Нұғыман - Нағиманның қиссасы

Бағдат Мысыр бірлән екі үлкен шәр, Бұл сөзге құлағың сал, ей, жаранлар. Орнына пайғамбардың әмір еткен, Бағдатта Назым дейтін халифа бар. Көндірген әміріне жанның бәрін, Айтайын хикая қып болған халін. Қарайды әміріне дін мұсылман, Жұртына патшалығы болып мәлім. Мысырды билеп тұрған Құжаз патша, Жұртына әділдік жоқ, бо...

Kazakh
Нұғыман - Нағиманның қиссасы
Бағдат Мысыр бірлән екі үлкен шәр, Бұл сөзге құлағың сал, ей, жаранлар. Орнына пайғамбардың әмір еткен, Бағдатта Назым дейтін халифа бар. Көндірген әміріне жанның бәрін, Айтайын хикая қып болған халін. Қарайды әміріне дін мұсылман, Жұртына патшалығы болып мәлім. Мысырды билеп тұрған Құжаз патша, Жұртына әділдік жоқ, болды залым. Біреуді ішке тартып сөйлеп, Алдаумен талай жанның алған малын. Нышан жоқ әділдіктен, жүзі қара, Пәле қып сау кісіге жапқан жала. Сатылып қу ләпсінің тіліне еріп, Қорқытып сан адамнан жеген пара. Мысырда бір бай бопты Ғабдолла атты, Әрі бай, әрі жомарт салтанатты. Келгенше елу жасқа әлгі жомарт, Зар болып бір перзентке жылап жатты. Болыпты сонша дәулет бір адамда, Уақытсыз Алла бермес сұрағанға. Сабырлықтың ақыры кеш болады, Ақырын қайырлы етер шыдағанға. Бала болу Қадірден әуел баста, Әзелсіз болар деген сөзді таста. Көп жалынып бала үшін малын шашып, Көріпті жалғыз ұлын елу жаста. Жалғыздың Нұғыман деп қойыпты атын, Бір Алла қабыл етсе айтқан датын. Пақырларға көптен-көп жәрдем беріп, Өсірді тәрбиелеп сол перзентін. Бұл бала бір де болса болған дана, Өзіндей әділ болар бар нышана. Жүсіп нұры секілді асқан сұлу, Халі бар болатұғын жұртқа пана. Ғабдолла жомарт ерден қайғы кетті, Біраз күн мұныменен заман өтті. Бір жақсы молладан кеп сабақ оқып, Нұғыман алты жасқа келіп жетті. Көз жетпес қазынаға байдың ұғылы, Күніне мыңды берсе кетпес түгі. Қытайдың мемлекеті – Шын-Машында Бар екен Ғабдолла бай піркашігі. Арада сауда қылып неше қала, Жас еді мал иесі жалғыз бала. Ғабдолла Шын-Машынға жүрмек болды Сондағы піркашіктен қисап ала. Жол жүріп Шын-Машынға келіп жетті, Ғабдолла піркашікпен қисап етті. Саудасы пайдасы бар, тәуір екен, Қуанып Алласына шүкір етті. Саудасы пайдасы бар шамалады, Басқаға жұмысы бітіп, қарамады. «Бір нәрсе жалғызыма алайын» деп, Базарды қайтар күні аралады. Бұйымы басқа жұрттың таң болады, Базарлық саудагерге заң болады. Бір нәрсе баласына апармаса, Сараңдық, құр қайтқаны шам болады. Базарды кетер күні аралады, Ешнәрсе керегіне жарамады. Базар халқы жиылып таң көрісіп, Баршасы бір нәрсені қамалады. Жан жиылып, таң көріп анталасар, Көрген пенде құмар боп жанталасар. Ғабдолла тамашаға көзін салса, Қараса, бір сұлу қыз жаннан асар. Алтыға жеткен екен қыздың жасы, Бойында қыз демесең жоқ күнәсі. Ай жүзді он төртінші бір перизат, Көрінер тамағынан ішкен асы. Сол күнде жариялап сатады екен, Әйелдің жасында өлсе ата-анасы. Мың сан жиылып саудаласты, Жүз мың алтын ділдә екен қыздың басы. Көркемдігі көз тартар анадайдан, Алтыға биыл толған қыздың жасы. Адам жоқ күші жетіп қызды алғандай, «Аһ» ұрып алмаған жан сандалғандай. Лайық падишаға бір назыгүл, Көзінен көрген адам от жанғандай. Сатуға алып шыққан адам үшін, «Лайық адам екен балам үшін». Қараса, дәл өзінің баласындай, Ұлымен бірдей көрді қыздың түсін. «Қараңыз кез келгенін уақытында, Баламның жолықты ғой бақытына. Осы қыз қара тұр ғой ханда да жоқ, Лайық падишалардың тақтына. Арнадым жалғызыма, Патша Құдай, Ғұмыр бер жастарына мұнан былай» Деді де, иесімен саудаласты, Отырды жүз мың алтын ақы сұрай. Келісіп, алып келді сарайына, Мұндай қыз табылмайды жабайыға. Берді де жүз мың алтын алып кетті, Жолықты бақыты боп талайына. Бұл қыздың Нағиман екен