Бозаманның қиссасы

Ертеде Қарабай деген бай болыпты. Бұл Қарабай төрт түлік малға сай болыпты. Қарабай бәйбішесі екеуі де қартайғанша отырады. Бұлардың бұрынғы туған балалары өліп, мұнан кейін бәйбішесі тағы да жүкті болып, бір ұл табады. Ол баласының атын Бозаман деп қояды. Бозаман күн сайын, ай сайын өсіп үлкейеді. Өзі әрі байдың мырза...

Kazakh
Бозаманның қиссасы
Ертеде Қарабай деген бай болыпты. Бұл Қарабай төрт түлік малға сай болыпты. Қарабай бәйбішесі екеуі де қартайғанша отырады. Бұлардың бұрынғы туған балалары өліп, мұнан кейін бәйбішесі тағы да жүкті болып, бір ұл табады. Ол баласының атын Бозаман деп қояды. Бозаман күн сайын, ай сайын өсіп үлкейеді. Өзі әрі байдың мырзасы, әрі алып батыр болып, он бес жасқа келгенде өзіне бір лайықты жар іздеп, елін аралап, елінен өзіне лайықты сұлу жар таба алмайды. Бозаман елінен лайықты қыз таба алмаған соң, жан-жақтан хабар салып, көрінген жолаушылардың жолын тосып сұрайтын болыпты. Бір күні өзінің көп жылқыларын Тұнық деген көліне айдап келіп суғарып жүргенде, алыстағы асудан бір жалғыз атты жолаушының алдынан шығып Бозаман өзінің басындағы ғашықтық құсасын айтып баяндайды. Сол Бозаманның қиссасы өлеңмен айтылады. Хикаят болсын бір ғазал, Тіліме медет бергесін, Жаратушы Зұлжалал. Кеңес десе шалқыған Көңілімді дария бір самал, Естіген сөзді жазуға Емес едім мен доғал. Тірлікте көңіл шалқыды, Ажал келсе жоқ амал. Құр жүргенше әуре боп, Ақылың болса ойлайтын Кезіңе келді бір қиял. Естіген соң мен мұны Қағазға неғып жазбайын. Қарап қалмақ қиын-ды Білген сөзді аздайын. Бір армансыз дүние жоқ Бозаман ердің жайынан, Бір азырақ қозғайын. Жалғыз туды Бозаман Қарабайдың белінен. Он бес жаста сандалды, Қыз таба алмай елінен. Отыра алмай үйінде Мал суғарды бір күні, Тұнық деген көлінен. Жас уақытта желігіп, Ойламайды өлімді. Қарап тұрса Бозаман Асқардың асу белінен, Жалғыз қара көрінді. «Жөн сұрайын мұнан» деп, Атының бұрып тізгінін Батырдың көңілі бөлінді. Бозаман суғаруға айдап келген өзінің көп жылқыларына көңілін бөлместен бетімен қоя жіберіп, келе жатқан жалғыз атты жолаушыға қарай тартып жөнеледі. Алдынан шығып сөйлейді: – Келесің қайдан, ей, жігіт, Ынтықтырмай өзімді Сұраған сөзіме қабар ет. Дүниеде мен бір шерменде, Жүректі алған жаман дерт. Лайықты бір жар таба алмай, Қапалықпен көңілім өрт. Көңілім қапа болса да Ерада жоқ бармасқа Осылай болды айтқан серт,– дейді. Бұл айтқан Бозаманның ғашықтықтың зардабының жүрегінің басын от боп шарпып күйдіріп тұрғанын жолаушы жігіт те біліп, Бозаманға айтқан жауабы. – Құлағын тігіп керілер, Наз бедеу ат шабылса, Ай шұғыласы көрінбес Бұлт алып бетін жамылса. Күнәсі қанша болса да, Жақсы кешер жалынса. Мұратқа пенде жетпес пе Ойға бір талап алынса. Қайтер