Kazakh
Қисса Жиһаншаһ Тамузшаһұғылы
Атыңнан айналайын, Әуел Алла,
Асан қыл тұғыры жолны барша жанға.
Хикаядан тысқары сөз сөйлетiп,
Дозаққа шерменде қып бiзнi салма.
Құдай-а, тұғыры сөйлет тiлiмiзнi,
Өткiзбе күнәменен күнiмiзнi.
Иләһи, рақым қылып фазылың бiрлән,
Сақтай көр жаман жолдан дiнiмiзнi...
Бисмилла, сөз бастайын, иә, Рахман,
Дүниеде қанша мақұлық жаратылған.
Жамиғ, барша пiрлер медет әйлап,
Қолдай көр, қырық шiлтен, он екi имам.
Қолыма қалам алдым, жаздым хатты,
Ғарiбiң мұны жазған Ақыт атты.
Қыс iшiнде Алтайдан Қобдаға асып,
Аз күнi жамин үйге келiп жатты.
Атам аты Үлiмжi, Алтай жерiм,
Өр Керейде Молқы-дүр менiм елiм.
Датура Жуанғанның қол астынан
Шығып келiп, жаминде жатқан жөнiм.
Миданда бiз ғарiбiң аз күн тұрды,
Базарды тамаша әйлап көрiп бiлдi.
«Шығар,– деп,– бiр әңгiме» ерiккен соң,
Жолдастар бiз ғарiпке әмiр қылды.
Шарасыз жолдасымның тiлiн алдым,
Бiле алмай не жазарым қайран қалдым.
Қалам менен қағазым қолға алып,
Таба алмай һеш мәнiсiн қапаландым.
Хикая Жиһаншаһтың кiтабы бар,
Ләззатты бұ қиссада сөздерi бар.
«Мұны өлең қылайын» деп мен ойладым,
Бола көр, Рахым, Рахман Құдайым жар.
Өткелбай үлкен кiсiм бердi бата,
Бар едi бiр туғашым, аты – Қапа.
Аз ғана фаһимымша бәйiт әйладым,
Сөкпеңдер, әй, жаранлар, көп-дүр қата.
Өткелбай әмiр қылды үлкен кiсiм,
Жол тауып жасай бердiм қалам ұшын.
Қиссасын Жиһаншаһтың алдым қолға,
Амалсыз жолдасымның көңiлi үшiн.
Бар Құдай жәрдем берсiн жiгiт жасқа,
Ақытжан, әурелiгiң ендi таста.
Қалам менен қағазым қолға алып,
Мен жаздым осылайша әуел баста.
Иә, Алла, құдiретiңе зар жылайын,
Рузи қыл, иман, бақыт көп сұрайын.
Жамағат, құлақ салып тыңла кеңес,
Бұрынғы өткенлерден сөз қылайын.
Хат жазайын қолыма қалам алып,
Сөз тыңла, ағаларым, құлақ салып.
Кабил атты шаһарда Тамуз патша,
Қараған бiр өзiне қанша халық.
Кабилде патша өткен Тамуз атты,
Бек әдiл ел-жұртына, салтанатты.
Ғарiп бiрлән пақырға қайыры көп,
Жан екен бек мейiрбан, мархаматты.
Өзiне падишаның дәулет қонған,
Әлемге әдiлетпен аты толған.
Қараған үш жүз шаһар бiр өзiне,
Бәрiне сонша жұрттың патша болған.
Билеген талай шаһар, неше қала,
Сол күнде падишада жоқ-ты бала.
«Мал-мүлкiм болса дағы балам жоқ» деп,
Көңлiне падишаның түстi сәна.
Көңлiне бала дертi болды түйiн,
Баласыз қайғы деген қандай қиын.
«Көрмедiм бiр баланы, сүйе алмадым,
Не керек сансыз түмен, мал мен бұйым».
Патшаға қайғы бердi Жаппар Ғалам,
Баласыз дәурен сүрдi талай заман.
«Бiр күнi ажал жетiп өле кетсем,
Артымда таққа мiнер жоқ,– деп,– балам».
Жүдедi ендi патша қайғы басып,
Сарғайды зағыпырандай түсi қашып.
Зарынан бiр баланың қайғылы боп,
Сүйегi ойлағанда кеттi жасып.
Падиша бала үшiн қайғы жеген,
«Жиһанда бiр перзент қайтып көрем».
Сүйiктi падишаның төлеңгiтi,
Бар екен бiр уәзiрi Хажаж деген.
Бар Құдай падишаға қайғы берген,
Бiр күнi падишаға Хажаж келген.
Сарғайып зағыпырандай жүдегенiн,
Қайғылы падишаны уәзiр көрген.
Падиша қайғы жеген iштен тынып,
Уәзiрi тағзым қылды тiке тұрып.
«Қайғыңыз, тақсыр, сiздiң не болды» деп,
Сұрады падишадан құлдық ұрып.
– Қарасам, сипатыңыз қайғы басқан,
Патша жоқ осы күнде сiзден асқан.
Жүдепсiз не қылса да мехнат шегiп,
Сөйлеңiз қайғыңызды әуел бастан.
Патша айтты: – Көңiлiмде бiр қайғы бар,
Түскенде қайғым еске жылаймын зар.
Артымда өзiм өлсем перзентiм жоқ,
Iсiне Құдiреттiң не шара бар.
Уәзiрi үшбу сөзге қайран қалды,
Көп бiлген ғылым, хикмет, данышпан-ды.
«Перзент падишаға бiте ме» деп,
Патшаның талиғына көзiн салды.
Талиғын падишаның уәзiр көрдi,
Бал ашып бәрiсiне көз жiбердi.
«Хорасан патшасының қызын ал» деп,
Патшаға осылайша хабар бердi.
– Әй, тақсыр, мен сөйлейiн құлақ салсаң,
Айтайын бiр жауапты тiлiм алсаң.
Бiтедi еркек бала саған, патша,
Хорасан шаһар патшасының қызын алсаң.
Уәзiрi падишаның құп дана-ды,
Падиша бұ сөздi естiп қуанады.
Уәзiрге сүйiншiге көп мал берiп,
Хорасанға жiбермек боп даярлады.
Хорасанның хат жiбердi патшасына,
Сый қылды үлкендердiң баршасына.
«Көп сәлем, үшбу қызын берсiн бiзге,
Хорасанның тағзым қылдық ханшасына».
Жүктеттi неше түйе алтын-күмiс,
Кез болған падишаға бұ да бiр iс.
Бiр қайла осы жолда бола алмаса,
Перзент падишаға бiтпедi һеш.
Жiбердi төрт уәзiрнi басшы қылып,
Қасына неше кiсi қосшы қылып.
«Хорасанның шаһарына барамыз» деп,
Бәрiсi «иә, Алла» деп кеттi жүрiп.
Төрт уәзiр осылайша сапар еттi,
Көп дария, неше тауды тамаша еттi.
Жол жүрiп неше күнлер осы кiсi,
Хорасанның шаһарына барып жеттi.
Он уәзiр қарсы шықты алдарынан,
Неше жақсы би, төре барларынан.
Апарып бердi хатты падишаға,
Таниды сөз белгiсiн аңғарынан.
Апарып падишаға бердi хатты,
Құрыпты қонақ әйлап алтын тақты.
Мәнiсiн оқыған соң қабыл алды,
О дағы падишаға берген бақ-ты.
Падиша үшбу сөзнi алды қабыл,
Бақытның жақсы бенде затын таныр.
«Даярлап неше күнде жеткiзiң» деп,
Падиша осылайша қылады әмiр.
Падиша әмiр қылды мұныменен,
Бұ сөзнi алды қабыл шыныменен.
Жөнелтiп қанша малмен ендi қызын,
Жол жүрдi неше күнi-түнiменен.
Кабилдiң шаһарына жеттi барып,
Жамағат, тыңлаңызлар, құлақ салып.
Алдынан қанша адам қарсы шығып,
Той қылды жұртын жиып, қабыл алып.
Той қылып неше күнлер болды тамам,
Қыз бiрлән дәурен сүрдi неше заман.
Қатыны падишаның буаз болып,
Көрсеттi кеңшiлiгiн Жаппар Ғалам.
Патшаға Тәңiрi берген артық бақты,
Мiнгiзген Тәңiрi қалап алтын тақты.
Қатынның мүддет хамлi тамам олып,
Жеттi де ай, күнiне, бiр ұл тапты.
Падиша қуанады мұны көрiп,
Сарғайған бала үшiн тiрi өлiп.
Қырық күндей ендi патша қылды тойды,
Жиылды елi-жұрты бәрi келiп.
Қуанып тойын қылды ендi патша,
«Көп көрген бала үшiн зарым қанша».
Қаратып молдаларға ғылым, хикмет,
Баланың атын қойды Жиһаншаһ.
Патшаның дәулетi асқан бiр басына,
Сый қылды хан мен төре, би басына.
Баланы таза асырап аналары,
Тiлi шығып, бала жеттi бес жасына.
Баласы бес жасына ендi келдi,
Мектепке, молдаларға әкеп бердi.
Баласы падишаның зерек болып,
Ғылымның неше түрлi бәрiн бiлдi.
Сөйлейiн бiр хикаят жамағатқа,
Көп ғылым зерек болды жазған хатқа.
Ол бала жас шағынан зерек болып,
Тауратты от төрт жаста алды жатқа.
Билеген Тамуз патша талай елдi,
Неше хан, би мен төре қанша жердi.
Баласы он бес жасқа жеткеннен соң,
Әкесi баласына тағын бердi.
Баласы патша болып мiндi таққа,
Сый қылды орны-орнынша жамағатқа.
Патша болып бiр жылы таққа отырды,
Жасаған не көрсетпес адамзатқа.
Бiр күнi патшазада аңға барды,
Қасына қанша ләшкер ертiп алды.
Бiр киiк сахарада душар болып,
Падиша ол киiкке жақын барды.
Көрген соң падишаны киiк қашты,
Сахара, неше қырқа, таудан асты.
«Киiктi не қылса да алалық» деп,
Артынан баршалары қуаласты.
Падиша ол киiкке жақын барды,
Жете алмай қалың әскер кейiн қалды.
Ғайып боп Жиһаншаһ кеткеннен соң,
Әскердiң қарай-қарай көзi талды.
Астында падишаның аты мықты,
Сыпырылып мың сан қолдан озып шықты.
Ол киiк бiр теңiзге душар болып,
Ол судың ар жағына өтiп шықты.
Падиша қуалады жалғыз аңды,
Өте алмай әлгi судан тұрып қалды.
Жете алмай өзге әскер қалған екен,
Артынан жетi құлы жетiп барды.
Падишаға Тәңiрi берген ол бiр жолды,
Дарияны жағалады оңды-солды.
Жағалап өткел таппай жүргенiнде,
Бiр кеме су шетiнде пайда болды.
Падиша ол кемеге мiнiп алды,
Дарияның ар жағына өтiп барды.
Болдырып әлгi киiк жатыр екен,
Бауыздап, кемесiне салып алды.
Жөнелдi кемесiне мiнiп алып,
Жамағат, таң қаласың қайран қалып.
Дарияға қайта жүрiп түскен шақта,
Жел шығып, боран соқты айқай салып.
Кеменi жел айдады оңды-солды,
Жел шығып, дария жүзi толқын болды.
Он бес күн, он бес түндей басылмады,
Дарияда бiле алмады барар жолды.
Жөнелдi ол кеменi боран айдап,
Кемеде бұлар жатты «иә, Құдайлап».
Әскерi ерiп жүрген қайда қалды,
Жамағат, мен сөйлейiн кеңес әйлап.
Жер жүзi топырақ басып, тұман болды,
Жер жүзi боран басып, шаңға толды.
Түстi де қалың әскер осы жерге,
Қуалап үңгiр жердi напдид болды.
Көтердi жел басылғаш әскер басын,
Жамағат, бұ сөзiме таң қаласың.
Дарияға түрегелiп көзiн салса,
Кеменiң көре алмады һеш қарасын.
Бұларды Құдай салды мұндай күйге,
Көп әскер бәрi қайтып келдi үйге.
Баласын падишаға бiлдiрместен,
Келдi де хабар бердi уәзiр, бекке.
Аттанды қалың әскер тұс-тұс жақтан,
Iздедi неше күндер һәр тараптан.
Көп әскер неше күндей қараса да,
Патшаға хабар бердi таба алмастан.
Падиша фаған әйлап қылды зары,
Жиылды би мен төре, жанның бәрi.
Iшiне сексен кеме адам толып,
Қарады һәр тараптан баршалары.
Жiберген қанша жандар қарады олар,
Жоғалған падишаны қайдан табар.
Неше ай, неше жылдай қараса да,
Таба алмай падишаға бердi хабар.
Падиша амалы жоқ қылды сабыр,
Қайғыдан iшi күйiп, оттай жанар.
Балшысын Хажаж уәзiр шақырып ап,
Падиша «бал ашың» деп қылды әмiр.
Сол жерде Хажаж уәзiр бал ашады,
Ашып-ашып балына қарасады.
«Неше жылда ол балаң келедi» деп,
Жанынан падишаның тарасады.
– Әлi де табылмайды сенiң балаң,
Көңлiңдi бала үшiн қылма алаң.
Есен болса, өзiңдi бiр табады,
Сақтаса есен-аман Алла Тағалам.
Падиша үшбу сөзге болады мат,
«Баламды аман сақта, Жаратқан Хақ».
Сөйтсе де жалғызы үшiн шыдай алмай,
Төңiрек төрт бұрышына жазыпты хат.
Бұл Ақыт бiлгенiнше кеңес құрсын,
Майданда аз күн жатып дәурен сүрсiн.
Кемеде Жиһаншаһтан сөз қылайын,
Падиша осылайша тұра тұрсын.
Жетi күн, жетi түндей боран соқты,
Бораннан құтылатын амал жоқ-ты.
Байлады сонда өлiмге бұлар басын,
«Атты, – деп, – Тәңiрi бiзге қаһар оқты».
Басылды соққан боран сегiзiншi күн,
Кемеде бiлiнбеген күн бiлән түн.
Қарайған судан басқа һеш нәрсе жоқ,
Болады шаһзаданың жiгерi хұн.
Тағы да бiр күн, бiр түн бұлар жүрдi,
Жел шығып, дарияны толқын қылды.
Жел айдап кемелерiн келе жатса,
Алыстан бұлдыраған бiр тау көрдi.
Шықтылар кемесiнен тауға барып,
Жамағат, таң қаласың қайран қалып.
Кемедегi киiктiң етiн асып,
Жедiлер жемiс көп жиып алып.
Ағашы көп, миуасы алуан-алуан,
Пендеге не көрсетпес дүние жалған.
Шаһзада ол кеменiң жанында отыр,
Құлдары оқ, жақ алып аңға барған.
Бiр сайға құлдар барды киiк аулап,
Тамаша су ағады тастан саулап.
Сахара, бiр иенге бұлар кеткен,
Жиһанда адам жүрмес елден аулақ.
Екi жарты адам тұр осы жерде,
Сөйлесем деп, жетеуi жақын келдi.