тағы да аты, Сол қызбен аттас екен өз перзенті, Қызды алып бай да қайтты шаһарына, Табылып көңілінің бар қажаты. Бұл іске бек қуанып, болды қарық, Қалаға барып еді аты арып. Екеуін бір сарайға тәрбиелеп, Жалғызға атастырып, қойды апарып. Жетіпті екі бекзат он жасына, Оқиды күнде барып молласына. Тілеуін Нұғыманның Құдай беріп, Қосылды күндей сұлу жолдасына. Он үште балиғаттан бұлар асып, Бір құдай қызыл гүлді жерге шашып, Біреуінсіз-біреуі сабыр қылмас, Өсіпті бақ алмадай тең жарасып. Заты тең, сипаты тең, шырайы бір, Таза өсті тәрбиеде екі бұлбұл. Он үште екеуі де молла болды, Ақылы парлас болып, айтысып сыр. Ғабдолла жомарт ердің көңілі сүйіп, Көзіне сипатлары жылы тиіп. Жасы кәмел он беске келгенненсін, Қосыпты екі жасты неках қиып. Өтіпті біраз дәурен солай жүріп, Қызықпен ойнап-күліп өмір сүріп. Ғабдолла баласына қисап берді, Жалғыздың ақылына көңілі иіп. Малына ие қылды мирасқорын, «Қылғай,– деп,– жалғызымның Алла жолын! Қартайдым, енді саған заман қалды, Табылмас адамзатқа малсыз орын. Қисап бар қырық қалада сенің малың, Болмайды тіршілікте малсыз халің». Үйретті көп нәсихат баласына, Үш айда барш[асы]нан қисап алың. Балаға кінәғаны берді жиып, «Босады енді менің көңілім иіп. Қайыр-зекет көп беріп жомарт атан, Кетерсің бұл дүниені бір күн үйіп...» Баласы дәулетіне болды қорған, Данышпан, өзі молла, ақылы озған. Шариғат хүкімінше жомарт болды, Шығарды сан қыранды түскен тордан. Мысырда сүйікті жоқ мұнан басқа, Қуантты кедейлерді ат пен асқа. Дәулеті зиада боп мырза Нұғыман, Екеуі келіп жетті жиырма жасқа. Атасы бір нәсихат айтты құрып, «Болмайды енді, балам, босқа тұрып. Қырық шаһарда піркашік саудаңыз бар, Келіңіз қисап алып үш ай жүріп». Ғабдолла осылайша әмір етті, Айтқанын атасының қабыл етті. «Сапарға мырза Нұғыман жүреді» деп, Кәрі-жас шаһардағы бәрі кепті. Нұғыманның Нағиман атты ғашық жары. Баянсыз, қарай қойшы, мына дүнияны. Бір сағат жүзін көрмей тұра алмаушы ед, Жүреді қайтіп шыдап шыбын жаны. Айырылды әрең қиып бірін-бірі, Қиянат ойларында жоқ-ты кірі. Үш айды болжау қылды келмегіне, Сәлемет сонда дидар көрмегіне. Жаны мұнда, денесі әрең кетті, Жолығып жеті ғашық өрнегіне. Сапарға мырза Нұғыман кетті жүріп, Сау қайтар, иншалла, сейіл құрып. Нағиман сұлу қыздан сөз қозғайын, Жамағат, құлағың сал, мойын бұрып. Айталық бір қатынмен болған халін Сырты шоқ, болып қалған іші жалын!.. Түнде ұйқы, күндіз күлкі бір көрмейді, Қапада сарғайыпты, дерті қалың. Бір кітап жазып алған жарын мақтап, Кеткенсін жас күнінен таза сақтап. Қисапсыз қолсырнайға жүйірік екен, Түн болса, ән салады екі жақтап. Ондай әнді салмайды бір мұсылман, Жасынан қолсырнайға тым ысылған. Өзі – ақын, өзі көркем, сөзге көсем, Сөйлейді жарын мақтап әр қиыннан. Осылай Нағим сұлу етеді ермек, Жұбатып ғаріп көңілін сөз көтермек. Ашуын ғашық жардың сөз басады, Көңілін қайғы алғанда, іші кірлеп. Сауықпен таң атқызар қыз өнерпаз, Өлеңмен жарын мақтап етеді наз. Бір күні уәзірлермен келе жатып, Естиді салған әнді патша Құжаз. Қараса, алтын сарай, жағулы шам, Әйнектен ән салады бір қыз адам. Салған ән, айтқан өлең қызығынан Падиша баса алмады жалғыз қадам. Тік тұрып, таяу барып, салды көзін, Байқады жасырынып қыздың жүзін. Бойынан ақыл кетіп, талып тұрды, Перизат тамаша әйлап айтқан сөзін. Падиша уәзірлермен ақылдасты: – Осындай көргем жоқ,– деп,– қалам қасты. Қара тұр ғой, хан мұндай қатын алмас, Берді екен қандай жанға есіл жасты. Уәзір: – Нұғман,– дейді,– мұның жары, Ежелден бізге мәлім еді жайы. Біреуіне-біреуін ғашық етіп, Қосыпты келістіріп бір Құдайы. Жасында жариялап сатып алған, Неше бай, неше патша ғапыл қалған. Жігіт-қыз екеуі де ғашық