Kazakh
Қисса Таһир - Зүһра
«Бисмилла», мен сөйлеймiн, Патша Құдай,
Бiз ғасы пенделерде көп қой күнә-ай.
Қыл көпiр қияметтiң өтерiнде,
Болады заманымыз әлде қандай.
Екiншi жәрдем берсiн Пайғамбарым,
Шапағат қыл үмiтiңнiң һәммаларын.
Ақылбек Сабалұғлы қисса жазсам,
Үшiншi жәрдем қылғыл шаһариарым.
Төртiншi жәрдем бергiл жұмла әулие,
Соларды өткiзбедi мынау дүние.
Бұ жалғанның һешкiмге пайдасы жоқ,
Бiреуден қалған малға бiреу ие.
Не болам бiр күндерде тiл байланса,
Алуға ажал өлiм ыңғайланса.
Ақылбек қара сөздi өлең қылар,
Нұсқаны жазамын деп ой ойланса.
Ат қойған Ақылбек деп анам маған,
Құдай-а, не жақсылық қылам оған.
Таһир менен Зүһраны өлең қылсам,
Тыңдасын кiшi iнi мен үлкен ағам.
Ноғайша қисса екен мұның өзi,
Көңiлiме ұнамады һәрбiр сөзi.
Ағалар, құлақ салып тыңдасаңыз,
Талаптың өлең қылар келдi кезi.
Ал ендi мен бiр ғарiп қалам алар,
Сөзiне ғашықтардың жұрт таң қалар.
Әсар уа нақилан нашара бұрынғылар
Хикаят қылған екен рауаилар.
Заман әуелде бiр патша болған екен,
Қазынасына қисапсыз мал толған екен.
Көп екен әскерлерi заманында,
Сұлтандық, әдiлдiкке болды бекем.
Дүниеге, һеш нәрсеге мұқтажы жоқ,
Көзiне көрiнбейдi дүние боқ.
Армансыз өзi патша болса дағы,
Баладан ұғыл мен қыздың бiреуi жоқ.
Көңiлiне сол себептен тарлық қылды,
Һәрқашан бала үшiн зарлық қылды.
Қай шаһарда естiсе бiр дәрiгердi,
Елшiге «алып кел» деп жарлық салды.
Елшiлер дәрiгердi алып келушi едi,
Патшаның пәрменiне көнушi едi.
«Патша, мұны жесең, балаң болар» деп,
Дауа қып патшаға берушi едi.
Көңiлiн де патшаның қайғы жуып,
Мұнымен қуанбады бала туып.
«Бермесе Құдай өзi пендеге» деп,
Отырды хакимдерден көңiлi суып.
Мақұлық не қылады патшаңызға,
Бегiрек мұқтаж болды ұл мен қызға.
Құдайым құдiретпен бермеген соң,
Тәбибтер не қылады дауасызға.
Мұнымен патша тұрды бiраз заман,
Көңiлi бала үшiн болды жаман.
Бар екен шаһар сыртында бiр бақшасы,
Кiрген адам қайғыдан болар аман.
Бақшада һәр түрлi ағаш өсер едi,
Патша оған сайран етер едi.
Қайғы, тарлық келгенде соған кiрiп,
Азырақ көңiлiн ашып кетер едi.
Бiр күнi көңiлiне бала түстi,
Құдайым жаратады ғажап iстi.
Қасына бiр уәзiрiн шақырып алып,
«Көшенi аралайық ендi» дестi.
Патша баланы ойлап жүре алмады,
Үйiнде сабыр қылып тұра алмады.
Киiмiн алмастырып базар шықты,
Көңiлiн бөтен iске бұра алмады.
Екеуi көше аралап ендi жүрдi,
Шаһардан бiр дәруiш адам көрдi.
Бұларға айғай салып әуез еттi,
Не деген сөздерiн қарап тұрды.
– Кiмде-кiм мың алтын берсе,– дедi.
Сөзiме менiм айтқан көнсе,– дедi.
Болса да не мақсаты Тәңiрiм берер,
Қадiрiн һәр нәрсенiң бiлсе,– дедi.
Патша айтты: – Сөзiңе наналық бiз,
Қасына дәруiштiң баралық бiз.
Тегiнде мына сөзi бекер емес,
Мұның да фатихасын алалық бiз.
Не деген жауабына көнейiн мен,
Сөзiне әулиенiң ерейiн мен.
Дұғасы қабыл болар адам шығар,
Мың алтын садақа қып берейiн мен.
Дұғасы егер мұның қабыл болса,
Көрелiк ықыласпен дұға қылса.
Алтын түгiл патшалығым берсем керек,
Қуанып бiр күндерде көңiлiм толса.
Алайын фатихасын мұның барып,
Тұяқсыз өткенiм бе мен бiр ғарiп.
Бiр пайда дәрiгерлерден көрем бе деп,
Қисапсыз алтынымды қылдым сарып.
Бұл сөзбен дәруiшке жетiп келдi,
Қалтадан бiр мыңдай алтын бердi.
– Құдай Тағала мұратыңыз берсiншi,– деп,
Дәруiш патшаға дұға қылды.
Падишаһ жалынады Құдайына,
Бақшаның қайтып келдi маңайына.
Бiр ағаштың түбiнде бiр адам тұр,
Бақшаның көзiн салса сарайына.
Қараса үстiнде бар таза киiм,
Жанында жоқ кiтаптан басқа бұйым.
Һешкiмге қарамастан жазу жазар,
Алдында қалам, сауыт бәрi жиын.
Падишаһ ұмтылады ат секiртiп,
Қасына дәруiштiң келдi жетiп.
– Алдыңда қалам, сауыт, кiтабың бар,
Сұрады: – Сiз кiмсiз?– деп жауап айтып.
Дәруiш айтайын деп келдi сөзге,
– Құдайым ғылым берген көңiлiмiзге.
Ғылымын рәмилiнiң жақсы бiлем
Һәр түрлi өнерiм бар мұнан өзге.
Ғылымдық бiлмегенге талас болар,
Көңiлiм қашан менiм халас болар.
Патша айтты: – Менiм бiр ниетiм бар,
Соны бiлсең ғалымдығың рас болар.
Дәруiш қолындағы қаламын бердi:
– Әй, падиша, қолыңызға тұтшы,– дедi.
Қаламды ұста, көңiлiңдегi сырыңды,
Тiлеуiңнiң мәнiсiн бiлем,– дедi.
Падишаһ ұстап тұрды қаламды алып,
Алланың құдiретiне қайран қалып.
«Менiм балам болар ма, болмас па?» деп,
Көңiлiне бұл ниеттi тұрды салып.
Уәзiр де бұл ниеттi тұрған ойлап,
«Менiң де һеш балам жоқ, иә,Құдайлап».
Қаламды дәруiшке қайта бердi,
Тапсын деп iстiң жөнiн ендi абайлап.
Қалмады дәруiш те тез алады,
Наққаларын бiр-бiрлеп аралады.
Рәмилдiң қағидасынша тәжiрибе қып,
Екеуiнiң ниеттерiн шығарады.
Һәр түрлi тәжiрибе әзiр екен,
Бергенi бұл сұлтанның нәзiр екен.
Екi ниет шыққан соң, қарай қалса,
Бiрi – патша, бiреуi уәзiр екен.
Екеуi де ниет қылған бала үшiн,
Табады тәжiрибемен һәрбiр iсiн.
Ғылымдыққа һәр нәрсе заһир болар,
Ғайыптың асылына жетпес күшiң.
– Әй, патша, тыңдасаңыз айтайын сөз,
Ғайыптан хабар берсем бiлермiсiз?
Бала үшiн екеуiңiз ниет қылдың,
Бiрiң – патша, бiреуiң – уәзiрсiз.
Ғайыпты Тәңiрiм баян қылады екен,
Көңiлiңiз қуанышқа толады екен.
Патша, сенiң қыз балаң болып,
Уәзiрдiң ер баласы болады екен.
Екеуiн сүйiндiрдi осылай деп,
«Алдыңда, иншалла, қуанышың көп».
Дәруiш ендi сөзiн тамам еттi,
«Әлғалам инда Алла Тағала» деп.
Падишаһ дәруiшке қалды қайран,
– Бала үшiн көңiлiм болды-ау ойран.
Қата деп айтатұғын һеш сөзiм жоқ,
Уәзiрiм, бұ бақшаны қылдым сайран.
Екеумiздiң ниетiмiз теңдес екен,
Бұл кiсi бекер уайым жемес екен.
Қолын мұның өбейiн жалбарынып,
Бұл өзi бекер кiсi емес екен.
Патша дәруiштiң қолын өптi,
«Ғайыптан хабар сөздi айттың,– дептi.
Себеп болса болады ендi сiзден,
Бiлгендей көрiнесiз бiздiң кептi».
Қойнынан бiр алма алып тұрды,
Алмаға дұғалардан оқып, үрдi.
Патша мен уәзiрiне айтайын деп,
Алманы пышақпенен бөлiп бердi.
– Әй, патша, қайран қалма жауап айтсам,
Сөзiмдi бекер қылма сiз ұнатсаң.
Алланың изин балаң болар,
Жарты алманы бүгiн кеш асап жатсаң.
Шаһарға мағлұм екен әдiлетiң,
Кем емес һәр патшадан салтанатың.
Әгарда ол балаңыз әйел болса,
Қойыңыз Зүһра деп қыздың атын.
Әй, уәзiр, жарты алманы сiз асаңыз,
Сiзге сөзiм айтайын тыңдасаңыз.
Иншалла, саған да балаң болар,
Ғайыпты тәжiрибемен аңдасаңыз.
Сөздерiн ғалымдардың қайырмаймыз,
Ғайыптан һешбiр хабар бiле алмайсыз.
Таһир деп еркек болса ат қоясыз,
Бұларды бiр-бiрiнен айырмайсыз.
Әй, патша, сөзiмiздi көресiз сiз,
Дұшпанның тiлiне ермей жүресiз сiз.
Кәмiл жасқа жеткенде бұлар өсiп,
Қызыңызды Таһирге берерсiз сiз.
Ғайыптан хабар берген бiр Құдайым,
Иншалла, бұ сөзiм болар дайын.
Бiреуiн бiреуiнен айырсаңыз,
Арманда өтер Фархад пен Шырындайын.
Арманда пенде өтер бәрi мұндай,
Әуелгi ғашықтардың болғанындай.
Айырсаң бiр-бiрiнен арманда өтер,
Бұрынғы Ләйлi менен Мәжнүндей.
Болады бала туса көңiлiң сап,
Айырмасаң кетедi көпке жасап.
Екi ғашық айырсаң арманда өтер,
Бұрынғы Арзу менен Қамбар ұқсап.
Екеуiңе екi сұлу бала бiтер,
Бiтуiне, иншалла, уақыт жетер.
Екеуiн бiр-бiрiнен айырсаңыз,
Уамық пенен Азрадай арманда өтер.
Жаратқан һәр нәрсенi Патша Құдай,
Арманы бұрынғының, мiне, осындай.
Әй, патша, айырсаңыз арманда өтер,
Екi ғашық Уәрақа мен Күлшаһдай.
Ғайыпты, иншалла, Тәңiрi бiлер,
Бұл сөзiм алдыңызға бiр күн келер.
Бұрынғы осы айтқан ғашықтардай,
Айырсаң екеуi де арманда өлер.
Ажал келсе уақыты тез болады,
Бiр дұшпан екеуiне кез болады.
Айырсаңыз екеуiнiң хикаяты,
Кейiнгiнiң тiлдерiнде сөз болады.
Патша мұны естiп қайран қалды,
Ғайыптан дәруiштен хабар алды.
«Бiр бала орнымда болар ма» деп,
Берiп едi пақырға сансыз малды.
Дәруiш хабар бердi кiтап жайып,
Сөзiнен таба алмады һешбiр айып.
Мың алтынды қойнынан бермек болса,
Көзiнен ол дәруiш болды ғайып.
Екеуi тұрып қалды сөзiн ұғып,
Аң-таң болып қойнына қолын тығып.
Дәруiш көз алдынан болып ғайып,
Отырған орны жатыр шаңы шығып.
Iздейдi дәруiштi өзi де жоқ,
Өзi түгiл екiншi сөзi де жоқ.
«Қашты ғой» деп шарбақты аралады,
Таң қалды, жерге түскен iзi де жоқ.
Үйiне падишаһ, уәзiр қайтып кеттi,
Ақшам батып, жататын уақыт жеттi.
Екеуi де алмаларын жеген екен,
Құданың әмiрiмен бала бiттi.
Екеуi «шүкiр» дедi бiр Аллаға,
Дәруiш келтiредi тамашаға.
Тоғыз ай, он күн толғанында,
Падишаһтан бiр қыз туды дүниеге.
Патша ендi ұмытты қайғы cуды,
Көрдi де қуанышқа бетiн бұрды.
Уақыт жетiп уәзiрдiң қатынынан
Көрiктi бiр еркек бала туды.
Бала үшiн жүр едi һәрбiр талап,
Қыдырға кез келтiрдi Құдай қалап.
Қыздың аты – Зүһра, еркек – Таһир,
Күттiрдi кәнизактарға тәрбиелеп.
Екеуi екi жасқа келiп кiрдi,
Бiр жерде тағам iшiп, ойнап жүрдi.
Бiрiн-бiрi көрмесе жарты сағат
Тiтiреп, уанбастан жылар ердi.
Патша ойындарын қызық көрдi,
Һәрқашан екеуi де ойнап жүрдi.
Екеуi алты жасқа келгенiнде,
«Оқысын» деп молдаға әкеп бердi.
Екеуiнiң асылдығы бекер емес,
Өзге бала бұларға жетер емес,
Әгар мақтап сипатын жаза берсем,
Жалаң көркi бұ күнге бiтер емес.
Не керек жақсы-жаман пәлен дерге,
Молдадан оқу оқып, жүрдi бiрге.
Әуелi Зүһраның махаббаты
Түстi ғашықтығы Таһир ерге.
Әдеппен сөз сөйлептi молдасына,
Төрт жыл оқып, келедi екеуi он жасына.
Таһирге Зүһра ғашық болып,
Көз салар һәр уақыт жолдасына.
Оқуға екеуi де болды зерек,
Сұлулығы өзгеден болды бөлек.
Сипатын екеуiнiң жаза берсем,
Бiр қисса бұдан басқа жазсам керек.
Зүһра һеш сабыр да қыла алмады,
Таһирмен бiр күн ойнап, күле алмады.
Бiр күнi Таһир бала ұйықтап жатыр,
Бұл қыздың ғашықтығын бiле алмады.
Зүһра бек сабырсыз болып қалды,
Таһирға һәр уақытта көзiн салды.
Ұйықтап жатқан Таһирдiң жетiп келiп,
Бетiн ашып аузынан сүйiп алды.
Ұйқысынан оянды Таһир бала,
Таныды Зүһраны көре сала.
Қарап тұрып айтады: – Әй, ұятсыз,
Сенi маған қосты ма Хақ Тағала?
Мен сенiң туған ағаң емес пе едiм,
Аздан берi әдептен көмескiдiң.
Ұятың жоқ болмаса сенiң әгар,
Бiрге туған аға-еке демес пе едiң?
Таһирдан ұялады Зүһра қорқып,
Ер Таһир сабыр еттi ақыл тоқып.
Таһирдiң бұл сөзiне қыз өкпелеп,
Неше күндей жүредi жалғыз оқып.
Ғашықтық қатты болар, адам өлмес,
Ақылын һәр адамның қабыл көрмес.
Зүһраның ықтияры қолдан кетiп,
Кеше-күндiз Таһирға маза бермес.
Ойнарға Таһир сүйiп қарамайды,
Көңiлiне Зүһра сөзi жарамайды.
«Бұл өзi бiрге туған қарындас» деп,
Ғашығы мiнезiне ұнамайды.
Жастыққа Таһир бiр күн басын салды,
Зүһра тағы беттен сүйiп алды.
Ояна тұра келдi «әдепсiз» деп,
Жұмырықпен Зүһраны қойып қалды.
Таһирдан Зүһраның көңiлi қайтты,
Ашуланып Зүһраға жауап айтты.
Зүһра iше алмай, ұйықтамастан,
Хақ Тағалаға айтады бұл бәйiттi.
– Пәруардигар Рахим-а, Құдiретiң кең, Құдай-а.
Мен бейшара құлыңа Рақым қылсаң, Құдай-а.
Таһиржанның қасiретiн Жар қылыпсың Құдай-а.
Ашық жүзiн көрмегiн Зар қылыпсың, Құдай-а.
Махаббатым жарасын
Берсең екен, Құдай-а.
Ғашық отын Таһир һәм Көрсе екен, Құдай-а.
Ғашығым шегiп көрмесе
Ол қадiрiмдi бiлмес-дүр.
Ғашықтардың сөзiн
Құлағына iлмес-дүр.
Дұғасын Хақ Тағала қабыл қылды,
Таһир да Зүһраға ғашық болды.
Зүһраға күннен-күнге сөздер айтып,
Қадiрiн ғашықтықтың бұ да бiлдi.
Бiлдiрдi Зүһраға Таһир өзiн,
Ғашықтығы бек қатты болған кезiн.
Мұндайын мүшкiл халдi бiлгенiнде,
Таһирға бұлайша деп айтты сөзiн.
– Қыз-қатындар сырыңды бiлiп кетер,
Басыңа зауал келер мұнан бетер.
Жiгiттiң ғашықтығын сезген болса,
Тағдырың жетiп тұрса хараб етер.
Зүһрадан мұны естiп, талып кеттi,
Сөйтсе де бiр азғана сабыр еттi.
Жүрген-тұрған орнын бiлмес болды,
Бұ халменен бiрқатар күндер өттi.
Рауилар осылайша риуаят қылған,
Ақылбек қаламменен дүкен құрған.
Шаһардың сырт жағында Зүһраның,
Бiр шашмасы бар екен ағып тұрған.
Ол шашманың жанында бiр бақшасы,
Әдемiлiгi артық болған тамашасы.
Ол бақшаның iшiнде бiр сарай бар,
Келiстiрiп жасалуын қарасаңшы!
Рұм шаһар ұстасы бина қылған,
Алтын-күмiс тегiстеп оған жайған.
Сипатын айтып тамам қыла алмаймын,
Адамның қарағанда көзi талған.
Бөтен адам келмейдi маңайына,
Көргеннiң ғажап болды талайына.
Зүһраның жаны күйiп ғашықтықтан,
Бiр күн келдi бақшадағы сарайына.
Сарайдан суға таман келдi тұрып,
Қарады жан-жағына мойнын бұрып.
Зүһраның кеткенiн түйген екен,
Артынан бiрге келдi қарсы отырып.
Сарайда отырғанын көрдi көзi,
Ғашыққа ақыл емес адам сөзi.
Уәзiрдiң өз баласы екендiгiн,
Ол күнi бiлген екен Таһир өзi.
Iшiнен ғашық болып жүрген екен,
Қарындас деп көңiлiне кiрген екен.
Патшаның туған қызы екендiгiн,
Ол күнi Зүһра да бiлген екен.
Ол Таһир қол көтердi ойнайын деп,
Зүһра көңiлiнен айтты ойлайын деп.
Қарындас емесiмдi бiлдi ме екен,
Бәйiт айтты сынамаққа болжайын деп:
– Сырымменен сырлассың,
Жолымменен жолдассың.
Қолыңменен ал, Таһир,
Мен саған қарындаспын.
Таһир қарсы жауап бердi
– Сырымменен сырласымсың,
Жолымменен жолдасымсың.
Мен уәзiрдiң ұғылымын,
Сен нендейiн қарындасымсың?
Андан соң Зүһра бiр шиғыр айтты
– Тағдыр жетiп сүйiппiн,
Көп бәйiттер сөйлеппiн.
Хор қызындай гөзалды
Соққаныңа күйiппiн.
Таһир қарсы жауап бердi
– Көп күнәһнi қылыппын,
Ендi алдыңа келiппiн.
Жаным сүйген, Зүһражан,
«Кеш» деп үмiт қылыппын.
Зүһра және айтты
– Ғашығым сен, Таһирым,
Мағшұғым сен, Таһирым.
Тәнiм iшiнде жаным кел,
Өбiселiк, Таһирым.
Екеуi ғашық жайын бiлiседi,
Өз сөзi өздерiне келiседi.
Бiрiн-бiрi құшақтап мойынынан,
Аузынан ләззат алып сүйiседi.
Таһирдың күллу рухи ләалла ирин,
Құдайым ғашық қылған бiр-бiрiн.
Екi қисса болады жаза берсем,
Екеуiнiң күлiп-ойнап жүргендерiн.
Шарбақтан екеулерi үйге келдi,
Әуелгiдей молдасынан оқи бердi.
Кез келсе оңашада беттен сүйiп,
Һәрқашан шиғыр айтып бiрге жүрдi.
Он екiге екеуiнiң келдi жасы,
Өзi теңдес баланың болды басы.
Жиырмаға келгендей бой сипаты,
Артық-дүр көп адамнан тамашасы.
Жиырмада деушi едi көрген адам,
Сұлулығын бұлардың бiлген адам.
Екiншi бiр көрсем деп көркiнiн де,
Ынтызар ғашық болып жүрген адам.
Екеуi бiр жүрдi, ойнап-күледi ендi,
Бiр-бiрiнiң халдерiн бiледi ендi.
Бiр күнi ол шашма жанындағы
Бақшада сайран қылып жүредi ендi.
Отырды саясында бiр ағаштың,
Ғашыққа пайдасы жоқ жеген астың.
Өздерiнiң лайықты шиғыры бар,
Сондағы сөзiн тыңда Таһир жастың.
– Зүһра, менiм ханымсың,
Жисм iшiнде жанымсың.
Басым менен жандарым
Құрбан қылған жарымсың.
Зүһра қарсы жауап бердi
– Таһиржан, сен емес пе,
Мен бiр құлың емес пе?
Жаннан тәттi болған соң,
Һеш жан сенi сүймес пе?
Таһир айтты
– Сабырсыздық етпейiн мен,
Бөтен қызға ғашық боп кетпеймiн мен.
Сiзден өзге жар сүйсем дүниеде,
Ойлаған ниетiме жетпейiн мен.
Әй, Зүһра, биiктешi осы сөзге,
Әгар да күйеу сүйсең бiзден өзге,
Қаласыз сол сағатта һәлак болып,
Тiлеймiн бiр Құдайдан мен де сiзге.
Зүһра айтты
– Сенi нәумиз етпеймiн,– деп,
Сiздейiн өзге күйеуге кетпейiн,– деп.
Әгар да бөтен жарды қабыл көрсем,
Ойлаған мұратыма жетпейiн,– деп.
Әй, Таһир, сiзге уағда болсын сөзiм,
Бек ғашық болып тұрған осы кезiм.
Әгар атам өзгеге бермек болса,
Һәлак қылып өлермiн өзiмдi-өзiм.
Антпен инандырды қол алысып,
Бiр-бiрiн сүйiседi құшақтасып.
Уағдаға лайық сөздер айтып,
Сөздерi көңiлiне тұр жарасып.
Зүһра бұ жауапты айтты
– Таһир, қара қасыңды,
Бейшара қылдың басымды.
Қайтарым жоқ уағдадан,
Дарға асқанда да басымды.
Таһир жауап бередi
– Таһир деген есiмiм бар,
Алда дұшпан кiсiм бар.
Басым кессең уағдадан
Қайтпайтұғын iсiм бар.
Андайын соң ол бақшадан келдi тұрып,
Бiрге оқу оқиды ойнап жүрiп.
Бiрнеше күн жүредi осы халмен,
Жазу менен ғылымға мойын бұрып.
Таһирдың ғашықтығы арта бердi,
Нәпсiнiң ыңғайына тарта бердi.
«Бiр ұста ойыншыдан домбыраны,
Үйренiп, шертейiн» деп айта бердi.
Ол адам домбыраны үйретедi,
Бiр айдай үйренгенше күн өтедi.
Өлең менен шиғырға жетiк болып,
Дауысын бармағына билетедi.
Таһирдың үйренгенiн Зүһра бiлдi,
О дағы ұста қатын жиып келдi.
Ойынға мастер болды бiрнеше айда,
Замандас ойыншыны төмен қылды.
Жiбердi көп адамды таңырқатып,
Бетiн көрген адам тұрды ұнатып.
Бiр күнi бiр-бiрiне қарсы отырып,
Сөйлеседi сырнайменен шиғыр айтып.
Таһир айтады
– Ақиқат жарсың, Зүһражан,
Зүлфiдарсың, Зүһражан.
Сабырым менен қарарым
Сен алыпсың, Зүһражан!
Зүһра қарсы жауап бередi
– Сырнай тартып ойнауың
Ақылдарым алып тұр.
Көздер тiгiп қарауың
Көкiрекдерiм тiлiп тұр.
Таһир қарсы сөйледi
– Ғашығыңнан шарап iшiппiн,
Жан сырымнан кешiппiн.
Көрсем жүзiң қанменен,
Жас аралас шашыппын.
Анда Зүһра айтты
– Рухтары гүл Таһир сен,
Лағылдай мисли Таһир сен.
Көзден аққан жастарым,
Меһiрбан қыл,Таһир сен.
Анда Таһир айтты
– Зүһра, рухтарың гүлдей,
Таһир аңа бұлбұлдай.
Қара зүлфiң, Зүһражан,
Қар үстiнде сүмбiлдей.
Анда Зүһра айтты
– Сен қардашсың жасымда,
Ғашықтық өттi басымда.
Күндiз ойым сен едiң,
Кеше көрдiм түсiмде.
Анда Таһир айтты
– Аһ, нәркес көзiмсiң,
Жан-жан деген сөзiмсiң.
Жаһан iшiнде мысалың жоқ,
Фердауста хорымсың.
Анда Зүһра айтты
– Қайғыдан дария тауыппын,
Кеме жасап салыппын.
Рақым қылсаң, Таһирым,
Шарасыздан қалыппын.
Анда Таһир айтты
– Шаһзададай туған-дүр,
Ақылым тамам алған-дүр.
Сен мың жаса дүниеде,
Таһир саған құрбан-дүр.
Анда Зүһра айтты
– Сен құптарға сұлтансың,
Өлтiрме, мұсылмансың.
Фирағыңда Зүһраны
Өлтiрме, мұсылмансың.
Анда Таһир айтты
– Маған бiр жол айттың сен,
Көз жасым көл еттiң сен.
Болмас едiм саған құл,
Бiраз сабыр айттың сен.
Анда Зүһра айтты
– Мың наз илән маһир сен,
Қара көзiм, Таһир сен.
Жақпа фирағат отына,
Аһуа көзiм, Таһир сен.
Анда Таһир айтты
– Көңiлiм жара еткенiң,
Көздерiм зар еткенiң.
Маһирың келiп халiме,
Қане, бiр шара еткенiң?
Анда Зүһра айтты
– Таһиржаным, сұлтаным,
Жаным қылсам құрбаным.
Өлсем ғашық жолыңда,
Сол-дүр, сеңа дәрменiм.
Андайын соң түрегелдi құшақтасып,
Татулықпен жылағаны тұрды ұнасып.
Көзiнен қатра жасын Таһир төгiп,
Зүһраға айтты мұны көңiлi жасып.
– Ал келген сен бойынша,
Сайран қылайық тойғанша.
Ақылым қайран болған-дүр,
Фирақ сөзiн тыйғанша.
Қарсысына Таһир айтты
– Фирағат оттан тау екен,
Ол тау менi зар еткен.
Һәр қосылмақ соңында,
Бiр айрылмақ бар екен.
Андайын соң орнынан тұра келiп,
Бiр-бiрiн құшақтасып жылап бердi.
Екi ғашық жыласып айрылады,
Нелiктен жыласқанын бiлмес ердi.
Сөздi қысқа қылайын хасыл кәлам,
Кәлам ойлап алайын қолға қалам.
Он беске екеуiнiң келдi жасы,
Махаббатын арттырды Хақ Тағалам.
Бұрынғы риуаят қылған рауилер,
Ақылбек жәрдем тiлеп қалам алар.
Патшаның бiр құлы Ғараб атты
Екеуiне һәрдайым көзiн салар.
Ол өзi бұзықтыққа малғұн екен,
Таһирды аңдымаққа болды бекем.
Екеуiнiң махаббаттық шиғырларын,
Сыртынан бiраз ғана түйген екен.
Сыртынан ғашықтығын жүрдi күндеп,
«Көргенiмде ханға хабар беремiн» деп.
Бiр күнi Таһир менен ол Зүһра,
Шиғыр сөз айтпақ болды бақшаға кеп.
Ғараб малғұн олардан келдi бұрын,
Бақшаның жасырынады талды жерiн.
Қарауылшыдан жасырынып кiрiп кетiп,
Жапырақты ағашты қылады орын.
Ағашқа жасырынады малғұн Ғараб,
Зүһраға ғашық болды ашып-арып.
Ғараб тұрған ағаштың дәл түбiне
Таһир – Зүһра отырды бұлар барып.
Таһир менен Зүһра шиғыр айтты,
Ғашығы бiр-бiрiне болды қатты.
Азғана махаббаттық сөз сөйлесiп,
Екеуi көп отырмай үйге қайтты.
Шиғыры екеуiнiң ендi бiттi,
Таһир менен Зүһра үйге кеттi.
Ғараб малғұн ханымға жетiп келiп,
Көргенiн бастан-аяқ арыз еттi.
– Тақсыр ханым, сiздерге мен бiр сөз айтайын,
Бар сырымды сiздерден аяп, сақтап қайтейiн.
Өтiрiк емес сөзiмiз, құлақ салып түргiр,
Таһир менен бақшада ойнап қалды қызыңыз.
Аяймын мен өзiңдi,
Жандай көрген қызыңды.
Құрметтеген Таһирың
Азғырыпты қызыңды.
Тақсыр, қызың азыпты,
Тұғры жолдан жазыпты.
Тұғры деген Таһирың
Жаман ойлар салыпты.
Көңiлiңiзге жақса да,
Алтын сарай бақшада,
Көп азғындық бар екен
Таһир менен ханшада.
Құшақтасты екеуi,
Мойындасты екеуi.
Сiздей ханым қызына
Көзiн салмас болар ма?
Қиянатшы құлына
Жаза қылмас болар ма?
Ғарабтан ханым естiп қапаланды,
Һәммасын айтқанының ұғып алды.
Шыдамай ашуына оттай күйiп,
Барды да патшаға айтып салды.
– Ғарабты шақырып ал инанбасаң,
Нанарсыз анығынан хабар алсаң.
Таһир менен Зүһра қосылғанын,
Ғарабыңнан қанарсыз құлақ салсаң.
Патша ол малғұнды шақырып алды,
Ғараб құл баян қылды болған халдi.
«Таһирға Зүһраны беремiн» деп,
Ханымға қарсы қарап айтып салды:
– Бiр ой қылсам керек-дүр,
Жұртым жисам керек-дүр.
Қызым қосып Таһирға,
Тойын қылсам керек-дүр.
Алтын сарай түзетiп,
Гауһарменен безентiп,
Ойыншылар ойнатып,
Тойын қылсам керек-дүр.
Алтын үйлер салдырып,
Жұртым жисам керек-дүр.
Торғын атлас жайдырып,
Тойын қылсам керек-дүр.
Арақ-шарап қайнатып,
Гауһар шарап қайнатып,
Палуандар сайлатып,
Тойын қылсам керек-дүр.
Мың арғымақ жаратып,
Шаһзадалар алдырып,
Ойыншылар сұратып,
Тойын қылсам керек-дүр.
Алтын терек жондырып,
Асыл құстар қондырып,
Гауһар кесе сындырып,
Ойын қылсам керек-дүр.
Қазынамды аштырып,
Iнжу-маржан шаштырып,
Жүк-жүк бұйым арттырып,
Ендi қоссам керек-дүр.
Уағдам күнi жеткен-дүр,
Байрам күнiм жеткен-дүр.
Жан қызымның тойыны
Көрер күнiм жеткен-дүр.
Таһирға бұл ханымның көңiлi толмай,
Уағдасын ерiнiң мақұл қылмай,
Ханым сонда айтады үшбу сөзiн,
Патша айтқанына разы болмай.
– Ойыңа көңiлiм салмаспын,
Сөзiң қабыл алмаспын.
Мұндай тойлар қылғанға,
Тiптi разы болмаспын.
Хандар басы болсаң да,
Қыздың жайын бiлмейсiң.
Ұлық сұлтан болсаң да,
Қыз уайымын жемейсiң.
Бұрынғы өткен хандардан,
Талай ғашық жарлардан,
Күйеу болған бар ма екен,
Таһирдайын жандардан?
Ардақтаған жалғызын,
Көз үстiнде бiр қызын,
Уәзiр затқа берер ме
Қарап тұрған бiр қызын.
Хан заттары келмей ме,
Шаһзадалар бiлмей ме?
Сегiз жұмақ хорындай,
Нұр жiгiттер келмей ме?
Естiген жан құлақтан,
Бәрi де ғашық тұтады.
Қайратыңнан қорқып,
Сырын iште тұтады.
Бұ қызыңның ғашығынан,
Бәрi де қан жұтады.
Бұ не деген қорлық-дүр,
Бұ не деген зорлық-дүр?
Уәзiр затқа қыз берген,
Елде жоқ-ты көргенiм.
Қызым берiп Таһирға,
Ханым болып жүргенiм.
Ханым сөзiн патша естiп тұрды,
Көңiлiнiң жоқтығын ендi бiлдi.
«Өз көзiммен көрмейiнше нанбаспын» деп,
Сендiрiп ол ханымды жауап қылды.
Ғараб құлға патша айтты: – Сенейiн мен,
Сөзiңе екiншiлей ерейiн мен.
Бақшаға бұлар кетсе хабар бершi,
Анықтап өз көзiммен көрейiн мен.
Өтедi бiрнеше күн мұныменен,
Ғараб құл аңдып жүрдi соныменен.
Бақшаға Таһир-Зүһра келдi екеуi,
Бұрынғы ғашық болған жөнiменен.
Сырнай мен домбырасын ала келдi,
Жас жiгiт тоқтата алмас ғашық желдi.
Бiр ағаштың түбiне отырысып,
Аз ғана мәслихаттасып жырлай бердi.
Кеткенiн Ғараб малғұн көрiп қалды,
Жүгiрiп падишаға жетiп барды.
Таһир менен Зүһра ол бақшаға
Тоқталмай кеткендiгiн айтып салды.
Падиша орнынан тұра келдi,
Қарамай бөтен жаққа жүре бердi.
Бақшаның бiр далдалау тасасынан,
Таһир менен Зүһраны келiп көрдi.
Екеуiнiң хабары жоқ, тек отырған,
Қас болды Ғараб малғұн Құдай ұрған.
Таһир менен Зүһраның шиғыр сөзiн,
Падиша таса жерден тыңдап тұрған.
Таһир жүр ғашықтықтан уайым жеп,
Екеуi сөйлеседi әңгiме, кеп.
Ол күнi аузынан сүйiскен жоқ,
Зүһраға шиғыр айтты бұлайша деп:
– Атаң патша болған-дүр,
Бақ-дәулетi толған-дүр.
Сiздi бiзге бермекке,
Шаһым уағда қылған-дүр.
Уағда қылған күндердi,
Көрер ме екен көзiмiз.
Қасiретпенен болмаса,
Өтер ме екен күнiмiз.
