Kazakh
Жанқожа батыр (Белгісіз нұсқа)
Ертерек хан заманында қарақалпақ елінде Хиуа деген халық бопты, Хиуа қаласы (шаһары) ханство мемлекет бопты. Сол Хиуа қаласын басқарушы Ережеп хан деген бопты. Мемлекет басшысы Ережеп хан арақ-шарапқа мас боп отырып, мемлекеттің буына семіріп, тасып отырған хан, атақты әскер басы Бабажанға бұйрық бергенде: «Әркім билеп, ессіз жатқан қазақты бағындырып, ортасына хан боп, орам құрып, отын ойран, төрін талқан етіп, азапқа салып, жас қызын алып, дүние малын, мүлкін алып, еріксіз бағындырып, тепкіге салып, ашына ет», – деген Ережеп ханның сөзімен Бабажан 2000-дай әскерімен қазақ халқына аттанады (қару-жарақ, құрал-сайман, ат-тұрманымен, шатыр тігіп).
Шаһарда тақта отырған Ережеп хан, Келе ме ханға қарсы адам бір жан.
Жұмсап еді Ережеп хан бір баласын Атқанда бозамық боп сәулелі таң.
Баласы Ережептің Ержан төре Жүгіріп үйден шықты таңды көре. Келеді Бабажанға Ержан бала,
Тез басып, жеделдетіп, қатты жүре.
Шарбақтың аузын ашып ішке кірді,
Жай жүріп, лебін басып, сүртті терді. Жайымен ішкі үйге кіріп келіп, Отырған Бабажанға сәлем беріп:
– Аликүмассалаума, аға батыр, Ержанды сізге жұмсап ханың жатыр. Мен келдім әдейі сізді шақырушы, Жүр жылдам далаға шық, енді, батыр,
Бабажан, әкем айтты: «Тез келсін!» – деп, Менен, кеп, бір-екі ауыз сөз білсін, деп.
Шақыртып жатыр еді мені жұмсап,
Еріп кеп, уәделі сөз берсін, – деп.
Ұйқыдан Бабажан да жаңа тұрды, Сөзіне ханның айтқан мойын бұрды. Киініп көйлек-дамбал, шалбар-бешбет, Баласын ертіп алып ханға жүрді.
Ертіп Бабажанды үйге кірді, Келгенін Бабажанның хан да көрді. Түрегеп амандасып болғаннан соң, Төсек сап Бабажанға орын берді.
Сойдақ тіс, ісік қабақ, бермен маңдай,
Күші көп, кескіні жоқ Бәкең қандай! Отырды шөккен нардай төрге келіп, Құйылған саз балшықтан тұтас жандай.
Отырып тамақ ішті дастарханнан, Бірі-бірі қадірленді басқа жаннан. Мұнай хан, меңгеруші Апан батыр,
Сондықтан біреу артық жиын мыңнан.
Кірісті сөз айтуға аузын ашып, Көңілі екеуінің судай тасып.
Сөйлесті оңашада хан мен батыр,
Оғаш сөз артық кеткен сырды басып.
Бабажан, сені шақыртқан мен. Еркін жатқан малы көп, дүние-мүлкі көп, не керегің табылады. Алтын күміспен сол
дүние мүлікті кен байлықты билеп бес-алты жыл хан боп, Орам құрып, қазақ халқын бағындырып қайтарсың, жерін билеп халқын сорып, мал-мүлкін алып қайтып келерсің. Мұнымды қалай көресің? Қайратты туған Қабыланым, сөз, жауабыңды бер. Сонда Бабажан: «Тақсыр ол айтқаныңыз бөтен емес. Ойластық, бар десеңіз барайын бірақ барғанда елге
жалғыз бару ұят. Елі жоқ, халқы жоқ адамдай боп. Жалғыз барсам, бармаймын. Сіз маған 2000 әскер, құрал-сайман бер. «Құр атаққа бата жүрмейді» дегендей құрал болмаса, құр қолмен жұмыс бітпейді. Құрал болмаса, жүретін жолымды сілте, күні ертеңнен бастап жүремін», – деп уәдені ертеңгі байлады. Сол күні хан қарауына жар шақырып, күні-түні бір сөткенің ішінде екі мың адам жинап, Бабажанның ертеңіне жанына қосып, қару-жарақ, құрал-сайманын дайындап, әскерді тақтының алдына әкеліп, Бабажанға беріп, хан Бабажанмен, Бабажан халқымен жері, үй-ішімен амандасып, қоштасуға тақтының алдында дарбазаның қасына атпен келіп, аттың үстінде бір-екі ауыз айтқан Бабажанның толғауы:
Бабажан екі мыңдай әскер алып,
Бос атқа құрал-сайман шатыр салып, Қаруы әскерлердің шиті мылтық, Бабажан найза менен қылыш тағып,
Бабажан сонда келді көтеріп ту, Бабажан ханға келді көтеріп ту. Ойнатты Бабажанды құмартып бу, Әдейі қоштасуға ханға келіп.
Ағады Бабажаннан өлеңнен су:
– Мен келдім әскерімен қоштасуға, Алғыс бер ықыласпен бақытты болуыма. Жәрдем бол қысылғанда, түбір пірім, Бәте ет мұғадасыз болуыма.
Мен тұрмын жүрейін деп бөтен елге, Тұрыңыз жәрдемші боп мендей белге. Сау барып, аман қайтып қауышқаймыз, Жолдаспен сау келгейміз көрген елге.
Мен келдім әдейі сізге бата алуға, Алдыма жақсылықпен жол салуға.
Ақ сапар, адал ниет талап қылып, Алдыңнан алғыс алып мен қалуға.
Қолымен, жауыменен қоштасқаны, Сыр айтып еліменен мұңдасқаны. Шын кеуіл, жақсы сөзді батыр айтып, Жерімен, еліменен қоштасқаны.
Ережептің Бабажанға: «Жүр», – дегені, Үкім қып қазақ елді көр дегені.
«Жүрем» деп мойнына алып әскерімен, Халқына Бабажанның сөйлегені:
– Сүйген жер, сүйгізген жар, сен де, аман бол, Жасыл шөп, қою орман ну да, аман бол! Жүрумәр көшеңді бір аралап,
Сәулетті, салтанатты қала, аман бол! Қыс болса, қоян атып, тазы салып, Жүретін биік төбе, тау да, аман бол! Жаз болса, шомылатын мейірің қанып, Бұлақтан сылдырап аққан су, аман бол! ыстықта салқыныңа саялайтын, Көгерген қою орман ну да, аман бол!
Күз болса, буың қатып орылатын, Жайқалған малдың азық шөп те, аман бол! Бауыры сүт, жүні киім, мінсең көлік,
Бес түлік қаптаған мал, сен де, аман бол! Шілде де күн батыстан шалқып соққан, Салқын леп, тынық ауа, сен де, аман бол! Түн желсіз, ашық аспан, маржан жұлдыз, Жарқырап басын иген ай да, аман бол!
Таң атса, жасыл-қызыл түрге оранып, Нұр төккен жер жүзіне күн де, аман бол!
Болғанда түс мезгілі сағымданып, Нұрланып бұлдырлаған тау да, аман бол! Жалтылдап ай сәулесі шағылысқан, Тынық су, бұйра толқын көл де, аман бол!
Сол көлде еркін жүзіп, сайран еткен Ақбалық, бекіре, жайын, сен де, аман бол! Өсірген шаң тигізбей жігіт қылып,
Өскен жер, халық ортасы, ел де, аман бол! Қыс болса, қарға оранып, тоң болатын, Жаз болса, кілемдей боп түрге оранып, Өзгерткен қоңыр түсін жер де, аман бол! Сүйісіп, сөз айтысып, сыр шешіскен Өмірлік жар болатын дос та, аман бол!
Бір жүріп жастайымнан, бірге ойнаған Аға, іні, қатар-құрбы, жас та, аман бол! Шаһарға, тақта отырып үкім еткен Елімен зады патша хан да, аман бол!
Төрт бөліп түн ұйқысын, емшек берген, Өсірген алақанда ана, аман бол!
Мейірленіп қақ төсінен ақ сүт берген Бала еткен, бауырға басып әже, аман бол! Келгенде екі-үш жасқа арқалаған, Ойнатып, әлдилеген апа, аман бол!
Келгенде төрт-бес жасқа ізіне ертіп, Алдағы Сүйенетін аға, аман бол!
Жүретін өмір тілеп, жатса-тұрса, Сүйенген асқар белім – әке, аман бол! Келгенде көше аралап, алдан шығып, Қарындас, еркелейтін, іні, аман бол! Әкемнің туысқаны – аға-жеңге, Сүйетін көтермелеп жеңге, аман бол! Біз кеттік бөтен елге араңыздан,
Аман-сау қауышқаймыз. Сау бол, сау бол!
Болған соң амандасып барлығымен, Жүруге дайындалды әскерімен.
Мінеді тегіс бәрі аттарына, Бабажан қол алысты ханыменен.
Ережеп хан, жылап тұрып, жайды қолын:
– Құдайым саған ашқай сапар жолын, Қайтарсың аман барып, сапарлы боп, Шырағым, Алла берсе, жолдың оңын.
Қол жайып Ережеп хан бата етті, Көзден жас мөлдір-мөлдір ағып кетті. Әдейі балалармен қоштасуға
Қарасты сол шаһарға халық келді:
– Батырым, бөтен елге баратырсың, Құдайым ажал оқтан қалас қылсын!
Сау барып, аман қайтып, қауышқаймыз, Жүсіптей өміріңді ұзақ қылсын!
Шырағым, ажал оғы балдан тәтті, Бекем бол өз-өзіңе өте қатты.
Сау болса, қор қылмайды бір өзіңді, Сондықтан жақсы күткіз бедеу атты.
Тілейміз осы халық өміріңді, Сау барып, қазақ елде жүруіңді.
Тез барып, халық билеп, орам құрап, Шалқытып шаттық өмір сүруіңді.
Ел билеп, махаббат пен дәурен сүріп, Тұрмысты рақатты көруіңді.
Қазаққа тиген жерден бетін, бұрмай, Шетінен қойдай қылып түруіңді.
Талабың бұрын-соңды ашылмаған, Ел шулап, көкірегің басылмаған. Алдыңнан не тап болад, біз білмейміз, Бұрын да жау өзіңді састырмаған.
Бекем бол өз-өзіңе, албан батыр, Алдыңда нелер қыспақ елдер жатыр. Сол елді жігерменен, қайратпенен Барлығын табанға сап, езіп қатыр.
Батырым, жолыққанша аман-сау бол, Байқадам әскербасы, сен де, аман бол! Көргейміз бәріңізді келгеніңде, Әскері Бабажанның, қош-аман бол!
Салпы ерін, ұзын мойын, дере сирақ, Ту қайың, отарындай қайшы құлақ. Үстіне мініп алса, жерді тарпып, Жүретін жер аударып, бөкен қабақ, Тастасаң жазым қылып Бабажанды, Қалады бір өзіңе өкпем хандық.
Бабажан, сен жүретін жолың – мынау, Қожалы, Шымбай үсті – алап сонау.
Беттерсің оң жағыңды дария қып, Қараөзек ауданымен жолың сонау.
Ал, батыр, ірікпейін сені жолдан. Аттандырт Бабажанды патша қолдан:
«Әй, батыр, көп іркілмей, шық шарбақтан. Кешікпе, көп сөйлесіп, ұзақ жолдан».
Батыр да енді іркілмей, атын бұрды, Көп халық дарбазадан қарап тұрды. Бұрысып ат мойнын ұзақ жолға, Бабажан әскерімен сапар жүрді.
Шаңдатып, тозаңдатып жүріп кетті, Шабыспен бір өзенге келіп жетті.
Қонуға ыңғайланып тегіс тоқтап, Жайлады жемін беріп бедеу атты.
Ымырт болды, шатыр құрып жатты әскерлер, Жөн тартып сапар шеккен қайраткерлер. Ұйықтап түні бойы жатты тегіс,
Ойнақшып оттамады Дереаяқкер.
Күн шықпай ертелетіп әскер жүрді, Жылтылдап қызыл иек күн көрінді. Ой түсіп, жердің жүзі сағымданып, Тау-тасты, орман-нуды тегіс көрді.
Көздеді бір-бірімен келе жатып, Мергені ішіндегі бөрікті атып.
Ойнайды ат үстінен аударыспақ, Бозбала қарық олжаға тегіс батып.
Баласы Бабажанның – жас Байқадам, Белінен Бабажанның туған адам.
Әскерге каманды боп, бұйрық беріп, Байқадам алда отырад бір-екі қадам.
Шаңдатып, тозаңдатып жүріп келед, Аттары бірде аяңдап, бірде желед.
Шалттап жолға түсіп кідірместен, Үстімен Қожалының Шымбай келед.
Сыдырып шаң шығарып өте шықты, Жылысып көлеңкедей бұлар ықты. Қорқытып айбатымен Бабажан да, Жиналған қала адамын жерге тықты.
Шымбайдың қапталымен әскер жүрді, Қаланың барлық жаны мұны көрді.
Әскерді артқа салып елу қадам, Бабажан ойқастатып алда жүрді.
Асынған мылтық, найза, саржа, қылыш, Бекініп келе жатқан құрал, құрыш.
Әдейі қазақ халқын талқандауға Бабажан іздегені кілең ұрыс.
Күтініп келе жатқан көп адамнан, Қорқады ойқастаған Бабажаннан. Шошыды қала халқы үрпиісіп
Найза алып, ту көтерген көп адамнан.
