Арқалық батыр (Сағидолла Нұралин нұсқасы)

Қазақта бір ұғым бар деген үш жүз, Үш жүзден тарадық деп айтамыз біз. Әйтеуір ру, тайпа аттары бар, Нақ басар табылмай жүр анық бір із. Ел керей орта жүздің бір бөлегі, Көршіміз көптен бергі іргедегі. Ер өткен Арқалықтың аңызынан, Оралып көңіліме жыр келеді. Керейдің бір бұтағы Абақ атты, Бөлініп бар қазақтан дара жатт...

Kazakh
Арқалық батыр (Сағидолла Нұралин нұсқасы)
Қазақта бір ұғым бар деген үш жүз, Үш жүзден тарадық деп айтамыз біз. Әйтеуір ру, тайпа аттары бар, Нақ басар табылмай жүр анық бір із. Ел керей орта жүздің бір бөлегі, Көршіміз көптен бергі іргедегі. Ер өткен Арқалықтың аңызынан, Оралып көңіліме жыр келеді. Керейдің бір бұтағы Абақ атты, Бөлініп бар қазақтан дара жатты. Қытайдың ескі ханы Ежен билеп, Абаққа таңба салып жаралапты. Абақтың бас билеуші, төресі Әжі, Халықтың қанын сорған қысы-жазы. Төренің жаққан әйел сыбағасы, Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы. Хан болып Әжі төре дүрілдеткен, Күштінің әлсізге өктем. Сан Әжі сансыз елді езген екен, Дәуірге ой жіберсек бұрынғы өткен. Әжіге басын иген момын халық, Әртүрлі алым алған салық салып. Бастығы Саркөз аты осы Әжінің, Кетіпті алпыс жылқы дүрбіт алып. Қобдада Алтай асты тұрған дүрбіт, Мұңғылдың бір тайпасы өскен өрбіп. Сол кезде Шаған билеп үш аймақты, Бу көріп бүкіл мұңғыл кеткен кергіп. Шығыпты торғауыттан Шаған кеген, Әулие деген ұғым кеген деген. Қобда, Алтай, Тарбағатай үш аймақты Сол кеген емін-еркін талап жеген. Алтайдың орталығы Сары Сүмбе, Шағанның астанасы сол бір күнде. Мұңғылдың Сүмбе деген мешіті екен, Өзгермей сол атаумен кеткен мүлде. Аждаһа Шаған кеген зәрін шашқан, Алтайға ұя салып бауыр басқан. Қобда мен Тарбағатай екі аймақты, Қоғамдап құйрығымен орап жатқан. Әжінің жылқы салған жері Қаржау, Бір жағы Қарағайлы дейтұғын тау. Опырып осы жерден жылқы әкетіп, Төреге үлкен қорлық болды мынау. Болыпты Әжі қапа қайғыланып, Ханым да қатты толқып жылады анық. Түнеріп балалары бас көтермей, Ордасы бола қалды бейне тамұқ. Боран боп буы шықса қаптағандай, Бура боп аяғымен таптағандай. Ақылсыз арам ашу бойды билеп, Түнеріп төре отырды бап табалмай. Төленгіт сол төреге ата тегі, Байматай деген кісі болушы еді. – Қайратсыз, қапалы ашу түк бітірмес, Салыңыз сөзге құлақ, тақсыр, – деді. Хан төрем, қалың абақ қолыңызда, Бас иер бәрі түгел жолыңызға. Аттанса ер-азамат әмір алып, Жау түсер тұйықталып торыңызға. Емес қой Қобда деген тым алыс жол, Елміз ғой жол білетін жігіті мол. Жұмсаңыз жұмыр білек батырларды, Бұл істің кек алатын ақылы сол. Жұмсаңыз Жұбай менен Арқалықты, Ел дейсіз ұры дүрбіт қанша мықты. – Шақыр, – деп, – осы екеуін шапшаң барып! Бұйырып Байматайға жар салыпты. Қамшылап Бәкең кетті қарагерді, Томсарып төре үйінде қала берді. Мал үшін алпыс байтал аза тұтқан, Момын ел сол Әжіні пана көрді. Байматай түнде жетті Ақшағылға, Қарагер қажыр емес қатты ағынға. Күркесі Арқалықтың қара құрым, Шағылдың отыр еді тастағында. Тары еккен бастауына бірер аяқ, Арқалық отыр еді елден саяқ. Әкесі Назар деген бір кәрі шал, Жасынан жарлылықтан жеген таяқ. Тарысын бастырған жоқ, орып еді, Торғайға түк шоқытпай қорып еді. Қарт Назар қалбалақтап Байматайдың Келгенін бір сұмдыққа жорып еді. «Керейге белгілі еді бұл Байматай, Асығыс іс болмаса жүрмейтін жай. Әжінің ақылшысы, жан серігі, Әкелді қандай пәле, япырым-ай». Арқалық тарысының бауын жиып, Үстіне ешкі тері жарғақ киіп. Анасы қазан асып, сүт пісіріп, Әйелі жатыр еді тары түйіп. Мәз-мейрам екі сәби отыр ойнап, Уайымсыз балалықтың тойын тойлап. Әжінің жібергенін Байматайды, Арқалық көрген жерден түсінді ойлап. – Сөз тыңда, – деді Бәкең, – ей, ақсақал, Қажет қой қараға жан, төреге мал. Жіберді Әжі төре жарлық беріп, Арқалық, әміріне құлағың сал. Елшімін атылған оқ, сілтеген қол, Абақтың батырысың, қайратың мол. Қаржаудан алпыс жылқы дүрбіт алды, Төреңнің саған айтар жарлығы сол. Жүктемек төре саған бір еңбекті, Жарап тұр мінуіңе күрең бесті. Қасыңа ботағара Жұбайды ертіп, Арқалық, сені соған жібермекші. Төре айтса, болмақ емес қарада ерік, Жұмсады Әжі төрем жарлық беріп. Арқалық, атыңды ертте, асығыспын, Жүресің тоқталмастан маған еріп. Арқалық қайғырмады, қажымады, «Болды, – деп, – маған мұқтаж Әжі дағы». Мұңымен ата-ананың сырласқандай, Суық жел жыртық үйден азынады. Назар шал қапаланды, қамырықты, Жүрегі қарт ананың қабыныпты. «Япырым-ау, әлде қандай күн жетті» деп, Алған жар мұңнан перде жамылыпты. Арқалық ажарланып: «Барам, деді, Дүрбіттен төрем кегін алам, деді. Рұқсат, әке-шешем, батаңды бер, Аман бол, әйелім мен балам», – деді. Қарт Назар батар берді қолын жайып: – Жолыңа жар болсын, – деп, – Ерен ғайып. Ақпейіл анасы да рұқсат етті: – Іс істеп қайтарсың, – деп, – ерге лайық. Арқалық бас тартпады бұл бұйрықтан, «Жігітке жөн емес, – деп, – үйде бұққан». Ер салып аялдамай мініп алды, Бар еді қоңыр байтал қыл құйрықтан. Ата-ана әлпештеген кәрі қалды, Жас бала, жаны сүйген жары қалды. Жел қаққан жыртық күрке, күзгі суық, Бауында бастырылмай тары қалды. Сүт қосқан жарма тары көже ішіп, Арқалық жүріп кетті жолға түсіп. «Аман қайт» дегендей боп аттанарда, Құйрығын былғап жатты ала күшік. Қарт ана адамдай боп сеңге түскен, Аурудай қалтырады теңге түскен. Назар шал қатты бекіп алған екен, Бүркіттей бүктетіліп жемге түскен. Жас жары жаутаң қағып елеңдеген, «Әлде не алда қандай көрем» деген. Хабарсыз еш нәрседен екі сәби, Оларда ой бола ма өлем деген. Арқалық жүріп кетті аялдамай, Болады алдағы күн әлдеқалай. Ардақты алған жары, ата-анасы, Артында тұрып қалды қарай-қарай. Байматай қарагерді қамшылады, Аққан тер тебінгіден тамшылады. Келеді тәуекел деп ер Арқалық, Белгілі мезгілінде жан шығады. Ауылы Әжі төрем ластыда, Қоныпты қара жартас қыр астына. Кеш мезгіл Арқалықтар келіп жетті, Түскенде қоңыр таудың күн астына. Отырған төбе үстінде бір топ кісі, Беймаза бөгде адаммен ауыл іші. Ақылшы билері бар белгі таққан, Әжі отыр ортасында суып түсі. Алысқа Арқалықтар тастап атын, Төбеге төре отырған келді жақын. «Ассалаумағаләйкүм, алдияр», – деп, Жасады әдет-ғұрып ілтипатын. Байматай баяндады келген жерден: – Иә, тақсыр, Арқалығың мына келген. Дүрбіттен кек алынбай несі қалды, Қасына ерер болса Жұбай мерген. Жалт қарап Әжі төре Арқалыққа: – Шақырттым теңеп сені бар халыққа. Елдікті ер туғызған бір білгізіп, Дүрбіттің сыбағасын тарталық та. Тең еді бар малыма Саркөз атым, Арқалап алған жоқ ем адам ақын. Өзімнен басқа пенде мінген емес, Сабылтып жүрген шығар сан қу тақым. Дүрбіттің сүйегімнен қорлығы өтті, Тұлпарым Саркөз атты алып кетті. Айтамын атам Көкең әруағы үшін, Алып кел, ей, Арқалық, осы кекті. Арқалық отыр еді шарт жүгініп, Бұйрығын төресінің алды ұғынып: – Алдияр, төре, сізге айтарым бар, Қапыда торға түсер ер жығылып. Сіз жұмсап мен дүрбітке барып келсем, Аман-сау есеңізді алып келсем, Қор етіп ұстап бермей қорғайсыз ба? Қуғын сап күш жұмсаса дүрбіт ертең. – Сөз тыңда, ей, Арқалық, қара маған, Алайтып қаратпаспын жанды саған. Берсем де Сейілханды, сені бермен, Бейуақ антым осы кешке таман. Сонымен серт байланды уәде бекіп, Күткізді Арқалықты құрмет етіп. Тоқталды аңғал батыр сөз қайырмай, Қандай сор айдады екен тентіретіп. Арқалық ертеңінде аттанды елден, Қосылды жолдас болып Жұбай мерген. Қияқ, Тұяқ дейтұғын екі ұрыны Әтейлеп Әжі төре қосып берген. Астында Арқалықтың күрең төбел, Алысып ауыздықпен басар шебер. Төртеуін топ кісімен ұзатып сап, Хош айтып Әжі төре қалды көп ел. Арқалық адам екен кең