұғын не керек деп. Үйiне пәлен бектiң алып бардым, Жүрушi ем бұрын бармай төңiректеп. Мен кiрдiм баламды алып ханасына, Емiзген көзiм түстi баласына. Гүл жүздi баласына мейiрiм кетiп, Сұрадым маған бер деп анасына. Анасы көркем екен, ұзын бойлы, Бек зерек адам екен, ақыл-ойлы. Алдыма бала келiп отырғанда Өз балам жылағанын қоя қойды. Шаттанып екi бала ойын салды, Анасы ойнағанға ғажапланды. Iшiне қанша бала отырғызсам, Дос тұтып ойнамаушы ед һешбiр жанды. Баланың бiлiп алдым атын сұрап, Қия алмай ойнағанын еттiм тұрақ. Жамалы хор қызының сипатындай, Дариға-ай, аялы екен дедiм бiрақ. Айырып баланы алдық қолымызға, Қайтуға даярланып жолымызға. Шырылдап бейне отқа күйгендей боп, Көнбедi бала жылап онымызға. Жатқыздық бiр төсекке, бiр бесiкке, Бұларды қосады деп кiм өсекке. Жамалы бiр-бiрiнен айырғысыз, Бiрiн ұл, келесiсiн қыз десек те. Қасына сол баланың қойып келдiм, Көркiне ажарымен тойып келдiм. Жыламай балам шат боп отырған соң, Мiнеки, сiзге келiп хабар бердiм. Сағынып анасы отыр өз баласын, Көзiнiң тiлеп алған ақ-қарасын. «Екеуiн бiр орында көрейiн» деп, Тарады тоты құстай жуып шашын. Сөйледi бибi қатын байға барып Сандықтан киiнедi киiм алып. «Қатыны пәленбектiң шақыртты,– дедi, Қонаққа келсе екен деп хабар салып». Байынан осылай деп рұқсат алды Бай бiлiп отырған жоқ үшбу халдi. Қонаққа бибi қатын келгеннен соң, Үйiне кiлем жайып, төсек салды. Атластан көрпе жайды неше түрлi, Рұқсатпен есiк ашып үйге кiрдi. Бибi бiр қандiлге ашып жаққан шамдай Сүйiндi көзбен көрiп екi нұрды. Отырды мәжiлiспен зияпатта, Кемпiр жүр қонақ үшiн тәрбиатта. Қолға алмай бiр-бiрiнен айырғысыз, Көз салып қарап тұрса перизатқа. Сүйедi қолына алып екi нұрын, Айырмай бiр-бiрiнен көркем түрiн. Дүниеде теңдесi жоқ екi бала, Көрген жан һеш теңгермес ұжмақ хорға. Бек сыйлап, құрмет еттi мейманын, Бала үшiн пида қылған жалғыз жанын. Даяның айтқанымен өзi келiп, Шат болып көрiп қайтты отырғанын. Баланы дая бақты бiрнеше жыл, Түзелiп күннен-күнге ашылды гүл. Еңбектеп апыл-тапыл аяқ басып, Қолында ата-ананың шығарды тiл. Тiл шығып, бұлбұлдайын сайран еттi, Шаттанып ата-анадан қайғы кеттi. Алтыға бестен өтiп келген шақта Той қылып, сүннет етер уақыт жеттi. Той бердi неше күндей қылып сауық, Қуанысып бәйге бердi аттар шауып. Молданы сүннет еткен тоғыз берiп Қайтарды ақсақалға тондар жауып. Тарқатты қызықпенен осы тойын, Жасады қанша мәжiлiс, қаншама ойын. Жiбектен неше түрлi киiм сайлап, Түзеттi тал шыбықтай көркем бойын. Сол күйiмен Қайыс келдi он жасына, Алданып сөздi ұзатып болмашыға. Баланы ата-анасы қолына ұстап, Мектепке алып келдi молдасына. Молдадан Қайыс отырды сабақ алып, Сөз бастап бисмилладан оқып қарiп. Хорлардай ұжмақтағы өңшең бала Отырса төңiрекке көзiн салып. Отырған бiр сапта қыз, бiр сапта ұғлан, Молдаға айып-пұл келiп көп жиналған. Молда сонда бiр-бiрiне мәжiлiс … Ұжмақтан қосылғандай хор мен ғұлман. Қыздарда перiштедей бiр бала бар, Өзiнен табылғандай көркем ажар. Қыздар мен ер балалар бас қосқан соң, Тұтанды арасында бейне базар. Сол қызға Қайыс салды шын назарын, Тапқандай қуанады ғашық жарын. Көңiлiнде ғашық оты пайда болып, Кетiрдi бойындағы ықтиярын. Ол қыз да оқып жүрген шәкiрт бала, Ләйлi деп атайды екен есiмiн жәна. Жұмсақ тiл, раушан жүзi, сабыр құлық, Берiптi бәрiн жиып Хақ Тағала. Сөйлеспей жүредi екен лебiз ашып, Барады күннен-күнге қайғы басып. Һешкiмге бiр бiлдiрмей сыртындағы Ләйлi де жүредi екен болып ғашық. Жүрiптi сабақ алып қыз бен ұғлан, Хабардар болған емес һешкiм мұнан. Риясыз iштерiнен от жанады Шын ғашық пайда болған ажайыннан. Сабырға ғашық отын жеңдiредi, Өздерiн мехнатқа көндiредi. Қызда ұят, жiгiтте әдеп кәмiл толық, Кетпеген ол екеуi мезгiл едi. Ғашықтық мехнат күн-күн артар, Көрмесе жарты сағат қайғы тартар. Мешiтте бiр-бiрiне жолыққанда, Күлiмдеп гүл раушан шер тарқатар. Қайыстан отырмайды Ләйлi жырақ, Алады «бiлмедiм» деп сабақ сұрап. Ләйлiнiң бiлмегенiн Қайыс айтады, Сөзiне басқа бала салмас құлақ. Ләйлiден Қайыс сұрайды ұмытқанын, Олардың ешкiм бiлмес ахуалын. Бiр бақта екi бұлбұл сайран етiп, Бiр еттi екi бақта жалғыз жанын. Жүредi күндiз келiп, түнде барып, Әбжадтан молдасынан сабақ алып. Бiрiнен әгар бiрi соңғы қалса, Тұрады соңғысының жолын бағып. Қосылып келедi екен молдасына, Сыр ашпай бұл мазмұннан жолдасына. Ықылас, жан-тән бiрге болғаннан соң, Хабардар басқа бала болмасын ба. «Ләйлi» деп әгар бiреу айтса кеңес, «Не дейсiң, не сұрайсың?» дер едi Қайыс. Бiрiнен сұрағанды бiреуi айтып, Өтiптi арасында осындай iс. Қайыс әгар жазбақ үшiн қалам алса, Ләм, йа жазар едi шаршағанша. Үшiншi қарiп хатты қояр едi, Қаламын тастар едi естен танып. Ләйлi де хат жазғанда қалам алып, Қаф, син қояр едi машық салып Сөйлесiп бiр-бiрiмен бахас етiп, Осылай күн өткiздi пайдаланып. Жүрiптi осыменен бiрнеше жыл, Паш болып ғашық Ләйлi болды мүшкiл. Екеуi ғашық деген сөзден қашып, Сөйлестi сабыр сақтап, сайлап дәлел. Бұрыннан екеуi де болып ғашық, Соңынан мүкiс қалмас қадам басып. Жалықпай қос қабақпен сөйлеседi, Нендейiн Хақ Тағала қылар нәсiп. Молдадан жүрушi едi дәрiс алып, Қайыс тұрды сөйлесуге ойға қалып. – Бiлмеген сабағымды үйретiп бер, Алдыңнан өткiзейiн құлақ салып. Қатадан хат жазады бала тұрып, Хатқа назар салады пейiлiн бiлiп. «Тастапсыз қата жазып қойыпсыз» деп, Қапа болып Ләйлi айтады мойын бұрып. Ғашықтық көркем болып пайда бермес, Бұл деген осылайша сөзге көнбес. Ғарық болды жанған отқа ақыл, ұят, Орнына егiлгенмен қайтып келмес. Жасырып ойнаушы едi кiтаптарын, Ғашықтық ғаскерi алған ықтиярын. Жалынып өтiнiш етiп алушы едi, Балалар тегiс бiлген осыларын. Әшкере, мағлұм халыққа болып кеттi, Жасырын iшке сақтап күндер өттi. «Қайыс пенен Ләйлi ғашық болыпты» деп, Ләйлiнiң анасына хабар жеттi. Анасы ашуланып оттай жанды, Нендей iс Хақ Тағала басқа салды. Ләйлi үйге сабағынан қайтқан шақта, Баласын оңашалап қолына алды. Сөз айтты баласына ашуланып: – Деушi едiм сабақ үйрен молда барып, «Ләйлi ғашық бiр баламен болыпты» деп. Барады сыртқы хабар құлақ жарып. Бiлмедiм не боларын намыс етiп, Өзiңнен бұлай болма қарар етiп. Қыз қымбат сандықтағы гауһар мысал, Қадарың кем боларсың қадiрiң кетiп. Екен деп жақсы сират оған бақпа, Ерiп көрiнгенге судай ақпа. Нәркес көз, бек ашық жүздi болмай, Пiнһан жүр, жалғыз жаным, әдеп сақта. Лұғбат кебi дүниеде сөзбен айтып, Раушан жүзiң күйедi, күнәһ етпе. Пердемен отыр үйде өз iсiңмен Қыңыр қыздай көше аралап шықпа шетке. Һешкiммен бiрге отырып, бiрге жүрме, Көлеңке сықылданып һәркiмге ерме. «Қайыспенен қызың ғашық» деген сөзден Ұялып намысымнан кiрдiм жерге. Ер ұғлан ғашық болса ғажап емес, Болмайды қызға лайық мұндай кеңес. Факир, нәсiп, қадiр, құрмет иесiмiн Осалдық бiзден садыр болған емес. Әй, балам, тыңда мұны айтамын зар Бұ iсте менiң қатты қорқынышым бар. Мүбәда атаң мұны естiмесiн, Көндiрер сиясатқа етiп қаһар. Мектепке бармай-ақ қой мұнан кейiн, Баламсың жаным, тәнiм, мен не дейiн. Iс iсте үйде отыр машық жазып, Молдаға, балам, сенi жiбермеймiн. Ойынға күлкiменен болма ғарұр, Қор қылма өз басыңды, қадiрiңдi бiл. Көрiнбей һеш адамға үйiмде отыр Бұл бұһтан саған айтқан кесiлсiн тiл. Менiңше оңаша үйдi әйла мәнзiл, Көрмекке һәркiм ғашық сiз қызыл гүл. Үмiткез балалармен бiр жүрме деп, Осы-дүр насихатым, ендi өзiң бiл. Осындай анасынан естiдi сөз, Қасiрет, шаттық кетiп, орнады тез. Рас деп айту сонша қиын болып, Беруге танып жауап аударды жүз. – Бересiң мұнша сөгiс анам,– дедi, Түсiнiп бiле алмайды балаң,– дедi. Ғашық, мағшұқ дегенге түсiнбеймiн, Түсiндiр баян етiп маған,– дедi. Естiдiм анам сенен ғашық атын, Бiлмеймiн дұрыс iс пе, иә ұятын. Ұстаз бол осы сөзге түсiндiрiп, Тоқтасын асылын бiлiп қанағатым. Мектепке рұқсатсыз барғаным жоқ, Бар дедiң айтқаныңнан қалғаным жоқ. Нәжыныс балалармен бiрге отырып, Һәр уақыт сабақ сұрап алғаным көп. Сұраса сабақ айтып берушi едiм, Дәрiс оқып, машық жазып жүрушi едiм. Кейде бiлiп, сабақты кейде бiлмей, Өзiм де ренжуде жүрушi едiм. Әй, ана, мұратым сол үйде отыру, Қолында ата-анамның дәурен сүру. Ұрсады молда да «сабақ бiл» деп Бек қиын өзiме де қорлық көру. Дәрiс алып күнi бойы оқимыз хат Мектепте һаман бала болмайды шат. Бiр сөздi бiлмейтұғын аузыңа алып, Бердiң ғой түсiндiрмей көп қаһарат. Естiдi баласынан бұл жауапты, Ашуы басылады келген қатты. «Бiлмейтiн жас баланы сөзге қосып, Болмайды не деп айтып адамзатты. Бұл балам бiлмейдi екен ғашық жайын, Өсекке бекер қосып не қылайын. Қолымнан намыс, ұят кете жазды, Мақтасын һәр уақытта бар Құдайым». Көңiлi қызға нанып, тәсiл[iм] еттi, Бiр жүрiп, бiрге отырған күндер өттi. Ләйлiнi ықтиятпен үйге сақтап, Мағшұқтың дидарынан мақрұм еттi. Қапаста Ләйлi болды тұрған құстай, Бар ма екен тiрi ғарiп бұл байғұстай. Ғашықтық дидарынан үмiт кесiп, Сарғайтты қайғыменен көркем түстi. Шарасыз үйде отырды сабыр етiп, Жүредi ата-анасы келiп-кетiп. Оңаша бұл ғазалды айтар едi, Дертiне шыдай алмай афған етiп. Зарығып Ләйлi жылайды, Ғашық жарын ойға алып, Отыра алмай мұңайды. Бiлмесiн басқа бiреу деп, Төңiрекке көз салып, Қалам, сия қолға алып Iшiндегi дертiнен Әпсана айтып толғанып. – Жоқтан бар ғып бiздердi Жаратқансың, Құдайым. Қайғысыз қылып қоймадың, Көңiлге салдың уайым. Ақылымнан тандырдың, Ғашықтық отын жандырдың, Не дауа бұған қылайын. Ойласам қайғы артады Ұятым кейiн тартады. Бiрге жүрiп мектепте Аз күн шерiм тарқады. Iштегi шерден хабарсыз Ғашық жайын бiлмеген Дұшпандар сөгiс айтады. Жанған отқа жолығып, Қайғы-қасiрет молығып, Басқа қылар шипа жоқ, Зарлық етпей қайтедi?! Қайғысы кетпес басымнан, Ата-анамның iсiнен, Мектепке бардым жасымнан. Шам-шырақты жандырдың, Ақыл-есiм тандырдың, Табылып дiлбар қасымнан. Айрылып сiзден жыладым, Көзiмнiң жасын бұладым. Дертке шипа етерге, Көңiлдiң көп қайғысы, Ренжiп бұлай кетерге, Өзiңнен жәрдем сұрадым. Мақсұтқа жетер болмасам, Қосылып дарақ қонбасам Әуре қылмай дүниеде Аманатың ал, Хақ Жаппар, Осы едi менiң мұратым. Әй, Физули, ғам-қайғы Мұнан да артық сiзде бар. Әшкере етпей һешкiмге, Тәңiрге аян үшбу хал, Мақсұтты Хаққа тапсырып Айтып келген сөзiңнiң, Аяғына назар сал. Өлшеулi ғұмыр сапасыз, Тамам етiп тастауға, Тоқталмай қолға қалам ал. Дүние ойлағанға бейопа-дүр, Һәркiмге опасыздық көрсеткен-дүр. Ас өтпей тамағынан iшкенменен Сарғайып кетер болды жүздiң нұры. Шын ғашық әгар болса екi жары, Болмайды қосылудың ықтибары. Араға бiр жұдалық болар себеп, Тұрмайды өз-өзiнде ықтияры. Ғашықтық неше түрлi, неше фасыл, Мехнат суша қатып табар асыл. Мысал бар дүниеде ойлап тұрсаң, Тiкеннiң ортасынан шығады гүл. Бұл iстен Қайыс мырзаның хабары жоқ Мектептен табамын деп көңiлi тоқ. Ертерек орынынан түрегелiп, Мешiтке жетiп келдi күлiп шат боп. Ләйлiнiң қарап отыр жолын бағып, Көңiлi тоқтамайды судай ағып. Отырып өзi iшiнен ойлайды: «Сабаққа келмей қалды бүгiн нағып?» Мырзаның Ләйлi болды назарында, Таба алмай харидарын базарында. «Не үшiн келмедi?» деп қайғыланып Қалмады зәрредей қан ажарында. Мектепке ол күн Ләйлi келе алмайды, Болғанын не оқиға бiле алмайды. Қайғы мен қараңғылық басқа түсiп, Оқыған сабағына көз салмайды. Сұраған һешбiреуге айтпайды сөз, Қайғыға шаттық кетiп аударды жүз. Жылаудан екi [көзi] тыйылмайды, Ас iшiп, дамыл алмай кеше-күндiз. – Әуелден жаратқан соң Бiр уа Барым, Ләйлiнiң ғашығы алған ықтиярым. Бұрын шат, бүгiн қойдың қасiретке, Жақпайтын бiлмедiм не iсiм барын. Мектепте шаттандырдың бiрге тұрып, Мен жүрдiм сабақ алып, дәурен сүрiп. Таппадым келiп мұнда мекенiңнен, Қай жаққа пәруаз еттiң, сейiл құрып. Достықтан жүз қайтарып, қылдың жәбiр, Бұл отқа нешiк пенде қылар сабыр. Бұл қайғы бүгiн менде, ертең сенде, Һәрнешiк дауасының ғилажын қыл. От болып жанып кеттi iшiм-тысым, Ләйлiмен болмас менiң һеш жұмысым. Қан болып жүрек, бағырым езiледi, Етпей ме саған әсер бұл налаһым. Ләйлiнiң тiкенi гүл бағындағы, … … қандай қолындағы Неше күн, неше түндер қасiрет шектi, Қосылып, еске түсiп жүрген шағы. Сарғайтты ғазиз түсiн қайғы-қасiрет, Мектепте көтерiлдi аһы, афған. Баршасы әһл мектеп зар жылайды, Ғашықтың күйiп-жанған сипатынан. – Бұл күнде заһар зақұм iшкен асым, Көл болды жылауменен көзден жасым. Көңiлiмнен мүбдағаны көндiрмесең, Айрылды ақыл-хоштан ғазиз басым. Аһ ұрып осылай деп зарланады Ғажаптап һәркiм бұған таңданады. – Жаным жоқ Әзiрейiл алатұғын, Қайғымнан басқа менiң немдi алады. Жылаудан босамайды екi көзi, Әшкере қапалықпен айтқан сөзi. Сандуғаш пенен бұлбұл сықылданып, Ләйлiмен еске түсiп жүрген кезi. – Жаратушы Құдайым, Дәргаһыңа көз салып, Зарлықпенен жылайын. Қанша қасiрет шеккенмен Пайда бермес уайым. Жолдас болған жасымда, Назбен тiккен қасын да, Мен Ләйлiден айырылдым, Бiлмеймiн не-дүр күнәһым. Ақыл-қошым қайғы алды, Iшiм тола от жанды. Ғашықтық отын iшiнен, Махкам етiп жай салды. Мен ғарiпке назар сал Бiр жолығып хабар ал. Дертке шипа болмай ма, Сұрасаң келiп ахуал. Мақрұм қалып дiлбардан Алыс кетiп дiлбардан. Көп оқыған сабақтан, Ұйқы, қорек, тамақтан. Баршасынан айрылып, Мәжнүн болып жай қалды. Әй, Физули, ахуалы Дәулеттiң шамы жанбады, Мағшұғың назар салмады. Мұратың хасыл болар деп, Жақындық, достық қылар деп, Мұхтабаның алдады. Екiншi жақтан сөз бастап, Кешiктiрiп сөз қосып, Хикаяты асыл ғарiптiң Кетпесiн iште арманы. Жылаумен Қайыс мырзаның ақылы кеттi, Шат болып сабақ алған күндер өттi. Ләйлiнiң ғашығының әсерiмен Айырып ес-түсiнен мәжнүн еттi. Бiр күнi наурыз бердi жұрттың бәрi, Шат болып жиылысты жас пен кәрi. «Басыңды, әй, иә, Мәжнүн, көтергiл» деп, Қасына жиылыпты жолдастары. Һәр мақлұқ бұл фазылда болады шат, Жарлы, бай, пақыр, мiскiн ғамдан азат. – Гүл терiп, бағы-бақша аралалық, Иншалла, душар болар ол перизат. Бұлардың айтқанына құлақ салды, «Кез болар» деген сөзге бек қуанды. «Ләйлiге қай орында жолығам» деп Аралап бағы-бақша бiрге барды. Жүрiптi бақ-бақшадан гүлдер терiп, Таралды һәр тарапқа бұлар серiк. Мәжнүн жолдасынан айырылады, Тiгулi бiр бақшада шатыр көрiп. Шатырға жетiп келдi қадам басып, Iшiне назар салды есiк ашып. Гүл терiп, сайран қылып келген екен, Жолықты Ләйлi, Мәжнүн душарласып. Жоқ екен жары-жора қастарында, Ғашықтық қайғысы бар бастарында. Қарасып бiр-бiрiне шүкiр еттi, Құданың бұл орында қосқанына. Iшiнiң ғашық оты ұшырады, Бiр-бiрiн анықталып айырады. Сағынған мағшұғына тап ете алмай, Мәжнүн бейһұш болып жығылады. Мәжнүнге Ләйлi тұрды назар салып Қалған соң сөйлесе алмай қайғыланып. Не түрлi жәбiр-жапа еске түсiп, Ләйлi де жығылыпты есiн танып. Екеуi осылайша талып қалды, Нендей iс арасында Тәңiрiм салды. Гүл терген кәнизактар қайтып келiп, Ләйлiнiң бұл iсiнен хабар алды. Кәнизлер келiп тұрды қастарына, Мәжнүннiң құлақ қанған дәстларына. Ләйлiнiң көл суымен бетiн жуып, Жидырды ақыл, есiн бастарына. Көтерiп бұл орыннан алып кеттi, Мәжнүнге қатты қайғы салып кеттi. «Ата-анаң мұнан әгар хабар тапса Жарамсыз баршамызға ұят,– дептi. Шырағым, жат бiреуге назар салма, Болар деп сонан опа ойыңа алма. Жарамсыз жат бiреуге ғашық болып, Бересiң не деп жауап кемпiр-шалға». Ләйлiнi алып кеттi бұл арадан, Хабарсыз қалды Мәжнүн мажарадан. Мәжнүндi жансыз жатқан тауып алды Бiреуi жолдасының гүл қараған. «Мәжнүн!» деп жолдасы айғай салды, Дыбыстан хабары жоқ, қозғалмады. Соғады құр өкпесi, ес-түсi жоқ, Болғанын не оқиға бiле алмады. «Күлмей бұл жүрушi едi қайғы басып, Жатқан-ды жүрек талып, қарны ашып. Ыссылық бұған әсер кiрген-дi» деп Бетiне отырыпты гүл су шашып. Тұрғызды қасындағы жолдастары, Қараса қасында жоқ ғашық жары. «Алла!» деп аузынан шыққан отпен Артылды бұрынғыдан аһы-зары. Тасталды киiмдерi аяғынан, Қасiрет, күйiнiшi артты баяғыдан. Ләйлiге осы орында кез болғанын, Абайлап бiлдi бұлар сияғынан. – Мәжнүн, басың көтер, сабыр әйла, Күйiнiш артық жанға бермес пайда. Өзiңдi бұлай болсаң қор етерсiң «Сары алтын – сабыр түбi» деген пайда. – Ғазиздар, бұл дертiмдi жеңiлсiнбе, Мен күйдiм саламат болып отқа жаңа. Жүрер деп менiң үшiн тоқталмаңыз, Пәруана мен бiр ұшқан аспанға. Жолығып атам сұраса сiзден халiм, Айтарсыз осылайша ахуалым. Бұл қайғы өлсем менен ада болмас, Ғашықтық қасiретi алған ықтиярым. Мен үшiн тоқталмаңыз жолдан қалып Аралас дәурен сүрмен тiлiңдi алып. Көзiмнен нұр, көңiлiмнен ақыл кетiп, Қайғы мен маған жолдас пәруаналық. Бұл iске менi теңе ықтиярлы, Көңiлiмнен ақылым алып, күйiнiш салды. Мағзұр тұт бiрге жүрген ашыналар, Маталып жүз көрсеткен қайда барды. Қанбадым, көзiм шалды күннiң нұрын, Келтiрсе керек емес ұжмақ ғұмыр. Һешкiмнiң насихатын қабыл алман, Берсе де дәрежесiн пағфурдың. Сiздермен бiрге жүрiп, бiрге тұрман, Табылар маған жолдас ой мен қырдан. Сiздердiң маниғ еткен тiлiңдi алып Ғашықтық сұлтанынан мойын бұрман. Мәжнүннен бұлар қайтты амандасып, Фазыл, мақсұтты Хаққа еткей нәсiп. Көзiнен қан, аузынан көбiк ағып, Басына жүрiп кеттi топырақ шашып. Бiлмедi Мәжнүн жылап оң мен солды, Аударды сахараға жүрер жолды. Бiр жерге мақам етiп тоқтай алмай, Зарлықпен жүрген жерге афған толды. Кезедi һәр орынды афған салып, Қайда жол елсiз болса соған барып. Мәжнүннiң зарлық еткен наласымен, Құсадан кiм ерiмес қайғыланып. Мектепке жолдастары қайтып келдi, Оқиға бастан кешкен айтып келдi. Мәжнүннiң өздерiнен айрылғанын, Баяндап атасына хабар бердi. Атасы осы сөзден хабар алды, «Не мүшкiл ұшырадым» деп қайғыланды. Көзiнен қанды жасы рауан болып, Баласын биабаннан iздей барды. Нышана табылмады шырағынан, Жүрiп, не отырған тұрағынан. Бiр жерде сабыр тауып тұра алмады, Мәжнүннiң даусы кетпей құлағынан. Таба алмай жалғыз ұғлын қайғыланды, Сарғайып күйiнiшпенен оттай жанды. Тiкеннен төсек, топырақты жастық қылған, Баласын биабаннан тауып алды. Көрген соң есi кетiп болды қайран: – Таусылды саған бола ақыл-хайлам. Киiм, опа, астыңда төсек жоқ, Шырағым, не-дүр сенiң қылған пайдаң. Тiкенмен пара-пара ғазиз тәнiң, Жапасын көп шегiпсiң бұл дүниенiң. Гүл жүзiң топырақ басып, мекенiң – дала Баян қыл, не-дүр сенiң ойлағаның. Кiм алды қолыңдағы ықтиярың, Мал-мүлiк берсем дағы һәрне барын. Айтсайшы көңiлiңдегi тiлегiңдi, Бұлайша өзгерiлген рузгарың. Баян қыл, мақсұдыңды гүлде болып, Биабан, не сахара шөлде болып. Орнына мақсұдыңды келтiрейiн, Айнала араб, ғажам елде болып. – Сен кiмсiң маған бұлай ақыл берген, Мехнатты көрген менi iздеп келген? Дертiме шипа сенен табылмайды, Бейпайда неге келдiң шығып елден? Кiдiрмей менiң үшiн жолыңа бар, Еткенмiн қайғы-қасiрет шөлдi ықтияр. Басқа сөз жарамайды құлағыма, Ләйлiден әпсана қыл бiлсең хабар. – Әй, балам, құлағың сал айтқан сөзге, Ләйлi үйде, қонақ болып келген бiзге. «Алып кел Мәжнүндi» дегеннен соң, Атаңмын iздеп келген, жаным, сiзге. Естiдi атасынан Ләйлi атын, Бергендей қуанады Хақ мұратын. «Ләббай» деп орнынан түрегелiп Көруге бiрге келдi перизатын. Қосылып атасымен бiрге келдi «Мәжнүн келедi» деп хабар бердi. «Жаныңа сенiң жәбiр-жапа берiп, Не болды, көзiм нұры балам» дейдi. Анасы отыра алмай қарсы барды, Көрген соң Мәжнүн халiн қайран қалды. – Сағынып, сарғайғанда көрген қозым, Басыңа мұнша жәбiр неден салды? – Әй, ана, мақсұдым сол, қайда Ләйлi, Басқа сөз құлағыма жарамайды. Ләйлiсiз қарар, әсла, етпеймiн,– деп Болмайды ата-анадан һешбiр мәйiл. Ата мен қарамайды анасына, Бұлар жүр пәруана боп баласына. – Жанымның рахаты, көзiм