Мырзаш батыр (Сағидолла Нұралин нұсқасы)

Ой салар өткен іске көңіл бұру, Өмірге көз жіберсең бір қыдыру. Ер өткен, ел жаңарған, жол өзгерген, Жаңда жоқ жаратылыс мәңгі тұру. Ақыл сөз ойға қуат, бойға жылу, ұясы екеуінің паһым қылу. Өмірдің құрбаны боп кеткен екен Не шешен, басым батыр, көркем сұлу. Өмірдің өшпес жолы өліп сыну, Қозғалыс, қуат сөніп, бітіп тын...

Kazakh
Мырзаш батыр (Сағидолла Нұралин нұсқасы)
Ой салар өткен іске көңіл бұру, Өмірге көз жіберсең бір қыдыру. Ер өткен, ел жаңарған, жол өзгерген, Жаңда жоқ жаратылыс мәңгі тұру. Ақыл сөз ойға қуат, бойға жылу, ұясы екеуінің паһым қылу. Өмірдің құрбаны боп кеткен екен Не шешен, басым батыр, көркем сұлу. Өмірдің өшпес жолы өліп сыну, Қозғалыс, қуат сөніп, бітіп тыну. Тіріде елге паш қып айтпаған соң, Пайдасыз ескі сөзін естіп білу. Адамға әбден қажет өмір сүру, Адам боп, адамшылық жолын құру. Атақты Алтай тауын мекендеген Найманда төрт төртуыл деген ру. Бір табы төртуылдың ел тұзақты, Ержетер елден қуып нелер жақсы. Осы елден шыққан екен батыр Мырзаш, Жан екен ерге серік, елге басшы. Әкесі Мырзаш ердің Алдияр-ды, Жан екен жалбыр тонды, малға жарлы. Баласы жарлы шалдың батыр туып, Ерлігі елге мәлім, есте қалды. Келген соң батыр Мырзаш он бесіне, Орнаған жігер, намыс зердесіне. ұшырып бай, шонжардың үрейлерін, Қоймаған қалағанын бермесіне. Асынып қылыш-найза, шоқпар, мылтық, Ығынан ел жуаны жүрген үркіп. Аз сөзді, алғыр жүзді адам екен, Сияқты сырт ажары қыран бүркіт. Көп жерді осы Мырзаш аралапты, Тап берген талайларды жаралапты. Жауынан кегін алып, елге олжа сап, Тамақ боп, киіндірген жалаңашты. Болыпты кедей қарық олжасына, Ер екен жанын қияр жолдасына. Жүз сан мал, қалың қазына әкелсе де, Тартпапты тамағы үшін өз басына. Болыпты қара құрым туырлығы, Міндеті – ел асырау, ауыр жүгі. Өмірде мал дегендей болмайды екен, Бір сиыр, жалғыз аттан басқа түгі. Мал үшін өмірінде қайғырмаған, Елінен, кедейінен асырылмаған. Қуып жеп бай-шонжардың малдарынан, Ер екен есе бермей айдындаған. Шығыпты ұзақ жолға осы Мырзаш, Ешкімге ақылдасып, кеңес қылмас. Жоғалып үш жыл бойы кеткен екен, Сияқты көшпелі алтын қолда тұрмас. Жөнелген сырын айтпай жалғыз басы, Жас бала, үйде қалған жар жолдасы. Ел жылап, есіл ерін сағыныпты, Көл болып, қамырығып көздің жасы. Тұзақшы сол мезгілде түгел кедей, Ері үшін енді қайтсін қайғы жемей. Басынып, ұрып-соғып, малын талап, Кетіпті бай-шонжарлар адам демей. Болғанда төртінші жыл атқан таңда, Білгізбей, елге кепті ешбір жанға. Ел тұрып жан-жағына көз жіберсе, Қаптаған қалың жылқы жатыр маңда. Жылқыға ел адамы барды шауып, Батырын ұйқтап жатқан алды тауып. Еріңіз ер жастанып жатыр екен, Жарғағын жамылшығып