иықты, Жауырынды, жалпақ жүзді, ер сиықты. Қауметті қара сақал ұзын мұртты, Денесін бойына өлшеп сом құйыпты. Қой көзді, қошқар мұрын, қасқа басты, Ернінің еті қалың келген асты. Жаялы, бура санды, бұлшық етті, Шықшытты, қарыс құлақ, қалың қасты. Киюге Әжі берген тайжақысын, Өзінше өтемек боп ер ақысын. Білтелі қара мылтық, қайың шоқпар, Қыл шашақ қырлап соққан найза ұшын. Белінде бесті атқа алған алмас қылыш, Қабы жез, қаптап қойған сабы күміс. Бәрі де жолдасының қаруланған, Басталды сәрсенбі күн өзіне жүріс. Сауырдың теріскейін өрлей жүрді, Көксүннің тұмсығына көлбей жүрді. Бетке алып Мұқыртайдың аяқ жағын, Тасы көп тау ішінде енбей жүрді. Батысын Үлүңгірдің баса жүрді, Мойнынан Үшқараның аса жүрді. Ертіске келіп түсіп Ақаралдан, Тумадан өзен бұлақ тата жүрді. Шығысқа тура тартты Ертіс өрлеп, ұлы Ертіс Алтай құлдап жатыр көлбеп. Ен дала иен жерде төрт-ақ адам, Айтысып әзіл-қалжың етеді ермек. Бала Ертіс құйғанымен басып Күрті, Алтайдың күнгей жағы таудың сырты. Көңілде күдік, күмән дәнеме жоқ, Үнемі ұзақ жолда ойын-күлкі. Өрледі тау аралап Көктоғайды, Түн жатып, күндіз жатып тоқтамайды. Ар жағы дүрбіт деген елдің шеті, Маңдайша жол асады деген сайды. Кез еді ел жайлаудан етектеген, Семіріп төрт түлік мал секектеген. Ақ азбан азық артқан малдың зоры, Бәрін де бірден қосар жетектеген. Абаққа Әжі төре жар салғызған, Айрылмас Әжі айтқан соң кім жалғыздан. Жалғыз-ақ күрең төбел төренікі, Басқасы елдің аты Әжі алғызған. Шыққалы елден бұлар болды он үш күн, Өткізді ойынменен көп жол үстін. Бұрылып маңдайшаның бір сайына, Үстінде үш күн жатты көк қоныстың. Мекені дүрбіттердің Сақсай түлтім, Әжі өңдес онда да бар арам құлқын. Дүрбітті дөңгелентіп асықша атқан, ламасы елдің басы кәрі Шолтым. Көп елге қарсы келген төрт-ақ адам, Асыпты кешке жақын Маңдайшадан. Шығыпты қалың елді бақылауға, Дейтұғын бір биікке ат құлаған. Мекендеп Шолтым аулы Сақсай сайын, Әркі ішіп, күнде мас боп жатыр жайын. Бас әкім Шаған кеген өз жынысы, Сескенбес кісі алар деп жалғыз тайын. Батырлар көп жылқыға жақындады, Сойылдар жылқы қуған сатырлады. Ит үріп, даң көбейіп, айғай шығып, Мылтықтар оқ шығарып сақылдады. Жылқының дүбірімен жер қозғалып, Қағылды барабандар ұран салып. Асырып арпалыста Маңдайшадан, Айдады көп жылқыны бөліп алып. Жалғыз сай, екі жағы түнерген шың, Жатқандай шыңды ұшырып жаңғырған үн. Күн жауып, жай жарқылдап, жалын шашып, Үрейлі өте сүркей қараңғы түн. Жылқыны құрық салып құрсаудағы, Қалғанын қанша жылқы кім санады. Денені нөсер жаңбыр қалтыратып, Алғандай суға малып ұлтарағы. Келеді оқ жаудырып қалың қуғын, Паналап арасымен орман нудың. Бойына келіп жетті таң атқанда, Қайырты қанды өзен деген судың. Кетіпті арпалыста жол адасып, Қысылса, кім жаңылмас жаза басып. Алтайдың жар құлатқан асау суы, Арқырап арнасынан жатыр тасып. Көп жылқы көп айланды суға түспей, Жақындап келіп қалды жау-дағы іштей. Тіл қатпас тылсым өзен ызғар шашып, Көлденең тұрып алды долы күштей. Атылып арт жағынан жатыр мылтық, Алды өзен, арты дүрбіт, шалды қырсық. Ақырды ер Арқалық қатты ашумен: «Жол бастап суға түс», – деп Тұяққа ұрсып. Тоқталмай Тұяқ суға түсіп кетті, Артынан қараға еріп жылқы да өтті. Арқалық бір бұрымда тұрып алып, Дүрбітке садағының оғын төкті. Дәрмен жоқ ер алуға айыл шешіп, Киімшең барды дағы суды кешіп. Қияқ пен Жұбай мерген қатарынан, Жылқының артын айдап түсті ілесіп. Артынан өте шықты Арқалық ер, Жауынға дене қызып қосылды тер. Қайың, тал, қарағай мен мойыл үш қат, Орманнан көрінбейді алаңқы жер. Аман-сау Қияқ, Тұяқ судан өткен, Жұбайға су ішінде ажал жеткен. Даусына тау жаңғырып, тал қозғалып, Арқалық: «Ой Жұбай!» – деп ақырды өктем. Қалыпты Қияқ, Тұяқ есі кетіп: – Келгенін байқамадық судан өтіп. – Екі ынжық, не деп тұрсың есі қашқан? – Арқалық бір ақырды қатты зекіп. Арқалық өзен бойын құлдай шапты, Суға ағып Жұбай мерген бара жатты. Көзіне Арқалықтың бір көрініп, Бір қолын көтерді де суға батты. Жағаға ер тоқымды аты шықты, Арқалық оны ашумен атып жықты. Тілсіз жау, тылсым күшке не шара бар, Болса да батыр, мерген, қанша мықты. Дүрбіттер судан өтпей кете берді, Аунатып Арқалыққа қайғы-шерді. Әжінің алпыс жылқы иесі үшін, Амал не, құрбан қылды Жұбай ерді. Арқалық аттың ерін лақтырып, Бүк түсіп жата кетті дымы құрып. Батырға көңіл айтып күңіренді, Қасында Қияқ, Тұяқ жылап тұрып. Аспанды мұнар басты күн қарайып, Дүние қысылғандай тым тарайып. Елжіреп іші-бауыры от боп күйіп, Арқалық ессіз отыр көзі алайып. Ойнады көкте жасын, күн күркіреп, Сел жаңбыр сергітпестен тұр сіркіреп. Ағаштың жапырағы жасырынып, Қашқандай өзен үркіп, тау дүркіреп. Бүк түсіп жатты Арқалық жер бауырлап, Үстіне тау түскендей тым ауырлап. Жазаңа жаза қостым дегендей-ақ, Көк жауын көз ашқызбай тұр сауылдап. Мергеннің суға кеткен қазасына, Кім кепіл бейуаздың жазасына. Көкте күн, көшкен бұлт жылағандай, Қосылып Арқалықтың азасына. Жұбайға оқ тиді ме ну ішінде, Ат тулап жығылды ма су ішінде. Жалмауыз жасырынған ажал алды, Жерден жел, көктен жаңбыр бу ішінде. Бір кезде сәуле түсті күн толастап, Қызыл көк құрсау тартты кемпірқосақ. Жау жақын, ауыл алыс қайғырса да, Жатуға уақыт жоқ енді тоқтап. Арқалық тәуекелге буып белін, Шақырып қасына алды серіктерін. – Барғанша қара Ертістің қойғанына, Сендерге септігім жоқ, – деді, – менің. Кетіңдер осы жерден аялдамай, Жүріңдер жылдамырақ аяңдамай. Сүйегін жолдасымның сол табады, Қоңқаға кете алмаймын баяндамай. Алтайдың тау Күректі бір биігі, Ойнаған жотасында сұр киігі. Бірден өлі, екіден тірі айырып, Батырды солай тартты ер күйігі. Күректі жатыр шалғай бір қиырда, Жол басқан жүректі ерге жер қиын ба? Бөлініп Қияқ, Тұяқ төте кетті, Айдаған жылқысы бар жүз жиырма. Теңбіл көк батыр мінген сетерлеген, Тауап қып табынған ат сетер деген. Шолтымның тұмар таққан сетері екен, Қашса озып, қуаласа жетер деген. Бел жатыр биік тауда талай сеңгір, Тау аты тасырқамас жүйрік теңбіл. Арқалық іздеп жүрген батыр Қоңқа, Айтайын кім екенін ұғынып біл. Қалбада бір кездерде қалмақ тұрған, Ясыкей соны билеп хандық құрған. Атағы Ясыкейдің мәлім еді, «Сәлиқа – Сәмен» деген өлең жырдан. Сол елден батыр болып Қонқа шыққан, Жас батыр жалын атып жауын жыққан. Шыдамай елін езген қорлығына, Өлтіріп Ясыкейді жерге тыққан. Ер екен Қоңқа батыр қайратқа асқан, Талайды табанға сап күшпен басқан. Қас болып Ясыкейдің қарақшысы, Еріксіз Қоңқа батыр елден қашқан. Бермеген ерге еркіндік надан қауым, Өш болған өлтірсе де елдің жауын. Қалбадан қашып келіп батыр Қоңқа, Аз уақыт мекендепті Сауыр тауын. Үй қылып аз жыл жатқан тау қуысын, Жау еткен зұлым дәуір өз туысын. Оқушым, өзің ойлап түсінерсің, Жазықсыз жапа тартты ол кім үшін. Сөз бар ғой ескі аңызда әртүрлі кеп, Албаты айтылмаған бәрі де тек. Қазір де Сауырдағы бір қуысты, Атайды сол Қоңқаның үңгірі деп. Сауырдан кеткеннен соң Күректіні, Мекендеп тоқсан жасап күн өткізді. Көп жанды қорлық көрген қолына ұстап, Жинаған батагөй боп жүректіні. Ол жатқан ормандағы қарт жолбарыс, Басқа елдер маңайынан тұрады алыс. Арқалық атын естіп жүруші еді, Бет көріп болмаса да бұрын таныс. Арқалық іздеп жүрген батыр осы, Тауында Күректінің жатыр осы. Елге бақыт тілеген бала жастан, Езушінің дұшманы, ердің досы. Алтай тәуелсіз иен қарағайлы, Үйірлі аң орманына паналайды. Құзар шың, қуыс шатқал, қия жартас, Арқалық талай жерді аралайды. Жол жүріп бір күн, бір түн көрмеді ұйқы, Келіспес ұйықтамаса ердің сиқы. Жұбай жоқ, жол қауіпті Қоңқа қалмақ, Ақылы Арқалықтың ұйқы-тұйқы. Көзде жас, тілде тілек, көңіл