ШОРА

Қалың ойнап жатқанда Ақташы хан алпыс биіне: “Нәрік баласы Шораның Таспакерін алып кел”, – деп жіберген. Алпыс би Таспакерді барып сұрағанмен, бермеді. Сонда, алпыс би үйді шыр айналып шапқанда, аттың дүбірімен, мылтықтың дуымен Таспакер сарайды бұзып, есігінен шығып кетеді. Сонда, алпыс би Таспакерді ұстап алып кете б...

Kazakh
ШОРА
Қалың ойнап жатқанда Ақташы хан алпыс биіне: “Нәрік баласы Шораның Таспакерін алып кел”, – деп жіберген. Алпыс би Таспакерді барып сұрағанмен, бермеді. Сонда, алпыс би үйді шыр айналып шапқанда, аттың дүбірімен, мылтықтың дуымен Таспакер сарайды бұзып, есігінен шығып кетеді. Сонда, алпыс би Таспакерді ұстап алып кете береді. Сонда Нәрік Таспакерді алып кеткесін, артынан қуып барайын деп ойлайды. “Егер қуып жетіп, Таспакерді айыра алсам, жақсы. Айыра алмай, өліп кетсем, оны Шора білмей қалады өлгенімді. Сондықтан Шораға хабар берейін. Шора қорқып, бара алмаса, өзім кетейін”, – деді. Сонда Шора ең шеттегі бір отауда ұйықтап жатыр екен. Сонда Нәрік барып, Шораға сөз, айтайын дегенде, сонда келіні тұрып, түндік ашайын деп сыртқа шығып келе жатыр екен. Үйдің артындағы Нәрікті көріп, сәлем беріп, түндікті ашпай, үйге кіріп кетеді. Сонда ұйықтап жатқан Шораның басын шайқап айтnқаны: –Артық туған сұлтаным, Астыңдағы тұлпарың. Келіп тұр сыртта бабаңыз. Көрмеп едім бұл түсін, Егже етемін атаңа, Барып, өзің қараңыз. Сақалының ағы бар, Ашуы күшті тағы бар. Неше түрлі қасында Сол кісінің болат бар, Астында жақсы қара ат бар. Ұйықтамаған секілді Ұзақ түннің бойында. Не бар екен ойында? Оятқаным сіздерді Барып хабар етерге, Алдынан сәлем берерге. Сонда Шора жүгіріп Үйден шықты далаға, Үстіне кимей, көйлекшең. Баласы қалай шыдайды? Ұстай алды шылбырдан. Сәлем беріп алғасын: –Түсіңіз аттан сіз, – деді. Түспей тұрып атынан Сонда Нәрік сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: –Ақташтың алпыс биі Шыр айнала бұл шапты. Ат шығарып алдынан, Айланы зұлым бұл тапты. Есігін бұзып сарайдың, Таспакер шығып бұл қашты. Жетелеп алып алпыс би Таспакерді алып ол кетті. Бара алмадым торығып, Алпыс иттен қорқып. Сіз бармасаң, Шоражан, Кетейін деп мен тұрмын. Ақташтың алпыс биі Жатқан шығар Балбұлақтың басында. Көк шалғынға жіберіп Өңкей атты қасында. Таспакерді қаңтарып, Ортасына алған-ды. Түніменен жүрген ит Таң атқанда ұйықтап Бұл сәскеде жатқан-ды. Балбұлақтың басында Жатқан жеріне жетейін. Қусам, жетпей не етейін? Бармайтын болсаң сен, – деді, Түспеймін аттан мен, – деді. Сонда Шора сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: Түсе бер, ата, сіз, – деді. – Барармын оған мен, – деді. Қалай да болса, жетермін. Таспакерді жіберіп, Үйде қалып не етермін. Отырып демалыңыз, Осы отауда жатыңыз, – деп, Нәрікті атынан түсіріп, Шора үйге апарады. Неше түрлі жақсы тағам береді. Сосын өзі қара тұлпарды мініп, қолына қару алып, кетейін деп жатқанда, атасы Нәрік бір ауыз айтып қалады: – Айналайын, Шоражан, Туған балам сен болсаң, Алпыс биді өлтіріп, Кесіп басын, алып кел. Таспакерді жетелеп, Алып келші сен, – деді. Ол айтқаным етпесең, Ұйықтап жатқан жерінде Таспакерді алып қашсаң, Тумағаның сен, – деді. Шора сонда жөнелді, Қара тұлпар астында Дөңгеленіп барады. Ақташтың алпыс биі Балбұлақтын қасында, Жатқан екен басында, Таспакер тұр қасында. Шора түртіп оятты Алпыс биді найзамен. – Тұрыңыз билер, сіз, – деді, Таспакердің артынан Қуып келдім мен, – деді. Сонда Шора тұрады, Таспакерге бармады, Шылбырынан ұстай алмады. Билер жатпай жүгіріп, Атын бұрды тұра алмай, Мінейін деп кідіріп. Атқа мініп алғасын, Шораға билер шабады, “Көппіз ғой” деп қамады. Суырып Шора қылышын Тарылтты алпыс бидің тынысын Тырп еткізбей, билердің Шығармады дыбысын. Алпыс биді түсіріп, Алпысының да атын алады. Әр аттың шылбырын Әр бидің мойнына салады. Алпыс биді қосақтап Алпысын да қуады, Билерге мүшкіл туады. Таспакерді жетелеп, Салады жолға төтелеп. Билердің қолын буғасын, Қосақтап атпен қуғасын, Басына күнтуғасын, Билерді сөйтіп айдады, Сорлары сөйтіп қайнады. Табандары қып-қызыл, Терісі түсіп жайнады. Бір замандар болғанда, Бір төбенің басында Отыр екен хан Нәрік. Ер Шора келді еліне Алпыс биді қуалап. Маңдайының тері ақты Бұл сорлының жұмалап. Үйде отырған қатынын: “Мұнда кел” деп, шақырды, Қатыны келді жүгіріп. Сонда Шора бұйырды: – Мынау тұрған билердің Мойнына шылбыр сал, – деді. Желіге байлап тастай бер Айуандай қылып бұл, – деді. Есікте жүріп, болсын құл, – деді. Сонда тұрып Нәрік хан Баласын Шора шақырды. –Шора батыр, сен, – деді, Сұраймын сауға мен, – деді, Сауға берсең ер, – деді. Сонда Шора: –Сауға бердім мен, – деді. Ала бер, ата, сен, – деді. Мынау тұрған алпыс би, Алпыс биді бердім, – деп, Шора батыр айтқасын, – Бір-бірден жетелеп Қасыма алып кел, – деді. Сонда келіні жетелеп Алып келіп еді. Нәрік айтты: – Алпысының да мойнын да, қолын да босат, – деді. Сонда қолдарын босатқасын: – Аттарыңа мініп, үйлеріңе қайт деп, босатып жібереді. Нәрік хан: – Ақташы ханға сәлем айтындар. Сегіз күнде Ер Шора барады, қалмақтың елін шабады, – деді. Алпыс би атқа мінеді, Ол төбеден асқанша Жалтақ-жалтақ қарайды. Сол шабуылмен алпыс би Ақташы ханға барады, Ханға хабар береді. Алпыс биі сонда сөйледі: “Біз Нәрік деген шал көрдік, Шора деген жан көрдік. Мұрсатқа қоймай алғандай, Шора ойын салғандай. Шора деген бек екен, Келсе, қоймай алғандай. Қырар келсе қаламыз, Жылап қалар баламыз. Біз қорықтық Шорадан, “Келмей ме, – деп ойлаймын – Сол Ноғайға шамамыз”. Дүние менен мал құрысын. Өзіміз босып кетейік, Жан айласын етейік. Нәріктің сөзімен құтылдық. Балбұлақтан айдады, Сорымыз судай қайнады. Етікті шешіп қолға алып, Жалаң аяқ айдады. Аяқтан аққан қанымыз, Қиналды жаман жанымыз, Сорымыз