едің, Бозаман, Іздеген жарың табылса. Бозаман сонда сөйлейді – Қайғыменен толып жүр, Бұл уақытта жүрегім. Жанымнан басқа нәрсені Жолыңа сарп етейін. Қабыл болса тілегім, Өлтірмесең айтсайшы Қай тараптан көрдіңіз Перізаттың дерегін? Сонда жігіт сөйлейді – Амалын ойлап ертерек Оны да іздеп алуға Сіз секілді ер керек. Нәсілі – қалмақ патшасы, Мұрты ұзын Бурахан Соның қызы Ақбілек. Мырзаға баян етеді, Қысқартып сөзін сағадан. Мұрады ердің осы еді, Бір жаралған тазадан. Іздемекке ат қойды, Сақтаса Құдай қазадан. Ата-ана, жұрт ойда жоқ, Ақбілекті іздеуге Түзеді бетін Бозаман. Талап еткен жігітке Бір Жасаған пана еді. Шын сыйынса ықыласпен Мұрадын іздеп табады. Бет алып мұнан жөнелді, Қолыма қашан түсер деп, Ақбілек атты дананы. Дамыл алмай күн-түні Бураханның шәріне Бозаман жетіп барады. Келгендігін білдіріп Әкетпекке ілдіріп. Патшаға қабар салады Келгендігім білсін деп. Пәруаз етіп ізденген Біздің жайды көрсін деп. Жұрт иесі хан болса, Тілемес деп үміт бар Ғашықтық оты сөнсін деп. Әдепсіздік жай бару, «Арызымды ауыз айтамын,– деп Етсе ұлықсат келсін деп». Бозаман келген соң Бураханға елшілікке бір адамды жіберіп, келген жұмыстарын айтқызады. Мұны естіп патша айтты: – Бұл бір жүрген ер шығар, Кейпін көріп сөйлессек. Мүддесін айтып жел шығар, «Арызы болса алып кел Бір қапалы шер шығар» деп. Бурахан бір адам жіберіпті. «Бозаманның өзі келіп, келген жұмысы менен көңіліндегі мүддесін айтсын» деп [оны] шақыртады. Патшадан хабар алған соң, Бозаман тұрды жүрмекке. Ықылас, ниет, құлықтарын Шамалап ойлап білмекке. Ишарат етіп үйге енді, Белін байлап ерлікке. Ер жігіттер табады Ат үстінен ырысын. Патшаның көңілі ұнатты Бозаманның туысын. Амандасып отырып, – Балам, не?– деп сұрайды Бұл жаққа келген жұмысың? Жалғыз атты жас бала, Баян етші іркілмей. Қайсы жұрттан боласың, Қандай байдың ұлысың, Қай патшаның құлысың?– деп. Бурахан патша Бозаманнан «ата тек, ел-жұртың кім?» деп сұрағанда Бозаман іркілместен отырып жауап береді. Қай уақытта білмеймін Көңілімнің тынарын. Жылай-жылай қан алды, Екі көзім жанарым. Қолыма түспей аһ ұрдым Гүл шашылған шынарын. Білмесең өзің бимағлұм Іздеген жоқтың боларын. Ас өтпей ішсем тамақтан Ұйқы қашып қабақтан, Болмады ешбір қарарым. Жолдасым алған елімнен Жоқ жанымда жараным. Сағым қуып келемін, Көргенімше басылмай Аһ, дариға, құмарым. Перізатты таба алмай, Болды басым шерменде Біле алмай қайда тұрарын. Өзіңе келдім, ей, патшам, Бір жаманға жалынып. Алып бер деп сенгенше, Бұл күнде менде тыным жоқ Ақбілекті көргенше. Тоқталмаспын талаптан Ажал жетіп өлгенше. Беліме садақ байландым, Жаңадан оқты жондырып. Ерегіскен дұшпанның Кетемін көзін жұмдырып. Сүйегімді танысаң, Арқандамай желдіріп. Балапан ғып бақ мені Оң тізеңе қондырып Ақбілекпен