қаяу, Әйтеуір Қоңқа еліне келді таяу. Арқалық аттан түсіп белгі берді, Алдынан екі кісі шықты жаяу. Олар кеп жөн сұрады Арқалықтан: – Атың кім, адам едің қайдан шыққан? Бұл жерге жалғыз адам келмеуші еді, Жасағың бар ма сенің тауға тыққан? – Арқалық – атым менің, затым – қазақ, Келемін жаным кейіп, көріп азап. Көруге қарт батырды асығыспын, «Жаусың» деп, «жалғызсың» деп қылма мазақ. Кісім жоқ, келіп тұрмын жалғыз өзім, Әтейлеп алып келді шерлі сезім. Бар дейді Қоңқа деген бір қария, Бар еді сол кісіге айтар сөзім. Қайырып сөз айтпады екі жігіт, Бас иді Арқалыққа белін бүгіп. Қоңқаның боз үйінің белдеуінде, Қойыпты күлгін сары жалау тігіп. Арқалық үйге кірді жігітке еріп, Өр мінез, өжет басып, ерге серік. Үстінде ақ киіздің көлбей жатқан, Қоңқаны тани кетті көзі көріп. Қапсағай кәрі Қоңқа ер мүсінді, Айдарлы, ақсақалды, зор бітімді. Мұңғылдың жосынымен жорғалап кеп, Арқалық екі қолдап шақша ұсынды. Қарт Қоңқа Арқалыққа барлай қарап, Сақалын бір қолымен сипай тарап: – Байқаймын затың қазақ көрінеді, Бұл жерге не жұмыспен келдің, қарақ? Арқалық бар шындығын жасырмады, Жаңылып жауаптан ес қашырмады: – Әжінің жұмсауымен жылқы алып ем, Жолдасым суға кетті қасымдағы. Қайырты атаныпты қанды бұлақ, Бойында сол бұлақтың қалдым жылап. Жылқыны екі жігіт айдап кетті, Мен келдім, батыр, сізден ақыл сұрап. Естіп ем атыңызды елден бұрын, Бүгін кеп жүзіңіздің көрдім нұрын. Сүйегін серігімнің таба алмадық, Анықтап білмеуші едік жердің сырын. Келіп ем әуел сізбен танысуға, Өзімді, жөнімді айтып танытуға. Екінші іздеп берер деген едім, Сүйегін жолдасымның кеткен суға. Қарт Қоңқа қалың ойға кетті жүзіп, Қас қақпай қарсы алдына көзбен сүзіп. Өмірін бір ғасырлық ойына алып, Келтіріп көз алдына жатыр тізіп. Бірде ашу, бірде қайғы, мұңға кетті, Ойды өрлеп, қияны асып шыңға кетті. Жаулығын қазақ-қалмақ есіне алып, Қарт батыр қайдағы бір сынға кетті. «Ой бөлсем бұл қазақтың арызына, Қалам ба өз ұлтымның қарызына». Таласып қазақ – қалмақ көкіректе, Ерліктің егер салды парызына. Жібермес Арқалықты ұлтым десе, Ежелгі ескі жаулық ғұрпым десе. Әділет ақыл айтып, көмек бермек, Мұңы бір адам екен шіркін десе. Қарт Қоңқа көп отырды ойға кетіп, Қарады Арқалыққа бір селт етіп. «Туыстан мұңы бір жан жақын ғой» деп, Сезімі селсоқ ойдан алды бекіп. – Арқалық, мұңы бірге серігімсің, Айырған екеуімізді жалғыз-ақ дін. Іс өтті, суға кетті жан серігің, Өлген кім білемісің, өлтірген кім? – Онда Әжі үкімші екен, мұнда Шолтым, Қу жаның бәрі соған қуған жылқың. Еліртіп ел кегі деп ерді өлтіріп, Ажалға себеп болған арам құлқын. – Мен сені ұлтқа тартсам байлар едім, Денеңнен басыңды алып жайлар едім. Бірақ сен мен сияқты бейуазсың, Хан десе, қатып қалған қайнар кегім. Айырылғам ханды өлтіріп ел мен жұрттан, Зиян сап мен емес ем елді құртқан. Ер туар ел болған соң ежелгіден, Жарқ еткен нажағайдай көшкен бұлттан. Енді сен еліңді тап, тұрма тоқтап, Табылар, маған келсең, тура соқпақ. Хабар қыл қайсы жерден қорлық көрсең, Алармын жау қолынан сені жоқтап. Бұл жолғы сенің жолың жаман лай, Айтамын менен ақыл келсең сұрай. Халықты хан есіркеп жарытпайды, Әжіден ауаша жүр бұдан былай. Ер болсаң, елге болыс елді жақтап, Қарақшы болма ханға басыңды ақтап. Сүйегін жолдасыңның іздетемін, Аманат, тауып алсам, қоям сақтап. Ол сүйек жоғалмайды, қайғы жеме, Әншейін алжыған шал айтты деме. Айланып өзің қайтып келгеніңде, Қолыңа табыс болар қуыс дене. Қоңқаға ер Арқалық басын иді, Құшақтап мойнынан қолын сүйді. Жат жұрттан жақсы қамқор табылғанға, Қуанып, ойы орнығып, есін жиды. Арқалық демін алып тамақ ішті, Қонақ боп үш күн жатып жолға түсті. Алысып ауыздықпен арпалысып, Сетер көк сынапша ағар белі күшті. Бір желіп, бірде аяңдап жүрді жортып, Тауда өскен тағыларша тастан шоршып. Ну орман, елсіз иен, үрейлі тау, Сескенбес батыр жігіт одан қорқып. Артында биік-биік шыңдар қалды, Аң салған әлде бір із жымдар қалды. Кешегі ойнап-күліп бірге жүрген, Жолдасы Жұбай мерген сындар қалды. Қарт Қоңқа Күректіде батыр қалды, Батырдың кеудесінде ақыл қалды. Әр қилы арпалысқан ой үстінде, Қара Ертіс құйғанына жақын қалды. Қара Ертіс құюшы еді қу Ертіске, Мықты еді асау өзен долы күшке. Арқалық екі сөтке тынбай жүріп, Жетіпті жолдасына талма түсте. Ертістің иен өзен тарауында, Отырған Қияқ, Тұяқ қарауында. Сайды өрлеп көк шалғынды орып жатыр, Көп жылқы екеуінің қарауында. Батырды жолдастары құшақтады, Жас ағып көздерінен бұршақтады. Арқалық алып тастап аттың ерін, Бармақпен басын сүйеп шынтақтады. Түнеріп, томырылып, үһіледі, Үһіден шыққан лебіз түтінеді. Денесі болып отыр бөлінгендей, Жолдасы Жұбай барда бүтін еді. «Бос жүдеп, қайғырудан келмес пайда, Еңіресек енді бізге Жұбай қайда?!» Арқалық аз отырып ақыл айтты: – Тез жинап, Қияқ, Тұяқ, жылқыны айда. Жылқы айдап судан өтті дүрілдетіп, Өліпті сегіз байтал суға кетіп. Ертісті құлай жүріп екі-үш күнде, Ауылына Бейсембінің келді жетіп. Керейдің бір жуаны би Бейсембі, Сол еді Әжіден соң үлкен шенді. Өзі би үйреніскен жан болған соң, Арқалық болған жайды айтады енді. Арқалық сыйлаушы еді осы биін, Осы би домбыра алып тартты күйін. Белгілі күйші Бежең күңірентіп, Деп шертті (іс аяғы қиын-қиын). Төсекке домбырасын сүйей салып, Ерніне насыбайын атып алып. Биекең басын шайқап күдік айтты: «Біреудің тынар ма екен басын алып». – Батырым, болған екен жолсыз сапар, Іс екен түрі суық, түбі қатал. Не дейін іс аяғын Алла оңғарсын, Төреге айдап келген жылқыңды апар. Бейсембі үрей салып ақыл берді, Көңіліне Арқалықтың зақым келді. Биекең бір мезетте сыртқа шығып, Батырдың мініп келген атын көрді. Бейсембі айландырып сетер көкті: – Мал екен бұл жануар тұлпар текті. Маған бер осы атыңды, ей, Арқалық, Төреге қалғаны да жетер депті. Жарармын мен де сенің керегіңе, Болса да не қажетің сен өзіме. Сетер көк соныменен түсіп қалды, Безілдек Бейсембінің елегіне. Айрылды ер Арқалық сетер көктен, Мал тумас қыл құйрықты бұдан өткен. Жарлының жалынышты заманы ғой, Би қорқау, бай жемеңгер, төресі өктем. Бежеңді келіп еді тыныс қылып, Екі күн өз жолынан бұрыс жүріп. Арқалық ұстап мінді күрең атын, Жылқыға бос жіберген тынықтырып. Ер өлді, мал сабылды, ел күйзелді, Белгісіз дүрбіт қайтер мұндағы елді. Ауылынан Бейсембінің түсте шығып, Бойына ластының түнде келді. Бөлініп жолдасынан ер Арқалық, Жылқыда Қияқ, Тұяқ екі ғаріп. Түбіне қара жартас орда тіккен, Төреге хабар берді өзі барып. Түскенде жерге сәуле ағарып таң, Жатқанда қатты ұйқыда тәкаппар паң. Төренің төсегінің тұсына кеп, Дауыстап деді Арқалық: «Алдияр хан!» Шошынып төре оянды төсегінен, Түсінен шошушы еді неше күннен. Кешігіп Арқалықтар кетіп еді, Мөлшерлі қайтар деген есебінен. Ақырып Әжі төре деді: «Кімсің, Таң атпай не себепті кетті тыншың? Айт шапшаң, жұмысың не маған айтар, Басынып басты басып не қып жүрсің?». – Алдияр, мен – Арқалық, тақсыр Әжім, Еркелік ерте оятып қылған назым. Асығып келіп тұрмын алдыңызға, Болған соң артым тұман, алдым жазым. Дегенде Әжі төре атып шықты, Ондай жан түзде қорқақ, үйде мықты. Қарсы алды үміт, қауіп араласып, Алдында есігінің Арқалықты. – Хан төрем, қаза болып кетті Жұбай, Айырды арамыздан оны Құдай. Қалай деп естіртеміз ел-жұртына? Келіп ем өзіңізден ақыл сұрай. Суына кетіп қалды Қайыртының, Емес қой ел күйзелмес жайын шығын. Әкелген жүзден артық жылқымыз бар, Сонда да мен Керейге айыптымын. Жұбайға Әжі төре күйінбеді, – Іс емес ел күйзелер қиын, деді. Еліне ботақара өзім барып, Ашармын естіртуге жиын, – деді. Жылқыны айдап келіп ауылыма, Қамаңдар