Kazakh
Арқалық батыр (Ертай Құлсариев нұсқасы)
Тыңлаңыз құлақ қойып жақсы кептен,
Талай жан бізден бұрын келіп кеткен. Уақытында бақыты ашылып хан болыпты, Әжі хан шыққан екен Орманбеттен.
Бақыты, бақ-дәулеті сондай жүріп, Ешқандай хан болмаған одан өткен. Әрқашан ерегескен адам болса, Тұқымы дұшманының құрып кеткен.
Орманбет Әжі ханның ата заты, Тарихта осылайша жазған хаты.
Қараған көмегіне қанша халық, Жайылған әр тарапқа шаһараты. Білімге еш пендеден кемдігі жоқ, Сипаттап айтып болмас салтанаты.
Орманбет ел болыпты он екі ата, Болмаған Әжі ханда ешбір қата. Шеніне ешбір дұшман келе алмаған, Өмірде бір көрмеген жәбір-жапа.
Көгеме сондай жүрген оң мен солға, Халықты салып өткен жақсы жолға.
Білінбей естімесе ұрлық-қарлық, Көрініп еш дұшманы келмес мұнда.
Сәулеті, сән-салтанат сондай артық, Отырар уәзір, бектер оң мен солда.
Бисін, Көгін дейтұғын екі биі,
Шын себеп деп ойлайды ғазиз жанға.
Билерін отырады мыңға балап, Не десе ойындағы біткен талап.
Бисін барда не қам бар деп ойлайды,
Көгінді ақылдас қып жүрген жанап.
Іс болса қиын-қыстау, жәбір-жапа, Қайтеміз деп айтады соған қарап. Өмірде сөзін жықпас билерінің, Дүниесін етсе дағы солар харап.
Сондайлық Әжі ханның шаһараты, Жетіп тұр әр тарапқа мұның даты.
Ақжал, Көкжал дейтұғын екі тұлпар, Бар екен бір ғажайып екі аты.
Ерге лайық ат туат дегендейін,
Бар сөз ғой қарияның насихаты.
Тұлпары Ақжал, Көкжал егіз туған, Жаралған деуге болар бейне бұдан. Жүзден жүйрік шығады, мыңнан тұлпар, Осындай екі тұлпар шыққан нудан.
Қанатты құс құтылар ебін тауып, Мақұлық кете алмайды ешбір мұнан. Әжі хан зеріккенде саят етіп, Тұлпармен кезек-кезек киік қуған.
Қан жирен шындығында сипаттары,
Бір ғажап көрейік деп жұрттың бәрі. Жібектай талдап қойған көрінген соң, Ақжал, Көкжал солайша болған намы.
Қаламдай қия жонған құлағы бар, Сипатын айтып болмас ешбір атны.
Тік қабақ, жазық маңлай бір ғажайып, Гауһардан екі көзі жаққан шамы.
Садақтай иіліңкі аның басы, Кең танау, ат ерінді сөздің мәші, Ауызы айдаһардың порымында,
Тістерін деуге болар жайдың тасы.
Дабылдай төрт аяғы дөп-дөңгелек, Ой желке, ойынды еті бөлек-бөлек. Алты күн жауға шапсаң аянбастан, Жем шөптен сұрамайды ешбір көмек.
Тойса да бауырынан туған жарап, Мінген заман бітеді ойда талап.
Ашынып жауға шапса екі тұлпар, Ішінен зырлағанда жетпес садақ.
Бір таудың күнгейіндей омырауы,
Аққудай мойны иіліп келген сағақ. Паһ десе Әжі ханның деуге болар, Бітіпті ер ісіне екі арғымақ.
Сауыры сала құлаш, күміс құйрық, Жар кезең қиын шыңнан кетер ырғып. Сандықтай шақпақ еті беп-белгілі, Таусылмас айта берсем барып сырғып.
Көреді жаннан ғазиз арғымағын,
«Басыма, – деп ойлайды, – қонған бағым. Ақжал, Көкжал қолымда аман тұрса,
Ешкімнен сынбас еді тіптен сағым».
Тұлпардың әр тарапқа даңқы кетті, Торғауыт Мәлік ханға барып жетті. Әжі ханның тұлпарын естіген соң, Осыны алдырсам деп ниет етті.
Бұрыннан қатар жатқан қанаттас ел, Әрқашан барымталы, болған кекті. Дүрбіт деген бір елден шыққан екен, Діңгел деген бір ерге әмір етті.
Адамға білінбестен тіпті келіп, Көкжалды Діңгел батыр алып кетті.
Көкжалды Діңгел келіп ұрлап алды, Ақжал тұлпар қорада жалғыз қалды. Тұлпардың біреуінен айрылған соң, Әжі хан қайғыланып жатып қалды.
Үш күндей таққа мінбей қалғаннан соң, Жұрт жиылып алдына бәрі барды.
Қараш деген бар екен бір жыршысы, Ханына арыз айтып сөз шығарды.
– Бір сізге арызым бар, ай-а, ханым, Бүйтіп жатып кетірме елдің сәнін.
Көкжал тұлпар бітпесе, қайтер едің, Бір атқа санаймыз ба жанның бәрін?
Ат өлер, құс қашады деген сөз бар, Көріңіз мына келген елдің халін. Хандық қып, халық жиып ақылдасып, Орманбет жиып алған батырларын.
«Ерегіссе, ер өлер» деген кәні, Кегіңді алсаң, шығады іште жалын. Сіз-дағы батырларды аттандырғын, Торғауыт айдап келсін бұлар малын.
Болған соң барымталы сөз болады, Көрерміз андан кейін сөйлер жағын. Іші боқ, сырты түкті хайуанға, Осынша қайғырғаның сынып сағың.
Ол Қараш уәзір еді мұнда келген, Ханының жаман-жақсы халын білген.
Қастық, достық ойласа бір адамға, Қолынан ондай істің бәрі келген.
Бұл Қараш белгілі қу осындайға, Бір күн қастық істесе, бір күн пайда.
Сөзінің жартысы адал, жартысы арам, Зияны тиіп жүрген талайларға.
Ханына жетіп келді қадам басып, Отырды жақсы сөзбен көңлін ашып.
– Иә, тақсыр, не нәрседен қапалысың, Бір іске отырсыз ба қатты жасып?
Кім тиді, кім сөйледі, айтшы маған, Жолыңда мен өлейін қаным шашып. Ойыңнан кетірмесем қапалықты, Тірі боп мен жүрмейін жерді басып.
Жолыңа пида болсын ғазиз жаным, Сізсіз ғой тірлікте менің сәнім.
Иә, тақсыр, соған кейіп отырсыз ба, Кетіп ет жау қолына бір тұлпарың. Кейімей басыңызды көтеріңіз, Айтайын ол жұмыстың сізге жайын.
Әжі хан тыңлап тұрды мына кепті, Сөйлерге бас көтеріп ниет етті:
– Бір атқа қапаланып жатқаным жоқ, Әрқашан торғауыттың қорлығы өтті.
Ана бір жыл келгенде әскер жиып, Бір күнде үш мың жылқы алып кетті. Екіншіде өлтірді екі батыр,
Ақыры Көкжалды алып тағы кетті.
Бүйте берсе, бір күні ел шабады, Түбін ойлап тартамын қасіретті. Қайран елім кете ме жиыр, жыбыр, Басыма салды Құдай бір міндетті.
Осыған қандай түрлі ақыл бар? – деп, Әжі хан айтқан сөзін тамам етті.
Қараш айтты: «Мен таптым бұған ақыл, Болмалық торғауыттан енді ғапыл.
Керейдікі аз ру елден шыққан, Арқалық жан шыдамас асқан батыр.
Аз да болса бір басын жауға бермес, Миятқа, ай-а, ханым, соны шақыр. Сыртынан, көрмесем де, естіп жүрмін, Дұшпанға салат дейді заманақыр».
Әжі хан мына сөзді мақұл көрді, Қараш би не сөз айтса, соған ерді. Құрметті жаннан ғазиз сөзін айтып, Өтініп Арқалыққа бір хат берді.
Әжі хан тарту беріп шақырған соң, Арқалық қабыл көріп бұ да келді.
Арқалықтың Әжі ханға айтқаны:
– Әй, тақсыр, шақырған соң мұнда келдім, Аз керей аяулақта жатқан елмін.
Болыпсыз торғауытпен барымталас, Ісіңнің бастан-аяқ жөнін көрдім.
Ел үшін ер жігіттің басы құрбан,
Сұраймын үш тілегім соны бергін. Бұл тілекті беріңіз қабыл көріп, Андан соң ерлігімді кейін көргін.
Ат басы мен ер басы қайда қалмас, Құдай салса басыма, соны көрдім. Дүние еш адамға жолдас болмас, Сүйегі қурап жатыр талай ердің. Сақтайтын мен сандыққа бұйым емес, Бір күні ажал келсе, ақыр өлдім.
Арқалық асыл заты керей еді, Барлығы ауылымен кедей еді. Уақтында қатарынан туған алып, Дұшманы бір өзіне діні еді.
Ешкімге бағынбаған ғазиз басы, Батырдың өзі теңелсе, асыл тасы. Мынау бай, мынау кедей деген емес, Түседі барлық жұртқа ықыласы.
Дейтұғын Қаракөздей әйелі бар, Қосылған жастайынан жар жолдасы. Бір басын аз да болса жауға бермес, Ешкімге қор болмаған ғазиз басы.
Алдына Әжі ханның келіп түсті, Қақпақтай жауырынды, өзі күшті. Сипатын Арқалықтың көргеннен соң, Ол ханның сонда тұрып зәресі ұшты.
Сары жай садағы бар мойынында, Белінде алтын балдақ қос қылышты. Ақ найза ақ білекте іліп алған, Атқарған соныменен ерер істі.
Қара қас, жазық маңлай, көзі шамдай, Зорлығы денесінің алтын таудай.
Егескен Арқалықпен дұшман болса, Өмірде кек аламай өткен зарлай.
Бұрын да талай жауға барып еді, Қырғынды қалмақтарға салып еді. Балаға еңбектеген, еңкейген шал, Арқалық аты мұның қанық еді.
Түсінде бабалары белдік беріп, Батырлық осылайша дарып еді. Дейтұғын қарақасқа тұлпары бар, Батырдың бір жанына жарық еді.
Тұлпары мақпалдайын қара қасқа, Құмдай боп үгіледі тасты басса.
Бір жерден жау дыбысы шығар болса, Оятар Арқалықты, ұйықтап жатса.