күлдіріп, Көңілімді тындырып. Егер де қабыл көрмесең, Желпілдетіп туларың. Найза ұшымен қиратып Бұл қалаңның шуларын. Қазақтың зайыпқыранын Әкелгенше төндіріп. Қай таңдауын өзің ал, Айтқаным осы білдіріп,– дейді Бозаман. Бурахандай ханыңыз, Айтқанын қабыл көреді. Келсе баулып бағуға Лашын аққу іледі. Өзі қалмақ демесең, Ақылға диқан, кең еді. Риза болып сөзіне Миығын тартып күледі. – Ерлігіңе зауық еттім, Бермеймін деп айтпаймын Ақбілек өзі біледі. Патшаның аузынан мұндай лебіз сөз шыққаннан соң, Бо- заман да тақаты қалмай Ақбілекке барып, бір адамның айтып естіртуіне асықты. Бозаманда тыным жоқ, Сабыр етіп тұруға. Ізденіп келген жұмысы Келе жатыр тынуға. Ақиқатын бұл сөздің Патшадан қабар алған соң Білдірді қалық сұлуға. – Бізден бұрын өтіпті Неше қатар ел болып. Солардан жалғыз біз емес Су аққалы жер болып. Жылағанды уантар Патшаның көңілі кең болып Ата-анасы ойламас «Жүрсін,– деп,– балам кем болып» Ирамбағы шәрінде Тұрасыз бейне гүл болып. Жан тумас деп ойлаушы ек, Сеніменен тең болып. Қолға түсті бір бұлбұл Бұған өтсек арман жоқ. Еркегіміз қызметкер Әйеліміз күң болып. Түбі – терең, ұшы – ұзын Ойлап пенде жете алмас. Тоқталатын не сөз бар, Осы келген мырзадан Қызыл тілге бұл күнде, Шауып жүйрік өте алмас. Қолдағыдан айырылып, Ақылды адам ғайыптан Кез болад деп күте алмас. Сұлулық, ерлік сипаты Пенде бұған жете алмас. Алыс пенен жақынды Алсаң дұрыс ақылды, Бозамандай ерлердің Қабарын айта біз келдік, Ақбілек көрсең мақұл-ды,– дейді. Ақбілек әкесінің кісі жіберіп, Бозаманға баруына ризалық білдіргенін анық білген соң Бозаманды өзінің сарайына шақыртып алып, өзіне тең жар [екенін] байқап ұнатты. Көргеннен соң бір-бірін Әзілмен сөзді сынасар. Жиналған көп қалайық Тамаша етіп қарасар. Екі бекзат баласы Бір-біріне жарасар. Ақбілекті көрген жан, Ақылынан адасар. Осындай сұңқар болмаса Бөтен неғып жанасар. Бозамандай ерлерді Ақбілек сұлу көрген соң, «Құдай қосқан жарым» деп Көңілі болды миясар. Бұрынғы бойда қасіреттің Бәрі де қалды арылып. Іздеп шыққан елінен Ғашықтықпен сабылып. Күйеу мен қыз қосылып Төсегі қалды салынып. Соныменен неше жыл Өткізді бұлар өмірін Мұраты ердің табылып. Бозаман батыр Ақбілекпенен қосылысып, ғашықтық мақсұты орындалып, сол жерде бірнеше жыл тұрғаннан кейін, Бозаманның бір күні ата-анасы менен ел-жұртын, туған құрбы- замандастарын сағынып, еліне қайтуға атасы Бураханнан ұлықсат сұрап айтқаны. Әркімнің ісі өзіне Теріс те болса мақұл-ды. Ойлап білер кез болды, Алыс пенен жақынды. Ел сағынып бір күні Бозаман ер патшаға Қабар салған секілді. «Мұнысы дұрыс екен» деп, Күйеуі мен қызын өзінің Ордасына шақырды. Патша отырып сөйлейді – Ақбілек пен Бозаман, Сөзіме сал құлағың. Өміріңше бұл жерде, Тұрулыққа сендердің Ұқсамайды