Асанқайғы, Тоған, Абат

Асан бұрын Асан мырза еді, өзі бай еді. Бір уақытта ноғайлы жиналып отырғанда, ноғайлының ішінен біреуі: – Бір дарияда адам көрмеген бір балық бар екен, – деді. Асан мырзаның бір досы бар екен, осы досын шақырып алып, соған жүрмек болды. Сол балықты көру үшін Асанқайғы жүріп кетеді. Сол балыққа барса, біреулер дарияға...

Kazakh
Асанқайғы, Тоған, Абат
Асан бұрын Асан мырза еді, өзі бай еді. Бір уақытта ноғайлы жиналып отырғанда, ноғайлының ішінен біреуі: – Бір дарияда адам көрмеген бір балық бар екен, – деді. Асан мырзаның бір досы бар екен, осы досын шақырып алып, соған жүрмек болды. Сол балықты көру үшін Асанқайғы жүріп кетеді. Сол балыққа барса, біреулер дарияға екі ау салып жатыр екен. Бір аудың балығын Асанға береміз деп айтқан еді. Ол аудан балық көп шықты. Бір перінің қызы бар екен, оның жеті ағасы бар еді. Сонда қыз тұрып жеті ағасына айтушы еді: – Аға, мені адам баласына қос, – деуші еді. Сонда ағалары сандық жасатып, оның сыртын күміспен қаптап дарияға салып жібереді. Ауды екінші рет салғанда, ауға сандық ілініп шығып еді. Сонда Асан көпке айтты: – Ал, жамағат, сендер не ішін, не сыртын алыңыз, – деді. Сонда жамағат тұрып: – Біз жарлымыз, көрініп тұрған күмісті аламыз, – деді. Асан мырза ішін алатын болды. Сандықты ашып жіберіп еді, ішіндегі шынайы сұлу қызды көрді. Асан балықты алмай, қызды алып кете берді. Келе жатқанда, қыз Асан мырзадан үш нәрсе сұрады: – Бірінші, жатқанда етімді сипама, – деді. Екінші, кетіп бара жатып, қайтып келіп үйді сығалама, үшіншіден айтты үш жылға дейін сөйлемеймін, соған дейін маған сөйлеме, бұл жағдайымды жанға айтпа, – деді. Сол уақытта халық көп келіп жиналды. Келсе аузы жоқ, тілі жоқ, сақау екен, мұны көріп Асанды келемештеді. “Асан мырза жұрттан қалған сақауды алып келіпті” деді. Сонан кейін Асан кейін ойлады, ойын бір кісіге айтты: – Осыны базарға апар, жақсыны-жаманды көріп сөйлер, – деп ойлады. Базарға апарып еді, онда да сөйлемеді. Сонан кейін тұз артқан түйеге мінгізіп жүргіз, түйеге екі саба қымыз арт, сорға барған соң, қымызды шешіп жібер, қымыз төгілгенде, “төгілді” деп айтар ма екен, – деді. Түйені сордың үстімен жүргізді, сосын қымызды шешіп жібергенде, төгілген қымызды көріп, қыз жерге түсіп, қымыздың аузын байлап, өзі сорды баспай жүріп кетті. Содан кейін Асан мырза да бір құрдасының аулына кетті. Сонда түскен соң, үйге келген соң, Асанның құрбысы тұрып, Асанға былай деді: – Әй, Асан, сен менің құрбымсың, сен құлағы жоқ саңырау, тілі жоқ сақауды алғаның не, сенің малың жетпей ме, тоқсан баулы ноғайдан тілі бар әйел ал, егер малың жетпесе, менің малымды қоса бер, – деді. Осы ноғай айтады: – Сенің құрдасың Асан ғой, сен де сақау, саңырау ал, – дейді. Сенің үшін мені қорлайды, – деді. Сонда Асан тұрып: – Үш жылда сөйлермін деп еді, сосын алып едім, – деді. Сонан кейін ауылға қайтып келсе, қатыны тыр жалаңаш ұшайын деп жатырған үстіне келеді. –Әй, Асан мырза, мен сені ер деп етегіңнен, нар деп білегіңнен ұстап едім. Үш нәрсе тілеп едім, “бердім” деп едің, кәне, бергенің? – деді. – Қолтығымды сипама деп едім, оны істемедің, екіншіден, шығып кетіп жабықтан қарама дедім, оны да істемедің, қарап қойдың, үшіншіден, үш жылдан кейін сөйлеймін жанға айтпа деп едім, оны да айтып қойдың, мені мал дедің бе, базарға шығардың, қып-қызыл қаннан аппақ сүт шығатын еді, оны төктірдің, әйел баспайтын тұзды бастырдың. Тұз адамның тамағының дәмін келтіруші еді, оны лас еркек баспайтын еді. Енді мен саған жоқпын, сен маған жоқсың, – деп шаңырақтан шығып кетті. – Менде бес айлық балаң бар еді, оны Мысырға туып кетермін, содан аларсың, – деді. Содан кейін Асан қатынының күйігімен жеті жыл желмаямен жер қарап кетті. Содан Асан қайғылы болып