Kazakh
Мырзаш батыр (Ниязбек Қыдырмоллаұлы нұсқасы)
Бастайын бісмілла деп әуел басын,
Сөзімді ықыласпен жұрт тыңдасын. Сапардың сәті түсіп оңға басса, Сөйлейін бұрынғының бір қиссасын.
Бастайын бір-екі істі, келсе шамам, Баянсыз сұм дүнияға болмай алаң. Құдайым өзі оңдаса сапарымды, ұзартып алға қарай создым қалам.
Ұлы әжемнің аузынан тердім мұны, Аңыз-ертек емес бұл, сөздің шыны.
Тастаңдар керексізін, жаққанды алып, Оқушым, сөкпеңіздер болса міні.
Біреу артық мұндайға, біреулер кем, Әркімнің әртүрлі ғой қызыл тілі.
Сөйлейін сөз асылын, сөздің шынын, Жұрт та сынар қатасын, сөздің мінін. Тайпалған төрт аяғым жорға емеспін, Ескіден қалған сөзді тізбек шыным.
Оқиға болған істен сөз қозғайын, Қалпынан асып сөйлеп тым азбайын.
Кезінде ел қорғаған Мырзаш батыр, Оқушым, сөз етейін соның жайын.
Сөз етсем сөз шындығын түптен әрі, Шындықпен көрінеді сөздің нәрі.
Бір шешімін таппаған кәрі дүние, Арбаспен келеді жаралғалы.
Сөйлесем өткен күндер хикаясын, Тарихтан кейбір сөзді жұрт тыңдасын. Еске алсам ескі дүние белгілерін,
Жазықсыз нақақ аққан көздің жасын.
Өтіпті зар замандар қан қақсатқан, Сұм заман алды жұлды қарғыс атқан. Әлсізін әлді талап жем қылыпты, Соқтығып тыныш елге бейғам жатқан.
Дүние ойлағанға бәрі ғапыл,
Еске алмаса, белгі жоқ әуел ақыр. Талайды жер соқтырған жазым дүние, Білінбей шыр айналып өтіп жатыр.
Дүниеден батыр да өтті, бағлан да өтті,
Біреу жырғап, біреуді тентіретті. Атадан ұл, анадан қыз айрылып, Зар заман зар жылаған күндер өтті.
Сөйлейін сол күндердің арман зарын, Азырақ мен тізейін қолда барын.
Ерлігін батыр Мырзаш сөз етейін,
Сырт жаудан қорғап қалған халық арын.
Өздігінен тиіспеген бөтен елге, Соқтыққанды ол тыққан қара жерге. Жайратқан өзі ізденген жауыздарды,
Келтірген сырт дұшманды тура жөнге.
Жау десе жалақтатқан алмас қылыш, Өзі барда жасаған елі тыныш.
Жаудан елге кек алған елдің ерін,
Кім айтыпты бейпіл сөз жылқы қуғыш.
Айласына ақылы, күші ылайық, Батылдық зерек шапшаң ісі ылайық. Төрт құбыла теп-тегіс бәрі өзінде, Бос сөз қосып араға не қылайық.
Жазуға бұл дастанды ынтам соқты,
Бүгінгі жарық өмір ертең жоқ-ты. Бір күні жерге бірге түсері қақ,
Сондықтан қолға алмасқа шарам жоқ-ты.
Енді бұл жерде бұл әңгімені аз тоқтатып, Мырзаштың бала кезінде ұйқыда көрген бір түстен мағлұмат бере кетейін, мұны да сол әжеміз Мырзаш қызы Шәкежан өз аузынан айтып отырушы еді.
Сөз етсем ел ерлерін болмас қата, Ер емес өз елінен алған бата.
Мырзаш ер кереметті жан болыпты, Үш рет аян берген Қызыр ата.
Мырзаштың әрбір ісін айтсам теріп, Әр сөздің өз жөніне кезек беріп.
Түсінде үш рет кеп Қызыр бабам,
Өңіндей жолығыпты аян беріп.
Бір түні түс көреді бала Мырзаш, Төсегінде жатады ол жалаңаш.
«Тұр, ұлым, киім кигіз, көзіңді аш», Дейді бір ақсақал қарт түрі оғаш.
Төсекте жатқан екен ұйқылы-ояу, Әлгі адам таяп келді жақын, таяу. Бастан-аяқ денесі түгел аппақ, Іздесең, таба алмассың титтеу қаяу.
– Ей, ұлым, бата берем қолыңды жай,
Жұртқа жолың болат, болмайсың жәй. Батырлық, ел қорғайтын жүрек берем, Басқа дәулет саған жоқ, болмайсың бай.
Және де мынаны ұқ тағы, балам, Баяны жоқ дәулетке болма алаң. Қорғасаң елді жаудан, мәңгі өлмейсің, Есіңе қатты сақта, болсын санаң.
Ей, балам, сені таныр оң менен сол, Саған төтеп бере алмас жасанды қол. Үш рет дұшманыңнан кек аласың, Тағдырдың соңғысына разы бол.
Осыны айтып әлгі адам ғайып болды, Баланың да бұл түске көңілі толды. Не де болса айтайын атама деп, Жүгіріп Алдиярға жетіп келді.
Жүгіріп атасына келді сонда, Сәлемін тағзым етіп берді сонда.
– Ей, ата, таңғажайып бір түс көрдім, Жоруын сіз айтыңыз, – деді сонда.
Мырзаш айтты: «Ей, ата, мұны тыңда, Таң болдым, бұл қалай түс, құдауанда. Төсекте ұйқылы-ояу жатыр едім, Біреу келді көрмеген бұл жиһанда.
Ықыласпен, ей, ата, тыңда мұны, Өтірік сөзімде жоқ анық шыны». Бастан-аяқ көргенін айтып берді, Ақтарылып ақ ниет бала сыры.
Тыңдады ер Алдияр мына сөзді, Баланың болатынын іштей сезді.
«Өзімнің мұрамды осы ұстады-ау», – деп, Сипады қос алақан кесек жүзді.
«Әумин!» деп қол жайып жүзін сипап, Бір қуаныш белгісі жүзінде ойнап.
Аз ойланып қарады жалғыз ұлға, Қарады да жекелеп айтты сарап.
Сонда Алдияр былай деді:
– Түсіндім бұл түсіңді тамам, – деді, Жетілер ақыл қайрат, санаң, – деді. Елге істеген сапарың оңға басып, ылайық жолың болар, балам, – деді.
Еліңе қорған болар ер боларсың, Дұшманыңа айдынды шер боларсың. Ел басына күн туса екіталай,
Мен бар деп қару-жарақ қолға аларсың.
Атағың кетер өрлеп оң мен солға, Жабай бабаң туы болар берік қолда. Елің үшін істеген еңбегінен, Абырой, атақ аларсың әрбір жолда.
Беріпті саған аян Қызыр бабам, Енді оңғарар ісіңді Хақ тағалам. Атың өлмей мәңгіге қалады екен, Жоруы бұл түсіңнің осы, балам.
Тағы да бастайтұғын түлкің болар,
Бай болмайсың, тек қару мүлкің болар. Саған қарсы дұшманның сағы сынып, Мәртабаң жоғарылап, көңлің толар.
Қызықпа дүнияға, балам, – деді, Қолдар сені ер Жабай бабаң, – деді. Шешуші бұл түсіңнің түйіні осы, Мен де берем ақ бата саған, – деді.
«Әумин!» – деп Алдияр жайды қолын, – Жалғыздың оңғара көр Алла жолын.
Нақақ тиіскен дұшманға мұқтаж қылма, Ел үшін өмірінің қидым соңын».
Атасы да осылай бата берді, Көзбен шолды келешек болар ерді.
«Ниетімді Жаратқан қабыл айла, Бісмілла, Аллаһу акбар», – деді.
Енді Мырзаштың өмірбаянынан қысқаша аз түсінік
Ер Мырзаш өз еліне болған пана, Болғанда талап, қайрат, ақыл, сана. Мырзаштың өмірбаян ақуалын, Түсіндіре кетейін қысқа ғана.
Алтайдың Сауыр таумен арасында, Оқушым, сөзге құлақ саласың ба. Баласы Алдиярдан Мырзаш батыр Өсіпті осы өңірдің даласында.
Ұлы тау екі жағы бөктер мұқыр, Таулардан орта, дала төмен шұңқыр. Қара Ертіс кендірлікпен жайсаң күні, Сондықтан аталыпты қазан шұңқыр.
Әкесі Алдияр да батыр болған, Өмірде ауыспаған осы жолдан. Үйретіп жалғыз ұлға садақ, найза, Жасында жетпіс сегіз дүния салған.
Үйреткен Мырзашына садақ, найза, Ертіп жүріп жол шеккен кең маңайға. Баулыған ер жүректік, батырлыққа, Оралып ел-жұртына жылдар айда.
Болыпты Мырзаш жершіл әрі батыр, Ел қорғап, өмірі өткен әуел ақыр.
Айсызда жол табады жаза баспай, Бәрібір орман-тауы, дала тақыр.
Көп өмір жаһан кез боп тағы да өткен, Атағы да көптеген елге жеткен.
Қытай, Монғол, Түркия, Тибет елін Саяхаттап аралап өткен екен.
Сабырлы, тиянақты, терең ойлы, Ақкөңіл, адал ниет, мінез жайлы. Ат жақты, өткір көзді, ұя сақал, ұзын мұрт, кең иықты, орта бойлы.
Мырзаштың өз дәулетін еске алғанда, Болыпты кедей тұрмыс ауыр халда.
Көп олжа кезіксе де көз тоярлық, Өмірде қызықпаған дүние-малға.
Орта жүз, руы – найман арғы заты, Аз мөлшер сауын сиыр, мінер аты. Жалғыз қызы әжеміз Шәкежанмен, Қара лашық Шәмшігүл жамиғаты.
Найманнан қалған ұрпақ Төлегетай, Жомарт бопты қайырымды, дәулетті, бай. Төрт ұлы Төлегетайдың бірақ найман, Төрт тулы, Қаракерей, Сауыр, Матай.
Төрт тулы Мырзаш батыр шыққан тегі, Рудың Есмұхамед сұлтан бегі.
Әкесі Алдиярдан жастау қалған Батырдың өмірбаян осы тегі.
Бастайын енді Мырзаш ерлік ісін, Көрсеткен дұшманына қайрат, күшін. Үш үлкен шайқас өткен өз басынан, Бастайын соның, жұртым, біріншісін.
Алтайдың оңтүстігі жазық дала, Қара бүйрек бұзып тұр мұны ғана. Әсем таудан бозбала алтын қазып, Арулар сары алтыннан таққан тана.
Әсем тау, асқар шыңдар көк тіреген, Айдынды асау өзендер күркіреген. Жабайы аңдар мекендеп ұлы Алтайды, Арқар, бұғы, құлжа, елік дүркіреген.
Сылдырап тас бастаулар аққан бұлақ, Көк майса, мәуелі ағаш, жасыл құрақ. Орманда тиін, сусар, суда құндыз, ұйық, лашын, сұңқар қылған тұрақ.
Сұм заман айғай-шулы кешегі өткен, Нашар тапта ерік жоқ, хандар өктем. Оңтүстігі Алтайдың найман елі, Солтүстігін ұранқай қылған мекен.
ұранқайлар шағын ел, заты қалмақ, Әңгіменің арқауы осы болмақ.
Талай ғасыр белгілі шайқасумен, Бітісе алмай келгені қазақ, қалмақ.
Ханы бар ұранқайдың Уәли Сайқын, Зорекер, залым болған жұртқа айқын. Қолда барды қанағат тұтпайтұғын, Қара жүрек сұм екен осы Сайқын.
Бір күні бек сұлтаным алды жиып, Басына тәж, үстіне тонын киіп.
Жиналған бектеріне қарап қойды, Жүрекке залымдығын алған түйіп.
Бас қосты диу-пері, шайтан-жындар, Ішінде біреуі жоқ әсем сындар.
Қара бүйір, қысық көз, жалпақ танау, Өзін-өзі хан сайлап Сайқын мұндар.
Атылар сұр жыландай екі көзі, Өзінше маңғазданып сәнденді өзі. Бір шалып көпке тегіс қарады да, Мінеки, сұм Сайқынның айтқан сөзі:
Ей, жарандар, жарандар, Құлақ салып сөзіме, Маған бері қараңдар.
Құмарландым бір іске,
Мұнан былай тағатсыз Шыдай алмас шамам бар. Көптен бері ойланған, Ойланбасқа болмаған Жүректе шер, жарам бар. Жатсам тұрсам соны ойлап, Көңілім қатты алаңдар.
Еш адам қарсы келмесін Менің айтқан сөзіме.
Осындай мұқтаж үстінде, Жиналған бек-сұлтандар, Көрініңдер көзіме.
Мынауың теріс екен деп, Сөз қоспаңдар араға.
Бектер менен батырлар Сөзімді қабыл алмаса, Жұмсаған жерге бармаса, Күнәһарды тартамын Құрулы тұрған дараға.
Бүгін түнде түс көрдім, Бір тамаша іс көрдім. Түсіме «Бұрқан» еніпті, Қасыма таяп келіпті.
Ап-айқын келіп тілдесіп, Өңімдей аян беріпті.
Қазақтан қатын алуға Рұқсат маған беріпті. Қасыма таяп ол Бұрқан:
«Құлағыңды сал, – деді. Қарсылықсыз қабыл ал, Сөзіме таппа жал, – деді. Бұрынғы үш қатынның Үстіне тағы төртінші Қазақтан қыз ал, – деді. Одан туат ер бала,
Өзі батыр шер бала. Есейіп үлкен болғанда, Ақылы кемел толғанда, Ерегіскен жауыңа
Аямай соны сал, – деді. Негізі батыр қазақтың, Мұны ұғып ал», – деді. Біліп, естіп отырмын, Қазақта сұлу бір қыз бар, Дәл соны Бұрқан ал деді, Төсекке жайлап сал деді. Сұлулардың сұлуы Күннен ыстық жылуы. ләззат алып сен қыздан, Қызыққа батып қал деді.
Осыны айтты Бұрқан, – деп, Тағы да Сайқын сөйледі, – Қазақтың ел мен жерінің Жайын түгел айтайын, Мырзалар мен бектерім, Соған құлақ сал, – деді.
Алтайдың арғы бетінде, Сәнді көлдің шетінде Қазақтың найман елі бар. Ашуы басым долданған Ертісі, Жайсаң көлі бар. Асуы қиын асқар шың Асқар-асқар белі бар.
Шексіз дала жазира ұлан-байтақ жері бар. Сақтанатын тек қана Бір жас бала қатпаған Мырзаш деген ері бар. Сұлу қыздың әкесін Есмұхамбет дер екен. Осы ханның көктемі
Қара Ертіс деген жер екен. Өзі сұлтан, өзі бай,
Төрт түлігі түгел сай, Қазақтан асқан сері екен. Жалғыз қызы сұлтанның, Жіберген тыңшым айтуы – Әлемнің асқан сұлуы.
Көктің шолпан жұлдызы, Тұнық судың құндызы Гүлқатира дер екен.
Керегі маған осы қыз, Адамнан бөлек пері екен. Он сегізде жасы бар,
Жез қалақтай басы бар, Сол басына жарасқан Қызыл алтын шашы бар. Ақ мәрмәр тісі келіскен, Туған айдай қасы бар.
Оймақтай ауыз, күлім көз, Сұлулығын қылма сөз, Осыған болдым ынтызар. Мен тұрғанда ол қызды Ала алмайды сенсеңдер.
Өңкей жансық місбет жер Бұйыртты маған Бұрқаным. Мен алатын келді кез, Ғашық болдым осыған.
Осы қызды аламын,
Еш нәрседен қорықпа, жұрт, Ақылын өзім табамын.
Кім барат соған, қанеки, Әкеліп маған беріңдер. Құмарланып сол қызға, Сарғайып солып барамын. Отырған осы бектерім, Бұл сөзге құлақ саласың, Көп кешікпей айтыңдар, Қай-қайсысың барасың? Кім әкелсе сол қызды, Қазынадан есепсіз
Алтын-күміс аласың.
Бес жүз қара, бір мың қой, Жанды мал тағы аласың. Керегіңше қол алып, Айлық азық мал алып, Қай батыр соған барасың?
Қалмаққа қазақ еркімен Қыз бермейді, нанасың. Елін түгел ойрандап, Қызыл қырғын шабасың. Көз жасына қарамай, Кемпір-шалын аямай, Шаңырағын шағасың.
Қырасың шеттен найзалап Қатын мен бала-шағасын. Кезіккенін келтіріп, Іздесе ажал өлтіріп, Күшпен тартып аласың.
Ата жауымды ойрандап, Көңілімді өстіп табасың. Көпірме дауыс еліріп, Жиын топты жарады.
Екінеліп сөйлеп кеп, Екпіндей келіп тоқталып, Кім шығар екен дегендей Төңірегіне қарады.
Сонда жиналған көптен ортаға біреу шықты:
Ортаға біреу шықты алақ қағып, Сүйеніп тіл мен жаққа жалақ қағып. Атаса осынша мал көп қазына, Батыр болса, олжадан қалар нағып. Көпті көрген сұрқия залым екен, Жүр екен ежелден-ақ бұған жағып. Сайқын сұм осыны ойлап отыр екен,
Өзі айтсын дегендей қып артын бағып.
Ортаға шықты бір қалмақ Адымдай басып секіріп, Даусы да зор неме екен, Өгіздейін өкіріп.
Айтса айтқандай кәпірдің Бір дәу диу пері екен.
Бетке ұстаған елінің
Алдыңғы қатар ері екен. Басым екен қайраты, Белгілі жұртқа айбаты, Жан шыдамас жекеге, Елінің ең күштісі Жарғыл батыр дер екен. Еңгезердей бойы бар, Арам пиғыл ойы бар, Түсі суық кәпірдің
Адам қарар нұры жоқ, Жақсы нышан бірі жоқ, Бір жауыз екен пейілі тар. Алдына кеп Сайқынның Тұра қалды қасқиып.
Көрсетіп ізет биіне Бір еңкейді бас иіп.
– Құп алыңыз, ей, тақсыр, Мен барамын қазаққа.
Мен барған соң, ей, тақсыр, Қалмайсыз, сірә, мазаққа. Қазақты шауып қиратып, Күлін көкке ұшырып, Салармын әуре азапқа.
Күшімді байқап көріңіз, Сөзіме, тақсыр, сеніңіз. Өзім басшы боламын
Артық қол маған керек жоқ, Бір мың шерік беріңіз.