сияғың. Еншіңді бөліп берейін, Міндетті емес тұрмағың. Аманыңда жұртың тап, Ата-анаңа баруға Ұлықсат бердім, қарағым. Ықыласы түсті патшаның Баласына еміреніп. Ақбілек сұлу толғанды, Жорға мініп теңселіп. Қырық түйеге жүк артып, Жетектетіп бір күңге Жөнелді бұлар күңіреніп. Төтелеп асты асудан, Көңілі ердің желденіп. Екі шаттық бойында Қауіпі жоқ ойында, Сапары қайтты жөнделіп. Ал, жамағат, құлақ сал, Қатарында адам жоқ Ақбілектен сымбатты, Неше асу белдерден Қиялап батыр жөн тартты. Уайым, қайғы-қасірет Көңіліне алмапты. Тұнық көлге келгенде, Күні толып сұлудың Бақан құрып толғатты. Отыратын жағалай, Бұрынғы байтақ елінен Жанды қарға болмапты. Қысқасынан түсінсін Сөзді ұзатып термелік. Кіндігін күңге кестіріп, Атын қойды Тұрлыбек. Құдайы беріп тілегін Ақбілекке болды ермек. Елінен дерек біле алмай, Бұларды мұнда қалдырып, Бозаман елін іздемек. Бозаман жасынан бір ғашықтықтың зардабынан қиып тастап кеткен ата-анасы менен ел-жұрты Тұнық көлінде жоқ болған соң, елін іздемекші болып айтқаны. – Жалғыз жүріп өткіздім, Жас уақытта күнімді. Көңілім суып менім тұр, Көріп Тұнық көлімді. Тұрлыбек пен екеуің Бір Аллаға аманат, Іздеймін байтақ елімді. Тым болмаса жұрты жоқ Отыр ма деп ойлаймын, Осы күнде біздің ел Көргендей боп көрімді. Мұны айтып Бозаман, Астындағы бедеуін Қамшы салып тебінді. Күн жарымның кезінде Елден дерек білінді. Аңқытып келе жатқанда Бір орданың ішінен Кемпір мен шал көрінді. Ата-анасын көріп шыдамай Ат үстінен сөйлейді: – Қатар-қатар нар бар ма, Жалғызынан айырылған? Мұнда кемпір, шал бар ма, Мүсәпір болып жол шеккен? Жалғыз атты жолаушы Бізге шығып жөн айтар. Бұл орданың ішінде Сөйлесетін жан бар ма?– деп тұрғанда есік алдында үйіндегі отырған Тыным деген жеңгесі Бозаманның даусынан танып, далаға жүгіре шығып айтқаны. – Айналайын, келдің бе, Адасып кеткен, ұғланым. Жаста естіген даусыңды, Ұмытпаушы ед құлағым. Қай тараптан келдіңіз, Бір білінбей тұрағың. Мүсәпір болып жол шеккен Өзіңді-өзің жасырған Бозаманбысың, қарағым?– дейді. Сонда Бозаман жеңгесіне өзін танытпай айтқаны – Жамандықты еш уақыт, Өзіне пенде тілемес. Қараңғыда жазым көп, Байқауға анық кез емес. Бозамандай ерлердің Жүретұғын жері емес. Жаза бастың, жеңеше, Анықтап, әбден байқаңыз, Сағынған қайның мен емес. Тыным сонда сөйлейді – Әуре қылма өзімді, Бейне бала меңзетіп Аңдап тұрмын сөзіңді. Бір көруге зар еттің Қарағым-ай, ізіңді. Қалай десең олай де, Қараңғыдан жарқ еткен Таныдым, қайным, көзіңді, – деген соң Бозаман- ның да жүйесі босап, атынан түсіп, жеңгесіменен көріседі. Құдайым басқа салады Неше түрлі әр істі. Зарықтырмай жеңгесін Атынан түсіп көрісті. Үйге енуге шыдамай Сұрап жатыр мәністі. Тыным тұрып сөйлейді – Үйде отырған, ата-анам, Көңілден қайғы