Қашады осылардан ыз-ыз етiп,
Һеш жақын қастарына келмейдi ендi.
Құлдары мұны көрiп таң қалады,
Ескермей ол не екенiн аң қарады.
Сол уақытта жарты адаммен дүние толып,
Құлдардың жан-жағынан қамалады.
Жетi құл мұны көрiп қатты састы,
Шаһзадаға қарата тура қашты.
Қолына өңшең жарты тас ұстаған,
Оғындай зеңбiректiң атты тасты.
Төрт кiсiнi сол жерде қалды басып,
Жабылып көптiгiмен қамаласып.
Төртеуiне айланып жатқанында,
Үшеуi шаһзадаға келдi қашып.
Келдi де шаһзадаға хабар қылды,
Кемеге сасқанынан бұлар мiндi.
Төртеуi кемесiне мiнiп алып,
Дарияға мұнан қашып тағы кiрдi.
Жел шығып және дағы боран болды,
Бар Құдай оңғармаған бұл бiр жолды.
Кеменi дарияда толықсытып,
Айдады ары-берi, оңды-солды.
Ол боран ол бес күнде басылады,
Жаңбыр кетiп, бұлты ашылады.
Бiлмейдi ел-жұртының қайда екенiн,
Қайғымен шаһизада «аһ» ұрады.
Көтердi жел басылғаш сонда басын,
Көзiнiң тия алмайды аққан жасын.
Бiр шаһар жиегiнде көрiнедi,
Салыпты ақ мәрмәрдан айналасын.
Дарияның жиегiне бұлар барды,
Бiр кiсi барды дағы хабар алды.
Iшiнде ол шаһардың тiрi жан жоқ,
Бәрiсi мұны көрiп қайран қалды.
Шаһардың қапусы бар шыны болат,
Жан-жағын ақ мәрмәрдан салған орап.
Кемесiн байлап қойып келдi бәрi,
«Шаһарға болалық,– деп,– аз күн қонақ».
Шаһардың неше түрлi бақ-бақша,
Болғандай, әгар, сатса талай ақша.
Iшiнде ол шаһардың тiрi жан жоқ,
Бәрiсi тамаша әйлап кiрiп бақса.
Неше түрлi бар екен көшiк сарай,
Келедi тамаша етiп қарай-қарай.
Төрiнде үлкен тақыт құрулы тұр,
Шаһзада ол тақытқа келдi жанай.
Отырды шаһизада келiп таққа,
Қарайды тамаша етiп һәрбiр жаққа.
Құлдары тағзым бiрлән тұрды алдында,
Құдайым не көрсетпес адамзатқа.
«Иесiз неткен шаһар мұндай болған,
Жан-жағын ақ мәрмәрдан қылған қорған».
Кеңесiп осылайша отырғанда,
Қараса, жан-жағына маймұн толған.
Толыпты төрт тарапын маймұн алып,
Отырды бұл төртеуi қайран қалып.
Ойы жоқ зиян қылар осыларға,
Тұрады тағзым бiрлән көп жалбарып.
Өздерi құрбан қылып бiр қой сойды,
Қуанысып қайғының бәрiн жойды.
Бұларға екi қойды әкеп берiп,
«Бауызда» деп, алдына пышақ қойды.
Бауыздап құлдар сойды осы қойды,
Айтады ишаратпен һәрбiр ойды.
Әкелдi ет пiсiрiп алдарына,
Тамақ жеп шаһизада етке тойды.
Бұл iстi шаһзаданың көзi көрдi,
Көп маймұн жиылысып бәрi келдi.
Мiнедi ат орнына үлкен иттi,
Бұларға «мiн» деп, иттi алып келдi.
Ерттеген мiндi итке шаһизада,
Жаратқан сиынады бiр Аллаға.
Бар Құдай салғаннан соң итке мiндi,
Көнбеске Алла iсiне бар ма шара?
Жүредi итке мiнiп ендi патша,
Жетпейдi жүйрiк ат та, әгар, шапса.
Бiр тасқа шаһзаданы алып келдi,
Ол тастың жазуы бар тұрып бақса.
Ит екен маймұндардың мiнген аты,
Адамнан азған екен асыл заты.
Ол тасқа, жазуына қарап тұрса,
Сүлеймен пайғамбардың жазған хаты.
Жүдейдi шаһизада қайғы, наздан,
Сүлеймен хақ пайғамбар мұны жазған.
Жазыпты әуел баста осы сөздi,
Халықы бұ диардың жолдан азған.
«Бiр келген пайғамбарды шаһид еттi,
Бұларға Хақ Тағала қаһар еттi.
Бәрiсiн адамының бәддәл қылып,
Осылай бәрi маймұн болып кеттi.
Әгар да келген адам осы жерге,
Қаласың патша болып маймұн елге.
Жан-жағы қаша алмайтұн бәрi тұйық,
Бұ жерден кетемiн деп көңiл берме.
Алты айлық күн батыс дария бар,
Алты айлық күн шығыста ғұлибанлар.
Оңтүстiкте диюлер бәрi толған,
Сол жақта үш айлық жер – құмырсқалар.
Осының бәрi дағы адамға қас,
Һешбiрiне адамның ұғылы бармас.
Бұларға, әгар, қарсы жүрген адам,
Құтылып осылардан аман қалмас».
Шаһзада мұны оқып есi кеттi,
Бар Құдай әуел бастан ауара еттi.
Бар екен ар жағында ғұлибаны,
Маймұндар бұларды алып соған жеттi.
Секiрiптi ғұлибанлар мұны көрiп,
Анталап һәрбiр жолдан кеттi озып.
Осылар ғұлибанды көргеннен соң,
Бұларға сайман бердi алып келiп.
Оқ атты ғұлибанға бұлар тұрып,
Атқан оғы бұлардың кеттi қырып.
Ғұлибанлар адамды көргеннен соң,
Бәрi қашып үйiне кеттi кiрiп.
Маймұнның шаһарына келдi бәрi,
Шаһзада құлы менен баршалары.
Патша болып тұрыпты бiраз заман
Сонан соң, үй сағынып қылмай зары.
Шаһзада үй сағынып қылды зарлық,
Пендеге не көрсетпес дүние тарлық.
«Кеме орнында бар ма екен, көрiп кел» деп,
Бiрiне құлдарының қылды жарлық.
Кемеге қашалық деп бұлар келдi,
Кеменi талқан болған көзi көрдi.
Маймұндар сындырыпты «кетпесiн» деп,
Амалсыз қайтып келiп тұрады ендi.
Тағы да патша болды бiраз тұрып,
Кеңесер ақыл ойлап, мәжiлiс құрып.
Қашатұн һешбiр қайла таба алмады,
Жылайды шаһизада зары қылып.
Назым шаһизада
– Аһ, дариға, хан едiм, Кабилстанның елiнде.
Мұнда келiп қамалдым Маймұндардың жерiнде.
Бұрынғы өткен дәуренiм,
Ендi қайтып келер ме?
Айналайын, Құдайым,
Бiр өзiңе жылайын.
Шынтұменен тiлесе,
Пендеге тiлек берер ме?
Аһ, дариға, арманда Ата-ананың дидарын
Көре алмадым жалғанда.
Күндiз-түнi жылаймын,
Көзiмнiң жасын бұлаймын.
Жәрдем берсiн Иләһiм,
Өзiңден медет сұраймын.
Ел-жұртымды көре алмай,
Қайғыменен өле алмай.
Аһ, дариға, өкiнiш,
Ендi қайтiп шыдаймын.
Тұрыпты патша болып бiраз заман,
Пендеге не көрсетпес Жаппар Ғалам.
«Бұл жерден өлсем дағы кетейiн» деп,
Көңiлi падишаның болды алаң.
Ойлады «осы жерден кетейiн,– деп,
Бiр жерге мұнан қашып жетейiн,– деп.
Өлгенше қайғыменен күн-дүр – түнi
Тентiреп, жолда жүрiп өтейiн» деп.
Падиша осылайша ақыл қылды,
Бiр түнде өңшең мықты итке мiндi.
Үш жолдасы – төртеуi қашып шығып,
Құмырсқаға қарата ендi жүрдi.
Жөнелдi қашып шығып бiр күн түнi,
Маймұндар арттарынан қуды мұны.
Таң атқанша төртеуi қатты жүрiп,
Құмырсқаға кеп жеттi осы күнi.
Құмырсқалар жабылды мұны көрiп,
Маймұндар арт жағынан жеттi келiп.
Падиша мен маймұнға жабылысып,
Құмырсқа қисабы [жоқ] кеттi орап.
Үлкендiгi құмырсқаның тазы иттей,
Көптiгi, ашық жер жоқ, сiрә, биттей.
Осылардың арасынан патша қашты,
Құмырсқа мен маймұндар жаман састы.
Көптiгiмен құмырсқа қатты қамап,
Артында екi адамға араласты.
Құмырсқа екi құлды қалды басып,
Жабылып, көп болған соң қамаласып.
Екеуiне айналып жатқанында,
Құтылды бiр құлымен патша қашып.
Мiнгенi падишаның қиын мықты,
Жаны қалғаш, Аллаға шүкiр қыпты.
Құмырсқалар артында қалғаннан соң,
Шаһзада бiр төбеге келiп шықты.
Патша шықты төбеге аман барып,
Екi құлды құмырсқа қалды алып.
Екеуiн дым қоймастан жеп қойыпты,
Тағы жүр маймұндармен соғыс салып.
Құйылып падишадан ағады тер,
«Иә, Рабби, һәр ғарiпнiң тiлегiн бер».
Маймұндар мен құмырсқа өлгенiнен,
Майданда аяқ басар қалмаған жер.
Падиша көзiн салып тамаша еттi,
Құмырсқадан құтылып, шүкiр еттi.
Соғысып екi мақұлық жатқанында,
Падиша онан ары қашып кеттi.
Аң аулап иен жерде тамақ жедi,
«Жаратқан мың шүкiрлiк Құдай» дедi.
Бiр жерде көп құмырсқа ұясы екен,
Шаһзада осы жерге ендi келдi.
Құмырсқалар жабылып қамаласты,
Шаһзада мұны көрiп тағы қашты.
Құлының астындағы итi жүрмей,
Құмырсқалар жетiсiп оны басты.
Құтылды шаһизада жеке қашып,
Құлды жеп, құмырсқалар қалды басып.
Үш айдай бұ мехнатпен жүрдi жалғыз,
Көңiлi бейшараның кеттi жасып.
Шаһзада бiр дарияға ендi келдi,
Астында мiнген аты және өлдi.
Дарияның жағасына жетiп келсе,
Бiр шаһар аржағында көрiнедi.
Шаһзада дарияға келдi жетiп,
Тамаша етiп қарайды келiп тұрып.
Ол күн жатып, таңертең тұрғанында,
Қалыпты дарияның суы құрып.
Тiлегiн шаһзаданың Құдай бердi,
Дарияның құрығанын тұрып көрдi.
Көргенге адамзатты қуаныш қып,
Шаһарға таң атқан соң ендi келдi.
Бiр үйге кiрiп келiп бердi сәлем,
Жол жүрген мехнатпен неше заман.
Аш жүрген неше күндей шаһизада,
Әкелiп бергеннен соң жедi тағам.
Жиылды тамаша етiп қанша жанлар,
Сұрады Жиһаншаһтың халiн анлар.
Не көрген бейнетiнiң айтты бәрiн,
Есiтiп қайран қалды бұл адамлар.
Шаһзада айта берсе бейнетi көп,
Неше күн мехнат шеккен уайым жеп.
Өз халiн шаһизада айтқаннан соң,
Сұрады «үшбу шаһар қай шаһар?» деп.
Жаранлар, бұл – Ақыттың жазған хаты,
Алтайский Молқыда асыл заты.
Берiстi шаһзадаға бұлар жауап,
«Уар деген шаһар,– дедi,– мұның аты».
Шаһзада айтты: – Елiм жоқ мен бiр мұңдық,
Мехнатпен талай жердi сейiр қылдық.
Дүниенiң осы жер қай бұрышы,
Кабил шаһар бұл жерге неше жылдық?
Бұлар айтты: – Кабилдi бiлгемiз жоқ,
Дүниенiң кең iшiне кiргемiз жоқ.
Иамин деген бiр шаһар екi жылдық,
Онан ары һешқайда жүргемiз жоқ.
Келедi керуендер екi жылда,
Сауда қып онан берi шықса қырға.
Керуен жүрсе, әгар да, барар едiң,
Онан берi жетем деп көңiл қылма.
Шаһзада бұ сөздi естiп қайран қалды,
Шаһарға тамаша әйлап аралайды.
Қыдырып ары-берi жүргенiнде,
Бiр адам бiр көшеде айғайлайды.
Сөзiне қарамайды көп жамағат,
Қышқырып айғайлайды бек қабағат.
«Беремiн мың алтынды,– деп айтады,
Қызмет қып бiреу берсе жалғыз сағат».
Ойлайды шаһизада «барайын,– деп,
Мың алтынды қойныма салайын,– деп.
Қандай қиын болса да жалғыз сағат,
Қызмет қылып алтынын алайын» деп.
«Қызметiң мен қылам» деп жетiп барды,
«Болады» деп ол адам қабыл алды.
Қолынан Жиһаншаһтың жетектеп ап,
Үйдегi қожасына алып барды.
Қожаға сәлем бердi жетiп келiп,
Сыйлады «төрге шық» деп қожа көрiп.
Қонақ қылып құштырды бiр сұлу қыз,
Мың алтын қойынына салып берiп.
Хаммамға таң атқан соң түстi барып,
Бұл iске шаһзада жүр қайран қалып.
Күн шығып, һәмма бәрi тұрғаннан соң,
Келтiрдi Жиһаншаһқа төрт ат алып.
Бiрiне Фәрзәнд қожа өзi мiндi,
Бiрiсiн Жиһаншаһқа ертлеп бердi.
Бiр атына бiр құлы және мiнiп,
Бiреуiн бос жетелеп алып жүрдi.
Сахараға бұлар шығып келе жатты,
Өткiздi екi ортада үш сағатты.
Бiр таудың етегiне келдi дағы,
Бауыздады қолында жетек атты.
Терiсiн осы аттың алды сойып,
Қарнын жарды кеудесiн бiтеу қойып.
«Не үшiн үшбу атты соя-дүр» деп,
Тұрады шаһизада көңлiн жойып.
Қожа айтты Жиһаншаһқа: – Бұған кiр?– деп,
Iшiне жатып ұйықтап бiр түс көр,– деп.
Бiр уақиға көресiң бұған кiрсең,
Тұр дағы не көргенiң хабар бер,– деп.
Киiмiң қан болар,– деп, қойды шешiп,
Қызметiң бар қылатын осы десiп.
Кiргiздi де қарынын махкам тiктi,
Болады шаһзаданың халi нешiк.
Жиһаншаһ ол кеудеге кiрiп жатты,
Қожа мен құл анадай кетiп қапты.
Бiр уақытта бұ жемтiк тебiренiп,
Көтергендей болады сойған атты.