сөйтіп қайнады. Кідірейін бір десе, Қамшымен сабап айдады. Өзі мықты зор екен, Ер Шораға жолыққан Мандайының соры екен. “Ұрысамын” десеңіз, Әскеріңді жи, – деді. “Сегіз күнде келеміз, Әзірленіп тұр”, – деді. Сірә, алады қалаңды, Адамды қояр жан емес. Балбұлақтың басында Қамап алдық біз, – деді. Ат үстінен ұмтылып, Жағамыздан алады, Лақтырып салады. Шыға жаздап жанымыз, Тек шыбынымыз ғана қалады. Жаман екен ойыны, Жағамыздан алғанда, Адамның үзіле жаздайды мойыны. Сұрады Нәрік: “ Сауға!” деп. Өзінен туған балаға Тұрды Нәрік бата алмай. Үлкендіктің бұл тиді Нәріктің бізге пайдасы. Жібергесін хан Нәрік: “Көрсін, – деді, – қаласын”. Ойлаған ғой ақсақал: “Көрсін, – деп, – қатын, баласын”. Сенсеңіз егер біздерге, Өлімнен басқа нәрсе жоқ, Ақташыдайын ханымыз, Шора келсе біздерге”. Ақташы хан сасады, Ақылы кетіп танады, Түсі кетіп қашады. Сонда Ақташыдай ханыңыз Билердің тілін алуға, Оңтайланды қашуға. «Жерің адыра қалсын! деп, Ақташы хан сонда бұйырды. Қой мен сиыр қалсын! деп. Жылқы менен түйені Ол үш күннен қалдырмай, Бәрін жиып алсын! деп. Үйде тұрған қазынаның Жақсыларын алсын! деп. Жамандары қалсын!” деп. Ақташы қолы асады, Үш күннен соң білінді, Дүниесін тастап шұбырды. “Жарамайды, – деп, – айдауға”, Сиыр менен қой қалды, Толып жатқан қор қалды. Ақташының елі кідірмей, Бес күнде асып, жоғалды. Нәрік ханның жасаған Бұл қалмаққа айласы, Бұл істеп отырған Көп Ноғайдың пайдасы. Сонда баласы Шора әкесі Нәрікке: – Алпыс биді неге тірі жібердіңіз? Бәрін өлтіру керек еді, – деді. Сонда Нәрік хая айтты: – Ол алпыс биді жібергенде, пайдасы саған болар, – деді. – Сегіз күнде барғанда, Жалғыз адам көрмессің. Сиыр менен қой қалар, Тігулі үй мен қора қалар. Иесіз малды аларсың, Олжаға батып қаларсың. Қалмақ кетсе, жоғалсын, Ноғайлыға хабар сал. Аш-арық барып олжа алсын. Алпыс биі айтқасын, Тұра алмайды, кетеді. Алпыс жаман торыққан, Сізден қатты қорыққан. Сүй деп айтты Нәрік хан. Күн сегізге толады, Баратын шағы болады. Шақырып алып Ноғайды, Нәрік хан хабар салады. Жарлысы мен жақыбай Ер Шораға ереді. Ақташының жеріне Шұбырып жетіп қалады. Тігулі тұрған үйлер бар, Жайылып жатқан қойлар бар. Ешкімнің малмен ісі жоқ, Ішінде жалғыз кісі жоқ. Шұбырғасын бұл қалмақ, Дүниесі қалған соң, Олжаға батып аш-арық, Иесіз дүние қалғасын, Қара Ноғай адамы Шұбырып келді еліне, Көп дүние айдап, жеріне. Шора қайтты еліне, “Қанша жер бар екен деп, Ақташының еліне”. Басқа қара Ноғай Қуанып қайтыпты Өзінің тұрған жеріне, Алып келген малына. Мал жинаған ел келді Бұрынғыдай болсын ба, Ол Шораның сәніне. Ноғайлыққа сиыр менен қой қалды, Толып жатқан қор қалды. Шора қуып кетеді: “Аламын, – деп, – хабарға, Шамалы жерде бар болса”. Сонда Үшбөкенбай деген жерден Ақташының халқы шұбырып өтеді. Сонша жерге жеткізіп, Бармай Шора қайтады, Атының басын тартады. –Қайдан қайттың? деген Нәрікке: –Үшбөкенбай деген жерден асты, – деп. – Қорқып қалмақ, қашты, – деп. – Отырып, демалармыз. Құлыншақ келсе артынан Тағы қуып барармыз. Сонда Шора сөйледі: – Ұрыспай тұрып қашқан ел, Жерін тастап асқан ел. Ащыбас шаттың басынан Ақташыдай қалмақтың Қашқан жері сол еді. Сонда Құлыншақ ер Шораны іздеп келеді. Келіп, Шораға айтқаны: – Артық туған Шорамыз, Асылы артық төреміз, Қайда барды Ақташы хан? Артынан барып көреміз. Айлап, жылдап жүрерміз. Қызылбас пен Үндісті, Қалмақты да көргенбіз. Үйде отырып бола ма? Алыс та болса, барайық. Бала мен қатынының Барған жерінен алайық. Ізделік, батыр, кел, – деді. Барамысың сен? – деді. Шора, сені барар деп, Іздеп келдім мен, – деді. Құлыншақ сөй деп сөйледі. Сонда Нәрік ханымыз Құлыншақ пен Шораға Бір сөз айтып қалады: – Екі бірдей ер, – деді, Тастамаңыз киімді, Жеңіл жүрмек қиын-ды. Барған шығар ол жерге Ақташының қатын-баласы. Түйе мен жылқы бар шығар, Оның жүрген қарасы. Алыс емес жеріңіз, Жақын болса, барармыз. Оңғарса Құдай сапарды, Ол қалмақты аларсыз. Сауыт пен шарайна, Тастамай оны, киіңіз. Ат шабады күйімен. Ерлік те керек жігітке, Әрбір айла түрімен. “Айласыз ер тез өледі”, Деген сөзді қарашы. “Айласыздан Аршылан Қолға түсті” деген сөз бар. Осыны байқап қарашы. Артық туған Құлыншақ, Талайдың көрдің шамасын. Екі жыл, үш жыл жол шегіп, Қалмақтың алдық қаласын. Үндіс пенен қалмақтан Қызылбас оңай, қарашы. Қызылбастың жерлері Белгілі жазық жер екен. Қалмақ пен Үндістің Тұрған жерін қарасаң, Бір жағы – су, бір жағы – тау, Сондай мықты жаман жау, Естеріңе салғаным, Енді үйден шығарға Бізде ешбір дәрмен жоқ. “Үйде отырмай, қартайған Қарт адамның сөзінде, – Деп жүрмеңіз, – мақұл жоқ”. Үлкеннің тілін алмаған Жастарда тіпті ақыл жоқ. Жақсылық қылма қалмаққа. Тек Үндіс пен Қалмақты Шетінен бәрін кескіле. Қызылбас жылдам көнеді. Қаңқылдаған бұл сорлы Тек бишара ел еді. Сонда Құлыншақ сөйледі, Сөйлегенде бүй дейді: – Әуелі шықсақ, барамыз Ақташының еліне, Соның барған жеріне. Есіттік сізден хабарға Кезеніп қалдық ал, тақсыр, Ақташыдай қалмақтың Елін іздеп барарға, Ақташыдай қалмаққа Екі батыр кетерге, Іздеп соған жетерге. Сонда Шораға Менді арудың айтқаны: – Артық туған Шорасың, Ақ сүйек туған төресің. Оңғарсын Құдай жолыңды, Тоқсанға келген қарт әкең, Байқап кет енді сөзімді. Тірі болсаң дүниеде, Өлгенін көзбен көріңіз. Аманатын Алланың Көз алдында беріңіз. Мынау тұрған ханыңыз Сөзіме құлақ салыңыз. Алыс-жақын жүрсең де, Бабаңды еске алыңыз. Оңғарып Құдай жолынды, Жасың үлкен бабасың, Жайып қал, балалар, қолыңды! Сонда Нәрік сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Тапсырдым Аққа мен, – деді. Аман болсаң, балаларым, Мен тоқсанға таяндым, Жылдамырақ кел, – деді. Ақташыға барам деп Екі батыр жөнелді. Екі айдай болғанда, Ел шетіне жетеді. Ел шетіне барғасын, Сонда тұрып Құлыншақ Ер Шораға сөйледі: – Қару-жарақ ал, – деді. Шора батыр, сен, – деді, Далдалап кейін қал, – деді. Мен қалмаққа барайын Қанша халқы бар екен? Төңірегін қарайын, Қарап, көзім салайын, Шамасын біліп келейін. – Барыңыз, – деп Ер Шора, Тау басында қалады. Қаңтарып қойып Таспакерді, Отырады оның қасына. Құлыншақ кетті аралап, Мінгені кер ат астына. Елеусіз жерде жүреді, Белінде алмас болат бар, Аяққа киіп етікті, Аралауға қалмақты, Ақташыдайын хандардың Аралап елін көруге, Шамаларын білуге. “Аттанып Ноғай келді” деп, Шетте жатқан қалмақтың Аулына хабар береді. Ақташы әскер шақырды, “Жиналсын” деп билерін, Артық туған ерлерін. Ақташы хан әскер шақырды, “Жиналсын” деп билерін, Артық туған ерлерін Айтушы екен ерлері: “Ноғайлыны көріп, білсек” деп, Үйінде отырып, кеңес құрады. Ақташы хан шақырып, Жинап алды қалмақты. Отырғанда үйінде, Бәрі де оның салмақты. Қайдан білсін бишара? Онан мықты жау шықты, Тістеп қалар бармақты Сонда Құлыншақ Шораның қасына қайтып келеді. Келіп, Шораға сөз сөйледі: – Шора батыр, сен, – деді, Көріп келдім қалмақтың Шамалы жерін мен, – деді. Қалмаққа хабар мен бердім: “Жиналсын қалмақ енді деп. Ноғайлы саған келді деп. Айтпайынша сөз ашып, Пәленше саған келді” деп. Аттанып бәрі шыққасын, Жиналғанын көргесін, Бір тәуекел етуге, Шығарып алып бұл елден, Үлкен бір соғыс етуге Шора тұрып қарады. Таспакерге ер салып, Жал-құйрығын өреді. – Алла берсе, көреміз Бұл қалмақтың шамасын. Қарсы келген қалмақтың Алармыз, – деп, – қаласын. Екі мың кісі әскермен Ақташы шықты алдынан: “Келді ғой, – деп, – қолайға, Өлтіруге оңайға. Ерлік деген солай ма?! Байтақ жатқан ел, – деді, Мақтандың бәрің: “Ермін!” деп. Осы сапар хабарла Бұл Ноғайға сен”, – деді. Шора менен Құлыншақ Жауға таман келеді. Алдарынан Ақташы хан Жүз кісімен шығады. Екі кісі артында, Хан келеді тартынбай. Сонда Ақташы сөйледі. Сөйлегенде не деді: – Екі бірдей батырсың, Қайда бара жатырсың? Сендер ме еді кешегі Ноғайдан келген ер? – деді. Екеуің де Ноғай ма, Екі мың кісі әскерді Екі кісі жеңе ме?! Мен – қалмақтың елінде Ақташы деген ханымын. Қасымдағы ерлерім, Өңкей мықты билерім. Сонда Шора сөйледі: – Менің елім сұрасаң, Ноғайлы деген ел, – деді. Әкем атын сұрасаң, Нәрік деген хан, – деді. Өз атымды сұрасаң, Шора батыр – мен, – деді. Қасымдағы Құлыншақ, Оның берген билігі Он екі кісімен тең, – деді. Өлесің ғой, қалмағым, Сорлы болып, сен, – деді. Мықты болсаң, Ақташы, Отырғаның, білемісің Жас күнде мекен қылған жеріңді? Со жеріңнен қашырған Шора деген – мен, – деді. Мақтанба, қалмақ, сен, – деді. Ноғай менен қалмағың, Сірә, – деді, – тең емес. Құдайға дінің дұрыс емес, Тұрамыз ба сөйлесіп? Соғысалық, кел, – деді. Астындағы Шораның Мінгені Таспакер еді. Үстіндегі кигені – Оқ өтпейтін шарайна. Қасындағы Құлыншақ, Емес қой, сірә, еріншек Қашаннан-ақ соғысқа Құлыншақ пен ер Шора. Іркілмейді, шабады, Шабуылды салады. Ақ сүңгіні қолға алып, Келген ерлер қозғалып, Үстінде бар-ды ерлердің Ішінен киген сауыты, Қалмақтан артық зауыты. Жүз кісі шауып жау болды, Көрмегенге таң болды. Артындағы қалмақтың Екі мыңын жапырды. “Келіңіз” деп билерге Ақташы хан да ақырды. Сонда соғыс салады. Жұлқысып ерлер қалады. Күннің көзі көрінбей, Жердің жүзі шаң болды, Секілді тұман қаптаған. Бір күн бір түн соғыста Қалмақтың бір мыңы өледі. Ағарып таң атқанда, Қалмақты сонда қырады. Төгіліп жатқан қан еді, Үш мың кісі қалмақта Ол да бір бөлек жан еді. Мың жарымы өледі, Қалмақтар сонда бөлінді, Жақсылары табанда өліп, Жаманы қашатұғын көрінді. Ақташыдай хандардың Құлыншақ алды басын-ай, Іркіліп, қарап тұрсын ба, Батыр келіп қасына-ай. Келіп батыр алады Астындағы атын-ай. Ақташыдай хандардың Шапқаннан соң мойынға, Қан төгілді қойынға. Кім шыдайды сол жерде Құлыншақ пен Шораның Қия салған ойнына?! Қарамады ер Шора Қалмақтың қатын-баласын Елден шыға қашқанға, Ұшқан құстай аспанға Жапырады Таспакер Жер басып шіркін қашқанға. Үш мың кісі қалмақтан Мың кісі қалды тірісі. Таусылғасын ірісі, Қалған екен сірісі. Құлыншақ пен Ер Шора Қалмақтың қатын-баласын Алдына салып айдады, Қалмақтың соры қайнады. Бұл секілді қалмаққа Бұрынғы дәурен қайда-ды? Қалмақты алып, Шора қайта еліне тартады. Өзінің көрген жеріне, Қайта жүрді еліне. Ащыбас шаттың бойымен Қалмақты айдап келеді. Жылайды қатын-баласы, Жалаң аяқ, жалаң бас Жолға жүрді шамасы. Еркектері жүреді Екі қолы байлаумен, Сорлылар жүрді айдаумен. Бұрынғы баққан қалмақтың Жылқысы менен түйесі Ноғайлы болды-ау иесі. Айдаған соң Құлыншақ, Жолға жүрді, шамасы. Еркектері жүреді, Екі қолы байлаумен, Сорлылар жүрді айдаумен. “Жетейін, – деп, – еліне Елге жақын келгесін, Ер Шора озды: “Көрем деп. Ата мен анаға барам” деп. Құлыншақты тастады: “Бұл қалмақты баста деп. Кідірмей, қуып айда” деп. Өзінің кеткен жерімен Шора келді керімен. Келсе Шора еліне, Кірейін деп үйіне, Кеткенде қалған төріне, Тоқсаннан асқан бабасы Атқа мініп жүруге Келе ме қарттың шамасы. Сәлем берді Нәрікке Шорадай жалғыз баласы. – Саусыз ба, қайран баба? – деп. Біз – кешегі кеткен Шорадай бала, – деп. Ақташы ханның елдерін, Суалтып айдын көлдерін, Құлыншақ ерге тастадым, “Айдап кел, – деп – қалмақтың, Тірі қалған ерлерін”. Озып келдім мен, – деді. – Қуатты-күйлі бармысыз, Ата мен ана, сіз? – деді. Осылай деп Ер Шора Үйіне келгесін сөйледі. Сонда Нәрік сөйледі: – Алыс жерге бардың ба? Барған ісің бітіріп, Ақташыдай қалмақтың Жеңіп елін алдың ба? Сау-саламат, перзентім, Арымай-ашпай келдің бе? Үлкендік жетіп, меңдедім, “Бір көрсем”, – деп – перзентім, Жатып саған шөлдедім. Ризамын бергесін, Сау-саламат келгесін, Дидарласып көргесін. Перзентім, бер қолыңды. Әр сапарға жүргенде, Оңғарсын Құдай жолыңды! Жас тоқсанға келгесін, Қарттықта енді