Бұ қасiретiм бiтер ме,
Уағдалы күнi жетер ме?
Аһы, фағаным болмас па,
Ғұмырым босқа кетер ме?
Зүһра Таһирге қарсы бiр шиғыр айтты
– Хандар ақыл құрады,
Сөзiнде рас тұрады.
Тақтым берем десе де,
Уағдасында тұрады.
Бiр-бiрiне шиғыр айтып жүрген екен,
Сөйлесiп бет пердесiн түрген екен.
Зүһраға шиғырмен айтар болды,
Ол түнi Таһир бiр түс көрген екен.
Көрген түсi бұл екен ұйықтап бiлген,
Түсiнде ғашық болып тағы жүрген.
Үйден шығып, Зүһраға барам десе,
Алдынан бiр қара ит қарсы келген.
Жиырма қара төбет қамалаған,
Таһирды қабамын деп абалаған.
Иттен өтiп күшпенен кетемiн деп,
Қолындағы ағашымен сабалаған.
Бiр ұрғашы ит шыға келдi тағы және,
О дағы талар болды келе сала.
Таһир ендi қайран боп қарап тұрды,
Һәрбiр күйге салады Хақ Тағала.
Екi ит таламаққа аузын ашты,
Таһир ендi шарасыздан кейiн қашты.
Артынан ол екi ит қуды және
Оянып, қорыққанынан көзiн ашты.
Ол түсiн көңiлiмен бiлдi жорып,
«Бiр дұшпан аңдыды ғой менi қорып».
Зүһраға көргенiн бiлдiргелi,
Шиғырмен бұлай дедi жылап тұрып.
– Бүгiн бiр түс көрiппiн,
Қайран болып тұрыппын.
Алтын сарай iшiнде,
Зар-сәргардан жүрiппiн.
Зүһражанға барам деп,
Жолға қадам салыппын.
Иттер келiп қамалап,
Ғажиз болып қалыппын.
Иттер келiп қасыма,
Жан-жағымды қамалап,
Қас қылады басыма.
Қанша ұмтылып қарасам,
Бара алмадым һәр жаққа.
Екi ит хамлә қылады,
Бiр жағымнан бiр жаққа.
Әлқисса, Зүһра сұлтан Таһирдiң түсiн жорып, бiр назым айтқаны
– Таһир, түсiң қара екен,
Мүшкiл iсiң бар екен.
Ғарiп басың қиындық
Көрер күнi бар екен.
Көрген итiң – дұшпан ол,
Арамызға түскен ол.
Екеумiздi күзетiп,
Көп сырларды шешкен ол.
Сенi менен айырар ол,
Қанатымнан қайырар ол.
Мұңды басты ғарiпке
Көп залымдық қылар ол.
Қарсысына Таһир бiр назым айтады
– Фирағат сөзiң артады,
Түндер от тартады.
Ғашық жайлы бiлмеймiн,
Қай жерлерге атады.
Зүһра және айтты
– Көңiлiм гөриан олған-дүр,
Жiгерiм бериан олған-дүр.
Жалған дүние, Таһирым,
Сенсiз харам болған-дүр.
Андайын бұлар тұрып үйге келдi,
Патша сырттан қарап әбден бiлдi.
«Әуелгi соң уағдамша беремiн» деп,
Таһирды күйеулiкке қабыл қылды.
Патша сарайына келдi қайтып,
«Таһирге беремiн» деп бұйрық айтып.
«Екеуiнiң махаббатын көзiм көрдi,
Беремiн той аспабын әзiрлетiп».
Ханым бiлдi патшаның қылған ойын,
Көңiлiнен ұнатпады қылған тойын.
Зүһраны Таһирге бергiзбеске,
Бiр хайла iздемекке қойды мойын.
Бар екен жәду кемпiр ол шаһарда,
Сиқыры асқан екен сол заманда.
Кемпiрдi ол ханым шақырып алды,
«Бiр қорлық көрiп тұрмын бұ жаһанда».
Кемпiрдi шақырды да сырын айтты,
Зүһраның басындағы махаббатты.
– Зүһраны Таһирге берем,– дейдi,
Әй, шеше, патшадан көңiлiм қайтты.
Әй, шеше, мен айтайын сiзге кеңес,
Патша қызым үшiн уайым жемес.
Менiм қызым патшаның жалғызы едi,
Уәзiрдiң баласына лайық емес.
Тойға әзiр келмекшi халайық та,
Зүһра патша ұғылына лайық па?
Таһирға Зүһраны бергiзбеске,
Шешеке, бiр хайланы қылайық та.
Кемпiрге жүз алтынды бердi ханым:
– Болып тұр осылайша менiм мәнiм.
Әгар бұл жұмысымды бiтiрсеңiз,
Соңында жүз алтынды берем, жаным.
Алтынды кемпiр алып шығып кеттi,
Тезiрек өз үйiне барып жеттi.
Дорбасын жанына алып келiп,
Бiр уыс топыраққа сиқыр еттi.
Шақырды ханымды ендi оңашаға:
– Суға қосып берерсiң падишаға.
Шәрбатқа мұны бiрге iшiрсеңiз,
Соңғы күнде қаларсыз тамашаға.
Сақтады топырақты бiраз заман,
Азғырады патшаны залым қа[тын].
Бiр күнi су сұрады iшейiн деп,
Шөлдеуi патшаның болды жаман.
Топырақты суға қосып бердi қатын,
Патша қайдан бiлсiн судың затын.
Салқындық көңiлiне пайда болды,
Сиқырдың iшкенiнде ғаламатын.
– Таһир ендi шықсын,– дедi,– сарайымнан,
Жүрмесiн рұқсатсыз маңайымнан.
Зүһраны басқа үйге алып қойды,
Залымның сақтағандай талайынан.
Сындырды әлгi патша уағадасын,
Төгедi екi ғашық көздiң жасын.
Қасiретпен қайғыда қалды екеуi,
Ғашыққа әуре қылды бекер басын.
Кең дүние екеуiне болды ғой тар,
Көре алмай Зүһраны жылады зар.
Жамалынан мақрұм болғандықтан,
Һәр күнде Таһир жiгiт нала қылар.
Армансыз болып едi көргенiнде,
Бiрiне-бiрi боса бергенiнде.
Таһирдың сондағы айтқан шиғыры осы,
Сайран қып бақ-бустанда жүргенiнде.
– Жасым басқан көзiмдi,
Қасiрет алған өзiмдi.
Айып етпе, достарым,
Аһы, зар еткен сөзiмдi.
Шаттық күнiм өткен-дүр,
Аһы, зар күнi жеткен-дүр.
Зүһра жардан айрылып,
Көп замандар өткен-дүр.
Һәр күнде Таһир шиғыр бастаушы едi,
Алланың әмiрiнен аспаушы едi.
Неше түрлi бәйiттi жазып-жазып,
Кiсi көрер жерлерге тастаушы едi.
Һәр жiгiт оқиды екен тауып алып,
Оқитын кiтабына қояр салып.
Әлемге мәшһүр болды ғашықтығы,
Таһирдай һәрбiр ғашық жүрер налып.
Ғашықтан жiгiт өлмес, жүрер аман,
Дерттерi екеуiнiң болды жаман.
Зүһраға шиғыр берер қатындардан,
Жүредi бұл халменен бiраз заман.
Зүһра ғашықтықтан есiн бiлмес,
Атасы «қалайсың» деп бұған келмес,
Бiр күнi сарайында тұрмас болды,
Себебi, бұрынғыдай Таһир көрмес.
Келдi де атасына жауап айтты,
Көңiлiн көтеретiн уақыт жеттi.
«Жүретұғын жолына керуендердiң,
Бiр сарай менiм үшiн қылсаң» дептi.
– Сайран қып сол сарайда жүрер едiм,
Келген-кеткен адамдарды көрер едiм.
Тұрғанша қапа болып мұнда жалғыз,
Жолына бұрынғының ерер едiм.
Жүр едi екi ғашық жанын қиып,
Кiм екен жүретұғын нәпсi тыйып.
Атасы қыздың сөзiн қабыл алып,
Шаһарына ұсталарды алды жиып.
Ұсталар падишаға келiп жеттi,
Әдiл болған, амалы болмай өттi.
– Зүһраның тiлеген орынына,
Бiр сарай жасаңыз,– деп әмiр еттi.
Ұсталар келiп жатыр талай-талай.
Жасады көкке таяу биiк сарай.
Нақышты әдемiсiн көрейiн деп,
Адамның көзi талды қарай-қарай.
Бегiрек биiк қыл деп ұнасаңыз,
Ұнамады, болмайды деп аласаңыз.
Бөркiңiз басыңыздан түсер едi,
Биiктiк сипатына қарасаңыз.
Безенткен iшi-сыртын алтын-күмiс,
Болады көргенiңде бұ да тыныс.
Торғын, атлас жайдырып басарына,
Кешiкпей бұл уақытта бiттi жұмыс.
Зүһра келiп тұрады ол сарайға,
Қарайды тамаша етiп һәрбiр жайға.
Анасымен, туысқан апасымен
Бiрге тұрды тапсырып бiр Құдайға.
Таһирдың ғашығынан қапаланып,
Ойынменен жүредi тек алданып.
Бiр күнi Зүһражан сауық қылды,
Қолына сазы менен сырнай алып.
Сөйледi апасымен әңгiме, кеп,
– Айрылдық екi ғашық уайым жеп.
Әй, апа, бiр сауалым бар сұрайтұғын,
Жасырмай, турасын айтасыз,– деп.
Апасы айтты: – Сөйле,– дедi,– һәр сөзiң,
Мен сiзден жасырмаймын көрген мәнiм.
Атасы не себептен шығарғанын,
Таһирдың бiлмейдi екен ахуалын.
– Атам неге уағдасын жойды,– дедi,
Бiр күнi қылмақшы едi тойды,– дедi.
Таһирды сарайынан шығарып алып,
Нелiктен бөтен жерге қойды?– дедi.
– Әй, сұлтаным, айтайын сырды жарып,
Сезiптi екеуiңдi малғұн Ғараб.
«Таһирге қосылғанын мен көрдiм» деп,
Анаңызға шағыпты бiр күн барып.
Құлдан естiп, анаңыз ханға барған,
«Қызың солай болды» деп мағлұм қылған.
«Көзiңменен көргенiң рас па?» деп,
Патша құлды алдырып, жауап алған.
«Сенiң де рас емес сөзiң,– деген,
Анықтап көрсiн өзiм көзiм,– деген.
Таһир менен Зүһра қосылғанда,
Хабар бер маған келiп өзiң» деген.
Ғараб құл патша сөзiн қабыл еткен,
Сыртыңнан екеуiңдi құл күзеткен.
Бау-шарбақ iшiнде көрiп алып,
Тағы да патшаға мағлұм еткен.
Патша көрмек үшiн өзi келген,
Таһирменен екеуiңдi сырттан көрген.
«Таһир неге қосылды Зүһраменен,
Шықсын,– деп,– сарайымнан» хабар берген.
Сарайдан соның үшiн Таһир кеттi,
Басына ғашық дертi келiп жеттi.
«Әуелгi уағда сөзiм бұзылар,– деп,
Таһирға берейiн» деп ниет еттi.
Әзiрлеттi той асбаптың бiр талайын,
Шаһардың шақырмақшы өңкей байын.
Анаңыз бiр хайланы қылмақ болды,
Атаңның бiлiп алып осы жайын.
Шаһардан бiр жәду кемпiр алып келдi,
Бұзуға патшаны хайла қылды.
«Таһирдан көңiлiн суытшы» деп,
Жауызға бiр қисапсыз алтын бердi.
Жалмауыз анаң сөзiн қабыл көрген,
Атаңызға сиқырлап тағам берген.
Көңiлiн осыменен суытқан-дүр,
Азғырған бiр шайтанның тiлiне ерген.
Кемпiрдiң осылайша сөзi өтiп-дүр,
Атаңды сиқырыменен түзетiп тұр.
Қарауылшы қойдырып екеуiңе,
Босатпай, күнi-түнi күзетiп тұр.
Құданың құдiретi болар күштi,
Анаңыз қылып жүрген мұндай iстi.
Бұ сырды апасынан естiп алып,
Зүһра есi ауып, талып түстi.
Апасы айтқанына өкiндi бек,
Естiп, дүние салып кеттi ме деп.
Бетiне су бүркiп отырды ендi,
Сипалап аяқ-қолын, уайым жеп.
Бiр заман түрегелдi көзiн ашып,
Дерт көрiп ғашықтықтан халi қашып.
Көзiнен қатра-қатра жасын төгiп,
Отырды нақұрыстайын бәрiн шашып.
Зүһра:
– Бiлдiрме,– дедi,– сырымызды,
Сыр бiлген соң өлтiрер бiрiмiздi.
Адамды өткен-кеткен тамаша етiп,
Тұрайық мекен тұтып жерiмiздi.
Мұнымен тұрды аз ғана күн өтiп,
Өткен-кеткен адамды тамаша етiп.
Сарайдың әйнегiнен көз жiберсе,
Бiр адам өте бердi өлеңдетiп.
Ол адамның өлеңмен жыр айтқан сөзi,
Терезе ар жағынан көрдi көзi.
Ғашығы Зүһраның қуаттанып,
Киiмiн пәре-пәре қылды-ау өзi.
Бұ шақта Таһир ғашығы қуаттанды,
О дағы қолына бiр сырнай алды.
Зүһраның сарайына бармақ болып,
Бақ шарбағының iшiнде ой ойлады.
Аяғын ендi басты ойлап тұрып,
Зүһраның сарайына келдi жүрiп.
Тұсынан терезенiң назым айтты,
Зүһра тыңдай қалды мойнын бұрып.
– Берiк деген уағдаңды,
Ұмытыпсың, Зүһражан.
Кәмал берген көңiлiңдi
Суытыпсың, Зүһражан.
Жан жолында ғашықтан
Хабарың жоқ, Зүһражан.
Зар-сәргардан, ғарiптен,
Хабарың жоқ, Зүһражан.
Ғашық жарлар мағшұққа
Хабар салмас болар ма?
Шын ақиқат жар болса,
Хабар алмас болар ма?
Зүһра тыңдай қалды Таһир сөзiн,
Ғашықтан өлтiредi ақыр өзiн.
Қақпағын терезенiң ашып тастап,
Қаратты жоғарыдан екi көзiн.
Апасы: – Терезенi ашпа,– дедi,
«Сабыр түбi – сары алтын», саспа,– дедi.
Бiр дұшпан қарауылшы ол тұрады,
Атаңның жарлығынан аспа,– дедi.
Алмады апа сөзiн құлағына,
Қарады терезеден жан-жағына.
Ұят-намысты ескермей Зүһра қыз
Таһирға шиғыр айтты бұл тағы да.
– Қайғы болған жолдасым,
Қапас[та] болған бұл басым.
Таһир, көңiлiм қалдырма,
Ғашығым, менiм мұңдасым.
Анда Таһир айтты
– Шаһзада қыз болсаң да
Тұрмадың сен уағдаңда.
Шын ғашығым болсаң да
Тұрмадың сен уағдаңда.
Терезеден Таһир көрдi Зүһраны,
Ақылы бастан кетiп күйдi жаны.
Қанша бәйiт айтса да Зүһраға,
«Уағдамыз болдыңыз» дейдi оны.
Таһир айтты: – Көңiлiме қайғы толды,
Қай адам айрылуға себеп болды?
Зүһра айтты: – Аңдытып сыртымыздан,
Дұшпан қыпты кемпiр мен Ғараб құлды.
Қарады қарауылшы осы жердi,
Таһир менен Зүһраның сөзiн көрдi.
Бiр-бiрiне шиғыр сөз айтысқанын,
Барды да Ғараб құлға хабар бердi.
Қарауылшыдан ұғып алды малғұн Ғараб,
Тезiрек хабар бердi ханға барып.
Малғұннан естiп алып мұндай сөздi,
Патша ашуланды бұзып-жарып.
Әскерге: – Жылдам бар!– деп жарлық салды,
Сарайға ұстамаққа келiп қалды.
Екеуi айырылатын шиғыр айтқан,
Таһирды сайманы жоқ ұстап алды.
Ұстаған соң патшаға алып барды,
Ашуланып, шыдамай оттай жанды.
Әуелгi уағдасын ұмытты да,
Жалладқа «басын кес» деп қаһарланды.
Өлтiрмекшi «Зүһраны алмасын деп,
Дүниеде һеш жынысы қалмасын деп.
Кейiнгi қалғандарға ғибрат болсын,
Сарайға рұқсатсыз бармасын» деп.
Сол заман әмiр қылды: – Өлтiрiңiз,
Қол-аяғын берiк байлап, келтiрiңiз.
Уәзiрлер патшадан тiледi ендi:
– Әй, тақсыр, ашуыңды бiтiрiңiз.
Патша бермек болды уәзiрлерге:
– Келмесiн мұнан былай осы жерге.
Сiздерге қанын қиып бағыштадым,
Тұрмасын ендi бiрақ бұл шаһарда.
Залымдық бұ шаһардан арылсын,– деп,
Мәрден деген шаһарға барсын,– деп.
Бұ шаһарға ендi келсе өлтiрермiн,
Зынданға сонда барып салсын,– деп.
Ендi келсе «өлтiрем» деп ант еттi,
Таһирге рахат кетiп, мехнат жеттi.
Уәзiрлер патшадан тiлеп алып,
Қолынан жетелеп алып кеттi.
Жетелеп сарайына кiргiзедi,
Таһирды арғымаққа мiнгiзедi.
Қасына бес-он адам ертiп берiп,
Мәрденге ниетiн қойып жүргiзедi.
Таһирге рақым жоқ жолдасынан,
Ғашықтық пайда болды он жасынан.
Мәрденге жолмен жүрiп өте бердi,
Пәлеге ұшырады жалғыз жүрiп.