дейді, Сіздерге кездеспепті, дүние жалған. Айтады залым Құжаз: – Білсем, Сол күнде қоймас едім қылсам. Маған бұрын айтпадың неге мұны, Мен мұны білмей босқа, ғапыл жүрсем. Әлде болса етермін бұған бір іс, Алуға бірақ өзім болмас тиыс. Бағдаттағы жіберсем халифаға, Еш адам оған батып қылмайды күш. Өзі залым патшаға ой түсті барып, Ешбір мұны білмейді қатын ғаріп. Таң атқансын шақырды бір кемпірді, Сиқыршы қатын еді жұртқа жарық. Ғаяр кемпір шақырғансын келді жетіп, Қасынан орын берді тағызым етіп. – Ей, кемпір, бір жұмысқа шақырып ем, Бұйырсам, келер едің әлде не етіп. Қосамын енді сені қиын жолға, Көп жұмсап сеніп едім оң мен солға. Нұғыман байдың қатыны сұлу екен, Бір түнде әкеп берсең біздің қолға. Жіберсем халифаға мұнда қоймай, Нұрына ғашық болдым, көзім тоймай. Берейін өз бойыңдай алтын өлшеп, Отырмын соған етер амал болмай. Амалдап алып келсең, алар едім, Қорқытып, көп пәлеге салар едім. Аманат халифаға тарту етіп, Шен мен тон, абырой алып қалар едім. Кемпірдің жауабы: – Ей, патша, қиын екен арманыңыз, Бұйырса, жерде қалмас пәрманыңыз. Осы түнде қолыңа тигізейін, Артынан бізге болса қайырымыңыз. Уағда падишамен қылды қатты, Бір залым қатын еді кәпір затты. Құбылып бір алуан түрге түсіп, Болды да сопы кемпір инабатты. Бұл кемпір әр өнерді білуші еді, Адам таппас амалға кіруші еді. Қай кезде әулие боп, ел қыдырып, Садақа, елден қайыр жиюшы еді. Қолда таяқ, мойнына тәсбиқ салып, Залымның қылған ісі сыюшы еді. Бұрынғы қараңғылық басым кезі, Ежелден жұрт мұндайға июші еді. Бұрын көрген адамға танытпауға, Үстіне түрлі киім киюші еді. Өзі – молла, сөзі бар саудыраған, Бір жолда іс бола ма мұнан жаман. Көшеде салауат пен зікір айтып, Нұғыманның сарайына келді таман. Берсе де ел садақа бірін алмас, Қызығып дүнияға көзін салмас. Жолыққан адамдарға бата беред, Кәпірдің сөзі жаман естен қалмас. Жан жиылып ереді «пері екен» деп, «Әулие машайықтың бірі екен» деп. Сөзіне, қылығына жан таңқалды, «Бір ғазиз бата беріп жүр екен» деп. Адамның бата берді талайына, Жұрт қамалап ереді маңайына. Көшедегі адамды ертіп алып, Нұғыманның келе жатыр сарайына. Қарайды Нағым сұлу көзін салып, Жұрт келеді бір кемпірді ортаға алып. Шын әулие секілді сөз сөйлейді, Жылайды салауатпен отыра қалып. Білмейді қайран сұлу кемпір жайын, Қараса, бір әулие болған дайын. «Мырзаға бір жақсылық болар ма екен, Шақырып әулиеден бата алайын». Шақырып, ертіп келді бір қызметкер, – Ей, ана, мырзамызға бір бата бер! Саламат сапарынан қайтар ма екен?! Жолда еді бір балаңыз, атасқан ер. Қисапсыз бата берді қолын жайып, Алтын берсе алмайды осы тәбиб. Неше түрлі тағамнан дәм татпайды, Кеткен, – деп, – ас ішуім өте азайып. Қырық шілтен ғайып ерен жолдастарым, Шекер, шәрбат береді нұрдан шайып. Екінтіде бастады бір намазды, Дәл ясиғы болғанша шапақ батып. Ел жатқанша оқыды тағы намаз, Залым ит сопы болды таңғажайып. Іші сопы, сырты адам – жылы-суық, Ел жатарда намазды қойды жиып. Асығып, сасқалақтап жүрмек болды, «Келді,– деп,– қырық шілтенлер киім киіп». Қоныңыз, тамақ ішіп бізге,– деді, Шықпаңыз түн ішінде түзге,– деді. Жалынып Нағым сұлу болмағансын. – Ей, балам, сөз айтайын сізге,– деді. Ей, балам, құрметіңе болдым риза, Сапардан аман қайтар сіздің мырза. Татпайды дүние малын әулиелер, Толған соң қарны ашпайды іші нұрға. Оңаша сыр айтайын, балам,– деді, Ықыласпен құлағың сал маған,– деді. Адамдай әулиенің ләпсісі жоқ, Алланың рахметінен тағам,– деді. Қырық шілтен ғайып ерен әулиелер Жиылар бүгін түнде тамам,– деді. Татпайды дүние малын әулиелер, Бізлерге дүние малы харам,– деді. Болжалы жиылатын болып еді, Жүрейік, рұқсат бер маған,– деді. – Көрейін әулиелер мәжілісін, Нағиман: – Мен де бірге барам,– деді. – Ей, балам, оның жолы қиын,– деді Барсаң бар, әулиеңе сиын!