Қисса Баһрам

Бисмиллаһир рахманир рахим Бастайын сөзді бастап бисмилладан, Соңыра хамд салауат жаздым сєлем. Мақам, жақсы бір қисса сөйлейін деп, Бастадым, Алла жәрдем берсін маған. Ал тыңла, Баһрамнан сөз келеді, Кетпейді жастайым[нан] әсер мәнді. Әкесі Үлгаш хан, өзі – патша, Мықты тұрған билері Үрім шаһары. Үшбу қисса тыңласаң «...

Kazakh
Қисса Баһрам
Бисмиллаһир рахманир рахим Бастайын сөзді бастап бисмилладан, Соңыра хамд салауат жаздым сєлем. Мақам, жақсы бір қисса сөйлейін деп, Бастадым, Алла жәрдем берсін маған. Ал тыңла, Баһрамнан сөз келеді, Кетпейді жастайым[нан] әсер мәнді. Әкесі Үлгаш хан, өзі – патша, Мықты тұрған билері Үрім шаһары. Үшбу қисса тыңласаң «ер Баһрам», Сөйлейін баян қылып бәрін тамам. Өтіпті отыз үш мың сахабалар, Тұрады кімің мәңгі үшбу жаһан. Ерлігі Баһрамның жаннан асқан, Бір-бірлеп баян қылсам һәрбір бастан. Өтіпті бізден бұрын жеті ғашық, Бәрі де нәсіп айлап душарласқан. Һәр түрлі адамзатта болған қиындарлық, Күй бар ғой ғашықтар да қанша түрлік. Мехнаттың жолын көріп қосылыпты, Ол Зылихаға тағы да Жүсіп сыдық. Екінші, ғашық болған Ләйлі – Мәжнүн, Ойласам боз-байға етпейді құйын. Заманыњ жылдан-жылға құбылады, Япырмай, қыз-бозбала солды күйің. Үшінші, ғашық болған Ғабділмәлік, Адамзат көп қырылды жолда өліп. Атасы – Шаһбал пері Ирамбақта, Қосылады Сақыпжамал көңілі тынып. Төртінші, ғашық болған ол Зияда, Жандырған ғашық отын Құдауанда. Хорлыны мұратына жетіп алған, Солардан мирас қалды талай жанға. Бесінші, Ғайынжамал батыр ханнан, Таратамыз сөйлеп-ақ құлақ салсаң. Пәридің екі бірдей қызын алған, Болады кімнің пәни үшбу жаһан. Алтыншы, Құсайын ғазы – Шаһарбану, Қосылған екі асылзат меһрибану. Отыз үш мың асхабтан алған таңдап, Сөзлері ең хирабат, бек заһирлу. Жетінші, ғашық болған ер Баһрам, Өз әкесі Үрімде, Үлгаш хан. Мекені – Кіші ханның Үрім шаһар, Дұшпандар пар келмейді қылса қаһар. Байлығы бұ дүнияға жетер болып, Жеткізген мұратына Пәруардигар. Үрімнің сыйлы құрды падишалық, Құдайдан бала сұрап айтты зарлық. Бала үшін һәр тарапқа шашты малын, Түседі Кіші ханға һәрбір тарлық. Садақа үлестіріп, шашты малын, Зарланып, бала сұрап шықты жалын. Кіші хан жасы келді сонда қырық, Тағдырда жазған шығар Зүлжалалым. Болыпты талай патша бұл арабта, Кішідей һәрбіреуі шар тарапта. Бір ханнан болған бекзат салтанатты, Жүргізген мыңлар әскер, жүз карабта. Дәулеті аныңдағы жан бітпеген, Тақтында бір өзіндей хан бітпеген. Бір өзінің билегені жеті түрлі ел, Жарлығын [басқа] патшаның менсітпеген. Кіші хан заманында тең болыпты, «Тыңламасын одан басқа патша» депті. Тоты құс, бұлбұлы көп бау-шарбағы, Бір өзін отыз мыңдай нөкер күтті. Асыпты талай ханнан салтанаты, Дәулеті бейниһаят, Кіші атты. Әнбие, мұрсалдардың жолын қуған, Мұртаза Шаһимардан арғы затлы. Билейді халқын жақсы әділдікпен, Қымбатты бұл жүргізген әр түліктен. Құдайым дәрежесін артық беріп, Жаралады өзі асыл, қара көктен. Мың сарай салдырыпты безендірген, Ішінде тоты сайрап түзендірген. Қақпасы тоғыз есік зүбәржаттан, Жүз кісі қарауылшы күзеттірген. Шарбағын жасатыпты меруерттен, Жаралған арғы заты лулу нұрдан. Тұрағын «Үрім шаһар» деп айтады, Әлі һеш болмайды мұндай қорған. Елін хан болыпты жақсы көрген, Сайранда сансыз әскер қасына ерген. Алса да қанша қатын бала көрмей, Үрімде үш жүз түйе нияз берген. Елінде әділдікпен қылды жарлық, Пенденің жаман емес қолда барлық. «Иесіз, өлсем, тақтым қалады» деп, Құдайдан бала сұрап, қылды зарлық. Бір бала нәсіп етті бар Құдайым, Тарқалды қайғы шер мен сары уайым. Ат қойды баласына «ер Баһрам» деп, Сөйлейін һәр тарапқа ғашық жайын. Кіші хан жамиғаты бір ұл тапты, Той қылып, жамағаттар атқа шапты. Молдалар атын қойды «ер Баһрам», Пақыр менен мүсәпірге гауһар шашты. Сауық қып һәр тарапқа қылды тойды, Қайғы мен қасірет отын бәрін жойды. Бес жасқа сонда келді ер Баһрам, Ойлайды зиһіні мол һәрбір ойды. Баһрам сонда келеді алты жасқа, Сайрайды сандуғаштай тас қапаста, Кішіден артық туған, ақылы дана. Тасиды Ніл дариядай, ойы басқа. Молдаға оқытуға алып барған, Оқыды неше жылды ғылым кардан. Өнері күннен-күнге артық болып, Көрген жан зиһініне қалды қайран. Баһрам сонда келді он екі жасқа, Бек ғалым, молда болды өзі басқа. Тәурат, Забур, төрт кітап жатқа алып, Сыймайды сипат қылсам қалам хатқа. Болмайды ондай бала адамзатта, Жайылды өрнек шашып һәр тарапқа. Жүзі болып он төртінші туған айдай, Құдайдың кім таласар берген баққа. Ұстазы ер Баһрам қойған атын, Һәм оқып жәлалымен қылды хатым. Һәм өзі шарапатты, ақылы дана, Өзінен ғылым өтпес болды ахун. Ер Баһрам мешітке бір күн барды, Ғылымдық дәрежесін жетіп алды. Бас болды жүз балаға өрнек шашып, Халыққа фариад әйлап, афған салды. Күніндей қияметтің ғауға толып, Көрсетті халыққа түзік жолды. Баһрам ой ойлайды сондай ісі, Ұстазы шәкіртіне айтқан дәрісі. Бәдан мен ғылым, қисап оқығаны, Не түрлі наху кармен салған жарыс. Нахуден сабақ алды Баһрам бала, Ғаріп болып хақ дін ісін жадына ала. Ақаид, мәнтақ, сәлму, тәпсір оқып, Мүдәррис болды Баһрам бара-бара. Ерлігі Баһрамның жаннан асқан, Дұшпандар нашар жерден қылды қастан. Туғанда заты жолан асылзада, Сарѓайды сандуғаштай түсі қашқан. Ер Баһрам Кіші ханнан артық туған, Бұрынғы әнбияның жолын қуған. Қасына қанша әскер – нөкер алып, Сауық қып сахарада сейіл құрған. Мал сойып һәр тарапқа тойлар қылды, Асырды өрнек шашып һәрбір түрлі. Түзеді күннен-күнге зипа бойын, Үстіне кафтан киді, бадал қырды. Күніндей қияметтің ғауға толды, Көрсетті халайыққа түзік жолды. Анадан артық туған бір кемеңгер, Басқарды парасатпен һәрбір жолды. Күйлегенде (Күй тартқанда) гүл қойыңдар табақ-табақ, Үйренді найза, қылыш, мылтық, садақ. Ойынға ғаламдағы ұстаз болып, Жасынан зеректіктен қылды талап. Үйренді ат өнерін астын-үстін, Хайланың жанға керек һәрбірісін. Гулейді қапастағы ақ сұңқардай, Жаһанда бола бермес ондай һешкім. Сахараға ер Баһрам бір күн барды, Қасына бір мың нөкер ертіп алды. Жасынан бір талапкер, ақылы дана, Көрген жұрт, жамағаттар қайран қалды. Құдіретпен жалғыз тұлпар пайда болды, Ер Баһрам ойын ойнап, атқа мінді. Біразырақ ойын ойнап жүріп еді, Көрсетті қанша өнер жүз мың түрлі. «Аң аулайым» деп бір күн жалғыз шықты аңға, Көрді де бір киікті қалды таңға. Безенді гауһар таспен үсті-басын, Ұмтылады «салайын!» деп батыр санға. Көрінді мұнарланып бір үлкен тау, Жын, пері – неше түрлі қаптаған жау. Жөнелді қарсы алдынан алтын киік, Жете алмады, ер Баһрам болды тақау. Ол таудың киігі тағы кез келеді, Баһрамның ойынына тап болады. Киікті ер Баһрам қуып жүріп, Бір тамға киік келіп жоғалады. Ер Баһрам һәр тарапқа салды көзін, Қызартты қайғыменен нұрлы жүзін. Аялдап бес мың әскер, жалғыз қалды, Зар қылады жолдасына басқан ізін. Бір шаһар көрінеді жасыл жауһар, Кірпіші – лағыл, жақұт, өңшең гауһар. Адамзат мұндай шаһар салған емес, Жарығы күндей жарық, оттай саулар. Таласқан аспан-көкке үлкен шаһар, Жаққаны көшесіне лағыл фанар. Тас болат безектеніп, торға толып, Нөкері әскер ойнап падишалар. Көрінді неше түрлі жеміс ағаш, Зүбәржат, лағыл, інжу – һәртүрлі тас. Тойғалы һәр тараптан шәрбат ағып, Ер Баһрам қызығына болады мас. Қызығы боладының бәрі сонда, Зағыпыран топырағы Құдауанда. Көрінді киік болып мұнарланып, Жарқылдап нұр төгілді Гүләндамға. Махфұзда жазған екен Хақ Тағала, Ер Баһрам-Гүләндамға тауысер сана. Зарланып күңіренеді бау-шарбаққа, Анадан ақылы артық туған дана. Жерінде һәрбір түрлі болады аң, Ер Баһрам аны көріп қалады таң. Қасында еріп шыққан бес мың әскер, Алыстан бұрқылдаған көрінді шаң. Ол шаңның көрінгені үш күндік жер, Қаптады аны көріп өңкей нөкер. Жете алмай бес мың әскер қалыпты ғой, Ер Баһрам мінгені тұлпар, ол – жаћангер. Жөнелді тұлпарменен жалғыз қуып, Һәр жерде қас та қылды кәпір сұмдық. Ер Баһрам ол тұлпармен салды қимыл, Мисли үш түн-күн жүрді жарты жылдық. Ол шаңға бір уақытта келіп жетіп, Ер Баһрам қарап тұрды есі кетіп. Жарқырап аның нұры көкке шықты, Нұры екен Гүләндамның жарқ-жұрқ етіп. Ол шаңға ер Баһрам жетіп келді, Бір сағым мұнарланған киік көрді. Ол сағым Гүләндамның нұры екен, Ер Баһрам туған айдай нұрын көрді. Ол киік сағымданып жарқ еткен, Зарлатып көп адамды әуре еткен. Тұлпардан дүниядағы аң құтылмас, Ер Баһрам «аламын» деп үміт еткен. Ол киік һәрбір түрлі құбылады, Ер Баһрам есі кетіп домалады. «Махфұзда, Қадір Алла, жеткізгір» деп, Баһрам ғазиз жанын пида қылды. Үстіне мінген тұлпар жәрап алды, Құтқармас дүниядағы қуған аңды. Ерлігі Баһрамның жаннан асқан, Бойына теңгермейді мың мен санды. Мінгені өзі тұлпар болған сирек, Салады дұшпандарға һәр түрлі ерек. Құдіретпенен пайда болды ер Баһрамға, Тағдырда жазылыпты ол бір керік. Құтқармас қуған аңды дүниядағы, Гүләндам[ның] нұрланады шам-шырағы. Тағдырда жазған шығар Зүлжалалым, Зарланды «Гүләндам» деп, қапаланды. Гүләндам – алтын киік түсті көзге, Баһрамның жолдасы жоқ Хақтан өзге. Ер Баһрам тұлпарменен салды қимыл, Жолығар да түрлі халдер жапан түзде. Бұл жолығар неше түрлі дұшпандарға, Һәр түрлі бәле көрер бұл сапарда. «Бір медет өзің жәрдем єйламасаң, Құдай-а, душар қылма пейілі тарға». Ер Баһрам бұл сапарда салды қимыл, Тұлпардай дүбірі шыққан мінді дүлдүл. Сабыры һеш қалмады тақат тұтпай, Гүләндам – алтын киік – бір қызыл гүл. Қосылып сағат сайын нұрға толып, Ер Баһрам зарланады қайғы солып. Қан жұтты «Гүләндам» деп қайғыланып, Бір күнде нөкер жүрген қасы толып. Көрмеді Гүләндамның нұр дидарын, Қорқытты ер Баһрамның ынтызарын. Жолында неше түрлі көрді азап, Тағдырда жазған шығар Зүлжалалым. Ерлігін Баһрамның айтып болмас, Баһрамға қарсы келген дұшпан оңбас. Сарғайып тақат тұтпай қапаланды, Ер Баһрам ғашықтықтан сабыры қалмас. Қаңғырды жапан түзде бір қыз үшін, Қайғылы Баһрамдай болмас һешкім. Қайғыменен сырты қапа, іші – жалын, Шерменде қасіретпенен жықты түсін. Ер Баһрам күңіренеді бау-шарбаққа, Сыйынды зікір етіп жалғыз Хаққа. Кез болды Баһрамға алтын сарай, Көз салды пердені ашып, алтын таққа. Торғындай үлбіреген ақ тамағы, Қосылар тоқсан түрлі алтын тағы. Жаны жоқ қарап тұрса, құр сурет, Сықылды және ұжмақ Ирамбағы. Ішінде алтын, гауһар қанадил жанып, Жеткізген мұратына, иә, Раббым Хақ. Ғашық боп «Гүләндам» деп, көп жан өлді, Дұшпанды қойдай қырды, қылып қасап. Құдіретімен пайда болып жазылыпты, Бұрыннан заты болған бір қалыпты. Жаны жоқ қарап тұрса, құр сурет, Балқытып Гүләндамға нұр толыпты. Гүләндам күллі жанды қылды қапа, Ер Баһрам аның үшін көрді жапа. Айырылды бір қыз үшін ата-анадан, Ақырда мұрат тауып, көрді сафа. Жайнаған көгершіндей шешілген тор, Таласқан аспан-көкпен бек үлкен, зор. Сылдырап һәр тарапқа шәрбат ағып, Күн торда жатып алған бір бейне хор. Гүләндам алтын киік жатып алды, Ер Баһрам сөйлесе алмай қапаланды. Қосылып сағат сайын нұрға толып, Ер Баһрам үлкен торға жетіп барды. Ер Баһрам «сөйлеселік» [деп] жетіп барды, Бұ дүния теңгермеді мың менен санды. «Бір жәрдем, бізге рақым болар ма еді», Күн торда жатып алды шам-шырағы. Нұры екен Гүләндамның алтын киік, Адамзат кетер емес көзі қиып. Ер Баһрам ғаріп жанын қылды пида, Жүреді амалы жоқ іші күйіп. Сырты – алтын, өнебойы жарқырайды, Гауһардан, күміспенен бау-шарбағы. Ішіне қарап тұрса, һеш адам жоқ, Құбылар тоқсан түрлі алтын тағы. Айырылып киігінен қалды зарлап, Шарбаққа кіріп барды атын байлап. Ер Баһрам ол шарбақта біреу көрді, Алтын тақтың үстінде тұрған жанып. Ол үйдің есігі – алтын, жарқырайды, Ер Баһрам «неткен үй?!» деп қалтырайды. Сыйынып бір Құдайды аузына алып, Ер Баһрам «Ия, Алла» деп, үйге кірді. Ер Баһрам сол киікті қуады енді, Айырылып бес мың әскер қала берді. Соңынан кешіккен соң қуып жүріп, Адасып күн батқан соң қалады енді. Кетіпті адастырып киік онда, «Келмей ме Құдай айдап мені мұнда. Әскерді қайтсемде-ай таба алмаймын, Бір Құдай, Пәруардигар, өзің оңдар». Ер Баһрам жанына алған бес мың әскер, Мінгені Баһрамның өзі тұлпар. Айырылып жолдасынан болды қапа, Күн-күнде неше түрлі қайғысы бар. Айырылып көп жолдастан, болды жұда, Бастайды һәрбір жолға падиша Құда. Жолында Гүләндамның көріп мехнат, Жолығар неше түрлі кәпір сұмға. Бір жерге ер Баһрам жетеді енді, Көңіліне қатты қайғы батады енді. Ер Баһрам енді жатпай қайда барсын, Бір заман таң сарғайып атады енді. Кетіпті адастырып мұны Құдай, Айырылып көп жолдасы қалды жылай. Алдында таң атқан соң тау көрінді, Жүреді амалы жоқ соған қарай. Көрінді тау жанында алтын сарай, Ер Баһрам қадам басты оған қарай. Киік боп қосылады қыз Гүләндам, Безектеп шешек атқан бір қозадай. Қалмады көргеннен соң тақат, сабыры, Болмады Баһрамның ћеш зәбірі. Көрген соң ғашық болды тақат тұтпай, Қиылады «Гүләндам» деп ынтызары. Есіктен төрге қарай қадам жүрді, Үстінде алтын тақтыњ бір қыз көрді. Қарады жан-жағына ер Баһрам, Көрінді қыз суреті неше түрлі. Жүзі нұрлы ол суреттің, тілі жағымды-ай, Аузынан шыққан демі сары майдай, Аяғы ақ күмістен, шашы алтын, Көзі гауһар ол қыздың мейірбандай. Ер Баһрам алтын тақтан көрді бір қыз, Ақ беті ай мен күндей, көзі – жұлдыз. Тақтында жатқан қызға сөз қатады, «Екеуіміз боп сөйлеселік сіз бенен біз». Ол қызды ер Баһрам оятады, Қасына жақын келіп сөз қатады. Жаны жоқ қарап тұрса, құр сурет, Ғашық қып Баһрамды зарлатады. Суреттен жазып қойған бір хат көрді, Тағы да зарлатты Баһрам ерді. «Көңіліңе алған жұмысты іздеп қара, Жетерсіңді талға талап қылсаң мені». Ер Баһрам ғашық болды енді қатты, Белгілі ғашықтығы жанға батты. Адам емес нәсілден сұрасаңыз, Айтайын ол суретті – перизатты. Ер Баһрам ғашық болды одан қатты, Іздерге түні-күні зарлап жатты. Ол жерде іздейін деп отырғанда, Ол үйде бір кәрі шал ұйықтап жатты. Есіктен ол кәрі шал кіріп келді, Келді де Баһрамға сәлем берді. – Бұл жерге аң жүрмеген, құс ұшпаған, Жолаушы, атың кім сенің?