Kazakh
Ағыбай батырдың үш өкініші (Ел аузынан)
Жасымнан өстім жырды жаным сүйіп, Мазмұнын мағыналы ішке түйіп.
Сусыным қанша естісем қанбаушы еді, Алардай бір басыма бәрін жиып.
Қарт жырау қолына алып домбырасын, Бастайтын «әлқисса» деп сөздің басын. Тізілтіп көз алдыңа сан тарихты, Өткеннің баяндайтын уақиғасын.
Арудың ерте солған қызыл гүлі,
Айналып жоқтау-зарға бұлбұл үні. Қапыда қолға түскен қыран жігіт Бармағын тістеуменен өткен күні.
Болған ел «Ақтабанда шұбырынды», Сыңсиды Қаратаудан зары мұңды.
Тоз-тоз боп дала кезіп, жуа теріп, Айдыны Саумалкөлдің жасқа тұнды.
Туғанда қасіретті қарбалас күн,
Ел қылып басын құрап бар алаштың. Атақты Абылайдай ханы болған,
Жүзіндей өткірлігі ақ алмастың.
Жау жүрек соңына ерген батырлары, Шетінен мың сан қолға татыр бәрі.
Найза ұшы, садақ оғы, қол күшімен Қорғалған қазақ жері атырабы.
Сырт жаудан елін, жерін қалған сақтап, Ел сенген үміті мен сертін ақтап.
Қарт жырау күйін шертіп отыратын, Дәріптеп кейінгіге жыр ғып мақтап.
Әуезді әлдилесе домбыра үні,
Тұнғандай көңіліңде елдің мұңы. Желпінтіп жеңіспенен жігерлентсе, Тарқайтын тыңдаушының ішкі шері.
Аңыз боп ел аузында сақталатын, Жыр болып көкейінде жатталатын. Батырдың ел қорғаған ерліктерін Жеткізген ұрпағына қаптал ақын.
Қобызбен, домбырамен, жырмен алау Тарихын, шежіресін ақын-жырау Халықтың зердесіне құйып кеткен,
Бұл күнде шырқалып жүр көкте мынау.
Соның бір үзіндісі баяндарым, Жетсе егер ақындық пен оған дарын. Солардың әруағына басымды иіп, Қоятын ескерткішім – қолда барым.
Ышқынып қарашаның желі суық, Тұрғандай зікір салып кереге, уық. Көкте бұлт шудаланып жөңкіледі, Біреуін сатырлатып бірі қуып.
Қар түсіп қарашада қылауланған,
Жан бағу жәндікке де болған арман. Шыдатпай қара суық жан біткенді, Тоз-тоз болған табынды тобыр арлан.
Тайатқан басы мүлгіп, мұнартады, Көңілсіз табиғатқа мұң артады.
Өрекпіген өзен де жылап ағып, Қыстың да тақалғанын аңғартады.
Селеудің ұшып басы, сояу қалған, Жусанның иісі де жоқ мұрын жарған. Жайлаудың жазғы қызық айлы түні
Қыз бен бозбалаға болған арман.
Тайатқан мен Шұнақтың ығын ала, Отырған қараша үйлер қара-құра. Ортада үлкен орда ақ боз үй тұр, Іргесін көмкеріпті шым айнала.
Оң жақта мамық төсек төрге таяу, Үстінде ауру адам ұйқылы-ояу.
Айнала отырған жұрт іштен тынып, Дыбысын шығармайды, сөйлеп баяу.
Таяқтай бір кездегі саусақтары,
Сіңірге ілініп тұр қаусап бәрі.
Зор дене, түкті қабақ, шүңірек көз, Қан-сөлсіз әжімделген беттің әрі.
Шыққандай қарауылға ақырғы рет, Дөң мұрын томардайын шалғандай өрт. Дем тартып тіршілігін сездіреді, Тұрғанмен үстем болып меңдеген дерт.
Жағалай үйдің іші қалы кілем, Ілінген аң терісі қымбат кілең. Жолбарыс төр алдында бөстек болып,
Айшықты адал бақан әсемделген.
