Kazakh
Орта жүз Найман Қарамолда ұрпағы
Шежіре шолып жазған Ерік атым,
Сөз келді жақсы ойланатын.
Қысқартып шежірені суреттедім,
Мазмұнын осылайша жазған хатым.
Руым – Қаракерей – Қарамолда,
Жинадым шежірені әлдеқайда.
Бергі атам Қарамолда – Андабай-ды,
Үйгентас ауданына қанат жайған.
Өз атым Арғынғазыұлы Ерік едім,
Өлеңмен шежірені бейнеледім.
Ықшамдап шежірені өлең қылдым,
Негізін «Тауарихтан» көрген едім.
Толық қып шежірені жазу үшін,
Халықтан бірнеше жыл термеледім.
Салыстырып кітаппен ел аңызын,
Түзетіп кей жерлерін жөндеп едім.
Өлеңмен айту үшін шежірені,
Реттеп, қалам салып өңдеп едім...
Дүние жүзі халықтың
Жаратқан Алла панасы.
Сол халықтың бәрі де
Бір адамның баласы.
Адам екен атасы,
Хауа екен анасы.
Айтылып келген бұрыннан,
Осы сөз анық данасы.
Кітаптарда жазылған
Осылай екен парасы.
Кітаптан оқып көрсеңіз,
Табылар сөздің сарасы.
Осы айтылған тарихтан
Айырылар елдің арасы.
Екінші ата Нұх еді,
Хам, Сам, Яппас баласы.
Үш нәсілге бөлінген,
Ақ, сары мен қарасы.
Алты мың тілмен сөйлейді,
Сол тілдің он үш данасы.
Біз Япыстың ұрқымыз,
Таралып өскен арасы.
Япыстан туған шын Түрік,
Ешкімнің жоқ таласы.
Онан бергі елдердің
Аннас екен бабасы.
Жабылды қоныс аударған,
Көз шығарған жаласы.
Жабылдан бері Алаш хан
Елінің болған панасы.
«Біз Алаш – керегеміз ағаш» деп,
Айтылған сөзді, қарашы!
Сәтерхан, Сейілхан, Жайылхан –
Бір кісінің баласы.
Жайылханнан – Майқы би,
Адамның асқан данасы.
Қазақ, Созақ деп айтар
Майқы бидің баласы.
Қазақтан үш ұл туыпты,
Кең шабылып шарасы.
Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс
Бірінің жоқ аласы.
Тарихта солай айтады,
Үш жүз Ұлы жүз ағасы.
Таралып өскен арасы,
Кіші жүз Алшын бір ата,
Үшеу екен баласы.
Садырқожа, Надырқожа,
Қыдырқожа данасы,
Орта жүз анық алты ата,
Тарихта солай саласы.
Керей, Уақ, Қоңырат,
Қыпшақ дейді ағасы,
Арғын, Найман екеуін,
Бұларға қосып, санашы!
Арғыннан алты ұл туыпты,
Бірден айтам, қарашы!
Бегіндік пен Шегіндік,
Қуандық пен Сүйіндік.
Болатқожа тағы бар,
Тарақты деген ағасы.
Бай болыпты Найман шал,
Сарқылмаған сабасы.
Тоқпан еді есімі,
Бар еді жалғыз баласы.
Жалғызы өліп Найманның,
Ұлғайды жүрек жарасы.
Тағдырға не лаж бар,
Жетіп тұрса қазасы.
Жесір қалды Ақсұлу,
Артық еді санасы.
Найманға қыз бермесек,
Ендігі сөздің тазасы.
«Найманнан ұрпақ қалса» деп,
Ойланып кетті мазасы.
Қыз әперді Найманға,
Қабыл болып назасы.
Найманнан ұрпақ тілеген,
Ақылының данасы.
Найманнан туды Белгібай,
Қызеней еді анасы.
Он үш ел тарар Найманнан,
Сан жеткісіз саласы.
Белгібайды «Шүкірші»
Деп айтар еді бабасы.
Өсіп, өнген көп Найман –
Бәрі соның баласы.
Тоқсан бірге келгенде
Белгібай туып Найманнан,
Қуанышпен, қызықпен
Жазылды жүрек жарасы.
Белгібай
... Ақсұлу деген анамыз,
Есті келін атанған.
Белгібайды жеткізіп,
Орта жүзден бата алған.
Төлекатайдан төрт немере,
Қалмаған бірі қатардан.
Төлекатай жалғыз туса да,
Төрт «Төлегетай» атанған.
Қаракерей, Матаймыз,
Төртуыл, Садырды атаймыз.
Төлек атайдан – Үдендай,
Осы екен біздің атамыз.