жүріп, “Асанқайғы” атаныпты. Сол жер қараумен жүріп Асан Нұрдың қарабайырын тапты. Асанның жалғыз баласы болды. Оның аты Абат болады. Бір күндерде Әділ Жәнібек хан Аштарханды салдырып, қалың ноғайды шақырып той қылып, Асан қайғылы болды деген соң, Асанды шақырды. Асан оған бармады, сонан соң бала піштіріп той қылды, соған шақырып еді, Асанқайғы оған барды. Сонда Әділ Жәнібек хан Асанқайғыдан сұрады: – Мен Аштарханды салдырып той қылдым, онда келмедің, бір кішкене баланың терісін кестіріп той қылдым, онда келдің, соның себебі не деді? – Сонда Асан айтады: –Аштарханды салдырдың, бармадым, оның себебі – оның мехнатын кім көрсе, рахатын сол көреді деп еді, қалаңды құлға салдырдың, күндердің күнінде қалаңды кәпір алады, – деді. – Әй, Асаным, Асаным, Құстың ханы қу еді. Құстың құлы Құладын, Оған қуды алдырдым. Қайратымның көбінен Мұсылман дінге көндіріп, Құлға қала салдырдым, – деді Жәнібек. Сонда Асанқайғы сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Құлға қала салдырсаң, Күндердің күні болғанда, Қалаңды салған құл алар. Құс төресі қу еді, Құладын оның құлы еді. Күндердің күні болғанда, Басыңды сенің құл алар, – деді. Сонда Жәнібек: – Осы ноғай ішінде кім би? – деді. Сонда Асан өзінің жалғыз баласын: – Біздің Абат би, – деді. – Кім ер? – деді Жәнібек. – Біздің Абатжан ер, – деді Асан. – Кім мерген, атқыш? – деді. – Біздің Абатжан мерген, – деді. Жәнібек ойлады: “Әй, боқ сақал-ай, осының жалғыз баласынан басқа ноғай тумаған екен ғой” деп. Әділ Жәнібектің бір қаршығасы бар еді, оны бір жабайы қаршыға аң алдырмай қуып келіп тығады екен. Әділ Жәнібек: – Әй, Абат, сен мерген болсаң, сол жабайы құсты атып бер, – деді. Абат пен Әділ Жәнібек аңға шықты. Құсын аңға салып еді, жабайы құс тағы да қуып келді. Абат мұны атып қалып еді, жабайы құстың құйрығын айырып кетіп өзіне тимеді. Сонда Жәнібек: – Абатым, мерген емес екенсің ғой, – деді. Абат: – Жоқ, мен мергенмін, аршыл құс болса, дақ салдым, енді келмес, – деді. Арсыз құс болса, келер онда ат деген жеріңнен атамын, – деді. Бұл сөзден Жәнібек жеңілді. Сонан соң Абат елге кеткен соң, Әділ Жәнібек хан сол ноғайдағы ермін деп жүрген кісінің бәрін шақырып алды, соның ішінде Абат та келді. Ерлер тегіс жиналған кезде Жәнібек айтты: – Менің ала алмай тұрған жерім бар, соны алып келсеңіз, – деді. Сонда еш жан “бас болып барамын” деп айтпады. Сонан соң Абат тұра келіп сөйледі. Сөйлегенде бүй, – деді: Әй, ханымыз, ханымыз, Халық билеген жанымыз. Рұқсат болса сіздерден, Алармыз қалмақ қаласын, Көрерміз құлдың шамасын. Қасыма менің беріңіз Қырымның байтақ ерлерін. Сонда Әділ Жәнібек: – Айт, кімді аласың? – деді. – Бізге берсең жарайды Артық туған Тоғанды. Айсаның ұлы Ахмет, Батыр Алау, ер Әмет, Қарғабойлы, Қазтуған Әруақты ер еді. Бұлттай желге өрлеген, Адырнасын қолға алып, Жарағын жауға сермеген. Атағаны Абаттың – Өңкей асыл ер еді. Шынтасұлы Төрехан, Ақжонасұлы Ер Кеңес, Және берсең Тарғынды, Бірінен-бірі кем емес. Екпінді ерлер қарқынды Ердің осы басы еді. Тұтасымен қырықтың Болады берсең, – деп еді. Абат мерген бас болып, Қасында бар қырық жігіт Шығып елден жөнеді. Алыс емес арасы, Тек екі айлық жол еді. Есен қазақ түлейі Түбі тайыз су еді. “Қалмақтың жері – бұл ел” деп, Елден шыға қырық батыр Сонда кетіп барады. Түлкі жүрмес түлейден Түнде жүріп өтеді. Қарсақ жүрмес қалыңнан Қақа жарып өтеді. Сайланған өңкей батырлар Жеңіз берен ол киді. Қолына ұстап найзасын, Ат құйрығын шарт түйді, Беренді беліне нық байлап. Бір мезгілде күн батты, Күн артынан таң атты. Жортып сонда желеді, Қақпай кірпік біреуі. Түн ұйқысын төрт бөліп, Әлі жортып келеді. Қаратүлей қамыстың Ішіне сонда енеді. Қақа жарып қамысты, Ат тұяғы жанышты. Қасындағы көлшікке Суарып атын алады. Азғана жел