Байсейіт батырдың тарихы (Тәжібай Байбағышов нұсқасы)

Байсейіттің он бір жастағы кезінде, Арқадан Кене хан ауып келгенде, Кене хан Тойшыбек батырдың қасына келіп қонған екен. Кене хан Наурызбай, Ержан, Құдайменді, Наурызбай бір қатыннан. Жалқы үшеуі бір қатыннан екен. Арқадан бері шыққанда: «ұлы жүз бен қырғызды қаратып алармыз, Науан батыр. Бірақ алдымызда үш бел бар, со...

Kazakh
Байсейіт батырдың тарихы (Тәжібай Байбағышов нұсқасы)
Байсейіттің он бір жастағы кезінде, Арқадан Кене хан ауып келгенде, Кене хан Тойшыбек батырдың қасына келіп қонған екен. Кене хан Наурызбай, Ержан, Құдайменді, Наурызбай бір қатыннан. Жалқы үшеуі бір қатыннан екен. Арқадан бері шыққанда: «ұлы жүз бен қырғызды қаратып алармыз, Науан батыр. Бірақ алдымызда үш бел бар, сол үшеуінен өте алсақ, батыр», – деді. Кене ханның сөзі: – Үш бел бар алдымызда, аса алмаймыз, Аса алмасаң, қадамды баса алмаймыз. Үшеуінің перісі бізден басым, Ер Науан асырмаса, нашарлаймыз. Арғы атам – хан Абылай, атам – Қасым, Науанжан, ұзақ болсын өмір жасың. Менің қаупім, шырағым, сол үшеуі, Үшеуінің дауы зор өте басым. Еш нәрседен қылмайды олар қауіп, Барған жағын талқандар көңілі ауып. Біреуі жас, екеуі толған адам, Қырғызды ап тұрады, барса, шауып. Ер Науан, берік боп жүр өзіңе-өзің, Соларды білдіргелі айтқан сөзім. Барған соң, үшеуінің түр-сипатын Шырағым, Науан батыр, көрер көзің. Бізді екі дәу жолбарыс жүрген бағып, Дұшпанды аждаһадай жүрген шағып. Қолдайтын, Науан батыр, сізбен бізді, Жүретін сол екеуі атақ тағып. ұраны Абылай хан батыр байдың, Нәсілі және осылай біздің жайдың. Қырғыз басқа,үш жүздің баласына Баласы бәрі төре Абылайдың. Бәрі де тұлпар мініп ту ұстап жүр, Алтынды, күмісімен уыстап жүр. Үш батыр соларға да бойұсынбайды, Барған жағын быт-шыт қып қуыстап жүр. Кене хан ағаң төре, князің бар, Қайтпайтын ерлікпенен сабазың бар. Жас баласың, ер Науан, түбін ойла, Ашуланшақ, жеңілтек мінезің бар. Барамыз қырғыз бенен қазаққа да, Төзерміз қайғы-қасірет, азапқа да. Қайнаған су, жанған от жүрген жерің, Түсінде еш көрерміз тозаққа да. Соны айтып неше күнде келді көшіп, Отын-су, дәм-тұз айдап келді нәсіп. Ордасын Тойшыбекпен қатар тігіп, Отырды батырлармен есендесіп. – Тойшыбек, қастарыңа көшіп келдік, Қырғызға көрсеткелі біраз ерлік. Енді жақсы батырға хабарлап қой, Абылай хан, Қасымұлы мен Арқа жерлік. Болайық, амандасып, елге таныс, Арқадан ауып келдім, жерім алыс. Жолда әркімнен сұрап ем: «Кім батыр?» деп. Жақсы адам, – деп айтты, – сізді қалыс. Сонан соң тура келдім қасыңызға, Қызығып батыр деген басыңызға. Күнде сөз, күнде сөйлеп танысармыз, Бір Алла жәрдем берсе басымызға. Кене хан қанша қарашалармен ақ ордаларын тігіп жатты. Ешкім батып бара алмайды. Әгерде барам деген адам болса, атты түйе алып барып, ордаға түсіп, сәлем-аманға келеді екен. Төренің Абылай ханнан бергі жолы солай екен. Бір күні төре елді жиып, жақсы кісілерінің басын қосып айтты: «Біздің келгеніміз ұлы жүзбен бас қосып, танысып, батырларымен