Еш қам-қайғы жемеңіз, Алдыңызда тұрғанда Мен сияқты еріңіз.
Күш сынасып Мырзашпен Қайратын байқап көрейін. Батырсынған баланың Сыбағасын берейін.
Ажалым жетсе қазақтан, Өз обалым өзімде, Бұрқанға жанды берейін. Ішіп ем қанын талайдың,
Алыс-жуық маңайдың, Егескен тағы бұл жолы Бағымды сынап көрейін. Қарсы келсе Мырзаштың Қызымен қосып, ей, тақсыр, Көк желкеден бір шауып, Кәлласын әкеп берейін.
Қазақтан алып бір сұлу Үстем болсын мерейің. Шығыны болса шеріктің, Мал-мүлкімен қазақтың Жүз есе қылып төлейін. Туын жығып құлатып, Келгенін қарсы сұлатып,
Кемпір мен шалын жылатып, Тұқымы жау қазақтың
Жас баласын қызықтап, Найзаға шаншып ілейін. Қуғыншысын құл қылып, Аруларын күң қылып, Жарық күнін қазақтың Қараңғы айсыз түн қылып. Шамшырағын сөндіріп, Айтқаныма көндіріп,
Ата дұшман қазаққа Салайын сөйтіп бір бүлік.
Бұл сөзге Сайқын разы болды сонда, Күткені де осы еді негізгі ойда.
Жарғылдың айтқанының бәрін беріп, Тез қамдап қалың қолды салды жолға. Жиналған арам ниет қалың сұмнан, Бір Құдай қазақ елін өзің оңда.
Ел шетіне жақындап бұлар келді, Қолдан келсе, аяу жоқ қалың елді. Құтырынып келеді ат ойнатып, Шұбырынды шаң қылып артқы жолды.
Жолдағы бейғам еді қазақ елі, Шашыранды қонысы шалғай жері. Аямай жолдағы елді көп кәпірлер, Ертіске жеткенінше шаба келді.
Қамсыз жатқан елге кеп бүлік салды, Бас-аяғын жия алмай қазақ қалды.
Жасанған қалың жауға қарсы тұрып, Әзірше бұған төтеп бере алмады.
Ертіске бұлар келіп тіреді бас,
Сұм иттер ата дұшман қазаққа қас. Бүлдіріп тыныш елдің шырқын бұзып, Талай нақақ көздерден ағызды жас.
Жағасы қара Ертістің қалың тоғай, Ну орман тынысы кең соған орай. Қарт Ертіс еліне құт, дұшманға жұт, Басынан көп тарихтар өткен талай.
Бұлар келіп тоғайға кіре енді, Өтсе Ертістен, ордаға кіреді енді. Есмұхамбет ордасы күндік жерде, Кейбір жайға құлақты түреді енді.
Орданың мекен-жайы көк иірім, Сұлтанда баршылық қой асыл бұйым. Әуелі орданы кеп талқандаса, Соңғысы бұл иттерге болмас қиын.
Ойлары Есмұхамбет әуел шаппақ, Қызды алып, алтын-күміс олжа таппақ. Сондықтан қара Ертістен өту керек, Өңмендеп келе жатқан мақсат сол-ақ.
Күн иірім Ертістің арғы беті, Тортуыл руының Ертіс шеті. Қайткенде де Жарғылға жету керек, Әуелде көңілге алған көкейкесті.
Көк тасқын жүріп жатыр маусым айы, Белгісіз терең таяз жары, сайы.
Шуылдан алас ұрған жайқын толқын, Ертістің жан шошырлық мына жайы.
Шуылдап асау Ертіс таудай толқын, Аз көбік көкке шашып оқтын-оқтын.
Ер болсаң батыр Жарғыл, түс дегендей, Айдынын көрсетіп тұр күшін жойқын.
Жағада үш-төрт күндер бұлар жатты, Үсті-үстіне үдеді толқын қатты.
«Суы мынау, қазақтың өзі қандай», – Деп Жарғыл ойға түсіп таңдай қақты.
Қамалды айла таппай қалың қалмақ, Шатылып ақыл таппай түсті салмақ. Күнде түсіп Ертістің дүлей күшін, Жата ма әлде қайта ма, қайда бармақ.
Шаппақшы ед қараниет қалың жұртты, Абыройын әуелі Ертіс жыртты.
Бір айсыз басылмайтын долы толқын, Ақылын мына иттердің әбден құртты.
Әуелі судан қайтты батыр маңдай, Белгісіз алда не бар әлі талай.
Кейбіреуі қобалжып қайтпақ болды, Қаңғырып жер сағынған жабайы аңдай.
Қарт Ертіс қаһар шашып тулап жатыр, Біл Жарғыл немен тынар ісің ақыр.
Дегендей сақ-сақ күлед долы толқын, Жекпе-жек шығасың ба, Жарғыл батыр.
Жарғылдың сасқалақтап шықты жаны, Ертіске мазақ болып кетті сәні.
Біле алмады сандалып не қыларын, Біткендей біржолата шама-шарқы.
Бати Жарғыл көп ойлап сандалады,
Сандырақтап бір пәле істі ол табады. Бір мың қолдың басшысы, өзі батыр, Жарлығынан бұл сұмның кім қалады.
Тұнжырап аз ойланды басын шайқап, Бір шолып шеріктерін қойды абайлап.
– Айтамын бір кесімді іс, – деді сонда, – Жарлықты құптаңдар, – деді жайлап.
Тыңдаңдар, шеріктерім, құлағың сал, Қазақтан алып берем өте көп мал.
Өлімнен қорықсақ, мұнда неге келдік,
Сондықтан табу керек бұған амал.
Өтпесек бұл дариядан болмас, – дейді, Көңілге босқа ақыл қонбас, – дейді.
Сұлтаным түгел қырып бас алады, Қаһарынан шыбын жан қалмас, – дейді.
Бос барсақ, тіршілік жоқ бәрімізге, Өлеміз жасымыз бен кәріміз де.
Онда барып өлгенше мұнда өліп, Қалайық қазақтардың кәрізінде.
Дариядан әуел өтсін жүз елу адам, Ерлікпен «иә, Бұрқан» деп бассын қадам. Кімде-кім қорқақ болса, олжа алмайды, Бұйрығым осыменен бітет тамам.
Жүз елу дайындалды суға тамам, Өтпесе дариядан, қалмас аман.
Ат жалынан мықты ұстау амалы сол, Сүйретіле малтайды алға таман.
Аттарын қамшылап кеп суға түсті, Бати салды бұларға ажалды істі.
Хансымағы тапсырып берген бұған,
Бати Жарғыл сондықтан болды күшті.
Елірген есуастар ойсыз батыр,
Бір көрініп, бір жоқ боп бара жатыр. Долы толқын бір жүзіп жұта салып, Арпалыспен елуі шықты-ау ақыр.
Сайман да жоқ, салт бастар сабау қамшы, Тек ер тоқым аттардың қалған басы.
Нақақ елді ойрандап шуылдатқан, Жібермеді мазлұлым көздің жасы.
Жүгінсең болған іске, бәрі де анық, Дегенмен дәлелсіз сөз болар танық. Ертістің Жайсаң көлге құяр деңін,
«Қалмақ кеткен» атап жүр қазір халық.
Сандалып ар жақ бер жақ шуылдасты, Бати Жарғыл ақылдан мүлде адасты. Көзбе-көз айырылып жүз адамнан, Төгіліп абыройы қара басты.
Не шықсын құр шуылдап пайдасы жоқ, Мұнан басқа қолданар айласы жоқ.
Бөлініп тілсіз қалып әр екі жақ, Құдайдың өстіп тиді қарғысы оқ.
Түсуге қалғандары бата алмады, Ажалға көпе көрінеу баса алмады. Ашулы Ертіс қан жылап үдей түсті, Әуелгі ой мақсатқа жете алмады.
Сөйлесем мен Ниязбек сөзім дайын, Сөз қосып көлденеңнен, не қылайын. Ертістен кейінгі елге Бати қайтсын, Баяндайын елудің ақуал жайын.
Жағада үш-төрт күндеп бұлар жатты, Аштықтың ауыр азап зарын тартты. Аш-жалаңаш, қор болып бос өлгенше, Деді де қазақ ауылы елге тартты.
Аш аламан бұл елу жүдеу-жадау, Кейі атты, кейбірі тағы жаяу.
Ауылға келе жатыр елу батыр, Қабақтары салбырап, үні баяу.
Шұбырған атты жаяу бөлек-бөлек, Бай ауыл алқақотан дөп-дөңгелек. Құдайдан қарғыс тиіп қара басып, Өзі кеп қолға түсті көп сүмелек.
Бұл хабар тез тарады рулы елге, Кендірлік қара Ертіс пен Жайсаң көлге. Қалмақ келіп ел шетін шапты деген, Суық хабар тарады елден елге.
Мекені Мырзаш батыр ши төбеде, Батырсыз іс біте ме мұндай күйде. Енді барып Мырзашқа хабарлаудан, Басқа ылаж қылатын жоқ қой мүлде.
Мырзашқа ат терлетіп шабар жетті, Аямай бір бәйгенің терін төкті.
«Тез келсін деп шақырды сұлтаның» деп, Жұмысын өте асығыс баян етті.
Естіді жат хабарды Мырзаш батыр, Қалай тынар бұл істің аяғы ақыр. Сиынып Алдиярдың әруағына, Бетке алып қара Ертіс келе жатыр.
Сауыт киіп бес қару түгел алды, Сұр жебе қорамсаққа оғын салды. Төтелеп құмкөшуі кесе басып, Ордаға да тез жүріп келіп қалды.
Үйіне Есмұхамбет келіп түсті, Есекең баяндады барлық істі.
– Ел қысылса, ер едің елге медеу, Шеш, қарағым, мынадай ауыр істі.
Тыңдасам, мына иттердің сөзі жаман, Еліңе салмақ екен ақыр заман.
Байқасам сөз төркінін мен абайлап, Оң сөз жоқ, бәрі теріс түгел тамам.
Ел шауып тегін олжа таппақ екен, ұлды құл, қызды күң қып сатпақ екен. Дәмесі бұл сұмдардың тым-ақ әрі, Қызымды алып, орданы шаппақ екен.
Ертістен өте алмаған бері қарай, Өтем деп суға кеткен жүзі талай. Байлаулы мынау елу мұнда келген, Аштықтың азабына шыдай алмай.
Жауыздар мұнда келген әлде қайдан, Ашығып айрылыпты ақыл-ойдан.
Әйтеуір әзір аштан өлмесін деп,
Су қосып беріп тұрмыз шалап, айран.
Қысқаша істің жайы осы, батыр, Айта берсем, мұндай іс толып жатыр. Басшысы Жарғыл дей ме әлде бір сұм, Еліңді ар жақтағы шауып жатыр.
Бір Құдай өзі оңдасын іс ақырын, Әзірше оңай емес іс, жарқыным. Оңдасын бір Құдайым сапарыңды, Жау тілесе, жасылды бер, батырым.
Естіді мына сөзді Мырзаш сонда, Деді: «Сұмдық іс екен құдауанда. Ана бар ғой, елге түгел жар салыңыз, Жұрт жиылып тезірек келсін мұнда.
Сұлтаным, еліңізге тез хабар бер, Қалмасын ел ішінде елеулі ер.
Ақылдасып кеңесіп біз алайық, Елден бұрын тез келсін Садырбай ер».
Жекелеп кісі кетті Садырбайға, Ер еді елге керек осындайда.
Сондықтан бұрын келсін дегені сол, Мырзашты шақыр маған бекер жайға.
Тұс-тұсқа шабар кетті күн-түн қатып, Ел сабылды дүрлігіп алас атып.
Бел буып, ел себіліп ыңғайланды, Дұшманға құл бола ма қарап жатып.
Ел жиылып кеңесті басын қосып, Алдыңғылар артқысын алды тосып.
Бір жағадан бас шығып, бір жеңнен қол, Бірлікте жауға аттанбақ жастар жосып.
Келісті берекеге барлық жиын, Дұшманға соққы беру бірақ түйін. Сырт жауға берекесі күшті халқым, Ел бірлессе жау жеңу несі қиын.
Мырзаш та елі үшін құрған кеңес, Ел үшін өлтіреді ері егес.
«Ерді намыс, қоянды қамыс» деген, Текті сөзі бабалар бекер емес.
Кеңесті екі батыр алдағы істі:
– Осал емес, байқасақ, Жарғыл күшті, – Деді Мырзаш, – Садырбай, ойлай білсең, Ел үшін екеумізге салмақ түсті.
Ақтайық бұл сенімін елдің, – деді, Қорғайық қасиетін жердің, – деді. Сертіміз, уағдамыз осы болсын,
Ел үшін жаны құрбан ердің, – деді.
Мырзаштың дер кезіне келген жасы, Ер Садырбай өзінің дос-құрдасы.
Абылқасым, Ертісбай, Шорғабайлар Бұлардың айырылмас жан жолдасы.
Сайланды бұл адамдар қолбасыға, Үш жүзден адам болды ер басына. Әр рудан лек-лек боп келді жастар Есмұхамбет сұлтанның ордасына.
Екшеліп мың екі жүз жиналды қол, Өзі жомарт Есекең дәулеті мол.
Сойылып ақсарбаспен көк қасқа тай, Тілеу тілеп аттанды жиналған қол.
Сәрсенбі сәтті күні жолға шықты, Сарбаздарда осал жоқ, тегіс мықты. Балалар қол жайысып бата беріп,
«Сәт сапар» деп Алдияр туын тікті.
Ертісті өрлей жүрді қалың сарбаз,
Күн ыстық жалындаған шілде айы жаз. Атаушы ед «Тасөткел» деп Аққұм төрін, Жайылма боп келеді түбі таяз.
Қалың қол Тасөткелге келе жатыр, Бір қонып қара Ертіске тікпек шатыр. Өз еліне қара Ертіс өткел беріп,
Ар жаққа өтіп, жағаға тікті шатыр.
Мырзаш ер сарбаздарға кеңес берді, Бес саусақтай біледі барлық жерді. Батпағы, құмы, шөлі, орман, суы, Алтайдан арғы-бергі барлық жерді.
– Ана бар ғой, сарбаздар, сөзді ұғып ал, Ертең түсте саламыз жаумен жаңжаң. Соғысты өзім ғана басқарамын,
Шарт бұзатын болмасын батыр аңғал.
Алтайдың бір жолы бар «кек» дейтұғын, Тік тартып ұлытауға беттейтұғын.
Жау шегінсе, басатын жолы сол-ақ, Бұл жолды, сірә, баспай кетпейтұғын.
Ана бар ғой, сөз тыңда жиналған көп, Мұндайда ақыл-айла керек қой еп.
Ойлаймын елден шапқан мал-мүлікті, Қалмақтар бұрынырақ жіберер деп.
Айтайын өз ойымды көпке ылайық, Теріс болса алмаңдар көп халайық.
«Сақтықта қорлық болмас» деген бар ғой, Біз дағы алдын ала сақтанайық.
Сондықтан бөлінейік екі топқа, Ел намысы білінбес аусар соққа.
Садырбай алты жүзге басшы болып, Жедел жүріп тез барсын сол шет жаққа.
Жау түсіп сонда жатсын Садыр қолы, Ну орман қасқа жолдың оң мен солы. Аңдаусызда тосылса тар кезеңнен, Сірә да, жауыздардың болмас жолы.
Ендігі жартылай қол маған ерсін, Алты жүз қол білікті маған берсін. Жақсылық, жамандықтың мен ішінде, Салғанын бір Тәңірдің бөле көрсін.
Кәрім шешен, ер Шорға мұнда қалсын, Садырға Ертісбай мен Қасым барсын. Берекемен осылай бөлінейік,
Кұп десе көп сарбаздар, құлақ салсын.
Соны айтып батыр Мырзаш ақылдасты, Ақылмен разы етті кәрі-жасты.
Табылған ісі екен деп мұның өзі, Берекеге келісіп мақұлдасты.
Қоштасып Садырбайдың қолы кетті, Күн-түн жүріп Жиделіге барып жетті.
«Кек» жолдың тау алқымы тік шығатын, Жиделі деген жерді мекен етті.
Ал енді ұранқайлар Ертістен өте алмаған соң, Ертістің Жайсаң көліне құятын деңгейінде, Қызылқұм деген жерден кейін қайтып, Алтайдың оңтүстік жағынан қара Ертіске дейінгі алты рулы елді қан қақсатып шаба бастады.
Қалмақтар кейін қайтты Қызылқұмнан, Бір жүзін қара Ертіске қылып құрбан.
Осылай Мырзаш қолы келе берсін, Біраз сөз тыңдаңыздар Жарғыл сұмнан.
Ертістен өте алмасқа көзі жеткен,
Бақ па, сор ма Жарғылды тентіреткен. Сайқынға берген серті өзіне аян,
Құр қол қалай қайтады алған беттен.
Ертістің оң мен солы қазақ елі, Оңына өте алмады жын мен пері.
Алтайдан Ертіске шейін қалың ел бар, Кең дала ұшы-қиырсыз қазақ жері.
Кенере, Қаба, Қалбыр, Қара бүйрек, Қара шеңгел, Жалаңаш, Жиделі ирек. Мың шұңқыр қара Ертіс бойлай барып, Қосылады бас жағы Сауырға имек.
Күнеш, Жанай, Өтелі, Сары Жомарт, Алты сары ақ найман боп аталат.
Сонау Алтай тауынан бері қарай, Қожамбет алты рулы ел жатқан жайрап.
Жері бай, алты рудың елі де бай, Аямай мол дәулетті берген Құдай. Жайлаулы асқар Алтай, ойы балық, Төрт түлік не керектің бәрі де сай.
Жарғыл ит осы елдерге ойран салды, Алтын-күміс аяулы бұйымды алды. Бес жүз жылқы іріктеп жорға, жүйрік, Алдын ала жіберуге ыңғайланды.
Қарсы келген жандарды қан қақсатты, Сойыл тиген кемпір-шал құлап жатты. Қарамай қазақ елдің көз жасына, Батиды біржолата қарғыс атты.
Қарсыласқан қан бөкті қазаланып, Кейбіреу қолға түсті жазаланып.
Қатын-бала шулады зар еңіреп, Қарт ата-ана қайғырды назаланып.
Осылай алты руға түсті салмақ, Әзірше өктем боп тұр кәпір қалмақ. Қапылыста қайран ел басын қосып, Бірлікке келе алмады ар жақ, бер жақ.