– деді. Шал келіп Баһрамға берді сәлем: – Келтірді мені мұнда Алла мәулам. – Жолаушы, атың арық, жүзің нұрлы, Нағып жүрсің, жөніңді айтшы, балам? – Жөнімді мен айтайын сұрасаңыз, Бір адаммын бейшара, өзім – жалғыз. Бір алтын киік қуып мұнда болдым, Кіші хан – әкем аты, тыңласаңыз. Жалғызы Кіші ханның – мен Баһрам, Кез қылды алтын киік мені саған. Осы үйге киік келіп, қашып кірді, Таба алмай сол киікті болдым аң-таң. – Бейшара, киік емес мұнда келген, Киік боп қыз періні айдап жүрген. Ғұмырың бойы қусаң да жете алмайсың, Құр сағым жапан түзде ұшып жүрген. Баһрамға шал айтады киік жөнін, – Жөнімді сұрасаңыз енді менің. – Жапанда жалғыз жатқан неткен жансың? Жөніңді мен сұраймын, шалым сенің. Баһрамға шал айтады: – Адамбысың, Қорықпайсың елден асқан қалдунбысың? – Жынбысың, перімісің, шайтанбысың, Мекен қып, тамам сонда жатырмысың? Шал айтады: – Баһрам-ау, пері едім, Ғаламды сауда қылып кезер ердім. Гүлстан шаһарына барып жүріп, Іздетіп Гүлстаннан алтын алдым. Қызығы бек тамаша ол шаһардың, Сипатын өлең қылдым Гүләндамның. Ұжмағы болады-ау бәрі сонда, Япырмай, қызығына жатып алдым. Падишасы Фағфур хан болады сол, Өз теңдесі патшадан ақылы мол. Дүнияның бар ғылымысын біліп алған, Қызы бар Фағфурдың асылы мол. Айтайын оның аты Гүләндам-ды, Көрген жоқ дүнияда һеш мұндайды. Ер Баһрам ғазиз жанын пида қылды. Көрген жан ғашық болып қаңғырады. – Гүләндам қыз дөкей пері емес пе? Гүлстан Ирамбағы жер емес пе? Ер Баһрам қуып келген сол киіктің, Бойында Гүләндамның нұры емес пе. Аның нұры киік боп қосылады, Жапанда талай жанды зар қылады. «Шырағым, осы сурет міне ғой» деп, «Мен оған ғашықпын» деп зарланады. Беті күндей, қасы айдай, көзі жұлдыз, Жамалы жаннан асқан Гүләндам қыз. Шошынып қасығы түскен жігіттей боп, Жапанда жалғыз мөңіреп біз жатырмыз. Қаңғырып қанша жылдар зарлық қылдым, Суретін асыл гауһар тасқа салдым. Отына ғашықтықтың күйіп-жанып, Қара тас суретіне көп алдандым. Зарланған соң салдырдым мұндай сурет, Көріп тұрсам, көзіме болар қымбат. Ел, жұртымнан айырылдым мұны сақтап, Ақылым жетпей жатырмын енді жүдеп. Мен салдым айдалаға сырлы тамды, Зарландым алайын деп Гүләндамды. Ол қыздан күдер үздім бұ жалғанда, Болмаса махшар күні алам, – деді. Баһрам да есітіп болады ғашық, Қалады ақылынан енді сасып. – Мен де іздеп барайын Гүләндамды, Шал, шығып маған енді жолын көрсет. Шал айтты: – Әй, Баһрам, сөзім тыңла, Кездесіп жын, періге өліп қалма. Арада, батыр, жындар толып жатыр, Байқамай, аңдаусызда ғапыл қалма. Жем боларсың соларға сен, әй, Баһрам, Тілімді алсаң іздеме,– деді,– балам. – Тым болмаса жазған болар бір Алладан, Құдайдың жазуына не-дүр шарам. Шалдың жырлағаны үшбу-дүр – Әй, Баһрам, ер Баһрам, Табылмас енді Гүләндам. Құр қиналар жан да жан, Гүләндамды-ай іздесең. Ата-анадан жолды асып, Бұл сапарға барасың. Іздесең де, ұрсаң да Періні қайдан табарсың. Қимай тұрмын мен сені, Ізде енді жаныңды. Арада пері, жындар көп, Гүләндамды алам деп, Бәле көрме сен,– деді. Іздеме құр сағымды, Гүләндамды іздесең, Алтын тақта табарсың, Ирамбағы жағында. Таба алмайсың ол қызды. Қимай тұрмын өзіңді, Киік болып Гүләндам Суретіні көргізіп, Неше сіздей жалғызды Соңынан ертіп жүргізді, Қаңғыртып жүріп өлтірген. Барсаң дағы қайт, жаным, Түбінде ала алмайсың, Айла мұныңға қыла алмайсың. Падишаң неше сіздей қаңғырып жүр, Сен де солай жүдерсің, ала алмайсың. Шал тағы осылай деп «барма» деді, Баһрамға бек қатты зарлайды енді. Арада жау-жарағы көп болса да, Амалын тоқтатудың таба алмады. Баһрам сонда жылады, «Қай етем, достым, дүнияда». Бұ сөзге мойын бұрмады, Суретін көріп қимады. Баһрам айтты: – Пері шал, Бұл сөзіме құлақ сал. Батаңды, шал, беріңіз, Разы болып, аман қал. Жанымды пида қылармын, Ол қызды енді білмесем, Гүләндамды алмасам, Қайтіп шыдап тұрармын. Суретін көріп түсімде, Қайғы бір түсті есіме. Қайғы бірлән қан жұтам, Іздемей көңілім басылмас. Дидарын қашан көрем деп, Жерін кімнен білермін. Гүләндамды алмасам, Дертке түсіп өлермін. Батаңды бер, кетейін, Алданып мұнда нетейін. Хақ Тағала жол берсе, Гүләндамды көрейін. Бір Құдайға жылайын, Көзім жасын бұлайын. Қай етейін көрген түсімді Және ішімдегі отыма Нешік хайла қылайын, Енді кімге жылайын?! Баһрам айтты: – Шал, көрсет жолын енді, Анық қылып, Гүләндамның жөнін енді. Шын көңілім іздемесем басылмады, Алармын тірі жүрсем енді,– деді. Болмасын Баһрамның біледі шал, – Бағымда өрік, мейіз жемісім бар. Неше түрлі қиын жол алдыңызда, Толтырып қоржыныңа азық ап сал. Шал байғұс Баһрамға көрсетті жол, – Қарағым, жолың болсын, қош аман бол! Аларсың, Құдай қосса, Гүләндамды, Жаратқан бір Құдайдың рахматы мол. Баһрам айтты: – Зар болғаш мен бір адам, Бола көр, шалым, енді есен-аман. Біздерге бата бер де, дұғашы бол, Келермін тірі болсам қайтып саған. Ер Баһрам бата алып, жүріп кетті, Ғашығы Гүләндамның жанға өтті. Шал берді қолын жайып жақсы бата, «Жүре бер, жолың болсын, балам» деді. Ер Баһрам жүріп кетті алыс жолға, «Барам» деп талап қылды перілерге. Жол жүріп бірнеше күн келе жатса, Перілер жолығады Баһрам ерге. Ер Баһрам ғашық болып күйіп-жанды, Зарланды «аламын» деп Гүләндамды. Мың құлаш ұзындығы бір айдаһар, Баһрамға айбат шегіп, ызғарланды. Мың құлаш ұзындығы кәпір залым, «Жұтамын» деп, Баһрамға салды аузын. Ер Баһрам айбаттанды мұны көріп, Көрсетті сол арада батырлығын. Ер Баһрам ғашық үшін «аһ» ұрады, Айдаһар аузын ашып жүгіреді. Құдайға шүкір қылды ер Баһрам, Көрген соң мінажат қып, зар жылады. «Құдайым душар қылды бір залымды, Ұрысып қалайын» деп ойланады. Көрсетті сол арада батырлығын, Ер Баһрам аждаһаға хайла қылды. Беріпті Баһрамға артық бақты, Болжайды жас та болса һәрбір жақты. Қамшыменен ашуланып салғанында, Бір асқан батырыңнан қолы қатты. Өлтірді ол залымды екі бөліп, Көңілі көтерілді ойнап-күліп. Бір жақсы сырлап қойған тамға келді, Ер Баһрам неше күнді тынбай жүріп. Ішіне сырлы тамның келіп кірді, Жасаған алтынменен бір бақ көрді. Ішінде қарап тұрса һеш адам жоқ, Шідерлеп атын отқа қоя берді. Жасапты күміс бірлән бау-шарбақты, Ішінде және көрді алтын тақты. «Нағылса да бекер бақ емес қой» деп, Алтын тақтың үстіне келіп жатты. «Бұл жерде атым тойсын тым болмаса, Кіреді қуатына көп оттаса. Адамзаттан бұл арада һеш адам жоқ, Алла, сақта пері мен жындар болса. Жанымды құрбан қылдық әуелден-ақ, Адамдікі емес қой бұл алтын тақ. Ұқсайды жын, перінің мекеніне, Жасаған алтынменен ол бау-шарбақ. Берер ме тілегімді «Алла» десем, Құдайға зарлық қылып, тілей берсем. Өлермін арманда боп мен бейшара, Бұл үйдің әсасын сөйлеспесем. Біраз күн атым тойса, болар дәрмен, Әсасын көрмей кетсем өлгенше арман. Ғашық боп, көрмей кетсем іздеген соң», Ер Баһрам осылай деп ойлап қалған. Ғашығы Гүләндамның жанға батты, Өзі – адам, бір міні жоқ, нұр сипатты. Тақыттағы Баһрамды көзі көріп, Сөйлесті шекер, шәрбат сөзі тәтті. Бір табақ Баһрамға ас әкелді, «Жесеңіз, қонағым» деп сәлем берді. Ер Баһрам қуаттанды ас ішкен соң, Қыз басымен еркекке сәлем берді. – Біздерде-ау ат сұрамақ деген сөз бар, – Әй, жаным, асықтырмай сөйле,– деді, Өзіңе Шаһарбәнді болдым құмар, Қызыл гүл, бұлбұлдай күйле,– деді. – Иесі осы бақтың кімдер?– деді, Көрмедім үшбу үйде жалғыз адам. – Қонағым, жақсы сөзді тыңла,– деді, Бұл бақтың асылдары – жындар,– деді. Өлім айдап келді ме сені?– деді, Қырылған мұнда келіп бейқисап жан. Адамзат тағы жетіп көп қырылған, Гүләндам киік болып мұнарланған. Мұнда келіп өлмеген кімдер,– деді. Зарланды «Гүләндам» деп бір ғаріп жан. Азырақ кеңес келер Сайфыр ханнан, Адамзат мұнда келіп көп қырылған. Сұрасаң аты Сайфыр падишаның, Билеген тамам жынды, өзі – палуан. Ол Сайфыр әскер алып кетті аңға, Бейшара, жолығарсың қиын жауға. Бұлардың ерліктерін сұрай берсең, Бір өзі мың кісілік кәпір жауға. Қызға айтты Ер Баһрам: – Көп сөйлеме, Оларды мен өлтірсем, өкпелеме. Оларды мұнша неге мақтай бердің, Кетеді бұл жауабың бекер желге. Шыдамас жаман жындар екпініме, Кетеді бір домалап текпініме. Әй, дұшпан, иман айтып, дінге кірші, Қадалар ажал оғы бір өзіңе. Алдыңа келген соң дертіңді жер, Кісінің етін жесін ол жаман, кер. – Пар келмес он сан кісі бір өзіне, Шақ келмес алтауына һеш пендегер. Тастайды сүйектерін құрт жегендей, Кез келер ажалды адам ондай ерге. – Мақтаған жындарды мен өлтірсем, Жүрдіңіз бойыңызға һеш теңгермей, Сен маған тұрамысың үйге бармай. – Қонағым, кез келдіңіз біздей ерге. Алтын қонағым-ау, бәрін де өлтір, Тоқтаңыз, біразырақ қазір келер. Нетейін, әлің келсе бәрін де өлтір, Орнына Құдай қосса, бәрін келтір. Кез келдің Құдай айдап үшбу жерге, Ер Баһрам батыр өзі мұнша ерге. Баһрам айтты: – Бұларды өлтірермін, Алтауын да иманға келтірермін. Иман айтып, мұсылман һеш болмаса, Бірін қолмай алтауын да өлтірермін. Қыз айтты: – Қойсаң тәуір, сіз арман тұр, Жындардың қарындасы үйінде отыр. Адамға ондай қыз жоқ біздің елде, Жетеуі қырық қызбенен ойнап отыр. Қызығы сырнай тартып, сауық қылып, Жорғаға қоңырау тағып, сейіл құрып. Жүреді бау-шарбаққа жегіп күйме, Тұрады әсемдікпенен мойнын бұрып. Ол қыздың жаннан асқан сәні,– деді, Бұл шаһар құрметтейді аны,– деді. Өзіңге жаным ашып айтып едім, Әй, жігіт, сөге көрме мені,– деді. Солай деп қыз үйіне жетіп келді, Алтауысын «келді ме» деп, ойына алды. Аспаннан дию, пері ойнап келіп, Жанынан қақпасының түсе қалды. Көрсе де ер Баһрамды ойламады, «Жер құрты мұнда жатқан кімдер?– деді. Бардағы басын кесіп алып кел!» деп, Інісін Жимаш деген жібереді. Ол Жимаш қуаттанып жетіп барды, Баһрамды тақта жатқан көзі көрді. Жамалына ер Баһрамның шыдай алмай, Жимаштың өне бойы қалтырайды. Дауыстап Баһрамды шақырады, Қайтуға ойлаған соң намыстанды. Күркіреп жетіп келді сол арада, – Кімсің– деп,– тақта жатқан?– ақырады. Басыңды алып, Сайфырға апарамын, Басыңды шапшаң көтер, ақымақ адам. Ол араны білмей-ақ жатырмысың, Болсаң да жеті басты басыңды алам. Адамзат, жындымысың тақта жатып, Басыңды алып, етіңді жермін тартып. Жіберді Сайфыр мұнда жарлық етіп, Қаныңды ағызармын жарқыратып. Баһрам мұны естіп мойнын бұрды, Ақырып, енді есіріп тақтан тұрды. Ашуы Баһрамның қатты келіп, Жимашқа ашуланып қарсы келді. Ер Баһрам Жимашқа жетті дейді, – Осынша саған ақырып нетті,– деді. Атым тойса, жүремін,– деп айтып салды, Адам етін жегендей кімсің?!– деді. Осыншалық ақырып тең табардай, Күркіреп, айдаһардай маған келдің, Жолықпай біздей ерге жүр екенсің. Жимаш естіп ол сөзді ашуланды, Сөзіне ер Баһрамның қатуланды. Бұрын ондай өктем сөз естіген жоқ, Жүрегі-ай ол кәпірдің оты жанды. Ал екеуі сол жерде ерегісті, Жігіттік істер болса кеңеседі. Сөзіне бір-бірінің шдалмады, Екеуі бейшаралар төбелесті. Ер Баһрам шыныменен ашуланды, Екеуі жаннан асқан палуан-ды. Ер Баһрам қайратына қатты мінді, Жимашты ашуланып байлап салды. Жимашты байлаған соң алып барды, Екеуін бұтағына таңып салды. Сайфыр да бір сұмдықты біледі енді, «Бұлар қайда кетер?» деп қайран қалды. Жоғалып бес інісі кеткеннен соң, Түбіне ер Баһрамың жеткеннен соң, Сайфырдың ашуланып өзі келді, Ер Баһрам иландырып айтпаған соң. Ол Сайфыр жетіп келді қайраттанып, Қойыпты бес інісін мықты байлап. Ақырды тақытта жатқан ер Баһрамға, Тақытқа жетіп келеді айбаттанып: Келген соң білмедің бе өлеріңді, Білмедің бе Сайфыр палуан екенімді. Тезірек тақтан түсіп, атыңа мін Көрейін енді асқан өнеріңді. Ер Баһрам мұны естіп, мойнын бұрды, Ақырып: – Не дейсің?