Кер бесті кекіл қағып жүрді көсем, Бүлкілдеп майда жоны, сыдыртты әсем. Үстінде Бабажанды қозғалдырмай,
Боз бедеу ырғалақтап жүрді әсем.
Кер бесті дікіліктеп жүрді қатты, Жиналған қала халқы мақтады атты. Жүргені кер бестінің жерді тарпып, Ере алмай, көп әскерге қатты батты.
Кер бесті талар емес, қатты жүрді, Қарасын ұзағанша халық көрді.
Беті ашық, шалғай жатқан ұзақ жол-ды, Шалт жүріп жақындатып жерді түрді.
Жүргені кер бестінің жігер берді, Шоқытып кейінгі әскер ізіне ерді. Аттары қара су боп терге шомып, Сауырдан тамшылатып ағызды тер. Шоқытып бір белеске шауып шықты, Жарқырап жылжып аққан суды көрді.
«Өзеннің жағасына қонайық» деп, Сыдырып көлеңкемен бірге ықты.
Түседі аттарынан, суға келіп,
Көк майса көк шалғынға түсті еніп. Жібермей байлап атты қаңтарады,
«Дем алып, терін үксін, – деп, – дене сергіп».
Ас ішіп жайласады демін алып, Аттарға бір сыпыра кісен салып.
Көк майса болған шөпке жіберді атты, Босатып ноқта-жүген, ерін алып.
Шымбайға кідірместен шығып кетті, Дария мөлдір суға келіп жетті.
Жайқалған балбыраған жасыл шөпке
Кісендеп, жайылсын деп, жіберді атты. Кеш болды. Бесеу-алтау құрды шатыр, Жиылып шатырында бұлар жатыр.
Бабажан баласымен бөлек жатты,
Оңаша бір бетке құрды Бәкең шатыр. Жайылды Дереаяқкер майса көкке,
Жүріске болдырмайды тесік өкпе. Күндізгі жүрген жүрісі кер бестінің Тұрғанда ертеңгісін, жақты көпке.
Бабажан бұл арадан ерте жүрді, Өтуге дариядан атын бұрды.
«Өткіз, – деп қайықшыға, – дариядан», Айқайлап әмір етіп, төмен тұрды.
Жүгіріп қайықшы келеді епелектеп, Қорыққан бойымен тәнтіректеп.
«Шырағым, мініңіздер қайыққа», – деп, Өткізді Бабажанды дікілектеп.
Бөлініп дариядан өтті тегіс, Жүретін жолы жатыр алып күңіс.
Жарқырап күннің нұры шашылмаған, Бұлт жоқ, аспан ашық, тегіс көгіс.
Өтіп ап дариядан, түсті жолға, Бабажан туын алды оң жағына.
Қамшылайды кер бестіні жан ауыртпай, Аймалап, жан ауыртпай, жонға-жонға.
Жорытып шаң шығарып келе жатыр, Саруан жолы тегіс алып татыр.
Ойқастап кер бестіні бүлкілдетіп, Қаңбақты жолда жатқан түйрейд батыр.
Бүлкілдеп, тозаңдатып жүріп келеді. Күн ыссы, бірде аяңдап, бір желеді. Шаң басып, сауыстанып қарын-қолтық, Сыбас боп шап арасы, сауыр терлейді.
Мерзімді бір көшімге жүріп келді, Жан-жақтан шоғырланған көрді елді. Жақындап сол ауылға қалды келіп, Әр жерден бөлек-бөлек талды көрді.
Жанынан бұл ауылдың тоқтады өтіп, Тоқтады бір шақырым қашық кетіп. Түседі аттарынан дем алуға,
Суы бар, жері жақсы елге жетіп.
Әскерлер бесеу-алтау тікті шатыр, Ауылға бір баланы жіберді батыр. Жүгіртіп үлкен үйге кіріп келсе, Қожасы – ақ сақал шал төрде отыр.
– Алейкүмассалаума, үлкен аға, Жіберді батыр жұмсап бізді сізге. Ертерек тамақ керек, ет те керек, Мал сойып, құрметіңді ет қонақ бізге.
Шабуға қазақ елін баратырмыз, Бермесең тамағыңды, таратамыз. Мүлкін шауып алып аулыңның, Адамын басы байлы құл қыламыз.
Хабаршы келген балаң сөзі – осы, Батырдың тігулі тұр, әне, қосы.
Қонаққа, тіке тұрып, құрметің қыл, Ақсақал, сізге айтатын сөзім – осы.
Екі көзін бадырайтып сөйледі шал:
– Тәтті, – дейді, – ажал оғы шекерден, бал. Қорқытып, ас ішетін қандай адам?
Сөзіме ерегіссең, осы жерде тал.
Шырағым, қорқытқанға тамағым жоқ, Қорқатын мен шал емес, көңілім тоқ. ұялмай осы сөзді айтып келген, Қарағым, жас баласың, жолыңа шоқ.
Жіберген сен баланы қандай Құдай?! Онымен дос болмаймын өмір ұдай.
Мен қорқып мал соймаймын жаман сартқа, Көріңді көрсетейін, келсін мұнда-ай.
Тілігірам арадағы керек емес, Сөзімен ол батыр тамақ жемес.
«Күшпенен малын сойсын» дегеніне
Мал сойып, құрмет қылып, ретім келмес.
Шық үйден, жоғалт көзің, атаңа нәлет! Күш қылсаң, шақыртамын, әскер келед. Аяғын үзеңгіге тірегеннің
Тұз сеуіп терісіне, етін тілед.
Дегенде: «Мен күштімін» көрген біз де, Жазасын екі қылып берген біз де.
Кісіге, құрмет қылып, жағдай айтқан, Ізіне ақыл айтып ерген біз де.
Доққыға шыдамайтын жаман шалмын, Сүйенген осы халық үлкен жалмын.
Күш қылмай ойласатын кісі болса, Еритін қорғасын боп мен бір балмын.
Ал, бала, қоста жатқан батыр келсін, Жайланып, қонақ болып, асын жесін. Мал сойып, үйде оңаша мен тұрайын, Ізінде бастас адам, атқосшы ерсін.
Бұрылып келген бала үйден шықты, Қалқып көлеңкесі қосқа ықты.
Тықсырып төрде отырған ақсақал шал Бұл келген жас баланың жанын сықты.
Естіп ауыр сөзді бала кетті, Қорыққан Әбіл бала қосқа жетті.
– Бабажан, сөгіп сізді шақырады, Үй тігіп, дайындады, асты етті.
Ашушаң, мінезі қатты бір шал екен, Қолы құрыш, аузы отты, тентек екен.
«Қорқытып жеп көрген жоқ ешкім малды», – Деп айтты, ер жүректі батыр екен.
Мен де айттым сыпайылап сөзді ептеп, Айтуға мені жіберд халық көптеп.
Сөзіме менің айтқан құлақ қоймай, ұруға дайындалды мені ептеп.
Жаңада, ашуланып, жіберді өзі.
Нар желке, бүркіт саусақ, шұбар көзді, Білмеді не болғанын, күйіп кетіп, Бойда жоқ, ашу жеңді, ақыл-есті.
«Жұмсаған маған сені қандай дорақ? Сөз білмей, ойламайды миға олақ.
Шабуға бара жатқан қазақ елін, Болмаса, күш айтпасын ондай дорақ.
Және де айта бар, – дед, – батырыңа, Шөбі жоқ мал жайылған татырына. Тепсеңдеп күш қылмасын шабдан елге, Жол болсын шалға сызған батырыңа».
Жауап ап батыр шалдан, қосқа келдім, Дауысынан қорыққанда, тек өлмедім. Құтылып айқайынан, таяғынан, Қуанып, қаным-тасып қосқа келдім.
Басымның аманында құтылдым ба? Қолынан қақпас шалдың сытылдым ба, Шықпастай тозақы боп кеттім бе, деп, Ойлап ем жалмауызға тұтылдым ба?
Құтылдым қақпас шалдан есен-аман. Батырым, саған айтам, шалдан сақ бол, Кісі емес «анау-мынау» дей салатын.
Ойнайтын адам емес, батырым, ол.
Өлгенше сүйегіме таңба салды, Қолымен сөз қашырып, кегін алды. Ашудан қайта түсіп, иі жұмсап, Шақырып атқосшың мен сені қалды.
Айтқанда мына сөзді Әбіл бала,
Сөйледі Бабажанға ұпай сала.
Сөз аспай, артық кеткен көкірек-ті, Мойнына алды кемістікті, батыр, қара.
– Әбілда, ондай сөзді кек қылмаңыз, Сөзді айтып арадағы еп қылмаңыз.
Үй тігіп, малын сойып, қол қусырса,
«Сөкті», – деп есіңе алып, кек тұтпаңыз.
Ол сөксе, бізді сөкті ашуланып, Сөзіме менің айтқан қатуланып. Есі бар үлкен аға райға кеп, Шақырды, міне, бізді татуланып,
Көп сөйлеп, ашуланып, сені ұрды, Ойланып түп негізге, кеңес құрды. Бұл істің түбін ойлап, екшеп артын, Шақырып, үй даярлап шалың тұрды.
Малын жеп, қонақ болып, біз қайталық, Сапарды бара жатқан шалға айтайық.
Бай шалдан ақыл сұрап, қосқа келіп, Жүруге дайындалып біз жатайық.
Сөзіне ашуланып, шалға шапсақ, Үстіне қалың қолды жауып салсақ, Өлтіріп, елін шауып, малын алып, Жылатып, болар ма еді, малын алсақ.
Шапқанмен, біз болмаймыз ақылды адам, Шабуға бәріңіз де баспа қадам.
Егерде айтқанымды қылмасаңыз,
Сендердің ажалыңды өзім табам.
Ал, балалар, ана жаққа жүріңіздер, Құрметін шалдың еткен көріңіздер. Жігіттер, қоста жатып дем алыңыз, Ізіме шамалы адам еріңіздер.
Шатырдан отыз адам шалға жүрді, Ізіне Бабажанның Әбілда ерді.
Шатырдан үйге жүріп беттегенін Жанында үйдің тұрып шал да көрді.
Аяңдап отыз адам шалға келді, Қол алысып тегіс сәлем берді. Төсек сап жалғыз тіккен ақ отауға, Ертіп ақсақал шал үйге кірді.
Төсекті үйде жатып белден салған, Ілулі қалы кілемдер жанда тұрған. Тиелген үйдің іші толған мүлік, Мына шал бұл мүлікті қайдан алған.
Мүлкіне адам қарап таңырқарлық, Кедейлер көп қарады жаман-жарлық. Алуға сол мүлікті шаруалардың Рақат жоқ, тегіс емес, дүние тарлық. Отырған ақсақал шал – атақты бай, Төрт жағы төрт құбыла, көңілі жай. Көңілде дәнеме жоқ, мұғадарсыз, Адамды сатып алад ……. сай.
Мал жатыр қаптай тегіс, сыймай жерге, Бес түлік түгел біткен мынау ерге.
Түс болды, саудыруға малдар келді, Ауылды тозаңдатып, сыймай жерге.
Жайылды дастарқан да, қайнады шай, Сөз бастады көпшілікке ақсақал бай. Бастығы – әскербасы Бабажанға Айтады ақсақал шал сөзді былай:
«Сөз біліктіден, қайрат күштіден» деген қазақта мақал бар.
«Ер доғалақ келед, шешен сөзшең келеді» деген. Сол сияқты сен де доғалақ шығарсың. Жіберген балаңа айтқан сөзіне
ашуым келіп, күйіп кеттім. Бірақ артынан ақылға түсіп: «Бір білместік болған шығар» деп, баладан «Келсін» деп хабар жібердім. Енді ағаңның қызметін, еңбегін, берген асын жеп, жатып, қонып қайтарсыздар. Сіздердің дабылыңызды есітіп едім: «Қазақ халқына аттанып екі мыңдай әскерімен Бабажан шықты» дегенді. Ол талаптарың қайырлы болсын, сапарларың оң болсын!»
Осы жерде он шақты күн жатып, демаламыз» десеңіз де, болмаса, «Қайтарда соғамыз» десеңдер де, жолда отырған атаң даяр, шырағым.
Енді кейін сөйлесерміз деп, қалған сөзін бүгін қалған шалда бітірді... Неше түрлі сиын көріп, Бабажан шалдан бір-екі ауыз насихат сұрады.
– Тақсыр, мен қазақ халқына бара жатырмын, – деді.
– Барғанда, бірден шауып алып, мал-мүлкін олжалап қайтайын ба? Жоқ 5-6 жыл хан болып, орам құрып тұрайын ба? Сізге мұным ойластық, – дейді.
Шал сонда:
– Жоқ, шырағым, әлгі өзіңнің соңғы айтқаның, «5-6 жыл хан болып, орам құрып тұрайын ба?» дегенің дұрыс. Еліңде хандық құрып, 5-6 жыл тұр. «От ала келген әйелдің отыз ауыз сөзі бар» деген ол елде бір тайпа ел, соның ішінде батыр да, күшті де, ақылды да, білікті де бар шығар, сенің бірден шауып алам дегеніңе бола қоймас. Асығыстық қылма. Қолыңа оңайлықпен түспес, шырағым. Аңысын аңдап, сырын біліп, сынын түйіп шап – деп, Бабажанды шатырына шығарып салды. (Енді өлеңмен айтамыз).
Тағы да бұл арадан кетті жүріп, Атқанда жарық беріп, таңды көріп. Бұрынғы келе жатқан бағытымен Жүреді сарнап жатқан жолға түсіп.
Түс болып, жер қызғанша жақсы жүрді, Қысқартты жылдам жүріп ұзақ жолды.