ақылдасып, мақұл көрсеңіздер, сіздерге жау болған адамдар болса, күш қосып қаратып алсақ. Бұған не дейсіздер?» – деді. «Мақұл сөз», – деп төреге уәде берді, баталасып отырды. Ал тағы сөзім бар: «Ел ішінде тентектер бар, ұры бар оған тыйылатын шара қолданалық», – деді. «Қайтіп тыямыз?» – деді отырған жұрт. Сонда төре сөйледі: «Тыю былай болсын: Менің ұрым сендердің қолыңа түссе, өзіме әкеліп бер. Өзім қандай жаза болса қылайын. Сіздердің ұрыңыз біздің қолымызға түссе, өздеріңізге берейін. Сіздер де өздеріңіз жазалаңыздар», – деді. «Мақұл, әділ сөз» деп бәрі баталасып, «Аллаху акбар» деп тарқады. Сонымен жұрт тыныш жата берді. Ал енді Байсейіт батыр сол күндері он бір жаста еді. Бір күні атасына: «Анау ақ орда кім, ата?» – деді. Тойшыбек әкесі: «Ол Кене хан деген төренің ордасы, балам, оған барма. Егер барған адам болса ат, түйемен барады. Бекер барған кісінің басын кесіп тастайды. Барма, балам», – деп қорқытып қояйын деп айтты. Бір күні бала, бір бәсіре тайы бар еді. Бие байлап жатқанда, мініп шауып барып көрейінші деп ордаға түсе қалып, тайын белдеуіне байлап, сәлем беріп кіріп барды. «Әлейкумассалам, балам, жоғары шық», – деп орнынан ұшып түрегелді. Бала жоғары отырды. Жан-жағына қараса, дүние-сайман, жабдық жайнап тұр. «Ата, мынау не?» – деп сапыға қарады, тура ұмтылды. Төре: – Отыр, балам, отыр. Балаға суырылмайды, – деді. Бала отырды. Төре: – Кімнің баласы едің? – деді. Сонда бала айтты: – Тойшыбек деген қарашаңыздың баласымын, – деді. – Өзің батырдың баласы екенсің, біздің үйге келген адам құр келмейтін, – деді. Бала: – Құр келгенім жоқ, бәсіре тайым бар еді, соны белдеуіңізге байлай келдім, – деді. – Жарайсың, балам, – деп үстіне өзіне лайық киім кигізіп шығарды. Бала тайын белдеуге байлап, жүгенін алып жүріп кетті. Әкесі баласын іздеп жүрсе, төренің ордасынан шығып келеді екен. – Балам, қайда бардың? – деді. – Ана төреге бардым. – Төреге құр бармайды дегенім қане, балам. – Ата, құр барғаным жоқ. Шұбар тайымды белдеуіне байлап кеттім, – деді. Сонда Тойшыбек батыр ішінен ойлайды. «Ай, балам-ай, өмірің қалай болар екен» деп көзіне жас алып, үйіне жүре берді. Байсейіт үйіне кеткен соң, Наурызбай Кенесарыға айтады: «Бір кішкене бала келіп еді. Оның қылған ісі көңілімізге тура келмейді деп Наурызбайдың сөзі айтқан Кене ханға: – Кішкене бала келді үйге кіріп, Жоғары шық, балам, дедің ұшып тұрып. Онан үлкен зорсынған адам келсе, Зер салып қарамаушы ең мойның бұрып. Баланы көре салып мойның бұрғаның, Тұра алмаушы ең, орныңнан ыршып тұрдың. Сескендің не себептен, батыр төре? Ал енді мәнісін айт бізге сырдың. Айтып ең төрге шық деп, төрге шықты, Төмендеп отырмады өрге шықты. Сіз ылқың деп тұрған соң, енді ме деп, Мысалы барымызды жерге тығады. Отырып жан-жағына қарап тұрды, Бір өзін қанша жанға балап тұрды. «Ата, мына тұрғандар не нәрсе?» деп, Сапыны суырмаққа талап қылды. Төре боп апшың мұндай қуырылмас, Жасадың бүйткенің жоқ бірталай жас. Үш айттың, бала