Тойғандай болып қалды қарақшылар, Жиын ашып сөйледі Жарғыл мұндар. Қалатыны қайтатын жол қамы үшін, Тағы қандай арттағы жұмысы бар.
Жарғыл айтты: «Жинаңдар жүз құнан қой, Он ту бие қостағы түгелін сой.
Маған шығар қазақтың жоқ екенін, Жиын қауым түсініп мұны ұғып қой.
Бетке ұстар ұранқайдың өзім батыр, Жорығыма тігемін жібек шатыр.
Менен асып еш қазақ туған емес, Бұрын-соң болса дағы қандай батыр.
Ерімін өз елімнің жалғыз көсем, Мен тұрғанда қазаққа кетпес есең. Әзір қолға түскенді елге апарып,
Қайта оралып Мырзаштың басын кесем.
Тез оралып Ертістен көктей өтем, Қазақты екінші рет үрейлетем.
Қызын алып, Мырзаштың кәлласымен, Екеуін сұлтаныма тарту етем.
Қашқанмен құтылмайды Мырзаш менен, Жан сауғалап ол жүр ғой әлі көрем.
Арыстанмен айқаспақ болса егер, Сыбағасын баланың сонда берем.
Тағы аламын сұлтанға қазына-мал, Шеріктерім, бұл сөзге құлағың сал. Қазақтан не керегің табылады, Қам жемеңдер, беремін дүние-мал.
Қай қазақ қарсы келсе, талқан етем, Буамын уағдама белді бекем.
Бас көтертпей қазақты екі шауып, Негізгі жақсы атыма сөйтіп жетем.
Көпірді надан шіркін асып-тасып,
Сөз қылды жоқты-барды бұтып, шатып. Әлемдегі ең күшті өзіндей-ақ,
Желікті сұм аузынан көбік шашып.
Төрт жүз шерік бүгін түн жылқы айдасын, Сұлтаным көре берсін мал пайдасын.
Қуа алмайды қазақтар менен қорқып, Егер қуса, қыламын жермен-жексен.
Төрт жүз елу шерігім мұнда қалсын, Қуанышты сөзіме құлақ салсын.
Үш күннен соң аттанып бұл орыннан, Қазақтың мал-мүлкінен бұлар алсын.
Зар жылатып байлатты тағы екі қыз, Көз жасқа қарамады мына арсыз.
Іс ақырын ойлайтын Жарғыл емес, Жөн сілтеп жүр еркіндеп ешбір қамсыз.
Салмады жалынышқа құлақтарын, Түйгендер белбауына беттің әрін.
Шырылдатып байлатты қол-аяғын, Біреудің шыны сүйген ғашық жарын.
Айдатты түн қашырып бес жүз жылқы, Сәйгүлік өңкей саңылақ асыл ұрқы.
Бастыра он бес түйе жиһаз артты, Бірыңғай асыл заттар елдің мүлкі.
Төрт жүз елу адаммен өзі қалды, Алдын ала айдатты дүние малды. Дәмесі тағы да бар мал-мүліктен, Жүйрік ат, кей аруға көзін салды.
Асудан асам деген осы бойдан, Біржолата айрылған қауіпті ойдан. Жәдігөй бати Жарғыл қайдан білсін, Алдын ала тосқауыл Мырзаш қойған.
Сарбаздар Жиделіде түсіп жатқан, Тілесіп іс ақырын жалғыз хақтан. Шапқанын алдын ала жіберер деп, Ақылын батыр Мырзаш өстіп тапқан.
О, Тәңірім, жар бола көр ісі оңға, Арамды қара ниет түсір торға.
Зарлатқан бейғам елді өңкей тобыр, Бетке алып Жиделіні шықты жолға.
Құдай салса, не көрмес пәнде басы, Дәулет қонса, домалар алға тасы. Ертістен Жиделіге жеткенінше, Аттыға үш күндік жол екі арасы.
Орны ажалдының қара жерден, Өлмейтінді жан бар ма көзі көрген. Бұл жауыздар жол шегіп бара берсін, Сөйлейін сөз кезегін Мырзаш ерден.
Дегеміз Ертіс өтіп шатыр тіккен, Түн өтіп ертеңгісін жауды күткен.
Меңіреу түн ойға кетіп Мырзаш жатыр, Таң сызып келе жатыр Мәшрүптен.
Бөдене бытпылдықтап үн қатқанда, Бозторғай шырыл қағып шықты аспанға. Мақұлдап ну ағаштар басын иді,
Біріне-бірі сыбдыр үн қосқанда.
Тау құдірет тақылдап қақты таңдай,
Сары әупілдек әуп-әуп деп жүк басқандай. Тоқылдақ құс қашауын салды ағашқа, Бейне бір сарбаздарды оятқандай.
Жазғы таң белгі беріп жақын қалды, Қарсы алды жан-жануар атар таңды. Шағала, қасқалдақ құс сұлу кагар, Сабалап Ертіс бетін ойын салды.
Ару шолпан Алтайға иек артты,
Жасыл торғын, көк шапан сыйға тартты. Ерке қыз нұр сәулесін еркін шашып, Сері Алтайға сом алтын алқа тақты.
Ерке тоқы бұлбұлға үнін қатты, Тыңдатты алуан-түрлі даусын тәтті. Сайраған мың бұралтып әсем әуен, Жүрек тербеп құлаққа келіп жатты.
Әсем үн біреуіне бірі ұласты,
Қарсы алып таң самалын асып-тасты. ұйықтатқан ұрпақтарын баурына алып, Бой иіп Жер-ана да қойнын ашты.
Оянды сақара құс қанат жаза, Жазғы таң жұпар иісті самал таза. Нақақ елдің залымнан күйзелгені, Берер емес Мырзашқа тіпті маза.
Дөңбекшіп көз ілген жоқ түні бойы, Ел қамы үшін он саққа бөлінді ойы. Алуан түрлі ой келді бір басына, Тереңге жетпегендей бойлап бойы.
Толғанып әлде қалай ойға кетті, Қауіпке бастан келет қалың көпті. Садырды өзі жұмсап қоя берді, Сұм жаудан өзі жазым болса нетті.
Сиынып бір Құдайға бойын жиды, Қорлауы мына жаудың жанға тиді. Тәуекел не болса да іс Құдайдан, Деп ақылға салды да ойын түйді.
Сонда Мырзаштың Тәңірге жалбарынғаны:
Бір жаратқан Тәңір [ім], Бір құлың едім мен ғаріп, Жалынайын өзіңе Таңсәрідей жалбарып.
Бір жаратқан Құдайым, Бермеші маған уайым. Бір өзіңе белгілі
Адал ниет бар жайым. Арам ниет дұшманның Қорлығы өтіп барады, Бұған неғып шыдайын. Өзің медет бере көр, Бітіріп ісін тынайын.
Қуат бер Алла Жаратқан, Өз күшімді сынайын.
Әуелгі айқас дұшманым, Күші басым жау еді, Жаралған алып дәу еді, Айқасқанда жекелеп, Өзің сәтін сала көр, Айналайын Құдайым.
Елімнің сенген ері едім, Биігі асқар белі едім.
Шөлдегенде халқымның Суаты болған көлі едім. Баулыған атам Алдияр Жасымнан-ақ пері едім.
Бір күштімен жолықсам, Күшіне қанып малықсам, Кей кездерде соны ойлап, Жекеге түссем дер едім. Күпірлік қылма Жаратқан, Енді келді кезегім.
Атама берген сертім бар, Бола көр, Алла, өзің жар. Қанымды қиям халқыма, Қиянат қылман антыма, Жолымды Құдай оңдай көр. Әруағы атамның, Жалғызыңды қолдай көр.
Қолдай көр мені төрт тулы Арғы текті бабалар.
Дұшманға қарсы шықпасам, Дос күліп, дұшман табалар. Аяған жанды халқыңнан Бәрібір Құдай өзі алар.
Халқыңа еңбек етпесең, Мақсатыңа жетпесең, Өткелден қауіпті өтпесең, Еске сені кім алар.
Сондықтан Алла Құдайым, Тілек бер деп жылайын.
Дұшманымнан өлем деп, Жанымды қылман уайым. Көңлімде жалғыз ... бар, Соған ғана болам зар.
Артымда менің ұлым жоқ, Бір белгі қалса артымда, Болар еді көңілім тоқ.
Осыны біраз ойласам, Жүрекке түсер қызыл шоқ. Жазбаса Құдай лауқылда, Оған да қылар ылаж жоқ. Шүкірлік Алла Құдайым, Халқым барда көңілім тоқ. Енді аямай халқымнан
Бір шыбындай жанымды. Қарыз қылман еліме, Төгілсе, адал қанымды.
Қалай қайтып шыдайын, Кетіріп барат ит дұшман Сабыр, тағат, арымды.
Дандайсыған бұл иттер Кете берсе еркіне,
Бұл күні келіп қолқалар Құдай қосқан жарымды. Иә, Жаратқан, тілек бер, Сарбаздарға жүрек бер. Батырсынған Жарғылдың Кең дүниясын тар қылып, Дүнияға жарық зар қылып, Кешікпей енді барайын, Басына ойран салайын.
Алдын апан жар қылып, Екі көзін жас қылып, Денесін итке ас қылып Тарттырайын сазайын. Алдияр атам қолдай көр, Бермеспін жауыз Жарғылға Адалдан жиған малымды.
Елімнің көркі – мал мен сән, Кетірмеспін сәнімді.
Денемде жаным тұрғанда Қалармын сақтап арымды. Таптатпаспын иттерге Қасиетті жерімді. ылайлата қоймаспын Мөлдір тұнық көлімді.
Қызыр бабам, қолдай көр, Енді жолға шығармай Орнынан бүгін басайын.
Ізденіп келген жауыздың Арам қанын шашайын.
Аптыққан жаудың көңілін Су сепкендей басайын.
Әділетсіз сұмырайдың Терісін сойып жазайын. Өз көзіне көрсетіп Тірідей көрін қазайын.
Енді Мырзаш жауға белін бекем буды, баяғы бала кезінде атасы түсін жорып: «Халқың үшін жан қисаң, мәңгі өлмейсің»,
– деп еді-ау. Атасының сөзі есінде. Енді Бати жарғылға тез жетуге бекінді.
Осылай мінәжат қып батыр Мырзаш, Елін ойлап сабыр мен тағат таппас.
Енді сабыр қылуға тағаты жоқ, Тәңірі салса, не көрмес бұл ғазиз бас.
Оқыды таң намазын дәрет алып, Анадай шеткерірек жерге барып. Қосқандай тілегіне тағы тілек, Шулады сахара құс таңдай жарып.
«Иә, Алла», – деп орнынан тұрды батыр, Шығыстан күн де шығып келе жатыр.
Екі жақ та ұмытты бұл егестен, Белгісіз кімге түсер заман ақыр.
Аяңдап шатырына қайтып келді, Сүйсініп таңғы самал ескен желді. Аялдап асықпаудың ылажы жоқ, Шулатып Жарғыл жатыр нақақ елді.
Оятты сарбаздарын жайлап басып, Көрген емес мырзаекең асып сасып.
– Ана бар ғой, тұрыңдар, сарбаздарым, Дайындыққа кіріңдер, ұйқыны ашып.
Тамақтанып алыңдар біраз жайлап, Ат ерттеп, қару-жарақ түгел сайлап. Кімде-кім өз ісіне бекем болсын, Жебейік найза, садақ ұшын қайрап.
Шатыр жығып, Ертістен аттанды енді, Сарбаздар да буынды бекем белді.
Бетке алып Қара бүйректі құлдай жүрді, Жолшыбай қалың ауыл мекенді елді.
Жарғылдан ел дүрлігіп сасқан қорқып, Кей ауылдар алыстап кеткен үркіп.
Қалың ел Мырзаш қолын таныған соң, Босады көңілдері көз жас іркіп.
Елден батыр туылса еліне құт,
Бұл сөздің, көп оқушым, аяғын күт. Жолшыбай қарт аналар тілеу тілеп, Мырзашқа шашу шашты ірімшік-құрт.
– Жарылқа, Тәңірім, өзің ақтан, – деді, Куә бол көк періште аспан, – деді.
Жаратқан Құдай өзің тілекті бер, Асқанға енді бұлар тосқан, – деді.
Алға бастап келеді Мырзаш қолын, Қырағы көз шолады оң мен солын. Ауылда жастар сирек, қарттар қалған,
«О, Тәңірім, – дейді қарттар, – оңғар жолын».
Жүріп келет шайқалтып ақ боз атын, Құдай артық жаратқан Мырзаш затын. Мына жүріс таңғалтар кімде-кімді, Құдай өзі оңдағай істің артын.
Кім болмасын әуесқой ескі сөзге, Не керек, сөз табылса, онан өзге.
Қалың қол, қалқан-сауыт, қару-жарақ, Бірден сән, бірден сұсты көрер көзге.
Ал енді сол кезде Мырзаш көз ұшында батыс Қара бүйрек жақтан бір адамның асығыс шауып келе жатқанын көрді. Ілезде бұл адам келіп те қалды.
Мырзашқа жедел шауып біреу келді, Ат екпіні аңғартар соққан желді.
Қараса, бір жас жігіт тым асығыс, Таяп келіп Мырзашқа сәлем берді.
Әлгі айтты: «Қашып келем жан сауғалап, Жарғыл ит аяқ-қолды қойды байлап.
Мырзашқа бастап бар деп әлек салды, Жан дәрмен түнде қаштым, а құдайлап.
Бар еді жан жолдасым өзі есті, Жасырынып жібімді әлгі шешті.
«Арғы елге хабар салып Мырзашқа бар», Деді дағы қорлыққа өзі түсті.
Ойрандап Жарғыл жатыр кең даланы, Жылатып кемпір-шал мен жас баланы. Зұлымдық кесепаттың бәрін істеп, Азаптап байлап, матап хан-қараны.
Төрт жүз елу адаммен өзі қалды, Жөнелтті таңдамалы дүние малды. Қайталап қалған елді шауып жатыр, Қанағат қылар емес алған малды.
Осылай бір залымға болдық күлкі, Қор болды қайран елдің жиған мүлкі. Бастыра он бес түйе жиһаз артып, Айдатты кеше түнде бес жүз жылқы.
Ақмырзаның екі қызын тағы да алды, Қоржын-қоржын алтынды бөлек салды. Қарар емес жас-кәрі көз жасына, Сенсеңіз, міне, осындай ойран салды».
Мырзаш айтты: «Ей, жігіт, саспа, – деді, Арамдық жамандыққа баспа, – деді.
Маған мағлұм сырлары ол дұшманның, Өзің өлмей еліңнен қашпа», – деді.
Сарбаздар ат жүрісін жеделдетті, Төтелеп Шүмектіні кесіп өтті. ұлы бесін болғанда Мырзаш қолы,
Жарғылдың ту сыртына келіп жетті.
Көрінер ел сасқанда ердің ісі, Құтқарар елді жаудан ердің күші.
– Ана бар ғой, – деді де Мырзаш батыр, Жарғылға жібермекші елші кісі.
Кәрім деген бар еді бір қарт кісі, Орма тіл, өткір сөзді батыл ісі. Елшіге осы Кәрім бармақ болды, Пәндаға не салса да Құдай ісі.
Қалмақша тіл біледі тағы да өзі, Байсалды, кең тынысты, ашық сөзді. О бастан әтей Мырзаш ертіп келген, Кәрім шешен аталған осы кісі.
– Ей, Кәке, былай деп айт Жарғыл сұмға, Сен іздеген Мырзашың келді мұнда.
Алыстан ат терлетіп іздемесін,
Бар сөзіңді батыл айт шайтан жынға.
Нақақтан ел шаппасын, қайтарсын мал, Айтпасын әділ сөзге шиқандай жал.
Өзіне олжа ат көлік жалғыз жаны, Түсірмесін басына зор мүшкіл хал.
Қайтарып малды беріп келсін жөнге, Жазықсыз соқтықпасын нақақ елге. Біз барып соқтықпадық еліне оның, Қай себеппен жауықты біздің елге.
Батыр болса жатпасын төсек төрде, Қазақ болмас әсте де оған перде.
Мал қайтарып кетпесе тез жөніне, Біржолата қалады жатқан жерде.
Көнбесе, шықсын деп айт кең далаға, Қазақ үйі бола ма оған пана.
Көрсетпесін ауылда күшін батыр, Кемпір-шал мен қыз-қатын, жас балаға.
Жарғылға енді Кәрім болды жүрмек, Қандай жауап берерін болды білмек. Теріс жауап берер ме әлде оң ба, Соны естіп тездете қайтып келмек.
Оң жауап берер деген Мырзашта жоқ, Қалай шатып шалқиды соны көрмек. Түбінде жекпе-жекте керек болар, Айтқан сөзі аузынан соны білмек.
Ақ сәлде орап, ақ шапан киді Кәрім, Ақ ту ұстап атына мінді Кәрім.
Теңселтіп кер құласын жүріп кетті, Кешікпей іс ақыры болар мәлім.
Шешілер іс түйіні осы жолда, Елшіге өлім болмайды бұрын-соңда. Ауылдан анадайда ауашалау, Сәнденіп шатыр тігіп жатты сонда.
Сұм дүния баяны жоқ жалған екен, Алдап жолға талайды салған екен. Аш басшы күтушіні қазақтан ап, Жарғыл да аз күн сайран салған екен.
Кәрім сонда шатырға таяп келді, Көреді шатыр маңы қалың елді. Елшімін деп бір адам келіп тұр деп, Біреу барып Жарғылға хабар берді.
– Келсін бермен жұмысы менде болса, Тыңдайын егер сөзі жөнді болса.
Өзім сұрап салайын жөнге оны, Ақылынан айрылған пенде болса.
Шатырға енді кіріп келді Кәрім,
«Әмір сайқыр» өз тілі деді Кәрім.
– Мырзаш батыр жіберді мені саған, – Деп бастап Мырзаш сөзін терді бәрін.
Салмасын жөнсіз бүлік елге дейді, Қарақшылық жараспас ерге дейді. Алған мал, асыл жиһаз кері қайтсын, Білімді адам тез келер жөнге дейді.
Қайтарсын малды түгел келсін жөнге, Жазықсыз соқтықпасын нақақ елге. Нақақ шапқан қазақтың малы оған, Мал болмайды түспесін арам терге.
Іздеп қазақ қалмаққа барғаны жоқ, Малын шауып, ойранды салғаны жоқ. Жазықсыз нақақ елді жылатпасын, Өзі тілеп баспасын жалынды шоқ.