Беріп тұр ордаға о да өзгеше ірең, Алтындап сырлы бояу неше түрмен. Сырмаққа қошқар мүйіз ою салып, Желбауын шымжібектен шебер өрген.
Қыранның тұғыры тұр босағада, Ескерткіш белгісіндей осы араға. Төрдегі Абылайдың ала туы
Бас иіп, түсе алмастан арашаға.
Батырдың тұсында тұр наркескені – Тайсалмай талай жаумен белдескені. Сұрапыл қиян-кескі айқастарда
Ел үшін қан майданды бір кешкені.
Дүниенің жетпегенмен есебіне, Кетпеген ешбір жауға меселі де. Жатқаны енді мынау, дәрмені жоқ, Сексеннің келген шақта үшеуіне.
Бұл күнде ауру меңдеп, қайрат кеміп, Тек қана ел тілегін жатыр еміп.
Кешегі алпамсадай батыр тұлға Табиғат бара жатыр заңы жеңіп. Қам көңіл мұңға толы айналасы, Кілкіген жанарына келіп жасы. Ағайын, туған-туыс іштен тынып, Дәрменсіз салбырайды түсіп басы.
Көтеріп жастығынан басын биік, Алғандай бар қайратын қайта жиып. Тыныстап ауыр деммен бір күрсініп, Шығарды өкінішін жүрген түйіп:
Білемін, қимайсыңдар мені өлімге, Бірге өтті өздеріңмен өмірім де.
Алашқа атым шыққан ер болсам да, Үш түрлі өкініш бар көңілімде.
Қорғауға ел намысын, кегін елдің, Найза ұстап он жетімде атқа міндім. Атақты қол бастаған батырлардың Бірі боп хан Кененің соңына ердім.
Ұрысты қиян-кескі талай көрдім, Жарты кез пұшпағы үшін туған жердің. Тайсақтап қайтқан емес бетім жаудан, Мүлт кетіп дұшпанға атқан жебелерім.
Көрсетіп сан ұрыста қайрат-айбын, Отындай жарқырадым нажағайдың. Әрқашан әруақ қолдап, жолым болып, Дейтін ел: «Әруақты Ақжолтайым».
Келсе де жасым міне сексен үшке, ұқсайды кешкен ғұмыр көрген түске. Осынша жасарымды білген болсам, Қалмас ем бармақ тістеп өкініште.
Өлімнің құтылмастай қармағынан, Қалың жау қоршағандай жан-жағымнан. Науанның «Ақкелеген» зарлы даусы Кетпейді әлі күнге құлағымнан.
Әркімнің болады ғой жаны басқа, Мақсат бір болғанымен әуел баста. Науанға қайта айналып барар едім, Білгенде келерімді осы жасқа.
Осы еді айтпақшы бір өкінішім, Кетпеген, сірә, есімнен ғапыл ісім. Ағыбай атағыма үйлеспейтін Айтайын, тыңдасаңдар, екіншісін.
Жайылды атақ-даңқым тамам елге, Әруағым жебеу болып көргендерге. Тұтынған затым егер қолға түссе, ырым ғып қасиеттеп ілер төрге.
Ел сыйлап, пір таныған қайран басым, Тағдырдың жазымышы сол болғасын. Сүйегім үлкен үйден шығарылмай, Жастанды кіші әйелдің босағасын.
Талшыбық, ақ бәйбіше – сүйген жарым, Аманжол, Аманбайдай балаларым.
Жер шалғай, жете алмадым, ауру меңдеп, Осы ғой көңілдегі бір арманым.
Шәкежан бәйек болып бағып жатыр, Балалар одан туған балдай татыр.
Тек қана лайықсыз атағыма
Деген сөз «Тоқалынан шықты батыр».
Не дейді ертеңгі күн тосын адам, Жасқанып жаудан бетім жасымаған. Тоқалды қанша жақсы көрсем дағы, Атыма лайық па осы маған?!
Ең зоры өкініштің жанды жеген, Ойымнан бір шықпайды, шошып денем. Қапыда қан уыстап, азар кештім,
Бұ дағы бір әңгіме сыры терең.