– деді. Үстіңе намаз үшін лайықтап, Жаңадан, таза киім киін,– деді. Жан-жағыңа қарама көзіңді ашып, Етегімнен берік ұста, жылдам басып. Бұрын ондай ғазизді көрген жоқсың, Жаңылып тілегіңнен, қалма сасып. Үйретті көп насихат кемпір сөзін, Етегінен берік ұстап, жұмды көзін. Амалменен сұлуды ертіп алып, Құжаз жаққа әкетті жалғыз өзін. Бұл кемпір қылған жұрттың талайына, Көзі жеткен көршінің маңайында. Амалменен сұлуды ертіп алып, Құжаздың алып келді сарайына. Бір үйге отырғызып, кемпір кетті, Құжазға барды дағы хабар етті. Қолына қылыш алып залым патша Ақырып, Нағиманға келіп жетті. – Сен кімсің, түн ішінде мұнда жүрген? Ұрлауға қазынамды түнде келген. Залымдықпен мал ұрлап алайын деп, Дұшман боп сен екенсің аңдып жүрген. Сұлудың әбден кетті есі шығып, Патшадан осыншалық пәле жұғып. Ұялып түнде жүрген айыбынан, Бүркеніп шәл орамал жатты бұғып. Не дерін падишаға біле алмады, Аяғын қадам басып жүре алмады. Үнсіз жылап, көзінің жасын төгіп, Тірек етед ішінен бір Алланы. Амалмен қараған боп бетін ашып, Келбетіне сұлудың болды ғашық. – Мен сені жіберейін халифаға, Бұл жерде өлтірмейін қаның шашып. Затың әйел болғансын аяп тұрмын, Өлтірер [ем] әйтпесе, дарға асып. Халифа не қылса да өзі білсін, Не сатсын, не өлтірсін, көзі көрсін. Түрің жақсы бір адам көрінесің, Жолында харамлықтың нағып жүрсің. Тегінде маған дұшпан қатынсың ғой, Сарайда мал алуға бағып жүрсің. Тез, мұны жылдам апар халифаға, Сұлтаны жер жүзінің әмір қылсын. Астыртын халифаға жазады хат: «Жібердім, тақсыр, сізге бір аманат. Сатылып қолға түскен бір назыгүл, Лайық өзіңізге бір перизат. Сұлудың жалғыз түнде ұрлануын, Тарту боп халифаға пұлдануын. Біреудің бақшасында бұлбұл еді, Бұйрықпен жібек торға шырмалуын. Жігіттер, ойламаңыз пәле қайдан, Айырылды Нағым сұлу ақыл-ойдан. Күндіз-түні жүргізіп екі жендет, Көңілі жылай-жылай болды гериан. Тобышақ баға барма тұлпар атқа, Ерінбей жайсаң жортқан азаматқа. Күндіз-түні жүргізіп екі жендет Әкелді Нағиманды Бағдатқа. Елшілер халифаға берді хатын, Құжаздың «тарту» деген аманатын. Әкеліп халифаға тапсырады, «Тақсыр-ау, әкелдік!– деп,– мұндай қатын». Аз күнгі дүниенің жоқ опасы, Жақсылықтан жамандық көп жапасы. Сол күнде ерге тимей, сопы болған, Бар екен халифаның бір апасы. Сол күнде қырықтан асып қалған жасы, Сол еді халифаның ақылдасы. Нағымды халифаға әкелгенде, Бар екен сол мәжілісте әлгі апасы. Жан жиылып көреді осы қызды, Барабар ай мен күндей, бірмінезді. Нұрына алтын сарай шағылысып, Халифа ғашық болып көңілін бұзды. Апасы халифаның жақсы кісі, Бұл қыздың жанға жақты нұрлы түсі. Апасы халифаға былай дейді: – Дерт екен осы қыздың іші-тысы. Бұл екен бір адамның тоты құсы, Апаңның анық келер осынысы. Қабағында қайғы бар адам екен, Бір арман, бойында бар өкініші. Бір ай маған беріңіз сырласайын, Жақса сонда ханым қып мен қосайын. Сабыр еткен мұратқа жетпей қалмас, Бақытыңа кез келтірсе бір Құдайым. Халифа апа сөзін бұзған емес. Әрқашан ләпсіге еріп қызған емес. Берді де апасына қоя берді, Көңіліне ұнағансын мына кеңес. Апасы Нағиманды алып кетті, Апарып сарайына тәрбие етті. Қырық қыз нөкері бар қызметшісі, Ішінде біреуі бар қасиетті. Тұрады баршасына мақтау сия, Секілді хан апасы шын әулия. Қыз да болса қырқының бастығы екен, Деуші еді соның атын Қаһария. Сол қырық қыз Нағым қызға болды жолдас, Іші – қайғы, біріне көңілі толмас. Ұшқансын өз жағынан бір қызыл гүл, Кеткенсін жел ұшырып, қайта толмас. Қатыпты құрт аурудай қыз бейшара, Дауасыз ғашықлыққа не-дүр шара. Мүлде ауырып екі көзі жатып алды, Бұл сырды айтпасы бек