Қарасын көрген адам зәресі ұшып, Қорқады келе жатқан мынау қолдан.
Жүреді үш-төрт жеті ұзақ жолда, Көтерген Бабажанның туы қолда.
Бет алып жүріп кеткен қазақ елге, Батырдың туған елі қалды онда.
Жол ұзақ, шалғай жатқан жері қашық, Жетуге қазақ елге батыр ғашық.
Жете алмай келе жатыр жер шалғайдан, Сай-сала, бетпақ жатқан жері ұзақ.
Бабажан нелер қысаң жонды кезді, Аттанып қазақ жұртқа елден безді. Сары дала, шөлейт пенен Қызыл құмға Қысылмай, жолын тауып, батыр төзді.
Өркеш тау, биік төбе жанамаймен, Сол таудың тегістегі ойыменен, Әскерлер бірнеше күн жүріп келед Су жүріп таудың аққан сайыменен.
Жүріспен шығып кетті маң далаға, Қайтуы қиын болды ел, қалаға.
Жүруге жарамады күні-түні, Әңгіме түседі аттарынан бір салаға.
Жарамай қалған аттарын тынықтырып, күйлендіріп, оңалдырып, сергітіп, дем алдырып, тыңайтып, өздері де қунап жатып-тұрып: «Енді жақын жерге қалай да шыдайық, жақындадық» деп, баяғы жолдарына түсіп, қиын-қыспақ жолдармен жүріп кетті. (Шұбырма желді өлеңмен айтамыз).
Белдер-белдер, белдер бар, Жеткізбейтін алабы Айдын шалқар көлдер бар. Бірі – өркеш, бірі – ой
Жағалай біткен таулар бар. Тақыр алап, сары бел, Жағалай жатқан жазық бар. Ойдын-ойдын тал шыққан,
Сирек біткен нуы бар. Жусан шыққан жалбырап,
Аласа биік төбе бар. Гулей соққан жел үйіріп, Жапырағы жайқалған, Үпелек басы жайқалған,
Қалыңтық біткен қамыс бар. Суы шыққан бетіне,
Батпақ жатқан соры бар. ығарда жатқан кең дала, ысқырып соққан долы жел. Жүріп келед жағалап,
«Жақындап қалдық қазаққа», – Деп айтады, шамалап.
Сол ұзақ жолға шыдамай, Аттарын алды тағалап.
Сынықтырып аттарын, Байқап қарап арттарын, Тағы жүрді сабалап.
Бұлдыр сағым бұлдырап, Жеткізбейді құлдырап. Алдан шыққан долы жел Атқа соғып абалап.
Көрінген төбе қалады, Сыдырып артқа салады. Тепсініп қойып, жебелеп, Тер шығады бауырдан, Тамшылайды сауырдан, Жерге ағып себелеп.
Аласа жердің қабағын, Биік таудың бауырын Жүрді әскер көбелеп. Бабажанның бедеуі
Кер маралдай ойнайды, Қанша жүрсе, жолды алып, Жүрген жолға тоймайды.
Еріп отырды әскері, Қашық жолды қоймайды. Жарамай қалған аттарын Дем алдырып жайлайды. Тауысып күшін кер бесті,
Жүрмей, жатып қалмайды. Қарақалпақ қазақ пен Арасына Дераяқ
Қанша жүрсе, болмайды. Ірің алып көзіне,
Ренжу алып өзіне, Өңін жығып бұзбайды.
Қанша шапса әскерлер, Тозаңы шығып аспанға,
Беті ашық жатқан жалпақ жер Көнеріп, сірә, тозбайды.
Қатты басып кер бесті, Әскерден қашық озбайды. Бір қалыппен жүрісін Ілгері салып қозбайды.
Мал-ақ екен жануар,
«Шаршадым» деп тұрмайды. Үстіне адамы сай болып, Түзеп салса жолына, Шегініп басын бұрмайды.
Кемімейді жүрістен, Қайта асып түспесе, Сауырға батыр ұрмайды. Будақтатып жүріспен, ұзақ жолды түріспен, Сары даланы көріспен, Жолда жүрген аңдардың Зәресі кетіп бүріскен.
Сыдыра желіп, жорытып, Қызық тұрмас көріспен. Ойқастаған бедеуге Жорыта шауып желіскен,
«Шабамыз, – деген, – қазақты» Батырлар уәдені беріскен.
Жолда жидек-жемісті Дорба-дорба теріскен Келіп қалды қазаққа. Аспай-аспай таулардан, Аласа -биік жондардан,
Құлазыған шөлдерден, Қан сасыған көлдерден, Батпақты сай сорлардан
Құтылып батыр жөн тартты. Ақыл-есі күніге
Үдетіп миға жол ашты. Келгендігін қазаққа Бабажан біліп, бұл тасты. ұмтылғанын білген соң, Қарыштап бедеу жол басты.
«Шүу, жануар, кер бесті». Ізінде әскер қаптаған Шоқытып шауып ерісті,
«Жақындап қалдық қазаққа, Түсіреміз тозаққа» – деп
Бір-бірімен керісті. Арыған атқа қарамай, Шаршаған жабы жарамай, Жүруге әскер серттесіп, Уәдені берісті.
Қызып жүрді кер бесті, Желіндеген сиырдай, Алшаң-алшаң басады. Омыраудан тер ағып, Құлындай ойнап, тасады. Бұттан тері тамшылап, Көбігін сыртқа шашады. Қойны, жазық, сары белге Ор қояндай қашады.
Жабыла шауып көп қолдар, Аласа дөңнен асады.
Ойпаң, тегіс, сай-салам Жер қойнын ашады.
Үзеңгісі жалтылдап, Қылыштары жарқылдап, Аттанып батыр шабады. Іздеп келген қазағын Түсірмекке тозағын, Көрсетпекке қызығын,
Алдына салып иіріп, Айдамаққа қосағын, Бәрін тегіс бір жерге Жинамаққа ағашын, Сырдария жағасын, Дарияның бойында Қазақты батыр табады. Жағалай қонған ауылдар Түсті батыр көзіне.
Кеп отырған әлеумет, Құлақ сал менің сөзіме. Қызыл тілмен сауда қып, Жая салған бөзіме.
Сонда батыр бұрқанып, Тері шығып, бұрсанып, Темірдей дені құрсанып, Екі көзі сұрланып, ұшатын құстай қомданып, Сонда батыр сөйледі.
Сөйлегенде бүй деді:
– Ау, қосшылар, қосшылар! Бірге жүрген досшылар, Келдік, міне, біз елге.
Асқар Алатауындай ұлы белес бір белге. Ала алмасақ қазақты, Шаба алмаса кер бесті, Тұрып қалып Дераяқ, Жауға мені тастаса, Көзім көрер бұл бесті. Ере алмасаң ізіме, Көрінбесең көзіме, Қысылғанда қол беріп,
Болмасаңдар жәрдемші, Мына тұрған өзіме, Кейін қайтсам еліме, Іздеп келген қазақты Сала алмасам тезіме, Хиуа халқы жабылып,
Өлімтік көрген қарғадай Сілейтеді мазаққа.
Дем алып бүгін осы жерде, Тынығып әбден жатайық, Тынық күймен тура асып, Жабыла келіп атайық.
Қазақ халқын олжалап, Көп олжаға батайық.
Жемей жүрген асынан Ауыз тиіп татайық.
Кейінгі елге жүргенде, Сапарлы болып қайтайық. Белден батып олжаға, Әбірей алып қайтайық.
Соныменен тоқтады, Өзеннің келіп қасына. Кешқұрым шығып қарады,
«Қаптаған елді көрем» деп, Төбенің биік басына.
Төбеден түсіп Бабажан, Қостың келді жанына. Саржасын қайрап көк тасқа, Тасты көздеп атады.
Еніп кетпей көк тасқа, Басбармақтай батады. Аттарын жайлап қалың қол, Дем алып тегіс жатады.
Аунап, кеулі дүрсілдеп, Бір қасық нәр татпады. Бабажанның бестісі Бірнеше күн жол жүріп, Ішін тартып қатады.
Бір жеті апта дем алып, Басын жинап құралып, Қару-жарақ, қылышты Ақ алмасқа суарып, Қынабынан мол алып, Саржа оғын тізбектеп, Қорамсаққа мол салып,
Қаптай жатқан ауылға Қалың әскер бет қойды. Тозаңдатып шаң қылды, Аласа жатқан сай, ойды. Келіп қалды қасына, Жетіп келді басына.
Ойқастатып Бабажан Айқай салды ауылға. Күшеніп шыққан дауысы ұқсады қара дауылға.
Араласып ауылға
Екі мың қолмен килігіп, Малын баққан шаруаға Түсетін құстай шүйлігіп, Малын алды өрістен.
Қызын алды бесіктен, Қолың шашын өріскен. Жауды қуды есіктен, Бала қашты тесіктен.
Ойран салды қыйқастап, Екі мың қолмен сойқастап, Бедеу атпен ойқастап.
Айқайлайды әскерге:
«Қу, – дейді, – қазір мына елді. Қуатын, міне, күш келді.
Көшесің қазір бұл жерден», – деп Самсаған атты қол жүрді.
Бабажаннан қорыққан Қатын-бала, кәрі-жас Үріккен қойдай иірілді, Буыны кетіп денеден Ажар кетіп бетінен, Төбе шәші үрлиді.
Қояр емес Бабажан, Терін серпіп маңдайдан, Көтеріліп серпіді.
Қарсыға шығар ешкім жоқ, Емін-еркін желпінді.
Сол заманда бір адам
Шықты алдынан келбетті. Көп адамның ішінен Туған нағыз ер бетті.
Қарсы шығып көп қолға, Халықтың көңлін тербетті. Топқа кіріп тартынбай, Баладай кеулін сергітті.
Батыр екен жүректі, Майданға еніп бұл кетті. Әскер басы Долансақ, Бабажанға бұл жетті.
Жақындап келіп анадай, Толғаған сөз мынандай:
– Әй, Бабажан, Бабажан! Құлақ сал менің сөзіме, Қара, батыр, өзіме.
Артымда жатқан аулым, Қатын-бала, бауырым Қорқып тегіс шулады.
Барлық дене дірілдеп, Төгілген қанды көргенде У ішкендей улады.
Оққа ұшып ерлерім, Қанды жас көзден сулады. Қаруы жоқ қолында, Бейарман кетіп тулады.
Ау, Бабажан, Бабажан! Нең бар еді халқымда?! Тайлап мүлік алсаң да, Өрісте жатқан жылқымды, Алдыңа айдап салсаң да, Шыдай алмай ісіңе, Жолықпадың кісіңе, Сөзімді ал есіңе.
Ойқастатып тиістің Малын баққан шаруаға. Қыз-қатынын қатын ғып, Басын салдың саудаға.
Қанша қырып салсаң да,
Нәтижа одан шыға ма?! Тең кісіңмен алысып, Дәлдеп найза салысып, Белден ұстап шалысып, Аттары жатып қалысып, Жеңісе алмай, талысып, Жеңіліп қалса, амал жоқ.
Сүйегімді сүйтіп шапсаң да, Айдаһардай қапсаң да, Ажалын қолдан тапсаң да, Арман жоқ сонда, батырым. Тыңшы салып ауылға, Жақсы-жаман білмедің.
Белді байлап содан соң, Жаушы болып келмедің. Бейқапыл жатқан халықты, Бүлдірдің келіп ауылды, Талап алып малдарын, Өлтірдің қырып жандарын, Елім сүйтіп тарықты.
Қазір менің ерім жоқ, Сүйенетін белім жоқ. Өлтіре бер, Бабажан, Іздейді мені көңіл жоқ. Сыйлығыңды екі қып, Жаудырады ажал оқ. Кезессең егер, Бабажан, Сенсің тезек, жапа боқ. Білгеніңді істеп қал,
Ол келгенше елді соқ. Ау, Бабажан, Бабажан! Ортасынан халықтың Келіп тұрмын мен саған.
Халықтың мұңын айтуға, Жауабыңды алып қайтуға, Айтарыңды айтып сен маған. Бабажан сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Сен келіпсің ортадан,
Асыл туған ерім-ай. Жалғыз шапқан көп қолға, Жүректі туған бөрім-ай.
Сөз шеберлеп айтатын Әңгіменің түбірі-ай.
Елдің қамын ойлаған Халықтың басшы төресі-ай, Батырсынып сөз айтқан Арыстан кеуде бөріге.
Шамаламай о, іші-ай, Мақтанасың құр бекер, Таланды, мынау, жерің-ай. Мал мен жерді қорғайтын Қайда қалды ерің-ай?!
Қорыққаннан қысылып, Сөз айтып қазір ысылып, Ақты су боп терің-ай.
Көрсетермін көрімді, Омыртқа, белің арқаң-ай, Тілімдейін етіңді.
Көрсетейін көзің-ай Дақ түсірген денеңе Түсірермін өзі леді Талқандармын жеріңді. Тегіс айдап малыңды, Қуартармын халқыңды. Өлтірермін тепкілеп,
Сақалын жұлып, шалыңды, Қыз, келіншек балаңды.
Гүлін алып суалтып, Қиратармын аулыңды.
«Батырсынып» деп келдің, Алайын сенің жаныңды.
Тамақтата бауыздап, Жұтайын қызыл қаныңды. Содан кейін долданып Келсін сенің ерлерің.
Көрсін мендей мындакер, Батыр туған бөрілерің.
Қадырлы батыр сен болсаң, Іздесін, қалқам, мырзаларың. Сыбағасын екі қып, Тартайын, арақ, сыйларын.