орнынан тұрып еді, Отыр, балам, отыр деп сорылмас. Сізден артық адам жоқ ақсүйектен, Төресіз елден артық бақ, сый еткен. Әкесі келсе, жатып қол бересіз, Туған бала екен ғой Тойшыбектен. Әкесінен туа ма баласы асып, Ордаңа кім бар демей, кірді басып. Біз де байқап отырдық түріңізді, Дегбір қылмай қалдыңыз отасасып. Бала үйден шыққанша, тақсыр төре, Не себептен отырдың өңің қашып? Сонда Кене ханның інілеріне жауабы: – Бала келді есіктен сәлем беріп, Сескеніп қалдым, Науан, көңлім еріп. Екі иінінде бар екен екі арыслан, Жолбарысым тығылды соны көріп. Бұл бала жас та болса, батыр еді, Бір өзі мың кісіге татыр еді. Көре салып көтіме кіріп кетті, Екеуі үстімде ойнап жатыр еді. Жолбарысым көтіме кіріп кетті, Кірген соң көңлім ойнап еріп кетті. Бала емес сыйладым арысланды, Сол үшін төре орнынан тұрып кетті. Сол үшін құрметтеді төрең тұрып, Сыйламасам, жолбарыс қалар құрып. Арыслан жолбарысты шайнап кетсе, Бізде хандық бола ма Құдай ұрып. Сол үшін құрметледім шық деп төрге, Отырды бала барып жоғары өрге. Бұ не деп бала тұрды орнынан, Аузым бармай отырды тек тұр дерге. Екі иінінде мініп тұр оның досы, Төренің боп тұрған жоқ көңіл қосы. Суырса, бірімізді шаптырады, Суырылмайды дегенім менің осы. Әркімді Құдай жолға бастайтұғын, Бір ойы ердің осы саспайтұғын. Үш бел бар деп өзіңе айтып шықтым, Сол белдің біреуі осы аспайтұғын. Науан хан, ойламағын өзінің жасын, Біледі жас та болса дос пен қасын. Жас бала тұлымсыз деп ойламаңыз, Күші артық сізбен бізден, дауы басым. Дұшпанын бұрын көріп қызып қойған, Тамаша өскен бала қызық тоймен. «Өзің өлмей дүниеде, құл болма» деп, Жаратқан маңдайына жазып қойған. Жаратқан жері артық Тойшыбекте, Әруағын жер жүзіне жайшы депті. Қазасы жеткен күні оқтан өлер, Бет алған дұшпанынан алар кекті. Жаралған әуел бастан бала дұрыс, Қазақ атты ұранға болады ерсі. Мылтық өтпес, найза өтпес, қылыш кеспес Бұл баланың денесі о да құрыш. Баланың мен байқадым барын сынап, Көрдің ғой, неше түрмен тұр ғой ұнап. Үйсін дегін «батырмын» дегендерден Бәрінен артық екен о да тым-ақ. Шырағым, осылайша, Науан батыр, Сенің де әр ерлігіңе шығар татыр. Келген-кеткен адамды осы ордаға Кене хан бекер емес, сынап жатыр. Бала екен о да басым, түсі суық, Дұшпанды қор қылғандай, алдын буып. Екі көзін көрдің ғой, тостағандай, Мұндай ер көргенім жоқ өзім туып. Бір күні төре сонымен жатыр еді, Төренің бір ұрысы Тойшыбек батырдың қолына түсіпті. Төреге апар деп беріп жіберді. Төреге ұрысын апарып берді. Төре ертең ел жиылсын деп хабар берді. Баталасқан ел тегіс жиылып келді. Сонда төре екі асау бие алдырып, ұрының екі бұтынан байлап қоя берді. Биелер тепкілеп, екі бұтын екі жаққа жыртып, мылжалап кетті. Елдің денесі тітіреп шошып кетті. «Мына төре қалай? Басқа жазамен жазаласа болмай ма? Ешкімге жаны ашымайтын төре екен-ау» деп жұрт тарқап кете барды. Сонан кейін бір күндері Тойшыбектің ұрысы төренің қолына түсті. Тойшыбекке апар деп беріп жіберді. Тойшыбек ұрысын көріп жаман