Мал қайтарып Сеймет елден кетсін, Таптамай қасиетті жерден кетсін. Ат-көлігі, адамы сау тұрғанда, Менен сәлем ханына барып жетсін.
Аптықпай әуел сөзді ұқсын дейді, Ақылға кеп көңілін жықсын дейді. Егер де тура сөзді жөн көрмесе,
Өзі білсін жекеге шықсын дейді.
Тайсалған жоқ Кәрім де сөзді жұтып, Сөйледі тағы өктем сөзбен ұтып.
Мырзаштың айт дегенін тамам айтып, Кәрім тұрды Жарғылдан жауап күтіп.
Ал енді Жарғылдың Кәрімге берген жауабын келтірейік
Естіді Жарғыл сонда мына сөзді, Ойнақшытып төңкерді екі көзді.
Жауапсыз қасарысып біраз жатып, Толғанып ойланғандай айтар сөзді.
Сұрланып, сұп-сұр болды қаны қашып, Жастыққа жатыр екен төсін ашып.
Кәрімге бір сұстанып қыр көрсетті, Тоқтатпай тұрғандай-ақ қайрат қысып.
Бұжыр бет қыртыстанды қатпар-қатпар, Байқағанға жауыздың бейілі тар.
Бұрын да найза қылыш тиген бе әлде, Бет-аузы ұңқыр-шұңқыр, жарадақ бар.
Мұрны да жұдырықтай үңгір танау, Аз мұрт сақал бетте селдір санау.
Кескен терек секілді бойы иттің, Бір-бір сабау секілді саусақ анау.
Келтіріп сұм бейнесін айтсақ шынды, Қоспасақ артық ауыс ұсақ мінді.
Ертегіде айтылар диу пері,
Ат көтеріп жүргісіз мына сұмды.
Салық қарын, апай төс, шүйде желке, Былтиған мойыны бар тұтам келте.
Айдары сәндеп өрген жерге түсет, Былайша қарағанға Мырза ерге.
Даусы да күрілдеген диу пері,
Шығып тұр бұжыр беттен шып-шып тері. Өткізген ал кеудемен орта жасты, Батырдың әлде осы ма өлер жері.
Таяды кімдер қалып, кімдер өлет, Тілекті әділ Құдай кімге берет.
Бұл иттер ақылынан адасты ма,
Жат елге үрген қанды ауыз көп байтөбет.
Ішкі сырын бұл сұмның адам таппас, Қара жүрек бір залым көңілі тас.
Әділ сөзге ақ жауап қайдан берсін, Ата жау ежелден-ақ қазаққа қас.
Жастықтан басын Жарғыл жұлып алды, Кәрімге ажырая қарау қалды.
Ұшып тұрып орнынан екі-үш аттап, Керегеге ілулі қылышты алды.
Қынынан бір суырды жарқ еткізіп, Қынапқа қайта салды сарт еткізіп.
– Қазағым, бұл қандай сыр білемісің, Осыны айт Мырзашыңа сен жеткізіп.
Көрдің бе болат найза анау тұрған, Елшімін деп келіпсің Бұрқан ұрған. Мырзаштың басын алмай кете алмаймын, Сертім бар сұлтаныма кеңес құрған.
Күмілжіп көрсетпеді айып мінді, Алмады мойынына анық шынды.
– Қазаққа мал керек пе, жан керек пе? – Деп залым аузын ашып қарқ-қарқ күлді.
Ол өзі маған теңдес қандай батыр? Көп қазағың байлауда, міне, жатыр. Мал, жиһаз керек болса, басын берсін, Бар дағы мен айтты деп мұнда шақыр.
Елші болсаң аман-сау жолға салам, Сен қазақ мал берер деп болма алаң. Осы бүгін Мырзаштың басын алып, Сауық-сайран өткізіп елге барам.
Менімен қарсыласқан қалмас аман, Түсіргемін талайға ақырзаман.
Көпсініп тұрса қазақ бұл ісімді, Елге барып қайтып кеп тағы шабам.
Келе алмас маған теңдес ешбір батыр, Ондай ер болған емес әуел ақыр.
Қазір жиһаз, мал, қызбен өз елімде Сұлтаным елін жиып тойлап жатыр.
Сөз ұқсаң енді сыйға бас барады, Сұлтаным ерлігіме шаттанады. Тез барып қазағыңа осыны айт, Кешіксе, ажалынан құр қалады.
Қазылды Мырзаштың бүгін көрі, Орным болат сұлтаным маңдай түрі. Өлерінде өз жерін бір болжасын, Анау биік төбеге келсін бері.
– Қорлады мына дұшман ел мен ерді, Аузына не түссе де, үре берді.
Мына итке қайран сөзім қор болған, – деп, Кәрім де қайта айланып жүре берді.
Сонда Кәрімнің Мырзашқа келіп айтқаны
Кәрім енді Жарғылдан Көңілі суып қайтады. Айтқанын бірін қалдырмай Мырзашқа түгел айтады:
– Сен кішісің, мен үлкен, Сонда дағы, қарағым, Сөзіңді сыйлап барып ем. Сөз ұқпайтын бір итке Келіпті кезім қапыда.
Ақылсыз итті мен мұндай Осы өмірде көрмедім.
Осынша жастың ішінде Талай адам көріп ем.
Далаға сөйлеп тантыды, Қырып жойып, шалқыды. Ендігісін өзің біл,
Көңілім содан қалыпты.
Және тағы айтайын, Түйген сырдың бар жайын. Жауыз иттің тұлғасы Көзіме бөлек көрінді.
Құс мамықта шалқалап, Қымызға тойып алқалап, Емін-еркін алыпты.
Қасиетті түріңді Көпке шейін баңданып Беруден жауап ерінді. Түріне лайық кәпірдің Өзіне-өзі сенімді.
Орталап келген жасы бар, Қазандай қара басы бар. Мейірімсіз бір жауап Жүрегінің тасы бар.
Дауылдай ескен желпілдеп, Аптыққан албырт сөзі бар. Дүния малға тоймайтын Жалмауыздай көзі бар.
Қарасам бағып, жауыздың Түсі де суық бөлек-ті.
Ен дәулетке семіріп, Қазақтан алған қоректі. Аз айт, көп айт, не керек? Барлық ісі бұл иттің Түгел тентек демек-ті.
Сонда Мырзаш Кәрімнің Жарғылдың денесі жөнінде ой сала айтқан сөзіне біраз ренжіп былай деді:
– Ей, Кәреке ағамыз, Мен едім сіздің балаңыз.
Жасыңыз үлкен болған соң Сізге ақыл саламыз.
Маған дұрыс болмай тұр Мынау айтқан сөзіңіз.
Денесінен Жарғылдың Үрейленіп шошынып,
Келгенсіз бе өзіңіз?
Кім жеңіліп, кім жеңер, Жетіп тұр ма көзіңіз?
Арам дене әркімде Бола берер, Кәреке. Денесі маған не керек? Ол құлаған қу терек, Нақаққа берсін береке. Пішілген өгіз азбанда Өкіреді күл шашып.
Негізі тағы хайуан, Түйеде де дене бар,
Олар да жүр ғой жер басып. Сондай бір хайуан ол дағы Денелі деп шошынып,
Қала алман одан мен сасып. Айтасың несін, Кәреке, Жарғылдан қорқып қашалман. Елді беріп дұшманға
Арамға аяқ басалман. Артымда елім, жұртым бар, Алдымда сіздей аға бар.
Жасқанып қалсам дұшманнан, Досым жылап бақырып, Дұшманым күліп табалар.
Жаудан қашан қорқып ед Бұрынғы өткен бабалар. Мен солардың ұрпағы, Жасқанып неден қалайын. Абырой берсе Құдайым, Өзі ізденген дұшманды Табанға мықтап салайын. Бер батаңды, Кәреке, Жауыма тез барайын.
Қиялай соғып қырғидай, Жауды жеңіп жайраңдап, Алдыңа келіп, Кәке аға, Жай оғындай жанайып.
Кешіріп мені, Кәке аға,
Құлақ салшы сөзіме, Ақылшым болып жапанда. Көрінді өзің көзіме
Елім үшін жан қисам, Өлмегенім болмай ма! Жаудан қорқып жасқансам, Тегі бір ажал маған бар, Сонда өлім арам болмай ма! Өзім өліп, ел қалса,
Кегімді халқым алмай ма! Құрбан болсам ел үшін, Шыбын жанда арман жоқ. Артымдағы ұрпаққа,
Мәңгі өлсем, атым қалмай ма! Жауыма бармай қалмайын, Кешіріңіз, ағажан,
Байқа деген тіліңді Сірә, тіпті алмаймын. Ерді намыс өлтірер,
Жаудан қорқып тығылып, Көріспей жаудан жығылып, Тірімін деп қалмаймын.
Жекеге жалғыз барамын, Жолдасты ертіп алмаймын. Қанды болмақ дұшманның Тарылтпасам тынысын, Табаныма салмасам, Келтіре кек алмасам, Алдиярдан тумайын,
Ата жолын қумайын, Мырзаш атым құрысын!
Енді біраз әңгіме. Сонда Мырзаш көпшілік үлкен-кіші сарбаздарға мына бір сөздерін айтты:
– Ана бар ғой, жарандар, Маған біраз қараңдар,
Ет жүректі пендемін, Көңілімде аз алаң бар.
Қауіпті жауға барамын, Ажалым болса Алладан, Құтылар не шарам бар. Басқа түсер күш болса, Жазатайым іс болса, Ойлаған бір санам бар. Артымда қалған панам жоқ, Мені жоқтап жылайтын
Ата менен анам жоқ. Әуелде Құдай бермеген Іні-бауыр, ағам жоқ.
Жас та болса шырылдап, Жылап қалған артымда Еркек кіндік балам жоқ. Уа, дариға, дүние-ай,
Бір тұяқ қалса артымда Болар еді-ау көңілім тоқ. Жазым болсам жауыздан, Жүрекке түсер сонда шоқ. Айтайын несін термелеп, Бұл пәниде опа жоқ.
Шәмшігүл еді әйелім, Шәкежан жалғыз қызым бар. Көрмесін тарлық екеуі,
Көз қырын соған салыңдар. Болмасын жетім жалғыз қыз, Менен қазір жалғыз із,
Қарны ашып, киім жыртылып, Ішіп-жеуден іркіліп,
Қоржын салып мойнына Болмасын мекен жапан түз. Осы тұрған бәрің бар,
Көбің жас, аз кәрің бар. Тапсырамын ел саған, – Болмасын жетім жылап зар. Жетім қыз, жесір әйел дер, Атандырма, жарандар, Ерден қалған тұяқ дер.
Жесірдің жетім қамын жеп,
Аялы қолға алыңдар. Дұшманға енді барайын, Оңғарсын Алла жолымды, Туғызсын жұлдыз оңымды. Өзі тегіс ізденсе,
Өзі қазған көріне
Өзін мықтап салайын. Ана бар ғой, сарбаздар,
Мынаны қатты тапсырам – Бәріңнің де арың бар, Қатты ұғып алыңдар,
Дұшманнан келер күш болса, Әлдеқалай ісі болса,
Бас сауғалап қашпаңдар. Тиянақ бекем ар болсын, Дұшманнан қорқып саспаңдар. Бабаларша өткен шайқасын, Жазасын беріп дұшманның Ананың сүтін ақтаңдар.
Зарлатпаңдар елімді, Күңіренбеңдер көрімді, Таптатпаңдар сырт жауға Қасиетті жерімді.
Сарбаздар, әкел атымды, Сыйламасын жатымды. Қашан болсын қай күнде, Естеріңнен шығарма
Осы өсиет хатымды. Осыны айтып ал сонда, Аққұс атқа ер салды, Бес қаруды қолға алды,
Ақ иық құстай қамданды. Енді атына мінеді, Алладан пәрман тіледі.
Кәрім сонда Мырзаштың Таяп келді қасына, Кетерін енді біледі.
– Қарағым, аман-сау қайт, – деп, Аялап бетін сүйеді.
Жас сорғалап сақалдан Денесі балқып иеді.
– Асыл туған ерім, – деп, Қайтпайтын жаудан перім, – деп, Кемсеңдеген кәрі иек
Біріне-бірі тиеді. – Кетер болсаң, қарағым, Қолыңды жай, берейін Ақ ниетпен батамды.
«Баталы құл арымас, Батасыз құл жарымас», Деуші еді өткен бабалар. Еске алайық сол сөзде Тағы да өткен атаңды.
Жолыңды Алла оңдасын, Қызыр болсын жолдасың, Бұрынғы өткен бабалар – Қабанбай, Барақ, Бөгенбай, Ер Қосай, Қамбар, Жәнібек, Тағы да көп талайлар Әруақтары жебеп оңдасын. Аққа Құдай жақ болып, Әулиелер мен әнбия
Пірлер болсын жолдасың. Дақ түспесін үстіңде Атаңнан қалған ақ сауыт Өтпесін оғы дұшманның. Одан, сірә, жол тауып Саған деген дұшманның Қаруы тасқа шабылсын. Сағы сынып жауыңның Көз жасы көл боп ағылсын. Бетіңді Құдай оңғарып, Алдың күре жол болсын.
Саған деген дұшманның Екі көзі көр болсын!
Күшіңе күш қосылып, Жігерің қайрат артылып, Еселі намыс мол болсын!
Аптыққан көңілі дұшманның Қара жермен тең болсын!
Жазықсыз елді жылатқан, Сәбидің көңілін құлатқан, Арам ниет дұшманның Алды көр, арты жар болсын! Әмсе тілек бар болсын, Аллаһу акбар қарағым, Алдияр атаң жар болсын!
Батасын алып Кәрімнің Жорғаға қамшы басады. Денені керіп күш-қуат, Қайраты судай тасады. Жарғылға тура бет алды, Жол қиығын туралап, Қашықты кесіп төте алды. Мырзаш пен Жарғыл арасы Дөңес бұйрат бел еді.
Оқ жетер жерге келгенде Бір дөңестің басынан Жарғылды Мырзаш көреді. Екпіні дауыл аққұс ат Солай тартып келеді.
Жарғыл тұр төбе басында, Жеке тұр, жан жоқ қасында, Жекпе-жек деп сұм кәпір Диудайын өкірді.
Айбарын шашып сыртына, Қанын жиып ұртына, Мінген атын шапшытып Ойқастата секірді.
Олай да шауып, бұлай да, Дәл жын соққан секілді
«Тая, қазақ, тая» деп ышқына айғай салады. Екі көзі қанталап, Борбайлап атын сабады, Тағы да біраз таяды.
Кезек бер, кезек ал демей, Қалмассың деп осыдан Арам ойға саяды.
Сонадай жерде Мырзашқа Шалқая тұрып шіреніп, Жебесін тартып қалады. Зулаған жебе безілдеп Мырзашқа жетіп келеді. Шірене тартқан жебенің Екпіні дауыл жел еді.
Тоғыз қабат сауыттың Төртеуінен өтеді,
Бес қабатқа жетеді. Денеге зақым қылалмай Жетесінен кетеді.
Енді келді Мырзаштың Еселі атыс кезегі.
Құдай өзі сәтін сап Өртенсін жаудың өзегі.
«Ана бар ғой» дейтұғын Батыр Мырзаш сөзі еді. Бабалардың жолы деп, Алдияр атам қолы деп, Маған болар оңы деп, Саған болар солы деп, Мырзаш сонда жебесін Шірене келіп, тартады, Атасының Алдияр Әруағы артады.
Найзағайдың оғындай, Сексеуілдің шоғындай Қаһарлы жебе кетеді.
Қас-қағым мезгіл болмай-ақ Кәпір сұмға жетеді.
Қабаты мол сауыттың Нешеуінен өтеді.
Аз да болса бұл жебе Денені зақым етеді. Күтпеп еді мұндайды,
Арт жағы бір бөлек етеді. Мырзаштың мына жебесі Қатқыл тиді Жарғылға. Аңғартып артын байқатты Жеңілмейтін батырға.
Ойланып Жарғыл қорынды:
«Жас болса да бір кәп бар, Әлдеқалай бұл қазақ Қайната ма сорымды?
Жалғыз өзі Мырзаштың Он Мырзаш болып көрінді. Бір ақылын табайын, Амалдап байқап қарайын. Үрейін алып қорқытып, Қасына таяп барайын.
Қорқытып сөзбен сойғылап, Заман ақыр салайын.
Мені де «Бұрқан» жаратты, Сөзіме айтқан көнбесе, Күшімді мен де салайын». Осыны ойлап ит кәпір Мырзашқа таяп келеді.
Түр-тұлғасын Мырзаштың Жарғыл байқап көреді.
Жарғылдың тұрған сол кезде Дөңес биік жотасын
Қазірге ше халқымыз Қара бүйрек дер еді.
Сол дөңесте Жарғыл тұр, Өңі бейне жылан сұр.
Бірдемені айтуға
Сұқтана қарап Мырзашқа Көз айырмай қарап тұр.
Мырзашқа төніп зілдене Деді: – Ей, қазақ, мойын бұр. Атым шулы әйгілі
Жарғыл батыр мен, – деді. Диу, пері екпінім
Дауыл боп соққан жел, – деді.
Мен аспанмын, сен жерсің, Ойланып көр қазағым,
Дәл осымен тең, – деді. Жас екенсің әлі де, Аман-есен еліңе
Қайтқаның, бала, жөн, – деді. Қоржынға салсам деп едім, Ора шауып басыңды.
Әлдерін қимай ойландым Жетпеген қыршын жасыңды. Мен арыстан, сен бөрі, Жолықпай жүрсің теңіңе.
Қасарыспай, қазағым, Жеңілдім деп мойындап, Құрметте мені сый беріп, Шығарып сал еліме.
Жөніңе солай келмесең, Айтқан сөзге көнбесең, Өз обалың өзіңе, Тірідей тығам көріңе».
Мына сөзі Жарғылдың Мырзашқа жаман батады. Кәпірден шыққан суық сөз Құрсаққа мұз боп қатады. Ашу қысып Мырзашты Төзе алмады сөзіне.
Алпамсадай сұм жауыз Баладай-ақ көрінді Мырзаштың сонда көзіне.
– Жарғыл батыр, аптықпа, Тіл тигізбе қазаққа,
Сабыр қыл, батыр, асықпа. Асықпасаң, батырым, Бүгіннен қалмай жайрайсың, Ерің тисе өзіңе,
Тойым жоқ жылан көзіңе, Екі қыз емес, қазақтан
Он қызды матап байлайсың.