арман жоқ. Бұл жасымда еш нәрсе Қапы болып қалған жоқ. Өлмеске қылар айла жоқ, Үлкендік болған шіркінге Қарсылық қылар жай да жоқ. Құлыншақтай досыңыз Сау-саламат келді ме, Қасыңдағы қосыңыз? “Досың” деген қиын сөз. Пайда болмас жиғаннан, Айрылсаңыз досыңнан, Айрыласың иманнан. Жүре алмаймын баруға Құлыншақтың аулына. Естігенмін аман деп, Дегенде, сонда шешесі Меңді ару Шораға сөйледі: – Асыл туған Шорасың, Ер жігітке екі сөз Жарамайды, Шоражан, Өзің байқап қарашы. Әділшедей хандардың Қызы Ханжан бала екен. Алам деген сөзіңіз Сіздің айтқан бар екен. “Ханжан” деген ат келді, “Аламын деген, бар-ды, – деп, – Ердің сөзі екі емес”, Деген сүйінші хат келді. Ер танбайды сөзінен, Айтып еді өзіме: “Ол батырға сәлем емес де. – Өзі қолай көрмесе, Хабар берсін өзіме. Кеткенім жоқ жол тауып Ердің айтқан сөзіне, Мен тұрмын бұл бағып. Келем деген ер еді, Ақ сүйек туған төре еді. Жапанда тұрған боз терек Жапырағы жайнаған. Екіталай жер болса, Дұшпанға кегін бермеген. Ақ сүңгіні қолға алып, Балдағы алтын беренді Алмасын жауға сермеген. Хан баласы болғасын, Басқаны көзім көрмеген, “Қатар болса тең-ді деп, Тірі болса, көрініп, Бір кетер-ау енді” деп, Ер тана ма сөзінен? Артық туған ер, – деді, Жауабынды бер, – деді. Сонда Шора шешесіне жауап қайтарады: – Артық туған анамыз, Сіз рұқсат етсеңіз, Ол Қазанға барамыз. Алыс емес арасы, Ноғайлының ішінде Ол Қазанның қаласы. Кемітейін несіне Ол да – ханның баласы. Батырларға егесіп, Айтып едім бір сөзді. Жауаптан танып бола ма? Рұқсат болса барармыз. Құлыншақ келсін бұл елге, Қатарыма алармыз. Құлыншақ деген ер еді, Атамның қосқан досы еді. Қазан жақын жер, – деді. Барамыз ғой, қарт ана, Сабыр қылың сен, – деді. Келгенінше Құлыншақ Шора елде қалады Бір жұмаға толады. Құлыншақ ертіп қалмақты, Жиналып шыққан көп жесір Құлыншақты көреді. Жиналып Ноғай келеді Қызықсын ба олжаға? Құлыншақ пен ер Шора Ноғайға бөліп береді Ата-атаның ұлына. Ноғайлының елдері Отырып олжа алған соң, Қуанды қатын-баласы. Адам менен малдарын, Бөліп береді қарасын. Шора сонда айтады Құлыншақтай ерлерге: – Еліңе таман бар, – деді. Он күн жатып, Құлыншақ, Сонда демің ал, – деді. Сосын біз де барармыз, Қазанға барып қарармыз, Әділше қызы Ханжанды, Бұл еді жауап айтқаным, Алла қосса алармыз. Тастай беріп шамалап, Еліне кетті Құлыншақ Өзеннің бойын жағалап. Еліне барып Құлыншақ, Қисайып он күн жатады. Құлыншақ алған алмасын, Астына мінген кер атты, Керегеге ілген болатты. Үйінен шықпай демалып, Құлыншақ батыр ол жатты. Он күнге күн толғасын, Нағыз он бір күн болғасын, Шора ерледі Таспакер, Құлыншаққа жол жүрді, Өзінің бұрын көрген жер. Он екі күн кідіріп, Он үшінші күн болғанда, Құлыншақ та атты ерледі. “Баралық, – деп, – Қазанға”, Екі батыр ойлады. Құлыншақ мінді керлерге, Жемін берді өлшеулі, “Құлыншақ, Шора келді” деп, Хабар тиді ерлерге Қазандағы ерлерге. Екі бірдей ер еді, Басқа жерге кідірмей, Хан бағына келеді. Хан бағына келгесін, Батырлар түсе береді. “Құлыншақ, Шора келді деп. Жолығып кел енді деп, Әділше хан жіберді. Біреуіңіз хабар ал деді. Екі кісі бар”, – деді. Екі кісі келгесін, Құлыншақ, Шораны көргесін, Қайта барды екеуі Әділшедей хандарға, Артық туған жандарға. Жалғыз қызы Ханжанға Әділше хан той қылды, “Берейін” деп ой қылды. Үш күн қатар мереке, Ат шаптырып жасады, Күрестіріп, қызықты. Алтын қабақ аттырды, Тамашаға батырды. Он күндейін күлкі-ойын, Қызықпенен жатқызды. Хабар салып бәрін-ай, Жинады малдың бәріне-ай, Жинады малдың бәрін-ай. Ноғайлының баласы Жиналып тұр қасында. Қырық нарға үп артты, “Көрсін, – деді, – осыны-ай. Көп қатарын білсін” деп, Сегіз қанат ақ орда, Ақ жібектен орданың Киізін оның жаптырды. “Лайықты оған болсын” деп, Зерден бауды тақтырды. Қырық нарға жібектен Арқан тарттырды. “Оның сәні болсын” деп, Жібектен нокта салдырды. “Оның сәні болсын” деп, Жібектен сағақ тақтырды. Ұзындығы үш құлаш Қырық нардың үстіне Қалдырмай кілем жаптырды. Және де берді қырық құл, “Қызметін оның етсін деп. Шора кетсе далаға, Сырттағы малын бақсын” деп. Ноғайлы көрді тамаша, Жасырған жоқ оңаша. Сонша дүние көп беріп Ұзатқан бұрын жоқ еді Ноғайлының баласы. Жалғыз қызы Ханжаннан Аясын ба дүниені? Бергенін сонша қарашы. Жөнелер шағы болғанда, Құлыншақ пен Шораны Шақырып алып Әділше, Айтқан сөзін қарашы: – Артық туған Ер Шора, Атадан туған бала едің, Атаң Нәрік хан едің. Мынау тұрған Қазан да Атаң тұрған қала еді. Қазанда атаң хан еді, Ақылы кәмал дана еді, Сен сонан туған бала едің. Атаңның тұрған болмай ма Алсаң мынау тұрған қаласын? Берейін мінген атымды, Басыма киген тәжімді Баламды алған балаға. Ханжанды алып кетпесең, Қайтеді, балам, далаға? Ие болсаң, не қылады Осы атаң тұрған қалаға? Асыл туған баласың, Ақсүйек туған төресің, Атаңның ұстап тұрсайшы Мынау қазына, мұрасын. Тірі тұрған күнімде Берейін мұра мен, – деді, Ие бол, балам, сен, – деді. Осылай деп Әділше, Шораға сөз сейледі. Атқа мінбей ер Шора Жерде жаяу тұр еді, Қайрылып мойнын бұрады. Сонда Шора сөйледі, Сөйлегенде, бүй деді: – Ақылы кәмал данамыз, Қайырлы болсын бұл, ата, Өзіңіз тұрған қалаңыз. Ноғайдың едік панасы, Қазан деген – Ноғайдың Ертеден салған қаласы. Қайырлы болсын бұл орын, Отыра берің сіз, – деді. Аударып сізден алуға Лайық емес біздерге. Болғасын баба сіз, – деді, Болдық бала біз, – деді. Көз салармын Қазанға Сіздің тұрған қалаға. Ешкім көзін сала алмас Сіз секілді бабаға. Ішіңізден шыққан бұл Ханжан, Сыртыңнан тудым мен, – деді. Сонда Шораның Ноғайлыға айтқаны: – Қаптап тұрған көп Ноғай, Егер естісем сөздерін, Тұқымыңды құртармын, Бәріңді қырып сіздерді. Әділше сұлтан ханымыз, Кеудедегі жанымыз. Әділше мен хан Нәрік – Ноғайдағы барымыз, Жылатпаған балаңыз, Жақын болған