Бiр-бiрге қойғандай боп бiлiнедi,
Бiр нәрсе тартқандай боп iлiнедi.
Iшiнде қайран қалып патша жатса,
Бiр жерi ашық болып тiлiнедi.
Көтердi шаһизада сонда басын,
Жарандар, бұ сөзiме таң қаласың.
Қараса бас көтерiп жан-жағына,
Тамам құс қамап алған айналасын.
Көтердi түрегелiп сонда басты,
Не күйге Тәңiрi салмас жiгiт жасты.
Жиһаншаһ ол жемтiктен шыққаннан соң,
Құстардың мұны көрiп бәрi қашты.
Бар Құдай бейнет берген мұндай ерге,
Ол құстар жемтiктi алып шығыпты өрге.
Жиһаншаһ тау басында көрдi өзiн,
Қалыпты қожа Фәрзәнд төмен жерде.
Қожа Фәрзәнд айғайлап сөз айтады,
Өтiрiк қайла сөздi көп айтады.
«Ортақпыз, жауһар тас бар, берi құлат,
Көрсетем түсер жолды» деп айтады.
Құлатты Жиһаншаһ жауһар тастан,
Қайласын қожа Фәрзәнд байқамастан.
Жауһарды қожа Фәрзәнд артып алып,
Жөнелдi шаһзадаға қарамастан.
Жауһардың басындағы қисабы жоқ,
Қылады кiмге опа дүние боқ.
Айғайлап Жиһаншаһ тұрып қалды,
Қараса, түсетұғын һеш жолы жоқ.
Қор болды тұрып қалып ғазиз басы,
Құрыды жылай-жылай көзiнiң жасы.
Ұшқан құстан өзге жан бара алмайтын,
Диюлардың бұл екен қазынасы.
Бiлмейтiн ғарiп адам көнедi екен,
Алданып ол қожаға келедi екен.
Түсетұғын жолы жоқ бұ қияның,
Басында қалып аштан өледi екен.
Басында шаһизада тұрып қалған,
Келгенге пұшайман боп қылады арман.
«Кенiш жауһар» деген тау осы тұрған,
Диюдың қазынасы екен иен қалған.
Жүгiрдi Жиһаншаһ ары-берi,
Бiл тұйық жан жүрмейтiн жүрген жерi.
Ұшқан құстан басқа һеш бармайтын,
Диюдың тастап кеткен мекен жерi.
Жүгiрдi Жиһаншаһ олай-бұлай,
Ғарiпке қатты бейнет бердi Құдай.
Аттың етiн бұ құстар жеп түгестi,
Отырды ақыл таппай патша жылай.
Отырды ақыл таппай патша жылап,
Алладан зар еңiреп жәрдем сұрап.
«Қазам жетсе өлермiн бұ жерден» деп,
Аласарақ бiр жерден кеттi құлап.
Бiр жерден домалап кеп жерге түстi,
Аласарақ бiр жерден келiп ұшты.
Ақылы кетiп жатыпты биһұш болып,
Көрсеттi Тәңiрi бұған һәрбiр iстi.
Патшаның қол, тырнағы талқан болған,
Киiмдерi дал-дал боп таста қалған.
Бас-аяғы бәрi де тасқа тиiп,
Шаһзада есi кетiп биһұш болған.
Шаһзада есiн жиып көзiн ашты,
Не күйге Тәңiрi салмас жiгiт жасты.
Есiн жиып, бiр түзге шығып кетiп,
Сахараға қарата қадам басты.
Жаранлар, құлағың сал сөздерiме,
Бiр кеңес тыңлатайын өздерiңе.
Бiр күн, бiр түн шаһзада жүргеннен соң,
Бiр шаһар көрiнедi көздерiне.
Шаһарға Жиһаншаһ келдi жетiп,
Көрмеген көп ғажайып тамаша етiп.
Төңiректеп бұрышты қорған салған,
Келедi қайран болып һұшы кетiп.
Iшiне ол шаһардың келдi енiп,
Жамағат, сөз тыңлаңыз тiлге сенiп.
Киiнген құстың жүнiн бiр шал отыр,
Жанына патша келдi сәлем берiп.
Сәлемiн бұл шал көрiп әлейiк алды,
Көрген соң шаһзаданы қайран қалды.
– Жөнiңдi айт, қайдан келген бейшарасың,
Көрмедiм мұнда келген һешбiр жанды.
Һеш пенде бұ диарға жүргенi жоқ,
Мұнда тұрып һеш адам көргенiм жоқ.
Келмесе желге мiнiп, сумен ағып,
Бұ жерге адам ұғылы келгенi жоқ.
Жиһаншаһ көргенiнiң айтты бәрiн,
Не көрген жақсы-жаман баршаларын.
Бейнетiн бастан кешкен айтқаннан соң,
Шал естiп есiркедi қылған зарын.
Шаһзада бәрiн айтып зар еңiредi,
«Бейнетпен қандай жерде қалам» дедi.
Шал айтады: – Мен болдым ата сiзге,
Ахиреттiк сен болсаң балам,– дедi.
Бейнет көрiп, жүдепсiң беңiзiң қашып,
Отырсың Құдай айдап амандасып.
Тұрыңыз бала болып аз күн маған,
Барарсың ел жұртыңа болса нәсiп.
Жиһаншаһ осы шалдан жауап сұрды,
Екеуi бiразырақ кеңес құрды.
– Атыңыз кiм, бұ бақша неткен нәрсе?
Айтады немене деп осы жердi?
Шал айтады: – Марғышаһ менiм атым,
Шешем перi, адам-дүр атазатым.
Сүлеймен патша қылып қойып кеткен,
Күтемiн пайғамбардың аманатын.
Құстарға патша қылып қойды менi,
Сонан берi адамнан көрдiм сенi.
Сүлеймен пайғамбардың жарлығымен,
Атаңның патша болып тұрған кебi.
Жетi күн құс жиылар жылында бiр,
Патша болып тұрамын құстарға пiр.
Құстан басқа өзге жан келе алмайды,
Менiмен бiрге тұрып дәуренiң сүр.
Жетi күн құс жиылып келiп тұрар,
Келуге қанатты құс болар құмар.
Әуелi жиын-той қылып жетi күндей,
Рухына Сүлейменнiң дұға қылар.
Қыламын бұ қызметтi әлiге дейiн,
Кетедi құстар тарап сонан кейiн.
Бiз тұрамыз үш халифа осы жақта,
Бәрiсiн хикаят қып мен сөйлейiн.
Арамыз һәрбiрiмiз алты айлық,
Патша болып билеймiз осы жайлық.
Һәрбiрiмiз алты айлық жер билеймiз,
Һәрбiрiн мен сөйлейiн бәрiн айырып.
Бiз тұрамыз үш халифа патша болып,
Бұл жерге құс жиылар жылда толып.
Қиямет қайымғаша бiз тұрамыз,
Дұғасы Сүлейменнiң қабыл болып.
Билеймiз үш халифа осы жердi,
Сүлеймен осы жердi құсқа бердi.
Көрсеттi Жиһаншаһқа сарайларын,
Шаһзада ғажайыптың бәрiн көрдi.
Шаһзада ғажайыптың көрдi бәрiн,
Не түрлi жақсы-жаман баршаларын.
Бiр есiктен басқаның бәрiн ашты,
Шаһзада оған болды көңлi жарым.
Айрылғалы Жиһаншаһ алтын тақтан,
Тамаша көрдi қызық шар-тараптан.
Марғышаһтан сұрады шаһизада:
– Ашпайсың бұл есiктi не себептен?
Марғышаһ шаһзаданың көңлiне тоқ.
Қылады кiмге опа дүние боқ.
Халифа жауап берiп: – Ашпа,– дедi,
Ол үйде саған жарар һешнәрсе жоқ.
Түн болып осы күнi бiрге қонды,
Таң атып ертеңгi күн сабах болды.
Құстардың жиын күнi болған екен,
Марғышаһ құсқа таман бармақ болды.
Кiлтiнiң Жиһаншаһқа бәрiн бердi,
«Тамаша етiп кез,– дедi,– һәрбiр жердi,
Жетi күнде келемiн мұнда қайтып,
Тұра тұр сабыр қылып, балам,– дедi.
Патша болып тұрамын осы тұста,
Сабыр қылып бұл айтқан сөзiмдi ұста.
Үйiме барамын деп талап қылсаң,
Жеткiздiрiп салайын үлкен құсқа.
Келе алмаймын құс қайтып жөнелгенше,
Тамаша етiп тұрыңыз мен келгенше.
Тiл алмай темiр үйге, әгар, кiрсең,
Тартарсың қиын қайғы өле-өлгенше».
Бұлай деп Марғышаһ қалды кетiп,
Қалады шаһизада әлде не етiп.
Бәрiн де сарайлардың ашып көрiп,
Жүредi Жиһаншаһ тамаша етiп.
Көредi шаһизада бәрiн ашып,
Жүредi тамаша етiп көңлi тасып.
«Не себептен бұл үйдi ашпады» деп,
Келедi темiр үйге қадам басып.
Есiктi ашты дағы үйге кiрдi,
Азырақ тамаша етiп сейiр қылды.
Ол үйдiң iшiнде бар алтын сарай,
Iшiнде жемiсi бар бұлақ көрдi.
Ол судың кенерiнде алтын тақыт,
Не көрмес адам пенде берсе бақыт.
Һауадан үш көгершiн келдi ұшып,
Тұрады тамаша әйлап көзiн сатып.
Жиһаншаһ қарап отыр көрiнбестен,
Әдейiге тамаша етiп ерiнбестен.
Көрмедi шаһзаданы, келдi ұшып,
Отырды жасырынып бiлiнбестен.
Үшеуi ол тақытқа келiп қонды,
Қарады жан-жағына оңды-солды.
Тақытқа келiп қонған үш көгершiн,
Үшеуi сiлкiндi де үш қыз болды.
Үшеуi үш қыз болып түстi суға,
Мас болып шаһзада отыр буға.
«Өмiрiңше тартарсың,– деген,– бейнет»,
Айтқаны Марғышаһтың келдi тура.
Шаһзада мұны көргеш, қалды қайран,
Қараса ақ етiне көзi тойған.
Жаһанда мұндай сұлу көрген емес,
Нұры артық жүздерiнiң толған айдан.
Ғашық боп кiшi қызға болды биһұш,
Жiгiттер, бейнет деген осындайдан.
Көргенде кiшi қызды һұшы кеттi,
Ғашықтық шаһзаданың жанына өттi.
Жиһаншаһ биһұш болып жатқанында,
Киiнiп қыз жайына ұшып кеттi.
Жөнелген киiнiсiп қыздар ұшып,
Шомылып сарайдағы хауыздан iшiп.
Көрмедi Жиһаншаһты үшбу қыздар,
Қалыпты шаһизада талып түсiп.
Шал келдi жетi күнде қайта айланып,
Сахара жапандағы қосқа барып.
Қыдырып қарап жүрiп тауып алса,
Шаһзада есi кетiп жатыр талып.
Талыпты шаһизада есi кетiп,
Марғышаһ ойбай салып келдi жетiп.
Жүзiне су сепкен соң көзiн ашты,
Тiрiлттi Марғышаһ адам етiп.
Су бүркiп Марғышаһ тұрғызды тез,
Әбден есiн жиған соң сұрады сөз.
Шаһзада қызды айтып зар жылады,
«Осындай бiр бейнетке келдiм,– деп,– кез».
Жылады қайғы бiрлән талып түсiп,
Аяғын Марғышаһтың алды құшып.
– Сiз кетiп қалғаннан соң, осы жерге
Үш бiрдей ақ көгершiн келдi ұшып.
Үшеуi осы таққа келiп қонды,
Сiлкiнiп ол үшеуi үш қыз болды.
Судан шығып кетiптi қайта ұшып,
Айрылған осылардан мен бiр сорлы.
Назым шаһзада
– Үшеуi келдi, сiлкiндi,
Үш қыз болып құлпырды.
Нұр дидарын көргенде,
Шомылып суға кiргенде,
Он төртiнде көрiнген
Толған айдай сықылды.
Үш көгершiн келген соң,
Ең кiшiсiн көрген соң,
Махаббатын Құдайым
Көңiлiме берген соң,
Ғашықтықпен қайғырдым,
Бiр Аллаға зар қылдым.
Ғашық қыздан аһ, дариға,
Арманда болып айрылдым.
Қыздар менi көрмедi,
Қасыма жақын келмедi.
Бiр қайланы қылмасаң,
Аһ, дариға, балаңыз,
Ғашықтықтан меңдедi!
Бұ дүниенi көздесем,
Жер-жиһанда iздесем,
Табармын ба жалғанда.
Қызды ұстап ала алмай,
Қасына жақын бара алмай,
Аһ, дариға, өкiнiш,
Қалдым ендi арманда!
Шаһзада бұлай зарлап айтты зарын,
Қайғының көңлiндегi айтты барын.
Марғышаһ үшбу қызды хикаят қып,
Айтады Жиһаншаһқа баршаларын:
– Перiнiң патшасының қызы солар,
Жылында осы жерге келiп қонар.
Осы үйге сенi кiрме дегенiм сол,
Оларға көрген адам ғашық болар.
Жылында бiр келедi осы жерге,
Шомылып бiр түседi үшбу көлге.
Оларды һешбiр пенде тұта алмайды,
Ғашықтық от түседi көрген ерге.
Үшеуi қызы болар бiр патшаның,
Дидарын жан көрмеген ханышаның.
Үлкенi Дамшат пенен Қамарбану,
Кiшiсi Шәмсiбану болады оның.
Шәмсiге ең кiшiсi болдың ғашық,
Сарғайдың фирақ бiрлән қайғы басып.
Оларды бұ жиһанда тұта алмайсың,
Болмаса, әгар, шын ырыс, нәсiп.
Сөйледi Марғышаһ осылай деп,
«Мәнiсi бұ қыздардың осындай» деп.
Шаһзада бұ сөздi естiп зар еңiредi,
«Шәмсiге ғашық болған басым-ай» деп.
Шаһзада ғашықтықтан беңiзi солды,
«Аһ» әйлап көкiрегiне қайғы толды.
Жылайды атын естiп фаған әйлап,
«Жиһанда көрем бе, – деп, – мен бiр сорлы».
Шаһзаданың жылағаны
Айналайын, Құдайым,
Бiр өзiңе жылайын.
Ғашығымды көре алмай,
Қайғыменен өле алмай,
Жыламай қайтiп шыдайын.
Шәмсi алды ақылды,
Шаһизада «аһ» ұрды,
Шәмсiнi, әгар, көрмесем,
Өлiм маған жақын-ды.
Шәмсiге бердiм көңiлдi,
Көре алмасам өлiм-дi.
Атам-анам, жиһанда
Көре алмадым елiмдi.
Мен ойлаймын Шәмсiнi,
Ғашық жарым қалқаны.
Бұрынғы өткен қайғыны,
Шәмсi еске түскен соң,
Қайғы суын iшкен соң,
Тәрiк қылдым баршаны.
Көремiн бе, дариға,
Бұ дүниенiң жүзiнде
Шәмсiдейiн ханшаны.