Батыр туған жігіттің Тапсын өзі жайларын. Қылышын сөйтіп суырып, Даманасын қуырып, Доғалақ туған Бабажан Өлтіреді келген Бекжанды. Шыбын жанын шығарып,
Бауыздап қойдай шалған соң, Қызыл қан судай жосылды-ай. Қаруы жоқ халқының, Дәрмені жоқ өзінің,
Ойдан-қырға дөңбекшіп, Қол-аяғын көсілді-ай.
Халықтың қамын ойлаған, Өлімін ойлап білмеген Ортадан барған Бекжанды Қылышын алып қынаптан, Бауыздап қойдай шалған соң, Малын баққан шаруадан Кегін сөйтіп алған соң, Өлтіргенде Бекжанды, ұялмай-ақ тұрған соң,
Қатын-қалаш, балаға Атының басын бұрады-ай. Сол уақыт болғанда,
Күн батуға жақындап, Зауал ауып барады-ай. Екі мың атты әскері Теп-тегіс аман тұр екен,
Бұрылып артқа қараса-ай. Халықтың есті шалына, Қолындағы барына, Төтелеп келіп Бабажан, Әңгіме бітім құрады-ай.
Жасап болып бітімін,
Өлтіріп болып жетімін, Қырып болып жігітін, Бауыздап болып батырын, Айдап салып қатынын, Қолымен жеңіп Бабажан, Жыйыстырып тұрмаққа Ортаға болды Қожахан, Уәдені байласып, Шатырға әскер тарады-ай. Атының басын қаңтарып, Тұр көпшілік дағдарып.
Қолынан келер дәрмен жоқ, Халық тұр қорқып, сандалып. Адам өліп, мал кетіп,
Қалды есік қандалып. Бабажан тағы сөйледі, Жиылған халыққа долданып, Құрмай жатып хандығын, Үкімін тез қолданып:
– Ау, көпшілік, көпшілік, Сұратқан сіздердің мыңыңды, Құлақ салып тыңдай.
«Кейінде жатыр батырым», Дегеніңе қыңбайын.
Келетін болса, тез келсін, Ерлеріңе қарайын.
Үрейленбей жата бер, Шатыр жаққа барайын. Асқақтатқан ерлерің Келсін, халқым, көрейін. Тыныштықты сұраған Мұддығаңды берейін.
Тоқталып тегіс тұрмаңдар, Үйлеріңе тараңдар,
Қос жағыма жүрейін.
Бабажан күші мен қайратын, екі мың әскер мен қаһарланған айбатын мал жайып отырған елге жұмсап, адамын өлтіріп, елді талап, қарсы шыққан жігітін өлтіріп, малды талап, халықты
күйзелтіп бара жатқаннан кейін бітім сұрай келген Бекжанды, ұшқан құсты тілімен арбап түсіретін ер жүректі батырды, қойдай шалып өлтіреді. «Жүректі ердің қайратты жігіттері (іздеушісі) бар шығар, болмаса, арыстан кеуде батырлары бар шығар. Сол келсін. Соныменен өлсем де, болмаса, жеңсем де, ұрысармын. Әзір қалған халықтың берекетін алмайын. Бірақ орталарыңа орам құрып, хан болатындығымды айтып, түсіндірейін» деп, халыққа кеп: «Орталарыңа орам құрып, хан болам. Мақұл десең, орамдыққа көнесің. Жоқ десең, ұрысып жеңесің» – деп, халыққа келіп айтып еді, бай-молда, болыс, би ұлықсат етіп, келісімге келіп, соғысты тоқтатып, Бабажан шатырына, халық үйіне тарады. Енді өлеңменен айтамыз (ағайын-ай, ағайын, жырымды төгіп жағайын).
Бабажан отыр қаһар қып, Биледі малшы, шаруаны. Хиуадан көп қол кеп, Жиыстырып халықты.
Қысылып тегіс тарықты, Малдарынан айрылып, Халық тегіс зарықты.
Етегін жиып бауырға, Түгесілсе тамағы, Шабарман шабад ауылға, Орын тепті бекініп.
Әкім қылып халыққа, Тақтыда отырад жекіріп. Алаңға шығып салқынмен, Ойнайды тегіс секіріп.
Қала салды Бабажан, Қыштан қалап шаһарды. Отырды хан үкім қып, Елге төгіп қаһарды.
Бабажан отыр хан болып, Қорған соқты айнала.
Қорғанының сыртынан Орды соқты тағы да.
Орының ені үш метр, Қорған биік, төрт метр.
Дарбазалы есіктен
Кіре алмайды еш адам,
Жосыла жатқан сай жатыр.
Ертелі-кеш ашады
Дарбазаны бұл батыр.
Төңіректе тай болса,
Аты шауып бәйге алса,
«Ентікпемді бер» дейді.
«Ентікпеге не алсам?» деп,
Қорыққан халық сөйледі.
«Ентікпеге атың бер,
Болмаса, жақсы қызың бер.
О да болмай бара жатса,
Шайлап қалған тоқтың бер.
Үшеуін де қимасаң,
Дүние-мүлкің, кілем бер»,
Деп әскерлер тұрады.
Алып болып аларын,
Бітірер болып бүйымын,
Атының басын бұрады.
Елден алып мүлікті,
Өнерлеп үйін құрады.
Бермесіне амал жоқ,
Халықтың тынышын алады.
Маңдайға шыққан шиқандай
Басқа пәле болады.
Ханның қылған азарын
Халық тегіс көреді.
Саудагер, болыс, би, молда
Ханға қолын береді.
Хан не десе, соны істеп,
Ізіне тегіс ереді.
«Үшір, пітір, зекет» деп.
Қосылып хан да сұрады,
Дінін сатып бай-молда,
Асын бұдан сұрады.
Оннан біреу, жүзден он
Хан да алып тұрады.
Ханға қарсы шықпайтын
Ессіз жатқан ел еді.
Түр-түрге бөлген халықтың Тайпасы Сырдың – кіші жүз, Майдан деген руы.
Арқа бетін сұрасаң,
Сор алап тегіс, қатқылдау. Күн шығыс бетін сұрасаң, Түрлі өсімдік, сары алап. Еркін шыққан құмсауыт, Көгерген тал, жасыл шөп, Сылдырап аққан суы бар. Ата қоныс – Ақирек, Билейтін баласы – Ала айғыр Бес түлік малға қолайлы.
Қыры қатқыл, ойы су, Көкорай шалғын жасыл шөп Әм адамға қолайлы.
Жазы егіс, қысы балық, Жұпар иісті ауасы Айналаға аңқыған.
Жанға жайлы суы бар,
Ақирек деген көлі бар. Қазанқойған, Көккөз, Қараүңгір – Атақты биік таулары.
Алабы сабат жайлауға, Қоңыр салқын жер еді. Сол ызаға шыдамай,
Ақмырза шықты майданға, Нағыз туған ер еді.
Күндіз шапса, түсте озған, Түсте шапса кеште озған, Шаршамайтын кер еді.
Арыстандай айбатты, Қайратты, күшті, жел еді. Ақмырзадай батыр мен Құттықтан шықты Раманқұл. Бабажанға аттанып, Қатуланып қаттанып,
Екеуі шығып бет қойды,
Сыйынып ата-аруаққа. Құдай жолы қой сойды, Ашу кернеп, күш қонды. ызасына шыдамай, Қару-жарақ асынып, Жаратып атты мінеді.
Халықтың жауы дұшпанға, Бабажанға жүреді.
Бабажанның ісіне, Арамдыққа көнбеген Еті тірі ер жігіт,
«Қарсы шықты Ақмырза» Деген шындық хабарлар Бабажанға келеді,
Хан да мұны біледі.
«Келсе, келсін Ақмырза, Істегенін көрерміз», – Деп Бабажан тұрады.
Өзіне-өзі сеніп, Әскерге мойын бұрады. Қалың қолды иіріп, Қамалда тегіс тұрады.
«Қару-жарақ мол ма?» – деп, Әскерінен сұрады.
Барлы-жоқты қарудан Шамалы жарақ құрады. Күйікқала, Тақтыға
Күн жарымдай жол жүріп, Ақмырза тарлан келеді.
Келісімен қаланы, Жағымпаз болған ұлықты Тықсырып тегіс түреді.
– Ханға неге қосылдың, Қосылып неге ел сордың? –
Деп халықтың жемқор басшысын Бүркіттей түсіп бүреді.
Осылай енді Ақмырза Бай-болысты тексеріп, Елден сұрап жүреді.
Халықтың сұрап азабын, Тақтысын ханның көреді. Шыдай алмай ісіне, Ханға қарсы ат қойды.
Жаратқан бедеу тұлпармен Ақмырза жетіп барады-ай. Ханның келіп қасына Толғаған сөзі мынадай:
– Ау, Бабажан, Бабажан! Бұл не халқым шулаған? Күш қылып, қолға ту алған, Қазаққа қара күн туып, Кемпір мен шалы шулаған. Би-болыс өңкей жағынып, Пәре алып сенен қағынып, Ар-ұятын ұрлаған.
Еріксіз күшпен малды алып, Мұның не жұртты қорлаған. Халықтың тегіс үні өшіп, Айымды бұлт торлаған.
Уыздай жас қызымды Еріксіз басып зорлаған. Жалбарынып, жақындап, Бұзылды, міне, «оңды» адам. Жау жағадан алғанда,
Ит етектен жармасқан. Не десең, соны істейді, Не бітірмек кіл надан? Айдарлымды айдадың, Тұлымдымды байладың. Епті пысық күн көрді, Момындарды қоймадың.
«Түк білмейтін қазақты Сорайық» деп ойладың. Тоғыз қырлы найза алып, Бас көтерген кісіге Найзаңды дөптеп толғандың. Оныңа да көнбеген
Ер жүректі Бекжанға
Тоғыз қырлы найзаңды Саламын деп қолға алдың. Сол секілді нарымды, Өлтіріп, міне, дем алдың. Оныменен қоймадың,
«Ентікпемді тез бер деп, Жетектеп қойды тез бер деп Көкірекке шер салдың.
Тоқтыменен тұра алмай, Өмір сүріп жүре алмай, Жас қызымды және алдың. Қызымды алып болған соң, Көкірегің толған соң, Жібердің тағы баланы,
«Мүлік ал» деп үйде сен қалдың. Бұл қорлығың не қорлық, Маған берген не зорлық?!
Халыққа қара күн туып, Қара бұлт құрсау-ды.
Қыдыра жалды, қыл құйрық, Ортекедей ойнаған, Ақмаралдай жайнаған, Терінен бұрын бұрсанды.
Шошынып елім қорықты, Асаудай тулап, зорықты. Көзінің жасы сорғалап, Кемпір мен шалым торықты. Құрман айт күні қыдырып, Нәсілсіз балаң ту алды.
Жонын күн шалмаған Ерді үстіне салмаған Бедеуіме ер салды.
Бермей кетіп иесіне, Тұлпарымды бұл алды. Сұлаусыз алып затымды Қызыл май қылып атымды, Қорлады тағы малымды.
Ау, Бабажан, Бабажан! Жаушы болып халқыма,
Ниетің қазақ келіпсің. Сансыз әскер соңыңда, Хиуадан шығыпсың. Мойның түсіп, алысқа, ұзақ жорық шегіпсің. Қазақты билеп хан болып, Орам құрып жүріпсің.
Надан жатқан еліме Азарды талай беріпсің. Халқыма қара күн туып, Екі жарым жыл хан болып, Сараман дәуір сүріпсің.
Халықты қысып, қатты ұстап, Соруға мойын бұрыпсың.
Надан жатқан халқыма Білек пен күшті тең жұмсап, Надан жатқан халқыма Дүние малға молықтың.
«Ентікпемді тез бер» деп, Шыға шауып қосыңнан, Барымталап, зорықтың. Мен келгенде, ақкөйсіп, Дем алып тегіс торықтың. Айбынбай таққа келген соң, Суыққа тоңған танадай Бүрісіп, міне, қорықтың.
Қорықпасаң, шық былай, Іс айналды қиынға, Шаршы топты жиынға-ай
Мен келіп тұрған жалғызбын. Арда туған Бабажан, Қорықпа, доңыз, қайрат қыл, Әскеріңе сыйын да-ай!
Атаңа нәлет Бабажан, Айтылған саған сөз солай, Талқандармын тақтыңды! Күнді ұзатып көп жүрме, Не болса да, тез бол-ай!».
Уа, ағалар, ағалар, Жасы кіші інілер, Термі сөзге түспестен,
Ақмырза сынды батырды Түсіндіріп кетейін.
Түсіндіріп не етейін, Сүрмеде жүрген жорғадай. Көз алдыңда ырғақтап, Ағалар, қызмет етейін.
Сұрасаң атын, Ақмырза – Аты шулы ардагер Жанқожаның ағасы.
Отырықшы қонысы – Ақиректің жағасы.
Әкесі – кедей, өзі – ер, Нұрымбеттің баласы. Халықтың қамын ойлаған Ер жүректің панасы.
Жауға қамал, елге дос Сырындағы қаласы.
Негізі кедей, ер жүрек, Түп атасы, сағасы, Мінсіз көркем атындай, Елге асыл бағасы.
Дұшпаннан елін қорғайтын Халықтың қамқор анасы.
Бұл батыр болмай, кім болсын? Бір жасынан жүгірген, Дұшпанына түкірген, Рүстемдей алып ер,
Асыл туған ардагер, Жанқожаның баласы.