бетке жауып. Қуанып, құттықтады, ел ұрандап, Батыры баяғыдай тұр бұлаңдап. Әкелген жүз жылқыны елге беріп, Алыпты мінуіне бір ат таңдап. Тұзақшы топыр қылып той жасады, Бар елге батыр сонда сыр ашады. – Жер кездім үш жыл ұдай тыным таппай, Ажалдан тура келген кім қашады. Осыдан Алтай өрлеп жүріп кеттім, Буыршын Қаба өзенін кесіп өттім. Қара Ертісті қыран басып Көктоғаймен, Шіңгілдің көк үйіне барып жеттім. Медет қып жүре бердім деннің сауын, Тұрады бұл жерлерде керей қауым. Адамның зияны жоқ жай жолаушы, Мен емес деп айтамын сенің жауың. Жолаушы жөнімді айтып базыналық, Ат күтіп, жүрген жерден анық алып. Кезгенім, кедей елім, сенің қамың, Келгем жоқ қауап қылып, қажы барып. Мен бардым Орымжының боғдасына, Құмылда Сарт Уаңның ордасына. Қотаңды Қашқар тұрған араладым, ылаж жоқ жүрген жерге қонбасыма. Сарт деген бұл жерлерде ел бар екен, Күні ыстық, күйіп тұрған жер бар екен. Көрінді көпшілігі қол есепті Билеуші қожа, молда, дегдар екен. Тоқтамай жүре бердім одан әрі, Жер екен біраз тәуір Қарашары. Мұңғұлдың уаңына есебі жоқ, Халқының қарғыс айтып, айтқан зары. Тебетке барып жеттім одан шығып, Еш адам жөн білмеді тілімді ұғып. Шашам ба көпке топырақ амалым жоқ, Қараңғы бір қуысқа қойды тығып. Бастығы түсі суық, бұжыр дүзді, Батырың жаннан сонда үміт үзді. Әйтеуір бір ай толған мезгілінде Сөйлесті тауып әкеп бір қырғызды. – Адаммын, – дедім, – сонда жиһан кезген, Басшым бар, мейірімсіз елімді езген. Әкелмек елді бастап ниетім бар, Жайлы жер, жақсы жұртты көрсем көзбен. Көп жерді содан бері араладым, Көңілімде табылмады қалағаным. Көмілмек өз жеріме ендігі арман, Ажалсыз елге жетсе шала жаным. Ат, киім, азық беріп қоя берді, Көрмедім өзім мұндай аңқау ерді. лама келең кешіл жемі болған, Халық екен қамаудағы қайғы, шерлі. Ел екен мал өсірген Тебет деген, Құл болып қожасына жүрекпенен. Дейтұғын Далайлама Құдайына Мал, бала сұрап барар тілекпенен. Бәрі бір көрген күні мұндағы елдің, Көрмедім отырғанын жырғап елдің. Базарын Манас Сауан баса жүріп, Қыс түсе Қобы деген құмға келдім. Отырған керей қыстап Қобы құмын, Көп көрдім уыс-уыс аңның жымын. Керейдің байға ілескен кедейлері Аң аулап жан сақтайды көріп күнін. Көп екен керейдің де азулысы, Кедейге кесел апат жазым күші. Жарлығын би-төренің екі қылмай, Құдайдың деп біледі жазулы ісі. Тынығып біраз жаттым еру елде, Аң аулап шықтым бір күн серуенге. Қобының қазан шұңқыр бір құмында Жолықтым бір топ орыс керуенге. Ішінде бір адам бар ерге лайық, Басшысы осы ғой деп білдім сайып. Көргенде өздеріңді, бауырларым, Көрістім аттан түсе құшақ жайып. Біреуі қазақ тілін біледі екен, Бұлар да дүние кезіп жүреді екен. Бастығы Приживал деген