қақтырып, Тағы да мініп алады. Жортуылмен қырық батыр Әлі кетіп барады. Есен қазақ түлейге Тағы да еніп қалады. Бір мезгілде ерлер тұрады Бірімен-бірі кеңесіп. Қай жағынан жаудың тиюді Ерлер сонда қарады. Аттанған қолды көргенде, Қашты қалмақ қалаға. Сонда ерлеріне Абат сөйледі: – Әй, ерлерім, ерлерім, Артық туған беглерім, Қалмақ алды хабарды, Мықтап белді буалық. Діні жаман кәпірге Қылыш шауып, қан төгіп, Соғысты үлкен қылалық. Ұсташы қолға найзаңды, Діні бұзық кәпірге Тастамашы айлаңды. Сонда ерлер үш бөлініп жүреді, Бірінші қолды бастаған – Асанның ұлы Ер Абат. Екінші қолды бастаған – Айсаның ұлы Ахмет. Үшінші қолды бастаған – Қайтпас батыр ер Тоған. Қойшы менен түйеші, Жылқышы мен бадашы Ханыңа барды шұбырып, Қалмақ иттің баласы. – Әй, ханымыз, ханымыз, Кеудедегі жанымыз Еліңе келді көп әскер Өңкей сауыт киінген, Астына мінген бедеуі, Батырлар өңкей жиылған. Қашып саған келдік біз, Еліңе халқың жинашы. Сол бір келген ерлерден Артық туған сен болсаң, Халықты алып сен қалшы. Елге келіп тиген соң, Жау екенін бұл білді. Сонда ханың қаттанып, Жеңіз берен бұл киді. Кілең темір киініп, Қасына алып ол жүрді Туған екі баласын. Қасына алып жүз батыр Қаланың шықты шетіне. Сол уақыт болғанда, Ноғай да келді қарысып, Бұлар да алып көк берен, Келді қарсы екі қол. Үсті-үстіне жиылды, Батырларға да болды жол. Сонда шығып келеді, “Жекпе-жек” деп келеді. “Келді менің тұсым” деп, Қасындағы ерге қарамай, Шыға Абат жөнеді. Сонда қарсы келеді, Қарсы келіп тұрғанда, Қалмақтың ханы сөйледі, Сөйлегенде бүй, – деді: – Әй, ноғайсың, ноғайсың, Ақ найзаңды шүйіріп, Кімге, залым, қарайсың? Көк беренің қолыңда, Жалғызыңнан жабысқыр, Соғысуға қалайсың? Шытырайып қарайсың, Шытырайып қарасаң, Көзіңді сенің оярмын, Қаныңды ұрттап тоярмын, Кесіп басыңды жоярмын. Менің тегім сұрасаң, Қалмақ деген ел едім, Ішіндегі қайтпас ер едім. Сен қасымда қой болсаң, Мен бір арлан бөрі едім. Қасымдағы тоқты-торымды Ауызға салып жер едім. Бұл сөзді естіп Ер Абат Қаһарланып сөйледі, Сөйлегенде бүй, – деді: – Мен ноғайдың ері едім, Ноғайлы бай ел еді. Қасымда бар қырық батыр Әрқайсысы мың кісі, Қырық мың кісі қол жатыр. Әй, ақылсыз, сен, қалмақ, Кішкене ғана шыдасаң, Шекеңе тиер қол тоқпақ. Қалмақ қылды қаһарды, Сонда тұрып ұмтылды. Бір-біріне қарсы шабысты, Найзаласып қағысты, Қылышпенен шабады. Абат батыр ол тұрып Сонда шапты қылышпен, Онда да қылыш өтпеді. Аттан түсе қалысты, Жағаласты салысты. Ақырында не керек, Жан шығуға дейін барысты. Қарт бурадай қамданып, Сонда найза салады. Һауазымдай хандардың Құрыды сонда сілесі. Шаршағаннан ханыңның Бүгіледі сонда тізесі. Қалмақты жығып алады Асанның ұлы Ер Абат. Һауазымдай қалмақтың Сонда бітті мүдәсі. Һауазым хан өлген соң, Шықты сонда баласы. Қайратына қарашы, Абаттайын батырға Қарсы шапты қасқарып. “Атамның кегін алам” деп, Келіп қалып сонда алысты. Сүйдегенше болмай-ақ Ханға тиген ақ найза Баласына ханның шанышты. Ақ сауыттан өтпеді, Сонда қалмақ жапырды. Ноғайлының батырлар Қасарысқан ер сабаз Олар да сонда айқайлап, Қалмақ, ноғай арасы Қызыл ала қан болып, Біріне-бірі шабысты. Қалмақ пенен ерлердің Арасы қызыл қан болды, Көрмегенге таң болды, Тақа қалың шаң болды. Бір шетінен тиді Ер Абат, Бір шетінен Ер Тоған. Бір шетінен ол тиді Айсаның ұлы Ахмет. Ерлер келді қалмақты Қорлаған қойдай қып Қамап алды қат-қабат. Ақ берені жарқылдап, Суырды алмас қолына, Кәпірдің түсті соңына. Абат пенен Тоғанның Жұлдызы шыққан оңына. Жиналған ердің екпіні Қалмақтайын залым кәпірге Берді ерлер тепкіні, Шапты ерлер ту байлап. Найзалары қолында, Ерліктің жүрген соңында. Батырлар ерік бермеді, Жиналды қалмақ баласы, Тұс-тұсынан қылыш сермеді. Кетерін білмей ол қайда, Біріне-бірі тығылып, Қалмақты сонда кернеді. Қысылып сонда