Ғашық үшiн қайғырдым,
Ақылымнан айрылдым.
Атыңды естiп, қарағым,
Аһ, дариға, зар қылдым.
Өзiң көлге келген соң,
Жалаңаш хауызға кiрген соң,
Ақ етiңдi көрсетiп,
Iшiмдi менiм өртетiп,
Ғашық болмай нетейiн.
Мен жылаймын налынып,
Бiр Аллаға жалынып.
Бiр Аллаға жылайын,
Әз мiнәжат қылайын,
Ғашығым, сенi сағынып.
Қол жетпейтiн болған соң,
Ұшып кетiп қалған соң,
Көзiме түстi нағылып
Шаһизада басыңыз,
Жiбектейiн шашыңыз,
Қап-қара болып қиылған,
Қаламдайын қасыңыз.
Әгар сенi ойласам,
Қайғыменен зарласам,
Тыйылмас көзден жасымыз.
Қайғы отымен жанармын,
Бұ жалғаннан қалармын.
Жер жүзiнде бар болсаң,
Мекенiңе, қарағым,
Тiрi болсам барармын.
Қайғы суын iшемiн,
Қай уақытта қанармын.
Ғашық жарым көрмесем,
Бiр күн өлiп қалармын.
Падиша мұны айтып еңiредi зар,
Құдай-а, рақым қылсаң үмiтiм бар.
Рақым-а, Рахыман атты Падишаһым,
Қоса көр ғашығыма, Пәруардигар.
Шаһзада осы жерде тағы тұрды,
Өткiздi Марғышаһпен бүтiн жылды.
«Ендiгi жыл келгенде көремiн» деп,
Бiр жылы онда тұрып ғұмыр сүрдi.
Тыйылмас жылағанда көзден жасы,
Жүрмейдi қайғы бiрлән iшкен асы.
Бiр жылы үшбу жерде сүрдi өмiр,
Болады қайта айналып жылдың басы.
Құстар келiп жиылды және тағы,
Жыл басы қайта айланып болған шағы.
Қайғыменен падиша бiр жыл тұрды,
Құдайдың оған дағы берген бағы.
Жиылып барша құстар келiп қонды,
Ғаламнан үшбу жерге құстар толды.
Құстардың жиын күнi болғаннан соң,
Марғышаһ құсқа таман жүрмек болды.
Оңтайланды құстарға барамын деп,
Шаһзада айтты «бұл үйде қаламын» деп.
«Қайта айланып ол қыздар және келсе»,
Ойлайды «қайтiп ұстап аламын» деп.
Құстардың жыл басында келдi бәрi,
Қайғымен шаһзаданың беңiзi сары.
«Қызды ұстарға бiр қайла бола ма» деп,
Жалынып Марғышаһқа қылды зары.
Халифа айтты: – Түспейдi олар қолға,
Жүз кiсi қойсаң дағы оң мен солға.
Мың кiсi болсаң дағы ұстатпайды,
Қолыммен ұстаймын деп әуре болма.
Шаһзада қайғыменен жылайды ендi,
«Бере көр өзiң медет, Құдай» дейдi.
– Ұстайтын һешбiр қайла болмай ма?– деп,
Қайырып және дағы сұрайды ендi.
Халифа айтты: – Сөзiме нансаң,– дедi,
Қасына, әгар, жақын барсаң,– дедi.
Адамға сонда айланып қалар,– дедi,
Көйлегiн қолға түсiрiп алсаң,– дедi.
Көйлегiн тастап кетiп қалмас,– дедi,
Көйлексiз һешбiр жаққа бармас,– дедi.
Көйлегiн ұстай алмай қалсаң, әгар,
Һеш адам ұстап оны алмас,– дедi.
Шаһзада айтты: – Ол үйде тұрып көрсем,
Шәмсiнiң жаным құрбан жолында өлсем.
Олар келiп шомылып жүргенiнде,
Көйлегiн ұстар едiм, рұқсат берсең.
Халифа рұқсат берiп: – Ұста,– дедi,
Мен барайын далада құсқа,– дедi.
Көп жалынар, көйлегiн бере көрме,
Өзiңнен һеш шығарма тысқа,– дедi.
Халифа ендi құсқа кетiп қалды,
Жиһаншаһ осы жерде жалғыз қалды.
Темiр үйдiң iшiне кiрiп алып,
Бiр жерде жасырынып жатып алды.
Жасырынып жатыпты темiр үйге,
Құдайым жолықтырды мұндай күйге.
Жетi күндей күзетiп қарап жатты,
Үш қызлар ендi келдi жетi күнде.
Үш көгершiн ол жерге қонды келiп,
Сiлкiндi ол үшеуi үш қыз болып.
Үшеуi даң-даң болып сөйлеседi,
Сыртынан Жиһаншаһ жатыр көрiп.
Үлкенi айтты: – Бұл үйде жан болмасын,
Мұнда жүрген бiр адам бар болмасын.
Кiшiсi үлкенiне жауап бердi:
– Бұ жерде адам ұғылы қайдан болсын.
Не қылар адам мұнда тұрғанымен,
Ұстатпаймыз һеш жанға қуғанменен.
Бiзнi ұстап құшақтап сүйе алмайды,
Ұстаймын деп қайланы қылғанымен.
Сөйлейдi бұлай десiп әуел бастан,
Шаһзада тыңлап жатыр қозғалмастан.
Көрмейдi шаһзаданы үшбу қызлар,
Жан-жағына бұрылып болжамастан.
Бұлай деп ендi қызлар суға түстi,
Көйлекке шаһизада тұра-ақ ұшты.
Ол қызлар сумен ойнап жүргенiнде,
Көйлегiн кiшi қыздың келiп құшты.
Шаһзаданы көрген соң қызлар қашты,
Шәмсiбану көйлегiн патша басты.
Көйлектi қолға түсiрiп алғанына,
Қуанып шаһзаданың көңлi тасты.
Көйлегiн екi үлкен қыз кидi барып,
Аспанға ұшып жөнелдi киiп алып.
Көйлегiн шаһизада алып қашқан,
«Аһ» ұрды Шәмсiбану жалғыз қалып.
Қайтадан Шәмсi кiрдi ол суға кеп,
Шаһзада жақындады қасына кеп.
Шәмсiбану «аһ» ұрып қайғырады,
«Сөйлегенiм келдi ғой басыма» деп.
Жалынды Жиһаншаһқа көргеннен соң,
Қасына шаһизада келгеннен соң.
Бекiндi жалынса да патша бермей,
Құдайым өзi қолға бергеннен соң.
Падиша айтты: – Ғашықпын, қалқам, саған,
Көйлекнi Тәңiрi бүгiн бердi маған.
Көйлегiң жалынсаң да бере алмаймын.
Шықсаңшы судан берi маған таман.
Ғашығыңның бұлайша тұрған кебi,
Шүкiр Алла Құдайға, көрдiм сенi.
Көзiм нұры, көңлiмнiң қуанышы,
Бiр жылдай ғашық отың жақты менi.
Шәмсiбану сөз таппай тұрды бұғып,
Отырды көйлегiнен көңлi суып.
«Кейiнiрек тұр» дедi шаһзадаға,
«Өзге киiмiм киейiн, судан шығып».
Кейiн тұрғаш, киiмiн алды киiп,
Шаһзада ғашық отқа жүрген күйiп.
Киiм киiп қасына келгеннен соң,
Бетiнен шаһизада алды сүйiп.
Мойнына шаһизада қолын салды,
Бетiнен қуанғаннан сүйiп алды.
«Сенi тастап кетпеймiн һешбiр жаққа,
Көйлегiмдi бершi» деп жалынады.
Қыз жалынды «көйлегiм берсеңшi,– деп,
Жалынған кәдiрiмдi көрсеңшi,– деп,
Марғышаһ құстан қайтып келгеннен соң,
Некахыңды қидырып алсаңшы» деп.
Осылайша осы қыз жалынды көп,
Берместен шаһизада бекiндi бек.
«Ғашығыңмен, қарағым, күйiп жандым,
Көйлегiң қайтiп сенiң беремiн» деп.
Екеуi осылай деп сөйлеседi,
Көйлектiң жайын айтып кеңеседi.
Жалынып Шәмсiбану сұраса да.
Көйлекнi шаһизада бермес едi.
Марғышаһ сол арада жетiп келдi,
Келген соң Шәмсiбану оны көрдi.
«Осындай бiр адамға кез болдым» деп,
Жалынып Шәмсiбану тiлейдi ендi.
Шәмсiге Марғышаһ жауап бердi:
– Бiр жылдай мынау саған ғашық едi.
Кез болдың падишаға адамзаттан,
Қылмайсың бұған неге шүкiр?!– дедi.
Патша қызы, қылсаңшы бұған шүкiр,
Тимеймiн деп осыған қылма пiкiр.
Хақ бұйрығы, көнiңiз сөзiм тұтып,
Падиша мен ханыша жолықтың бiр.
Шәмсiбану отырды сөздi тыйып,
Отырды амалы жоқ сөзге ұйып.
«Мұнан артық сен кiмге тиесiң» деп,
Тастады Марғышаһ неках қиып.
Шаһзада Марғышаһқа сөйледi сөз:
– Шәмсiге Құдай айдап келтiрдi кез.
Әй, ата, ендi маған рұқсат берсең,
Бұл жерден ел-жұртыма жөнелсем тез.
Әй, ата, мен жүрейiн рұқсат берсең,
Дидарын ата-анамның барып көрсем.
Шәмсiге және дағы ақыл салды:
– Айтайын саған бiр сөз тiлге көнсең.
Бұл жерден сенi алып үйге барсам,
Айрылған ел-жұртымнан мен бiр сарсаң.
Ата-ана жүзiн көрiп рұқсат алып,
Ұлы жиын, той қылып сенi алсам.
Қалам алдым қолыма сөз жазғалы,
Шығамын тамашаға көрiп алғалы.
Бұлай деп шаһизада айтып салды,
Марғышаһ Шәмсiменен қабыл алды.
Марғышаһ шаһзадаға рұқсат берiп,
Қазынадан киiмдер алып бердi.
Екеуiне киiмдi киiндiрдi,
Жиһаншаһтың көңiлiн сүйiндiрдi.
«Көйлектi өз бойыңнан айырма» деп,
Мәнiсiн бәрiн айтып бiлiндiрдi.
– Көйлектi бере көрме өлгенiңше,
Көңлiне әбден байқап сенгенiңше.
Көйлектi, әгар, берсең қашып кетер,
Өзiнен бала туып көргенiнше.
Бұ жерден, әгар, барсаң елге,– дедi,
Көйлегiн бала таппай берме,– дедi.
Көйлектен оқыс болып айрылып қалып,
Өлгенше қиын қайғы көрме,– дедi.
Насихат шаһзадаға айтты қанша,
Қор болмас шаһизада ұғып алса.
Марғышаһпен екеуi амандасып,
Шаһзадамен жөнелдi ендi Шәмсi.
Шәмсi айтты шаһзадаға: – Елiң қайда?
Баратын мұнан ұшып жерiң қайда?
Осындай жерде тұрған күнiмiзде,
Әбден болжап алалық осындайда.
Шаһзада айтты: – Шаһарым күн шығыста,
Айтайын жердi болжап осы тұста.
Шәмсi айтты шаһзадаға: – Көзiң жұм,– деп,
Маған мiнiп, қорықпастан мықтап ұста.
Шаһзада арқасына алды мiнiп,
Отырды мықтап ұстап көзiн жұмып.
Көтерiп Жиһаншаһты Шәмсiбану,
Жөнелдi аспан – көкке ұшып шығып.
Шәмсiбану бiрқатар ұшыпты көп,
Шаһзада мықтап ұстап жабысты бек.
Һауада, аспан – көкте шығып тұрып,
Сөйледi «елiң қайсы, көзiңдi аш» деп.
Аш дегеш, шаһизада ашты көзiн,
Аспан – көкте тұрғанын көрдi өзiн.
Көрсеттi «Кабил шаһар бұ тұрған» деп,
Болжады әбден байқап жердiң жүзiн.
Көрсеттi Кабил шаһар тұрған тұсты,
Шәмсiбану көрген соң шаһарға ұшты.
Таңертең Марғышаһтан ұшқан екен,
Түс уақтында Кабилге келiп түстi.
Отырды анадай бiр жерге түсiп,
Шәмсiбану келтiрдi алып ұшып.
Күн ыстығы басына өткеннен соң,
Отырды қыздың шытын бүркенiсiп.
Есiткен бұ хикаят сөзiмнi ұқсын,
Баласы қайғыменен патшамысын.
Әкесi Жиһаншаһтың Тамұз патша,
Аң аулап сахараға ендi шықсын.
Аң аулап сахараға патша келдi,
Бар Құдай падишаға тiлек бердi.
Сахарада тамаша етiп жүргенiнде,
Алыстан бiр қарайған нәрсе көрдi.
Жiбердi бiр жолдасын «оған бар,– деп,
Қарайған ай далада неткен жан,– деп,
Сахарада отырған неткен адам,
Тез барып сол адамнан хабар ал» деп.
Құл жөнелдi шапқылап атын жанып,
Патша айтқаш, жөнелдi қамшыланып.
Жақындап Жиһаншаһқа барғаннан соң,
Жүгiрдi жаяу түсе құлы танып.
Аяғын шаһзаданың құшты барып,
Көрiстi шаһизада тұра салып.
Амандасып болған соң қайта аттанып,
Патшаға хабар бердi шауып барып.
Падиша мұны естiп қуанды көп,
«Шүкiрлiк бiр жаратқан Құдайым» деп.
Жылайды қуанғаннан Тамұз патша,
Сарғайған жалғызы үшiн уайым жеп.
Есiткеш, патша шауып келiп жеттi,
Биһұш боп жылағанда есi кеттi.
«Айналайын қарағым, жалғызым» деп,
Қуанғаннан әкесi зар еңiрептi.
Қуанғаннан ол құлды азат қылды,
Бiр елге төре қылды осы құлды.
Патша мiнген аты мен киген киiм
«Сүйiншi» деп бәрiн де құлға бердi.
Падиша қуанғаннан зар еңiредi,
«Жаратқан мың шүкiрлiк Құдай» дедi.
Бiр адам шешесiне хабар берген,
Шешесi зар еңiреп о да келдi.
Шешесiн көргеннен соң барып құшты,
Баласын бауырына келiп қысты.
«Айым, күнiм, қарағым, жалғызым» деп,
Зар еңiреп баласының мойнын құшты.
Еңiреп, боздап бәрiсi қылды зары,
Жылады о да зарлап балалары.
Көрiстi ел-жұртымен қойдай шулап,
Шаһарға келiп кiрдi баршалары.
Сұрады Жиһаншаһтың олар халiн,
Шаһзада көргенiнiң айтты бәрiн.
Не көрген бейнетiнiң бәрiн терiп,
Айтады Шәмсiбану ахуалларын.
Падиша мұның бәрiн естiп бiлдi,
Жалғызы табылған соң шүкiр қылды.