нұры, Азырақ сөзге құлақ саласың ба? Бiздермiз асыл тұқым нәсiлi – араб, Бақ берген дәулетпенен Құдай қалап. Көз салып, пiкiр етiп ойла, балам, Батырлық бiзге мирас, толық әдеп. Жан балам, бұлай болма, әдеп сақта, Көп жылап зарлықпенен жүрдiм Хаққа. Қор қылма қартайғанда ата-анаңды, Көңiлден және қайғы кеткен шақта. Шырағым, өзiңе-өзiң берме жәбiр, Табылар һәрне мұрат етсең сабыр. Көңiлiңе қараңғылық қайғы салма, Ойлаған мұратыңның жөнiн бiлдiр. Сабыр қыл, өз басыңа қайғы салма, Қолда жоқ қорлаған сөзге нанба. Күйгенмен өзiн-өзi жоқ әйлайды, Қарасаң ғибрат үшiн жаққан шамға. Ғашықты көрер дәуiр ойламаған, Айрылар ғашық болған ақылынан. Ғашық тәуiр дегеннiң бәрi бекер Осы-дүр насихатым, балам, саған. Ақылы кем болады сұрамастың, Иманы болар қайғы пұтпарастың. Зарлатып ата-анаңды қартайғанда Жiгер, бақ бiзде ме едi сенiң қасың. Айтылған илтимасым қабыл әйла, Әрi сiз, әрi бiзге осы пайда. Дұғасы ата-анаңның мақбұл деген, Бұрынғы имамдардың нақылы қайда? Толықтың балиғатқа, балам, кәмiл, Өткiзiп уақытыңды жүрме ғапыл. Қол жетпес күнге мәйiлiң солдырғанша Ойлан, басқа жерден талабың қыл. Бұл жерде араб, ғажам мың бөлiм ел, Мың қыз бар һәр бөлiмде қып-қызыл гүл. Парыздан үйлендiрiп құтылайық, Жолдаспен өзiң барып ұйғарып кел. Перзентiм, бiзге бұлай қайғы салма, «Болмасқа ғашықпын» деп отқа жанба. Жар тауып, бұл саудадан құтылалық, Мақсұтқа жеткiзейiн берсе малға. Балам ең көп iзгiлiк үмiт еткен, Деушi едiм қарсы сөйлеп алмас беттен. Ғашықтық нендей сипат мекендеген Дәптерге кәмiл ұстаз жазып кеткен. Ғашықтық Ғашыққа көңiл салмаңыз, Онан ғылым алмаңыз. Сапары қайғы-қатер-дүр, Халас етсе аңыз. Ғашықтық жақсы мирас деп, Уағда маған берген деп, Шын ақиқат рас деп, Жаныңа апат келтiрiп, Түзiк тұрған ғұмырыңды Қайғымен шауып өлтiрiп, Құтылмастай бәлеге, Рәсуалық жалаға Кiрiптар болып қалмаңыз. Ғашықтың жолы қамал-ды, Басыңа бермес амал-ды, Мирас етпе ғашықтан, Бұйрығы жоқ нәсiптен Ақыры табар зиянды. Суретi жақсы көрiнер, Неше түрлi назбенен, Ойынан кетпей кiруер, Көркем құлық сөзбенен Соңына түссең ғашықтың, Iшкi сыры аян-ды. Iздесең қолға келмейдi, Не қартайып өлмейдi, Iшкенiңдi қан қылар, Алыпты үсiк бойыңды. Қайғымен ойың дал қылар, Жолдас қылар қасыңа Қайғы, қасiрет, афғанды. Әй, Физули, ойламаң, Гөзелден опа келмейдi, Қолынан шарап бермейдi. Әслан қолың жеткiзбей, Қайғысын естен кеткiзбей, Соңымнан менiң аулайды. Қор етiп сенiң басыңды, Көзiңнен төгiп жасыңды, Машақат қанша тартсаң да, Мағшұғың көрмес қайғыңды. Ықтиярын алдырмай, Көңiлiне қайғы салдырмай, Сабыр етiп тұрмағың, Ойлағанға осылай. Кiтабыңды қолға алып, Ләйлi – Мәжнүн хақында, Өткен iсiн ойланып, Баян етiп тастаңыз, Кейiнге қалмас фасылды. Мәжнүннiң айтқаны Естiдi анасының айтқан сөзiн, Жылаудан тоқтата алмай екi көзiн. – Руби ру анам, ата, анам, Болмайды бұл қайғыға һешбiр төзiм. Қалмайды адам сенде ықтибарым Артылып қасiрет пен ынтызарым. Тахқиқ iсiм қатасын бiлсем дағы Не дейiн, өзiмде жоқ ықтиярым. Сiздерге көрiнедi сыртым бүтiн, Аузымнан аһ десем шығар түтiн. Жақыптың Бәйтул Ғаза орнындай Iшiмнiң изһар етсем жанған отын. Көңiлде ғашық – ғалиб, ақыл – зағип, Тiкендей дiлiм ойран, ғашық – жаным. Жарымның қайғысы алды жан-тәнiмдi, Басқа жер мекен етпен онан қалып. Әуелден бiзге бұлай жазса тағдыр, Өзгертiп тәуiр етпес, келмес тағбир. Науқасқа өзiн-өзi қарсы ұстай ма, Әгарда сақыплықта болса қадiр. Кедейге Тәңiрi берсе падишалық, Етер ме тiленшi боп кiмге қарарлық. Бiреудiң ақыл-хошы болса бүтiн, Алар ма өзi тiлеп рәсуалық. Сол өзi тазалықтан айырылар ма, От жанып апат бермей тек тұрар ма. Жаннан жетпек, не тәрiк етпек керек, Болмайды мәслихатпен қалдырарға. Толтырып көңiлiме қайғы салды, Саудамен қол-аяғым байлап алды. Бәдан да бастан-аяқ жарым шауқы, Ойлайтын бәданым жоқ басқа халдi. Бәлеге көңiлiмдi мүлiк қылды, Жапаға бiр жанымды жерiк қылды. Бұл дертке әзелдегі дауа болмас, Көңiлiмдi мейiрiммен желiктiрдi. Сұраса бiреу келіп қалдырарға, Көтердi қолға алып отқа ұрарға. Жарығы һәркiмдерге түсер шамның, От берсе шырпыменен жандырарға. Және от дүниедегi жаққан шамның, Сөндiрсе, жанын алған болады оның. Достық деп дұшпандыққа iсiм бар ма, Қажетi сол рәуiштi бұл баланың. Ғарық болдым қайғысына ғашық жардың, Iзiнде екi көзiм дiлбигармын. Рауа қыл бұл дертiме Ләйлiменен, Жаныма хош келмейдi басқа пендең. Айтасың араб, ғажам елiмiз бар, Ләйлiдей һәрбiреуде неше қыздар. Ләйлiден басқа бiреу жар тұтынбан, Билләһи, екiншi сөз деме зинһар. Бақшада нала қылар бұлбұл сайрап, Наладан қайғысына дәрмен ойлап. Мәжнүн бұл ғазалды айтар едi, Iшiнде қайғы-қасiрет оттай қайнап. – Ғашыққа дауа болмайды, Естiген шыны қонбайды. Рахаттан айырылып, Қарамас жөнге қайрылып. Дүние қамын ойласа, Ғашықпын деуiн қоймаса, Құр жылаудан тыймаса, Ол ғашық боп оңбайды. Жаннан таппақ мұратты, Ықтияр етер пырақты. Жаны үшiн жан қимай, Зар-сәргардан қайғырмай, Ел-жұртынан айырылмай, Құр ғашықпын деген сөз Өлумен болар бұл қатты. Әй, Физули, ойласаң, Айтар сөздi қоймасаң, Жолдас дейдi жарыңды Қызы бiлер халiңдi. Ғашықтың бұлай болмағы Һәркiмдерге мәлiм-дi. Мәжнүннен хабар әйлаңыз Жылатып қоймай мазлұмды. Мәжнүн осылайша тамам еттi, Артты ата-анасына қайғы-дерттi. Пәлеге құтылмастай қалған екен, Қаперiн ойламасаң болмас дептi. Атасы күйiнiшпенен ғазиз қалды, Мойнына үзiлместей шынжыр салды. Мақсұдын баласының таппақ үшiн Данышпан адамдарын жиып алды. – Ләйлiге осы бала болды ғашық, Әсiлi бере алмадым көңiлiн басып. Баламнан бұл қайғыны көтере гөр, Баршаңыз ұлық-кiшiк ақылдасып. Әрi-берi осылайша ақылдасты, Болмайды тоқтатуға ғашық масты. Ләйлiнiң атасына жаушы салып, Сұралық қосамыз деп екi жасты. Мен тұрмын қайғыменен есiм танып, Отырмын иғлаж не деп ақыл салып. Ләйлiнi жаушыменен сұрамай-ақ, Тiлесек не қылады тегiс барып. Баршасы «барайық» деп түрегелдi, Билеген һәрбiреуi һәр тайпа елдi. «Арабтың ғазиздерi келедi» деп, Ләйлiнiң атасына хабар барды. Бұларға үйiн тосып даяр қылды, Қосылып мейманымен бiрге жүрдi. Һәрбiрiн нұр сипатпен отырғызып, Алдында қызмет етiп тiке тұрды. Алдында тiке тұрды қолын жайып, Меһманнауаз нығмет қойды сайлап. «Баршасы не жұмысқа келдi екен» деп, Ләйлiнiң атасы отыр пiкiр ойлап. Алдына дастарханмен тағам келдi, Күткендей құрмет еттi бiр тайпа елдi. Қалдырмай өзiндегi барыменен, Мейманды құрмет етiп сыйлай бердi. Бұларға көз көрмеген тағам салды, Iшiп-жеп баршалары тойып алды. Һәммасы тағамынан қол тартқан соң, Дастархан қалған дәмiн жиып алды. – Меймандар, риза бол һәрне барым, Мағлұм өздерiңе ахуалдарым. Келiпсiз бұл орынға, не жұмыс бар, Хош келдiң, сафа келдiң, ғазиздарым. Һәрбiрi бiлгенiнше айтып өттi, Мажара бастан кешiп тұрған кептi. Мәжнүннiң өз атасы осылай деп, Жұмысын ойына алған баян еттi. – Асылы нәсiл болып өзiңе аян, Құдай деп жүргенiм мың үйге рауан. Алдымда қызмет еткен бiрнеше жан Көңiлiме махаббаты әсер еткен, Дұшпаным қарсы келмей қайғы шеккен. …. …. … … ... Жазулы күйiнде берiп кеткен. Өткiздiм сол қызықпен орта жасты, Шамасыз дәулет болып судай тасты. Қайғылы перзентсiз боп жүрген шақта, Тәуiр ғып бағыштады Хақ мирасты. Көңiлiмнен қайғы кеттi, перзент берiп, Күнiнде бiр жасаймын жүзiн көрiп. Тiкенсiз гүл, сауапсыз дүр болмайды, Таба алмай харидармен iстен серiк. Хош келдiң отыз екi күнде тамам Айтысып жар-жорамен есен-аман. Бiрнеше жазар сөздер қалды тоқтап, Табылып жоқтан жұмыс тұрған қамап. Қайыры жүрген жолды айтсын Құдай, Жұмысқа жиһад етiп жүрдiк тынбай. Көшбасшы адастырмай жол көрсетiп, Қонғандай болып қайттық ауыл сыбай. Бұл жауап осылайша тұра тұрсын, Һәркiмнiң Хақ тазартсын iшi-тысын. Ләйлi мен Мәжнүндi қолға алып, Бастаған хикаятқа қалам ұрсын. – Iзденiп мұнда келдiк дүрге маржан, Болмасын дүрден асыл бағасы арзан. Айтайық мағшұқ iсiн табаламай, Көз салып қарасам да һәр даярдан. Бiр гауһар лайықты қолыңда бар, Кең дүние бермес ебiн көрiнде тар. Не мақсұт дүниеден мейлiң бiлсiн, Қабыл ет илтимасым, қойма зинһар. Лағылға дүр, маржан болса дапыл, Мағшұғын есен тапса жүрмей. Iзгiлiк сыйлашы дүр кешiктiрмей, Һәр нешiк илтимасың тәдбирiн қыл. Балам жүр зар-гөриан қайғыменен, Дауасын қалап айттым келiп сенен. Асан ет мүшкiлiмдi, қызың берiп, Мақрұм рақым еткен қалмас деген. Сақтаулы қазынам бар ел көрмеген, Жерiм жоқ балам үшiн сенделмеген. Ләйлi үшiн ақыл хошым жерде қалды, Басқа қыз айтсам дағы көзге iлмеген. Аямай мен берейiн бар малымды, Қыз берiп, дертiме қыл дәрменiңдi. Жылаған ғашықтарға рұқсат бер, Бiр шығар көңiлдегi арманымды. Осылай сөз естiдi ғазиздардан, Мақсұдын тамам бiлдi көңiлiне алған. Бұларға тиiс жауап қайтарарға, Кiдiрiп Ләйлi атасы ойға қалған. – Хош ендi, меймандар, жақсы сөзiң, Бек шырын, балдан тәттi һәр лебiзiң. Арабтың iшiндегi қадырдансың, Зиарат һәркiмдерге басқан iзiң. Арада жұртқа мағлұм бiр жұмыс бар, Ойланып соған ақылым болады дал. Тiрлiгi екеуiнiң екi түрлi, От пен су бiр сауытқа нағып сияр. Мәжнүн жұртқа мағлұм балаң сенiң, Бағында бейне бұлбұл балам менiң. Баламен ауш бiр қосылып қарар етпес, Кенiшiне қызыққанмен дүниенiң. Балаңды «Мәжнүн» дейдi көп халайық, Дұға алғыз дәруiштен қолын жайып. Қаратып табибтерге сихаттандыр, Балама Мәжнүн болар сонда лайық. Жындыға сауды бермек бұл бiр қорлық, Кетпесiн тұғры жолдан аяқ тайып. Қаратып жазылғанша мен бермеймiн, Уағда осылайша шарт қылайық. Тоқталды бұлар берген жауабынан, Қосылат деп үмiттендi сауабынан. Баланы табибтерге ғилаж еткiз, Уағда алып көңiл қарар еттi мұнан. Осылай уағдамен қайтып келдi, Хабармен аралатып һәрбiр елдi. Атасы барып келген жұмысының Былайша Мәжнүнге айта бердi. – Әй, балам, бiз қайтпадық үмiт кесiп, Сарғайтып қасiретпен көксiң тесiп. Табылса ақыл-хошың бермек болды, Болады ақыры оның әлде нешiк. Шарт болды арамызға саламатың, Табылар сауыққан соң бар қажетiң. Иә, Ханнан, мүшкiлiмдi асан әйла, Мақбұл ет, мазлұмлардың мiнәжатын. – Әй, ата, сөзiм тыңда ақыл кәмiл, Бұ сырды пiнһан еттiм бiрнеше жыл. Ықтияр, ықтияжым қолдан кетiп, Паш болып осы сырлар болды мүшкiл. Әуелден болсам едi ықтиярлы, Көңiлiмнен ақылды алып, қайғы салды. Әдеп деп мұны таңдап аламын ба, Мәжнүн рәсуалық үшбу халдi. Әй, ата, бiлгенiңше әйла тәдбир, Ғилажың шипа берiп қылса тәуiр. Ләйлi деп ауызға алып зар етпейтiн, Тәуiптi алып келiп шипасын қыл. Атасы Мәжнүн үшiн болды қайран, Iзденiп дауа еткiздi һәрбiр жайдан. – Табибтер, дәрi берiп, сауықтырсаң, Берейiн дүние, малым тисе пайдаң. Һәр жерден дәрiгер тапты iздеп жүрiп, Бақтырды һәркiмдерге мағлұм қылып. Дәрiмен неше түрлi ғилаж қылды, Саламат қыла алмады дертiн бiлiп. Қай жерде кез боп тұрса сiз күшалық Дұға алды ғазиз етiп қолын жайып. Бiр адам бұл арабқа үйiн бердi, Халiне рақым етiп таңғажайып. Дәрiгерлер бұл балаға қылмас шара, Көп жүрiп дауа еткiзу ойлағаны. – Бәйтулла Хақ үйiне тәуап еткiз, Бермесе сонда шипа Бiр уа Бары. Хажарул асуадқа жүзiн бұрсын, Басқа орын мұнан былай тұра тұрсын. Жын-шайтан сол орнынан зейiл болар, Түзелер балаң сонан ғақыл етiп. Арабтың бұл сөз жақты құлағына, Сәргардан дауа таппай шырағына. Лайықты меркаб жолдас даярлайды, Жолының қарамайды жырағына. Мәжнүндi аттандырып қасына алды, Меркабын «биалла» деп жолға салды. Неше күн, неше түндер жиһад етiп, Мақсұдты Қағбаға жақын барды. Мәжнүнге атасы айтты: – Ғазиз балам, Болмасын басқа iске көңiлiң алаң. Ықылас, әдеппенен дұға қылғыл, Жеткiзсiн мұратыңа Хақ Тағалам. Бұл жерде қабыл болар мiнәжатың, «Жад етiп зiкiр әйла Хақтың атын. Науқастан сауықтыр» деп сұра, балам, Табылар сауыққан соң бар қажетiң. Шаттанып Мәжнүн тұрды үйдi көрiп, Көңiлi тоқтамайды судай ерiп. Қағбаны жетi айналып тамам етiп, Арыз айтты, Бәйтуллаға жүзiн берiп. – Бәйтулла Хақтың үйi, жолың ұлық, Iзденiп келiп тұрмын қадiрiң бiлiп. Һәрнешiк мiнәжатым әйла қабыл, Мен тұрмын босағаңда дұға қылып. Өз үйiңе Хақ Тағала еттiм қайым, Зәмзәмдай жас ағызып зар жылайын. Хажарул асуадтың құрметi үшiн, Мақсұдым көңiлiмдегi баяндайын. Жүз тұтып, келiп тұрмын қызметiңе, Тапсырдым мақсұдымды миннатыңа. Ижабат тiлегiмдi әйла иә, Рабб, Халелдiң Ыбраһым құрметiне. Сайраған босағаңда мен - бiр бұлбұл, Зар әйлап күйiнiшпен тебiренттiм тiл. Ләйлiнiң ғашықтығын арттыр маған, Иә, Рабб, құрметiңе нәби Қызыр. Құдай-а, ғашық отын көңiлiме сал, Ой ойлау, ақыл-хошым баршасын ал. Арттыр зауқы-шауқы күн-күн сайын, Мехнатқа ризамын дүниеде бар. Құдай-а, құс, хайуанмен әйла жолдас, Мақам бер сахарадан адам қонбас. Бәлеге дүниедегi мағрұр қыл, Тiлге алып зияпаттап айтып болмас. Ләйлi үшiн ризамын һәрне жапа, Ғашықтық дертiменен қылғыл опа. Мехнат-машақатқа ашына қыл, Иә, Кәрiм, құрметi үшiн Мәруа, Сафа. Құдай-а, халас әйла ой қиялдан, Азат қыл тамақ, киiм, дүние-малдан. Күйiнiшпен бәданларым зағыптандыр, Екi ұлыстың құрметiне, Ханнан, Маннан. Осылай дұға қылды қолын жайып, Естiген қайран қалды адырайып. Дұғаның қабыл болар орнында, Мақсұдын тiлеп алды һәрне лайық. Естiдi баласының мiнәжатын, Сиынып жад етедi Хақтың атын. Атасы үмiт кесiп, зар жылайды Дұғаның тахқиқ бiлiп ижабатын. Бiр-бiрлеп тыңдап отыр айтқан сөзiн, Жылаумен керең қылды екi көзiн. – Құдай-а, мен құлыңа рақым әйла, Көзден нұр, белден қуат кеткен кезiм. Айтпады «сауықтыр» деп тiлiне алып, Мәжнүннен үмiт кестi қайран қалып. Зар жылап, сусыз шөлге шығып кеттi, Бiрге алып қайта алмады, жөнге салып. Айырылды зар-сәргардан баласынан, Көрген жан есiркедi наласынан. Мақсұды ойына алған қабыл болмай, Меккенiң қайтты жылап қаласынан. Атасы үмiт кесiп қайтты жайға, Бұлардың халi мағлұм бiр Құдайға. Мәжнүннiң қай орында жүргендiгiн, Физули, бiлген кiсi баян әйла. Мәжнүн қалды жалғыз бұлар кетiп, Жолдас жоқ тұратұғын құрмет етiп, Кейде жол, кейде жолсыз сахара кезiп, Бiр таудың етегiне келдi жетiп. Тұрыпты ғажаптанып көрiп тауды, Болса да Мәжнүн ессiз, ақылы сау-ды. Бұлағын неше түрлi, неше алуан, Қарауға бiраз тұрып көңiлi ауды. Астында мәркабы жоқ қастай жолдас, Кемерi белiндегi айтып болмас. Зинаты белiндегi түрлi гауһар, Харирдан киiмдерi көзге қонбас. Қараса тау басына көз жетпейдi, Не мақам бұл орынға келдiк дейдi. Гүл, бұлақ, ағаш, өзен баршалары, Мәжнүнге қызмет етiп көлбектейдi. Бұларға тұрды Мәжнүн назар салып, Тамаша қызығына қайран қалып. Тау мен тас, көл мен бұлақ есiркейдi, Мәжнүннiң ата-анасы сықылданып. Қия алмай бұл мәнзiлдi бiраз тұрды, «Ғажап, не бұлар маған қызмет қылды. Кiлемде жад етiлген орын екен, Ол жұбайлар отауы», деп заһир бiлдi. Болмаған орын екен жан көрмеген, Iзденiп адам бұған кез келмеген. Таппадым мұндай орын қайда барсам, Бақытым, сiрә, менiң жөнделмеген. Бұл таудың халiн айтты бұлағына, Тоқталып қарар етiп тұрағына. Өзiндей қайғыменен әуез қылған Тау жақтан дауыс келдi құлағына. – Табылды маған жолдан мұнан ғашық, Барамын қай мекенге мұнан асып. Күйiнiш бастан кешкен хикаятын Сөйледi әуел-ақыр лебiз ашып. Өзiндей Мәжнүннiң айтқан зарын, Ғашықтық әпсанадан һәрне барын. – Шын ғашық жар екенсiң, Бәрак Алла, Ұқсайды бейне маған ахуалың. Қайғымен тұрса керек һәман ғашық, Болмайды сендей жолдас маған нәсiп. Iштегi қайғы-қасiрет апатынан, Сөйлеуде әуез қосып, көңiл басып. Зар жылап, iшкi халын баян еттi, Ағытты iште толып жатқан кептi. «Шұһри Ләйлi отырған қайдасың?» деп, Тұра алмай, ол орнынан жүрiп кеттi. Тоқтамай жол тартады ой мен қырдан, Жерi жоқ дамыл алып, мойын бұрған. Байлаулы бiр киiкке кез болыпты, Аушының тұзағына түсiп тұрған. Киiкке тұзақтағы келдi жетiп, Жылайды ол, жалынар жалт-жалт етiп. Аушыға сонда Мәжнүн жалынады, Халына бейшараның рақым етiп. – Кiрiптар киiк сенiң тұзағыңа, Сөз берген Хақ Тағала тiл-жағыңа. Қоя бер, азат қылып бұл ғарiптi, Ғұмырыңның дұға қылсын ұзағына. Қосылып киiктермен өлең терсiн, Мұнсыз да ризықланып күн көрерсiң. Жанын қи бейшараның Құдай үшiн, Тiлеген мақсұдыңды тезiрек берсiн. Қолыңа түскен екен болып пенде, Өлмейтiн мақұлық қалмас жүрген жайда. Жанын қи, қанын төкпей, рақым әйла, Бұл қанша ризық болар ойласаң да. Ұшырадым киiк тұтқын болған жерде, Хақын ал, жiбермесең маған бер де. Рақымың көре тұрып келмейдi ме, Зар жылап, жан қиылып шыққан терге. Жапамен бұл ғарiптi ренжiтпе, Рақым қыл, қолдан келсе залал етпе. Жамандық жақсылықты өзiң үшiн, Дүниенiң ұшы қалмас ақыретке. Аушы айтты: – Жiбермеймiн, кессе басым, Не пайда есiркеумен көздiң жасын. Кәсiбiм осыменен күн өткiзбек, Кiм сыйлар қатын-балам қарны ашса. Үйде жоқ сойып берер оған малым, Тәрбиемен айтамын ахуалым. Күн бойын тұзақ құрып, аң-құс аулап, Нәпақа қылушы едiм табылғанын. Өлiмге бұл киiктi қимасаңыз, Болмай ма маған обал ойласаңыз. Артық баға бер дағы киiгiмдi ал, Жанына рақым етiп сыйласаңыз. Белiнен Мәжнүн алды кемерлерiн, Пұл берiп, риза қылды дертмененi. Көз жасын, үстiн тозаң сылап, сипап, Киiктiң аяғынан шештi бәнтiн. Аушыдан алтын берiп киiктi алды, Бұл аушы алтын алып байып қалды. Жүзiне жүз, көзiне көзiн сүртiп, Зар жылап Мәжнүн бұған афған салды. – Сатып ап Құдай үшiн құлдан азат, Денсаулық, толық дәулет, зор ғанибет. Жол көрсет, жалғыз тастап кетпе менi, Жұбансын ғарiп көңiл қайғыдан шат. Жолдас бол, менi тастап кетпе жайға, Қауiп етпе болмайды деп маған пайда. Бiр қыдырып сенiменен бiр жүрейiн, Һәрнешiк табыс еттiм бiр Құдайға. Хош, киiк, азат еттiм ықтиярың, Сұрайды мақсұдымды һәрне барын. Қайғыңды бiлгенiңмен көңлiме бер, Ләйлiнiң әпсана ғып айтсам зарын. Мәжнүндi кете алмайды киiк тастап, Жыласа тұрушы едi көңiлiн хоштап. От оттап, су iшiп көп киiкпенен, Зиарат келушi едi мұнда бастап. Мәжнүнде рахат жоқ тынбай зарлап, Отырар тұрағы жоқ келген арнап. Қасында киiктерден һамраһы бар, Мақсұды Ләйлi отырған жерге бармақ. Қосылып көп киiкпен бiрге барды, Қайғымен айтты зарын, ой-қиялды. Бiр кептер торға оралып жатыр екен, Көргеннен Мәжнүн қарап тұра қалды. Осылар Мәжнүнге болды серiк, Жүредi қайда барса соңына ерiп. Шырмалып торға оралып жатқан кептер, Қарады шиқ-шиқ етiп мұны көрiп. – Мұның жоқ тордан шығып кетер халi, Қысылып зар жылайды қорқып жаны. Жапаға бұл да тұтқын болған iшi, Ұқсайды бейне маған ахуалы. Ой ойлап осылайша қарап тұрған Қозғалды iштегi дерт өткен сырдан. Кете алмай және қиып қарап тұрса, Жүгiрiп жетiп келдi тұзақ құрған. – Әй, аушы, құрып па едiң осы торды, Қылсайшы халал кәсiп мұнан зорды. Ауыз толып дәм болмас жануарға Не үшiн көрсетесiң жапа, зорды. Аушы айтты: – Менде болған осы кәсiп, Етпедi малды Тәңiрi бiзге нәсiп. Не түссе тор мен жайған тұзағыма, Жеушi едiк үйге апарып кебаб басып. Менсiнбей мұны қоя бергенменен, Қалмай ма қатын, балам қарны ашып. Байлаулы бұл құс менiң торымда тұр Ойлаймын маған осы бұйырған-дүр. Бос барсам түскен құсты қоя берiп, Қылады қатын, балам қаншама қор. Апарсам қуанады мұны көрiп, Сатып ал, шын сұрасаң хақын берiп. Азат қып бейшараның сауабын ал, Қуансын биабанда дәнiн терiп. Қолынан бұған бердi гауһар жүзiк, Тұтқын боп кептер жылар, көзiн сүзiп. Босатып байлауынан қоя бердi Жанынан жатқан құсты үмiт үзiп. Жүзiкте дүниенiң малы бар-ды, Бұл ғарiп Тәңiр берiп байып қалды. Өз сырын бұ кептерге баяндайды, Ғилаж не, бұл қайғыны басқа салды. – Кептер, тыңда мұны, айтамын зар, Басымда тiлге келмес көп қайғым бар. Пұл берiп, Құдай үшiн азат еттiм, Сахараға менi тастап кетпе зинһар. Маған бол, Құдай үшiн жолдас, серiк, Рахаттан, суың