бұзыңыз. Бұрынғыдан, иншалла, Тыңдаулы болар қалыққа Біздің айтқан сөзіміз. Жаңа келді шүйінші, Адасып кеткен қозыңыз. Естіген соң шыдамай, Атасы мен анасы Далаға шықты жүгіріп. Шаттыққа Құдай жеткізді, Баласы аман көрініп. Түн ішінде жиналып Ағайын келді жайланып. Бозаманның ағайындары келіп, амандасып көрісті Ашылды елдің таланы Аман-есен көрген соң, Жоғалып кеткен баланы. Келіп жатыр бір-бірлеп, Елінің жақсы-жаманы. Бітіп қалған орынға Сиыр менен қойды айдап, Толтырды сол күн қораны. Бозаманның ел-жұртын аман-есен көріп, танысып, амандығын білгеннен соң, Ақбілек пен Тұрлыбекті Тұнық көлдің басына әкеліп тастап кеткенін, соларды барып көшіріп әкелуді айтқаны. Ертеңгі таң атқан соң, Бозаман тұрып сөйлейді: – Ата-ана мен ағайын Көрдім сені саламат. Ойлап едім түсер деп Көре алмай сенің бәріңді Қиындық бізге мәлімет. Тұнық көлге тастадым, Алып келіп мен бір зат. Бұраханның қызы ол, Көшіп мұнда келуге Ақбілекке қабар айт,– дейді. Бозаманның бұл айтқанынан ел-жұрты есітіп білген соң, Ақбілекті, Тұнық көлге қондырып тастап кеткен, көшіріп алуға дайындалып, қырық қыз-келіншектер жиналысып, жеңгелеріне жөнелді. Ағайын, қалқы жиналды, Той жарағын қылмаққа. Іздеп барып неше жыл Барып қайтқан қалмаққа. Қыз-келіншек жиналды Жеңгесіне бармаққа. Қырық қыз шықты сайланып Алтын-күміс білезік, Сақина, жүзік салмаққа. Бұл сөз тұрсын осымен Қалайынша кеп болар Біз барайық күң жаққа. Бозаман елін іздеп кеткен соң, түйесін жетектетіп келе жатқан қара күңі Бозаманға ғашық боп, амалсыз келе жатқан. Қалайда Ақбілектің көзін жойып, Ақбілектің орнына Ақбілек болып білдірместен Бозаманмен бір ойнап-күлуін арман етіп, Ақбілекке қастық ойлайды. Бозаман мұннан кеткен соң Ақбілекке күң келді. Айтқан сөзі көңіліне Хайла да болса жөн көрді. – Қан сасиды иісің, Ертеңгі күні жиналып, Қыз-келіншек келгенде Табыла ма достық боп, Айтпай тұру білгенді. Мұрныма келді бір иіс Суға түсіп тазармай, Отыруда жоқ тиіс. Сыртыңнан сізге күлер деп, Етемін сізге қызғаныш. Тұнық көлге жүр, шомыл, Отырма бұлай былғаныш. Бұрын мұндай көрмеген, Далаға шығып жүрмеген, Жамандық маған қылар деп, Көңіліне келмеген. Қара күңі қасында Тұнық көлді жағалап, Жоғары қарай өрлеген. Терең жерге келгенде Ақбілек тұрып сөйлейді: – Сеніменен бұл жерге Бірге келдім қосылып. Жалғыз өзім түсуге Қорқып тұрмын, қара күң, Тұла бойым шошынып. Ғұмырымша еш уақыт, Жайын суға түскен жоқ едім, Түс менімен шешініп. Байқамаққа алдымен Қара күңді жіберді. Алдауына түсінбей, Артынан мұның ереді. Ақбілек түсті жалғасып Алдауына түсінбей, Бара жатыр қан басып. Ақбілектің сөзі бұл: – Құдіретіне Құданың Көңілімізді бөлмейік. Тағдыры осы болған соң, Қалайынша көнбейік. Еш қызығың көре алмай. Арманда кеттім, Тұрлыбек, Рыздығың Хаққа