– деп тақтан тұрды. Атқа мініп асынды жарағында-ай, Қылышын алып Сайфырға қарсы жүрді. Ер Баһрам да Сайфырға жетті дейді, Сайфырдың үлкен сөзі өтті дейді. Екеуі сөздеріне шыдай алмай, Сол жерде төбелесіп кетті дейді. Енді екеуі сол жерде ұрысады, Айғырдайын екеуі жұлысады. Бір-біріне екеуінің әлі келмей, Екеуі әбден шаршап тұрысады. Бір-біріне бола алмасын енді білді, Қылыш, мылтық, сүңгінің бәрі сынды. Ат үстінен бірі-бірін алмаған соң, Ақырып аттан түсіп күрес қылды. Сайфырдан сәл кішілеу палуан ерді, Ер Баһрам бір жұлқуға келтірмеді. Сайфырды алып ұрып, байлап салды, «Менім атым ер Баһрам екен» деді. Байлады алып ұрып алты жынды, Алтауын бірдей байлап, көңілі тынды. Ерлігін ер Баһрамның Сайфыр білді, Сайфырды байлағанын жындар көрді. Үйінде бар еді бір қарындасы, Жиылысып соған жындар жетіп барды. «Байлады-ай алты ағаңды бір адамзат, Ерлігін айтып болмас, өзі һайбат. Жалынып осы бастан ап қалмасаң, Өлтірсе, алтауына болар қиямет». Естіп мынау сөзді қарындасы, Көзінен тыйылмас екен ағып жасы. Бой ұрмай мың сан қолға жүруші еді, Жетпес-ау бір адамның шын қысасы. Қызметке қырық қызды ертіп алды, Жорғаға қоңырау тағып, күйме салды. Алтынлы шымылдықтың екі жағы, Жетіп келді қасына ер Баһрамның. Баһрам менен Гүләндам отыр еді, Бір күйме қоңырау таққан жетіп келді. Бір алтын шымылдықтың екі жағын, Қырық қыз ұстап келді һәрбір бауын. Құдайым душар қылды мұндай қызды, Қосады бірге жүріп асыл шағын. Сол қыздар Баһрамның қасына кеп, Әкеледі Баһрамның алтын тағына. Қыз айтты Баһрамға: – Кімсің өзің, Неліктен алты ағамды нық байладың? Болады өзіңізге обалыңыз, Бұларды үшбу жерде байлап қойдың. Баһрам айтты: – Сөйлесейін сеніменен, Байладым алты ағаңды жөніменен. Пердеңді бетіңдегі жұлып тастап, Сөйлеші сонан кейін меніменен, Қыз естіп бұл сөзге даусы шықты: «Тарт,– деді қырық қызға,– шымылдықты», Жындардың қарындасы айдай болған, Баса кеп оң тізіне отырыпты. Қыз айтты Баһрамға: – Аманбысың, Шекерден тәтті сөзің, айдай түсің. Кінәсіз алты ағамды байлап салып, Тәуір ме, жақсы қонақ, қылған ісің? – Тағында мұнан бұрын көргенім жоқ, Ағаңды өзі тимей, тигенім жоқ. Келтірді Құдай айдап мені мұнда, Сендерді әдейі іздеп келгенім жоқ. Атым арық, бейшара жолаушы едім, Атым шөпке тойѓан соң жүруші едім. Кісіге қарап тұрған өзі тиді, Өлтірсем алты ағаңды қайтер едің? Ал енді қыз айтады Баһрам зарға: – Бұлардан бұдан басқа өкпең бар ма? Адамзатқа жолыққан тимей жүрсе, Қол соғып, сөз байларға уағдаң бар ма? Баһрам айтты: – Алты ағаң дінге кірсе, Намаз оқып, иманның жолын білсе. Алты ағаңды, дәнеңе де өлтірместім, Кез келген адамзатқа тимей жүрсе. Алты жын мынау сөзге болды разы, Разы болып Баһрамға қолын жазды. Құдайға құл, Мұхаммедке үммет болып, Оқыды қаза қылмай бес намазды. Ішінен жаман ойлап қайғы жұтты, Баһрам менен ер Сайфыр дос болыпты. Алты жын Баһрамды қонақ қылып, Жығылып аяғына бас ұрыпты. Жетеу болып жүреді оң жағында, Перінің боз баласы соң жағында. Ер Баһрам салды қимыл перілерге, Сауық қып ойнайды екен шарбағында. Ер Баһрам жатып алды сонда ойнап, Келеді тамашаға жындар саулап. Сауық қып ойнап-күліп ол шаһардан, Болыпты он бес күндей аунап-қунап. Бір күні Сайфыр тұрып жылайды енді, Көзіне жасын төгіп бұлайды енді. – Қалбіңдегі мұңыңды маған айт,– деп, Ер Баһрам ол Сайфырдан сұрайды енді. Сайфыр айтты: – Айтайын, достым, саған, Бұ дертіме бір дәрмен қылшы маған. Диюда Зақып деген бір алып бар, Мен соның зорлығынан өлдім тамам. Келеді жылдан-жылға елімізге, Осы шаһар, мекенді жерімізге. Шаһарды жылда келіп қырып тастап, Бүлік салды осы жын елімізге. Дию да Зақып деген зорлық етті, Бәрінен зорлығының қорлығы өтті. Оң жағында бір жарым бар еді,– деп, Сонымды әкетті,– деп зарлық етті. Қол жиып, талай бардым ұрысарға, Сонда мен қарсыласып жұлысарға. Таудың ау арғы үстінде кіріп жатыр, Көрісер жігітпен сол амал бар ма. Зар болдым мен жарымды енді ала алмай, Болмаса сізден жәрдем, ер Баһрам-ай. Өлгелі қор басым әуресі күнде, Жарымның күйігінен шыдай алмай. Баһрам айтты: – Диюге мені алып бар, Құдай сүйген құлына болады жар. Мекенін енді меңа жылдам көрсет, Диюмен алысарға талабым бар. Батырлар кетпеген серттен тайып, Кетейін ерлігіңді жұртқа жайып. Көзіме бір көрсет те, қоя берші, Берейін өлтірмесем, саған иіп. Қылайын бір жақсылық енді саған, Мен сені құтқарайын ол залымнан. Қылышпенен ол залымның басын кесіп, Жау тұрса, құтқарайын аманат жан. Тамам жын Баһрамды алып жүрді, Диюге ер Баһрамды алып келді. Қараса, қарсы алдында бір үңгір тұр, Бетінде таудай тасты көрді дейді. Ол тасты Баһрам келіп лақтырды, Жынның бәрі шуылдасып қарап тұрды. Ызасы сонда жаман өткен екен, «Үңгірден шығады» деп жиылып тұрды. Баһрамға Сайфыр айтты: – Әй, жан достым, Жаратқан Жаппар Құдай өзі оңдасын. Беліме бір арқанды байлап алып, Кесейін ол диюдің енді басын. Баһрам айтты бір келіп тамам жанға: – Қорыққанда бекер тұрып не бар мұнда? Беліме бір арқанды жылдам байла, Түсейін тәуекел деп бұл зынданға. Жындар қорқып, байламай қарап тұрды, «Шықса не боламыз» деп жылап тұрды. Беліне бір арқанды байлап салып, Зынданға өзін-өзі лақтырды. Баһрам түсті зынданға арқан байлап, «Диюді өлтіремін,– деп,– иє, Ќұдайлап». Түсіп ап, жер астында іздеп жүрсе, Диюді ұйықтап жатқан көрді абайлап. Сұрасаң, ол диюдің басы өгіздей, Денесін айтып болмас, бір күмбездей. Ер Баһрам бір пәлеге жолықты енді, Сұрасаңыз, құлақтары құйрықтай. Бұл дию бұ сипатты ұйықтап жатыр, Байлаулы бір аяулы бір қыз жатыр. Қыз көріп Баһрамды зар еңіреді, – Япырмай, жүрек жұтқан,– деді,– батыр. Ер Баһрам қызға айтты: – Адамбысың? Диюден енді сені құтқарамын. Өлтірсем ұйқысында шықпайды атым, Кейін тұр, ол диюді оятамын. – Оятпа, оятсаңыз келмейді әлің. Елден асқан мықты палуан о бір залым. Өлтірсең, ұйқысында өлтіріңіз, Оятсаң, кәпір төгер сенің қаның. Ер Баһрам тілін алмай оятады, Сол жерде кәпір залым көп жатады. Қақпасын ер Баһрам бұзып кіріп, Кәпірге «шапшаң тұр!» деп сөз қатады. Оятса да ол дию оянбайды, Ол кәпір Баһрамды һеш тыңламайды. Қылышын ер Баһрам қолына алып, Кәпірге ашуланып айғай салды. Шығып алып бауырына текпіледі, Болмаған соң қылышпен шапқылады. Ашуланып ер Баһрам айғай салды, Жастанып үйдей тасты жатыр еді. Көтеріп, салып қалды ер Баһрамды, Бұл дию енді оянып, айғай салды, Сақтады Жаппар Құдай Баһрам жасты, Ер Баһрам «иә, Алла» деп қаһарланды. Сақтады Жаппар Құдай Баһрам жасты, Ұрса да тигізбейді үйдей тасты. Ашуланып тұра келді Ер Баһрам, Диюмен сол арада сартылдасты. Сүйегі Баһрамның оттай жанып, Диюменен алысады ашуланып. «Әкем аты – Кіші хан, мен – ер Баһрам», Диюді алып ұрды қайраттанып. Сол дию жығылған соң көп зарланды, – Кіші ұғылы ер Баһрам сен бе?– деді. Сенен қашып түсіп ем жер астына, Сонда дағы қоймай жүріп мені алдың,– деді. Арысландай алғанды біліп едім, Айдаһарды өлтіргенді көріп едім. Жанымды қоймай жүріп ақыры алдың, Сенен қашып бұл жерге кіріп едім. Солай деп зарланды кәпір залым, Ер Баһрам тыңламады оның зарын. Қылышын ашуланып қалды салып, Диюдің басын жарып, төкті қанын. Ер Баһрам «шүкірлік» деп тұра келді, Жығылып, таудай болып кәпір өлді. Көтеріп қолына алды ер Баһрам, Басын зындан аузына алып барды. Ерлігі-ай Баһрамның жаннан асты, Көтеріп лақтырды жерден басты. «Дию шығып келеді» деп шуылдасты, Жабылып жынның бәрі кейін қашты. Жындар қорқып қашар хәмла қылды, Қарата шаһарына мойын бұрды. «Достымнан жалғыз қалып не болам» деп, Қашада Сайфыр батыр қарап тұрды. Ер Баһрам – өзі батыр, өзі күшті, Елінен іздеп шыққан бір жұмысты. Ер Баһрам жер астынан сермегенде Сайфырдың алдына келіп бас түсті. Сайфыр басын көрген соң езу тартты, Қашқан жынның қуанып бәрі қайтты. Ер Баһрам жер астына дереу келіп: «Шапшаң, жылдам зынданнан шық» деп айтты. Қыз айтып Баһрамға жылайды зар: «Салулы аяғымда мың кісен бар, Жүруге жарар едім, дәрменім жоқ. Кісенді аяғымнан босатып ал». Асылында Баһрамның қайраты бар, Құдайым оны сүйіп болады жар. Ер Баһрам қаһарланып ұрғанында, Мың кісен аяғынан болды дал-дал. Ер Баһрам қолына алып қызды шықты, Баһрамды жындар қорқып жақсы күтті. Сайфыр келіп Баһрамға құлдық қылып, «Бізге енді патша бол» деп бас ұрыпты. – Сен қылдың бұл ерлікті адам қылмас, Саған жаман сөйлеген өзі де оңбас. Өлгенде соңымнан бірге кетер, Ерлігің осы қылған ұмытылмас. Қатынын алып берді Сайфыр ханның, Ерлігі жаннан асқан Баһрамның. Кім шыдар ер Баһрамның ерлігіне, Сүйегін талқан қылған арысланның. Әлафтунның ер Баһрам басын кесті, Басқарды парасатпен һәрбір істі. Арттырды жүз он түйе қазынасын, Ер Баһрам жаннан асқан өзі күшті. Диюдің ер Баһрам алды басын, Әуелден іздеп шыққан қиғаш қасын. Оныңнан тамам жындар теріп алып, Диюдің теріп алды гауһар тасын. Жиылып үйлеріне алып барды, Сайфыр хан елі-жұртын жиып алды. Қатынын есен-аман әкелген соң, Той қылып неше күндей сауық салды. Күресті той болған соң көп палуан, Ер Баһрам бұл майданда бәрін жыққан. Зарланды ер Баһрам бір күндерде, Есіне түскеннен соң қыз Гүләндам. Сайфыр айтты Баһрамға: – Әй, жан достым, Өзіңіз зарланғанға жаман састым. Жолыңа ғазиз жанды қылдым пида, Көңіліңдегі сырыңды айт, жан достым. Ер Баһрам сөз айтады Сайфыр ханға: – Ғашық боп келіп едім мен бір жанға. Гүлістан Ирамбағы шаһарында, Фағфур хан қызы айдай Гүләндамға. Келгенім ғашық болып Гүләндам қыз, Сөзімді мен айтайын, сіз тыңлаңыз. Елімде каиф құрып жүргенімде, Бір алтын киік қудым жапа-жалғыз. Сол киік қуғаннан соң алтын түсті, Қуып едім жеткізбей қашып кетті. Нұры екен сол киігім Гүләндамның, Ғашықтығым бір шыбындай жаннан өтті. Көрсетті хәтта маған көп суретті, Зарланып ғашық болып есім кетті. Сіздерге мен жолдас бола алмаймын, Атымды әкел, жүрейін, достым – депті. Сайфыр айтты: – Жүрсеңіз біз жүрейік, Жанымды құрбан қылып сізге ерейік. Сіз бізге жақсылықты көп қылдыңыз, Жарыңды бірге барып апарайық. Баһрам айтты: – Қасыма жолдас ермес, Құдай өзі сақтаса, адам тимес. Жалғыз өзім жүрейін, атымды әкел, Жан достым, маған жолдас керек емес. Жимаш барып ол атын алып келді, Бір-бір жүнді қолтығынан жұлып берді. «Көргің келсе біздерді бір заманда, Осы жүнді от жағып, тұтат» деді. Ер Баһрам аттанып жүреді енді. Бір Құдайым тілегін береді енді. Адам емес жүрмеген пері жерін, Жас патша көңілменен біледі енді. Жас патша көп бейнет көреді енді, Көре алмай қанша күндей Гүләндамды. Зарлық етіп жалбарынды бір Аллаға, Зарланды зікір етіп һәрбір түні. «Таба алмай, арманда боп өлемін» деп, Көп іздеп пері қызын қалды жүдеп. Құдайым душар қылды бір теңізді, Теңіздің ар жағында бір шаһарны. Үлкен істі жаратыпты Жаппар Ғани, Өте алмай жатып еді жеп жемісті. Бенденің Құдай қылса халі бар ма, Теңізден қайтіп өтсін, хайла бар ма. Өте алмай неше күндер жатып еді, Бұрыннан буып қойған салы бар ма. Өте алмай жатып еді бес-алты күн, Қайғыменен жалын шығар болып түтін. «Бүйткендей, Жаппар Құдай, нағылдым-ды?» Дұшпанды қойдай қырып, жарды өтін. Сарғайды қайғыланып зағыпырандай, «Бүйткендей Жаппар Құдай, нағылдым-ай? Мені мұнша қаңғыртып, көп зарлатып, Тумай кеткір, Гүләндам, қайдан туды-ай?» Түн болса, теңіз түбі болар жарық, Қарайды ер Баһрам аң-таң қалып. Жарық болған балықтың көздері екен, Балықты азық қылар судан алып. Ер Баһрам зар еңірейді енді қатты, Көрмеген қиын жердің дәмін татты. Анасынан айрылған жас қозыдай, Ғашығы-ай Гүләндамның жанға батты. Ер Баһрамның жырлағаны Елін-жұртын іздедім, Дертке түсіп қайғырдым. Гүләндамды көре алмай, Кеше-күндіз сарпылдым. Ел-жұртымнан бездім мен, Жапан жерді кездім мен. Ата-анамнан айырылып, Жаннан үміт үздім мен. Бір киікті көргізді, Соңынан ертіп жүргізді. Бір суретке кез келіп, Ішімді отқа күйгізді. Көрсетті маған суретін, Тарқар ма екен бұ дертім. Арманым көп халімді, Кімдер білер зарымды. Енді қайда барамын, Жерін кімнен білермін? Гүләндам еске түскенде, Сонда қатты жылармын. Жүзін көріп қарағым Дерт ішінде қалармын. Судан қайтіп өтермін, Жеріме қашан жетермін? Қай етейін кейін түсімде Ішімде жанған отыма. Нешік дәрмен етермін, Жарыма қашан жетермін? Зарланып «Гүләндам» деп талды жағым, Тәбәссум көтерілмес менім бағым. Мен осынша зарланып іздегенде, Гүләндам қыз болар ма жан шырағым. Мекені Гүләндамның қайда болар, Қайғылы менім көңілім қашан толар. Іздеп жүріп жарымды таба алмасам, Сарғайып сұлу жүзім тағы солар. Қайғысы Баһрамның болды қатты, Гүләндам жағып кетті ғашық отты. Құдайым зар қылған соң қабыл көрді, Құдай сүйген құлына тағы берді. Бірталай керуендер келіп түсті, Ер Баһрам керуенменен амандасты. Жапырылып керуендер сөз сұрасты, Ер Баһрам – өзі гауһар, асыл тас-ты. Жолығып керуендерге амандасып, «Аламын» деп Гүләндамға қадам басты. «Бейшара» деп, есіркеді-ай байғұс жасты, Ер Баһрам керуенге сыр бермейді. «Шерменде жоқ жоғалтқан мен бір адам», Айтып жөнін тағы да білдірмеді. – Жапанда жылқы алдырып жүрмін,– деді, Шығып едім жылқы алдырып жапан түзге. Жабылып бәріміз де сал