Kazakh
Мырзаш батыр (ІІІ бөлім)
Мырзаш деп үшiншi рет алдым қалам, Ел қорғаған ер үшiн ой мен санам.
Ең соңғы ерлiгiңдi жырға қосып, Айналдым әруағыңнан ұлы бабам.
Қазақтың орта жүзi – керей, найман, Тыңда, жұртым, сөз емес бекер, жалған. Қазылған бабалардан жол қалмаса, Қарапайым шығады дастан қайдан.
Сөйлейiн өткен күндер бiр саласын,
Бұйырса ұрпақтарға сөзiм қалсын. Бiр арманның ашылар жолы түсiп, Тәуекел деп бастасам әуел басын.
Еске алсақ белгi көп қой ескi күннен, Ескермесек жабылып қалар мүлдем. Жазайын ел ерлерiн еске салып, Кешегi ел аузынан қалған үннен.
Көп заман бiзден бұрын өткен талай, Бiреу күлiп, өтiптi бiреу жылай.
Термелеп тым арыны не қылайын,
Таяуды ұмытудың жөнi қалай!
Сабақтап аз жырлайын елдiң ерiн, Аты өшпей бұл дәуiрге келгендерiн.
Қалтқысыз атын сыйлап бұл заманға, Жеткiзген көне көздер Мырзаш ерiн.
Ел үшiн еңбек еткен Мырзаш батыр, Сондықтан ел сыйлаған әуел-ақыр. Бабам мiнген Ақтұлпар тұяғының Жосылып бұл өңiрде iзi жатыр.
Кiм келiп, кiм кетпедi бұл ғаламға,
Ойдан құрап негiзсiз сөз табам ба. Елдер ерсiз өтпеген көз жiберсек, Сонау бір жарығы өшкен сұм заманда.
Ер Мырзаш сол ерлердiң бiрi болған, Сырт жаудан туған елге болған қорған. Кеше ғана уақиға болып өтсе,
Дей аламыз бұл сөздi қайтiп жалған.
Жырлайын сол Мырзаштың ерлiк iсiн, Көрсеткен дұшманына қайрат-күшiн. Аралап көп елдердi көңiл баяу,
Кеңейтсем деп игi жол, кең өрiсiн.
Көп елдi Мырзаш батыр аралаған, ұранқай, Дүрбiт, Таншаң түгел барған. Кедей ел тыныш өмiр сүретұғын,
Бар болса сондай жердi көңiлге алған.
Сонша алысты аралап бос жүрмеген, Батыр бiлген ел сырын ел бiлмеген. Зорекер болыс-биден құтқарсам деп, Ер Мырзаш кедей елдiң қамын жеген.
Көз көрмесе, күдiк көп мен не дейiн,
Бiрақ бұл уақиға ғой көпке бейiм.
Ерлiгiн батыр Мырзаш аз тоқталып, Бұл жерге бiр ұлы сөз кiргiзейiн.
Сөзiмдi ықыласпен тыңда, халық, Көңiл бөлсең тарихта тұр ғой анық. Мың сегiз жүз жетпiстiң шамасында, Пржевальский Зайсанға келгенi анық.
Әйгiлi саяхатшы Пржевальский,
Ел қамы үшiн шарлаған әрбiр тұсты. Келелi кең сапардың бiр кезiнде,
Тибетке де барудың жолы түстi.
Таныс емес Тибеттiң жолы қиын, Керек болды бiр басшысы алғыр, зейін. Қазақтың шығысымен таныса кеп, Мырзашты естiп бiлдi әуел бұрын.
Әуелден естидi екен Мырзаш ердi, Аралапты деп естiп талай жердi. Өр Тибет солтүстiкте ұранқайды,
Оңтүстiк орта Тян-Шань мекендi елдi. Мақсаты менiменен бiр болар деп,
Сөйлесуге Мырзашпен құмартты ендi.
Пржевальский Мырзашқа көңiл бөлдi, Тиянақты бекiттi әуелгi ойды.
Мырзашпен ақыл қоссам бұл туралы, Деп қорытты саяхатшы негiзгi ойды.
Деп ақырғы қорытынды ойға келдi, Мырзаш бiлсе, аралап сонша жердi. Сапарымның оң сәтi түсер-ау деп, Мырзашқа арнау адам жiбередi.
Хат жазды деп құрметпен Мырзаш ерге:
«Бiр жұмыспен хат жаздым дедi сiзге. ылаж болса, қайтыңыз мұнда келiп, Бiр ақыл қоспақшымыз өзiңiзге».
Мырзашқа екi кiсi келдi сонда, Қол алысып сәлемiн бердi сонда.
«Пржевальский шақыртып едi сiздi, Сондықтан келiп едiк әтей мұнда».
Сөздерiн қазақша айтты хатты берiп, Бұлар тұр мығым дене жанды көрiп. Хатқа жазған сөздердi қазақшаға
Аударып тұр бiреуi анық терiп.
Баруға келiсіптi Мырзаш сонда, Қамданып үшеу болып түстi жолға. Басалай8 деген орыс қазақшаға, Мырзаш байқап қараса, судай жорға.
Зайсанға осылайша Мырзаш келдi, Пржевальский Мырзашқа қолын бердi. Арадағы Мырзашпен әңгiменi Қазақша ол Басалай айтып бердi.
Сонда Мырзаш Пржевальскийге былай дептi:
Ана бар ғой, ұғындым сөздiң бәрiн, Сiз – орыс, мен – қазақпын жұртқа мәлiм. Тағы бiр сөз сiз – байсыз , мен – кедеймiн, Екеуi бiрлесед деп ойламаймын.
Көп жердi сiзден бұрын араладым, Оңтүстiк, солтүстiкпен түгел бәрiн. Жол бiлмеймiн демеймiн бiлем бiрақ, Байға қызмет қылуға жетпейдi арым.
Мұны естiп Пржевальский мәз боп күлдi, Мырзаштың негiзгi ойын жете бiлдi.
– Сонша жердi сiз не үшiн араласаң, Менiң-дағы ниетiм дәл сiздiкi.
Бай деген келiспеймiн құр атаққа, Негiзгi ойым кедей мен соңғы ұрпақта. Бай болсам Петрбургте жатпас па едiм, Сiз ойлаған бiр ниет саяхатта.
Мырзашқа ақиқат сөз шын жарасты, Кiршiксiз ақ ниетке кеп ұласты.
Жүрегiне қонады соңғы әдiл сөз, Ойдағы шындық iстiң бетiн ашты.
Ойшыл Мырзаш бұл сөзге көңiлдендi, Жүректегi кiрбiңдi шындық жеңдi.
Орыс-қазақ достасып қол алысты, Жол бастауға ер Мырзаш келiстi ендi.
