Адам әлейһисаламнан бері қарайғы ұрпақ, руларға дейінгі шежіре

Бисмилла рахмани рахим Жарандар, жәрдем тіле жалғыз Ақтан, Бақ тайса, патша құлар алтын тақтан. Ісіңе Құдіреттің қарасаңшы, Жаралған Адам Ата топырақтан. Жүріпсің бәрің дағы жігітпіз деп, Атаңның атын білсең, сонда мақтан. Атамыз Адамнан соң Шеш пайғамбар, Сауап табар шежіре білген жандар. Баласы Шеш пайғамбар Әшүш еке...

Kazakh
Адам әлейһисаламнан бері қарайғы ұрпақ, руларға дейінгі шежіре
Бисмилла рахмани рахим Жарандар, жәрдем тіле жалғыз Ақтан, Бақ тайса, патша құлар алтын тақтан. Ісіңе Құдіреттің қарасаңшы, Жаралған Адам Ата топырақтан. Жүріпсің бәрің дағы жігітпіз деп, Атаңның атын білсең, сонда мақтан. Атамыз Адамнан соң Шеш пайғамбар, Сауап табар шежіре білген жандар. Баласы Шеш пайғамбар Әшүш екен, Ақылды, зерек адам, ісін аңлар. Атамыз одан бері анық Қайнан, Надандар ата жөнін білсің қайдан? Ұғысып өткендерден сабақ алсаң, Сол болар тіршілікте тапқан пайдаң. Қайнанның баласы екен Мағұла бұл, Атаңның атын біліп, жөнін айыр. Атамыз одан бері Ипарып екен, Исламға әуел бастан болған қайыл. Ипарыптың Ақнұқ екен ұғылдары, Ол адамдар Алланың шын құлдары. Лақап аты Ыдырыс Хақ пайғамбар, Жетінші атамыздың рухлары. Хамас Ыдырыстың баласы екен, Уағында адамның дән нас екен. Атамыз одан бергі бәрі дапыл, Бір Алла бұл әркімнің панасы екен. Ысрапыл атамыздан Ырдан туған, Қор болмас шариғаттың жолын қуған. Ырданның баласы екен Мәулім деген, Атамыз он үшінші келдік бұған. Мәулімнің баласы екен Мәулім Шаллақ Жазайын деп ойладым көңіліме ап. Қиссаның біз сөйлейік сарасынан, Туылған өсіп-өніп мұнша халық. Атамыз одан кейін дейді Ғалламақ, Мұсылман дін жолында Алла демек. Дәмектің баласы екен әзіреті Нұх, Аяғы топан суға болмаған ық. Сол Нұхтан өсіп-өнген осы адамдар Жамағат, құлақ салып, жақсылап ұқ. Баласы Нұх пайғамбар Хам менен Сам, Көп жалған айтқан сөзде болмайды дәм. Және де бір баласы Япыс деген, Атамыз он төртінші келдік бұған. Біліңіз ата-жөнін мына кептен, Екі ұлы Нұх пайғамбар суға кеткен. Хам менен Сам Нұх пайғамбар тілін алмай, Екеуіне топанда қаза жеткен. Япыстан – Яжым, Мажым, және Қаплап, Мәнжур, Ахтой, Мағұл, Сақлап. Тырысып бұлар жөнге келмей кеткен, Кетпелік қызылбасты және тастап. Хам әулеті бұларды қарасаңыз, Қара араб патшасы бұлар дағы. Сам нәсілі тараған бүкіл араб, Бар мұсылман Сам әулеті білсең қарап. Күллі мұсылмандар Сам нәсілі – Пайғамбардан исламды алған қалап. Бустанда Апыл, Айсан, Әлім болған, Самарқан күллі әммасына мәлім болған. Жамағат, қата болса, сөкпеңіздер, Кітаптан осылайша бізге ұғылған. Бес бала туған екен әзіреті Самнан Жазылған шежіре кітабынан. Арбақша он бесінші аталарым, Түзеңдер жақсы жандар қаталарын. Баласы Арбақшаның Сапиан екен, Сапиан дүр он алтыншы аталарың. Сапианның баласы екен атты Бақыр, Жақындар жылдан-жылға заманақыр. Бақырдың баласы екен Айқат деген Тәртібі осылайша келе жатыр. Айқаттың баласы екен Хаснас, Бисмилламен басталған сөздің басы. Хаснастан Пашарық туған екен, Көрінді осылайша сөз қарасы. Туылған Пашарықтан Игі, Ақтамыр, Білуге ата-жөнін сөз