Зүһраға бiр назым сөйледi ендi,
Сарайдың терезесiне қарап тұрып.
– Ер жiгiттер ерлiгiн
Қылмайынша қояр ма?
Шайыр жiгiттер сөздерiн
Өлмейiнше қояр ма?
Ғашық болған жарынан
Жiгiт көңiлi сөнер ме?
Мағшұқ жарын көрмесе,
Жiгiт көңiлi тынар ма?
Көңiл қойған жар болса,
Өлмей көңiлi сөнер ме?
Айрылуға жарынан
Өлмей мойынсұнар ма?
Ренжу, мехнат көрмесе,
Жiгiт көңiлi болар ма?
Атаң қолға алыпты,
Фирағат отын салыпты.
Тамам елдi аралап,
Бек зор дұшпан тауыпты.
Андайын соң Зүһра түрегелiп,
Зар жылап, Таһир сөзiн тұрды бiлiп.
Көзiнен жасын төгiп, назым айтты,
Қақпағын терезенiң ашып тұрып.
– Арғымаққа мiнерсiң,
Көп жерлердi көрерсiң.
Ғашық жарың Зүһраны
Кiмге қойып кетерсiң?
Атты әскер оңыңда,
Алтын сарай қолында.
Қызыл гүлдер ашылсын
Таһир, жүрген жолыңда.
Бақыт болсын қолдасың,
Қызыр Iлияс қолдасын.
Сағынғанда, Таһирым,
Бұлбұл болсын мұңдасың!
Жырақ жерден, мағшұғым,
Тыныш хабар естiлсiн.
Алыс жерден, мағшұғым,
Сүйiншi хабар естiлсiн.
Аман болсын басыңыз,
Ұзақ болсын жасыңыз.
Бөтен жарлар сүйсеңiз
Тез кесiлсiн басыңыз.
Тұра алмай Таһир ғашық тақат тұтып,
Мәрденге жүре бердi қайғы жұтып.
Бiраз ғана жер барып арт жағына,
Қарады Зүһраға тамаша етiп.
Айрылар уақыт жеткен ғашық жардан,
Көз салар кетiп барып анадайдан.
Зүһра Таһиржанға қараймын деп,
Шығып тұр терезеден белуардан.
Таһирдың қайрылғанда көрдi көзi,
Мехнатқа душар болды осы кезi.
Айрылып кетiп бара жатқанында,
Таһирдiң Зүһраға айтқан сөзi.
– Қарай-қарай қалдың сен,
Көп қиындар салдың сен.
Сүйгенiңнен айрылып,
Жылай-жылай қалдың сен.
Ботасынан айрылған
Түйедей боздай қалдың сен.
Көп тобынан айрылған
Құстай мұңдай қалдың сен.
Бұтағынан қайрылған
Гүлдей солып қалдың сен.
Анасынан айрылған
Гүлдей солып қалдың сен.
Қанатынан қайрылған,
Жалғызынан айрылған,
Бала шағын алдырған,
Құстай жолай қалдың сен.
Ендi қош, сау болыңыз,
Аман-есен жолыңыз.
Жан ғашығың Таһирға
Дұға қылып тұрыңыз.
Қайда бiздiң сөзiмiз,
Бiрге жүрген күнiмiз?
Бақ-бустан iшiнде
Сайран қылған жерiмiз?
Ендi қашан жүргеймiз,
Сiздi кiмнен сұрғаймыз?
Бұрынғыдай бiр болып,
Ендi қашан жүргеймiз?
Ғашық жарым, әлфирақ,
Шаһариарым, әлфирақ,
Бiрге туып, бiрге өскен,
Мағшұғым, әлфирақ.
Шын уағдалар қылысқан,
Айрылмайық дейiскен,
Ғам шарабын бiрге iшкен,
Меһiрбаным, әлфирақ.
Көрсем көзiм жетпес-дүр,
Айтсам сөзiм бiтпес-дүр.
Қайғың естен кетпес-дүр,
Зүһражаным, әлфирақ.
Ғашығым деп ойнаған,
Дидарыма тоймаған,
Қайғымды жеп қоймаған,
Шаһариарым, әлфирақ.
Көңiлiм хош қанаты,
Ханзадалар санаты,
Екi дүние дәулетi,
Зүһражаным, әлфирақ,
Сәруир назым әлфирақ.
Рух рауаным, қуаты,
Дiлнауазым, әлфирақ.
Жан құрдасым, ұмытпа,
Жан жолдасым, ұмытпа,
Бiрге жүрген, бiрге өскен,
Жар-мұңдасым, ұмытпа.
Бар сырларды бiлушi,
Бар жолдарын түзгушi,
Тапсырамын Аллаға,
Ұмытпа, жаным, ұмытпа.
Өлең қылдым Таһир ғашық асыл тектi,
Көзiнен қан аралас жасын төктi.
Екi ғашық сөздерiн қисса қылған,
Ағалар, сөге көрме Ақылбектi.
Жер тарпып мiнген аты сымдай болды,
Құданың құдiретi мұндай болды.
Көңiлi тастан қатты кiсiлердiң,
Жылаумен егiлгенде ондай болды.
Жолдасы Таһирменен жылар едi,
Арғымағы даусына ойнар едi.
Жолда жүрiп Зүһраны бәйiт қылса,
Қасындағы бiрге зарлық қылар едi.
Сөздi қисса қылайын көңiл бұрып,
Азғана кеңес қылсам дүкен құрып.
Жетi күндей өткiзiп арасына,
Мәрден деген шаһарға келдi жүрiп.
Мәрденге бәрi бiрге келiп қалды,
Зынданға Таһир ердi әкеп салды.
Таһирды салғандығын мағлұм етiп,
Қолынан зынданшының қағаз алды.
Таһирмен амандасып бәрi қайтты,
Не қылсын, патшаның қаһары қатты.
Қайтарында жолдасынан Зүһраға
«Аман-есен болсын» деп сәлем айтты.
«Зынданға түсiп қалды менiм басым,
Сәлем айт Зүһраға, жан жолдасым.
Қайтады жақсылығы бiзге қылған,
Әуелгi ұмытпасын уағадасын».
Жолдасы мұныменен қайтып кеттi,
Тағы да жетi күнде мұнда жеттi.
Қолдарына жазып берген зынданшының
Қағазын падишаға келiп елiттi.
Зынданда Таһир бала жатар едi,
Қайғыға кеше-күндiз батар едi.
Зүһра[ға] шиғырын жазып-жазып,
Зынданның терезесiнен атар едi.
Оқыр едi өзге ғашық тауып алып,
Өзi жоқ, сөзi жатыр жұмарланып.
Тауып алып оқығанның көңiлiне
Ғашықтық пайда болар қайғыланып.
Көп ғашық ол шаһарда даяр едi,
Таһирды бәрi жылап аяр едi.
Қолына бәйiт қылып һәркiм оқып,
Шаһардың арасына жаяр едi.
Таһирды мұнда ешкiм бiле алмайды,
Шиғырын оқығандар күле алмайды.
Менменсiнген ақынның бәйiттерi
Таһирға һеш барабар келе алмайды.
Бұрынғы риуаят қылған рауилар,
Ақылбек жәрдем тiлеп қалам алар.
Зынданда Таһир жатты кеше-күндiз,
Алладан басқа жәрдем қайдан болар.
Зынданда жетi жылдай қалды жатып,
Қайғының дариясына әбден батып.
Көре алмай Зүһраны өмiр өтiп,
Құдайым қойды менi зар жылатып.
– Ғашық болған жарымды
Көрер күнiм болар ма?
Шын ақиқат жарымды
Көрер күнiм болар ма?
Қара бұлт басымнан
Кетер күнi болар ма?
Қарағайлы қара орман
Өтер күнiм болар ма?
Қайғылардың басымнан,
Кетер күнi болар ма?
Мехнат кетiп, рахаттар
Жетер күнi болар ма?
Жетi жылдай болдым зар,
Дидарыңа ынтызар.
Меһiрбаным, опадар
Көрер күнiм болар ма?
Қара нәркес көздерiң,
Шырын дана сөздерiң,
Қызыл гүлдей жүздерiң
Көрер күнiм болар ма?
Қызыл алма иегiң,
Саф күмiстей сүйегiң,
Гауһар,жақұт бiлегiң
Көрер күнiм болар ма?
Сенсiз iшкен астарым
Қызыл қанға ұқсайды.
Жарық күнде жүргенiм
Қара түнге ұқсайды.
Зар жылап бұл зынданда тек жатады,
Һешкiм жоқ, достықты кiм айтады.
«Мехнатқа сабырлық қылайын» деп,
Өзiн-өзi көңiлiн уатады:
– Жылама, көңiлiм, жылама,
Күндiз өтер, күн болар.
Мехнат өтiп, ғарiпке
Рахат бiтер күн болар.
Қайғы берген Алламыз
Алса керек, иншалла.
Айыра бiлген Алламыз
Қосса керек, иншалла.
Мехнат берген Иемiз
Рахат берер, иншалла.
Қасiрет берген Иемiз,
Шаттық берер, иншалла.
Һәр мехнатқа бiр рахат,
Болса керек, иншалла.
Ғашық берген Алламыз
Қосса керек иншалла.
Бұрынғы риуаят қылған рауилар,
Ақылбек жәрдем тiлеп, қалам алар.
Зүһраның ғашығы қуаттанып,
Талықсып өзiн-өзi нала қылар.
Таһир кетiп қалған соң қалды талып,
«Артында не болам» деп кейiп,налып.
Апасы көтередi орнынан,
Тiзесiнiң үстiне басын салып.
Апасы айта бердi насихатын,
Мұндай түрiн көрген соң надаматын.
Ғашық болған адамға ақыл қонбас,
Тартқанда мағшұқтың ғаламатын.
Аздан соң тұра келдi есiн жиып,
Сабырлық һеш қыла алмай көңiлiн тыйып.
Мәрденге кеткен Таһир табыла ма,
Құрбан боп iздесе де жанын қиып.
Бiр күнi апасымен сөз сөйлестi,
Отырар күнiнде айтып һәр кеңестi.
Сөз сөйлеп неше түрлi отырғанда,
Есiне Зүһраның Таһир түстi.
Есiне түскеннен соң жылайды ендi,
Көзiнiң жасын төгiп, бұлайды ендi.
Сарайдың иығына мiнiп тұрып,
Келген-кеткен адамды қарайды ендi.
Қараса, бiр керуен көрiнедi,
Барып одан сұрауға үйренедi.
«Сарайдан жақын өтсе сұрайын» деп,
Көңiлi Зүһраның бөлiнедi.
Ғашықтан мекен қылды аулақ жердi,
Iздейдi кеше-күндiз Таһир ердi.
Жолменен керуендер жүрiп келiп,
Зүһраның сарайынан өте бердi.
Ғашық деген мәнiсi қайғы тартты,
Таһир деген бiр ғашық қайда жатты.
Қолына домбырасын ала сала,
Керуенге бiр ауыз назым айтты:
– Көш пе екен, керуен бе екен,
Дертiме дәрмен бе екен?
Мен Таһирым алдырдым,
Бiр хабарыңыз бар ма екен?
Бар екен ол керуенде бiр жас бала,
Өлеңге ұста қылған Хақ Тағала.
Зүһраның сөзiне жауап бердi,
Қолына домбырасын ала сала.
– Көш те бiз, керуен де бiз,
Дерттiге дәрмен де бiз.
Сен Таһирың алдырсаң,
Таһирдан арманда бiз.
Әлқисса, керуендер өтедi ендi,
Мәрден деген шаһарға кетедi ендi.
Талығып көше-қона орта жолда,
Жетiншi күн дегенде жетедi ендi.
Құданың құдiретi болды бекем,
Бiр жақсы сайрандық жер бар екен.
Таһир жатқан зынданның дәл қасында,
Бiр күн қонып, кеткенше қылды мекен.
Керуендер шатыр тiктi «қонайық» деп,
Бiр күнше бұл сахарада «болайық« деп.
Қайсысы от, қайсысы суға барды,
«Iшетұғын тағамды қылайық» деп.
Һәр түрлi қылып жатыр шаруасын,
Зынданға жақын түсiрдi керуен басын.
Қайсы бiреу жүгiрiп отын тердi,
Қайсысы шертiп жатыр домбырасын.
Һешкiмге опасы жоқ бұл жалғанның,
Құр қалдың дүниеден арланғаның.
Керуен басы шатырында құлақ салса,
Есiттi бiр адамның зарланғанын.
Зарлаған Таһир екен, құлақ салды,
Базарқандар аңырап тыңдай қалды.
Шатырды терезеден көргеннен соң,
Зарлықтан екi көзiне жас алады.
– Көп керуендер келiптi,
Көп шатырлар тiгiптi.
Мен Зүһрамнан айырылып,
Мұңдасым саз болыпты.
Манағы ақын бала домбыра алды,
Құдайым шешен қылған өрiмталды.
Таһирдың шиғыр сөзiн есiттi де,
Бiр ауыз назым сөзiн айтып салды.
– Жарың көп мұң қылады,
Есiткен таң қалады.
Ғарiп ғашық, жақын кел,
Есiмiңiз кiм болады?
Таһир қарсы жауап бердi
– Есiмiм аһ зар олсын де,
Алла медет қылсын де.
Нендей жақсы адамсыз,
Жар иесi бар қасыңда?
Мұның Таһир екенiн ендi бiлiп,
Бiр күнде жүрген едi ойнап-күлiп.
Жас бала тағы және назым айтты,
Зүһраның бұдан айтқан сәлем қылып.
– Жiгiт, аһ зар етпеңiз,
Сүйiншiлер берсеңiз.
Жолым ұшырап көрiп ем
«Сәлем» дедi Зүһраңыз.
Баладан Таһир естiп, талып түстi,
Зүһраның сәлемiне жаннан кештi.
Бiраз ғана талып жатып, аһы шегiп,
Өзiн-өзi көтерiп, жияды естi.
Түрегелiп, есiн жиып тағы қалды,
Талып жатып тағы есiн жиып алды.
«Керуеннен мұңымды сұрайын» деп,
Зынданның әйнегiнен көзiн салды.
Қараса, көшiп кеткен керуен бiткен,
Қараса да көрiнбей алыс кеткен.
Зындан iшi су болды көз жасына,
Бейшара отыра қалып зарлық еткен.
– Құдауанда, қадiрсiң,
Пәруардигар өзiңсiң.
Барша жасырын сырларды
Сен ескере бiлерсiң.
Құдiретiң көп, Құдай-а,
Һәр не қылсаң қыларсың.
Ғарiптердiң халiнi
Сен бiлерсiң, Құдай-а.
Һәр не қылсаң пендеге
Сен қыларсың, Құдай-а.
Бұ зынданнан құтқарып,
Халас қылсаң, Құдай-а.
Мен бейшара құлыңа
Рақым қылсаң, Құдай-а.
Жүрген құлың тентiреп,
Ендi келген жар тiлеп,
Жас көзiнен мөлдiреп,
Медет қылсаң, Құдай-а.
Жетi жылдар қонғаным,
Тас зынданда қалғаным,
Зар сәргардан болғаным.
Халас қылсаң, Құдай-а.
Жылап келген құлыңды
Қайтармасаң қолың-ай.
Аһ зар еткемiн сөзiнi,
Қабыл қылсаң, Құдай-а.
Пайғамбарлар құрметi,
Әнбиелер құрметi.
Ғарiп жандар құрметi
Халас қылсаң, Құдай-а.
Жетi жыл зындан iшiнде,
Әһл рафған iшiнде,
Пайғамбарың Жүсiптi
Құтқарыпсың, Құдай-а.
Пайғамбарың Жүнiстi,
Балық iшiнде монсады,
Қырық күндер болғанда
Құтқарыпсың, Құдай-а.
Сенен медет болмаса,
Кiмнен дәрмен тiлеймiн?!
Сен тiлегiм қайтарсаң,
Кiмнен пәрмен тiлеймiн?!
Бақ-бустандар жолыма
Ашар ма деп тiлеймiн.
Жетi жылдық зарыма
Қосар ма деп тiлеймiн.
Тiлегiн Хақ Тағала қабыл еттi,
Йасиғының уақыты болып жеттi.
Зынданның есігін ашып, сәлем беріп,
Хазiрет Қызыр аләйһиссалам келiп жеттi.
Таһирға Қызыр келiп сәлем бердi,
Сәлемiн Таһир алып қабыл көрдi.
– Иншалла құтыларсың бұ зынданнан,
Әй, балам, жылама, – деп жауап бердi.
Жылаған көз жасыңды қабыл еттi,
Зынданнан шығатұғын уақыт жеттi.
Қызырдың жетегiнде қара аты бар,
Өзi көркем, жақсы екен бек әйбат-ты.
Қызыр айтты: – Бұл атқа мiнгiл,– дедi,
Не деп айтқан сөзiме көнгiл,– дедi.
Мен сенi мағшұғыңа жолықтырам,
Iлгерi атқа мiнiп жүргiл,– дедi.
Таһирға Қызыр айтты һәрбiр кептi,
Тұра келiп тақсырдың қолын өптi.
Байлаған аяқ-қолын шешкеннен соң,
«Аллаға мың мәртебе шүкiр» дептi.
Қызыр атқа мiнгiздi Таһир ердi,
Өзiнiң шаһарына алып жүрдi.
Таң мезгiлi болғанда, бiр уақытта,
Жүре алмай, екi көзге ұйқы кiрдi.
Келедi һәрбiр түрлi жерден асып,
Бiр заман жүре алмады ұйқы басып.
Сарайына Зүһраның жеткен екен,
Қараса ақырындап көзiн ашып.
Қызыр аттан түсiрдi Таһир ердi,
Көрсеттi бұрын мекен қылған жердi.