қалаңыз. Қалаңызды қорғап, Тұрған бұл панаңыз. Ойласаңыз, білмейсіз бе Пана болған шамасын. Тапсырдым Аққа, сұлтаным, Тірі ме екен елдегі Ата менен анамыз? Алла берсе сапарды, Он-он бес күнде барамыз. Рұқсат етсең, жан ата, Енді кеткіміз келіп барады. Құлыншақ пен Шораның Қасына ешкім ермеді. “Ілгері озып кетем деп. Құлыншақты ауылына Бұрын барып жетем” деп, Құлыншақ адам жіберді: “Ханжандайын адамды Үш күн қонақ етем” деп. Әділше алтыннан жасатқан Арба менен күймені, Жібектен тағы жасаған Үстіндегі шатырын. Үш жорға мен пар жеккен Қасына көп құл береді. Сонда келіп Құлыншақ Ханжанға сөз сөйледі: – Асыл туған ақ Ханжан, Ақылға кәмал данасың Ақ сүйек ханның баласы. Қатарында тастама, Мынау тұрған дүниені. Атаңа алып барсайшы, Бірін алман мен, – деді. Алмай кетсең дүниені, Сізге болмас жөн, – деді. Өкпелеймін, Шора, мен Енді сізге мен, – деді. “Менің ордамды көрсін деп. Дәмдес болып, кетсін” деп, Қайырып едім мен сізді. “Алман, – десең, – дүниені”, Қалмақта олжа кем, – деді. Бұл дүниеңді алып кет, Тастама бір жібіңді. Сонда Ханжан сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Он бес жасқа келгесін, Қатарға түспей, көз салдың. Алысқа қолың сермедің, Дұшпанға кегің бермедің. Лашын құс секілді Қанат қақпай қу алдың. Сен қаһарланып ұмтылсаң, Дарияда тасқан су алдың. Сіз бір қайтсаңыз дұшпаннан “Әкеліп мал берер” деп, Ноғайлы халқың қуанды. Бұл сөзіңе кідірдім. Өкпелеймін дегесін Қасыңдағы жолдасың Ол төреге хабар сал. Не деп жауап береді Қасыңдағы төреңіз? Рұқсат сізден болғасын, Айтып едік біз, – деді. Ол төреге жолығып, Жауабын ал сен, – деді. Сонда барып Шораға, Ер Құлыншақ сөйледі: – Сөйлейін деп мен келдім, Ақ сүйек ханның баласы. Қазан деген үлкен шәр, Барып көрдік шамасын. Қайырлы қылсын бір Алла! Жолдас қылып келгесін, Ханның алып баласын, Алғаның қатар, тең, – деді, Екеуің де – хан баласы, Айтайын деген сөзім бар, Батыр Шора, мен, – деді. Құлыншақты сыйласаң сен, – деді. Шорадайын сұлтаным, Қасындағы жолдасың, Қырық түйе, сексен құл Кетемін тастап мен, – деді, Алсаңыз оны сіз, – деді. Жолда жүріп тастаған Олжа емес жөн, – деді. Риза емен бергенге, Мені риза болсын десеңіз, Жолшыбай Ноғай көргенге Ақ Меңдідей арудың Қатарына қонғанға. Ақ ордасы тізіліп, Қасында қоңсы болғанда, Ақ Меңдідей аруға Басқа әйел тең емес. Қасыңа қоңсы қондырмай, Отырғаның жөн емес. Ол жүргенде қызығып, Алып қалар мен емес. Олжа деген қалмақтан Келген жесір, мал, – деді. Ол қызықсаңыз олжаға, Алмас па едік біз? – деді. Ноғайлының баласы Ол үйінде жатса да, Айдап келген олжаға Олардың бәрі баюлы. Меңді арудың қасына Барып қоңсы қонсын да. Жиналып қара толсын да. “Келін келді!” деген сөз Ноғайға хабар болсын да. Нәріктейін ханымыз, Халық ұстаған ханымыз, Талайды көрген шалыңыз, Қуанып қалсын Ер Шора. Осы олжаны тастамай, Аман алып барсаңыз Мен де сізге ерейін. Меңді менен Нәріктің Қуанғанын көрейін. Шорадайын досым-ай, Айтқан сөзім осылай. Риза болсын десеңіз, Алып кетің сіз, – деді. Егер алмай кетсеңіз, Екі дүние жүзінде Риза емен мен, – деді. Сонда Шора сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Бұрын туған Құлыншақ, Жасың үлкен ағасың. Жақсы менен жаманды Көп көрген артық данасың. “Өкпелеймін” деген соң, Сөзің қатты секілді, Бізбен бірге ер, – деді. Нәріктейін хандарға, Меңдідейін анаға Барып жауап бер, – деді. Бар дүниені сыпырып Алсаң да ризамын, Құлыншақ батыр, мен, – деді, Өзімрнен қалма сен, – деді. Екі батыр жүреді, Нәрік ханға жөнелді. “Жекенді көлдің қасына, Қоғалы көлдің басына Ертең көшіп келер” деп, Құлыншақ батыр бірге еріп Ер Шораның қасына, Ілгері озып алдынан Менді аруға барарға. Сонда Құлыншақ келіп, Нәрікке сөз сөйледі: – Сәлем бердік, Нәрік хан, Халық ұстаған ханымыз, Ақылға кәмал данамыз. Шора, жалғыз бала едің, Қазанның көрдік қаласын. Әділшедей хандардың Алып Шора келеді Ханжандай жалғыз баласын. Ілгері келдік хабарға. Ертең түстің шағында Қасыңа қоңсы қонады, Ханжан жолдас болады. Келеді еріп қасына Ханжанның туған анасы. Қырық шамалы секілді Алып жүрген қарасы, Қасына ерген жолдасы. Екі қырықтан бір сексен Қызылбастың баласы. Мінгені жорға Ханжанның, Байқасаңыз парымен. Келе жатыр сексен құл Әділшенің қырық нарымен. Ілгері келдім мен еріп, “Сізге хабар етем деп. Хабар етпей, не етем?” деп. Меңдідейін жеңеше, Келін келді сіздерге. Құдай тілек бергесін, Қасына қоңсы келгесін, Шоражандай досым-ай, Қонысыңыз қонды қасыңа-ай. Алла өзі бергесін, Сексендегі Нәрікке Жолдас болдың осылай, Он сегізде жасың-ай. Хабарға еріп мен келдім Шоражанның қасына ай. Жатқан екен қарт Нәрік, Көтерді сонда басын-ай. Сүйеген екен Ақ Меңді Қарт Нәріктің басын ай. Сонда Нәрік сөйледі Бір ауыз жауап айтып Құлыншаққа осылай: –Құлыншақ бала, ер, – деді, Қара Ноғай қалың ел, Бұған хабар бер, – деді. Қызмет етің біздерге. Айтайын, Құлыншақ, сіздерге: Ноғайлының баласын, Мерекелеп, той қылып, Шығарыңыз атағын. Бұл Ханжанның, қарашы. Жинаған болсаң құлдарды, Бәйгіге тіге бер, Ат шаптырып күңдерді, Қарасүйек құлдарды. “Артық отау қонар деп, Хабар салды Ноғайға. Енді қызық болар” деп. Қызықпен жатып қалмады Келді, – дегесін, – келіншек”, Жүгірді-ау Ноғайлының Қызы менен келіншек, Тіпті жүрмейтін еріншек. “Келеді, – деп, – қыз Ханжан, Көреміз деп жүгірді Қыз-келіншек осындай. Барайын, – деп, – қасына-ай”. “Отау тікпей тұрып жетем, деп, Кейін қалып, не етем?” – деп. Қыз-келіншек толықты, Бірімен бірі жолықты. “Жетемін” деп, жүгіріп, Бірі қалмай кідіріп, Қара Ноғай елінен Қыз-келіншек келеді, Көш қарасын көреді. “Барамыз, – деп, – келінге”, Таянып адам келгенде, Атынан түсіп бұл Ханжан, Үстіне киген алтын тон, Алтын менен інжуден Жасатқан екен сәукеле, Шаңқанды Ханжан киеді. Бетінде оның бар еді