Төрт ұлы жетім қалыпты,
«Өлген жоқ Үдендайды» дейміз де.
Төрт бала қалды Төлекте,
Шындықты, міне, байқаңыз.
Үдендайды қысқартып,
«Дай» деп халық атаған.
Төрт немере баласы
Тараған Төлек атадан.
Таратып, міне, айтамыз,
Кірмейді бұған жат адам.
Дайдың бұл төрт баласы
Туды деп Төлек атадан,
Ел аузында аңыз боп,
Айтылып жүрген қатадан.
Төрт бала Дайдан туғаны
Шығып отыр жарыққа.
Төрт «Төлегетай» бұрыннан
Айтылып жүрген халыққа.
Атамыздан тудық деп,
Аталып кеткен анық-ты.
Шежірені солай айырды,
Ақылмен ойлап, парықта.
Төлекатайдың атынан
Төртеуін жаздық тарихқа.
Қаракерей
Туыпты Қаракерей екі торы,
Байторы, Ерторы деп атайды оны.
«Байыс», «Байсиық» болыпты лақап аты,
Халық аузында айтып жүр көбі осыны.
Сондықтан лақап атын біз де айтамыз,
Балаға мирас болар ата жолы.
Туыпты Ерторыдан екі бала,
Қызылым, Қызылқұрт деп туған дана.
Қызылқұрттан Жаңбыршы, Жанғұлы деп,
Жанғұлының ұрпағы – Қарамолда.
Әуелі Қызылымды таратамыз,
Үлкені болғаннан соң кезек сонда.
Қызылымнан Есеке жалғыз ғана,
Туыпты Есекеден екі бала.
Меңлібай, Төбет екен – ол екеуі,
Меңлібайдан үш бала туды жана –
Әкімбет, Тоқымбет, Арық деген,
Шежіре солай дейді, оқып қара.
Әкімбеттен үш бала таралады –
Алдиар, Ажығұл, Тілеуке анық дана.
Тоқымбеттен Үшқара, Тоғым туған,
Арықтан туған екен алты бала.
Ажығұлдан Есіргеміс жалғыз екен,
Қоянбай, Кетік туған бұдан ғана.
Арықтан алты бала таралыпты,
Істеген Алдаберген ағалықты.
Ақша, Өтеген, Қарабек, Өтебаймен
Құтымды алтыншы деп саналыпты.
Құтымнан туған бала нешеу дейді,
Байқонды – бір, Дәуіспен екеу дейді.
Мат, Төлеке, Қарамойын үшеуімен
Құрман, Тілес қосылып жетеу дейді.
Бұл жетеуі Арықтан бата алыпты,
Алла кешірер істеген қателікті.
Арық ата бұл үшеуін «Құтым» деген,
Сондықтан «Жеті Құтым» аталыпты.
Төбеттен Тілеу, Әлібай, Андас туған,
Осылай ажыратып айталық та.
Қызылқұрттың енді келдік баласына,
Жаңбыршыдан бастап айтып, байқалық та.
Жаңбыршыдан үш бала таралады,
Сарықұл, Сүгір, Қармыс боп саналады.
Сарықұлдан Аманжол жалғыз екен,
Ақсұпы ағайынды үш баласы.
Сүгірден Сатыпалды, Қабыл туған,
Қармыстан екі бала анық шыннан.
Бектемір, Құлшаман деп атын қойған,
Тұқымы өсіп-өніп болған нудан.
Құлшаманнан бес бала таралыпты,
Өтеғұл, Қозыбақ, Байғара бәрі анық-ты.
Айтқұл, Болат еккеуі қосылғанда,
Біртұтас «Бес Құлшаман» саналыпты.
Бектемірден үш бала туған екен,
Шығысын Алакөлдің қылған мекен.
Қоржын, Ораз, Толыбай деп тарайды,
Толыбайдың өскен жері мықты ел екен,
Жанғұлыдан он екі ұл таралыпты...
Байтайлақ, Орыс, Медет, Ақбелбеуге,
Істеген Дархан бәйбіше аналықты.
Құлмамбет, Тілеуберлі, Барлыбайға,
Істеген екінші аналықты,
Келдібек, Қарабек, Көрпе, Тұманшыға,
Қасқа Қожаны қосып бір саналықты.
Кейінгі айтқан алтауын тәрбиелеп,
Істеген үшінші әйел аналықты.
Жанғұлдан он екі ру таралады,
Жанғұлыдан жалғыздан туған бала,
Құданың құдіретін ойлап қара,
Қарашолақ, Қалмантай, Тәңірберді,
Туғанда әрқайсысы бірден ғана.
Төртінші Қарамолда тағы жалғыз,
Туыпты Қарамолдадан екі бала.