Қиын жолды бастауға келiседi, Достасып бiр-бiрiне сенiседi.
Бiр көңiлден шығысып орыс-қазақ, Терең уағда, зор сенiм берiседi.
Пржевальскийдi Мырзаш бастап Тибет барған, Қауiптi ұзақ жолды төтеге алған.
Бұл сапар қайырлы боп бастан-аяқ, Осы күнгi Зайсанға қайта оралған.
Тибеттен бұлар қайтып Зайсан келген, Демалып бiрнеше күн еткен серуен.
Келелi көп әңгiме сыр шертiсiп, Келер сәтте достыққа көңiл бөлген.
Пржевальский Мырзашқа кеңес берген, Үлкен үмiт күтiптi Мырзаш ерден.
Ақ ниет, әдiлетшiл Пржевальский, Мырзашқа, жан-жақтылы көңiл бөлген.
– Келер жыл достарыңмен Петрбургке кел, Тағы көп ақыл-кеңес берем, деген.
Кедейлiктен құтылар мезгiл таяу, Мырзашым, оған қайғы жеме, деген.
Ұлы орыс халқымен бұл өңiрде Достасуды бастаған Мырзаш екен.
Пржевальский Мырзашпен құшақтасты, Қол соғып көп достары үнге ұласты.
Екi елге достасудың жолын сызып, Ақ ниеттер осылай бауырласты.
Пржевальский Зайсаннан елге қайтты, Көп-көп рахмет Мырзашқа алғыс айтты. Қызыл шу, Шарға дейiн шығарып сап, Ер Мырзаш қош айтысып керi қайтты.
Ер Мырзаш керi қайтып елге жеткен, Арада айлар, жылдар тағы да өткен. Аз әңгiме осымен аяқталып,
Келер сөзге бел будық ендi бекем.
Әуелгi әңгiменi қайта жалғап, Беремiн бiраз сөйлеп аспай шектен. Мырзаштың үшiншi рет ел қорғаған Ерлiктерiн сыр шертiп баян етем.
Ендi ылажсыз жырлайын қызыл қанды, Тағы да елге төнген мұң мен зарды.
Сөздiң соңы көңiлсiз болды ғой деп, Сөкпе, жұртым, жырлайын намыс-арды.
Алдамаған сұм жалған кiмдi арбап, Ер өттi ел намысын қанмен қорғап. Мырзаш батыр солардың бiрi болған, Өткен екен кеше елдi жаудан қорғап.
Елдi қорғап өтiптi Мырзаш батыр,
Сұм заманда сойқанды iс толып жатыр. Өле-өлгенше көздерi малға тоймай, Елге орнатқан би-болыс заман ақыр.
Елдi қорлап нашардан тоят алған, Жоқ сылтауды көбейтiп түгел жалған.
Жеке бастың қамы үшiн құлқын қуып, Бiр өзiнен басқаны қылмас арман.
Осындайдың бiреуi Далай түпшін,
Қай қазақ мұндай сұмнан үмiт күткен. Түпшін келiп сонда алып ойға оралды, Бас байлығын арттыру қамы үшiн.
Далай түпшін дүрбiттiң өзi ханы, Әрi кеген онбасы, әрi байы.
Бар мансапты игерген бiр өзiне, Аузынан шыққан сөзi жұртқа дәрi.
Таққа отырып билептi дүрбiт елiн, Айналдырған бұлаққа елдiң көлiн. Өзiнiң ен байлығын мiсе тұтпай, Жалмауыз сыртқа тiккен екi көзiн.
Үкiрдай, зеңгiлерiн түгел жиды, Елiне түпшін жауыз жаудай тидi. Батырын, бексұлтанын түгел жиып, Бiр сұмдық арам ойға мықтап кiрдi.
«Жиылсын ел батыры бiрi қалмай, Келсiн мұнда бұйырдым емес оңай. Бас тартса бұл бұйрықтан кiмде-кiмi, Қырамын дарға асып бiрiн қоймай».
Елiнiң басшыларын түгел жиды, Түпшін ит арам ойын iшке түйдi. Ел үшiн деп көкiдi бет алысып,
Байбалам сап ақырып, жанып-күйдi.
Жиылып бек-сұлтандар ендi болды, Екi көзi түпшіннің қанға толды.
Көкiрегiн көтерiп, байсалданып, Жала жалған сөздерiн бастады ендi.
Жиып ап көп құзғынды бастады сөз,
Шалқақтап аю-пiлге жүгiрттi көз. Жемтiктес көп қарақшы, өңшең жыртқыш Шындыққа кенелгендей тыңдады сөз.
Далай залым: «Уа, жұртым, – дедi сонда, Ел үшiн бұйрығымды сендер тыңда.
Айтайын деген сөзiм халық үшiн», Деп сиқыршы мүләйім болды сонда.
– Қазақтан елiмiзге қауiп төндi, Айтайын сырын ашып сол бiр жөндi. Ендi болмас қамданып шықпасаңдар, Қарсы тұрмай қала алмас жаның, – дедi.
Батыста сонау шалғай қазақ жатыр, Бiр қазақ Мырзаш деген дейдi батыр. Осы елге әлденеше кептi өзi, Жүрiсiнде сұмдық бар әуел-ақыр.
Өткен жылы тағы да ол келiптi, Қайта-қайта ол неге кеп килiктi. Көп адам соңында жүр деп естiдiм, Кешiкпей шығарады ол бүлiктi.
Саятшымыз дейдi екен жапан кезген, Ол қандай саятшылар үйден безген. Мен бiлемiн Мырзаштың арам ойын, Сырын бүгiп әуелi әтей келген.
Кешiкпей Мырзаш келiп елдi шабад, Тыныш жатсаң оп-оңай олжа табад.
Мал-мүлiк, қазынаға Мырзаш тойып, Ата жау деп дәл маған ауыз салад.
Онан да бұрын барып бiз шабайық, Ақылын ол қазақтың бiз табайық. Мұнан былай кешiксең, жұрт қырылад, Сөзге құлақ салыңдар, көп халайық!
Сондықтан ол қазақты тез құртайын, Қанша Мырзаш болса да күшiм дайын. Күш-айласы бұрыннан артық дейдi, Кiшi бұрқын жiберсем табар жайын.
Бұл елдiң жас батыры Сайқын барсын, Бұрқынға ат мiнгiзiп қасына алсын.
Адамын жаппай қырып, малын алып, Күлiн көкке ұшырып ойран салсын.
Сайқын мырза Мырзаштың басын алсын, Қарсылықсыз бұл мырза құлақ салсын. Бай болса да тағы алсын менен қазына, Мырзаштың басын әкеп қолға салсын.