Таһирды әкеп салып Зүһраға,
Ол Қызыр ғайып болып жүре бердi.
Ұйқы басып жатыр екен тамам жұртты,
«Шүкiр» деп топыраққа жүзiн сүрттi.
Ғашық болған жарымды iздеймiн деп,
Жоқ жерден бейшараны бейнет түрттi.
Қарайды Зүһраны әйнегiнен,
Терезе жабық екен түндегiнен.
Домбырасын ала сала назым айтты,
Шыға алмады жоғары төменгiден.
– Қатты ұйқыға кетiпсiң,
Оян, Зүһра сұлтаным.
Тәттi ұйқыға кетiпсiң,
Оян, Зүһра сұлтаным.
Жан төсекке жатыпсың,
Жан ұйқыға жатыпсың.
Ғашық жарың келгенде,
Һәнүз ғапыл жатыпсың.
Жарың келген көргелi,
Жүзге жүзiң сүргелi
Ойнап-күлiп жүргелi.
Оян, Зүһра сұлтаным,
Зындан шеккен жетi жыл,
Мехнат шеккен жетi жыл,
Таһир жарың келгенде
Оян, Зүһра сұлтаным.
Ғашық жарың келiптi,
Ғарiп жарың келiптi,
Гүл жүзiңдi көрмекке.
Ынтызарың келiптi,
Шаһариарым, тұр-сәна.
Меһiрбаным, тұр-сәна
Зар сәргардан ғарiбiң
Бiр ғана жүзiн көр-сәна.
Ынтызарың көргелi,
Разы болған өлгелi,
Таһир жарың келгенi
Тұршы, жаным, тұр-сәна.
Қасiретi де зар болған
Тумысыңнан жар болған,
Мұңды Таһир келгенде
Оян, Зүһра сұлтаным!
Әлқисса, Зүһра бiр түс көрген екен,
Апасымен сарайда жүрген екен.
Таһирды ұйықтап жатып түсте көрiп,
Бұрынғы айрылғанын бiлген екен.
Оянып бұ сағатта ендi тұрды,
Құлағына домбыраның даусы кiрдi.
«Ғажап-ау, түнде жүрген кiм екен» деп,
Таһирды терезеден анық көрдi.
Зынданға Таһир барып түскен екен,
Жетi жылдай шаш пен мұрты өскен екен.
Әуелiнде Зүһра танымай қалды,
Шаш ұзындығы иығына түскен екен.
Таһирды ендi бiлдi талып түсiп,
Дұшпанның атасы жүр тiлiне ерiп.
«Жуыныңыз, тазаланып моншаға» деп,
Мың алтын жоғарыдан санап берiп.
– Әй, Таһир, бұл алтынды алшы,– дедi,
Мен бiр ақыл айтайын наншы,– дедi.
Анаңыз бен туысқан апаңыз бар,
Кiдiрмей бүгiн түнде баршы,– дедi.
Бұ түнi кiре алмайсыз қасымызға,
Не кетiп, не келмейдi басыңызға.
Атама бiреу барып хабар берсе,
Қиындық тағы түсер басыңызға.
Жар күйеуiн кiргiзуге көңiлi ауып,
Жатып қалды терезенiң бетiн жауып.
Келдi де түнде жүрiп қақпа қақты,
Зүһра айтуымен iздеп тауып.
Апасы шыға келiп есiк ашты,
«Кiмсiң?» деп Таһирмен жауаптасты.
Таһир өзi айтқанда аты-жөнiн,
Үйге кiрiп, екеуi көп жыласты.
Апасы жылап айтты: – Iнiм,– дедi,
Не халге түсiп жүрген күнiң,– дедi.
Шаш-мұртың, сақал түскен иiнiңе,
Адамдық кетiп қапты сенiң,– дедi.
Бiр қабат жаңа киiм кигiзедi,
Моншаны «әне, тұр» деп көргiзедi.
Моншадан тазаланып отырған соң,
Таһир айтып хал-ахуалын бiлгiзедi.
Апасы жайын естiп күйдi жаны,
«Көрсеттi аман-есен Тәңiрiм сенi».
Түрлi тағам жегiзiп, тойғызды ендi,
«Мекен қып тұрарсыз деп ендi менi».
Табылмас жерден аңа алтын қазып,
Қайғымен жетi жылдай жүрген азып.
«Апар» деп апасына тапсырады,
Мөһiрлеп Зүһраға бiр хат жазып.
Апасы алып кеттi үшбу хатты,
Таһирды апасынан iздеп тапты.
Қолына әкеп бердi жазған сөзiн,
Ғашықтық көрсетедi ғаламатты.
Жазған сөзi: «Бүгiн кеш келiңiз,– деп,
Домбыраңызды бiрге алып жүрiңiз» деп.
Зүһраның апасынан бұ да айтады:
«Мен сәлем тапсырам бiлiңiз,– деп.
Иншалла, Зүһраға ойым бөлек,
Әгар келiп қалса ажал тiрек.
Сақтаса дұшпандардың шерлерiнен
Бүгiн кеш ел жатарда барсам керек».
Құданың құдiретi мұндай болды,
Замана жылдан-жылға қылдай болды.
Бесiн менен ақшамның екi арасы,
Таһирға ұзақтығы жылдай болды.
Ақшамның мезгiлiнде жетiп келдi,
Жоғарыдан Таһирды Зүһра көрдi.
Бiраздан соң көрсеттi нұр жамалын
Таһир ендi Зүһраға жауап бердi.
– Зүһра, менiм шаһымсың,
Зүлфi сипар жарымсың.
Нұрға ғарық қылғаның
Құяшымсың, маһымсың.
Зүһра қарсы айтты
– Таһир, жүзiң ай екен,
Қара қасың шай екен.
Бұрылып өскен шаштарың
Қара нұрға жай екен.
Таһир ендi сарайға келiп кiрдi,
Нұр жамалын Зүһраның түсте көрдi.
Бiр-бiрiнiң сұрасып көргендерiн,
Жыласып таңға шейiн отырды ендi.
Таһирға келсе дағы болар жазым,
Таң атқанша бiр-бiрiне айтты назым.
Сарайдан апасының үйiне келiп,
Уақытында оқып жатыр таң намазын.
Апасына Таһир айтты көргендерiн,
Зүһраға ғашық болып жүргендерiн.
Таң атқанша отырғанының бәрiн айтты.
Шиғырмен жақсы жауап бергендерiн.
Мұнымен бес-алты күн өтiп кеттi,
Таһирға Зүһра тағы бiр хат бiттi.
Апасына апар деп тағы берсе,
Келiп және Таһирдың қолына еліттi.
Жазған сөзi Таһирға «Бiлiң,– деген,
Сарайға күн батқан соң келiң,– деген.
Домбыраны тастама қолыңыздан,
Дұшпаным болып жүр ғой елiм» деген.
Ақшамның мезгiлiнде Таһир кеттi,
Кел деген сағатында келiп жеттi.
Сарайдан Зүһра қарап отыр екен,
Кiргiзiп терезеден құрмет еттi.
Қанатын әйнегiнiң тұрған ашып,
Назыммен сөз айтуды қылған машық.
Таһирды көргенiнде көңiлi тасып,
Бiр назым айтады ендi Зүһра ғашық.
– Мәйiлiм бар гүл жүзiңе
Аһуа нәркес көзiңе.
Өлмей тұрып жүз қойсам,
Зүһра сұлтан, тiзеңе.
Зүһра қарсы бiр назым айтты
– Баста ғашық жылдарың,
Жайдай жiңiшке белдерiң.
Тiзем түгiл көкiрегiм
Жүзiң қояр жерлерiң.
Андайын соң сарайға Таһир кiрдi,
Неше түрлi ойынын қыла бердi.
Әуелi Таһирдан Зүһра ендi
Бiр назым шиғырменен сұрай бердi.
– Құлақ тұтып, шеш маған,
Һәр нәрсеге ес болған.
Қайда самрұқ құсына
Бұ дүниеде ес болған.
Ғашық Таһир жауап бердi
– Самрұқ құс жүфұтiнен
Он сегiз мың ғаламнан.
Iздей,қарай жүргенде,
Айрылған-ды есiнен.
Андайын соң муафиқ, шиғыр айтып,
Келедi бiр заманда таң да атып.
Бiр-бiрiне екеуi амандасып,
Үйiне Таһир ендi кеттi қайтып.
Қырық күндей осылайша келiп жүрдi,
Зүһраның келiп жайын бiлiп жүрдi.
Қырық бiрiншi күнiнде тағы Таһир
Терезенiң тұсына келiп тұрды.
Зүһра жоғарыдан арқан бердi,
Жiптен ұстап жоғары Таһир кiрдi.
Бiрiн-бiрi көрген соң биһұш болып,
Өз халiне қайғымен жылай бердi.
Құдайым махаббатын бiлгiзедi ендi,
Бiрiне-бiрiн ғашық қылғызды ендi.
Апасы Зүһраның ұшып келiп,
Су берiп екеуiн де тұрғызды ендi.
Екеуi есiн жиып отырысты,
Ғашықтықтың жайынан сөз сөйлестi.
Түрлi-түрлi тағамды әзiр етiп,
Кесеменен толтырып шарап iштi.
Шарап iшiп, неше түрлi ойын еттi,
Аздан соң таң мезгiлi келiп жеттi.
Арқанменен сарайдан төмен түсiп,
Таһир ендi үйiне қайтып кеттi.
Апасы Зүһраның жайын сұрды,
Таһир ендi апасына айтты сырды.
«Ойын ойнап, шарап iшiп келдiм» дедi,
Көргенiн бастан-аяқ айтып тұрды.
Апасы айтты: – Жас жiгiт уайым жемес,
Келесiң Зүһраға күнде барып.
Келесiң Зүһраға күнде барып,
Тiл алсаң өз басыңа лайық емес.
Барсаң да тез қайтқайсың ел жатқанша,
Күн өтер тамашаға қаратқанша.
Сыртыңнан аңдып жүрген дұшпаның көп,
Кешiгiп қалмағайсың таң атқанша.
Һешкiмге Таһир ендi көрiнбедi,
Баруға күнде-күнде ерiнбедi.
Мың айтқан насихаты апасының
Таһирға бiр тиындай көрiнбедi.
Тағы да бiрнеше күн барып жүрдi,
Мәнiсiн әлi дұшпан бiлмей тұрды.
Күндерде күн төсекте Таһир жатып,
Қорқулы ұйқысында бiр түс көрдi.
Түсiнде қайғыменен қапаланған,
Төрт жағынан қара иттер қамап алған.
Таһирды қашса дағы жiбермейдi,
Ұмтылып олай-бұлай, қайран қалған.
Сескенiп бұ түсiнен оянады,
Бұ түсiм қалай түс деп ойға алады.
«Пәлен жылда бұл түстi көрiп ем» деп,
Өз-өзiне қапа боп қайғы алады.
«Бұ түстi сонда тағы көрiп едiм,
Жетi жылдай сәргардан жүрiп едiм.
Қызыр маған себеп боп әкелген соң,
Бейнеттен мен де халас болып едiм.
Әуре пенде бар ма болған мендей,
Дүние өте шығар керуендей.
Бiр дұшпан көрген шығар бұл менi» деп,
Үйінен шықпайды ендi екi-үш күндей.
Рауилар жазған екен мұның сөзiн,
Мен Ақылбек баспадан көрдiм iзiн.
Көрiптi Ғараб малғұн Таһир ердi,
Түнде кеп Зүһраға жүрген iзiн.
Ол малғұн бiр жамандық ойлап келдi,
Зүһраның сарайына жасырынды.
Тұрғанын ол малғұнның Таһир бiлмес,
Кел деген мезгiлiнде жетiп келдi.
Таң атқанша және де сауық күттi,
Таң мезгiлi болғанда Таһир кеттi.
«Зүһраға Таһир келдi бұ түнде» деп,
Ғараб малғұн патшаға баян еттi.
– Тақсыр хан, жаһан басы сұлтанымсың,
Көп жылға аман болсын мал-жаныңыз.
«Кiрмесiн шаһарға» деп жарлық қылған,
Келiптi және қайтып дұшпаныңыз.
Дұшпанның жаза бердiң талайына,
Қараңыз Таһирдың бұлайына.
Жоғарғы әйнегiнен арқан тастап,
Қызыңыз тартып алды сарайына.
Мен бiр ғарiп құлыңыз көрiп едiм,
Шаншайын деп қайратыма келiп едiм.
Сол заман түсе қалды есiмiзге,
Жарлығы ханымыздың жоқ-ты дедiм.
Сол жерде бiр қателiк қыла жаздым,
Тысқары пәрменiңнен шыға жаздым.
Шыққанда кең сарайға көргеннен соң,
Ұялып намысымнан өле жаздым.
Болғанда бiз пақырға пәрменiңiз,
Қалмайды тырп етуге дәрменiмiз.
Бiрқатар жарлығыңыз түскен адам,
Келiптi бұйым болмай пәрменiмiз.
Ол малғұн бұлайша деп айтып кеттi,
«Кеттi деген Таһирың мұнда жеттi».
Ғарабтан мұндай сөздi естiп алып,
«Ендi келсе, өлтiр» деп әмiр еттi.
Падиша көп адамды әзiрлептi,
Таһирды ұстамаққа даяр етiп.
Зүһраның сарайында бұлар тұрды,
Ұстауға күндегiдей келсе жетiп.
Таһир ендi ғашықтан шыдай алмай,
Жөнелдi Зүһраға сабыры қалмай.
Қолына домбырасын ала кеттi,
Апасы «сабыр қыл» деп айтса болмай.
Таһир келсе, Зүһра мойнын бұрған,
Терезе қақпағынан қарап тұрған.
Қолына жiбек арқан төмен берiп,
Жоғары шығармаққа жауап сұрған.
Зүһраға жауап қатты: – Шықпаймын,– деп,
Мағшұғымның сөздерiн ұқпаймын,– деп.
Апасының ақыл сөзi ойына келiп,
– Бәлеге ендi басым тықпаймын,– деп.
Сарайда тығылып тұр әскер адам,
Бұйрығы болғаннан соң падишадан.
Арқан ұстап Таһиры шықпаған соң,
Бiр назым Зүһра айтты жоғарыдан.
– Көңiл зарға батқан-ды,
Қайғың жанға батқан-ды.
Таһиржаным, ғашығым,
Неден көңiлiң қайтқан-ды?
Таһир Зүһраға айтты
– Шаттық күнiм өткен-дүр ,
Қайғы күнiм жеткен-дүр.
Мен жыламай не етейiн,
Айрылар күнiм жеткен-дүр.
Зүһра мұны естiп, зарлық етiп,
Жылады, ғашық дертi жанына өтiп.
Бұлар мұнда жыласып тұрғанында,
Сарайдағы көп әскерлер келдi жетiп.
Қамалап төрт жағынан ортаға алды,
Көрген түсi алдына келiп қалды.
Таһирдың бiр қанжары жанында екен,
Ұстаймын деген жанға жара салды.
Бiреуiн шаншып кеттi мойнынан,
Қайсысының қан ағады қойнынан.
Қайсыбiрiн лақтырды аяғынан,
Көз көрген қайран қалды ойынынан.
Сонша көп мылтығымен ата алмады,
Қайсыбiрi атарында от алмады.
Бiр сағатта елу кiсi қырылған соң,
Ендiгi қалғандары бата алмады.
Әскер басы падишаға кiсi салды,
«Мына Таһир қырып жатыр барша жанды».
Бес жүз кiсi жiбердi тағы падиша,
Сағат болмай тағы да келiп қалды.
Жетiп келiп әскер басы бақырады,
Шашылған көп адамы шақырады.
– Қиянатшы баланы тез өлтiр,– деп,
Тамағының түбiменен ақырады.
Жиылды «ұстаймыз» деп һәрбiрiсi,
Iшiнде толып жатыр жас-кәрiсi.
Қаһармандай қанжармен шаншып жүрiп,
Сағат болмай өлтiрдi сексен кiсi.
Өлiптi сексен кiсi қаза тауып,
Таһир жүр үстi-басын қанға жуып.
Тағы да падишадан кiсi сұрап,
Бiр адам падишаға кеттi шауып.
Келдi де падишаға баян еттi:
– Әй, тақсыр, түбiмiзге Таһир жеттi.
Мың әскер өз қасына ертiп алып,
Ашуланып майданға патша жеттi.
Таһирға сырттан кiсi көз салғандай,
Қайратына лайықсыз таң қалғандай.
Арасына қанжармен кiрiп кетсе,
Мысалы қырғанының шөп шалғандай.
Қанжар тиiп кеткенде өтпесiн бе,
Құдай қаза берген соң кетпесiн бе.
Бiр сағат тыным алмай араласып,
Сегiз жүз адам қырды сүткесiнде.
Зүһраға және келдi барайын деп,
Бойымда жара бар ма қарайын деп.
Отырды сарайдың жанына келiп,
Аз ғана есiм жиып алайын деп.
Зүһра айтты
– Сөз айтам, құлақ салсаң,
Ендi кiрме соғысқа тiлiмдi алсаң.
Алармын атамнан сенi тiлеп,
Қайтедi «күнәм кеш» деп мойынсұнсаң.
Таһирға көп сөз айтып жалынады,
Зүһрадан мұны естiп қамығады.
«Сен үшiн басым берсем халал» деп,
Соғысқа етi суып жалығады.
– Кез болмаса басыма дүние боқ,
Сенiң сөзiң болмасын ататын оқ.
Атаңа мойынсұнсам сұнайын мен,
Жалғыз-ақ қыз-қатынның опасы жоқ.
Жолдасым жапа болғанда,
Дертiме шипа болар ма?
Тозаң құрлы әйелде
Маһир опа болар ма?
Таһирға Зүһра айтты
– Қыз-қатында опалық
Жоқ-дүр деме, Таһирым.