Жоқ, батырым, біздің ел Мұныңа сенің көнбейді. Нақақ халық сендейге лағын да бермейді.
Сондықтан, Жарғыл, ойлашы, Тыныш жатқан елімнің
Ойран салып шетінен
Мал жанын неге айдадың? Аясаң қазақ жастарын, Қол-аяғын кісендеп Азаптап неге байладың?
Айдады сені ажалың, Әуелі бар көретін Жаның шықпай азабың. Не іздеп келдің қазаққа? Ата-бабам көнбеген Сендер салған азапқа. ұрпағымыз бабамның Мен де көнбен мазаққа. Есіркеп мені аяма
Күшіңді көрсет, батырым, Жоқтан өзге сөз қылып Сөз еместі шатыдың.
Іздесең ажал, батырым, Сыбағаңды берейін.
Жаһанда күшті сен болсаң, Күшіңді байқап көрейін.
Атадан адал туғанмын, Сен сияқты сұм болмай Аққа белді буғанмын.
Асықпай, батыр, сөз тыңда, Халқыма берген сертім бар. Елім үшін лаулаған
Ішімде жалын өртім бар. Мына сөзге құлақ сал, Құлақ сал да ұғып ал.
Аузыңды қан қылмасам, Бітіріп сені тынбасам, Көзіңді қанмен жумасам,
Қылышыңды қынаптан Шорт сындырып қимасам, Отыма жағып найзаңды, Құртпасам жауыз айлаңды, Сертімнен айтқан шықпасам, Туыңды өртеп жықпасам, Орныңа тұрған тықпасам, Сен қарақшы ел шапқан Әулетсіз өрісің.
Айтқанымнан шықпасам, Мырзаш атым құрысын.
Енді Бати Жарғылдың амалы құрып, күш көрсетуден басқа ешбір лажы қалмады.
Бати тұрып долданды, Қаруды тамам қолға алды. Айбат шегіп ақырды, Қаңтарда жарау бурадай, Кәрі жынын шақырды.
Екі иығы селкілдеп, Сұп-сұр беті бүлкілдеп, Арам іште зар күлкі:
– Солай де, Мырзаш, – деді де, Бір күліп алды кеңкілдеп, – Олай болса, қазағым, –
Деді дағы Жарғылдың
Бет-бейнесі мүлде бұзылды. Аузын жапқан қалың түк Жел түрткендей желкілдеп, Дүрдиген жалпақ еріні Жыбыр қақты бүлкілдеп, Қанды көзі аларып, Дулығасын бір шешіп, Айдарын бір таранып, Дайындығын барлығын Тамам жасап алды да,
Таяй түсіп Мырзашқа Сұқтана қалды қаранып.
– Жасым үлкен, ей, қазақ, Әуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі, – Деді дағы ит қалмақ Найзасын алды қолына. Маңғазданып қарады Тағы да оң мен солына. Сонда Жарғыл сөйледі, Мырзашқа қарап бүй деді:
– Қой деген тілді алмадың, Сөзіме құлақ салмадың.
Көр қайратты, жас бала, Жеткен шығар ажалың. Шырқыратып жаныңды, Кетірейін сәніңді.
Айдаған шығар қалың сор, Енді, қазақ, шыдап көр.
Осыны айтып сұм Жарғыл Ат тізгінін бұрып ап, Анадай жерге барады.
Қайта бұрып ат басын Тебініп кеп қалады.
Ағызып кеп ақырып, Жын ұрғандай бақырып, Бар денесін алға ұстап Мырзашқа найза салады. Тез әдістеп Мырзаш та Өзіне төнген ажалды Денеге көп дарытпай, Кері қағып қалады.
Әуелі кезек найзадан Аман-есен қалады.
Мырзашқа енді келді кез, Жасады қимыл бұ да тез. Кезегін Мырзаш алады, Жай оғындай жанады.
Әдіс пенен айланың Алуан түрін табады.
О да әудем жер барады, Қайта бұрып ат басын
«Қабанбайлап» ұран салады. Қаһарын жиып бойына Жарғылға қарсы шабады.
Ағызып келіп аққұсын Бабалар өткен жолы деп, Қолқа жүрек тұсы деп, Жарғылға найза салады. Кәр кесте жауыз сұм тақсыр Туралап келген найзаны
Бұ да қағып қалады. Кіргізе алмай найзасын Мырзаш сонда ойланып, Аңтарылып қалады.
Енді кезек қалысты, Кезексіз найза салысты. Екі найза шарт та шұрт, Тез жанталас екі жақ.
Денеге найза дарытпай, Қағып-қағып қалысты.
Кез келген жерден шаншысып, Жан ұшыра қамтысып, Жібермей жүр екі жақ
Төтелеп келген намысты. Көз айырмай екі жақ, Бұларға қарап қалысты. Алпарыс шаншу, шабысу Әзір жоқ белгі бұларда, Қай жақ алад табысты?
Текедейін тіресті, Шыбын жан үшін сіресті. Аю менен арыстан Секілді бейне күресті.
Дәмеленіп екі жақ, Қайта-қайта шабысты. Ат тізесі бүгілді,
Қару сынып үгілді.
Тозаң, топырақ, шаң болып,
Көк шалғын шөптер жығылды. Алпарысып, алысып,
Алмады бұлар тынымды. Жеңу, жеңіліс болмады, Бұдан да бұлар түңілді. Шуласып тілеп екі жақ, Бұларға көп көз тігілді. Ет асымдай алысып, Қолдары қалды қарысып. Аударысты жалаң қол,
Тақымдар қалды жабысып. Дем алуға келісті,
Екі жақ тіл табысып. Екі жақтан хал бітіп, Түтігіп шаршап әл бітіп, Аз жерге барып отырды,
Алқынған демін алысып. Әзірше тең күштер шақ, Дем алып отыр екі жақ. Жарғыл отыр «Бұрқан» деп, Мырзаш отыр «Құдай» деп, Бұрқан ба әлде Құдай ма?
Жеңері біреу болды хақ.
Сонда Мырзаш Құдайға жалынып былай дейді:
– Жалынайын өзіңе, Жаратқан жалғыз Құдайым. Жарылқау, қарғау өзіңнен Ел үшін өлсем, мен дайын.
Ел тілегін бер Құдай, Үстем қылып Жарғылды, Халқыма берме уайым.
Жүрегім – ақ, ісім – хақ, Тілекті бер ылайым.
О, Тәңірім, жаратқан, Сәтін сал өзің келер шақ. Алдияр атам айтушы еді:
«Ісі аққа Құдай жақ».
Ата сөзін еске алдым, Қолға тисе келер бақ, Енді бұған барайын. Отырғызбай бұл итті, Жан алқымға алайын. Жеке күштен пайда жоқ, Айлаға әдіс салайын.
Батыр бабам үйреткен Көріп ем әдіс талайын. Дем алдырмай жауызға,
Кезексіз шоқпар төмпештеп, Ақылын солай табайын.
Біраз демін алған соң, Жалыныш пірге болған соң, Осылай ойлап ақылды, Анадай жерде отырған
Жарғылды Мырзаш шақырды.
– Кел бері, көп отырма, Шаршадың ба, батырым? Шоқпарға кезек біз беріп, Күтейік істің ақырын.
Сен – арыстан, мен – бөрі, Жеңілмейтін ісің бар, Өзіңе берген сертің бар.
Ойлану енді кеш қалды, Кең дүние болар тар.
Жолың әсте болмас-ты, Бейбіт елді бүлдірдің, Қараниет, пейілің тар. Қайда тұрсың сен, залым, Төңірекке қарашы.
Мынау басып сен тұрған Қазақтың кең даласы.
Бастырған емес дұшманға Өзінің құтты панасы.
Сен сияқты бұл жерге Талай дұшман келген-ді, Сондай жаудың сен бірі,
Қалмайсың, батыр, сен тірі! Жауына қарсы бабамыз
Ту ұстап, тұлпар мінген-ді. Жеңілмеген жаулардан, Тарих талай анықтап, Әлем мұны көрген-ді.
Күшті болсаң, батырым, Мін атыңа, шық бері.
Бұрқаныңмен бір қосып, Жіберейін мен кері.
Осыны айтып Ер Мырзаш, Атына қамшы басады.
Атасының Алдияр Әруағы тасады.
Жарғыл да атқа мінеді, Жауар күндей түнерді. Шоқпарын алып қолына, Оңтайланып жетіп кеп Тұра қалды оңына.
Келді таяп тебініп, Ернін тістеп емініп. Көтерді ауыр шоқпарын,
Көзінен шашып оттарын. Оқ жыландай атылды, Сойыл салым арасы, Келді сондай жақынды. Қаһарын бойға жиып ап, Арамын ішке түйіп ап,
Қос қолдап кеп ит Жарғыл ұрды Мырзаш батырды.
Әдіске салып тағы да, Қағып қалып шоқпарын, Көп дарытпай басына.
Сонда да ақырын тиген жоқ, Басындағы қалқанның Сынығы түсті қасына.
Жанына серік боп қалды Ер Мырзаштың айласы. Бұдан да аман-сау қалды,
Әдісімен ақылдың Жанына тиіп пайдасы. Енді Мырзаш Жарғылдың Жанаса келді қасына:
– Күші артық батырым, Қайда кетті ақылың?
Қонғандай шыбын болмады Сенің ұрған шоқпарың Менің тіпті басыма.
Әтей айтты ер Мырзаш, Жарғыл иттің шоқпары Тисе де ауыр басына.
Сонда Мырзаш сөйлейді:
– Жасыма, батыр, жасыма, Ашуың тарқап болды ма?
Енді кел жақын қасыма. Көпті көрген батырсың, Қасқай енді тасыма.
Осыны айтып Мырзаекең, Он батпандық бос мойын Көтеріп қолға алады.
«Алдияр атам қолда, деп, Сиындым осы жолда, деп, Өлер жерің осы, деп, Қарақұстың тұсы, деп, Осылайша болушы ед Бабалардың ісі, деп, Менің күшім емес-ті, Қабанбай бабам күші, деп,
Иә, Алла», – деп ер Мырзаш Қос қолдап ұрып қалады.
Батырдың сонда қалқаны Быт-шыт боп жерге құлады. Енді Мырзаш Жарғылды Кезек бермей ұрады.
Ойлаған діттен шығады, Өз күшіне сүйсініп, Көңілі біраз тынады.
А, құдайлап сарбаздар
Тілеу тілеп тұрады. Қапелімде жан бермей, Жан ұшырып қорбаңдап, Жарғыл да қайрат қылады. Дамылсыз ұрған шоқпардан Жарғылдың есі шығады.
Ақылсыз, айла-әдіссіз, Сағы қатты сынады.
Әлі де жүр айқасып, Ақыры немен тынады.
Әйтсе де бұрынғы арын жоқ, Жан сауғалап бұғады.
Бір уақыттар болғанда, Мырзашқа бақыт қонғанда, Ердің күші артады.
Бұрынғы өткен бабалар, Ерлігі артық даналар, Бөгенбай, Барақ, Жәнібек, Жолын бер деп солардың, Айғайлап ұран тартады.
Диумен жеке алысқан, Зейтүндей бейне жабысқан, Етек-жеңді түреді.
Жындарды басқан диудай, Жарғылды енді бүреді.
Әдіс-айла сақтықпен Тез қимылға басады.
Қарсыласқан сұм жаудың Алдын орай тосады.
Енді Мырзаш көңілі Тасыған судай ағады. Ойқастатып тұлпарын Қондырды қайта қолына. Уақтылы ұшқан сұңқарын, Олай өтіп соғады,
Бұлай өтіп соғады. Өлтіргендей жыланды, Төпелей соққан шоқпардан Жарғыл қайтып оңады.
Мырзашқа қарап тоқта деп, Басқа кезек жоқ па деп, Титықтап әбден болады.
Шоқпар, найза, семсерді Үсті-үстіне қондырды.
Жөнге келмес батырды Туралап жөнге көндірді. Кешегі жылан көздерін Көр қылып бүгін сөндірді. Асқынған жауыз, сұм иттің Басына қауіп төндірді.
Іздегенің осы деп,
Жын-шайтанның досы деп, Ниеті қара дұшманды
Қан мен терге шомдырды. Әлін құртып састырды, Мұрса бермей төпеді
Қара албасты басқырды. Осы кезде кәпірдің
Екі көзі алақтап, Кезерген ернін жалақтап, Бойдан қуат, әл кетіп, Қалжырады хал кетіп.
Шығуға жаны айланды, Аузынан қара қан кетіп. Енді бір сәтті орайда Батыр Мырзаш найзасын Ақылын тауып айласын,
Қолтықтан шаншып тіреді. Жәй тіреп тағы қойған жоқ, Күш сала қатты шіреді.
Қуат берген Мырзашқа Қысылғанда пірі еді.
Жеңілмейтін ит дұшман Шіріген түбі теректей Өкіріп аттан құлады.
Кешегі күлген күлкісін Бүгін көмір қылады.
Абырой мен атағын
Жермен-жексен қылады. Айтқанын қылып ер Мырзаш, Құп тамаша қылады.
Сұлатып салып дұшманды, Мырзаштың көңілі тынады. Өгіздейін өкіріп,
Маядай даусы бақырып, Бұрқаным деп жылады. Жайланып көңілі Мырзаштың, Келтіріп тәубе пірлерге
Шүкір аза қылады. Төгілген асып сұм иттің Ақылын өстіп табады. Құр шыбыны бойында, Құлағаны ойында, Еңбектей келіп жығылып, Үні шықпай тығылып, Қансоқта боп иленген Топырақты қабады.
Киізше теуіп аунатты, Қан жоса қыпты аумақты. Әуелгі жазаң осы деп, Түбінен кесіп тастады
Оң қолы үш саусақты. Жығылғанын Жарғылдың Шеріктері көреді.
Аңдып тұрған сарбаздар Шетінен қыра береді.
Қарсыласуға пайда жоқ, Ерік беріп көп қолға, Несіне болса көнеді.
Құлшынып тұрған көп сарбаз Алдын тосып бөгеді.
Шаншып ұрып түсіріп, Жазаларын береді.
Соры қайнаған иттердің Қырылып көбі өледі.
Әумесер, даңғой иттерге Осы емес пе керегі?
Ұрысқа шығар алдында, Сарбаздарға Мырзаштың Ақыл сөзі көп еді.
«Қолға түскен жауларды ұрып-соғып азапта, Бәрін қырып бірақ та Өлтірмеңдер», – деп еді.
Өлімнен қалған қалмақтар Қол көтеріп шулады.
Жалынып, шулап шұрқырап, Көздердің жасын тыймады.
Қорыққанынан бұл сұмдар Далаға шексіз симады.
Ашуы қатты кей сарбаз Қалмақтарға төнеді.
Ізденіп келген дұшманға Төнгені де жөн еді.
Күнәларын мойындап, Мұның қалай демеді.
«Қалмақтар, мұнан өлмейсің», – Деп сарбаздар ақырып,
Көсілте дойыр переді. Қалғанын тірі айдады, Қол-аяқтарын байлады. Сиынған пірі қор болып, Таппады бұлар айланы. Өз қылғанын өзіне, Көрсетті сөйтіп көзіне. Қарамады сарбаздар Шулап-жылап жалынған Шүлдірлеген сөзіне.
Қойша иіріп қайырып Айдады Мырзаш қасына. Ақырзаман түсіпті Бұлардың енді басына.
Кәрім келіп Мырзашқа, Атынан түсе құлады.
Қуанғаннан кемсеңдеп, Жас алып көзге жылады.
Жүрегін адал игізіп, Сүйіп-құшып аймалап, Бетіне-бетін тигізді.
– Құтты болсын жеңісің, Айналайын қарағым.
Заманың қалай болар деп, Сарғая күтіп қарадым.
Екі көзім төрт болды, Жүрегім жалын өрт болды. Бөлініп ойым он саққа,
Сау денем қажып дерт болды. Бабамнан қалған бір тұяқ, Қорғадың елді, батырым.
Тәуба қылдым, Жаратқан, Қайырлы қолдың ақырын. Алып жаудың, қарағым, Алқымынан алыпсың, ылдидан төмен еңкейтіп, Сұлата жығып салыпсың. Баянды болсын, батырым, Ел қорғаған намысың.
Әмсе жолың болғай-ды, Дара туған арысым.
Өрт шалғандай болып ет, Іргелі қопа қамысым, Орнығып көңілім марқайды, Біткендей болып бар ісім.
Сонда екеуі құлап жатқан Жарғылға келіп, Жарғылға Мырзаш бірер ауыз тіл қатты.
Кәрім мен Мырзаш Бәтиге, Таяп келіп тіл қатты.
Көз жасы бетін жауыпты, Болған екен жан тәтті.
– Ана бар ғой, батырым, Қозғалмай қапсың, батырым, Атыңнан құлап жер құшып, Босады неге тақымың?
Шатпақтап сөйлеп сандалдың, Істің күтпей ақырын.
Мырзаштың басын төрт кесіп, Қоржыныма салам деп,
ұлын құл, қызын күң қылып, Сұлтанымды қуантып, Апарып сыйға берем деп, Сөзіңнен мүлде таныпсың.
Арыстан едің айдынды, Жемтік боп түзде қалыпсың. Қаруың қапты шашылып, Абырой қапты ашылып, Тым болмаса өлерде,
Жаппапсың сорлы жасырып. Өлеріңнің алдында,
Датың болса, айт, – деді. Мына жарық дүниеден Тозағыңа қайт, – деді.
Бас шабу кезек менікі, Жоғалар кезек сенікі. Басыңды қазір аламын, Сен салмайсың қоржынға, Қоржынға мен саламын. Ақымақ басты ел көрсін, Қалдырам арам денеңді.
Денеңді алмас біздің жер, Қалсын ит-құс жеп енді.
Бати Жарғыл мұны естіп, Зар еңіреп жылады,
Көз жасы көл боп өкіріп:
– Күнәмді кеш, – деп сұрады. Қиыңдар қасық қанымды, Қалдыршы шыбын жанымды, Обалым Сайқын залымда, Кетірді сол арымды.
Қорқытты мені сұм Сайқын, Аламын деп жаныңды.