қара жартас бауырына. Неше күн айдау көрген жануар ғой, Жайлаудың шығарамын сауырына. Жылқыны айдап келіп тасқа қамап, Таңбалап өз малындай алды санап. Еңбегін Арқалықтың еске алған жоқ, Мәз болған мал көбейтіп төре-жәнап. Көрген жоқ ол өмірде адамды аяп, Қарсы айтқанның басына ойнар таяқ. «Айта сал», – деп бұйырды Байматайға, Жұбайды жұртта қалған тоқтыдай-ақ. Арқалыққа ат тұр ғой дөнен де жоқ, Ең болмаса «рахмет» деген де жоқ. Қияқ, Тұяқ дегендер еске алынбай, Еңбегіне шуда жіп, тебен де жоқ. Арқалық ұстап алды өз биесін, Көргенде оқыранды ол да иесін. Қойшы мініп арқасы жауыр бопты, Ойма желқом болмаса ер тиетін. Қияқ, Тұяқ, Байматай Арқалықпен, Басын қосты жанашыр туыс біткен. Үй ішіне естіртіп көңіл айтып, Аза қылып ағайын артын күткен. Ол дәуірде кім жылап тұншықпады, Тұншықса да, түнеріп күн шықпады! Осы өлімге айыпкер Әжі төре, Айта алмады, амал жоқ, үн шықпады. Жары қалды Жұбайдың баласымен, Жаны тозды қайғының жарасымен. Талай Жұбай тап болған осы халге, Екі озбырдың енжарлық таласымен. Белгілі Жұбай жұртқа мерген еді, Аң атып ел қызығын көрген еді. Былтырғы өткен күзде он таутеке, Әжіге бір күнде атып берген еді. Құтылмас қол сермесе қашқан бөкен, Салбырты, Сауыр, Сайқан аңға мекен. Терісін он таутеке сойып салып, Бір тоқты Әжі төре берген екен. Белгісіз сүйіткен Жұбай болып қалды, Жан кетіп, жақсы дене солып қалды. Арқалық қоса өлсе де, күйінбейді, Төреге мал көбейіп толықтанды. Жұбайдан жетім қалды екі бала, Қасірет жүрегінде қайғы, нала. Зар жылап жазығы жоқ жары қалды, Білмейді қыларын да кімге жала. Арқалық байталымен үйге тартты, Аман кеп әке-шеше көрді қартты. Анасы боздап жылап, сүйіп, құшып, Назар шал кәрі қолын мойнына артты. Қуанды жар жолдасы жымың қағып, Сүйкіммен сүйген жүрек мұңын шағып. Әкем келді деп жатыр екі сәби, Мұрнынан жыртық үйде маңқасы ағып. Арқалық жүріп келді бір ай жарым, Көргеннің ата-анаға айтты бәрін. Кемпір-шал кемсең қағып жылап кетті, Жұбайдың естігенде қайғы-зарын. Қарт Назар мұңға батты басын шайқап, Арқалық үйдің халін көрді байқап. Бір байдың Мәуе деген жылқысы кеп, Тарысын жеп кетіпті бірақ жайпап. Назар шал ала алмапты одан есе, Айтса да байға барып әлденеше. «Басынып бай ағайын қорлады», – деп, Шағыпты Арқалыққа әке-шеше. Арқалық сыймай кетті терісіне, Барыпты бай малының өрісіне. Мәуенің шұбар атын ұстап мініп, Жылқысын қуып тықты желісіне. Маң басып Мәуе шығып ақбоз үйден: – Арқалық, қай қылығың жауша тиген? Кеніме құрық салып қуатұғын, Бар еді қандай кегің жаның күйген? – Кеніңде атсын мені кесел тұрса, Кеселдің кебі қашар басына ұрса. Байқашы байға кесел болмай ма екен, Жарлының кәсібіне қақпан құрса. Тарымды жеп кетіпті қалың жылқың, Барым сол, малым да сол менің мүлкім. Ойрандап өзім жоқта кәсібімді, Обал деп білмедің бе соны, шіркін. Даярсың ұятың жоқ дауласуға, Жарлыны жаның құмар аунатуға. Билігін өзің айтып, тарымды бер, Жат болсаң, мен даярмын жауласуға. Мәуе бай қарсыласпай төмендеді: – Ақыңды ал, ей, Арқалық, менен, – деді. Бір сиыр, он саулық қой қозысымен, Қосып ал көшке мінер дөнен, – деді. Бай малын бере бермес тіпті тегін, Болады жаннан алмақ малдың кегін. Әйтеуір қорықты ма, алдады ма, Осымен бітім болды жеген егін. Қиял көп арам пайда айнымалы, Мал десе, жастық сүймес жар құлағы. «Өкпелеп елден кетсе ер Арқалық, Бағымды шайқайды», – деп қаймығады. Белдесіп бетке қарсы келе алмады, Жауласып жаны қорқақ жеңе алмады. Алып күш ашуланса, мерт қылар деп, Батырдың мінезіне сене алмады. Осындай заман өткен әуре-сарсаң, Төре өктем, байы бассыз, биі жалтаң. Дүрбіттен қаруланып жүз кісі кеп, Әлек сап Әжі ауылын қылды талқан. Әжіге бұйрық қыпты Кеген шаған: «Берсін, – деп, – Арқалықты ұстап маған. Егер де бұйрығыма бойсұнбаса, Шекпенін шешіп алып отқа жағам». Ұйлыққан төре ауылы үйме-жүйме, Әжінің әлсіз ойы ауыр күйде. Сойылып сансыз сойыс, сусын дайын, Дүрбіттер шалқып жатты тіккен үйде. Сөздері қатал, бұйрық өте қысқа, Әжіні алып жатыр асығысқа. «Тез бітір, айыбымен малды қайтар, Арқалық батыр деген ұрыны ұста». Әжіден Мәуе байға кісі кетті, Хан төре қатал сөйлеп, жарлық етті. «Аялсыз Арқалықты айдап ұстап, Тез алып ауылыма келсін» депті. Мәуеге бұйрық алып кісі келді, Күншіл бай көңілденіп күшіне енді. Шақыртты Арқалықты түн ішінде, Ауылдың ісі бар деп артық-кемді. Мәуе бай қарақастың әмбе биі, Жиналыс би үйінде болар жиі. Арқалық атын байлап кіріп келсе, Адам аз, ауаша екен байдың үйі. Біртіндеп кіре берді үйге кісі, Алдаған амал екен байдың ісі. Жағалап жандайшабы көбейген соң, Мәуе бай сөз бастады суып түсі. – Дауылдан дегендейін құйын ықты, Көп дүрбіт төре ауылына жиылыпты. Әтейлеп адам келіп отырмаған, Берсін деп сені әкеліп бұйырыпты. Ер басы дегендейін елге нәзір, Не қылса өз еркінде Мәулім пазыл. Төренің бұйрығы осы, ей, Арқалық, Алдына апармақпыз сені қазір. Арқалық ажарланып кетті жайнап, Қалшылдап қатуланды, қаны қайнап. Аузынан ақ мақтадай көбік шығып: – Ал, апар, әлің жетсе, – деді, – байлап. Шыққандай түгі тесіп тымағынан, Қызарып от көрінді құлағынан. – Кәне, апар батыр болсаң, – деп ақырды, Қанжарын суырып ап қынабынан. Бай Мәуе төмен қарап бұға берді, Үймелеп отырғандар шыға берді. – Қап бәлем, әуселеңді көрер едім, Қимаймын, – деді Арқалық, – туған елді. Әжінің тышар едім бұйрығына, Қысар ем сені қосып құйрығыма. Мал алып тағы байып қалар ма едің, Әжінің мені берген сыйлығына. Қайтпаймын, қазір жүрем айтқан сертте, Ал Мәуе, маған ерсең атыңды ертте. Бет барып уәдесін бір байқайын, Тәуекел, тайынбаймын жансам да өртке. Мінгенім сенен алған ала дөнен, Ат сұрап жалынбаймын тағы сенен. Аласың ақысына талай тоғыз, Әжіге қол тапсырып құтыл менен. Қорықпа өлтірер деп шетке шығып, Өлтірсем құтылмайсың үйде бұғып. Аяймын қара қазан сары баланы, Әйтпесе кетер едім жерге тығып. Мәуе бай қарай берді жалтақ-жалтақ, Кетіпті басы еңкейіп басып талтақ. Сүйретіп сұр шекпенін үйден шықты, Басында баяғы ескі сеңсең қалпақ. Атына әрең мінді қатты шошып, Әжінің екі адамын алды қосып. Арқалық өз үйіне хабарласпай, Ашумен түнде аттанып кетті жосып. Аттанды ашу билеп Ақшағылдан, Бүгелдің жортып өтті шатқалынан. Арқалық ел кегінің батыры еді, Нақақтан ұры деген ат тағылған. Ылдилап Қараөзекті төте жүрді, Бейітінен Жабағының өте жүрді. Әжінің ауылына жеткен кезде, Күміс күн найза бойы көтерілді. Арқалық айсыз түнде жолды бастап, Дөненін қамшысымен орай жасқап. Долы ерлік дөңгелентіп алып кетті, Ата-ана, бала, жарын үйге тастап. Топ екен төре ауылы ұлы дүбір, Сиықсыз сынасқан ел сыбыр-күбір. Арқалық әдеп еркін жасамастан, Әжінің белдеуіне түсті шұғыл. Белдеуге ат шылбырын іле салып, Қанжарын тұтқасынан ұстап алып. – Ассалаумағаләйкүм! – депті төре, Көргенде Арқалықты сасып қалып. Арқалық кіріп келген әдебі жоқ, Қарғыған жолбарыстай қаһарлы боп. Бай Мәуе қасындағы жолдасымен, Кіре алмай сыртта қалды кейінгі топ. Арқалық кіріп келіп тұра қалды, Әжіден әкімдерше сұрақ алды: – Дүрбіттен кегіңді алып келіп едім, Беруге шақырттың ба сыбағамды? Адам аз, ауаша екен төре үйінде, Арқалық атылатын тұр күйінде. – Сап батыр, сап-сап батыр, – деді төре, Тоқталар іс аяғы бір түйінге. – Айтып бер істейтінің қандай түйін, Өзіңе не қыл дейді мына жиын? Жасырма, жалғаншы Әжі, анығын айт, Мен болсам бұл дүрбітке тартар сыйың. Айта алмай Әжі жауап алақтады, Дүрбіттер қаптап кіріп жалақтады. Қаптаған қалың шеру үйге кіріп, Аялға Арқалықты қаратпады. Қамалап қаптап кетті жан-жағынан, Қанжарлар жалақ қағып қан жағылған. Арқалық өзі келіп қолға