Талдаған жібектей боп жал мен кекіл, Тұлпардан уағындағы жоны басқа.
Күмістей сымға тартқан сипаты бар, Мақтауға ылайық қой қалай айтса.
Алдына Әжі ханның келді еніп,
Әжі хан өз қасынан орын беріп. Көргенін торғауыттан бастан-аяқ, Батырға бірін қоймай айтты теріп.
Ол сырды ойдан кетпей қорлық болды, Отырмын бір ойындай қайғы көріп.
Мәліктен әперет деп кеткенімді, Отырмын бір өзіңді қуат көріп.
Әжі ханның Арқалыққа берген жауабы:
Айтқаны Арқалыққа Әжі ханның:
– Сөзіңе, ай-а, батыр, енді нандым. Үшеу тұрмақ тілекті алтау ғып ал,
Бір ізден аярым жоқ дүние жанның.
Арқалық сөзі:
– Менімен тілегім сол Ақжалды бер, Үрімжі осы арадан бірталай жер.
Қияқ пенен Тұяқты жолдасқа алам, Жолдасын жауға бермес бұл екі ер.
Жұбай деген баланы тағы бергін, Андан соң дұшпаныңды өзіңдей көр. Жасы толмай шіркінің жау көреді-ау, Дүниеге келе бермес Жұбайдай ер.
Әжі хан айтқан сөзді қабыл етті, Тілекті бастан-аяқ қазір етті.
Ақжал тұлпар, Жұбай мен Қияқ, Тұяқ, Барлығын айтқан жерде дайын етті.
Сол жерде үш баланы қатар қойып, Арқалық осылайша жауап етті:
– Өлген жерде өлелік не болса да, Сөз айтып балаларға қасам етті.
Үш бала Орманбеттің баласы еді, Жеткіншек ақылының данасы еді. Қияқ, Тұяқ, басынан аты – Жұбай, Батырлық, қайраттары тамаша еді.
Бұлардың он тоғызға келген жасы, Түседі көрген жанның ықыласы.
Бұралып тартқан сымдай талдай бойы, ылайық батырлыққа әр нұсқасы.
Жасынан батырлықты талап еткен, Ел-жұрты мұны билеп құрмет еткен. Үш бала Орманбеттен шықты деген, Бұлардың әр тарапқа даңқы кеткен.
Өнерін балалардың сынайын деп, Арқалық осылайша пайым еткен. Балалар бұрын жауға барған емес, Арқалық сырттан сұрап тақсын еткен.
Жайнаған жай тасындай бұл үш бала, Қару, қайрат ақылға болған дана.
Қалың қабақ, қанды бет, орта бойлы, Бәрінен Жұбай батыр жеке-дара.
Мінез, білім, сабырлық бір өзінде, Жұбайды деп айтады Ақыл аға.
Сипаты балалардың айдай жарық, Ешқандай көрген емес жауға барып.
Әжі хан шақырады дегеннен соң, Сауыт, найза, садағын даярланып.
Асфаһан шаһарынан алдырыпты,
Ақ болат, алтын қылыш белге шалып. Тұлпары Қияқ, Тұяқ жирен төбел, Бұрыннан ылайықтап жүрген бағып.
Аттары балаларға құп ылайық, Жүрді тұлпар дар пара бір желқайық. Атқан оқ, жанған өрттен именбейді, Беретін бетін бұрмас жүзі тайып.
Қаншалық қалың қолға араласса, Бәндаға ұстатпайды ол бір ғайып. Толықсып сынаптайын тоқтамайды, Тәніне тиген емес найза сайып.
Балалар тұлпарына мініп алып, Қоштасып әкесінен бата алып. ұлық іс уәжіп деп мойынсұнып, Алдына Әжі ханның тұрды барып.
– Арқалық жолдастыққа сұрап отыр, Балалар, ренжімей келгін барып.
Ер жігіт, есен болса, не көрмейді, Беріңдер торғауыттан кегімді алып.
Сол жерде балалармен ақылдасты, Жау түрін, бәрін айтып сұры қашты.
– Сапарға Үрімжіге жүрмек болдық, Бір бірлік төртеуіміз ғазиз басты.
Тірлікте тастамай жауға жолдас, Жыласып ағызалық көзден жасты. Алашқа аттаналық, азаматтар,
Не көрерміз, көрмеспіз бауырласты.
Үндемей Қияқ, Тұяқ тұрып қалды, Айталық енді қалай Жұбай жасты.
– Тірлікте айтқаныңнан шықпайын, – деп, Жұбай ер Арқалықпен құшақтасты.
Ақжалды Арқалықтың өзі мініп, Қоштасып еліменен қадам басты.
Мінгені Қияқ, Тұяқ жирен төбел, Батырлық өнеріне болар шебер. Атқанда садақпенен сарт дегізіп, Түнде ұшқан масаға да оғы тиер.
Болғанда қолда найза, жанда садақ, Ішінен сауытының жиек киер.
Жауменен салынғанда қарсыласып, Тәніне сол уақта жұмсақ тиер.
Тұлпары Жұбай ердің қара қасқа, Денесі жануардың басқа-басқа.
От жаққандай көрінер қараңғыда, Жалтыратып көздерін жұмып, ашса.
Қамшыменен ұрады қақ басына, Далада бұғы, марал, аңдар қашса. Келеді ойнап, күліп тамашамен, Үрімжі қаласына төрт байбатша.
Үрімжі қаласына келіп жетті, Арада алты күннің жөні бітті.
Жол жүріп ашты тері шыққаннан соң, Тұлпарға неше қилы өнер бітті.
Сол уақта Үрімжіге тұрды барып, Қарады әр тарапқа көзін салып. Айлана күзетшілер қамап алған, Болмайды еш пенденің ақылы танып.
Далаға түнетпеді жалғыз тайын, Барлығын дуалына қамап алып.
Бұл істі бастан-аяқ көргеннен соң, Арқалық сөз сөйлейді сонда барып.
– Жан іздеп мен барайын жаяу жүріп, Үш бала, мұнда тұрғын атты бағып.
– Мен сізден айрылмасқа уағдам бар, Не болса да көремін бірге барып.
Ер Жұбай осылайша арыз етті, Арқалық мына сөзді қабыл етті. Қияқ, Тұяқ ат бағып мұнда қалды, Арқалық Жұбайменен жүріп кетті.
Қаруын іштерінен байлап алды, Болды да бір жай адам қонды барды. Болғанда жарым түннің шамасында, Қақпада қарауылдар ұйықтап қалды.
Өлтіріп қарауылды екі батыр, Сол заман атханаға жетіп барды.
Бұларды көрген заман Көкжал тұлпар, Жануар танығандай оқыранды.
Сол жерде Көкжал атты ұрлап алып, Білінбей түн ішінде кетіп қалды.
Болғанда таңға маһал аман-есен, Қияқ, Тұяқ қасына бұлар барды.
Арқалық сөз сөйлейді ақыл айтып,
– Кетелік, – дейді, – енді елге қайтып. Бұл сөзді Жұбай бала мақұл демес, Сөйлейді сонда тұрып қапа тартып:
– Осыдан, әлім келсе, кегімді алам, Қашқанмен ақыр барар әскер тартып.
Торғауыт әуелінде жылқымды алды, Екінші екі батыр өліп қалды.
Бүгін қорқып қашқанмен торғауыттан, Қайда апарып сақтаймын бұл қу жанды.
Бұ да мақұл іс екен тәуекел деп, Арқалық, Қияқ, Тұяқ қабылданды. Ерен-паран уақтында жібергенді, Алдынан қарсы шығып жылқыны алды.
Төртеуі дабыл ұрып, қиқу салып,
Сол уақта үш мың жылқы жолға салды. Жылқыға жау тиед деп қазір келіп, Үрімжі барлық елі хабарланды.
Төрт батыр бұл жылқыны кетті айдап, Мәлік хан батырларын жатыр сайлап. Түс уақта қараса арт жағына, Торғауыт келе жатыр бұлттай қайнап.
Бір жалғыз көрінеді көз ұшында, Аспанда ұшып жүрген құстай ойнап. Артынан бір топ адам тағы шықты, Жарқырап қарулары шоқтай жайнап.
Арқалық балаларға сөз сөйледі, Батыр ғой ескілікті түбін ойлап:
– Балалар, мына жаудың сұры жаман, Болыңдар жолыққанша есен-аман.
Жылқыны айдап үшеуің жүре бергін, Бұл жерде тәуекел деп жалғыз қалам. Жеткізсе мұрадыма мен ғаріпті, Дұшманнан осы жерде кегімді алам.
Сәлем де Қаракөздей қарағыма,
Бұл жерде болып кетсе дүнием тамам. Құтылсам жау қолынан аман-есен, Артыңнан шаттықпенен мен де барам.
Бұл жаудан қор болмаспын деп ойлаймын, Түсімде кездік берген ата-бабам.
– Бұл сөзді қалай айттың, ғазиз аға? – Сөйлейді сонда тұрып Жұбай бала, –
Не көрсем бір көремін демеп пе едім, Ол ісімде ұрынбаймын уағдаға.
Болады жолдастыққа несі сандық, Өзіңді тастап кетсем айдалаға.
Өліп кетсең, ішіңде арман болар, Опасыз қор болдым деп үш балаға. Жауға жалғыз тастады деп айтасыз, Деген сөз «балалықтың ісі шала».
– Бұл істі ойламаймын, батыр Жұбай, Етпеңіз көңіліңді, сірә, бұлай.
Өмірде жау көрмеген жас баласың, Дұшманға қор қылмасын сені Құдай.
Ағаңа бұл туралы қамықпағын, Көріп ем мұндай тойды талай-талай. Сен де барып бұл жауға аралассаң, Көңілім алаң болар саған қарай.
Бұл жерде көріп тұрсың жаудың халын, Барады жер жаһанды алып сарын.
Жан жолдасым Жұбай ер не болды деп, Болады сізді ойлап көңлім жарым.
Көңілім сізді ойлап жарым болса, Қолға түсіп кетті менің мәнім.
Бұл жолда қаза тауып өліп кетсем, Аларсың торғауыттан менің қаным.
Жұбай ер Арқалықтың тілін алып, Жылқыны бұлар кетті ортаға алып. Ішіне бір ағаштың тұрып қалды, Арқалық бір ақылды ойына алып. Астында жирен қасқа тұлпары бар, Бір батыр жалғыз өзі келер салып.
Үстінде толып жатыр сайман-сауыт, Дүниеде еш нәрседен жоқ қой қауіп.