Шәмсiбану ахуалын есiткен соң,
Той қылып, ұлы жиын жұртын жиды.
Падиша қырық күндей қылды тойды,
Әкелiп төрт түлiктен көп мал сойды.
Аямай жалғызы үшiн шашты малын,
Ойлаған «жалғызым» деп һәрбiр ойды.
Той қылып сойды малды неше мың көп,
«Шәмсiнi балама алып беремiн – деп,
Келiнiм мен баламның қызықтарын
Өлгенiмше көзiммен көремiн» деп.
Көбiне жамағаттың қылды сыйды,
Көзiнiң зар еңiреген жасын тыйды.
«Той болғанша бiр сарай жасаңдар» деп,
Шаһзада ұсталардың бәрiн жиды.
Бәрiн де ұсталардың жиды тамам,
Шаһардағы бар, жоғы, жақсы-жаман.
«Бiр сарайды Шәмсiге жасаңлар» деп,
Бұйырды баршасына шаһизадаң.
Жасады бiр сарайны жиылысып,
Көп дүкен жан-жағынан құрылысып.
Әйбатлап бiр көшiкнi жасадылар,
Көйлекнi бiр темiрге қашадылар.
Ұсталарға соқтыртты темiр сандық,
Бәрiне ұсталардың қылып жарлық.
Мәрмәр тасқа ойдырып оны салды,
Шеберлеп жасадылар бәрi де аңдып.
Көйлекнi ол сандыққа қойды салып,
Сандықты ойған тасқа қойды апарып.
Ұсталар қырық күнде тамам қылды,
Шәмсiнi ол көшiкке келдi алып.
Iшiне бұл көшiктiң Шәмсi барды,
Көйлекнiң кiрген жерде иiсiн алды.
Қолымен тас темiрнi талқан қылып,
Шығарып ол көйлегiн киiп алды.
Ол Шәмсi иен үйде жалғыз қалған,
Шығарып өз көйлегiн киiп алған.
«Шәмсiмен бүгiнгi күн ойнаймын» деп,
Шаһзада ол көшiкке ендi барған.
Көшiкке шаһизада келiп кiрдi,
Шәмсiнi көйлек киген көзi көрдi.
Көйлегiн киiп алып жоғары отыр,
Көрген соң шаһизада «аһ» ұрды ендi.
– Аһ, дариға, рахмат ет, қалқам, маған,
Неше жыл ғашық болып өлдiм саған.
Қолымнан, ғашық қалқам, кетiп қалсаң,
Кез қылды бiр күйiкке Алла Тағалам.
Қыз айтты: – Әй, сұлтаным, сөзiм тыңла,
Кетпе деп менi, патшам, әуре қылма.
«Рұқсат ата-анамнан аламын» деп,
Жанынан Марғышаһтың келдiң мұнда.
Бiз келдiк Марғышаһтан осы жаққа,
Ата-анаң, мағлұм болды жамағатқа.
Мұратқа сол арада жеткен болсаң,
Мен дағы кетпес едiм һешбiр жаққа.
Рұқсат сенiң атаң бердi [с]аған,
Берген жоқ маған рұқсат атам-анам.
Рұқсат өз атамнан мен де алып,
Сонан соң қосыламын, патшам, саған.
Мен де рұқсат аламын бәрiлерiнен,
Құтылайын ата-ана қаһарынан.
Табыңыз, әгар, менi iздесеңiз,
Қалға Гауһарникин шаһарынан.
Бұлай деп Шәмсiбану кеттi ұшып,
Жылады шаһизада жердi құшып.
«Қош тұр!» деп Шәмсiбану ұшқанында,
Шаһзада биһұш болды талып түсiп.
«Аһ» деген даусын естiп құлдар келдi,
Шаһзаданың талғанын бұлар көрдi.
«Биһұш болып шаһзада жатыр» десiп,
Келдi де әкесiне хабар бердi.
Падиша мұны естiп жүгiрдi ендi,
Баласының талғанын келiп көрдi.
Шәмсiнi қашып кеткен бiлгеннен соң,
Қайғырып ата-анасы зар еңiредi.
Ойлады «Шәмсi мұнан кеткен екен,
Опасыздық осы қыз еткен екен.
Жасынан әуре қылған Жаппар Құдай,
Бiр мехнат және бұған жеткен екен».
Су бүрiккен соң баласы көзiн ашты,
Зар еңiреп ғашығы үшiн қайғы басты.
Есiн жиып алған соң зар жылады,
Көзiнен қатыра-қатыра төктi жасты.
Шаһзаданың жылағаны
Жиһаншаһ жылайды,
Көзiнiң жасын бұлайды.
– Ғашық жарым кеткен соң,
Арманда қалған мен сорлы,
Жыламай қайтiп шыдайды,
Аһ, дариға, өкiнiш!
Қолымнан кеттi никарым,
Қан болды жылап жiгерiм.
Бұ жиһанда болар ма,
Ғашық, қалқам, көрерiм.
Мұрадыма ере алмай,
Қызығыңды көре алмай,
Арманда болып қалғаным,
Жыласам естен танғаным.
Қасыңа сенiң бара алмай,
Мақсұдымды ала алмай.
Табылмасаң, қарағым,
Таусылмас менiм арманым.
Iштегi арман таусылмас,
Жиһанда қайғың басылмас.
Әгар сенi көрмесем,
Қазам жетiп өлмесем,
Қайғыңменен қан жұтып,
Басымнан тұман ашылмас.
Ғайып болды қасымнан,
Қайғысы кетпес басымнан.
Бұ жиһанда көрмесем,
Жылағанмен пайда жоқ,
Көзден аққан жасымнан.
Iштегi отым сөнер ме,
Сөн дегенге көнер ме.
Қолымнан ұшқан сұңқарым
Ендi қолға келер ме.
Бiр Құдайға жыласам,
Нияз айтып сұрасам,
Тәңiрi тiлек берер ме.
Ғашық болып өлгенiм,
Өлгенiмде көргенiм.
Жылағанда, Құдайым,
Өзiң тiлек бергенiң.
Марғышаһның жанынан
Бұл жерге алып келгенiм.
Дауылдап жанған шырағым
Бүгiнгi күн сөнгенiн.
Көрген күнiм зар ма екен,
Кең дүнием тар ма екен.
Қара таудай қайғы артқан,
Жасынан күйiк көп тартқан,
Менен сорлы бар ма екен.
Тұғырдан ұшты ақ сұңқар,
Iшiм толған дертiм бар.
Шәмсiбану кеткен соң,
Жаныма ғашық өткен соң,
Күндiз-түнi қылдым зар.
Ғашықтық жанға өтедi,
Жаныма ақыр жетедi.
Табылмасаң, қарағым,
Сабырым менiм кетедi.
Таба алмасам әгар да,
Жалғанда халiм нетедi.
Қарағым, менiм ғашығым,
Қайғың бiрлән жасимын.
Ғашығым, Шәмсi, сен едiң,
Саған ғашық мен едiм.
Айрылып сенен қалған соң,
Басыма қайғы салған соң,
Ғашық оты жарыңның
Iшiн өртеп жанған соң,
Сенi ойлап қайғырдым,
Ақылымнан айрылдым.
Сенi, қалқам, сағынып,
Күнi-түнi налынып,
Бiр Аллаға зар қылдым.
Жете алмаған мұрадым,
Сенi ойлап жыладым,
Сенi, қалқам, көрсет деп,
Мiнәжат Хаққа қыламын,
Көрсетер деп Құдайым.
Iшiм толған уайым,
Рахматынан Алланың
Үмiттi болып тұрамын.
Шаһзада зар еңiредi осылай деп,
«Қайғырған ғашық дертiм осындай» деп.
Жылайды зар еңiреп барын айтып,
«Айрылған арманда боп басым-ай» деп.
– Жерiңе Гауһарникин қалдың кетiп,
Ғашығыңа қарамай зар еңiретiп.
Жылаймын күндiз-түнi ғарiп басым,
Жаныма ғашықның заһары өтiп.
Патша айтты баласына осы жолда:
– Перi қызы ол, қайтып келмес қолға,
Iздеген перi қызы табылмайды,
Ол қызны iздеймiн деп әуре болма.
Шаһзада мұны естiп зар еңiрептi,
Шәмсiнi ойлағанда есi кет[iптi].
Жылайды зар еңiреп һешбiр болмай,
«Шыдаймын нағып ойбай ендi» дептi.
– Айналайын, Құдайым,
Iшiм толған уайым,
Ғашық жарым көрмесем,
Қайтiп, ойбай, шыдаймын.
Үшбу жолда өлермiн,
Өлмесем оны көрермiн.
Шәмсiбану жолында
Менiм жаным құрбандық,
Жолында басым берермiн.
Бұ дүниенi кезейiн,
Тәж-тақыттан безейiн,
Жер дүниенi қарайын,
Қайғыңменен жарайын.
Тiрi болсам, қарағым,
Мекенiңе барайын.
Құрбандық қылдым жанымды,
Жаным бiрлән тәнiмдi.
Тiлегiм қабыл болар ма,
Шәмсi, қалқам, жолында.
Құрбандық қылдым малымды,
Жаратқан, Кәрiм Жаппарым,
Қабыл қылғыл зарымды.
Шәмсiге, әгар, қосылсам,
Ғашық қалқам жолында
Құрбандық қылдым барымды.
Ғашықтық түстi басыма,
Шәмсi келмес қасыма.
Рақым қылсын Құдайым
Көзiмнен аққан жасыма.
Қызыл алма жүзiңнен,
Балшекердей сөзiңнен,
Айналайын, қарағым,
Жаудыраған көзiңнен.
Қарағым, қарап кетейiн,
Мекенiн тапсам жетейiн.
Табылмаса ғашығым,
Бұ дүниенi нетейiн.
Бұ қасiреттi көргенше,
Қайғың кетпес өлгенше,
Iздеп жүрiп өтейiн,
Iздейiн, қалқам, елiңдi,
Табайын сенiң жерiңдi.
Iздеп жерiң таппасам,
Бiрiгiп, әгар, жатпасам,
Таянған маған өлiм-дi.
Таба алмасам өлермiн,
Жолыңда жаным берермiн.
Мекенiңдi, дариға,
Қай уақытта көрермiн.
Һай, дариға, заманым,
Ғашық жардан айрылып,
Құрыды менiм амалым.
Қалға Гауһарникинге
Қай уақытта барамын.
Айрыламын сен үшiн
Ата бiрлән анадан.
Мейiрбанды атам-анам,
Айрыларсың баладан.
Бiлермiн бе бiр хабар
Гауһарникин қаладан.
Һай, дариға, арманда
Өлемiн бе жалғанда
Қайғы бiрлән сәнадан.
Бұ дүниеден қарармын,
Мекенiң қайдан табармын.
Мекенiңдi естiсем,
Жалған дүние жүзiнде
Тiрi болсам барармын.
Шаһизада басым-ай
Тыйылмас көзден жасым-ай.
Бұ жерден кеткен ғашығым
Ендi келмес қасыма-ай.
Үшбу жерде тұра алман,
Һешбiр мәжiлiс қыла алман,
Шәмсiбану болмаса
Һешбiр қарар қыла алман.
Шәмсiнi iздеп алмасам,
Мекенiне бармасам,
Ойнап-күлiп жүре алман.
Диуана болып ақтасам,
Шәмсiнi iздеп таппасам,
Қайғыдан ақыр өлемiн,
Һеш те дәурен сүре алман.
Шаһзада бұ сөздi айтып еңiредi зар,
«Бере көр өзiң жәрдем, Пәруардигар».
Жалғызы бұ сөздi айтып зарлаған соң,
Кең дүние падишаға көрiндi тар.
Падиша айтты: – Әй, балам, сабыр әйла,
Немене жылағанмен түсер пайда.
Берсем де тәж-тағымды апарайын,
Шаһары бiлiнсе оның бұ маңайда.
Бар болса iзденейiн бұ жиһанда,
Хат жазып жiберейiн һәрбiр жанға.
Жалғаннан елшi салып iздетейiн,
Көп жылап қайғыменен болма арманда.
Жұбатты осылай деп жалғыз ұлын,
Шақыртты онан шығып көп ұлығын.
Бәрiнен үш жүз ақлим сұраса да,
Һеш адам есiтмеген онан бұрын.
Падиша айтты: – Қылыңлар бұған қайла,
Ойлаңдар бұл ақылды осындайда.
Еп қылып бiр қайламен тоқтатпасақ,
Қанша сөз бекер айтқан болмас пайда.
Билер айтты: – Бiр жылы кеңдiк берсiн,
Жан-жақтан қанша адам iздеп келсiн.
Табылар қанша адам iздеген соң,
Азырақ сабыр қылып, тiлге мiнсiн.
Табылса, осы қызды әперермiз,
Берсек те қанша нәрсе әкелермiз.
Табылмаса, айланар осыларға,
Қырық сұлу қасына қоялық бiз.
Бәрiсi осылай деп қылды кеңес,
Осындай қайла қылмай тұрар емес.
Қырық жариа, екi жүз сұлу қызға
Айланса, Шәмсiбану ойға келмес.
Жиылып Жиһаншаһқа келдi бәрi,
Сарғайған шаһзаданың беңiзi сары.
Кеңесiп ақыл қылған әлгi сөздi
Айтады Жиһаншаһға баршалары.
– Әй, Жиһаншаһ, тұра тұр сабыр қылып,
Бiз табалық сол қызны iздеп жүрiп.
Қырық жариа, игi жүз қыз бiз қоялық,
Тұра тұр соларменен ойнап-күлiп.
Бұлайша Жиһаншаһқа ақыл қылды,
Қырық жариа, екi жүз қыз мұнда тұрды.
Көңiлi иланбайды шаһзаданың,
Қыздар ойын қылса да неше түрлi.
Шаһзада ғашығы үшiн қайғы жеген,
Бендеге бейнет деген әлденеден.
Патшаның бiр дұшпаны Һүндiстанда,
Бар екен кәпiр патша Киғал деген.
Жауласқан Тамуз патша бастабында,
Қуыпты кәпiрлернi қашқанында.
Һүндiстанға көп әскер жиып барып,
Әкесiн өлтiрiптi жас шағында.
Жас бала Киғал һүндi ер жетiптi,
Өзiне қанша кәпiр селбесiптi.
Әскер жиып әкесiнiң қанын iздеп,
Тамұзға хабар салып теңдесiптi.
Тамұзға Киғал һүндi хабар салды,
Үш жүз мыңмен бұл патша қарсы барды.
Айтпады Жиһаншаһқа жау келгенiн,
Жиһаншаһ, әскер кеттi, үйде қалды.
Шаһзада айтты шешесiне: – Ана,– дедi,
Көрiнбес әкем менiм, қайда?– дедi.
Анасы айтты соғысқа кеткен жайын,
«Кәпiрге қарсы кеттi, балам» дедi.
Баласы айтты естiгеш: – Һай-һай, анам,
Атам оны айтпады неге маған.
Жанның бәрi соғысқа кеткен екен,
Соғысқа артларынан мен де барам.
