Kazakh
Жанқожа батыр мен Бабажан сарт (Жөкей Шаңғытбайұлы нұсқасы)
Бұлбұл тілім бұлаң қағып жорғалап, Шығар жарыққа, бүкпе өнерің қорғалап. Оят ойдың көз еді бұлағын, Тамылжысын таңдайдан сөз сорғалап.
Жүйрік қиял жүйткіп, орғып құлдырап, Аспанға асып, бұлтқа мініп бұлдырап.
Жерді кезіп, көкті шолып шарықтай, Сергі көңілім, жатпа тұнып тұнжырап.
Қанат қағып қаршығадай қалықтап,
Төңіректей дүние жүзін шарықтап. Тарихтағы өткен-кеткенді ескере Алды-артыңа салшы көзіңді анықтап.
Бұл жалғанға кімдер келіп кетпеген, Неше толып, нелер болып өтпеген.
Дертіңе шипа әкім лұхпан, Аплотон Тапса дағы, ажалға айла етпеген.
Өлім рас өзекті жан құтылмас,
Мәңгі өмірге дүниені ешкім тұтынбас. Өткен өмір, кеткен жандар шын болса,
Ұшар дәурен, кімнен артық біздің бас.
Олай болса қаламыңды қолға ал сен, Толғанып ой, ішкі шерім қозғалсын. Хат жүзінде қалдырып кет бір нұсқа, Жойылмастай соңғыларға сөз қалсын.
Халық таниды озған жүйрік ақынды, Ақындар бар сөзі балдан татымды.
Болмасаң да Жиреншедей шын шешен, Таныт көпке, атап Жөке атыңды.
Етсең жолдас, еңбек тұзы татымды,
Ер жүрегі дұшманына батымды. Ерлігімен елін жаудан қорғаған Баяндашы Жанқожадай батырды.
Жанқожадай батырдың Арғы атасы Әлім-ді.
Бергі атасы Шекті. Ел басынан ертеде Нелер ауыр іс өтті. Кішкененің майданы, Алпыс екі айлалы,
Аймағына пайдалы.
Кешегі Кене ханның тұсында Жанқожа атты кісі өтті.
Заманында Жанқожа ер Қадірлі болған халқына. Таңырқатып талайды, Жер жарылған даңқына.
Дұшманын қойдай үркітіп, Тау сілкінген зарпына.
Жақынды, жатты айырмай,
Бірдей болған жалпыға.
Елін жауға бермеген, Биікке қолын сермеген. Қайраты симай қанаға Әруағы өрлеген.
Талай дұшман торлаған, Аламын деп зорлаған.
Қайратыменен сонда да Жетім лағын алдырмай,
Жан-жағын жаудан қорғаған.
Әділдікті жақтаған,
Халқын қорғап сақтаған. Белгілі дұшман болмаса, Бекерге қылыш шаппаған. Тар жерде талай ерлік қып, Халқының тұзын ақтаған.
Алысқандарды ақсатқан, Қасарғандарды қақсатқан. Тентекті тиып телінің, Теріс мінезін тастатқан.
Егескендер еңіреген, Болмаған жауы жеңбеген. Хан, төремен қарсы боп, Айдауына көнбеген.
Хандар түгел қарсы боп, Патшалық күш те жеңбеген. Ауызына арам салмаған, Жат пікір ойға алмаған.
Халық жауы қарысып, Қартайғанша ешқандай Қажымаған, талмаған.
Жанқожа қандай ер болды. Ел қорғаны шер болды.
Асқар таудай айбынды. Асусыз асқар бел болды.
Сол уақытта қоқаннан Бабажан атты ер шықты, Қайтпаған беті бір мықты. Қайратына мас болып, Әдет қылған ұрлықты.
Малын-мүлкін талап ап,
Талайға қылған зорлықты. Ұрлық қылып, жол тосып, Кісі өлтіріп, бас кесіп,
Талайға берген қорлықты. Екі-үш жүздей кісі ертіп, Бір берік құзға орнықты. Тұрақтай алмай онда да, Шегініп шетке жылжыпты. Хандардың түспей қолына, Асырды қулық, сұмдықты. Соңғы кезде сол қулар Байланыс жасап хандармен, Үдетед ұрлық, зорлықты.
Қоқанның бергі шетінен, Сақараның байтақ бетінен Жаңкент деген шаһәр алып, Баспашылар, бандылар,
Бас қосып сонда жиылыпты. Әбден бекіп алған соң, Халқынан шыққан қасқырдай, Көрінгенге килікті.
Әрі палуан, әрі бек, Қадірлеп топ, силап көп. Баспашыларды басқарып, Бабажан алды билікті.
Бабажан қолды басқарды, Баулыды өңшең мастарды. Шекесінен қараған,
Мініс жорыққа жараған Таңдап тауып мінгізді Жылмиған небір жүйрікті. Көрінгенге көз салып, Бедеу атқа ер салып,
Көп найзаны қолға алып, ұрлық қылып ел торып, Төңіректеп жер шолып, Еңіретіп ел шауып, Еңбексіз оңай мал тауып, Шулатып қатын-баласын, Қалдырмай жеке танасын,
Талайдың талап мал-мүлкін, ыңырсытты, ізғытты.
Бір күні Бабажан жарандарына «Арқада қазақ деген халық бар көрінеді. Өнерге олақ, малға бай, оқымаған, надан, діні шала, ауыздары ала халық көрінеді. Соған баралық, шамасын байқап қаралық, малынан зекет алалық, ептеп жөнге салалық, мата апарып саталық, дәм-тұзын таталық, аз затпен көп пұл шығарып, қарық олжаға баталық, айналдырып қаралық, айтқанға көнбесе, тас-талқан қып шабалық» деп жатқан сияқты.
Бабажанның қазақ халқын суреттеп, сонда жарандарына айтқаны:
Сақара байтақ далада, Сарқырап аққан салада Жүздеп, мыңдап мал жиған, Шаруасын етіп шалжиған. Қыс Қызылды қыстаған, Жаз Арқаны жайлаған.
Жері байтақ, елі бай, Малы құрттай қайнаған. Қоралап қойды айдаған, Желілеп нарды байлаған. Дүмбірлеген ақ үйлер Жасаумен іші жайнаған, Көргеннің іші қайнаған. Иен даланы жасырып, Есепсіз жылқы қаптаған. Аптада, айда бір көріп, Ізіне түсіп бақпаған.
Жылқыны түзден жимаған, Өріске малы симаған.
Құдайы қонақ кез келсе, Құрметтеген сыйлаған. Қонақ келсе қой сойған, Бал сапырып, май құйған. Бір кісіге еткен қызметке Ел бөгеліп, жұрт тойған. Жазы-қысы бір жүріп, Жарлысы байға ілескен. Қой, түйесін бес-оннан
Үй басына үлескен.
Құлпырған құмайт, кең жазық, Мақпалдай малдың өрісі.
Қамысты нулы қалыңда Жолбарыс, аю, бөрісі.
Қымбат-ты қызыл алтайы Тымағы түлкі терісі.
Өзенде балық, көлде құс, Қырда қызықты егісі.
Шатырлатып байлаған Тай шаптырым «желісі»,
Шетінен жомарт меймандос, Берекелі ел іші.
Өзенді, көлді, жылғалы, Кеппеген шық сөл ылғалы. Таулы-тасты, шың-құзды, Құланды, киік, құлжалы.
Көк орайлары жайраған, Бөденесі сайраған.
Арқар, Марал, ақ киік
Асыр сап шыңында ойнаған. Бағлан мырза байлары
Сары қымызды сапырып, Сары қазыны шайнаған.
Терісаққанның бойында, Алғырдың құба жонында. Өнерге олақ, малға бай, Төрт түлігі бірдей сай.
Ішкені қымыз, бал шарап, Жегені семіз, ет пен май. Әрі шәруа һәм момын, Алдануы өте оңай,
Қазақ деген осындай. Есті шаруа ел бар деп, Арналары арқырап, Айнадай беті жарқырап,
Тұс-тұсынан тоғылып, Сай-саласы сарқырап, Ел жиегін жайлаған. Шегірткедей шексіз мал, Өрістеп өзен бойлаған.
Шыңқыл қағып жыл құсы, Шалпылдап шабағы ойнаған. Көк құрағы жайқалған, Күмістей суы шайқалған.
Қамыс пен қоғасы ырғалған, Қу мен қазы ыңған.
Көлемі жазық аймақ-ты, Нелер шалқар көл бар деп. Боз жусаны бүрленген, Бетеге, бозы түрленген.
Балаусасы балбырап, Тобылғысы гүлденген. Он екі түрлі жоңышқа
Ақ сары, қызыл түрге енген. Бұйрат-бұйрат бел бар деп, Алыстан даңқын есітіп, Асық боп соған ынтықты.
