Kazakh
Қарғабойлы, Қазтуған
Тоқсан баулы ноғайлар Мәслихат төбе басында Жиылып кеңес құрады, Темірдің төмен қасында. Жем өзенінің жағасы
Мекен еткен қаласы. Он сегіз күн кеңесті
Ноғайдың сонда баласы. Асанқайғы, Ер Тоған Сыр дариясын жағалап,
Нұрдың Қарабайыры Солай асып жөнелді.
Қарғабойлы, Қазтуған
“Шам шәһаріне кетем, деп, Мұнда тұрып нетем” деп, Қарт Әділ Жәнібек
Қалған жері осы еді. Асанқайғы көшкен жер
Шыңғырлау, Торыат басы еді. Қыземшекті Саршоқы
Осы судың қасы еді. Асанқайғы, Тоғанның Бөлінген жері осы еді. Қарғабойлы, Қазтуған Мәслихаттан бөлінді. Қойға қошқар салмады, Сиырға бұқа салмады, Түйеге бура салмады,
Жылқыға айғыр салмады, Еркекке әйел қоспады,
Адамды байтақ ұстады. Тұзсыз тамақ бергеннен Еркегі де, әйелі де Қайратынан айырылып, Бойдақ болды бәрі де. Қарғабойлы, Қазтуған
Шұбырып асып жөнелді,
“Шам шәһаріне жетем, – деп, – Ұшқияннай кетем” деп,
Оқ, Балқанға жетем” деп.
Оқ, Балқанға барғансын, Ағып жатқан дария су Қазтуған малын суарды. Алдыңғысы қана-ды, Кейінгі суы лай болып, Түйесі қанбай қалады. Шөлдегенсін жануар,
Боздап, аңырап қашады. Ботасын тастап Бозмая, Баяғы кеткен жеріне
Жемге қарап жөнелді. Мал суарып тұрған ер Сонда көзі көреді.
Артынан қуып Қазтуған “Қайырам” деп жөнелді. Әрі-бері қуса да, Қуғанына қарамай,
Мая да үркіп жөнелді.
Шабуыл салды “жетем деп, Қайырып келмей не етем” деп.
Ботасы қалды ауылда Бозмаяның боздаған. Тұра қашып анасы
Қайырмақ болды Қазтуған. “Алдынан орай шығам” деп, Қазтуған да келеді.
Көре сала жануар Құлаштап мая желеді. Ақбөкендей орғытып, Маяға жақын төнеді.
Қазтуған қуып жете алмай, Маяны қиып кете алмай, Дағдарысқан жер еді. Сарсаңның шеті сабылған Бір жұмаға толады. Адамның қарасы көрінсе, Бозмая қаша береді. Тайғанамай тау-тастан,
Кідірмей аса береді.
Маяға жетпей Қазтуған,
Ашуланып, ақырып, Тұлпарын басқа тебеді. Қазтуғанның ұлы жоқ, Жалғыз қызы бар еді. Жасы он бесте болса да, Ақылы зерек дана еді. Далаға кеткен әкесі Келмегесін торығып,
Шешесіне сөйледі:
– Айналайын, анамыз,
Мен едім жалғыз балаңыз. Алла нашар қылғасын, Келеді неге шамамыз?! Бір тайлақтың артынан Қуып, іздеп кетті бабамыз. Жамандатқыр Бозмая Кеткен шығар еліне,
Шалқып жатқан көліне, Өзінің туған жеріне, Оған нешік етеміз?!
Мұнда қалды баласы, Жеріне кетті-ау шамасы. Қырдан ішер суы жоқ, Қурап жатқан дөң еді,
Өзі бір алыс жер еді. Не шара бар Құдайға, Атам өліп қалған-ды. Ноғайға хабар салайын, Қарғабойлы батырға
Мұнымды айтып қарайын.
Сонда тұрып шешесі
Қызына жауап айтады: – Айналайын, қарағым, Еркек тусаң не етерге! Құдай нашар қылғасын,
Жолықтым ғой бетерге 2. Жөн таппайсың, перзентім, Артынан іздеп кетерге.
Қасыңа ерсе бір ноғай, Болар еді-ау сол қалай?!