iшiп, дәнiң терiп. Ұшқан құс, саған алыс емес һеш жер, Ләйлiден хабар әкел, хабар берiп. Осылай халiн сөйлеп қоя бердi, Сахарада көп құстармен дәнiн тердi. Мәжнүнге мұның көңлi мәйiл болып, Қасына құстарымен қайтып келдi. Құс, хайуан жолдас болды қастарына, Қайғылы құлақ салып дастанына. Ұшқан құс рақым етiп, қанат жайып, Тұрады көлеңкелеп бастарына. Мәжнүн кеттi безiп адамзаттан, Отырып үмiт үздi рахаттан. Шын ғашық құрметiне Хақ Тағала, Қызметкер бердi құс пен хайуанаттан. Мәжнүн құс-хайуанменен жүрiп кеттi, Алданып һәрбiрiне көп күн өттi. Ләйлiнiң не халменен тұрған жайын Физули осылайша баян еттi. Сақтапты ата-анасы оңаша үйге, Салған соң не шара бар мұндай күйге. Ләйлi үйде, Мәжнүн түзде зар жылайды, Бермеген кiмге жапа жалған дүние. Қайғымен һеш болмайды көңiлi шат, Алмасты күйiнiшке рахаты. Бой жетiп Ләйлi жасқа толған сайын, Артылды ата-ананың ықтияты. Қайғымен безер болды ата-анадан, Нешелер жары-жолдас, ашынадан. «Көңiлi осылармен алдансын» деп, Қасына жолдас қосты қыз баладан. Ләйлi тұр ортасында жаққан шамдай, Бұлардың һешбiрiне назар салмай. Ләйлiнi шаттандырып күлдiрмекке, Айтады түрлi абиат дамыл алмай. Бастайды түрлi мәжiлiс қыздың бәрi, Бәрiнiң бiр Ләйлi үшiн дiлбигары. Ойын-сауық, ұйқы, қорек жұмысы жоқ, Артады күннен-күнге аһы-зары. Айтпайды iшкi сырын һешбiр жанға, Науқасты көрiнедi өзi аманға. Жатқызып жолдастарын жалғыз қалып, Әпсана айтар едi жаққан шамға. – Раушан көрiнедi жарық нұрың, Келгенмен жоқ боларсың ақыр түрiң. Тұрасың отпен күйiп көрген сайын, Бейне мен сықылданып iшкi сырың. Сырыңды баян етпен лебiз ашып, Қайғымнан әсер еткен кетер қашып. Қайғымен зар-сәргардан отырғанда Ұқсайсың пәруанаға болып ғашық. Дидар деп пәруана ойлар жаққан шамды, Көңiлiнде ғашықтықтан мақсұт бар-ды. Қайғыдан күйiнiшпен опат болып, Шығарды отқа күйiп о да арманды. От сөнбес жасырғанмен iште жанған Пiнһан сыр iшке сақтап болды арман. Ғашық дерт тамұғының отындай деп, Бұрынғы имамдардан нақыл қалған. Ұйықтатты тамам кәниз-жолдастарын, Тәрк еткен ұйқы, қорек, һәрне барын. Сахараға шығып айға көзiн салып, Сөйлейдi зар-гөриан ахуалын. – Құданың мақұлығы назарын салып, Тәңiрi үшiн қара қанша мехнатым бар. Қай тауда, қай жолда жүр ғашық жарым, Сыр айтып Құдай үшiн хабарын ал. Жолықсаң мен ғарiптен ғазиз әйла, Не түрлi хал жайым бәрiн сөйле. Ықтияр өзiмде жоқ бара алмаймын, Күйiнiшпен жарым мекен тұтқан жайға. Көп айтып ғазизымды тұра алмаймын, Ұяттан әслан мойын бұра алмаймын. Зор мүшкiл әгар бiреу хабар тапса, Атақтан жынды деген қорқа алмаймын. Боламын күндiз – өлiк, түнде – тiрiк, Болмасын ба түнiме хаста серiк. Бiлмеймiн өзiң нендей халде жүрсiң, Айырылмас қайғы-қасiрет кеттiң берiп. Алмасты қайғыменен түнiм күнге, Күйiнiш iшке сыйып келмес жөнге. Iштегi ғашық оттың әсерiмен, Ғазиздеп баян етiп, айттым желге. Жел, сен де мақлұқсың бiр Құдайға, Бiлмеймiн Мәжнүн тұрған орны қайда. Жолықсаң тауып алып қай орында, Өтiнiш мен ғарiптен сәлем әйла. Жұрт бiлмес менiм нендей сырым барын, Баян ет, сұлтаныма ахуалым. Жар тауып бiзден көңiл суытты ма Ғазизым, мейірбаным, ғамкасарым. Алданды көңiлi тоқтап қандай жанға, Ләйлi деп ала ма екен ой-қиялға. Жаныма апат берiп жоқ боп кеттiң, От тастап күйiнiшпен натауанға. Әуелде менде болды хош назарың, Мен болдым жан-тәнiммен харидарың. Мәжнүннiң күйiнiшiмен шығар жалын, Не шара кетсе өзiңде ықтиярым. Тапсырды желге осылай бiрнеше сөз, Шын ғашық мақсұдына жетпейдi тез. Кешiрдi осылайша ахуалын, Ас iшпей, ұйқы көрмей кеше-күндiз. Қыс өтiп, келдi осылай жаздың күнi, Көк шығып, кiрер болды жердiң нұры. Жерден бу шығып, көктен жаңбыр жауып, Жайқалып шыға келдi жердiң күйi. Гүл шықты жер жүзiне неше алуан, Шаттанбай жан қалмады мақұлықтан. Сахараның тамашасын сайран қылып, Бас қосқан неше ағайын бiрге туған. Жайқалды жапырақтар, өзен тасып, Қосылды рахаттанып неше ғашық. Гүл терiп, сахара кезiп жүрген жермен, Ләйлi әслан шыққан емес қадам басып. Ләйлi сөз айтқан емес анасына, Отырған келдi анасы ханасына. Сарғайған қасiретпенен қапастағы Бұлайша сөз сөйлейдi баласына. – Әй, балам, айтқан менiң үгiтiмдi ал, Не үшiн жүзiң солғын, ақылың дал. Бiр жүрiп қыздарменен сахара кезiп, Һәр түрлi тамашаға назарың сал. Қыздармен тамаша үшiн шықты түзге Жас толды қайғыменен екi көзге. Қыздардың баршасына гүл тергiздi, Оңаша елден жырақ келген кезде. Тамаша көп қылады жүрген жерiн, Қасында қалдырмады қыздың бiрiн. Адамнан құпия сақтап, әшкере етпей, Сөйлейдi iште толып жатқан сырын. – Жарақат күйiнiшпен зағип тәнiм, Назар сал бiр көрiнiп, мейiрбаным. Көзден нұр, көңiлiмнен ақыл кеттi, Тiрiдей отқа күйiп ғазиз жаным. Басыма мұнша жәбiр-жапа салдың, Жоқ болып өзiң де ретсiз қайда бардың. Көремiн опасыздық һәман сiзден, Лайығы сол болар ма ғашық жардың. Келмедiң бұл тарапқа қадам басып, Кез болды тәуап етер болсаң ғашық. Көре алмай арманда боп өлсем керек, Барады қасiретiң бастан асып. Төңiрекке «жан бар ма?» деп салды көзiн, Сағынып ғашық жарын жүрген кезiн. – Гүл – хандан, бұлбұл – налаш мейлiнуде, Жақпайтын саған болды не мiнезiм? Сандуғаш, бұлбұл сайрар бақ iшiнде, Көре алмай мағшұғын һешқайсында. Отырып Ләйлi былай ғазал айтты, Не қайғы-қасiрет бәрi өз басында. Ғазалы Ләйлi – Рақым әйла, Құдiрет, Жандырып қойма жапаға. Достың етiп бiз үммет, Өзiңе мағлұм халымыз, Iшiме толды қайғы-дерт. Мұратымды айтпаққа, Көтерiп көңiл қайтпаққа, Бұл мақамға келгенiм. Рақымың келмей ме, Сарғайып жарың отыңа, Маған берген жәбiрдi Һеш пендеге бермесiн. Тiрi жүрген пенденiң, Тiлегiн мақбұл еткейсiң. Ғашықтық оты жанымнан Қадам басып кетпейсiң. Ғашықтық оты қуантсын, Көңiл шiркiн жұбансын. Осындай жалғыз орында Бiр көрiнiп өткейсiң. Кiрiптар болдым жасымнан Ғашықтық жанған отына. Сабыры имам шықпайды Қайғылы теңiз шетiне. Жалғызым, менi жандырдың, Ақыл-хошым тандырдың, Әшкере қылып айтпайын Қайғымды һешкiм бетiне. Әй, Физули, ақталма, Хабарың жоқ өзiңнен. Тоты қылып алмадым, Басып кеткен iзiңнен Мұратыңды Хақ берсiн. Ойыңа алған талабың, Машақатсыз жөнделсiн. Екiншi баян етiңiз, Ләйлi – Мәжнүн сөзiнен. Осылай Ләйлi махзұр тұрды жылап, Дертiне ғашықтықтың дәрмен сұрап. Бiр кiсi осылайша әпсана айтты, Мәжнүннiң халiн сөйлеп, салса құлақ. Қараса құры дауыс сөйлеп тұрған, Айтады пiнһан сақтап жүрген сырдан. «Ләйлiден Мәжнүн артық қасiретте, Ғашықтық мекенiне дүкен құрған. Ләйлi әслан қолына алмас инедей iс, Мәжнүнге залал етпес шапқан қылыш. Мәжнүннiң күйiнiшi артар күннен-күнге, Бiр уақыт Ләйлi отырып алар тыныш. Ләйлiнiң астында бар харир төсек, Ләйлi үшiн Мәжнүн жынды болған есеп. Жалғыз-ақ зар-гөриан Мәжнүн жүр, Ғашықтық екеуiнде бiрдей десек». Есiтiп Мәжнүн халiн баян бiлдi, Солдырған қайғыменен қызыл гүлдi. Жарының нендей халде жүрген деген, Ғайбана хабар алып көңiлi тынды. Мәжнүннiң анық бiлдi бұл хабарын, Қолынан кетiрмеген ұят-арын. Қуанды «менi ұмытпай жүр екен» деп, Бiлмедi нешiк барып жолығарын. Естiген көңiл хошының ғазалына, Күйiнiш ғұмыр жолдас инсалына. Әкелдi қыздар терiп жиған гүлiн, Реттеп басқа қойды һәрбiр түрiн. Қыздармен Ләйлi үйiне келген шақта, Қуанды ата-анасы көрiп нұрын. Ләйлiнiң көңiлi хош осы сөзге, Ұшырар тiрi пенде һәр мiнезге. Құс салған бiрнеше адам жолығысты, Гүл терiп жаңа бұлар қайтқан кезде. Қолында лашын құс, алда дабыл, Ләйлiге көзiн салса қып-қызыл гүл. Мұндай жан дүниеде көрген емес, Жүрсе де ғұмыр кешiп бiрнеше жыл. Бұлардың қыздар көрдi сиясатын, Бiлмекке сұрасыпты асыл затын. Арабта Пажкенiң әкiмi екен, Бақыт ибн Салам-дүр бiлсең атын. Бақыт тұрды Ләйлiге назар салып, Айрылды сабырынан есiн танып. Ләйлiнiң атасына хабар бердi Күйiнiшпен отыра алмай үйге барып. – Өтiнiш халайыққа қызын берсiн, Мал-мүлiк, орным қандай келiп көрсiн. Алтын, гауһар, төрт түлiк малым тегiс, Алады қанша дүние мейiлi бiлсiн. Жолынан аямаймын берсе малым, Ләйлiнiң көз нұры алды ықтиярым. Ләйлi үшiн дүниелiгiм сарп етемiн, Жолында разымын шықса жаным. Ләйлiге бұл тараптан жаушы барды, Тұрған жоқ аяймыз деп дүние-малды. «Бақытқа қыз айттыра келiп едiк» деп, Ләйлiнiң атасына хабар салды. Қонақ боп жаушы көрдi зияпатты, Тәрбие құрметiне көңiл шат-ты. Ләйлiнiң атасына өтiнiш деп, Шығарып бердi Бақыт жазған хатты. Хатты оқып атасына баян еттi, «Өзiңе нәсiл нәсiп аян дептi. Хош көрiп ата-анасы бердiм» деген Жауабын Бақыт Саламға алып кеттi. Қуанды ибн Салам алтын шашып, Той қылды қазынаның аузын ашып. Көп болды жарлыдан бай, қайғыдан шат, Қылады Хақ Тағала кiмге нәсiп. Тарқады екi тарап қуанысып, Мас болды бiреу iшiп, бiреу құсып. Жапамен жалғыз жүрген мағшұғына Кiм барып берер хабар жолығысып. Қайғысыз ғашық мақсұт таппайды тез, Не көрмес тiрi жүрсе өлмеген көз. Айттырып Бақыт Салам тұра тұрсын, Батырдан Нәупiл атты айтайын сөз. Кiсi едi өзi адал қылған жүрiс, Саялап көп қысылған алған тыныш. Ғашықтық көп жылаған мақсұты үшiн, Дұшпанға қарсы тұрып тартқан қылыш. Ғашықтар көп жиылған қаласында, Мұраты мақсұт тапқан саясында. Басталды Мәжнүннен бiр хикаят, Отырған мәжiлiстiң арасында. Дүние һешбiр жанға бермейдi опа, Басыңда һаман тұрмас сауық, сәна. Халiне Мәжнүннiң және күйiп, Сұрайды: – Кiм салды,– деп,– бұған жапа? – Арабта Мәжнүн деген бiр жiгiт бар, Бiр қызға ғашық болып жылайды зар. Ол қызға қосыла алмай елден шығып, Жолдасы құс-хайуанмен еткен қарар. Мектепте ғашық болған жүзiн көрiп, Сұрапты қосайық деп көп мал берiп. Бермейдi қанша атасы сұрағанмен, Ләйлiнiң өз басында болмайды ерiк. Ол қызды көп айттырды баласына, Нешелер жаушы салып арасына. Ләйлiнi Мәжнүнге бермеген соң, Меккенiң алып барды қаласына. Атасы зар жылайды қайғы тартып, Жетпейдi мақсұдына Хақ қуантып. Ғашықтық шипа табар сырқат емес, Болыпты бұрынғыдан он есе артық. Адамнан жәрдем болмай кеттi безiп, Жүредi құс-хайуанмен сахара кезiп. Мәжнүннiң зар әйлаған наласынан, Құс-хайуан жылайды екен бауырын езiп. Құп сұрап халiн бiлдi осылардан, Қайтуға бiр жолығып қылды арман. Қасына бiр-екiлеп жолдас алып, Жерiне Мәжнүн тұрған iздеп барған. Мәжнүндi iздеп жүрiп тауып алды, Аударған ғашық дертi ой-қиялды. – Не қылып, жалғыз жүрген құс-хайуанмен, Елден таппай шықтың ба мейірбанды. Құстардың мекенi екен бұл мақамың, Қайғыңа рақым етiп күйдi жаным. Маған ер мақсұдыңа жеткiзейiн, Жарық берер болса жаққан шамың. Соңыма ер iздесең о һаманың Орнын тап кен iздесең аждаһаның. Жолыңнан бар күшiмдi аямаймын, Сарп етiп саған бола барлық халiм. Мәжнүннiң жауабы – Пiрәдар, сенi көрдiм қайғы жеген, Һешбiр шат бұл қайғыдан болған емен. Нешелер мұратыңа жеткiзем деп, Ақырында сөз қайтарып кеткен менен. Нұр берер зағип көзге тартқан сүрме, Не пайда сүрткенменен тура көруге. Дариға, менiң бақытым жоқтығынан Кетпесiн қайғы болып қайрат жерге. Отырмын жапан түзде қайғымен зар, Табылды мен ғарiпке сiздей қамқор. Өзiмнiң бақытсыздық сипатымды, Көңлiмде тәкрир еткен ғазалым бар. Құлағың сал, пiрәдар, Мен ғарiптiң зарына. Сипат етiп жаратып, Жiбердi жаһан тарына. Ата-ана, ағайын, Рақымды назар салмады Қайғылы менiң халiме. Мен бiр ғарiп адасқан Жәбiр берiп жанына. Алданбадым керек деп Дүниенiң малына. Шөлдi қылдым ықтияр, Қосылмай ғашық жарыма. Мектеп барып жасымда, Сабақ алдым молдадан. Мағшұғым сонан табылып, Ахуал жайын бiлiскен. Бейiм етiп Ләйлiмен, Ғанибет етiп келiскен. Көрмегендей боп кеттi, Мәжнүнге сол заман. Мұнан соңғы уақытта Һәркiмнен дәрмен сұрадым Соңынан ерiп тоқтамай, Көз жасым төгiп жыладым. Илтимас еттiм олардан Табылар деп мұратым. Нешелер маған жолдас боп, Жеткермек болды опаны. Көтермек болды көңiлден Қараңғылық жапаны. Ойнатпақ болды күлдiрiп, Ләйлiмен сауық-зафаны. Өз әкеме қарасам, Жүзiн қумен сылады. Iштегi дертке қарасам, Күннен-күнге артық жанады. Таба алмадым һешкiмнен Дертiме қылар опаны. Үмiт кесiп адамнан, Құс-хайуанмен жолдас боп, Мекен тұттым даладан. Жапанда зарығып жүргенде Iздеп келдiң жаныма. Рақым қылып сөйледiң, Күйiнiштi менiң халiме. Ләйлiден шипа болар ма, Мажрухлы менiң тәнiме. Апатына ғашықтың, Қайрылар халiм болмады. Ұят, әдеп оныңа, Қосылар күн болар ма Ынтызар болған жарыма. Мақсұдымды Хақ берiп, Қайтатын күнiм болар ма, Саламат келсе iсiме. Әй, Физули, ғұмыр хар, Себеп емес дүниеге Тiрлiк етiп жәй қалмақ, Мәжнүндi ертiп бар Нәупiлдiң айтқан қалпына. – Әй, Мәжнүн, қара мұнда, ақылың кәмiл, Зарығып сен бұлайша тұрма ғапыл. Күш-қуат, қайрат, дәулет бәрi тегiс, Жетерсiң мақсұдыңа, шүкiрлiк қыл. Уағда берген болса Ләйлi саған, Жұмысы қиын емес һешбiр маған. Зейiн қыл,– деп басына сәлде салып, Киiмiн бастан-аяқ бердi тегiс. Қуанып Мәжнүн бұған болады шат, Айтады бiр Тәңiрге көп мiнәжат. Нәупiлге ермек болып түрегелдi Қайғыдан құтылғандай, ғамнан азат. Мәжнүннiң талап еттi рахатын, Сарп еттi уағдасына ыждиһадын. Қолына қара сия, қалам алып, Ләйлiнiң атасына жазды хатын. «Әй, ғазиз, өтiнiшке сал құлағың, Қалмасын мақрұм болып сынып сағым. Жапаға екi жерде тұтқын етпе, Айырып шын ғашықтың ынтымағын. Ләйлiнi Мәжнүнге әйла жолдас, Жылатып шын ғашықты қойып болмас. Ерiк әйла, жарасады гүлге бұлбұл, Бұларға азар берген һешкiм оңбас. Әйлайық бiр-бiрiне екi ғашық, Бұлардан ренжу алма көңiлiн басып. Қабыл ет, менiң айтқан өтiнiшiмдi, Берейiн қазынамның қауабын ашып. Тез қайтар жауабыңды кешiктiрмей, Жандырма ықтиярын қолға бермей. Қосайық татулықпен ғашықтарды, Араға ұрыс болып, қылыш жүрмей». Қағазын осылайша тамам еттi, Ләйлiнiң атасына алып кеттi. «Нәупiлдiң сiзге жазған қағазы деп, Жауабын алып қайта келдiк» дептi. Хатты алып Ләйлi атасы оқи бердi, Iшiне не жазғанын баян бiлдi. «Диуанада ес, жындыда ақыл жоқ» деп, Осылай ашуланып жауап бердi. Болмаған малға сауда жұмысымыз, Жөнсiзге тарылады тынысымыз. Өзiн еркек, бiздi қатын деп балама, Онда бар, бiзде жоқ па қылышымыз. Бұл сөзбен барған адам қайтып келдi, Жауабын һәрне деген айтып келдi, «Ұрысқа Мәжнүн үшiн барамын» деп, Жiберiп Шам әһлiне хабар бердi. Елiнен Нәупiл шықты әскер жиып, Келедi Мәжнүн үшiн жанын қиып. Ләйлiнiң атасы да даярланды, Бұлардан келе жатқан хабар тиiп. Сап бойлап даяр болды екi тарап, Кiм үстем болар мұнда Құдай қалап. Соғысты бiр-бiрiмен қарсыласып, Жекпе-жек ұрысқан жоқ оңашалап. Баршасы «иә, Алла» деп айғай салды, Қолына найза, шоқпар, қылыш алып. Арада бас кесiлiп, қан төгiлдi, Зор майдан көз көрмеген болып қалды. Ұрысты екi тарап араласып, Барады бiреу озып, бiреу қашып. Сауыт, қалқан, дулыға дал-дал болып, Бiр-бiрiн ала алмайды басып, жаншып. Тұрады сонда Мәжнүн назар салып, Ұрыспен жұмысы жоқ шетке барып. Арада мұнша қырғын болғанына, Күйiндi қасiрет тартып қайғыланып. Бұл тарап өзiменен жолдас болған, Соғысты екi әскер оң мен солдан. Нәупiлдiң адамына қарсы тұрып, Арабқа жәрдем берер келсе қолдан. Мәкiрi өз әскерiнен адам өлсе, Шат болып тұрар едi араб жеңсе. Өзiн қойып оларға жәрдем берiп, Қарсы тұрып ұрысты әлденеше. Таң қалды бұл iсiне һәркiм көрiп, Сөйлейдi бiреу сонда қарсы келiп: – Сен үшiн бiз жан қиып жүрген шақта, Оларға тұрғаның не жәрдем берiп? Жолында бiздер жүрмiз басты қиып, Нәупiлдiң үкiмiне келдiк сыйып. Боласың досқа дұшпан, дұшпанға дос, Ойланшы, лайық па ақылың жиып? Мәжнүн айтты: – Ләйлi үшiн жаным пида, Оларға жәрдем берсiн Жаппар Құда. Олар жеңiп, бiздердi байлап алып, Жатсам да ризамын тұтқынында. Болғанмен мүшкiл iске мен кiрiптар, Жарым дұшпан болған соң, не хайлам бар. Ләйлi шауып өлтiрсе қылышпенен, Ойым жоқ риза болмай жүз қайтарар. Мен разы емеспiн жеңгенiңе, Хош көремiн жеңiлiп көнгенiңе. Уисалына жарымның жетемiн деп, Шаттанамын жолында өлгенiме. Мәжнүн осылай деп сөйлейдi ендi Тiлегiн бұл мазлұмның Тәңiрi бердi. Нәупiл тұтқын жеңiлiс бола жаздап, Кеш болып қонар жерге қайтып келдi. Екi сап өз жайында еттi мәнзiл, Нәупiл ер көпке былай сөйлейдi тiл: – Аттанып барған жауды тез мұқатып, Жұмысым бiтушi едi мұнша жеңiл. Бұл сапар ауыр болып, болды қиын, Келсек те тiлеп ғашық ризалығын. Жұмысым екi ғашық мажарасы, Осыннан табылады Хақ ризасы. Барады оңға баспай ыждиһадым, Болды ма бiр мазлұмның бәддұғасы. Нәупiлге сонда бiреу арыз айтты: «Бiлдiң бе, Мәжнүн халiн, тақсыр» дептi. Өзiне қарсы тұрып айтқан тiлiн, Нәупiлге бастан-аяқ баян еттi. – Мәжнүннiң iздеп жүрсiң сен мұратын, Алсам деп ойланасың көңiл шатын. Бiздi қор, оларды зор етсе екен деп, Байлайды дұшпан жаққа ыждиһадын. Есiтiп Нәупiл бiлдi мұнан хабар, Әулие адам едi сақып назар. Бұл жұмыс Мәжнүннен болған екен, Дұғасы Хақ қасында мұғтибар. – Бiздерге осы жұмыс болды мүшкiл, Құдай-а, дәргаһыңа тебiрентiм тiл. Бет алған жұмысыма үстем әйлап, Өзiңе қиын емес барша жеңiл. Нәупiл ер налаш еттi бiр Құдайға, Қиын iс асылын бiлмей қайтты жайға. «Хақында осы жұмыс не хикмат бар, Фазылыңмен бiз ғарiпке бек әйла». Осылай Хаққа дұға қылып тұрды, Айтпаса кiм бiледi өткен сырды. Себепсiз жеңiлiп қайту қиын болып, Көзiнен ұйқы көрмей таң атқызды. Таң атып, дүние жүзi болды жарық, Әскер тұрды оянып ұйқы қанып. Саптанып екi әскер екi жақтан, Майданның орнында тұрды барып. Тұрады екi жақта саптар байлап, Батырлар қару, қалыш алды сайлап. Жаһанның палуаны батыр Нәупiл Барады сол араға оттай жайнап. Қолына палуандар алды қылыш, Мұндайда жарамайды қарап тұрыс. Соғысып қан төгiлiп, бас кесiлiп, Ғажайып таман қасiрет болды бiр iс. Нешеудiң жаны кеттi денесiнен, Нешеулер танды ақыл һәм есiнен. Жердiң жүзi қып-қызыл қан боп кеттi, Адамның ат жүрмедi кәлласынан. Арабқа батыр Нәупiл болды ғалиб, Ұрыстан бас тартпайды қырғын салып. Арабтың адамдары қалтырайды, «Қылыштан құтыламыз,– деп,– қайда барып». Батырлар қырғын салды басып, жаншып, Жөнелдi үрiккен қойдай олар қашып. Тiледi Ләйлi атасы амандықты, Қылышын төмен салып басын ашып. – Баһадүр, бiзге мұнша қырғын салдың, Қан төктiң, басын кесiп мұнша жанның. Ләйлi үшiн мен қайтарған жауабыма, Бермеймiн деген сөзге ашуландың. Ләйлiнiң берiп қойған күйеуi бар, Өзiңе мағлұм намыс, ұят пен ар. Пайғамбар һәм шариғат халықтың жолы, Бiр қызға жараса ма екi гауһар. Осы едi сiзге әуелде айтқан зарым, Мал берген айтып едiм жары барын. Ләйлiнi ерiне қос, не өзiңе ал, Һәрнешiк батыр сiздiң ықтиярың. – Жалған сөз бұлайша деп айтып маған, Айрылма хилаф сөйлеп ынсабыңнан. Асыл көңiлiм тұрады қалыбында, Құтқармақ ғашықтарды бұл жападан. Солардың мақсұды үшiн ыждиһадым, Тiлемей бұл тараптан өз мұратым. Айрылсам айтқан сөз бен сұлу қыздан, Артық-дүр Хақ қасында ол ұятым. Хастеге iздеп келдiм мұнда дәрмен, Жүрiптi шипа таппай көптен арман. Себепсiз iс, иғлажсыз науқас екен, Өлгенше жолдас болған Хақтан пәрмен. Өзiм де болып тұрмын құр пүшәйман, Қатаны ғафу еткей, Хақ Сұбхан. Бақұл бол, өткен iске өкiнiш етпе, Мал-мүлiк айырмайын әйелiңнен. Аман тұр, мұнан кейiн бұл қатерден, Азат бол қорқынышты қайғы-шерден. Сапар қып Шам жұртына қайтып кеттi, Айрылып амандасып осылардан. Мәжнүннiң жауабы Олар қайтты, Мәжнүн тұрып қалды, Жүрегi күйiнiшпен оттай жанды. Нәупiлге Мәжнүн сонда қылды жауап, Ләйлiден жаңа бiлiп бос қалғанын. - Қайта елге жөнелдiң менен қашып, Келiп ең әперем деп судай тасып. Уағдаңа айтып келген опа қылмай, Барасың қайда кетiп амандасып. Жазусыз болса жазмыш кемiстiкке, Мүшкiл iс асан болып келмес жөнге. Қайран күнiң бек зайғы босқа кетiп, Қалдырдың өз басыңды өзiң кiмге? Нәупiлдiң жауабы – Қолымнан аянбадым келген күшiм, Азалы тiлеп