Мата апарып сатсам деп, Қазақтың дәмін татсам деп. Аз затпен көп пұл шығарып, Қарық олжаға батсам деп, Ойлады осы сұмдықты.
Осыны ойлап Бабажан, Жинап алды жаранын. Өзі тыю оңай ма, Ашылған нәпсі аранын! Көпшілікке сынатты, Қалай деп бұл қарарым. Мақұл десті көпшілік, Қайырлы болсын талабың!
Көпшілік мақұл көрген соң, Шығарды сайлап қырық жігіт. Шақырып алып алдына, Тапсырды қызмет, айтты үгіт.
Жұмысымды тапсырған Келтірер-ау деп орынға, Келешегінен қып үміт. Бабажан сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
Ей, азамат ерлерім,
Айбынды арсылан, шерлерім! Тапсырамын сіздерге, Аралап көріп келуге Арқаның байтақ жерлерін.
Сақараның сары белдерін, Күркіреп аққан өзен мен Көркем шалқар көлдерін. Барсаңыз, байтақ сол жонда Қазақ деген халық бар, Білгенің бастап алып бар.
Бос барып жөні келмейді, Баруда да парық бар.
Бұқардың бояқ, бөзі мен Өрік-мейіз жаңғақты, Қырық атанға артыңыз, Қырға қарап тартыңыз. Қазақтың барып еліне, Аралап жүріп сатыңыз. Асықпай әбден таныс боп, Бірер айдай жатыңыз.
Сонан кейін қайта кеп, Жер жағдайын, ел сырын Көрген-білген айтыңыз. Қол қусырып қырық жігіт, Алдияр тақсыр құп деді.
Бөз бен бояқ, жеміске Қырық атанды жүктеді. Артып алып қырық жігіт, Маңдайын қырға тіктеді. Керуен көшіп жөнеді, ұзын жолға енеді.
Ерте көшіп, кеш қонып, Көп жерлерді көреді.
Бірнеше биік белгілі, Таңырқап талай төбені, Не бір ұзақ жолды өтті, Нелер жазық белді өтті, Неше асу жерді өтті, Неше жайқын көлді өтті, Талай адыр шыңды өтті, Талай шағыл құмды өтті, Талай өзен суды өтті, Талай қалың нуды өтті, Асқар алып тауды өтті, Қалың тоғай қауды өтті,
Үңірейген үңгір құзды өтті, Жылмиған құла түзді өтті, Құла тұз майдан шөлді өтті, Жерленген тұрғын елді өтті, Ай жарым жүріп арада, Жер шегіне кеп жетті.
Керуен көшіп келеді, Жерді, суды көреді. Айдан апта асқанда, Ел қарасына енеді.
Елді аралап саудагер, Аз затын көпке береді. Бес қары бөзді бойдаққа Он қары бөз бен бояқты, Құр тай семіз тайлаққа Елтірі мен сеңсеңді, Өрік-мейіз жаңғаққа Алмастырып береді.
Бұл хабарды естіп, Жиналып халық келеді. Тоннан өзге көрмеген, Шекпеннен басқа кимеген, Аңқау қазақ алданып, Аламыз деп қолданып, Бұқардың бір бөз бен бояғын Әлдеқандай көреді.
Үргеніш пен Бұқардан
Ізденіп барып алатын,
Бес-алты ай әуре болатын, Ауылға мата келді деп, Қуанып Құдай берді деп, Жымыңдасып күледі.
Қымбатсынбай қызғындап, Сұрағанын береді.
Дегені болып сарттардың, Еркіндеп елді емеді.
Екі айдай елді аралап, Көрмегенін көреді.
Айтқаны сарттың болады, Алды малға толады, Сатып пұлдап бар затын, Кейін қарап бет алып, Кентіне бармақ болады.
Аяңдай жүріп, ай көшіп, Жаңкентке де жақындап, Бір күні келіп қалады.
Алдынан шығып Бабажан, Қарсы алды қырық жігітті. Мадақтады, мақтады, Палуаным деп ұмытты.
Көзі тойды көрген соң Қыруар мал мен мүлікті. Жарайсың деп, бектерім,
ыриза боп қарық-қарық күліпті. Көз түсіп, көңіл тойғандай, Тізбектеген түйе мен
Жылқыға, қойға айдаған. Өрелеген киіз бен
Елтірі, сеңсең тайлаған. Дүниеге көзі тойған соң, Төрелер, бектер бас қосып, Бір мәжіліс еткелі,
Бағлан сойып балқытып, Гайып құрып қолды серпкелі, Осылай бір ой ойлаған.
Осыны ойлап Бабажан,
Таңдады қойды аралап. Құнан қой, семіз ісектерді Сойғызды ұстап саралап. Палауды Майлап басқызып, Дұрыстап етті асқызып, Тартқызды табақ шаралап. Арақ пен құйып бозасын, Алың – әка – иұралап.
Көкшайын демдеп қашқарға, Көк кесе көпті жағалап.
Қорқорны тартып аһ-үһ – деп, Аузынан түтін додалап.
Кейбіреулері елітіп, Құлап та жатыр домалап.
Әшулла айтып, ән шырқап, Би билеп, қошық сабалап, Ішті – жеді гайып құрды, Аузына түскен гапты ұрды. Тауса алмай бәрін салалап, Мас болып құлап жатады, ұлы ұйқыға батады.
ұзын түн жатып төсекте, Ертеңгі таң атады.
Таң атқансын оянып, Түні бойын бүлінген, Шақ тұрды түске таянып. Бабажан батыр бұдан соң, Талпынды ойы тағы да.
Көтере алмай шіркін-ай, Мас болып баста бағына. Барғысы келіп енді өзі, Керуеннің кешегі Барып-келген жағына,
Сайлап-сайлап жүз жігіт, Алады ертіп жанына.
Жүз түйені жүктеді, Бояқ пен бөзге тағы да. Өзі апарып сатқалы, Қазақтың дәмін татқалы.
Шәриғат айтып жазылмай, Елді ептеп тартқалы.
Өтірік айтып, молда боп, Аңқау елдің арамза Қатырып басын жатқалы. Зекет алып малынан, Пітір алып басынан, Қарық олжаға батқалы.
Айтқанға егер көнбесе, Тас-талқан қып шапқалы. Әбізелдеп бір-бір бедеуді, Атқа мініп жабыла, Керекті сайман-құралды, Әптиек пен Құранды
Ап жүрді салып қабына. Қырға қарап бет алып, Түсті керуен жолына.
Несібесі әзір өрлеп тұр, Жұлдызы шығып оңына. Жортса, жолы болып жүр, Аңшыдай соққан соныға. Қырға қарап қырындасып, Керуен көшіп тартып келед. Өрік, мейіз, бөз, баяқты, Тайлап-тайлап артып келед. Ауыр артып, жаяу тартып, Бір қалыппен қолқып келед. Небір-небір шағылдардан Маймаңдап малтып келед, Адырларды асып келед, Тауды құзды басып келед.
Барған сарттар бажақ болып, Көрген жермен көшіп келед, Өзен соқса, өрлеп келед, Көлдер соқса, көлбеп келед. Кей жерлерде кере тартып, Су таба алмай шөлдеп келед. Құмдар соқса қоңырымен, Тоғай соқса, өңірімен,
Жарға соқса, жағаласып, Тартып жердің жеңілімен, Сылқылдаған бұлақтарды, Судырлаған құрақтарды. Құмға біткен құмаршақ пен ызыңдаған қияқтарды.
Итсигекті шұбарлады, Сексеуілді томарларды, Ойдым-ойдым тепсеңдер мен Қыдыра жал қыраңдарды.
Қамыс шыққан қалыңдар мен Қоға шыққан қопаларды, Түзге шыққан, түзген жыңғыл, Үй орнындай бұталарды.
Талай шошақ шоқылар мен Биік-биік жоталарды.
Тарбаңдаған тарғыл шұбар Тастағандай бақаларды.
Талайларын көріп келед, Жерден жуа теріп келед. Құмнан қоян, шыңнан түлкі, Қойдан бетер өріп келед.
Талай жерден өтті керуен, ұзақ сапар шекті керуен. Ай жарымда әрең келіп, Жер шегіне жетті керуен. Ел қарасын көргеннен соң, Ерулелік депті керуен.
Ал Бабажан ашты мәжіліс, Тапсырады түрлі жұмыс. Үйретіп сан үгіттерін.
Әр түрлі үгіт айта келіп, Қырық кісіні алды бөліп. Құран кітап қоржынға сап, Мұтанылар молда болып, Алпыс кісі керуенші боп, Қалың елге кетеді еніп.
Ете берді саудаларын, Пұлын алып, затын беріп.
Баянды, байтақ елді, Үріп ішіп, шайқап төгіп.