байлайық, Жолықтым бұл арада енді сізге. Түсемін мен де бірге бұл теңізге, Сал байлап, бәрі түсті бұл теңізге. Бейшара су үстінде кез болады, Жолықты мұндай түрлі неше кезге. Мың құлаш ұзындығы бір жайын көрді, Керуен халқы көрген соң бек шошыды. «Жұтад, – деп, – бәрімізді, ер Баһрам», Иманын жылап-сықтап үйіреді. Ер Баһрам қылышын қолына алды, Жайынға қаһарланып жетіп барды. Жайын шапты Баһрамды көргеннен соң, Не қыларын білмеді, сасып қалды. Аузын ашып жұтқалы келгеннен соң, Жайынның ер Баһрам көрді сұрын. Су ішінде әуез салды ол зор жайын, Ер Баһрам ашуланып тепкеннен соң. Сырқырап жайын кетті ат шаптырым, Ер Баһрам ол жайынға салды құрық. Дұшпанды неше жерден қойдай қырып, Көрсетті ерлік бірлән һәрбір түрін. Ер Баһрам – өзі батыр, һәм һайбатты, Жайынды сермегені тіпті қатты. Тепкенде бас сүйегі талқан болып, Басын суға ұрды да жайын шапты. Кім шыдар ер Баһрамның тепкеніне, Жын, пері шыдамаған екпініне. Жайынды қылышпенен екі бөліп, Жіберді талқан қылып су түбіне. Көп керуен оны көріп қуанады, Теңізден есен-аман шығарады. Бәрі келіп Баһрамға құлдық қылып, «Бізге енді патша бол» деп жалбарады. Таппайды не қылса да Баһрамдай ер, Беріпті оған қуат Пәруардигар. Баһрам айтты керуенге: – Мал алмаймын, Сіздерменен бірге мен жүре алмаймын. Керуендер айтты сонда ер Баһрамға: – Бірталай малдан таңдап, мал алың,– дер. – Іздеген жоғым менім тіпті қиын, Оны іздемей бұл жерде тұра алмаймын. – Іздеген жұмысыңды айтшы маған, Жәрдем қыла көрейік біз де саған. Қолдан келер іс болса біз де іздейік, Жолыңа шыбын жанды қылдым құрбан. – Жоғымды мен айтайын сұрасаңыз, Бәріңіз құлақ салып тыңласаңыз. Перизат іздегенім, адам емес, Әкесі ғой – Фағфур хан, Гүләндам қыз. Бұл керуен сөз айтады ер Баһрамға: – Келіпсіз ғашық болып қиын жанға. Арада ұрыс, соғыс, жау-жарақ көп, Жетерсің қай уақытта Гүләндамға. Кез болдық жалғыз сізге жапан түзде, Қылдыңыз көп жақсылық енді бізге. Біз ол жерге малменен бара алмаймыз, Рақым қылсын Құдайым енді сізге, Адамзатың көрмеген пері жерін. Жас патша «көңілменен білей» деді. Ер Баһрам амандасып кетті жүріп, Туғры барар Гүләндамға жолын біліп. Бірталай көп керуендер амандасып, Көңілі ғой көтерілді ойнап-күліп. Ер Баһрам мұнан шығып, күнде желер, Көре алмай Гүләндамды, болды құмар. Жүрегін ер Баһрамның жалғыз бүйтіп, Бойында тоқтамаған қайраты бар. Ер Баһрам азып-тозып, жүдеп жүрді, Алам деп пері қызын бейнет көрді. Бірнеше күн жүріп ер Баһрам, Еділде бір үлкен тамға келді. Ер Баһрам «Әй, Алла» деп кірді тамға, Зарланды аламын деп Гүләндамға. Баһрам там ішінде қарап тұрса, Мың жігіт байлаулы тұр бірақ анда. Мың жігіт бір арқанда байлаулы тұр, Салғаны мойнына темір шынжыр. Ер Баһрам салды қимыл сол сапарда, Бәрі де тұтқын болған бейшаралар. Мың жігіт Баһрамға айтты халін, Ер Баһрам тыңлап тұрды аның зарын. – Байлаған бәрімізді бір жайға, Әсасы ол тамның кәпір залым. Қойдай қырып, сойып жер бәрімізді, Кәпірдің өзі палуан, зор көрінді. «Бір ұйықтап оянған соң соямыз» деп, Кәпірдің үлкен таудай һәрбір түрі. Аузынан демі шығар отты жалын, Қинады мың жігіттің шыбын жанын. Бізді байлап тамына кіріп жатты, Сөйлейін ол кәпірдің көп ахуалын. Бір тауды бір тауға ұрар тұтып алып, Адасқан бала қаздай Баһрам ғаріп. Дұшпанды ерегіскен қойдай қырды, Кең дүния кәпірлерге түсер тарлық. Күркірер кәпір залым аждаһадай, Құдай-а, душар қылды пейілі тарға-ай. Ер Баһрам ғаріп жанын пида қылды, Сарғайды шариф тәні зағыпырандай. – Шамаң келсе, сол кәпірді өлтіре көр, Қазасын ол залымның келтіре көр. Әй, жас жігіт, өзіңдей бір адамзат, Ер Баһрам, ақылың асқан бір кемеңгер. Ер Баһрам мың жігітке сауап қылды, Мәнісін үшбу істен біледі енді. Кәпірдің жатқан жерін сұрап алып, Қақпасын талқан қылып бұзып кірді. Ер Баһрам жау жарағын алды сайлап, «Жазайұрды өлтіремін» деп кірді ойлап. Сол кәпір жаңа оянып отыр екен, Аузынан жалын шығар оттай жайнап. Көрген соң Баһрамға қаһар қылды, Қылышпенен ашуланып Баһрам ұрды. «Құдай-а, тілегімді бере көр» деп, Мың жігіт қатты зарлап жылап тұрды. Ұрысты енді екеуі найзаласып, Соғысты неше күндей сартылдасып. Еркі алдына қоймайды Жазайұрды, Ер Баһрам алып ұрды қайраты асып. Құдайым қуат берді ер Баһрамға, Батырды Жазайұрды қызыл қанға. Босатып мың жігітті қоя берді, Ер Баһрам сауап қылды қанша жанға. Кім шыдар ер Баһрамның қайратына, Жын-пері шыдамаған зәһарына. Неше күн тұлпар атпен тынбай жүріп, Келіп кірді Гүлістан шаһарына. Шетіне перілердің келіп жетті, «Аламын» деп Гүләндамды үміт етті. Әуелден-ақ ғаріп жанын пида қылып, Ер Баһрам сөйлесе алмай зарлық етті. Өтіпті ерлікпенен ғұмыр жасы, Дертінен ғашықтықтың түсі қашты. Ол шаһарда сондай жаман дию жатыр, Жасынып жылап жатыр боз баласы. Ер Баһрам ол баланы қарап жүрді, Ол екен Гүләндамның жан шырағы. Бір адам түсі жаман кез келген соң, Ер Баһрам сөйлескелі соған келді. Ер Баһрам ол кісіден сөз сұрайды, Жаман айтпай, жақсылап еп сұрайды. Амандасып отырғызып ер Баһрам, – Бұл шаһардың аты кім?– деп сұрайды. Енді екеуі сол жерде кеңеседі, Баһрам аның сөзін тыңлап тұрды. – Гүлістан деген шаһар атын сұрасаңыз, Айтамын падишасын ол деседі. Фағфур да жақсы екен көп шаһардан, Көрген жан қызығына қайран қалған. Бозбаласы қаңғырды сұлуды іздеп, Зар тұтып сұлуды іздеп тамамы жан. Тамсанып боз баласы жылап отыр, Баһрам өзі – адамзат, көңілі нұр. – Бұл елдің арасында не хабар бар? – Тыңласаң мен айтайын, сен естіп тұр, Фағфурдың асылзат бір қызы бар, Екі көзі – қызыл жақұт, өзі – гауһар. Қанша ел ғашық болған қаңғып жүріп, Сөйтсе де ала алмайды бейшаралар. Сұрасаңыз аты болар Гүләндам дер, Падиша оған ғашық көп болған дер. Бәрі де іздеп келіп ала алмайды, Сәргардан боп зарланып қаңғырған-ды. Бұл қыздың көркемдігі жұртқа жеткен, Адамға ғаламдағы даңқы кеткен. Ол шаһардың тілдерін адам білмес, Сөйлейін һәрбір түрлі құрған кептен. Бәрі де ғашық болып қор болады, Құйылып Гүләндамға нұр толады. Ер Баһрам көп зарланып, көрді мехнат, Сарғайып сұлу жүзі бек солады. Бұл қыздың көркемдігін ғалам білген, Қаңғырып ғашық болып һәркім өлген. Қиссасы осы қыздың толып жатыр, Тағы да зәңгі деген жұртқа келген. Бұл қыздың сұмдығы соған жеткен, Есітіп падишасы іздеп келген. Ол иттерге Фағфур өзі бермей жатыр, Сонан соң екі жұртқа бүлік түскен. Зәңгі «тартып бұл қызды аламын» деп, Зәңгілер шетінен ер, қайраты көп. Күнде шығып соныменен ұрысады, Күнінде қырылады қисапсыз көп. Сол кісі енді кетті сөзін айтып, Жүреді ер Баһрам қайғы кешіп. «Бұған енді не хайла қылармын?» деп, Ер Баһрам ой ойлайды жалғыз түйіп. Ер Баһрам онан жүріп онда қалды, Ерте шығып сахараға сәйір қылды. Екі жұрт күнде шығып соғысқанда, Ер Баһрам тамаша қып қарап тұрды. Зәңгіменен перілер соғысады, Ер Баһрам талай ойды ойлап алды. «Бұған кірмесем атағым шықпас» деді, Соғыстан аямайды ғазиз жанды. Зәңгінің қолы алды жердің жүзін, Аң-таң қылды «аламын, – деп, – ханның қызын». Зәңгіменен перілер соғысқанда, Мисли нияз тұтады жердің жүзін. Болыпты қызыл-жасыл жердің жүзі, Қап-қара тозаң болды күннің көзі. Зәңгіменен перілер соғысқанда, Қырылып бек көп жандар шыға салды. Зәңгі жанын аямай соғысады, Жапырылып құмырсқадай тоғысады. Ер Баһрам сол соғыста салды қимыл, Қинады Гүләндам үшін ғаріп жанды. Жындар-ай қайраты көп, бәрі – батыр, Сол күні күн кеш болып, қонып жатыр. Тарқасып шаһарына жұрт қайтады, Ер Баһрам оғын кезеп жақ атады. Жимаштың берген жүнін қолына алып, От жағып, айдалаға енді тұтатады. Берген жүнін тұтатса біледі екен, Жылдық жерден бір сағатта келеді екен. Кейде жын, кейде пері, кейде адам боп, Суреті һәрбір түрге кіреді екен. Ол Жимаш тұтатқан соң жетіп келді, Бас ұрып Баһрамға сәлем берді. – Ер Баһрам, сенің үшін жаным құрбан, Жұмсайсыз ба жұмысқа мені?– деді. – Жұмсайтын енді менім келді кезім, Ұнайды қандай етсем менім сөзім. Өзіменен ұрысатұғын пар болмаса, Ұрысайын он санменен жалғыз өзім. Ер Баһрам – өзі батыр, ақылы көп, Жимашқа айтты: – Күтпей, жылдам кел,– деп. Мен енді ойнасам аттай желемін, Істесе о да ойнасын, аттай желсін. Мұнда бір зәңгі деген жау бар екен. Барып Сайфыр достыма хабар берсін, – Ер Баһрам, жаннан асқан сіз бір ерсің. – Әкелсін қылыш, мылтық көп санымен, Ол елдің тастамасын бар палуанын. Жиып алып палуанын қазір келсін, Төгейін зәңгі жаудың енді қанын. Ол Жимаш «болады» деп ұшып кетті, Жимаш та осал емес алып депті. Бір сағатта мұнан барып кідірмей-ақ, Болғанда екі сағат келіп жетті. Келген соң Баһраммен амандасты, Шақырған соң мәнісін көп сұрасты. «Зәңгіні талқан қылып қыралық» деп, Ер Баһрам Сайфырменен ақылдасты. Жиылып түн ішінде атқа мінді, Ішіне жау зәңгінің келіп кірді. Зәңгіні жатқан жерден білдірместен, Топалаң тиген қойдай бәрін қырды. Беріпті Баһрамға күш пен бақты, Құдайым және берді аруақты. Зәңгінің қырылғаны сол емес пе, Қара қан ат бауырынан сел боп ақты. Зәңгіге бір-ақ түнде ойран салды, Зәңгінің қырылмаған несі қалды. Патшасын ол зәңгінің ұстап алып, «Мұнафиқ» деп, басын жұрт кесіп алды. Зәңгінің тірілері кетті қашып, Барады үріккен қойдай басып-жаншып. Зәңгіні әбден қырып болғаннан соң, Жөнелді Сайфыр батыр амандасып. Алыпты патшасының басын кесіп, Жүреді Баһрамның көңілі өсіп. Зәңгіні әбден қырып бітірген соң, Жөнелді Сайфыр батыр есендесіп. Сайфырды жөнелткен соң бір хат жазды, Құдайым душар қылды өнерпазды. «Бұл хатты оқысын,– деп,– Фағфур хан, Гүләндам қызыңыз» деп қылды назды. «Зәңгіні қырған кім?» деп сұрасаңыз, Айтайын құлақ салып тыңласаңыз. Баласы Кіші ханның – мен Баһрам, Зәңгінің бәрін қырған өзім жалғыз. Бұл зәңгі өмір тілеп келді маған, Сөзімді жақсы тыңла хатқа жазған. Жазасын ойран салып бердім қырып, Дұшпандар құтылмайды өнерпаздан. Түгесем жау зәңгіні бір-ақ түнде, Құдайға зікір айтам һәрбір күнде. Иләһи мінажатты қабыл әйлап, Зарлансам жетер ме екен қызыл гүлге. Болады атым Баһрам, зәңгі қырған, Сұрасаң әкем аты – ол Кіші хан. Ғашық болып неше жылдай іздегенім, Мұнда іздеп келгенім қыз Гүләндам. Еліңді әрең таптым желдей желіп, Түгестім бұ зәңгіні бәрін қырып. Осы асқан басымменен, ей, падиша, Оқыңыз үшбу хатты жайын біліп». Хат жазды осылай деп мөһірін басып, Жүреді Баһрамның көңілі тасып. Ер Баһрам Фағфурдың қақпасына, Хат пенен басты апарып қойды асып. Асқан соң хатты, басты кірді баққа, Қарайды көзін салып һәрбір жаққа. Гүләндамның сарайын тауып алып, Тақ түбінен жатады бау-шарбаққа. Ер Баһрам жатып алды диуана боп, Құбылып һеш адамға білдірмейін деп. Сол қыздың тақ тұсына кіріп жатты, Сөйлесерге бір хайла болар ма деп. Ер Баһрам бау-шарбаққа келіп жатты, Ол күні патша тұрды таң кеп енді. Патша тысқа шығып, хат пен басты көріп, Көрген соң зәһарланып көзін сатты. Хатын барып қолына алып көрді, Жіберді өрнек шашып һәрбір түрді. Оқыды хатты ашып, ішін көрді, Біледі хатты жазған Баһрам мөрді. «Апырмай, не керемет болды» дейді, Гүл жүзі зағыпырандай солды дейді. «Ер Баһрам қайдан келсін адамзаттан», Зәңгінің қырылғанын көрді дейді. «Ер Баһрам келсе келер енді» дейді, Қағазда хатын көріп сенді дейді. «Жоғалтпай мына хатты сақтасын» деп, Бұйырып Гүләндамға жібереді: «Зәңгіні батырыпты қызыл қанға», Хатты алып келеді Гүләндамға. Ол хатты әбден оқып болғаннан соң, Гүләндам ғашық болды ер Баһрамға. Ер Баһрам жатып алды диуана боп, Опасыз үшбу жалған дүния боқ. Ол қыздың сарайынан көз айырмас, Үсті-басы былғанып топырақ боп. Адасып һәр тараптан келеді екен, Сол елде сауық қылып жүреді екен. Бәрі де ғашық болып Гүләндамға, Жете алмай шерменде боп тұрады екен. Құдайым душар қылды алма бетті, Жиылып тамам қыздар сауық етті. «Гүләндамға сый-құрмет қып жіберем» деп, Дәулет күң қолына табақ алып кетті. Ол Дәулет күң қолына табақ алды, Кез келген бау-шарбаққа жетіп барды. Ол табаққа кез келген дию, пері, Алтын, күміс, лағыл бірлән маржан салды. Ол табаққа ер Баһрам кез келеді, Көрген соң диуана боп сыйынады енді. Дәулет күң сыйынған соң қайтып келді, – Әй, диуана, жылдам сал, бір нәрсені. Ер Баһрамға күң табақ алып барды, Ер Баһрам табақ жөнін сұрап алды. «Гүләндамның табағы» дегеннен соң, Қолындағы жүзігін суырып салды. Гүләндамға күң табақ алып барды, Гүләндам қолына алып жүзік салды. «Туғалы мұндай жүзік көргенім жоқ, Мінания бұл шаһардың пері[сі] бар-ды, Мұнан һәм ол жүзігін көп сұрады, Жаман айтпай жақсылап еп сұрады. Қолындағы жүзігіне ғашық болып, «Мұны сен қайдан алдың?» деп сұрады. – Дәулет күң, бір нәрсені есіме алдым, Енді мен бұл жүзікке қайран қалдым. Туғалы мұндай жүзік көргенім жоқ, Шыныңды айт, бұл жүзікті қайдан алдың?! Гүләндам енді күңді қыспаққа алды, Дәулет күң қорыққан соң айтып салды. – Мұны берген бір жаман диуана еді, Жалғыз өзі шарбақта зарлап қалды. Жалғыз өзі шарбақта зарлап жатыр, Шынымен