Kazakh
Ағыбай батыр (Ел аузынан)
Жас қойшы тыңдап отыр қасымдағы,
Тымағын қолына ұстап басындағы. Шынтақтап жатқан тыныш кәрі қойшы Сөйледі ертегісін жасындағы.
Ертеде болған екен ер Ағыбай,
Ол кезде ер болмапты Ағыбайдай. Баяғы Абылай хан заманында Ерлігін көрсетіпті елге талай.
Білмеген Ағыбайды ел болмаған, Тең көріп қарсыласар ер болмаған.
Үш жүзге Ағыбайдың даңқы кетіп, Ол кезіп, ол бармаған жер қалмаған.
Ағыбай ешбір жанға бас ұрмаған, Басынан дұшпан ісін асырмаған. Жалғыз жан Ағыбайды бөгеген жоқ, Қандай жау есіл ерге тор құрмаған.
Батырда бес жүз кісі нөкер болған, Соғысқа шеттерінен шебер болған. Шықпайтын нөкерлері айтқанынан, Ағыбай не қыл десе, соны қылған.
Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы, Теп-тегіс оларда көп қыс пен жазы.
Айт пен той, ойын-сауық үзілмейтін, Және көп не секілді өнерпазы.
Жүрмеген қару аспай жігіттері, Шорлатқан алтын-күміс белдіктері. Садақ пен сары қанжар айбалтасы Жауына көрсететін ерліктері.
Байлаулы тағы белде қорамсақтар,
Жәйі жоқ жауға тисе жарамсақтар. Бәрі әзір, жандарында күні-түні, Қарумен ер-ерімен елін сақтар.
Ол кезде жаугершілік заман екен, Халқының әдеттері жаман екен. Батыры күшті елдердің одақтасып, Өштескен елін шауып алады екен.
Қапылыс дұшпанына кездескендер Тоналып жұрдай болып қалады екен. Кездесіп бір жорықта қалың дұшпан,
Ағыбай сол ісіне назалы екен.
Бір топта қалың қалмақ қамап алып, Жорықта жатқан жерін біліп қалып. Ағыбай қараңғыда көзі көрмей,
Бір батыр қолда қалған жараланып.
Жолдасы еді Ағыбайдың ер Көлебе, Келгенде екіұдайға жемге-жемге.
Жекпе-жек Ағыбайдан кем соқпаған, Сүйсінген халқы талай ерлігіне.
Тұрысы сұлу еді, сұңқар қабақ,
Айбыны Ағыбайдан артығырақ. Жырынды нояндары байқаушы еді, ұрт мінез, аңғырт еді батыр бірақ.
Атақты Алтай атты таудан арман, Бар еді қалың қалмақ қоныс алған. Батыры қалмақтардың Қолаба атты, Сол еді Көлебені ұстап алған.
Өзі хан, өзі батыр – ол Қолаба, Қалмақ жоқ онан мықты ол арада.
Найзагер садақ тартқыш сырттан екен,
Талайды жан-тәнінен қылған жұда.
Денесі еңгезердей, түсі суық, Келмейтін, ашуланса, ешкім жуық. Соғыста жалғыз өзі жүз кісілік, Ерлік пен жұрттан асқан үздік туып.
Бар еді Қолабаның жалғыз қызы, Жолындай құмырсқаның басқан ізі. Аспанның онан сұлу астында жоқ, Жаудырар қарақаттай екі көзі.
Елінде талай жігіт болған ғашық,
Жалғызы бата алмаған аяқ басып.
«Қаракөз қайсымызға тиеді» деп, Қоятын талайлары сыр сырласып.
Бір күні жұрт жияды ер Ағыбай, Келіпті нояндары бірі қалмай. ұнатып, ақылдасып жиылған жұрт:
«Батырға ерсін, – деді, – ноян Таңбай».
Іріктеп сексен кісі нөкер алды, Аттанды Қолабаға содан былай. Күрең ат жер тебініп астындағы,
Оқ бойы алдында отыр ер Ағыбай.
Көлденең көк найзасы, белде садақ, Сауыты үстіндегі күміс жарғақ.
Бәрінде өзгелердің қос-қос аттан, Ішінде дара мінген Ағыбай-ақ.
Бір қонып Қызылтаудан арман кетіп, Шыңғыстан бара жатыр көктей өтіп. Хантау мен Қаратаудан өткен кезде, Сыртында Шыңғыс қалды бұлт күзетіп.
Батырлар сол бетімен он төрт қонып, Қара ертіс өлкесіне барды жетіп.
Аттарын бір-екі-үш күн шынықтырып, Қалмақты қарауылда тұрды күтіп.
Қолаба Көлебені байлап алған, Мақтанып өз еліне алып барған. Бекітіп қол-аяғын Көлебенің, Шұқырлап терең қазып, жерге салған.
Көлебе бірнеше күн сонда жатты, Өткенде екі үш күн бір дәм татты.
«Үңгірде Көлебе атты батыр бар» деп, Қаракөз Көлебені іздеп тапты.
Бұрыннан естиді екен Көлебені, Жас сұлу асық екен бір көргелі. Үңгірден шығарып ап Көлебені, Отырды төмен қарап сөйлегелі.
– Рас, сіз Ағыбайдың жолдасы ма, Атақты ер Көлебе қолбасы ма?
Мен сізді іздеп келдім бір себеппен, Төгілген қарайсыз ба көз жасыма?