сасады, Ортада қалған кәуірдің Сұсы жаман қашады. Сыртына кеткен қалмақтың Айсаның ұлы Ахмет Жібермей сырттан тосады. Оны қоймай қырады, Қаланың ішін қандатып, Шарбақтарын шаңдатып, Жамыратқан қойдай маңыратып, Би мен төре, бектерің Өңменінен кірген найзаға Жанын оның қорлатып. Талай қалмақ сандалды, Ен далада қаңғырып, Кетті ханның баласы. Екі бірдей баланың Атының жүйрік болғаны, Жете алмай қалды қарашы! Сол екеудің артынан Ерлер мініп Телкүрең, Асанның ұлы Ер Абат, Айсаның ұлы Ахмет, Батыр туған Ер Тоған, Шынтасұлы Төрехан – Төрт ер кетті қат-қабат. Белес-белес бел өтті, Арада неше тау өтті. Абаттың мінген Күреңше Аспанға қарғып ойнады. Қолында бар ақ найза, Қолға ұстаған ақ найза, Болады жанға ол пайда. Сонда бір таудан өтіпті, Екі бірдей жас бала Үш күндік жерге жетіпті. Ат құйрығын сабылтып, Қара терге малынтып, Аюдайын ақырған, Қалмақтар оған бас ұрған. Кеткен асып баланың Артынан келді төрт батыр. Шықты алдынан Ер Абат Найза ұшына ту байлап. Онан соң жүріп келеді Айсаның ұлы Ахмет. Онан жүріп Ер Тоған, Ең артында келеді. Ақ найзасын өңгерген, Айыбы жас демесең, Азын көпке теңгерген Шынтасұлы Төрехан. Алдындағы баланың Сонда тұрып үлкені Артына бір қарады. Сонда үлкені інісіне сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Әй, қанатым, қанатым, Қолыма ұстар болатым, Артымыздан жау жетті ғой, Дәрмен бізден кетті ғой. Арыстандай ақырған Қалмақ деген халқыма Иесі еді аңқыған. Ноғайлының ерлері Әкеңізді өлтірді. Және қуып келгені Біздердің де артымнан. Ұшы болат ақ найза Оны бір қолға алалық. Қорамсаны қолға алып, Соғысамын деген ноғайға Жақын біз де баралық. Аш арыстанша алысып, Ноғайменен қаралық. Ерлер келді қасына, Келді екен деп оларды Алмады баллар есіне. Әуелінде қашса да, Аз екенін көрген соң, Шошынып тізгін жимады. Екі бір жас баланың Қорықпасын көрген соң, Абат сонда долданды, Беренге батыр сыймады. Ақ сүңгісін қолға алып, Сол балаға баруға, Барып кегін алуға Кетті сонда Ер Абат. Қарт арыстандай қасқарып, Келіп Абат сөйледі, Сонда да тізгін жимады. – Әй, сен қалмақ, сен қалмақ, Кегім бар сенде аламсақ. Әкеңді сенің өлтіріп, Қалмақ, алдым қалаңды. Кетіп қайда барасың, Тарттырармын сазаңды. Қорықпаймын деп ойлайсың, Білмейсің, бала, шамаңды! Сонда бала сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Келдің жетіп сен, – деді, Ызғарыңды бетке шашсаң да, Ауызыңды ашсаң да, Қорықпаймын мен, – деді. Жекпе-жекке келсең сен, Алысам десең, кел, – деді. Батырлар жауға жасанды, Ақ найзаны қолға алып, Ат үстінде найза салысты. Қақырғаны қан татып, Түкіргені жын татып, Ерлердің жүрек қабынды-ай. Қызған сайын ерлердің Маңдайдан тері ол ағып, Иленді ерлер сабындай. Бір уақыт болғанда Асанның ұлы Ер Абат Ақ беренмен шабады. Қоса тұрып тағы да Жағаға қолды салады, Оны жұлып алады. Шапқан оның қылышы Тарылтты қалмақ тынысын. Ағасы оның өлген соң, Кішісі сонда шабады. Қарт қояндай қасқарып, Қарсы келіп қалады. Ханға тиген ақ сүңгі Оған да Абат салады. Тілге келмей ол дағы Тезірек өліп қалады. Ағасы мен інісін Абаттың өзі алады. Салдырлаған көк темір, Артындағы тұлпары Адыра ессіз қалады. Асқар таудай жүрегі Ағалы-інілі екеудің Бітті тезден ажалы. Қарға менен сауысқан Еттерін жеп тауысқан. Абат пенен ер Тоған Жетекке алып аттарды Қалмақтың еліне жөнеді. Жортып қатты жолдарда Ерлеріне келеді. Қалмақтың елін алыпты, Қалған анау батырлар Айдап жолға салыпты. Жесір менен жетімін Алып кетіп барады. Баяғы өткен жерлермен Өтіп кетіп барады. Баяғы өткен көлшіктен Ат суарып алады. Үш айлар өткенде Жесір-жебір шулатып, Еліне қайтып келеді. Елге жуық келгенде, Ілгері озды хабарға. Елге жақын баруға Абат пенен ер Тоған, Айсаның ұлы Ахмет – Үшеуі кетті ілгері. Жәнібек Әділ хандарға Келіп хабар береді. “Жесір-жебір