Көзі үңгірдей, мұрты бір өскен шөптей, Екі құлақ кетіпті бетін жауып.
Иығы асқар таудың кезеңіндей, Анасы өсер деген мұны тауып. Садағын мойнындағы салақтатып, Көрместен Арқалықты кетті шауып.
Бұл батыр осылайша өтіп кетті, Арқалық көріп тұрды бармақ кепті. Мінгені ылғи тұлпар ақ көбік қып, Артынан отыз батыр келіп жетті.
Ағашта Арқалықты ескерместен, Артынан жолдасың бұл да кетті. Астында Ақжал атқа қамшы ұрып, Жаңағы отыз ерге келіп жетті.
Отызға Ақжал тұлпар жетті барып, Жеткенін өлтіреді бір-бір салып.
Желкесінен ұрғанда баз біреуі Аттан ұшып жығылды есін танып.
Бүйрегі найзаменен түйрегенде, Түсе берді бүркіттей домаланып. Артындағы отыздан дәнеме жоқ, Алдыңғы ер қарағанда көзін салып.
Отыз ер осылайша өліп кетті, Алдыңғы жеке ерге келіп жетті. Ақжалмен арындатып келгенінде, Сөйлейді жеке батыр мына кепті:
– Сен өзің найысапсыз неткен адам, Көргем жоқ жер жүзінде сендей надан. Алдыңда Алатаудай мені ойламай, Өлтірдің отыз ерді бәрін тамам.
Сенен басқа дүниеде батыр жоқтай, Енді шауып келесің маған таман.
Мен жайымды айтқан соң бастан-аяқ, Қарап тұрып түседі ақыр заман.
Отыз ерді жоқтаусыз жіберем бе, Ажалың жетті енді тоқта, балам.
Болғанда елім – дүрбіт, атым – Діңгел, Мен темір, ойлап қара, сен бір жыңғыл. Абайламай жолдастың бәрін құрттың, Жап-жас қана баласың жетпей сынғыр.
Астымда қасқа тұлпар жан жолдасым, Қамшы ұрсам ашуланып басқа ұрғыр. Аш қасқырдай жалақтап шығып кепсің, Арқалық ит, сенбісің, көзің құрғыр.
Ханы ғой Үрімжінің атам – Мәлік, Күйеу балам деп жүрмін қызын алып. Бикешті бойжеткен соң бермек болды, Қызметін істеп жүрмін тілін алып.
ұрындың өзің келіп жанған отқа, Қайда қашып барасың жылқыны алып. Енді кезек менікі жолымды бер,
Батыр болсаң тұр енді таярланып.
Арқалық бұл Діңгелге берді кезек, Шіреніп қарап тұрды бойын безеп. Садақпен нақ жүректен тартып қалды, Осы деп өлер жері тура кезеп.
Қадалып сауытына тұрып қалды, Болады ажалсызға әр іс себеп.
Ажалдан аман-есен қалғаннан соң, Көңілін Арқалық ер алды демеп.
Діңгел ер аң-таң болып қалды тұрып, Арқалық Ақжал атқа қамшы ұрып. Найзаны тіреп алып итергенде, Жығылды қасқа тұлпар белі үзіліп.
Арқалық қайта айланып қарағанда,
Жаяулап Діңгел батыр келді жүріп. Садақпен дәл ауыздан атып еді, Кетіпті желкесінен бірақ шығып.
Діңгел ер осы жерде өліп кетті, Көңліне Арқалықтың шаттық жетті. Белгілі бұл Діңгелдің туын алып, Алдыңғы балаларға келіп жетті.
Торғауыт қуған екен аран-аран, Айталық бір мәселе үш баладан. Қасына қырық батыр ертіп алып, Жылқыға Мәлік ханның өзі барған.
Қияқ, Тұяқ, Жұбаймен бұл үш бала, Соғысып барлығын да тамам қылған. Астында ала тұлпар ойнақтатып, Қашып жүріп Мәліктің өзі қалған.
Жылқыға төрт аяқты жеткізбейді, Табанда озып шыққан бұл бір қайдан.
Сөйлейді Арқалық ер жауап қатып:
– Садақпен өлтірем, – деп, – ала атты атып. Орманбет пен Торғауыт арасында Барымтаға шапқан ат мұздай қатып.
Жұбай айтар: «Ағажан, ата көрме, Бір түсер қолымызға болса нәсіп». Мәлік сонда бұларға сөз сөйлейді, Алыстан жақындамай тұрды қашып:
– Төрт батыр іздеп келіп жылқыны алдың, Өлтіріп ерлерімді, қайғы салдың.
Қияқ, Тұяқ, Жұбай мен Арқалықсың,
Бәріңді бастан-аяқ көріп алдым.
Барамын торғауытты тегіс жиып, Әгарки батыр болсаң, таярланғын.
Жерге кірсең қоймаймын төртеуіңді, Жылқыны әзірінше алып барғын.
Бұл сөзді айтты дағы жүріп кетті, Батырлар естіп қалды мына кепті. Арада азды-көпті сапар етіп, Алдына Әжі ханның келіп жетті. Бұл сапар қандай түрлі оқиғаны, Қалдырмай бастан-аяқ баян етті.
Ақжал, Көкжал жылқының бәрін алып, Төртеуіне төрт жылқы сыйлық етті.
Әжі ханнан жақсылық шықпайды деп, Өкпелеп батырлардың бәрі кетті.
Арқалық аман-есен қайтып келді, Ел-жұрты есен көрді мұндай ерді. Қаракөз ханымымен ойнап күліп, Бірқатар осы арада шаттық көрді.
Бір айдай осы арада күндер өтті, Жамиғат, тыңдасаңыз мына кепті. Жатқанда өз үйінде Арқалық ер, Бір адам есік қағып зарлық етті.
Кім де болса есік аш көрелік деп, Арқалық Қаракөзге әмір етті.
Әжі ханның тоқсан құл жылқышысы, Сол жерде жылап, еңіреп арыз етті.
– Әй, батыр, келіп тұрмын іздеп сені, Ел қорғаны батырсың ердің ері.
Торғауыттан келді ғой Дуду батыр, Қырық мың жолдасы бар әскерлері.
Торғауыт басып жатыр елді қамап, Айтады Әжі ханға мұндай жауап. Төрт батырды тірідей байлап берсең, Азаптан басқаларды етем азат.
Қылмасаң бұл сөзімді сендер қабыл, Шаһарда барлығыңды айтам ағат.
Адасып ақылынан Әжі хан ит, Бермекке төртеуіңді етті қаһат.
Ұстады Қияқ, Тұяқ қайран ерді, Алдаумен Әжі ханның тіліне ерді. Жан достың қияметтік жан сырының, Жұбай да қолға түсіп қорлық көрді.
Арқалықты тағы да ұстаймыз деп, Әжі хан қанды уағда оған берді.
Әртүрлі қайла сөздің бәрін айтып, Келеді Қараш жыршы саған енді.
Бұл сөзді естіген соң саған келдім, Көргенді бастан-аяқ айтып бердім. Егер де тілімді алмай онда барсаң, Ажалсыз Арқалығым, сен де өлдің.
Төрт батыр қолға түссең алдаумен, Не болар көрген күні қайран елдің? Көрінгеннің қолында қырғын тауып, Езуі майланады қара жердің.
Жылқышы айтып өтті барлық кепті, Жалғыздық Арқалыққа енді жетті. Қоштасып Қаракөзге Арқалық ер, Тұлпарды қара қасқа әзір етті.
Қасында жеті кісі жолдасы бар, Қараш зұлым сол заман келіп жетті.
Ол Қараш осылайша жауап берді:
– Қырық мың торғауыттан әскер келді. Осыны қандай іспен қайырамыз,
Әзір де қамап жатыр барлық елді.
Төрт батыр бұған ақыл табады деп, Ақылды Әжі ханның сізге берді.
Отыр ғой Арқалықтың іші сезіп, Қараш та сонда тұрып білді дейді.
– Жау келіп, Қараш батыр елден қаштың, Азырақ Әжі ханмен ақылдастың.
Мені іздеген Орманбетпен, Торғауытпен, Аюлы кезенгенін келіп тапсын.
Қияқ, Тұяқ, Жұбаймен үш батырың, Қалмаңдар обалына нағыз жастың. Табады Аюлыдан мені іздеген,
Ал енді солай қарап қадам бастым.
Бұл сөзді естіп алып Қараш кетті, Арқалық Аюлыға барып жетті.
Көптен бері шабылмай жүр еді деп, Тұлпарын тер шығарып қазір етті. Шығарып қай-қайдағы ашты терін, Суытып бір ағашқа мәккам етті.
Тұлпарын байлап қойып кетіп қалған, Кезеңнен жауды байқап көзін салған. Арқалық әр тарапқа қарап тұрса,
Бір дауыс естіледі ыңырсыған.
Дауысты білейін деп жетіп келсе, Тұлпардың денесі жоқ, басы қалған. Ағашта қара тұлпар тұрған жерді, Төрт аю тұлпарына тойып алған.
Бағымның қайтарына кез болды деп, Арқалық бек көніп қапаланған.
«Кез болдым Аюлыда мұндай халға, Дүниеде мендей сорлы адам бар ма? Торғауыт торын жайып тұрғанында, Кәдіксіз түстім дүние қазған орға.
Жолымыздың болмасын біліп едім, Қияқ, Тұяқ түскен соң Жұбай қолға.
Қара қасқа тұлпардан тағы айырылып, Амал бар ма маңдайдан аққан сорға.
Тұлпарым, жан серігім, жануарым, Арқалық жайылып ет әруағым.
Айрылып мінген аттан, жолдасымнан, Басымнан осы күні тайды бағым.
Тайған бақ басқа қайтып келер ме екен, Құдайым көз жасымды көрер ме екен?! Мен мұнда тау басында жаяу қалдым, Артымнан дұшпан қуып келер ме екен?!
Қияқ, Тұяқ серігім, Жұбай батыр, Босанбай бұл тұтқыннан өлер ме екен?! Әжі хан қайырымсыз хан деуші еді, Тепкілеп, терең қазып көмер ме екен?!
Айырылып жолдасымнан жалғыз қалсам, Торғауыт ұстап алар онда барсам.
Астыма Ақжал тұлпар бітер болса, Торғауыт әскерімен соғыс салсам. Қияқ, Тұяқ, Жұбайды ажыратып, Сонан соң арманым жоқ өліп қалсам. Көрсеткен бір күн алдын, бір күн артын, Ақиқат опасызсың дүние сарсаң.