састы. Біреудің жалғыз баласы екен. Тойшыбек аяңдап төреге келді. «Төре, біз сіздей төре емеспіз. Бізге үш күн рұқсат беріңіз. Сонан кейін болсын», – дейді. Төре «мақұл» деді. Тойшыбек батыр үйіне келіп Бір жігітін: «Шапшаң барып Сыпатай батырды алып кел, жайын айтып, – дейді. – Жан қалса, сол кісіден қалар, – деді. Жіберген адам барып Сыпатай батырды алып келді. Үш күн бітті. Ұрысын әкелсін деп төре кісі жіберді. Ұрыны алып барды, жұрт жиылды. Бір уақытта Кене хан төре келді. Жұрт алқа-қотан отырды. Ұрыны ортаға қойды. Сонда төре: – Ей, Тойшыбек, жазалы адамды жазала, – деді. Жұрт көрсін. Сонда Сыпатай батыр: – Ей, төре мен сенімен баталасқаным жоқ. Төре сені көргенім жоқ. Төре келді деп естіп едім. Сен жолды, майлы төре екен деп ем, жалғызы мен жарлыны құртайын деген төре екенсің, мен сенің батаңда жоқпын. Жалғызымды өлтіртіп мен отыра алмаймын. Төремісің, мұның жарамайды. Келе салып дұшпаннан шығаратын қанды өзіңнен шығарғаның бола ма, мұның төрелікке лайық емес. Басқа жазамен жазаласаң болмай ма, өлтірмей. Төре саған өкпеледім, – деп, баланы ат-тонымен ертіп жүріп кетті. Кене хан жауапсыз отырып қала берді. Сонда Науан батыр: «ұрсам, – деді. – Не деген қорлық! – деп еді, Кене хан: «Қой, шырағым, Науан, мені Құдай жеңбесе, адам жеңбейді. Менің жауап қылмағаным үйден келгенде екі жолбарысым қасыма ілеспеді. Соның үшін үндемедім, жауап бермедім. Есірмейтін бір бел үшін деп Науанды тоқтатып үйге кіріп, Сыпатайдың жайын есірмейтін үш білгіш бар деді. Сонда төренің Науанға берген жауабы: – Ей, Науанжан, шырағым, Астыңда тұлпар пырағың. Бұрын саған айтып ем Естіген, көрген құлағыңа. Күнінде неше сыйынып Бір Құдайға жылағың. Қор қылма деп Алладан Ақырғы тобын сұрағын. Сыпатайдың дауына Талайды қазып салды ол. Науанжан, соны байқарсың, Үш батыр бар бізден зор. Жаратқан Жапар жаная, Дұшпанға қылма бізді құл. Сыпатай деген дау ауыс Бурадай болып жараған. Тіреу болып дулатқа, Осыдан ақыл тараған, Жұрт аузына қараған. Осыған келіп тоқтайды Ақылына бар адам. Құдай артық жаратқан, Хан боп шыққан қарадан. Келген соң соны сыйлайық, Киіп кетпей арадан. Кене хан болып туғалы Кім қарап еді бетіме, Түспеген жара етіме. Ақылменен алмасақ, Көнбейді бұлар үкімге. Қараған кісі бұл өзі Жетім менен жесірге. Осындайда танып ал, Есірме, Науан, есірме! Тәкаппар болсақ, ер Науан, Жолығармыз кесірге. Бізді айдап Құдай бұл жаққа, Бола бер сондай, сондай ерге таныс, Үшеуінің ерлігі о да желіс. Төрелік салтанатпен отырайын, Қабыл алып осы жұрт, қылса қалып. Төрені құрметтеді баршасы шын, Бір жапырақ төреден таппады мін. «Пәлен күні қырғызға аттанам» деп, Төре хабар қылыпты бірнеше күн. Төре қырғызға аттанды бір күн жолға, Шартарап хабар беріп оң мен солға. Кекіліктің тауынан асқан күні Жұрт ала боп, қайран ер түсті қолға. Қырғызға қайран ерлер қолға түсті, Көрмеген төре болып мұндай істі. Арқадан ажал айдап келген екен, Құдайдың құдіреті қандай күшті!
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.