келді деп, Есесін тап енді” деп, Тобын жазбай үшеуі, Оған хабар берген соң, Еліне қайтып келеді. Асанқайғы қартына Иіліп сәлем береді. Сонда Асан сөйледі: – Аман-есен келдің бе, Құлыным, жалғыз сен, – деді. Және де аман келді ме Қасыңдағы құрбы-құрдасың? Есен-аман сен барып, Қалмақтарды алдың ба, Құлаттың ба ордасын? Қалмақтың жерін босатып, Айдап алып келдің бе Жетім-жесір баласын? Талқандадың ба қаласын, Көрдің бе һауазымның, Балам, оның шамасын. Сол өзі ел-жұртымен амандасып, арада екі ай өткенде, хан тағында отырып, бір нәрсе ойлады: “Бұл Абат шыдамды деп еді, осыны тағы да бір сынайын” деді. Бір күні Абат түннен тұрып, жылқыға кетті. Әйелі үйінде жылы төсекте жатыр еді. Хан елең-алаңнан бір тісінен басқа ақ жері жоқ құлды жіберді: – Сен соның әйелі төсектен тұрмай барып, қойнына құшақтап кіріп жатып ал. Егер қызғаншақ болса, іші тар болса, сені келіп ұрар, ұрса да тұрма, – деді. Сонда құл келіп Абаттың әйелін құшақтап жатады. Күн түс болады соған дейін екеуі тұрмайды. Бір мезгілде Абат үйіне келсе, әйел мен құл екеуі құшақтасып жатыр екен. Абат жайменен келіп, әйелінің қолын еркектің мойнынан алып, еркектің қолын әйелдің белінен алып тастап, өзі жылқысына кете береді. Сонан кейін құл тұрып үйіне кетеді. Онан кейін Абат әйеліне еш нәрсе айтпайды. Сонан кейін Абатты Жәнібек шақырады. Шақырғанын біліп Асанқайғы баласына сөйледі: – Әй, Ер Абат, Ер Абат, Сөзімді тыңда, сен Абат. Тілегіңді айт десе, Шаттың бойын сұрашы Бақашығы білектей, Баттауығы жүректей, Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған, Баттауықты шалғынға Шөккен түйе таптырмас, Балығы жылқы жаптырмас Балдырғанды көл еді. Көлгірсіген құба дөң Талайдан қалған жер еді. Бір жағын оның сұрасаң, Түйе мен қойға жай. Бір жағы оның тағы да Жылқы, сиыр малға жай еді. Аяғын оның сұрасаң, Ноғайлының жиналған Ашы менен арығы, Пақыры мен мүскіні. Аштарына балық бар еді, Ол да соған жай еді. Жәнібекке барсаң сен, Сұрашы, балам, сол жерді. Берсе егер ол жерді, Шыңғырлаудан кетерміз, Шатқа таман жетерміз. Қасыңдағы ноғайдың Егер болса ............... Ноғайды ертіп барып біз, Атын бөлек етерміз. – деп баласы Абатқа айтты. Сонан соң Абат жалғыз өзі ханға барды. Сонда ханың сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Әй, Ер Абат, Ер Абат, Әкең мерген деген соң, Оны да мен сынадым. Екінші рет келгенде, Ерлігіңді сынадым. Қалмақтың алдың қаласын, Билігіңді сынадым. Қолжазбада бір сөз өшіріліп қалған. Жиылып тұрған ерлерге Ашып жауап бастадың. Кеңдігіңді де сынасам, Құлды алған қойнына Қатыныңның қолдарын Құлдан алып тастадың, Батыр, саған бастадым. Сонда Абат сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Әй, Ханымыз, ханымыз, Артық туған ханымыз. Ноғайлы халықтың ішінде Болдық ханым барымыз. Тілегімді тілесем, Шаттың бойын беріңіз. Сонда хан сөйледі: – Әй, Ер Абат, Ер Абат, Үйіңдегі боқсақал Айтты саған ол қалай? Тіле дедім, мен бердім. Бердім енді ала бер, Мекенденіп бар да көр. Сонда Абат тілегін алған соң, еліне келіп түсті. Сонда елінің жақсы ақсақалдары жиналып келді. Сонда ауылдың бір кісісі тұрып айтты: –Әй, Абатым, Абатым, Ұстаған қолға болатым, Ханға барып не алдың? Абат сонда оларға Тұра келіп бүй деді: –Жасы үлкен ағалар, Туған бұрын бабалар, Болып қабыл тілегім, Шаттың бойын мен алдым. Аяғында көп балық бар, Бара берсең сол жерге Бізге таби1 халық бар. Сонда Асанқайғы сөйледі: – Жиналған көп халықтар, Ноғайлының аш-арық, Сол бір жақсы қонысқа Адам менен айуанға 1. Таби – тектес, аталас деген мағынада. Жем болады тегіс-ті, Жері жақсы келіс-ті. Аты оның болсын Жем, Аяғын оның сұрасаң, Толып жатқан балық-ты. Сол балықты алған соң, Жарлысы байға теңеліп, Байдан болмас ол да кем. Ақсақалдар тұрады, Үйлеріне барады. Әйеліне