Жібектен жапқан пердесі. Алтыннан шашақ төгілген Пердесінде келеді. Қыз-келіншек бетін ашып, Көре алмай, қатарына ереді. Сегіз қанат орданың Қатарына үйі қонады. Ол үйлердің жіптері Шұға менен зер болды. Нәрік ханның үйімен Ханжанның үйі тең болды. Отау тігіп қонады, Үш күндей той қылады. Қара Ноғай жиналып, Бірі кетпей тұрады. Ат шаптырып, той қылып, Шаптырып оның бәйгісін, Алды оннан құл болды, Арты бесеу бұл болды. Оның арты үш болды, Құлдарға сондай күш болды. Олжаға Ноғай баласы Құлды қоса айдады. Артында палуан тұрғызып, “Балуан бәйгесі болсын” деп, Бұл күйінде соған байлады. Құл мен күңнен бәйге еткен. “Енді қайда кетем” деп, Құл мен күң жаман қайғы еткен. Бұрын соңды болса да, Ноғайлыда жоқ екен, Адам тігіп бәйге еткен, Нәрік хан осылай іс еткен. Құлыншақ асыл ер еді, Қош айтысып Құлыншақ, Аулына қайтып жөнелді. Шорадайын еріңіз Құлыншақты шығарып, Бір көрінім жерге дейін Артынан бірге еріп жүреді. – Мынау тұрған көп малды Керек болса, Құлыншақ, Ешбіреуін тастамай, Бәрін сыпырып ал, – деді. Қияметтік досым-ай, Жалған емес осым-ай. Қарғадайдан ант беріп, Көңілді қойдық қосып-ай. Жеңгеме барсаң, сәлем айт, Аман барсаң сен, – деді. Бір айдан, батыр, кеш қалма, Отыз күнге толғанда, Ордаға біздің кел, – деді. Құлыншақ мінген кер еді, Артық туған ер еді. – Қош аман бол, досым-ай! Қайтып үйге келгенде, Нәрік сонда сөйледі. Сөйлегенде не деді: – Перзентім, туған Шорасың, Жас та болсаң, Ер Шора, Талайдың көрдің шамасын. Келмей кетсе Құлыншақ, Емес пе сіздің ағаңыз? Жетпеді ме беруге, Шора, жинаған қазынаңыз? Қияметтік досыңа Нәрсе бермей жіберіп, Дос болғаның осы ма?! Лайық емес, Ер Шора, Дос жібергенің осылай. Шора сонда сөйледі: – Асыл туған данамыз, Мен – туған балаңыз. Берсе, малды алмады, Алдыруға келе ме Құлыншаққа шамаңыз? Құлыншақ сондай кең, – деді, Бір жаннан емес кем, – Айтқаныңыз және де: деді. “Бер” дегенің жөн, – деді. Көрінім жерге шығарып, Қош айтысып келдім ғой, Ата, оған мен, – деді. – Қай заманда кел дедің Құлыншаққа, балам, сен? – деді. – Бір айда кел”, – деп айттым ғой, Ата, оған мен, – деді. –Балам Шора, болмайды Ол айтқаның жөн, – деді. Бұл айда бар сен, – деді. Білмей ме сыйламаған деген ағасын. Айға күні толғасын, Аттанып кетті Шора ер. Қазанға жақын жеткенін Құлыншақтың Бозай жер. Кетейін деп ат мініп, Шора атын ерледі. Сонда келіп Меңді ару, Баласына сөз сөйледі: –Шорадай туған баламыз, Сен едің, Шора, бұл күнде Біздің сыртта тұрған қаламыз. Атаңыз – қарт Нәрік хан Отыр-ау үйде, қараңыз. Жасы жетіп меңдеген, Атаң отыр өлмеген. Үлкендік деген – қатты дерт. Бұрын-соңды атаңыз Осындай жапа көрген жоқ. “Қайда екен балам-ай? Кешікпей балам келсін деп. Айт деп бабаң бұйырды. Атаңыз сіздің, балам-ай – Келіп қалды-ау біразға, Байқасаң, менің жасым-ау. Ауыр жүктен кем емес Көрер ме еді басым деп. Тірі болса Ер Шора, Енді келсін, – деді, – тез”. Үйден шығъш тұрғанда, Алыс-жақынды болжамай, Көрмейді-ау шіркін екі көз. Бұрын-соңды айтпады. «Тез келсін» деп балаға. “Сау болса, келер еді деп, Жүруші еді далада, Шоражанды қалаға. Үлкендік деген – жаман жау, Қойды мені пәлеге. Тапсырдым Аққа мен, – деді. Хабарлап кел сен” деді, Саған келдім мен, – деді. – Артық туған Шоражан, Сау болғайсың сен, – деді. Сонда Шора шешесіне жауап қайырды: –Асыл туған анамыз, Жаңа көріп шыққанмын, Қолын алып бабамның. Барамын алыс жолдарға, Жолымды Құдай оңдасын! Тірі болсам келермін, Кешігіп қалман далаға. Келмей қалман қалаға, Аман қойса қалмақтан. “Келеді тез” деп айта көр, Қош болсын көңлі балаға. Тапсырдым Аққа, қарт ана, Қаласың енді сен, – деді. Ажал жетіп, мен өлсем, Ақ сүтіңді кеше көр. Қайран анам, кел енді Қолыңнан ұстайын мен, – деді. Сол жауапты айтып Ер Шора, Таспакермен жөнелді. Аяндап тұра алмай, Жылдамдатып аяқ басады. Құлыншақтың аулына Кеп, айналып жатады. Алдынан шығып Құлыншақ, Келіп бұған қолдасты. Аттан түсе қалғанда, Бәйбіше ашты есікті. Үйге кіріп ол қалды, Сегіз күн жатып сол үйде, Шора батыр демалды. Екі батыр ер еді, Демін алып болғасын, Қалмаққа қарай жөнелді. “Көкөзеннен өтем деп, Қалмаққа қарай кетем деп, Қалмақтың елі алыс деп. Аттанып бұл жау келсе, Болар бізге найза деп. Көкөзен бойы терең-ді, Тәуекел етіп өтем” деп, Екі батыр жөнелді. Көкөзеннің кең сала, Арғы беті – жазық кең дала. Қалмақ деген – байтақ ел Бар екен сонда көп қара. Екі мың кісі көп әскер Аттанады Ноғайға: “Ноғайға қайрат етем деп. Ноғайдың жерін алам” деп. Көкөзеннің бойында Томарөткел жағасы. Ар жағында қалмақтың Айлық жер еді-ау қаласы. Түбі терең бұл өзен. Атын жалдап өтеді. Құлыншақ пенен Ер Шора Қалмақтан бұрын жетеді. Жеткесін ерлер қараса, Алыс болып арасы, Сәскелік жерден көрінді Көп қалмақтың қарасы. Шаңы шығып қалмақтың Келе жатыр екен шамасы. Қапталында бар еді Көлденең жатқан қара тау. Қара таудың басында Ол Маңғыр деген тау еді, Таудың аты сол еді. Тауға шығып батырлар: “Бұл не қара?” деп, қарады. Ол қараға көз салса, Аттанып жүрген қол екен, Шыққан әскер сол екен. “Баралық жауға, кел”, – деді. Маңғырлардың тауынан Екі батыр құлап жөнелді: “Ол қалмаққа жетем деп. Бармай жауға, не етем?” деп. Жаудың көріп қарасын, Сонда білді шамасын. Жауға жақын келгесін, Екі батыр кеңесті: –Екеуміз екі жаққа кетелік, Қай қалмақ екенін біліп өтейік. Екеуі де ақылды, Ойлағаны мақұл-ды. Алыс емес қалмақ та, Келіп қалған жақын-ды. Шораң айтты хабарды Құлыншаққа абайлап: –Кідіре тұр сен, – деді. Алайын барып қалмақтан, Болса хабар мен, – деді. Кідіріп егер мен қалсам, Ту көтер де, шыға шап, Кідіріп қалмай сен, – деді. – Аллалап ұран шақырып, Келгейсің, батыр, сен, – деді. Шсра батыр жөнелді, Жиналып тұрған әскердің Алдынан Шора келеді. Жапанда жалғыз әскерге Кез келеді Шора ер Серендейін