Ханның Ақмырзаға берген жауабы:
Ақмырзаның сөзінен Хан да тұрып қалады-ай. Беттесуге әл келмей,
Үйге төсек салады-ай.
Шақырмаққа Ақмырзаны Арақ-шалап алады-ай.
Ақмырзаны шақыртып, Сөйледі ханың далада-ай:
– Ау, Ақмырза, Ақмырза! Атадан ер боп сен туған.
Халықтың кегін алуға Аттанып, бөрім, сен қуған, Ниетің маған келіпсің, Маңдайыңды тер жуған.
Жауласпаққа менімен, Кіжініп қатты, бел буған. Менен кекті алмаққа, Басыңды байлап байраққа, Қатуланып сен шыққан.
Айбатыңменен қорқытып, Кейін қарап жау ыққан.
Ашыққанда қол берген, Дұшпаныңа күш қылып, Саржаның оғын сен керген. Қол жетпейтін жемістен, Ер боп туған Ақмырза, Ісіңе сенің халық риза, Мәуені сайрап сен терген. Арадағы жел сөзге
Мұның не, төрем, сен ерген?! Халқының өшін алуға, Табанға езіп салуға,
Бірге амалдап қалуға, Аттанып ханға сен жүрген. Наз бедеуді жаратып,
Жал құйрығын таратып, Бедеу атты сен мінген.
Арындаған тұлпардың, Басып өтер сұңқардың Құйрығын батыр сен түйген. Орамдыққа ерім сен келген, Айбатыңа шыдамай,
Мен сорлымын, тарланым,
Алдыңнан шығып сөйлеген. Тақтыға келіп тайынбай, Арыстан келді шұбар көз, Ханыңды, міне, сен көрген. Тыңдап менің сөзімді, Қаңтарып атты сен тұрған. Тоқтау беріп сөзіме, Мойныңды, ерім, сен бұрған. Ашуыңды хан сұрап, Мәжілісті хан құрған.
Татуласып менімен,
Дәм татып шық үйімнен. Қастық қылсам егерде, Тұз татайын қолыңнан.
Қаныңды жүктеп болған соң, Көрмейім бе көрімді
Жан алушы Құдайдан. Қауіптенбе, батырым, Дәм татасың ордадан. Тапсыр мені Құдайға, Дос боламын ұдайға.
Шыға алмаспын батадан, Ойыңа сірә келмесін:
«Өлемін, – деп, – қатадан» Құдай куә, тұз куә, Қонаққа досың шақырған, Дос болайық тірілей, Атыңнан түс керілмей, Ашуыңа берілмей.
Шыққан сөз осы досыңнан, Дәм татасың қосымнан.
Үйге келіп мен – ханың, Төрем, сенен сұраған.
Бір еріні көк тіреп, бір еріні жер тіреп, жауатын күндей құрсанып, қабағы түсіп, көзі шапыраштанып, ішін кек кернеп, қалың қолға қарсы шауып, ақырған даусын миынан өткізіп сөйлеп, жиыра бастаған соң, айбатынан қорықсын, күшінен қорықсын, қорықса да, сыйласады. Алдынан шығып: «Ер, бір кезегіңді бер», – деп хан шыққан соң, ашуын басып: «Бұ да азаматтық қой. Мұның еткен еңбегін, істеген қызметін сыйлаған сыйын көрейін, «Ерде екілік жоқ», – деген.
– Мұнанда түспей қалғаным ерлік болмас. Мұнда да екілік болмас. Аттан түспей қасарысып қалғаным ұят болар, – деп, аттан түсті. «Қастық қылса, тұз бен батаға салайын. Болмаса, қайрат-күшіме салайын, Тәуекел Аллаға», – деп, қару-жарағын асынып ханменен бірге ордаға кірді. «Батыр аңқау, ер гөдек» дегенді еске алайық.
Отырғызып төріне, Алып келді тамақты.
Дастарқан жайып, құрмет қып, Берді құйып шарапты.
Қастық қылған Бабажан Ерлік қылған Ақмырза Түскендігі үйіне Көңіліңе ұнапты.
Әпуайы адамдар Үй -үйіне тарапты.
Тағы алып келді үш мес қып Кілең өңкей арақты.
Көтере ішіп Ақмырза Құйып берген арағын Хан көңіліне ұнапты. Батыр туған, жүректес, Раманқұл тілектес
Кез өкшеге қарапты. Тауыса ішіп арағын Сол секілді Ақмырза Хан кеуліне жарапты. Шын туған арыстан, Ханға қарсы қарысқан, Орамдыққа таласып,
Ту алып қолға шабысқан, Өктем-өктем барысқан.
Үйде отырып Раманқұл, Өмірін бұ да тілепті.
Тілектес халық сөзімен
Бір баланы жұмсады Үйде отырған Раманқұл:
– Жүгіртіп шапшаң тезімен. Батырды барып біл депті.
Жүгіре басып жас бала Тыңшы болып келіпті. Төрде отырып қызарған, Мас болып дене сазарған Ақмырзаны көріпті.
Қайта шығып бұл үйден, Сұратушы халыққа Есіктен келіп жауабын Былай деп бала беріпті:
– Көп отырған әлеулет, Тексере отыр сөзімді.
Қырмызы тілмен сауда қып, Жая салған бөзімді.
Шуласқан қатын болмаса, Жаңа талап жас ақын Қыспаңыздар жыршыңды. Сұратқан тегіс ағалар, Жасы кіші інілер,
Бізден барған Ақмырза Ақжорғаның үстінде Шайқалып мас болыпты. Өлімге беттеп ер жігіт ұзақ жорық шегіпті.
Басына түсіп ғаріптік, Атадан туған ардагер Ақмырза сүйтіп жеріпті. Халық үшін туған ерлерің Қолдан күшін беріпті.
Қызыл түлкі алданыш, Араққа батыр еріпті.
Еркі жоқ өз басында, Айдаса қайда жүріпті. Қолдан күшін тауыспай, Жарқылдаған қылышты Дұшпанға сілтеп шабыспай,
Қоңыраулы сапты найзаны Көк желектен тұрғызып, Жауына дөптеп салыспай, Ауыздығын шайнаған, Байраққа басын байлаған Аттары жатып қалыспай, Емін-еркін алыспай, Қуаты жоқ бойында, Дәнеңе жоқ ойында,
У ішкендей ылбырап, Шыжыған майдай былбырап, Ақмырза ерім болыпты.
Сансыз әскер қамалап, Соятын малдай анталап, Қол-аяғын байлапты.
Қапыда түсіп тозаққа, Екі көзі жайнапты.
Су боп, көзге көрінбей, Зығыры іштей қайнапты. Жыйылған адам үстінде Томпылдатып сабапты.
Екі көзді телміртіп, Оңаша үйге қамапты. Алып шығып далаға, Арбаға салып таңыпты. Еш нәрсе жоқ астында, Қу ағашқа байлапты.
Тасты байлап мойнына, Жүз адам соның қасында, Арбаны біреу айдапты.
Бетін бұрып есікке, Өзенге алып жүріпті. Баптап беріп батырды, Хан үйінде қалыпты. Қамқоршысы елімнің, Қорғаушысы жерімнің Ақмырза сынды бөрімді Арақ белден мас қылып, Сөйтіп кегін алыпты.
Ардагер туған ер алып Есінен сүйтіп таныпты. Қу ағашқа таңылып,
Шарбақтан Ақаң шығыпты. Күшінен қолдан айрылып, Тау қаңбақтай домалап, Көлеңкедей ығыпты.
Буынын алып батырдың, Шараппен хан мас қылып, Ақмырзаны жерге жығыпты. Алдап-арбап түсіріп,
Бөрімді жерге тығыпты. Қатты таңып ағашқа, Кеудеден жанын сығыпты». Термелеп айтып аз сөзді, Тағы да бала сөйледі-ай:
– Ақ сұңқардан айрылып, Үйде неге тұрсыздар?
Келмесе де еш нәрсе, Қаруы жоқ құр қолдан Далаға шығып көріңдер. Үйде отырған азамат, Бет-бетіңе тараңдар.
Ретін тауып, жігіттер, Сұңқарды барып алыңдар. Босатып жаудан батырды, Абырой алып қалыңдар.
Ортаға түсіп бел буып, Жігерді ерге салыңдар. Тұйғын бүркіт жез саусақ, Бөріге қолды беріңдер.
Көп отырмаңдар тоқталып, Далаға шық, жүріңдер. лажы болмай баратса, Айқайды келіп салыңдар. Қолдан келсе, алыңдар, Байлауда тұрған бөріге Күндердің күні болғанда, Жетер болар батырға.
Кеуліңізді білдіріп Қаларсыз да сорлыға. Тақа болмай баратса, Торға түскен бүркітті Далаға шығып көріңдер. Үйде отырған көпшілік Естіп сөзді баладан, Далаға тегіс шығады.
Қу ағашқа таңылған, Қиямет іске жамылған Шешіп алып Ақаңды, Батырды суға салады. Мойнында тас бар байлаулы, Өзенге батыр батады.
Батырып барады қара тас, Тіренетін жері жоқ.
Алқынып суды жұтады, Батырып барад қара тас. Жандәрмен қып бұлқынып, Суға батып кетеді.
Қамқор қылған аулы Қоштасуға жарамай, Үйінен шықпай қалады. Көзіне батыр жас алып, Жалғыздық басқа жетеді. Соғыса алмай жауымен, Бейарам батыр кетеді.
Қолдан келер дәрмен жоқ, Елі тегіс көреді.
Екі мың қолға бата алмай, Іркіліп халық тұрады.
Бабажанды өлтіріп, Батырдың кегін алмаққа Мәжілісті құрады.
Даусым бұзылып барады, Қоя тұрсам қайтеді.
Ойластық мұным ағалар, Бұлбұлың сізден сұрайды.
Ақмырза әдейі ұрысқа келіп, бірақ қайратын қолдан ажалын жолдан ойлап өлгеннен кейін, Бабажан амалмен өлтіргеннен кейін қарусыз халық екі мың әскері мен Бабажанға қарсы шыға алмай, Ақмырзадан көрер көзге айрылды. Көңілшек шалдар бар тапқаны осы деп, екі көзіне сыйынып, терге шомып, мұзды балақ бүркітінен айырылып, батырдың туған елі, жүрген жері, үй-ішіне хабар айтуға адам сайлап, белгісіз түнде бала жібереді.
Ау ағайын әңгіме айтып жағайын, Өлеңнен моншақ тағайын,
Наз бедеудей шабайын. Елден шықты жас бала, Мінген көлік – аты ала. Үш жыл ұдайы бекініп, Өнерлеп салған бұл қала. Түнде шығып, жол шекті, Жүрген жолы сай-сала.
Жүріп келеді түнімен, Жеткізбейді сары дала. Ақмырза ердің өлгенін Ажалын қолдан бергенін Естіртіп еліне, Көрсетпек өзін жүргенін. Жолға қонып бір сөтке, Ауылды күндіз көреді.
Білдірмек елге ниеті, Шалттап бала жүреді Әңгімесін айтуға.
Кейін қарап қайтуға Сөзін ептеп түйеді.
Келе жатып жолда, ойланып, Айтатын сөзін біледі.
Ауылдың көріп қарасын, Атын сабап, желеді.
Сыдыра шауып шоқытып, Жақындап елге келеді.
Сұрап алған ауылды Шамалап бала біледі. Көп ауылдың шетінде, Оқшау тұрған бетінде Үлкен үй тұр тігулі, Есігі іштен ілулі.
Ниеті сол үй баланың, Тікелеп үйге келеді.
Малы жатыр алапта, Мезгіл сонда түс еді. Жағалай қонған сабатқа, Қоралай тіккен үй еді.
Күз айлары – сүмбіле Борпылдақ, шаңдақ жер еді. Бір шетімен ауылдың Жайымен бала жүреді.
Нақ сол кезде бір әйел Есікті ашты сызыла. Қолымен байлап жаулығын, Тысқа шықты сызыла.
Ат маңдайын тіреген Шалттап бала жүгірген. Баланы көрді жас әйел, Көрісімен үйге кіреді.
Есіктен әйел қысыла, Әйел кіре сөйледі, Отыз тіс пен қос жағын Сөзбенен әйел күйледі:
«Бір бала үйге келеатыр» Мінген аты терлеген, Өңін бұзып, шаң басқан, Түстенбеген ертеден,
Бұл үйге кім келеді, Қара су боп төтеден? Мен білмеймін екен-ай,
Жамандық хабар бола ма, Сұңқарың жақтан қатеден?!
«Ә» дегенше болмай-ақ, Үйдің келіп қасына,
Атынан түсіп, байлай сап,
Келеді есік алдына.
Құйрығын қойып отырды,
Есіктің келіп басына.
Белбеуін шешті белінен,
Екі жеңін сыбана,
Есіктен қарап сығалап,
Тұрды бала далада.
Етек-жеңін түрініп,
Сөйледі бала ашына:
– Ассалаумағалейкум,
Төрде отырған, ағалар!
Жақсы мен жаманды тең көрген
Ақылдың түбі – сағалар.
Күн көргіші кем-кетік
Өзенді суды жағалар,
Ал, тыңдай, қал, көпшілік,
Ақылды сөзді бағалар.
Сөз мәнісін білмейтін
Жаман бір сөзді табалар.
Төрде отырған жамағат,
Ақ сұңқар қолдан ұшырдық,
Айға қолын серметіп,
Тынық ауа құштырдық.
Жастайынан үйретіп,
Үкілеп атты мінгіздік.
Айтты-ай күні қызыққа
Көкпар тартып көргіздік.
Жігіт болды, шаң тимей,
Сараман дәуір сүргіздік.