Кетейін әлім барда айтып соны, Тарқасын ішкі шерім зарға толы. Мерт қылдым бір аруды білместікпен, Сол болды өкініштің ең бір зоры.
Бір жылы жылқы алуға шықтық беттеп, Жаз шыққан мезгіл еді дала көктеп.
Келеміз қырық жігіт, басшысы – мен, Соқтырып сал желіспен самал өкпек.
Бақ қонып, қыдыр дарып әуел бастан, Байлығы, атақ-даңқы жұрттан асқан. Жылқысы кілең тұлпар жайық жақта Бай бар деп естігенбіз аты – Бостан.
Жеткізген бізге айтушы оның жайын, Қонаққа дастарқаны тұрар дайын.
Шетінен тұлпар туған жылқысының Басқа елге шығармайды жетім тайын.
Бағусыз көп жылқысы салып ойын,
Жатады жазда жайлап Жайық бойын. Шетінен ұстап әкеп қосады екен, Өткізер болса біреу айт пен тойын.
Кем болмай шыққан тегі аталықты, Қыдырдан шаңқай түсте бата алыпты. Бәйгеге қосқан аты тізбек келіп, Еліне «Және Бостан» аталыпты.
Сонымен, қырық жігіт кеттік жүріп, Шамалап жер бағдарын оймен біліп.
Тақымға шоқпар басып, қолда найза, Сары садақ, сұр жебені мойынға іліп.
Жеткенде межелі жер қарасына, Ел жатып қалар мезгіл шамасында, Тіредік аттың басын дамылдауға Жайықтың жыныс тоғай ағашына.
Суытып атымыздың ерін алдық,
Тың тыңдап, айналаға құлақ салдық. Шәугімге шай қайнатып, тамақтанып, Ер жастап, тоқым төсеп, жатып қалдық.
Тым қысқа бұл мезгілде жаздың түні, Дегенше өте шығар әні-міні.
Тербеліп самал желге жапырақтар, Жағымды жыршы құстың шығады үні.
Жағасы Ақ Жайықтың жасыл құрақ, Талайға ата қоныс болған тұрақ.
Қасқалдақ айдынында бір қылт етіп, Қаз-үйрек асыр салған су сабалап.
Түрілді түн етегі көтеріліп, Қияға бұлт желегін кетер іліп.
Жер жүзін алтын арай нұрға малып, Сұлу күн сылаң етіп шықты күліп.
Адамы секілденіп алыс жердің Үстіме қара барқын киім кидім. Ауылын Бостан байдың бағдарлауға Елеусіз жүргінші боп атқа міндім.
Келемін жіті көзбен шолып маңды, Көк майса ат тұяғы қақпас шаңды.
«Жолшы ма, жоқ іздеген жай адам ба?» Сияғым дегізгендей жолыққанды.
Күн дағы көтерілді маңдайды ала,
Бір жан жоқ қыбырлаған, мидай дала. ұшқан құс, жүгірген аң кезікпейді, Көлбеңдер көз ұшында сағым ғана.
Даланың майда қоңыр самалы ескен, Шаңқиып ашық аспан төнеді үстен. Көрінді ақ боз үйлі, жылқылы ауыл, Асқанда құм-шағылды бір белестен.
Ауылға жақындадым жүріп жайлап, Жөн сұрап, жай білуге сөз ыңғайлап. Қаперсіз еш нәрседен бейбіт ауыл Желіге жылқы иіріп, құлын байлап.
Таянып сәлем бердім ата жолмен, Жолаушы келген жандай көлденеңнен. Бір жігіт он жетілер шамасында
Көзіме түсті ерекше өзгелерден.
Көргенде сол жігітті, әлденеден Жүрегім шымыр етті, шошып денем. Шыңғыртып жас құлынды береді ұстап, Айрылмай екі қолы тиген жерден.
Басында сеңсең тымақ, үсте шекпен, Саптама етік, байпағын әдіптеткен. Талдырмаш бой тұлғасы, өткір көзді, Секілді көргеннен-ақ қимылы өктем.
Шақырып оқшау тұрған бір жігітті,
«Мейманды үйге апар» деп әмір етті.