Егер тілді алмасаң,
Жұмсаған жерге бармасаң, Дараға асып өлтіріп, Шашамын деді қаныңды. Онан қорқып келіп ем, Теріс іске көніп ем,
Саған теңдес батыр жоқ, Мырзаш әлі жас бала, Өсекке деген сеніп ем, Осы еді сырым тамамды. Өсекке еріп ақымақ боп, Көрдім мұндай заманды. Қайырымды қалың ел, Аяшы мендей сорлыны. Жесір қатын, қу кедей, Арттағы бір топ баламды. Баланы аузына алған соң, Кәрімнің көңілі босады. Шындық сөзге сенгендей, Мырзашқа ақыл қосады. Тағы Кәрім бір сөзді, Мырзаштың салды есіне:
– Мұрасы еді бабаңның, Салдың ба таңба төсіне? Мырзаш айтты Кәрімге:
– Ақылды аға сен едің, Сіз де Алдияр ұрпағы,
Балаңыз Мырзаш мен едім, Қысылғанда пірім деп, Асқарға сізді теңедім.
Сақтықпенен сұрайсыз, Мұны теріс демедім.
Сіз айтқан осы сақтықты Мен де әуелден ойладым. Қисынды істі дер кезде Ойламай, сірә, қоймадым. Мүшесі мұның сау емес, Он екі мүше сау тұрса, Қайта шаппас жау емес.
Сондықтан да, Кәке аға,
Жығыла сала бұл иттің Оң қолынан үш саусақ Кесіп алғам түбінен. ұстауға қару-жарақсыз Болады деп сеніп ем.
Өзіңіз қарап көріңіз, Дұрыс па әлде бұрыс па? Төрелігін беріңіз.
Кәрім байқап көрді енді, Жарғылға таяп келді енді, Айтқанындай үш саусақ Кесіліп жатыр жерде енді.
– Жарайсың, ерім, дұрыс, – деп, Бағасын Кәрім берді енді, – Олай болса, батырым,
Әзірше мұны өлтірме, Тастайық істің ақырын. Сабырлы едің, сабазым, Саған берген ақылым: Мұнда бар әлі талай сыр, Мүмкін болар арты жыр. Біткен екен оң қолы, Енді өлтірмей қоя тұр.
Екеуара бұл кеңес Ақылға болсын ылайық. Елге жауап берсін бұл, Сұлтанға алып барайық. Тағы да көрсін тірідей Ондағы көп халайық.
Алқа-қотан бас қосып, Сарапқа ісін салайық. Есекең алсын жауапты, Жақсыларға алып барайық, Өлетін үкім шығарса, Көріне мықтап салайық.
Келелі сөзге Мырзаш та Разы болып көнеді.
Осылай тоқтам болған соң,
Жарғылға жақын келеді. Сұмды орнынан тұрғызды, Қан-сөлдерін жуғызды.
Қалғандарын түгендеп, Бас-аяғын жиғызды.
Ер Шорғабай ақырып, Тықсырып әкеп тарының Қауызына сиғызды.
Шеріктерін шұлғытып, Басын жерге тигізді.
Сүйрелеп әкеп Жарғылды, Жарасына қарамай,
Сабап атқа мінгізді. Шорғабай өзі бастық боп, Барлық сарбаз, қалың топ, Есмұхамбет сұлтанның Ордасына жүргізді.
Ал енді сарбаздар қалмақтарды айдап ордаға жүріп кетті. Мырзаш жарасын ауырлап, Кәрім екеуі сол маңдағы бір жалғыз үйге бармақшы болып солай қарай бет алды.
Жарасы ауыр Мырзаштың, Аққұсқа әрең мінеді.
«О, Тәңірім сақта», – деп, Кәрім де тілек тіледі.
Енді қарап тұрмады, Ерге басты тақымды. Азырақ жерде бір үй тұр, Алыс емес жақын-ды.
Шатырдай аппақ ақ орда, Көрнекті көзге үй екен.
Бұл орданың иесі – Сарыжомарт деген рудың Досбол деген биі екен.
Жарғылдан қорқып адамы ығысып кетіп аулаққа, Тігулі қалған күйі екен.
Бет алысып екеуі
Осы үйге таман жүреді. Енді бұлар аз жүріп, Үйге де келіп кіреді.
Жарасы ауыр Мырзашты Кәрім аттан сүйеді, Шешіп алып киімін, Ілгішке әкеп іледі.
Там-тұм қалған тамақ бар, Иесіз тұрған үй еді.
Кәрім сонда Мырзаштың Шешіндіріп киімін, Жараларын байлады.
Жуып-шайып тазартып, Төсекке әкеп жайлады. Айлана жүріп қымтап сап, Күтуде өзі жалғыз қап, Алладан тілеп тілегін, Туралап Хаққа жүрегін, Дұғасын оқып күбірлеп, Мырзаштың ұстап білегін. Көкжиектен қызарып, Батты арайлап кешкі күн. Бір жылдай боп көрінді Кәрімге мынау жалғыз түн. Жата алмады аунақшып Қараңғы түн, күзгі үйде.
Жүрегі кейде қобалжып, Дұшман салған бұл күйге. Таң самалы білініп, Бозторғай шықты аспанға. Сахара құстар оянып, Әуенге-әуен қосқанда, Аспан-көкте әр жерде, Санама жұлдыз қалғанда. Бәйшешек түсті түрлі гүл Иісі мұрын жарғанда.
Алласына сиынып, Төсектен Кәрім тұрады. Әр саққа кеткен ойы бар,
Жан-жаққа мойын бұрады. Дәретін алып, намазын Оқып енді тынады.
Мырзаштың халін бір біліп, Төңірекке қарады.
Шапқылап суыт жүріскен, Хабары жоқ еді бұл істен. Шоғы бір топ адамды
Көзі шалып қалады. Әңгіме тыңда, жарандар, Бұлақ салып қараңдар, Оқиға болса бұл өткен, Жазбасқа не шарам бар. Шоғырланған бұл топтар Аз уақыт өтпей-ақ Кәрімге келіп қалады, Абайлап Кәрім қарады. Бәрі де көзге таныс-ты, Кәрімге сәлем берісіп, Аттан түсе қалысты.
Төсекте жатқан Мырзашты Кезек сүйіп аймалап, Төске төстер жабысты.
Ел қорғаған ерім деп, Айқара құшақ жайысты. Жарасына Мырзаштың Алласы болсын енді жар. Осы келген жандарда, Атақты бір дәрігер бар. Мұның атын білсеңіз, Әбу Сейітбекұлы
Сағдолла дәрігер Алла акбар. Ем тапқан ауыр науқасқа, Араша түскен көз жасқа Дуана бақсы бұл емес, Мұның жолы бір басқа.
Озып туған анадан, Өзі құрбы баладан
Кенжелеп кейін қалмапты,
Ақылмен талап санадан. Стамбул деген қаладан Дәрігерлік білім алыпты. Алуан-түрлі саладан Дауасын тауып емдеген. Ауру, жара, сынықты Бермеген өлімге әсте де. Құлғана, мерез, былықты Қосады екен қатарға.
Тілсіз қалған сұлықты Адамды жарып емдеген, Қатерлі дертке бермеген. Болмапты дерттің дауасы Қолынан мұның келмеген. Әр жақтан науқас келіпті, Жоқ сөзім мұны өңдеген. Қос-қос атпен шаптырып, Ақылын Сұлтан таптырып, Тіріде қарап жарасын, Өлсе, көрсет қарасын, Жіберген солай тапсырып. Әкбар келді Мырзаштың Төсегінің басына.
Айнала қарап тоқтады Жастықта жатқан басына:
– Үш жерден баста жара бар, Біреуі тым дара бар.
Алла сәтін салмаса, Қылатын не шара бар? Шешіп алып киімін, Денесін түгел қарады. Жеңіліне мән бермей, Ауырын өте санады.
Төрт-бес жерде бар екен Денесінде жарасы.
Қауіптірек көрінді Екі жара арасы.
Біреуі бүйрек деңгейі, Бірі өкпе шамасы.
Сәтін салса Құдайым, Адамның болмас таласы. Киім шешіп, қол жуып, Жараға Әкібар кірісті.
Білгір жан мұндай болмаса, Кім тындырар бұл істі.
Жуып-шайып жараны, Мұқият байқап қарады. Керексізі сылынып, Керектісін өсіріп, Біріне-бірін жамады.
Жараны байлап ақ бозбен, Қарады Әкбар оң көзбен. Мың да бір ем болатын, Ажалы жоққа қонатын Бағасы артық ем дәрі, Шипасын тауып жағады, Бір жеті тамам бағады.
Бір жеті болды ол жерде, Қасиет құты мол жерде, Ертеңгі азан болғанда, Тап салып жара жазылып,
Шаттыққа көңіл толғанда, Қара Ертісті бетке алып, Аттарын жолға салады.
Күн-түн жүріп тоқтамай, Ертеңгі сәске болғанда, Бесін намаз ауғанда Ордасына сұлтанның Таяп жетіп қалады.
Сұлтан да тез қамданып, Тұлпарына мінеді.
Ел жақсысын ертіп ап, Мырзашқа қарсы жүреді. Ақсарбас айтып Құдайға, Ағынан тілек тіледі.
Адал көңіл, ақ ниет Жүрегі сондай иеді.
Мырзашты келе құшақтап,
Елжіреп қатты сүйеді. Аман қосқан бұларды Әділ Құдай ісі еді.
Есмұхамбет сұлтаның Мастанбаған дәулетке Кедейшіл, әділ кісі еді. Енді сұлтан Мырзашты Ордасына кіргізді.
Үстіне қамқа тон жауып, Жезжирен деген бәйге атты Сыйға тартып мінгізді.
Қуанысып жылаған Шал-кемпірге сүйгізді. Қуантып қыз, келіннің Төбесін көкке тигізді.
Жастарды тегіс жинап ап:
«Үлгі алыңдар батырдан», – Деп асыл сөз түйгізді.
Қайырымды Есекең Шаттана көпке қарады.
Сан-саққа кеткен көп ойдың Түйіні енді тарады.
Дұшманнан есе ап берген, Мырзашты мыңға балады. Оқушым, сөзге нанасың, Шындықты естіп қанасың. Үштөбе деген жердегі, Үкібай шағын елдегі Алдырды Мырзаш батырдың Әйелі мен баласын.
Жедел барып тез қайтып, Бұлар да келіп қалады.
Үш жаста екен Шәкежан, Қолына Мырзаш алады. Жалғызым деп аймалап, Сүйіп құшып қалады.
Ауырған жара жазылып, Жүрегі оттай жанады.
Көңілі орнығып жадырап,
Жай тауып жаны қалады. Құс мамықта жатса да, Шаттыққа көңілі батса да, Ендігі арман ер Садыр.
Садырды ойлап Мырзаштың Жүрегі оттай жанады.
Садыр сынды батыры Өртеді ердің өзегін.
Тоқтай тұрсын келер сөз, Берейін енді Садырға Біраз сөздің кезегін.
Берейік сөз кезегін Садыр ерге, Мұның да даңқы шыққан рулы елге. Балуан күрес, ерлікте бас бәйге алып, Жолы боп домалаған тасы да өрге.
Жау десе, ер Садырдың жаны құмар, Айқасқа бұ да түскен жарым сыңар. Бұл жолы жеке күшін сынамаққа, Тіленіп Мырзаш ерден қылған іңкәр.
Міне, енді күш сынайтын кезек келді, Ер еді жаны сүйген туған елді.
Бес тәулік болып қапты жау тосқалы, Сарғайып мекенденіп құба белді.
Алтайдың оңтүстігі жазық дала, Кенге бай бұл ұлы тау сай мен сала. Халқына сары алтынын сыйға тартып, Кенелген мол дәулетке қыры, қала.
Жері бай, елі де бай ұлы Алтайдың,
Біз айтсақ сөз шындығын болған жайдың. Сарытау қос батырдай төсін керіп, Шыңынан бір кем емес Гималайдың.
Ертіске он екі өзен құлай аққан, Қызыл алтын жақұттай шолпы таққан.
Бастысы Қаба, Қалжыр асау өзен, Қасиеттен құр емес және атақтан.
Қара Ертіске құяды асау Қалжыр, Басы сонау Сарытау бауры ауыр. Қасқа жол Қалжырменен жарыстаса, Бүйрек тауға жеткенше дала тақыр.
Алуан сәнмен жаралған қазақ жері, Құз жартас Сарытаудың ылди өрі. Торайғыр Сарытауда жалғыз асу, Құтылар бұл асудан ердің ері.
Ну орман қасқа жолдың екі жағы, Сыналатын кез келді ердің бағы. Жиделі өрлеп жанаса жол шығады, Биік құз ершімі тар екі жағы.
Тігілген осы жерге Садыр қосы, Сарбаздар қасындағы ердің досы. Жиделі, Сартеректі басып өтіп, ұранқайлар қайтатын жолы осы.
Нақақ елді жылатқан қалың кәпір, Енді түсер біреуге заманақыр.
Қалмақтар бес жүз жылқы, екі қыз ап, Осы асуды бетке алып келе жатыр.
Тағы да он бес түйе жиһаз артқан, Құтылам деп ойлады Тәңір атқан.
Қам-қайғысыз итше ұлып, өлең айтып, Торыайғыр асуына тура тартқан.
Даладағы не білсін үйдегіден,
Көп ойланып не қылам жан жегіден. Артық сөзді тоқтатып біразырақ, Тездеп хабар берейін Жиделіден.
«Мырзаш ер не болды екен, Бати қайда? Кімге залал болды екен, кімге пайда? – Садырдың ойны онға бөлінеді,
Жолға шықса қалмақтар енді қайда?»
Ойлады Қарауылға шығайын деп, Жеке өзі емес достарға уайым жеп. Жүйрік қиял-ой қырды кетті шарлап, Шың-құзға әрең шықты сандалып кеп.
Кең дала ирелеңдейт бұлдыр сағым, Секілді түпсіз терең тылсым ағын. Шетсіз-шексіз қыбырлап жатыр дала, Болжап, байқап болмастай арғы жағын.
Көз жіберіп қарады кең далаға,
Көз салды шоғырланған нұр қараға. Маңдайын оң қолымен көлегейлеп, Анықтап көз жүгіртті әлгі маңға.
Алыстан тіке ұшқан шаң көрінді, Көптеген жүз қаралы жан көрінді. Тауға үріккен даланың тағылары, Елік, бөкен, жабайы аң көрінді.
Бөктер тау бірі биік, бірі тегіс, Бірі өр ойлы-шұңқыр, бірі еңіс.
Бір көрініп жоғалып, бірде шығып, Жақындап келе жатыр түгел тегіс.
Байқады жау екенін сонда Садыр, Еңістен дөңге шықты құлан-тақыр.
Жылқы айдап, жиһаз артқан көп қалмақтар, Асуға тура тартып келе жатыр.
Артқан түйе аттылар жылқы айдаған, Дәл өздері иттердің жын жайлаған.
Садырбай анық қарап әбден көрді, Шошаңдаған найзалар ыңғайланған.
Ер Садыр қарауылдан қайта келді, Жаудың жақын екенін айта келді.
– Дайындал, сарбаздарым, қамданыңдар, Жау тосып жатуымыз жетер енді.
Көреді қалың шаңды Садыр қолы, Енді түсер бұйырса істің оңы.
Жиделі Сарытауға шыға беріс,
Ну орман қалың ағаш оң мен солы.
Қалың қол екі топқа бөлінеді,
Бұл кезде жау да жақын келіп еді. Болды дайын сарбаздар сақадай сай, Бір мақсат жау жазасын беріп еді.
Төрт жүз елу ұранқай жылқы айдаған, Құр аттар таңдап мінген шыр айланған. Сәйгүлік бәрі тегіс қазақ аты,
Төл атын қоса салған құрт жайлаған.
Ер Садыр сарбаздарын жиып алды, Тез кеңесіп азырақ ақыл салды.
Соны айтқан Мырзаш тағы Садырбайға:
«Жылқының алдын тоспай жібер малды».
– Біріңнен-бірің шалғай кетпе бөлек, Тізе қосып ұрысу бізге керек.
ұран сала бірлесе ұмтылыңдар, Келе алмас бізге қарсы көп сүмелек.
Тапсырып осыны айтты Садыр сонда, Сарбаздар атқа қонды, қару қолда.
Біріне он қалмақтың күші бітіп, Арыстандай атылмақ болды сонда.
Ақыл-сабыр, терең ой жанға пайда, Күшке серік керек-ақ тағы да айла. Жылқының алды келді Жиделіге, Кісінеп шуылдасып құлын-тай да.
Шұрқырап қалың жылқы өтіп жатыр, Кіре беріс алды орман, арты тақыр.
Саябырлап жылқы өтіп болғаннан соң, Артқы жаулар таянып келді-ау ақыр.
Енді аянып тұра ма Садыр батыр, Атойлап алға шығып бара жатыр. ұрандап жекпе-жек деп айғай салды, Шықсын деп дәмелісі болса батыр.
Бұлардан дара шықты бір ұранқай, Қарсыласпай бұл иттер қала ма жай. Жарғылдың ең сенімді жолдасы екен, Батыр деп алға ұстаған көп ұранқай.
Бұл да айғайлап жекелеп келе жатыр, Тау бұзардай екпіні таппай сабыр.
Айласы аздау алкеуде көрінеді, Жұлынып келіп қалды әлгі батыр.
Астында судай жорға қара аты бар, Киімі де сәнді екен көзді тартар, Садырға таяп келіп тұра қалды, Түнерген қабағынан жауардай қар.
– Қай қазақсың, жөніңді айт, келдің қайдан, Кім едің сен айрылған ақыл-ойдан?
Жолды тосып қиратпақ ойың бар ма? Тездеп жауап бергейсің осы жайдан.
– Айтайын жөн сұрасаң, қарғыс атқан, Өзің кімсің ел шауып келе жатқан?
Қазақтың батыр ұлы Садырбаймын, Аптығын сендей иттің талай басқан.
– Ақымақ, не қыласың жөнді сұрап, Қыламын жермен-жексен көрші шыдап. Ажал айдап еліме өзің келдің,
Аумасар шын адасқан сен найынсап.
Ер Садыр енді шыдап тұра алмады, Тантыққа енді мойын бұра алмады. Қайраты бойын кернеп, ашу қысып, Көтеріп зіл қараны қолына алды.
Кезексіз бұ да соқты, о да соқты,
Екі шоқпар шығарды қызыл шоқты. Шарт та шұрт қызыл айқас басталды енді, Тұруға кезек күтіп лажы жоқ-ты.
Шоқпармен бұған лажы қыла алмады, Мұнымен іс ақыры тына алмады.
Көкі деген атақты бір сұм екен, Ойлаған ойдан Садыр шыға алмады.