Жаным пида қылғанмын,
Қасiрет жеме, Таһирым.
Андайын соң қанжарын Таһир алып,
Iшiне қынының қойды салып.
Соғыстан қол тартқанын падиша бiлiп,
Қасына жетiп келдi қаһарланып.
– Қиянатшы болдың ба, жаным,– дедi,
Ас-тұзым, ескермедiң дәмiм,– дедi.
Осынша соғыс қылып әскерлердiң,
Нақақтан жерге төктiң қанын,– дедi.
Азғана сабыр қылмай надандығың,
Кемшiлiк көрсеткенiң жамандығың.
Мен сенi өз баламдай күтiп едiм,
Осы ма қарсы қылған жамандығың?
Өз баламнан артығырақ көрiп едiм,
Һәрқашан жақсы қылып жүрер едiм,
Аз ғана сабыр қылсаң, мұндай қылмай,
Мен саған Зүһраны берер едiм.
Тез қолыңды байлаймын, жазың,– дедi,
Һешкiмге жүре ме ендi назың,– дедi.
Дәм-тұзды ойлап тұрған байғұс Таһир,
Ал ендi өзiң жолдан азың,– дедi.
Байлады екi қолын аттан түсiп,
Тақытына қайтып келдi жиылысып,
Хан жанына жиылды жақсылары,
Әмiр қылды: – Өлтiр!– деп ашу қысып.
Жалладты шақырады: – Келсiн,– дедi,
Басын кес, екi бөлек болсын,– дедi.
Қиянатшы болмасына екiншiлей,
Қалғандарға ғибрат болсын,– дедi.
Жалладтар падишаға келдi жетiп,
Бiр өлер ақырында күнi бiтiп.
Қаһарланған падишаға қарап тұрып,
Бiр назым Таһир айтты зарлық етiп.
– Әдiл екен хандарың,
Сөзде тұрмас болар ма?
Бейшаралар сөзiне
Құлақ салмас болар ма?
Көп iшiнде бiр ғарiп
Сөзiн қылмас болар ма?
Мойнсұнып келгенде,
Қанын қимас болар ма?
Өлсем ендi өлгеймiн,
Хақ жазғанын көргеймiн.
Аман берсең бiраз күн
Дәурен сүрiп жүргеймiн.
Пәрмен қылсаң жалладқа
Дәрменiм жоқ тұрсам да.
Жарым жүзiн көргенде,
Арманым жоқ өлсем де.
Алмас қылыш, құрыш сап
Ақ мойныма салсаң да,
Әлем халқы жиылып
Тамашаға келсiн де.
Мұң-зарымды айтайын,
Келiп тыңдап тұрсын де.
Бейшараның өлгенiн
Көрiп ғибрат алсын де.
Қасында падишаның ғалымдары,
Аяқ ұра тұра келдi уәзiрлерi.
«Басын кес» деген сөзiн есiткен соң,
Тiледi «өлтiрме» деп көп һәммалары.
Тiледi «өлтiрме» деп көп халайық,
– Әй, тақсыр, қанын қисаң бiз алайық.
Зынданға салдырыңыз тым болмаса,
Өлтiргенiң дәулетiңе емес лайық.
Падиша тiлектерiн қабыл қылып,
Көрерiн бiр мехнатты Таһир бiлiп.
Бiр кеме жасамаққа бұйрық қылды,
Шаһардан ұсталарды алып келiп.
Бiр кеме жасатты iшi мықты,
Үстiне орнаттырды бiр сандықты.
Аяқ-қолын артына байлап алып,
Таһирды бұл сандыққа әкеп тықты.
Ағызып Шат суына қоя бердi,
Бейнеттi бейшараға Тәңiрiм бердi.
Бiрде бұлай ағады, бiрде бұлай,
Қай жаққа бiлмес едi барар жердi.
Жан-жағын түрегелiп көре алмайды,
Жатқызған шалқасынан жүре алмайды.
Сандықтың аузы ашық, көкке қарап,
Жұлқынып ,олай-бұлай тұра алмайды.
Барады күнi-түнi бiрдей ағып,
Зар жылап шалқасынан көкке бағып.
Ассыз, сусыз жүредi үш күн, үш түн,
Бейнеттен құтылады ендi нағып.
Рауилер Таһирдың басқан сөзiн,
Ақылбек өлең қылып салды көзiн.
Шат суының төменгi падишаһтан,
Таһирдың ендi айтайын шыққан кезiн.
Күл деген төменгiде падиша болған,
Бiр сарай Шат суына бина қылған.
Шат суының екiншi бiр айрығы,
Ол сарайдың жанынан ағып тұрған.
Зүһра қайғы ойлап, жатып азды,
Ұшырды Таһирдайын қоңыр қазды.
Шат суына ағызды дегеннен соң,
Күл патшаның қыздарына бiр хат жазды.
Жазған сөзi қыздарға: «Достым дейдi,
Сiздерге бiр аманат қостым дейдi,
Таһирды Шат суына ағызды атам,
Ғарiптiкке бұ кезде түстiм дейдi.
Кез келсе, су бетiнен шығарыңыз,
Таһир жiгiт ғашық болған бiр жарымыз.
Бiр жерге сақтап оны қойғаннан соң,
Жолықаннан бiзге тисiн хабарыңыз».
Хат жазып тапсырды да Таһир ердi,
Тұрады мекен қылып қандай жердi.
«Елшiден тез жүретiн берiңiз» деп,
Мөһiрлеп, апасына бүктеп бердi.
Апасы жазған хатты қолына алды,
Хат тасушы елшiнi тауып алды.
«Күл патшаның қыздарына бұл қағазды
Оңашада берiңiз» деп айтып салды.
– Тезiрек күн-түн қатып жорысаңыз,
Қыздарға аулақ жайда бересiңiз.
Бұ сырларды һешкiмге бiлдiрместен,
Қайтадан қағаз алып келiңiз.
Қызметке сiздi лайық көремiн деп,
Һәрқашан қағаз берiп жүремiн деп.
Елшiге жүз алтынды санап бердi,
Келгенiңде және жүздi беремiн деп.
Ол елшi «жарайды» деп қабыл еттi,
Қойнына хатын салып жүрiп кеттi.
Арада тау-тас демей күн-түн қатып,
Күл падиша шаһарына барып жеттi.
Падишаның шаһар тысында бiр бақшасы,
Қыздардың ойын қылар тамашасы.
Қасына жариалар ертiп шығып,
Жер екен көңiл ашар оңашасы.
Елшi сонда таныды падиша қызын,
Шарбақтың сыртынан салды көзiн.
Артынан келдi дағы ақырын ғана
Бiр қатыннан баян қып айтты сөзiн.
Қатынға елшi бердi бiраз алтын,
Бiлдiрдi «айтыңыз» деп сөздiң салтын.
«Зүһраның сәлемiн айтайын» деп,
Хатын алып разы болды қатын.
Қыз жүрдi жариалармен бұ бақшада,
Көңiлдерiн көтерiп тамашада.
Елшiден Зүһраның сәлем сөзiн,
Падиша қызына айтты қатын оңашада.
Ханшаға баян қылды осылай деп,
Зүһрадан есiткендей әңгiме-кеп.
Қатынға бес-он алтын ханша бердi,
«Елшiден Зүһра хатын алып кел» деп.
Қатын дәрхал елшiге жетiп келдi,
– Зүһраның жазған хатын әкел,– дедi.
Елшiден алып келiп Зүһра сөзiн,
Ханшаның қолына ұсынып бердi.
Падиша қызы хатты алып, оқып бiлдi,
Өзiнiң қыздарына бұйрық қылды.
«Бұ судан бiр сал кеме келсе ұста» деп,
Бәрiне мағлұм етiп айтып тұрды.
Шат суын жариалар күзетедi,
Күзеткенге екi күндей күн өтедi.
Үшiншi күн бiр сал кеме келе жатыр,
Тезiрек ханшаға бiлдiртедi.
Ханша қарап тұрды суға бағып,
Жоғарыдан бiр сал кеме келедi ағып.
Iшiнде һеш адам болмағанға,
Жатады қалайынан Таһир нағып.
Қыздар айтты: – Сiздейiн бiзге рұқсат берсе,
Бiр назым айтар едiк дұрыс көрсе.
Бiзге қарсы бiр назым айтпай қалмас,
Әгарда бұ күймеде Таһир болса.
Хан қызы: – Айтқаныңыз жарар,– дедi,
Даусыңыз құлағына барар,– дедi.
Шиғырменен дауыста,– дедi.
Бар болса назым айтып қарар,– дедi.
– Келiң, қыздар, ұшалық,
Шат суына түселiк.
Дерттi Таһир келсе-дүр,
Медетiне ерелiк.
Ол салдың iшiнен Таһир қыздарға бiр назым айтты
– Мекенiм тақта парасы,
Кеткенiм Шат арасы.
Бiр иманды құл жоқ па,
Менi тезiрек құтқарса.
Таһир өзiн бiлдiрдi назым айтып,
Мехнатқа неше күндей жатыр батып.
Бұ сөзiн қыздар естiп, жабырласып,
Арқанмен жан-жағынан алды тартып.
Сандықта жатқанынан шығарып алды,
Әдемiлiк сипатына қайран қалды.
Падиша қызы сарайына алып келiп,
Бiр сағатта мәжiлiс жия салды.
Сұлу қыздар отырып iшер шарап,
Таһирға қайран қалар бәрi қарап.
Неше түрлi сұлу жiгiт көрсе дағы,
Келмейдi һешбiреуi оған тарап.
Алтын-күмiс шарап құйған кеселерге,
Таһирмен патша қызы отыр бiрге.
Таһирдың көркемiне қайран қалып,
Падиша қызы назым айтты Таһир ерге.
– Таһир, затың перi ме,
Перiште ме, хоры ма?
Жаралғаны жисмiңiз
Жасыл жауһар нұры ма?
Таһир айтты
– Мен Зүһраның жарымын,
Қара зүлфi зарымын.
Сенiң гөзал хұсниiңе
Қайран болып қараймын.
Андайын соң падиша қызы кесенi алды,
Шарабын iшiндегi қағып салды.
Зүһраға Таһирды бiлдiргелi
Бiр қағаз жазайын деп ыңғайланды.
Қатынға тағы бердi бес-он алтын,
«Елшiге тапсыр» дедi жазған хатын.
Қатын келiп елшiге әкеп бердi,
Тапсырған падиша қызының аманатын.
Жөнелдi Зүһраға елшi қайтып,
Қолына хатын бердi жайын айтып.
Хан қызының жазғанын оқыған соң,
Жығылды Зүһра жерге қапа тартып.
– Көз жасым қан олған-дүр,
Бағырым бериан олған-дүр.
Асықпа, көңiл, һәр iске,
Сабырлық бас болған-дүр.
Андайын соң өз-өзiне айтады ақыл,
«Жылағанмен Таһир қашан келер жақын.
Шара бар ма қылатын ендi бұған,
Сабырдан басқа,– дейдi,– болмас мақұл».
Құрбылар бұл сөзiме мойын бұрсын,
Зүһра өз үйiнде жылай тұрсын.
Күл патшадағы Таһирдан кеңес айтып
Азырақ қандырайын құлақ құрышын.
Кез қылды Шат суына, Патша Құдай,
Ғашықтың мехнаты, мiне, осындай.
Патшаның қызыменен сұхбатта,
Ғейш-ғишрат ойын қылды қырық күн ұдай.
Назымға патша қызы болған машық,
Күледi бiр-бiрiне аузын ашып.
Бар екен үш қызы бұл патшаның
Таһирға үшеуi де болды ғашық.
Өнерi күннен-күнге артады ендi,
Мәжiлiс қуанышта жатады ендi.
Үлкен қызы патшаның мәжiлiсте
Таһирға бiр назымды айтады ендi.
Ұлық қыз айтты
– Қасың қара болған-ды,
Аһ зейiлдерiң болған-ды.
Зүһра, көңiл ал-сәна,
Өзге жарлар болған-ды.
Таһир жауап бердi
– Ғашық болдым әзелi,
Солды беңзiм ғазалы.
Көрмедiм мен әлемде
Зүһрадан гөзалi!
Андайын соң ортаншы қыз Таһирға назым айтты
– Жiңiшке қасым қара екен,
Рухым ғұнчә дар екен,
Бiр жұп назар қыл-сәна,
Зүһра мендей бар ма екен?
Таһир жауап бердi
– Сәруи назым менiң жоқ,
Хұсниiңге һеш сөзiм жоқ.
Ақылым Зүһра алған-дүр,
Сенi көрер көзiм жоқ.
Андайын соң кiшi қызы Таһирға бiр назым айтты
– Нәзiк зипа һәр жерiм,
Ғұнчә рефа һәр жерiм.
Лебiм шипа хастаға,
Дертке дәрмен һәр жерiм.
Таһир кiшi қызға айтты бұл сөздi және
– Хошлар болса мың һазар,
Бiрiн қылман ықтияр.
Зүһрам илән уағадам,
Һеш сүймеспiн бөтен жар.
Таһирға қыздар болды назым айтып,
Махаббат қылмады деп көңiлi қайтып.
Зүһрадан басқаға көңiл бұзбай,
Көре алмай Таһир отыр қапа тартып.
Таһирдың Зүһрамен күнi кешкен,
Патшаның үш қызының көңiлi түскен.
Бұлардан Таһирдың һеш хабары жоқ,
Бiр күнi бұл үшеуi сөз сөйлескен.
Үлкенi айтты: – Бiр мәслихат айтайын мен,
Екi сiңiлiм, ұнатып тыңдағыл сен.
Үш күндей назым айтып Таһирменен
Қайсымыз жеңiп кетiп боламыз тең.
Жеңгенiңiз Таһирды алсаң,– дедi,
Қосылып жүфұт болып қалсаң,– дедi.
Екеуiңе айтып болдым мәслихатым,
Жауап бер ендi разы болсаң,– дедi.
Екi қыз разы болды: – Лайық,– деп,
Сiз айтқан ақылыңды бiз алайық,– деп.
Үш күндей үшеумiз назым айтып,
Жеңгенiмiз халалы болайық,– деп.
Үлкен қыз айтысады үш күн, үш түн,
Таһирды көрсе көңiлi болмас бүтiн.
Шиғырменен назымға сөйлеттiрмей,
Үшiншi күн Таһирың болды үстiн.
Айтуға ортаншы қыз тағы келдi,
Үш күн, үш түн айтысып Таһир жеңдi.
Кiшi қыз және айтысып үш күн, үш түн,
Таһирге келе алмайды теңбе-теңдi.
Үш қызға келiспейдi бұ мәслихат,
Таһирге ғашық болды бек қабағат.
Күндерде бiр күн және бұл үшеуi
Қосылмаққа айтысты бiр ғаламат.
Үлкен қыз: – Әуелгi жол маған,– дедi,
Екеуiң талас қылма бұған,– дедi.
Ерге бармақ әуелi үлкендерi,
Мен болдым бұрын туған апаң,– дедi.
Ортаншы қыз айтады ендi бiр кеп:
– Үлкенмiн дегенiңiз бола ма еп.
Шат судан келгенiңде екеуiңнен
Таһирды бұрынырақ мен көрдiм,– деп.
Кiшi қыз және айтты бұл бiр жауап:
– Қабыл көрсе Таһирге қылам тәуап.
Әгар қабыл қылмаса менi Таһир,
Қылышпен бiр-ақ шапсам болар сауап.
Ортаншысы айтады: – Ер көремiн,
Халалдыққа алмаса у беремiн.
– Аяқ-қолын тас байлап, менi алмаса,
Үлкенi айтады: – Шат суына жiберемiн.
Осылай қыздар кiрдi үлкен дауға,
Таһир ғарiп кез болды үлкен жауға.
Бейшара Шат суынан құтылып кеп,
Iлiндi балық болып құрған ауға.
Хан қызы бола алмады бұған мекен,
Сақтанып өзiне-өзi болды бекем.
Үшеуiнiң таласып дауласқанын
Бiр шеттен естiп тыңдап тұрған екен.
Орнынан тұра келдi ерте тұрып,
Қарамай алды-артына мойын бұрып.
Қараңғыда бақшадан шығып келiп,
Бет қойып Зүһраға кеттi жүрiп.
Жөнелдi қорқа-қорқа, зар-зар етiп,
Артымнан келе ме деп әскер жетiп.
Жолықты бiр шашмаға кешке таман,
«Таһарат алайын» деп үмiт етiп.
Ол шашманың суынан алды таһарат,
Қажет намаз оқыды екi ракағат.
Топыраққа жүзiн сүртiп, тiлек тiлеп,
«Жолықтыр Зүһраға қади әл-хажат».
Аллаға мың мәртебе зарлық етті,
Шаршағаннан аз ғана ұйықтап кеттi.
Ат дыбысы құлағына қатты тиiп,
Оянып, сасқанынан тұра кептi.
Астында қара аты бар атлас киген,
Көзiне Таһир ердiң желi тиген.
Баяғы жәрдем қылған Қызыр баба,
Көз жасын бұ пақырдың Тәңiрiм екен.
Қызырға сәлем берiп, сәлем алды,
Ерттеулi даяр атқа мiне салды.
«Көзiңдi жұм» дегенде жұмған екен,
Зүһраның сарайына келiп қалды.
Аш деген соң, тағы да ашты көзiн,
Баяғы сарайында көредi өзiн.
«Өңiм бе, бұл көргенiм түсiм бе» деп,
Бейшара қайран қалып айтты сөзiн.
– Қалайша келiп қалдым құстай ағып,
Қарайды сарайларға тұра бағып.
– Қазiр ғана Күл патшаның жерiнде едiм,
Қалайша бiр минутте келдiм нағып?
Ағалар, шек келтiрме жалғыз Хақты,
Жеткiзе ме бiздейiн ақымақты.
