Kazakh
Жанқожа батырдың толғауы (Мұсабай жырау нұсқасы)
Әуелі сөз бастаймын бір Құдайдан, Кешіргей Құдайды айтсам әр күнәйдан. Кешегі Жанқожаның заманында Сүйеніп, ауқат кешті жарлы байдан.
Ініден аға менен артық туған
Жанқожа, ойлап тұрсақ, шықты қайдан. Десең де мынау Майдан, әкесі бір,
Қақ жарып шыға келді Киікбайдан. Итжемес, Жанмырзамен судай толқып,
Жүгіртіп ит-құс салды тұрымтайдан.
«Ауызын Жанқожаның алайын» деп, Қара сарт алып келді шекер-шайдан.
Бұл қазақ сарт келгенін кек етпеді, Бір сөзін айтқан сарттың екі етпеді. Қаласын ортасына салып алып, Бабажан бұ қазақты зекеттеді.
Мінгені Жанқожаның қарала ат-ты, Естісе мылтық дауысын қарсы шапты.
«Жазықсыз Ақмырзаны өлтірдің», – деп,
Көп қырды қайқы кірпік қара сартты. Баласын Майқарадай ұстап алып, Артына Төлек батыр мінгестіріп,
«Сәлем де Кенесары ханыма!» – деп, Алашты алты жүйе аралатты.
Егінші егін егед шекпенменен, Тұқымнан алдырмайды сепкенменен. Дәуірі Жанқожаның келгеннен соң, Егінші қала бұзды кетпенменен.
Қазаққа сарт та қылды үлкендікті,
Көрмедік Жәкең барда еш кемдікті. Қаласын Бабажанның бұзып алып, Қазаққа алып берді бір теңдікті.
Жанқожа топтан торай шалдырмаған, Көңілін мұсылманның қалдырмаған. Құтылдық қара сарттан деп жүргенде, Арқадан келді орыс былдырлаған.
Сары орыс Орынбордан аңдап келді, Түйесін жетірудың жалдап келді, Аузын Төке қудың қандап келді.
«Аузын Жанқожаның алайық», – деп, Ақшаны арба толған қамдап келді.
Қамыстың торғай қонар жел басына,
«Ау, орыс, өлем десең, кел қасыма!» (Әліден, әзіреттен ұят-ты деп), Қызбады арба толған тілләсына.
Айтамын, айт дегеннен әуел-айым, Тарқайды ішкі дертім Жанқожаны айтқан сайын.
Бұл орыс алымменен алады деп,
Орыстың алмай кетті сөлкебайын.
Жанқожа көп сөйлесті қазағына, Орыстың ермей кетті мазағына. Кешегі Райымды салдырғанда,
«Ішіне көп орыстың басшы бол» деп, Бекмырза ұстап берді бажағына.
Бұл орыс мұсылманға ор қаздырған,
Ол орын тар қаздырмай, кең қаздырған. Егінін ала-жаздай ектірмеген,
Сөйтті де бұқараны көп жазғырған.
Арқадан келді орыс Райым деп, Алдынан Жәкең шықты қырайын деп. Бұл орыс Бекмырзаға шашты ойын, Қазақтың жинап алып теке-қойын. Алдырды бозбалаға отын-суын, Отынын алып, орын қаздырған соң, Жау болмай не қылғанда тұрайын деп.
Жанқожа қалдырмады Сыр қонысты, ұлына бұл қазақтың көп болысты.
«Бұл орыс бізіңменен жау болар» деп,
Қайықтан ұстап алды екі орысты.
Жанқожа жау боларда жасын алды, Баласын мұсылманның қасына алды.
«Бұл орыс бізіңменен жау болар» деп, Ап келіп екі орыстың басын алды.
Жанқожа бір Құдайды пана қылған, Баласын мұсылманның аға қылған.
Иван Иванович деген орысты ұстап алып, Жанқожа көңілі кетіп бала қылған.
Болғанда қазақ – киік, орыс – тазы,
Орыстың мұсылманға түсті назы.
Кетіпті Әзірет Әлі бізден бұрын қылыш ұрып, Өлген – шейіт, өлтірген болар ғазы.
«Жігіттер, орыспенен ұрыс, деді, Қазаққа келсе шамаң, болыс, – деді.