адам, Өзімнің Отанымның түлегі екен. Айтыстық әбден ашып жөн мен жайды, Іштегі сырды шертіп бір талайғы. Бұлар да шығыс жақты түгел кезіп, Өткізбек осы құмда бірер айды. Бастығы Приживал ғалым екен, Атағы Россияға мәлім екен. Анықтап ел мен жердің жаратылысын Бермегі жас ұрпаққа тәлім екен. Мен де айттым жүрген жүріс жөн-жайымды, Отырды барлай қарап ыңғайымды. – Мен жалғыз жер кезуші, – дедім, – төре, Елімнен толық үш жыл дәм айырды. – Дүниені, – деді маған, – неге кездің, Жасырмай жөнін ұқтыр бұл мінездің? Жабайы жай қазақтың бірі екенсің, Жер кезіп, жеке жүріп нені сездің? Бөгелдім бұл сұраққа біраз тоқтап, Тұрғандай тиді сөзі мылтық оқтап. Жасқандым шенді шенел киімінен, Дегенге ел намысын жүрмін жоқтап. Әйтсе де бел байладым тәуекелге, – Бермексіз сіз де білім кейінгі елге. Елінің еркіндігін іздемей ме, Анадан адам болып туған бенде. Рас, біз надан елміз қазақ деген, Қазақта көп емес пе азап деген. Елімнің билеушісі бай мен болыс, Барады күн көрсетпей мазақпенен. Өзімнің туысым бар біраз ауыл, Басында күнде боран, зарлап дауыл. Жер тапсам, жайлы мекен көшпек едім, Жөн көріп тілімді алса аға-бауыр. Аралап талай жерді көріп келдім, Жақтырмай бәріне сын беріп келдім. Көз көрмей, көңіл сенбей болар ма еді, Алпаты көше қашсам желіңбенен. Амал жоқ жайлы мекен таба алмадым, Алысқа атпен құлаш жаза алмадым. Иә, тақсыр, көңілдегі шыным осы, Қойсаң да құлы қылып қазарманың. Аударды орыс тілмаш бірін қоймай, Қояр деп ойлағам жоқ мені соймай. Бетіме барлай қарап көп отырды, Жыбырлап қалың мұрты терең ойлай. Орнынан түрекелді күлімсіреп, Білінді бейнесінен адал жүрек. Арқама алақанмен екі қағып, Айқасты мойныма алып білек. – Батырсың, барып тұрған Алдияров, Көп жерді аралапсың, – деді, – барып. Жетпейді бұл арманға сенің өмірің, Кейіме, келешектің алды жарық. Өмірдің осы күнгі бәрі алдамшы, Алысқан алдамшымен сен арманшы. Әзірше асығудың қажеті жоқ, Кім мақұл кейін мәлім, кім жалғаншы. Басынан су аяғы ылайланар, Кеткен соң мидан сезім тіл байланар. Езілген жалғыз сенің ауылың емес, Не нәрсе бастан төмен шыр айланар. Ұқтың ба, Алдияров, сөз мәнісін, Болды ма жалғыз ауыл бар танысың. Талабың таудай екен, ойың қысқа, Демеймін бұған сені кінәлісің. «Ұқтым» деп тұра келдім қол қусырып, Кеткенін сезбей қалдым қатты үн шығып. – Адаммын мен де өзіңдей деді төре, ылайық, жандарымға бұл құлшылық. Күттірді төре мені қатты сыйлап, Батыр деп таныстырды бәрін жинап. Қараңғы оқымаған, надан қазақ, Қалай жүр деп таң қалды жанын қинап. – Иә, батыр, бізді тастап кетпе, – деді, Бір елден шығып қаппыз шетке, – деді. Осы жол сапарымның ішіне алып, Етермін сені таныс көпке, – деді. Қағазға тартып алды сөретімді, Өзімнің