түсіп, Қорқаудың құтылмады қармағынан. Деген сол «Ақыл ұзын, ашу келте», Ашумен мұқтаж болды ерікті ерке. Кісендеп қол-аяғын байлап алды, Талаған жалғыз қойды бөрілерше. Әжінің әуел баста кегін жоқтап, Ойлап еді іс болар деп жолға тоқтап. Айғайлап ашу қысқан жас жолбарыс, Төренің түгін қоймай салды боқтап. – Өзім ғой, Әжі, сені басындырған, Болды ғой бұққандықтан басым құрбан. Дүрбітке жібергенде не деп едің, . тап енеңді, Әжі антұрған. Көгедай көк байталдан өліп еді, Жазасын Тәуке бала беріп еді. Жылқы үшін жазықсыз қан шығаратын, Атаңа мирас болып келіп еді. Әжіні қарулы қол алған басып, Қайрат жоқ қарсы айтуға қалған жасып. Азат ер қолға түсті ер Арқалық, Кетіпті Қияқ, Тұяқ елден қашып. Төреден келген дүрбіт бітім алды, Қосақтап біріне екі тұтып алды. Сегіз күн сең соққандай ес қашырып, Басшы осы батыр деген кісіні алды. Жетектеп Арқалықты атқа таңып, Жылқы айдап жер қозғалтып кетті маңып. Бақсыдай жын алдырған Әжі қалды, Әуелгі айтқан уәде серттен танып. Байлады қолды артына шорт қайырып, Қорқа ма қолдағыдан жау тайынып. Ант берген қорғаймын деп Әжісі анау, Алады Арқалықты кім айырып?! Арқалық сол кеткеннен кете барды, Дүрбіттің мекеніне төте барды. Жас бала, жарлы тұрмыс, жалбыр күрке, Үйдегі кім асырар кемпір-шалды? Бай туыс қараса ма «ағайын» деп, «Бармын ғой, қайыр қылып бағайын» деп. Мәуенің істегені мәлім еді, Әжіден атақ алып жағайын деп. Адам жоқ Арқалықпен бір туысқан, Көз жоқта күншіл жанның бәрі дұшпан. Қай қашан қанат жазып ұшырмайтын, Жоқшылық жұт емес пе ерді қысқан. Арқалық ұзақ жолда аш бүрілді, Шолтымға барған күні тапсырылды. Қолға козыр, аяққа кісен салып, Байланып керегеге жапсырылды. Жамбасқа жарты құрым жабу төсеп, Адам жоқ жаны ашитын айуан есеп. Киімі үйде киген бір шешілмей, Үстінде ақбөрте бит кесек-кесек. Жабысып жалаң етке жейде, дамбал, Шара жоқ босануға салып жанжал. Өкінді Әжі ауылына келгеніне, Деген сол «Балуан аптық, батыр аңғал». Ой өтті өмір аңғал тізбек-тізбек, Қыс басы болып қалды суық күз кеп. Қондырып жылы орнына семьясын, «Барам, – деп жүруші еді, – Жұбайды іздеп». Амал жоқ өмір жолы басты шалыс, Үміттің амалсызға бәрі де алыс. Не шара өмір өзі құптамаса, Ол ойға жол бермеді мына арпалыс. Арқалық үйде болды бір-ақ жеті, Одан соң мынау болды істің беті. Шолтымның Әжіменен арасында, Іске аспай қала берді ақ ниеті. Арқалық қарауында ламаның, Өмірдің көріп жатты бұралаңын. Тап болып таза жүрек бақытына, Таппаса, не шара бар, бір амалын. Қол-аяқ кісендеулі, баста күрке, Орны көң, топырақ, бит пен сірке. ұғынып кіріп-шыққан малайлардан, Дүрбіттің тілін білді бірте-бірте. Қыс түсті қырау басып шатынаған, Қысымға қысылмайды асыл адам. Өмірде тентіреген тіл үйрену, Емес пе ер белгісі жасымаған. Шолтымның әйелі жоқ меншігінде, Көп күнә әйел алу буддизмде. Басқа әйел бас тартпайтын қағида бар, Сот емес соғар болса еркі кімге. Сұлусыз асқан көңіл тұрала ма, Тәттілік махаббатсыз құрала ма. Белгісіз кімнің қызы екендігі, Бір сұлу пайда болды ламаға. Аспаған жиырмадан жас шанағы, Жастықтан өзгермеген қас-қабағы. Қыр мұрын, қарақат көз, жазық маңдай, Епті ерін, жұмсақ иек, ақ тамағы. Қызыл жүз, қыпша мықын, тік иықты, Денесін бойына өлшеп дәл құйыпты. Қара шаш қарыс тимес қара жерге, Арқалық қыз көрмеді бұл сиықты. Таңданды Арқалықтың көзі көріп, Жас жүрек жалын атты сезім беріп. Байлауда жатқан ерді көріп еді, Бір күні осы қыздың өзі келіп. Бірақ ол тілдеспеді, үн қатпады, Болмаса шырай беріп, көз қақпады. Кім білсін көңілінде не жатқанын, Жүректің ашылған жоқ сыр қақпағы. Сияқты жастық шіркін шебер жұмбақ, Шешуін табар оның ұққан тыңдап. Жас кезде жалын оты жарқырайды, Әркімнің жүрегінде миллион, мыңдап. Арқалық ол өмірден жатыр жырақ, Жырақты бір болжатты мынау бірақ. Жалынын жарық қылып көрсете алмас, Жылт етіп жанғанымен жастық шырақ. Ол тұтқын тұңғиықта, көңілі мұңды, Шара жоқ жайнатуға жастық күнді. Даңғыл жол, даяр қару табылмайды, Басса егер бақытсыздық кімде-кімді. Осындай күндер өтті зымыраған, Байқамас келешегін бұрын адам. Қобданың қоңыр белі күнмен терлеп, Жел есті жаздың ескек қыбыладан. Өткен күн есінде жоқ Арқалықтың, Жатқанын ескерген жоқ қаншалық күн. Дүрбіттің «Шаған» атты мейрамы еді, Болмай ма бір дәстүрі әр халықтың. Мәз-мейрам сайран салып кәрі мен жас, Әркі ішкен ауыл кезген бәрі де мас. Дом-домдап дабыл қаққан келең кешіл, Будданың дін мейрамы әлемге паш. Мас келең масқара көп көзін жұмып, Тұңғиық Шолтым лама отыр тұнып. Шал-кемпір шала мас боп дұға оқысып, Жалбарып Құдайына жатыр ұлып. Жадағай жастар кетті сауық қуып, Той болып бір ауылда бала туып. Кәрілер дұға оқыса, жастар ән сап, Қым-қуыт елдің іші, ізі суыт. Басқаның Арқалықтан бәрі де шат, Қаптаған оның көңілін қайғылы тат. Өзі жау өміріне зиян салған, Дүрбіттің дұғасы мен діні де жат. Арқалық күрсінеді ауыр ойда, Болмаса бір бос жер жоқ өне бойда. Күзет жоқ күндегідей, бәрі бейғам, Кәрісі ғибадатта, жасы тойда. Күркеге біреу келді қараңғыда, Кім білсін тұтқын болып қамалды ма? Болмаса құтқарушы жұлдыз болып, Батырының бақытына жаралды ма? Әйтсе де адал жанды сезер жүрек, Тілейді сезгір жүрек жақсы тілек. Жағалап жатқан жерге жақын тұрып, Сөз қатты келген адам дүрбітшілеп. – Аман-сау жатырмысың, батыр қазақ? Білемін нақақ бейнет көрдің азап. Ойда жоқ кезіктірген екеуімізді, Өр еңіс, ойлы шұңқыр, өмір ғажап. Мұңғылдың мұңы қалың бір қызымын, Ардақты ата-анамның жұлдызымын. Тап болып тар тағдырға бағынбаса, Тілейді ұялуын кім жүзінің. Келіп ем ламаға шақырған соң, Қарсы айтпас бүтін дүрбіт бас ұрған соң. Қуанып әке-шешем әкеп берді, Амал не, дін жолы деп шатылған соң. Мен бөгет бола алмадым дінді тыйып, Өлем деп өле алмадым жанды қиып. Қорлыққа құсаланып мен жүрмін, Денеме шыбын жаным әрең сиып. Ей, батыр, сенің жазаң маған мәлім, Жігітсің жігері көп, соры қалың. Күйгізіп күнәсізден сені өртеген, Төре Әжі, лама Шолтым екі залым. Еред деп ойлап қалма қатын болып, Жүруге келді деме жақын болып. Бұғаудан босатуды дұрыс көрдім, Адамдық мойнымдағы ақым болып. Арқалық бір күрсінді басын шайқап, «Адам ба, – деп ойлады, – әлде найсап». Күркеге түсіп еді ай сәулесі, Әнеугі сұлу екен тұрса байқап. – Ой, құрбым, ойлап келсең адам ақын, Адамға адал ниет көңілім жақын. Әуелі жөн ұғысып көрейікші, Айтсаңыз, кім болады сенің атың? – Ұғыңыз, әкем – Дондар, атым – Балжын. Келгем жоқ ойнайын деп іздеп қалжың. Кілт мынау, кісеніңді шығарайын, Ал жөнел, әр кез ашық болсын алдың. Алынды кісен козыр аяқ-қолдан, Балжын қыз босатыпты мықты тордан. Қыз мұңғыл, жігіт қазақ жолы басқа, Көмекке немене екен себеп болған? Қыз Балжын Арқалыққа қызықты ма, Қызықса, қылмас па еді қызық күнә. Көңілінде жас құмарлық көрінбейді, Кім білсін басқа бір күш жылытты ма? Іздесе басқа еркіндік батыр ғой деп, Батырға қыздың мұңы жақын ғой деп. Анығы әділ ниет адамшылық, Ойлады мұқтаж болып жатыр ғой деп. Жас қыздың жаны ашыды жылып іші, Бұл емес жеңіл нәпсі ұрынысы. Озбырлық әділдікпен бәсекелес, Дүниенің жаралғаннан құрылысы. Жіберді сол әділет қызды қозғап, Әрқашан әділ жеңбек, озбыр тозбақ. ұлт пен дін өмірдің бір ертегісі, Тартысқан табын тауып басып озбақ. Балжын қыз табын тапты жаны ашыды, Табылар таппен өмір жарасымы. Тапталып таптық күштің табанында, Белгілі озбырлықтық қалатыны. Қыздырған қыздың жанын таптық ұшқын, Ер азат көмегімен осы күштің. ұзартып ұқтырам деп соза бермей, Түсейін арнасына алдағы істің. Арқалық босаған соң асығып тез, Айтпады қыз Балжынға көлденең сөз. Қамқоры қайырымды болған қызға, Орын