Бес қаруын дайындап,
Оқ атқызып жүргіздік.
Балапан құстай мәпелеп,
Жақсы тамақ бергіздік.
Үй қызындай үкілеп,
Жібек торға кіргіздік.
Сол мақсатты орындап,
Он бес жасқа келгенде,
Аққу құстай таранды.
Он сегіз жасқа келгенде, Ортаға түсіп, буынып, Билік айтып сөйледі.
Көз алартқан дұшпанды Көк найзамен түйреді. Жиырма жасқа келгенде, Елдің қамын ойлады.
Айыр масақ асынып, Егеулі найза қолға алды.
Қарсылық қылған дұшпанның Езуін жыртып, кек алды.
Айқайлап тұр жанына, Белінен өтіп, жол салды. Қалың қолды қақ жарып, Топтан озып, жүлде алды. Жанына шауып, толғанып, Қалақ найза қолға алып,
«Батыр» деген ат алды. Жиырма бес жасқа келгенде, Мұзды балақ бүркіттей Жауынан халқын күзетті.
Микалай иттің тілімен Шөмекей, әлім жау болып, Небір қырғын соғыста Топтан торай шалдырмай, Батыр да күшін үдетті.
Отыз жасқа келгенде, Құла бедеу астында, Қырлы найза қолында, Өзі халықтың жолында,
Өштескен жаудың соңында, Жақсылықтан мақтайды, Көпшіліктің аузында.
Отыз бес жасқа келгенде, Күннен-күнге өзгеріп, Амалын ерім түрлетті.
Көксегені – еркіндік, Дұшпаның кеулін күйзелтті. Айбатымен шошынтып,
Жауының кеулін ренжітті. Не пайда, бірақ ағалар?
Қолына түсіп жауының, Жүректен ерім түйретті». Осылай деп сөйледі, Көтеріп мойнын жоғары, Тағы да бала толғады:
– Қолдан ұшып жез қанат, Шырмалып торға түсіпті.
Жез саусақ бүркіт бүре алмай, Дұшпаннан кегін ала алмай, Ат сауырына сала алмай,
Жау қолында кетіпті. Жау қолында қор болып, Ажалы солай бітіпті.
Қарасы өшіп, дабыл жоқ, Жез қанат қолдан кетіпті. Қиядан ұшқан мұзбалақ Қанаты талып, ұша алмай, Дұшпанына түсе алмай, Су бетіне қоныпты.
Су көтермей ауырлап Құлаш ұрып, алқынып, Су түбіне батыпты.
Шүйліккен аңын ала алмай, Табанға езіп сала алмай, Тілін тістеп қатыпты.
Діңдей болып алыбым Су түбінде жатыпты.
«Ажалын жолдан берем» деп, Әурелеп Құдай атыпты.
Қаршыға құстың жатқанын, Әурелеп Құдай атқанын
Осы балаң көріпті. Хабарын алып балаң Осы ауылға келіпті.
Жайын айтып батырдың, Жауабын бала беріпті. ұлықсат етсең, әлеумет,
Қара сөзбен сөйлейін.
«Сөйлеттің неге?» демейін Желіккен жүрек, өкпені Тынықтырып, суытып, Біразырақ күйлейін.
Басылғанша жүрегім, Қара сөзбен сөйлейін.
Ентіккен кісі: «Ентікпемді бер, оған қосып жүнтікпемді бер» дегендей келген бала: «Нақ ентікпемді бере ғой» дегендей-ақ ентіктіре жөнелді. Үйде отырған адамның бір жартысы бұл баланың не дегенін, не айтқанын білмей, дағдарып қалды. Жолда келе жатып, нені көргенін, ненің жүргенін, болмаса, елінде кімнің өлгенін білмеді. Жапсарда жатқан орта бойлы, дембелше, жаурыны жалпақ, басы шәугімдей, омырауы талпақ, азу тісі күректей, табаны есіктей, мойнының еті бесіктей, кебеже сүйегі қалақтай, мұз балақ, шұбар төс, нар желке, жарқын жүз, сұсты кеуде, мұрынды, бидай өңді, қаршыға қас, мұртының ұзындығы-құлағына оралады, доғалақ көз, жасы 25-30 шамасында, ақ құбаша сары жігіт жапсардан басын көтере салып, былай деп, әңгімені қашырта бастады. Тыңдап отыр, ағалар.
«Ау, ағайын, ағайын! Әңгіме айтып жағайын. Шыдамай кеуіл баратыр,
Солқылдап кеуіл бұл жатыр. Екеуіне мен не қылайын?
Бір күрсініп, дем алып, Мұңымды айтып шағайын. Асқа шапқан бедеудей
Көз алдыңда ырғақтап, Бауырымды жазып шабайын. Осы балаң не дейді,
Жауабын мұның табайын. Жанды қиып осы жерде, Жауымды қазір сабайын. Таба алмасам лажды, Көнегіңді қия ма?!
Осы отырған жамиғат,
Жан-жағымды қарайын. Қиядан шауып белеске, Сара жолды салайын.
Тізбектеліп сол жолға Жел буынсыз жел сөзді ұшы-қиыры жоқ алайын. Жиналған толы әлеумет, Ортаңызға анықтап Мәжілісті құрайын.
Содан соң барып баладан Нәтижесін сұрайын.
Жалғыз ағам Ақаңның Уақиғасын сіздерге Айтпай неге қалайын. Есіттірмей сіздерге,
Торсаңдап қалай жылайын! Хабар келген баладан, Өлген екен Ақмырза Бабажан салған жаладан.
Сіздерге соны айтайын: Ал, тыңдай қал, көпшілік, Болған екен бір сұмдық Көлге біткен құраққа, Алты қарыс азулы Ақмырза сынды шұнаққа. ызыңдайды бір сұмдық, Тыңдасаңыз, құлаққа.
Осы бала не сөйлейді:
«Жалғыз ағам – Ақмырза Жау қолында өліпті Нұрымбеттің баласы – Екі тарлан бөрінің
Келген екен ажал ақ Ақмырза сынды шыраққа. Топтан озып жүлде алған Шын бедеу ат-тұлпарға, Елдің қамын ойлаған Ақмырза сынды боздаққа.
Бұрқылдап шаңы бір шыққан,
Түстік жерден түлкі алған Ақмырза сынды құмайға. Ойласам, миым дал боп тұр, Өстіп жүрген өмір құр, Кетеді қашып жан-жаққа. Төтелеп енді келейін, Түсіндіріп халыққа.
Басым аман болғанмен, Мен де түстім сынаққа. Құдайдан қатер болыпты, Ақмырза сынды лаққа.
Қапыда ажал келіпті, Бөрі саусақ тұяққа.
Топтан озып бәйге алған Қазан ат бедеу тұлпарға. Қиядан көзі көретін
Мұз балақ бүркіт, сұңқарға. Дұшпаны құрық салыпты Елдің белі батырға.
Бауырымды қалай өлтірді, Ханың сенің батыл ма?
Ақаңды алдап өлтірген Қайратты туған батыр ма! Ердің қанын жүктеген Ханың нағыз әділ ме?
Жекеге шығып өлтірмей, Ажалын қолдан келтірмей. Екі жүз иттік бола ма.
Бейарам кетті бауырым, Іс орынға келе ме!
Орамдыққа таласқан, Найзасын жұлдыз жаласқан, Ісіне өмір таласқан Жанқожа сынды батырды Ақымақ ханың біле ме?!
Ақырып өзім барғанда, Басына әлек салғанда, Ақаңның кегін алғанда, Мен секілді бөріні
Бейасыл ханың көре ме?! Алшаңдап басып, аяғын, Жақсылап ішіп тамағын, Беліне ұстап таяғын, Арда ханың жүре ме?!
Дәнеме жоқ кеулінде, Танымайтын елінде, Келешегін білмеген, Жетесіне түймеген Тексіз ханың осы жерде Сараман дәуір сүре ме?! Бауырым өлді қалайша? Он бес жасар жас бала, Жауап берші сөзіме.
Жаз шықса егер осыдан, Аман шықсам қосымнан, Нәсілсіз ханды көрермін, Тірі жүрсем жалғанда, Сыбағасын берермін.
Арам өлген доңыздай Мылжалап басын тебермін. Қу қазықтай төпелеп, Жерге басын қағармын.
Жоныңа сенің, арамза, Қара тұзді егермін.
Тарақ қара балтамен Қу шекеңді шабармын.
Топалаң келген тоқтыдай Бауыздап малдай шалармын. Сегіз тарлан бөрілер,
Сегіз мыңдай әскер боп, Жан-жағынан қамармын. Дүрсілдетіп жаныңды, Әзірейілдей алармын.
Көкпар қылған терідей Ат саурына салармын. Судай аққан қаныңа Семсерімді малармын. Дәмін татып қаныңның,
Су орнына ішермін. Көрсетермін көрімді, Орамдықтан ашықтап, Босатармын елімді.
Ханды қуып тақтыдан, Оңашалап алармын Қырмызы қызыл жерімді. Айқайлап шауып қамалға, Ағызармын теріңді.
Ішкізбеспін суымды, Сорғызбаспын елімді, Билетпеспін жерімді, Алдыртпаспын белімді. Тыңдап отыр, көпшілік, Орындармын сөзімді.
Ағайын-тума, ағалар, Жасы кіші інілер, Осалдыққа бел байлап, Суламаңдар көзіңді.
Тыңдап жатқан жарандар, Азырақ жырды тастайын, Қара әңгіме бастайын, Қоя тұрып өлеңді.
Кемпір-шал, әйел, бала-шаға жылайын деп еді, жаңағы өлеңді айтқан бұйра бет, қара торы жігіт: «Қойыңдар!» деп, тоқтатып тастады. – «Жыламаңыздар! Көңіліңізді босатып, жүректеріңді елжіретпеңіздер! Жылау дегенді, ренжу дегенді менің көзіме көрсетпеңіздер. Ауыл-аймақтың барқырап мазасын алып, берекетін қашырмаңыз, – деді де, – Шыдам керек, жігер керек, қайрат керек, төзім керек», – деп халыққа айтты да, өзі қабағын түйіп, жерді қолымен шұқып, салмақпен күрсініп, терең ойға түсіп, шетіне шыға алмай, түнеріп отырып, сіресіп қатты да қалды. Істің түбін тосып, артын екшеп, ой түбіне жетіп, қайта бұрсанып, баланы қасына алып, қалай өлгенін, қалай қолға түскенін сұрай бастады. Баланы бір жеті сақтап, салы сарпай, аттан-жүйрік, қалы кілем сыйлап, еліне қайтарады. Жанындағы ауыл-аймақ Ақмырзаның өлгенін, шын ажалдың келгенін тегіс білді.
Сол мезгіл қара суық сүмбіле айларының басталған кезі еді. Жаушылыққа аттануға қолайсыз, қыс жақындап қалғандықтан: «Қыс өтсін, жаз шықсын, қар суымен аттанармын, – деп, – қыс ауылда болайын. – «Сабыр түбі – сары алтын, асықпаған жетер мұратқа, асыққан қалар ұятқа» дегендей», – деп, қыстай ау-лында болам деп, тұра берді.
Қыс бойы шаруашылық жұмысын істеп, қысты өткізіп, кегі кеткен дұшпанға аттанбаққа белді байлап, қаруын сайлап, Көк ешкіні (атын) жайлап, жаз жарқырап, жер бетіне жалбыраған көк шөп еркін шыққанда, апрель айларының ішінде Бабажанға бет қоймаққа жеті жолдасымен дайындалды. Құттықтан талапкер батырдың біреуі – Ақтан да 50 жігітімен Бабажанға дайындалып, март айының 20-сі деген түні ауылдан шығып, жаушылыққа бет қойды.
Есітті халық тегіс қорқынышты, Үйіне кеуіл айтып қол келісті.
Халық көп кемпір-шалға кеуіл айтты, Ізіне үлкен адам бала ерісті.
Шақырып елін жинап, жамиғатты, Үйіне келген адам асын татты.
Ақмырза өлгендігін білдірмекке Еліне хабар айтып, жар шақыртты.
«Жанқожа шақыртады» дегеннен соң, Ақсақал алыс жерден келіп жатты.
Әр жерден адам келіп жиылғасын, Басылып халық аяғы, тыйылғасын. Үй тігіп, тегіс бәрін мейман қылды, Ақмырза қыршын жаны қиылғасын.
Өлгенін білдірмекке Ақмырзаның, Халықтың бұған құрбан мал мен жаны. Үйіне Жанқожаның келген адам
Бес жүзге жақындады адам саны.
Әкесі екі ердің – шал Нұрымбет, Қайғыға ортақ болды ел мен жұрт.
Мүсәпір, момын шаруа ашуы жоқ, Қайғыға белден батты шал Нұрымбет.
Баласы Нұрымбеттің ер Ақмырза, Құбаша, ақ жұмыртқа, құс қуындай. Күніге екі өзгеріп, гүл жайнайды Әдемі қара судың құндызындай.
Жез қанат, тарақ құйрық, үкілі бас, Өзі еді өр тепсеңнің шынарындай.
Қып-қызыл екі беттен қан тамып тұр Бақшаның жазғы тұрғы алмасындай.
Қыр мұрынды, жарқын жүзді, бозамық бет, Беті үкінің жаңа туған баласындай.
Денелі, қыпша белді, мықты, мығым, Жігіттің сүмбіл саусақ саласындай.
Кірпік пен қиғаш қасы жатық біткен Өзеннің қара қошқыл құрағындай.