алған бұл жұмысың. Тағдыр солай ғилажы қабыл болмас, Өзгерту қолдан келмес Хақтың iсiн. Тұрған жұрт Мәжнүнге айтты былай: – Сарғайма, күйiнiшпен жылай-жылай. Бұныңнан ессiздiктi зәйiл әйла, Жеткiзер мұратыңа Қадiр Құдай. Ағла баршамыздан мәртебең бар, Сөйлесiп, көндiрермiз етсең қарар. Өзiңе Ләйлiнi алып берсек керек Сабыр етсең iшiңнен қайғың шығар. Қылмады көптiң қабыл насихатын, – Тастаймын нағып естен ғашық затым. Бәддұға Меккеде айтқан тоқталар ма Дүниенiң көрсетпе деп рахатын. Сол жерде тiлеп алған бұл қажетiн, Пенденiң тыңдатар ма насихатын. Үстi тозаң, көзiнен жас ағызып, Жөнелдi ықтияр қып саяхатын. Сахарада неше күндер жүрдi кезiп, Жылайды дамыл алмай, бағырын езiп. Бiр адам шынжырлаулы қолына алған, Бiр шалға душар болды жүрген кезiп. Сұрады шалдан мұның мәнi-жайын, Шал айтып сұраған соң қылды дайын. – Кiм достық қылса, соған қылар қастық, Көп сөйлеп басқа сырын не қылайын. Жүредi өсек айтып дамыл алмай, Тұрмайды халық болған соң сөзге нанбай. Өзiнiң кәсiбiне алданбайды, Қатын-баласы отырады нан таба алмай. Мойнына шынжыр салдым ұрып-ұрып, Кәсiбiңе қылмайсың мойның бұрып. Нәпақа тауып бұзықтықтан тоқталуға, Тiленшек еткiземiн алып жүрiп. Бiреу бос шығарады, бiреу берiп, Жолдас боп бiз де жүрмiз бұған ерiп. Қолына сұрағаннан түскен пұлын, Аламыз ортақ болып теңге бөлiп. – Қата,– деп Мәжнүн айтты,– осы хайлаң, Азат қып, бұл ғарiптiң сауабын ал. Лайық диуанаға жұмыс екен, Ағытып шынжырыңды мойныма сал. Ел қыдыр, шынжыр салып алып жүрiп, Айтайын тiленшiлiк үйге кiрiп. Маған анша пұлыңның керегi жоқ, Өзiң санап ала бер жиып-терiп. Әй, баба, сiзге өтiнiш айтамын зар, Көңiлiмде пiнһан тұтқан мақсұдым бар. Үй қойма Басраның бәрiне кiр, Иншалла, бақытым нұры душар болар. Босатып ол адамды қоя бердi, Шынжырлап Мәжнүндi алып жүрдi. Ақшасын өзi тегiс алмақ болып, Аралап Басрадан үйге кiрдi. Кiредi қайыр сұрап үйден-үйге, Ләйлi үшiн неше түрлi түстi күйге. Берер деп Хақ Тағала мұратымды, Шалменен жолдас болып жүрдi бiрге. Бiреуден аз алады, бiреуден көп, Бiреуден бос шығады, бiреуден жеп. Мақсұды – ғашығына жолықпақ та, Жүрген жоқ дүние үшiн мал жиям деп. Шал жиып алады екен түскен пұлын Бос қойды тiленсiн деп екi қолын. Жылаудан бiр уақытта көзiн ашып, Ләйлiнiң мақсұт еткен көрдi ауылын. Мәжнүнде тұрар хал жоқ бойын тежеп, Шал жүрер ақша түсер жолын көздеп. Үй қоймай шеттен кiрiп әдетiнше Ләйлiнiң өз үйiне келдi кiрiп. Мәжнүндi жетелеп жүр шынжыр салып, Ләйлiнiң қасiрет еттi үйiн танып. Далаға Ләйлi үйiнен шыға келдi Дауысынан Мәжнүннiң хабар алып. Орнынан тұрып келдi қадам басып, Қарады мазлұмына көзiн ашып. Сипаты күйiнiшпен адам танымас, Халi жоқ мауқын басар құшақтасып. Көз қанды ықылас қойып дидарына, Зияпат, құрмет қылды мейманына. Iшiнен бұл ғазалды анша қылды Ғанибет көрген үшiн дiлбарына. Ләйлiнiң ғазалы – Рақым еттi жарымыз, Көптен көрмей қапаста Күйiнiш едi халымыз. Раушан болып нұр шашып, Рахаттанды жанымыз. Ызғары кетiп қыс күннiң, Рақым болып Жаппардан Жапырақтар жайқалып, Түрлендi гүл сәнiмiз. Iшке сыймас жанған от, Көтерiлдi қайғы-дерт. Жарығы түстi жаныма, Басылды қайғы-қасiрет. Ғашығым үшiн қан жұтып Ұйқы келмес көзiме. Қасiрет тартып не шара Құлағым қанбай сөзiне. Келмек түгiл үйiме Ынтызар едiм iзiне. Тасаттық жаным қылайын Мейманның келген жүзiне. Әй, Физули, дiлникаран, Түстi жанды алмаққа. Жолына жанды тәрiк етiп, Миннат iсiң болмай ма Мақсұтты дiлбар өзiңе. Мәжнүн бұған салды хош назара, Жүрегi қуанғаннан пара-пара. Iшiнен «сұлтаным» деп аһы тартып, Айтады былайша сөз әшкере. – Жолы ұлық, қадiрi артық падишаһым, Сөз болып тiлге сыймас iштегi аһым. Достықты қойып дұшпан болып кетiп, Жақпайтын сiзге болды не күнәһым. Кеттiң бе жаман құлық соңына ерiп, Болды ма шағымшыдан өсек берiп. Бұрынғы ықыласың неден қайтты, Мен қалдым қайғыңменен болып серiк. Бiздерге кiмнен болды осы себеп, Ойда жоқ сiзден алыс боламын деп. Денiм сау, көңiлiм сау болмаған соң, Сұрадым һәркiмдерден жәрдем, көмек. Басымнан айрылмады қайғы мен ғам, Машақат неше түрлi болды һәм дәм. Өткiздiм жалғыз жүрiп жаз бен қысты, Таба алмай рас жолдас қайда барсам. Рахатпен отырасың, қам жемейсiң, Не қылды ол бейшара жүр демейсiң. Ойламай менi ғапыл тек тұрасың Сөйтiп не көңiлiңдi кең демейсiң. Күйiнiшсiз отырасың бұл зор ғажап, Жаныма қайғы-қасiрет бердi азап. Күнәһар шынжырлаулы келiп тұрмын, Өлтiрсең разымын ұрып-сабап. Не-дүр деп көз тұтамын арман сiзден, Риза боп хүкiмiңдi алмақ бiзден. Асып кез ықтияр, ерiк өз басыңда Қалмасын әслан ғабир көңiлiңiзден. Хош бойлап таза жүздi ынтызарым, Ұқсаусыз һешбiр жанға нұр жамалың. Ақылым жоқ, мойнымнан шынжырлатып, Мен сiздiң пәруанадай кiрiптарың. Байлаулы қайғыменен қол-аяғым Диуана естен кетiп болған шағым. Шам болып неше жанып, неше сөнiп, Кем болып һәр орында сынды сағым. Дүниеге не түрлi жан келiп-кеттi, Шат болып кәмiл тұрған күндер өттi. Өзiнiң нендей халде екен деген, Бiр ғазал ахуалынан баян еттi. – Махбүбiм, сенiң жолыңда Жапалар түстi жаныма. Арыз қылып уисалың, Алданбай жан-малына. Еске түсiп аһ тартып, Қандар толып көзiме, Рақым қылып зар еткен, Құлақ салып сөзiме Мұсылман түгiл, кәпiрлер Ағылады пәришаныма. Әслан қайғым кемiтiлмес, Шаттанып менен жан кетпес. Ұшырса һәркiм жаныма, Ауырлық түстi аяққа Күйiнiш сыймай тәнiме, Күпiрлiк жұлыныңа келтiрер. Кемшiлiк берiп өлтiрер, Рәшiн салып иманыма. Әй, Физули, қайғы күн, Әуре қылып зар еттi. Айтқалы келдiм арызымды Мәлiк ие сұлтаныма. Мәжнүн осылайша қылды фариад, Соныменен ғашықтықтан сұрады дат. Шынжырынан мойнын алды дал-дал қылып, Мәжнүн болды хазир қайғыдан шат. Қан болып екi көзi жасқа толған, Адамдай зар әйлайды хаста болған. Халiне бiреу күлiп, бiреу жылап, Адамдар тамаша қып, көп жиылған. Жөнелдi отыра алмай бұл арадан, Көп күлдi мазақ қылып бозбаладан. Адамның арасынан шығып барып Тағы да мекен тұтты айдаладан. Ел тастап, шығып барып жатты түзде Дүниенiң қызығынан үмiт үздi. «Ләйлiнi бiр себеппен көрейiн» деп, Байлайды орамалмен екi көзiн. «Көрмейтiн екi көзiм мен бiр зағип», Бiреуге жетелеттi қолын алып. Үй кезiп, қайыр сұрап, ауыл қоймай, Арыз айтты «кедеймiн» деп бейнауалық. Бұлардың сұрап жүрген қайыры бар, Кең дүние қайғылыға көрiнер тар. Ойдағы мақсұдына жету үшiн, Туралап Ләйлi үйiне еттi көзар. Ол үйге тiленшiлер болды мағлұм, Шығарар мұнан мақсұт бар арманын. Құдыс деп Мәжнүн тыстан дыбыс еттi, Ләйлiнiң көрмек үшiн нұр жамалын. Даусынан үйде отырып бiлдi халiн, Сағынған жақын тапты ғашық жарын. Бетiне перде салмай қарсы шығып Көрсеттi нұр сипатты хақ дидарын. Сыр айтты пiнһан етiп аптабын, Мәжнүн арыз айтты бұл хитабын. Кедейлiк соқыр болып тiлеп жүрген, Бiлдiрдi сен едiң деп өз мұратын. – Алдыңа келiп тұрмын көзiм байлап, Езiлдiм дәргаһыңа иә, Құдайлап. Болыпсың өзiң разы дұшпаныңа Жүрсем де мен қайтейiн достық ойлап. Үмiтпен хұзырыңа келдiм әй, хор, Таусылды сiзге бола көздегi нұр. Қайғыңмен шөлдi ықтияр қылып жүрмiн Жолықтым жамалыңа, Хаққа шүкiр. Көре алмай мұштақ едiм жүзiңiзге, Есiтпей ынтызармын сөзiңiзге. Назар сал кедейiңе, падишаһым, Мағлұм iшкi сырым өзiңiзге. Жан үйiне байладым ғамның тойын, Жiбектен тұмар сол кез дерт тоқырмын. Көз жасын еңiретiп сарп еттiң маған, Бiр естiп тұра алмадым Хақтан күтiп. Зиарат қыл, өз мейлiңе қабағың ашып, Харидарым күлiп тұрған болып нәсiп. Тұра алмай осылай деп пар-пар жылап, Жөнелдi биабанға қадам басып. Алмасып ерiксiзбен өтер дәурен, Қайғы, зар айтып жансыз бейнесiне. Дүниенiң сипатын қарап тұрсаң, Арбаша ылди жаққа тайғанаған. Дүниенiң iшiнде ұжмақ ықтияры, Айналып диiрмендей етпес қарар. Көп дүние үшiн машақат та, Бiр сүйген нәсiп етер, халалыма зар. Тағдырда жазулы-дүр әмiр мансуф, Қияметке талап етер болып матлуб. Қайғыма бекер жанып отырғаны, Мұра деп ойындағы етiлмес құп. Айтайын ибн Салам сiзге халiн, Қалайша бiлмек үшiн отырғанын. Ләйлiнi некаһ етiп алмақ үшiн Бередi уағда қылып қойған малын. Жалбақтап миннат бердi ерекше той, Мысыр, қожа жидырды һәм Ирақтан. Мың күң, құл киiндiрiп алып келдi, Киiмi көздi ұялтар қызыл алтын. Нар бердi мұғжизадайын хаят жолды, Бұп-бұйра бәрi бiрдей қызыл тонды. Мақтанып ғанбар құты, жүз-жүз алтын, Әкелiп Ләйлi үшiн бәрiн төктi. Күйеу боп айыппұл берiп келдi, Ләйлiге бұл мазмұннан хабар бердi. Жайқалған жаздағы аспанында Төгiлер жапырағы күз, хизан ендi. Болмады көңiлдегi асық үмiт еткен, Бiр жұмбақ ұшыратты қайыршыны. Наласыз деп ықтиярсыз оты жанып, Көп iшiнде жәбiр көрдi қайғыланып. Толтырды қайғыменен аһы-зарын, Күшпенен қолдан алды ықтиярын. Дариға-ай, неше түрлi шашын тарап, Осындай кетер ме екен нұр жамалы. Жатады Ләйлi жылап көтермей бас, Сүрмесiн кетiредi құйылған жас. Iштегi от сағұр болып жана бердi, Адамзат оған шыдап тап ете алмас. Аузынан шығар едi от пен жалын, Ләйлiнiң көрсе бiреу аһ ұрғанын. Айнала түтiн болып жанып [со]ған, Бұ қапа кетiрмес пе адам сәнiн. Көрмедi көңiл көзi, зары жарық Ай жүзiн қаптағандай бұлт алып. Сақтанып халықтың айтқан өсегiнен, Өзiне жолдас еттi пәришандық. – Құдай-а, жаңылыспа бұл мұратым, Мағлұм бiр өзiңе ықтиқадым. Рәсуа таңда Хаққа боламын ба, Халлаба өзгерiлiп асыл затым. Һәркiмге жапа берген дүние пәни, Тағдыр[да] өзгерiлмес жазылғаны. Жиылған тар орында жолығармыз, Дүниенiң бiз бес күндiк мейманы. Кәр қылмас дұшпан Тәңiрi болса пана, Жолбасшы iзгiлiкке Хақ Тағала. Жан үшiн жаннан тiлеп құдiретiңнен Әйласаң өзiң асан, Бiр уа Бара. Әуелден достық бердiң екi араға, Көнбестiк ықтияры жоқ мұғжизаға. Мағлұм зағипiңнiң сiзге халi, Дұшпанның апатынан сақта-сәна. Әзелден уағда шарт болды махкам, Басымнан айрылмады қайғы мен ғам. Халықтың тезiне душар қылмай, Не болар мен ғарiпке етсең кәрам. Құдай-а, өзiң Қыдыр, өзiң Ғалым, Қасыңда жасырын жоқ барша мағлұм. Өзiңнiң хүкiмiңе лайық па, Жеткiзсең көпестерге зағип малың. Дұшпанға тиiстi ме достың мейiлi, Бiреу көркем, бiреудiң жоқ адам сәнi. Бұйырсын жақсы-жаман өз халасы, Бай еттiң ибн Салам дүние берiп. Мәжнүн жүр құс-хайуанның соңына ерiп, Мехнаты бiр минут естен шықпай. Күйiнiшпен өзгерiлген атын көрiп, Тiлiмнен шығармады бұл қата деп. Түседi басқа жапа осынша көп, Азат қыл, ата-ананың тұтқынынан, Ойлаймын екеуден бiреу жеңiл ғой деп. Ләйлiнiң сонда осылай Хаққа зары Қапалық көңiлiндегi һәрне бары. Өзiнiң қайғы-ғамы iшке сыймай, Бастады әпсана қып бұл ғазалды. – Он сегiз мың ғаламды Құдiретiңмен бар еттiң. Бiреуге тола мұң берiп, Бiреудi пұлға зар еттiң. Бiреудi қайғы-ғамсыз ғып, Бiреудiң күнiн тар еттiң. Бiреулер ғейш-ғишратта, Бiреулер қайғы-күлпатта, Бiреудi сонша зор еттiң Бiлмеймiн не-дүр фазылың. Мен кәнизiң қор еттiң, Ойыма қарсы тiрлiгiм. Ғұмырымда көңiл ашылмай, Шарасыз сабыр етемiн. Iштегi алау басылмай, Мехнат зайығ бос кеттi, Мақсұдыма қосылмай. Сабырым пайда бермедi, Iзiнде жүрiп бас ұрмай, Қайғымен бәдан жарақат Шаттықтың кiлтi ашылмай. Уағдаға опа етпедiм, Бiр қалыптан кетпедiм, Аманатын Алланың Отырып үйде тапсырмай. Жандырып қойдың жапамен, Iшке сыймас қапамен. Адастырып зар еттiң, Хауа ана, Адам атамен. Көп зарығып қосылып, Қалмас ғұмырын өткiздi Рахаттанып сафамен. Ақырын сондай еткейсiң, Рақым әйлап опамен. Әмiрiн тұтпай Алланың, Зарықты бұлар қосылмай. Тасифа солар кетпеген, Бөгет тауып тосылмай. Тұрарлық халiм қалмады Ақырын ойлап шошынбай. Ұятты қылдың мақшарда Қол-аяғым куә боп, Дүниедегi iстi жасырмай. Тiлеме Хақтан қазына, Пiнһан сыр халыққа шашылмай. Хаққа құлдық етiңiз, Шын уағдаға жетiңiз. Ақылың болса фазылы, Көрiнедi опасыз Дүниенiң жайы осындай. Ләйлiнiң айтқаны Ләйлiнiң халiн көрдi отырған көп, Ойлады «басқа науқас болмасын» деп. Сөйлесiп бiреу олай, бiреу бұлай, Деп айтты: – Ата-ананың қайғысы,– деп. – Шырағым, Хақтың iсi бiзге мирас, Қайырлы iс болмағын Хақтан сұрас. Қолында ата-ананың өскенменен, Жат жұрттық әйел бала деген рас. Қолынан ата-ананың айрыларсың, Қараумен екi көзiң талдырарсың. Тiкенсiз гүл, сауапсыз дүр болмайды, Шам-шырақ неше түрлi жандырарсың. Сүйiктi қыз болмайды отырғанмен, Көзге жас кетпей қалмас толтырғанмен. Барар жер қалған жерден болмас төмен, Күйiнiштi зар етiп аһ ұрғанмен. Ләзiм ата-анаңды ұмытпағын, Тоқтатып көңiлiңдi суытпағын. Айтпайды күйiнiшiн ол емшi деп, Шешер деп жаратқан Хақ iстiң ағын. Айтуға лайық көрмес мұны өзiне, Халықтың ұшыраймын деп жел сөзiне. Талаптан ұят артық қыз балаға Гүл берер сұлу сипат мiнезiне. «Киiн» деп қыздар өтiнiш қылып тұрды, Шарасыз iс болғанын анық бiлдi. Қыздардың айтқан сөзiн қайтара алмай, Шықты да оңаша үйге киiм кидi. Харирдан неше түрлi кидi киiм, Көз көрген, баға жеткен емес бұйым. – Құдай-а, не қылсаң да құдiретiң мол, Бұл емес өзiңе аян ризалығым. Бой түзеп тiке тұрды қадам басып, Басына тәжiн кидi, жыға шаншып. Һешкiмге сыр бiлдiрмей зинаттанды, Түседi күйiнiшi халден асып. Күйiнiшке сабыр еткен кәмiл ынсап, Тоқтайды сабырлыққа дәулет пен бақ. Раушан неше қыздар болды дайын, Той, мәжiлiс, ойын-күлкi түзiлген шақ. Түзедi өз халiнше қыздар түрiн, Жұлдыздай сап байлады бiрiн-бiрiн. Жандырып бiр-бiр шамды қолына алды, Мәжiлiстiң келтiрмекке көркем нұрын. Бес жүз қыз гүл ұстады қолдарына, Гүл суын төктi барар жолдарына. Тұтады жүз қыздар ғанбар құты, Хош иiс жүрген жерi болмағына. Қолына жүз қыз тұрды домбыра алып, Қосылып өлең айтып әуез салып. Ретпен осылайша түзейді анық, Iшкiлiк жеткiлiктi тамам берiп. Тұттырды жүз кәнизге жүз табақ зер, Басынан шашу шашып еттi нишар. Iшiнде рауан Бақыт, Ләйлi отырды, Ықыласпен һешбiрiне қылмас назар. – Мақсұтпен бiздiң жұртқа сапар еттiң, Бiлмейсiң парқын айырып бұл реттiң. Адамға мақсұт халил етпе кесiр, Бұл түрлi хикматi бар Құдiреттiң. Перi қор қылыш қолда болып хазир, Мақсұды осы күткен бiрталай жан. Жолықсақ екеуiмiздi жоқ қылады, Жаннан тәттi нәрсе жоқ, ендi өзiң бiл. Керектi сауық-зафа бәрi жанға, Қалмайық сабыр етпей бұл зиянға. Сабырмен өткерелiк һәр уақытты Не түрлi Тәңiр шипа берер таңда. Иншалла, жетсек керек мұратыма, Кемшiлiк нұқсан етпей ұятыма. Дұшпанның тағынасынан сақтаналық, Лайықсыз өсек бұһтан өз затыңа. Бұлайша пiнһан айтқан сөзге нанды, Хабарын жалған айтқан рас санады. Тоқталып жақындықтан текке тұрды, Қорқыныштан құтқармаққа шыбын жанды. Тастады жан азасын тәттi жаны, Ғашықтан көңiлi тоқтап, қайтты сәнi. Нақыл бар халық iшiнде тiлге мәшһүр, «Сауданың пайдасынан зор зияны». Ғашықтың неше түрлi жапасы бар, Бәлеге дүние қуған болар душар. Ғашықтық бiр кiсiден болса мағлұм, Ықыласпен сынап көңiлi бередi жар. Жапаға жарлы көрсе еткен сабырын, Өзi үшiн анық бiлсе көрген жәбiрiн. Кемшiлiк ықыласынан тапса кемдiк, Лайық қызметiне бәрi жетiп. Жарының ықыласынан тапса кемдiк, Жақындық достықпенен етпес елдiк. Бұрынғы ықыласынан ұстар салқын, Болғандай iшке нұқсан көңiлде жiк. Қуаныштан ибн Салам қалды тоқтап, Құр әзiл сөз айтады шықылықтап. Бiр жатпай мейiл қылмай бағып тұрды, Бағушы бердi Тәңiрi лайықтап. Бұл дертке шипа сұрап жүрер дәйiм, Қол байлап қызметiнде болды қайым. Жан таппай бұған дауа келiстiрер, Сел болды ақыл-хошы тұрған сайын. Бұлардың хал-жайы болды осындай, Болмады мақсұт алып көңiлi жай. Хабарсыз жалғыз жүрген Мәжнүнге Жеткердi һәркiмнен хабар Қадыр Құдай. Мәжнүнге мұнан хабар кiм бередi, Хикаят күн-күн сайын түрленедi. Ақылды, халыққа мәшһүр, көркем сипат Бiр жiгiт Заид атты жүрген едi. Басынан бұл Заидтың ғашық кешкен, Ғашығы Заид әлi де қалмайды естен. Ләйлiнi ибн Салам алғаннан соң, Ол Заид хабар бердi гүл кеңестен. Ғашықтың бұ да тартқан көп жапасын, Нұр еткен зинат үшiн ғазиз басын. Өзiндей зар-зар болған Мәжнүннен, Әсла, айырмаушы ед ықыласын. Ойланды «Мәжнүнге барайын деп, Хабарды құлағына салайын деп. Босқа жапа тартпа деп тоқтау етiп, Тiл алса сауабына қалайын» деп. Iзденiп Мәжнүнге Заид барды, Мекенi өзiне анық тауып алды. Заидтың жапа тартқан түрiн көрiп, Мәжнүн сол арада аң-таң қалды. Зәрредей қан қалмаған көркем беттен, Қысылған адам түрi жапа шеккен. Заидтан Мәжнүн сонда сөз сұрайды, – Ғазизiм, жүзiң солды не реттен. Бұрынғы қайда кеттi нұрлы ажарың, Бұлайша болды ғамкiн неден халiң? Көңiлiң – уайымда, көзiң – жаста, Баян қыл, рас достым, бар хабарың. Қасында Мәжнүннiң жылап тұрды, Айтпаққа даярланды бiлген сырды. – Бұ жолдан қайтып сен де ықтияр қыл, Күйiнiш айналдырды сiз пақырды. Ғашығың ибн Саламға кеттi тиiп, Сен жүрсiң зар-гөриан сырттан күтiп. Ләйлiден көңiл үзiп, тәсiл қыл, Бақыттың қатыны үшiн тұрмай күйiп. Зайғы боп осынша еңбек босқа кеттi, Күйiнiш, рахатты алып кеттi. Заидтың бұ сөзiнен хабар бiлiп, Әуезi аһ тартқан көкке жеттi. Ләйлiнiң Мәжнүн ғарiп кiрiптары, Жылаған көкке жеттi аһы-зары. Құс-хайуан, жылан-шаян, құрт-құмырсқа, Жылады тағат етпей баршалары. Тамшылап жас ағады көздерiнен, Ашумен ажар кеттi жүздерiнен. Ләйлiге қалам алып хат жазады, Қалдырмай көңiлдегi сөздерiнен. «Құдай-а, өзiң Қадыр, өзiң Кәрiм, Екiншi интиһа жоқ болдым қадым. Сипатын рада еткен хәкiмiңмiн, Ғаламның тәрбия еттiң жоқтан барын. Жараттың күннен раушан, түннен әуел, Ай менен жұлдыз бердiң түнге сәуле. Һәр уақыт жәрдем тiлеп қыламын зар, Дертiм көп, iшке сыймас мехнатым бар». Ләйлiге бұл мазмұнша нама жазды, Не халдi, жәбiр-жапа қылып изһар. «Жан бар ма сендей болған опасы жоқ, Бiз дайын ғарiбiңе қапасы көп. Сендiрiп уағдаңда жүр екен[сiң], Бiздi алдап Бақытқа жар болайын деп. Ойланып маған сабыр ете алмадың, Халiме зар-гөриан көз салмадың. Жанға жолдас, дертiңе дауа таптың, Сөзiңе бұрынғы айтқан жете алмадың. Әуелде уағданы бiзге бердiң, Кiм жиһад қылса, соның соңына ердiң, Көз салған қызарғанға әдепсiздiк, Мағшұғы бұлай емес өткендердiң. Деушi едiм бiрiн жасырын еттi гауһар, Бiлмедiм қандай сенiң талабың бар. Ақылың кемдiгiнен бiздi ұмытып, Себеп не, басқа бiреу ұстадың жар. Менде дерт көптiгiнен күнде халiм, Харидар болды бiр сен үшiн ғана менiм. Бiзден хабар бiлмей-ақ жар тауыпсың, Рұқсат деп босаттың ба ескi жарың. Қайғың менде, Бақытпен көңiлiң хош, Уағдаңның бiзге берген баршасы бос. Сөзiңде бiздi рас жар десең дағы, Бақыт ибн Саламға болыпсың дос. Дүниеде бiзде қалды жаман атың, Айырған адам бiлер сөздiң затын. Рас деп тикрар қылып бiлген керек, Нәпiл ғып халықтың айтқан хикаятын. Тiкенмен гүл тұрады ашылғанша, Тiкенi бос қалар гүлден басқаланса. Ұқсайды бейне соған ахуалым Әуелден болса осылай шарам қанша? Әуелден жазса осылай тiлелесiм, Жүрелiк жапа шегiп, баста қайғым. Жар-жора, ата-анадан кетсем дағы, Сiз еттiң өз бойыңа лайығың. Көптен қайғы жеп жүрген дiлбигарым, Қаһары көп, опасы жоқ никарым. Ақылдан хош, көзiмнен нұр, белден қуат, Бiр сен үшiн жоқ қылдым соның бәрiн. Дертiмнiң шипасысың басымдағы, Жан күйер жамалыңа қасымдағы. Назынан миһр жамал зуң рум, Мiнезiң естен шықпас жасымдағы. Бiзбенен бiр тұрмаққа ойладың ар, Деп бiлдiң қалай менiң лайығым бар. Үстiнде зағиф ықылас тұрғаныңда Бақыты ибн Салам болды душар. Һәр жерден сiзге ғашық табылар көп, Бiр менiң сен сықылды мағшұғым жоқ. Мен опа қылсам дағы сiзден жапа Ойлайсың кiмнiң iсiн зор қата деп. Қалып тұр қайсымызда бұл жаманат Болмаған халық iшiнде бұл бiр әдет. Жаман деп ескi жардан жүз қайтарып, Жақсы деп жаңа жарды әйладың шат. Сiзге көп мен сықылды сырттан ғашық Ақылым бекер деме қалса адасып. Мағшұғым аз уақыт қолға тисең, Рахатпен тұрсам деушi ем көңiл басып. Тиiпсiң