А, дүние-ай, осы жерде сынды белім, Аз керей қор болады-ау қайран елім.
«Жаяудың шаңы шықпас» деген рас, Соғысып бір шықпады ашты терім.
Астымдағы тұлпарды аю жеді, Бәрінен осы болды маған өлім».
Арқалық қатты жасып қапаланды, Көңліне осы түрлі қайғы салды.
Төрт аюды сол жерде атып алып, Арқалап ер тоқымын үйге барды.
Келген соң қара тер боп қапаланып, Қаракөз көрді сонда мұндай халды.
– Әй, батыр, көңілің пәс, түсің суық, Ешкімнен кем болмадың жалғыз туып. Қанды қапа көргенде назарың пәс,
Кез болдың қандай іске жалғыз жүріп. Сырыңды айтшы, сұрыңыз тіпті жаман, Жүрегім қозғалып тұр, денем суып, Тым өте сау емессің, Арқалығым, Қалыпты бір басыңа зор күн туып.
– Қаракөз, Аюлыға өзім бардым, Тұлпардың біразырақ терін алдым. Бір ағашқа суытып байлап едім,
Аю жеп тұлпарымды, жаяу қалдым.
Арқалап ер тоқымды қорлық көріп, Қаракөз, сол себептен қапаландым. Болғанда жау жағадан, бөрі етектен, Білмедім не боларын осы халдің.
Жайымыз осылайша біздің, шырақ, Арқалап ер тоқымды қалдым жылап. Жаяумын деп еш арман етпес едім, Байлауда қалды тағы Тұяқ, Қияқ.
Ел біліп ердің ері жан жолдасым, Арманда кетті енді Жұбай шырақ.
Боларымыз болды ғой, Қаракөзім, Артымда қалар болдың енді жылап. Дүние опасызсың, – дейді дағы,
Аһ тартып Арқалық ер жатты сұлап.
Қаракөз естіп тұрды мына сөзді, Бір жаннан барлығы да күдер үзді. Аз керей ауылымен қайғыланып, Кімге тастап кеттің деп батыр бізді.
Жылады қорыққаннан барлық керей, Аз ауыл көмегі жоқ бәрі кедей.
Арқалық арқасында күнін көрген, Шеніне ешбір адам жақын келмей.
Сен болсаң атың өліп жаяу қапсың, Зорлық қайда барады бізге келмей. Алтай келген өтіп ап кететұғын, Дұшпанға олжа болдық біз бір деней.
Аз керей осылайша қайғы көрді, Аяды Арқалықтай батыр серді.
Төрт жылқы жетегі бар қанша жолдас, Сол күні Қараш зұлым тағы келді.
Аттан түсіп айғайлап Арқалыққа:
– Шүйінші беріңіз, – деп жауап берді, – Тоқтастық торғауытпен бітім етіп,
Бір сенен қорыққанынан жөнге келді.
Жарасты сіз-біз десіп жөнге келіп, Көкжалды тарту етіп оған беріп.
Дуду батыр келіпті жолдасымен, Батырдың қайтамын деп жүзін көріп.
Сойысқа төрт жылқыны алып келдім, Жіберді Әжі хан ер сізге беріп.
Келгенде үйге қонақ ұялмасын, Қонаққа қайтарсын деп сойып беріп.
Жылқыны келе сала сойып жатыр, Қарашта толып жатыр қулық тақыл. Сенерін де білмейді, сенбесін де, Арқалық қапаланып қайран батыр.
Қашқанмен қолдан келер ісі болмай, Сауыт-сайман тастады бәрін де ақыр. Қасында отыз жігіт жолдасы бар, Сол заман жетіп келді Дуду батыр.
Дудудың сөзі:
– Арқалық, амандаса сізге келдік, Саламат ақ жүзіңді бүгін көрдік.
Арқалық бар қаруын тастағанда, Ішінде қалып еді бір ақ белдік.
Өзіне бақыт қонар уақытында, Түсінде әкесі кеп берген кездік.
Дуду айтар сізде бар бір тілегім, Сізбен досты болсам дер бұл жүрегім. Дос болам құдаласып, құшақтасып, Және де ойымда бар бір тілегім.
Ақиқат дос болалық тілегі бір, Өзіңнен кімдікі жоқ мендей бір ер. Жараймын тірі болсам қажетіңе, Менде бар дүниені өзіңдей көр.
Қаласаң, Арқалығым, достық айтам, Шын дос болсаң етікпен қайқаң-қайқаң. Атысып жау болмасам, дос болмасам, Бұл жерден қалай енді тірі қайтам.
– Әй, Дуду, бұл сөзіңе мен де сендім, Әдейі азамат деп маған келдің.
Ала бер қалағаның бір басымнан, Не тілесең дүниеде, соны бердім.
– Арқалық, көрдім сенің ерлігіңді, Көрерсің менің дағы серлігімді.
Тұлпарыңды сұрар ем өліп қапты, Енді бергін беліңде белдігіңді.
Арқалық мына сөзге қайқаңдады, Белдікті беремін деп айта алмады. Түсінде берген екен бабалары, Қоныпты содан бері басқа бағы.
Арқалық аты шығып әр тарапқа, Жайылған содан бері әруағы.
Қайта алмай айтқан сөзден батырлықпен, Белдікті берді сонда сынып сағы.
Белдікті Дуду батыр қолына алды, Арқалық қарусыз боп құры қалды. Сол жерде отыз батыр оңдыра ма,
Шынжырлап Арқалықты байлап алды.
Артына көк арбаның мықтап байлап, Жүрмекке енді қайтып таярланды.
Қайғырып қапалықпен қанды жылап, Арқалық сонда тұрып сөз шығарды.
Арқалық батырдың байланғандағы айтқан сөзі:
Алдауменен Арқалық Қолға түсіп байланып. Қарусыз ерді қоя ма, Қамданып келген отыз ер Күні бұрын самданып.
Батырды байлап алған соң, Көңілі мәккам толған соң, Отырды Дуду жайланып. Арқалықтай асыл ер
Көк арбаның артында Сөйлейді сонда зарланып:
– Опасыз қалмақ залымсың, Ғапылдықпен дүниені Сөзіңе қалдым алданып.
Жолы болмастың белгісі – Қияқ, Тұяқ, Жұбайым Олар да қалды байланып. Тұлпарымды аю жеп,
Қор болдым жаяу мен қалып. Соғысар күн бар ма екен
Сен сияқты қалмақпен, Асфаһан қылыш қолға алып.
Опасызсың дүние, Өстіп-ақ бастан өте ме, Балдырғандай отыз жас Қасіретпенен кете ме.
Әжі ханның қорлығы-ай, Қалмақтың еткен зорлығы-ай! Қияқ, Тұяқ балдырған, Арқалық пен Жұбайдың Түбіне бұлар жете ме?!
Жаяулықпен дүние-ай, Байланып бүгін қалғаным. Дос болам деп ит қалмақ, Белдігімді алғаның.
Әжі ханмен бірігіп, Басыма қайғы салғаның. Қам сүт емген пендеміз, Жазуы шығар Алланың. Бұл тұтқыннан босанып, Сөйтіп, өлсем, арман жоқ, Әжі хан, Мәлік, Дудудың Талауға салып мал-жанын, Ит пен құсқа жегізіп, Аялаған тәнларын.
Кімге сонда бітірет Қылыштың жалап қандарын. Көрер күнім бола ма,
Тіріде сені, керейім. Өзім аман жүргенде,
Қанатты жауға қақтырмай, Үстем еттім мерейің.
Енді күнің не болар,
Бір Құдайға тапсырдым, Қош, аман бол, керейім! Ел-жұртым сен едің, Батырың жалғыз мен едім. Екіталай сіздерді
Енді қайтып көрерім. Тілектес болғын айтарым,
Қимағаннан сіздерді Айтып тұрған өлеңім. Қастық етсе бұл қалмақ, Елді шауып ойран ғып, Түйеге артар көгенің.
Халықтан дәулет кетірді, Басына тұман шалынар, Жар астынан жау шығып, Ел иесі перінің.
Қаракөзім, аман бол, Қияметтік жолдасым. Күндіз-түні мені ойлап, Тыйылмайтын болды ғой Өмірде сенің көз жасың. Жастайыңнан қосылып, Мінезің майдай еріп ет, Бойың балқып қорғасын. Сізді менен айырған, Қанатыңды қайырған Әжі хан, Қараш зәлімдер Ақырғыша оңбасын.
Үмітім бар, Қаракөз,
Бұл тұтқыннан құтылып, Бұзармын деген тірлікте Әжі ханның ордасын.
Тапсырарым бір сізге – Тұғырына сұңқардың Қастық етіп қайламен Қара қарға қонбасын. Ақырына тұлпардың Жебе мойнын созбасын. Арқалықтың жоғында Елдігі ие болмасын.
Қаракөз бен барлық керей Арқалыққа арыздасып айтқан сөзі:
Байланған соң Арқалық, Қалмады керей сабыры.
Қорыққанынан ғаріптің Босап кетті сол жерде Үш жүз алпыс тамыры. Қатын, бала шуылдап, Жүректері суылдап, Әлемді алды сарыны.
Тірі қайтып қалам деп, Сізбен бірге барам деп, Жолына айтып және не:
– Арқалық еді ағамыз, Алтын сауыт жағамыз. Сіз кеткен соң бұл жерден Енді қырғын табамыз.
Бұзылатын болды ғой Өсіп-өнген қаламыз. Жесір-жебір болды ғой Қатын менен баламыз. Ел иесі ер едің,
Сені қайдан табамыз?! Қатарға ел деп қосып ең Бұл керейді бұрында.
Артыңнан барар адам жоқ, Өзіңнен басқа еріме.
Батырым, сенен айырылдық, Торғауыт кеп тонаса,
Мал-мүліктен ажырап, Адасқан қойдай маңырап, Кететін болдық Қырымға. Елдіктен кетіп еңіредік, Қызығыңды көрмедік.
Әжі хан, Қараш кез болып, Жұрт бүлдірген зұлымға.
Бұл керейге болып ең Әрі батыр, әрі хан.
Бір өзіңнің тұсында Жиып едік мал-жан.
Жазықсыз бізге жау болды
Иттікпенен Әжі хан.
Қаламыз енді қырылып, Көмусіз қалар болды ғой Ит пенен құсқа жем болып, Кебінсіз қалып бұл құтан.