«Кетпе» деп көп жалынды мұңлы анасы,
Тыйылмас жылағанда көзден жасы.
Екi жүз кiсiменен кеттi жүрiп,
Бұ дағы бiр Алланың ирадасы.
Бiр күнi бұлар жатты айдалада,
Көңiлi толған уайым, ой, сәнаға.
Жөнелдi әскер жатып түн болған соң,
Қарамай ел жұрты мен ата-анаға.
Жөнелдi Жиһаншаһ жеке қашып,
Сарғайған зағыпырандай түсi қашып.
«Тәуекел» деп бет қойды шыған түзге,
Жиһанда iздегенi Шәмсi ғашық.
Таң атқаш, орнынан әскер тұрды,
Iшiнде шаһзада жоқ, көзi көрдi.
Қанша iздеп таба алмастан бұлар барып,
Патшаға даладағы хабар бердi.
Падиша зар жылады мұны естiп,
«Аһ» ұрды қайғы бiрлән һұшы кетiп.
«Атқа мiнiп баламны iзлеймiн» деп,
Сал қылды көп адамды әуре етiп.
Жиылды падишаға уәзiрлерi,
Әскердегi би, төре, ханның бәрi.
«Сiз кеткен соң бұ кәпiр жеңедi» деп,
Жалынды сол арада баршалары.
Бәрiсi падишадан тiледi көп:
– Елдi тастап кеткенiң бола ма еп?
Дұшпан кеткеш, iзделiк балаңызды,
Сабыр қылып, әй, тақсыр, тұра тұр,– деп.
Мұны естiп патша тұрды сабыр қылып,
Соғысты екi әскер майдан құрып.
Мұсылманға Құдайым жәрдем берiп,
Кәпiрнiң әскерлерiн кеттi қырып.
Жеңiлген соң жерiне кәпiр қашты,
Ләшкерi падишаның мұны басты.
Падиша үйге қайтып келгеннен соң,
Қаратып һәр тарапқа хабар шашты.
Падиша мұнда iздетiп тұрсын жылай,
Көп адам қанша қарап жүрсiн сұрай.
Жиһаншаһ[ты] жөнелген түнде қашып,
Салады не мехнатқа патша Құдай.
Әкесi iздетiптi һәрбiр жақтан,
Iздеген қанша елшi һәр тараптан.
Бұлай жылап әкесi тұра тұрсын,
Сөйлейiн ендi кеңес Жиһаншаһтан.
Жиһаншаһ үшбу түнi қашып кеттi,
Бар Құдай шаһзаданы әуре еттi.
Неше күндей сахарада жалғыз жүрiп,
Бiр күнi бiр шаһарға келiп жеттi.
Бағдадның шаһарына барып кiрдi,
Он жетi күн шаһарға келiп тұрды.
«Қалға Гауһарникин көрдiң бе?» деп,
Саудагердiң бәрiнен хабар сұрды.
Мысырға онан кетiп тағы барды,
Шаһарның бәрiне де хабар салды.
Ол шаһарны бiлмедi һешбiр адам,
Есiткен жан бәрi де қайран қалды.
Онан шығып барыпты Қағбаға,
Жоқ шаһар iздегенмен табыла ма.
Сұрады тауап қылған барша жаннан,
Бiле алмай қайран болды шаһизада.
Ойлайды «Марғышаһқа барайын,– деп,
Мұнан кетiп сол жақтан қарайын,– деп.
Марғышаһның жанына мұнан барып,
Бiр хабар сол патшадан алайын» деп.
Онан барды Йеменнiң шаһарына,
Шаһардың сұрау салды баһарына.
Жылайды шаһизада аһы ұрып,
«Құданың жолықтым,– деп,– қаһарына».
Йеменнен Наһруан шаһарына ендi кеттi,
Жеткенiнше екi жыл арада өттi.
Керуенмен жолдас боп екi жылдай,
Наһруан шаһарына барып жеттi.
Сұрады ол шаһарның бәрiсiнен,
Ұлық-кiшiк жамағат, кәрiсiнен.
Бiр адам және дағы айқайлайды,
Жөнелдi шаһизада танысымен.
Шаһзада айтты: – Қызметiң мен қылайын,
Жұмысың қандай қиын мен сұрайын.
Мың алтының қолыма берсең менiм,
Қылам деген уағдада мен тұрайын.
Үйiне Фәрзәнд қожа алып барды,
Қойнына бiр сұлу қыз түнде салды.
«Қызметiң бұйырған қыламын» деп,
Мың алтынды Жиһаншаһ қолына алды.
Жүрегiн шаһзаданың қайғы алады,
Түндегi сұлу қызға қарамады.
Таңертең моншасына бекер түстi,
Шәмсiнiң қайғысынан зарланады.
Әкелдi баяғыдай үш-төрт атты,
Өткiздi екi ортада үш сағатты.
Ол таудың етегiнде атты сойып,
Кеудесiне шаһзада кiрiп жатты.
Олар айтты «қан болар, киiмiң шеш»,
Киiмiн Жиһаншаһ шешпедi һеш.
Қарынына кiрiп алып патша жатыр,
Бiр уақыт тебiрендi және дәмеш.
Құстар және ап шықты тау басына,
Биiкке алып ұшып бармасына.
Шаһзада ол кеудеден шығып алып,
Қарайды жерде тұрған қожасына.
«Жауһар тасты құлат» деп қожа айтады,
Жиһаншаһ ол қожаға сөз айтады.
«Бұ қияда сен менi алдап едiң,
Жауһарды құлатпаймын» деп айтады.
Сөйлейдi өз қылғанын әуел бастан,
Отырды лақтырмай жауһар тастан.
Қожа Фәрзәнд жалынды жерде тұрып,
Жөнелдi шаһизада қарамастан.
«Әуелде сен бiр қайла қылдың,– дедi,
Мен қияның басында тұрдым» дедi.
Ол қожаны бұлай деп тастады да,
Түсетiн жерге таман жүрдi дейдi.
Ол жерден домалап кеп және де ұшты,
Көп көрген мехнат бiрлән һәрбiр iстi.
Үстi-басы тағы да сам-сам болып,
Неше түрлi бәлемен жерге түстi.
Есiн жиып алған соң тағы жүрдi,
Мехнатпен үшбу жолда өмiр сүрдi.
Шаһарға өзi көрген барып жетiп,
Үйiне Марғышаһның барып кiрдi.
Барды да Марғышаһқа сәлем бердi,
Барған соң Марғышаһ оны көрдi.
– Шәмсiден айрылғандай келдiң нағып,
Жүрмiсiң есен-аман, балам,– дедi.
Жылады Жиһаншаһ зарын айтып,
Мұңының көңлiндегi бәрiн айтып:
– Қашып кеткен Шәмсiнiң жерiн таппай,
Әй, тақсыр, сiзге жылап келдiм қайтып.
Жылағаны
– Һай, дариға, нетейiн,
Тұрмады Шәмсi қолыма.
Мен ғарiбнiң сорына,
«Гауһарникин жерiм,– деп,
Перi жұрты – елiм» деп,
Менi салды жолына.
Қолымнан ұшқан лашын,
Қайтып қолға қонар ма.
Жерiн iздеп Шәмсiнiң,
Табар күнiм болар ма.
Мехнат көрдiм неше жыл,
Ғашық болған жар үшiн.
Көңiлде қайғы бар үшiн,
Екi жыл тұрдым қасыңда.
Жүректе қайғы-сәна үшiн,
«Алып қаш» деп көйлегiн,
Сырын айттың Шәмсiнiң
Бiздей ғарiп бала үшiн.
Шәмсiге мен ғашық ем,
Көйлегiн алып қашып ем.
Зорлықпенен көндiрiп,
Неках қылып қосып ең.
Атамнан рұқсат алам деп,
Ел жұртыма барам деп,
Рұқсат алып кетiп ем,
Елiме барып жетiп ем.
Қырық күндей той қылып,
Көшiк сарай жасатып,
Мәрмәр тасты ойдырып,
Темiр сандық қылдырып,
Көйлектi оған салдырып,
Ала алмас деп ой қылып,
Көп тамаша той әйлап,
Неше түрлi тас темiр,
Көп қиынға қойдырып,
Шәмсiнi оған ап келдiм,
Сандықты қиын көп көрдiм.
Бiр уақытта артынан
«Бiрге жатам» деп келдiм.
Сарайға Шәмсi кiрген соң,
Көйлектiң иiсiн бiлген соң,
Тас темiрдi қырыпты,
Қолыменен темiрдi
Ойран-талқан қылыпты.
Iшiндегi көйлегiн
Шығарып алып киiптi.
«Маған бiр сөз айтам,– деп,
Амандасып кетем» деп,
Азырақ тосып тұрыпты.
Бiр уақытта мен бардым,
Шәмсiнi көрiп таңғалдым.
«Менi тастап кетпе» деп,
Әз жалынып зарландым.
Шәмсi бердi жауапты:
«Мен де елiме барам,– деп,
Атамнан рұқсат алам,– деп,
Маған ғашық сен болсаң,
Менiм жерiм iздесең
Гауһарникин – қалам» деп,
Шәмсi кеттi, мен талдым.
Есiмдi жиып зарландым,
Шәмсiнi iздеп табам деп,
Мекенiне барам деп,
Неше жылдай сандалдым.
Сiзден себеп болар деп,
Бәрiн ойлап аңғардым.
Сiзге қарай жөнелдiм,
Қиядан түсiп мен келдiм.
Бiр қайланы қылмасаң,
Қайғыменен мен өлдiм.
Неше түрлi қасiрет,
Аһ, дариға, мен көрдiм!
Жиһаншаһ бұ сөздi айтып зар еңiредi,
Көп көрген мехнат бiрлән талай жердi.
Айтады шаһзадаға «жылама» деп,
Марғышаһ жөнiн айтып жауап бердi.
Не көрмес тiрiлiкте бұ ғарiп бас,
Тыйылмас шаһзаданың көзiнен жас.
Халифа айтты: – Ол өзi – перi қызы,
Оларға керек емес темiр мен тас.
Оларға тас пен темiр жүндей,– дейдi,
Бойыңнан шығарыпсың бiлмей,– дейдi.
Көйлектi өз бойыңнан шығармасаң,
Кетпейдi ол көйлегiн кимей,– дейдi.
Немене һеш амал жоқ айтып айтмай,
Мекенiн неше жылдай жүрсiң тапмай.
Бiр шошып үшбу қызлар кеткеннен соң,
Келген жоқ сонан берi үшбу жаққа-ай.
Гауһарникин қалғаны бiлгенiм жоқ,
Өмiрiмде ондай жерге жүргенiм жоқ.
Бiлмесе сұраған соң келген құстар,
Құлағыма бұ шаһар тигенi жоқ.
Жыл басы болған кезде құстар келдi,
Құстардан ол шаһарды сұрайды ендi.
Марғышаһ сұрады баршасынан,
Бар құстар «бiлмедiк» деп жауап бердi.
Шаһзада қайғы бiрлән жылады көп,
«Медет бер, жаратқан Құдайым» деп.
Марғышаһқа жылады және дағы,
«Не шара ендi бұған қылайын» деп.
Марғышаһ шаһзадаға жауап бердi,
– Ортаншы менен үлкен Шаһбаз,– дедi,
Хат жазып Шаһбазға жiберейiн,
Қайғырма уайым қып, балам,– дедi.
Марғышаһ Шаһбазға жазды хатты:
«Тапсырдым мына сiзге адамзатты.
Балам болған адам-дүр өзi маған,
Қылыңыз бұл адамға мархаматты.
Iздеген Шәмсiбану перi қызы,
Ғашық боп оны iздеген жазы-күзi.
Шаһарын бiлген болсаң мұны жеткiз,
Бiздейiн құрметтесең iнiңiздi».
Мiнгiзiп жөнелтiптi үлкен құсқа,
«Мiн дағы үшбу құстан бекем ұста».
Амандасып Марғышаһ дұға қылды,
«Сақтасын Тәңiрi есен һәрбiр тұста».
Арасы Шаһбаздың алты айлық жер,
Жаранлар, шаһзаданың ахуалын көр.
Алты айлыққа барыпты алты күнде,
Жаратқан қандай мақұлық Пәруардигар.
Жалғыз құс шаһзаданы алып ұшты,
Құданың жаратқаны қалай күштi.
Алты айлыққа алты күн ұшып жетiп,
Шаһбаздың мақамына барып түстi.
Шаһизада Шаһбазға сәлем бердi,
Шығарып Марғышаһның хатын бердi.
Жиһаншаһ айтады өз кеңесiн,
Хатында Марғышаһның сөзiн көрдi.
Хатында «Шаһбазға сәлем,– дептi,
Бұл барған қияметтiк балам,– дептi.
Iздегенi қалға Гауһарникин,
Перiге ғашық болған адам,– дептi.
Ғашық болған перiде сұлу қызға,
Бұл барған мархамат қыл баламызға.
Һеш хабар ол шаһардан бiлмесеңiз,
Жiберiң Тайрулмәлiк ағамызға».
Оқыды осылайша жазған хатын,
Есiтедi Жиһаншаһтың хикаятын.
Шаһбаз шаһзадаға жауап бердi:
«Есiткем жоқ бүй деген шаһар атын».
Сұрады құстарынан Шаһбаз дағы,
Қайта айланып құстардың келген шағы.
Бiлмедi қанша құстар бұ шаһарды,
Бұ дағы шаһзаданың берген бағы.
Жиылды қанша құстар бәрi бiрдей,
Таңғалды Гауһарникин жерiн бiлмей.
Тайрулмәлiк үлкенi халифаның,
Басылмас ендi көңлi оған жүрмей.
Шаһбаз шаһзадаға бердi рұқсат,
Көңiлi шаһзаданы көрмедi жат.
Үлкен құсқа мiнгiзiп қоя бердi,
Тайрулмәлiк үлкенге жазыпты хат.
Үстiне ұшқан құстың патша мiндi,
Алты айлыққа алты күнде барып кiрдi.
Тайрулмәлiк патшаға амандасып,
Қолына Шаһбаздың хатын бердi.
Берген соң Шаһбаздың көрдi хатын,
Таныды шаһзаданың асыл затын.
Тайрулмәлiк сол жерде жауап бердi,
«Есiткем жоқ осындай шаһар атын».
Сөйледi Тайрулмәлiк жүрген iзiн,
Өткiзген сахарадағы жазы-күзiн.
– Сүлеймен пайғамбармен желге мiнiп,
Көп кездiм бұ жиһанда жердiң жүзiн.
Сүлеймен өткеннен соң жүргенiм жоқ,
Сонан соң қайтып желге мiнгенiм жоқ.
Онан кейiн бұ шаһар жасалмаса,
Бұ қаланы, тiптi, естiп бiлгенiм жоқ.
Сұрайын бәрiн жиып құстар келсе,
Бұ шаһарды ол құстар, әгар, көрсе.
Сенi құсқа мiнгiзiп жеткiзейiн,
«Бiлемiн» деп ол құстар хабар берсе.
Осылай деп көңiлiн жақсы қылды,
Сөздерiн шаһзаданың естiп бiлдi.