олар келіп, “Үй жық” деп айғай салады. Олар сөйтіп айғайлап жатқанда, Асанқайғы айтады: – Бүгін еру болып, ертең таң ата көшерміз, – дейді. Бір мезгілде күн батты, Шолпан туа олар да Үйдің бәрін босатты, Ағарып сонда таң атты. Үйді сонда жығады, Өгізге жегіп арбасын, Мәстекке жегіп шанасын, Малдарына жүкті салған соң, Ноғайлының аш-арық Шатқа кетіп барады. Асанқайғы, Ер Абат Сол ноғайды бастап жөнеді. Ондаған малы, барлығы, Қозыларын маңыратып, Айдап сонда келеді. Сол көшумен арада Екі-үш күн жол жүреді. Аман-есен ол барып, Жемге сонда қоныпты. Асан менен Абаттың Айласымен аш-арық Қалпына келіп тоғайып, Сонда бай ел болыпты. Сорлысы байға теңеліп, Тұрақтап Жемде қоныпты. Алдында Шат болса да, Асанқайғы қонған соң, Оның аты Жем болыпты. Пайдасы оның көп болып, Талай ноғай қоныпты. Тоған мен Абаттың Тулақ ханға баруы. Арада бір-екі жыл өткеннен кейін, Тоған батыр ойланып отырып ой ойлайды: “Осы қалмақ елімді шауып еді, жол болса соған Абатты ертіп барып кеткен кегімді алайын”. Сонан соң Абатқа барып отырып, Асанқайғы қартқа сөйледі: – Әй, ағамыз, ағамыз, Болдың бізге панамыз. Ноғайдың жетім-жесірін Қойдай айдап сен бақтың. Аш-арық болған ноғайға Пана болып оларға, Тамақ беріп, жем таптың. Мен бір қиял ойладым Сол қиялға жетуге. Мен бір жауға кеткенде, Қаланың келіп шетіне Қалмақ шіркін тиіпті, Олжаны оңай бөліпті. Жетім-жесір ол алып, Еліне қарай кетіпті. Сол тұрған қалмаққа Барсам мен деп ойлаймын. Сол қалмаққа мен барсам, Қалмақтан барып кек алсам, Жалғыз жауға баруға Келмеді оның ыңғайы. Абаттайын балаңды Қасыма қоссаң деп едім. Сонда Асан қайғы баласы Абатқа сөйледі: – Әй, Абатжан, Абатжан, Ноғайлының ері еді, Келіп тұр саған ағаңыз, Жаулы жерде қалаңыз, Ағаң алсын кектерін. Жібермесін дұшпанға Айла істеп бөрілер, Ағаңа болып жолдас-ты. Сол бір жауға барасың, Атаңның тілін аласың, Сөзіме құлақ саласың. Сөзіме құлақ салмасаң, Құрттың атаң шарасын. Жібермей кекті дұшпанға, Ағаңмен барып аласың. Егер жауды алмасаң, Не болғаның, Абатым, Ол Аллаңнан көресің. Сонда Абат сөйледі: – Айналайын, жан баба, Қаһарланған дұшпанға Қаһарын оның сен бастың. Айла менен білгірлік Бәрін жұмсап халқыңа, Өз халқыңнан сен астың. Бар десең мен барайын, Ағамменен қосылып Ерегескен дұшпанға Соғыс салып қарайын. Алыс сапар шегіп жол, Әуелі халқым, екінші Ата менен ана үшін Дұшпанға бермей кегімді, Төгілмес беттен ар үшін, Қатын мен бала үшін, Жерге тамар қан үшін, Желге кетер мал үшін, Әуелі Алла, екінші Пірлеріме сиынып, Бекініп белді буайын. Қалмақтың жерін басайын Ағамменен қосылып. Кім үшін тудым әуелден, Ерегескен дұшпанға Халқымды мен бермейін. Ортасына халқымның Шыбын жанды салайын. Сол сөзді айтып Ер Абат, Бадана көзді берік сауыт Дәуіт соққан смауыт Баса үстіне киеді. Беренін белге байлады, Басына киіп дулыға, Алыс жолға жүруге Берендіктеп, белдіктеп, Шұғаменен терліктеп, Жемге байлап үш-төрт күн Көк тұлпарды қояды. Үш-төрт күні өткенде, Барамын, аға, мен, – деді. Атың болса бапташы, Найзаң болса сапташы, Қылышыңды бапташы, Барармын, аға, мен, – деді. Сонан соң Тоған батыр еліне қайтып келіп, үш-төрт біткен күні Абат әкесіне келіп сөйледі: – Әй, жан атам, жан атам, Мен де сізден туған балапан. Балапан ұшар қияға, Атасы бар деп бұйырса, Баласы бармай бола ма?! Ата, келдім өзіңе, Алыс жолға кетуге, Қалмақ елге жетуге Сұрай келдім ақ батаңыз, Алыс жолға кетеміз. Қош көргенше дүниеде, Жақсы болғай күніміз. Алла нәсіп айдаса, Қайтып бір күн қалармыз. Көлгірсіген жерлерді, Ұзыннан жатқан көлдерді Бір күн келіп көрерміз. Атасы бастасын береді: – Қолыңды жай, Абатжан, Берейін бата мен, – деді. Ұлсыздарға ұл берген, Қызсыздарға қыз берген, Жалынып тілек еткенде, Болдыртқан қабыл тілегің Алланың шері арышлан Баба Түкті