Қызыр кеттi, апасының үйiн iздеп
Дыбыстап тыста тұрып есiк қақты.
Апасы есiк ашып, кiргiздi ендi,
Отыратын орынға тұрғызды ендi.
Басында не көргенiн апасына
Баян қып һәммаларын бiлгiздi ендi.
Апасы күте бердi тағам асып,
Отырды һәрбiр түрлi жауаптасып.
Екi күндей Зүһраның тарапынан,
Бiр ауыз сөз айтпады ауыз ашып.
Апасы халi-жайының бәрiн бiлдi,
Үшiншi күн Зүһраға көңiл қылды.
Бармақшы боп ойланып отырғанда,
Құлағына сырнайдың даусы келдi.
Сұрады апасынан дедi былай:
– Сырнай шертiп жүре ме күнде осылай?
Апасы айтпақ болды Зүһраны,
Көңiлдi бұза көрме олай-бұлай.
– Аһ,– деп апасы айтты,– iнiм,– дедi,
Ендi жайын айтайын мұның,– дедi.
Бiр патшаның баласы Зүһраны
Айттырып алмақ болды, бiлiң,– дедi.
Бiр жұмадай ойынын ойнаттырып,
Күреске палуандар сайлаттырып.
Падишамыз қылып тұр бiр үлкен той,
Алыстан ат, жақыннан тай шаптырып.
Шат суына сенi ағызды уайым жемес,
Болып тұр осылайша қызық кеңес.
Некесiн оқытады Зүһраның,
Күйеудiң келер күнi алыс емес.
Бұ сөздi апасынан естiп алып,
Хошсыз боп бiр сағаттай жатты талып.
Апасы айтқанына бек өкiндi,
Таһирге гүл су септi қайғыланып.
Бiр заманда түрегелiп есiн жиды,
Айрылып кеттiм бе деп уайым жедi.
– Бiр қабат әйелдердiң киiмiн бер,
Тойына барып келем, апа,– дедi.
– Қарағым, Зүһраны таста,– дедi,
Бейнетiң тағы бар ма, баста,– дедi.
Бұйырмаған қыз ендi кетсе, барсын,
Сұлу қыз әперемiн басқа,– дедi.
Кiрмедi құлағына айтқан ақыл,
Неге алсын ақылды, ажал жақын.
Апасы шарасыздан киiм бердi,
Баратұғын ниетiн қылды мақұл.
Бейнетке ғарiп басын тартады ендi,
Көзiне қара нәркес батады ендi.
«Қатын-қызда һеш опа болмас-ты» деп,
Бiр назым бара жатып айтады ендi.
– Қыз-қатыннан опасыз
Бұ дүниеде болар ма?
Мойынсұнған қатынға,
Сiрә, адам болар ма?
Iздеп тапқан қасiретiң,
Жылама, Таһир, жылама!
Сондай қылған қасiретiң,
Жылама, Таһир, жылама!
Көзiне Таһир ердiң ұйқы кiрмес,
Сөйткенмен ғашықтықтан жiгiт өлмес.
Таң атқанда жөнелдi тойға таман,
Қатын болып барған соң адам бiлмес.
Бiр қабат қатындарша кидi киiм,
Жiгiтке ғашық болған қатты қиын.
Келдi де орындыққа отырады,
Қыз-қатындар көп екен, үлкен жиын.
Қарады, отырды да һәрбiр жаққа,
Зүһра отыр едi биiк тақта.
Ойыншылар, қатындар баршалары
Отырған қатарласып Зүһра жаққа.
Үстiнде Зүһраның асылдар бар,
Безеген неше түрлi жасыл жауһар.
Малынып, бiр нұр болып отырыпты,
Көмiлген үстi-басы – бәрi гауһар.
Қарады Таһир жiгiт бұған таман,
Құпия жылап қана отыр аман.
Ол гауһармен безелген сарайлары,
Әуелгi зынданнан болды жаман.
Көп қыздар шиғырменен айтар өзiн,
Зүһра тыңдап отыр назым сөзiн.
Қыздардың қосылмақтық қып бiлгенiнде,
Зар жылап, жас қылады екi көзiн.
Ойыншылар сөзiне күлмес едi,
Таһирдың мұнда барын бiлмес едi.
Iлтипат қып бәрiне қарамайды,
Көңiлi қуанышқа келмес едi.
Назымға ұста қызды шақырып алып,
Естидi шиғырын құлақ салып.
Көңiлiн көтередi соныменен,
Әйтпесе өлмес пе едi қапаланып.
Таһир да қолына бiр сырнай алды,
Айтайын деп бiр назым ендi ойланды.
Бұ назымды айтады сол уақытта,
Жиылған қыз-қатындар құлақ салды.
– Нендей ғажап той екен,
Адам бiлмес ой екен.
Жарым көрер күнiмде
Қияметтей той екен.
Келер деген аманат
Қиянатқа ұқсайды.
Көп жиналған жамағат
Қияметке ұқсайды.
Бұ назымды қыздардың бәрi бiлдi,
Таһирдың жанына қазiр келдi.
Назымменен шиғырларды айтысқанда,
Қыздардың бәрiн дағы Таһир жеңдi.
Зүһраға жетiп келдi бiрқатар қыз:
– Бiр қатынмен назым сөз айтыстық бiз.
Сөйлесiп бәрiмiзден ақын екен,
Шақырып халы-жайын сiз бiлiңiз.
Зүһра әмiр қылды: – Алып кел!– деп,
Сөйлеймiн бiраз ғана әңгiме кеп.
Аяқ-қолын тигiзбей алып кеттi,
Таһирды шақыруға қайыра кеп.
Отырды бiр-бiрiне көзiн салып,
Бiле алмай Зүһра жүр қайран қалып.
Тiзе бүгiп отырып Зүһраға
Сөйлейдi бiр назымды аузына алып.
– Ол достана көңiлдер,
Гүл мастана көңiлдер,
Қайғы кетiп, шат болмас,
Ғам бустанға көңiлдер.
Анда Зүһра айтты
– Бақ-бустандар жасасып,
Кiл қалалар салдырдым.
Жiбек тұсау босатып,
Сұңқарымды алдырдым.
Алдырғаным қолыма
Әлi де болса келмедi.
Келген адам хал сұрап,
Көңiлiмдегiм бiлмедi.
Анда Таһир айтты
– Шаһарың екен салдырған,
Қолыңдағың алдырған.
Бiлмеймiсiң көңiлiмдi
Жан қарсыңда отырған.
Анда Зүһра айтты
– Сүйгенiм хан ба екен,
Садафтағы дана едi.
Ғашық дария түбiнен
Алғаным бiр дана екен.
Анда Таһир айтты
– Падиша Бағдат кетедi,
Тез заманда жетедi.
Падиша қызын сүйгеннiң
Азабы босқа кетедi.
Анда Зүһра жауап айтты
– Шаһарымыздың бағы көп,
Салқамдардың ағы көп.
Һанкар қызын сүйгеннiң
Жүрегiнде майы көп.
Анда Таһир айтты
– Атам айтар яғни,
Мұратым бар яғни.
Теңiздегi мәсжидтiң
Кiмдер екен имамы?
Анда Зүһра жауап берді
– Атам айтар яғни,
Бiр мұратым яғни.
Теңiздегi мәсжидтiң,
Хазiретi Жүнiс имамы.
Анда Таһир айтты
– Атам айтар яғни,
Үйiр мұратым яғни.
Төртiншi қат көгiнде мәсжидтiң
Кiмдер екен имамы?
Зүһражан жауап бередi
– Атаң айтар яғни,
Мұратым бар яғни.
Төртiншi қат көгiнде мәсжидтiң
Хазiретi Айса имамы.
Таһир және айтады
– Қайнар қазан таспай ма,
Қарасыдан жанаспай ма?
Қауышпаса тағдырлар
Қасiреттерi қауышпай ма?
Зүһра жауап бередi
– Қане, қазан тасқаны,
Қарсыдан жанасқаны.
Қауышар болса тағдырлар,
Ғашығым қауышқаны.
Бұ назымды Зүһра айтып ғажаптанды,
Аз ғана отырды да, ой ойланды.
Шиғырларды айтып тұрған Таһир екен,
Тiгiлiп қарай қалды, көзiн салып.
Таһир ендi сөйлемей отырды тек,
Iшiнен Зүһраға уайым жеп.
Назымына қатын-қыздар қайран қалды,
Қалайша қатын едi шиғыры көп.
Таһир барып отырды бөтен жерге,
Зүһра қайран қалды Таһир ерге.
Зүһра апасына жалынды көп:
«Таһирды оңашаға қойсаң бiрге.
Оңаша кiргiзiп қой Таһир ердi,
Кiсi көрмес потбалға аулақ жердi».
Апасының көңiлiн бөлмек үшiн
Шығарып қойнынан алтын бердi.
Апасын алтынменен көнгiзедi,
Таһирды оңашаға кiргiзедi.
Ойын қылып отырған қыз бен қатын,
Зүһраның құлағына бiлгiзедi.
Таһирға Зүһра келдi есiк ашып,
Көрiстi бiр-бiрiмен құшақтасып.
Шығып кетiп қыздармен аз ғана ойнап,
Таһирмен тағы отырды жауаптасып.
– Әй, менiм хақиқатты жарым,– дедi,
Сырымның ендi айтайын бәрiн,– дедi.
Атамыз падиша ұғылына берем десе,
Көңiлiм сенiң үшiн жарым,– дедi.
Кiрген жоқ һешбiр шүһбә көңiлiмiзге,
Сүймеймiн падишаны сiзден өзге.
Бiр күнi ағу берiп өлтiрмекшi ем,
Шаһзада аламын деп келсе бiзге.
Қатын боп падишаға бой бермеспiн,
Мен сiзге падишаларды теңгермеспiн.
Атамыз бермек едi бiздi жастан,
Бұзғанын уағдасын жөн көрмеспiн.
Не қылдық атамызға бiз осынша,
Екеумiздi әуре қылды мұнша?
Екi апаны ерiтiп алып бiз баралық,
Бiздегi бүгiнгi түн жағар монша.
Моншаға үш қыз алып кетейiк бiз,
Айтысқан уағдаға жетейiк бiз.
Жетi түйе екеумiз мiнiп алып,
Бiр қаладан бiр қалаға өтейiк бiз.
Сөйтiп алып қашайық басымызды,
Дұшпан болған тастайық қасымызды.
Қорғалап күнi-түнi мұнда жүрсек,
Тауыса алмаймыз көзiмiзден жасымызды.
«Жарайды» деп Таһир де қабыл еттi,
Ертеңiнде жетi түйе әзiрлеттi.
Үш түйеге үш қызды салып алып,
Жетеу болып моншаға жүрiп кеттi.
Бұларды малғұн Ғараб көрiп қалды,
Таһирды «қыз емес» деп танып алды.
Жөнiне өтiп бара жатқанында,
Бiр назымды Ғараб сонда айта салды.
– Қатар-қатар түйелер
Жиылып-жиылып кетедi.
Таһирдайын хош жiгiт
Қыз есiмiнде кетедi.
Таһир мұны есiттi ғажаптанып,
Қайрылып «кiм екен» деп көзiн салып.
Қайта айналып ат мойнын бұрғанынша,
Зүһра «жүр» деп жөнелдi айбаттанып.
Зүһра зор қауiптi болды сонда,
Моншаның есiгiне келдi сонда.
Таһирға жылап тұрып сөзiн айтты,
Сарайға кiрмекшi боп тұрғанында.
– Әй, жарым, мен аяймын өзiңiздi,
Байқашы ой жiберiп көзiңiздi.
Менiм айтқан сөзiмдi достық деп,
Әгар да қайтармасаң сөзiмдi.
Сен өзiң тiлiмдi алсаң, болшы бекем,
Бұл монша болмайды ғой сiзге мекен.
Iшiне бұл моншаның кiрiп кетпей,
Аз ғана сабыр қылып тұрсаң екен.
Көзiнен жас ағызды осылай деп,
Тағы да Таһир үшiн уайым жеп.
Таһир айтты Зүһраға: – Әй, сұлтаным,
Бұл жылап тұрғандығың, не себеп?– деп.
Ендi айтайын мен зарлық еткенiмдi,
Көңiлiме кетпес қайғы бiткенiмдi.
– Манағы Ғараб құлың бiлiп қалды,
Сен мұнда қатын болып кеткенiңдi.
Ол барып патшаға хабар берсе,
Атам тағы құл сөзiн мақұл көрсе.
Iсiмiз бiздiң мүшкiл болады екен,
Әскер алып артымыздан мұнда келсе.
Басыңа ашылмайтын қайғы салса,
Ғарiп болып көңiлiмiз ғапыл қалса.
Моншаға түсемiз деп жүрген кезде,
Сарайды қамап жүрiп ұстап алса.
Әскердi жалғыз өзiң қуа алмассың,
Бәрiнде ұстап алып буа алмассың.
Басыңды қылышпенен кескеннен соң,
Анаңнан бала болып туа алмассың.
Көп жанға барабар келмес күшiң,
Сен өлсең, бүтiн тұрмас менiм iсiм.
Алла Тағала көрсетпесiн маған ондай,
Зар тұтып жылағаным соның үшiн.
Таһир сонда айтады: – Бiлсiн,– дедi,
Әскер ап артымыздан келсiн,– дедi.
Сақтаймыз жанды қайда бекер жүрiп,
Ажал жеткен күнiнде өлсiн,– дедi.
Есiктен Таһир бүйтiп кiрiп кеттi,
Зүһра тағы келiп нияз еттi:
«Менiм айтқан сөзiмдi тыңдаңыз» деп,
Таһирға қайта-қайта зарлық еттi.
Зүһра айтты: – Бiр түйе мiнiңiз,– деп,
Бiр жерге жасырынып тұрыңыз,– деп.
Бiр назымды Зүһраға айтты Таһир,
Менiм мына сөзiмдi бiлiңiз деп.
– Ақыл-хайла құрсаң да,
Болар iстер болар ол.
Көңiлiңдi кең тұтсаң да,
Болар iстер болар ол.
Таһир ғарiп һеш нәрседен уайым жемес,
Зүһраның айтқанына болар емес.
Бұлар тұрсын рахаттанып моншасында,
Ғараб құлдан сөйлейiн ендi кеңес.
Малғұн құл падишаға барды жетiп,
Таһирды «қыз емес» деп мағлұм етiп.
– Түйе үстiнде таныдым, тақсыр,– дедi,
Қарамастан артына қалды кетiп.
Естiп падиша көңiлi болды жаман,
Ашуланды бұрынғыдан онан әрман.
Таһирды ұстап алып келтiруге,
«Бес мың адам әзiрле» деп қылды пәрмен.
Бiр сағатта бес мың адам келiп қалды,
Ғараб малғұн осылай бүлiк салды.
Тез заманда моншаның айналасын
Әскерлер жiбермеске қоршап алды.
Жарианың бiреуi шыға келдi,
Кеп тұрған әскердi анық көрдi.
«Айнала әскер қамап тұр екен» деп,
Таһир мен Зүһраға хабар бердi.
Естiп, қорықты екеуi халi қашып,
Әскер тұр ту сыртында жабырласып.
Таһирдың қолға тұтқан қайраты жоқ,
Не шара қалды ендi жаман сасып.
Таһир да: – Тұта алмадым сөзiң,– дедi,
Келетiн айтып едiң кезiң,– дедi.
Iс өткен соң бейшара өкiндi бек,
– Кез болдым ажалыма өзiм,– дедi.
Махфұзда қойған шығар Тәңiрiм сызып,
Соның үшiн жүрдiм ғой күшке қызып.
Қайрылып Зүһраға назым айтты,
Өзiнiң шыбын жанынан үмiт үзiп.
– Меһiрбаным, хош ендi,
Шаһариарым, хош ендi.
Жазылған iс болады,
Алудағым, хош ендi!
Бiзге жетер күн жеттi,
Сiзге қалар күн жеттi.
Ғашық жарың артынан
Дұға қылар күн жеттi.
Жетi жылдық қасiретiң,
Жетi жылдық мехнатың
Кетер күнi жеттi ендi.
Меһiрбаным, хош ендi,
Айрылар күн жеттi ендi.
Шаһариарым, хош ендi,
Алдырар күн жеттi ендi,
Шаһариарым, хош ендi.
Қанды жасым көрсеңiз,
Гауһар тәнiм бiлсеңiз,
Қара жерде қор етпей
Алып көмiп қойсаңыз.
Жиылып келген көп әскер
Күннiң жүзiн қоршайды.
Кетер күнi ғарiптiң
Тез жеткенге ұқсайды.
Алла медет қылмаса,
Құтылмағым қиын-дүр.
Алла медет бермесе,
Тез өтпегiм қиын-дүр.
Ғарiп жарлар көрiнсе,
Бiздi еске алыңыз.
Опадарым, хан қызы
Дұға қылып тұрыңыз.
Ғашық жарым, хан қызы,
Аман-есен болыңыз.
Артта жылар кiсiм жоқ,
Рақым қылар кiсiм жоқ.
Қара жүрек атаңнан
Тiлеп алар кiсiм жоқ.
Меһiрбаным, әлфирақ,
Дiлбар жаным, әлфирақ,
Пида болған жолыңда
Хан жаһаным, әлфирақ.
Таһир және Зүһраға айтты сөздi:
– Дұғаңыздан тастама,– дедi,– бiздi,
Моншадан шығады ендi жылай-жылай,
Бұ жолда шыбын жаннан үмiт үздi.
Әскердiң арысландай кiрдi iшiне,
Жиылып бәрекелді, келiсiне.
Ұрып жүр жұмырығын шоқпар қылып,
Кез-келген шыдамады қол күшiне.
Төмпештеп ұрып жатыр жылдамдатып,
Маңайына келе алмай жүр адам батып.
