Back to corpus

Көк өгіздің тарихы жайында

Ерте заманда бір сиырдан туған көк бұзау ержетіп, ешкім мінбей, ешкім ұстамай, ешкім саумай, бұғы маралдай болып тел өсті. Өзі семіз болды. Сол дене, дәулетіне мастанып, сиыр жынысын өзі шабан, өзі көріксіз, денесі келісімсіз, тұяғы сыртылдақ деп менсінбей төңірекке қарап түйені, есекті көріп оларды да менсінбей жүрген...

Kazakh
Көк өгіздің тарихы жайында
Ерте заманда бір сиырдан туған көк бұзау ержетіп, ешкім мінбей, ешкім ұстамай, ешкім саумай, бұғы маралдай болып тел өсті. Өзі семіз болды. Сол дене, дәулетіне мастанып, сиыр жынысын өзі шабан, өзі көріксіз, денесі келісімсіз, тұяғы сыртылдақ деп менсінбей төңірекке қарап түйені, есекті көріп оларды да менсінбей жүргенде, бір үйір жайылып жатқан арғымақ құлағы тік, жалқұйрықтары төгілген, тұяғы құйма бақай, тік денелі сұлу, асыр салса құйындай ойнағанын көріп «осы мал менің теңім екен, өзі сұлу, өзі жүйрік екен» деп, сиырды тастап жылқыға еріп жайылып кете береді. Бір күндерде жылқыға қасқыр шапты. Көк өгіз жылқыны қорғап қасқырды жолатпады. Бірнеше рет жылқыны қорғаған соң, қасқырлар ұлып-ұлып жиналысып, кеңес қылып былайша деп ақылдасты: «Осы малдың жылқыдан түрі бөлек, жылқымен туыс емес сияқтанады, қой, осының өзіне жабылып, өзін жесек, жылқы осыған қалай болысар екен», – деп ойласып, ақылдасып болды дағы тағы жылқыға шауып еді, көк өгіз әдеті бойынша қоқырайып, топырақ шашып, өкіріп айбат қылып, қасқырлардың алдынан шықты. Қасқырлар уағда бойынша тұс-тұстан өгізге жабылды. Қабырғадан, бүйірден, шабынан, тамағынан, санынан тістеп шайнай берді. Көк өгізекең жылқыны қорғау есінен шығып өзі жанымен қайғы болды. Тулап сүзгеніне қасқырлар болмай талап-шайнап жабыла бастаған соң, өгіз бар даусымен өкіріп барып құлағанда, жылқылар өгіздің өкірген даусынан үркіп ойын салып жосып, топтанып кетіп қалды. Көк өгіздің жан даусымен өкіргенін тоғайда жатқан бір топ сиырлар естіп, құйрықтарын қоқырайтып, мүйіздерін аран-аран қылып шуылдап бар даусымен күжілдеп көк өгіздің үстіне барлығы шуылдап ат қойысып жетіп келгенде қасқырлар бұғып шыға берді. Өгізді қасқырдан ажыратып алды да, қоршалап мөңіреп, шуылдасып қарап тұрды. Көк өгіз талып әлсіреп, тұла бойы жара, қан болып жатыр екен, біраздан соң есін жиып, көзін ашып қараса, жылқы жоқ, ажыратып тұрған өзінің менсінбей шығып кеткен сиырлары екенін танып, ұялғанынан көзін қайта жұмып алды. Біраздан соң есін жиып орнынан тұрып, көп сиырға қарап басын иіп, «бізден өткен қатені кешіріңіз» деп, үзір тіледі. Көп сиырлар шуылдап: «Бізді менсінбей тудырған ата-ана, өз жынысыңды көзге ілмей тәкаппарлық етіп едің, сиырды тастап жылқыға кетіп едің, жылқың қайда? Бүгін жаныңды жаудан кім ажыратты?» – деп, бірнеше айыптарын өгіздің бетіне басты. Өгіз жылқыны талай-талай қасқыр жаулардан ажыратқан қайратын айта келіп, басына күн туғанда жылқының тастап кеткенін айтып, өзінің басынан асқан тәкаппарлығын айтыпты, ойлаптәубақылды. «Енді қастарыңыздан шықпаймын», – деп, көп сиырлармен уағда байлап, бірге жүре берді. «Әркімнің өз жынысы өзіне» деген сөз тарихта сондайлардан қалған екен.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.