жоқ көрсетуге оғаш мінез. Балжынды құшақтады қолын ұстап, Сүйкеді сүймесе де аузын нұсқап. Қыз Балжан екі жүзді қанжар берді, Кезіксе керек қой деп қиын-қыспақ. Қоштасты, қол алысты, айрылысты, Қарасып мұңлы көздер қаймығысты. Арқалық аз тосырқап қалған екен, Жіберер ерді еңкейтіп қайғы күшті. Өшкіндеп лама үйінде жанған шамдар, ұйқыдан өңшең мас боп жатқан жандар. Арқалық ақ ордаға кіріп келді, Қолында Балжын берген болат қанжар. Лама торқа оранған, асты жұмсақ, Келеңдер ұйықтап жатыр жуан құрсақ. Бұрқанның алдындағы тамағын ап, Тас қосып табағына қойды күл сап. Ламаның бөркін алып басындағы, Сыйлады күлмен сылап шашын дағы. Сыпырып торғын тонын үстіндегі, Тонады бір келеңді қасындағы. Қылышын тағы да алды қойған сүйеп, Жүзі алмас көрінеді, сабы сүйек. Садағын қосып алды жалығымен, Серпері сірі тері, марал үйек. Азық ап көп айланбай сыртқа шықты, Күренің күлгін сары туын жықты. Керемет ойнап тұрған қоңыр төбел, Ат еді әмбе жүйрік, әмбе мықты. Ерттеулі ерен жүйрік жерді тарпып, ламаның алтынды ері бұдтан артық. Асынып садақ, қылыш, қолда найза, Арқалық мініп алып кетті тартып. Тауменен тура тартты елсіз иен, «Сақта, – деп сиынады, – Тәңір ием». Сүңгіді қарт Алтайдың қатпарына, Орманнан ашық жер аз сынық сүйем. Арқалық үш күн, үш түн жүрді тынбай, ұйқысыз, демалыссыз көзін жұмбай. Қажыды қатты шаршап қағылез жан, Көрмеген босағанды бұрын мұндай. Жалғыз жан жабырқады жүдеп бүгін, Сезгендей жалғыздықты жүрек бүгін. Көз салып қарсы алдына қарағанда, Қуанды тауын көріп Күректінің. Қоңырға қамшы басып тура салды, Кешікпей Қоңқа үйіне жетіп барды. Құшақтап қарт батырды кіріп келіп, Күңіренді көргендей-ақ Назар шалды. Қарт Қоңқа шын егіліп еңіреді, Аққан жас сақалынан төгіледі. Оның да үлкен мұңы от боп жанды, Жалғыздық көрмеген жан не біледі. Мұңы бір екеуінің, жайы ұғымды, Әдетпен аздан кейін айырылды. Қарт Қоңқа ханға қарсы бала жастан, Нашардың жәрдемшісі қайырымды. Арқалық жөнін айтты бастан-аяқ, Жасырып бір нүктесін тастамай-ақ. Тағы айтты қыз құтқарып жібергенін, Өз басын батырмын деп шақтамай-ақ. Жас батыр жасырмады сырын тығып, Тыңдады кәрі Қоңқа бәрін ұғып: – Сүйегін жолдасыңның таптық, – деді, – Құм басып қалған екен судан шығып. Қалмады аманатың іздеусізден, Іздедік із кептірмей өткен күзден. Өн бойын сол өзеннің неше тінтіп, Сүйекті биыл таптық сіңір тізген. Сақтаулы аманатың біздің қолда, Кезігер ерге бейнет ауыр жолда. Қойғызып бір қуысқа күтіп жүрміз, Сыртында бітеу тұлып, тері дорба. Арқалық атып тұрып: «Құлдық, деді, Айтармын өлгенімше жыр қып, деді. Шолтымның қанжары мен тәжін беріп, – Қарт аға, мынау сізге сыйлық», – деді. Сыйлықты Қоңқа батыр қабылдады, Разы боп отырғандар дабырлады. Арқалық анық білді азаттығын, Жалғыз-ақ Жұбай тірі табылмады. Әйтсе де ойда намыс, жолы ғаріп, Көрген жоқ кегін алып анық жарық. Арқалық аялдауға сабыр етпей, Сүйегін жолдасының көрді барып. Тұлыптан алып көрді асығыста, Тесікке көзі түсті кеуде тұста. Сияқты сылдырмақша тізген сүйек, Ілініп қалған екен тарамысқа. Дүрбіттен арттан қуған атқан қадап, Арқаның арасынан тиген садақ. Шығыпты төс сүйектің ортасынан, Оймақтай белгісі тұр тескен танап. Қоңқа айтып тынығудың күн есебін, Арқалық сонда жатты бірнеше күн. Рұқсат еткен кезде кәрі батыр, Табуға атқа мінді өз мекенін. Қарт батыр қатуланып былай деді: – Ер кегі – елден туған Жұбай кегі. Қартайса, қанат жүні қысқарады, Бір күнде қасқыр алған құмай, – деді. Мен келдім әбден қажып жүз жетіге, Өмірдің аударылдым бір бетіне. Мен тиіспен, ел тиіспесе, деп отырмын, Ағарған сақал шаштың құрметіне. Ей, балам, енді тұрмай еліңе жет, Жарлыға, шамаң келсе, болыстық ет. Енді мен ермін деуден кетіп қалдым, Сол ғана айтар ақыл, адал ниет. Сыйлығым саған берер құрым сары ат, Аларсың мені есіңе соған қарап. Жылқының жұмыр тұяқ әулиесі, Бабында бәйге алады тұрса жарап. Осымен сөз тоқтатты кәрі тарлан, Қарттығын, қажығанын қылыпты арман. Бір кезде тұяғынан өлім тапқан, Көп қойға жалғыз тиген қасқыр арлан. Ерттеді сол сарыны айыл тартып, Бөктерді дос сүйегін соған артып. Қоңқамен құшақтасып қош айтысып, Арқалық жүріп кетті оттай шалқып. Үш ашық, Сайқын бұлақ, Қу үй, Таршат, Көк белдер көлденеңде жатқан алшақ. Жонында бұғы қарғып, сайында аю, Ойында ойын салған түлкі, қарсақ. Сарбұлақ, Мәздің сайы, Көке бұлақ, Шабырты Қара ертіске құйған құлап. Бөктерлеп Шаңырақтың қызыл тауын, Тұсынан Қандығатай шықты бірақ. Отырған ел жайлауда бөктер елсіз, Көрінер көзге сүркей құлазып түз. Келеді елсіз иен даламенен, Батырға дұшпан жоқ деп ойламассыз. Қаратас баса жүріп Шеміршекті, Таралаң, Шұңқыр басып судан өтті. Бөктерлеп Қалғұтанды, Ақши түсіп, Қабаның алқымына келіп жетті. Асығып барып көрді өз қорасын, Сиқы жоқ болып қапты ел қонатын. Қораның жанындағы төбешіктен, Белгісіз көрді адамның тас моласын. Орнына қорасының байлап атты, Арқалық ойға кетіп, мұңға батты. Белгісіз бейітке қарап аңырайып, Күрсінді күйінгеннен өте қатты. Жеріне шөп шығыпты күл төгетін, Аңызы күл боп қапты тары егетін. Өңсіз жер, үнсіз мола жатыр жалғыз, Тілі жоқ тылсым дүние ол не десін. Түн еді түсі суық, қап-қараңғы, Бұлт көшіп көк бетінде тақталанды. Ашу кеп Арқалыққа қайғы қысып, Қат-қабат бір қиялмен қапаланды. Жабықты, жата алмады, атқа мінді, Жамылып ойға түсті қара түнді. Қопарып қара жерді қанжарымен, Жерледі жан жолдасын Жұбай сынды. Бу шықты арқасынан терлегенде, Түкірік түспей қалды шөлдегенде. Бар-жоғы ақыл-естің мәлім емес, Сүйегін Жұбай ердің жерлегенде. Ақылдан ашу қысып жаңылды ма, Кетті ме қайғы жеңіп сабырды да? Қойса егер қорасының жанындағы, Көрді ғой жаңа ғана қабырды да. Жұбайдың үш шақырды атап атын, Өзінше оқығаны жаназасын. – Қай қашан, халім келсе, қайта алармын, Қара жер, – деді, – саған аманатым. Бармақ боп ауылына жайлаудағы, Айланып қорасына келді тағы. «Әйтеуір біздің үйдің бірі ғой», – деп, Қабырды үш айланып сынды сағы. Жөнелді содан кейін тауға таман, Тұр екен қарсы алдында қандай заман. «Ата-анам, алған жарым, қос құлыным, Кім білсін, – деп ойлайды, – көрем бе аман?» Арқалық келіп жетті ел шетіне, Алтайдың ел жайлаған ен төсіне. Ауылы Мәуе байдың көрініп тұр, Қоныпты Қарасаздың бел төсіне. Салдыртып сол ауылға тура келді, Тағдырға тәуекел деп буған белді. Жиылып ауыл-аймақ қарсы алыпты, Ел кегін көргеннен соң қуған ерді. Мәуе бай үйден шығып ебелектеп, Көлгірсіп шам айланған көбелек боп. Ішінде дұшпандықтың ызғары тұр, Сыртымен қолдау жасап, жебемек боп. Арқалық айбаттанды түсі суып, Тыншытпай тықыршытты іштегі уыт. – Ей, жұртым, анық шынын айтыңдаршы, Бұл жерде менің үйім бар ма жуық?! Мәуе бай шошып кетті түсі өзгеріп, Шылбырды жүріп кетті қоя беріп. Үйіне сасқалақтап кіріп кетті, Батырдың сұрғылт тартқан түрін көріп. Батырға жауап берді кедей бір шал: – Анаң мен екі балаң, әйелің бар. Өкінбе өткен іске, ей, Арқалық, Әкеңе жазғытұрым келген ажал. Атының ер Арқалық басын бұрды, Анадай бір төбеге барып тұрды. Жанына жаяу барған жарлылардан Үйінің әбден сұрап, халін білді. Боранда жазтұрымғы қызыл шұнақ, Үсініп әкесі өлген тастан құлап. Әйелі төркініне кетіп қалды, Жүр дейді қарт анасы қайыр сұрап. Әйелі төркінінде, екі бала, Қалмапты қолында мал, баста пана. Қорасын өткен күзде Мәуе өртепті, Назарға ұрысың деп жауып жала. Өртеді Арқалықтың жүрегін от, Ер кегін бұл жерде жоқ әперер сот. «Арқалық, аз аялдап деміңді ал», – деп, Көп жарлы жалбарынды жиылған көп. Үйіне әлгі шалдың келіп түсіп, Әл жиып ауқаттанды, сусын ішіп. Қасына үш баласын ертіп алып, Жөнелді