Мұзбалақ қыран бүркіт, бөрі тұмсық, Тұмсығы Арқаның аң алатын бөрісіндей. Жез қанат, керік құйрық, балақ тұйғын, Орманның қаршыға құс қыранындай.
Шұбар көз, сұсты маңдай, жалпақ жота, Сары дала, Ақжартаудың қасқырындай. Нар жілік, бота тірсек, емен желке, Үргеніш қарақалпақ бедеуіндей.
Денесін ашу кернеп, долданғанда, Жауатын күннің шұбар бұлтындай. Ақырып жауға шапқан ащы даусы Атылған найзағайдың дауысындай. Шапыраш жанып тұрған екі көзі, Байыған күннің күңгіріт қызылындай, Денесі төрт бұрышты төртбақ келген, Жойқын күш қайтпайтұғын Рүстемдей, Айбатты қас дұшпаны сасатұғын,
Қара күш адамзаттың алыбындай. Сол ерің, ай, ағалар, жау қолынан
Жататын мамық төсек жай тауыпты-ай.
Бейарман жау қолынан өлгеннен соң, Ағалар, Ақмырза ерің аһ ұрыпты-ай. Жамиғат, күш білек ер кетіпті-ай, Салт жүріп, жер түбіне ол жетіпті-ай. Ажалын жолдан тауып, күліп-ойнап, Кешегі Ақмырзаның әлі бітті-ай.
Әйелі Нұрымбеттің – сұлу Қызай, Қызайдан екі бөрі туған мынау, Ақмырза – сол Қызайдың үлкен ұлы-ай. Екінші – әлпештеген мен кенжесі, Шешемнің көп емізген Жанқожасы-ай.
Қазақтың мақалы ғой «Ат – арыстан, нұр сейттен», Сондықтан сүйген атым осы егесі-ай.
Енді мен сол дұшпанға аттанамын, Жазғытұрғы қар суымен бет қоямын. Жолықпай жүрген шығар кісісіне, Шаһарын шауып алып, құл қыламын,
Жанқожа сөз бастады көпшілікке, Қайғырып келген халық, елшілікке:
– Ойласып мәні-жайын айтайын деп, Шақыртып әдейі алған Ақмырза еді.
Осы елдің паналайтын ері еді Халыққа, қысылғанда, қамал болған. Асқар тау, сүйенетін белі еді.
Өскен ел-халық ортасы сіздерменен Жайлаған ата-қоныс жері еді.
Ақмырза бұл қоныстан айрылыпты, Жез қанат торға түсіп қайрылыпты. Қар суы, бет қоямын, малға жайлы, Ізіме ертемін ерді сайлы.
Тілектес өзімменен, жасы бірге, Жолдасым өмір бойы басыбайлы Жолмырза, Жақай батыр көзге мерген, Бауырын саржа жақтың оқпен керген.
Құрдасым жасы бірге, жылым жылдас, Бірге ойнап, бірге жүріп, сырды түйген.
Қазақбай, Садақбайлар – найзагерлер, Шалт түйреп түсіретін қайраткерлер. Найзамен он он бесті түсіретін Қайратты, Шойын желке найзагерлер.
Итжемес, Жақып сері – қылышшылар, Шалғыдай алдын орып, қуушылар.
Ортаны жазып, бұзып, серілтетін, Бет-қолын қанға бояп, жуушылар.
Күлімбет – ту ұстаушы батагөйші. Тілектес өміріме аққудайшы.
Ортаға туды жықпай жүретұғын Айбатты пірлі туды көтеруші.
Мінекей, осы сегіз аттанамыз, Жүрместен он күн бұрын бапталамыз.
Тамырын көктей жұлған көк шөптей қып, Шілдедей жазғытұрғы қуартамыз.
Бездірген анасынан жас баладай Сарғайтып Бабажанды суалтамыз.
Мезгілсіз күз айлары болып қалды-ай, Қолайсыз жағымсыз күн туып қалды-ай. Жүруге белді байлап март айында, Алдына адал ниет, жолды салды – ай.
Еліне түгел айтты жүретінін, Дұшпанды көзіменен көретінін. Халықты орам қылған Бабажанға Сыйлықты екі қылып беретінін. Ағасы Ақмырзадан айрылып қап, Білдірді көпшілікке өлгендігін.
Жиылған адам тарады, Әрқайсысы бетімен,
Үй-үйіне барады. Алғыс айтып ақсақал, Батырға бата береді.
Халықтың қамын ойлаған Жанқожадай ер еді.
Күзді күнгі Сүмбіле – Салқын суық ай еді.
Жаздай жайлап қалың ел, Ақ шаңдақ қылған жер еді.
Қыс болды. Батыр тұрған өз елінде, Жайлады бедеу атты өз жерінде.
«Жүрем» деп, хабарлайды жеті ерді, Жүруге бел байлады март айында.
Белгісі – жаздың жайлы сәурік күні, Жарық күн, маржан жұлдыз, ашық түні. Жіберген жеті батыр хатын алып, Қайтарған Жанқожаға келді үні.
Жаз келді, тоқсан шықты, қыс та өтті, Байлаған Жанқожаның күні жетті.
Жан-жақтан жолдастары бастап келіп, Жүруге дайындалып, қимыл етті.
Жан-жақтан тегіс келді жолдастары, Сөз айтып, сыр шешіскен мұңдастары, Елінде бірге ойнаған, бірге жүрген, Жылы жолдас, басы бірге құрдастары.
Қонақ боп Жанқожаға үш күн болды, Қонаққа жақсы тағам сыйын берді.
Жылқыдан Жанқожа алып Көк ешкіні, Суарып екі мезгіл жемін берді.
Аттарын бұл сегізі жайландырды, Күніне екі тарап түрлендірді.
Жүрмек боп ала кеуім ұзақ жолға, Сол үшін құрал-сайман сайландырды. Бозторғай шырылдаған, таң білінген, Таң атып, жан-жақтағы ел көрінген.
Шығуға күннің көзі таяп қалды, Аспанды қызыл-жасыл от бүркеген.
«Аллалап» бетін қойды көп дұшпанға, Жазықсыз ерді өлтірген хан құшпанға. Таң ата ала кеуім, күн шықпастан, Сегізі бетін қойды Бабажанға.
Ақ сапар бетін қойды сегіз сері, Дұғада болып тұрды туған елі. Жалтылдап қылыш-найза ерге ілулі, Аттанған Бабажанға ердің ері.
Сол күні Ақтан батыр бұ да аттанған, Ізіне елу жігіт әскер алған.
Ниеті – Бабажанды шауып алмақ, Атына жүген-құрық еркін салған,
Талапқа шықты бұ да ертелетіп, Сол түні жата алмады жеделдетіп. Талапкер, қайратты, ер жігіттерді Ізіне ертеді елеңдетіп.
Құттықтан батыр туған Ақтан еді, Ауызға іліп айтар мақтан еді.
Мың топтан шалдырмайтын пірлі батыр, Анадан дана туған саңлақ еді.
Келбеті мана көнек, жарқын кеуде, Жігітте мақтап айтар бағлан еді.
«Ер мұрынды, ат ерінді» деген сөз бар, Сарыарқа сары даланың таңдағы еді.
Бір бөлек бұ да жүрді әскерімен, Сары ала туын көтерді достарымен. Қарасын Жанқожаның көрді бұлар,
Жарқырап емін-еркін күн шыққан соң.
Көк ешкі секіреді құлақ тігіп,
Ала аяқ бұ да тұрмайд көптен ығып.
Ақтанды алып ұшты Ала аяқ та, Егесті Көк ешкіні жерге жығып.
Жанқожа құйысқандады Көкешкіні, Ақтан да асырмалад Алааяқты.
Ниеті екеуінің «ер аумайды» деп, Бісентеп әбден жатқан мінер атты. Алааяқ, көкті екеуі,
Құлынынан бақтырған. Сылап-сипап жасынан,
«Теңіміз» деп басынан, Балапан құстай қақтырған. Бауырын жазып жасынан, Тайында тойға шаптырған. Марал менен киікті,
Түлкі менен қасқырды Құнанында алдырған. Бестісінде, мінеки, Екі ерге екеуі
Мінуіне жарайтын, Белді азбан ат болып, Үстіне ерді салдырған. Жиылып тегіс, жүреді, Екі батыр бір-бірін Жол үстінде көреді.
Жол бойында кездесіп, Кішісі сәлем береді.
Бабажанға аттанып, Қатуланып, қаттанып, Жол үстінде барады.
Жолда жидек-жемістен
«Ниет болсын осы» деп, Аузына үзіп салады.
Ора шайнап аттары, Майса көктен шалады. Желдей ескен аттармен Күйікқала, Тақтыға Жақындап бұлар қалады. Қаны тасып бетіне,
Қуат еніп етіне, Жанқожа, Ақтан екеуі Баладай ойнап, тасады. Сегіз сері ойнақшып, Елу жігіт Ақтанда, Жеті сері, Жанқожа
Ор қояндай қашады. Күле шауып, жорытып, Жер қойнын ашады.
Талма-талтүс болғанда, Маржандайын тізіліп, Сылдырап аққан өзенге Желдей есіп келеді.
Жағалай қонған ауылдар Жайлаған тегіс ел еді.
Дариядан өтісіп, Бабажанға келеді.
Ауылдан сегіз сері шығып еді-ай, Ақтанда бір белімен жүріп еді-ай. Қалай да талқандауға Бабажанды Бір-біріне уәдені беріп еді-ай.
Ойлаған елдің қамын ер боп туып, Жанқожа нағыз туған батыр еді-ай. Өткен күз жау қолынан бір ағасы Ақмырза Бабажаннан өліп еді-ай. Өлгенін Бабажаннан Ақмырзаның Бір бала есіттіре келіп еді-ай.
Алды қыс болғаннан соң, ат қинамай, Жанқожа қыс ауылда болып еді-ай.
Жаз шығып, жер аяғы босанған соң, Сегіз ер Бабажанға бет қояды-ай.
Ақтан да елу жігіт жігерленіп, Алуға Бабажанды серт қылады-ай. Ағасы – Ақмырза да, Жанқожа да –
Қазақтың сүйенетін қамқоршысы-ай. Жанқожа алып күшті, болат білек, Ақылды, қайраты мол, білекті еді-ай. Тілегі – бойындағы еркінділік, Сондықтан халық сыйлап еріп еді-ай,
Ақтан да артық туған анасынан, Бұл ер де Жанқожаға серік еді-ай. Елінен елу жігіт таңдап алып, Ақтан да Бабажанға жүріп еді-ай. Қайратты талапкерлер өзі тілеп, Ізіне өз еркімен еріп еді-ай.
Жүрместен Бабажанға он күн бұрын, Жақсылап бағып еді бедеу атты-ай. Бет қойып жауласпаққа Бабажанмен, Дария маржан суға келіп еді-ай.
Сегізі дариядан өтіп алып, Шынарын Бабажанның көріп еді-ай. Жанқожа Күйікқала шаһарына Ақтаннан бұрынырақ келіп еді-ай.
Келгенде бұл маңайға Жанқожа ер, Уақыт талма-талтүс мезгілі еді-ай. Көрген соң Күйікқала хан тақтысын, Жанқожа кеулін басып шыдамады-ай. Айқайлап қасындағы жолдасына, Долданды аң күштісі арыстандай.
Қасқырдай үні шықпайды долданғанда, Булығып екі жағы қарысқандай.
Сегіз ер ала мойнақ атыменен Әскерге жыбырлаған бет қойды-ай.
Көкешкі «ап» дегеннен топтан шығып, Секіріп, елу қадам созылады-ай.
Тастаған тозаңынан қаз адасып, Тұяқтан Ніл дария қазылады-ай. Құлағы ешкі мүйіз болғаннан соң, Халықтың сүйіп қойған Көкешкісі-ай. Елімнің қамқоршысы Жанқожаға Қызыл тіл ырғақталып жосылады-ай. Әскерін шаһарына жиыстырып, Дайындап тұрған екен Бабажан да-ай. Бастары қылтың-қылтың көрінеді, Шамасы өте жиын екі мыңдай.
Күтініп, дайындалып тұрған екен, Ертерек білгеннен соң хабарында-ай. Сол жердегі ауыл-аймақ тегіс білді
Жәкеңнің бір ойранды саларында-ай. Сегізі келе жатыр бір бетті алып, Бірақта даруаза аузы бекітулі-ай.
Есікке келе салып, аттан түсіп, Даруазаны «ойболатпен» балталады-ай. лезде «алтын балдақ» қиып түсті, Даруаза топса сынып ашылады-ай.
Шулаған, даурыққан айқай, дауыс, Есікке барлығы да тура шапты-ай. Батыр да атқа мініп, арпалысып, Ішіне Көк ешкімен араласты-ай.
Сегіз ер екі мыңға қайтпай кіріп,
Айқай-шу ала шаңдақ даруаза ауызы-ай. Бір беттен елу жігіт Ақтан менен,
Ақтан да көп, жауменен қарсыласты-ай. Батырлар емін-еркін топқа кіріп, Жауменен талқандасып арпалысты-ай. Ақтан мен елу жігіт сегіз батыр Майданда бәрі тегіс қосылады -ай.
Іркілмей жауға шапқан Жанқожаның Кескіні мынадай ед сыр-сипаты-ай. ұшатын қанат тарап, көкке өрлеп, Қожасы құстың патша-аққуындай.
Кең кеуде, бөрі қабақ, жолбарыс бет, Кескіні ертегінің алыбындай. ұзыны еніменен теңдес келген,
Жұмырлау жолбарыстың жотасындай. Шығыңқы құлақ жағы, жуан мойын, Айбатты жан көзіне арыстандай.
