Kazakh
Шежіре
Бисмилла деп қолыма
Алдым қағаз, қаламды.
Жаратушы бір Құдай,
Он сегіз мың ғаламмен
Толықтырған әлемді.
Адам ата, Хауа ана
Дүнияға бір келді.
Содан бастап адамзат
Өніп-өсіп бірде-бір,
Толысып дүние кенелді.
Шешендер өтті шеңберлі,
Шу дегеннен жөнелді.
Батырлар өтті айбарлы,
Киген сауыт берен-ді.
Намыс ұшып, ар ұшып,
Құбылып неше түрленді.
Бармағынан бал тамған
Өмірден өтті өнерлі.
Сәйкілер өтті ...*,
Белшеден басып өмірді.
Сұлулар өтті сылаңдап,
Көгерер көрсең көңілді.
Ер азамат ел үшін
Пұшпақтап тері төгілді.
Мерзімді шағы біткесін,
Өтпеген кімдер бұл жолдан.
Ақ семсерлер кетілді,
Дүние деген шеңберлі.
Адам өскен жауқазын,
Ұрпақтан өсіп жетілді.
Кешірімді жақсы адам,
Аузында болар Алласы.
Бір Алладан кешірім,
Көңілінде болар тәубасы.
Тарықпайды інісі –
Ақылды болса ағасы.
Азаматқа аз болмас,
Дос-дұшпанның табасы.
Көрінбейді көз салсаң,
Ішінде адам аласы.
Бірдей болып бітпеген
Ақыл, ой мен санасы.
Неше ғасыр өтпеген,
Дүнияға шыққалы
Адамзаттың баласы.
Шежірелеп сөйлеген,
Ұзақта жатыр сағасы.
Шежіремен қандырған,
Осыларды баяндап,
Жақсылардың мұрасы.
Сексен жылдан көбірек,
Қарасөз болып жазылып,
Баспаға түскен шамасы.
Өлең қатып отырмын,
Мен – Нұржаубайдың баласы.
Атамызды білгеннен
Жоқ шығар деп ойлаймын,
Бізге тиер күнәсі.
Отыз үш мың сахаба,
Құрылды он екі имамат.
Мал-түліктен хабарсыз
Өмірі өтті жалғаннан.
Жетім қалды Әнес сахаба,
Атасы Мәлік дүнияда
Ертерек опат болғаннан.
Сахабаның абзалы –
Әнес еді асыл жұрағат.
Пайғамбарым Мұхаммет,
Мұхамметке біз үмбет.
Нұр жауар деді талаптан,
Қасымда менің болсын деп,
Әнесті жақсы ұнатқан.
Әнес тоғыз жасында
Пайғамбардың қасында,
Көңілінде кіршік жоқ,
Істеді қызмет асылға.
Күз аяғы, қыстың басында,
Күн қарайып, кеш болып,
Бұйрық болды сол жерге.
Жаққан оты тұтанбай,
Айырылады түрін пысқырма,
Ол кезде Әнес толыққан,
Бала жігіт басылма.
Күн ызғарын, борасын,
Жылы су жоқ, тамақ жоқ,
Бүркеніп жатты қасында.
«Дәрет су қиын болар, деп,
Атама үлкен обал», деп,
Бір құман суды мұз қатқан
Алды Әнес қысымға.
Балауса жастық күнімен,
Таң намазы болғанша,
Айналды құман ысуға.
Пайғамбар осы нұрлы адам
Мұз болса да мұңайман.
Таң намазы уақытында
Пайғамбары тұрды орнынан.
«Су әкел» деп дәретке
Сұрады Әнес баладан.
Сол кезде Әнес «құлдық» деп,
Ұшып тұрып орнынан.
Бір құман суды «ата» деп,
Суырып берді қойнынан.
Қолын жуып қараса,
Ып-ыссы суы, жылыған.
Пайғамбар сонда ырза боп,
– Жылы суды, шырағым,
Алдың, – деп, – қайдан сұраған.