осы бейне ретімді. Жүруге бірге ілесіп уәде бердім, Жөн көрмей төременен тіресуді. Сонымен бірге жүрдім дәл тоғыз ай, Тамақ тоқ, киім бүтін, ат-көлік сай. Әліммен ана бар ғой жолдас болдым, Жүргем жоқ, бекер қаңғып мен дағы жай. Ілесіп орыстармен Құлжа бардым, Ондағы халықтардың сырын алдым. Салыпты ел басына темір ноқта, Әкімі Жамбылдағы қытайлардың. Құлжада мұңғыл-қазақ, қытайлар бар, Ел екен еңіреген заңдары тар. Шәуешек, Еміл, Жайық бәрін көрдім, Келмейді өз жеріме бірде-бір пар. Адамның туған жері алтын бесік, Отаным, өз мекенім ашық есік. Ажалым өз жерімде келсе, арман жоқ, Өтсем де мың жыл жасап, өмір кешіп. Шыдаңдар шонжарлардың зорлығына, Күн туар тоқтау болар қорлығына. Бұл сөзді Приживал досым айтқан, Мен сендім онда ақыл молдығына. Тоқтады батыр көпке барлай қарап, Тыңдады үн шығармай бүтін алап. Мырзаштың батырлығы, батылдығы Тоқталмай әр тарапқа жатты қарап. – Елі мен жер еске түсті, бала, қатын, Сағындым елімнің ер-азаматын. Емілдің өзенінде елге қайтпақ Алдым мен ғалым достың рұқсатын. Ат берді, ақша берді, ақыл берді, Көргем жоқ, өзім туып мұндай ерді. Барам деп Жайсаңға да айтып еді, Аралап шығыстағы біраз жерді. Қоштасып, қолды алысып, тура тарттым, Нанын жеп, шайын ішіп, дүңген сарттың. Жорғасын Қарашардың мініп алып, Бір атқа ыңыршақтап олжамды арттым. Мен жеттім Шабан оба асуына, Аспанда ай таяды батуына. Алдымда жылтылдаған от көрінді, Жөн емес одан қорқып қашуыма. Қарасам қалың жылқы жатыр сайда, Үн шықты ұрып таста қайда, қайда? Айқасып абың-күбің шоқпарласты, Біреуі қайратты екен бірталай да. Үш кісі меніменен айналысқан, Алдырмай көп қинады әлгі дұшпан. Алғашқы «ана бар ғой» арпалыста, Екеуін екі салып ұрып жыққам. Жүгімен қоя бергем қосарымды, Шұңқырлап үркіп жылқы қотарылды. Тізеден бір айналып ұрғанымда, Әлгі жау «ана бар ғой» қопарылды. Бөксеге қайта айналып кеттім салып, Атынан арпаң қағып түсті талып. Тоқтатып топ жылқыны аттан түсіп, Қарасам қара шонжар жатыр алып. Жинадым үшеуінің басын қосып, Қасында демді алып жаттым тосып. Маңдайым жараланып менің дағы, Ағып тұр абайласам қаны жосып. Басымды таңып алдым орамалмен, Үш кісі қарауымда қора малмен. Ат-тұрман, киімінің үлгісінен Таныдым керейлігін жорамалмен. Болғанда қылаң беріп таңға таяу, Көтерді әлгі батыр басын баяу. Атымды шылбырынан мықтап ұстап, Қасында отыр едім мен де жаяу. Көзін ашып мені көрді қасындағы, Көрінед тең тұрғылас жасымдағы. Қатені кешіңіз деп сәлем берді, Ер екен, жеңілгенін жасырмады. Бір-бірлеп есін жиды екеуі де, Кетіпті екеуінің кетеуі де. ұрып ем қан шығармай үшеуінде, Дұрыс қой ерлікке ерлік өтеуіне. Әуелі қол алысып амандастық, Қағысып, қалжың айтып замандастық. Іргелес