Қаракөз әйелдің назымы
Қаракөз ханым ағытты, Тоқтата алмай көз жасын:
– Иә, батырым, сен едің, Жан сақтарым, мал басым. Маған салған бұл күйді
Еш пендеге салмасын. Қолға түсіп сіз кеттің, Жалғыз қалды бір басым. Ақырына көз жетпес, Әзірінше, батырым, Талауға түсер болды ғой,
Тырнақтап жиған мал басың. Көремін бе жүзіңді, Көрмеймін бе өзіңді.
Жолыққанша аман бол, Қияметтік жолдасым! Жан жолдасың тұлпарды Тауда аю жеген соң, Арқалап ерді келген соң, Біліп едім, батырым, Ісіңнің сонда-ақ оңбасын. Сөзіңді сөйлер адам жоқ,
Құдайдан басқа панаң жоқ, Жоқтаусыз кетер бір басың. Іздейтін туған іні де жоқ, Қолға түстің бенде боп.
Жаман айтпай жақсы жоқ, Олай-бұлай боп кеттің, Сарқыты дейтін батырдың Бала, перзент менде жоқ. Сіз болдың енде, мен жесір,
Қайғы түссе басына, Көнбейтұғын пенде жоқ. Жақсылығың жамандық, Менен кетті адамдық.
Өткен күнім басыма
Келді, келмесе, бар да жоқ.
Ішім толған қайғы-зар, Кең дүние бізге болды тар. Достың түбі жау болды, Тірі болсаң, есіңе ал.
Жазықсыз жасты қинады, Әжі ханда болса ше,
Хан болса да бітті ар. Тұғырында сұңқардың Жапалақтың несі бар? Зорлық етсе ақырда, Тірліктен өлім қайырла, Алмас пышақ сынды бар.
Байланды Арқалығым екі қолың, Қайырлы, құтты болсын осы жолың. Батырға қайда барса, бір-ақ жүріс, Бұл жерде қайнап қалды менің сорым. Әзірге барлығыңды ұстап алды, Көрдік қой Әжі ханның жайған торын. Ақыры Әжі ханды ескерерсіз,
Босанса тірлігіңде екі қолың.
Арқалық, қолға түсіп кеттің былай, Артыңда амалым жоқ қалдым жылай. Батырым, жолыққанша болғай аман, Көрем бе, көрмеймін бе, Алла тағала-ай.
Қаракөз соныменен қалды тұрып, Айдап ап Арқалықты кетті жүріп. Орманбет қаласына келіп жетті, Батырды жау айдаған малдай қуып.
Қияқ, Тұяқ, Жұбайды алып келді, Қойыпты қол-аяғын тас қып буып. Бар сенген Арқалығы мұндай бопты, Қалды ғой балалардың іші суып.
Жұбай мен Қияқ, Тұяқ барлығы дос, Қол-аяғы кісенде, ауызы бос.
Барлығын қастықпенен ұстап берген, Әжі хан болып жүрген өтірік дос.
Жұбай ер отыр екен көзі жайнап, Қойыпты шынжырменен мұны байлап. Қамдестік өтер екен адамзаттан,
А, дүние-ай, іс етпеппіз түбін ойлап.
Әжі хан, тұқымыңнан түк қоймаспын, Батқан күн шығар болса бізге жайнап. Төртеуміздің біріміз қалар болсаң, Кегімді бір алар ем тойың тойлап.
Кетіп тұр осы күнде бізден қайрат, Бәрі отыр аш қасқырдай көзі жайнап. Әжі хан дуыменен бек шаттанып, Үрімжі қаласына кетті айдап.
Арбаға тіркеп алып қайран ерді, Жөнелді ортаға алып жаяу айдап. Ел білер ердің ері батырларын Әжі хан өз қолынан берді байлап.
Байланды осылайша бұл төрт бала, Жыласты қош айтысып ата-ана.
Зәлімге айтар сөз жоқ, етер қайрат, Ел-жұрты іштен тынып құрды нала.
Соғысып күшпен байлап алғандай-ақ, Дудудан көтерілді сондай сана.
Орманбет торғауыттың арасында, Бар еді орталықта бөлек қала.
Ешкімге бағынбаған ғазиз басы, Жақсылық деп айтады аты жана.
Жақсылық батыр болған бұрын бастап, Көрмеген еш кемшілік бала жастан.
Бұрын бір қиын-қыстау іс түскенде, Дос болып Арқалықпен құшақтасқан.
Сенің де бір күніңе жарармын деп, Осындай Жақсылықпен уағдаласқан. Қартайып халі кетіп қайран ердің, Сол уақта тоқсан бестен жасы асқан.
Қартайып сол уақта кеткен халі, Кәріліктің болады қандай мәні. Ахуалын Арқалықтың естіген соң, Ойлады бұрын өткен уағданы.
«Жан достым қолға түсіп байланыпты, Қалайша босатамын, – дейді, – аны».
Бұл хабар Жақсылыққа келіп жеткен, Кәрілік Жақсылықты һәм дендеткен. Қарудан өнер қайрат болмаған соң, Бір қайла істесем деп ниет еткен.
«Достығым Арқалыққа қайда менің, Бүгінде кәріліктен сынды белім.
Бір қайран Арқалыққа тигізбесем, Бір намыс қартайсам да маған өлім.
А, дүние-ай, жастық шағым болар меді, Соғысып шығарар ем ашты терім.
Жолына ғазиз басты бәйге тіктім, Қартайып қазылып тұр ақыр көрім.
Үндемей қалғанымнан өлген артық, Байланса жандай досым қапа тартып. Ол кетсе Үрімжіге тұтқын болып,
Тірі боп ас ішемін сонда қайтып».
Жоқ екен бала-шаға бір өзінде, Қатынға өтер сонда сырын айтып.
– Қатын-ай, сырымды айтам, сөзім тыңла, Бір қайғы ғаріп басқа болды мұнда.
Бұл күнде сенен басқа сенерім жоқ, Мен сені балап жүрмін қыз бен ұлға.
Бір іске бек қабағат налып тұрмын, Сен соған көмек беріп шығар қырға. Бір тілек мен сұрадым көргін қабыл, Арқалық болып еді бұрын тамыр.
Бұл күнде қолға түсіп бенде бопты, Көріпті бек қабағат қатты зәбір.
Білдіріп достығымды көрінбесем, Қайғырып тұрғанында көріп жәбір.
Сол күні отыз жорға сатып алсам, Дудуға тарту етіп алып барсам.
Сұрап ап ол Дудудан Арқалықты, Осы үйге бүгін соны қонақ қылсам.
Әйелі осы сөзді қабыл көрді, Сәулеттеп отыз жорға алып келді. Алдынан ол Дудудың қарсы шығып, Жақсылық оқиғасын сөйлепті енді.
Жақсылықтың Дудуға айтқаны
– Әй, Дуду, аманбысың жақсы халда, Қандайсың сырласуға біздей шалға? Өзіңдей азаматпен жолдас болдым, Қырынған қырық жаспен жастық халда.
Орманбет Торғауытты шабыстырған, Алыпсыз Арқалықты байлап қолға. Діңгелді өлтірді деп естіп едім, Арқалық ана сапар келген жолда.
Әй, Дуду, сіздей тегі жан тумайды, Салыпсыз төрт батырды шықпас торға. Мен дағы бұл ісіңе бек сүйініп, Тартуға әкеп тұрмын отыз жорға.
Жүзіңді көрмеп едім бұрын тегі, Ешқандай кемітпеген батыр мені. Иығың асқар таудың кезенгендей, Болсашы денесінде кемдік жері.
Бір таудың үңгіріндей бас порымың, Мұхиттың екі көзің шалқар көлі.
Жартастың порымындай шыққан тіке, Бой бермес оққа дағы іші-тысың.
Секілді қарағайдай қалың мұртың, Қалқайып қандай біткен құлақ пішін. Теректей екі аяғың түзу біткен,
А, батыр, қолыңда екен барлық күшің. Сипатың, айта берсем, ада болмас, Батырға мұндай тегі бітпес пішін.
Дуду сөзі Жақсылыққа айтқан
– Жақсылық, шын ақиқат бағаладың, Сөзіңнен тіпті мен де табалмадым.
Сізде дер қашан болса бізге керек, Бар меді менен, сірә, қалағаның?
Сұрасаң бір жанымды берем саған, Ала бер мен де болса аямадым.
Алдыма тарту алып келгеннен соң, Жақсы ғой әжетіңе жарағаным.
– Әй, Дуду, амандыққа сізге келдім, Себебі тиеді деп сіздей ердің.
Бұрын бір өз басыма күн туғанда, Пайдасын Арқалықтың қатты көрдім.
Бір күнге қонақ етіп жіберейін, Сұрадым Арқалықты, маған бергін.
«Жақсылыққа жақсылық» деген кәні, Өлі ме көрініп тұр көзбен көрдім.
– Жақсылық, бұл сөзіңе қайран қалдым, Алғын деп қалағаның айтып салдым.
Сұрама Арқалықты, Жақсылығым, Қайламен өлгенде әзер байлап алдым.
Осы сөзің тым өте ауыр етті, Онан да әскерімнің бәрін алғын.
Босанса байлауынан бұл Арқалық, Сол уақта обалыма тегі қалдың.
– Әй, Дуду, мен қинадым қашан сені, Тұрады айтқан сөзде ердің ері.
Сұрадың, сұрадым керегімді,
Бар екен ақылыңның кемдік жері.
Қатын болып қайтасың айтқан сөзден, Олай болса сынадым, батыр, сені.
Ойлап ем құтылмаққа қарызынан, Беретін керегі жоқ маған тегі.
– Жақсылық, бір қайғыны маған салдың,
«Қатынсыз» деген сөзді ауызға алдың. Екі сөз сөйлегеннен өлген артық, Қонаққа Арқалықты алып барғын.
Жақсылық Арқалықты кетті алып, Үйіне андан кейін жетті барып.
Қолда шынжыр, аяқта бұғауларды, Айламен қиып-қиып алды барып.
Ішіп-жеп, рахаттанып, сыр сұрасып, Төсекке андан кейін жатты барып.
Қол-аяғы босанып алғаннан соң, Арқалық бір істі отыр ойына алып.
«Бұл жерден кетсем, – дейді, – енді қашып, Мен барсам Әжі ханға жаяу басып.
Ақжал, Көкжал тұлпарды қолыма алып, Өлтірсем Әжі ханның қанын шашып.
Андан соң бұл Дудуға қайтып келсем, Жазасын шырқыратып қолдан берсем. Қияқ, Тұяқ, Жұбайды ажыратып, Арманым жоқ, сонан соң өзім өлсем.