ибн Салам анық бiлдiм, Құдай-а, бұл нешiк деп ғажап қылдым. Ләйлi сен жаным, тәнiм әлi де менiң, Сенiмен әлi де менiң тiрiклiгiм. Бiр минут көңiлiмде жоқ болмайсың, Бiздi ойлап, талабыңнан тоқталмайсың. Ғашықтық арадағы ғаламға паш, Не түрлi қиялық бар, не ойлайсың? Бақытпен көңiлiң хош, ниет бiрге отырып, Уайымсыз рахатта қызық көрiп. Рас деп уағдаңды бiле алмадым, Болыпсың кiмге жолдас, кiмге серiк. Мәжнүннен еткен бе екен шын жұдалық, Бақытпен қалайша еткен ашыналық? Бұлайша мақсұт таптым деген болсаң, Бос екен сiзде болған адамшылық. Бiледi бұл себептi жұрттың бәрi, Сiз едiң көңiл көзiм ықтияры. Неше жыл жапа шеккен Мәжнүннiң Демедiң қарыз болар аһы-зары. Көңiлмен Мәжнүн барып айта алмадың, Бақытқа көңiлiң кетiп қайта алмадың. Маған хабар бермегенiң дұрыс едi Еңбегi бос қалар деп ғашық жардың. Ойласаң қайғыменен қартайды деп, Жапамен ақыл-хошы жар тайды деп. Жүргенмен сiзден ләззат алмақ болып, Уағда бар екiншi сөз айтпайды деп. Хүкiм Алла көңiлiң болмайды тар, Тұрарлық уағдамда қуатым бар. Сен үшiн зағиптанып жүрген менi, Болмай ма хабар берiп айтсаң хош хал. Рұқсат сұрасаң болмай ма, ей, жүзi гүл, Жасырып бұл сырымды еттiң ғапыл. Жанан емес жанымның дұшпанысың, Бiз ғарiп натауанға мархабат қыл. Сөзiңдi әуелгi айтқан кетпе ұмытып, Басқа ойлап, басқа мiнез пиғыл тұтып. Бақытты шат еткенде бiздi де ойла Қалмайын қасiретпен қайғы жұтып. Екiншi назарың сал осы сөзге, Бiлемiн бұл ғайып деп көрер көзге. Жапамен зар-гөриан бiздi ұмытып Кiрген соң жараса ма һәр мiнезге. Мәжнүннiң ғазалы – Жаным сүйген жананым, Жапа тартқан бұл тәнiм. Жараса ма сiздерге Басқамен сұхбат құрғаның. Бiздi қойып жапаға, Жақсы деп оны сыйладың. Жастағы еткен уағдаңды Жарай ма ойран қылғаның. Уағдасы екi адамның Зағип дейдi ғалымдар, Көкiрегiндегi иманын. Тура-тура көз салып, Басқадан хабар алғанын. Ләззатын бiлiп iзгiлiк, Шарабына қанғаның. Бара-бара уағдаңды Бердiм деп бiздi алдадың. Көңiлдi бiзден суытып, Басқаға көзiң салғаның. Рақым бiздiң тәрiк етiп, Залымдық маған сыйладың. Қай күнәһым себеп боп, Бiлмедiм мейiрiм, лағылым. Қайғы-қасiрет көп көрген, Жалғыз Ләйлi деп жүрген, Сiздiкi әдет сол ма едi. Бiздi ұмытып, әй, залым, Басқа жар тауып алғаның. Айналма шарық сықылды Әйелден мақсұт алмадым. Шаттықта болған екенсiң Рахатын көрдiм деп, Осы дүние жалғанның. Өз бойыңа лайық, Жақсы атыңның өзiне, Жаманат тауып салғаның. Бiздi ұмытып кетсең де, Мақсұт тауып жетсең де, Өзгермек маған харам-ды. Iшiмде кетер әл мәнiм, Кәне, халiм бiздерге Аһады паймарди қылғаның. Зағип көңiл, сабыр қыл, Ләйлi деп гөриан болмасын. Бауыр етiм, қан болма, Теңiн тапты жолдасың. Ғазиз көзiм, жылама Опасыз жарың болған соң. Ғашық оты сабыр қыл, Қашан халы жетер деп Мехнатқа қойдың, әй, басым. Ләйлi жапа еткен соң Бiздi ұмытып кеткен соң, Басқадан жәрдем сұрама, Ойыңдағы мұратты Мүлiк иесi Хақ Сұбхан». Қағазын осылайша тамам еттi, Заидке: – Мағшұғыма тапсыр,– дептi. Бешаттап, қойнына салып бердi, Хайламен бұған сарп ет ақыл, ептi. Солай деп Мәжнүн сөзiн тамам қылды, Ол Заид хат мазмұнын анық бiлдi. Апарып жылдамырақ тапсырмақ боп, Ләйлiнiң шаһарын iздеп жолға кiрдi. Сол уақыт шаһарына келдi жақын, Мойнына мiндет көрдi тапсырмағын. Ой ойлап, бiр баһана хайламенен Ұқсатты дәруiшке салахатын. Сиынып дәруiш келдi Құдайына Ұшырар нендей пиғыл талайына. Қолда – аса, баста – сәлде, шәнде киiп, Бақыттың жетiп келдi сарайына. Келедi «Аллаһым» деп диуана мас, Көзiнен рауан болып ағады жас. Қасына ибн Салам шақыртып ап, Дерт жайын диуанаға әйлады паш. Ләйлiнiң бұған айтты барша халiн, Бойында қорқынышты сырқау барын. – Жетпедiм талап еткен мақсұдыма Жолына сарп етсем де һәрне барым. Бұл дерттiң сенде бар ма һеш дауасы, Қор болды қайғыменен ғазиз басы. «Жазулы өз бойыма сақтап жүрген, Бар,– дептi,– менде дерттiң бiр дұғасы». Дұғаның дәруiштен бiлдi жайын, Бақытты әуре қылды бiр Құдайым. «Ләйлiге өз қолынан шипа етсiн» деп, Түзеттi оңашалап кең сарайын. Ләйлiнiң бөлмесiне Заид кiрiп келдi, Мұратын ойындағы Тәңiр бердi. Қойнынан хат шығарып, тағзым етiп, Қолына мағшұғының алып бердi. Қайғымен хатты Ләйлi қолына алды, Құпия жазуына назар салды. Хайламен Заид екен келiп жүрген, Мәжнүннен алып келген бұл хабарды. Қарады қағазына назар салып, Тағзымдап жүзiн сүрттi, қолына алып. Көзiнен жас орнына қандар ақты, Күйiнiшпен қала жазды естен танып. Мәжнүннiң көрiп болып жазған хатын, Сарп еттi мазмұнының ықтибарын. Ишарат михтаб сөзiн фаһим әйлап, Бiр жауап рет көрдi қайтармағын. Ләйлiнiң жауабы – Бисмилла, жад етемiн Хақтың атын, Ғаламның түзгiл еткен жоқ сипатын. Бiреуге қайғы-қасiрет жолдас қылып, Бiреудiң айырмадың рахатын. Һәртүрлi қалып берген бұл заманда, Ақылсыз бiреу ақымақ, бiреу дана. Бiреу бай, бiреу патша, бiреу кедей, Адамзат тегiс емес ойла-сәна. Бiреуге қуат бердi жұрттан асқан, Бiреуге ғылым бердi ақыл-дастан. Ғашықтық, ұят, әдеп, тең жаратып, Жiбердiң дүниеге қалдырмастан. Бiрi бiз осылардың дүниедегi, Ғашықтан әсер бiлмес жұрттың көбi. Ғашықтық әдеппенен бiрдей болса, Әдепсiз ғашықты ұстап келмейдi ебi. Жеткiзер тәрбие еткен, Қадiр Мәулам, Ықыласың Хаққа мәлiм болып тегi. Әдеп деп нәрсе алмадың мұратымнан, Жазулы хабар алдым бұл хатыңнан. Қалай деп сөккенiңе ризамын Өзiмнiң басымдағы ұятымнан. Ұятты шерменде боп тұрмын сiзге, Күнәһар көрiнемiн көңлiңiзге. Бар болса қаталығым ғафу әйла, Рақым ет, қаһар, азап қылма бiзге. Бiреудiң гауһарымын қолындағы Табылды пұл беретiн харидары. Кiм келiп баға берiп сатып алды, Базардың менде бар ма ықтияры. Әслан сiзден басқа болмас жарым, Өзiмде болса менiң ықтиярым. Сөйтiп ықыласыңды алыс қылма, Жетерлiк бұл азапқа кiрiптармын. Сау болмай қаһарыңның кеттi сәнi, Зайғы боп ысырап болды берген пұлы. Ете алмай мақсұт хасыл ибн Салам, Тартады мехнатты күндiз-түнi. Не пайда құр көзiне қарағанмен, Тұтынбас өз мүлкiне санағанмен. Жан тәттi ғашықтықтың ләззатынан, Қол қоймас көңiл сүйiп қалағанмен. Ойыма әгар қайғың келсе сенiң, Тиылмай көзiмнен жас ағар менiң. Жарыма дәлел себеп болмағы үшiн, Фарқадын жад етемiн ата-анамның. Айтамын сағынар деп жары-жолдас, Рахмат һәрбiр iске төзбей болмас. Ақырында халыққа айып көрiнедi, Сырларың заһир болса әлемге паш. Сағынсаң көрмек үшiн дидарымды, Ойласаң не халде деп дiлбарыңды. Кеше мен ғұсыл бәдан етемiн деп Баһана һешкiм бiлмес қылғанымды. Оңаша басқалардан болсам жалғыз, Болады қараңғы түн маған күндiз. Түседi ай сықылды жарық нұрым, Ғашықтық өзгерген жоқ айтылған сөз. Мағшұғым қалайынша болады кез, Шықпайды сiзден бөлек тiлден лебiз. Қол-аяқ, тiл мен құлақ сiзге мұштақ, Сiздi ойлап, қарар етпес көңiлiмiз. Қайғысыз жолығам деп үмiтiм жоқ, Ойлаймын жапаменен өлермiн деп. Киiм, кебiн, үй лахыт мен ғарiпке Сенiмдi ерге тиiп кеттi ғой деп. Бұлбұлмын бастан кешкен қайғы мен зар, Бiреудiң қапасында мен кiрiптар. Қайғымен ұсатылған қанат, құйрық. Қуат жоқ пәруаз етiп сайран қылар. Хайуанмен жолдас болып өткiздiң күн, Лайық деп бұл сөзiмдi бiлiңiз шын. Құс-хайуан табиғ болып тұрар емес Баршасы қызмет етiп сiздiң үшiн. Сол хайуан қызметiн маған да еттi, Мойнына арқалады көп мiндеттi. Бақтырып екеуiмiздi екi жерге Бұлайша Хақ Тағала тәрбие еттi. Бұл күнде сiздiкiмен бiрдей халiм, Хақ бiлер мұнан соңғы не қадарын. Сабыр қыл, аз уақыт мағзұр тұтып, Рухы жаннан тәттi, ғашық жарым. Хатыма менiң жазған назар салсаң, Нендейiн халде жүр деп қапалансаң. Оңаша бұл ғазалды ықыласыңмен Халiнен көңiлiң тоқтар хабарлансаң. Ләйлiнiң екiншi ғазалы – Ғазизiм, сенiң жолыңда, Ықтияр болмай халiм де. Расуә болды халiмiз Захмат болды тәнiмiз. Тағына қылып дос-дұшпан, Кемдiкпен кеттi сәнiмiз. Ғашық оты күйдiрiп, Кесiлдi құйрық-жалымыз. Дауасыз дертке ұшырап, Әуре болды жанымыз. Ажар кеттi жүзiмнен Құтылмай дұшпан сөзiнен. Сақтасам пiнһан сырымды Қайғы басар төзiмнен. Сөйлесем қайғы-қасiретiм, Һешкiм жүрмес iзiңнен. Көзiм неден қараңғы, Жарық нәсiп болмады Дүниенiң жүзiнен. Мың жәбiр көрдiм жападан, Қандар ақты көзiмнен. Бағыр етiм езiлдi Дертiмнен өзiң сезiлген. Ниһаятсыз ғам-қайғы, Мақсұттан үмiт үзiлген. Жәрдем болмас ұқсайды Болмаса, Жаппар, өзiңнен. Осы дерт маған болмай ма, Дерт бересiң сөзiңмен. Айрылып сенен кеткеннен, Қайғы болды жолдасым. Кеше-күндiз ұйқы жоқ Қасiрет болды жолдасым. Дертiме шипа сұрасам Табиб, қази, хакiмдер Болмайды дейдi дауасы. Асан емес құтқармақ Бұл дерттен һәркiм озбасын. Ғилажын қабыл ете алмай Қызыр да болса жолдасың. Қасiрет шегiп, қан жұтып, Таусылар дейдi көз жасың. Фазылын Хақтан сұраңыз, Шипасыз дерттiң һеш пенде Кiрiптары болмасын. Осы дерт маған жетпей ме, Сөзiңмен менi күйдiрiп, Арттырдың дертiм баршасын. Осымен тамам қылды әпсанасын, «Айтпайды отырғанға сөзi расын. Сырларым халыққа мәлiм болады» деп, Қараңыз мына қылған баһанасын. Ләйлi айтты: – Сiзден пайда көрдiм,– дедi, Дұғаң дертке шипа екен бiлдiм,– дедi. «Дұға» деп сәлем хатын тапсырмақ боп, Бұл сырын һешкiмдерге бiлдiрмедi. – Дұғаңнан баһар алып, көңiлiм хош, Дұғадан басқа сөздiң баршасы бос. Дұға алып, дұға берiп қатынап жүр, Рақымды бiз ғарiпке болсаңыз дос. Үмiт бар саламатың болар деген Дұғаңмен дертке шипа болар саған. Бұл дерттi менен зейiл болмастай ғып, Жазбаса Хақ Тағалам әзелінен. Сақтайын тұмарыңды өз бойыма, Бұл күнде шүбһә жоқ һеш ойымда. Иншалла, қадамыңнан болар шипа, Болмаса құдiретiңе маңдайымда. Өзiмде бiр тұмар бар сақтап жүрген, Болар деп дертке шипа үмiтпенен. Қояды бағзы шерiн шығара алмай, Молдалар бас салып оқып көрсiн. Берейiн тұмарымды көрiңiз сiз, Үйiңе асығыс қып апарыңыз. Өшкен жерi бар болса иә, қатасы, Дұрыстап анық қарап түзетiңiз. Әкелiп тапсырарсың тұмарымды, Үшкiрiп тарқатарсың құмарымды. Ұмытпай бiзге дәйiм қатынап жүр, Не халде бiлiп, қайтып тұрағымызды. Құрма деп тапсырыпты жазған хатын, Өзiнiң бастан кешкен хикаятын. Үмiтпен ибн Салам құрмет қылды Бұл дәруiш тидi деп шарапатын. Дүниеде Хақ жазбады қауышпағын Сындырмас басқа тiлек қалған сағын. Дос тұтып ғашықтардың құрметi үшiн, Бақтырды ықыласпен екi жағын. Хат бердi осылайша дәлел сайлап, Хайламен түсiнбестей ақыл ойлап. Мақсұдын бұ жердегi тамам қылып Қасынан Заид шықты «иә, Құдайлап». Жолынан Заид барған қайтып келдi, Не көрген оқиғасын айтып келдi. Ләйлiнiң ықыласымен жазған хатын Қолына Мәжнүннiң алып бердi. Шат болды хатты көрiп оқығандай, Тыныштанды рахат тауып көңiлi жай. Жүзiнен айдай болып нұр шығыпты, Қасына Ләйлi келiп отырғандай. Бұл халде Мәжнүн, Ләйлi тұра тұрсын, Көрмедiк қауышарлық һеш жұмысын. Қайғы мен қасiретке тастап кетпей Мәжнүннiң атасынан нақыл қылсын. Мәжнүннiң қайғы шектi ата-анасы, Бала үшiн құрғамайды көздiң жасы. Түнде ұйқы, күндiз қорек бәрi кемiп, Болыпты қайғы-қасiрет мүпталасы. Көзiне көрiнбедi дүние-малы, Болмады күндiз сабыр, кеш қарары. Дертiне баласының дауа таппай, Қалмады өз қолында ықтияры. Ағайын сөз айтады сырттан былай, «Мәжнүн» деп отырады жылай-жылай. Мәжнүндi iздеп дауа еткiзбейдi Қасында екi-үш ұғлы отырғандай. Бұл кiсi рақымды емес, қатты көңiл, Рақымсыз екендiгiн осыдан бiл. «Балам» деп һешуақытта ойға алмайды, Баласын көрмегелi бiрталай жыл. – Қылады һәркiм салық бiздiң бетке, Жынды боп Мәжнүн жүр,– деп,– шығып шетке. Дертiне шипа болар жөн бар едi Бақтырмай қоя бердi қасiретке. Жаны ашып Нәупiл барды әскер тартып, Ұрыста екi тарап бек зорайтып. Таба алмай онан мақсұт ажиз қылды, Бола ма дауа еткiзсе алып қайтып. Дүниеде қуаты бар жүретұғын, Айтқанды ақылы бар бiлетұғын. Бiр шаттық бiр қайғыдан алыс емес, Күн болды Тәңiр тiлек беретұғын. Бар дейдi денесiнде шықпаған жан, Адамға намыс бiлген болды зиян. Дертiнен жарылқап шипа берсе, Достар шат, күйiнiште болар дұшпан. Iзденiп балаңды еске ал, мақрұм қойма, Сауықса жолығармыз жиын-тойға. Етегiңе Хақтан тiлек зайғы болмас, Құн берер лайықтап Тәңiрi бойға. Атасы халықтың сөзiн фаһим еттi, Жапамен шалды Тәңiрiм ренжiттi. Көз жасы қайғыменен судай ағып, Баласын сахарадан iздеп кеттi. Ол қартқа қиын болды тауып бармақ Күш келiп аяғына түстi салмақ. – Апарып өз мүлкiме ие қылсам, Тiлеген мақсұт едi мирас қалмақ. Кезiптi һәрбiр жерден нышан таппай Шарқ ұрып күн-түн демей жүрген шақтай. Көп жүрген захматынан табан тиiп, Қандары аяғының судай ақты-[ай]. Басшы қып жолдас алды бұрын көрген, Бiрнеше Мәжнүн орнын көрiп жүрген. Қыдырып дамыл алмай келе жатса, Көрiндi от сәулесi бiр жерлерден. Ойлайды «от жағушы араб шығар, Шөп-шалам шабатұғын әдетi бар». Отына жылынбаққа келдi дағы Бетiне отырғанның қылды назар. Таниды бейшара шал өз баласын Көзiнiң таппай жүрген ақ-қарасын. Дүниемен жақсы, жаман жұмысы жоқ, Тәрiк еткен мал-мүлiк, ата-анасын. Атасы Мәжнүннiң көрдi халiн, Сағынған көптен көрмей ынтызарын. Атасы аһ тартып, қасiрет шектi Күйiнiшпен жапа шегiп отырғанын. Қан ақты жас орнына көздерiнен, Мәжнүннiң көз айырмай жүздерiнен. Қасына бiреу келiп отырғанын Мәжнүн хабарланды сөздерiнен. – Сен кiмсiң, маған келiп болған жолдас, Қағаз бер, елшi болсаң, қолыңды аш. Әгарда жолшы болсаң жолыңа кет, Бұл мәнзiл екеуiмiзге орын болмас. Атасының айтқаны – Шырағым, жаңа таптым деме жырақ, Сағынып көрiп едiм Хақтан сұрап. Атаңмын, қозым сенi iздеп келген, Жүзiңдi бiр көрмекке болып мұштақ. Сен едiң дүниеде көрер көзiм, Нақыл ғып халыққа дастан айтар сөзiм. Орныма ие, ғұмырымның шаттығысың, Атаңа болды күйiнiш бұл мiнезiң. Қартайдым күйiнiшпен жасым жетiп, Ақыл-хошым таусылды қасiрет өтiп. Мал-мүлiк, бағы-бақша, орнымның Баламсың қалдыратын иесi етiп. Мас болып балалықпен шығып кеттiң, Жолында ата-анаңды зар еңiреттiң. Ғашық деп халыққа мәшһүр есiм жайып, Атқардың уақытты ол миннаттың. Сабыр мен бала шақта еттiң ғалиб, Болады һәрбiр iске жас мiнәсiп. Ғашықтық жас адамға өнер деген, Жас толды бұл мiнездi ұстау айып. Бала едiң ол уақытта болдың ақыл, Көрiнбес бұл мiнезiң жұртқа мақұл. Жапанда жалғыз тұрып нала қылып Дүниенiң қызығынан қалма ғапыл. Жарамас құс-хайуанмен отырғаның, Адаммен жақсы емес пе бiр тұрғаның. Һәр мақұлық өз жынысымен жарасады, Лайықсыз жалғыз жүрiп аһ ұрғаның. Шырағым, налашыма құлағың сал, Ел-жұрт, мал-мүлкат, ағайын бар, Елге жүр, бұл саудадан жүз қайтарып Мен мазлұм бейшараның дұғасын ал. Мастықпен жас балалық болды душар Ойласаң лайықсыз жерлерi бар. Мүбадә бiр сапарға қадам қойсам, Менiң кiм мал-жұртыма ие болар. Мастықпен не пайда қылдың мұратыңнан Айрылдың Мәжнүн болып Қайыс атыңнан. Бұл iстер ақылың кiрiп еске түссе, Жүрерсiң бас көтермей ұятыңнан. Бiр сурет құп көрiнген көзiңiзге, Айтуға дос ұялар жүзiңiзге. Қылғаным қата екен деп өкiнерсiң Бұрынғы ақылың келсе өзiңiзге. Жас жетiп, менiң мұндай болды халiм, Соңында ғашықтықтың жүрiп дәйiм. Қызметiң босқа балам кетпес едi, Еске алып ашық жарың тұрса қайым. Қайғымен құрғатпаса көзде жасын, Бұзбаса уағдасын кессе басын. Ләйлiден осы мiнез табылмаса, Уағдасы саған берген болмайды шын. Көп жасап көптi көрген мен бiр ғарiп, Ондайды құп бiлемiн құлақ қанып. Ойыңда басқа ниет алған болса, Тоқтамас қызығынан жолдас қалып. Һәр жерден табылады оған ғашық, Айтайын бiр хабардың түсiн ашып. Кетiптi ерге тиiп ғашық жарың, Шырағым, көңiл тоқтат, мауқың басып. Қызмет көздiң жасын шығын қылдың, Өзiне Ләйлi тапты лайығын. Әйелдiң мiнезi бар торғайға ұқсас, Бұтақтан-бұтаққа таңдап қонатұғын. Ләйлi ұқсас бұлбұл құсқа тұрған сайрап, Уағдасын саған бердi басын байлап. Бейне құс мысалында әйел халқы Соңында жем берген жүредi ойнап. Мағшұғың рас жапа саған еттi, Опасыз екенiне көзiң жеттi. Тiлiмдi ал, бұл сауданың жөнiн таста Арттырма оның үшiн қайғы, дерттi. Нәупiлдiң . . . осында пәрменiне, Бақыттың болды риза алғанына. Балама опасыздық еттi ғой деп, Басыңа бекер жапа салғанына. Тәрiк етiп ғашықтықтың жолын тастап, Өтiрiк қанша жапа салды басқа. Тамам қып, түрегел де Хаққа жабыс, Минаткер Тәңiрi еңбегiңдi қалдырмасқа. Дүниеде һәрбiр өнер жаратты Хақ, Өнердiң қайсыбiрiн қылсаң талап. Дүниенiң амалынан босқа қалмай Ғылым үйрен, бiр ұстаздан алып сабақ. Мектепте жаным қинап о басында, Қаншама мехнат көрдiм мен жасымда. Ие бол, мал-мүлкiме тiлiмдi алып Қалдырмай жат бiреудiң олжасына. Бұлайша ашықтығың тұрып қалмас Ғам-қайғы һаман Тәңiрi басқа салмас. Қаларсың өкiнiште, ғазиз балам, Күн болар бек керектi мал менен бас. Қолыңнан шығып кетсе менiң малым Дүниесiз болмас, балам, адам сәнiң. Бiр күнде саныңды ұрып өкiнерсiң, Бақытыңды душар қылып ойлағанын. Мал керек һәрбiр жерде адамзатқа, Пенденi мал жеткiзер һәр мұратқа. Әрi мал, әрi жардан мақұрым қалып, Тiл алмай ұшырарсың бұл ұятқа. Бәнтiне атасының құлақ салды, Жүрмейiн жолдас қылып бұл зиянды. Ғашықтық жолын кесiп тастамақ боп, Соңынан ерейiн деп ыңғайланды. – Тәрiк етiп ұмытайын ғашық жарды, Болмайын ғашықтықпен қайғы зарлы. Аз ғана солай ма, – деп тұрды дағы Ғашықтық жолын ойлап ойға қалды. Мәжнүннiң жауабы – Қызығар менiң нем бар бұл жаһанда, Пенденiң еркi болмас жұмысы жанда. Денемде жан менiкi деп ойлама, Уақытша жан да мейман тұрған тәнде. Қарады төңiрекке көзiн ашып, Жазулы жалығарсың болса нәсiп. Ұстаған ғашық дертi ойдан шықпай, Қайнады көкiрекке судай тасып. Жаны ашып уағыз айтып берген кеңес Айтқаның бәрi пайда залал емес. Сөзiңе құлақ салып отырсам да, Не пайда, не залалы еске келмес. Сөзiңдi есiтпекке құлақ салдым, Ұмытып не айтқаның қайран қалдым. Өзiңнен хабарым жоқ сөзiң түгiл, Аларлық мұны түзеп бар ма халiм. Ақылдан айрылғанмен амандасып, Қалыппын мехнатқа бауыр басып. Тәрiк ету ықтиярсыз қолдан келмес Әзелден Хақ Тағала қылған ғашық. Жапаның қайғысымен жаннан кеттiм, Қызығын дүниенiң тәрiк еттiм. Қайғым асып саламат болмақтықтан, Шара жоқ жазғанына Құдiреттiң. Шыныдай көңiлiм ойран пара-пара, Таппаққа саламаттық болмас шара. Бiреу шат, бiреу қайғы-ғаммен кеттi, Дүние тегiс емес, ойла-сәна. Һәркiм тастап кетедi жиған малын, Дүние iздеп, мал бағу келмес әлiм. Ойлама мал-мүлкiмдi тапсырам деп, Дүниенi сенен забун сынған сағым. Бiреудiң қолында бар дүние малы, Бiреудiң көңiлiнде бар ғашық жары. Талаппен адам мақсұт таба алмайды, Болады бiр Құданың қалағаны. Халiнiң ғашық оты падишасы, Болмайды ұйқы, дамыл, iшкен асы. Өтiнiп мағзұр тұтып, қолын ұстап, Көзiнен рауан болды аққан жасы. – Кешiкпе, менiң үшiн пiкiр ойлап, Баланы тiлеп алдым басым байлап. Бiр жан екi бәданды шат етедi, Бұлбұлдан үмiт үзбен тұрған сайрап. Ләйлiмен һаман бiрге тұрар жаным, Тiрiклiк онан бөтен қылмас тәнiм. Сынама бұлар екi адам ғой деп, Құданың ғажап осы жаратқанын. Бiр жанмен тiрiклiк етер бұл екi тән, Шаттықпен бiзде бiрдей қайғы мен ғам. Алданып дүниенiң қызығына Бiрiнен-бiрi қалып қылмас сайран. Әй, ата, мағзұр тұт, ере алмаймын, Уағда барамын деп бере алмаймын. Жан-тәнiм бiр Ләйлiнiң қызметiнде Дүниеден басқа нәрсе көре алмаймын. Атажан, саған қасiрет бердiм жәбiр, Өзiме күшiм жетiп әл мен қадiр. Таңында мақшар күнi жолығармыз, Риза бол, Хақ iсiне қылып сабыр. Бұлай деп Мәжнүн тұрып қалмақ болды, Шарасыз атасы елге бармақ болды. Байғұс шал көңiлге алған бұл мұратын Мәжнүннiң құлағына салмақ болды. – Аман бол, қозым, қалсаң iздеп келген, Көз нұрым, мен ғарiпке Тәңiр берген. Не қылған мехнатқа ризамын, Бақыл бол, ренжу ғып қалма менен. Құданың болдым хош ниет бергенiне, Мақсұдым алып қайтпақ келгенiмде. Дүниеде тiлiмдi алып шат қылмадың, Қыласың не