Соғысып олай-бұлай жүргенiнде,
Қылышын бiреуiнiң алды тартып.
Қылышты алғаннан соң қайраттанды,
Жалғыз өзi әскерге қырғын салды.
Қаһарман мысалынша қырып жүрiп
Бiр сағатта өлтiрдi жүз адамды.
Өлтiрдi кейбiрiнiң мойнын бұрап,
Һәммасы қорыққанынан тұр қалтырап.
Әскер басы кiсi салды падишаға,
«Тағы да жiберiң,– деп,– кiсi сұрап».
Падиша жiбередi бес мың кiсi,
Пендеге бұ да болса Құдай iсi.
Жабылып өлтiрмекке ортаға алды
Iркiлiп кейiн қалмай жас-кәрiсi.
Өлтiрдi Таһир тағы алты жүздi,
Кейiн шауып, кейiнiң басын үздi.
Әскер басы айтады: – Ұстайық,– деп,
Соғысқанға таусады мынау бiздi.
Қылыш өтпес арқанды алды сайлап,
Божырадай дөң кәззап алды жайлап.
Таһирдың дәл үстiнен арқан тастап,
Шырматып жан-жағынан алды байлап.
Жан-жағынан құлатып байлап алды,
Алдына падишаның алып барды.
– Бұ жаһанда қалмасын мұнан рух, –
Жалладқа «басын кес!» деп жарлық салды.
Падишаның санады мен уәзiрлерi,
Бала оқытқан мұғалiм, ғалымдары.
Таһирды падишадан тiлек қылып
Тiледi бiр мәртебе оның бәрi.
– Әй, тақсыр, құлағың қой, мына сөзге,
Өлтiру лайық емес тiптi сiзге.
Әскерге бiр күнде өзi бас болмай ма,
Бiр дұшпан шеттен жау боп келсе бiзге.
Бекерге зайығ қылма ер жiгiттi,
Құдайым өзiңiздi падиша еттi.
Таһирға Зүһраны бермек едiң,
Өзiңiз уағдаңыз қайда кеттi?
Патша айтты: – Үш назым бастасын ол,
Мен азат қылғанымша саспасын ол.
Үш назымның iшiне өз атымды,
Зүһраның атын да қоспасын ол.
Назымға атын қосса, кесем басын,
Сөзiмдi менiм айтқан жұрт тыңдасын.
Қан төгiп бұ күннен қалдырмасқа,
Падиша айтып қойды уағдасын.
Жамағат һәрбiр сөзiн тыңдасын да,
Арманы толып жатыр бiр басында.
Үш назымның бiреуiн бастайды ендi,
Майданның байлаулы тұр ортасында.
Бiрiншi назым
Кел деп бұлбұл ағылайды,
Дерттiсiне дағалайды.
Мәжнүндейiн Таһирдың
Орны да ғалар ұлғайды.
Екiншi назым
Тiкенек бұлбұл жылатар,
Ғашығын кiм жылатар.
Бiр күймеге мiнгенмен
Менi күн жылатар.
Бұ тараптан Зүһра келген екен,
Бiреуден Таһирды сұрап бiлген екен.
Назым сөзiн айтқанын бiлейiн деп,
Таһирды терезеден көрген екен.
Таһирдың Зүһраға көзi түстi,
Құданың құдiретi болған күштi.
Көрген соң ықтияры қолдан кетiп
Жаңылып Зүһраның атын қосты.
Үшiншi назым
Ғашық болып, жан берген,
Үшбу жүзге ұқсайды.
Бiр ай туған қарсымда
Зүһрам хорға ұқсайды.
Бұл сөзiн патша естiп: – Өлтiр,– дедi,
Мойнынан туғры қаза келтiр,– дедi.
Назымға Зүһраның атын қосты,
Тезiрек хүкiмiмдi бiтiр,– дедi.
Шарасыз жаллад келдi қылыш тұтып,
«Падишаның әмiрi» деп келдi жетiп.
Таһирдың жағасынан ұстап алып,
Сиясат майданына отыртып.
Әмiрiң қылыш сермейдi,
Қозы аман тiлейдi.
Қара көздi, жан Зүһрам,
Қарсы шығып күлген-дi.
Таһир және назым айтады
– Жаллад мойным ұрса екен,
Қаным жерге ақса екен.
Қайғым шекпе, гөзалдар,
Зүһрам үмiт кессе екен.
Падиша ақырады: – Сұрасын,– деп,
Мойныңды кiмге таман бұрасың,– деп.
Қышқырды: – Қылышпенен шап мұны,– деп,
Сен қарап не нәрсеге тұрасың, – деп.
Байлап жаллад келiп Таһир көзiн,
Есітiп падишаның қаһар сөзiн.
Қылышын қынабынан шығарды да,
Таһирды үш мәртебе айланады өзiн.
Жаллад және тоқтады қайта айналып:
– Әй, падиша, рақым қыл,– деп қайғыланып.
Кесiлген бас орнына келмес,– дедi,
Қылышын иiнiне тура салып.
Падиша ишарат қылды «жылдам ұр» деп,
Жаллад та шаппақ болды сөзiн елеп.
Таһир ғарiп өлерiн ендi бiлiп,
Патшаға зарланады аман тiлеп.
– Падишаһым, аламан,
Хан, сұлтаным, аламан.
Рақым қылсаң қозыңа,
Ұлық ханым, аламан.
Атасы жоқ бiр ғарiп,
Панасы жоқ бiр ғарiп,
Күнәһы жоқ бiр ғарiп
Жанын қисаң, аламан.
Хандар рақым қылмас па,
Ғарiп сөзiн қимас па?
Мәжiлiсi кең хандарға,
Ғарiп сөзi сыймас па?
Сiздей әдiл хан болса,
Уағдасында тұрмас па?
Тiлеп келген дәруiштiң,
Ажал қанын қимас па?
Әуелi бiздi жаратқан
Бiр Алладан тiлеймiн.
Себеп болған өлiмге
Екiншi сiзден тiлеймiн.
Жетiм қозы қанынан,
Бағыштасаң аламан.
Ғарiп, мiскiн қанынан
Бағыштасаң, аламан.
Сiзден бөтен бұ жерде
Медет қылар кiсiм жоқ.
Сiзден медет болмаса,
Рақым қылар кiсiм жоқ.
Падиша: – Өлтiр,– дедi,– рақым қылмай,
«Шапағат қыл» дегенге тiптi болмай.
Жаллад және: – Әмiрiң, падиша,– дедi,
Ұлыққа қарсылық жоқ [дедi] шыдай алмай.
Таһир айтты жалладқа: – Ағам,– дедi,
Бiр минут рұқсат бер маған,– дедi.
Жаллад бердi мүһләт Таһиржанға,
«Босаттым бiраз ғана саған» дедi.
Таһир алды екi мезгiл таһаратын,
Намаздан оқып тұрды екi ракағат.
«Құдай-а, бұ сағатта жанымды ал» деп,
Алла Тағалаға оқыды мiнәжатын.
Тiленiп бiр Аллаға зарлық күттi,
Көтерiп екi қолын бiр дұға еттi.
Екi қолын жүзiне сипағанда,
Ғазиз жан кеудесiнен шығып кеттi.
Таһирдың Хақ Тағала жанын алды,
Бүгiлтiп есiл тәндi жерге салды.
«Қылышпен басын кесем» деген жаллад
Көтерiп иiнiне босқа қалды.
Зүһра мұны көрiп, қапа тартып,
Ақылсыз болып қалды бiраз жатып.
Аздан соң есiн жиып тұра келдi,
Жан-жағына пышақ пен қылыш атып.
Бiреуi падишаға барды жетiп,
«Қызың халсiз болды» деп мағлұм етiп.
Сондай болды дегенiн естiгенде,
Жығылды падишаның есi кетiп.
Есiн жиып, шақырды қожаларын,
Дәрiгер, бақсы, балгер жиды бәрiн.
Дертiне бiр себеп болар ма екен,
Қараңдар, келгенiне шамаларың.
Мұнафиқтың бiреуi айтты падишаға:
– Бiр дауа бiз айталық Зүһраға.
Бiр жапырақ етiнен жегiзсеңiз,
Қаларсыз ақырында тамашаға.
Таһирдың бiр жапырақ етiн кесiп,
Қуанды «жазылады» деп көңiлi өсiп.
Бәлiш қып Зүһраға әкеп бердi,
Даладан табылғандай халал нәсiп.
Қас қылды Зүһраға бар Құдайым,
Алдына кәбап қылып қойды дайын.
Апасы Таһир етiн бiлген екен,
Баян қып Зүһраға айтты жайын.
«Таһирдың кесiп алған етiнен» деп,
Апасы баян қылды уайым жеп.
Бұл назымды айтады баршасына
Зүһра есiн жиып, халiне кеп.
– Әй, татарсыз, татарсыз
Бiр-бiрiңе оқ атарсыз.
Базарда ет бiткен бе,
Таһир етiн сатарсыз.
Құлағын һеш қайсысы салмады ендi,
Айтқанын Зүһраның алмады ендi.
Андайын соң атасының жанына кеп,
Бұ назым айтып тұрып зарлады ендi.
– Хан затына бергiсiз
Ханның қадiрiн бiлмейсiң.
Бұ дүниеге бергiсiз
Ханның қадiрiн бiлмедiң.
Тiлеп алған Алладан
Жiгiт қадiрiн бiлмедiң.
Салтанаты кәмiл-дi,
Шаһзададай асылды,
Палуандай нәсiлдi
Жiгiт қадiрiн бiлмедiң.
Көп елiңнiң iшiнде
Таңдап алған дұшпаның.
Неше күндер күзетiп
Аңдып алған дұшпаның.
Ендi басын шауыпсың,
Рахат тыныш тауыпсың.
Дұшпан едi көп күннен
Ендi өшiңдi алыпсың.
Ол елiңде бар болса,
Айырар ма едi өзiңдi?
Дұшпан жауың келгенде,
Берер ме едiң өзiңдi?
Зор тойыңды қыл ендi,
Көп ойынды құр ендi.
Төрт жағыңа жар салып,
Зор ойынды қыл ендi.
Қызың тiлiн алмадың,
Құлағыңды салмадың.
Таһир жарым дегенде
Қайрылып көз салмадың.
Ендi кеңес құрарсың,
Рахаттанып тұрарсың.
Мен де артынан кетейiн,
Тыныштанып тұрарсың.
Таһирдайын ер жiгiт
Iздесең де табылмас.
Таһирымдай хош жiгiт
Не қылсаң да табылмас.
Әдiл хандар жолына
Тоспайды ғой, әй, ата.
Бұл жалғанда бiздердi
Қоспадың ғой, әй, ата.
Қиямет күн, Құдайым
Бiздi қосса керек-тi.
Һәр жаралған пендеге
Үкiм қылса керек-тi.
Маған салған сарайың
Iшiне от сал ендi.
Жалындатып, жандырып,
Бiр қыздыртып қал ендi.
Бұ сөзi Зүһраның жарасады,
Алланың бұйрығынан кiм асады.
Зүһраның бұл халiн көргеннен соң,
Уәзiрлермен ғалымдар жыласады.
Зүһра сарайынан шығып кеттi,
Таһирдың денесiне барды жетiп.
Топыраққа былғанып жатыр екен
Бiр назым ендi айтады зарлық етiп.
– Ақ гүл менен қызыл гүл
Мұндай хараб болғаны.
Бұлбұл менен тоты құс
Ханның қарап қырғаны.
Ғашығым илән Таһиржан,
Бұл халдерге түсiпсiң.
Гүл жолымды, Таһиржан,
Не халдерге түсiпсiң.
Сен ғашығым кеткен соң,
Кiмiңменен жүргеймiн?
Сен есiме түскенде,
Кiмдi көрiп төзгеймiн?
Һеш жар болар кiсiм жоқ,
Көңiл аулар кiсiм жоқ.
Сенен қалып қайтейiн,
Рақым салар кiсiм жоқ.
Айтсам сөзiм жетпес-дүр,
Қайғың естен кетпес-дүр.
Ғұмырым бойы зар қылсам,
Мұңды зарың бiтпес-дүр.
Сенен қалып жүргенше,
Қасiрет уайым жегенше,
Бойың құшып жатайын
Қайғыларың көргенше.
Зарлық қып Зүһра сұлтан жылай бердi,
Құшақтап кеудесiнен Таһир ердi.
«Иләһи, бұ сағатта бұл жанымды
Алсаң» деп нала болып айтып тұрды.
Тiлегiн Хақ Тағала қабыл еттi,
Сол араның өзiнде ажал жеттi.
Таһирды иiскегенде шықты жаны,
Бiр күнде екеуiн де шаһид еттi.
Шаһзадалар ғұмыр өтiп құмдай болды,
Ғашығы бұрынғының сондай болды.
Падиша уағдасында тұрмағаннан,
Мiнеки, ақырында мұндай болды.
Әлқисса, қастық қылған малғұн Ғараб,
«Таһирды көрейiншi» дедi барып.
«Қандай түрде келiсiп жатыр екен,
Өлтiрттiм ғой бәрiн де бұзып-жарып».
Жетiп кеп көзiн салды Таһир ерге,
Қасында Зүһра өлiп жатыр бiрге.
Қанжармен өзiн-өзi ол да шаншып-шаншып,
Ажал жетiп жығылды қара жерге.
Себебi Зүһраны көредi екен,
Ғашық боп көрген сайын жүредi екен.
«Күйеу бала болам» деп падишаға,
Сол үшiн ханға хабар бередi екен.
Алладан пайғамбарға хабар деймiн,
Жаласын ғұмыр бiтсе жабар деймiн.
Өзiне лайық болмаған дәреженi
Сүйсе һәркiм жазасын табар деймiн.
Хадимдер падишаға барды жетiп,
«Зүһра жаңа өлдi» деп малғұм етiп.
«Жалғызың өлiп қалды» дегенiнде
Жығылды падишаның есi кетiп.
Андайын соң ханымға да хабар бердi,
Сарайдан жүгiрiп ханым шыға келдi.
Жиғызып падишаның есi-түсiн,
Екеуi Зүһраны келiп көрдi.
Көрсе Зүһра Таһирды құшақтаған,
Екеуi қатарымен өлiп қалған.
Сақал мен шашын жұлып хан мен ханым
Болды деп қиямет күн зар жылаған.
– Көрсеттiм өлтiршi,– деп,– мен хәкiмдi,
Балам деп мен айтамын ендi кiмдi?
Падишаның жылағанмен шарасы не,
Зүһраны бермегенге бек өкiндi.
Алладан қайта барып ала алмады,
Сынған шыны орнына жамала ма?
Болған iс болып қалды оңары жоқ,
Өлген кiсi қайтадан жарала ма?
Падиша айтты: – Ғарабты келтiрiңiз,
Басын кесiп малғұнды өлтiрiңiз.
Уасуасаның бәрi де болды сонан,
Ендi қалған ғұмырын бiтiрiңiз.
Ғарабтың падиша бiлмес өлген кезiн,
Бұлайша деп хадимдер айтты сөзiн:
– Әй, тақсыр, Ғараб құлың өлген,– дедi,
Қанжарменен құса боп шаншыған өзiн,– [дедi].
Ғалымдар көңiл айтты падишаға:
– Қонақпыз бәрiмiз де дүниеге.
Жылаудың пайдасы жоқ, қайтып келмес,
Сабырлық қыл, Таһир мен Зүһраға.
Екеуiн қоса алмады жарастырып,
Ақылдан Зүһра кеттi адастырып.
Падиша әмiр қылды: – Қабiр қаз,– деп,
Екеуiн бiр-бiрiне жанастырып.
Екеуi Таһир – Зүһра қатар өлген,
Алланың әмiрiне пенде көнген.
Манағы Ғараб құлды алып келiп,
Бастарының ұшына оны көмген.
Тамам жұрт қайтып кеттi жиылысып,
«Тағдырға қылар шара бар ма?» десiп.
Қабiрiнiң үстiне Зүһраның,
Жасарып пайда болды ақ гүл өсiп.
Қызыл гүл шықты үстiне Таһир ердiң,
Тiлеуiн һәр пенденiң Тәңiрiм бердiң.
Екi гүл жапырақ шықты екеуiне,
Қарасаң тамашасын осы жердiң.
Құдайым құдiретпен мұндай қылдың,
Қара тiкенек үстiне шыққан Ғараб құлдың.
Екi гүл қосылайын дегенiнде,
Түседi арасына екi гүлдiң.
Тiкенек айырады екi гүлдi,
Басына зиарат қып һәркiм келдi.
Қастығы өлгенiнде де қалмады-ау деп,
Алланың құдiретiн ойлап бiлдi.
«Алланың құдiретi» деседi екен,
Балтамен көрген адам кеседi екен.
Жылында кесiп тастап, қайтып келсе,
Бұрынғы қалпындай өседi екен.
Жылында және кесiп кетедi екен,
Таһирдың ғашықтығы өтедi екен.
Келген ғашық балтамен кесiп кетсе,
Тағы да қалыбындай бiтедi екен.
Зиарат қып жүредi келген адам,
Үлкен зират болыпты осы заман.
Көбейiп маңайына қабiр тұрған,
Ажалдан құтылмады һешкiм аман.
Бiтiрдiм мен Ақылбек мұның өзiн,
Таһир мен Зүһраның өлген кезiн.
Ахмет деген бiр ноғай басқан екен
Ғұсмания тауарихтан Таһир сөзiн.
Мұхаммед Зариф ұғлы Ахмет ноғай,
Оқуды қуар едiм халiм жоқ-ай.
Ноғай тiлден аударып өлең қылдым,
Оқыған қазақтарға болсын оңай.
Қазақша өлең қылып жаздым өзiм,
Өзiм өлсем жоғалмас осы сөзiм.
Хикаятты қиссаға айналдырып,
Қате боп кете ме деп талды көзiм.