ұрмай-соқпай Қарашты ұстап алып, Қос көзін ойып алып қоя берсем».
Арқалық осылайша ойлап жатты, Қатыны Жақсылыққа бір сөз айтты.
– Бос қойып Арқалықты бүгін мұнда, Жақсылық, бүгін сені Құдай атты.
Бұл батыр бүгін түнде қашып кетер, Сен тартарсың Дудудан қасіретті.
Досым деп шыбын жаның шыр боп кебек, Бүгін құрттың жана да отыз атты.
Бұл қатын Жақсылыққа айтып жатыр, Арқалық бастан-аяқ естіп жатты.
Жақсылық сөзі қатынға айтқаны
– Әй, қатын, бұл сөзіңнен не өнеді, Қолыңнан қорқытқанда не келеді. Білмейсің ер қадірін екі тиын,
Ер өлсе, қанша момын ел өледі.
Ер жігіт жаудан елін арашалар,
Қияқ, Тұяқ, Жұбаймен жаққан панар. Бүгін кетсе Арқалық, бара берсін, Елді қорғап, жолдасын қайтып алар.
Мені өлтірсе ол Дуду ертең келіп, Артымда Арқалығым қанымды алар.
Өлігі кемпір-шалдың екі тиын, Жерді қазып балалар қоя салар.
Арқалық мына сөзді естіп алды, Досына бек қабағат ырзаланды.
«Досымның қанын жүктеп қайтейін», – деп, Жаны ашып батырлықты ойына алды.
Қатынның табасына қалады деп, Қайтадан төсегіне жатып қалды. Ол күні ерте тұрып Жақсылық ер, Досына осы түрлі сөз шығарды.
– Арқалық, еш нәрсем жоқ сөзден аяр, Керек болса, жолыңа басым даяр.
Үш ердің құнын беріп естіп ем, Бір кездік сізге бердім қолыңа ал.
Аяққа шәркей тартып ескерусіз, Кездікті біліндірмей табанға сал. Темірді шүберектей қиып кетер,
Жан досым мен туралы болмағын тар.
Арқалық мына сөзге ырзаланып, Кездікті табанына қойды салып. Ертемен Жақсылық ер аман-есен, Дудуға Арқалықты берді апарып.
Андан соң Үрімжіге жүріп кетті, Шынжырлап қол-аяғын байлап алып. Үрімжі қаласында Мәлік ханның Алдына төрт батырды қойды апарып.
Мәлік ханның төрт батырға еткен жазасы.
– Төрт батыр әуелінде сені көрдім, Артыңнан барамын деп уағда бердім. Дудудың ерлігіне жан жете ме, Алдыма бәнда болып бәрің келдің.
Тіршілік енді саған өмірде жоқ, Ажалсыз төртеуің де енді өлдің. Қияқ пенен Тұяқты дарға тарт, Бастарын қазір маған алып келгін.
Жендеттер қазір сонда алып кетті, Екі жас осы жерде өліп кетті.
– Қол-аяғын кісендеп мына екеуін, Салғын, – деп, – темір үйге! – әмір етті.
Сол жерде Қияқ, Тұяқ өліп қалды, Тапсырды қорлықпенен ғазиз жанды. Арқалық пен Жұбайды алып барып, Бұларды темір үйге тағы салды.
Ақыры ылажсыздан екі батыр,
Сол жерде екі жылдай жатып қалды. Білмейді бірінің қайда екенін, Арқалық бек қабағат қапаланды.
«Ақыр өлім» дейді де ашуланып, Шынжырдан екі қолын жұлып алды.
Байлаудан екі қолын жұлып алып, Кездігін сонда қолы тиді барып.
Темірдің бытырлатып бәрін қиып, Отырды бойын созып рахаттанып.
Сол заман есік ашып біреу келді, Қолына бір кішкене шамын алып:
– Арқалық батыр бар ма осы жерде? – Сөйледі сонда тұрып сөз шығарып.
Арқалық: – Бармын, – дейді, – тұрмын мұнда, – ұқсайды сөз порымы мұның қызға.
– Жайымды мен айтайын бастан-аяқ, Батырым, сабырлық ет жақсы тыңла.
Қаламыз бұл Үрімжі, атам – Мәлік, Сөзіме шын ақиқат сенген анық.
Атамыз ол Діңгелге бермек болып, Жүріп ем бек қабағат қайғыланып.
Төрт батыр әуелінде келгеніңде, Өлтірдің, Арқалығым, басын алып. Түстің ғой Әжі ханның алдауына, Шұлғыған айдын көлде сіз бір балық.
Жатқалы осы жерге өзің келіп, Төсекте бір жатпадым рахаттанып. Мәліктің естіп педің Бикеш қызын, Бір сізге ғашық болдым сенген сырым. Екі жыл қарауылға пара беріп, Атаның аямастан төктім пұлын.
А, дүние, бүгін өлсем арманым жоқ, Ақиқат жамалыңды көрдім бүгін.
Жұбай ер аман-есен жатыр о да, Боп кетті Қияқ, Тұяқ бекер шығын.
Бұл жерде ғашықлыққа сабыр еттім, Бір болат кездік сізге тарту еттім.
Жұбай мен екеуіңіз біріккен соң, Бақшада бір терек бар келіп жеткін.
Бикеш қыз осыны айтып кетті жүріп, Есікті бекітті ғой құлпын ұрып.
Талқандап темір үйдің бәрін бұзып, Арқалық Жұбай ерге келді жүріп.
Босатып жандай досын аман-есен, Отырды бұл арада шүкір қылып.
– Жұбайжан, қайтып бұдан шығамыз? – деп, Арқалық сөз сөйлейді сонда тұрып, –
Беретін екі қолда қуатым жоқ, Кетіпті темір шынжыр бәрін қиып.
Жұбайдың сонда тұрып сұры қашты, Қасын керіп көтерді сонда басты.
– Ағажан, енді маған ілескін, – деп, Екеуі енді аяңдап қадам басты.
Тәуекел, не болса да көрерміз деп, Ер Жұбай екі теуіп есік ашты.
Бастарын қарауылдың қағып алып, Болғанда таңға маһал бұлар қашты.
Бұларды осы жерде қалды біліп, Үрімжі қаласына түсті бөлек.
Түбіне жалғыз терек жетіп келсе, Бикеш тұр ала тұлпар дайын қылып.
Толтырған екі қоржын азық, киім, Сөйлейді батырларға Бикеш тұрып.
– Батырлар, тұлпарың тұр таярланып, Қаншалық машақатпен шықтым алып.
Ер болсаң, қайта айланып бір табарсың, Жаман болсаң, азапқа қойдың салып.
Атқан оққа жеткізбес ала тұлпар,
Қош, енді, жолың болсын, тұрма налып! Сіздердің жолыңызға басым құрбан, Қайтарсың Әжі ханнан кегіңді алып.
Қоштасып қол алысты сол арада, Әйелде болады екен мұндай дана. Арқалық Жұбайменен мінгесіп ап, Жөнелді екі батыр сол арада.
Қоштасып Бикеш сұлу қалды тұрып, Торғауыт қуды сонда мұны біліп.
Сол жерде ала тұлпар шабалмады, Тұлпардың дағдысы ғой тері буып.
Шығалмай қалың қолдан жүргенінде, Жұбай ер жараланды бір оқ тиіп.
Артынан атқанында қалың дұшман, Иықтың бір шетінен кеткен жырып.
Жұбайды Арқалық ер алдына алды, Тұлпарға ашуланып қамшы салды. Қыршынып ала тұлпар жөнелгенде, Қуғыншы қайда екенін білмей қалды.
Құтылып қуғыншыдан екі батыр, Бір жерге аттан түсіп демін алды. Оқ тиіп тұлпарына қалған екен, Қаңырап қайран тұлпар өліп қалды.
Жолдары, қайда барса, бір болмады, Сол жерде екі батыр жаяу қалды.
Арқалап Жұбай ерді жүріп кетті, Сондайлық Жұбай жастың халы кетті.
Ішінде қалың ағаш аққан бұлақ, Бір жерге ескерусіз келіп жетті. Жараның қанын жуып осы жерде, Азырақ ас ішуге ниет етті.
Жамиғат, жалықпастан тыңлаңыздар, Айтайын бір оқиға болған кепті.
Отырды екі батыр қайғыланып, Тамағын ішетұғын алдына алып. Қалың бақ ескерусіз отырғанда, Шақ етті Арқалыққа шоқпар барып.
Аямай көк желкеден ұрған екен, Жығылды жерді қауып домаланып. Өлмесе де, өлімші болды білем, Өлімнен тұрды сонда, аман қалып. Иығы асқар таудың кезенгендей, Қараса бір батыр тұр таярланып.
Арқалық өлімші боп аман қалды, Батырмен айқасуға енді барды.
Қолымен желкесінен басып тұрып, Шоқпарын қолындағы жұлып алды.
Батырға Арқалық ер мініп алды, Бұл жерде өлтірмекке көңлі барды.
– Кездік бер, өлтіремін, – дегенінде, Жұбай жас сонда тұрып сөз шығарды.
– Азырақ сабыр еткін, Арқалығым, Бұл батыр боп кетпесін бекер шығын. Бұл бізге жау болатын сынайы жоқ, Қару-жарақ мұнда жоқ ешбір бұйым.
Босатып қолыңыздан белді қойып, Сұрашы бастан-аяқ мұның күйін. Шоқпармен бір себептен ұрған шығар, Оның жазығы жоқ екенін.
Еділ батырдың сөзі
Арқалық босатты енді тілін алып, Сөйледі бір-бір бастан әлгі ғаріп.
– Айтайын ат-жөнді бастан-аяқ, Сөзімді тыңлаңыздар құлақ салып.
Еділ деген ер едім әуел бастан, Бұрыннан атақ алған мағлұмланып. Керейде Арқалық ер бар деген соң, Жолдас болсам деп едім тілін алып.
Торғауыт – руымыз, елім – қалмақ, Сөзімді бастан-аяқ тұрғын аңлап.
Мәлік деген ханымыз қастық етіп, Әрқашан түсіп жүрді маған салмақ.
Дудуды жан-тәніндей жақын көріп, Әрқашан салып қойды маған қайрат. Жамандап Мәлік ханға Дуду надан, Зынданға бірнеше жыл салды байлап. Босанып бір күндерде ол тұтқыннан, Сонымен жүріп кеттім біріс ойлап.
Керейге Арқалықты іздеп бардым, Жөн-жайын бастан-аяқ ұғып алдым. Батырдың бір хабарын айтады деп, Андан соң Әжі ханға тағы бардым.