жақсылық өлгенiмде. Аман бол қалсаң, балам, мен қайтамын, Жүзiмдi сенiң үшiн сарғайтамын. Келсем ерiп жүрмейсiң тiлiмдi алып, Сұраған дос-дұшпанға немдi айтамын. Ақырет сапарында жолықпасақ, Дүниеде болмас, балам, қайтып көрмек. Бұл, балам, сенен тiлек илтимасым Өлгенде кiм ұстайды менiң басым. Естiсең iздеп келiп өлгенiмдi, Үстiнде қабiрiмнiң зар қыларсың. Тiрiлiп келгенiңде шаттық қылман, Жылауға деме, балам, жасым болман. Һәрнешiк бiздiң iсiм әдетiнше, Әсiлiнде қайғы-қасiрет, аһы, афған. Дұғамен менi, балам, шат қыларсың «Сауабын рухыма бағыштарсың. Баласы iздеп келiп дұға еттi» деп, Дос-дұшпан менен соңғы хабарлансын. Солайша өсиет еттi баласына, Сағынған көзiнiң ағы-қарасына. Үйiне зорға қайтты ауру болып, Жан тұтпай күйiнiштi наласына. Көңiлi нашарланып бек ренжiп, Қалмады сырқау болып жүздегi нұр. Қадимнан халыққа мәлiм келе жатқан Жанға апат, от, күйiнiш келтiрмек-дүр. Таппады бейшара жан дертке дәрмен, Бала үшiн дерт болыпты көңiлде арман. Жалғызы Мәжнүннiң күйiгiнен, Етiптi Хаққа тәсiлiм ақибат жан. Тажалдан бiзге мирас үмiт тұтпақ, Ажал жаман айып-дүр мұны ұмытпақ. Һәр нәпсi уақытында жоқ болады, Әуел-ақыр бiр өзi жаратқан Хақ. Пендеге хош көрiнер осы ғылым, Тұрыпты неше фитна қайғы мен ғам. Ажалдың шарабынан iшпей қалмас Жан бiткен мақұлық та, бәни Адам. Шал өлдi Мәжнүннiң қасiретi өтiп, Айтайын халдарынан баян етiп. Жиһад қыл ықтиярың қолда барда, Ажал жем ұсынғанша уақыт жетiп. Ой ойлап, бастан қайғы кетiрмекке, Жолдас боп, пәни дүние тұрмас көпке. Бес күндiк дүниеге меймансың Жiберме ғұмыр өткерiп, бекер текке. Жолдас бол тiрiклiкте тағатпенен, Бос тұрма қорлық әдетпенен Исламның бес бәнасын тамам әйла. Ада қыл, парыз, уәжiп, сүннетпенен. Дүниеде мәңгi тұрып қала алмайсың, Бiр жүрер жолдас тауып ала алмайсың. Бос болса екi қолдан амалың жоқ, Мақшарда қадам басып бара алмайсың. Бұл дүние кәсiп орны ойлағанға, Азықтық амал керек шыбын жанға. Адамзат осыларды бiле тұрып, Сарп етер бар ғұмырын дүние-малға. Азап өлiм барлығын еске алмайды Сонша хайуан нәпсiге амал бар ма. Хабарсыз Мәжнүн қартты кеттi тастап, Жеткiзсiн мақсұдыңа Тәңiр бастап. Бұрынғы қайғы-қасiрет күйiнiшпен Бихұзыр отыр едi көзiн жастап. Үстiне Мәжнүннiң аңшы келдi, Тек жылап отырғанын көзi көрдi. – Кем ақыл һәм намыссыз, һәм ұятсыз, Көрмедiм ынсапсыз жан сендей, – дедi. Сарғайып атаң өлдi қасiретiңмен, Бiр рет атаңды риза қылмадың сен. Атаңның қабiрiне дұға қылмай Не пайда таптың мұнда отырғанмен. Мәжнүнге аңшы айтыпты осындай сөз, Жылаудан тоқтамайды көңiл мен көз. Атасының қабiрiн iздеп сапар еттi, Тоқтамай дамыл алмай кеше-күндiз. Iздедi атасының раузасын, Тиылмай рауан қылды көздiң жасын. Қабiрiн атасының тауып алып, Жүз сүртiп, топырағына қойды басын. – Атамсың, көп iзгiлiк қылған бiзге, Жүрмедiм бiлместiкпен жөнiңiзге. Өсиетiң, қадiрiң бiлiп, тiлiңдi алмай Ұятты шерменде боп қалдым сiзге. Айналды қабiрiнен пәруанадай, Басында тiке тұрды жаққан шамдай. Көз жұмып, халден кеткен уақытыңызда Бақылдық сiзден сұрап алмадым-ай. Зар етiп, жүзiн қойды топырағына, Жылаудан жаны келдi тырнағына. Басында неше уақыт тұрды сайрап, Жолыққан бұлбұлдай боп гүл бағына. Жүздерiн қап-қара боп басты қайғы, Айтпаған көңiлiнде зар қалдырмайды. Дүниеде сенi риза қылмағаннан, Табатын менде хал жоқ бiр Құдайды. Тiл алмай сiзге болды көп күнәһiм Жетер ме сiзге айтқан налаш, аһым. Зор мүшкiл ғарiбiңнiң болды халi, Етпесең өзiң рақым қабыл гоһым. Атажан, менде сенiң қарызың көп, Бiлмедiм өсиетiңдi ғанибет деп. Аталық мейiрiңнен үмiтiм бар, Рәсуа мен ғарiптi қалдырмас деп. Лайық пиғылыма бұл миясар, Жапамен сiзге қылдым қайғы мен зар. Бiлмеген қаталығым ғапу әйла, Дәулеттiң нұрыменен болма бизар. Қамқорлық нихаятсыз еттiң маған Көңiлден шығармадың һешбiр арман. Ақырында қасiрет тұттым тап ете алмай, Опат боп менiң жапам жеттi саған. Дүниеден қайғыменен еттiң сапар, Опаты мен себептi болған душар. Бiр көрiп дидарыңды басылмаса Дүниеде көңiл тоқтап етпес қарар. Алдыңда даяр болсын рахатың, Құтылып асан таптың дерт нәжатын. Орның болсын ұжмақтың сарайынан Хақ Расул рухы әйлап шапағатын. Неше күн, неше түндер налаш еттi, Налашы аһы тартқан көкке жеттi. Тәрiк дүние шын ғашықтың құрметiне Дұғасын Хақ қасында қабыл еттi. Зар етiп Хаққа сәна тебiренттi тiл, Атасы қабiр ашып шығарды гүл. Iшiнен ғанбар, құт иiстер шығып, Раушан тұрған һәр жерге жайылды нұр. Мәжнүн сөйтiп көтердi қайғы ажарын, Тiрiлтiп бағыштады өлiкке жам. Қараңғы көр жап-жарық нұрға толып, Ұжмаққа жол ашылды раушаннан. Жақсылық қиын емес етсе Құдай, Атасының жүзi жарық туған айдай. «Перзентiм саған риза, хош ниетпiн» деп, Қайтадан орын алды қабiрден жай. Атасының болды хош ниет көргенiне, Ризалық жауап айтып бергенiне. Мәжнүннiң басқа халiн баяндайын, Оқыңыз ражиғдан өлгенiне. Жаратты неше түрлi iс Хақ Тағала, Ажарға ақылсыздық болды жәна. Ажары айна сықылды раушан нұр, Ғашықтық оған бейне жапқан жала. Ажар кәмiл таппайды болса ғашық Ғашық кәмiл жападан болса нәсiп. Неше көркi сұлулық бағасы жоқ, Ғашық дүкен құрмас базар ашып. Ғашық қайым болмайды көрмесе көз, Екеуiн Хақ Тағала жаратты егiз. Ләйлiнiң Мәжнүнменен қайғысында, Әслан тыңдамайды басқадан сөз. Күндерде Мәжнүн сахара кезiп жүрдi, Жазулы бiр тақтайда сурет көрдi. Қараса Ләйлi, Мәжнүн суретi екен, Ғажаптап бiрнеше адам қарап тұрды. Қолына ол Мәжнүн пышақ алды, Жамағат не қылар деп қарай қалды. Ләйлiнiң суретiн қырып тастап, Нақыштап өз суретiн оған салды. – Баян қыл, бiзге бұл сырыңды хақ, Бiрiнен-бiрi абзал бұл екi зат. Мәжнүн сұраушыға жауап бердi: – Бiрлiкке жараспас деп екi сурет, Жан бiреу, бәдан екеу осымен бар Мәлiм данышпанға осындай хал. Сұраушы айтты: – Сiз мұнда, Ләйлi қайда, Сiзге бұл бекер жапа болған пайда. Ләйлi ғашық дегенге инанбаймын, Ләйлiнiң көрiп келдiм тұрған жайын. Жары опа қылмай ма ғашығына Бекер сөзге құлақты сала алмаймын. Ғашық сипат құпия қып сақтайды жан, Тән заһир, жан iшiнде болар пiнһан. Ғашық, мағшұқ тән менен жан сықылды Хабардар бiр-бiрiнiң ләззатынан. Ғашық жүрер көзiнен ағызып жас Һәркiмге өз сипатын қылады паш. Күйiнiшiн iшке сақтап төзiм қылған, Ғашықтан мағшұқ қадiрi кейiн болмас. Тоқтатты мына сөзбен сұраушыны: – Ләйлiнiң маған анық айтар мiнi, Мәжнүн – тән, Ләйлi – жан мысалында, Бұлардың қайсысы абзал ойла мұны. Мәжнүнге қызмет қылды құс пен хайуан, Не болса iстiң бәрi бiр Құдайдан. «Бол» деген әмiрiмен бәрi дайын, Керексiз дәлел себеп ақыл-хайладан. Ризығым құс, хайуаннан бердi Құдай, Бұлайша рахат бердi көңiлге жай. Кәсiпсiз Хақ Тағала асырады, Бармадым һешбiреуге тамақ сұрай. Құс-хайуан ризық терiп қолдан келген, Сахарадан түрлi жемiс, балық көлден. Мәжнүнге түрлi тағам қояр жиып Бәрiнде ризық үшiн Тәңiр берген. Самұрық неше зарар етер құстар, Жартастан бүркiт самғар аспанға ұшқан. Баршасы қызмет қылып асырайды Һешбiрi зәрре-қадар қылмас нұқсан. Пiл, бұғы, марал менен құлан, киiк, Бахайым мұнан басқа бойға биiк. Ғазиз деп риясыз қызмет еттi, Қылады тауазилық мойнын иiп. Қасында аю, маймыл һәм арыстан, Қасқыр, керiк, қабылан, шошқа, жолбарыстан. Түлкi, қарсақ һәм мәлiн бұлар да бар Баршасы қызмет етер қылмай нұқсан. Ағулы аждаһа мен жылан, шаян, Һаманның сыры Тәңiрi өзiне аян. Қызметпен бiр тұрады, бiр жатады, Мәжнүнге бұлар әслан қылмас зиян. Зар етiп Мәжнүн алса қолына саз, Һәммасы қосар едi бiрден әуез. Мәжнүннiң қызметiне қолын байлап, Тартыпты қасiретiн қыс пенен жаз. Мәжнүннiң егер келсе көзiне ұйқысы, Ол қадар ағар едi көзiнен су. Аққан жасы көл болып, шөптер шығып, Қарасаң мұнша ғажап хикматi ху. Көзiнен көл болып жастар ағып, Шөп өсiп, гүл шығарар пайдаланып. Сусаған неше түрлi хайуанаттар, Мәжнүннiң көз жасынан тұрар қанып. Жыланды қолына ұстар құйрығынан, Сүмбiлдеп сылап-сипап қылмас зиян. Арыстан, қабылан, жолбарыс қызмет қылар, Мәжнүннiң басын бұрмай бұйрығынан. Бiр түнде отыр едi Мәжнүн жалғыз, Қасында хайуанаттар кеше-күндiз. «Дертке дауа қалайша табылар» деп, Төңiрекке бас көтерiп жiбердi көз. Көрiндi дүние жүзi тегiс жарық Мысыр, Құддыс, Шам шаһар баршасы анық. «Кеме мiнiп, дариядан жолдар ашып, Мақсұт қылып айтайын Шамға барып». Бiр бөлек кез болыпты әскер бұған Бiрi артық, бiрiнiң көбi Шыннан. Жүрген жерi қараңғы, түтiн болып, Күн көрiнбес әскердiң тозаңынан. Iшiнде неше патша, неше бек бар, Сап байлап қатар тұрған өңшең сәруар. Алтын тақ, күмiс үстел отырғаны, Тәждерi бастарында iнжу-гауһар. Таңданды тегiс көрiп мұның бәрiн, Осал жоқ арасында жалғыз жарым. Сәулетiне бұлардың көңiлi толып Сөйлейдi Мәжнүн бұған арыз халiн. – Жапанда бейшарамын жылап жүрген, Зор мүшкiл жұмысым бар мұнда келген. Ләйлiнiң ғашығымын қайғы-зармен, Жәрдем қыл, келдiм сiзге үмiтпенен. Рақым қыл, мен ғарiптiң көз жасына, Сiздей жан көзiм жеттi болмасына. Басымдағы дертiмдi ада қылып, Ләйлiмдi қосып берсең өз қасыма. Бұлар қабыл қылмады айтқан сөзiн, Әслан мойын бұрып салмас көзiн. «Һешкiмнен опа жоқ» деп көңiлi тоқтап, Бiр Құдай құдiретiне қойды жүзiн. – Құдай-а, неше түрлi хикматiң бар, Жаратып менi мұнша әйладың зар. Дертке дауа өзiңнен, Хақ Тағала, Сенен басқа таппадым жәрдем қылар. Ләйлiге бағыштадым көрiк, ажарды, Жаныма хұсни жамал жапа салды. Ләйлiге кәмiл қылып сабыр берiп, Маған жолдас етiпсiң қайғы-зарды. Басыма Ләйлi менiң жапа салды, Бiр көрдiм ақыл-хошым, сабырымды алды. Дертке дауа, қайғыма ғилаж әйла, Халиқ еткен Қадiр Алла жоқтан барды. Дауасын хакiмдерден қылдым талап, Болмады һешбiрiнде бармақтай бақ. Бiр жаныма таппадым зәрре пайда, Бiлдiм хәкiм өзiңсiң, Жаратқан Хақ. Басқадан дертке себеп дауа iздеп, Әсiлi бермек өзiңде тiлек бiзден. Зауыққа шауқым күн-күннен зиян боп, Белден қуат, нұр кеттi көзiмiзден. Құдай-а, ажар көркем, әйла кәмiл Ләйлiмен екеуiмiздi бiр сипат қыл. Қадiрiмдi халық iшiнде мәшһүр әйла, Тартқан жапа жетерлiк қисапсыз жыл. Ләйлiнiң ғашықтығын арттыр маған, Маған теңдес көрмесiн һешбiр адам. Күйiнiштен басқа қуат баршасы жоқ, Дәргаһыңа жүз тұтып келдiм саған. Құдай-а, арыз етiп құдiретiңе, Тапсырдым мүшкiлiмдi миннатыңа. Неше әулие-әнбие, он екi имам, Бағышта осылардың құрметiне. Хабарсыз Хақтан болмас рас ғашық, Нендейiн дәрежелер қылды нәсiп. Һәммасын хал ғылыммен сайран еттi, Һешбiрiн көрген жоқ қадам басып. Құдаға айтып тұрды зор мiнәжат, Мәжнүнде басқа да бар жоқ рахат. Аспаннан қараңғылық көтерiлiп, Күн шығып, дүние жүзi болды жарық. Нұр шашып, дүние күннен нұрланады, Бақшаға бұлбұл қонып, әуен салды. Көңiлiндегi жапасы кетер ме деп Оралып Мәжнүн шығып тауға барды. Төңiрекке тауға шығып салды көзiн, Зарланып бiр Құдайға айтып сөзiн. Еңiреген жалғыз адам келе жатыр, Қараса Заид екен таниды оны. Жақындап Заид келдi қадам басып, Ол сәлем бердi лебiз ашып. Бойында зәрре-қадар хашарат хабар, Көрiндi жүзi күлiп, нұрлар шашып. Сұрады Мәжнүн сонда: – Нешiк халiң, Айға ұқсар он төрттегi нұр жамалың. Жеткiздiң бе махбүбiме хабарымды, Жүз адым қадам басшы оңға берi. Мәжнүнге сонда Заид бердi жауап, Ләйлiнiң жүзiне жорып қылды тәуап. – Сәлемiн дiлбигарың сiзге әкелдiм, Қазiрде өмiрiме Хақтан сауап. Бiр түрлi себеппенен сонда бардым, Пердесiз жүзiн көрiп назар салдым. Көңiлi тоқтау таппай, тамақ татпай, Һәммасы бiр сiз үшiн осылардай. Көп адам бiрге бардым арасында, Қараңыз ақылының данасына. Сұрадым ишаратын қайда жатыр, Бақыттың бақшасы деп ханасында. Сiз үшiн Ләйлi маған айтты зарды, Сiздi ойлап күрсiнедi қайғы басып. Сұрады менен сiздi халi нешiк деп, Қалай күн өткiзiп жүр ол дәйiм [деп]. Сәлем айт, iздеп барып сыртымыздан, Хабар бер қайғы, амал көңлiмiзден. Мәжнүннiң нендей халде екен деген, Хат алған сонда хабар өзiңiзден. Айтады «Көңiлiм қарарлымен сыбай, Өлдi деп жад етемiн жылай-жылай. Мен мұнда, Мәжнүндi сахарада Зары айтып, Құдайыма жылаймын-ай». Ләйлiжан толтырады екен көзiн зары, Сарайында қасында жолдастары. Көп дүкеннiң iшiнде жалғыз тұтқын, Қапастағы құсқа ұқсар ахуалы. Қайғысы, бәданлары пара-пара, Жапасы жанға батқан әшкере. Ар-ұят, ықтиярға қарамайды, Сабырдан басқа болмас оған шара. Не хайла қапа iшiнде басқа салған Бәданның сау жерi жоқ қайғы-ғамнан. Ұқсайды бейне шамға ақ дидарым, Сыртынан хабар айтып ескi жаннан. Жазуға қолымда жоқ ықтиярым, Пенденiң һәрне халi Хаққа мәлiм. Ғұншадан пәришан болар бәданларым, Өзiмнен жан шығарда еттiм жария. Сарғайдым дидарыңнан болмай шипа, Көрсем көңiлiм басылар қайғы қашып. Бiз тарапқа қылмадың һешбiр сапар, Ықтиярың өзiңде жүзiңдi ашып. Не ойлап тоқталасың хабар бермей, Себеп не, бұл тарапқа келiп жүрмей. Мүбарәк лебiз айтып хат та жазбай, Хатыңды танығам жоқ көзiм көрмей. Жарыңа жапа мұнда келмегенiң, Жаныма қатты батты көрмегенiм. Кiм шүбһә достығыңа келтiрмей ме, Сәлем хат неше жылдай бермегенiң. Ғазизым, сiзге айтамын, мейiрбаным, Жарыңның қайғы-қасiрет тапса жаны. Ықтиярың барында хабар бермей, Не дерсiң бiреу сұрап бiлсе халi. Хал бiлдiрсең болмай ма баян айтып, Ауру тартып жүргенде келiп-кетiп. Көңiлiмдi кiрбiң баспай ма, Бiр сенiң тiрлiгiңе көзiм жетiп. Нұрдан шамды жандырсаң, Мiскiннiң iсi бар болмас. Күнiнде мың хат берсең, Аяқ асты қор болмас. Хақ жаратқан пенденi Iзгiнiң iсi сол болар, Әслан пиғыл тар болмас. Жаман жерi өсекте, Ұят, әдеп бар болмас. Медеу көрер жарақатын, Ғашықсыз адам зар болмас. Хат алмақ дафиқ күйiнiш-дүр, Хабар бiлмек сүйiнiш-дүр. Катубтар мұнда келмедi, Иғламнама бермедi. Хат-хабар қанша алсам да, Көңiлден шықпас ғам жолдас. Әй, Физули, жазасың Көңiлде құса бар үшiн. Ғашық оты жанған соң, Ықтибарың алған соң Басқалар ғайып көрсе де, Сабыр етер хал болмас. Тыңдады ғашығының айтқан сөзiн, Бағалап тең дәлелге бiр лебiзiн. Жүзiнен қуанғаннан нұрлар шығып, Гауһардай жарқыратып ашты көзiн. Қайғыдан шаттық кiрiп көтердi бас, Көзiнен қуанғаннан құйылды жас. Ләйлiден хабар алып көңлi тынып, Сөйлейдi хабар сұрап қарар қылмас. Заидқа Мәжнүн айтты: – Жар жолдасым, Қайғымен мехнатқа жүрген басым. Жарымнан сүйiнiштi хабар бiлiп, Тарады жаңа бойға iшкен асым. Ләйлiге менен хабар жеткiз-сәна, Арыз айт, дертi халiм барып жәна. Сөзiмдi зәрре-кемсiз жеткiзе гөр, Жолдасың Қызыр болсын, Құдай пана. Естiген кiмдi өтер дертiңе, Шаттығы көңiлiмнiң көз шырағы. Сабыр қыл, ғашық жарым, бәрак Алла, Һәрбiрi жапа шеккен мұрсал нәби. Һәр сөздiң дертке шипа жар екенсiң, Айтқанша уағдаңда бар екенсiң. Жолбасшы iзгiлердiң жүзi жапа, Табылды үмiт еткен сiзден опа. Жолыңда нәзниндар құрбан болсын, Басқа мен маған харам сауық-зафа. Паш болды жұртқа сiздiң ғашықтығың, Көз жасың еткен еңбек болар шығын. Харидар өзiңе ғарiп бейшарамын, Болады саған нешiк лайығым. Адамда теңдесiң жоқ жалғыз өзiң, Күйдiрер тәндi-жанды айтқан сөзiң. Дүниенiң iшiндегi Тор тауындай Гауһардай ұжмақтағы екi көзiң. Адам жоқ саған ұқсас, болмаса хор, Жаһанда болмас едiң халыққа мәшһүр. Тең болсам рухым шат болар менiң, Боласың белге – қуат, көзiме – нұр. Шат әйла күйiнiште бұлай қойма, Басылар күйген жалын алсаң ойға. Ажар, көрiк, хұсни пиғыл, тәттi лебiз, Сыйдырған сабыр пиғыл сiздiң бойға. Мұнан соң мейiрi опа жолын ұста, Бұйрығы опасыздың қалсын тыста. Жан шығар күйiнiштi қасiретiңмен Адамға бiзден кейiн болар нұсқа. Сiздi ойлап жаным, тәнiм етпес қарар, Қуат жоқ аяқ басып сiзге барар. Бар болса шын ғашықтық мәшһүр әйла, Басқа пиғылың бар болса онда ықтияр. Рахатта отырарсың орын жайлы, Бәлеге мен кiрiптар басыбайлы. Сен ғейш-ғишратта нәзнинсiң, Жанған отпен маған сабыр қылдырмайды. Ғашықтық табылмады сiз тараптан, Әслан әсерiң жоқ опа жақтан. Басқамен отырғаның лайықсыз, Ойласаң көңiлiңе алып тура ынсаптан. Қайғыны көтерелiк түсiн ашып, Отқа жақсақ болмай ма басып, жаншып. Бiр қосылып етелiк аз күн сайран, Шат бiреумен тұрмаңыз араласып. Әгар да ибн Салам қылса тоқтау, Хабар бер, ризаңнан тыс болғаның-ау. Бiр аһ ұрғанда дұшпанды жоқ қылармын, Һешбiрi тәжi-тақыт қалмайды сау. Бар сөзiн көңлiндегi баяндайды, Жан-тәнiн бiр Ләйлi үшiн аянбайды. Сәлемiн Мәжнүннiң тапсырмаққа Ләйлiнiң шаһарына аяңдайды. Пәруана – Мәжнүн, Ләйлi – жанған шырақ, Жетiптi Заид бұған жылдамырақ. Келдi де Мәжнүн сөзiн Ләйлiге айтты, Қуанып жан-тәнiмен салды құлақ. Мәжнүннен Заид келiп хабар бердi, Шыққан жан денесiне қайтып ендi. Бәледен Ләйлi нәжат болатұғын, Тыңларлық бiр ғажап сөз жаңа келдi. Ибн Саламның опаты Жаратты нендей ғажап Жаппар Құдай, Бiрiне-бiрiн жолдас етiп жұбай. Жаз бен қыс, күн менен түн бұ да серiк Тiрiклiкпен өлiм жолдас, күн менен ай. Тұрады һәрбiреуi уақыт күтiп, Келедi бiрi кетсе, бiрi жетiп. Өлшеулi сыр сырының мезгiлi бар, Қалмайды жалғыз сағат онан өтiп. Ғибрат, назар салсаң осы ғалам, Алдыңда шаттық, кейiн қайғы мен ғам. Аз күнгi дүниенiң ауасына, Алданып жүргендер көп шады харам. Не қылды ибн Салам баян әйла, Сақтады Ләйлi[нi] әкеп кең сарайға. Жарына мехнат еткен қолы жетпей, Өзiне ғашық дертiн қылды пайда. Көп көрдi бiр Ләйлi үшiн қайғы мен ғам, Қасiретi бойға батты тұрған зиян. Ғашық оты зор сырқау шипасы жоқ, Жан сақтап хайла болмас қалуға аман. Күн санап ғашық болды Бақыт халi, Сақтады неше дәркар оңлағалы. Дауадан берген дәрi шипа болмай, Қалмады сауығарлық ықтияры. Дертiне қапу болды бiрнеше жыл, Ойға алған мақсұт-мұрат болды батил. Шипасыз дерт бойдағы себебiнен Қапастан Хаққа жаны болды уасил. Дүниеге кiмдер келiп, кiм кетпейдi, Мұны ойлап һешкiм дүние тәрiк етпейдi. Толғанның жапырақ хизан зауалы бар Қай күнi келерiне көз жетпейдi. Ол Бақыт ибн Салам дүние салды, Артында тәжi-тақыт, көп мүлiк қалды. Ләйлiге бұл опаты себеп болып, Күйiнiштi әшкере еттi зор афғанды. Ер өлсе қайғы тұтпақ емес ғалиб, Күйiндi бетiн жыртып, шашын жайып. Қайғы көп бұрын iшке сақтап жүрген, Халыққа мәлiм болар деп аяқ тайып. Лайық қасiретiне кидi киiм, Дүниелiк хисабы жоқ жиған бұйым. Қанша мүлiк қазынаның қадiрi жоқ, Ойына кiрiп шықпас жалғыз тиын. Сарғайды күндiз-түнi жылай-жылай, Һешкiм күйiнiш татпаған бұрын мұндай. Ер өлсе қатын қасiрет тартар едi, Арабтың бiр-екi жыл әдетiндей. Әдетше бек қайғылы болды зарлы, Кетiрдi күйiнiшпен көрiк, ажарды. Бiр-екi жыл әдетiн бiтiрген соң, Үйiне атасының қайтып барды. Күнi-түн шегер едi аһы, афған Өтпейдi зәрредей дәм тамағынан. Рахмет ибн Саламға айтар едi, Әшкере зар еттiм деп себебiнен. Жасырын әшкере еттi жүрген халдi, Паш еттi һәркiмдерге қайғы-ғамды. Һәммасын бұл iстердiң Заид көрiп, Жөнелдi Мәжнүнге алып бұл хабарды. Жолықты Мәжнүнге iздеп келiп, Бiлдiрдi өзiн-өзi сәлем берiп. Һешкiм жоқ маңайында адамзаттан, Отырған күйiнiшпен көрiп сырын. – Сыналдым қуанышпен осы жолда, Етпедiм анық назар оң мен солды. Дұшпаның досыңнан деген мысал Ол Бақыт ибн Салам опат болды. Сiзге айтқалы келiп ем бұл хабарды Өзiнiң Ләйлi үйiне қайтып барды. Ибн Салам опатын естiген соң, Зар жылап, қасiретпен афған салды. Ол Заид мұнысына болды қайран: – Бақыттан не-дүр сенiң көрген пайдаң. Дұшпаның жарыңды алған опат болса, Тiлер тiлек емес пе бiр Құдайдан. Жылаған лайықсыз керек күлмек Дос адам осындайда хабар бермек. Баян қыл, ақиқатын бұл сырыңның, Жұмысым жылауыңның жөнiн бiлмек. – Тұрсың ба, жылағаным жөнсiз көрiп, Ғашық-ты ибн Салам маған серiк. Жан қимақ ғашық үшiн асан иман, Ол бұрын мақсұт тапты жанын берiп. Дос едi ибн Салам емес дұшпан, Түсiнбей сөз айтасың асығыстан. Жылағаным ол жеттi мақсұдына, Менiң ғашықтығымда