Сайқын батыр тағы да мынаны ұқсын, Қарсы келген қазақты жаппай қырсын. Қазақтан шауып алған мал мен мүлiк Шашау шықпай өзiме тапсырылсын.
Көкiдi Далай түпшін бұтып-шатып, Құлқыны үшiн болымсыз арын сатып. Сайқынды өз алдына тiк тұрғызып,
«Жә» дегiздi уағда сертiн алып.
Қалмақтарды түпшін сұм жолға салды, Дедi де Долан бұрқын болсын жары.
Кiшi қола құдайды атқа орнатып, Сайқын батыр жорғаны қосарға алды.
Осылай сұм қалмақтар жолға түстi, Сайқын бастап келедi бұл жүрiстi. Қашқан да, қуған дағы құдай дейдi, Кiм болжайды алдағы келер iстi.
Жақындап ел шетiне қалмақ жеттi, Әлден-ақ қырып-жойды шеттегi елдi.
Ел шегiнiп артына екi-үш қонып, Тағы бiр қайғылы күн келiп жеттi.
Жау келiп қалың елге араласты, Қарсыласқан қырып жүр кәрi, жасты. Қазақтан да мол жасақ құраса да, Мына иттер тұтқиылдан келiп басты.
Қызыл қырғын екi жақ басталды ұрыс, Күтiнген жау бермедi, сiрә, тыныс.
Ел құралып бүтiнге айналғанша, Қырсыққа мүлде айналды мына жұмыс.
Бейғам ел қанға осылай араласты, Зарлатты Сайқын мұндар кәрi-жасты. Бетпе-бет келгендердi шыдатпайды Бiр дию күшi басым қара албасты.
Кетiрдi елдiң сәнiн ойран салып, Ентелеп кiре бердi iшке барып.
Кез келген асыл қазына бұйымдарды, Сыпырып ешбiр қамсыз жатыр алып.
Жылқыны iрiктедi бөлек-бөлек, Сәйгүлiк бiр мың тұяқ дөп-дөңгелек. Жүз жорғаны таңбалап тағы қосты, Түпшіннің тапсыруы болса керек.
Жылқыны айдатуға дайындалды, Азық -түлiк жолға деп тағы да алды. Кiм болжапты келешек, алдағы iстi, Әзiрше қарық олжаға бата қалды.
Ендi Сайқын жылқыны жолға салды, Алды-артын жиып-терiп тез қамданды. Жолға салып жылқыны айдатты да, Алпыс қалмақ Сайқынмен артта қалды.
Жөнелтiп Сайқын залым дүния, малды, Жұмысты бiтiрдiм деп ойына алды.
Жайланып қарауылын қойды дағы, Бүркiтшың деген жерде демiн алды.
Бүркiтшыңда Сайқын ит демiн алды, Шатыр тiгiп жатуға ыңғайланды.
Бiледi Мырзаш ердiң келетiнiн,
Жолы осы деп бұл шыңды межеге алды.
Жайылды мына хабар елден-елге, Алтай, Сауыр, Маңырақ, Зайсан көлге. Шатыр тiгiп Сайқын сұм жата тұрсын, Берейiк сөз кезегiн Мырзаш ерге.
Бiр күнi жатыр едi Мырзаш үйде, Ат дүбiрi естiлдi бақса дүзде.
Сәлем берiп екi адам кiрiп келді, Сұрғылт тартып бұзылған түсi мүлде.
– Мырзеке, жатырсыз ба есен-аман, Денсаулық сiзге берсiн Хақ тағалам. Ел сасқанда ер едiң елге пана,
Бiр сұмдықты айтпасқа жоқ қой шарам.
Мырзаш айтты: «Ертiсбай, түсiң жаман, Жақсылықпен келмедiң, сiрә, маған.
Айсыз түнде қараңғы неғып жүрсiң, Болды ма бiр нәрсеге көңілiң алаң?
Ертiсбай, Шорғабаймен Мырзаш досы, Көп шайқаста бiр болған батыр қосы. Суық хабар екеуi естiген соң,
Түн жамыла Мырзашқа келгенi осы.
Ертiсбай сабақтады сөздi бастап, Толғанып, ойға келiп, сабыр сақтап. Қалың дүрбiт килiгiп бейғам елге, Шауыпты өр Алтайды мүлде таптап.
Қызыл қырғын қылыпты жұрттың бәрiн, Iшiнде бiрге кеткен жас пен кәрiң.
Нақақ елдiң көз жасын көл қылыпты, Аяққа таптап дүрбiт намыс-арын.
Бар дейдi Сайқын деген батыр қалмақ, Қазаққа түсiрiптi ауыр салмақ.
Жалғанның жартысындай бiр дәу дейдi, Ешбiр жан бұл жауызға келмептi шақ.
Қанша жылқы, мал-мүлiк айдатыпты, Қарсыға қан жұтқызып байлатыпты. Кенеттен елге тиген айдаһарға
Сасқан ел таба алмапты айла тiптi.
Дүрбiттiң маңдай алды батыр дейдi, Тiккенi қызыл жiбек шатыр дейдi. Бүлiктiң артын тосып тосқауылдап, Бүркiтшың деген жерде жатыр дейдi.
Қан майданда сыналар ердiң бағы, Жеңедi деушi едiң ғой iстiң ағы.
Хабарлап айтамыз ба би-болысқа, Өзiңе ақыл тауып келдiк тағы.
Сонда Мырзаш мына хабарды естiп, қабағын шытынып, төмен қарап ауыр ойланып қалды: «Бұл қалай? Мынау бұрынғы Мырзаш емес, бұрын жау дегенде жайраңдап шыға келушi едi ғой? Ол мiнез қазiр мүлде жоқ. Демалғызып, мына иттер маза бермедi-ау дедi ме? Немесе жасы ұлғайып алып, жаумен айқасқысы келмедi ме? Жоқ, жоқ, мұның бәрi де емес. Пржевальскиймен құшақтасып, достасып, қалың кедей жөнiндегi Петрбурға баратын уағдалы игi сапарын ойлап, тұйыққа тiрелiп отыр. Соңғы кезде бұрынғыдай емес, би-болыстардан мүлде аулақтап, өзiнiң қалың кедей Үкiбай деген руын көбiрек аралап кетiп едi. Мiне, кенеттен ендiгi жағдай мынау болды. Сондықтан ендi Мырзаш лажсыз көнiп отыр. Бұл мiнезiн байқаған Ертiсбайға да жарытып жауап бермей, iс ақырын көремiз дей салды. Ендi Мырзаш Ертiсбай мен Шорғабайға мынаны айтты:
– Ана бар ғой, достарым, Оған уайым жемеңдер.