Кетіпті Әзірет Әлі бізден бұрын қылыш ұрып, Орыспен жау болғаның дұрыс», – деді.
Жанқожа Қазалыны қамалаған, Орыстың азы-көбін шамалаған. Табаны Жанқожаның тайғаннан соң, Жәкеңді жаман қазақ табалаған.
Жанқожа Қазалыда ту ұстаған, Бастары мұсылманның қуыстаған. Әлиден, әзіреттен ұят-ты деп, Жанқожа өлгенінше дін ұстаған.
Қазалы ат жүгіртті қаласына, Салдырды орыс жүгін шанасына. Кешегі Қазалыны қамағанда
Мылтыққа Көк шұнақ ат жығылған соң, Салдаттың жаяу қалды арасында.
Көп қазақ қорыққаннан қашып шықты, Қаракесек Арынғазы, Мәмбетәлі екеуі Жетектеп жаудан жаяу алып шықты.
Жанқожаның сөзі:
– Орыспен жау болып ем көпке сеніп, Жүрейін бұл орыстың зорлығына неғып көніп! Баласы әлім, шөмен басын қосып,
Орыстың қолтығына кетті еніп.
Баласы Жауқашардың батыр Таңат Деген соң жаудан өлді, болды шейіт. Итжемес ақсақалдық қыла көрсін,
Жанмырза Дерімбаймен тірі болса, Біреуі құйрық, біреуі болар қанат.
Арқада қалды інім Есет деген,
Ерназар кетіп еді, қос жайсаң, Бекет деген.
Соры бар маңдайында, байғұс қазақ, Көресің әлі қағаз пешеттеген.
Қоймайды мен өлген соң мына орыс, Көрерсің, ондық қойып, есептеген.
Намысты өзім өлмей бере қалман, Орыстың мылтығына көне қалман. Табаным, Сыр, Қуаңнан көтерілді, Қараойды енді барып көре қалман.
лашын, сұңқар едім қу алғандай, Таппадым елде батыр ту алғандай. Орыстың қысымынан астым Бұхар, Бәрін де жер-жиһанның су алғандай. Алдымда қай туған бар қуанғандай? Бұхарда Үргеніш пен жер бар ма екен, Жылаған қатын-бала жұбанғандай?
Жанқожа асты Бұхар шығайын деп, Бұхарды Үргеніш пен ағайын деп.
Өрістің үш руын қосып алып,
Бір жылша Батырханды бағайын деп.
Қаратау, әдіра қалғыр, оттай жанды! Қауғасын тартқан адам естен танды. Бір жылша Батырханды бағып еді, Батырхан Жанқожаға оянбады.
Қимады тандырдағы піскен нанды, Үргеніш бізге көмек бермек түгіл, Жеңе алмай жатыр екен Сейіт ханды.
Мінгені Жанқожаның қарала ат-ты, Есітсе мылтық дауысын, қарсы шапты.
«Ағасы үш мұсылман болмады» деп, Келді де Шөлқызылда басын бақты.
Айрылды Аманқожа ерлігінен, Көңілдің қаза болар керлігінен. Жәкеңді Жетіруға өлтірткен соң, Айрылды әлім, шөмен бірлігінен.
Қамысы Сырбойлықтың буын-буын, Кім айтар ішпедім деп Сырдың суын. Жанқожа шыққан жалғыз батыр еді, Бұл қазақ жықты ортадан алтын туын.
Аттанды Елікей хан жұртын жиып, Ауыр қол жүре алмайды жолға сиып.
«Бар болса Елікей хан, жау болмас» деп, Тұр екен таң алдында намазға ұйып.
Жанқожа жұрттан асқан батыр еді, Өлтірді оны неғып көзі қиып?!
Көлмембет жау келді деп ат ұстады, Еліне мұсылманның сөз қатпады.
«Бар болса Елікей хан, тигізбес» деп, Бізіңмен ел шығар деп атыспады.
Бастайтын әр жолға да құдірет-ті, Қулары бұл қазақтың түпке жетті.
«Бар болса Елікей хан, жау болмас» деп, Жанқожа ұрыспастан қапы кетті.
Тентекке қой демесе, не қылмайды, Қулары бұл қазақтың шағылмайды. Есіл ер қапияда кетті қолдан,
Енді батыр қазаққа Жанқожадай табылмайды!