Сүліктей сорып момын елді, Қарны шықты қанға бөгіп. Сұрағанын берісіпті ел,
Не тілесе, соған көніп. Саудагерлер батты олжаға, Жұлдызды оңып жолды болып. Сатса қымбат, алса арзан, Мұралдады еркін еміп.
Ендігі сөз қырық молдадан, Көрелікші кейін келіп.
Бағанағы қырық молда, Бұлар бөлек шығып жолға, Балтырына сәлде салып, Кітап құран алып қолға.
Ішінде бұл қырық кісінің Бар-ды батыр Бабажан да. Түрлі өсиет берді сөйлеп, Бағыттарын қойып жолға. Қырық кісіні төртке бөлед, Қалың елге бұлар енед.
Сол бөлінген қалыбыменен Бір ауылға жетіп келед.
Мұны көріп азаматтар, Қарсы шығып сәлем беред. Жолаушы ма, жорықшы ма, Түсі суық, жүрісі бөлек.
Керуен деуге жүгі жоқ қой, Қоржыннан өзге түгі жоқ қой. Қандай жандар, қайдан келед, Мінгендері арғымақ ат, Шекесінен қараған.
Бәйгі атындай күйттеп, күйлеп, Жал-құйрығын тараған.
Кигендері көк мелде өңкей, Басына сәлде ораған.
Көзін жұмып көлгірсіп, Тұнжырап төмен қараған.
Қоржындары қомпиысқан, Жаурындары томпиысқан, Бұлар нендей аламан,
Деп таңырқап азаматтар, Соқтыра алмай тұр шамадан. Таңырқағанын көрген соң,
«Миманбыз», – деді Бабажан.
«Мейман болсаң, түсіңіз» – деп, Құрметтеп алдын ораған.
Мейман болып жатты бұлар, Бұйырғанын татты бұлар, Бағлан сойып алдарына, Табақтап ет тартты бұлар.
Қымыз құйып шарасымен, Құрметтеді бақты бұлар.
Қымыз ішіп, қызара бөртіп, Терлеп су боп ақты бұлар.
Маңыз атып майлы етке, Тойып түнде жатты бұлар. Көкжиектен көтеріліп, Сарғайып Сәуле атты таң. Шырылдап ұшып бозторғай,
Күй-күйлеп, көкте шырқады ән. Шаңқыл қағып жыл құсы, Тоғайға кірді шаттық сән.
Өріске қарап өрекшіп, Мал қозғалды қотаннан. Оянысып үлкендер, Шаруасына қылды қам. Төсектен тұрып мырзалар, Аяғын басты маң-маң.
Түндік ашып әйелдер, От тамызған, мал сауған. Әлдилесіп кемпір-шал,
Балларды жылап оянған. Алатаңмен аралас
Бектер де тұрып дәрет ап, Айқайлады айтты азан.
Ауыл адамы оянып,
Таңырқады, қалды аң-таң. Шақырады, – деп, – бұл кімді? Қарай қалды халық бұған.
Өлең де емес, жыр да емес, Құлқын сәріден қылқыңдап, Бұл не ырым, бұл не заң?!
Әркімдер десіп бұл несі, Намазды тұрды көріп таң. Ораза-намаз дегенді Естігені болмаса,
Көрмеген бұл ел бұрыннан, Мұсылманбыз, – деп жүрсе де. Ішінен тәуір көрсе де,
Бос жүруші еді бұл елдер, Зекет, ораза, намаздан.
Намаздан кейін ал бектер Кеңеске бетін бұрады.
Ауыл адамын жинап ап, Әңгіме-дүкен құрады.
Қырық парызды бұл топта,
«Кім біледі?» – деп сұрады. Қапелімде кім білсін, Халық бөгеліп тұрады.
Жауап берер жан жоғын, Әбден сезді сынады.
Бектер сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Мұсылман десек бұл елді, Ауыздары ала екен,
Жері байтақ дала екен. Қырық парызды білмеген, Дін әмірін ешқандай Құлағына ілмеген,
Діні жарты шала екен. Не ораза, не намаз Оқып және көрмеген, Үсір, зекет бермеген,
Жинағаны арам мал екен. Ашылмаған бұл жөнде,
Мәселе үлкен бар екен. Бағытын жөнге салмасақ, Малынан зекет алмасақ, Пиғылы елдің тар екен.
Дін исламның әмірі – Мұсылманға қырық парыз Өтемесе, ол қарыз.
Ораза, намаз, зекет, қаж, Жағдай айтып ол үшін, Тыңдалмайды еш арыз. Иман, намаз, оразаны, Үйрететін молда бар, [Кітап құран ол да бар]. Зекеттейміз әуелі, Мәселе үлкен мал да бар. Айтқанға халық көнесің, Иманға кәміл сенесің.
Ханның әмірін тәрік етпей, Малыңнан зекет бересің.
Егер зекет бермесең, Малыңнан зекет бермесең, Кәпір болып өлесің.
Таңда мақшар күнінде Тәңірге есеп бересің.
Жыландары арсылдап, Шаяндары қарсылдап, Жалыны ұшып жарқылдап, Сулар қайнап сарқылдап, Алдыңда тосып тозақ тұр.
Адам ұлы көрмеген Небір ауыр азап тұр. Асықпасаң, көресің, От күйдіріп тәніңді, Заһар улап жаныңды, Ауыр азап шегесің.
Айтқанға көніп дін тұтсаң, Дәл бейішке енесің.
Пырақты таңдап мінесің, Қамқаны қалап киесің,
Салтанат құрып сайрандап, Үр қыздарын сүйесің.
Осылай деп ұйытып, Сөзге шебер құрғырлар Жүйткітті сөздің жүйесін. Осы сөзді айтты да, Бұйрық қылды Бабажан:
Жұрт жиналып келсін, деп, Халыққа жарлық таратып. Малынан зекет берсін, – деп, Ханның әмірін тәрік етпей, Бұйрығыма көнсін, – деп.
Төрт түлігін есептеп, Мал басына бөлсін! – деп. Қырық қойға бір бойдақ, Бес түйеге бір бойдақ, Жиырма бас қой төлесін.
Біреуде болса жүз мойнақ, Көрінгенге күйлегіш,
Кісі сөзін сөйлегіш, Кез келгенге итаршы,
Құны – орамал бір шаршы. Бөрік ал десе, бас алған, Болмашыға қасарған, Еліктіріп небір дорақты, Болатқа салып болатты, Көлденең сөзге ермелі, Ақылы келте шолақты Бауырына тартты ыңғайлап. Маңызсыздарды мазақ қып, Алдына салып бажақ қып.
Елден зекет жинауға, Көнбегендерді қинауға, Қорқақтарды бірнеше Шығарып қойды сарт сайлап. Желіп жүріп жағалай,
Елден зекет жинады. Халықтан түскен түсімді Қорына сарттың құйғалы.
Жинала келе көбейіп,
Қой қораға симады.
Көбейген сайын құнығып,
Сұм нәпсісін тимады.
Онымен қоймай тағы да,
Қой соңында келе атқан
Жорға тоқтыны ұста деп,
Қисынсыз кейде қинады.
Оған да көнді ел ғарып,
Наразы болып сонда да,
Айта алмады бір қарып.
Қосымша көбейді,
«Құшақ зекет» дегенді
Тағы үстіне шығарып,
Құлқыншыл құрдым сарттардың
Араны күн-күн ашылып,
Алды малға толады,
Тілегені болады.
Толғанының белгісі,
Жүзден артып, мың тартып,
Күндегісін күнде артып,
Ауыл боп аулақ қонады.
Азан айтып әндетіп,
Отау тігіп сәндетіп,
Ертеңді – кеш шуласып,
Ерігіп зең салады.
Елді аралап сауда еткен
Саудагерлерін кешегі,
Оны да қосып алады.
Бойы үйреніп алған соң,
Елмен таныс болған соң,
Арқыраған айғыр сарт
Қыздарға да әуес болады.
Қызды көрсе, қызаңдап,
Жанады да күйеді.
Шақырып алып, алдына
Өрік, мейізді үйеді.
Онымен қоймай тағы да,
Етек-жеңін зерлеген
Шайкөйлек, жібек, орамал Алдыңа салып алың дейд. Садағасы кетейін, Қайсысын кеуілің сүйеді. Жағалай жүріп шетінен, Бір сүйгіз деп бетіңнен, Қаралай тұрып қалшылдап, Исініп босап иеді.
Дүниесі құрғыр тұщы ғой, Алсаң ал деп анасы, Көйлекті көңілі сүйеді.
Бір жолы алмай кетсе де, Екінші де алып киеді.
Қыздарменен жанасып, Бектердің де қолына Қалағаны тиеді.
Мұны біліп жігіттер, Іштері оттай күйеді. Ыза болып қыздарға, Сырқырайды сүйегі. Намыстанып арланып, Жиналады боз бала, Жиналған соң кеңесіп, Ақылдасад аз ғана.