қатамыз. Қиямарс, Нақора туған екен Құдай-а, кешіре гөр көп қатамыз. Пайғамбар нәсілі нұрдан жаралыпты, Талас сөз әр кітаптан қаралыпты. Шежіре жөніменен қуып айтсақ, Парсы елі Қиямарстан таралыпты. Бір сөзге біздер келдік ата қуған, Иманды, шариғаттың жолын қуған. Атаны бері қарай таратайын, Нахура атамыздан Тазды туған. Таздының баласы еді атты Тарақ, Ол кісі сұлтан болды елі қалап. Лақап аты кітапта Азар еді, Жөніменен келе жатыр ата тарап. Боламыз, ажал келсе, бір күн мазар, Имандыға періште сауап жазар. Азардан Ыбырайым мен Аран туған, «Әл-әнбия» кітабында тарихы бар. Аранның баласы екен Лұт нәби, Хақ пайғамбар мүрсал дүр білсең анық. Ыбырайымнан төрт бала туған екен, Олар да шарапатты болған бәрі. Үлкені Ысмағұл мен болған Ысқақ Пенделер иманы бар хорлар құшпақ. Мәдин және Мадайық төртеу екен Айтамын аталардың атын ұстап. Баласы Смағұлдың еді араб, Шежіре келе жатыр төмен қарап. Мұхаммед Смағұлдың әулетінен, Дос болған шын ниетпен Құдай қалап. Мәдинеде екі ұл туған Ауған, Ноғай, Ел болып таралыпты бұлар солай. Ауған, Ноғай екеуі бір туысып, Қалыпты там жастанып бұлар солай. Мадайықтың баласы болар Түрік, Бұхарауи деген ел болар алсаң біліп. Стамбул мемлекеті, Рим елі, Тағына пайғамбардың болған мүлік. Ысқақ еді Ыбырайымның бір баласы, Жарандар, жаңа келді сөз данасы. Ысқақтан Жақып, Айса екі ұл туған, Өскен соң алыс болды екі арасы. Екі әйел алыпты Жақып нәби, Ләйқара, Райлә мен білсең аны. Кіші әйелден туыпты Ямин, Жүсіп, Сипаты туған айдай, оның сәні. Ямин, Жүсіп болады кіші анадан Пайғамбар нышаны бар заты нұрдан. Әулеті жада деген ел болады, Шамнан төмен деп айтар іштен келген. Бәйбішесінен Жақыптың он ұл туған, Сөйлейік шежіренің атауынан. Тоғыз ұлының ұрпағы он жеті хан, Қала салып, бәрі де жастанды там. Біріншісі Руссия, екіншісі Албания, үшінші Америка, төртінші Англия, бесінші Германия, алтыншы Франция, жетінші Австралия, сегізінші Яков, тоғызыншы Бұлғария, оныншы Греция, он бірінші Шехославакия баршалары осы тоғыз ұлынан. Он баланың біреуі Яхуда еді, Әзіреті Жүсіптің қамын жеді. Жақыптың тірлігінде алғыс алып, Иманында исламның жоқ қой кемі. Жақуданың баласы еді Талит, Исламның дінінде болған анық. Айтқаны шежіреден байқағанда Тәлиттен екі ұл туған Жағлиб, Жалит. Жәлиттің баласы екен аты Қайқат Кітаптан ата-жөнін білсең байқап. Қайқаттан туылыпты Мәруан ер Дінінен айтылмаған ешбір тайқып. Мәруан жақсы кісі дінді қуған, Әшімпіл пайғамбар бұдан туған. Жақыптың хазіретті дұғасымен Әшімпіл жаралған заттық нұрдан. Пенденің барлық сыры Құдайға асан, Шағады күнәліні жылан-шаян. Жалғыз ұлы болыпты Әшімпілдің Сұрасаң ол баланың аты – Маян. Иманды құл әр сәтте жаннан озған, Ағайын ынтымақсыз іштен тозған. Осылай шежіреден көргенімде, Таралдық Мәлік деген сахабадан. Мәліктің аты болар сопы Ахтам, Тілейміз рақымды жалғыз Хақтан. Медет қыл деп тілейміз пайғамбардан Баласы сопы Ахтам Әнес екен. Күнә болар атаны білмей жатсам, Әнестен туылады Ғакаша кеп, Лақап атын айтады Зәрмардан деп. Ту ұстаған кісі екен қайыспайтын, Сыйынған бір Аллаға тәуекел деп. Баласы Ғакашаның аты