масқара. Бағдатта қыз ауырып жата тұрсын, Сілесі бейшараның қата тұрсын... Сөйлейін мырза Нұғыман әңгімесін, Сапардан аман қайтып үйге келсін. Сапардан мырза Нұғман аман келді, Аһ ұрып: «Өткен екен заман!» деді. Жарының ғайып болған халін естіп Жас ақты екі көзден «тамам!..» деді. Жығылды жылай-жылай енді талып, Хабарсыз, бір қайғыны Құдай салып. О дағы сал ауру боп жатып алды, Жүрегін ғашықлықтың дерті шалып. Болмады бұрынғыдай көңілі жай, Бұлтқа болды ғайып күн менен ай. Қайғысы жалғызының жаман батып, О дағы науқас болды Ғабдолла бай. Жиылды онан-мұнан балшы-бақсы, Жиылып көңіл айтты тәмам жақсы, Бір қатар мұсылманды ойран етіп, Құжазды желіктірген, шіркін, ләпсі. Бір молла жат шаһардан келіп еді, Көп сиқыр кітап оқып көріп еді. Сол молла Ғабдоллаға қонақ болды. Бір асыл уағдаға берік еді. Сол молла Ғабдоллаға қонақ [болды] Қайырлы жомарт ерге көңілі толды. Жоғының жайын әбден сұрап алып, Бұл молла «Иләһи!» деп қолын жайды. Жаны ашып Нұғыманға бата беріп, Молланың көңілі жұмсап, майдай еріп, Қолына бал кітабын алып молла: – Біз жоқтан сөз айталық, хабар беріп. Шайқады молла басын кітап ашып: Біз жоқтан сөз айталық, хабар шашып. Зорлықпен Бағдатқа барған екен, Кеткен жоқ өз еркімен онда қашып. Бұл күнде жатыр екен науқастанып, Жүрегін ғашықлықтың дерті шалып. Жалғыз-ақ осы сыры өзіне аян, Адам жоқ жайын білер, халын танып. Кітаптан молла білді барлық шынды, Жоғының жайын айтып, көңілі тынды: – Ей, мырза, қалған жасым саған құрбан! Қосармын, иншалла, екеуіңді. Барайын Бағдатқа балшы болып, Етейін бір қызмет жалшы болып. Қожаздың саған еткен залымлығы Кетті ғой маған өтіп, қамшы болып. Жолдас бол өзің, мырза, маған еріп, Барайын бір сен үшін болып серік. Жарыңа, иншалла, жолғастырам, Астыртын дәрігерлікпен хабар беріп. Қуанды мырза Нұғыман жаман қатты, Бұйырса, алмақ болды аманатты. Жол азық, дәрі-дәрмек мол қып алып, Екеуі іздеп келді Бағдатты. Бағдаттың бұлар келді қаласына, Халықтың дәрігер болды арасына. Жарайды дәрігерлігі Ұлықпандай Артықша бәлгер болды шамасына. Жазылды пұшық, ақсақ, соқыр, мылқау, Білімді ауыртпайды сынық сырқау. Хайламен халифаға білінгелі, Екеуі осындайлық етті сылтау. Хан білді бұл дәрігерді «жаннан асқан, Бек білгіш көрінеді дәрі шашқан». «Осыған Нағым қызды көрсетші» деп, Халифа апасымен ақылдасқан. Бар еді апасында қырық нөкер, Бәрі де қарапайым, емес бекер. Ішінде Қаһария дейтін сұлу, Жоқ еді ақылдасы одан өтер. Жұмсады осы қызға: – Барып кел,– деп, Балшыдан жақсы хабар алып кел,– деп. Бейшара, Нағым қызға дауа бар ма? Бал аштыр, алдына ақша салып кел!– деп. Онан соң Қаһария қыз кетті жүріп, Жұмсады патша апасы тез бұйырып. Нұғыман мен дәрігер екеу отырғанда Есіктен тағызым етіп, келді кіріп. Отырды амандасып, жөн сұрасып, – Дәрігерлік етіп жүрміз ақылдасып. – Бар еді қолымызда сырқат адам, Беріңіз, дәрігер, соған кітап ашып. Сұрады: – Науқасыңның аты кім?– деп, Молла да сұраған жоқ ойламай тек. «Аты Нағым» дегенде Нұғыман талды. Шын ғашық шыбын жаннан күдер үзбек. Бетіне дәрігер септі гүлдің майын, – Берді, – деп, – толған[ға], бір Құдайым. Бұған бола мен еріп жүрмін, – деді, Білдірмей келген қызға жігіт жайын. Ойлайды Қаһария «бар,– деп,– сұмдық, Айырылған ғашығынан бұл бір мұңдық». Ойына осылайша күмән қылды, «Білдірмей айтты ғой,– деп,– маған қулық». Дәрігер кітап ашып, берді жауап: – Бақытты адам екен, өмірі ұзақ. Бір дәрі қазір берсем жазылады, Етейін бейшараға үлкен сауап. «Дәрі» деп, қызға берді бір сауыт май, «Соны ішсе, шипа қылар Жаппар Құдай». Аузына Нұғыманның мөрін басты, Бермеске басқа адамға олай-бұлай. Мөһірін ғашық жардың берді басып, «Ішсін! деп, қыз дәріні аузын