Арқалық қайда кетті дегенімде, Ертең айтам деген соң тілін алдым. Түнімен арақ беріп, қатты сыйлап, Бәлеге ашылмастай енді қалдым.
Мас болып жатып қаппын естен танып, Таң атқан соныменен мағлұмланып.
Қарасам, екі қолым артымда тұр, Қойыпты аяғыма кісен салып.
Қаншалық қайла етсем, еш болмады, Бір ғаріп пәнде болып тұрмын налып. Үш күндей қорлықпенен тұрғанымда, Босатты бір қыз келіп душарланып. Қолында болат кездік жалғыз өзі,
– Тұрмағын, кеткін, – дейді, – ай-а, ғаріп!
Мен айттым: «Жөніңді айтқын, ай-а, балам, Тарқаттың ішімдегі қайғы санам.
Білместен жөн-жайыңды кете берсем, Дүнияда тірі болып қайтіп оңам».
Қыз айтты: «Құлағың сал, әй, ағатай, Бұл күнде қайғылымын, емеспін жай. Айдалған қолға түсіп төрт батырдың, Ішінде күйеуіміз – батыр Жұбай.
Хабарын өлі-тірі біле алмадым,
Ақ жүзін бір көрмедім, а, дүние-ай! Сәлем де үш қайтара біз ғаріптен, Тірі боп, найып болып барсаң солай!
Айтайын Арқалықтың оқиғасын, Ерлердің жоқтамады ешкім басын.
Әжі хан зорлықпенен алмақ болып, Батырдың Қаракөздей жар жолдасын.
Екі жас бала қалды Қаракөзден, Тапсырды Жақсылыққа асыл тасын.
«Соларды тірі көрер күн бар ма?» – деп, Ағызды қан аралас көздің жасын.
Сонымен ош айтысып жүріп кеттім, Бұл тауға арып-ашып келіп жеттім. Төрт батырдың жолына бас бермекке, Баруға Үрімжіге ниет еттім.
Бұл тауда бек қабағат ашты қарным, Болмады жаяулықтан ешбір мәнім. Сұрасам, тамағынан бермейді деп, Шоқпармен сол себептен періп қалдым.
Батырлар, бастан-аяқ айтып өттім, Сұрасаң менен жөнді, осы халім.
Өлді деп Қаракөзді естіген соң, Арқалық тартты сонда аһы-зарын.
Арқалық бек қабағат күйзелді шер, Қысылып, қапаланып ақты ғой тер.
«Өліпті жан жолдасым, Қаракөзім, Жұбайжан, мен өлемін, кездікті бер».
Сөйледі Жұбай сонда қапаланып, Сөзіне Арқалықтың назаланып:
– Қатын өлді, қамшының сабы сынды, Қуанарсың, батырым, Бикешті алып.
Есіркеп, ер еді деп екеумізді, Бәлеге ғазиз басын жатыр салып. Әжі ханның қорлығы тағы тұр ғой, Қияқ, Тұяқ атаусыз өліп қалып.
Осылардың бәрінен теңлік алғын, Сонан соң өле бергін суға ағып.
«Қатын өлді, өлемін» деген сөзді, Еш пенде естімесін хабарланып.
Арқалық мына сөзге ырзаланды,
Еділ ер: «Бұл қалай?» – деп көп ойланды. Іздеген батырларың біз едік деп,
Сөйледі бастан кешіп болған барды.
Қосылып аман-есен жолдасына, Еділ ер Еділ, Жайық болып нанды.
Бұл жерде отырғанның жөні жоқ деп, Сол жерде Еділ батыр сөз шығарды.
– Арқалық, сөзім тыңла, Жұбай сұңқар, Сіздерге жете алмастан болдым іңкәр.
Қазір барып әкелем мінерлік ат, Жылқысы Торғауыттың бәрі тұлпар.
Оққа ұшып өлемін деп ойламаймын, Артымда іздер, сұрар батырым бар. Аң қараған бір таудан мергенші боп, Батырға жаяу жүріс болады ар.
Еділ ер бұ сөзді айтып жүріп кетті, Жамиғат, тыңласаңыз болған кепті. Жүруге Жұбай ердің халі келмес, Арқалық тартып отыр қасіретті.
Арқалық Жұбай жасқа қайғыланып, Көзіне неше мәрте жасын алып:
– Қияқ пенен Тұяқтан ажырап ем, Енді күнім не болар, жалғыз қалып.
Артында қуғыншыдан тағы қорқып, Қарады тау басына көзін салып.
Мінгені ылғи тұлпар үш жолдасы, Дудудың келгендігі болды анық,
Ақиқат дұшпан қуып жеткеннен соң, Жұбаймен арыздасты сонда барып.
Арқалықтың Жұбайға айтқан сөзі:
– Сөзімді тыңла, Жұбай жас, Не көрмеді ғазиз бас.
Ажырасар күн келді, Аман да болғын қарындас. Орманбеттен басында Шығып едік бауырлас.
Үрімжіде қалды ғой Қияқ, Тұяқ екі жас. Арқалық пен Жұбайға
Жолдас болды тау мен тас. Дуду келді артымнан, Қайда барсам баратын.
Тұлпарым жоқ астымда Ойнақтатып шабатын. Садағым жоқ мойнымда, Шіреніп тұрып тартқанда Нақ жүрегін жаратын.
Шашақты найза менде жоқ, Екі қолдың күшімен Сағалатып салатын.
Айбалтаның жоқтығы-ай, Айыра бастан шабатын.
Қалқан, сауыт менде жоқ, Оғын түйіп қалатын.
Жұбай жатыр мұндай боп, Адассам ақыл табатын.
Сойған қойдай жалаңаш, Қарусыз батыр жарамас. Жалғыздың күні не болар, Далада болдым қалатын. Тіршілік бізден кеттің-ау, Ел-жұртқа күн жоқ баратын. Ажырасар күн келді,
Аман болған, Жұбайым. Қырсықтан қырсық кез болды, Күнде түсер уайым.
Ойнап, күліп жүрмедің Екі жылдың бір айын. Дуду келді артымнан, Қарулы сайман жолдасы. Ажалға біткен іс екен, Шыбын жанды қинамай Бүгін беріп тынайын.
Қаталық болса, Жұбайжан, Өтіп менен кешіңіз. ырзалықпен ағаңа Дүниядан сөйтіп өтіңіз.
Ойлаған жетпей мақсатқа, Болмады қабыл кәбіміз.
Бір тілекті бермеді, Жаратқанға шалымыз. Құтылатын заман жоқ, Қош енді, Жұбайым.
Жалаң, аш жерде жау келіп, Аямады Құдайым.
Жоқтаусыз кетті, қайтейін, Қияқ, Тұяқ шырағым.
Бикеш қалды тұтқында, Қабылдап еді мұрадым. Әжі хан, Қараш, Көгін би, Бисін деген дұшманның Қолыммен кесіп бастарын, Шықпады сөйтіп құмарым. Қаракөздің сарқыты Жақсылықтың қолында Жетім қалды ылағым.
Ата-анасыз болған соң, Кәйтіп адам болады Жеткіншегім, шырағым. Опасызсың дүние-ай, Ешкімге жоқ қой тұрағың!
Жұбай сөзі
– Арқалық, жыламағын қатты жасып, Кетіпті көңіліңді қайғы басып.
Жылағанмен өлеміз ажал келсе, Таусылса тіріліктен бізге нәсіп.
Кеп қалса қуғыншылар артымыздан, Бұл жерде тұрма енді, кеткін қашып. Ол Дуду іздеп келіп мені көрер, Басымды кесіп алсын мауқын басып.
Сен қашып Әжі ханға жылдам барғын, Ақжал, Көкжал тұлпарды қолыңа алғын. Әжі хан, Қараш, Көгін, Бисін бидің Бауыздап өз қолыңнан басын алғын.
Сонан соң Үрімжіде Бикешжанды, Тұтқыннан, тірі болса, һәм шығарғын.
Өлтіріп Мәлік ханды Жыңғылменен, Қияқ, Тұяқ батырдың құнын алғын. Жұбай ер жолдасы үшін жан берді деп, Менің де әйеліме айта барғын.
Арқалықтың Жұбайға берген жауабы
Арқалық мына сөзге қайраттанды, Сөйледі бастан-аяқ барлық халді.
– Қияқ, Тұяқ жолдасым Үрімжіде, Қолында Мәлік ханның дүния салды. Жалғыз бала қолында Жақсылықтың, Өлген соң Қаракөзім үйіне алды.
Жалғыз сені бұл жауға қолдан беріп, Батырдың тірілікте несі қалды.
Жолыңа, Жұбай батыр, басым құрбан, Сізден бұрын берейін бұл қу жанды.
Отырды екі батыр сіз-біз десіп, Қарусыз жау қолында өлдік десіп. Қасында үш жолдасы жирен тұлпар, Сол жерге Дуду келді желдей есіп.
Сөйледі сонда тұрып Дуду батыр, Атын тастап жаяулап келе жатыр:
– Жерге кірсең, бұл Дуду жіберер ме, Арқалық, ақымақсың сен бір ғапыл.
Болады жолың қайтіп екі сорлы, Оқ тиіп ала тұлпар жолда жатыр. Өлтіріп екеуіңді осы жерде, Шабамын Орманбетті таза тақыр.
Арқалық сөзі Дудуға айтқан
– Қашып ем, қуып жеттің, Дуду, жана,
Достығың бар еді ғой бір уағда. Ер болсаң тілегім сол сұрайтұғын, Екеуміз алысалық дара-дара.
Басынан жеңіп қалған батырсың ғой, Байлап алып кетерсің тағы жана.
Өлсем де армансызбын, батыр, саған, Досың ғой бұл туралы болма нала.
Тірліктен екі тиын үмітім жоқ, Басыма бүгінгі күн келді қаза. Атты-жаяу соғыстың жөні келмес,
Сол болсын жан досыңа салған аза.
Бұл сөзді қабыл көрді Дуду батыр, Арқалық бір осындай етті тақыл. Түскендей той бәйгеге күресіп жүр, Қайсысы болар екен мұның ғапыл.
Арқалық ашуланып жұлқығанда, Бүтін сүйек қалмады бытыр-бытыр.
Бір қарық сөз сөйлеуге тілі келмей, Сол жерде жанын берді Дуду батыр.
Қуанып бек қабағат ұшып тұрып, Біреуін кеп өлтірді Жұбай пақыр. Сол жерде төртеуін де жайғастырып, Атынан киім-кешек тонап жатыр.