«Кетпесін мен барғанша» деген сөзі Естілді маған сұсты, құдіретті.
Екеуміз аяңдадық үйге қарай, Алайда білдірмедім бөтен сыңай. Көрмеде қыл жирен ат байлаулы тұр,
Алды-артын шолып өттім көзбен орай.
Ақ үйге кіріп келдім сәлем беріп, Ақсақал елең етті мені көріп.
Біреуге қонақасы қам жасатты,
Жөн-жосық, амандықты сұрап біліп.
Сияқты жас мөлшері жетпіс асқан, Боз қырау сақал-шашы араласқан. Жылқысын алуға біз іздеп шыққан Осы екен әйгілі бай Және Бостан.
Сусындап, көп бөгелмей, жүріп кеттім, Балаға кездеспеуді ниет еттім.
Із тастап білдірмеуге келген бетті, Айналып жігіттерге келіп жеттім.
Жігіттер, атыңа қон, қамданыңдар, Найза емес, ақ сойылды қолға алыңдар. Ауылы Бостан байдың мына бетте,
Ат қойып «Абылайлап» ел шабыңдар. Уақыт аз бәрін айтып түсіндірер, Ауылда бала-шаға, кісі бірер.
Кермеде байлаулы тұр қыл жирен ат, Алдымен соны қолға түсіріңдер.
Адам жоқ ауылында қарсы шабар, Айырып бізден жылқы алып қалар. Бір бала он жетілер шамасында, Бір қайрат көрсететін осы болар.
Көрсетсе, бір көрсетер осы қайрат, Түсінде батырға тән бардай айбат. Тәуекел, не істеуші еді жалғыз бала, Тиіңдер ен жылқыға «Абылайлап!»
Лап қойды қырық жігіт кідірместен, Шаң басты ауыл үстін астан-кестен. Қарулы қалың қолға шыдасын ба, Жылқыны айдап шықтық елдей көшкен.
Ес шығып даңғазаға, айқай-шуға, Құлын-тай аяқ асты қақтығуда.
Шыққанда қозы көш жер елден аулақ, Шаң шықты артымыздан бір шоқ шуда.
Сол шаңға қарайладық көзді тігіп, Алуға атын қоса етіп үміт.
Сүйткенше құйындатып келіп қалды Қыл жирен үстіндегі бала жігіт.
Тигенде ен жылқыға «Абылайлап», Қыл жирен жер тарпыған көзі жайнап. Жігіттер сұғынып кеп ала алмаған,
Кісен сап, шынжыр керме қойған байлап.
Суылдап құйрық-жалы ескен желге, Түйдек шаң артта қалып дестелене. Жылқыға араласып кетті кіріп, Алданып мойын бұрмай ештеңеге.
Кәнігі ұрылардай сірі тақым, Орғытып ойпаң жерден мінген атын. Жігерін құмдай қылды батырлардың, Келтірмей сойыл сілтер жерге жақын.
Ұстатпай, қаша ұрыс сап, алдын орай, Жеріне қауіптенер маңайламай.
Атынан үш-төрт жігіт түсірді де, Қайтарды жылқы бетін кейін қарай.
Сойылын сілтей алмай, ыза кернеп, Кей батыр қапаланып, қалды меңдеп. Тұспа-тұс кеп қалғанда қапталыма, Мені де салып өтті көлденеңдеп.
Қасына тиген шоқпар қайың ердің,
Быт-шыт қып сындырғанын көзбен көрдім. Бұл ыза қайратымды сыртқа теуіп, Шақырып әруағымды, күңірендім.
Жалма-жан көк найзаны алып қолға, лақтырдым мұрша келмей ойланарға. Қыл жирен шекесінен құлап түсті,
Ат жалын құша лықсып жігіт алға.
Етпеттеп жігіт жатыр жерді қауып, Артынша батырлар да келді шауып. Көргенде қыз екенін түйген шаштан, Құлап қала жаздадым есім ауып.
Кетіпті болат найза жерге кіріп, Қара қан дірдектейді құмға сіңіп. Қайғырдық сол арада қапа болып, Батырдың қыз екенін сонда біліп.