Хабарларың жақсы емес, Есiтiп мұндай сұмдықты. Құлақ салып тыңдаңдар, Берейiн ендi мен кеңес.
Бұл жолғы көңiл-күйiмдi Отырсыңдар сезiнiп.
Бұрынғымен тең емес Бiрге өсiп, бiр жүрген. Жақсы менен жаманды Ойнай-күле бiр көрген. Бақыр сорпа бiр iшкен,
Бiр жерде туып, бiрге өскен. Өздерiң жақсы бiлесiң, Алдияр ұлы Мырзаштың Дұшмандармен айқасы Жеке ғана бұл емес.
Әйтсе де қалай, екi дос, Бармай қалай шыдайын! Адалдан жиған ел малын, Арам, пасық иттерге, Жегiзiп қою жөн емес.
Болыс пенен билерге Барудың жоқ керегi, Не көмек олар бередi. Өздерi аман болса егер, Өз асығы өзiнде.
Нашарға қашан болушы ед, Болысып билер көмегi.
Жалынбай-ақ оларға, Өз жанымды қармайын.
Көп қол тағы керек жоқ, Ауыр қол сондай алмаймын. Үкiбайдан қырық жiгiт, Кедейден таңдап алармын. Екеуiң бiрге боласың, Сонымен-ақ Ертiсбай, Тасыған жаудың басына,
Мен-ақ ойран салайын. Сайқын иттi бұрыннан, Жақсы бiлем мен, – дедi. Қауiпсiз бұл достарым, Жаудан қорыққан Мырзашқа Әйтсе де болмас жөн дедi.
Ойлансаңдар достарым, Алдына Мырзаш кiм келiп, Тағы да кiм кетпедi.
Алкеуделер, ақылсыз, Қай-қайсысын байқасаң, Мұратқа түбi жетпедi.
Талай алып кезiккен Оңтүстiкте Марқалдай, Батый Байыр ол қандай?! Солтүстiкте ұранқай Жарғыл батыр түйедей, Сайқыннан несi кем едi? Солардың бәрi жоқ болып, Мырзаштан тауып ажалын, Жаһаннамға жөнедi.
Екпiнi күштi бiр құс бар, Жұдырықтай бидайық, Мекенi оның Ақжайық. Шабытына келгенде,
Он есе үлкен өзiнен, Бiр-ақ теуiп тырнаны, Түсiредi аспаннан.
Мiне, осы достарым, Мысалға алып қарайық. Батырсынған Сайқынға Онан да, достар, кешiкпей, Ендi тездеп барайық.
Ойды бөлмей жан-жаққа, Тәуекелге салайық.
Берсiн тәңірiм оң сапар, Дандайсыған сұмырайдың Басын кесiп бөлектеп, Қанжығалап алайық.
Көп ұзатпай ел малын Айырып жаудан қалайық. Ендiгi кезек бiздiкi, Ойранды бiз де салайық.
Жақындатып алысты, Дұшманға бермей намысты, Ақылын тауып әдiстеп, Алайық қолға намысты.
Мырзаш тағы сөйлейдi:
– Айтқаным мұны жөн, – дейдi. Әзiрше қысқа айтайын,
Таяп достар кел, – дейдi. Мұндай бiр жақсы игi iстi, Аз да болса әзірше,
Еске салған жөн, – дейдi. Петербордан осында, Өздерiң естiп бiлгендей, Пржевальский келген-дi. Менiменен достасып, Әңгiме ұзақ сырласып, Кедейге көңiл бөлген-дi. Қайтарында сол кiсi, Петрбург деген қалаға, Мырзашым, келгiн деген-дi. Игiлiктi едi сол сапар, Тосыннан келiп мына иттер, Сапарымды бөлдi ендi.
Қайырлы болсын ақыры, Салғанына Құдайдың, Жұмыс басты пендесi, лажсыздан көндi ендi.
Бұл сапардан оралып, Елге қайтып келген соң, Ақылдасып игi iстi,
Келермiз сол бiр жөнге ендi, Деп Мырзекең бұл сөздi Қысқаша ғана қайырды.
Осыны айтып ер Мырзаш, Жол қамына кiрiстi.
Тездетiп Мырзаш әуелi, Бiтiрмек болды көлденең Мына бiр сапар жұмысты. Ақылдасып үшеуi, Әуелгiдей ер Мырзаш Сәтке салды жүрiстi.
Ертеңгi күн бейсенбi, Сапардың сәтi сәрсенбi. Сәрсенбi күнi таңертең Шығайық сапар жолға деп, Бiр ауыздан келiстi.
Сенбi күнi таңертең,
Қырық үш адам жол тартып, Бүркiтшыңға беттедi.
Төте тартпай бұл шыңға, Айыркезең, Майшаттың Шығысын ала шеттедi. Күндер жатып, түн жүрiп, Бiрнешелеп күн жүрiп, Мырзекең саспай келедi. Қараңғы айсыз түндерде, Құз шатқал, ну орманды, Қауiптi, қатер жолдарды, Асуы қиын тауларды, Қарағай, қайың бауларды Алдияр ұлы ер Мырзаш Саусақтай санап бiледi.
Жынысты жердi баспады, Бұраң-бұраң бұрма жол, Қиынды шетке тастады. Асуы қиын белдердi, Сусыз шөлейт жерлердi Мырзаш әсте баспады.
Ақылды, зерек ер сабаз, Алысты жақын қылады. Қонатын жерге қонады, Түсетiн жерге түседi.
Бiрнеше күн жол жүрдi, Сары дала, жапан дүз,
Қалың орман, биiк құз, Қиын жол артта қалады. Тоқтаусыз жүрiп келедi, Кейде бүлкек, кейбiрде Аяңмен тағы желедi.
Жалпы беттi жобалап, Артқылар ерiп келедi.
Бiр жетi бұлар жол жүрдi, Аз да емес, мол жүрдi.
Түн демей жүрiп бұлар да, Таң сарғайып атқанда, Бозторғай қанат қаққанда, Аумағы үлкен көк жайсаң, Айналасы ну орман Майбұлақ деген жер екен. Ат басын келiп тiредi, Бiрер күн бұлар дем алды. Ат белiн аз көтерiп, Тамақтанып, сусындап, Бел шешiп дене сергiтiп, Мырзаш батыр аз ғана, Достарына ой салды:
– Ана бар ғой, туған елден бiрге келе жатқан достарым, осы қарсыдағы Қарасеңгiр деген тау. Сайқын бiздi тосып, қарауылдап жатқан – Бүркiтшың. Екi күндiк жол артта қалды. Ол бiздi әлде де тосып шатырда жата тұрсын. Бiз ендi бiрер күн жүрсек, жылқы ұрлаған дүрбiттердiң алдын ораймыз. Жаудан малды айырып, олардың түгелiн жоғалтып, малды мына қырық жiгiттiң алдына салып елге беттетiп, менi сарыла тосқан Сайқынды ендi көп сағындырмай, Ертiсбай екеуiмiз қайта оралып, Сайқын батырға сәлем беремiз, – деп, Мырзаш әдетiнше жымиып бiр күлдi. Ендi бұлар кеш батқан соң атқа қонды.