Ағаңа алып бердім шын ниетімді, Ойлама «өтірік» деп бұл сертімді. Қайтсе де босатамын, көңілім ақ, Жалғыз-ақ білдір маған өз бетіңді.
Көлебе жауап берді Қаракөзге, Бар сөзін айтып сұлу болған кезде:
– Сен сүйсең, мен де сізді қабыл алдым, Ай менен аспан айғақ осы сөзге.
Көлебе құшақтады Қаракөзді,
«Ендеше мен сенікі» деген кезде Күміс ай көкте тұрып бата береді, Жұлдыздар жымыңдады көрген бізді.
Үндемей түн тұншықты жым-жырт болып, Сүйісіп жас тұншықты көңілі толып.
Құшырмен Көлебені құшқан шақта, Балдағы Қаракөздің кетті сынып.
Екеуі кетпек болды осы түнде, Қалмақтан құтылғалы сәтті күнде. Қаракөз екі тұлпар алып келді, Қалдырмай қаруы мен киімін де.
Екеуі мініп екі ақбоз атқа,
Білдірмей кетті жүріп көп қалмаққа. Алтайдың күнбатысын бетіне алып, Көлебе бастады еркін Арқа жаққа.
Шаңқайтып егіз бозды ертеңінде, Отты үміт екі жастың жүрегінде. Алтайдың Ақтау алқап асуынан Тоқтамай тағы да өтті ертеңінде.
Қолаба еліне ертең бүлік салды, Кеткенін Қаракөздің біліп қалды.
«Кетті, – деп, – дұшпаныммен дұшпан болып», Қасына бес жүз кісі нөкер алды.
Көпіріп аузы-басы, көбік болып, Жеке өзі нөкеріне қарамады.
Қос жирен қосалқаның бедеуі Ішінен Аршакөкті таңдап алды.
Жарысты ұшқан құспен арам қатқыр, Жетпеген Көлебеге несі қалды.
Жасыл тас, жар тастардан қарғып түсіп, Тау жарып жалғыз қалмақ асыр салды.
Мінгені олардың да ылғи жүйрік, Сонда да нөкелері ере алмады.
Бұлаңдап сағым қуып Қолаба ұшты, Соңынан қарасын жұрт көре алмады.
Ағыбай үш күн жатып демін алды, Жан-жақты қарауылдап көзін салды. Басына Кендірліктің шығып тұрып, Таңбайдың бір қараны көзі шалды.
Әскерді аттандырып үлгергенше, Жақындап екі құйын келіп қалды. Жырынды Таңбай тушы тағы қарап,
«Дәл өзі Көлебе» деп айтып салды.
Көтерді ала туын Абылайдың, Биікте қолында еді ер Таңбайдың. Көлебе ер Таңбайға қарсы жүрді, Көрген соң ала туын Абылайдың.
Батырлар аман көріп, көңілі толды, Қаракөз аттан түсіп, сәлем қылды. Ағыбай риза болып келініне:
«Жарқыным, көп жаса!» деп бата берді.
Таңекең тағы шолып айналаны, Көреді келіп қалған Қолабаны.
«Аттанды» деп батырларға хабар беріп, Майдан қып күтіп тұрды бір даланы.
Қолаба тұра қалды жақын келіп, Сайдағы Ағыбайдың қолын көріп.
«Ең мықтың, жекпе-жекке тез шығыңдар, Ішейін қандарыңды ұрттап төгіп».
Ағыбай Күрең атқа өзі мінді, Шақырып ескі әруақ кәрі жынды.
Көлебе: «Мен шығамын, кегім бар» деп, Өтініп ағасына жол бермеді.
Қаракөз жетіп келді Ағыбайға:
– Сауыты жоқ ініңіздің, түспепті ойға. Әкемнің ашуланған түрі жаман, Қоймайды ініңізді енді жайға.
Айтқанша осы сөзді, бітті жұмыс, Сілкініп батырлар да бастады ұрыс. Қолаба қылышымен салып өтті, Тегінде Қолабаның беті дұрыс.
Көлебе тигізбеді, қағып қалды, Қолаба айналып кеп найза салды. Дәлдетті алып қолдың ырғауымен, Өкпеге сағасынан найза барды.
Көлебе жер бауырлап аттан түсті, Қолаба кегін алды, қанын ішті.
Ес кетті Ағыбайдың нөкерінен, Қаракөз Көлебені барып құшты.
Қан ақты Көлебеден дір-дір етіп, Қара жер жұта берді есі кетіп.
Қаракөз жансыз тәнді қалды құшып, Жетпеген сорлы жасын мөлдіретіп.
Көп сорлы бұл секілді қалған талай, Күн жоқта адасқандай аспанда ай. Кінәсіз жас сорлыны отқа салған, Рақымсыз қара пейіл сұмдар қалай.
ұмтылды Қаракөзге сұм Қолаба, Қанды бас, көк найзаны алып қолға. Ағыбай қағып қалды онан бұрын, Тұр еді қылыш даяр сол қолында.
Ағыбай Қолабаға өзі барды,
Оған да өзіндей қып найза салды. Жығылып аттан қалмақ құлағанда, Қаракөз ақ семсермен басын алды.
Кешікпей көп нөкері тағы жетті, Басынан Қолабаның дәурен өтті. Қаракөзді Таңбай сақтап кейін тұрды, Соғысқа өзгелері кіріп кетті.