міндеткер Тапсырдым сені, жетімек, – деп ақырғы сөзін айтып, Ақбілек ажалдың қармағына ілігіп, артындағы қалған Тұрлыбегінің аман болуын арман етіп, су түбіне батып жөнелді. Бұл ниетке күң түсті Көңілі бұлай бөлініп. Ақбілекті суға жіберіп, Үйіне қайтты желігіп. Қалампырмен шомылып, Опа-далап жағынып, Киімнің бәрін киініп. Уата алмай баланы Қыз-келіншек келеді. Әуре болып қара күң Отырғанда бүлініп. Аттан түсіп барлық қыз Отауға қарай жүрісіп. Қыз-келіншек әммесі Жеңгесіне келісті. Бас-басына иіліп Сәлем етіп тұрысты. Аттан түспей бір қыз тұр Ішінен біліп мәністі. Жалғыз қыз сонда сөйлейді – Барлығыңның ақылың Жалғыз менен кем екен. Шырылдап жатыр құлыны Тапқан анаң кім екен? Он бес жаста қаңғырып, Іздеп тапқан, ағекем, Қиын болар көруің Анықтап, әбден байқаңыз, Мынау қара күң екен. Қыздың айтқан сөзіне Бөтені құлақ салмады. Ерттеп әкеп мінгізді Қара күңге жорғаны. Күңірентіп көшумен Қарабайдың қасына Әкеліп тікті орданы. Бозаман батыр жас кезінде әкесі Қарабайдың өзіменен жолдас болған, Қарамерген деген мергені Бозаманның аман-есен келгенін естіп, қолында сойып қонақ ететін малы болмаған соң, аң-құс аулап, атып әкеліп шақыруға мылтығын алып, атына мініп, Тұнық көлге жөнеледі. Бозамандай ерлердің Үйде жүрген мезгілде Жасы жетіп қартайған Бар екен Қарамергені. Үйінде жатып естіді Бозаманның келгенін. Мылтығын іліп мойнына Тұнық көлге жөнелді. Шолақ байтал мінгені Не көрінер көзге деп Әр тарапқа қарады. Шоқ қамыстың түбінде Жатыр екен сарбас қу. Еңбегіме жарар деп Көңіліне ұнады. Ұсынған мылтық кезінде Сарбас аққу зарланды. Не қыларын біле алмай Қарамерген сол шақта Ғажап қайран қалады. Сарбас аққу зарланды – Түсті басым аралға, Шықпайтұғын қамалға. Мен келінің, атпаңыз Қарамерген қайнаға. Өтірік деп бұл сөзді Бөтен ниет ойлама. Жалғызынан айырылған Әуре болған мен мұңлық, Жанымды менім қинама. Білсең айтып қуантшы, Шырылдап қалған жалғызым Тұрлыбек аман барды ма? Сасқанынан Қарекең Кейін қайтты еңбектеп. Атына мініп шапқылап Қамшы қылып тымағын Келе жатыр елбектеп. Шауып келе жатқанда Ат үстінде жүр екен, Бозаман шықты көлбектеп. Қарекең тұрып сөйлейді – Ат мінесің белдіктеп Жоғалған жоқтың қабарын Көзбенен көріп келдік,– деп. Тойды тоқтат, шырағым, Бұл еткенің кемдік,– деп. Қалықтың бәрі білісті Күңнен сұмдық болғанын. Ақбілектей сұлудың Тұнық көлде қалғанын. Өлмесіне Алла себеп боп Бір сипатқа салғанын. Бірі – тұзақ, бірі – тор Бет-бетіменен жөнелді. Кейбіреуі алып қармағын Тұрлыбекті өңгеріп, Бесігіменен алдына Кесе тістеп келеді, Бозаман ер бармағын. Жұрт жиналды шуылдап Шоқ қамыстың түбінде Аққу жатыр қимылдап. Даусын естіп баланың Қанатын ұшты сабалап. Тұрлыбектің басына Айнала ұшты жағалап. Балаға ана төзбес деп, Тастап еді бұл жерге