Жапал, Молладан сабақ алсаң шекер мен бал. Білген бар шежірені білмеген бар, Ескеріп білмегенің үйреніп ал. Жапалдың баласы екен, аты – Мағаз, Әкеңнің атын білсең, кеудеңе жаз. Жігіттер, ата-жөнін білген жақсы, Білмейді ата-жөнін ақылы аз. Жігітке жаман болар пәле қуған, Әркімнің затын таны дана туған. Аттарын шежіреден байқағанда, Мағаздан жалғыз бала Сейіл туған. Сейілдің бір баласы Ақшолпан-ды, Жаратқан Құдай артық мұсылманды. Баласы Ақшолпанның Қырғыз, Қурай, Жаратқан осылайша түрлі жанды. Атамыз енді біздің Қурай атты, Жоқтан бар ғып алуан жан жаратыпты. Бірді кәпір, біреуін мұсылман ғып, Жаратқан Құдірет өзі адамзатты. Айтамыз бергі атаны Аламан деп, Жаратқан құдіретті ғаламды көп. Баласы Аламанның Алаш екен, Иманға дін мұсылман талас екен. Сейілхан, Жайылханмен ағайынды, Алаштың бұл екеуі баласы екен. Баласы Сейілханның сегіз арыс, Білмесе ата-жөнін, ол да намыс. Осылай ата-жөнін таратайын Түрікпен сегіз арыс кеткен алыс. Тойда өлең білген адам көп айтады, Ешнәрсе білмегені нені айтады. Осылай шежіреден хабар алсаң, Майқы би Жайылхан ұлы деп айтады. Өзбек Сапианмен одан бері Осылай жазған екен шежірені. Жазайын ата-жөнін білгенімше Жамағат, сөкпеңіздер енді мені. Мекені Өзбектің Тәшкен, Әнжан, Сапианнан бөлініп сонда қалған. «Біз енді сахараға бармаймыз» деп, Өзінше қала салып, жастанды там. Сапиан малын бағып, көшіп жүрген, Өзенді таудан асып, кешіп жүрген. Дұғасы пайғамбардың қабыл болып, Дәулеті бұл қазақтың өсіп жүрген. Сапианның баласы – Қазақ, Созақ, Алдында имансыздың жанған тозақ. Намазды оразамен күтпеген жан Барғанда ақыретке көрер азап. Созақтың Қарақалпақ баласы екен, Арқаның жүрген жері даласы екен. Қуалап қанша айтса да ата-жөнін, Бәрінің біздің қазақ сарасы екен. Келе ме екі елуге ердің жасы, Айтпаймыз өтірік сөз жанның қасы. Ақарыс, Жанарыс пен Бекарыс деп, Бар екен бұл қазақтың үш баласы. Баласы Ақарыстың Үйсін дейді, Надандар айтқан сөзге түсінбейді. Алланың әміріне көнбеген жан, Жеті тозақ отына күйсін дейді. Үйсіннен ағайынды үшеу туған, Мұны да осылай деп білсін дейді. Үйсіннің бір баласы Албан екен, Опасыз сұм дүние жалған екен. Суан, Дулат үшеуі бір туысып, Осылай өсіп-өніп қалған екен. Баласы Бекарыстың – Алшын, Жаппас, Азамат бекер жатып дүние таппас. Білген соң айта бермей тұрайын ба, Бола ма өлең, шіркін, мал менен бас. Баласы Жанарыстың Арғын, Найман, Жарандар істің бәрі бір Құдайдан. Туысқан Керей, Уақ алтау дейді, Қыпшақты Қоңыратпен айтпай қойман. Тірлікте сөз сөйлемей жүре алмаймыз, Өлген соң қайта айналып келе алмаймыз. Енді біздің атамыз Найман дейді, Басқаның жөн-жосығын біле алмаймыз. Біледі сөздің жөнін ер данасы, Бұзылса, бытырайды сөз арасы. Қытайби деп қойыпты атын Бар екен Найман шалдың бір баласы. Найманның жалғыз ұлы Қытайби-ді, Әр сөздің жақсы кісі жөнін түйді. Қытайби өлді, қатын жесір қалды, Баласыз кім аяйды жалғыз шалды. «Найманның жас келінін аламыз» деп, Арғынның балалары әлек салды. Қарашы келінінің азыл затын, Әперген атасына жас бір қатын. Ол әйелден бір жалғыз бала туып, Қойыпты Өкіреш деп оның атын. Баланы