болды нұқсан. Бақыт та ғашық Ләйлiге, мен де ғашық, Тұрар хал жоқ от жанса iшке басып. Неге ғашық болды деп айып етпеймiн, Қайсымызға Хақ бiлер қылса нәсiп. Ойға алсаң өткен ғашық мажарасын, Iсiне ғазиздардың таң қаларсың. Ғашықты мағшұғына жеткiзбекке Ер Әли ғұлғұмаға берген басын. Ойланды «берген басты алайын деп, Желкеге қылышпенен салайын деп. Мен үшiн басын берген бұл ғазизге, Тоқтады неден қастық қылайын» деп. Көз салды ғұлғұманың сымбатына Тоқтаған көзi жеттi ұятына. Қасына жалғыз өзi ерiп кетiп, Жеткiздi ғашық-мағшұқ мұратына. Осылар ғашық жайын бiлген кәмiл, Болмайды құры ғашық айтқанмен тiл. Рас, ғашық хақында бiр ғазал бар, Осынан фаһим қылып, ғибрат қыл. Мәжнүннiң ғазалы – Ғазиз көрген, Заиджан, Құлағың сал осыма. Жанымменен аһ тарттым, Күйiнiштi досыма. Айып еткенiң жараспас, Келмеген iстi басыңа. Даусыз iске ұшырап, Қоспасын ағу асыңа. Ғашық жолы сол болар, Жанын қиса жаныңа. Ғашық лебiн ұрмасын, Қимаса жанын жолыңа. Жанын қиса жаныңа, Кәмiл табар ғашығың. Жаннан тәрк етпеген Мойны налыс тақасын. Рахатпен жан таппақ, Машақатсыз тән таппақ, Өзi үйiнде ұйықтап. Сұрағанға ұқсайды, Байлардан бер деп ақысын. Шын ғашыққа қарасаң, Көбелектен сабақ ал. Жаным бар деп ойлама Жанекеме Тәңiрi бар. Мақсұдың жаннан болған соң, Жанып тұрған отқа сал. Жанға себеп Жаратқан Абхаят[тай] шашма бар, Ғашық дертiнiң жапасын, Таба алмаған хакiмдер. Ақырғы дауа сол дептi, Жан бермек деген мұғтибар. Әй, Физули, мұны ойла, Лайық берер тон бойға. Жанын қимақ зор мүшкiл, Табылар кiмнен осылар. Ләйлiнiң ахуалы Үйiнде атасының тұрды Ләйлi, Нендей iс баласы үшiн даярлайды. Қам көңiл осылармен шаттансын деп, Жiбектен кiлем, атлас көрпе жайды. Салыпты күмiс керует, мамық төсек, Сарп еттi дүниесiн кесек-кесек. Неше түрлi асылмен зинаттады, Болар деп мынау артық қылмады есеп. Қасына серiк қосты хорлардай қыз, Қайғылы болмасын деп тұрып жалғыз. Шам-шырақ, қандiл ашып салып қойды, Үй iшi нұрлансын деп кеше-күндiз. Сонда да күйiнiш тартар дамыл алмай, Рахатпен көзiн ашып назар салмай. Дүниенiң қызығының ләззаты жоқ, Көңiлiнде ғашық пайда еткен жанға-ай. Тiлге алып, жоқтар едi өлген жарын, Қол табар дәст қысып тұрған жерiн. Қайғысы Мәжнүн едi көңлiндегi Ада етпес жылағанмен мыңнан бiрiн. Сөзiнде ибн Салам болады паш, Қайғысы көңлiндегi Мәжнүн рас. Ләйлiнiң қасiретiне тап ете алмай, Тарады қасындағы жары-жолдас. Ләйлiнiң қасында қалмады жан, Лебiмен аһ дегенде сөндiрдi шам. Оңаша үйде жалғыз отырған соң Зар еттi Мәжнүннiң қасiретiнен. – Отырмын жапа шегiп, мұнда жалғыз, Рақыммен ғажайыпқа қылмадыңыз. Көңiлiң бұрынғыдан өзгерген бе, Қатынап тұрушы едiң кеше-күндiз. Мен түстiм қайғы-қасiрет бәлесiне, Дұшпанның жаным төзбес жаласына. Келмейсiз бұл тарапқа қадам басып, Сен кiмнiң рахат таптың арасында. Тәрiк етiп бұл даярды кеттiң тастап, Түстiң бе қараңғылық Тәңiрi бастап. Үстiңе қара киiп, қайғым бар деп, Жүргенiң бекер екен көзiң жастап. Дерт алды менi, күйiнiш Тәңiрi тастап, Қалмады сабыр, мажал бастан асып. Жарына мейiр, опа қылмай ма екен, Iлгерi бiзден бұрын өткен ғашық. Бiлмедiм сенiң нендей болды халiң, Бiздi ойлап, әгар болса көңлiң жарым. Бiр хабар тоқтамастан жеткiзе гөр, Қалмады сабыр етер һеш мажалым. Болмады рахат тауып көңлi жай, Құлақ сал, зары еткен әуезiм-ай. Құр сенiң даусың естiп жауап берген, Тауықтың болмадың ба әтешiндей. Дертiм көп қисабы жоқ көңiлiмде, Айтамын арыз халiм барып кiмге. Қайғыңмен бәданларым болды зағип, Тағаттан мехнат артық күннен-күнге. Һәркiмге сырларымды қылсам изһар, Көрiнер барар жолы қауiп-қатер. Iздесем Мәжнүндi қасiретiмен Дұшпан қылар мәлімет һәм намыс, ар. Ашумен осы жолға қойсам қадам, Бiлмеймiн мұнан халiм болар жаман. Дүниеде намыс, ұят сақтап тұрсам, Мәжнүннiң дидарынан мақрұм қалам. Қорқамын әгар Мәжнүн ашуланса, Аһ тартып жалғыз дұға аузына алса. Дұғасы садықтардың мұғтибар-дүр, Болады халiм хараб, шарам қанша. Бiрi ұят, бiрi қатер не қылармын, Мұны ойлап хараб болды халiм. Қараңғы тұрған жерiм қасiретпенен, Етпесең өзiң асан, Бiр уа Барым. Берiк-тi уағда-шарт бала күнде, Мектепте сабақ оқып жүрдiк бiрге. Харидар өзiм ғарiп бейшарамын, Лайықсыз ғашық iсiм бiздiң түрге. Кiм ғашық болса менiң ажарыма, Жол шеккен көз жiберсе көзарыма. Рухым, жаным-тәнiм Мәжнүнде, Не нәрсе болса менiң бәданымда. Бұл күнде сау-саламат келдiм аман, Сақтады болып аманат барлығынан. Сақтай гөр, Хақ Тағала, панаһыңда, Ұятты қылма мақшар барған заман. Құдай-а, әуел Адам, Нұх нәби, Әулие, неше әнбие, мұрсалдары. Жарылқа осылардың құрметi үшiн Не қылсаң бiр өзiңде ықтияры. Көрмедiм дүниенiң рахатын, Етпесең өзiң асан дерт нәжатын. Мен мазлұм дәргаһыңа жылап келген, Жолдасшы бола ма деп һидаятың. Бәданнан қуат кетiп, басты қайғы, Тiлге алып сиынбай, сабыр қылдырмайды. Хабибтiң Мұстафаның себебiнен, Халиқ еттi Ғаршы, Күрсi, күн мен айды. Мен ғарiп хақ Расулге үмiт болған, Ықтияр күйiнiш тартып шықтың қолдан. Жарылқа фазылыңменен кәнизiңдi, Һәр уақыт адастырмай түрлi жолдан. Сиынып Хаққа нала қылып тұрды, Айтпаса кiм бiледi өткен сырды. Бiр жерде тағат етiп отыра алмай, Сарайға мал байлайтын келiп кiрдi. Малдардың барып тұрды арасына, Сөзiнiң жан күйедi расына. Жатқан түйе боздауын қоя салып, Ләйлiнiң құлақ салды наласына. Мас қылды Ләйлi сөзi әсер берiп, Жас ақты көздерiнен көңлi ерiп. Өзiнiң ахуалын баян қылды, Түйенiң жылағанын көзi көрiп. – Жүресiң жалаң аяқ, басыңды ашып, Боздайсың көңiлiңде бар нендей ғашық. Ықтияр өзiңде жоқ бейне мендей, Жүресiң һәрбiр жерге жүктер тасып. Бұл қайғы айтса маған қайдан жеттi, Себеп боп көңiлiңдi не ренжiттi. Менменсiп һәркiм болсаң дағы Күйiнiш екеуiмiздi жолдас еттi. Сенiң де өзiңде жоқ ықтиярың, Бiлмеймiн Мәжнүн қайда, ғашық жарым. Жарыма Құдай үшiн жеткiзе гөр, Мәжнүннiң жерiн табар болса халiң. Рақым қыл, мен ғарiптiң көз жасыма, Дертiмнiң қолым жеткiз дауасына. Өзiнiң арыз халiн баян қылды, Түйенiң мiнiп тұрып арқасына. Жылаумен зар-гөриан есiн танды, Сарайбан бұл сырларды бiлмей қалды. Көз ашса сахара кезiп келе жатыр, Оянып Ләйлi өзiнен хабар алды. Шаһардан шыққан түннiң ортасынан, Су болды киiмдерi көз жасынан. Түйе де ықтияры [жоқ] кете бердi, Ұстап басын бұрмайды бұйдасынан. Жүрiптi дамыл алмай аққан судай, Не жолға, не жолдасқа мойын бұрмай. Тау-тастың жалғыз кеттi арасымен, Һешкiмнен Мәжнүн орнын сұрау қылмай. Раушан дүние жүзi болды жарық, Қарады Ләйлi сонда назар салып. Аузында сөз, көңлiнде қайғысы бар Бiр адам алдында отыр, өзi – ғарiп. Ойлады «мұнан хабар алайын деп, Жоғымды құлағына салайын» деп. – Сен кiмсiң, өзiңдi өзiң баян әйла, Отырсың не жұмыспен уайым жеп? Мәжнүн жауап бердi бұған қарап: – Жөнiн айт, жұмысың не қылған талап? – Ғашығым Мәжнүн едi iздеп жүрген Таба алмай сонан хабар тұрмын сұрап. – Сен кiмсiң Мәжнүндi iздеп келген, Һеш адам табылды ма хабар бiлген? – Жылаған көптен ғашық Ләйлiсiмiн, Мен бұлбұл дала iздеп келдiм көлден. – Мәжнүндi көрiп пе едiң мұнан бұрын, Көргенде танушы ма ең қандай түрiн? Мәжнүнге Ләйлi бұлай жауап бердi: – Бұлбұл[ын] гүл ұмытар ма, садақ дүрiн. – Мен – Мәжнүн, әгар iздеп келген болсаң, Хақиқат хабар таппай жүрген болсаң. Мәжнүннiң сипаттарын айтшы маған, Шын ғашық әгар Ләйлi болған болсаң. Ләйлi айтты: – Мәжнүн жүзi туған айдай, Балауыз сырты сұлу жаққан шамдай. Көзi гауһар, аузы нун, қолдары син, Кiрпiк оқ, қасы бейне тартқан жайдай. Жүзiнiң көз аялар көрсе нұрын, Сипаттап айта алмаспын мыңнан бiрiн. Бiр ғазиз Мәжнүн дүние iшiндегi Мәжнүнге сенiң ұқсап келмес түрiң. Мәжнүннiң теңдесi жоқ бейне хордай, Көрмедiм күйiнiштi жансыз пақырдай. Жөнiн айт, әгар бiлсең ғашығымның, Қалдырып менi жолдан әуре қылмай. – Ғашықтар,– Мәжнүн айтты,– болады қор, Келтiрiп от күйiнiш жанына зор. Ләйлi айтты: – Қайғы зағип қылса дағы, Бiлетiн сырларым бар халыққа мәшһүр. Мәжнүнде хасыл болған түрлi ғылым, Арттырып Тәңiр берген артық бiлiм. Сандуғаш, бұлбұл құстар тұрар тыңдап, Әгарда әпсана оқып шығарса үнiн. Не шара, ондай ғылым саған қайда, Күйiнiшпен көп хикаят қылған пайда. Мәжнүн айтты: – Ғашықтар болар қайда, Халiн мағлұм етедi һәрбiр жайда. Ғашықта тәттi лебiз, түзу қасiрет, Дәлел сол һаман қайғы, жоқ рахат. – Ықыласпен құлақ салып тыңдасаңыз, Қайғым көп болғаным жоқ әслан шат. Мен Мәжнүн дегенiңе қалмас шегiм, Тануға Мәжнүн деп келмейдi ебiң. Ләйлiге рас ғашық Мәжнүн болсаң, Баянда, бастан кешiп өткен кебiң. Ләйлiнiң бiлдi хабар сұрағанын, Күйiнiшпен өте зағип қылған тәнiн. Нендейiн өткен күнде бастан кешкен, Сөйледi бiлдiрмекке ахуалын. – Дертiме шипа суы сепкен дәрi, Қылмады сендей рақым жанның бәрi. Жапаның бастан кешкен хисабы жоқ Бұйрықсыз шықпайды екен адам жаны. Әуел сабақ үшiн мектеп бардым, Ғарық болдым дидарына ғашық жардың. Ләйлiнi ата-анасы үйiне алып Сүйiктi дидарынан мақрұм қалдым. Айрылып менi басты қайғы мен ғам, Бақтырды мал сарп етiп ата-анам. Сырқауым күннен-күнге жамалған соң Апарды шипа сұрап Қағбадан. Меккеден жайға қайттым шипа болмай, Жолығып Нәупiл арыз еттiм сондай. Неше күн мехнат тартып босқа қалдым, Онан да мақсұдымды хасыл қылмай. Ләйлiнi ибн Салам алып кеттi, Бұл жапа онан бетер жаныма өттi. Араға Заид нама қатынатып, Аз көңiл соныменен тәслiм еттi. Заидтың айтқан сөзiн анық бiлдiм, Рас деп көңiлiме пiкiр қылдым. Үмiтпен ғұмырым зайғы өттi желге, Бiр минут рахаты жоқ өткен күннiң. Жападан бәдандарым шықпады азат, Қайғыдан әслан көңiл болмады шат. Бастағы дерттерiнiң әсерiнен, Айтыпты тiлiне алып бiр ғазалиат. – Қадыр Алла өзiңсiң, Ғаламды тегiс жаратқан. Бас-басқа қалқайтып, Һәр орынға таратқан. Қайғыны маған берiпсiң, Рахат бермей фалактан. Дерттi маған берiпсiң, Бермедiң шипа себептен. Тасаттық бермей сусаттың, Қатра бермей шараптан. Рәсуа қылдың ғаламға, Зәрра бермей әдептен. Көңiлiм құса ұшқалы, Лебiз хандай болған жоқ Ойдағы мақсұд талаптан. Айып етiп достарым, Көзiмнiң жасы толғанынан Либасым жыртық болғанын. Пағпұр, тақ Сүлеймен Рахатын көп көрген. Осы дүние жалғанның Намруд патша, Ескендiр Олар да кеткен дүниеден. Шығара алмай көңiлден Ойдағы мақсұт, арманын Он сегiз мың ғаламды, Оның үшiн жаратқан Хақтың досты Мұстафа, Хабарыңнан тастама. Пақырлық таңдап алғанын, Түз қаматым бөгелдi, Қаттылық көрiп жападан. Ғашықтықтың от жағып, Айырылдым сауық-зафадан. Қасiрет шегiп Ләйлiнiң Адастым ата-анадан. Әуел жүзiн көргенде, Сабақ оқып жүргенде, Жарым уағда бердi деп, Үзбеймiн үмiт опадан. Дүниеден үмiт үзiлдi, Қайғымен түрiм бұзылды, Осыдан жәрдем болар деп, Һәркiмге көзiм сүзiлдi. Ғұмырым зайғы бос кеттi, Шыға алмай басым қатадан. Екiншi жөнге келмес-тi, Ақыл-хошым түзетiп, Мақсұдымды iздетiп, Ғашықтық ойдан шыға алмай, Кеттi деп Ләйлi тәрiк етiп. Мехнатын тартып жарымның, Бауыр етiм езiлген. Рахатпенен жалғанда Мүлiк етем деп ойламан. Ақыл-хошым хараб қып, Қызығып дүние талап қып, Алдымнан күтiп тұрар ма, Табылса мақсұт сұраған. Неше әулие-әнбие Бұлар да тынбай жылаған. Бiз ғарiп соның бiрiмiз, Жапамен кеткен түрiмiз, Һәрне болса ризамын Бұйрықсыз болмас Құдайдан. Ләйлi айтты: – Бұл сөзiңнiң баршасы шын, Хақиқат шүбһәм жоқ, болдың Мәжнүн. Жападан зарыменен елден шыққан, Тани ма, жан көзiмнiң шырағысың. Жас ақты бұлайша деп көздерiнен, Ғашығын анық танып сөздерiнен. – Дертке табиб, жанымның мұштағысың Пәруана мен кәниздiң iздерiнен. Тiлде сөз, пiкiрiмсiң көңiлге алған, Анық танып бiлмедiм қылсам да арман. Мастың iсi қата-дүр, майда сөзiң Кiмдi таныр өзiнен ғапыл қалған. Ұқсаған бинауалға түзiк бойың, Көзiм көрдi пердесiз маһруйың. Ақыл түгiл жаныңнан хабарың жоқ, Саламат нешiк болсын ақыл-ойың. Мен де қайғы теңiзiмен жүрмiн тайып, Етпедiм тағзым, құрмет сiздi танып. Көп менiң қаталығым ғапу әйла, Ренжiме зәрре-қадар ойыңа алып. Сiздi көп әдеп сақтап ренжiттiм, Хаққа шүкiр, саламат сiзге жеттiм. Тiлде сөзiң, нұрыңды көзбен көрiп, Өңiм бе, иә, түсiм бе деп қиял еттiм. Бақытымның шамы жанды көптен сөнген, Табылды мұрат-мақсұт iздеп келген. Қой, көңлiм, Хаққа зары қыла берме, Сүйiктi жарың осы жылап жүрген. Жолында жапа көрген ынтызарың Тiлеген бiр көрмекке ғашық жарың. Ендi жан менен шық та Мәжнүнге бар, Өзiнiң хал-жайынша қалса тәнiм. Қайғыңнан рахат тауып құтылсын тән, Кез болған соң мақсұдың дертке дәрмен. Тiлiнен Ләйлi бұлай ғазал айтты, Өзiнiң басындағы ахуалынан. Ләйлiнiң ғазалы – Жоқтан бiздi бар әйлап, Топырақтан тән әйлап. Ағза тегiс жаратып, Ақыл кәмiл жар әйлап. Нендей iске көндiрдiң Дүниеге ендiрдiң, Ғажап қайран жол сайлап. Бiреуге бердiң рахат, Қайғыдан азат, көңiл шат, Дүниеден мұңлы жоқ. Қызметкерi алдында, Даяр тұрған қол байлап. Бiреудi ғарiп жараттың, Сатайын десе бұлы жоқ. Iшейiн десе ұны жоқ, О да адамның баласы Ағзасы бiрдей мiнi жоқ. Һәркiмдерге көз тұтып Өмiр өткердiм зар әйлап. Мен ғарiптi ойласаң, Қайғыдан азат қылмадың. Күйiнiшiмнен жыладым, Кеше-күндiз аһ ұрып Көзiмнiң таусып бұлағын. Сырымды халыққа бiлдiрмей, Жүзiмдi қайғы күлдiрмей, Жүргенмiн бағрым қан әйлап. Халiм нашар қарасаң, Қапаста құстай сайраған. Қапалық көп көңiлде, Мұрат, мақсұт ойлаған. Рахат тауып бiр менен Көңлiм қарар етпедi, Дүние толған пайдадан. Ғашықтық бердi көңлiме, Махаббатын арттырып. Ұят бердi сезерлiк, Сабыр етпестей жараттырып. Рахат көрмей дүниеден, Өткердiм өмiрiм аһ ұрып. Жапамен менi зар еттiң, Күйiнiшпенен қор еттiң, Ғашықтық бастан кешiрiп. Жүсiп пенен Зылиха, Фархад пенен ол Шырын, Таһир менен сол Зуһра Сейпiлмәлiк, Бәдiғұл Бiздерден бұрын көп өттi. Қанша мехнат көрсе де, Зар-гөриан жүрсе де, Рақым етiп Алласы, Ақырында бұлардың Мақсұдына қол жеттi. Мендегi жапа көрiндi, Дүниеде мақсұт табылмас, Мүшкiлiм бастан арылмас, Қасiретiн шегiп жарымның, Өлмекке қалды жарым жас. Сабыр етпей шара жоқ Һәрне қылса Хақ iсi, Қайтқан тағдыр жазылмас. Мәжнүннiң жауабы – Рақымды неткен жансың сөз сөйлеген, Көп қайғы қуаныш боп кеттi менен. Баян қыл, өз атыңнан хақиқатын, Жұмыс не сахарада мұнда келген. Күйген жан рахат тапты сөздерiңнен, Көзiм жоқ баһар алар жүздерiңнен. Хош құлық, тәттi лебiз ашынамын, Сұрадым айып етпеңiз өздерiңнен. Келесiң бұл араға қай тараптан, Бұлбұлсың пәруаз еткен қайсы бақтан. Һәр лебiзiң хауыз Кәусар суындай боп, Сөндiрдiң көңiлiм отын жанып жатқан. Көңлiме шаттық берiп қайғымды алдың, Күйiнiшке басымдағы мия салдың. Ақыл кәмiл, көз нұрым болса тамам, Бiлер ем кiм екенiң опадардың. Көз ғұбар, ақыл зағип, көңiл битап, Бiлмеске болар перде бетке хижаб. Тәңiр үшiн өз атыңды анық сөйле, Көңiлiмде анық бiлiп қалмасын шәк. Мастықта қалды басымыз, Тамақтан өтпей асымыз. Жананнан үмiт еткенмiн, Ендi жаннан бiлмеймiн, Осалына жаннан қарық боп, Мақсұдым кәмiл жеткенмiн. Әуел дүние басымды, Қайғыменен жүрсем де, Бұларды тегiс тәрiк етiп, Хабарым жоқ кеткенiм. Хикмат ғарық сол болар, Дүниенi перде қылмайды. Дүниеде парыз болғандар, Рас ғарiп болмайды. Әй, Физули, қам көңiл, Рәсуа болдың неше жыл. Ғашықтан әгар шат болсаң, Нала, қайғы-қасiретсiң Ренжу бермей һәркiмге Сабыр етiп тұрсайшы, Намыс етпей зор айтты. Ләйлiнiң жауабы Ләйлi айтты: – Бек сүйiктi, ғазиз жаным, Қайғыда пара-пара болған тәнiм. Заманың басыңдағы оңға айналып, Хақ берiп маниғ толған ғашық шамың. Жетiпсiң мақсұдыңа Тәңiрi берiп, Нешелер жүрсең дағы мехнат көрiп. Дүниенiң мұнан артық дәулетi жоқ, Жан мен тәнiң осал болса сыртың. Зар етiп көп сұраған Ләйлi жарың, Көрмекке мұштақ болған нұр жамалың. Көптен мұқтаж боп жүрген ғашығыңмын, Шаттық тауып рахатпен тұрсын жаның. Миясар Тәңiрi берiп болды дидар, Ғапылдық қысқа ойлап қылма зинһар. Құданың жеткерген соң қасыма кел, Өткерме һәрбiр iстiң уақыты бар. Шүкiр қыл, раушан тапты қапастан хал Көңiлiңнен көтерiлсiн қайғы, мажал. Мейiр етiп аманатың атқар менен Сақтаулы көптен менде қарызың бар. Дертiңнiң дауасымен көптен жүрген, Iзденiп мақсұдыңмен жапа көрген, Жасыңда уағда берген мағшұғыңмын, Хасыл қыл мақсұдыңды келiп бермен. Қам көңiл бiр-бiрiмен болсын жарық, Құмай құс талабына баһар алып. Жарасар лағыл, гауһар, iнжу-маржан, Тiзiлiп бiр қатарда тұрса барып. Ғашықтың ұшырағансың бәлесiне, Жан күйген мехнаттың наласына. Ақылың кәмiл һәр iстiң түбiн ойлап, Қалдырма менi дұшпан жаласына. Мен тұрмын арыз етiп өзiме-өзiм, Не ойлап отырасың ашпай көзiң. Алмайсың шарап берсем тұрып келiп, Ұқсамас ғашықтарға һеш мiнезiң. Жарына ғашық мирас әйла баз, Сынаған жарын кәмiл табады бар. Жамалын Мәжнүнге арыз етiп, Бiр ғазал осылайша қылды әуез. – Зағип қылдың халiмдi, Iшiме ғашық от салып, Түзiк ағзам дерт алып, Рәсуа қылдың ғаламға. Аралап келiп көз салып, Уағдаң қалмай iсiмнен, Қайғың асты күшiмнен, Қапалықта күн өтiп, Ажар кеттi түсiмнен. Нендей халге ұшырап Айрылдым ақыл-хошымнан. Iзденiп келдiм қасыңа, Пәруана болып басыңа, Рақым қылып хал сұрап, Сағынған болсаң зар жылап, Гүлдi көрген бұлбұлдай Қуанбайсың жалбырап. Мұндай жалғыз орында, Әслан назар етпейсiң. Қайғысынан босанып Ғашықтықтың кетпейсiң. Шеккенiм қайғы-қасiрет Бар шығар сiзде бiр медет. Жаннан тәттi жананым, Дәулет тауып ғашықтық Мақсұдыңа жеткейсiң. Әй, Физули, сабыр ет, Халыққа сырың бiлдiрмей. Һәрне пәрмен өзiңде Алдыңнан талап күткейсiң. Мәжнүннiң жауабы Ләйлiге Мәжнүн айтты: – Ғашық жарым, Не үшiн тәнiмдi отқа жандырғаның. Жетуге уисалыңа тағатым жоқ, Әгарда тәжiрибе етiп бiлсең халiм. Көп жәбiр маған қарсы тұрма зинһар, Қарудан уақыт өттi пайда болар. Көрсетпей нұр жамалың қасiрет бердiң Күнiм деуге мұштақ көзде нұр бар. Көре алмай қарасаң да назарыңыз, Тұрсаң да сонша жақын ажарыңыз. Жолдас деп екеуiмiздi хақ тiлiнде, Ашылған ғашықтықта базарымыз. Қалғанмен сурет, қарар ықтибардан, Күтемiн ажал жамын, дертке дәрмен. Рухым жар бустаннан хабар алып, Бiлерлiк болды мұны тәттi жаннан. Көп заман денемдегi жан кеткелi, Тәнiмдi сауық берiп хош етпедi. Тәнiме басқа жанмен тiрiклiк бердi, Жапамен бауыр етiм қан еткелi. Өзiмнен өз жанымды бездiрдiң сен Кiмге арыз сенiң үшiн айтайын мен. Мен әшкере жүргенде таптырмадың Мен жоқпын, не пайда бар көрген соң мен. Арттырдым қасiрет шегiп дәрежеңдi, Басқадан таптым хош ниет тиесiлi. Менен опа болғанда, сiзден қапа, Бiрлiктiң осыменен кеттi сәнi. Басыма душар қылдың қайғы, һажран, Мектепте сабақ оқып тұрған заман. Бұрынғы мекенiңнен адастырып, Таппадым iздеп барып намы нышан. Әбжадтың жүрушi едiм сабағында, Ойлаушы ем бiлiп сабақ аламын ба. Жаныма ғашықтықпен от жандырып, Бiр сенiң ғұмыр өткердiм талабыңда. Молдада жүрушi едiм тартып машық, Жапада кәмiл тауып жеттi ғашық. Жапаңмен рәсуа болып ғұмыр өткер Дүниеде дидарыңнан болмай нәсiп. Мәжнүн деп менi бiледi әһлi ғалам, Лайық жаман iсiм көрмен саған. Мен жынды, сенiң пәктiк есiмiң бар Аз өмiр осыменен болсын тамам. Жынды деп менi айтады көп халайық, Ләйлiге Мәжнүн болмас бiрде лайық. Өзiңнiң әдебiңде өмiрiң өткер Тақпасын саған дұшпан сырттан айып. Һешкiмге бiлдiрмедiң мiнезiңдi Паш етiп қайғы-қасiрет бiр сөзiңдi. Тәрiк етпей ұят-әдеп отқа төзiп, Сарғайттың мехнатпен гүл жүзiңдi. Қалмады саған нанып көңiлде шәк, Мен ғарiп халыққа мағлұм, шүбһәдан пәк. Дүниеде мақсұт етпес рас ғашық Мәңгiлiк қауыштырсын Жаратқан Хақ. Мен рас ғашықтардың жолын тұттым, Дүниеде намыс-ұят барша ұмыттым. Құлақ сал, опа қылған ғазиздарым, Өзiмнiң ахуалымша ғазал еттiм. Мәжнүннiң ғазалы – Халiнен хабар алған соң, Мақсұт тауып болған соң, Тiлемес