Шашты Әзіз Қолтығыңнан демесін! Қызыр ата, қырық шілтен, Қыдыр менен Ілияс – Олар да болсын жолдасың! Қысылған тайғақ тар жерде Қолтығыңнан жебесін, Қолыңнан ұстап демесін! Сонда Абат желеді, Тоғанға қарай жөнеді. Тоғанның аулына келіп, Тоғанмен екеуі үш айлық жолға шығып кетеді. Ерлер сонда желеді, Астына мінген тұлпары Елден шығып кеткен соң, Арада неше күн жүріп, Бірнеше асты төбеден, Бір неше асты өзеннен, Бірнеше асты дөңдерден. Және кетіп барады Белес-белес белдерден. Және өтіп барады Бетегелі боз бұйрат Шөбі қалың жерлерден. Және өтіп жөнеді Мұнарланған биік таулардан. Екі батыр жапанда Қорықпай кетіп барады Аю, қабылан аңдардан. Далада жан көрмеді, Сергелдең жортқан ерлерге Ешбір жан оған келмеді. Бір мезгілде күн батты, Ай қараңғы, күн бұлт, Кімнен олар қорқады?! Түн қараңғы болса да, Түн ұйқысын төрт бөліп, Ерлер жортып барады. Қараңғы түннің ішінде Батырлар жортып отырып, Белес-белес бел де өтті. Бір мезгілде таң атты, Биік шыңға кеп жетті. Сол мезгілдің өзінен Ауылдан ерлер шыққалы Екі ай жарым боп өтті. Биік шыңға кеп батырлар Төменгі жаққа көз салды, Сонда жерді көреді. Жайылған шыңның астында Қораланған қой менен Үйір-үйір көрді жылқыны. Ел екенін біледі, Қамашауда отырған Көп екенін біледі. Жолын қарап батырлар Шың жағалап жүреді. Бір жерлерге келгенде, Жалғыз аяқ шаппа жол Батырларға болды кез. Қиыншылық туады, Тәуекелге бел байлап, Құйысқанын аттың қысқартып, Тартпасын да бек тартып, Ерегеспен сол жолдан Батырлар енді құлады. Етегіне түскенше, Күн де түске толады. Ат тұяғы қағылып, Ерлерге қиын болады. Ат тұяғын көрген соң, Ерлерге қиын іс туды. Абат, Тоған сүйтіп тұрғанда, қасындағы сайдан бір кісі шыға келіп еді, көкпеңбек темір кигенді көргенде, шошып жығылып қалып, тағы түрегеліп Абат пен Тоғанға қарай жүре бастады. Келіп сөйледі: – Қайдан жүрген жансыңдар, Ала темір киінген? Ақ найзаны қолға алып, Басыңда бар көк темір Лашын құстай шүйілген. Құламаушы еді жан бұл таудан, Сендерді көрдім құлаған, Қай халық болдың, сен? – деді. Аты-жөніңді білдірші, Білейін оны мен, –деді. Біз бір қалмақ ел, – деді, Бұрын мұндай көрмеген Қорқып тұрмын мен, – деді. Ханыма хабар салайын, Сол ханыма барайын, – Деп бір кісі сөйледі. Сонда тұрып Ер Абат Оған қарап бүй деді: – Біз ноғайдың ері едік, Ноғай деген ел едік. Іздеп біздің келген жер – Хан Тулақтың қаласы. Хан Тулаққа хабар бер, Қалмақ болсаң сен кіші. Кісісін тездеп жинасын, Соғысамын мен, – деді. Ноғайдан олжа алғандай, Еліне бүлік салғандай Не жазығы бар еді?! Біз де келдік оны іздеп Шабарға оның қаласын, Шулатуға баласын. Үш күн мезгіл беремін, Қапыда Тулақ қалмасын. Жинасын елде ол барын, Ол үшеуден ол қалса, Өлтіремін ұлдарын. Қатын етіп алармын Өзінің туған қыздарын. Шамасын білмей ұрынып, Алып және кетіпті Балдырған елдің ұлдарын. Кездесіп еді ол Тулақ Білсін неме қылармын. Қалмақтың Тулақ ханның ордасына келіп айтқаны: – Әй, ханымыз, ханымыз, Кеудеде бар жанымыз. Келдім көріп бір жанды Үстіне темір киінген. Қолына ұстап ақ найза, Найзасына сүйенген. Қасында тағы біреу бар, О да темір киінген. Оны да байқап қарасам, Ер қаруы бес қару, Киген сондай бұйымнан. Екеуінің де қасында Көк тұлпар тұр ойнаған, Көзі оттай жайнаған. Айналайын, ханымыз, Найзаң болса саптай бер, Қылышың болса топтай көр. Ұшқыр қара тұлпарың Келтіріп күйге баптай көр. Халқың қалсаң айырып Осы жаудан сен, – деді, Ендігісін өзің біл, Болдым айтып мен, – деді. Сол секілді ханыңыз Ешбір айла таппады, Сен бір айла тап, – деді. Тағы да сонда ойлады: “Шаршап келген жан шығар, Қайраты қанша болса да, Қайраты оның болар аз”. Сонда Тоған Абатқа сөйледі: – Әй, Абатым, Абатым, Жау да келіп таянды, Таянбаса не қалды? Қайрат болса, Абатым, Көрсетелік ол жауға. Қаршыға едік қу