тәрбиелеп асырайды, Айтқаны бұрынғының осылай-ды. Құдайға аманат деп тапсырады, Ол бала бәлағатқа жеткен шақта, Онымен неке қиып қосылады. Бұл сөзді естігенде Алла деймін, Келіпті гүлін бұзбай соған дейін. Жарықтық Өкірешке қосылған соң, Тауыпты Сүгіршіні содан кейін. Көкжарлы, Төлегетай, Терістаңбалы, Туыпты Сүгіршіден соның бәрі. Бура мен Сарыжомарт, Ергенекті, Бәрінің кенжесі екен Бағаналы. Қожамбет жалғыз екен бір анадан, Жарболды жалшы екен жылқы баққан. Жарболды жар болсын деп жалғызыма, Шешесі бала қылып, қыз әперген. Сонымен Сүгіршіден тоғыз туған, Дау болар, айта берсем, ата қуған. Атамыз енді біздің Төлегетай, Төрт бала туған екен енді бұдан. Тұқымы Төлегетай жаннан асқан, Айтамыз балаларын бір-бір бастан. Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай, Төртеуі ағайынды бір туысқан. Баласы Қаракерей – Байыс, Байсық, Байысты көбейтіпті Құдай сөйтіп. Ахмет Қыржыменен бір туысып, Жазыпты шежіреге бәрін жиып. Бәйістің баласы екен Мұрын, Сыбан, Мұрынның аты шыққан бұрынтынан. Мұңайтпас, Тумаменен бір туысып, Байжігіт жиені екен қыздан туған. Меңлібай, Төбет пенен Қарамолда, Бір Құдай істің артын өзің оңла. Шаңқуалы, Жаңбыршымен ағайынды, Бесеуі Байсиықтан туды сонда. Болады Ахметтің ақылы кем, Жақсы мен жаман, сірә, болмайды тең. Тыңлаңыз, азаматтар, құлақ салып, Матайдан бергі атаны айтайын мен. Матайдың бір баласы Аталық-ты, Қожадан ақ шалмалы бата алыпты. Қаптағай Кенжеменен бір туысып, Матайдың үш баласы аталыпты. Баласы Қаптағайдың Қара, Сары, Әркімнің жақсы болсын алған жары. Үшеуі Көлдай, Жұбай бірге туып, Атасын біле алмаймын одан ары. Әр сөздің жөнін білер ақылы көп, Жақсының көңілінде тұрмайды кек. Күрең, Сұртай, Тұртай – бұл үшеуі, Кенженің айтады екен баласы деп. Баласы Күреңтайдың – Қодас,Тілес, Жігіттер, жатпа қарап ертелі-кеш. Үшеуі Бақтыменен бірге туған Бақтының қулық сөзін адам білмес. Баласы Торытайдың – Шошқа жалғыз, Өтерін дүниенің болжамаймыз. Шошқаның әйелінен төртеу екен, Айтамыз құлақ салып тыңдасаңыз. Өтебай, Дыбыс пенен Керіс, Тоқас, Бітеді кейбіреуге мал менен бас. Сол кезде шешен болып аталыпты, Баласы Өтебайдың Сарышуаш. Баласы Аталықтың Жақсыболат, Ауылынан жақсы ер шықса, ерге қанат. Бір туған ағайынды төртеу екен – Ақболат, Бекболат пен Құттыболат, Жақсыболат. Тағы да бір сөз айтам, құлағың сал, Ұмытпай бұл сөзімді есіңе ал. Есболдай пір әулиеден Күшік туған, Жазыпты шежіреге бұрынғылар. Баласы Есболдың Сапан, Әйтбек, Атаңның атын ұқсаң, айтамын көп. Үшеуі Шоқпарменен бір туысып, Әруағы сол ерлердің жүргей жебеп. Күшіктің баласы екен Сатыпалды, Артында молдалардың қата қалды. Қонақбай Тәукеменен бірге туған, Осылай шежіреде аты қалды. Опасыз мына дүние жалған еді, Ойлауы әр адамның арманы еді. Баласын төртеуінің енді жазам, Бағана ұмытылып қалған еді. Баласы Құттыболат – Құтым, Шағыр, Атаңның атын білсең, ол да тәуір. Аласың ақыретте жақсы орынды, Алланың қазасына қылсаң сабыр. Баласы Ақболаттың Еменәлі, Жарамас сұйық болмай аттың жалы. Баласы Жақсыболат Қайнар екен, Таралған Аталықтан мұның бәрі. Шағырұлы Итемген, Меңіс