ел екеміз қатар жатқан, Басында байқаусыздан жамандастық. Мен де айттым, о дағы айтты аты-жөнін, Орыстың кешірістік артық-кемін. – Мекенім – Қарашұқы, атам – Бұқай, Бұқым деп түсіндірді атым менің. Бұқыны жүруші едім бұрын естіп, Дүздесіп көрмеп едік, бет егес қып. Керейдің кегін қуған ер Бұқысы Тар жерде «ана бар ғой» кезікті үстіп. Жылқыны алған жері Шыған тоғай, Тау беті бейбіт елден олжаны оңай. «Бәрібір найман малы менікі» деп, Бұқыдан бұл жылқыны алдым солай. Жөнелді Бұқы батыр өз жайына, Келмеді тартып алар ыңғайына. Іздесе мал иесі, менен алсын, Көп малды елден тығып ұрлайын ба! Бұқының кегі кетті жүрегінде, Кек күшті көрінеді мінезінде. Етіңдер азық-ауқат, мінер көлік, Бұл малдың бар сұрағы бір өзімде. Осылай ұғындырды жөнін айтып, Еліне үш жыл жүріп келген қайтып. Найманда батыр Мырзаш төртуылмен Ту болған тұзақшыға алтынды айшық. Сонымен бір талай жыл өмір кешті, Өткізді өршіл батыр сан егесті. Би Шөкен, болыс Бекбай, Қалиттармен Ер жетті, ел ерленді Бұғы теңесті. Бірталай алыс-жұлыс заман өтті, Батырдың алпыс төртке жасы жетті. Атасы Атан тайлақ Сәкенбайдан ұранқай тоқсан жылқы алып кетті. Мекені ұранқайдың Қабақанас, Тегі жау баяғыдан атасы алаш. Ежелгі қазақ, қалмақ жаулығынан Мұра боп келе жатқан осы талас. Алтайда аң қараған бір ұранқай Жоғалып көптен бері бұзды шырай. Дәл соның төртуылда жаласы бар, Іліксіз бұл жылқыны алған жоқ жай. Жиналды басын қосты, ел жуаны, Бірікті уезд Зайсан бір дуаны Кек алып ұранқайдың малын қумақ, Осыған ұйғарылды жұрт пыланы. Намысқа барсын десті кәрі батыр, Қайраты қажыған жоқ әлі батыр. Алтайдың жолы таныс өзі барсын, Басшыға басқа адам жөн болмайды ақыр. Батырға бар төртуыл салды салмақ, Бар мұңын айтып жатыр бай да зарлап. Саба артып, қойын үйтіп бәйбіше кеп, Ат тартты ақ қояндай батырға арнап. Би келді, старшин мен болыс келді, Дуаннан уезд жұмсап орыс келді. «Қайратты қартайғанда бір көрсет» деп, Бәрі де жалғыз ауыз болып кетті. Қысылды батыр көптің назарынан, Байқалды қысылғандық ажарынан. Түнеріп, басын шайқап былай депті, Алғандай анық хабар ажалынан. – О, жұртым, мен келіп ем алпыс төртке, Ел үшін талай қыспақ түстім өртке. Деуші едім, жерімде өлсем, арманым жоқ, Жете алмай қалар ма екем айтқан сертке. Бар еді тәжірибем болжайтұғын, Қазірде көрмей жүрмін ондай түгін. Қалады-ау қатын-балам қасіретте, Орныма мәңгі бақи талмайтұғын. Қайтесің мені қинап қартайғанда, Денеден күш азайып жалпайғанда. Мен барсам, көрмейсіңдер сүйегімді, Бұлданып, жорымаңдар шалқайғанға. Көп айттым, уайым қылма, жоқ немені, Адамнан, ажал келсе, от сөнеді. Егер де ажал келсе-ақ бұйрықты, Табармыз, тастамаппыз бір денені. Қынжылды қиналғандай