Шоқпардың Садыр салды көп айласын, Сонда да көре алмады еш пайдасын.
Ашуланып шоқпарды лақтырып, Тез ұстады қолына ол найзасын.
Шапшаңдықпен жүректен салды найза, Жасады жан бермеске Көкі де айла.
Ер Садыр найза үшін босатпады, Мұндайда ақыл-әдіс жанға пайда.
Садырдың күші асып құлатты аттан, Қапелімде ер Садыр ақыл тапқан.
Ауытқып, әлі бітіп, аттан құлап, Өкіріп жер жастанды Тәңір атқан.
Жекеге тағы біреу шыға салды,
Бір қазақтың болам деп ойына алды. Қайдан білсін қазақтың кім екенін, Ертісбай мұны барып қаға салды.
Жекеге енді қалмақ шыға алмады, Жекенің не екенін де ұға алмады. Батырсымақ екеуден айрылған соң, Қалғаны өзін-өзі біле алмады.
Сонымен ең әуелі Көкі кетті, Екіншіге кешікпей ажал жетті. Қорқырап арам қандар шапши ағып, Шырылдап жаһаннамға жаны кетті.
Ер Садыр қаптаңдар деп ұран салды, Абылқас, Ертісбайлар алдын алды. Бұйрық күтіп тұр екен қалың сарбаз, лап қойып ұранқайды ортаға алды.
Осы күнгі Қалмақсай Жиделінің, Қалмақ қырған аталып содан қалды. Дұшмандарын бастырмай туған жерге, Мұндай жолды ер жүрек бабам салды.
Қалың сарбаз қаптады екі жақтан, Сытылып тайсалмады ешкім саптан. Қалмақты шауып, шаншып құлатып жүр, Жерді құша құлады талайы аттан.
Бетпе-бет қызу айқас болды сонда, Сарбаздар қару сілтеп оң мен солға. Әсіресе Абылқас, Ертісбайлар Қатты ерлік көрсетті осы жолда.
Топырлады жауыздар аттан құлап, Талайы өзі шошып жатыр сұлап.
Кейбіреуі бақырып ойбай салды, Шала тиген қанжарға төзбей шыдап.
Ер Садыр бір-бір түйреп лақтырады, Көрмеді бір адамды тымақ құрлы.
Ойсыратып, ойрандап, бұзып-жарып, Қабанбайлап ұран сап ширақ кірді.
Жеңіліп көп иттерді Құдай ұрды, Шуылдап, қорқып, сасып жерге кірді. Кейбіреуі қазақша «ағатайлап», Мұны естіген сарбаздар мәз боп күлді.
Қалғаны қол көтеріп аттан түсті, Құлдық ұрып жыласып құрақ ұшты. Тілесіп бір шыбындай жанын тәтті, Қия көр деп еңіреп жалынысты.
Екі қыз жүгіріп кеп Садырбайға, Қорқыныш, қуаныш боп оралды ойға. Егіліп көз жастарын тыя алмады, Ағаға іні мұң шақса, ұнамай ма?
– Жылама, – деді Садыр, – қарақтарым, Елімнің көз шырайы жанаттарым.
Қайырлы іс ақыры болды, міне, Ендігі жылауды мен жаратпадым.
Жау жайрап Жиделіде болды тойы, Жауынгер ел қазаққа жетпей бойы. Көрмепті қорлық-зорлық қыздар жаудан, Арын сақтап Сайқынға бермек ойы.
Тұтқындарды жинады бірақ жерге, Әлі шошып кіргендей тірі жерге.
Неге бұлай жиды деп күдіктенед, Домалап бас қойысып Садыр ерге.
Қаруларын сыпырды бірін қоймай, Ендігі істер, бұйырса, бәрі де оңай. Сырт киімін тағы да шешіндірді, Терісін жалаңаштап сойған қойдай.
Сарбаздар асып-саспай түгел жайлап, Қолдарын арттарына тегіс байлап.
Әуелгі жазаларың болсын деп бұл, Барлығын қарсы күнге келді айдап.
Жазасын тарттырады күнге қақтап, Шыжғырды батырларды ыстық аптап.
– Сусын, тамақ бермеңдер бірер тәулік, – Деді Садыр, – оңаша жеке тастап.
Сарбаздар киім шешіп демін алды,
Құдайға айтып жылқыдан құрбан шалды.
– Қалмаққа да жем болып кете жазды, – Деп қазанға ту бие етін салды.
Барлығы тамақ жесіп тояды енді, Күдікті көңілдегі жояды енді.
Ерлерін алып түгел төл аттардың, Шалғынға Жиделінің қояды енді.
Сұм дүния сұлу ару сылаңдайсың, Сен неге бір қалыпта тұра алмайсың.
Бір күн жырғап қуантсаң, бір күн жылау, Ауыр түсіп бұлаңдап неге алдайсың.
Жалт берсең, сенен сынар ердің сағы, Бері қарасаң, жанбайды кімнің бағы. Кеше ғана толқыған көңіл шіркін, Бүгін бақыт тапты ғой сенен тағы.
Ер Садыр сарбаздарын жиып алды, Жиып алып бір кеңес ақыл салды:
– Жиһаз артқан түйелер, барлық жылқы, Жиып ап түгендеңдер барлық малды.
Жылқыны беттетіңдер елге қарай, Айтатын кеңесім бар әлі талай.
Зорлық пен қуғын көрген жануарлар, Өзі-ақ кетер мекенге бірі қалмай.
Жылқыны жиыстырып жолға салды, Қазына артқан түйелер мұнда қалды. Бірі қалмай жөнелді Қара Ертіске, Дейміз бе ақылы жоқ хайуан малды.
Дүркіреп көп сәйгүлік жөнеледі, Қою шаң артта қалып дөңгеледі.
Өз еркінен айрылған жануарлар, Еркіне енді келіп кенеледі.
Садыр айтты: «Түнейміз бүгін мұнда, Азанда аттанамыз, ертең таңда.
Кім білсін ұры, бөрі, қарақшылар Торуылдап жүрмесін иен далада.
Қарауыл неше жерде қойғызыңдар, Қашпасын ұранқайлар пейілі тар.
Таспен атқан дұшманды аспен атып, Беріңдер енді тамақ тойғызыңдар».
Сарбаздар бұл жұмысқа кіріседі, Жорықтың бұл міндетті бір ісі еді. Қарулы елу сарбаз күзет қылып, Қалғандар тәтті ұйқыға кіріседі.
Алтайдан жұпар иіс самал есті, Сырғытты салқын самал ыстық кешті. Күміс ай көк аспанда еркін самғап, Жарық нұрмен қамтыды күңгірт кешті.
Ай құттықтап, жұлдыздар күлімдеді, Қарт Қалжыр үдей түсіп күрілдеді.
Асау ағын тамырын қозғағандай, Теңселіп ну ормандар дірілдеді.
Ерке бұлбұл орманда ән шырқады, Естіген алуан күйін жан жырғады. Жасыл, сары, көк түсті түрлі шымшық, Әсем үнмен тербелтті бар ғаламды.
Үн тербетті сарбазды ұйқылы-ояу, Кейі алыс, кей жақын әсем баяу.
Жұлдыздардың патшасы сәнді шолпан, Алтайдан көтерілді о да таяу.
Таң атты, күн шашырап алтын арай, Тау шыңдарын аймалап құшты жанай. Алтыннан шашу шашып жер жиһанға, Жылыстап келе жатыр жерге таяй.
Күн шапағы шалғанда сары белді, Сарбаздар орны-орнынан түрегелді. Қалжырдан бет жуысып, киім киіп, Сергіді бет өптіріп ескен желді.
Тамақтанып жайланды түгел бәрі, Тіршілікте тамақ қой адам нәрі.
Ат әкеліп, ер салып жол қамына, Кірісіп дайындалды енді бәрі.
Жиылып біраз ғана отырысты, Азды-кем сөз қылысты мынау істі. Екі жігіт ордаға жіберейік, Сүйіншілей сұлтанға барсын десті.
Сөз бастап Садыр айтты мұндай ойды, Сарбаздар да бұл сөзді құптап қойды.
– «Артық дәулет бас жармас» деген бар ғой, – Деп Садырбай жымиып күліп қойды.
Асқар менен ордаға Салман кетті, Жараған бедеулермен екпіндетті. Бетке алып көк иірім, Құмкөшуді, Күнді қосып салқынға түнделетті.
Ерттеді Садыр өзі Құлагерді, Уқалап үстіндегі қатқан терді.
Қом-қомдап түйелердің жүгін қойып, Жүруге енді бұлар әзірленді.
Қамданып, әзірленіп түсті жолға, Ер Садыр өзі басшы қалың қолға. Атта тұрып қол жайып дұға оқысты, Қауіпті сапарлары басып оңға.
Қыздарға кілең жорға мінгізеді, Алтын тон, дырап, қамқа кигізеді. Ән салып жас жігіттер екі-екіден, Жеңістің салтанатын білгізеді.
Қалмақтарды екіден бірлестірді, Екеуара бір атқа мінгестірді.
Аттарға ер салдырмай Садыр батыр, Арттарын жайдақ атқа тым тестірді.
Көнбеске лажы жоқ болды бақыр, Еліріп ел тонаған кілең батыр.
Сарбаздар екі-екіден ән салып, Шат көңіл қуанышпен келе жатыр.
Салман мен Асқар келді ордасына, Жүйрік ат қамшы басқан жорғасына. Пысық, ширақ екеуі жігіт еді, Ақылдары жеткендей бір басына.
Кермеге ат байлады бұлар келіп, Жүрістері байсалды жоқ ед желік. Жайдары шат-көңілмен сәлем берді, Төрде отырған сұлтанды бұлар көріп.
– Ассалаумағалайкүм, сұлтанымыз, Қуанышты хабарды сіз тыңдаңыз.
Сапары оңға басып Садыр келед, Сүйіншімен жүректі сіз жарыңыз.
Өлгені өліп, ұраңқай қолға түсті, Көрсеттік дұшмандарға қиын істі. Сарбаздар тегіс аман, аз жорға бар, Аққа жақ боп болысты құдірет күшті.
Көз салды келгендерге сұлтан жайлап, Қарады жүздеріне сонда абайлап.
Хабарсыз он бір тәулік кеткендерді, Жатыр екен тап баспай, әртүрлі ойлап.
– Уағалайкүм ассалам, балаларым, Елге жаудан күн туса, паналарым. Елі үшін жандарын пида қылған, Батыр Мырзаш, ер Садыр дараларым.
Әумин қайырлы іске қол жаяйын, Ел қорғаған ерлерге бәрі дайын.
Бөлінген онға ойымды қуантсаңдар, Қарақтарым, сендерден немді аяйын!
Бастарыңа ақ отау тіккізейін, Қамқа тон үстеріңе кигізейін. Шын қуаныш хабарды әкепсіңдер, Қос жорға астарыңа мінгізейін.
Қарақтарым, тездете Мырзашқа бар, Көмек берді оған да Алласы жар.
Күндіз-түні ойлаумен Садыр ерді, Оның да кең дүниясы болып тұр тар.
Екеуі Мырзашқа кеп сәлем берді, Мырзаш әуел сұрады Садыр ерді. Шартарапқа бөлініп ақыл-ойы, Қанағат қыла алмаған мамық төрді.
Ауызға ала сөйлейін бір Құдайды, Бекер айтсақ, артық сөз кімге ұнайды. Сабырмен сөзді нақтап бұл екеуі, Мырзашқа тегіс айтты болған жайды.
Еліне сұлтан тұрып берді кеңес, Келелі әділ жолдан тайған емес. Халқы да сөзін сыйлап тік тұрады, Ешбірі қарсы келіп қылмай егес.
Сұлтанның домалады тасы өрге, Әділ боп даңқы шыққан талай елге. Ел қорғаған ерлерін сыйлады бұл,
Қарсы алып топ жібермек Садыр ерге.
– Тез қамданып Садырды қарсы алыңдар, Әр руға сүйінші жар салыңдар.
Мал сойып, түйелерге қымыз артып, Жедел жүріп Садырға тез барыңдар.
Керуен шықты ордадан Садыр ерге, Хабар да тез тарады рулы елге.
Бұлар да жол ортаға келіп қалған, Жасылбастау, Мыңшұңқыр деген жерге.
Ер Садыр топтан озып қарсы келді, Керуен басы Жанаққа сәлем берді. Әуелі Мырзаш батыр халін сұрап, Аттан түсіп қол алып Жанай берді.
– Ел аман ба, Жанеке, Мырзаш қайда? Өлі ме, тірі ме өзі қандай халда?
Жүзің жарқын жайдарлы көрінеді, Бар шығар жақсы хабар осы орайда.
Жанақ айтты:
– Сөйлейін хош хабарды, Садыр, саған, Бер сүйінші құлақ сап енді маған.
Халы жақсы Мырзаштың, дені де сау, Сұлтанның ордасында жатыр аман.
Садыр ер, құлағың сал бұл хабарға, Жау жеңіліп, ел ісі басты оңға.
Бати Жарғыл байлаулы азап тартып, Сүмелек шеріктері түгел қолда.
Айтайын, Садыр ерім, анық шынды, Ел орнығып қуанып, көңілі тынды. Мырзаштың ақыл-айла күші артып, Ерегіскен дұшмандар құлдық ұрды.
Естіді ер Садырбай хош хабарды, Беріпті Жанаққа да жүрек жарды. Атойлап сарбаздарын қуантады, Бәріне тегіс айтып бұл хабарды.
Жасылбастау саялы ағашы мол, Бұл жерге дамылдамақ болады қол.
Үлкен бесін кезі екен бұл жолығу, Бетке алмақ салқын кешті ойлары сол.
Барлығы аттарынан түсті сонда, Береке тілеуде бір мұндай жолда. Саялы көк шалғынға шатыр тігіп, Шара-шара сары қымыз алды қолға.
Тамақ жесіп, сусындап дем алысты, Сөз қылып ойын-күлкі қуанышты. Масайрап көңіл жазып, ой орнығып, Әзіл-қалжың сауықпен тіл табысты.
Бел көтертіп аттарын отқа қойды, Жадырап өздері де жазды бойды.
Түн салқынын бетке алып жүрмек болып, Аз кеңесіп осыған түйді ойды.
Нәр алды қалмақтар да сусын тамақ, Салбырап иіндері түскен қабақ.
Шыбын жан аман қалса деп тілейді, Қазіргі көңілдегі ойы сол-ақ.
Екінті көкжиекке күн жақындап, Серпілді самал тұрып күндізгі аптап. Ат ерттеп, қымыз ішіп бір қайтара, Атқа қонды қалың қол елге қарап.
Жарық ай, жазық дала самалы мол, Бәрі шат қуанышты қайырлы жол. Табысу ел мен жұртқа бала-шаға, Ендігі әр адамның ойында сол.
Бозалаңдап көрінді Сауыр төрі, Көрінді Сауыр, Сайқан ылди-өрі.
Бір түн жүріп бұлардың келген жері, Қалжырдың қара Ертіске құйған жері.
Шай ішіп Шеңгелдіге аялдады, Ордаға бірер түстік жерде қалды. Азды-кем ат шалдырып атқа қонып, Қара Ертістен өтіп ап аяңдады.
Баяулап жүріп келед ордасына, Ер Садыр кеңес берді жолдасына. Оза жүріп сұлтанға сәлем бермек, Ел жақсысы билері, молдасына.
Кермеге атын байлап Садыр түсті, Сұлтанға баяндамақ болған істі.
Орнынан тездеп тұрып сұлтан сонда, Сәлем алып Садырды сүйіп құшты.
– Қарағым, айналайын, келдің бе аман, Мың алтын берем, жетпес сенің бағаң. Алланың мұнысына мың шүкірлік, Өнерің үстем болсын, жаным балам.
Жеңімпаз бабалардың жолын қуып, Жеңіпсің дұшманыңның бәрін тамам. Ел сасқанда Мырзаш пен сенсің панам, Әмсе тілек берсін хақ Тағалам.
Бабаңның жолын қуып ел қорғай бер, Ақ батам саған берген осы, балам!
Жүгіріп Мырзашқа кеп амандасты, Құшақтасып екеуі хал сұрасты.
Бастан кешкен істерін тамам теріп, Айтысып оқиғаны бір жырғасты.
Тағы да ел жиналды бала-шаға, Ел ерін қарсы алмаса жараса ма. Топ-топ бала томпаңдап секірісіп, Олар да қызығып жүр тамашаға.
Жарандар, құлақ салсаң тамашаға, Өтірік сөз шындыққа жанаса ма.
Батырлар келгеніне қуанып жүр, Сұлу ару сыңғырлап ауашада.
Арулар сыбырласты ай қаламқас, Айтпаса мұны ашып тағы болмас. Күбірлесіп өзді-өзі сыр шертісед, Қайсысына жеткендей Садыр, Мырзаш.
Қосылды аман-есен бәрі сонда, Құдайым ел ерлерін өзің оңда.
Ел басы Есмұхамбет жар салды енді, Бір үлкен той жасамақ болды сонда.
Әр руға Есекең жар салады,
Бұл істі ел жақсысы қолға алады. Бірнеше тәулік бойы бие байлап, Союға мал дайындап жүз қаралы.
Тігілді сансыз ақ үй, сойылды мал, Жиналды ақын-сері, әншілер, сал. Жүйрік ат, балуан жігіт түгел келді, Қуаныш іс ақыры болған соң хал.
Төрт тулы, Шахниязбен екі рулы ел, Ағылды әрбір тұстан бір тасқын сол. Маңырақ, Алтай, Сауыр аралығы, Басы Аққолқа, аяғы нұр Жайсаң көл.
Шақырған соң жиналды жұрттың бәрі, Батыры, бағланы, жас пен кәрі.
Жиылды екі рудың ел ағасы, Бұл думан қыза түсті одан ары.
Батыры Санияздың Сары келді, Шотан, Солтан, ер Барақ бәрі келді.
Садақшы Бөкей мырза, Мыржық балуан, Жанғары Жұмекемен кәрі келді.
Қайсыбірін айтайын санап теріп, Қамбардың алты ұлының бәрі келді.
Жиналды бұл думанға төре, қара, Шешіліп жүректегі ескі жара.
Бірікті бір батаға екі рулы ел, Ақ көңіл, адал ниет екі ел ара.
Жұрт жиылып болған соң басталды той, Естіген жан қалған жоқ қыр менен ой. Сары қымыз саба-саба селдей ағып,
Ту бие, қысыр тайлар, сойылды қой.