нәсілді екен өзі батыр. Көзінен аққан жасы жатыр сел боп, Киімі дал-дал болған бір мүсәпір. Ол өзі диуана емес, ғаріп екен. – Со игі-ай маған болған ғашық екен, Патша ма, қара ма деп сұрадың ба? Сүйегі-ай бейшараның асыл екен. Күң айтты: – Оның жөнін сұрамадым, Жөнін сұрап қасында тұра алмадым. Жүзігін бергеннен соң жүріп кеттім, Сұрамадым, сол менім не қылғаным. Күң[ге] айтты, жарлық қылды: – Барсаң,– деді, Кім екен әбден сұрап қараң,– деді. Жатпасын шарбағымда шығып кетсін, Атама апарармын басын,– деді. Күң барды енді жөнін сұрайын деп, Сұрағаш жөнін сонда білейін деп. Күң барды қайратына қатты мініп, Тоқтатпай бау-шарбақтан қуайын деп. Күң айтты: – Нағып жатқан диуанасың? Бар еді мұнда сенің не жұмысың? Кешікпей бұл шарбақтан тезірек кет, Алады Гүләндам қыз сенің басың. – Бір ғаріп мұнда жатқан диуанамын, Мен ғаріп құр зар болған бейшарамын. Отына ғашықтықтың шыдай алмай, Отымды зарланамын сөндіре алмай. Шарбақтан қуылғандай мен нағылдым, Басымды ғой айналдырған, Гүләндам-ай! Жаман күң, қамақта олтыра алсаң, Бұл арадан сәбат кетпен мен өзім-ай. Күң[ге] айтты: «Гүләндамды аламын,– деп, Даусына құлағымды саламын» деп. «Гүләндам, қамақты біле олтырсаң, Қасына күн батқан соң барамын» деп. Күң естіп бұл сөзді қайтып кетті, Естіген, көргенін айтып келді: – «Ғашықпын, Гүләндамды аламын» деп, Диуана беті қорықпай жатыр,– деді. Гүләндам ашуланып отырады, Ер Баһрам жаннан асқан ол бір ер-ді. Гүләндам бір көруге ынтызар боп, «Ер Баһрам қайда, маған көрсет?» деді. «Ер Баһрам қайда, көрсет, өлемін» дер, Кім екенін біле алмай ой ойлап жүр, Сонан соң хат жазады Гүләндам қыз, «Әй, диуана, жөніңді айт, білейік,– дер. Өзім бармай, жылдам кет шарбағымнан, Қорқады кіл мақұлық аруағымнан. Барған соң һәлак қылып өлтірермін, Қаһарлансам, кім құтылар қармағымнан. Шығып кет шарбағымнан қадам басып, Жатырсың меніменен жанталасып. Зәңгіні қырып келіп мұнда жатқан, Ер Баһрам ол болмасын маған ғашық. Баһрам болсаң, жетерсің тілегіңе, Гүл жүзіңді сүйермін білегіме. Баһрам болмай, өзге боп мұнда жатсаң, Бейшара-ау, оқ батпасын жүрегіңе». Күң хатты алып келді ер Баһрамға, Арада қата сөзге тіпті нанба. Ол хатты әбден оқып болғанан соң, Ер Баһрам хат жазды ғой Гүләндамға. Ер Баһрам хат жазды: «Әй, Гүләндам, Кісіге сізден басқа көңіл салман. Өлсем, жүріп өлермін соңыңыздан, Кісіні сенен басқа тағы алман. Жөнімді тіпті айтпан уақыт жетпей, Мойнымды қылышпенен кесіп кетпей. Жерімде сендей патша баласы едім, «Өлтірем» деп айтқандай саған не еттім? Жөнімді әлі саған, тіпті, айтпан, Өлтірсең де бұл арадан һешбір қайтпан. Бұдан жаман жөнімді білген болсаң, Пұшайман сен боласың әуре-сарсаң». Осылай деп хат жазып күңіренеді, Хатты алып, күң ер Баһрамнан қайтып келді. Диуананың тағы да бір хаты бар-ды, Қолына Гүләндамның алып келді. Оқыды хатын ашып ол Гүләндам, Мәнісін үшбу сөздің мін таба алман. Ойлайды енді мұны «ер Баһрам» деп, «Сабыр қып сөйлесе алмай, шыдай алман. Күн батқан соң қасына мен барайын, Оныменен құда болып сөйлесейін. Баһрам болса, оны мен құрметтейін, Өзге болса, от жағып мен өртейін». Гүләндам Баһрамға болды ғашық, Тұрады күн батқанша жанталасып. «Күн батқан соң қасына барайын» деп, Қояды қырық қызбен ақылдасып. Ойнайды Гүләндам қыз сауық етіп, Баһрамды Құдай қойды тентіретіп. Қызметкер қырық қызды ертіп алып, Қасына күн батқан соң келді жетіп. Гүләндам ол шарбаққа кіріп келді, Баһрамның туған айдай нұрын көрді. Ақырып Баһрамға жетіп келді, – Адамзат, шыныңды айтшы, кімсің?– деді. Ер Баһрам Гүләндамды таныды енді, Шарбақта жүдеп сонда жатыр еді. – Көп ақырмай, жай сөйле, Гүләндам қыз, Енді жауап берейін сізге,– деді. Гүләндам, танимысың, мен адаммын, Сені іздеп неше жыл мен зарландым . Ата-анамнан айырылдым неше жылдай, Баласы Кіші ханның Ер Баһраммын. – Жер құрты мұнда жатқан бір адамсың, Киімің жоқ, жалаңбас диуанасың. Маған «ғашық болдым» деп неге айттыңыз, Әкеме айтып, алдырамын сенің басың. – Күдер үздім малымнан мен басымнан, Айырылдым бес мың кісі жолдасымнан Құдайым сені көзге көргізген соң, Өлтірсең де кетпеймін қасыңыздан. Құдайым көрсеткен соң енді айырылман, Ұстады Гүләндамның оң қолынан. «Өлтірсең де қасыңнан кетпеймін» деп, Гүләндам енді сонда ашуланған. «Қолымды қоя бер!» деп жұлқылайды, «Не дейсіз, жаман сөзді айттың» деді. Жағынан салып қалды ер Баһрамның, Ер Баһрам енді сонда көп жылайды. – Гүләндам, мен не қылдым?– деп жылайды, Мағлұм-ау ер Баһрамның сөзі жайлы. Білмедің қадірімді, келіп ұрдың, Көргенім жоқ ғұмырымда һеш мұндайды. Ер Баһрамның Гүләндамға өкпелеп, жылай-жылай жырлағаны Әй, Гүләндам, Гүләндам, Айналайын нұрыңнан. Сені алам деп айырылдым, Неше мыңдай малымнан. Сені іздеп жүргенмін, Жол бейнетін көргенмін. Қосылар күн бар болса, Арманым жоқ дегенмін. Дегеніме жетпедім, Қасыңнан ұрмай кетпедім. Мен сені іздеп келгенде, Осындай қылам деп пе едің. Суретіңді мен сенің, Шарбақта бек сағындым, Гүл жапырақ жамылдым. Мені бүйтіп ұрғандай, Гүләндам, саған неғылдым? Болат едім майрылдым, Қанатымнан қайырылдым. Бір сен үшін қаңғырып, Ел-жұртымнан айырылдым. Көрмеген жер көрдім мен, Жын-перімен сөйлесіп, Нұрлы көзді сүздім мен. Көрмегенді көрем деп, Жанымнан күдер үздім мен. Түсімде сені құшқанмын, Жын-періге жолығып, Аспанменен ұшқанмын. Жынға сауап қылғалы, Жер астына түскенмін. Адамзаты көрмеген, Жаман суын ішкенмін. Суға салды салғанмын, Су ішінде жүзгенмін. Суда жайын өлтіріп, Қасымдағы керуеннен Көп дұғалар алғанмын. Ойда сейілді құрғанмын, Алтын киік қуғанмын. Пері шалға жолығып, Оған досты болғанмын. Еліңде сен тұрғанда Жөніңді сұрап білгенмін. Еліңдегі жауыңды Жалғыз түнде қырғанмын, Сені іздеп келгенмін. Мың жігітті байлаған, «Өлтіремін» деп ойлаған Жазайұрды алғанмын. Аузынан оты жанған, Ұзындығы мың құлаш Айдаһарға жолығып, Қылышпенен бөлгенмін. Сені іздеуге барғанмын, Арып-шаршап тозғанмын. Мен елімде жүргенде, Тең құрбымнан озғанмын. Алты жасар күнімде, Желдей шапқан арыстан, Оған қолым созғанмын. Зәңгіменен ұрысып, Қанын оның бұзғанмын. Жау зәңгіні болған соң, Еліңе хат жазғанмын. Мұңлы болған мен зауық, Талай бейнет көп көрдім, Осынша шауып келгенде, Неліктен мені сен ұрдың? Ер Баһрам осылай деп зар еңірейді, Қырық қызы қасындағы есіркейді. – Көңілін Баһрамның қалдырма,– деп, Қырық қызы шуылдап-ақ қоя берді: – Гүләндам әдейі ұрды біліп тұрып. – Қорықтым елімізге келсе қауіп. Қарағым, мен жөніңді біле алмадым, Мойнынан құшақтайды келіп тұрып. Екеуі оңашада көп сөйлесті, «Құдай қосса, қосыламыз» деп сөйлесті. Күн батқан соң ойланды «барайын» деп, «Сабыр қылып тұрайық біз» деп сөйлесті. Екеуі сөйтіп ойнап жатқанында, Тілінен ләззат алып татқанында. Көрсетті бір-бірінің нұрлы жүзін, Сөйлесіп жауаптасып жатқанында. «Көп тұрып мен жұртымнан ұяламын. Жол тауып ата-анамнан сұранамын». Гүләндам сөйтіп айтып жөнеледі, «Көрген соң Баһрамды жұбанамын». Елінен Баһрамның хабар келді, Құдайым душар қылды ақтанкерді. Гүләндам қосылады алтын киік, Баһрамға ғашық болып талай жүрді. Ер Баһрам бір күн аңға барған екен, Қасына бес мың кісі алған екен. Киікті ер Баһрам қуып кетіп, Адасып жолдасынан қалған екен. Таба алмай Баһрамды болды зарлы, «Қай жаққа кетті екен» деп аң-таң қалды. Таба алмай Баһрамды көп қаңғырып, Әкесі Кіші ханға хабар барды. Таба алмай Баһрамды көп күн өтті, Таппаѓан соң Кіші ханға хабар жетті. «Баһрамнан айырылдық» дегеннен соң, Кіші хан естіп келіп талып кетті. Бір заман есін жиып тұрады енді, Көзінен жасын төгіп бұлады енді. «Қарағым қызығыңды көрмедім» деп, Зар етіп «жалғызым» деп жылады енді. Ер Баһрамның анасының зарлағаны Тоғыз ай сені көтеріп, Үш күн толғақпен туғызған. Сылау май қылып жұпардан, Ақ кәусар бірлән жуғызған. Хулла киіп, тәж салған, Гауһармен белін буғызған. Қамалға шапса, жау алып, Дұшпан көңілін суғызған. Сайға шықса сан батыр, Тұлпармен тағы қуғызған. Асыл туған жалғызым, Үрім шаһары затынан. Меһірім түскен туғанда, Баһрам деген атыңнан. Тұрмайды деп ойлаушы ем, Бұл шаһарда бітпеген, Тұрпаты бұл затыңнан. Түсінде көріп бір қызды, Жас құлыным, жалғызым, Тақаты кеткен жасынан. Пері болса келеді екен, Қай шаһардың елінен. Қап тауы мекен келгені, Дария, теңіз, көлінен. Іздеп адам бара алмас, Періден қызды ала алмас. Құр жылап сәлем айтпаса, Ғамның соққан желінен. Топ ішінде бір жігіт, Сейілде жүрген ер Баһрам. Гауһары түсті белінен, Жылап пайда таппады. «Гүләндам» деп зар илеп, Көзінен аққан селінен. Түсінде көрген қыз үшін, Безді алтын тағынан. Атлас көрпе, мамық жай, Пердесі торғын ағынан. Жасында көрген бір қайғы, Бейнет көп болып бағынан. Қадірлі ханның заты еді, Кеткен құлын қағынан. Қызды солар біледі, Жіберіп кісі сұраңыз, Баһрам, Шаһбал мекені, Ирамбағы жағынан. Ханым бірлән хан жылар, Ұғылының қайғы жайынан. – Түсінде көрген бір сурет, Кетпейді деп ойынан. Жалауын қайтіп жөнелтем, Қайран, балам, тарқамас, Іштегі қайғым молынан. Баһрам жаным туғанда, Елі-жұртым жиылып, Келіп жеген тойынан. Әй, тұлпарым, жалғызым, Ғашық болып бір қызға, Тәжін кимей басынан, Зұлпықар түскен бойынан. Қыз үшін қайтіп жүдеді, Тәбетін алған шырағым, Құлыным құлын-тайынан. Баһрам сапар кеткен соң, Бүтін Үрім шаһары Айырылар шошып есінен. Гүл жүзім солды қапа боп, Баламның қылған зарынан. Іздесе хабар таба алмай, Түсінде көрген жарынан. Пері болса үміт жоқ, Сонысы қиын бәрінен. Кімді іздеп сапар қылды, Ақ пердесі, алтын тақ, Аяулы туған, жалғызым, Кетпеген ұят, арынан. Өледі-ау деп қорқамын, Һеш хабарын білмедім. Қыз үшін зарлап жылайды, Һеш баянсыз жерінен. Алты жасар күнінде, Арыслан алған дәрменім. Айналайын болғаным, Қамалға шапқан палуаным. Жалғызымнан айырылып, Отыра алмай құр жаным, Айналайын, ер күнім, Алтын сүйек асылым. Палуандарға бас болып, Арыслан туған жүрегім. Неге сейіл құрдырдым, Жапанда неге жүргіздім. Айым жоқ сорлы қу басым, Ерлігіңді білгіздім. Жалғызым, сені нетермін, Қай қылығың айтармын. Жалғызым, менің жоғалсаң, Көңілім қайдан басармын. Жалғызым, сені көргенше, Қайғың кетпес өлгенше. Өлгенім жақсы бүйткенше, Күнде зар боп жүргенше! Ханым сөйтіп айтып талып кетті, Елжіреп іш-бауыры жанып кетті. Қайтып сабыр қылып тұрсын жалғызына, Өзі артық жаралған нар киікті. Кіші хан ұлы Ер Баһрамды сағынып сөйлегені Айым, күнім, жұлдызым, Маңдайымда құндызым. Қайда кеткен адасып, Көз ашып көрген, жалғызым. Қанша зар боп жүргенім, Сарғайып жүдеп өлгенім. Қайда кеттің адасып, Асылзаттай көргенім. Ғайып болды жалғызым, Хабарын кімнен білермін. Ертеден кешке зарланып, Бір Құдайдан тілермін. Тілегімді бермесең, Қайтіп тірі жүрермін. Көзімнің жасын көрмесең, Адасқан, қалқам, келмесең, Бір күн тұрмай өлермін. Тұруға жерім тар ма екен, Айналарға жар ма екен. Жалғызымнан айырылған, Менің бақытым қара екен. Аз ғана күн жүрмедің, Көп өнерің көрмедім. Жаныма қапа жандырдың, Әдепті, құлыным, қайда өлдің, Қызығыңды көрмедім. Бұл сөзін патшаның естіп білді, Естіген соң жұртына жарлық салды. «Біз іздеп Баһрамды табалық» деп, Мың сан құл сол арада саулап жүрді. Жігіттер, мінеки, сізге сөз келеді, Құлақпенен естігенді көз көреді. Сөйлескен пері шалға ер Баһрам, Бұлар тағы жолығып кез келеді. Бұлар келіп ол шалдан сөз сұрайды, Жаман айтпай, жақсылап көп сұрайды: – Көп күн болды бір бала жоғалғалы, Соны көрдің бе?