батыр сонда, Сапарды жалғыз Тәңір өзің оңда. Айтып ед бұрынғылар әділ мақал, Қалад деп төртуылдың басы жолда. Ажалға әдейі айдап жұмсадыңдар, Шақырған мені өлімге бір сағым бар. Тіріде туысқанның қадірі жоқ, Өлген соң сүйегімді бір табыңдар. Ақырғы барлығыңа айтар қошым, Аман бол, аз төртуыл, бауыр досым. Әкеміз Алдиярдың шаңырағы Іргеңнен шықпады-ау қара қосым. Ел-жұртым татарым ба тұз-дәміңді, Ортаңа аман әкеп бір жанымды. Алдың деп Құдайға арман етпес едім, Сезсем мен жаназамда тұрғаныңды. Барайын бәрің айтып болмадың ғой, Қабылда қартайғанда зорладың ғой. Байың да, би мен болыс, орысың да Шырғарлап шебер тілмен торладың ғой. Алайын атшы қылып жалғыз жолдас, Топ жиып, ту алғанның жөні болмас. Егерде зауды ғалам іс боп қалса, Күйдірер көп шығынның орны толмас. Ертіп бер атқосшыға жалғыз бала, Жалғызға деуші еді жұрт «Құдай пана». Мен өліп, қасымдағы аман келсе, Күйдіріп ол сорлыға жаппа жала. Беріңдер екеумізге бірден қосар, Тауысқан жануардың белі босар. Қысылса ел табарлық жайы болсын, Ертпеңдер ез мінезді жігітті осал. Осы сөз байлау болды нағыз тоқтам, Баратын болды Мырзаш ойда жоқтан. Қар жауып жон Алтайға жол бекіген Кез еді қыстың басы боран соққан. Жүруге Мырзаш батыр дайындалды, Жаратып төрт сайгүлік жайындарды. Аққұлақ деген жігіт ермек болды, Білмеуші еді о да жаудан тайынғанды. Аққұлақ Секенбайдың өз баласы, Оның да батырлыққа бар таласы. Өр көңіл, сергек жанды жігіт екен, Тағы бар жүрегінде мол жарасы. Тарады осы әңгіме елге паш боп, «Барад, – деп, – ұранқайға Мырзаш бас боп». Естіді төре Шотан бұл хабарды, Жүрегі төртуылға жүрген тас боп. Ести сап зұлым төре бұл хабарды, Шақырып төлеңгітін қасына алды. Батырға Бұқай Бұқы тез жет деді, Еліне қайтармасын Мырзаш шалды. Бұл істі ұранқайға хабарласын, Әйтеуір қайтармауды амалдасын. Бар еді ата кегім төртуылда Сүйегін батырыңнан таба алмасын. Мінеки, бара жатыр күн де батып, Қос атпен Бұқыға жетті тез түн қатып. Аржағы ұранқайға кісі шапсын, О дағы кегін алсын қалмай жатып. Асығып атқа мінді бір төлеңгіт, Басқа адам бұл жұмыстан біледі түк. Қаба мен Қарақойын арасына Түн қатып, жолсыз жермен тартыпты тік. Бұқыға келді хабар ертең түсте, Бұқының жатушы еді ызасы іште. Мырзашты қазір байлап алғандай боп, Булықты Бұқы батыр қара күшке. Асығыс аттандырды бұл да адамын, Жігітті жолын білер екі араның. Сенденжап, Шотан, Бұқы астарласып, Іріңі бірігіпті үш жараның. Бастығы ұраңқайдың Сенденжап гүк, Баяғы Қапын ұрқы болғаны шын. «Айда, – деп, – бар жылқыны бір дараға!» Еліне берді бұйрық асығып тым. Бұйрығы Сенденжаптың орындалды, Үйгізді дар аузына қорымдарды. Әр жерге қару беріп, қарауыл сап, Мырзаштың келер деген жолын