екен, Баласы төрт Қызайдың тегіс екен. Шағыр өліп, Қызайды Қалмұхаммет алған, Бегімбет бұдан туған дербіс екен. Құтымның ұрпағы екен Шеруәлі, Болар ма шапағатшы Сәруары. Бұрыннан ғақлия есте қалған, Береді кімге опа мына жалған. Айт, Құрман, Қалмұхаметті атып өлтіріп, Қызайдан қарғыс келіп, өспей қалған. Ал енді, құлағың сал, ағаларым, Көрінді артық маған бағаларың. Шағырдың өз баласы Меңіс еді, Айтамын енді соның балаларын. Меңістің баласы екен Тілеуберді, Дүниеден біреу өтіп, біреу келді. Ойнап-күл тіршілікте, азаматтар, Опасыз сұм жалғанда кім өлмейді. Есенқұл, Оразай мен туған Жұбай Жанғабыл жалғыз туып, жатыр былай. Біреу бай, біреу жарлы сұм жалғанда, Жаратқан құдіретті Құдайым-ай. Жанғабылдан Жолболды туған Тортай, Жүреді көптігімен жанға болмай. Есіркеп, Жарылқаппен төртеу екен, Құдай жаратыпты бәрін сондай. Жолболдыдан – Қарамық, Қожаназар, Жақсының делебесі дуда қозар. Қараша ағайынды Сарұқ, Тоқаш, Айтылмай Жалаңтөсім ол да қалмас. Омбай, Мал, Пәйіммен сегіз дейді, Құдайым жаратыпты бәрін сондай. Торғайдың бір баласы дейді Аманбай, Тұрады кебір надан сөз таба алмай. Тоқтар пен Көрпешпенен ағайынды, Туылған бір анадан бәрі сондай. Торғайдың бір баласы аты Таймас, Шотбас, Қосбармақпен айтпай болмас. Титтей, Әйтес, Аққошқармен тоғыз дейді, Атаға тіл тигізген ақыры да оңбас. Азырақ сөзге құлақ саламыз ба, Жалғаннан өлмей тірі қаламыз ба? Меңістің бір баласы Тәңірберді Аяңдап енді соған барамыз ба? Жаңа бастап айтылды Тәңірберді Мал-басы өсіп бірдей байи берді. Туыпты бір өзінен тоғыз бала Айтайын, тыңдасаңыз, жайын енді. Құтымбет, Құдайназар, Құттықадам, Сексенді, Байназармен айттым тәмам. Тоқсан мен Тамсаболат, Жамбай, Мыңбай, Туыпты бір анадан бәрі сондай. Баласы Құдайназар – Есенкелді, Жақсылық пен жамандықтың бәрін көрді. Жолымбет, Солтанкелді бір туысып, Бұларға мал мен бастың бәрін берді. Білген соң ата-жөнін енді айталық, Жалынсыз жалған сөзді неге айталық. Бегімбет Дербіспенен бергі атасы Ынтамен тыңдасаңыз, енді айталық. Баласы Бегімбеттің – Дербек, Сейіт, Жамандар сөзді білмей жүрер кейіп. Жақсылық, Жарас пенен Тоқай, Аман, Алтауын таңдауменен айттым теріп. Дербістің баласы екен Есенберді, Азырақ сөйлейтұғын Есенкелді. Жарандар, тіршілікте шарықтай бер, Опасыз бұл жалғанда кім өлмейді. Сүйімбай, Сүйіндіктер ар жақта екен, Ұрпағынан хабарсыз боп тұр ғой есте. Баласы бәйбішенің – Мәлік Даушы, Қарашада қар жауып болар қауыс. Осылай білгенімді жазып қойдым, Сөзімде аз да болса кеттім ауыс. Есемберді тоқалынан ер Құттыбай, Сөйлеуге дайын тұрмын бұдан былай. Жалғанда күнәсы ауыр пендең едім, Жәрдем бер, Жаратушы Құдайым-ай! Пенденің қылған ісі Құдайға аян, Шағады күнәліні жылан-шаян. Баласы Құттыбайдың төртеу екен, Бетіне ақ қағаздың енді жаям. Айтамын осыларды, көп жамағат, Бөгенбай, Тастемір мен Сәді, Баян. Дінбасы төрт мәзім бар Имам Ағзам, Шығармас бір ирададай боп мынау жаннан. Солардан тәлім алған талибтары Ғылым бақи әммасы Алладан қаралған. Олардан басқа жолды тамам десең, Пенденің қылған ісі болар жалған.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.