қалмаққа. Шора жетіп келгенде, Қалмақ сөйлей береді: – Жапанда жалғыз баласың. Жарқыным, қайда барасың? Біз қалмақ деген ел едік, Серен деген қалмақтың Артық туған бегі едік. Екі мың кісі әскермен Ноғайды көрсек, – деп едік. Томарлыөткел жерлерден Өтерміз, – деп, – Ноғайға, Келер деп едік, – қолайға, Ноғай халқын оңайға. Мінгенің – қатқан кер, – деді, Жөніңді айт, ер, – деді. Қалмақ алды қамалап, Тұрған шығар: “Жалғыз” деп. Сонда қалмақ шамданып, Адымыңды ашырмас, Аяғыңды бастырмас. Белдеріне буғаны Бұл қалмақтың берені. Екі мың кісі – бұл қалмақ Қорықпайтын ер еді. Бұл жаныңды қинамай, Ат-тоныңды бер енді. Бұл қалмақ сені қоя ма, Жарағы қанға тоя ма?! Екі мың кісі – бұл әскер Бір жаңғызды қоя ма?! Қалмақ соны айтып жатқанда, Ер Шора тұр сүйеніп найзаға Жасқанбайды батыр-ай, Қауіптенбейді ер Шора: “Жау екен” деп япыр-ай. Енді Шора сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: –Жиналдың, қалмақ, сен, – деді. Мен бір – Ноғай деген ел, – деді. Мекенімді сұрасаң, Үшқиян деген жер, – деді. Шәрімді сұрасаң, Қазан деген қала еді, Сонда да хан бар еді. Ноғай деген көп халық. Сонда жатқан бар еді. Салулы халқым кең, – деді. Ноғай халқың – мен, – деді. Қаумалап тұрсаң сен заңғар, Жасқанбаймын мен, – деді, Қанша айтсаң да сен, – деді. Сонда Мұса хан қалмақтың ханы: – Балдырғандай жас жігіт, Қай Ноғайсың сен? – деді, Сұрайын сенен мен, – деді. Сонда Шора сөйледі: –Ноғайлының ішінде Асылым артық Арғынмын. Бергі атамды сұраеаң, Көк нарлы танамын. Атам аты – Қарт Нәрік, Мен – содан туған Шорамын. Сансыз кәпір болсаң да, Баршаңызға мен болам, Мен сол Ноғайдың ері едім, Шора деген мен едім. Іздегенім сұрасаң, Қалмақтың байтақ елі еді. Жерін алып қалмақтың, Ноғайға қоныс етем, – деп. Дүниеге етіп табиғи, Қалмақты жеңіп кетем, – деп, Сол жауапты айтты да, Оңтайланып найза алды. Найзаны оңғарып алғасын, Астындағы Таспакер Шабайын деп қозғалды. Қалмақтар оқты сыбады. Үстінде қызыл шекпені, Шекпеннен оғы өтеді. Ар жағында шарайна Сауыты мен екеуі Қабатынан өте алмай, Етінен өтіп жете алмай, Алдындағы қалмақты Бұтадайын көрмеді. Жасқанатын ер ме еді?! Бір адамның баласы Ер Шораға тең бе еді?! Шора батыр ақырды, Ақырып ұран шақырды. Артынан келді Құлыншақ Екі мың кісі қалмаққа Салады сол күн соғысты. Атаңа нәлет ит қалмақ Артына хабар салады. “Келе көрсін әскер” деп, Жинап әскер алады. Екі кісі Ноғайға Төрт мың қалмақ жиналып, Ұрысуға қалады. Таспакер мен Қатукер Ол шабыстан тана ма?! Аяғы төртеу бұл жылқы Құтылып онан қала ма?! Құлыншақ пен ер Шора Салады қиын соғысты. Қалмақтан шыққан көп әскер Ен майданда тоғысты. Атаңа нәлет бұл қалмақ, Бірқатары қалмақтың Еліне қашып кетеді. Қашуға қалмақ түседі, Кетейін деп жүре алмай, Кемпір менен шал қалды, Айдауға жүрмес мал қалды. Байтақ жатқан көп елде Көше алмай жан қалды. “Қалмақтың елін қоймас” деп, Қалған қалмақ сасады, Өлгесін, жаманы қашады. Қысылғасын қалмағың, Ханы кетіп қашады. Хан қашқасын асырып, Артынан қуып Ер Шора, Таспакермен шабады. Қаптаған қара түтіндей Таспакердің шабысы. Суырады топырақты Салқын желі боранды. “Артынан қуған болмас” деп, Алдынан тосып оралды. Таспакердің аяғы, Аяғының арасы, Қарап тұрсаң алыс-ты. Аяқтың шыққан дүбірі Атқан мылтық даусындай. Жетіпті қуып соңынан. Келгеннен соң оңынан, Жібере ме Ер Шора, Түскеннен соң соңынан? Жақындасып келгенде, Жебені қолға алады. Атайын деп ер Шора Шамалы жерден қозғалды. Тартып қалды ол оқты, Атқан оғы жетеді, Өңменінен ол өтеді. Басы үзіліп қалмақтың, Жерге түсіп жатады. Күні-түні соғысты, Жиырма күндей тоғысты, Батырлар атты қинады. Көзі жеткен жердегі Қалмақты қоймай жинады. Қашпай қалған секілді Кемпір менен шалдардың, Қыбырлап, тек жаны бар. Шұбыртып қалған балаларын, Шора артық ер еді, Құлыншақ пен Ер Шора Айдап қайтты баласын, Жинаған дәулет, қарасын, Шора артық ер еді. Құлыншақ пен екеуі Еліне қарай келеді. Кеткені қашып құтылды, Қалғанын жинап айдады. Пысықсыған адамның Қайыра қолын байлады. Жеткенше айдап жеріне, Келтірді қуып еліне. Ноғайға хабар салады, Құл мен құтан алады. Ноғайлының балалары Мал мен олжаға батады. Елге келіп алғасын, Құлыншақ пен Ер Шора Елде бірнеше жыл тұрғасын, Тағы аттанды қалмақ еліне. Ол жолында бар еді Жыландының биік тау, Ар жағы көп қалмақ жау. Қалмақ байтақ ел еді. Тау басына келгенде Құлыншақ тұрып айтады: – Демалайық біз, – деді. Аттан түс, батыр, сіз, – деді. Басына шығып бұл таудың Қалмақ жауды қарайық, Мықты – осалын білейік. Бір-екі күн демалып, Сосын жауға жүрейік. Шора айтты: –Мұның қалай? Артық болдың ба сен? – деді. Менің аруағым бар, – деді. – Сонда Құлыншақ: –Қандай еді аруағың? Мен көрер едім, – деді. Шора: – Менің аруағымды көрсең, менен бұрын өліп қаласың ғой, – деді. Сонда Құлыншақ: –Жаны бар нәрседен қорқам ба? – деді. –Қияметтік дос едік, қош айтып айрылайық, енді сен өлесің, – деді Шора, – Күншығыстан саған бір айдаһар жылан келіп, сені жұтам дер. Сонда қолыңды сермеме, қолыңа қару алма. Ал, егер қару жұмсап, қолынды сермесең, онда мені көрмейсің. Құлыншақ: –Мен жанды нәрседен қорқам ба, – деп отыра береді. Шора Құлыншақтың артында жатып қалады. Құлыншақ құбылаға қарап отыра береді. Сол уақытта күншығыстан бір айдаһар жылан ысқырып қоя береді. Құлыншақ тек отыра берді. Жылан Құлыншақтың қасына келіп, аузын ашып, жұтуға айналады. Сонда Құлыншақ беліндегі алмасты суырып, жыланды шабайын дегенде, жылан жоқ болып кетеді. Енді артына айналып қараса, Шора да жоқ. Сонда жер ойылып, Шораны жер жұтып кеткен екен. Сонда айдаһар жылан болып келген Шораның аруағы болған екен. Ол Құлыншақты жұтам деп, аузын ашып келсе де, бәрібір жұта алмайды екен. Сонда Құлыншақ алмасын сермемеген болса, Шораны жер жұтпаған болар