да алды. Сақтығы ұранқайдың болды дайын, Қораға тастамады жалғыз тайын. Ер басы мінген аттан басқа жылқы Жатыпты жасыл көлдің өрлеп сайын. Жау жағы осылайша мығым жатты, Ерттеді жол жүруге Мырзаш атты. Жөнелді қосар атпен азық теңдеп, Қасына ертіп жалғыз Аққұлақты. Ел қалды тілек айтып шуылдасып, «Жорытқанда жол болсын» деп дуылдасып. Алтайдың күнгейімен Ертісті өрлеп, Алқа мен Білезіктің суын басып. Қарасай, Желқарағай, Шыбаршылық, Теректі, Мұздыбұлақ аққан жылжып. Жыдалы Ақбұлақты кесіп өтті, Көрген жер батыр Мырзаш бәрін біліп. Ақ мамық Алтай тауы қар жамылған, Әне тұр қаба басы жал қабырғаң. Бөктерлеп Сарқамырдың теріскейін, Мұңғылдар атқы көрді аңға құрған. Көрінді, міне, алдында Қанас көлі, Әне тұр емегейті аппақ көлі. Қыстайды сай-саласын осы таудың ұранқай атанатын мұңғыл елі. Қанасқа жетті бұлар жеті күнде, Үн-түнсіз ойға келген батыр мүлде. Қалайша қабақ түйіп қайғыланды, Еліне қайран батыр салған жүлде. Аз тоқтап батыр сонда аттан түсті, «Аһ» деп жалын атты өте күшті. Кім білсін, түс көрді ме, күш келді ме Сезгендей сезіктенер алдағы істі. – Сөз тыңда, Аққұлақ балам, – деді, Көңліңе қоштасу сөз салам, – деді. Дәл келсе тәжірибе жорамалым, Мен мұнда елге қайтпай қалам, – деді. Жүруім, жорамалым жаман, – деді, Болады әлдеқандай заман, – деді. Егерде «ана бар ғой» жазым болсам, Әй, балам, болма маған алаң, – деді. Елге жет келер болса шамаң, – деді, Қуансын атаң менен анаң, – деді. Ақборық ажалымнан қабар тапсын Менің де қатын менен балам, – деді. Өтіп еді алпыс төртте аталарым, Білмеймін одан артық жасағанын. Түсімде әкем келіп ана бір күн, «Өлтіред» деп айтып еді қас адамың. Сәлем айт төрт төртуыл туысыма, Бір күнде сыйып еді уысыма. Арман жоқ, елім үшін құрбандықпын, Бір тастың кірсе денем қуысына. Сәлем айт туған аулым Тұзақшыға, Көмдім де бауырыңды күн астына. Көп жылдар көне өмірді бірге өткізген Ел қалды-ау кәрі қызын ұзатты да. Сәлем айт туған жерім Шитөбеге, Егін сап берсін елім көпке өнеге. Ежелден өмір өтпек, ұрпақ жетпек, Қайғырып жыламасын біз көнеге. Қара Ертіс қалың елдің мекені еді, Қожамбет, үш байжігіт жеке ел еді. Білерлік еңбегімді адам туса, Бір кезде әруағымды күтер еді. Айтамын арнап сәлем Приживалға, Ойынан орын берсін жолдас шалға. Амал жоқ, көрмей өлсем, үлкен арман, Қызық күн кейінірек деп еді алда. Сәлем айт ұлы байтақ мекеніме, Кез келген жауыздардың кеселіне. Ал, балам, атқа мініп аяңдайық, Көз жетпес өмір қанша екеніне. Екеуі атқа мініп біраз жүрді, Самырсын қарағайлы сайға кірді. Таң атып, жарық түскен мезгіл еді, Ауылдың жау келділеп иттері үрді. – Ал, балам, аялдалық осы жерге, Екеуміз пар келмеспіз қалың елге. Түн туа жылқыларын бақылайық, Күн