Ақ сақалды жан ертсең,
Талайды көрген шал ертсең, Қиынды қиып шығатын
Ақ сақалды, сары тісті
Ақылгөй туған кәрі ертсең, Барар едің сен, – деді,
Не дейін саған мен? – деді. Он беске келген қарағым, Кім ерер сенің қасыңа?
Ағайын-туған аз еді-ау,
Сөзіме менің жасыма, Ұзақ жолдың бейнеті Береді қорлық басыңа. Көп ішіне барғанда, Көздің жасын көп төгіп, Ал, перзентім, жасыма! Қарғабойлы ағаңа
Барып жауап айт, – деді. Тыңдар болса сөзіңді, Елер болса өзіңді,
Жолдас қосар қасыңа. Егер тіліңді алмаса, Сөзіңе құлақ салмаса,
Қайтарсың, балам, асыға. Сонда қызы ойлады
Қарғабойлыға баруға. Қарғабойдың алдына
Өзінің ойын салуға, Барып ойын айтуға. Қарғабойдың алдына
Арызын айтты атаға, Қасына жолдас алуға.
Жолдас алса жолданып, Әкесін іздеп баруға.
Қарғабойдан қаймықпай, Қыз да кіріп келеді,
Кіре сөйлей береді:
– Асыл, артық ер, – деді, Бір тілегім бер, – деді.
Рұқсат етсең айтайын,
Сөзімді тыңдап көр, – деді. Ақылға кәміл данамыз,
Сізге ақыл саламыз.
Сегіз күн болды кеткелі Бір тайлақтың соңынан Қазтуған сынды бабамыз. Жолдас берсеңіз жөн білер, Соңынан іздеп барамыз.
Жалғыз өзім баруға
Бұрын шығып көргем жоқ.
Қасыма ертіп алуға Аға-іні менде жоқ.
Төрт жағы бірдей құбыла Бұл дүниеде пенде жоқ. Құдай нашар қылғасын, Болдым енді мен ғаріп.
Іздеп жөнін таба алмай, Алдыңа келдім зарланып. Берсеңіз басшы, сіз, – деді, Әкеміздің жолында
Өлуге тұрмыз біз, – деді. Қарғабойлы сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
–Ноғайлының бастысы Жиналып бері кел, – деді. Айтатұғын сөзім бар, Жалпы, тыңдап көр, – деді. Шақырғасын келеді
Ел жиналып ордаға.
–Естіңдерші, ел-жұртым,
Менің айтқан сөзімді.
Жүректі шалды бір түтін, Тұман қаптап көзімді.
Қанатым сынып түскендей Қайғы басты өзімді.
Қатарласым Қазтуған, Қатардан асып наз туған, Уландырды сезімді.
Он алты күн болыпты Қазтуған ер кеткелі.
Жеріне қашқан тайлақтың Соңынан қуып жетпеді. “Әкем менің қайда? деп, Болар ма оған айла?” деп, Мынау тұрған жас бала, Баршаңыз, бұған тез қара! Басшы болып жүретін Көп ноғайда бар ма екен Бұған жолдас еретін? Өзімен туған баланың
Онға жасы келіп тұр. Асық атып далада
Балалармен ойнап жүр. Киетұғын киім бар,
Мінетұғын ат та бар, Алсаңыз қару зат та бар. Тілімді алсаң, ноғайлы, Жерің келді аттанар.
Пәленше бар деп айтуға Еркін тілім келмейді.
Өзім іздеп кетер ем, Иесіз қалар ел, – деді.
Жеріне кетті-ау ол тайлақ Мұнда қалды баласы.
Күндердің күні болғанда, Дұшпанның қанар табасы. Айтып болдым сіздерге, Енді жауап беріңіз.
Мынау тұрған балаға Жолдас боп бірің еріңіз.
“Бармаймыз” деп ноғайлы Бәрі кейін шалқайды. Ермейтінін еркімен
Қарғабой да байқады. Қарс жауып қабағын,
Қызға қарап сөйледі:
– Бектен туған баласың, Жапа-жалғыз қаңғырып,
Жарқыным, қайда барасың? Алыс жолға жүрмедің,
Жақсы-жаман көрмедің. Бірлігі кеткен ноғайлы, Қасына бірің ермедің. Енді кімді жұмсайын, Айтшы өзің, шырағым. Өзім-ақ іздеп кетер ем,
Асынып жаудың құралын. Қалған елде қамқор жоқ, Оған не амал қыламын?!