еді. Сонда Құлыншақ қасындағы Шорадан айрылып қалғасын, жылап айтқаны: –Қияметтік досым-ай, Тұрып қалдым қасыңда- ай, Төгемін көзден жасым-ай. Егер көрсем өзіңді, Тыңдар едім, Ер Шора, Сенің айтқан сөзіңді. Жасым үлкен мен, – деді, Мені алмады бір Алла, Не шарам бар көрерге? Сенен жалғыз қалғасын, Жолықтым ғой бекерге. Дүниеде қиын бұл болды Ханжанға хабар етерге. Келтірді Шора жыланды-ай, Өлгенім жақсы мұнан да-ай. Баратұғын күн қайда Саламат қайтып жеріме-ай? Не деп жауап айтармын Ноғайлы деген еліме-ай? “Аттанып жауға кетем деп. Шорамен бірге жетем деп. Тірі болса Ер Шора, Жау алмай, енді не етем?” – деп. Жыландының залым тау, Ер Шораны жалмадың. Жамандатқыр Кершабақ, Үстіңе мінер адам жоқ, Істейтін Ақтың амалы жоқ. Елге қайтып Құлыншақ, Таспакерді жетелеп, Елге қарай асады. Қалмаққа бармай қашады. “Құрысын Қалмақ ел, – деді. Бармаймын енді мен”, – деді. Айрылғасын досынан, Құлыншақ сөйтіп шөлдеді. Тамақ таппай қиналды, Еліне қарай жөнелді. Елінен шығып кеткенде, Ол Жыландының биік тау Он бес күндік жер еді. Он бес күнде еліне Құлыншақ жетіп келеді. Бәйбішесі өзінің Таспакерді көргесін, Алдынан шығып келеді. Келіп тұрып сөйлейді: –Қатарыңнан артықсың, Ноғайдан аскан сұлтаным. Қалай жүріп бос келді Жетегіңде тұлпарың? Досың бір қайда? Көрмедім. Уақыт біткен адамның Күні бар ма екен өлмеген? Жетелеп келдің тұлпарды, Жолдассыз келдің, дарасың. Қайда тастап келдіңіз Хан Нәріктің баласын? Алтын жүзің солыпты Досыңызға бір қайғы, Сұлтаным, сіздің түсіпті. Ол тұлпарға көз салсам, Төңірекке қарайды, Бұрынғыдай күйі жоқ, Ішін тартып, жүрмейді. Сонда Құлыншақ сөйледі: –Дүниені білдім бек жалған, Бізде болды көп арман. Жыландының тауында Сұлтаным түсіп тар жерге, Бір көрінбей бұл қалған. Көре алмадым реңін, Ала алмадым срогын. Досым есіме түскенде, Оттай қайнап жанамын. Емес едім мен артық, Бітпеді қатар срогым. Мен қысылып отырмын Таспакерді берерге, Ханжандайын арудың Дидарын барып көрерге. Болмаса бұйрық, шара жоқ Ажалсыз жан өлуге. Жатқан жері ойылып, Біз секілді жандарға Бір көрсетпей шөлдетті. Бір шұқырдың аузында Төгіліп жасым сөйлетті. Ноғайлының бір қартын Шақырып алды Құлыншақ, Ханжанға хабар берсін деп. “Келіп алсын кер атты, Бере алмай тұрмын мен, – деді. Барып, хабар берерге, Ақ сақалды жан еді, Ақылы көп дана еді, Ноғайлының би еді, Білгір жанның түрі еді. Ол Ханжанға барғанда, Қасында тұрып сөйледі: –Айтпайын сөзді санасыз. Қаһары күшті Пәрменнің, Ешкім болар шарасыз. Адам артық туар ма? Дәуіт ұлы Сүлеймен Олар да өтті баласыз. Мұхаммед пен Мұстафа Төрт перзенттен айрылып, Олар да өтті баласыз. Жолдасың кетіп дүниеден, Бұл Таспакер келіп тұр Құлыншақтың үйінен. Өзіңіз, ханым, барыңыз, Шығушы емес Құлыншақ, Ұялып тұр келуге, Дидарынды көруге. Байлаулы тұр Таспакер, Әкеліп сізге беруге. Белді буған көк берен Ер қасында ілулі. Қорамса салған көк жебе Қанжығаға байланып. Жыланды таудың басында Шора батыр қалыпты. Жылағанмен пайда жоқ, Құдайға қылар айла жоқ. Жолдасынан айрылып Қалған жалғыз қайда жоқ?! Ақ сүңгілі найза тұр Ақ орданың қағулы. Бұрынғыдай күйі жоқ Кершабақ атың бағулы. Маңайында көп Ноғай, Барғаныңыз көп қолай. Құлыншақтай ерлердің Ішіне қайғы нақ толды-ай. Құлыншақ сондай ер, – деді. Шораны айтсақ бір сөзбен, Адам тоқтап тұрғысыз Көзінің аққан жасына. Бара қалсаң Құлыншақ Секілді ердің қасына. Енді өзің біл, – деді. Бердім хабар мен, – деді. Осылай деп болады Ол Ханжанға сөзін-ай. Ханжан сонда қарады, Керегеде тұрған ен жібек Беліне буа салады. Құйылып тұрған бұл Ханжан Қарамады асына, Тартпады жаулық басына. Ертпеді бір жанды Жолдас қылып қасына. Құлыншақтың аулы Ақты-бозды жер еді Екеуінің арасы. Қамшы басты күреңге. Қамшы өткесін жанына, Тұрсын ба күрең жорға ат? Байлаулы тұрған Кершабақ Ханжанды көріп кісінеп, Тұра қалды жануар. Мойнын бұрып қарады, Ханжанға көзін салады. Бір-екі рет кісінеп, Аузын жиып алады. Таспакердің қасына Ханжан жетіп барады. Ұстай алып шылбырдан, Аттан түсіп қалады. Қасына келіп Таспакердің, Бір ауыз сөз айтады: –Жануар мінген Таспакер, Үстіндегі бұл қайда Шорадай артық туған ер? Жібермей ұстап қалды ма Ер Шораны қара жер? Көрген болсаң көзіңмен, Көмген болсаң қолыңмен, Құлыншаққа хабар салайын, Қасыма жолдас алайын. Тірліктің күнінде Ең болмаса моласын Ердің көріп қалайын. Алланың өзі бек күшті, Не қылса да келеді Жаратқан жанға шамасы. Алып кел мұнда Шораның Қару менен жарағын. Құлыншақ, үйде бар болсаң, Шықшы, мұнда, қарағым. Қорамса мен қылышы Бар ма екен үйде Шораның. Шыға алмаған секілді, Бар ма екен Құлыншақтың дыбысы. Ханжан келіп қалғасын, Тарылған екен тынысы. Құлыншақ үйден шыққасын, Аяғын тура баса алмай, Көзін тура сала алмай, Буыны кетіп, ер босап, Жылдам жүріп бара алмай, Құлыншақ сасып қалады. Жақын келіп Ханжанға, Құлыншақ жауап айтады: –Асыл Ханжан, сен, – деді. Әйел де болсаң, ер едің. Налыма, Ханжан, сен, – деді. Алғанына тоймайды Залым қара жер, – деді. Алып кеткен қара жер Бір ұстағасын бермейді. Мен тапсырдым Аллаға, Алладан басқа пана жоқ, Жерге түсіп кеткесін, Шығарып алар шара жоқ. Құлыншақ сөйтіп мұңайды, Сонда отырып бұл Ханжан Екі-үш ауыз сөз сөйледі: –Артық туған Құлыншақ, Асыл едің сен, – деді. Қасыңдағы Шораның Мықты екенін білеміз. Айыптамаймыз ешкімді, Пәрмені күшті бір Алла Ешкіммен емес тең, – деді. Сонда Ханжан аулына қайтайын деп, Құлыншаққа айтып кетеді: –Бір жұмада біздің ауылға келіңіз, – деп, Таспакерді жетелеп Еліне Ханжан жөнелді. Бір жұмада Құлыншақ Аулына Ханжан барады. Қорамса менен қылышты Сандыққа алып салады. “Сені ұстайтын ер қайда?” деп, Бәрін жиып алады, Отқа әкеп салады. Сонан кейін Таспакерді сойып, Шораға ас береді.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.