– деп сұрайды енді. Шал айтады: – Бір бала көрдім,– деді, Бұл сөзге сонда көңіл бердім,– деді. Кіші ханның баласы ер Баһрамды, Киік қуып келгенін білдім,– деді. Ол Баһрам тілімді алмай кетті былай, Келмеске кетті былай жылай-жылай. «Барма» десем, тілімді алмай кетті, Балаңыз сол болмасын, – деді, – япырмай! – Неге жібердің жас баланы көріп тұрып, Екенін хан баласы біліп тұрып. Оларың не қылғаның, қу сақал шал, Өз аузыңнан жауап бер ханға жүріп. Шал байғұс «бармаймын» деп ойбай салды, Бақыртып, ұрып-соғып, байлап алды. «Ер Баһрамды осы шал біледі» деп, Жиылып Кіші ханға алып барды. – Айырды жалғызымнан бір Құдай-а, Құданың құдіретіне бар ма шара? Білесің бе жалғызымнан қандай хабар, Шал байғұс, сөзің болса, сөйлеп қара. Шал айтты: – Патша, тыңла сөзімді естіп, Мені байлап, әкелді ұрып-соғып. Мен есімді жия алмай әлі отырмын, Жүрегім шошып кетті есім шығып. – Шал байғұс, сенен жаман шыға көрмес, Күйігі жалғызымның естен кетпес. Жұмысын сіз айтсаңыз, біз тыңлайық, Түбі тыныш болғанда, дәнеме етпес. Әуелден іздеп шыққан мен бір басты, Басымнан қара тұман қайғы басты. Жолында Гүләндамның ғаріп болып, Ер Баһрам дұшпандармен араласты. Шал байғұс есін жиып сөйлейді сөз, Бейшара бір бәлеге жолықты кез. Шал байғұс Гүләндамға ғашық екен, Жолықты үшбу мехнат құрылған тез. – Балаңыз Баһрам жақтан үшбу-дүр сөз, Ақылы көп, дария – көл, ұшан теңіз. «Болмас іске барма» деп айтып едім, Болмаған соң батама жолықты кез. Менім атым сұрасаң, қу шал қари едім, Ғаламды сауық бірлән кезер ердім. Ғаламда саудагер боп кезіп жүріп, Гүлістан шаһарына барып едім. Аттарын ол шаһардың Шәмин деген, Патшасының аты Фағфур ханы деген. Өзі һәм салтанатты, ақылы мол, Ғаламдағы перілерді біледі екен. Фағфурдың қызы бар-ды жаннан асқан, Айтайын оның атын қыз Гүләндам. Туған жоқ бұл дүнияда ондай нұрлы, Көрген жан ғашық болып жүзі солды. Мен сорлы сол қызға ғашық болдым, Азабын көп көрдім ғой һәрбір жолдың. Гүләндам қапа қылды мен сорлыны, Алтын-күміс, малымның бәрін шаштым. Қор болдым неше жылдай жанталасып, Қайғымен жүре алмадым қадам басып. Жаны жоқ суретіне көзім сүздім, Жетпедім мұратыма мауқым басып. Бұл жерге диуана боп келдім ақтап, Елімнен тірі айырылып жүрдім жақтап. «Қу сақал шал» атандым мұнда жүдеп, Балаңыз киік қуып келді мақтап. Келген соң ол суретті о да көрді, Суреті Гүләндамның һәрбір түрлі. Тағдырда осылайша жазған екен, Ер Баһрам бұдан жаман ғашық болды. Балаң айтты «мұны іздеп барамын деп, Құдай қосса, Гүләндамды аламын деп. Туғры келген қазадан кім қалады, Амалым жоқ, өлсем жолда қаламын» деп. Мен байғұс «қой барма!» деп, ойбай салдым, Соңынан бір қауым жер еріп бардым. Болмаған [соң] батамды бердім дағы, Қай етейін амалым жоқ, әрең қалдым. Ол шаһардың жөнін менен сұрап алды, Жөнін сұрап, анығын біліп алды. Неше теңіз, дариядан өтіп барып, Тоқтамай сол ер Баһрам кетіп қалды. Сен болмасаң өліп ем, патшам-ай, Жұртың мені менсінбеді болжай алмай. Бірақ көрген баланы жазығым бар, Сұрасаң, қылмысым жоқ менім осылай. Патша мұнан сөзді естіп білді, Бұл сөзді естіп, жұртына жарлық қылды: – Кеткен жөні білінді, елі-жұртым, Жақсылап үшбу сөзді тыңла,– деді. Ел-жұрты сансыз қол боп аттанды, Таусылмас мың сан қолға азық берді. Мың қолдың бастығы Дәстүр дос-ты, Кіші хан шеру тартып жөнеледі. Кіші хан енді жүдеп көп азады, Әкесі Фағфур ханға хат жазады. Баһрам үшін ғазиз жанын құрбан қылып, Әкесі «жалғызым» деп зарланады. «Сәлем» деп, Фағфурға хатты жазды, Фағфурға сәлемнен соң дұға жазды. «Сізге айтам, Фағфур хан, тыңла сөзім, Бер жауап,– деп,– үшбу дертке» қапаланды. «Білдірді атыңызды бір Құдекем, Сіздің елді сұрап біліп іздеп алам. Кетіпті сол жалғызым сіздің елге Қаңғырып, сорлы менім жалғыз балам. Түсірді мен сорлыны қайғы-шерге, Әгар келсе сол жалғызым сіздің елге, Олай-бұлай сөз айтып, бұзба көңілін. Мен бір ханмын Түркістан деген жерге. Мұғтабар жұрттың тұтқан сұлтанымын, Мен өзім жеп жүрмін балам ғамын. Ер Баһрам қызға ғашық болып алды, Балам тапсам не қылсаң да разымын. Айтайын қайсы бірін бәрін тізіп, Кітаптан біледі екен оқып көріп». Кіші хан хатын жазып бергеннен соң, Мың сан қол өтті жылап тамам болып. Кіші хан енді үйіне жөнеледі, Бірталай пері шалға мал береді. Сарғайып жүдеп жатқан бір байғұс-ау, Бірталай мал алған соң кенеледі. Мың сан қол Баһрамды іздеп кетті, Арада бірталай күн өтіп кетті. Бірнеше күн жол жүріп жүдеп-жадап, Гүлістанның шаһарына келіп жетті. Шаһар халқы «неткен қол!» деп қайран қалды, Ол Дәстүр Фағфурға танысқалы Кіші ханның хатын беріп, иләш салды, Біреу хатын Фағфурға алып келді. Фағфур хан хатты ашып оқып көрді, Жазыпты хатқа салып һәрбір түрлі. Бұрыннан ол шаһардан жүрген екен, Анығын ер Баһрамның енді білді. Фағфур хан иләшіні жібереді. «Бастығы Дәстүр мұнда келсін,– деді, Мұнда бір хат сақтаулы сізге жатыр, Сол хатты келіп оқып көрсін» деді. Ол Дәстүр Фағфурға енді келді, Екеуі келгеннен соң көріс қылды. Бір-біреуін танысып амандасып, Енді екеуі отырып кеңес құрды. – Әй жігіт, сол шаһардан келемісің, Сен хатын Баһрамның білемісің. Мұнда бір хат сақтаулы әлі жатыр, Алдыңа әкелейін көремісің. Ол Дәстүрге солай хаттың жайын айтты, Баһрамның зәңгі қырған халін айтты. Хат жазып көрген-білген бәрін айтып, Мұндай қылып жоғалған мәнін айтты. Біреу барып хатты ашып оқып көрді, Ер Баһрамның жазуы һәрбір түрлі. Ол Дәстүрге білгізбей зар еңірейді, Дәстүр хатты берген соң жарлық қылды. Фағфур хан анығын енді білді, «Біз іздеп табайық,– деп,– ер Баһрамды». Қарады қанша іздеп таба алмады, Дәстүрге «өзің тап» деп жарлық қылды. Фағфурдың Дәстүр сөзін қабыл көрді, Басқарды парасатпен һәрбір түрлі. Айырылдық «Баһрам» деп күнде зарлап, Құданың құдіретіне ақыр көнді. Дәстүрдің іші күйіп оттай жанды, Мың сан тамам қолына жарлық қылды. Қинады Гүләндам үшін ғаріп жанын, Тастады талақ қылып мың менен санды. Іздеді мың сан кісі ер Баһрамды, Ол жатыр «аламын,– деп,– Гүләндамды». Ел-жұрты таба алмайды іздеп жүріп, Таба алмай ер Баһрамды болды зарлы. Қайғысы ел-жұртының болды қатты, Ер Баһрам көп зарланып жалғыз жатты. Ер Баһрам бір шарбақта жатыр екен, Ел-жұрты зарлап жүріп ақыр тапты. Сол жерде падишаны таниды енді, Шарбақта жүдеп-жадап жатыр дейді. Анықтап патшаны таныған соң, Дәстүр мен Фағфурға хабар берді. «Таптық,– деп,– Баһрамды» хабар берді, Дәстүр мен Фағфур хан қуанады. Жиып ап боз баласы сауық қылып, «Шарбақтан Баһрамды келтір дейді. Әкел, – деп жарлық қылды, – ер баласын», Дәстүр келіп төгеді көзден жасын. Шарбақтан ер Баһрамды алып келді, Жиып ап перілердің бозбаласын. Сәлем беріп жетіп келді ол Баһрам, Қуанды Дәстүр менен Фағфур хан. Дәстүр тұрып еңіреп боздай құшақтайды, «Қарағым, аманбысың, Баһрам жан!» Көрісіп амандасып отырады, Отырған соң әңгіме, сөз құрады. Ер Баһрамды көрген соң Фағфур хан, – Зәңгіні қайтіп қырдың?– деп сұрады. – Онда мен жалғыз емес, серігім бар, Бастығы – Сайфыр достым, тамам жындар. Ол Сайфырдың күштерін сұрасаңыз, Он сан мың кісіге парапар. Сайфырға жолда бір күн қонып едім, Соларға бір сауап іс қылып едім. «Қиын-қыстау іс болса пайда болып», Сайфырмен сонда мен дос болып едім. Осындай іс боларын біліп едім, Ол шаһарда елеусіз боп жүріп едім. Сайфыр достым жиылып келгеннен соң, Мекен қып ол шарбақта тұрып едім. – Сайфырды шақырыңыз танысалық, Бір көріп тамыр болып алысалық. Оларды көрген де бар, көрмеген бар, Жүзін көріп танысып қалысалық. Баһрам «болады» деп тысқа барды, Жимаштың берген жүнін қолына алды. Ер Баһрам тақыр жерге отын жағып, Берген жүнін жанған отқа салып алды. Ол Жимаш бір сағатта жетіп келді, Қол көтеріп Баһрамға сәлем берді. – Ер Баһрам, сенің үшін жаным құрбан, Жұмсайсыз не жұмысқа мені? – деді. Жимашпен амандасты ер Баһрам, – Тағы Сайфыр достыма дұғай сәлем. Жиып алып палуандарын Сайфыр келсін, Көрсетіп перілерге атақ алам. Ол Жимаш «болады» деп, ұшып кетті, Баһрамның сәлемін Сайфырға айтты. Бір сағатта аспан, көктен жұртын жиып, Болғанда екі сағат қайтып келді. Аспаннан ұшып келіп жерге түсті, Келген соң ер Баһрам бет көрісті. Жүз мың палуан жиылып келгеннен соң, Көрісіп, амандасып отырысты. Жындарды тамаша қып көріп тұрды, Сайфырды Фағфур хан қонақ қылды. Бір-біреуін танысып тамаша қып, Арақ ішіп, сайха қып, шулап жүрді. Ойнайды жын-перілер сайха етіп, Бір жұмысы тағы болды тентіретіп. Артында ер зәңгінің патшасы, Зәңгінің қанын жоқтап келді жетіп. Он миллион қол болып келіп жатыр, Келген соң иләш салды зәңгі кәпір. Бұрынғы өлген патша інісі екен, Бастығы мұнша қолдың Наушат батыр. Зәңгілер ел-жұртына жатып алды, Фағфур хан «неткен қол?» деп қайран қалды. «Бізге енді Гүләндамды бере ме?» деп, Хат жазып Наушат батыр елші салды. «Қызын бізге бермей ме екен Фағфур хан, Сипаты жаннан асқан қыз Гүләндам. Ғаламға мәшһүр болып, асылы шығып, Алам деп зарланды ғой ер Баһрам». Наушаттың сөйтіп жазған хаты келді, Фағфур хан ол хатты оқып көрді. «Зәңгінің бізге хаты келді ғой» деп, Баһрамменен Сайфырға хабар берді. Ер Баһрам мынау сөзді естіп келді, Бұл сөзді естіген соң ашуланды. Фағфур хан тамаша ғып қарап тұрса, Шақырды Сайфыр менен Баһрам ері: «Фағфур хан, тамашаға жүріңіздер, Бұрынғы өлген зәңгі артық бір ер». Сайфыр шықты Жимашты қасына алып, «Қырайын, жояйын да одан бетер». Сайфыр шықты Жимашты қасына алып, Зәңгілер қарсы шықты айғай салып. Зәңгілер жиылғанда о да келді, Бір-бірлеп жініге шығып ұрыс салып. Зәңгіден біреу шықты таудай болып, Бұларға арысландай жаудай болып. Екеуі жеке шығып ұрысады, Жиылып жын-перілер қалды солып. Екеуі бірін-бірі ұрыс қылды, Зәңгілер шуылдасып қарап тұрды. Ақырып қайратына қатты мініп, Зәңгіні батыр Жимаш бір-ақ ұрды. Зәңгіні алып ұрып басын кесті, Зәңгінің батырлары зәресі ұшты. Зәңгілер тағы шығып ақырады, Адамзат, жын-перінің бәрі күшті. Зәңгіден біреу шықты тұлпар мініп, Қолына он мың батпан шоқпар алып. Қылышын жарқылдатып ақырады, Пері-жын соғысады һәр түр болып. Бұлардан Сайфыр шықты ұрысқалы, Зәңгімен айдаһардай жұлысқалы. Екеуі жеке шығып ұрысқанда, Қарайды тамаша ғып жанның бәрі. Сайфыр тіпті көрген жоқ ондай сұрды, Жын мен пері жиылып қарап тұрды. Сайфыр да қайратына қатты нанып, Көтеріп ол зәңгіні алып ұрды. Зәңгінің алып ұрып басын алды, Қылыш, мылтық, найзаның бәрін алды. Үш күндей жеке батыр шығып алып, Ол Сайфыр бәрін тамам қырып салды. Сайфырдың қайраты көп, өзі мықты, Жұлысқанда зәңгінің бәрін жықты. Өзінің батырлары қырылған соң, Наушатың ашуланып өзі шықты. Сайфыр айтты: «Наушаттан қорықты жаным, Сескеніп айбатынан қорыққаным. Наушаттан барғаннан соң өлмей қалмас, Ер Баһрам, сен шыға көр меһрибаным». Наушат шықты қуанып мұнарадай, Ондай батыр жоқ екен бұл арада-ай. Сайфыр қорқып Баһрамға «келе гөр» деп, Шығады ер Баһрам шыдай алмай. Соғысқа ер Баһрам кірді барып, Наушатқа ақырды айғай салып. Соғысқанда қылыш, найза бәрі сынды, Қарайды жын мен пері қайран қалып. Соғысты әлгі екеуі күніменен, Кешінде һәм ұрысады түніменен. Наушат кәпір о дағы осал емес, Болмады ер Баһрамға шыныменен. Қылыш, мылтық, садақтың бәрі сынды, Болмаған соң екеуі күрес қылды. Ер Баһрам бір уақытта хайла қылып, Наушатты ер Баһрам алып ұрды. Жөнелді Баһрамның көңілі өсіп, Дұшпанды қырып салды желдей есіп. Топалаң тиген қойдай бәрін қырды, Заманы болады екен алдан өстіп. Зәңгілер «не болсақ та болдық,– деді, Тағы да қаза жетсе өлдік» деді. Ер Баһрам сол сапарда салды қимыл, Анадан есіл туған ол бір сері. «Патшамыз өлген соң не көреміз, Бассыз елдей тентіреп біз жүреміз. Падишадан жанымыз аяулы емес, Қаза жетсе, Наушаттай біз де өлерміз». Екі жау араласып кетті дейді, Аспанға енді дауыс жетті дейді. Ақыр заман болғандай соғыс болып, Қарайды тамашаға жын мен пері. Болыпты қызыл-жасыл жердің жүзі, Ақыр заман соғыс болды күннің көзі. Екеуі армансыз боп алысады, Қырылды қисапсыз көп пері-жыны. Болыпты жердің жүзі қап-қараңғы, Қара қан ат бауырынан қызыл қаны. Зәңгіні тіпті жаман қатты қырып, Үріккен қойдай барады Баһрам жағы. Қисабы жоқ зәңгіні қойдай қырды, Артықша Баһрамның күш пен бағы. Ерлігі Баһрамның жаннан асқан, Шабады һәр тарапқа аруағы. Ерлігі Баһрамның жаннан асқан, Зәңгінің қалғандары еліне қайта қашқан. Зәңгінің кілтін бұзып, қазынасын Пақыр мен мүсәпірге бәрін шашқан. Ас, арақ, қазынасын шашты дейді, Ер Баһрам Фағфурға жақты дейді. Білген жан Баһрамды мағлұм қылып, «Берген екен күш пен бақты» дейді. Ерлігіне естен кетпес қайран қалды, Ер Баһрам Гүләндамды ойына алды. Дәстүр мен ер Сайфыр сөзін айтып, Ер Баһрам Фағфурға кісі салды. – Дәстүр, Сайфыр, барыңыз енді ханға, Арада жалған сөзге, тіпті, нанба. Мың да бір намысын алып бердік, Енді бізді жұмсайтын жұмысы бар ма? Жұмысы болса, біз оны бітірелік, Алысын жақын қылып келтірелік. Әгар жұмсар жұмысы болмаса енді, Рұқсат, бір өзінен құтылайық. Дәстүр, Сайфыр, сөзімді хош алыңдар, Екеуің Фағфурға бір барыңдар. Гүләндамды естіп келіп едік [деп], Жайын тартып, оларға сөз салыңдар. Дәстүр мен Сайфыр келді енді ханға, Фағфур хан тақ үстінде отырғанда, Падиша екеуінен сөз сұрайды. Сәлем беріп кіреді ол сарайға. Патша екеуінен сөз сұрайды, Жаман айтпай жақсылап көп сұрайды. – Екеуіңіз келдіңіз не жұмысқа? Дәстүр айтты: – Бір адамымыз сізде,– деді. Адамзат, жын мен пері жылдық жол-дүр, Суреті Гүләндамның бейне хор-дүр. Ер Баһрам бұл сапарда салды қимыл, Сұрасаңыз заты болған асқақ ер-дүр. – Жұмыс бітті, жұмсарға жұмысым жоқ, Көргенде Баһрамды көңіліме тоқ. Онан басқа келдіңіз не жұмысқа, Дүнияның онсыз маған керегі жоқ. Бір сөзін Баһрамның ес деп ойына алды, Бұрыннан Гүләндамға болған зарлы. «Гүләндамді айттырып беріңіз» деп, Иләш қылып екеумізді сізге салды. Патша айтты: – Сүйейін ер Баһрамды, Қызымның бір мінезі бек жаман-ды. Рұқсатсыз беруге бата алмаймын, Жүзінен айналайын Гүләндамды. Бере алмаймын, дегенмен қоймаңыздар, Бір амал енді бұған ойлаңыздар. Қызымның кебін тауып сөйлесейін, Өңгедей илі біреуіңіз айтыңыздар. Сайфыр айтты: – Үйіме мен барайын, Қарындас, қалыңдығым апарайын. Екеуінен бір мүлтік ғапыл болмас, Екеуін Гүләндамға жіберейін. Фағфур хан мынау сөзді қабыл көрді, Ұшырып