ашып». «Келдік!» деген сөзі бар мөр ішінде, Білсін деп ишаратты екі ғашық. Апарып Нағиманға мөрді берді, Жарының мырза Нұғыман атын көрді. Қанаттан қаза тауып ұшқан құстай, Құшақтап, талып кетті, жатқан жерді. Жатқансын бір сағаттай есін жиды, «Аһ» ұрып, көзден аққан жасын тиды. Қасында Қаһария – данышпан қыз, Сұрайды Нағиманнан жай мен күйді. – Ей, қонағым, замандас жасың құрбы. Беріпті Алла сізге зат пен нұрды. Бір жігіт сізді айтқанда талып кетіп, Жатқансын бір сағаттай жаны кірді. Сіз де қазір талдыңыз мөһір көріп, Жаным ашып, сұраймын, ішім еріп. Хақиқат сырыңды айтшы бастан-аяқ, Жарыңа жолғастырам ертіп келіп. Ақ болысып, іздейін мен намысты, Екеуі Құдайды айтып, серт алысты. Бастан-аяқ сөйлейді Нағым сұлу, Құжаз залым себепті болған істі. Сонда Нағим көзінің тыйды жасын, – Әуреге түсіп еді менің басым. Жасырмайын, сөйлейін бастан-аяқ, Түсіп тұр, Қаһария, ықыласың. Сол жігіт өзің көрген жарым еді, Жасымнан некахлап алып еді. Айырып ғашық жардан осылайша, Айналып мені қырсық шалып еді. Басында үйден шықтым кемпірге азып, Өткізді залым Қожаз қағаз жазып. Мыстан кемпір алдаумен алып барды, Обал барма көтіне қақса қазық. Жаны ашып Қаһария жылайды зар: – Сіз үшін жаным пида, болсын құмар. Сабыр ет, Алла берер тілегіңді, Жақсылық, иншалла, күнің туар. Жарыңа жалғастырам қазір барып, Деді де қыз үйіне кетті қалып, Бір қатар киім алып Қаһария қыз, Қасына Нұғыманның келді салып. – Ей, мырза, қайта келдім сізге,– деді, Жарыңыз шынын айтты бізге,– деді. Әуелде жалғыз Алла аққа жақын, Алладан үмітіңді үзбе,– деді. Ей, мырза, енді Аллаға сиын!– деді, Болмайды, жолығуың қиын,– деді. Ертіп барып жарыңа жолғастырам, Сіз енді қыз киімін киін,– деді. Білмеді сенбесін де-сенерін де, Біле алмай не деп жауап берерін де. «Тәуекел» деп бекінді Нұғыман мырза, «Бұл қыздың көрейін,– деп,– өнерін де». Киінді қыз киімін нұры балқып, Бұлттан шыққан айдай тұрды шалқып. Тал түсте қыз форымда алып келді, Жеткізер анық досқа қолын артып. Сарайға бұлар келді, адам білмес, Жасы бар жиырмада қыз әділдес. Көңілінде мақсаты жалғыз – ғашық, Дүниеде басқа мұрат бұлар сүймес. – Есікте мен тұрайын күзет қылып, Сезбейді ешбір адам сізді біліп. Санап жүріп тастаңыз тоғыз есік, Сарайға дәл оныншы баршы кіріп. Сол үйде отырады Нағым жарың, Тарқайды, иншалла, қайғы-зарың. Ұрықсатсыз үстіңе жан кірмейді, Тарқайды көргеннен соң бар құмарың. Есікте Қаһария қыз тұрды дейді, Ілгері Нұғыман мырза жүрді дейді. Қуанған мен қорыққан бірдей екен, Буыны қуанғаннан құрыды дейді. Соны ойлап келе жатыр есі шығып, Насихат қыздың сөзін алған ұғып. Не жақсылық кез болар, не жамандық, «Азар болса күйермін пәле жұғып». Қосылған күні бұрын дәурен сүріп, Буыны кейде бекіп, кейде құрып. Ұмытып бір есікті артық санап, Сарайға он бірінші барды кіріп. Қараса алтын сарай жалт-жұлт қаққан, Жігітке не кезіксе маңдай бақтан. От емес, иә су емес сағымданар, Басқа нәрсе үйде жоқ алтын тақтан. Түрлі сарай гауһармен шағылысқан, Жат сарай, Нұғыман сорлы жаңылысқан. «Неде болса тақытқа отырайын, Қайта шықсам, көреді тағы дұшпан». Таң көрді есі шығып алтын үйді, Келді де таққа таман есін жиді. «Алла!» деп алтын таққа отырып ед, Әркеннен неше түрлі тартты күйді. Күңіренді күймен бірге үйдің іші, Қуырылды қорыққаннан жігіт түсі. Машинесі сырнайдың тақытта екен, Ән болып кетті үйдің іші-тысы. Бір қатын шыға келді алтын үйден, Малынып үсті-басы асыл киген. Ұйықтап жатқан патшаның апасы екен, Бек шошып ояныпты тартқан күйден. Келеді жер тебініп, ашуланып, Қылышпен тастайын деп басын алып, «Әдепсіз хайуандай неткен жан!» деп, Келеді қаһарланып, көзі жанып. – Әдепсіз хайуандай не қылған жан? Ажалын қанға шөлдеп