Ақылменен шамалап. Сонша адамның ішінен, Адаспастан баласын Тапты барып аралап. Үстіне қонып зарлайды: – Әлпештейтін бұл күнде, Басымда менім күнім жоқ. Жылғаныңмен қайтейін, Айналайын, Тұрлыбек, Емізер емшек сүтім жоқ. Әлди-әлди, жылама, Бұл қалыпқа түскен соң, Анаңызда жату жоқ Құндақта жатып шырылдап. Жылайды бала іңгәлап, Аққу кебін сыртынан Емшек іздеп тырмалап. Барша қалық шулап тұр «Тілекті бер!» деп Аллалап. Құдайым беріп тілегін Бастан тұман арылды. Аққу кебін сол шақта Тырс етіп жарылды. Шешті Құдай түйінін Қасіретті тартар қапалы Неше түрлі қиынын Ақбілекті көрген соң, Бозаман ер үстіне Апарып жапты киімін. Ақбілек тұрып сөйлейді – Ойдағының бәрін де Айту саған қиын-ды. Не қылып саған шешейін, Ішімдегі түйінді. Жапсаң дағы, Бозаман, Қара күңге былғанған Мен кимеймін киімді. Қайтадан тағы жабады Шығар деп базына еткені. «Құдай қосқан жар болсаң, Тексермейік өткенді». «Құдай қосқан» деген сөз Ақбілектей сұлудың Көңіліне құп келді. Шүйінші сұрап шапқылап, Толып жатыр елінің Жан-жағына кеткені. Ақбілектей аруды аман-есен тауып алып, еліне әкелген соң, Қарабай тойды қайтадан істеп, бірнеше күн сауық-сайран еткесін елі-жұрты қара күңді өлтірмекке ойланып, көптің алдына жиналған алып келеді. Қара күң бұл өлімнің қармағынан қорықпастан, өзінің ойлаған мақсұтының орындалғанын айтып, көпшіліктің «өлтіреміз» деп, ажал оғын таяп тұрғанына қайғырып, өкінбейтінін ашып айтып берді. Бір қатары тағы да Қара күңді әкелді Өлтірмекке ойланып. «Бір сөз айтып өлем» деп Қара күң де келед толғанып. «Өлсем де бүгін арман жоқ Бір күн жаттың жанымда, Пәруана болып айналып». Қара күң айтып осылай, Бозаман көңілін сындырды. Әшкерелеп қалыққа Жасырын сырын білдірді. Өлтірмекке жұрт сайланып Мойнына салды шынжырды. Бозаман жиналған жұрт қара күңді шын өлтіруге айналып беттерін түзеген соң, жұртынан сұрап, айтқан жауабы. – Ей, адамзат жарандар, Мен бір жауап айтайын Құлақ салып қараңдар. Бұл дүниеге келгенде Әрбір түрлі адам бар. Сол адамның бәрінде Мақсұт еткен арман бар. Біреуі – хан, асыл тек Бірі – сұлтан, бірі – бек. Солардың бәрі нашардың Еңбегін жүр талап жеп. Соның бірі қара күң Өмірі өткен күндікпен Алдыңызда тұрған кеп. Ақбілекке ойлаған Қара күңнің ойында Көрінбейді ешбір кек. Басымнан кешкен ғашықтық Адамды әуре ететін Жазылмастай ауыр дерт. Мұны айтып Бозаман Бостандық берді өзіне. «Қайда да болса ойлаған Барып тұрсын жеріне». Өзіне беріп ерікті, «Барам десең еліңе Болмаса сүйген осы елден Барып қосыл,– деп,– теңіңе». Қара күңді босатып Ұлықсат берді Бозаман. Киіндіріп асылдан Өзі бойына тазадан. Қапастан шықты босанып Бірнеше жыл жылаған. Тілегін беріп түлетіп Мұратына жеткізді. Батыр туған Бозаман.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.