Кеш те батты түн болып, Атқа да бұлар қонады.
Қараңғы түн Мырзашқа
Айнадай бейне болады. Аяңды тастап желедi,
Ат тiзгiнiн жiберiп, Ентелей жүрiп тездете, Екпiндетiп келедi.
Ойшыл, зерек ер Мырзаш Айдаған қалың жылқы мен Аралығын салт аттың,
Ат тұяғын есептеп, Сонша анық бiледi. Таң алдында жылқыға
Жетемiз дедi Мырзаш ер. Өзi есептеп келедi,
Көз алдында айнадай, Мырзашқа аян барлық жер. Екiге бөлдi жау күшiн Айлалы, тапқыр, бiлгiш ер. Өкiнiштi сұм жалған, Талайды алды-ау, қара жер. Сайқын жатыр далада, Қарауыл қойып маңайға.
Құтылып жылқы кеттi деп, Күрделi жұмыс бiттi деп.
Ендi Мырзаш әуелi Жолығады маған деп, Санасыз, ойсыз, арам тер.
Бiр жерге Мырзаш тоқтай қалып, достарына былай дедi:
«Жылқы айдаған дүрбiттер таяуда кетiп барады. Сендер менi осы орында тосыңдар, мен жалғыз барып, жауды жайлап тастап, жылқыны осылай беттетiп келем», – деп, Мырзаш жорта жөнелдi.
Жөнелдi Мырзаш, жөнелдi, Кемелге келдi теңелдi.
Аққұсқа қамшы басады, Ағынды судай тасады.
Алысты бүктеп астына, Ақ тұлпар орғи басады. Ауыздықпен алысып, Сағымменен жарысып,
Шаңды аспанға шашады. Белес-белес таулардың Бiрiне-бiрiн қосады.
Дүбiрiнен тұлпардың, ұйқысынан оянып, Жабайы аңдар қашады. Бұл не деген сұмдық деп, Жан ұшыра сасады.
Сауытын киiп ер Мырзаш, Бес қаруын асады.
«Алдияр атам қолда!» деп, Көңілi қатты тасады.
Еңкейе шауып екпiндеп, Алысты жақын қосады. Сахара құс оянып,
Таң бозалаң бергенде, Емiнген ердiң қайраты, Қайраты бойға толғанда, Жылқы айдаған көп жаудың, Ойланбаған жерден кеп, Алдын келiп тосады.
Тосып қана тұрмады, Басқаға мойын бұрмады. Бiр қараңғы, бiр жарық, Араласты көп жауға.
«Алдиярлап!» ұран сап, Айғайға Мырзаш басады. Ажал боп Мырзаш келдi деп, Сендерге ажал төндi деп, Үрейiн алды әуелi.
Сендер сенген Сайқының, Бүркiтшыңда ит жем боп, Кешегi күнi өлдi деп.
Ендiгi кезек сендерге, Көрiнеу ажал Мырзаштың, Көз алдыңа келдi деп, Қойға тиген қасқырдай, Араласты iшiне.
Осы жолғы Мырзаштың
Жан шақ келмес күшiне. Ашуы қатты келедi, Арыстандай ақырып, Айғайлап ұран шақырып, Жауына қатты төнедi.
Нақақ елдi зарлатқан, Құдай атып, ар сатқан, Жабайы жауыз иттерге Төнгенi Мырзаш жөн едi. Шыдатар емес ер Мырзаш, Ақ тұлпарын орғытып, Аспанға тiк қарғытып,
О жерге де құлатты, Бұ жерге де құлатты.
Қызыл қырғын жусатып, Жайратып бәрiн сұлатты. Ердiң көңілi тыныпты, Дұшманның сағы сыныпты. Сiзге өтiрiк, маған шын, Жылқы қуған қалмақтар, Отыз бес екен барлығы, Қалдырмай бiрiн қырыпты. Түгелiн қырып жайғады, Қайта айналып ер Мырзаш, Достарына келiптi.
Жылқыларың бос қалды, Деп жайраңдап ер Мырзаш, Хабарын жаудың берiптi.
Шорғабай бастық қырық жiгiт Жылқыны айдап келiптi.
Қуанысып достары, Ерлiгiне Мырзаштың Көңiлдерi тойыпты. Көңiлдегi күдiктiң
Бiр жартысын сол жерде Бұлар сонда жойыпты. Мырзаш айтып, жылқыдан Ту биелер сойыпты.
Бiрнеше күн тамақты,
Тарта жеген жiгiттер, Қазы-қарта, жал-жая, Мейлiнше жеп тойыпты. Мырзаш бастап жылқыны,
Сайқын жатқан Бүркiтшың Жолына тура салады.
Көрсiн деп көзi Сайқынның, Мырзаш ақыл табады.
Арада екi-үш қонақтап, Шыңға да таяп қалады. Шың мен бұлар арасы Екi-үштеген бел едi.
Ертегi сөз бұл емес, Кешегi болған уақиға, Шын сөзге жұртым сенедi. Не жазса да сұм тағдыр, лажсыз пәндә көнедi.
Талапсыз өмiр өткен жоқ, Арпалыс қансыз бiткен жоқ. Құбылыс мұндай өзгерiс, Көнеден берi келедi.
Күзетшiсi Сайқынның, Мырзашқа қойған қарауыл, Шың басынан аңғарып, Жылқыны қалың көредi.
Мiне, қызық, тамаша,
«Ойда жоқ сұмдық, бұл қалай?!» Деп қарауыл қалмақтар, Сайқынға хабар бередi.
Мұны естiген Сайқын сұм Орнынан ұшып тұрыпты. Аңғара алмай ес-түсiн, Амалы мүлде құрыпты. Асқанын Мырзаш айласы Ендi ғана бiлiптi.
Өз көзiне Сайқын ит Өзi сенбей сандалып, Анықтап тағы көрiптi.
Жылқы айдаған көп адам
Өз адамы емес-тi. Қола құдай қасында, Төбесiнен қос қолдап ұрғанын ендi бiлiптi.