Бектердің ісін кектеніп, Негізінен сектеніп, Жалындаған жас жүрек Қобалжиды қозғала.
Бұзылды ғой деп ел ниеті, Сарттардың жаман келбеті. Азары мұның өтті-ау деп, Шыбжық боп қызды қызғана. Зекетің деп малды алып, Пітірің деп пұлды алып, Онымен қоймай тағы да, Қойнына қыз салып, Көрмегенді көрдік-ау, Сақалды қолдан бердік-ау.
Бұл қылығын қоймаса,
Малға қосып бір күні, Кететін шығар қызды ала. Бүйте берсе, елді алар, Елді алған соң не қалар.
Қызды қойып бір күні, Қатынымызға қол салар. Іш қорқатын ісі бар, Сұрғылт суық түсі бар.
Атқа мініп ап десіп, Ел де шабар күші бар. Бұл азарды көргенше, Мал-дүниені елентіп, Қызды қоса бергенше, Бір тіршілік етелік.
Азған-тозған, адасқан Бұл елде тұрып нетелік. Ең болмаса бас қам қып, Қашып, көшіп кетелік.
Молда емес бұлар алдаушы, Халықты сорып қармаушы. Абройын төгіп әр жерде, Елді, жұртты қорлаушы.
Адастырып ақ жолдан, Қыз-қатынын зорлаушы, Десті дағы жігіттер, Ойланды көше қашуға.
Түйе қамдап, түнде үркіп, Алабелден асуға.
Бөліне көшті ел жарлы, Азы көпке қосыла.
Ел жапсары төгіліп, Жылқысын айдап қашыра. Ақ киіктей жөңкіліп, Жөнелді үркіп асыға.
Екі-үш бөлек ел қалды, Қарайлап бектер қасында. Ертеңінде сарттар да,
Ел ақуалын естіді. Ел құлағы елу ғой,
Хабарланбай қойсын ба! Естіген соң Бабажан, Өзі батыр шабаған,
Шамырқанды, шамданды, Арсылдап иттей қабаған. Айқай салды сарттарға, Атқа мін деп аламан.
Бірің қалмай атлан, – деп, Қашқанның үстін қаплаң деп, Діннен қашқан кәпір деп, Қарсы боп бара жатыр деп.
Екінші болсын есінде, Бармақларыңды батыр деп. Бастарын кесіп бедбахның, Малын талау мақұл деп.
Ашу қысып арсылдап, Азу тісі қаршылдап, Арғымақтары арқырап, Тау суындай сарқырап, [Өз-өзінен булығып], Даусы жаман барқырап,
Сарттар шапты сартылдап, Белінде қылыш жарқылдап, Қайтпаған беті немелер Қаны бұзылып қарқындап, Көшкен елдің соңынан Көтеріле қуып кетеді. ұмтылған жау қойсын ба, ұзатпай қуып жетеді.
Жеткен жерде еңселеп, Елді әбігер етеді,
Бірін қоймай табады, Кез келгенін сабады. Қарсы келген кісіні Қылышпенен шабады. Елді шауып, бар малды Айдап жөнге салады.
Малға қоса мүлкімен, Қыздарын да алады.
Жылқысын алды дулатып, Қатыны мен баласын ызғытып қойдай шулатып. Қой, түйесін қоймай ап, Босағасын қуратып.
Қарсы келген қазақты Найзаменен түйреді. Талайын тайдай тулатып, Малын қоймай алады, Мүлкін қоймай талады. ыңырсытып бар малды, Айдап жөнге салады.
Дүние малдан айрылып, Ел шабылып қалады.
Қой, түйені қаралап, Келген жөнді жобалап, Дуылдатып жылқыны, Жайнатып жасау мүлкіні, ыңырсытып малды айдап, Арғымағын шаужайлап, Бабажан кетіп барады.
Сол бетімен кідірмей, Жаңкентке келіп қалады.
Ел шауып қырдан қайтқан соң, Олжа, малға қарық қылып, Бір жылдай елді байтқан соң, Бабажандай батырдың
Даңқы кетті жер жарып. Ат шаптырып, той қылды, Қосақтап қойды шығарып. Еңбекпен тапқан мал емес, Тоны тозып, аты арып.
Аясынба олжаны, Жортса, жолы болып жүр, Жұлдызды бектер оңалып.
Малдан-мүліктен айрылып, Жаншіліп қалған ел ғарып. Бірқатар ел қалды аман, Жау жолынан бұлтарып.
Дәндеп жүрген немелер Қырды қырып, ойды алып. Еркелесе, ел шауып, Еңбексіз оңай мал тауып. Қайта ойласып бұзықтар, Және шықты келер жыл, Сырдың бойын оралып.
Бармаған бұрын соны елге, Барғысы келіп соны алып. Шектілерге келді де, Жатып алды қамалып.
Зекеттің түрі көбейді, Үсті-үстіне жамалып.
Халықты қанап салық сап, Сүліктей сорды қадалып. Аңқау елді арамза Басынып сарттың бектері.
Сыртты айналып сырды алып, Бұзылды күн-күн ниеттері.
Дәнігіп оңай олжаға, Әурелеп елді шеткері.
Жылмиып елге жыл-жыл кеп, Зекеттеу болды гептері.
Үйрене келе үйір боп, Абыройын елдің төккелі. Қойныма қыз сал дегенді, Шығарады төрелер Шымырламай-ақ беттері. Әуелде үрке қашса да, Көрген сайын көндігіп, Үйренед елдің еттері.
Жағалай елді зекеттеп, Жаз-қысы жайлап кетпеді. Бұл ауылдарды кім десең, Алты аталы кішкене,
Сыр бойындағы шекті еді. Жанқожа батыр сол күнде Ағайынға боп өкпелі, Ермеген соң соңына ел,
Жүргісі келді шеткері. Төртқарада Еділбай, Он екі ұлды Қосыке
Жанқожаның қайны еді. Азаматты айбатты,
Аты, тоны сайлы еді. Қоқанның ісін кектеніп, Негізінен сектеніп, Қылуасын елдің жек көріп, Қайтсем деп батыр ойлы еді. Жанқожаның ағасы Ақмырза атты ер еді.
Дұшманы аңдай үріккен Азулы көкжал бөрі еді. Елді алып қоқан жатса да, Қынадай қырып зекеттеп, Басқаға тісі батса да, Ақмырзадай батырдың Маңына кім келеді.
Хан да болса қайыспайд, Өзіне-өзі сенеді.
Алпыстан асып сол күнде, Қайраты қайтып бұрынғы, Үлкейіп келген кезі еді.
Бір күні келіп Жанқожа, Ақаңа сәлем береді.
Ағасымен ойласып, Ойға алғанын тереді.
Жанқожа сонда бүй деді:
– Қалай болды-ау, Ақа, Елді кеп Қоқан жайлады. Мал басынан ерік кетіп, Елдің соры қайнады.
Құлқы бұзық құрдым сарт, Құлқыны мұның тоймады. Елді, жұртты басынып, Қыз-қатынын қоймады.
Бармағын қоқан батырды, Әр жерде бір дау әурелеп,
Халықтың басын қатырды. Қыз-қатынын меңгеріп, Елді ез қып басынды.
Үміт еткен мырзаның Тамаққа көбі сатылды. Елден үздім күдерді, Шықпады жігіт жігерлі. Ел соңыма ермеді, Көпшілік көмек бермеді. Елдігімізден ұят деп, Ешкім намыс көрмеді.
Қалай болды-ау, Ақа, Сізге бұл салған кеңесім, Қандай ақыл бересің?
Байқаған да боларсың, Құлқыншыл мынау сарттардың Ниетінің түзу емесін.
Бұл елден көңілім қалған соң, Көшкім келед қайныма, Мұнымды қалай көресің?
Ақмырза сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Иә, Жанқожа, сұр берен, Бұл ойыңды жөн дер ем.
Арқасы қызбас айқайға, Естіместей ел керең.
Алпыстан жасым асқанда Ақмырза қашты дегенді Атағыма ар көрем.
Не де болса тәуекел, Қартайғанда қаңғалап, Қайда барып, қайда өлем. Талабыңды қайырман, Барғың келсе, бар төрем! Ақмырза бұлай деген соң, Көшуге белді байлады.
Іргесі бүтін үлтанды ел, Төртқараға қырдағы Барайын деп ойлады.
Атан қомдап, ат ерлеп, Аспаптарын сайлады. Көшіп келіп қайнына, Қосыкедей шонжармен Қосылып бірге жайлады. Жата берсін Жаңқожа, Жалғыз ауыл көшіп кеп, Іс қала ма білінбей,
Ел құлағы естімек. Жанқожа кетті деген соң, Қалған елге кәр қылып, Бабажан болды өшікбек. Бар ма деп тума жақыны, Тергеді сұрап ежіктеп.