батып, жер бетіне түссін перде. Шығайық қарауылға түстен кейін, Алайық аз тынығып оған дейін. Жау қамап, жазым болар іс кездессе, Қорғай біл өз басыңды, мен не дейін! Бар екен бүрі қалың бір самырсын, Жан-жағы жалама тас бастары ішік. Бет алған сай ішіне құзар тасқа Сияқты шұбырынды жатыр бір жым. Түбінде сол ағаштың демін алды, Аттар да біраз оттап тебін алды. Бас жақтан қар сықырлап, тас саудырап, Қатерлі, қауіпті ажал келіп қалды. Батыр да абың-күбің ыңғайланды, Өрмелеп тауға қарай тасты айланды. Аққұлақ ат даярлап өте асығыс, Қарсы алды екі-ақ адам бұл майданды. Атылды мылтық даусы гүрс-гүрс, Талтүсте ашық аспан басталды ұрыс. Сай іші жоғарыдан оқ боп кетті, Жер емес шоқпарласар, сермеп қылыш. Батыр да, Аққұлақ та атып жатыр, Жау басым, жері тұйық болмады ақыр. Аққұлақ ат жетектеп жеткенінде, Кіндіктен жаралы екен Мырзаш батыр. – Тоқталма енді, балам, жөнел, – деді, Тағдырдың не жазғанын көрем, – деді. Шама жоқ қозғаларлық орнынан, Ақбұйрық ажал келсе, өлем, – деді. Аққұлақ иек қағып тұра қашты, Жан-жақтан ұраңқайлар мылтық басты. Шалдырмай құла жүйрік атқан оққа Сай басы шаған оба белден асты. Аққұлақ сол кеткеннен кете берді, Үңгірде батыр Мырзаш жалғыз қалды. Дүние күңгірт тартып төңкеріліп, Қарсы алды сол арада сұм ажалды. Үстіне болып аспан құлағандай, Ел-жұрты естілді елес жылағандай. Жан-жары көз алдынан көлбең етіп, Сезілді баласы ақыл сұрағандай. Көз жұмды, көкіректің оты сөнді, Шығарды иек қағып ақыр дәмді. Жау жері жапқан ұлға ақ көрпесін, Бейіт қайда, белгі қайда батырға енді! Жыл екен мың сегіз жүз сексен сегіз, Адамдар сол жылы туған бұған негіз. Әр нәрсе пар-парымен жаратылған, Өмірге, ойлап көрсең, өлім де егіз. Таяды содан бері бір ғасырға, Көрмедің Мырзаш тұр ғой құрдасында. Бейіт белгі көзге түсер дәнеңе жоқ, Қанастың қалды батыр қырқасында. Сүйегін іздеп барып таба алмаған, Төртуыл мұңғылдан кек ала алмаған. Кетіпті алалықтың құрбаны боп, Амал не әділетсіз жаман заман. Көмілмей қалды батыр мекеніне, ұшырап жауыздардың кеселіне. Ажалға айдап барып жатып қалды, Қалыпты Бекбай да, Шөкені де. ұры емес, батыр Мырзаш ел қамқоры, Жан екен жауырында қараторы. Таныссаң зерттеушінің кітабымен, Анықтап ұғынарсың біліп оны. Ертегі ел аузында жүрген Мырзаш, Қалған жоқ қазір адам ол тұрғылас. Ертектен құрастырып өлең қылдым, Есіл ер қалмасын деп жым-жылас. Шотан қас ошағының бөлігінен, Бұқы қас ұрлап жеген жілігімен. Сенденжап серік болған сұмдар екен Бірінің істегенін бірі білген. Аяқтап бұл сөзімді бітіремін, Мырзаш та ел тамыр деп түсінемін. Сенденжап, ұры Бұқы, Шотандардың Бейітіне қарғыс айтып түкіремін.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.