Мырзаш ендi Ертiсбайға былай дедi: «Жау әбден ашынды, оңай да жау емес, мен бұған әртүрлi әдiс-айла қолданып, кезек алып, кезек берiп те тұрмай, не де болса, шапшаң қимылға басам. Шорғабай бастаған қырық жiгiт жылқыны тоқтатпай, елге беттетiп айдай берсiн, сен анау кезеңде менi тосып тұра бер», – деп, сауыт, қалқан, қаруларын ыңғайлап, Аққұсының қасына келiп, атының басын иығына артып тұрып былай дедi:
– Айналайын, Аққұсым, Бүгiн саған түстi iсiм.
Жапанда жалғыз мен едiм, Талай шайқас кезеңде Жан жолдасым сен едiң.
Аға да, менде iнi жоқ, Қысылшаң талай кезеңде Жар болып, өзiң демедiң. Аққұсым, бүгiн өзiңе Iсiм менiң түсiп тұр.
Бiр кезек келдi өзiңе, Болсаң да хайуан жануар, Салшы құлақ сөзiме, Сағымдай ағып зымырап, Жылдамдықтың әр түрiн Көрсетшi бүгiн көзiме.
Осыны айтып ер Мырзаш, Қайратқа шын кiредi.
«Ендi жауға барайын, Бармай неғып қалайын. Алпамсадай алыпты, Алдияр атам қолдаса, Табанға таптап салайын». Қорбаң қағып Сайқын ит, О да сауыт киiндi.
Кiмнiң бағы, кiмге сор,
Екi кердiң бiрi ендi, Ендiгi жұмыс қиын-ды.
Ашынған жау ақымақ боп, Әуелi Мырзаш келед деп, Ақымақ боп алданып, Қолындағы дәулеттен Сандырақтап айрылып Қалғанына күйiндi.
Естiсе Топшын бұл iстi, Тұрғызып қойып тiрiдей Сыпырмай ма терiсiн.
Екi көзiн ойып ап, Тарылтпай ма өрiсiн. Осыны ойлап бұл залым, Барлық күшке келмекшi. Келсiн шама, келмесiн, Онан-дағы Сайқын ит, Мырзаштан бүгiн өлмекшi. Өлем деп те тұрған жоқ, Шын қайратқа кiрiсiп, Мырзашқа соққы бермекшi. Ендi Мырзаш ақырып,
Таудай боп тұрған Сайқынның Қасына келдi таянып.
Өлiм мен өмiр айқасты, Несiне тұрсын аянып. Сайқын ит сонда күрiлдеп, Айғай салды бақырып.
Мырзашқа таяп өңмеңдеп, Оңтайланды найзасын, Олай-бұлай шайқады, Әдiсiн Мырзаш байқады. Айлалы шебер ер Мырзаш Найзаны қағып тездiкпен, Тигiзбедi денеге, Келтiрмедi межеге.
Сайқын сұққан найзадан Ер Мырзаш пайда көрмедi. Әдiске салып әртүрлi,
Қайраты Мырзаш өрледi.
Мұнан былай Сайқынға
Мұрсаны Мырзаш бермедi.
Сайқынды көзi көрмедi,
Адам екен демедi.
Жақындап тағы бұл итке
Әзiрше Мырзаш келмедi.
Аққұс аттың шабысын
Шапшаңдатып көрдi ендi.
Ағызып келiп, Сайқынды
Шоқпармен Мырзаш ұрды ендi.
О да қарап тұрған жоқ,
Басына төнген қауiптi
Әккi залым бiлдi ендi.
Ағыны сағым Аққұсқа
Мырзаш қамшы басады.
Айлалы, батыр, ер Мырзаш,
Үйреншiктi әдiстiң
Алуан түрiн қосады.
Бiр рет Сайқын ұрғанша,
Мырзаш батыр екi ұрып,
Анадай алдын тосады.
Жасырып-жабар несi бар,
Екi жақтан бiрдей-ақ
Қызыл қан судай жосады.
Түкiрiктер қан болды,
Апыр-топыр айқастан,
Жанталасқан шайқастан
Ат тұяғы қазбалап,
Жер қыртысы ойылып,
Құйындай дала шаң болды.
Әлi де болса Сайқын ит
Алдырмай жүр Мырзашқа.
Бұрын-соңды Мырзашқа
Кезiкпеген мұндай iс,
Бұл не деген заң болды.
Ертiсбай қарап тұрғыдан,
Тiлегiн тiлеп құдайдан,
Жақсылық күтiп зар болды.
Қабырғалар қайысты, Құрал-сайман майысты.
Шарт та шұрт тиген қарудан, ұшқын, жалын от шығып, Өлiм мен өмiр жарысты.
Қиын-ды, Сайқын қиын-ды, Пiрлерге Мырзаш сиынды. Мынау шайқас кезiнде,
Тау жаңғырып, тас құлап Тұрғандай-ақ бiлiндi.
Кезек-кезек Мырзаш ер Бес қару түгел кезендi. Барған сайын қимылы Тағы да болды тез ендi. Тағы да шоқпар қамдады, Әртүрлi әдiс таңдады.
Шегiне ұрсып айлалап, Сайқынды тағы арбады. Ағындатып Аққұсты,
Қос қолдай ұрып шоқпарды, Олай өтiп бiр соғып,
Айнала қайтып бiр соғып, Сайқынға дәт бермедi.
Ер Мырзаштың қайраты Тасқындап тағы өрледi. Бiрде шауып, бiр шаншып, Тездете жедел қимылдап, Перiсi түсiп бойына,
Кең құлашқа сермедi. Шынтуайтқа келгенде, Алдияр медет бергенде, Емiне жауға төнгенде Қарағайдай Сайқынды Тал шыбықтай көрмедi. Елi сүйген ер Мырзаш Намысты қолдан бермедi. Ендi Мырзаш Сайқынды Есеңгiреп болдың деп, Тағдырыңа көндiң деп,
Ендi Мырзаш Сайқынды Қос өкпеден түйредi .
Найзаның ұшын босатпай, ырғай түсiп табандап,
Саз балшықтай иледi. Төңкерiлген төбедей, Құлады Сайқын атынан, Қазақты қырып шабам деп, Басын кесiп Мырзаштың, Алдыңа әкеп салам деп, Мәңгi Сайқын айрылды Топшынға берген антынан. Өкiре барып құлады, Жердi сүзе маңдайы.
Өзiмен бiрге жоқ болды Қазаққа деген айбары. Жатса-тұрса қазақ деп, Өндiршегi үзiлген.
Қанымен мүлде жабылды Тақылдаған таңдайы.
Ендi Ертiсбай тездете, Мырзашқа шауып келедi. Қуанғаннан Ертiсбай Кемсеңдеп жылай бередi. Дөңкиiп жатқан Сайқынды Анықтап ендi көредi.
Құладың ба, малғұн деп, Басқа тебе бередi.
Жаны шықпай жатқанда Тепкенi де жөн едi.