Мәуе қашып, зәресі ұшып. Арқалық өртенеді от боп жанып, Аралас ашу-ыза, қайғы қамық. Мәуенің шұбар атын ұстап мініп, Екі атты жүріп кетті қосарланып. Бұл жерде шығармады жанжал, бүлік, Жалғыз-ақ шұбар атты алды мініп. Болбадай, Сарқамырға тура тартты, Суынан өте шығып Шұбар шілік. Болбадай, Сарқамырмен жайлау екен, Бір тайпа ел Жәдік деген еткен мекен. «Сол елден құрт, ірімшік қайым жинап, – Жарлы шал айтып еді, – жүр деп шешең». Батырды бапсыз заман тентіретті, Әке өлді, өзге адамы тозып кетті. Арқалық сорлы анасын тауып алып, Содан соң басқармақшы келешекті. Осы оймен үнсіз батыр келе жатты, Кезікті қарсы алдынан бір салт атты. ұғынды сол адамнан мынадай жай, Мәуе бай кемпірді алып кетіп қапты. Жыдалы, ел мекені Мұздыбұлақ, Сол жерде ана жүрген қайыр сұрап. Кезігіп қарт анаға бір ауылда, Мәуе бай құшақтапты қатты жылап. – Мен қайның, қадірменді жеңгем едің, Әкем мен шешемді де көрген едің. Аман-сау Арқалығың елге жетті, Сүйінші сұрайын деп келген едім. Болайық балдан тәтті жеңге – қайын, Мінер ат, киер болсаң, киім дайын. Балаңның маған тағар айыбы бар, Өзің тап сүйіншіме соның жайын. Арқалық ауылда отыр кеше келіп, Қорықтым кетем бе деп нақақ өліп. Басыңа орда тігіп, қазан асып, Малымнан берер едім енші бөліп. Еріп жүр меніменен би алдына, Пайданы би айырсын зиянды да. Бұл сөзден шыға алмапты кемпір сорлы, Кім білсін аяды ма, ұялды ма. Бай ісі арам қулық, қоян бұлтақ, Тұрған жоқ түбі босап анық жұмсап. Анасын биге апарып бетін ұстап, Амалы Арқалықтың көңілін жылытпақ. Біледі жеңілерін ер егессе, Еңселі ер екпіні жел емес пе. Алдына баласының мінгізіп ап, Кетіпті кемпірді алып кеше кешке. Осындай жөнін ұғып болған жайдың, Түсінді алдағанын арам байдың. Ішімен би аулына тура тартты, Мойылты, Бұқасойған деген сайдың. Үштастың би отырған сазын жайлап, Көш құлаш көк орайға бие байлап. Бейсембі білгір, жүйрік би атанған, «Бежең» деп атап кеткен бүкіл аймақ. Қыран би қанды балақ жерге түспес, Жем көрмей желді қанат бекер өшпес. Сан рет сауға жеген жемсаулы би, Арқалық әлдеқашан болған істес. Батырдың Мәуе білер ашу сырын, Тайынбас бас алудан, келсе қырын. Анасын алып келіп арыз айтып, Сол үшін дәт деп отыр күні бұрын. – Биеке, өзің айтып ақылыңды, Жарастыр жатырқатпай жақынымды. Арқалық келе жатыр деген кезде, Мәуе бай үй айланып жасырынды. Батыр кеп ат байлады үй сыртына, Биге әдеп жасаған жоқ ел ғұрпына. Есіктен еңкейместен кірген шақта, Құшақтап анасы алды өз ырқына. Баласын күңіренді ана бас сап, Зарланды өткен өмір мұңнан бастап. Жырменен баласына ақыл айтты: «Кең бол, – деп, – кешірімді, кекті тастап». Ананың жыры – Атақты Алтай ұлы тау, Келдің бе, қарғам, есен-сау. Ағызды иіп ақ сүтін, Қатып та қалған омырау. Көргенім сені өңім бе, Азабым ауыр менің де. Өмірім менің бар екен, Түріңді көрер сенің де. Жүрдің бе, күнім, сау-есен, Тіріде жүрмін мен шешең. Қуанышым таудан зор, лайық болар не десем. Әкеңді салдық жолына, Ажалдың орап торына. Алған жарың, қос құлын Құданың барды қолына. Өлмеген адам құралар, Құлыным, бәрін құрап ал. «Өткен іске өкінбе», Дейтұғын мәтел мұра бар. Қайратқа басым жетігім, Теңелді сынған кетігім. Ағайыннан айырылма, Айыпқа жасап кешірім, – Деп зарлап ана сорлы аңырады, ұққанға сөзден ниет танылады. Айырды бәйбіше кеп жылап тұрып, Бежең де көзін сүртіп қамығады. Анасы айрылған соң кетті талып, Арқалық қолын берді биге барып: – Жүрмісің аман-есен? – дегеннен соң, Күй тартып Бежең кетті домбыра алып. Бар керей күйдің сырын білетұғын, «Айтты, – деп, – күймен билік» жүретұғын. «Сап батыр, сап-сап батыр, сабыр батыр», Осы еді күңіренген күйдегі ұғым. Сорлы ана бас көтерді есін жиып, Жайылды ақ дастархан қымыз құйып. Ақ орда алты қанат толған кісі, Отырды бір тізерлеп әрең сиып. Бастады баяғыдан Бежең кеңес, Қос мақал, мұқым жұмбақ, көрнеу көмес. Батырға сөз қосақтап көңіл айтты; – Жасыма, жапа тартқан бір сен емес. Арқалық ашып айтты бар арызын, Ерітіп ер жігері жүрек мұзын: – Әкетсең алдыңды орап бір тосармын, Арқалап ақиретке ер қарызын. Кекке кек алса бітер көңіл шерім, Ойлаңыз осы әлекте өлді екі ерім. Әкем мен Жұбай мерген жолдасыма Әжі мен Мәуе менің құныкерім. Кім үшін, ойласаңыз, қайда бардым, Қалайша уын жұттым қайғы-зардың?! Жазықсыз жанын баққан бір жан еді, Кім себеп өлуіне біздің шалдың? Отыр ма тойға келіп мына шешем, Қаңғып жүр төркінінде әйел десең. Өзің айт Құдайыңа қара дағы, Жоқ па еді Әжі менен Мәуеде есем. Көрмей ме қорқау төре қулық құрды, Хан болды, қан қақсатып қараны ұрды. Еркекпін, елден тудым, сертім осы, Саламын басқа ноқта, көтке бұрғы. Жол ма екен кісі өлтіру мансап қонса, Басынды осы төре неге сонша?! Бермесе қазақ есе қалмақ болам, Қол созып қойнын ашып жатыр Қоңқа. Әкемді Мәуе өлтірді қорамды өртеп, Кек күшті естен кетпес айта берсек. ығына осы ауылдың жасырынбай, Беттесіп келсін, болса ажарлы еркек. Батырдың аузынан бу бұрқырады, Түрінен би де қорқып қымсынады. Оң қолы қанжарына барып қалды, Шешесі: «Қой, балам», – деп ұмтылады. Бұл ыза күшті кектің қысымы еді, Қысымға шын қиналып түсіп еді. Батырдың бар ақылын ашу билеп, Жалғыз-ақ ана сөзін түсінеді. Тұңғиық ойға кетіп отыр Бежең: «Төреден қорқам ба деп тең терезем. Өзіме үлкен пәле айлана ма, Төрені қолдап кетсе ұлығы Ежен. Егер қып елді қозғап былықтырып, Қараны ханға қарсы ұрыстырып. Айбар қып Арқалықты алдыма ұстап, Алайын осы Әжіні бір ықтырып. Қозғасам жіңішкелеп жәнтекейді, Қарақас оған өріп дүрілдейді. Жасырын жаушы салып су бүріксем, Әжіге бұл амалым білінбейді. Осымен көтерейін өз бағымды, Төреге берген болып бір жағымды. Мені де кісі екен деп байқап жүрсін, Байқатпай батырайын тырнағымды». Бақталас кетті Бежең күндестікке, Дейтұғын төре қара ара жікке. Осы оймен айлалы би былай деді, Арқалық ашу басқан әредікте. – Ей, батыр, айтқаныңның бәрі дұрыс, Төреге істеп бердің үлкен жұмыс. Жұбайды жоқтаңдар деп мен не дейін, Жәнтекей жіліктенбей жатса тыныш. Кек үшін кісі шықпай таласатын, Бүркеніп жым-жырт жатыр қарақасың. Ежелден ел ұраны себеп еді, Емдеуге ер жігіттің жарақатын. Арқалық, амалым жоқ, мен не дейін, Әйтсе де төреге бір сөйлесейін. Әлді жи, ашуды бас, ат тынықтыр, Берейін саған жауап аз күн кейін. Бейсембі бұлан құйрық салып күйге, Күткізді Арқалықты ауаша үйге. Оспанның отауында жатқан Мәуе, Түнеріп түн ішінде келді биге. – Биеке, Арқалықтан тұрмын шошып, Жатамын қайтып шыдап басты қосып. Не дейсіз осы жерден кетіп қалып, Өзіңді төре ауылынан алсам тосып. Би айтты: «Табылған сөз, кеткенің жөн, Қорқамын Арқалықтан сен тұр ғой мен. Жәнтекей қарақаспен қозғалыпты, Төреге осы сөзді айтарсың сен». Көп пәле ел қозғалса Құдай ұрды, Үрей сап айлалы би қақпан құрды. Қасына қару беріп, кісі қосып, Мәуені түн ішінде аттандырды. Бел байлап Бейсембі би үлкен дуға, Жасырын жаушы салды екі руға. «Айбарың ер Арқалық, ақылшың мен, Ширатты: – шығыңдар, – деп, – шеп құруға». Екі елді жасырын сөз аралады, Өр екпін бар керейге таралады. «Құн алып Арқалықты қолдаймыз», – деп, Соғылды елдің қызған барабаны. Жұбайдың ботақара өз руы, Сол елді өрекпітті ердің буы. Шарықты деген жерге жиналыпты, Желбіреп Жәнібектің сары туы. Ел іші абыр-сабыр қаны қайнап, Шоқпарын жұмырлады, атын сайлап, «Арқалық ардагерім, асылым!» деп, Аттанды аз қарақас қаптағайлап. Әжіге түнде қашқан Мәуе жетті, Көргенін, естігенін мәлім етті. – Бейсембі бізге пана бола алмады, Бас қорғап өзіңізге келдім, – депті. Қобалжып отыра алмай төре састы, Қоярға жер таппады жалғыз басты. «Қоңқадан қалың шеру шығыпты» деп, Тағы