Бұрыннан Арқалықта болған ерлік, Әжі хан қастықпенен жүрген сел ғып. Дудуды тонағанда тауып алды,
Баяғы өзі берген алтын кездік.
Белдігін Арқалық ер алды байлап, Үмітті өткен істің бәрін ойлап. ыңыранып арыстандай тұралмады, Байлаған жолбарыстай көзі жайнап.
Өлтірді Дуду сынды батыр ерді, Жайлағандай болды ғой асқар белді. Үш тұлпар жетегінде, бірін мініп, Сол жерде едірейіп Еділ келді.
Жусаған қойдай болып жатқанында, Өлігін төртеуінің көзі көрді.
– Мыналар қайдан келіп ұйқтап жатыр, Айтқын, – деп, – аты-жөнін, – сұрайды енді.
– Ол жатқан сұрасаңыз Дуду батыр, Ажалменен қоштасып жылап жатыр. Келіпті артымыздан бізді іздеп,
Бұл жерге жайғастырған біз бір пақыр.
– Бұл болса өліп жатқан Дуду надан, Сіздерге жоқ екен ғой менің бағам.
Екеуің үшеуін-ақ өлтірген соң, Біреуін қойсаң нетті сақтап маған.
Жабылып өлтірдік деп дұшпандарды, Шаттықпен сөйлесер ек етіп фаған.
Ат іздеп кетемін деп осы жерде, Шоқпарым тие қалды аттың бұған. Еділ ер бек осыған қайғыланды, Арқалық Жұбайменен қайран қалды. Жол ашылып дұшпанға жаудай тиіп, Өлгендерді шоқпардың астына алды.
«Мінекей мен де құры қалғам жоқ» деп, Шоқпарын қызыл қанға бояп алды.
Аттан ұрып қолымен түсіргенді, Желпініп, масаттанып ырзаланды.
Батырдың барлығы да болды шатты, Бір ат сойып сол жерде бір күн жатты. Ат-тұрман, қару-жарақ жеткілікті, Жақсылық жан досына сапар тартты.
Екі жыл жер астына түсіп еді,
Бір-ақ күнде ғаріптер болды шатты. Тұлпармен күні-түні бес күн жүріп, Аулына Жақсылықтың келіп қапты. Ер Еділ түнде барып Жақсылыққа,
«Сүйінші беріңіз», – деп хабар айтты.
Ер Еділ осылайша жауап берді, Ауылға түн ішінде бұлар келді. Жақсылық қуанғаннан даусы шығып, Көрген соң Арқалықтай батыр серді.
Екі дос құшақтасып жылағанда, Тау мен тас күңірентті қара жерді.
– Жан досым, тірі көрдім, арманым жоқ, Қоярсың өз қолыңнан енді мені.
Сарқыты Қаракөздің сәлемдеме, – Баласын алып келіп қолға берді.
Дос болсаң, Жақсылықтай болғын бәрің, Кім көрген бұл сияқты кемеңгерді.
Баласын Арқалық ер қолына алды, Тұрды да шықпаған соң шыбын жаны. Көрген соң жалғыз ұлды Арқалық ер, Қорлықтың бұрын көрген кетті бәрі.
– Батырым, Қаракөзге қапаланба, Ажалды өліп жатыр жұрттың бәрі. Не келіп ер жігітке, не кетпейді, Бірақ та аман болсын ғазиз жаны.
Айтысты аман-есен Жұбайға да, Бір шаттық болды бүгін сол арада.
– Көрінбей сіздер мұнда жата бергін, Істеймін бір қуаныш тойды жана.
Екі күн демін алып тыныққан соң, Бір түнде кетіп қапты Жұбай бала. Қайда кетті, белгісіз болғаннан соң, Қайғырды Арқалық ер сол арада.
Дудудың тұлпарымен кетіп қалған, Баяғы жылқышыға Жұбай барған. Жылқышы бастан-аяқ оқиғаны, Жұбайға сөйлеп берген өткен халдан. Қасына жылқышыны ертіп алып, Орманбет қаласына түнде барған.
Қақпада қарауылдың бәрін қырып, Ақжал, Көкжал тұлпардың бәрін алған. Һәм және өз әйелін тауып алып,
Бір күнде Арқалыққа қайтып барған.
Көрген соң Жұбай ерді шаттық етті, Сөйледі бастан кешіп болған кепті. Мінгізіп Арқалықты Ақжал атқа, Көңілін бір көтеріп шаттық етті.
Дудудан олжа болған қасқа тұлпар, Еділге мініңіз деп сыйлық етті.
Көкжалды Жұбай жастың өзі мініп, Әжі хан тарапына сапар етті.
Бір күні шаңқай түсте бұл үш батыр, Орманбет қаласына келіп жетті.
Үш батыр Әжі ханның басын алған жері
Ордаға бұл батырлар келді шауып, Тұлпары жоғалғаннан еткен қауіп. Әжі хан, Қараш, Бисін, Көгін сұмды – Барлығын бытыратпай алды тауып.
Бастаған бәлекетті алдыменен, Бисінді кескіледі етті шауып. Көреді көрмегенін Көгін биің,
Тас байлап қол-аяғын бұғау салып.
Көгінді ат соңына бұлар тақты, Көшені аралатып бұлар шапты. Қорлықтың жер-жаһанда бәрін көріп, Ақыры Көгін солай қаза тапты.
«Енді кезек, Әжі хан, сіздікі», – деп, Бір-бірлеп екі қолын кесіп апты.
«Сөз естіген тесігің осы ма?» – деп, Құлағын кесіп алып отқа жақты.
«Ойлайтын арамдықты ақылың», – деп, Жүрегін, ішін жарып былай апты.
Ақыры Әжі ханның басын алды, Майларын шыжылдатып отқа салды. Найзаменен шұқылап бар денесін, Енді кезек тыңлаңыз Қараш қалды.
«Дүнияның бәрін көрдің, арманың жоқ», – Деді де екі көзін ойып алды.
Сол жерде жер қаздырып Арқалық ер, Қарашты жаны шықпай көрге салды.
«Дүния ісі дүнияға кетпес» деген, Ақыры барлығынан кегін алды.
Ағызды барлығының қызыл қанын, Шығарды қорлықпенен шыбын жанын.
«Біз енді Үрімжіге барамыз» , – деп, Тапсырды жылқышыға елдің бәрін.
Қуанды батырларға елдің бәрі, Естен кетпес Әжі хан қылғандары. Біз үшін қайран бала не болды деп, Бикештің мойнымда деп қарыздары.
Үш пақыр соныменен жүріп кетті, Жараған жолбарыстай тұлпарлары. Алты күн сапар етіп сабыр қылмай, Бір түнде Үрімжіге келді бәрі.
Қалаға түн ішінде бұлар барды, Шет жерде бір адамды ұстап алды.
«Мәліктің қызы Бикеш тірі ме?» – деп, Сол жерде осылайша сөз шығарды.
Ол айтады: «Бикеш қыз әзір тірі, Апарып темір үйге оны салды.
Батырларды қашырып жіберем деп, Бәлеге ашылмастай өзі қалды.
Сұрасаң темір үйде Бикеш ғаріп, Шынжырлап қол-аяғын кісен салып. Осы қызға Арқалық бір келер деп, Қаншалық батырлары отыр бағып».
Үш батыр андан кейін жүріп кетті, Оқиға бастан-аяқ естіп алып.
«Бикештен аяр бізде жан жоқ қой», – деп, Алдына темір үйдің тұрды барып.
Алдына аянбастан барды жүріп,
Сол жерде батырлармен салды бүлік. Бірін-бірі білместен қалың әскер,
Өз-өзімен соғысты шоқпар ұрып.
Арыстандай ақырып бұл үшеуі, Тынбастан торғауытты жатыр қырып. Батырдың жан шыдамай қаһарына, Барлығын сол арадан шықты қуып.
Ер Жұбай темір үйдің құлпын бұзып, Қасына Бикеш қыздың барды жүріп. Баяғы өздеріндей азап, қасап, Қойыпты қол-аяғын мықтап буып.
Қуанды мұны көріп Бикеш бала, Сау жер жоқ денесінде бәрі жара. Жұбай ер кездікпенен бәрін қиып, Шынжырды етті сонда пара-пара.
Босатып Бикеш қызды былай алды, Еліне торғауыттың қайғы салды.
Қияқ пенен Тұяқтың құны бар деп, Андан соң Мәлік ханға бұлар барды. Соғысып түніменен бұл үш батыр, Мәлік пенен Жыңғылдың басын алды.
Хандығын бұл Мәліктің етті харап, Ойлаған көңілдегі бітті талап.
Ханы өліп, қайрат етер адамы жоқ, Барлық жұрт батырларға тұрды қарап.
Қанша күн жатты сонда демін алып, Әр істі көреді екен пенде ғаріп, Еділді Үрімжіге хан сайлайды, Батырлар қайтты елге рахаттанып.
Хан болды Үрімжіге Еділ батыр, Мәліктен пәни дүние өтті ақыр.
Бұрынғы қоршылықта қорлағаннан, Білдірмей қысастарын алып жатыр
Торғауыт дүрбітпенен қармағында, Еділ ер тікті басқа алтын шатыр.
Қияқ, Тұяқ жастардың қанын алып, Арқалық қайтты елге екі батыр.
Бикешті өзіменен алып кетті, Бұл жақтағы мұратқа тегіс жетті. Өзінің керейіне келгеннен соң, Бикешті жұптыланын никах етті.
Жұбай жас Орманбетке қадірлі хан, Орнына Әжі ханның хакім етті.
Егескен жауларынан кегін алып, Мұратқа батырлардың бәрі жетті. Хан болды Орманбетке Жұбай бала, Ақылға жас та болса болған дана.
Еділді Үрімжіге хан сайлады, Арқалық ақыл аға екі арада.
Мұратқа батырлардың бәрі жетті, Екеуі екі жерге үкім етті.
Екі елдің әрі батыр, әрі ақыл, Арқалық барлығына жол көрсетті.
Бұрында қалмақ, қазақ көп шабысқан, Арада адам өліп болған кекті.
Арқалық ақыл аға болғаннан соң, Баласы қалмақ, қазақ бір боп кетті.
Нақақтап қан төккенді қаламастан, Бәріне татулықпен жол көрсетті.
Халінше әділеттік ісін істеп, Дүниядан ақырында солар да өтті. Жолдастар, айып етпе енді бізді, Бұл қисса осылайша тамам бітті.