Сонда тұрып ер Мырзаш, Ертiсбайға сөйлейдi:
«Қасында бол мына иттiң, Қыбыр етсе, найза сал.
Қалғандарын жайратып, Келейiн қайтып мен», – дедi. Ендi Мырзаш тездете Аққұсқа қамшы басады.
Құлаған сәтте сұм Сайқын
Тым-тырақай жөнелген Сүмелек алпыс қалмақтың Алдын орай тосады.
Мырзашты көрiп қалмақтар, Зәресi ұша қашады.
Араласып ер Мырзаш, Кез келгенiн басады. Арыстандай ақырып, Бiрiне-бiрiн қосады.
Түгел қырып жусатып, Қандарын судай шашады. Бiраз қалмақ құтылып, Көк сеңгiр таудан асады. Бастан-аяқ жауларын Түгел қырып болған соң, Батырдың көңілi тасады. Қайта айналып Сайқынға, Ертiсбай досын көрген соң, Аттан түсiп демалып, Ашуын ендi басады.
Ендi Мырзаш Ертiсбайға былай дедi: «Мына ит менiң оң жақ санымды жаралады. Соны таңып қой да, жаны шықпай жатқанда иттiң басын кесiп, айдарынан менiң қанжығама байла. Бұл менiң басымды құдайы Топшынға апарып бермекшi едi. Мен мұның басын балаларға ойыншық доп қылып берейiн. Ал сен мына қола құдайды алып үйге апар, ел көрсiн», – дедi. Ендi Мырзаш демалып, Сайқынның қасына келедi.
Сайқынға таяп келедi, Шала жансар батырдың Халын байқап көредi.
– Тойдың ба, – дедi, – қаныңа, Сен де қарап қалмадың,
Найза сұқтың саныма. Бұрын-соңды, ақымақ, Санға найза сұға ма!
Сен иттен болған аз жара Келтiрмес залал жаныма.
Ендi көршi сұққанды, Обалсыз, залым, ит жауыз, Қазаққа тiсiн қайраған, Ежелгi дұшман қанды ауыз, Төрт тағанын бөлектеп, Тағы да жақын келдi ендi.
Қола мүсiн құдайы Сайқынына болысып, Көмегiн жақсы бердi ендi. Қош айтысып бұрқынмен, Жаны барып Сайқынның Жаһаннамға кiрдi ендi.
Ендi қарап тұрсын ба, Қайырлы сәттi сапар деп. Екi дос ендi қамданып, Кешегi кеткен жылқыға, Өздерiн жолға салды ендi. Жаудан түскен олжаны Мұнда тегiс алды ендi.
Елге беттеп ер Мырзаш, Ендi жолға түседi.
Ел жауын жеңiп жайрату Ер жiгiттiң iсi едi.
Дұшмандардан ел қорғау, Мойнындағы парызын, Алдияр ұлы ер Мырзаш, Мiне, осылай өтедi.
Кешегi кеткен жылқыға, Түн қата жүрiп бұлар да, Сәске түсте жетедi.
Шорғабай бастық, қырық жiгiт Бұларды ендi көредi.
Дүдамал көңiл орнығып, Жаудан аман қайтқанын Ендi ғана бiледi.
Қырық үш адам қосылып, Көңiлдерi жайланып, Төбесi көктi тiредi.
Жамырасып, мәз болып,
Қуанышқа кенелдi. Бәрi бiтiп жұмыстың, Төрт құбыласы теңелдi. Алдияр ұлы Мырзекең Достарының көңілiн Осылайша жебедi.
Бас қосқан жерi бұлардың Қобдадан құлай ағатын Майшат деген жер дейдi. Айдаған малға қолайсыз, Асуы қиын өр дейдi.
Бiлетiн жердiң бар сырын Батыр Мырзаш ер дейдi. Оты мол, жазық жерлердi Тағы да Мырзаш меңзейдi:
– Ана бар ғой, жiгiттер, Малды бұрып оң жаққа, Бiр күндiк жол жүрсең, Алдымыздан кезiгед,
Қызылсай деген бiр жер бар. Жазық жер содан басталад, Аумағы сайдың емес тар.
Малды жайлап ақырын, Сол алаңға тартыңдар. Сайқыннан бастап дөрбiттiң Батыры түгел жойылды.
Iс артынан қауiп жоқ, Оны да еске алыңдар. Қызылсайға жеткен соң, Жалғыз-ақ тiк кезең бар. Сонан ғана асамыз,
Бiр ай жүрген Сайқынның Машақат шатпақ жолдарын Бiрақ жетi басамыз.
Осылайша ер Мырзаш Келер жолдың жобасын Тасқа басқан таңбадай, Анықтап сөйлеп бердi ендi.
Бұл жерде бiр күн дем алып, Қызылсайды бетке алып, Бұлар сонда қозғалды.
Қалыменен Мырзаш санасып, Қалыптан тағы озбады.
Бұраң жолы өмiрдiң, Келерi қалай бұрса да, Пенденiң болмас таласы. Әйтсе де онша жақсы емес Ел батыры Мырзаштың Оң жақ қара санының Найзадан болған жарасы. Достарына сезгiзбей,
Аққұсын қатты жүргiзбей, Қайратқа салып келедi Алдияр бабам баласы.
Бiрнеше күн жол жүрiп, Қызылсайға жетедi.
Күрiлдеген айдынды Қызыл судан өтедi. Жақындатып алысты, Дұшманға бермей намысты, Тағы да неше күн жүрiп,
Ел шетiне жетедi.
Көп сөздiң ендi дұрысы Уақиға едi бұл болған. Мырзаш ердiң дүрбiттен Өмiрiнiң соңында, Үшiншi болған ұрысы. Ақырғы рет елiне Әперген намыс бұл iс-тi. Ер Мырзаштың көзiне Бұрынғыдай жайнамай, Самарқау келiп iлiндi Ата мекен, туған жер, Сауыр таудың оң жағы. Сарыарқаның шығысы, Сауырға бұлар келiптi. Қалың елдiң ортасы,
Ұмыт болып михнат, Рахатын ендi көрiптi. Жаралы деген сөздi естiп, Алдын ала қалың ел Жамырасып, Мырзаштың Халын сұрап бiлiптi.
Жауға түскен мал-мүлiк, Ренжiтпей халықты, Мырзаш өзi бас болып, Иесiне қайтарып,
Түгел бөлiп берiптi. Қырық жiгiтке ер Мырзаш
Қалмақтан түскен олжа атпен Қоса есептеп барлығын,
Әр адамға он жылқы, Бiрдей етiп бөлiптi.
Ендi Мырзаш батырдың Жарасының мән-жайын Бiраз сөйлеп өтейiн.