Әр адам қасіретін көзден ұқты, Болғанмен жан шыдамас қанша мықты. Найзаны зорға тартып алғанымда, ышқынып қыздың жаны бірге шықты.
Хабарлап Бостан байға алып жүрдік, Бұл кезде шығып қаппыз жолға күндік. Қаралы қайтқан көштей ұбап-шұбап, Ауылға бесін ауа келіп кірдік.
Бостан бай жас сорғалап сақалынан, Қан жұтып қайғыменен қапаланған. Мән-жайын білгеннен соң жортуылдың, Қос қолын теріс жайып бата қылған:
– Ел сыйлап, қадірлеген, ханым Кене, Осы ма бергендігің елге өнеге!
Бүлік сап тыныш жатқан ауылыма, Бар еді қанды кегің қандай менде?!
Жазықсыз жан болды ма белдескенің, Жау болып шыққаны ма ел дескенім?! Жіберсең сәлем айтып «ат керек» деп, Шетінен көзін тізіп бермес пе едім.
Қазақтың жетпеді ме ен даласы, Бар еді қандай құның менде аласы?
Келгенде жетпіс төртке қу бас шалдың Жазылар енді қайтіп жан жарасы?!
Өсірген ұл орнына жалғыз қызым, Шынымен таусылды ма дәм мен тұзың?! Мал жиған зияным жоқ бір шал едім, Сұм тағдыр, мені қайдан көрді көзің?!
Айтқам жоқ төрде отырып елге билік, Ел-жұртым сыйлаушы еді жетпіс үйлік. Жазығым – бір Құдай мен Кене ханға Жылқымның болғаны ма бәрі жүйрік?!
Түн болды енді, міне, көрген күнім, Қапамен қайғы жұтып, шықпайды үнім. Тал қармап тұңғиыққа тастағандай,
Бар еді қандай жазық, қандай мінім?!
Қол жетпес шынар едім өскен биік, Ішіме жалын-шоқты салды күйік. Бұл малдың енді маған керегі не?! Алып бар Кене ханға бәрін жиып.
Қалыппыз жер шұқылап төмен қарап, Айтқандай бізге қарғыс барлық алап. Білмедім не айтарымды Бостан байға Өсірген жалғыз қызын ұлға балап.
Өкіндім бармақ тістеп, қапаландым, Қанішер қарақшыдай атанғаным.
Ағаттық бір іс өтті, шара бар ма?! Бостанның қанға малдым ақ сақалын.
Сол қызды көргеннен-ақ, сұм жүрегім, Сезгендей бір сұмдық дірілдедің.
Сескеніп ешбір жаудан қайтпаған бет, Тайсақтап кездесуден неге имендің.
Жасырып сеңсең тымақ түйген шашын, Шекпені көлегейлеп бой-тұлғасын.
Қызға тән нәзіктігін байқамаппын, Болған соң қайраты өктем, сұсты басым.
Сол қызды айттырғанда Наурызбайға, Болар ед теңелгендей жұлдыз айға.
Адамның арыстаны туар еді-ау, Халыққа тигізетін нағыз пайда.
Не керек, бұл әшейін өкінішім,
Қан жылап, әлі күнге қайнайды ішім. Құдайдың берген маған зауалы ғой, Өмірден бармақ тістеп өту үшін.
Сонымен, жылқы алмастан қайттық елге, Шомылтып атымызды арам терге.
Арқалап Бостан байдың қайғы-зарын, Түскендей өзіміз де сергелдеңге.
Жорықтың әрқашан да жолы қатты, Дегенмен, осы оқиға жаман батты.
«Болар іс болды, еліңе бос қайтпа» деп, Бостан бай жетектетті бір-бір атты.
Осы еді өкінішім өмірдегі,
Түйткіл боп кетпей жүрген көңілдегі. Күрсініп ауыр демін ішке тартып,
Ақ туға көзін салды төріндегі.
Онан соң ешбір дыбыс білінбеді, Бетінен нұр сәулесі көрінбеді, Еріні болар-болмас дірілдеді.
Жан-жаққа қоштасқандай қарады да,
Жұлдызы ағып түсті көгіндегі.