жарың уисалын Зақым болар сабыр етуге, Көз жетiп кәмiл қосарын. Жүзiне қарап сөйлеген, Дүниеде мақсұт iздеген, Бұлар ғашық емес деп, Рас, кәмiл ғашықтар Тауыпты солай нұқсанын. Жаһил ғашық сол болар, Махаббат iстi назарға, Жаныменен жүгiрер. Қарамақ үшiн ажарға, Рас ғашық қасында, Өзiне салып бара алмас, Мен де ғашық болдым деп. Таңда мақшар күнiнде Халық жиылған базарға. Дүниеден ләззат табам деп, Суретке назар салам деп, Ықтияр бермей нәпсiге, Пәктiктi хақтап жетелiк, Риясыз амал етелiк, Дүние серiк болмаған. Хайла менен амалға, Дүниеден мақсұт табам деп, Қалмалық бекер залалға. Сабыр етiп шыдайық Қосатын болса ажалға. Ләйлi айтты: – Разы таптың кәмiл Болмақ-ты Хаққа жақын еттiң қабыл. Опасыз дүниеге көзiң жетiп, Тұрғанға алданбадың бiр қызыл гүл. Кең нәсiп, кәмiл ынсап, зор қанағат, Нәпсiң тоқтау берiп, қылдың тағат. Ғашықтық талабында ықтимал қып, Шүбһәдан Хаққа шүкiр болдым азат. Бұлайша сырларыңнан едiм ғапыл Мастықта пәруаз қылмай жүрдiм жаһил. Хақиқат сырларыңды көзiм көрiп, Көңлiмнен қараңғылық болды батил. Кәмелет раушан болды бiзге халық, Таба алмай сiздiң үшiн көңiл жарым. Жан мен тән, көңiл, бәдан бiр көрмекке, Сағынған кеше-күндiз ынтызарың. Бiр қара ықыласыңмен назар салып Нұр берiп ғамлы көңiл болсын жарық. Сен де жет талап еткен мақсұдыңа, Етейiн сауап хасыл пайдаланып. Қарауға көрiнбейдi көңiл сенде, Не қылсын көрiкке қарап жеткен пенде. Бiр мiндет рақым етiп көз салмасаң, Дақ қалар мәңгiлiк боп жан мен тәнде. Ойлаушы ем сарп етем деп жанымызды, Жолыңа садақа етiп тәнiмiздi. Iздеген мақсұдымды хасыл қылып Қайғыдан құтқарар деп халiмiздi. Болмады талап еткен мұратымыз, Жаманат халыққа жеттi ұятымыз. Айнасы дүниенiң жүз көрсетiп, Сипаттан өзгерiлдi бұл затымыз. Қан болып қайғыменен толды көңiл, Бұл қайғы ауыр сырқау, емес жеңiл. Қайғы ауып, ғамлы көңiл көтерiлсiн, Халiме менiң зағип мархабат қыл. Жатпаққа парыз болды салған төсек, Өзiме сұрамаймын Хақтан өсек. Перде ашып һешкiмнен араласпай Рас жұрт мақшар жерде салсаң есеп. Iлтипат тура қарап етпейдi жар, Ғашыққа хұсни құлық, қажет дидар. Мен – зағип, Мәжнүн – ғарiп қарап тұрсам, Мәжнүнге менiң нешiк лайығым бар. Арамыз екеуiмiздiң жер мен көктей, Хақ берiп мақсұдыңды ғарiп еттi. Бiр ғазал өз халiнен сөз сөйлейдi, Жарының уисалынан үмiт етпей. Ләйлiнiң ғазалы – Жапа бердiң басыма, Халыққа пiнһан көрiнбей, Келдiм iздеп қасыңа, Жаным сабыр етпедi. Зар-гөриан жайыңа Рақым әйлап көз салсаң, Мен ғарiптi ойға алсаң, Абхаят бергенде, Қызығын дүние көргенде, Iшiмдегi жанған от Көл суымен сөнгендей. Осың шипа бередi Сағынып келген досыңа. Жарық үмiт етiп тұр, Арыз етiп дидарың. Көптен көрмей сағынған, Жаңа тауып дiлбарын. Мақсұдың тауып алдыңнан, Пәниға мейiл қылмадың. Перiштелермен қосылып Сабыр еткен соң бiр жаның. Мен де сабыр етейiн, Тағы да сiздi күтейiн, Жанымды менiң күйдiрiп Дәт фариад қылған соң Мақшар күнi болғанда Қалмасын көңiл арманда, Хабарыңнан тастама, Тағы да тiле, сұлтаным. Ләйлi сөз Мәжнүнге айтты бұлай, Қан ақты көздерiнен жылай-жылай: – Бiр адам түйе мiнген келе жатыр, Сөйлесiп сөз аяғын тамам қылмай. Түйемен шапшаң жүрiп келедi тез, Болармыз iздеп жүрген жұмысы бiз. «Өлiмнен ұят артық» деген мысал Бұл жерде жарамайды тұрмағымыз. Сарайдан iздегенде жоқ болған соң, Жолынан баратұғын тоқталған соң, Бұл көрiп сырларымды халыққа шашып, Халiмiз хараб болар от жанған соң. Аман бол ендi қалсаң, ғазиз жарым, Тиiслi тапты көрiп аһы-зарым. Барамын өз жұртыма керi қайтып, Мақсұтты асан етсiн Бiр уа Барым. Солай деп Ләйлi үйiне қайтып келдi, Бұлбұл құс ашиянға пәруаз еттi. Жолдасы Мәжнүннiң құс пен хайуан, Бұрынғы қалыбынша қарар еттi. Құс-хайуан, жылан-шаян жолдастары, Басынан айрылмаған аһы-зары. Тұруға сабыр етiп тағаты жоқ, Жүруге өзiнде жоқ ықтияры. Бiреуге Тәңiрi берсе зор салтанат, Болмайды қайғы-ғамнан ондай азат. Дүниенiң мехнат, жапасы көп, Мақшарсыз рас пенде болмайды шат. Мәжнүндi пәк жаратты топырақтан, Бұрмады әслан мойын пәктiк жақтан. Дүниеге таза келiп, таза қайтты, Бiр зары өзгермедi сол сипаттан. Ықыласпен таза болды Мәжнүн Хаққа жақын, Сақтады құрмет етiп рухы пәгiн. Адамның арасынан кеттi безiп, Һешкiмнiң көрмейiн деп кесепатын. Құс-хайуан қызмет етiп тұрар бiрге, Перiште саны неше, құстар түрлi ретте. Жар болып қызмет етiп бағар едi, Мәжнүнге қайғы мүшкiл түскен күнде. Заһиры, жолдастары хайуан мен құс, Бәйiтiнде перiштемен көңiлi хош. Көз жұмып, хал ғаламнан хабар алып, Көңiлiмен дүниенi көрмедi дос. Опасыз дүниеге көзi жеткен, Дүние деп емес едi қайғы шеккен. Хақ берiп, ағзалары нұрға толып, Тоқталды еңбек, жиһад бұл реттен. Жоқ едi һеш адамға ығтималы, Сақтаған көңiлiнде бар мұраты. Ғылым бердi Хақ Тағала оқымастан, Жинады һәр сөзiнiң мыңнан мәнi. Өзi зейiл Хақ, бек мәулә әлйаум, Һәм түзiк сипаттары тұрар қайым. Хат жазып әгар оқып шығарса үн, Құс-хайуан барша тыңдап тұрар дәйiм. Қасында бағзы оқыды бағзы ғазал, Һешкiмдi бейназалап қылмас залал. Ғазиздап iздеп келiп тыңдап тұрып, Гоһи жылап болар едi, гоһи хош хал. Ғазалын жазар едi келген адам, Оқыр едi апарып елге тамам. Мәжнүн сол себептен мәшһүр болып, Бiлiндi баршасына жұмлә ғалам. Хош жамал, зейнi артық, лебiзi тәттi, Тауыпты хал ғылымнан кәмелеттi. Құданың мас қолы деп бiлмек керек, Айтылған кiмге берсе үш сипатты. Құданың һәрне қылса құдiретi бар, Жоқ жерде бiр ғаламат етсе изһар. Мәжнүннiң ойындағы мақсұдынша, Бiр ғазал осылайша қылды тикрар. – Пәни дүние қызығын, Ойыма алып тәрiк еттiм. Төзiм жетiп бұзығына, Жалған дүние сипаттап, Қарар қылыңыз Хаққа тағат деп, Көрмедiң бе көз салып Расулдың хадис шариғат. Дүниеде түрлi пенде бар, Өзiн-өзi зор санар. Жапаға қойып бiр басын, Жанын қинап мал табар. Халал, харам айырмай, Таза аяқ сусын татса егер, Шәрбат деп соны бiледi. Рахматынан Хақтың бейхабар, Дүниеде мұңсыз болам деп, Айларға қарап көз салар. Сүлеймен патша, Ескендiр, Опасы жоқ дүниеден Пайда етпедi һеш бұлар. Осының бәрiн ойламай, Дүниеге алданған, Таппақ боп мақсұт жалғаннан, Хақиқат ғылым қасында Рас надан осылар. Ләйлiнiң ғұмырының ғазалы Сағынған Ләйлi көрiп қайтты жарын, Бiтiрген қасiрет шегiп нұрлы ажарын. Дүниеден көңiл суып үйге келдi, Ете алмай бiр күн хасыл жар уисалын. Тiлейтiн мақсұды жоқ бұл жаһаннан, Безбекке талап еттi бұл жаһаннан. Талабын мәңгi дүние ойына алып, Пайдасыз құтылсам деп қайғы-ғамнан. Ләйлiнiң кәмiл тапты ғұмыр бағы, Мәжнүннiң ... әсер еттi дағы. Ажал жамы хизанның желiне ұқсас, Төгiлер болды жерге жапырағы. Көгертпес гүл өсiрiп күзгi жауын, Кiмнiң кiм бiлер iште дерт алауын. Бiр түнде кәмiл тауып уақыт жетсе, Үзiлер сағасынан пiскен қауын. Дүниеде тұрмасына көзi жеттi, Тәнiнен қасiрет өтiп, сауық кеттi. Көңiлiн аулақ жерде көтермекке Бақшаға жалғыз өзi сапар еттi. Бақшаға тамаша етiп тұрды барып, Жапамен һәрбiр түрлi ойға қалып. Төгiлген жапырақ гүлi барша ағаштың, Қараса миуасына назар салып. Ағаштың бастарында жапырақ жоқ, Құр тiрлiк сақтап тұрған көңiлге тоқ. Ғажаптап қараған соң ойға қалды, Бұл менiң өз халiме ұқсайды деп. Қалмаған жемiсiнiң һешбiр дәмi, Қуарған бойдан кетiп көркем сәнi. Өзiне мұның халiн тәмсiл қылып, Отына қасiреттiң күйдi жаны. – Көрген соң саған күйдi менiң жаным, Баян қыл, неден мұндай болды халiң. Жапасын басындағы тамам қылып Сұрады қалайша деп сенiң дертiң. Мәжнүннiң ынтызармын базарына, Бұл жапа бiрге барар ажалыма. Түрленген жапырақ гүлiң тамам кетiп, Қатты жел ұшырапсың хизанына. Сенiң де үмiтiң бар келер жаздан, Гүл берер зағип тәнiң қаншама азған. Менiң бұл дүниеден үмiтiм жоқ, Еңбек һеш қапа хасыл қылған наздан. Хизанның дауылына сен кiрiптар, Баһардан жазғытұрғы үмiтiң бар. Сырларын көңлiндегi әшкере етiп, Құдаға қол көтерiп, қылады зар. – Мақсұттан үмiт кесiп тоқтап қалдым, Жапамен бекер күйiп отқа жандым. Достыма ойымдағы жеткiзе гөр, Иә, Алла, керегi жоқ жан мен тәннiң. Екiншi ризамын тiрiклiкке, Жарымнан үмiт етiп жүрмiн күйге. Жападан өлiмiнше нәжат болман Тұрғанша күнде күйiп бекер текке. Деушi едiм ғұмырым болар менiң бақи Мәжнүннiң хасыл болса iлтипаты. Тiрiклiк бәдан мақсұтты хасыл етпес, Тiрiклiк тiлемейiн Тәңiрi Хақ. Денем мен рухымды хафиз әйла, Хақтықта қайтсам мәңгi жанға пайда. Тiрiклiк пен жанымнан безер ем деп, Тiледi дұға қылып бiр Құдайдан. Дұғасын Хақ Тағала қабыл еттi, Бәданын сырқау алып, саулық кеттi. Муафиқ тiлегiне душар болып, Дерт алып зағип тәнiн ренжiттi. Хаста боп жатып алды төсек салып, Басынан жарық болды шырақ жанып. Ғайыптан пайда болып жанған шамға, Қарады көрген адам ғажаптанып. Жеткердi рухын көңiлге алған жайға, Һеш нәрсе қиын емес бiр Құдайға. Ләйлiнiң опатының мысалы үшiн, Ғаламат неше түрлi болды пайда. Кетiрдi науқас жеңiп жүзден нұрын, – Сақтаған дертiм едi мұнан бұрын. Қайғымды жасырам деп жанға жеттiм, Һешкiмге бiлдiрместен сабыр еттiм. Дүниеден тез қайтатын болғаннан соң, Анамсың, сырым саған әшкере еттiм. Сырымды баян еттiм, анам, саған, Жан тәттi ғашықтықтан болмады аман. Мехнатты басымдағы һешкiмге айтпай Iздедiм табамын дертке дәрмен. Сағындым көрмеген соң нұр жамалын, Бiр күн тұра бiлмедiм жар уисалын. Көзден жас, көңiлiмнен қайғы кетпес, Шара жоқ қолдан келер не-дүр халiм. Жарымның күйiнiшi мұнан да артық, Мехнат бер менi ойлап, қайғы тартып. Адамнан қасiрет шегiп безiп кетiп, Тұрады құс-хайуанмен зiкiр айтып. Көрген жәбiр-жапасы менен де абзал, Қайыс аты өзгерiлiп болды Мәжнүн. Бiр күнi уисалынан нәсiп болмай, Қайғымен ғұмыр өткердiм күн менен түн. Ғаламға рәсуа болды менiң үшiн, Қайғымен хараб қылды бiлiм, күшiн. От шығып аһы тартқан наласынан, Күйдiрдi жан-тәнiмдi түскен ұшқын. Дүниеден тезлiк илән қылсам сапар, Дертiм сол Мәжнүнге көп ұятым бар. Ұмытпа зинһар мұны, ғазиз анам, Мен кетiп дүниеде сен қылсаң қарар. Мен кетiп дүниеден, мұнда қалсаң, Қайғымен қасiрет тартып афған салсаң. Үйiңде отыра алмай сахара кезiп, Мүбадә Мәжнүн тұрған жерге барсаң. Ұшырап Мәжнүн саған болса мәлiм, Баян қыл, сұлтаныма арыз халiм. Көз сүртiп аяғына дұғасын ал, Шын ғазиз дұрыс ғапыл қалмағаның. Хақыма мен ғарiптiң дұға қылсын, Сен үшiн Ләйлi жанын бердi дерсiң. Хилафтық уағдасында көрсетпейдi Жоқ қылды ғашықтықта ақыл-хошын. Сәлем айт, мен ғарiп мүпталадан, Етер деп көз тұтамын жар опадан. Күйiнiштен шырақ Хаққа жақын болдым, Сен де кел азат болып қор, жападан. Шапшаң кел, дүниеге сабыр етпе, Сен үшiн ынтызармын, ренжiтпе. Әгар да уағдаң рас болса сенiң Тәрiк етпей дүниенi тұрма көпке. Қосылып шығаралық iштегi арман Оңаша орын тауып басқалардан. Дұшпанның жұрты жапа, тағынасынан, Етпедiк мұрат хасыл, дертке дәрмен. Осылай менiң халiм, бол хабардар, Айтпай-ақ бiлер мұны қуатың бар. Өсиет анасына тамам етiп, Дүниеден көзiн жұмып қылды сапар. Жар еттi өлгенiнше мейiрбанын Ықыласпен үмiт қылып жар уисалын. Дүние пәни һешкiмге аман бермес, Мәжнүн деп Хаққа тәсiлiм қылды жанын. Дүние бiр аждаһа жетi басты, Алдап отқа түсiрмек, көңлi қас-ты. Неше дос сұлу сипат болып жүрiп Айырмай берер опат кәрi-жасты. Ойласаң шаттығы жоқ бұл заман, Бiр-бiрлеп келiп-кетiп тұрар жәнә. Хақында дүниенiң мейiл қылып, Бiр ғалым ғазал еттi ақылы дана. – Адам ұғлы қарасаң, Көрмекке жақсы бұл ғалам. Ойласаң нәпсiм шат қылар, Басыңа пiтна көрсетер Iшi толы қайғы-ғам. Шаттық тұрар ақырында, Ақырет қамын ойлаған, Қабiр деген орын бар Раузасын өзiң сайлаған. Жалғыздық қиын дегенмен, Құтылмаймыз һеш мұнан. Бiзге мирас әзелден, Ата-бабаң жол салған. Қабiрде жалғыз емессiң, Һәр қысым топырақ бiр адам. Пәни дүние iшiнде Қанша қымбат үй салсаң, Осыным орын болар деп. Һәрбiр iсiн нық салсаң, Бiр күн тастап кетесiң. Жүз жыл өмiрiң көп тұрсаң, Ажал жамы құтқарар, Нәпсiнi қауiп-қатерден. Нәпсiнi риза қылмассың, Қарар тауып тұрмассың, Ақыреттен орын ал. Бақи дүние сол махкам, Ғашық кәмiл пенделер, Өлiмге өзiн даярлар. Дүниенi тәрiк етiп, Рәсуа жүрер харидар. Жаз мысалын қарасаң, Байқалар гүл боп шамандар Апат үшiн жаратқан Сақтаулы бұған хизан бар. Тiрiклiкке алданба, Алдыңда тұрған ажал бар. Мехнат көрген дүниеден Алдыңғы орнын шамалар. Алдыңғы қамын ойламас, Дүниеқор пенделер. Ғапыл болма, Физули, Барар шақ орның мақшар-дүр, Осыларға қыл назар. Ләйлi опат болды Хақтан жетiп, Мәжнүннiң ғашықтығын себеп етiп. Жылады басын ашып, шашын жайып, Анасы отыра алмай тағат етiп. Сап-сары жүзi болды зағпырандай, Кетiрдi хал-қуатын қайғы-ғамнан. От жанды тап ете алмай көңiлiнде Қан ақты жас орнына көздерiнен. Көп жылап зары қылды Құдайына, Қайғының кiм жыламас мұндайына. Жамағат опатынан хабар тауып Ләйлiнiң жиылыпты сарайына. Жиылған топ жамағат қайғы шектi, «Мұндай жан һеш уақытта болмас» дептi. Пәк жуып, тәуiр етiп, кебiн сайлап, Барша халық намаз оқып, дәпiн еттi. Қабiрiн дәпiн етiп қайтты жауып, Өлген соң оларға жоқ сатар сеп. Дүниенiң пiнһанынан азат болып, Тыныштанды жаңа жаны рахат тауып. Тән жатты рахат тауып тар лахыттан, Шара жоқ жаралған соң топырақтан. Ғашық жан мақсұдына уасил болып Жан тыныш орын алды фалактан. Ләйлiнiң зират салды бастарына, Күтушi адам қойды қастарына. Кiм хабар берер Ләйлi опатынан, Мәжнүннiң құлағың сал дастанына. Мехнатты дүниеде тұрма ғапыл Адамзат ажал жамын күтедi ақыр. Ләйлiнi Мәжнүн қалай естiгенiн Бұлайша айтушылар қылды нақыл. Сөйлеушi айтқандардан нақыл қылар, Басыңа қайғылы сөз жапа салар. Ләйлiнiң опатының iшiнде боп, Мәжнүнге Заид барып бердi хабар. – Бақытың жүз көтермедi оңға басып, Болмады басқа пайда қылған кәсiп. Бұзылды дүниедегi талабыңыз, Бас көтер, қайғысынан көзiңдi ашып. Тарқады дәуренiңнiң жоқ базары, Болмады саған кәсiп көрiк-ажары. Үмiтпен күтушi едiң тiрiклiгiн, Сен барсың, Ләйлi болды бүгiн пәни. Деушi едiң Ләйлiнiң мен садағасы, Сен үшiн құрғамады көзден жасы. Қасiретке тап ете алмай жанын қиды Ләйлiнiң көрiндi абзал ықыласы. Ләйлi хор күйiнiшпен дүние салды, Фердаус ағладан орын алды. Мәжнүн бұл хабарды естiген соң Зар етiп, аһ тартып талып қалды. Қасiретпен аһ тартып оттай жанды, Жаздады хараб қыла бұл жаһанды. Жарының налашыменен шыдай алмай Ләйлi мәрк тебiренуге аз-ақ қалды. Тоқтады наласынан есiн жиып, Көз жұмып пiкiр еттi көңiлiн тиып, Заидке бұлайша деп сөз сөйлейдi Халi жоқ сабыр етер iшi күйiп. – Әкелдiң маған сонша бар хабарды, Осы едi уақыт толған жам ажалды. Жарымнан опат хабар айтып келiп, Жаныма тастаған от жапа салды. Сен серiк бола жаздың ажалыма, Ғұмырымның ұшыраттың хизанына. Ренжiттiң екiншi сауабымды ал, Ләйлiнiң бастап барып мазарына. Заидке Мәжнүн ғарiп болды жолдас, Қасiретiн бастап кешкен айтып болмас. Ләйлiнiң зиратын тауып алып, Құшақтап қабiрiне қойыпты бас. Басына екi қолмен топырақ шашты, Лахытқа киiм жыртып, көксiн ашты. Көзiнен жас орнына қандар ағып, Лай боп тас, топырақ араласты. Көп жылап, Мәжнүн сонда зары еттi, Рауан көз жасымен толып кеттi. Көз жасы толған сонша жерге батып, Iшiне лахытының барып жеттi. Ләйлiге көз жасымен бердi хабар, – Күйiнiшпен менiң жаным отқа жанар. Жолдассыз жалғыз тұрмай рақым әйлап Қасыңа ал, менi мұнда қойма зинһар. Гауһарым, халiң нешiк тұрсың қайда, Бұл дүние һешбiреуге бермес пайда. Ләйлiнiң көксiн қойып топырағына, Бiрнеше зары қылды бiр Құдайға. – Не үшiн менен жүзiң жасырғаның, Хабарсыз бастан қайғымды асырғаның. Сен iшкен ғам суынан мен де iшкенмiн, Қайғыда саған жолдас жан мен тәнiм. Мас болдың iшкен шарап көтере алмай, Тұрмадың бiрiң сақтап шаршап, талмай. Ғашықтық iште жанған қасiретiне Бұлайша болды халық тап ете алмай. Құтылдың дүниенiң қасiретiнен, Тiрi боп менде қалды қайғы тұман. Дүние ақыретте жолдас едiм, Дос адам кете ме екен жолдасынан. Қалдырып менi қойдың жапа мен зар, Көңiл хош сен тұрғанда дүниеде бар. Кiл ғұмырым тамам болар уақыт жеттi Бұл ғалам жарсыз тұрған не керек-тi. Ғапу жан уақыт болды амандасар, Мәжнүннiң талабына қадам басар. Ажал жамын ұсынып, рақым қыл, Қайғыдан болса мезгiл көзiң ашар. Керексiз дүниеде көп қорғаным Рәсуа боп бекер қайғы жеп тұрғаным. Оңаша басқалардан орын алып, Жарасар Ләйлiменен отырғаным. Құдай-а, мен ғарiпке медет әйла, Рақымың медет қылған маған пайда. Жаһанда жишы жанның керегi жоқ Рахмат Ләйлi тұрған барсам жайға. Дүниеде ендi менi құры қылма, Ажалдың опатын бер ғұмырыма. Жан кешкен жарға мұштақ Мәжнүннiң Қараңыз мынау айтқан ғазалына. – Күйiнiштi жанды жанымыз, Қайғы шектi тәнiмiз. Дертке дәрмен талабым, Iлгерi кетiп жарымыз. Мен бiр бұлбұл қапаста, Жоқ болып Ләйлi жарымыз. Жиған-тұрған бос қалды, Мехнат жанға от салды, Харидары табылмай, Үмiт еткен базарымыз. Пәни болмақ сұраймын, Құтылмақ үшiн қайғыдан. Күйiнiштен азат боп, Рахат тапсын ғазиз тән. Қасiретке сабыр ете алмай, Асығып ажал сұраймын Қайғым көп-дүр лайым. Айрылып жарымнан, Көтерер деген көңiл бар, Рақымың кең, тар емес Мен ғарiп хастаға Мақрұм етпей дидардан. Ғазалын осылайша қылды тамам, Қалмады дүние күтiп һешбiр адам. Мәжнүн ықыласымен тiлеген соң, Дұғасын қабыл еттi Хақ Тағалам. Құшақтап қабiр пәкiн жылап тұрды, Зар жылап, тағат етпей таң атырды. Ләйлiнiң ғашығының себебiмен Шат болып Хаққа жанын тәсiлiм қылды. Мәжнүннiң қолында едi ғазиз жаны, Сақтаған жаңа келдi бұл заманы. Қанша қайғы, қасiретпен бұлар да өттi, Тұрады кiмдi сақтап дүние пәни. Бiрнеше ғашықтардан қалған заман, Бiрi өлсе, бiрi тұрар аз күн аман. Ләйлi опат болғаннан соң, Мәжнүн өлдi, Ғашықтық дүниедегi болды тамам. Өлгенiн Мәжнүннiң Заид көрдi, Аһ тартып, жапа тартып жылай бердi. Зар жылап, дәт фариад қылғанынан Жиылып көп жамағат қазiр келдi. Заидтың көп тыңдады айтқан зарын, Құшақтап Мәжнүн жатыр жар мазарын. Ләйлiнiң қабiрiнiң үстiнде боп Етiптi Хаққа жақын шырын жанын. Жылады көп халайық шуылдасып, Дүниеде болмады деп бұлар нәсiп. Пәк жуып, кебiн киiп, намаз оқып, Ләйлiмен бiрге қойды қабiрiн ашып. Ләйлiнiң бiрге қойды мазарына, Жолықты тарқап кеткен базарына. Рухы рухымен жолдас болып, Қосылып сайран қылды гүлзарына. Жетiптi мұрат, мақсұт талабына-ай, Бiрiгiп дәурен сүрдi күн менен ай. Дүниеде ынтызар боп жүрген ғашық, Ұшырап бiр қабiрден алыпты жай. Үстiне атын жазып қойды нышан, Бiледi сұрамастан ұшыраған жан. Орнына екi ғашық мұғтибар боп, Келедi зиаратқа жұмлә жаһан. Зират жұртқа қажет орын болды, Мiскiн, пақыр көз атып тұрар жолды. Дүниеде нашарларға ризық боп, Басында қабiрлерi нұрға толды. Пәк құлық, таза ниет талмас жайға Зор дәулет, қызмет қылсаң бiр Құдайға. Жеткiздi нешiк дәулет мақсұдына, Көз салып осылардан пiкiр әйла. Қалмайды өлмей мәңгi тiрi жаннан, Пәруана қайда барсын жаққан шамнан. Басында қабiрiнiң Заид тұрып, Медресе бина қылып, мешiт салған. Заидтан тарқар едi жиылған жан, Бас тартпас Заид қайғы қайратынан. Қонақжай неше сарай бәрiн түзеп, Баршасын қандiл асып, қылды раушан. Жолында ғашықтықтың бұ да тәлиб, Оянды зiкiр қылып баһар алып. Қайғымен зар-гөрианда жүрген Заид, Түс көрдi бiр күн жатып. Кетiрген Заид жанның рахатын, Жастанып жатыр едi зиратын. Бiр жаққа Ләйлi – Мәжнүн сайран қылып, Көрiптi шады харам сын сипатын. Нұр шығар жүздерiнен, көңiлi шат, Құтылған қайғы, қапа, ғамнан азат. Қол байлап ықыласпен қылар қызмет, Неше жүз перiштелер көркем сипат. Ерғали тамам еттiң күн-түн тынбай, Кезiнде кiрпiк қағып, көзiң жұмбай. Һәр нешiк мақсұдыңды берсiн Алла, Ғашықтың Ләйлi – Мәжнүн құрметiндей.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.