Андабай, Абыз дейді балалары,
Алыс емес, жақын туған аралары.
Андабай, Абыз екі ата боп,
Қарамолда екі руға таралады.
Ерторының жақсылары
Ерторыдан шыққан жақсы толып жатыр,
Кейі ғалым, кейі шешен, кейі батыр.
Жаңбыршы, Жақып ғалым шежіреде,
Болыпты Тілек, Омар сөзге шешен.
Қарамойын Төлекеден озған екен,
Алдиар, Болатбек қажы әділ туған.
Қонысы Арқа жақта болған екен.
Қарамолда, Жортуыл кәдірлі боп,
Аруақ Байбатырға қонған екен.
Ерторыдан осылар аты шыққан,
Кәдірлі халықтарға болған екен.
Байыс – Байторы анық аты,
Байыстан бес ұл туып, таралыпты,
Бесеуін атын атап саналық-ты.
Ақымбет, Сыбан, Қыржы, Шүрентайға,
Сарымырза үлкені істеген ағалықты.
Байжігіт қыздан туған жиен екен,
Айтпайды бұған ешкім алалықты.
Әйелі Сарымырзаның Мұрын шықты,
Атағы Сарымырзадан бұрын шықты.
Жолымбет, Әлімбет, Жобалайдай
Мұрыннан үш ұл туып, болған мықты.
Үлкені Жолымбеттен жеті ұл туды,
Ұран боп «Жеті Жолымбет» ата қуды.
Әлімбеттен Құлеке, Сейіт екі ұл туды,
Жобалайдан Шойтабан, Жарылған деп,
Мұрыннан тарап, бәрі шыққан нуды.
Ақымбеттен біраз ел болған екен,
Арқадан қоныс тауып, қылған мекен.
Сыбаннан Түкі, Сары екі ұл туған,
Таралып екі атаға толған екен.
Қыржыдан – Сары, Салық,
Екеуінен үш бала туғаны анық.
Байбекқыржы, Байқыржы, Жиренқыржы,
Үш ата ел болып таралыпты.
Шүрентай Байыстың кенжесі екен,
Аймағын Алакөлдің қылған мекен.
Байыс қызы Мақта деген апамыздан
Байжігіт содан туған жиен екен.
Шүрентайдан үш бала болған екен,
Бақ-дәулет үшеуіне қонған екен.
Алдаберді, Әлімбет, Болатшы деп,
Қорасы төрт түлікке толған екен.
Алдаберді баласы Тума, Тоқпақ,
Және бірге Байғана болған екен.
Туманы айтып енді баяндаймыз,
Тізімін сегіз ұлдың даярлаймыз.
Құл, Иман, Қодас, Қарабек деп,
Қыстық, Үкі, Әлібекті айтып аяңдаймыз.
Туманың сегізінші ұлын Баубек дейді,
Осымен сегіз ұлын тамамдаймыз.
Тумадан сегіз ата ел таралды,
Ұзатып мұнан ары бара алмаймыз.
Байғанадан туыпты Балық, Бадан,
Балық кетіп түрікке Бадан қалған.
Баданнан Еңірек, Елтізер, Нәдір туып,
Еңіректен бес бала боп таралған.
Елтізерден Ораз, Ауылшы, Елтоқ тарар,
Нәдірдің ұрпақтары бір баладан.
Тоқшора, Байқарадан асқан адам,
Байтінды ешбір адам жасқамаған.
Байтінді Қыдыр шалып, бай болыпты,
Дауысынан Шоқыманың қашқан адам.
Атақты Еспол ата ақын бопты,
Тез ойлап, сөз қисынын тапқан адам.
... Кешу, Қара, Асыл-ды
Берекелі жаралған.
Болатшының көп жері,
Тараған алты қарадан.
Кісі екен Бұқар атақты,
Артық туған анадан.
Боран батыр, Жанақ би,
Атағы шыққан қарадан.
Тана, Қазы Найманда
Асқан адам ақылды.
Сөзге жүйрік ер екен,
Ерегесте батымды.
Байыстан шыққан ардагер
Деп айтамыз Асылды.
Байжігіттен үш бала –
Жұмық, Тоғыс, Мәмбет-ті.
Осылайдан жаратты
Байжігіттен үш нәсілді.
Мәмбеттен шыққан Қабанбай,
Қазақта асқан батыр-ды.
Қазақтың жерін босатып,
Қалмақты қуып қашырды.
Арыстандай айбынды
Болған екен Қабанбай.
Заманында дұшпаны
Аяғына бас ұрды.
Қабанбайдың тұқымы
Әлі, Жақып, Сүлеймен,
Өз тұсында бақ қонып,
Дәрежесін асырды.