«Тайрулмәлiк құсынан сұраймын» деп,
Шаһзада құсты тосып бiраз тұрды.
Тайрулмәлiк – басы құс, кеудесi адам,
Һәртүрлi жан жаратқан Жаппар Ғалам.
Жиылып бар құстары келдi бәрi,
Жиылатын уақыты болған заман.
Сұрады ол құстардың баршасынан,
Жиылған сияпатқа қаншасынан.
Бiр-бiрлеп Тайрулмәлiк сұрады көп,
Санап тұрып сұрады құс басынан.
Сұрады баршасынан бiр-бiрлеп бас,
Марғы Архан дейтұғын құстарға бас.
Бәрiсiнен сұрады – һеш бiлмедi,
Осы құс сүрген екен көп өмiр жас.
Ол құс айтты: – Көп өмiр сүрдiм,– дедi,
Жиһанда қанша жерге жүрдiм,– дедi.
Мұнан былай жүргенде бiр жылдық жол,
Зұлағырақ деген жер көрдiм,– дедi.
Яғмус деген бiр адам анда тұрған,
Яғмусны Нұх пайғамбар патша қылған.
Билейдi сол жақтағы қанша мақұлық,
Халифа болып тұрыпты неше жылдан.
Ақ сақалды халифа Яғмус деген,
Хайуанды неше түрлi көп билеген.
Төрт аяқты хайуан, қанатты құс,
Бәрi де сол Яғмустан қорек жеген.
Билеген айдаһар мен қанша жылан,
Сұрасаң, әгар, өзiң барып мұнан.
Бiлмесе әгар бұлар жан бiлмейдi,
Мұның бәрiн хикаят саған қылам.
Айтады Марғы Архан осылай деп,
Мәнiсiн Зұлағырақтың осындай деп.
«Тақсыр, менi жiбер,– деп,– Зұлағыраққа»,
Халифаға шаһзада жалынды-ай көп.
Мiнгiздi шаһзаданы үлкен құсқа,
Хат жазды сәлем қылып Яғмусқа.
Шаһзаданы жөнелттi дұға қылып,
«Мiн дағы үшбу құстан махкам ұста».
Мiндi де үлкен құсқа жүрiп кеттi,
Айналды он екi күн аспан – көктi.
Бiр жылдыққа ұшыпты он екi күн,
Шаһизада Яғмусқа барып жеттi.
Яғмусқа он екi күн барып кiрдi,
Қолына амандасып хатын бердi.
Тайрулмәлiк қолына хатын алып,
Яғмус патша ол хатның сөзiн көрдi.
Яғмус айтты: – Осынша өмiр сүрдiм,
Мақұлықтың бұ диарда бәрiн бiлдiм.
Бұ шаһарды, тiптi, естiп бiлгенiм жоқ,
Неше жыл патша болып мұнда тұрдым.
Бұ шаһар құлағыма тиген емес,
Адам ұғылы бұл жерге жүрген емес.
Сүлеймен осы жерге келiп кеткен,
Һеш бенде сонан кейiн келген емес.
Жауап бердi «құстардан сұрайын,– деп,
Бiр мәжiлiс құстар үшiн құрайын» деп.
«Бiр хабар ол құстардан бола ма»,– деп,
Ойлады «сабыр қылып тұрайын» деп.
Шаһзада құсты тосып анда тұрды,
Қыс уақты болғанда құс жиылды.
Қанша мақұлық сұрады һеш бiлмедi,
Iздегенi шаһзада бек қиын-ды.
Мақұлықтың бiр жиыны болады екен,
Бiр таяқ Яғмус тiгiп қояды екен.
Арпа, бидай, қан менен сүт төгiлiп,
Бар мақұлық қорек қылып тояды екен.
Айдаһарлар сүт iшер, құс бидай жер,
Арпа жейдi төрт аяқты шөп жейтiндер.
Жыртқыш, ет жейтiндер қан жейдi екен,
Һәр түрлi жан жаратқан Пәруардигар.
Бұ мақұлықтың бәрi де бiлмедi һеш,
Шаһардың табылуы бiр қиын күш.
Яғмус алып келдi шаһзаданы,
Бар екен бiр арада көп патша құс.
Мың құс екен сол жерде өңшең дана,
Мәлiк Марған тұрған жер екен дала.
Һәр бiреуi мың түрлi ғұмыр сүрген,
Жаратқан һәр түрлi жан Алла Тағала.
Бәрiнен бұ құстардың сұрады көп,
Қанша көп құс, һешбiрi бiлмедi бек.
Жалғыз-ақ құс iшiнен жауап бердi,
«Ол шаһарды естiдiм, көрмедiм» деп.
– Алты айлық жол жүргенде мұнан былай,
Таба алмай ол шаһарды жүрсiң сұрай.
Халқының басы жылан, кеудесi адам,
Һәр түрлi жан жаратқан патша Құдай.
Зәлхаия осы жердiң аты дейдi,
Неше түрлi ғажайып халқы дейдi.
Биллурдан жаратылған сонда бiр тау,
Жаралған бұ шаһарға жақын дейдi.
Осы тау күн түскенде от боп жанар,
Ол тауға мақұлық қайтiп жақын барар.
Әгар да осы таудан ары өтсе,
Ар жағында бiр қия сахара бар.
Оның орта жерiнде бiр қия бар,
Ол төбенiң басында бiр ұя бар.
Ол ұяда тауыпты анам менi,
Баршасын мен айтайын, құлағың сал.
Асырайды ата-анамыз анда бiзнi,
Өткiздiк сол ұяда жазы-күзнi.
Бiр күнi «тамақ iздеп келемiн» деп,
Кезiптi ата-анамыз жапан түзнi.
Тамақ iздеп көп жердi сейiр еткен,
Куаһ, Қылзам теңiзге барып жеткен.
Екеуiн көп перiлер ұстап алып,
Гауһарникин қалғаға алып кеткен.
Перiлер ата-анамды байлап алған,
Гауһарникин шаһарға алып барған.
«Асыраған екi балам бар едi» деп,
Перiге ата-анамыз көп зарланған.
Перiлер жылағанын қабыл көрген,
Үш күн байлап екеуiн қоя берген.
Байланған ата-анамыз халас болып,
Дәл жетi күн дегенде бiзге келген.
Ата-ананы көрген соң жыладық көп,
«Кешiктiң, – деп, – көп неге» сұрадық көп.
«Балаларым, бәлеге кез болдық» деп,
Бiзге айтты ата-анам осылай деп.
Ол ұяны қорыққаннан тастап кеттiк,
Арада неше үлкен таудан өттiк.
Перiден шошығаннан онан қашып,
Келдiк те үшбу жерге мекен еттiк.
Осы құс осылай деп жауап бердi,
Сөйледi көп ғажайып қанша жердi.
Шаһзада бұ хабарды есiткен соң,
Тағы да Яғмусқа жалбарды ендi.
– Жеткiзсiн бұ құсқа айт анда менi,
Кез қылды Тәңiрi маған, тақсыр, сенi.
Құдайға шүкiр қылды шаһизада,
Бiлiнiп iздеп жүрген шаһар жөнi.
Яғмус шаһзадаға рақым еттi,
«Жеткiз» деп осы құсқа әмiр еттi.
Ол құстың арқасына мiнiп алып,
Яғмуспен амандасып жүрiп кеттi.
Шаһзада құспен ұшып кеттi бiрге,
Алыпты алты айлық жол алты күнде.
Күн түссе, Биллур тауы от боп жанар,
Күн батты, қараңғы боп өттi түнде.
Патша кездi құс мiнiп һәрбiр жердi,
Ғажайып көп мақұлықтың бәрiн көрдi.
Және екi күн екi айлық жерге ұшып,
Қиядағы ұяға ендi келдi.
Үшбу құс «қайтам,– дедi,– үшбу жерден,
Қорқамын мұнан былай перiлерден».
«Тым болмаса Қылзамға жеткiзсең» деп,
Жалынып шаһизада зар еңiреген.
Жалынған соң құс және алып ұшты,
Көрiптi мехнат бiрлән һәрбiр iстi.
Және екi күн ұшыпты екi айлық жер,
Етегiне Қылзам тау барып түстi.
– Бұ Қылзамның ар жағы – перi,– дедi,
Перiлердiң жүретiн жерi,– дедi.
Перi көрмей қайтайын өз жерiме,
Өз күнiңдi өзiң көр ендi,– дедi.
Жөнелдi бұ құс қайтып амандасып,
Жөнелдi шаһизада таудан асып.
Ар жағында бiр жарық көрiнедi,
Түседi соған қарай қадам басып.
Майданда Ақыт аз күн жүре тұрсын,
Аз күнi тұз бен суын iше тұрсын.
Перi қызы Шәмсiден сөз қылайын,
Ол таудан шаһизада түсе тұрсын.
Сарайдан Шәмсiбану ұшып кеттi,
Артында Жиһаншаһты қайғылы еттi.
Кабилдан қашып шығып елiне кеп,
Алдына әкесiнiң барып жеттi.
Айтыпты әкесiне көргенлерiн,
Неках қып Марғышаһның бергенлерiн.
Елiне шаһизада алып барып,
Өзiнiң онан қашып келгенлерiн.
Айтады қойнына да жатпағанын,
Той қылып шаһзаданың баптағанын.
Көйлектi өзi киiп қашып кетiп,
Зар қылып шаһзаданың қақсағанын.
«Зар қылып ғашықтықтан өлсе керек,
Тiрi болса, бiздi iздеп келсе керек.
Әгар да бұ жиһанда тiрi болса,
Бұ шаһарды бiр келiп көрсе керек».
Айтады атасына аның бәрiн,
Өзiнiң неше түрлi көргенлерiн.
Атасы Шаһлас патша мұны есiткен соң,
Жидырды перiлердiң һәммаларын.
Шаһластың билегенi перi дейдi,
Перiлерге хабарды көп жiбердi.
«Көрсеңлер Жиһаншаһ деген адам,
Алдыма әкелiңлер менiм» дейдi.
Бұ хабар көп перiге тарайды екен,
Шаһласты көп перiлер жанайды екен.
Жарлығын Шаһлас патша екi қылмай,
Перiлер күнде iздеп қарайды екен.
Перiлер осылайша iздеп тұрсын,
Жиһаншаһ таудан түсе ендi жүрсiн.
Перiлер Жиһаншаһты тауып алып,
«Қай жақтан келесiң?» деп жөнiн сұрсын.
Перiлер iздеп жүрген жолықты кез,
Iздейдi неше айлықтан, жүруi тез.
– Не мақұлықсың, атың кiм, қайдан жүрсiң?
Бұлай деп Жиһаншаһтан сұрады сөз.
Шаһзада айтты: – Адам-дүр асылзатым,
Сұрасаң, Жиһаншаһ-дүр менiм атым.
Гауһарникин шаһарын iздеймiн,– деп,
Айтады өзi көрген көп мехнатын.
Перi айтады: – Iздеймiз сенi,– дейдi,
Үшбу жарық – шаһарның жөнi,– дейдi.
Талап қып падишамыз сенi iздеген,
Апаралық патшаға, келiң,– дейдi.
Шаһзада айтты: – Шаһарың қанша жер,– деп,
Апарып патшаңызға менi бер,– деп.
Алдымыздың жап-жарық бәрi дағы,
Көрiнген осы жарық немене?– деп.
Олар айтты: – Шаһардың жарығы сол,
Бұл жерден Гауһарникин үш айлық жол.
Үш айлық жерге дейiн жарық болар,
Шам-шырақтай асыл тас шаһарда мол.
Шаһзада ол перiге ендi мiндi,
«Жұм» деген соң сол жерде көзiн жұмды.
Гауһарникин бұл жерден үш айлық жер,
Жарты сағат iшiнде барып кiрдi.
Шаһардан тысқа түсiп отырды ендi,
Перiлер патшасына хабар бердi.
Алдынан көп перiлер қарсы шығып,
Шаһзадаға ат, киiм алып келдi.
Жөнелдi шаһизада атқа мiнiп,
Үстiне неше түрлi киiм киiп.
Сұрайды перiлерден ол шаһарды,
Iшiне шаһизада барып кiрiп.
Шаһзада айтты: – Бұ шаһар неден салған?
Шұғыласы жарық болып оттай жанған.
Жан жағында үш айлық жерге шейiн,
Шыққан күндей шұғыласы жарық болған.
Перi айтты: – Үшбу шаһар – қызыл жақұт,
Шаһластың мiнгенi алтын тақыт.
Өзiнiң мың жетi жүз бұрышы бар,
Айтады осылай деп келе жатып.
– Һәр бұрышында iнжу бар жетi дана,
Перiлер осындай қып салған бина.
Һәр iнжудың үстiнде шам-шырақтай
Құрылған бiр-бiр көшiк дағы және.
Атырабы – алтын пенжере, күмiс шынжыр,
Үш айлық жер жарық боп болады нұр.
Жарығымен перiлер түнде кезер,
Сол үшiн Гауһарникин қалғасы дер.
Бұ кеңеспен шаһарға кiрдi барып,
Патшаға сәлем берiп тұрды барып.
«Аман-есен, әй, балам, келдiң бе» деп,
Амандасты жанына шақырып алып.
Әкелдi шаһзадаға түрлi тағам,
Не көрмес тiрiлiкте ғарiп адам.
Патша таққа отыртып сұрады сөз,
«Сөйле, – деп, – хал-ахуалың ендi, балам».
Жиһаншаһ Шаһласқа сөз сөйледi,
Iшiнде ендi айтпаған сөз жимады.
Сөйлейдi әуел бастан падишаға,
Айтқанын шаһзаданың жұрт тыңлады.
Айтады падишаға бар мұңыны,
Не көрген жақсы-жаман өткен күнiнi.
Не көрген бiрiн қоймай айтты бәрiн,
Падиша мұны тыңлап естiп бiлдi.
Патша айтты: – Афарин, балам,– дедi,
Жол берген Хақ Тағалам саған,– дедi.
Жiгiттiкпен келiпсiз үшбу жерге,
Болмасын ендi көңлiң алаң,– дедi.
Бұл шаһар Сүлейменнен соң жасалған,
Құдайым сенi тура жолға салған.
Бәрi де сол мақұлықның көрген емес,
Бұ шаһарны һешбiрi бiлмей қалған.
Әй, балам, болма қапа, мехнат кеттi,
Мехнат кетiп, өзiңе рақат жеттi.
Үшбу сөздi патшадан есiткен соң,
Қуанып шаһизада шүкiр еттi.
Бiр үйге шаһзаданы алып жүрдi,
Ол көшiкке шаһзада барып кiрдi.
Киiнiп неше түрлi һәйбатланып,
Қасына Шәмсiбану ендi келдi.
Бiр-бiрiн екi ғашық барып құшты,
Мехнатпен патша көрген һәрбiр iстi.
«Шәмсi қалқам, қарағым, көрдiм бе» деп,
Биһұш боп шаһизада талып түстi.
Шәмсiбану тiзеге алды басты,
Су сепкеш, шаһизада көзiн ашты.