сағынған жан! Маңымды рұқсатсыз баспаушы еді, Жұрт болып халифаға бағынған жан. Сұрады жетіп келіп: – Неткен жансыз? Ашумен өлтіруім еш күмәнсыз. Тақтан түсіп, тік тұрып қол қусырды, Қараса, ай сипатлы бір сұлу қыз. Апасы халифаның сондай зерек, Көрмеген асыл адам түрі бөлек. «Сұрайын жұмсақ сөзбен,– деп ойлады, Бұл үйде бір қажеті болса керек». – Жөніңді айт, ей, шырағым, жүрсің нағып? Жұмысың бар секілді тұрсам бағып. Түрің жақсы бір адам көрінесің, Өзіңді білмей тұрмын, белгі тағып. Сонда жөнін сөйлейді жігіт пақыр, Табылмас шынын айтпай сөзден ақыл. «Баласы Ғабдолла бай Нұғыманмын» деп, Сөйлейді бар ахуалын әуел-ақыр. – Жарымды Нағым атты ұрлап алып, Халифаға сыйға берген Қожаз кәпір. Балмен тауып анығын, қазір біліп, Бұл дәрігер менің үшін келіп жатыр. Падиша әрне қылсаң көрдім мақұл, Бойымда қорқып едім қалмады ақыл. Ғашық үшін жанымнан үміт үздім, Ей, тақсыр, жайым осы, мен – мүсәпір. Балқыды хан апасы майдай еріп, Айтқанын разы болды бәрін теріп. «Күйзелген нақақ іске адам ғой» деп, Тақытқа отырғызды рұқсат беріп. – Жүрмей ме Алла ісіне пенде көніп, Шам-шырақ қайта жансын қалған сөніп. Опасыз залым, шайтан – Құжаз кәпір, Айырған ғашықларды екі бөліп. Құжазды құтыртқан ғой ләпсі желік, Болған соң падишалық өзінде ерік. Жетерсің арманыңа, сабырлық ет, Кетпессің жарыңды алмай мұнда келіп. Нұғыманды сарайына ертіп жүрді, Екенін анық ғашық енді білді. Хақиқат анығына көз жеткенсін, Екеуін рұқсат етіп қосады енді. Қосылды екі ғашық мауқын басып, Аз күні бейнетпенен жүрді жасып. Адамның айырғаны дәнеңе етпес, Әуелден қосқан Алла шыны нәсіп. Тартады Нағым сұлу сырнай-керней, Бір мәжіліс басталды қарап тұрмай. Сырнаймен Нағым әнге басып еді, Неше бұрап сала алмас бұлбұл сондай. Адамға бес уақыт намаз ғадет, Аллаға пәнде сөйтіп қылар қажат. Халифа сол уақытта тысқа шықты, Оқуға намаз бесін, етіп таһарат. Ән шықты халифаның сарайынан, Басқа әннің сұлу болды талайынан. Қолына құмған алып, тысқа шығып, Сарайдың ән тыңдайды маңайынан. Көрінед күй сырнайдың дауысы ашық, Ондай әнші көрген жоқ тіпті машық. «Кірейін мәжіліске» деп ойлады, Халифа ән тыңдауға болды ғашық. Халифа сыртта тұрып есік қағар, Апасы бұйырғанша рұқсат сұрар. Ойынға халифаны «кірсін!» дейді, Жас адам мәжіліске болар құмар. Нұғыманды бір сарайға қашырады, Көрсетпей халифадан жасырады. Халифа мәжіліске отырғансын, Нағиман онан да әнді асырады. Мың бұрап, жүз құбылтып, сылдыратып, Халифа тамашаға қалды батып. Барша қыз халифаға шарап сұнды, Күледі шарап ішіп езу тартып. Қойғызды патша апасы өлең-жырды, Бастады халифаға біраз сырды. – Көп әйелмен таласқан бір сөзім бар, Халифа билік айт! – деп кеңес құрды. Бір қатын әңгіме айтты маған,– деді, Бұл сөзім бұрынғы өткен заман,– деді. Бұрынғы өтіп кеткен замандарда Болыпты бір бай өткен адам,– деді. Бай екен заманында болып өткен, Бай екен патшаларға қолы жеткен. Бар екен әлгі байдың жалғыз ұлы, Саудамен сол заманда сапар кеткен. Баласы асқан сұлу болған нұрлы, Жарлыға жәрдем еткен неше түрлі. Бай екен өзі жомарт, атасы да, Мың сомды көрмейтұғын тиын ғұрлы. Баласы кең пейілді болған дана, Халқына жастайынан болған пана. Нұры тең бір перизат қыз әперген, Ғашықлық арасында бар нышана. Бір кемпір сөзбен алдап, айтып жалған, Жігіттің әлгі жарын ұрлап алған. Өткізген өзінен зор халифаға, Тұтқын боп, ғаріп қатын сонда барған. Артынан іздеп келген алған жары, Мәлім боп көп адамға мұның жайы. Қосылған өз жайына лаж тауып, «Дидарын көр» дегенсін бір Құдайы. Падиша келіп қалып ашуланған, Көргенсін қыз бен жігіт түрін жаман. Қызға да, жігітке де ақырады: «Басыңа салайын, – деп, – ақыр заман!» Басталды бір жиында осы кеңес, Сөз тәкәсіп сол жерде еттік егес. Олар айтты: – Падишаның өзі алад,– деп, Мен айттым: – Патшаға ләзім емес. Жігіттің өзі алад, – деп мен сөйледім, Шариғат жолыменен тең сөйледім. Көнбеді айтқаныма көп әйелдер, Сөз қуып онан кейін мен көрмедім. Ойлап ем: «бір мәжіліс құрайын,– деп, Сабыр қып оған дейін тұрайын» деп. Осының әділдігі қалай болар, Өзіңнен ойлап едім сұрайын?