Ағасы деп Ақмырза, Айтып салды бір жаман. Ақымақты адам демеңіз, Ауызында сөзі тұрмаған. Естіген соң Бабажан, Ниетке мінді тым жаман.
Ақмырзаны айдап әкел деп, Елді қысып қырлаған.
Ел қысылды зәрінен, Ханның күшті кәрінен. Өлтірді-ау деп батырды, Қалмады зәре бәрінен. Бабажан тағы ақырды, Мая нардай бақырды.
Тез жинал деп әмір қып, Уәзірлерді шақырды.
Бұйрық берді тығыздап, Айдап кел деп алдыма, Ақмырзадай батырды. Өлтіремін деп суға атып, Жанқожамен бір туған, Діні бұзық кәпірді.
Сайланып шығып алты уәзір, Жарлығын ханның алады.
Сауыт-сайман асынып, Ат басын жолға салады. ұлы сәске болғанда Ақмырзадай батырдың Ауылын келе қамады. Қыр көрсетіп ауылға, Кез келгенді сабады.
«Ақмырза қайда, шықсын!» – деп, Тықсыртып лаң салады.
Көлеңкеде Ақмырза Жатыр еді саялап. Даусын естіп бұлардың, ұйқыдан батыр оянад.
«Айқайлаған бұл кім?» – деп, Уәзірлердің алдынан
Ақаң да шықты аяңдап. Оны көріп уәзірлер, Әбжыландай ысқырды. Бәдбақны ұша – тұтың деп,1
Жан-жағын қамап тықсырды. Аламын деп басыңды, Қылыш суырып қышқырды. Ортаға алып омыраулап, Өкшесін атқа бастырды.
Ашуы келіп Ақаңның, Таяқпен атын басқа ұрды. Қамағандай қалың ит Жалғыз көкжал қасқырды. Ақ таяқпен айқасып,
Күш сынасып байқасып, Сайланған алты аттыны Жалғыз жаяу састырды. Таяққа жағып үшеуін, Атын алды аударып, Қызыл қанға бояды,
Көз шығарып, бас жарып. Танығасын сыңайын,
Қалағаны қашты тайсалып.
Ханға барды қашқандар, Таяқ жеп шалдан сасқандар. Қоңынан бөрі тартқандай, Ай мүйізді қошқарлар.
Сүйкенем деп батырға, Әкәсін сөйтіп таныпты2 Құйрығын жылан басқандар. Бабажан мұны көргесін,
Не болған депті бұларға:
– Қан сорғалап басыңнан, Бала емессің жыларға!
Аттанып барған алты уәзір Алпыстағы бір шалды Алдына салып пенде қып, Айдап келмес болар ма?!
Әлдерің келмей бір шалға, Таяқ жеп қайттық дегенге Жанды кісі нанар ма?!
Хандық құрып кәр қылды, Қырық жігіт атқа мінің – деп, Ақмырзаны ұстап байлап ап, Баданын парша қылың деп.
Қолын байлап артына, Сақалын талдап жұлың деп. Жаяу айдап бәдбақның, Табан етін тілің деп.
Ала алмай келсең осыдан, Бәріңді де қырамын,
Бұл айтқанды білің деп. Атқа мінді уәзір қырық, Қылыштарын байланып. Ауылына келіп Ақаңның, Қамап алды айланып.
Қамағанын көрген соң,
Жата алмады Ақаң жайланып. Қарсы шықты бұларға,
Көк найзаны қолға алып.
Оны көріп уәзірлер, Ортаға алды ұйлығып, Жан-жағынан батырдың Киіп кетті килігіп.
Айқайын салып Ақмырза, Найзаны көкке сермеді, Ашу қысты кернеді.
Арпалысып жауменен, Алқынып батыр терледі. Еркін жаяу болған соң, Көпке күші келмеді.
Жаяу да болса қарт бабаң, Намысты оңай бермеді.
Елден көмек көре алмай, Шегірткедей шектіден, Ешкім жәрдем бере алмай, Жалғыздық түсіп еңіреді. Көк найзаны көлбетіп, Оңды-солды сермеді.
Талайлары қансырап, Болыңқырады өлгені. Қырық жерден қылыш тиіп, Жарақаттан меңдеді.
Ақыры жеңді көпшілік, Қолға түсті көнді енді. ұстап алып батырдың, Артына қолын байлады. Барамыз деп ханға алып, Еңселеп жаяу айдады.
Қорлығын көріп сарттардың, Есіне түсіп Жанқожа, Бармағын кесе шайнады.
Алмап едім тіліңді, Әй, Жанқожа баурым.
Сен едің үлкен сүйеніш, Қажымас қалың саурың. Жалғыздық түсіп басыма, ұшты ғой бүгін дәуірім.
Алпыстан жасым асқанда, Арқалатса амал не, Бейнеттің Тәңірі ауырын.
Қайдасың жаным, Жанқожа? Жалғыз ағаң Ақмырза Айдауда барад баурың.
Жау жағадан алғанда Жан көрінбей көзіме, Қолға түстім қорғалап. Сақалым қанға боялды, Бетімнен қаным сорғалап. Екі иінімнен дем алып, Ентігіп жаяу күйді ішім,
Сыртыма қолым байланып, Сарттардың жедім түйгісін. Жалғыз ағаң Ақмырза
Жау қолында барады, Жанқожа көрмей жүрмісің?! Алдына салып жендеттер, Бабажанның алдына
Алып барды айдасып, Артына қолын байласып. Кез келгені шабақтап, Найзаларын қандасып.
Оны көріп төрелер, Алдынан шықты аңдасып.
«Бәдбақның басын кесің» деп, Шауқылдасып, шуласып.
Мойнына тас байлап, Атпақ болды дәрияға. Әрі-бері ойласып, Қол-аяғын буды да,
Арқан тақты мойнына, Тас толтырып қойнына, Апарып суға атады.
Тастың басып салмағы, Шымырлап суға батады. Сүрікті күні толған соң, Әмірі ақтың болған соң,
Баурына басып көк иірім, Көлбепте батыр жатады, Тұздығын өлім татады.
Көрген адам түңіліп, Көкірегі көптің мұздады. Ақмырзаның арына
Намыс қып ешкім қызбады. Аштырмастай жанға ауыз, Айдаһардай жалмауыз.
Өтіп қалған ызғары, Жұрт түңілді жер шұқып. Боламыз деп осындай, Бектер сезсе біз тағы.
Үні шықпай жалғыздың, Ақмырза кетті арманда. Болар ма еді осындай, Жанқожа елде болғанда. Жанашырсыз жалғыздың Келгені түссін жалғанға.
Қайдасың, – деп, – Жанқожа? Айқайлады үш рет.
Тас байлап суға салғанда, Жанқожалап Ақмырза Жылай да жылай кетеді. Таланға түскен іс болса, Тақтирге не лаж етеді.
Айлар асып бірнеше, Арада көп күн өтеді. Ақмырзаны өлтіріп, Істі орынға келтіріп, Мудәсі сарттың бітеді. Үкімін елге жүргізіп, Қазаққа хандық етеді. Шығарып түрлі зекетті, Елді жүндей түтеді.
«Құшақ зекет» дегенді, Көбірек бектер қолданып, Оңай олжа етеді.
Салық салып мойнына,
Қыз салғызып қойнына, Елден де маза кетеді.
Күндерден күн өткенде, Ақмырза өлді деген сөз Жанқожадай батырдың Құлағына да жетеді.
Жанқожа батыр мұны естіп, Қазандай іші қайнады, Түлкідей көз жайнады, Қайтемін деп ойлады,
Ой түбіне бойлады.
Ел шабылып, мал кетіп, Ер сүрініп, ар кетіп, Қоқан алып ел шетін, Топан алып жер бетін, ықтиярсыз мал басы
Сарттардың болып олжасы, Жұрт жүдеді деген соң, Бабажаннан ажырды Алайын деп ойлады,
Ой түбіне байлады. ызаланып, кектеніп, Кәрленіп қаны қайнады.
«Төбесінде төрт бүркіт», Шиыршық атып ойнады. Шамырқанды, шамданды, Қаруланды, қамданды.
Әруағын батырдың Көрген адам таң қалды. Ақмоншаққа ер салды, Ақ найзаны қолға алды. Бірер жүздей қол алды Жанқожа батыр қолбасы, Өңкей көкжал жолдасы. Шашақты найза ту алып, Бір жеңнен қол шығарып, Атқа мініп ауыр қол,
Жаңкентке қарап қозғалды. Жер қайысқан қалың қол,
Тәуекел етіп жүрді жол. Әруақтарға сиынып,
Шер арсылан деп жар бол, Бастады қолды Жанқожа ер. Көпті көрген кемеңгер,
Дін мұсылман тарықса, Демей гөр деп Әлішер, Тәуекелге бел байлап, Талпыныңыз, жігіттер, Ер басына қой айтып, Садақаны сауда бер.