Дұшманға бермей намысты, Ел үшiн қиған бiр жанын Ел қорғаған ерлердiң Аруағынан айналып, Садағасы кетейiн.
Мiнуге атқа ер Мырзаш Ауырлады жарасын.
Ертегi бұл сөз емес, Шындыққа, жұртым, нанасың. Тағдырдан келсе мүшкiл хал, Құтылып қайда барасың.
Кешегi Мырзаш бұл емес Жердiң жүзiн шарлаған. Қарға адым жер мұң болып, Көрсетпей тұр қарасын.
Алғыр ойлы сабаздың Кемiттi дерт санасын. Атқа мiнiп жүруге Бермедi кезең жарасы. Ертiсбай тұр жағалап,
Қайталай байлап жараны, Онан басқа қолынан
Неге келеді шамасы. Жаны кейiп ұшып жүр, Әдiл жүрек, ақ көңiл, Жасынан бергi шын досы, Көңілiнде жоқ аласы.
Оңтүстiк Сауыр сiлемi, Мырзаш жатқан осы жер, Шағылтас деген жер екен. Осы жерден салт атқа Мырзаш туған Шитөбе Бiр-ақ күндiк жер екен.
Отызын елге жiберiп, Он жiгiтпен Ертiсбай
Қасында Мырзаш қалады. Басқадай лаж-айла жоқ, Жүрiсiне Мырзаштың Ендi бұлар қам жасап, Жақсы, жайлы жүрiстiң, Ақылын ойлап табады.
Астын толық жұмсақтап, Шаңыраққа салады.
Ағаш байлап шаңыраққа, Екi-екiден төрт жiгiт
Ердi ортаға алады. Бiрер күн түнеп араға, Үйiне алып барады.
Ел-жұрты болып жиылып, Басына жастық қойғызып, Аузына сусын бергiзiп, Қара лашық киiз үй Төсегiне салады.
Бұл жарадан ер Мырзаш Бiр ай жатып төсекте, Бiржолата жазылып, Сауығып әбден болады. Мұнан кейiн кешiкпей, Қызба деген күшең дерт
Мырзашқа кез болады. Емдемек болған балгерден Мырзаш батыр бiржола Аулаққа өзiн салады.
Ана бар ғой, балгерлер, Маған ендi ем қонбас-ты. Шәйiт болар келдi кез, Тағдырға шара болмас-ты. Алдияр атам жетелеп, Түсiмде келiп жармасты. Ендi жаным қала алмас, Емдеуге мұнан былай да. Мырзаш ендi көне алмас, Менен аулақ жүрiңдер, Мырзаш жөнге келе алмас.
Осыны айтып ер Мырзаш, Терiс ауып түстi де, Өмiрде мұндай болмаған, Көзiне алды бiраз жас.
– Ау, Шәкежан, жалғызым, Зерек едiң әуелден.
Анаң менен Ертiсбай, Үшеуiң жақын келiңдер. Ренжiмей тағдырға, Разы болып көнiңдер, Қолдарыңды берiңдер.
Мына бiр сөзге құлақ сап, Зиын қоя сенiңдер.
Елге iстеген еңбектi, Дұшманға қылған қайратты, Өсиет қылып халыққа, Алып-қоспай анығын Баяндап айтып берiңдер.
Дүниядан басқа арман жоқ, Ең асыл арман көңілiмде, Көрге бiрге кеткендей.
Осы жазда сапармен Петрбурға бармақшы ем.
Пржебалскимен кеңесiп,
Көп кедейдiң қамы үшiн,
Ақыл-кеңес алмақшы ем. Достығымды ұлы орыс Халқыменен ұзартып, Елдегi қалың кедейдi
Бақытты жолға салмақшы ем. Пржебалски Жайсаңнан Қайтарында қоштасып, Шығарып салып қайтып ем.
Көңiлде жүрген арманның
Бәрiн тегiс айтып ем.
«Азат болар күн жақын, Асықпа, Мырзаш», деп едi. Сұм тағдыр мұрша бермедi, Игiлiктi ел үшiн,
Тағы айтарым көп едi. Тағы айналса сол досым, Менен сәлем айтыңдар.
«Әлi де талай, Мырзашым, Кезiгермiз», деп едi.
Осыны айтып қайран ер, Жуырқанын жамылған Бетiне тарта жабады.
Ағайын-туған елi боп, Мырзаштың сапар мәңгiлiк Жабдығын қолға алады.
Мырзаш жоқ ендi халқына, Ақырғы демi таусылып, Елу тоғыз жасында,
Ел-жұртының қасында,
Жер күңiренткен қайран ер,
Мырзаш дүния салады. Кешегi сұмырай заманда Ел қорғаған қамқор ер Шитөбедегi Ақбейiт
Деген жерге жерленiп, Астаудай топырақ жамылып, Бiр белгiсiз қалады.
Осылай батыр Мырзаш көзiн жұмды, Қалдырып аласапыран дүния сұмды. Көлденең сұрағанға алып қоспай, Оқушым, баяндадым болған шынды.
Мырзаштың соңғы ерлiгiн еттiм баян, Уақиға бұл әңгiме көпке де аян.
Ер Мырзаш арманына жетпей кеттi, Сұм дүния еткен едi кiмге баян.
Не айтат деп келешекте көптiң сыны, Мұны тердiм көнеден айлар, жылы. Көп сөз кеп бiр арнаға түскеннен соң, Келтiрдiм өлең жырға сонда мұны.
Кедей қамын ер ойлап көзiн жұмды, Ойлаған ақ ниетке жетпей тынды.
Болмаса хан мен сұлтан сойқанды iсi, Қаралы көрмес едi мұндай күндi.
Сұм тағдыр кеп кенеттен үмiт бiттi, Жетсем деп жарық күнге үмiт күттi. Ойлаған алғы мақсат, арман тiлек Қапыда қайран ермен бiрге кеттi.
Жер шарлап батыр Мырзаш сапар шеккен, Құтқарсам деп кедейдi хан мен бектен.
Пржевальскиймен достасқан зор үмiтi, Кейiнгi ұрпағына келiп жеткен.
Елге әйгiлi ер Мырзаш оң менен сол, Ел қорғаған Мырзаштың еңбегi мол. Ел қадiрлеп еңбегiн соның үшiн,
Ел аузында жатталып қалғаны сол.
Мырзаш деп үшiншi рет алдым қалам, Ел қорғаған ер үшiн барлық санам.
Үшiншi ерлiгiңдi аз жырладым, Қасиетiңнен айналдым, ұлы бабам!
Сiз үшiн қолдан келген осы барым, Басқадай қолдан келер жоқ қой шарам. Қоштасып аруағыңмен ең соңғы рет, Бiтiрдiм ерлiгiңдi ендi тәмам.