Kazakh
Найманның жеті аталарынан белгілі руларын баян қыламыз
Өкіреш, Найман, Жалайыр, Төлегетай,
Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай.
Үш жүзде мұнан асқан жан болмаған,
Байлық, билік кетпеген ер Қаптағай.
Баласы Қаптағайдың Есенгелді,
Әр-әркімге қылайын мына жырды.
Есенгелді баласы Жарылқамыс, батыр Жолан-ды,
Қай адамнан қалмады мына заман.
Бұл кісінің баласы батыр Асан,
Ақылы бұ кісінің болған астам.
Мұнша халық билеген ақылман,
Бұл кісі де жақсы боп болды көсем,
Тентекті салады екен табанына.
Шынжырлы балақ, шұбар төс болып өткен,
Орысқа қарамаған заманында.
Бұл кісінің баласы Сары болды
Жақсы кісі болады әрбір жолды.
Әркімге жақсылықты Құдай берер,
Басына бақыт, дәулет бірдей қонды.
Оның ұлы Бөрібайға қызыр қонды,
Дәулеті бұл кісінің үлкен мол-ды.
Сейіл қылып далада келе жатса,
Тұяғы ұзын қысырақ душар болды.
Паһ, шіркін, бұл кісіге, Құдайым-ай,
Бақ берген-ді, мақтамай тұрайын ба-ай!
Қазақ аулы сүйінсе, жар болады,
Үш жүзге ұран болған ер Бөрібай.
Қазақта мұнан асқан жан болмаған,
Бақыт, дәулет көп беріп, Алла оңлады.
Мұнан туған би болды Қыдырәлі,
Алдынан һәм билігі бұзылмады.
Ақылы бұл кісінің жұрттан асқан,
Бәрі де асыл туды көп данышпан.
Қаптағай тұқымына тұтқа болған,
Ұл тумас бұ кісідей Үш Алаштан.
Бөрібайдан Қыдырәлі бесеу туды,
Қыдырәлі Бөрібайдың жолын қуды.
Ол күнде онан асқан кісі болмай,
Мен шешенмін дегеннің тілін буды.
Мұның ұлы Бидос мыңды айдаған,
Биледі бұ кісіні үшбу Найман.
Би болған, патша болған бәрі де өтті,
Һәм кімге көз салмадың сұмырай жалған?!
Інісі Қалқабай, Дос, Ер, Тәнеке
Үйсін, Найман біледі өзін және.
Жолыққан ақ патшамен, қайран Тәкем,
Мұрасын кетті тастап Есімбекке.
Баласы Қалқабайдың толып жатыр,
Бәрінен асып түсті Маман батыр.
Мәмекең сөзді айтады жақсы құрап,
Тентекті мақұл қылған, мойнын бұрап.
Қорқады жамандайтын көрген адам,
Тұрады бір дуан ел ақылы асып.
Комисиа әйел-еркекті зәкүнге алды,
Маман ер сонда би боп тұрып қалды.
Үш жыл ауылында сақшы би боп,
Һеш адам арыз қылып жыламады.
Болыстың үш жыл болды кандидаты,
Сонда да білінбеді жаманаты.
Дүниені ойлайды, ақылы дария,
Ойлағаны – Мұхаммед шариғаты.
Содан өтіп үш жылдай болыс болды,
Дәулеті бұ кісінің үлкен мол-ды.
Кемеңгер ақылы асқан асылзада
Ұстады зәкүнменен әрбір жолды.
Әруағы Маман ердің асқар бел-ді,
Жақсы қызметін Кауфман білді.
Оязнай Рейнталдың заманында
Оқаланған сайлауға өтен берді.
Ризянов оязнайдың заманында
Қызыл алтын бір тонды тағы да алды.
Қызметі оязнайға жаққаннан соң,
Колпаковский беріпті осы тонды.
Баласы бұ кісінің Тұрысбекке
Һәр жолды ойлауға көңілі епті.
Алты жылдай старшынға алты сайлап,
Он екі жыл болыстық әкім қылды.
Қызметін ақ патшаға қылып жүрді,
Жақсы қызмет қылғанын патша білді.
Қызметінің жаққаны сол емес пе,
Құрмет қып бір алтын тонды берді.
Екі жыл алтын-күміс медал берді,
Бергенін он үш болыс көзі көрді.
Уәкілдігі жеті атадан үзілмеген,
Алтын медал, патсайыдай бөзі берді.
Әруағы Тұрысбектің көпке мәлім,
Дәулеті жұрттан асқан шалқар көл-ді.
Патшаға қызметімен пара беріп,
Саф күмістен тостаған тағы берді.
Басында Тұрысбектің ақыл мол-ды,
Ақыры Мекке барып қажы болды.
Ахырет дүниені бірдей ойлап,
Ерден иман құтылмас деген сол-ды.
Құдайым Тұрысбекке және берген,
Жақсы, ақылды көңілге сала берген.
Степной қызметті тура көріп,
Күмістен бір медалды және берген.
Жүреді жақсы кісі ақыл ойлап,
Жаман кісі жүреді аттай бойлап.
Ауылбасы Қапалыда сайлау қылып,
Сейітбаттал баласын қойды сайлап.
Арасанский болыснай дейді мұны
Жеті атасы би болған, асыл шені.
Үлгілі жеті атасы би болған деп,
Асып тұр жеті атасы жеті Алаштан,
Ұрпағы да озып тұр замандастан.
Нашарға рақымды еді, құйып нұр,
Һәр адам кеміс таппас осы жастан.
Ұйғарды, болыс болды жұрты сүйіп,
Тұрады дұшпандарының іші күйіп.
Тұқымынан беклігі үзілген жоқ,
Басы[на] дәулет берді Құдай иіп.
Жағалай көлге біткен құрағым-ай,
Және ойлар әділетті тұрағым-ай!
Билік, байлық атасынан үзілген жоқ,
Әділетпен тұра көр, шырағым-ай.
Жеті атаның әділетін алған еді,
Байлық, билік кетпеген шалқар көл-ді.
Ғаріп пенен нашарға бек қарайды,
Бұл мұрасы атадан қалған жолы.
Демеубай мұны жазған, мәлім атым,
Жақсының жақсы білер құдіретін.
Итжемес әкем аты асыл туған,
Үлгі алған бұрынырақ ұшқан қудан.
Жиырмаға келгенше бала болды,
Жиырмаға келген соң дана болды.
Патшаға еліміз қараған соң
Еліне әділетпен билік құрды.
Жаратқан солай қылып құдіретті,
Тоғыз жыл старшындық қызмет етті.
Бес-алты жыл би болып, қызмет қылып,
Алпыста дүние салып, жөнеліпті.
Итжемесов Демеубай мәлім атым,
Бұ қағаз өз қолымнан жазған хатым.
Атам – Баубек, арғы атам – ер Құлжаман,
«Көлдей, Жамбай» болады асыл затым.
Ұранымыз болады батыр Шонай,
Ақыл қиын, жігітке өлең оңай.
Көлдей, Жамбай – Қаптағайдың бір баласы,
Ғұмыр бер жақсыларға, Құдайым-ай!