– деп. Халифаның жауабы: – Орнында Пайғамбардың халифалар, Әділдік жөнге көшпей, қайда барар. Шариғат әмірінше неке қиып, Өзіне қайта апарып қосса жарар. Дарға [асуға] жарайды залым бекті, Лайық сонан алса тәмәм кекті. Алдаған халифаны жалған сөзбен, Өткізген адам ұрлап қандай епті. Бұларға ашу керек адам жаны, Белгісіз кімді айтып отырғаны. Өз қызымдай ұзатып берер едім, Қосса, егер, харам жолға халифаны. Апасы бұл билікті отыр тыңдап, Сөзін айтып болғанша әзер шыдап. Апасы халифға: – Құлдық!– деді. Осыған билік айттың мені бұлдап. Жарасар әділ билік нағыз ханға, Абырой, атақ келер меһрибанға. Шақырып бір қонақты келтірейін, Сұлтаным, ей, халифа, сөзден танба. Кешегі қолыңызға келіп жатқан, Тұтқын боп Бағдаттың дәмін татқан. Келіні Ғабдолла бай – Нұғыман жарын Ұрлап ап, Құжаз залым сізге сатқан. Қайғысын өзің көрдің басындағы, Ағызған екі көзден жасын дағы. Нағымның іздеп [жүрген] жолдасы екен, Кешегі балгердің қасындағы. Халифа, бұған айттың өзің билік, Қожаздың қорлығына біз де күйдік. Ендігісін білерсің, тақсыр, өзің! Ишарат бұл сөзіме болдың жүйірік. Айтып тансаң, тағы да өзіңіз біл, Бейшара екі ғашық халі мүшкіл. Қайғылы ғаріплердің халін аяп, Бұларға, тілімді алсаң, мархабат қыл. Қыз етіп, Қаһария жәрдем қылған, Ғашықлар бір көруге арман қылған. Қыз киімін кигізіп алып кепті, Сарайда біреу көрдім жалғыз тұрған. Басында қалып едім ашуланып, Сұрадым жұмсақ сөзбен түрін танып. Барлық сырын сөйледі, Аллаға аян, Шат болдым естігенсін мейрім қанып. Бейшара екі ғашық – Нұғыман – Нағым, Өзіңе қайта қонды тайған бағың. Хан қайтып жауабынан қара болмас, Уақыты ғой бір жақсылық көрер шағың. Сонда халифаның апасына берген жауабы: – Емшектес әділ апам, бірге туған, Дінің берік, шариғат жолын қуған. Айтқан сөзден тануға ләзім болмас, Белімді мен де сіздей бекем буғам. Рұқсат, екі ғашық қосылыңдар, Ұялмай енді бірге отырыңдар. Етейін қияметтік өкіл күйеу, Істепті бек жауыздық залым бұлар. Шақыртып алдырады Нұғман ерді, Халифа қыз бен жігіт түрін көрді. Ісінің анығына көз жеткенсін, Халифа екі жасқа рұқсат берді. Ол күні той басталды, ойын-сауық, Жай болды қыз бен жігіт рахат тауып. Халифа зор мархамат сөз айтқансын, Ғашықлар енді неден етсін қауіп. Ұзатты қызындай қып сұлтан Нәзір, Көп жасау қазынадан қылды һәзір. Халифа ашуланып арам іске, Құжазға осылай деп қағаз жазар. Құжазға ашуланды жаман қатты, «Мені алдап, бір қатынды неге сатты». Тайғызып орнынан, дарға аспақ [боп] Қолына Нұғыманның берді хатты. Жазалы қылды жолдан адасқанды, «Бұл кәпір оңдырмас!– деп,– жанасқанды. Сайласын бас уәзір Нұғыман мырза, Қасында кітаппенен бал ашқанды. Орнына айтқан сөзім келсін,– депті, Хүкімін шариғаттың көрсін,– депті. Дарда қорлықпенен Құжаз өліп, Нұғыманға патшалығын берсін,– депті. Кемпірдің терісіне сабан тықсын! Жолына әділеттің сенсін!– депті». Осылай қайтып келді екі ғашық, Жол бойы қуанышқа көңілі тасып. Жарлығын халифаның жариялап, Құжазды өлтіріпті дарға асып. Кемпірді ұстап алып, тірі сойды, Кеудеден жаны шықпай, көзін ойды. Серейтіп терісіне сабан тығып, Тоғыз жол торабына іліп қойды. Нұғыман, Құжаз өліп, патша болды, Биледі әділдікпен оң мен солды. Осылай залым патша қаза тапты, Шен алмақ халифаға артып қолды.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.