Алдынан не кез келсе, қайтпайтұғын Шұбар көз айға шапқан қабыландай. Қабағы төмен түскен, ұзын мұртты, Жауатын күннің қара бұлытындай. Мұзбалақ қыран бүркіт, қаршыға құс, Аңшының аң аулайтын сұңқарындай. Денесі еніменен төртбақ келген,
Ұқсатад көрген адам Эльбрусқа-ай. Адастырмас қараңғыда мақлұқатты,
Екі көзі жарқырап тұр жаққан шамдай. Қап-қара қиғаш қасы тамылжып тұр, Жайқалған көлдің майса құрағындай. Болат қол, көркем, сұлу шұғыла күн, Қайтпайтын, тасқа шапса, зұлпықардай, Тұлғасы үкісіндей сары даланың, Құлпырған жанат ішік, қырмызыдай.
Екі көзі – Алматының электрі, Секілді Есекқырған жұлдызындай. Он екі мүшесінде бір міні жоқ, Тұрпаты Сырдың сұлу құндызындай. Басына біткен шашы қара бұйра, Аққудың қауыс мамық қанатындай. Көзіне жоңышқадай біткен қасы,
Жас буын көлдің жасыл көк шөбіндей. Кірпігі қарағайдай жарға біткен,
Құс алғыш қаршығаның қанатындай. Маңдайы жарты қарыс жарқырап тұр Түндегі жаңа туған жарық айдай.
Кеуделі, алып күшті жан сасатын, Иесі судың қожа Сүлеймендей.
Атадан ер боп туған ел қамқоры, Батырдың осылай ед сырт бедені -ай. Жәкеңнің шыпырлаған соғыстарын Халыққа былай айтып сөйлейін-ай. Батырды аз теңедім әл келгенше, Ағалар, барым осы сөкпеңіздер.
Енді мен басқа сөзге тез көшемін, Бұл ұзақ терме сөзді қоямын -ай. Өлеңді қоя тастап, жел сөз айтып, Жамиғат, мен азырақ тынайын-ай.
Шаһар халқы хабарланып, даруазаның іші сыңсыған қол, шошайған мылтық, күтінген адам. Сол қолға қарсы бұзылған есіктен жол салып, Жанқожа өз алдына жеті серігіне: «Аттан» деп бұйрық берді.
Шарбаққа кірді айқайлап, Әскерге бүлік салып-ай.
Белінен алды алмасты,
«Осы – деп, – оңай» ойлайды -ай. Қойға тиген бөрідей
Әскерге салды ойранды-ай. Дұшпандар өлді қылыштан, Қызыл ала қан болды-ай.
Шарбақтың алды шаңдалып, Жаруан үлкен жол болды-ай. Жолын ашып ысырып, Жидырды Жәкең көп қолды-ай. Бірақ та адам көпшілік, Даруазаға мал толды-ай.
Ақтан да келді бір беттен, Қамысқа тиген өрттей Бүлікті салды келіп-ай.
Сегіз тарлан бір бетте, Айқайлап, жауды жиырып, Ішке өтіп барады-ай.
Ішке өтіп болған соң, Әрқайсысы «Аллалап», Бет-бетіне тарады-ай.
Әбірей керек басына, Алды-артына барады-ай.
Шаһардың ішін шаң қылып, Қамалдың ішін қан қылып, Екі мың әскер қамады-ай.
Жеті сері жолдасы, Елу жігіт, Ақтан ер Жеме-жемге келгенде,
Желкесінен қиғызды-ай. Көп әскердің ішінен Батыр туған Жанқожа Ата жауы кектескен Бабажанның баласы – Байқадамды қарады-ай. Күнгей бетті шеткейлеп, Итжемеспен алысып Байқадам бала жүреді-ай. Іздегенін алдынан
Қас дұшпанын тапқан соң, Төтелеп соған жүреді-ай. Байқадамға бұрылды,
Көп әскерге қарамай,
Көп қолға қарап, не қылсын? Батырдың кегі осында -ай!
Желдей ескен бедеумен Жетіп бір келді қасына-ай. О да туған ер екен, Қашпады, сірә, тайсалмай. Өлім кіріп есіне,
Түршігіп дене сескенді-ай. Жүр еді батыр тістеніп,
Бір жылдан бері таба алмай. Бөрідей басы шайнайтын, Жүр еді көзге көрінбей.
Көріне қойса көзіне, Қояр ма еді Жанқожа Баласымен екеуін Бабажанды жерлемей!
Көк ешкі тұрды байлауда, Көсіле шауып, терлемей. Қарсыласып келісіп,
Бір-біріне толғанды Қоңыраулы сапты найзадай. Отырғызды Жанқожа,
Қақ жүректің басынан, Емен сапты сүңгіні-ай, Ат үстінен аударып,
Құлатты батыр баланы-ай. Кегі кетпей дұшпанға, Батырдың асты айласы ай. Жамбыл пірі жар болып, Жәрдем берді Алласы-ай. Бабажан көріп тұр еді, Тақтысының қасында-ай. Мұнараның басында-ай, Байқадам аттан ұшқасын, Тақтыға жүрді түсіп ай.
Баласының өлгеніне, Көзі менен көріп-ай. Атына мінді асығыс, Болмас деп өмір сүріп-ай, Бас амандап сауғалап,
Бір бетпен қашты Бабажан, Туралап ерге келе алмай.
Шаһарының ішінде, Өмір сүріп жүре алмай, Бас амандап бүржектеп, Істің артын көре алмай. Ендігі мақсат Жакеңнің Ақмырзаны өлтірген, Бабажан арам ит еді-ай. ұрысып жатыр бетімен,
Бірақта кеулі сонда еді-ай. Екі мың әскер қаптады-ай, Араға науды салдырмай.
Батыр төзім береді,
Оқтарға шыдап Жаңбырдай, Қарулы әскер оқ атып, Көптік қылып баратты-ай, Елу жігіт Ақтан мен
Жеті сері Жанқожа Түс ауғанша соғысып,
Азда болса талдырды-ай, Нақ сол кезде Жанқожа Төтелеп шапты тақтыға-ай. Бабажанды туралап
«Кетем, – деп, – артқа қалдырмай», Кегі жүрген дұшпанда
Қамалға шапты қайта алмай. Қасында жүрген Байқазақ, Арманда қалды жолдасы,
«Барма» деп ерге айта алмай. Ақмырза түсіп есіне,
Көзін мұнар шалады.
Көп-азы жаудың байқалмай, Ағаға қайтіп шыдасын?!
Бірге туған, ұялас Жұмыртқа үшін құс та өлед ұяда жатқан шайқалмай.
Қарт бурадай қасарып, Тайсалмастан, жасқанып, Қалыңға кірді тайсалмай. Қалың топқа кірген соң, Жұмсады батыр найзаны, Найзадан көрді пайданы-ай. ұсынғанын түсіріп,
Қан болды қызыл майдан-ай. Ашу нағыз келгенде, Қайнаған қалың әскерді
Бір кісіге санады-ай. Шетте жүрген шегініп Бабажанды табады-ай. Сол уақыт болғанда, Зауал ауып баратқан, Кіші бесін шама еді-ай. Ортада жүрген батырды, Жан-жағынан айқайлап, Сансыз әскер қамады-ай. Оң келгенін оң сілтеп, Сол келгенін сол сілтеп,
Найзамен батыр түйреді-ай. Тәңірі артық жаратқан Жанқожа ердің әруағы Бабажанды басады-ай.
Көзіне таудай көрініп, Беттесуге жарамай, Бабажан сорлы қашады-ай, Алды-артына қарамай.
Бабажанның соңына Қуып батыр түседі-ай. Қарсы келген жығылып,
Біріндеп мылтық атады-ай. Әне-міне дегенше, Көпшіліктен құтылып, Шеткерірек шығады-ай.
Шеткей бетте жүргендер, Бұл екеуін көргендер Қызығына батады-ай.
Жолы ашылмай жүр екен, Кеңістікке шыққасын, Көсіліп бедеу шабады-ай. Желдей ескен бедеуге Батыр да қамшы ұрады-ай. Көп ұзатпай Көк ешкі, Ізінен қуып жетеді-ай.
Көк сүңгіні суырып,
Көк желкеден түйреді-ай. Қайнап іште қысылды,
Таба алмай батыр жүреді-ай. Найзаны шаншып желкеден, Бабажанды құлатты-ай.
Аударып аттан түсіріп, Жерге салып сұлатты-ай. Құлағын кесіп құнтитып, Кекілсіз аттай шұнайтты-ай. Танауын тіліп, тымпитып, Қолын кесіп қылтитты-ай. Санын кесіп сымпитып, Аузын кесіп жымпитты-ай. Белін теуіп омырып,
Тірідей жанын шығарып, Көзінен жасын сулатты-ай. Өлімші қылып жүрместей Тепкілеп басқа тастады-ай.
«Тілеуің сенің осы еді» деп, Тегіс жерден көтеріп, Ойлы-қырлы тастарды Жауырынға жастады-ай.
Бабажанды кескілеп, Қалыңға қарап бет қойды-ай. Ортаға келіп килігіп,
Қалың әскер ұйлығып, Жанқожадан түңілді-ай. Жеті сері бір бөлек,
Қойға тиген бөрідей Жалғыз салды қимылды-ай. Бабажанды өлтіріп,
Қалың бір топқа қайта кеп, Емін-еркін енеді-ай.
«Өлтірмесек болмас» деп, Батырға жалғыз жұмылды-ай. Қатарға келген жігіттер Толарсақтан шаншылып, Жерге томп-томп жығылды-ай. Дүмді тиген найзадан Қабырғасы сығылды-ай.
Аударылып атынан, Қара жерге жығылды-ай. Қарсыласқан дұшпанды Кейін қарай ысырды-ай, Ақтан да нағыз ер екен,
Алдынан шашау шығармай, Дұшпанды бұ да тықсырды-ай. Жауатын күндей күркіреп, Айдаһардай ысқырды-ай.
Дұшпанын қырды, өзі аман, Дәудің ісі сықылды-ай.
Өлгенінше құтылып, Қамалда әскер қаптады-ай, Қаптаса да, батпады-ай.
Санап атқан сарасы Қос қабаттап өлтіріп,
Жанқожа сынды батырдың Оғы да жерге батпады-ай. Адамын көздеп ұшырып, Байлағанын түсіріп, Бүгежектеп жүріп атпады-ай. Жаярмын деп қайтпасаң, Өлсін-өлсін айқайлап, Өткізді мидан дауысты-ай.
Санай алған алпысақ, Атыла – ата таусылды-ай, Оқ біткенін білген соң,
Қаптай шауып қалың қол Батырға келіп қауышты-ай, Жиырма қылыш қолға алып, Кекті жаумен алысты-ай.
Аш қасқырдай алақтап, Аш адамдай жалақтап, Талайдың кесіп бастарын, Сусынға батыр қан ішті. Мен мықтымын дегендер, Осы ұрыста ашылды-ай. Батырдың ұрған қылышы Небір сұлу жігіттің Желкесінен жабысты-ай. Астындағы көк ешкі
Ор қояндай секіріп, Керегедей қабысты-ай. Ақтан сері батырмен, Жеті сері Жанқожа, Орталыққа жалақтап, Көп ішінде табысты-ай. Әдепкіден сіресіп Топалаң тиген тоқтыдай, Өліп те әскер азайды-ай. Елу жігіт Ақтанмен, Жеті сері Жанқожа, Бірін-бірі табысып, Орталыққа жиылды-ай. Зәресі ұшып дұшпанның, Үріккен қойдай иріліп, Етек-жеңі жыйылды-ай. Үш күн ұдай соғысып, Екі мың атты әскерден
Жазалы он төрт қашады-ай. Адамын көздеп ұшырып, Одан өзге дұшпандар Шалғын шөптей орылды-ай, Тамырынан жұлынды-ай,
Жан серіппестен қырылды-ай. Дарбазасы бұзылған,
Қамалы тегіс қираған, Діңдей-діңдей адамдар Оққа ұшып жығылған. Жаны шықпай жатқандар Қыш кесекті паналап,
Сай-салаға тығылған. Талайы жатыр ыңырсып, Аузынан қан кетіп, Қабырғасы соғылған.
Қазылған «оры» көміліп, Тақтысы ханның түрілген. Малын баққан шаруаны Орам қылған Бабажан Ажалын тауып сүрінген.
Кеуде жағы жалаңаш, Топырақ құмға бораған Бөксе жағы көмілген. Жолы болып қазақтың, Дұшпанынан құтылып, Қуанып бала жүгірген. Талқандап тегіс майданды, ұрысатын жаны жоқ, Өлгенінің саны жоқ.
Ауылға қайтпақ ойында, Кейін қарап шегінген.
Олжадан түскен малдарын Жарлы-жақыбай сорлыға Қолынан санап бергізген.
Екі күндей шектескен жауы, кектескен қасы Бабажанмен ұрысып, отын ойран, төрін талқан қып, үрерге итін, сығарға битін қоймай ата жауы Бабажанды қолға түсіріп, кескілескен қан майданды, қойдай шалып өлтірді. Онымен қоймай одан туған баласын – Байқадамды, қасқырдың бөлтірігі ит болмас дегендей, оны да өлтіреді. Қаласын талқандап, күлін суырды. Екі-үш күн сол маңайда болып, елу жігітімен Ақтан да, жеті жолдасымен Жанқожа да демін алып, түскен олжаны аш арыққа, жалаңаш жетімге бөліп беріп туған елі жүрген жеріне қайтты.