алған, Келіп шаршап алыстан Қайратың сенің қайтты ма? Денеде қайрат бар болса, Қыбырлашы, қанатым. Қолымызға ұсталық Ақ сап болат найзаңды, Тастама тауға айлаңды. Екі батыр тұрады, Қолына алып найзасын, Атына енді мінеді. Әуелі Алла, екінші Бабадан жәрдем тіледі. Шаршаған екен көк тұлпар, Тұқайы оның кетіпті. Сыныпты үлкен тұқайы, Жүрмей қалды жануар. Сонда тұрып қалмағың Халқынан алды жүз кісі. Сонда тұрып хандары Үстіне киіп алады Сауыты жоқ болған соң, Қой жүні қызыл шекпенін. Белге ілді садағын, Беліне алды қылышын, Қолға алды найзасын, Құртуға жаудың айласын. Тарылтуға және де Аттанған ердің тынысын. Көзімен ерлер көреді, Көп екенін біледі. Сонда тұрып ер Тоған Жау қарасын көрген соң, Буырқанды, бұрсанды, Мұздай темір құрсанды, Жау да сонда таянды. Атына жалынып айтқаны: – Әй, жануар, жануар, Адым аяқ баса көр, Адымыңды аша көр, Үстіңдегі иең де Жабығып кеп тұрғанда, Оған да сен жәрдем бер! – Деп тұрғанда жанындағы Жақын қасқа келеді. Көк темірді киінген Өңкей ерді көреді. Тулақтайын ханыңыз Жақын қосқа келіп, Келіп сөйлей береді: – Ай, адамзат, адамзат, Қайсы болдың сен халық? Үстіңе кидің көк сауыт, Қолыңа алған ақ найза, Қарыңа ілдің садағың. Халқыңнан асқан ермісің, Ілгері басқан қадамың? Үстіңе киген ақ сауыт Ер болсаң да алармын. Қалбыр темір болса да, Қой жүні киген шекпеннен Ол бір сауыт кем, – деді. Сонда Тоған сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Менің тегім сұрасаң, Ноғай деген ел едік, Ел ішінде ер едік. Менің атым – Ер Тоған, Қасымда менің Абатым, Өзімнің құйрық-қанатым. Шапса кеспей қалмаған Ұстаған қолға болатым. Қияда жүріп шарлаған Ақсұңқар құс секілді Қанатын жайып қомдаған. Қосылып жүрсек екеуміз, Талай қалмақ сорлаған. Қаһарланып ұмтылсақ, Қар аралас жаңбыр бораған. Темір де болса Тоғанның Үстіне киген ақ сауыт Одан найза өтпеді. Ат үстінде ерлердің Ақберені жарқылдап, Сонда ерлер шабысты, Айла жасап қағысты. Оған да қалмақ көнбеді, Аттан түсті батырлар, Белдерінен алысты, Жағаласты салысты. Тоғанда алмас бар еді, Сол алмасты алады. Жағаласып жүргенде, Алмаспен жарып қалады. Жауын сонда мұқатып, Көңлі ердің тынады. Қалмақ шіркін өлген соң, Сонда қалмақ жапырды. Сонда қалмақ сөйледі: – Әй, ноғайсың, ноғайсың, Жалғызыңнан жабысқыр, Ажырайып қарайсың, Жекпе-жекке соғысып, Алысуға қалайсың? Сонда тұрып Ер Тоған, “Кезегім менің келді” деп, Тулаққа қарай жөнелді. Қолына алып найзасын, Тулақ та қарсы келеді. Сонда салды соғысты, Жекпе-жекке тоғысты. Ақ найзасы жарқылдап Тулақ пенен Ер Тоған Біріне-бірі салады. Тулақтайын залымның Шекпенінен найза өтпеді, Денесіне жетпеді, Одан әрі кетпеді. Оларға Абат ақырды, Тоған мінді ол атқа, Жетті сонда мұратқа. Сонда қылыш бермеді. Ат тұяғы тақылдап, Қарсыласып кернеді. Алты күн салды соғысты, Абат пенен Ер Тоған Сонда кезек бермеді. Жүз кісідей қалмақтың Сексені бірден өледі. Қалғаны да қашады, Жалғыз қуып барады Артық туған ер Тоған. Абаттайын батырға Үш жерден найза салыпты. Барлығы да аяқтан, Қоршауыл тұр басқа жер Шарайна мен сауытпен, Найзаны салсын қай жақтан?! Қаны ағып тыйылды, Түрегеліп атына Болды бару қиын-ды. Сол өжеттікпен, ерлікпен Барып атқа мінеді. Найзасын ұстап қолына, Ер Тоғанның соңынан Бұл да қалмай ереді. Қашып кеткен қалмақтың Со соғыста ер Тоған Талайын сүйреп жіберді. Артқа қашқан қалмақты Абат ер де түйрепті, Омыртқасын күйретті, Қабырғасын қақыратты. Қолына алып садағын, Қарсы келген қалмақтың Кеудесінен неше атты. Иесінен айырып, Талай атты ойнатты. Абат пенен Ер Тоған Қалаға келді сиынып, Жалмауыздай тебініп, Қаладан шығып жөнеді. Шығатұғын жолы жоқ, Манағы шыңға келеді, Шыға алмасын біледі. Арада бірнеше күн жол жүріп, сонан шыққан соң, еліне келеді.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.