Балуан, бәйге, ат жарыс, айтылды ән, Қобыз, керней, домбыра әуені сән.
Боздады жан тебірентіп қоңыр күйлер, Ақын, жырау, күйшілер тебірентіп жан .
Жиын-той, сауық-сайран жүріп жатыр, Төрт-бестеген күндерге созылды ақыр. Алыстан сағымданып көз тартады,
Ақ үйлер әсем тіккен аппақ шатыр.
Ойынның неше алуан түрлері өтті, Көрген жан риза болып әмин депті. Әйтсе де көп қызығың бір көрген түс, Ақырына пәнидің кімдер жетті.
Көп тамаша қызықтың бәрі болды, Көрген жан дос-дұшманның көңілі толды. Тек қана жәрдем сұрап Бұрқанынан, Жарғылдың зағпырандай жүзі солды.
Жарғылды көрмек болды тамам батыр, Жиылып кеп көреді бастап Садыр.
Былшиған арам дене, қара жүзлі, Дүңкиіп бір үйді алып өзі жатыр.
Өзіне жеке берген бір үй еді,
Әйтсе де, қайғы-қасірет бір күйеді. Тіке қарау бет қайда батырларға, Келгендерге бас иіп мөлиеді.
Саналы, саңлақ халқым қайырымды, Табалап не қылады білмес жынды.
Кезінде кегін алып сырт дұшманнан, Артынша кешірім еткен талай мінді.
Бұл тойға батыр ерлер көп жиылды, Есмұхамбет сұлтанға жұрт сүйінді. Батырларға жүйрік ат, алмас қылыш, Сауыт, қалқан сыйлады тон, киімді.
Мүсәпір, жетім-жесірді ойына алды, Жиғызып кедей-кепшік, кембағалды. Осындай келгендерді құр қалдырмай, Үлестіріп беріпті талай малды.
Ақпейіл, жомарт екен таза жүрек, Қайырымды жан екен дара бөлек. Аяған кемтар, кедей, мүгедекті, Саналы жан деп осыны айтсақ керек.
Төрт-бес күн өткеннен соң тарады ел, Ел тарады тұрғандай оңынан жел.
Батырлар, шешен, билер аялдады, Ендігі сөз қалмақтар шешімі сол.
Ел басшысы бірігіп кеңес ашты, Білімді, ақылгөйлер қосты басты. Тұтқын қалмақ үкімі не болады, Ақылдасып шешпекші дұшман қасты.
Бас қосып сұлтан, билер құр кеңесті, Тұтқындарды енді ұстау болар кешті. Бар еді бір әділ би Шомат деген,
Бұл істі Шомекеңе бердік десті.
Бір асыл қазына ғой адам деген, Адам емес әділдік жолдан безген. Ақ найман алтысары руынан, Шығыпты осы әділ би Шомат деген.
Қол артқан бір Шоматқа алты сары, Шынға өтірік қосылса, болмас нәрі. Айтайын қысқа ғана бидің жайын, Әділ деп сыйлайды екен жұрттың бәрі.
Сөйлесе әділ Шомат, көсілуші ед, Сөз нәрі жібек самал есілуші ед. Кезінде түйедей дау түймедей боп, Алдынан осы бидің шешілуші ед.
Кірпікті, ұзын сақал, сұңғақ бойлы, Жазық маңдай, дөң тұмсық, терең ойлы. Апай төс, алып тұлға, жалпақ жауырын, Кең иық, майда сөзді, лебіз жайлы.
Сыпайы, жылы мінез, сөзі көркем, Көрген жан сүйсінерлік өзі көркем. Күнбе-күн шешіліпті қиын түйін, Тосылып қалған емес күнге ертең.
Мұңлының шер көкірек зарын ұққан, Бұл әділ бір жан екен даңқы шыққан. Алдына келген жанның түрін танып, Адал, арам екенін іштей ұққан.
Бір мүсін жаралғандай ақыл-ойдан, Армандылар келуші ед қыр мен ойдан. Сол кезде сексен бесте бидің жасы, Сонда да мүдірмеген ақыл-ойдан.
Ал енді бидің сөзін бағалайық, Тындайық би лебізін көп халайық. Бір кекеніп Шомекең сөйлеп кетті, Артық қосып көп сөзді не қылайық.
Қомданды ақиықтай жұртқа қарап, Сақалын саусағымен бірер тарап.
Ойлы басын еңкейтіп аз ойланып, Жүгініп жұртқа қарап айтты сарап:
– Уа, жұртым, билік берсең, сөзім дайын, Бар сөзді аяп сендерден не қылайын.
Әділ өткен бабалар жолын қуып, Ақылмен бітірейін істің жайын.
Дүнияда еш қымбат жоқ ар намыстан, Талап, ақыл құтқарар болат тордан.
«Бірлік болмай тірлік жоқ» деген нақыл, Бабалардан мирас боп бізге қалған.
Бірлесіп іс істесек жарасады, Тұңғиықтан береке жол ашады.
Бір жағадан бас шықса, бір жеңнен қол, Сонда, жұртым, ақылға жанасады.
Барамыз ата жолын қумай қайда, Жақсы сөз жарым ырыс, жанға пайда. Қызбаланған қызу қан мұрат емес, Сабырмен іс қылайық ақыл-айла.
Пішкен тон кеңеспенен келте болмас, Билікті теріс айтсам, көңілің толмас. Көңілімізде болмасын ешбір қаяу, Арамдықпен адамға бақыт қонбас.
Ел қорғаған ерлердің жанып бағы, Ақыры жеңіп шықты ғой істің ағы. Жығылғанға жұдырық тағы берсек, Келісімсіз болмас па арғы жағы.
Уа, жұртым, дана едің ғой пейілі кең, Пейілденсең, шың едің асқармен тең. Адасқанның айыбы жоқ деп біліп, Талайлардың күнәсін кешірмеп пе ең.
Нақыл сөз айтылмаған бекер жайдан, Суырғандай қылшықты сары майдан. Білімсіздің бір жолын кешірмесең, Білерлік, халқым, саған келер қайдан.
Әділетсіз іс қылсақ, алмағайып, Әділеттен кетеміз жолдан тайып. Дау қуам деп пәлеге жолыққанша, Жол қуып қазынаға жолығайық.
Мен бір қарт ел сыйлаған ағаларың, Ақ батам жыртылмасын жағаларың!
«Кең болсаң, кем болмайсың» деуші еді ғой, Кешегі дана өткен бабаларың.
Өлмесін, тірі кетсін қалған қалмақ, Аз да емес қой иттерге түскен салмақ. Атын алып, асудан жаяу жібер, Бұларға енді жаза осы болмақ.
Ел заңы бар үлкенді, кәріні аяу, Бұл туралы болмасын бізде қаяу. Жарғыл сұмның еті ауыр, өзі кәрі, Жібермей-ақ қойыңдар оны жаяу.
Босатыңдар қалмақты, қарақтарым, Жиналған бұл кеңеске манаптарым. Билігім осы менің, қалың жұртым, Әумин, анда болсын талаптарың!
Деп Шомат қолын жайып бата берді, Ел сыйлап, разы болды дана ерді.
Қосылып берекеге шашау шықпай, Қарт бидің сөзін бұзбай сыйлайды енді.
Шақыртты кеңес үйге Батиды енді, Сұм жүрек қуанғаннан аттай желді.
«Шыбын жан қалдың ба» деп іштей ойлап, Қазақшалап бектерге сәлем берді.
Әуелгі Бати Жарғыл солай келді, Бектер мен батырларға жанай келді. Бас қойып аяғына батырлардың, Өткен-кеткен күнәсін сұрайды енді.
– Ей, Жарғыл, – деді Шомат, – қара бері, Кешірім берді саған елдің бәрі.
Елімнің разы болып ерлігіне, Байқарсың мұнан былай келер жерді.
Сезінді Жарғыл сонда бидің сөзін, Бұл сөздің айырғандай алтын, жезін.
Жантайды би жастыққа осыны айтып, Келте ғана қайырып Шомат сөзін.
Ал енді бати Жарғылды тірі қалған үш жүз елу шеріктерімен қосып, асуға дейін атпен, онан ары аттарын сыпырып алып жаяу айдап жібермек болып, бұларды айдауға Ертісбай батыр басшы болып, қасына қаруланған елу сарбаз алды. Сөйтіп, кеңес үй маңынан аттанып бұлар жолға түсті.
Аттанды бұлар ордадан Алтай тауын бетке алып. Топырақ шашып артынан, Оқыды қарғыс көп халық. Бетімен бұлар жер басты, Аттанған жоқ қой жырғалып. Қарай алмай жан-жаққа,
Бір қуарды, бір жанып. Қарғыс тиген хайуандар, Кеше түгел батыр ед.
Айдауға бүгін көнеді, Бойында жан болғанмен Тірідей жерге енеді.
Қамшылап айдап тықсырды, Мұның қалай демеді.
Таба жолы тар деген, Айтылар сөзге көп еді. Елдеріне не бетпен
Бұлар қайтып қарайды?! Қатын, бала-шағасы, Іні, бауыр, ағасы,
Әкесі мен шешесі Бұларды кім деп санайды. Бойда жан бар құр сүлдер, Өлмеген соң келеді.
Құрып қалсын бұл тірлік, Онан да өлген жөн еді.
Кеше елінен шыққанда, Біреуі бір-бір пері еді, Қырып-жоймақ қазақты Сайыпқыран ер еді.
Болжамай алдын бұл иттер, Өздерін пірге теңеді.
Батыры мынау Жарғылы, Иіні түсіп салбырап, Дүңкиіп бүлк-бүлк желеді. Басқасын былай қойғанда, Өздеріне-өздері
Қара жүзлі секілді. Жай оғындай жайнаған, Жасыл оқтай ойнаған, Батыр қазақ еліне Мұнан былай қайталап Енді қайтып баспауға Іштерінен бекінді.
Ертісбай батыр қалмақты Алдында бастап келеді.
Айдаған сарбаз қалмақтар Соңынан еріп келеді.
Алтайдың оң мен солы бар, Жан баспаған жолы бар, Заңғары тік құз шатқал, Айдынды тік өрі бар.
Осының бәрін Ертісбай Он саусақтай біледі, Түгел жүрген жері еді. Оңтүстігі Алтайдың
Ұлытауға жеткенше
Бұйрат-бұйрат бел еді.
Алтысары, ақ найман,
Көнші, жанай, жалманбет,
Бәйкеш, сары, қожанбет –
Алты рулы қалың ел
Мекен қылған жер еді.
Осы елді мекенді
Айдаудағы қалмақтар
Басып өткен жолы еді.
Күре жолдың оң-солы
Сығылысқан ел еді.
Екі жаққа көз тастап,
Айдаудағы мырзалар
Елді байқап көреді.
Ең әуелі малғұндар
Дәл осы елге кеп еді.
Осы елге әуел келгенде,
Екпіні дауыл жел еді.
Енді көріп бұл елді,
Тәубасына келеді.
Шыдай алмай қарауға,
Көздерін сыртқа тебеді.
Ел қарттары тәуба қып,
Батырларға қол жайып,
Хақтан тілек тіледі.
«Батырларды қара» деп,
Келіншек, қыздар күледі.
«Іздегенің осы, – деп,
Жын, шайтанның досы», – деп,
Орма тілді кейбіреу
Сыбаға сөзден береді.
Ауылдан-ауыл өтеді,
Онан да ары кетеді.
Екі тәулік жол жүріп,
Сәнді шалқар, күміс көл,
Айнала қонған қалың ел,
Ортасынан Алтайдың
Ойып орын алған тел.
Айналасы ұлытау, Жағасы шалғын биебау, Марқакөлге жетеді.
Марқакөлді айнала Тағы да қалың ел еді. Әр үйде ақ ту тігулі, Көк шашақ найза ілулі, Байқап Бати көреді.
Көреді де ойлайды. Мынадай сәулет көрініс, Ойлатпай сұмды қоймайды,
«Сор бастап келді бұл елге», – Деп бармағын шайнайды.
Таң сарғайып атқанда, Шашырап жұлдыз батқанда, Ертісбай ер айғайлап,
Атқа тегіс мінгізді. Киімдерін кигізіп, Шұбата айдап жүргізді. Тағы екі күн жүреді,
Жолшыбай төрт күн түнеді. Жолы қиын Алтайдың
Өр, ылдиы көп еді. Атақты жолшы Ертісбай Бұрма жолды шет тастап, Тура бастап келеді.
Сары тауға таяды, Шыңына көз сап көреді. Мұнарланған алыстан, Аспанмен тіл табысқан, Алтайдың бір зор шыңы Сарытауға келеді.
Бір күн түнеп әр шатқа, Бес тәулік түгел өтеді. Таяды енді асуға, Қалған жол енді төте еді. Ертеңгі сәске болғанда, Сарытаудың оң жағы,
Аюлы шаттың сол жағы, Асуына Торайғыр
Бұлар да келіп жетеді. Асуға келіп Ертісбай, Қалмақтардың барлығын Аттан тегіс түсірді.
Білмеген қалмақ бұл сырды, Зәресін тағы ұшырды.
Сарбаздарға әмір қып, Аттарын түгел сыпырды. Жарғыл тек атпен қалады, Басқа атты түгел алады.
Өңкей жаяу қалмақты Арырақ айдап салады. Қалмақтарға Ертісбай:
– Қош болыңдар, батырлар, Қазақтан аз сый осы жайт, Өкпелемей қайтыңдар, Еліңе бізден сәлем айт.
Осымен жаяу қалмақтар еліне беттеп жүре береді де, Ертісбай басқарған қазақ сарбаздары бос аттарды айдап елге қайтып оралды.
Кезеңнен бұлар солай айрылысты, Бермеді сырт дұшманға ер намысты. Аз сөзбен қорыта келіп ескертейін, Сайқынмен Жарғыл ара болған істі.
Жаяу-жалпы қалмақтар барып жеткен, Тағдыр салып тәлкекке тентіреткен.
Бетіменен жер басып тірі өліктер, ұялып жерге кірген дүйім көптен.
Алдына Сайқын сұмның Жарғыл барған, Айрылып бет қара боп ұят ардан.
Бас ұрып зар жылаған аяғына,
Басқа сөз таппаған соң мұң мен зардан.
– Айырылдым, тақсыр, – деген, – оң қолымнан Найза да оңай тиген жоқ оң-солымнан.
Тек шыбын жан шықпаған бойымда бар, Түңілдім, – деген, – сәтсіз бұл жолымнан.
Жолдасым Көкіні де Бұрқан алды, Талай шерік қырылып сонда қалды. Берекешіл, ұйымшыл шеттерінен, Мен көрмедім қазақтай арлы жанды.
Деп Жарғыл сұм Сайқынға зар еңіреген, – Кешір, тақсыр, алдыңа келдім, – деген.
Кеңшілік мен пақырға өзіңізден, Қаһар қылсаң, міне, бас өлдім, – деген.
Сайқын сұм мұны естіп бір түнерген, Тоқтай алмай орнына күңіренген.
Не шара қолдан келер одан басқа, Іштей ойлап бұл іске көндім деген.
Ақырған Жарғылына айбат шегіп, Қоқайланған қырлана қаһар төгіп. Қап-қара жалпақ беттің қаны қашып, Былай деген Жарғылды қатты сөгіп.
– Кім барад дегенде мен барам дедің, Қазақты түгел қырып салам дедің.
Мырзаштың басын кесіп, қызын алып, Қойныңа қазақ қызын салам дедің.
Енді не шатып тұрсың маған келіп, Барып едің қазаққа кімге сеніп?!
Не бетіңмен алдыма келіп тұрсың, Біржолата жоқ болмай сонда өліп!
Анық итсің шын өлмей тірі өлген, Көріп тұрмын жазаңды қазақ берген. Кесілсін қалған қолың, тағы бітсін, Кет, көзіме көрінбе, жоғал, – деген.
Сайқын сонда аз ойлап, артын болжап, Еш ақыл таба алмаған ойлап-ойлап.
«Ең ақылы тыныш жату, – деген Сайқын, Ақылын екшей келе соған байлап. –
Бірлессе қазақ, күшті тағымды алар, Аз ғана маңдайдағы бағымды алар. Қазақ көп ел, мен азбын арт қысайын, Көп ел келіп, аз елге лаң салар.
Егессем, айырылармын осы күйден, Бұрқаннан қарғыс шығар маған тиген. Құрып қалсын қазақтан қыз алғаным», – Деп Сайқын өз ақылын солай түйген.
Өзімнен бірер сөз.
Сұм дүния бұраңың көп байқағанға, Тағдыр да тұр кесімді тірі жанға.
Біреу жылап, біреулер қуанып жүр, Шама келмес бұл заңды тоқтатарға.
Жарлының күштілерде кегі кеткен, Әлсізді әлді жалмап тентіреткен.
Талай нақақ қор болып, өмірі өксіп, Хан бөлеген заманда күні де өткен.
Өкінішті көп өмір өткен талай,
Сөз еттім кейбіреуін, шынды талай. Сөз болған бұл оқиға болған шындық, Демеңдер, көп оқушым, әлде қалай.
Еске алып ел ерлерін, жазған хатым, Қалса егер ұрпақтарға аманатым.
Бойымнан ада қылсам деп ойладым, Шәкежан ұлы әжемнің аманатын.
Шәкежан ұлы әжеміз Мырзаш қызы, Шындықпен сыртқа шықсын жүрек ізі.
Жаздым мұны сондықтан көп ойланып, Ананың ақталсын деп сүт пен тұзы.
Әңгіме сол әжемнен маған қалған, ұғады сөз қадірін зейін салған.
Мың тоғыз отыз жеті жылдарында, Жетпіс тоғыз жасында дүние салған.
Оқыған үлкен-кіші, аға-іні,
Сынап көр жұрт көп шығар сөздің міні. Бір тамшы үлес болсын деп мұра сөзге, Ниязбек Қыдырмоллаұлы жаздым мұны.
Ескі сөзді еске алып кеңес құрдым, Термелеп әңгімемді аз жыл жүрдім. Көміліп бара жатқан бұл мұраны, Жарыққа шығарсам деп көңіл бөлдім.
Ұрпағы едім әжемнің жалғыз қалған, Бүгін бар да, ертең жоқ пәни жалған. Орындасам деуші едім ана сөзін,
Мен дағы құтылдым-ау бір арманнан.
Жазармын енді екеуін, келсе шамам, Өмірге сенім де жоқ, ұлғайса адам.
Уақиға біріншісін тыңдаған жұрт, Оқталып осымен бітті тамам.