қоя берді Сайфыр ерді. Бір сағаттың ішінде батыр Сайфыр Қарындасы, қалыңдығын алып келді. Екеуін Сайфыр барып алып келді, Фағфур хан туған айдай нұрын көрді. Екеуі де елден асқан сұлу екен, Жарлық қып Гүләндамға қоя берді. Екеуін Гүләндамға жіберісті, Барған соң Гүләндамға һәм көрісті. Көрісіп Гүләндамға амандасып, Енді отырып әңгіме, сөз құрысты. Гүләндам мұнан бұрын сөз құрады: – Хош келіпсіз, қонағым, шық жоғары. Бір көріп жөніңізді көре алмадым, Құдайым душар қылды меһрибанды. Танымадық, жол болсын, кім боласыз? – Жол болса, әлей болсын, танымайсыз. Сұрасаң, жөнімізді айтайық біз Сайфырды, жын патшасы білемісіз? – Сайфырды білмек түгіл көрдім өзім, Ұрысқанда зәңгімен көрдім күшін. «Танымасын сыйламас» деген бір сөз бар, Сұрап білдім екеуіңіз, аманбысың. Сыйларсың мейманыңды сұрап білсең, Дүнияда арманым жоқ сіз деп өлсем. Көп отырмай сөз қозғады енді екі қыз, – Берерсің тілегімді есіркесең. Үшеуміз дәм бұйырса, жолықтық біз, Хабарға жетіп келді енді екі қыз. – Екеуіңді тап айырып танымаймын, Сайфырдың қалыңдығы қайсысыңыз? Екеуі Гүләндамге жауап берді, Жауабы екеуінің тәуір келді. – Сайфырдың қалыңдығы мынау тұрған, Қарындасы һәм асылы өзім,– деді. – Дию өліп, басы шорт кесілді ме, Зар болған Сайфыр жарлы қосылды ма, Бір Алла мұратына жеткізген соң, Жай тауып, ғамлы көңілің басылды ма? Гүләндамның сөзінің жөнін білді, – Үлгі қылып айтасың сөзді, – деді, Жарсыз жүрген жалғанда қиын екен, Күткендей сіз жарың жоқ, күнім, – деді. Қызығын бұл дүнияның көрген жақсы, Бірге һаман күліп-ойнап жүрген жақсы. Жалғыздық һеш адамға жараспаған, Мүләйім шекер-шәрбат сөзі жақсы. Құдай қосқан жарыңнан айырылмаңыз, Бой ұрып бөтен жаққа қайрылмаңыз. Бір қауым талай жанға обал қылдың, Енді келген жар болса, қайырмаңыз. – Құдай қосқан жарымнан айырылмаймын, Сұлуыма қосса екен бір Құдайым. Екеуіңнің тілеуіңді неге алмаймын, Енді келген жар болса, қайғырмаймын. Келмейді жүретұғын сүйген жарым, Зар қылдым гүл жүзіме жанның бәрін. Енді сіздер келдіңіз не жұмысқа? Жол болсын, сөйлей отыр, меһманларым. – Жол болса, әлей болсын келдік сізге, Бір тілек тілей келдік өзіңізге. Бір нәрсе ойға алып келіп едік, Айтайық жақтырсаңыз көңіліңізге. Алыстан танысқалы келдік сізге, Жақсылық жауап етсең енді бізге. Зарланған жолыңызға ол бір ғаріп, Зар болды неше жылдай басқан ізге. – Қолдан келер ісі болса, бермей қалман, Кісіге одан басқа көзім салман. Құлына Құдай сүйген болады жар, «Баһрам» деп зарланды қыз Гүләндам. – Сөзіңді көңіліңде қозғаңыздар, Ойыңды бөтен жерге бұрмаңыздар. Махфұзда жазған шығар Хақ Тағала, Жеткізіп мұратына нәсіп әйлар. Мырзамыз жаннан асқан Баһрам ер-ді. Жіберді «жауабымды әкеп бер» деп, Баһрамға айттырып келдік сізді. «Баламнан барып рұқсат сұрап кел» деп, Әкеңіз жіберіпті екеумізді. – Адамға қыз бере ме асыл пері, Әкем нені қылса да өзі білсін Адамзат – ойлап тұрсам арғы тегі. Таныман бұл сөзіңді қойшы әрі, Құрыды тақат тұтпай ынтызары. Кіріптар қапаланды қайғы құсып, Гүләндам нұраланады шам-шырағы. – Гүләндам, бұл дәулетті көп көрдің бе, Қадірсіз болғанды еп көрдің бе? Кем теңгерсе әкеңді қайтер едің, Өзіңе ақыл салғанды айып көрдің бе? – Әкем мені не қылса да өзі білсін, Жалғыз қыз үйде жатқанын білсін. Ата-анасыз қыздарының халі не-дүр, Өзіне ұнағанын қыла берсін. Көңілінің барлығын енді білді, Екеуі қуанып қайтып келді. «Көңілі балаңыздың бар екен» деп, Дәстүр, Сайфыр патшаға хабар берді. Бұл сөзді естіген соң жарар досты, «Сөзі екен екі қыздың үшбу» десті. «Құдай қосса бұлары ұнар» деп, Сол күні малын сойып, құда түсті. Фағфур хан жұртын жиып той қылады, Тойына бес жүз түйе, қой сояды. Ірі қара сойғаны қисабы жоқ, Жын, періні жиып алып тойдырады. Фағфур хан той қылады жұртын жиып, Баһрамды құрмет қылды жұрты сүйіп. Кіргізді Баһрам менен Гүләндамды Ішіне алтын үйдің неках қиып. Қосылады ай мен күндей екі ғашық, Бір-бірінің жүзін өбті ләззаттасып. Жетіпті мұратына екі асыл зат, Қосылады Баһрамменен құшақтасып. Көңілі Баһрамның тоқтайды енді, Тек-жайын сөйтсе де тек жатпайды енді. Жолда өлтірген баяғы дию қанын, Соңынан елі жылап жоқтайды енді. Бір жынды жоқтайын деп барған-ды енді, Көңілі қайғыменен ағады енді. Зақыттың Зақып деген бір інісі, Сайфыр менен Баһрамды табады енді. Шаһардың шетіне келіп жатып алды, Ол шаһар «неткен қол?!» деп қайран қалды. Зар жылап Сайфыр досты жібермеді, Көрісіп бірін-бірі зарланады. Бастығы диюлардың дию Зақып, Жолықты Баһрамға келе жатып. Зорлығын айтып болмас үлкен таудай, Ер Баһрам ер емес пе барған бағып. Өзінің тоқсан қарыс құлағы бар, Терісі мың түлкінің тымағы бар. Асылында Баһрам да ер емес пе, Жұмырықтай жүрегі[нің] қарысы бар. Сөйлейді кәпір залым осылай деп: – Құдайдың бәрін қылған құдіреті көп, Жер астында диюдің басын алған, Атың – Баһрам, палуан, сенбісің?– деп. – Атым – Баһрам, қыз іздеп пері бардым, Диюдің жер астында ойран салдым. Құдайым тілегімді бергеннен соң, Өкіртіп доңыздай ғып басын алдым. Залым Зақып палуан перінің бәрін жықты, Сол жерде Баһрамға ақырыпты. Қызыл қан ат баурынан сел боп ақты, Дұшпандар торды жиып шақырыпты. Ер Баһрам күн сықылды күркірейді, Дию қашып әр жерге дүркірейді. Алысты қырық күндей екі палуан, Көрген жан һайбатынан тітірейді. Сескенді һайбатынан жиылған жан, Көрген жан зәһәрінан қалады таң. Жер үстінде бір-бірінің салмағы бар, Қаратас сулар шығып болды талқан. Көрген жан һайбатынан аң-таң қалып, Дию малғұн сол жерде ашуланып, Көтеріп Баһрамды қолына алды, Үйірді айналдырып жоғары алып. Баһрамды үйіреді дәл басына, Сыйынды ер Баһрам Алласына. Құдайым Баһрамға қуат беріп, Зарланған қабыл қылды көз жасына. Көтеріп сол диюды қолына алды, Екі жұрт «өле ме» деп қайран қалды. Құданың құдіретіне қараңыздар, Кәпірдің алып ұрып басын алды. Сақтады Жаппар Құдай Баһрам ерді, Өлтірді ашуланып Зақып серді. Құдайым өзі қуат бергеннен соң, Өлтіріп ол кәпірді жүре берді. Кәпірдің алып ұрып басын алған, Залымдар сол арада бүлік салған. Өлтіріп сол кәпірді болғаннан соң, Тұлпардан түсіп, алтын үйге жатып алған. Көздері Гүләндамның інжу, маржан, Баһрам оны алған соң қылмас арман. Сайфырдың қарындасы Пәрманиге, Тағы да ғашық болды Фағфур хан. Гүл жүзі Пәрманидің гүл-гүл жанар, Фағфур оны көріп көзін салар. Екеуін де Құдайым ақыр қосып, Фағфур Пәрманиді тағы да алар. Пәрман меруеттен келді киіп, Баһрамды құрметледі жұрты сүйіп. Фағфурдың ғашығы қатты болған, Қалады талып түсіп іші күйіп. Бір күні Фағфур хан отыр еді, Шақыртып Баһрамды қасына алды. «Мен дағы ғашық болдым Пәрманиге», Досының қарындасы ғой, баршы,– деді. Ер Баһрам «болады» деп жүріп кетті, Фағфур хан «аламын» деп үміт етті. Ер Сайфыр отыр екен жаңа тұрып, «Бір тілек тілеймін» деп жетіп келді. – Бір тілек тілей келдім берсеңізлә, Сөзімді менің айтқан жақсы тыңла. Қуанып бере ме деп жетіп келдім, Екеуміз досты болдық бұл сапарда. Қосыпты екеумізді бар Құдайым. – Ер Баһрам, қайдан келдің, күн мен айым. Не тілейсіз, жан достым, енді менен? Өзімнен сұрасаңыз аман жайым. – Тіліме менім асқан көнсең,– деді, Сөзімді жақсы қабыл көрсең,– деді, Жан достым, тілегімді берсең,– деді. – Тілегіңді не деп айтқан көндім,– деді, Сөзіңді жақсы қабыл көрдім,– деді. Не қылсаң, жан достым, бір өзің біл, Қолыңа Пәрманиді бердім,– деді. Пәрмани шын асылды келді киіп, Баһрамды құрметтеді жақсы сүйіп. Фағфурдай жақсылықты о да көрді, Екеуін некахлайды молда жиып. Фағфур жақсы сүйді Сайфыр ерді, Патша неше күндей қылды тойды. Ұзатты Пәрманиді салтанатпен, Фағфур жақсылықты о да көрді. Қимайды Баһрам мен Гүләндамды, Бес тайпалы ел көріп айғай салды. Айырылып Баһрамнан болды зарлы, Бірталай ұзын жолға шығарады. «Жан достым, аман бол» деп Сайфыр қалды, Ол шаһардан айырылып кете барды. Бірнеше күн жол жүріп ер Баһрам, Арада бірталай күн өте барды. Пері шалдың тұсына жетті дейді, Ғұмыры ғаріптікпен өтті дейді. Іздеген Гүләндамды тауып алды, Ер Баһрам мақсатына жетті дейді. Баһрам шал үйіне кіріп келді, Пері шал жылап отыр оны көрді. Келгенін Баһрамның ол білмеді, Суретіне бас ұрып жылай берді. – Айналайын, қарағым, Суретіңе қарадым. Сырлы тамның ішінде, Арғымақтай жарадым. Малымнан да айырылдым, Санамнан сарғайдым, Бір сенімен болам деп, Дертке түсіп қайғырдым. Ел-жұртымнан бездім мен. Суретіңе көзім сүздім мен, Бір сенімен болам деп, Дүниядан күдер үздім мен. Суретіңді сақтадым, Іздесем де таппадым. Кеше-күндіз бас ұрып, Суретіңе қақсадым. Суретің тұр, өзің жоқ, Сұрасам да сөзің жоқ. Басымдағы шашымнан «Сені ал» деп, қайғым чоқ. Мен ханның ұғылы едім, Салтанатпен бұла едім. Саған ғашық болғанмын, Туған қызыл гүл едім. Енді болдым кәрі шал, Баяғы дәурен қайда бар, Кеше-күндіз бас ұрсам. Енді маған Гүләндам Қай уақытта табылар? Бас ұрып суретіне шал жатады, Баһрам шалға келіп сөз қатады. «Суретіне мұнша неге жыладың» деп, Суретін ер Баһрам қиратады. Шал байғұс сындырған соң жылайды көп, Гүләндамды бас ұрып сұрайды көп. Пері шал ойбай салып қалды зарлап, «Суретімді сен неге сындырдың?» деп. Шал жылайды зар қылып: «Суретімді бұздың,– деп. Суретімді бұзған соң, Дүниядан күдер үздім» деп. Баһрам айтты: – Шал,– деді, Болып едің көп дертті, Гүләндамды әкелдім, Не қыласың суретті. Аманбысың, байғұс шал, Баяғы кеткен балаңмын. Сөзімді ұғып, құлақ сал, Гүләндамды алып қал, Шалым-ау, сен алып қал. Бес-алты жынмен алыстым, Жазайұрмен ұрысқан, Сондай қиын жерлерде, Мұндай қиын көрдім жол. Құдай берген ғайрат мол, Кәпірлерге болдық жол, Шалым-ау, сен алып қал. Шал айтты: – Отқа салдым ғазиз жанды, Ағызайым екі көзден қызыл қанды. Қарағым, кең пейілің рас болса, Көзіме бір көрсетші Гүләндамды. Баһрам айтты: – Шал, тыңлап сөзімді ұқшы, Көңіліңді қане бас, [бері] шықшы. Гүл жүзін Гүләндамнің көрсетейін, Шал байғұс шарбағынан тысқа шықты. Шал шықты шарбағынан қадам басып, Баһрам қоңырау қақты қолын ашып. Дауысын қоңыраудың естіген соң, Баһрамның қасына келді қадам басып. – Қасыма ойнақ қағып кел, Гүләндам, Қызыл гүл артық туған бұл жаһаннан. Күте гөр пері шалды, қыз Гүләндам, Көрген соң бір-біріңде қалмас арман. Киік боп Гүләндам қыз жетіп барды, Көрген жан дидарына қайран қалды. Жетті ғой мұрадына екі ғашық, Құдайым душар қылды меһрибанды. Соғады пері шалды ойнақ қағып, Жегеді пәуескіге қоңырау тағып. Гүләндам ақ сұңқардай жетіп келді, Бетіне безектеген опа жағып. Пері шал Гүләндамды көргеннен соң, Құдайым тілегенін бергеннен соң, Баһрам алып қайтты шам-шырағын Келіні Гүләндам қыз ергеннен соң. Шал байғұс есі кетіп талып қалды, Қинады ғашық болып ғазиз жанды. Басында киік болған қыз Гүләндам, Құдайым нәсіп қылды серік сәнді. Шал байғұс есін жиды бір заманда, Қасында нұр балқыр Гүләндам да. Шал байғұс он бестегідей жігіт болып, Әуелгіден нұрға толып Құдауанда. Ол шалдың тілегенін Құдай берді, Келіні Гүләндамға көңілі толды. Шал байғұс өлімге басын байлап алып, Ғашық боп күйіп-жанып өліп қалды. Пері шал ғашық болып қапаланды, Тастады бәрін таңдап мың мен санды. «Берейін алып қалсаң Гүләндамды», Бейшара ғашық болып зарланды. – Бас ұрып құр суретке жылап едің, Гүләндам үшбу қызды көзің көрдің. Мехнаты осы қыздың бек кіріптар, Сөйледім баян қылып һәрбір түрдің. Көңілім жарық болды жаққан шамнан, Құдайым айырмасын жұбайынан. Шал айтты: – Мен айырылдым қайғы-дерттен, Көз нұрымдай болды ғой Баһрамжан. Ол шалға қайта бітті қызыл жүзі, Баһрам бірталай елдің малын берді. Баһрам амандасып жолға шығып, Көңілі толған айдай болып жарық болды. Өзінің шаһарына жақын келді, Заң еңіреп ата-анасы отыр еді. Түркістан шаһарына жетіп барды, Шаһардың сарайына жақын келді. Үйге кірмей тысқары тұрар дейді, Қайғының қасіретін жуар дейді. Ел-жұрты отыр екен ханға келіп, Ханыммен екеуіне сәлем берді. Түсін жорып жорушыға отыр еді, Сол күні хан мен ханым бір түс көрді. «Енді маған береді ұл мен қызын», Хан айтады: – Ай мен күн көрдім,– деді. Жорушы айтты: – Бір тілегің Құдай берер, Зар болған жалғызыңды көзің көрер. Түсіңде ай мен күн, жұлдыз көрсең, Баһрам Гүләндамды алып келер. Тақтыңа Баһрамды мінгізерсің, Нұрланып тоты құстай құбыларсың. Ханым айтты: – Сөзімді тыңласаңыз, Құдай берсе, разы бол көздің жасын. Тағы да жалғызымның исі шықты, Қайсы күні ол өзі келер,– деді. Тысқары елі-жұрты шықты дейді, Және тағы Баһрамды көрді дейді, Жалғызын көзі көріп зар еңіреді, Хан мен ханым жыласып қалды дейді. – Әй, жалғызым, келдің бе, Зарлығымды білдің бе!? Атаңмен һәм анаңды, Есіңе алмай жүрдің бе? Жапанға кеттің қаңғырып, Жолдасыңнан айырылып. Қайдан келдің, қарағым, Неше жылдай зар қылып? Жан жалғызым сен едің, Сорлы әкең мен едім. Жапанға кеттің қыз іздеп, Әкем жылар демедің. Есіңе мені алмадың, Сен жоғалып кеткен соң, Артыңнан