Жауға жәбір кетті ғой, Жүр, жігіттер, жүре гөр!
Қалың қол қаптай жортқанда Солқылдады қара жер.
Бірнеше асу жерді асып, Өткізді бастан көп күндер. Неше жазық белді өтті, Нелер асу шөлді өтті, Зеңгір алып тауды өтті, Қалың тоғай қауды өтті,
Үңгірейген үңгір құзды өтті, Жылмиған құла түзді өтті, Көк ирім өзен, суды өтті, Қамысты қалың нуды өтті, Көшпелі шағыл құмды өтті, Ақ ирек борбас шыңды өтті, Еркекті құмайт жерді өтті, Қоғалы қара көлді өтті, Бөлек-бөлек елді өтті, Қиғаш-қиғаш жолды өтті, Жылға-жылға сайды өтті, ылди-ылди ойды өтті, Батпақты балқаш миды өтті, Қияқты сортап шиды өтті, Қона түссе қол жүріп,
Айға жуық жол жүріп, Жаңкентке жақын кеп жетті. Қол түнеді жуық кеп,
Жауды артынан қуып кеп.
Жетелік деп асығып,
Жедел жүріп суыт кеп.
Ер Жәкең енді жатпады,
Ішсе тамақ батпады.
Айғайының ары үшін,
Қарындастың қамы үшін,
Әсіресе бір туған
Ақмырзаның қаны үшін
Қайғырып, дамыл таппады.
Жылдай болып күзгі түн,
Сарғайып таң атпады.
Алып ұшып жүрегі
Жаңкентті барып шапқалы.
Түнеген қолды тұрғызып,
Таңмен бірге аттанды.
«Аллалап» ұран шақырып,
Қалың қол қаптай шапқалы.
Жанқожаның «қызылжел»
Қаланың үстін қаптады.
Оны көріп Бабажан,
Мергенді жолға төккізді
Жанқожаны атқалы.
Соққан желдің күшімен
Білтелі мылтық өтпеді.
Әруақтар жар болып,
Батырды Құдай сақтады.
Алдырмастай берік болып,
Қаланың соққан қамалы.
Күн ілгері күтініп
Қоқанның құрған амалы.
Еркіндеп ішке ене алмай,
Қаптай шапқан қалың қол
Қамалға соғып, тоқтады.
Айналасы шаһардың
Терең ғып қазан ор екен,
Ордың беті тор екен.
Іш жағы биік дуал,
Бекінісі тым зор екен.
Түйелеп томар үйгізген, Шетіне шырпы тигізген, Ордың сырты жанған от, Айласы қылған мол екен. Кіріп те шығар ауызы Жалғыз аяқ жол екен.
Ауызға төккен ауыр күш, Сансыған сары қол екен. Ал бұл қолды сұрасаң, Бабажан бек бастаған Райым ханның әскері, Атақты сарбаз сол екен. Амалына қамалы
Сай болғасын сарттардың, Мұнан бұрын еш жерде, Алдырып көрген жоқ екен. Мылтықтарын оқтасып, Найзаларын шоқтасып, Аттанысып қазақ келер деп, Күтініп күтіп тұр екен.
Қаптаған қолды көрген соң, Кіргізбеске қамалға, Партылдатып оқ атты.
Жарқылдатып от жақты. Айлалармен осындай, Қамалға қолды кіргізбей, Тоқайратты, тоқтатты.
Келген беттен кідірмей, Оққа минут мүдірмей, Қамалдан атын қарғытып, Жанқожа келе килікті.
Қиядан ұшқан қырандай, Қалыңға қарай шүйлікті. Бабажан оны көрген соң,
«Бәдбақңны ұша тұтың», – деп Әскерге берді бұйрықты.
Ұста деп бұйрық берген соң, Ортаға ап әскер ұйлықты. Онан сайын өршігіп,
Түнеріп батыр түйлікті. Қимылы болды өзгеше, Найзасы тасқа енгендей, Шын кәріне кез келсе, Түйгіліп неше төнсе де, Жалғыз Жәкең болмаса, Кіре алмады ішке өзгесі. Арпалысып жауменен, Батырды ашу кернеді.
Нар кескенді суырып, Оңды-солды сермеді. Сермеген жері серпіліп, Қарсысына ешкім келмеді. Өлермендік қып сонда да, Қамалын қоқан бермеді.
Ақ көбік атып аузынан, Тер тамшылап баурынан, Ақмоншақ ат терледі.
Жаңбырдай төгіп жауған оқ Көк түтіннен көрінбей, Жан-жағы кетті тұман боп. Тарықты батыр тар жерде, Қиындық түсті басына, Қайтып аман қамалдан
Шықпаған сыртқа күмән боп. Талайды шапты қуалап,
Бас кесілді жұмалап. Талай бассыз кеуделер, Жүгіріп кетіп барады, Екі қолын сабалап.
Онан сайын өршікті, Ортаға алды қамалап. Қамағандарды қарсы алды, Аш бөрідей аралап.
Сарттар қашты салақтап, Екі көзі алақтап.
Жайқады батыр жау ішін, Аш қасқырдай жалақтап. Талайларын түсірді,
Найзаменен шабақтап. Үтірі келген жерлерде, Екіден, үштен қабаттап. Күн батқанша ұрысты, Шыққысы келіп адақтап. Қайтып шықты күн бата, Бүркіттей қанға тояттап. Қайтып шықса қалған қол, Тұр екен ішке кіре алмай. Қат-қабат қалың әскерден Аяқ алып жүре алмай.
Іштегі жалғыз батырдың Не болғанын біле алмай, Білуге шара қыла алмай. Қамалды неше айналды, Төзіп, шыдап тұра алмай. Аман шықса қамалдан, Батырдың бетін нағылып, Көреміз деп ұялмай.
Зығырданы қайнады, Еркін шауып қалаға Тұс-тұсынан ене алмай.
Батыр да шықты бір кезде, Ордалы киікті иірген Қанды балақ қырандай.
Жанқожа іште жүргенде, Жабырқап қолы тұр еді. Жарық етіп сыртқа шыққанда Жарыла жазды жүрегі.
Масайрасып мәз болды, Босағандай боп тұр еді, Жер менен көктің тірегі.
Алды-арты қолдың бас қосып, Сол күні түзге түнеді.
Таңертең тұрып тағы да, Жабыла атқа мінеді.
Абырой бер деп бұл жолда, Алладан мәдет тіледі.
Бұзғысы келіп қамалды,
Түйлігіп неше төнеді. Жуытар емес маңына, Жанған от қашан сөнеді. Ордың сырты айнала от, Жалына көкке лапылдап. Кіргізбек түгіл қалаға, Жүргізбейді жақындап.
Ауызға төккен ауыр қол, Асынғаны көк темір.
Найза мен қылыш шақырлап, Тосып жатқан топ мерген,
Оқ жаудырад патырлап. Түйлікті ерлер неше рет, Самсаған қолға сатырлап. Өткізбеді сонда да,
Өлермен сарттар жапырлап. Жан-жағы қысаң жалғыз жол, Кіре алмады ішке қол. ұмтылғанмен қарқындап, Неше рет тиді Жанқожа,
Көк сауыты жарқылдап. Қылышын қия сермейді, Садағы белде сартылдап. Қамалы берік болған соң, Сонда дағы дұшманды Ала алмады алқымдап.
Сол қалпымен қалың қол Жеті күн жатты жеңе алмай. Қазандай іш қайнады, Еркіндеп ішке ене алмай.
Бұл қалпыменен тұрғанда, Күмән болды батырға, Жаңкентті алар-алмасы, Күшіне қолдың сене алмай. Оттан да көрді қорлықты, Тез күнде жанып сөне алмай. Жеті күн жатып ұрысты, Күндіз де, түн де дем алмай. Жүрерінде Жанқожа
Тілеулі мен Ақтанға, Жүрсін деп хабар айтса да, Қалып еді шыға алмай.
Келетін кезі болып ед, Кешікті нешік келе алмай. Шынымен-ақ қоқаннан Кетемін бе кек алмай.
Бабажандай жауыздың Жазасын қолдан бере алмай. Қоқандарменен айқасып, Күш сынасып байқасып, Жата берсін Жанқожа ер, Жолға – маман, ойға – кен, Көпті көрген кемеңгер.
Бұл хабарды естіп, Атқа мінед әркімдер, Намыстанып арланып.
Төртқара, шөмен қырдағы ел, Тілеулі батыр бас болып, Қосылды талай талапкер.
Үш-төрт жүздей қол болды, Жинала келе жігіттер.
Қосылды және бұған кеп Қаракесек Ақтан ер.
Бұл да екі-үш жүз қолменен, Өңкей батыр жауынгер ұрандасып тұс-тұстан, ұлғасты өңкей берендер.