Көрмегелi неше жыл арада өткен,
Сағынып екi ғашық зар жыласты.
Көрiсiп ғашығына бек зарланды,
«Қаштың» деп шаһизада өкпе салды.
Көңiлiн шаһзаданың хош қылуға,
Айтады Шәмсiбану бұ ғазалды.
Шәмсiбанудың ғазалы
Шәмсiбану жырлайды,
Көңiлiн бөтен бұрмайды.
– Бұ жерге келмей, падишам
Көңлiм қарар қылмады.
Ғашықтық деген бәле-дi,
Көңiлге қайғы салады.
Ойладым елге барсам деп,
Атамнан рұқсат алсам деп.
Маған ғашық падишам
Елiмнi iздеп барад [деп],
Осылайша ой қылдым,
Сол жерде менi алад деп.
Қырық күн қызық той қылдың,
Ойладым елге барам деп,
Атамнан рұқсат алам деп,
Падишам iздеп барса деп,
Сол жерде менi алса деп,
Қадiрлi сiзге болам деп.
Ғашық болып, падишам,
Менi iздеп келiпсiң,
Көп мехнат көрiпсiң.
Шаһарымны табам деп,
Құсқа мiнiп жүрiпсiң,
Бейнетпен ғұмыр сүрiпсiң.
Хақ Тағала жар болып,
Бұ жерге жетiп тұрыпсың.
Ендi, патшам, қайғырма,
Көп өкпелеп зар қылма.
Құдай тiлек берген соң,
Бұ жерге өзiң келген соң,
Iздеп жүрген ғашығың
Қосылып көзiң көрген соң,
Шүкiр қылмақ нетедi.
Жалған дүние өтедi,
Жақсылық дәурен сүргiзсе,
Кейiнгi күн жетедi.
Сөйлейдi шаһзадаға осылай деп:
– Мәнiсi кеткенiмнiң осындай,– деп,
Шаһзада, өкпелемей көңлiң хош қыл,
Екеумiз жақсы болып қосылай,– деп.
Бұл екеуi сөйлесiп сұхбат құрсын,
Екеуi бiр көшiкте бiрге отырсын.
Хошлықпен шат болысып көп қуанып,
Қырық күндей Шаһлас патша тойын қылсын.
Қырық күндей Шаһлас патша қылды тойды,
Неше түрлi төрт түлiк көп мал сойды.
Той қылып болған соң, бұл екеуiн
Iшiне бiр сарайдың алып қойды.
Шаһзада Шәмсiменен бiрге жатты,
Қанша iздеген ғашығының дәмiн татты.
Зар болып қосылысқан екi ғашық,
Алыпты бiр-бiрiнен тәттi ләззатты.
Екi ғашық қосылғаны
Екi ғашық зар болып,
Жаппар Құдай жар болып,
Бiр-бiрiмен қосылып,
Тiлегi қабыл бар болып.
Қаршыға құсты қайтарып,
Кекiлiкке салғандай.
Кекiлiктi ұстаса,
Жүнiн жұлып тастаса,
Iшi-қарны жарылып,
Қаны жерге тамғандай.
Тәңiрi рақым еткен соң,
Мұрадына жеткен соң,
Мейiрлерi қанғандай.
Iшi-бауыры елжiреп,
Құшақтасып қысқанда,
Қызуы от боп жанғандай.
Екi ғашық қосылды,
Мехнаты рақат боп,
Ақырында тосылды.
Қосылып ғашық жатқанда,
Алмас қылыш шапқанда,
Қаны шығып жосылды.
Ғашық бiрге жатысты,
Көп ләззатты татысты.
Мұрадына жетiсiп,
Мерекеге батысты.
Сұхбат бiрлән кеңесiп,
Көргендерiн айтысты.
Әуелi жүрдi қосылмай,
Мехнат кетпес тосылмай.
Хан, ханыша қосылып,
Қызық көрдi осындай.
Екеуi көрдi қызықты,
Рақат мәжiлiс түзiптi.
Рақым қылды Құдайым,
Әуелден көңлi түзiк-тi.
Дүниенiң ләззаты бар, мiне, осындай,
Жалғандан кiм кетедi бiр тосылмай.
Жеткiзгiл һәр мүмiндi мұрадына,
Фазылыңмен ғарiптердi, патша Құдай.
Бұлайша Шәмсiменен қызық еттi,
Бұл ортада рақатпен екi ай өттi.
Әкесi үйде қалған еске түсiп,
Шаһзада және дағы зарлық еттi.
Ел-жұрты падишаның еске түстi,
Қайғысы және дағы болды күштi.
«Жауда қалған ол әкем не болды» деп,
Ойлады қайғы бiрлән һәрбiр iстi.
Қайғырды шаһизада уайым жеп,
Ойласа, көкiрегiнде қайғысы көп.
«Аһ» ұрғанын есiтiп Шәмсiбану,
Сұрады «қайғырғаның немене?» деп.
Шаһзада қайғысының айтты барын,
Ойлаған көңiлдегi қайғыларын.
Өзiнiң жалғыз түнде қашып кетiп,
Әкесi жау iшiнде қалғандарын.
Шәмсiбану бұл сөздi есiттi ендi,
Қайғысын шаһзаданың көзi көрдi.
Қайғырғанын бiлдiрiп шаһзаданың,
Барды да әкесiне хабар бердi.
Шаһлас патша мұны естiп қылды жиын,
Кигiздi шаһзадаға қанша киiм.
Жұртына жүргiзбек боп даярланды,
«Болған,– деп,– әкеңiздiң iсi қиын».
Жидырды Шаһлас патша перiзатты,
Тамұзға сәлем әйлап жазды хатты.
Он мың дию, жиырма мың перi берiп,
Мiнгiздi шаһзадаға алтын тақты.
Және бердi қызметкер бiр мың құлды,
Бек құрметлеп сый қылды һәрбiр түрлi.
Бiр Шәмсiге бергенi мың кәнизак,
Һәр күңге жүз сандықтан жасау қылды.
Құл-кәнизак бәрiне жауһар таққан,
Ханыша Шәмсi қандай нұрға батқан.
Көтерiп қанша дию шаһзаданы,
Жөнелдi амандасып перi жақтан.
Күңi мұндай болғанда Шәмсi қандай,
Сөзi бар сөйлегенде шекер балдай.
Алма мойын, ақ жүздi, қиғаш қабақ,
Етi бар қарап тұрсаң жауған қардай.
Шәмсiбану елiне амандасты,
Көзiнен қара нәркес төктi жасты.
Шаһласқа шаһизада амандасып,
Өз елiне қарата қадам басты.
Ол күнi Марғышаһқа келiп жеттi,
Қонақ болып ол түнi кеңес еттi.
Таң атты, Марғышаһқа амандасып,
Өз елiне қарата ұшып кеттi.
Шаһзада осылайша келе тұрсын,
Тамаша орта жолда көре тұрсын.
Әкесi алдындағы не болады,
Бұл Ақыт оны дағы кеңес қылсын.
Әуелде Жиһаншаһ қашып кеттi,
Әкесi жауын қырып қайтып кеттi.
Қаратты жалғыз ұлын һәр тараптан,
Жаранлар, бұл ортада төрт жыл өттi.
Ол кәпiр өз елiне қашып барар,
Қырылып мұсылманнан сасып барар.
Арада төрт жыл өтiп кеткеннен соң,
Бiр күнi өз-өзiнен намыстанар.
Бiр күнi және Киғал ашуланды,
Хан, сұлтанын шақырып қасына алды.
Неше мың әскер жиып неше күндей,
Жұртына Жиһаншаһтың тағы барды.
Барды да мұсылманға хабар салды,
Мұсылмандар жиылып қарсы барды.
Екi әскер сап тұтып қарсыласып,
Екi ортада ұрыс қып майдан салды.
Ғайынзар мұсылманның палуаны бар,
Қылады кәпiрлерге дүниенi тар.
Кәпiрлер қайла бiрлән шынжыр тастап,
Патшаның балуанын байладылар.
Кәпiрлер балуанды байлап алды,
Патшада Сарһиң деген ғаяр бар-ды.
Ол ғаяр қайла бiрлән барды дағы,
Ғайынзарны ұрлап ап кетiп қалды.
Ол ғаяр Ғайынзарны ұрлап алды,
Өзiнiң патшасына алып барды.
«Батырын ұрлап алып кетiптi» деп,
Патшаға осылайша хабар барды.
Мұны естiп Киғал кеттi ашуланып,
Ыза болып шыдамай күйiп-жанып.
Аттанып шоғырымен ат қойысып,
Мұсылманға кәпiрлер тидi барып.
Соғысып кеттi екi жұрт араласып,
Бөгелдi мұсылмандар жаман сасып.
Кәпiрлердiң әскерi басым болып,
Жөнелдi ләшкерiмен патша қашып.
Шаһарына мұсылман кiрдi барып,
Кәпiр жатты шаһарды қамап алып.
Тағы да шамасынша әскер жиып,
Соғысты тағы бiр күн шығып алып.
Екi әскер бек қатты соғыс салды,
Ағызды бiр-бiрiнен қызыл қанды.
Кәпiрлердiң ләшкерi көптiгiмен,
Тағы да Ғайынзарны байлап алды.
Падиша шаһарына тағы кiрдi,
Жеңерiн Киғал кәпiр ендi бiлдi.
Мұсылмандар жиылып таң атқанша,
Падиша уәзiрлермен кеңес қылды.
Падиша айтты хан, төре, уәзiрлерге:
– Бiздерге жәрдем берсiн Жаппар Алла.
Соғыс деп таң атқан соң бiрiң қалмай,
Амал жоқ, соғыспайтын шара бар ма?
Орнынан таң атқан соң әскер тұрды,
Екi әскер бек қатты соғыс қылды.
Сансыз көп кәпiрлердiң қисабы жоқ,
Мұсылманның әскерiн тағы қырды.
Екi жұрт соғысумен араласты,
Падишаның әскерi ендi қашты.
Кәпiрлер падишаны тұтпақ болып,
Қол қойып жан-жағынан қамаласты.
Бағына Жиһаншаһ шығып едi-ау,
Марғышаһта бiр түнi тұрып едi-ау.
Таңертең алтын тақпен ұшып шығып,
Өз елiне қарата жүрiп едi-ау.
Өз шаһары Кабилге келiп кiрдi,
Әкесiн қашып жүрген көрiп бiлдi.
«Кәпiрлердiң әскерiн қырыңдар» деп,
Перi менен диюға әмiр қылды.
Дию, перi кәпiрге ендi тидi,
Жиһаншаһ тамаша етiп қарап тұрды.
Мың мәртебе қырыпты мың-мың кәпiр,
Және отыз мың кәпiрдi жесiр қылды.
Диюлар перiлермен қырды барып,
Патша жарлық қылған соң тұрсын нағып.
Бiр сағаттың iшiнде ойран қылды,
Киғал һүндi патшасын ұстап алып.
Кәпiрдi дию, перi қырды-ау ендi,
Сол жерде жалғыз ұғылын патша көрдi.
Көрген соң жалғыз ұғылын мұңлы патша
Зар жыласып, көрiсiп зар еңiрейдi.
Падиша қуанғаннан еңiредi зар,
«Не керек сенсiз маған тақ пенен мал».
Құдайға сәжде әйлап қылды шүкiр,
Көрсеткен мағрифаттық Пәруардигар.
Көрiстi ел-жұртымен аналары,
Жылады зар еңiресiп балалары.
Жылады қойдай шулап көп жамағат,
Қураған ойлай-ойлай саналары.
Падиша шүкiр қылды Алла Хаққа,
Кез болды жалғыз ұғылы бүйткен шақта.
Шаһзада шаһарына барып кiрiп,
Отырды ендi мiнiп алтын таққа.
Алдына ол Киғалды алып келдi,
Мойнына зiнжiр темiр салып келдi.
«Мұсылман бол» деген соң шаһизада,
Мұсылман Киғал патша болды-ау ендi.
Кәпiрлердiң мұсылман бәрi болды,
Қуанып шаһзаданың көңлi толды.
Қайтарып ол Киғалды шаһарына,
Жұртына Жиһаншаһ патша болды.
Той қылды неше күндей халқын жиып,
Көз жасын қабыл көрiп Құдай иiп.
Шаһзада, Шәмсiбану – екi ғашық,
Қосылған бiр-бiрiне көңлi сүйiп.
Перiге тағы барар және дағы,
Сағынып көретұғын болған шағы.
Кей күн анда барады, кейде мұнда,
О да болса Алланың берген бағы.
Ары-берi шаһзада өстiп жүрдi,
Осындай тамашамен дәурен сүрдi.
Таққа мiнсе, диюлар көтередi,
Ат орнына шаһзада перi мiндi.
Иә, Алла, жәрдем әйла ғарiп құлың,
Һешбiр қисса жазғам жоқ мұнан бұрын.
Жиһаншаһ, Шәмсiбану – екi ғашық,
Өткiздi осылайша пәни ғұмырын.
Жаранлар, осылайша ғашық өттi,
Жиһаншаһ мұрадына ақыр жеттi.
Ойлама өлмеймiн деп, әй, жаранлар,
Ақыры оларға да зауал жеттi.
Ендi жазар сөзiм жоқ мұнан былай,
Сөзiмнiң ендi аяғын тамам қылай.
Жеткiзгiл һәр бенденi мұрадына,
Фазылыңмен бiз ғарiптi, патша Құдай.
Құп көрдiм жолдастарым iлтимасын,
Құдайым қылсын ұзын өмiр жасын.
Мен ғарiп бiр қиссаны шығарам деп,
Азырақ әуре қылдым ғарiп басым.
Бiрқатар ғарiп басым әуре қылдым,
Сол уақыт майдан үйге келiп тұрдым.
Азырақ бұ қиссаға алаң болып,
Жетi сағат iшiнде жазып тындым.
Мен тұрмын хатшы болып жамин үйге,
Жұмысы жоқ хаттан басқа сынық ине.
Ағалар, тiрiлiкте қамшылап бақ,
Қылады кiмге опа жалған дүние.
Мың үш жүз сегiзiншiде жаздым мұны,
Мұхаммедтiң үмбетi, Хақтың құлы.
Тәржiма бұ кiтапты өлең қылған,
Қарымсақбай немересi Үлiмжiұғылы.
Ақытың бұ қиссаны жазып тынды,
Қоймаған жолда сәлем осы құрды.
Тамам қып бұ қиссаны жазып алып,
Алдында үлкендердiң баян қылды.
Сөз жаздым бiлгенiмше қағазыма,
Бата бер мендей ғарiп сабазыңа.
Аз ғана фаһимымша жаздым мұны,
Разы ма жолдастарым, наразы ма.
Жаранлар, разы болсаң, бершi бата,
Өткелбай ағамыз бен және Қапа.
Қата болса сөкпеңдер, әй, жаранлар,
Бар шығар байқалмаған сөзде қата.
Өткелбай бата бердi қолын жайып,
Жазылды аз ғана сөз жоқтан ғайып.
Қояйын тамам қылып ендi сөзiм,
Қорқамын кетем бе [деп] жолдан тайып.