да өсек шықты алыпқашты. Мұны айтып Бейсембі би шыжымдаған, Бұл сөзді ел қалмады ұғынбаған. Ішінен сыр білгізбей күліп отыр, «Хан төрем, нең қалды, – деп, – жығылмаған». Баса алмас жалғыз Әжі бүтін елді, Шама жоқ жауласуға буып белді. «Жау шықты, жалғыз қалдым, тез жетсін», – деп, Қос атпен Бейсембіге кісі келді. Жұмыстың төреде тұр ауыр жағы, Даудың да түпкі тамыр дауыл жағы. «Аз тос», – деп Арқалықты шешесімен, Жіберген қайнына Сауырдағы. Ел құмар шаруасыз оқшау сөзге, Өскен сөз таралмай ма тіпті лезге. Ауылына Әжі төре тоқтамапты, Арқалық келіп қапты деген кезде. Бейсембі безілдетіп домбырасын, Өз сөзін күймен ойға қондыратын. Деп шертті Әжі адымы келген кезде: «Емес қой оңдыратын, оңдыратын». Түн қатып төре ауылына келді Бежең, Жер еді екі күндік Сауыр кезең. Атанған Алтай, Сауыр – екі ұлы тау, Ағады ортасынан Ертіс өзен. Қара күш шыдай алмай көптің дүмге, Төмендеп төре сорлы кеткен мүлде. Екі елге Бейсембіден елші кетті, Тоқтамы болады деп біраз күнде. Ашулы ыза қысқан ер Арқалық, Найза ұстап қоңыр атқа мініп алып. Тал түсте тайсалмастан жетіп келді, Әжінің ауылына ұран салып. – Кеселсің кедейге жау, көпке қырсық, Өлейін өмір сүрмей сені құртып. Айғай сап ақ орданы соғып өтті: – Бері шық, беттесейік, Әжі жыртық. Ордаға қайта айланып найза сұқты, Төсектің астына еніп төре бұқты. Қалшылдап ханым да зар жылап тұр, Есіктен сап батырлап Бежең шықты. Би ұстап Арқалықтың шылбырынан: – Сап, батыр, сабырлық ет, құлдық ұрам. Есеңді ел әдеті жолмен айтам, Сөзіме куә болсын Құдай, Құран. Арқалық Бейсембіні сыйлаушы еді, Түбі бір туысым деп қимаушы еді. – Тосайын сені дағы сонау белден, Әзірше ашуымды қойдым, – деді. Алынған алғыр қыран томағасы, Ер туса ел еркесі, жол ағасы. Түсіріп Сейілханның отауына, Тай сойды Арқалыққа қонағасы. Саршоқы Сауыр жоны сары белге, Бейсембі үй тіккізді жасыл көлге. Келсін деп кісілері хабар жетті, Әжімен арадағы даулы екі елге. Ту ұстап, топыр болып ел жиналды, Қысылып Әжі төре шын қиналды. Бар жұмыс Бейсембінің қарауында, Мойнына жүктеді жұрт ар-иманды. Құншыға төре жағы жатыр сый ғып, Би отыр епке салып бұлаң құйрық. Тамырлас түбі бірге кісі емес пе, Төреге айта алмайды төте бұйрық. Биекең сөз бастады түптен шертіп, Қызарып етке бөгіп, қымызға елтіп. «Етпесе ерді разы ел күйзелер», Бір шолып Қоңқаны да қойды ескертіп. – Ел – теңіз, онда жүзген адам балық, Жат болмай жаулық аз деп жақындалық. Ел болып ердің көңілін жайландыра, Береді сырт дұшпаннан ақыңды алып. Елге ұят шығып кетсе ер өкпелеп, Жақын ел жат болады бөлек-бөлек. Хан тағын қашан болса қорғайтұғын, Шынында төреге де көмек керек. Қарақас даулы екенсің ботақара, Жиналдың жігерленіп осы араға. Ер кегі ежелден-ақ малмен бітер, Бермеймін кісі байлап босағаңа. Аз сөзді лайық емес молайтуға, Күшім жоқ кішкенені зорайтуға. Ерге үлгі, елге бірлік тілер едім, Рұқсат етсе төрем жол айтуға. Тұқырып Әжі төре отыр бұғып, Езген соң ел салмағы ерден ығып. – Разымын не десең де? – деді төре, Дауысы болар-болмас әрең шығып. Еңкейіп көрді төре ерден қыспақ, Кетуге шама келмей үзіп тыстап. Арқалық айбар шегіп төніп отыр, Оң қолы қанжарының сабын ұстап. Белгілі екі жаққа айтатын дау, Созбады Бейсембі би салып сұрау. Тобықтай тоқсан сөздің түйіні бар, Айтылған би аузынан билік мынау. Төреден алпыс жылқы дүрбіт алған, Жіберіп Арқалықты қуғын салған. Болады ер жігіттің құныкері, Арқалық атын алсын мініп барған. Ант бұзып Әжі төре ұстап берген, Азат ер азап тартып қинау көрген. Күңіреніп көр аузына таяп барып, Арқалық ажалсыздан қайтып келген. – Ақтасын үш тоғызбен төре сертін, Дос болып басындағы берсін бөркін. Төренің бұдан былай төрін билеп, Арқалық қақпай көрмей жүрсін еркін. Ер туса, көп тілегі елдің досы, Табылар татулықпен көңіл қошы. Үш тоғыз, күрең ат пен құндыз бөрік, Төренің Арқалыққа берері осы. Екінші әкесі өліп, қора өртенді, Тірісі азап тартты артық-кемді. Адасқан ағайынның жорасынан, Айыбын Мәуе байдың айтам енді. Ағайын көмектеспей басты малды, Үсітіп өлтіріпті Назар шалды. Әртүрлі ажалдың да себебі бар, Дегенмен өлгендерді Құдай алды. Қорасын берсін Мәуе қайта салып, Туыс деп Арқалықты жүрсін танып. Өлімнің себебі үшін елу байтал, Тоқталсын әкесінің құнын алып. Арқалық ұстап мінген жүйрік шұбар, Ат екен ауы толар батырға ұнар. Ашудың алдын басқан сол жануар, Мәуенің бас шығыны болар шығар. Би тоқтап біразырақ тыныстады, Қымызын жұтып алды ыдыстағы. Басқа топ басын изеп тынып отыр, Әжі мен Мәуе ғана қырыстанды. Би сөзін жалғастырды бір қозғалып, Жайланып насыбайын атып алып. Ишанға мүрит болған сопыларша, Үн қатып қыбыр етпей отыр халық. – Сол жолда суға кетіп өлді Жұбай, Ел дәмін бұйыртпады оған Құдай. Қорғаған ханның кегін қарашы боп, Әрқашан ер аттанар ығай-сығай. Жаратқан әр адамға өмір жазар, Өлшеулі сағатында келеді ажал. Жіберер біреуді ерте, біреуді кеш, Өзінің қызығынан дүние базар. Ажалдан алмайды ешкім арашалап, Әйтсе де барған жоқ қой тамашалап. Жұбайдың өлімінде аз ілгіш бар, Демеймін нақ құныкер қанды балақ. Ажалдан тастамаймын тіпті тегін, Керек қой анық болжау істің шегін. Батырлық мергендігі өз жазасы, Ер болып қуатұғын елдің кегін. Ол барды ер болған соң ел кегіне, Сан батыр ел кегі үшін өлмеді ме. Сол кектің сапарында Жұбай өлді, Ажалсыз мына Арқалық келмеді ме? Көп сөздің, көлденең дау керегі не? Салайық ақ ниеттің елегіне. Айтамын әділдік деп мынадай жол, Жұмсаған төреміздің себебі не? Қозғалып Бейсембі би бір жөтеліп: – Су құйып дау түбіне індетелік. Жүз тұсақ, бір қысырақ еншісімен, Жұбайға берсін төре үй көтеріп. Ойлама бұдан басқа құн алам деп, Құн малы көпке телім сыбағам деп. Құн төлеп, айып тартқан адам демей, Төреге бағынасың мұнарам деп. Арқалық дауыстады ажарланып: – Беріп еді Әжі байлап ажалға анық. Мал айдап керуенше қайтатұғын, Сауда істеп келген жоқ ем базар барып. Тоқтаймын Беже сізді сыйлағаннан, Түбі бір туысым деп қимағаннан. Арманым қалмас еді оқ атысып, Кеудемнен шығып кетсе симаған жан. Іс тынды осы билік тоқтап бекіп, Арқалық разы болды кешірім етіп. Байқасақ ел жаңарып, заң өзгерді, Бірталай содан бері заман өтіп. Халықтан бұл әңгіме тілейді сын, Жібердім жинай алмай ұзартып тым. Қоңқа ма, Арқалық па, Балжын қыз ба? Болады бұл аңыздың батыры кім? Бейсембі билік айтты шаршы топқа, Бар сөзі орындалып асты сотқа. Көңілі қай жағына бұрып отыр, Билікте әділеттік бар ма, жоқ па? Бас иді масқара боп Әжі неге, Қадаған оны орнына қандай шеге? Қалың топ қарсылықсыз қалай көнді, Айтылған би аузынан ережеге? Ойлан деп оқушыма қойдым сұрақ, Көз көріп, көптің сынын естір құлақ. Асылын талдап теріп алу керек, Көп сөздің көңілге өлшеп, басын құрап. Елде көп ескі әңгіме, ертегі, аңыз, Адам аз беретұғын айтып нағыз. Өзінің желісімен жетіп айтса, Оқушы ойын бөліп, табар маңыз. Арқалық болған адам ертеректе, Өтіпті жүз елу жыл мөлшер етсе. Керейдің кәрілері айтып еді, Бейіті тұр Қаба бойы Белтеректе. Арқалық өмір сүрген азды-көпті, Белгілі сағатында ажал жетті. «Жұбайдың қабырына жақын қой», – деп, Айтыпты өтерінде өсиетті. Әлі тұр қос тас мола қыр үстінде, Айланған төмпешікке жер боп мүлде. Батырдың Арқалықтай бейіті деп, Байыптап байқамайды мұны ешкім де. Бір көрген жол азабын екі досыт, Бір жатыр өлгенде де басын қосып. Қадірлеп құрмет еткен адам да жоқ, Батыр деп именбейді ешкім шошып. Барады сөз көбейіп жазған сайын, Көп сөзді көркемдеуге аз ғой жайым. Ел түзеп ендігісін, жолға салар, Сөзімді соза бермей тоқтатайын.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.