– Атама болар обал, деп,
Мұздай су қиын болар, деп,
Мұзыменен құманды
Тығып едім қолтыққа,
Қойнымда жылып тұрар, – деп.
Риза боп сонда балаға,
Жалынып Алла Тағалаға:
– Қолыңды көтер, балам, – деп, –
Аллаһумма Ахсама,
Луху уладуху Аллаһа, –
Қусырды қолын «Акбар», деп.
Атасының осылай,
Алды бала батасын.
Ішінде болса сөзімнің
Кешіргей Алла қатасын.
Үйленіп Әнес сахаба,
Атасынан айырды
Қожалықтың арасын.
Қатыныменен екеуі
Бір тістем нанға зар болды,
Аштыққа қалай шыдасын?!
Атасына келді сахаба,
Өлер аштан болғасын.
Атасы айтты: «Қатын ал,
Сонда балам тоярсың».
Тағы алды бір қатын,
Тәрік ете ме сахаба
Атаның сөзі болғасын.
Бұрынғыдан бетер болды,
Істі Құдай оңдасын.
Екі қатын жатады,
Болса да мезгіл тұратын.
Қатыны екеу болғанмен,
Көрмеді Әнес рахатын.
Атасына тағы да,
Реті келді баратын.
Алдына бала келгесін,
Атасы айтты: «Шырағым,
Тағы ал, – деді, – бір қатын.
Қапа болма, перзентім,
Ұзақ емес шаттық күн,
Сауық-сайран құратын».
Үшінші алған әйелі
Жаһаннан асқан сұлу болды,
Жақсы-жаманды ұғатын.
Екі әйелге: «Тұр, – деді, –
Мезгіл болды тұратын».
– Жоқ, әлі біздер тұрмаймыз,
Тамақ табу біздерге
Еркектің, – деді, – міндеті,
Сол болар бізге құрметі.
Еңкейіп біздер алмаймыз
Кесе шөпті жердегі.
Кеңес сұра дегендей,
Екі қатыннан соңғының
Артық еді шебері.
– Дұрыс емес бұларың,
Құдайдың жүзін көрмесін.
Әйел – мүрит кішісі,
Пір болар, – деді, – еркегі.
Мақұлдасып бұл сөзді
Жіп иіріп, жүн тұтып,
Өрмекті құрып, кереді.
Үшеуінің күні-түні
Өрмек болды ермегі.
Берейін десе қазына,
Құдайдың аз ба бермегі.
Екеуі тоқып, біреуі
Базарға сатып, пұл қылып,
Үшеуі бірдей терледі.
Еңбек істеп ерінбей,
Тамағы тойды құнақтап.
Қайшылап қиып, инемен
Тікті киім құрақтан.
Киім – бүтін, тамақ – тоқ,
Бүрісіп жатқан қатындар
Жайтаңдады бұлғақтап.
Ақшасына ауысқан,
Базардан барып ешкі алып,
Сол жылы туды лақтап.
Бұны көрген сахаба
Саудырып, уызын пісіріп,
Әнес алып жүгірді
Беремін деп атама.
Алдында тұрса атасы,
Баласы дәмін тата ма?!
Дәмін татып уыздың
«Жаңалық» деп жарықтық
Батасын берді балаға.
– Ұзақ болсын жасыңыз,
Бала-шағаң көп болып,
Жайылып жерге қаптасын,
Төрт-түлікті малыңыз.
Аллаһу акбар, – деп болды да, –
Енді, балам, барыңыз.
Түсінгендер бұл сөзге,
Осыдан тәлім алыңыз.
Үлкен-кіші бәріңіз,
Жасы үлкен кәріңіз,
Атаның алып батасын,
Сау тұрғанда жаныңыз.
Мұңайтпасаң атаңды,
Көп болар несібе, малыңыз.
Несібе өрлеп кешікпей,
Аш болмай, тояр қарныңыз.
Келер күнге мұңайма,
Біздер деп бүгін жарлымыз,
Берейін десе Алла, кеш емес.
Еркекке әйел көмекші
Жалтақтама парықсыз.