мен зарландым. Мен зарланбай нетермін, Бұ дүниядан өтермін. Жалғызым, сен келмесең, Отымды менім жағар кім. Күнімнен бұрын өлермін, Шын дүнияға барармын, Соның үшін еңіредім, «Баламыз жоқ сорлы» деп. Қыз, қатыным жылар деп, Соны ойласаң нетеді, Басыңнан дәурен өтеді. Тілеуін Кіші ханның Құдай берді, Зарлап жүрген жалғызын көзі көрді. Жалғызын көрген соң қалды талып, Анасы жылап тұрып бек зарланды. Анасының жырлағаны – Әй, жалғызым, жалғызым, Бауырыма салған елігім. Қарап тұрған шырағым, Қайнардан аққан бұлағым. Көріп тұрған боздағым, Сүйеніп тұрған таянышым. Көремін сені деп пе едім, Көңілімнен кетпедің, Бұл бейшара анаңды, Зарлатайын деп пе едің. Әй, жалғызым, құлыным, Құлақ, жүрек, жұлыным. Зарлықпен күнім өтті ғой, Еске бір түссе қылығың. Мұндай заман бар екен, Осылай, қалқам, жалғызым, Айналар жерім тар ма екен, Көрерге сізді бар екен. Анасы сөйтіп кетті айтып талып, Елжіреп іші-бауыры оттай жанып. Баһрам айтты: – Киік болған, қыз Гүләндам, Ойнақ қағып қасыма келдің нағып. Жылаттың ата-анамды тентіретіп, Қасыма, Гүләндам қыз, келдің жетіп. Сіздің үшін неше жылдай болдым қапа, Өлгім жоқ ата-анамнан мен де кетіп. Жарлығын Баһрамның екі қылмай, Қапа боп жүре алмады көңілі тынбай. Киік боп ойнақ қағып келді жетіп, Тілегін Кіші ханның берді Құдай. Жасаңқырап ата-анасы тұра келді, Кіші хан енді ойлайды һәр бір ойды. Қырық күндей ел-жұртына той қылған соң, Қайғысын ішіндегі бәрін жойды. Жетім-жесір бәрі де майға тойды, Қайғының қасіретін бәрін жойды. Неше жерден падишалар жұртын жиды, Той қылып, сансыз қара малдар сойды. Сарғайып сары белден таң атады, Екі сұлу алтын үйде бір жатады. Екі жүз жыл патша болып жұртын билеп, Үшінші жыл сапар шегіп жөнеліпті. Жөнелген соң ұжмақтан тағым тапты, Сарғайып сары белден таң атады. Құдайым, кей бендеге зар түсірме, Бірнеше жыл дәурен сүріп солқылдата, Ұжмақтан тұра барып тағым тапты. Баһрам мұнда келіп болды дейді, Көңілі бек шаттанып толды дейді. Дұшпанның неше түрлі бәрін алып, Көрді ғой неше түрлі азап жолды. Қосылған теңін тауып қыз Гүләндам, Атасы Түркістанда Фағфур хан. Жігіттер, тырысып сіз дініңді күт, Кетерміз иман оқып бұл дүниядан. Енді бізге бұл дүния ақыр заман, Опасыз үшбу дүния дахилына. Қосылады Баһрам мен қыз Гүләндам, Жетіпті нәсіп әйлап мақсұтына. Той қылды һәр тараптан жұртын жиып, Қосылады екі асылзат көңілі құп. Падишалар һәр тараптан бәрі келді, Қосыпты бір-біріне неках қиып. Ойыншы неше түрлі сайран салған, Қосылады теңін тауып қыз Гүләндам. Дүнияның бар ұжмағы бәрі сонда, Қалмады екеуінде һешбір арман. Ұжмағы дүнияның бәрі сонда, Жандырған ғашық отын Құдауанда. Безектеп шешек атқан бір туған-ай, Көрген жан дидарына қалды таң-ай. Гүләндам қапастағы бір қызыл құс, Сайрайды сандуғаштай бір бұлбұл-ай. Түрленді бақшадағы ақ сұңқардай, Сипатын қылсам баян тап осылай. Ер Баһрам Гүләндамға болған ғашық, Көрсетті нұр дидарын пердені ашып. Басында киік болған қыз Гүләндам, Жетіпті мұрадына душарласып. Ер Баһрам азап көрді басты байлап, Жөнелді Гүләндамға, иә, Құдайлап. Жетіпті мақсұтына олар дағы, Қосылды душарласып нәсіп әйлап. Жетіпті мақсұтына олар дағы, Порымы бар ақ сұңқардай көрсең оны. Басында киік болған мұнарланып, Ер Баһрам алып қайтты Гүләндамды. Қасында қанша нөкер, әскер еріп, Астында Баһрамның тұлпар керік. Ұзатты Гүләндамды әскерменен, Әкелді жиһазын бәрін теріп. Қасында Гүләндамның нөкері көп, Әскерге басшы болған пері, жындар. Ер Баһрам [алып] қайтты сандуғашын, Жер жүзін басып кетті көп адамдар. Ер Баһрам алып қайтты сандуғашын, Дүнияға баһа болмас қиғаш қасын. Ұзатты жиһаз беріп Гүләндамды, Безеген зүбәржатпен үсті-басын. Безектеп шешек атқан нұрға толып, Бір күні қасірет көрді, қайғы солып. Ер Баһрам дұшпандарды қойдай қырды, Ойлаған адамзатқа о да қорлық. Гүләндам һәр тарапқа тойлар қылды, Көрсетті салтанатын һәрбір түрлі. Жиылды һәр тараптан падишалар, Құбылтып шатыр тікті тоқсан түрлі. Жиылды ел күңіреніп сауқым салып, Гүләндам һәр тарапқа қылды жарлық. Дидары он төртінші туған айдай, Жүрісі һәрбірінің патшаға лайық. Қосылды ұжмақтағы Хорлы-Ғайын, Жібектен кілем жайған көше сайын. Жүніндей тоты құстың зейнеттеніп, Құбылды құсы қанша Хорлыдайын. Саф лағыл тарантас қоңырау таққан, Екеуін жүз де сегіз нөкер баққан. Жамалы Гүләндам қыз нұрға толып, Нәзік бел, көзі гауһар, опа жаққан. Нөкерін Гүләндамның түзенеді, Айтуға жақсы адамға сөз өтеді. Һәуезі тоты құстай бек мүләйім, Екеуін жүз де сегіз қыз күтеді. Лағылдан шам қойдырды баққа жағып, Бау-шарбақ сылдырайды шәрбат ағып. Ұжмақтың хорларындай һәр сипаты, Адамзат тақат тұтар бұған нағып. Он мыңдай әскер тұрды атпен бағып, Алтын ер, гауһардан тұрман тағып. Тамам елін жидырды шарбағына, Шаһардың мағлұм әйлап дабыл қағып. Тұрыпты қыз Гүләндам о да бағып, Қасында жүз сегіз қыз даярланып. Өзі күнде солардай бір қыз болса, Жігіттер ғашық болмас бұған нағып. Толыпты ел жиылып бау-шарбаққа, Фағфур хан тәжін киді алтын тақта. Әлде қайдан көрділер келе жатыр, Патшалар манағы қалған жақта. Жігіттер һәр не болмас сөзден тайған, Қайғысыз бұл дүнияда нұрға тойған. Жайдырып тосаң жерін мүсәмматті Ұстатып атлас көрпе нөкер қойған. Сол уақытта келділер патша, хандар, Даяр боп тосып тұрды жолда жандар. Көтеріп атлас көрпе үстіне салып, Шаһарға жетіп келді тамам жандар. Келеді падишалар мекен, жайға, Ұқсаған өңкей ғашық күн мен айға. Фағфурға Баһрамды алып келді, Келінін қыздар күтіп бір сарайда. Шаһарға бұлар келді елдей көшіп, Қуанды қыз Гүләндам көңілі өсіп. Күтеді Гүләндамды қанша қыздар, «Өзіңе жаным құрбан хәкім» деп. Болмайды бұндай қызық бұ жалғаннан, Ғашығы қатты жүдер еске алғаннан. Ер Баһрам Гүләндамды алып келді, Құсайын, Шаһарбану жолығысқаннан. Құрмет етті күйеуін көп ерменен, Һәркімің жақсы болмақ жарыменен. Пәрмен қылды патша бектеріне, Күрестірді палуандарды бір-бірімен. Бұларды күрестірмек бұрын болды, Іздеген тауып келді сағым желді. «Қосуға балаларды той қылам» деп, Жидырды атыраптан тамам елді. Түбінде лайық жерге етті сауын, Ұжмақтан Хорлы-Ғайын піскен қауын. Қанша күн көрмесе де қайғы кетті, Берік қып ұстаған соң аяқ бауын. Жиылды адам қалмай мұсылманнан, Тұлпар ат таңдап мінген мың мен саннан. Халқының тойға келген қисабы жоқ, Көрінбес жердің жүзі тамам жаннан. Ойыншы – биләгүшммен сауық сапты, Көрсе де талай бейнет жарын тапты. «Ертең тойды бастаймыз» деген күнде, Шаһарға ақ торғыннан перде жапты. Көрген жоқ қаншалар ер Баһрамды, Көп көрді ғашықтықтан қайғы-зарды. Қырық күндей бек қызық тойды қылды, Қосуға бір-біріне ғашық жарды. Той болды хорлар сыйлық салғанындай, Белгісі бұл дүнияда қалғанындай. Үрімнен жеті түрлі илқар тұтып, Құсайын Шаһарбанды алғанындай. Тоты құс, бұлбұл ұшып қосылғандай, Сипаты бұл ғаламыңнан асыл қандай. Бұрынғы Ләйлі – Мәжнүн, жеті ғашық, Пәрмені перілерге шашылғандай. Той болды жердің жүзін жасырғандай, Көңілі дұшпандардың басылғандай. Кедей, байын білмейді елі тойдан, Басынан Ніл дарияның тасығандай. Той болды дүния малы шашылғандай, Есігі оразаның ашылғандай. Тілінен екі ғашық ләззат алып, Құсайын Шаһарбанға қосылғандай. Қырық күндей ел жиылып етті тойын, Қосылды бір-біріне алма мойын. Түсіне енген ғашығын өңінде көріп, Қанша қысып құшақтайды алма мойын. Түрленер қысқанынша нұры тасып, Аузынан дүр уә маржан, гауһар шашып. Екі айдай ер Баһрам жатып алды, Қызыменен патшаның құшақтасып. Зар еткен қосылған соң қайғы кетті, Сарайдан екі бөлек құрмет етті. Қосылып бұлбұлдайын сайраған соң, Баяғы қайғы-қасірет заман кетті. Зүбәржат, лағыл, інжу шарбағы бар, Сарайда сұхбаттасып ол ғашық жар. Сұраған «сүйінші» деп қанша халық, Жеткізген мақсұтына Пәруардигар. Тарқады қырық күннен соң сабылған ел, Той болды бек қызықты дариядай көл. Меккеден имам келіп, құтпа оқып, Некелі ханым болды қос бұраң бел. Тұрады Түркістанда үш айдайын, Қосылды бір-біріне Хорлы-Ғайын. Фағфур хан бектерменен амандасты, Қыздарын ұзатуға айтып жайын. Фағфур хан ұзатпақ боп балаларын, Шығарды көкіректен сәналарын. Қырық күндей қызық той тағы қылды, Шаһардан жөнелтуге финалларын. Жүргізді хан қыздарын жиһаз беріп, Қасына неше мыңдай әскер еріп. Қайттылар ер Баһрам өз еліне, Түркістанда үш айдай қызық көріп. Адамға иман күткен болар пайда, Ер жігіт дәм айдаса бармас қайда. Елу төрттен нөкері бірге жүрді, Бөлінбей ханышадан мұнадайда. Қисапсыз, айтып болмас берген малын, Сөйлейін өз жұртына келген халін. Мінгізіп бес жүз тұлпар әскер берді, Безеген зүбәржатпен құйрық, жалын. Қасына әскер берді ер күніндей, Болмайды айтқанменен тап күніндей. Қисабы дүнияның әрең толды, Салтанат артық болды неше түрлі-ай. Бендеге Құдай салар істің бәрін, Неше жыл жолда көрген қайғы-зарын. Басында киік болып қуып барып, Түркістаннан алып қайтты ғашық жарын. Шаһардан шығарды падишалар Нөкері, қанша әскер сауық салар. Жүз сегіз қыз хорлардың жамалындай, Үстіңе атлас көрпе сағым салар. Қызыл жақұт сырғасы, бауы – гауһар, Құбылып сағат сайын нұрға толар. Адамзат сабыр еталмас жүзін көрген, Солардың һәр біреуін ғашық қылар. Белі нәзік, мойны ақ лағыл дейлер, Қосылып қандай жігіт болды алар. Сипаты бұл ғаламда қызға бітпес, Жаһанда асып туған енді солар. Жаһанда асып туған енді солар, Қосылып қандай жігіт болды алар. Інжуден отыз тісі, ерні – ақық, Мүнәсип алтыннан шашу малдар. Түркістаннан алып қайтты күн мен айды, Жан көрмес дүнияда һеш мұндайды. Бірнеше күн жол жүріп шаһзадалар, Үрімнің шаһарына жақындайды. Неше жыл сапар шегіп, көп күн өтті, Падишаның көңіліне қайғысы өтті. Нұр баққа шыбын жанын айтып болмас, Мұратқа ер Баһрам ақыры жетті. Бастаған шаһзада мың сан қолды, Көріпті ғашықтықпен талай жолды. Түскен жерге қалған ол, сол Үрімге Үш кісі сүйіншіге озбақ болды. Алты атпен үш кісі озды Кіші ханға, Бір Алла берсін медет барша жанға. «Патшаның қыз іздеген ұғылы келді», Қуанып елі-жұрты қалды таңға. Жиылған шаһар халқы, неше бек, бай, Ер Баһрам патшаға тап толған ай. Кішіні ханым бірлән қуантады, «Осылай жалғызыңның,– дейді,– жайы: Билеген әділдікпен тамам елді, Түске енген тауып келді сағым желді». Әскермен қарсы шығып Кіші патша, Шаһарға балаларын алып келді. Неше жыл бейнет көрген жолда жүріп, Дертіне ғашықтықтың мойын бұрып. Падиша жалғызымен амандасты, Халқының келер жолын тосып тұрып. Болған соң амандасып шаһар жүрді, Көңіліне шаттық кіріп неше түрлі. Алды артынан он мыңдай әскер жүріп, Қуанып Үрім шаһарына алып кірді. Той қылды Кіші патша неше күндей, Айтқызды күнде сауық өлең-жырды. Қызыққа төрт тараптан жандар келіп, Асынып алтын қылыш болат қырлы. Гүлденіп бау-шарбағы неше түрлі, Еліне айтты дейді көрген сырды. «Тәж алмаң Әлидің бір өзіндей», Ел-жұрты айтқан сөзін тыңлап тұрды. Сарайда қыз Гүләндам сайран қылды, Нөкерлері перизатты күтіп тұрды. Қырық күндей алтын тақта ойын салып, Үрімнің уалаяты дәурен сүрді. Той болды Ніл дария тасығандай, Үрімнің уалаяты басылғандай. Кіші хан халқын жиды сай суындай, Тор тауы мекен Мұса асуындай. Зүбәржат, лағыл, інжу табақ ұстап, Ұжмақта қордың қызы тосуындай. Ұжмақта қордың қызы тосуындай, Алдына түрлі жауһар шашуындай. Жігіттер, мадақтасам қызық болды, Нәбидің Мәриямды қосуындай. Ел тарқады қырық күн өткеннен соң, Мұратқа шындап іздеп жеткеннен соң. Ер Баһрам Үрім шаһарына патша болды, Көңіліндегі қасіреті кеткеннен соң. Ер Баһрам жұрт билеген патша болды, Алла беріп тілегін көңілі толды. Өзінің пәрмен еткен заманында, Шығарды бір қақпадан қырық мың қолды. Салдырды меһман үшін сексен сарай, Жаһанның салтанатын етті талай. Патшаны, байы болсын не мүсәпір Демепті «құрметтеуің мынау қалай». Ғаламнан бейниһаят өнер асты, Көрген жан салтанатын қайран қалды. Көрсе де көп бейнетті тапты мұрат, Тағы бар мәруардан һәм зейнетті. Омардай халифа болып ел билеген, Ұстауға шариғатпен бек һайбатлы. Нұры артық өзге ханнан салтанатлы, Құданың арысланы Әли затлы. Үстінен бес жүз шаһар пәрмен етті, Қақ жарып қара қылды әділетті. Дүниядан асып кеткен салтанатты, Мұртаза шаһмардан – арғы заты. Өттілер дүниядан дәулетпенен, Уақытында патша болып ең айбатты. Мұратқа патша болып жеткен жері, Қосылып құрметпенен күткен жері. Ғашығын көп зарланып он жыл іздеп, Дүниядан қызық көріп өткен жері. Дүниядан қызық көріп өткен жері, Мұратқа қайғы көріп жеткен жері. Ер Баһрам Гүләндамды алып келіп, Қосылып құрметтесіп өткен жері. Дүниядан қызық көріп өткен жері, Көңілден қайғы көріп кеткен жері. Патшаның жаһан кезген халін сөйлеп, Қиссаның тамам болып біткен жері. Ғайыптың Алла білер асыл сырын, Махфұзда жаратыпты ләулек нұрын. Сұлтанды жаһан кезген тәртіп еттім, Шыққан жоқ қисса болып бұдан бұрын.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.