Тілеулідей батырдың Арғы атасы төртқара, Бергі атасы тоқпан-ды. Заманында тілеулі ер,
Халқын қойдай баққан-ды. Ағайынның ары үшін, Жасанған мың сан жауларға Жасқанбай жалғыз шапқан-ды. Халыққа сүйеу қамқоршы, Дұшпанға құрған қақпан-ды.
Қарайған дұшпан қауып етіп,
Маңынан жүрмей сақтанды. Қадірлесі, бастасы Қаракесек Ақтан-ды.
Белгілі ердің бірі еді Атағы шыққан мақтаулы. Қайратыменен әр жерде Халқының тұзын ақтаулы.
Тар жерде талай көмек қып, Талайдың отын жаққан-ды. Естімей қапты батырлар, Ел шеті шалғай болған соң, Қоқан кеп елді шапқанды. Хабарланып кейіннен,
Бас қосып ерлер аттанды. Бес-алты жүздей қол болып, Төңірегіне топтанды.
Жаңкентке қарай бет алып, Қалың қол гулей қаптады. ұлы Сырдың бойымен Төтелеп, тура тартты енді. Көрсете гөр деп көзіме, Бабажандай сартты енді. ызаланып кектеніп,
Сауыт-сайман бөктеріп, Жалындай өршіп жайнасып, Қанжарын жанып қайрасып, Айбалтасын таптады.
Көк найзасын үкілеп, Күн садақты баптады.
Батырлар шықты сапарға, Жаңқожамен қосылып, Жаңкенті барып шапқалы. Қаптай салып келеді, Жазылмай түйдек топтары. Тілеулі сонда сөйледі Жанына ап батыр Ақтанды.
– Әруақты ер едің,
Атағың шыққан мақтаулы. Бұл сапар бізге жазбасын,
Жаңкентті алмай қайтқан-ды. Көргенім шайтан болмаса, Шулатып айдап шығармыз, Шәһарінен Жаңкенттің Қоқандық қара сарттарды.
Шапқалы Жаңкент шаһәрін, Қоқанға тігіп қаһарын, Жанқожа барып жатқан-ды. Бекінісі тым берік еді, Еркіндеп ішке ене алмай, Қамалдың зарын тартқан-ды. Жүр, жігіттер, жетелік, Жәкеңе жәрдем етелік.
Азамат деп ат берген Халықтың хақын өтелік. Айғайынның ары үшін, Әруағын ердің көтеріп.
Осы сөзді айтты да, Бастады қолды Тілеулі ер, Бас қосып Ақтан ерменен. Туысы бөлек батырлар Дұшманға елін бермеген. Отанын қойдай күзетіп, Жауына қылыш сермеген. Атағы шығып аймаққа, Әруағы өрлеген.
Жаңкентке төте тартты қол Белгілі асу жерменен.
Халық қорғаны батырлар Аттанып ауыр қолменен. Қоқты қуыс қойнаулы, Қобы қоңыр жолменен.
Кейде тебіз кең алқап, Кейде бетбақ шөлменен. Кейде өзен көк иірім,
Жалаңаш жалтыр көлменен. Кейде ой-тау, ой-шұңқыр, Кейде жота жонменен.
Кейде жапан құба түз,
Кейде тұрғын елменен. Кейде тегіс маң дала, Кейде асқар белменен. Кейде татыр, кейде адыр, Кейде шағыл құмменен. Кейде қопа қоғалы, Қамысты қалың нуменен. Алапты жерге жайылған, Кейде жайқын суменен. Кейде көрікті көл сәні, Қаңқылдап қазы қуменен. Батырлар бастап келеді,
Жарқылдап жасыл туменен. Ақ киіктей жөңкіліп,
Қол келеді дүркіреп. Қол алдында қос батыр
Жауатын күндей күркіреп. Ат саурынан аққан тер, Жаңбырдай жерге сіркіреп. Кейде жортып бұлаңдап, Кейде аяңдап бүлкілдеп.
Асулардан аттасып, Ат көлігін баптасып. Күн ілгері күтініп,
Жау жарағын тақтасып. Құдай қосса осы жол Қайтармыз деп абыройлы, Халықтың тұзын ақтасып. Сол қалпымен кідірмей, Жаңкентке кеп қалды, Қалың қол гуледі қаптасып. Қоқаннан кекті алуға Жанқожамен жақтасып.
Қосылып қолға қол, Шеңбері шығып әскер мол. Батырлар аман қауышып, Оңалды сапар, болды жол. ұрандасып ұлғасып, Көрінді көзге көрнекті,
Көңілдесіп гүлесіп, Күңірентті жер көкті. Сол уақта аспаннан Қаптап шығып қара бұлт, Құяды нөсер шүмектеп,
Дауылдатып дал-дұл ғып, Сөндірді отты шелектеп. От сөніп орға тығылды, Көмгендей бейне күректеп, Тілеулідей батырдың Төбесінде бұлты бар
Әруақ қонған иектеп. Оны көріп сыртынан, Қоқанның бір сыншысы, Ханға хабар айтыпты:
– Бізді алатын дұшманның, Бұлты шығып келед, – деп. Ол келсе, ордаң ойран боп, Елі-жұртың бөлед деп.
Астыңдағы алтын тақ, Тартып алып мінед деп. Қойныңдағы ханымың Суырып алып, сүйед деп. Бабажан батыр мұны естіп, Қорқыныш кірді ойына.
Салбырап кетті иығы, Су кеткендей мойнына. Көзі түсіп сыртынан
Қазақтың қалың қолына. Қарғып өтіп батыр қалайда, Қашқысы келед қамалдан. Түк бітпесін білген соң, Алдына құрған амалдан Қорқыныш кірді Қоқанға, Қазақтың қолы көбейіп, Үсті-үстіне жамалған.
Керегі жоқ деп кел енді, Бекер мұнда қамалған. Осы оймен Бабажан
Атқа мінді азаннан. Майқарадай баласын Мінгестіріп және алған. Қашайын деп ханға айтпай, Қарғытты атын қамалдан. Қарғығанда бедеудің Алдынғы аяғы жер басып, Артқы аяғы ор басып,
Орға тайып жығылды. Жығылған соң не қылды? Сасқалақтап Бабажан, Дуалға қашып тығылды. Оны көріп Жанқожа ер, Шаужайынан шап беріп, Апшысын бектің қуырды. Кесейін деп басыңды,
Нар кескенді суырды. Сол уақта адам аз, Жаңқожадай туымды. Қолға түсіп осылай, Артына қолы буылды. Үміт үзіп тірліктен, Жанынан батыр түңілді. Майқараны өлтірмей, Қойға салды құл қылды. Сыншының сөзін манағы, Өтірік емес шын қылды. Бабажандай айуанның Артына қолын байлады. Алдына салып пенде қып, Еңселеп жаяу айдады.
Тілеуі менен Ақтанға Апарайын деп ойлады.
«Мінеки, батыр, тарту» деп, Тілеулідей батырдың Шылбырына байлады.
Ақмырзаға еткені Сонда түсіп есіне,
Бармағын кесе шайнады.
Дүние кезек тегермеш, Ажырын алмай жібермес. Алдына келіп айнымай, Пенде боп көзі жайнады.
Бабажанды айдап әкелген Жанқожаны көрген соң, Тілеулі көпке сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Бәрекелді, ер деді, Міне, арсылан шер, деді.
Тар жерде қылған қайратын, Көпшілік көзбен көр, деді.
Қолға түскен жауыздың, Сазайын толық бер, деді. Ағашқа іліп аяғын, Алшитып бұтын кер, деді. Қазық қағып көтіне, Тірідей азап бер, деді.
Естіген, білген әркімдер, Рахымет бұған дер, деді. Күнасы асып Бабажан, Көпке болған жазықты. Сазайын жауыз тартсын деп, Аяғын іліп ағашқа,
Көтіне қақты қазықты. Тілін тартпас сонда да,
«Қизиң-қизиң, қизиң», деп. Улы тілін шағыпты.
Бабажанды өлтіріп, Ажырын қазақ алыпты. Бұдан кейін көпшілік, Қалаға шапты Аллалап, Қамалды бұзды балталап. Тұс-тұсынан килікті, Ортаға алып алқалап.
Кез келген жерін кетпендеп, Дуалдар құлайт шалқалап. Қамалын солай құлатты,
Қалмады сыртта бір атты. Ордасын бұзып, ойран қып, Ойбайлатты, жылатты.
Аш арсыландай құтырды, Тас-талқанын шығарып, Жүрген жерін жыпырды. Батырдың қанды қылышы ұстарадай сыпырды.
Ерлердің жауға қимылы Қорада жатқан қойларға Аш бөрі шапқан сықылды. Домалантып бас кесті, Толарсақтан қан кешті.