Оқығандар кітаптан
Осылар шығар қалтықсыз.
Күнәміз болса, кешіргей,
Кімдерден біздер артықпыз.
Өніп-өсті Әнес сахаба,
Атасына аянбай,
Істеген қызмет қалтықсыз.
Киім – бүтін, тамақ – тоқ,
Күннен күнге жанданды.
Төрт малы шұбырып,
Қалаға сыймай, малданды.
Сыймағансын араға,
Көшеміз деп сахараға,
Талаптанып, қамданды.
Бір жүз жеті баласы
Үш қатыннан өрбіген,
Есіткендер таңданды.
Екі жүз жасап сахаба
Бір басынан өткізген,
Екі ғасыр заманды.
Қолы жетіп созғанды,
Жеді тәтті тағамды.
Өмірдің жөні осындай,
Бірінде жығып, бірінде
Тікейтеді қосыңды-ай.
Алатын күні шырғалап,
Саудаға санар басыңды-ай.
«Ас қылсаңыз атаңа,
Алдыңа келер» деген бар,
Атаңды сыйла жасыңда-ай!
Бір күндері Әнестің
Толқыған көңілі басылды-ай.
Бір жүз алты баласы,
Опат болды ажалдан,
Не қылсын көңіл басылмай.
Молда кетті шұбырған,
Алланың қандай әмірі
Осылай болды ақыры.
Бір мезгілде тұру жоқ,
Алланың болса тағдыры.
Бір жүз алты баладан
Жалғыз қалды Жәбілі,
Айтатын шығар осылай,
Сөйлейтін кітап ілімі.
Өніп-өсіп келеміз
Мұсылманның баласы.
Жахан туды Жәбілден,
Бір-бірлеп өсіп келеді,
Алладан бұйрық, әмірмен.
Жаханның Соғал баласы
Өсіп-өніп кенелген.
Соғалдан туды Мұғалық,
Аспады бұйрық кемерден.
Мұғалық – Мұғаз баласы,
Не жақсылар өтпеген
Жайнаған жарық өмірден.
Тудырамыз Мұғаздан
Ақшолпан мен Құрайды.
Асатұғын жерім жоқ
Шыға алсам айтып көңілден.
Алжастырып алмаңдар,
Қара Ноғай Құрайдан.
Аламанның баласы
Алаш болып таралған.
Алаштан туды қос бала,
Өніп-өсті анадан.
Осылайша тарады,
Бала туып атадан.
Айырқалпақ – бірінші,
Сөйлейін енді Мошқыдан.
Мошқыдан туды төрт бала:
Қырғыз, Себен, Жайылхан,
Төртіншісі – Сейілхан,
Қырғыз атам баласы
Алатауды жайлаған.
Алатаудың басында
Қысы-жазы қар жатқан.
Баурайында қала бар
Шамшырағы жайнаған,
Қонақты төрден сыйлаған.
Домалақ жүзді, қара көз,
Көргендей жүзі айнадан,
Тоқтағұл өтті шешен боп,
Бұлбұлдай тілі сайраған.
Құлақты салып көп тыңда,
Өткен ата-бабаңды
Айырайын бөлмелеп.
Жайылханнан қос бала:
Жиен, Өзбек болып аталған,
Іргей болған қашаннан.
Бірлік құрып ол баста,
Шаһарлы болып атанған.
Егін егіп, жер айдап,
Дәмін татты ертерек
Миуалы тәтті тағамнан.
Жиеннен туды Сарт дейміз,
Сарттан Өзбек қыз алды,
Осылайша сөйлейміз,
Шежіреге сенеміз.
Өзбекті дейміз өз ағам,
Отырықшы өзі алдан.
Ғасырлар бойы бір жерде
Көрмеген ешбір қозғалып.
Шешеннен өтті Науаны
Артында жазған сөз қылған,
Өшпесте мәңгі із қалған.
Алланың қалай берісі,
Тараған өсіп өрісі.
Біздерше бәрі түрікпен –
Сейілханның сегізі.
Әнші бала Теке деп,
Айырайын сегізін...