Алмадай басы үзіліп, Тар кеудеден жан кешті. Талайлар шала сойылды,
Талайдың төбесі ойылды. Топалаң тиген қойдай боп, Топырлап көбі жойылды.
Жаралы жандар көп жатты, Біз де өлді ғой деп жатты, Өлген адам одан көп,
Жер тезектей боп жатты, Көшенің бойы көк тұман. Көтеріліп көкке шаң, Қалдырғандай халықты таң, Батырлар жауға салды ойран. Шалғындай жауды жапырып, Жанқожа шапты қыр жақтан Ақ аюдай ақырып.
Тілеулі тиді бір жақтан, Жолбарыстай жұтынып. Аш арсыландай құтырып Бір бүйірден ер Ақтан.
Өңкей көкжал берілер, Орасан қырғын соғыс қып, Ағызды судай қызыл қан. Батырлардың қимылы
Көпке төтеп бергендей, Әркімдер таң көргендей. Егескен жауын еңселеп, Еңірете жеңгендей.
Дұшманы малдай бағынып, Айдауына көнгендей.
Бөріктіріп қоқанды, Бөлектеп қойдай бөлгендей. ызғарынан ерлердің Құмырсқадай құзғын сарт Үрейі ұшып өлгендей.
Ақырғанда лебізмен Қаулаған өртте сөнгендей. Шүйліксе сұсы дұшманға,
Жарқылдап жай бұлты төнгендей. Ордасын ойран етіпті,
Аш бөрі қойға тигендей. Бұл шетіне кіреді,
Ол шетінен шығады. Езіп жаншып еңселеп, Талайды жерге тығады. Екпініне төзе алмай,
Қоқанның құзғын сарбазы Сырылып қойдай ығады. Қара бастың қамы үшін, Талайлар қашып бұғады. Ордасын бұзып ойран қып, Туын тұлдап жығады.
Жүрген жерін жойқын қып, Көргендері таңырқатты.
Қиялмай қиқу орнатып, Қамалдың ішін қандапты. Көгала шаң қып көшесін, Шаһардың ішін шаңдатты. Айғайлап сүрен салғанда, Күңірентті жан-жақты.
Байлап алды бенде қып, Қоқанның жауыз ханы мен Қырық нөкер жандатты.
Ағызып судай қызыл қан, Соғыс болды салмақты.
Жаңкентті бұйым десін бе? Ерегіссе бұл қазақ, Қонысынан қуған ел Қоқан түгел қалмақты Елді, жұртты басынған, Бүгіннен ертеңді асырған, Қазақты нандай илеген, Қыз, қатынын билеген, Менменсінген бектердің, Есінен мәңгі қалмастай, Басын жерден алмастай, Батырды ерлер бармақты.
Қамалын жаудың қиратып, Қоқанды алып қол жатты. Жер тезектей жыбырлап, Өліктері ол жатты.
Бұл жорыққа барғандар Шаһарын шауып Жаңкенттің, Шашетектен олжа апты.
Ханның талап қазынасыл, Алтын, күміс, пұлды апты. Қазине мүлкін қалдырмай, ызғытып айдап малды апты. Малдан, мүліктен айырылып, Қаңырап қала ол қапты.
Қарсысына олардың Ешкім бара алмапты. Ақсирақ болып ырсиып, Үрерге иті қалмапты.
Олжаға қанша батқанмен, Опасы жоқ сұм дүние-ай, Ол да іштеме болмапты.
Батырлар шығып демалды, Талқандап қанды майданды. Көндірді күшпен пенде ғып, Екі аяқты бір басты Адамнан шыққан айуанды.
Шәриғат жолын бұрмалап, Тұралықтан тайғанды.
Еңбексіз оңай мал тауып, Кісі ақысымен байығанды. Қаһармандар қарыштап, Жауын жеңіп жаныштап, ыңырсытып малды айдап, Дүниесін артып тай-тайлап, Көшуге қайта ойланды.
Айдап барып ауылға, Өзді-өзіне әркімнің Таратсақ деп бар малды.
Қалдырмай шауып қаланы, Ажырын қазақ алады.
Табағын тартып алдына, Қазына мүлкін талады. Тігерге тұяқ қалдырмай, ызғытып малын алады, Айдап бір жөнге салады. Жауға түскен жесірлер Көзінде жас, есінде ел, Бір жағынан бөлініп, Бұлар да келіп қалады.
Бауырларды іздеп барған соң, Айырып жаудан алған соң, Солғын тартқан жүздері Қуанып, гүл-гүл жанады.
Жаудан жесірді айырып, Кеткен кекті қайрып, Ерлердің жолы болады. Бірнеше күн жол жүріп, Арада неше қонады.
Аттанып барып Арқадан, Жанқожа, Ақтан, Тілеулі Жаңкенттің шәрін шапты деп, Бабажанды өлтіріп, Дұшманнан кекті апты деп, Кейінгі қалған кешегі ел, Бұлар да хабарланады.
Малды, мүлікті, жесірді
Қалдырмай алып келед деп.
Алып келіп батырлар,
Үлестіріп беред деп.
Алғыс айтып халық күтіп,
Зор қуаныш қылады.
ыңырсытып малды айдап,
Дүниесін артып тай-тайлап.
Жылағандар жұбанып,
Қол шапалақтап қуанып,
Жесірлер де күліп-ойнап,
Батыр Жәкен бас болып,
Оннан-бестен қос болып,
Көп ұзамай бір күні
Қол да келіп қалады.
Қуанып Құдай берді деп,
Ел үшін туған ерлері деп,
Халық күтіп қарсы алады.
Тар жерде таудай қайрат қып,
Батырлар күнге жарапты.
Ерлігімен істеген,
Халықты аузына қаратты.
Айдап келіп ауылға,
Әркімнің малын өзіне
Үлестірді, таратты.
Жер көгеріп қуарған,
Көл толығып су алған,
Мал-мүлкі келіп, мәз болып,
Жабыққандары қуанған.
Жаншылған елді көтеріп,
Алғыс алып қолда қарық.
Малы келіп мәз болып,
Көкірегі өсіп, ел де қарық.
Өрісіне мал толып,
Жиегіне ел толып,
Көркейіп өзен, көл де қарық.
Бас көтерген ішінде
Бабажаны өлген соң,
Қуып барып батырлар
Сазайын оның бергенсін. Сонан кейін қазаққа, Келе алған жоқ қара сарт, Жанқожа, Ақтан, Тілеулі Халық алғысын алған ер. Күштілерменен күресіп, Нашарға көзін салған ер. Тарыққанда қол беріп, Халыққа бақыт болған ер.
Тау суындай тасқан ер, Талайдың көзін ашқан ер. Қарсы келген дұшманды Албастыдай басқан ер.
Әділдікті тұтқан ер, Жасқанып жауы бұққан ер. Талай мен-мен дегенді Айдаһардай жұтқан ер.
Халық бағына туған ер, Дұшманын қойдай қуған ер. Жүздеген дұшман жолықса, Бір шылбырға буған ер.
Ағын судай аққан ер, Халқын малдай баққан ер. Қуарғанды көгертіп, Талайдың отын жаққан ер. Қасарған жерден қан алып, Дәу перідей қаққан ер.
Ақыл айласы асқан ер, Қайратты судай тасқан ер. Жасанған мың сан жауларды, Жалғыз атпен тосқан ер.
Халықтың қамын жеген ер, Ақылға, ойға кемеңгер.
Кімдерді баспас бауырына
Соларды жұтқан қаражер. Жай отындай жайнаушы ет, Қаруы сыймай қайнаушы ет. Қарсы келген қабанды Қамшыменен айдаушы ет.
Тереңнен пікір ойлаушы ет, Жемқорлары кез келсе, Желкесінен шайнаушы ет. Хан төремен қас болып,
Қанжарын жанып қайраушы ет.
Адалдықты сақтаушы ет, Момындарды жақтаушы ет. Отанын қойдай күзетіп,
Жаз, қысы дамыл таппаушы ет. Нашардың жоғын жоқтаушы ет, Орынды сөзге тоқтаушы ет.
Қарсы келген дұшманын Аш бөрідей аттаушы ет. Қаншама еңбек етсе де, Солардан өткен сұм заман,
Кімдерден өтпей тоқтаушы ет,
Көрмесем де көзіммен, Қариялардың сөзінен Жинақтадым, жыр қылдым, Тыңдаушыға сыр қылдым, Оқушым мәнін ұқсын деп.
Еңбек еттім ерінбей, Қалмасын деп көрінбей. Ертеде өткен ер сарбаз,
Ерлерім жарыққа шықсын деп. Бұл ертекті жырлаушың, Ажарлап бояп сырлаушың – ырғыздың жорға Жөкейі.
Көзге қораш болса да, Қисынды сөздің дөкейі. Қосылып жүрген әр жерде Тұяғы құрыш тұйғын көк!