Елді иесіз тастасам,
Қаптап келіп қалмақтар Білемін елді қырарын. Ел үшін туған ер еді Қазтуған да қайтпайтын. Тірі болса келеді,
Ар-намысын сатпайтын. Ашуы қатты долы еді Егескен жауын таптайтын. Бойында қайрат көп еді Ерлігін елдің сақтайтын.
Тілімді алсаң, жарқыным, Әуре болма бекерге,
Көштен қалмай жүре бер, Қазтуған қайтпай кетер ме?! Қазақтың ұлы Қазтуған
Бір оралмай еліне,
Тайлақты қуып кетер ме?! Әлі де болса күтейік, Тіріден үміт етейік.
Тілімді алсаң, қой, балам,
Қонатын жерге жетейік. Қызара түсіп қыз сонда, Сөз сөйледі безеніп:
– Іздемей енді нетейін, Белімді будым кезеніп, Жолында өліп кетейін. Бір шыбындай жанымды Атама құрбан етейін.
Кез келгенде кекетіп,
Ноғайлы көзімді оймай ма?
“Қаңғырып кеткен әкең” деп, Бетіме таңба қоймай ма? Туламай жаным төзер ме,
Шыдамаймын ондайға. Түзеп ұшқан ақсұңқар Оралып қайта қонбай ма? Тірі келсе Қазтуған, “Шыныменен елім” деп, Ноғайлыны қорғай ма?
Өлсе өлігін табайын,
Өлмесе хабар алайын. Талабымнан көрейін Жазылғанын маңдайға. Өзім қайтып келгенше Отырады анамыз.
Көрмесең ауыр, ағажан, Сырттан қорып қараңыз. Тапсырдым Аққа мен, – деді, Сау-саламат болыңыз,
Байтақ жатқан ел, – деді.
Сонда тұрып Қарғабойлы Ноғайға жауап қайырды: – Ноғайлының баласы, Ар емес пе елдікке, Өздерің ойлап қарашы, Қалған алыс жер, – деді. Бір ай болды көшкелі,
Шамасы қандай байқаңыз, Енді ноғай сен, – деді.
Балдырғандай жас бала
Көзіне тұр жас ала. Тілімді алсаң, жігіттер, Бір-екеуің ер, – деді.
Жалынып қанша айтса да, Ерем деуші болмады.
Қарғабойдың сөзі еді Сөйлеп бір өткен сондағы: – Ерейін, балам, қасыңа, Жалғызбын деп жасыма.
Қазтуғанды ел жоқтар,
Күн туғанда басына.
Жалпақ елден жан шықпайды, Азғын ел деген осы ма?
Қазтуған қайда дегенде, Не дер екен ноғайлы Дұшпан менен досына. Атымды әкеп байлаңдар, Жау-жарағым сайлаңдар.
Қазтуғанға қанат пен құйрық Кеттім іздеп ерімді,
Қамыңды өлмес ойлаңдар! Сонда қыз тұрып сөйледі: – Айналайын, жан аға! Сөзіме құлақ сал, аға! Елді есіз қалдырма,
Тілімді менің ал, аға! Екеуің бірдей жоқ болсаң, Жау созар қолын жағаға. Иесіз елді жау шапса, Қаларсыңдар табаға.
Мен үшін, сіз, қайғырма, Тәуекел деп барайын, Өлсем жаным садаға, – Деп асылзат тіледі.
Қарғабойлы тұра келді, Қолын жайып “Құдай” деп, Ақ батасын береді.
Батасын алып жас бала, Үйіне қарай жөнеді.
Алдынан шығып анасы
Істің жөнін сұрады, Баласы баян қылады.
“Жалғыз қайтып барасың” – Деп анасы жылады.
– Жылама, анам, сен, – деді, Сапарға шығам мен, – деді. Ақ сүтіңе разы бол, Болмайды сөзің ем, – деді.
Үш күннен кейін, анашым, Мінемін атқа мен, – деді.
Жол-жарағын сайлағын, Беліңді бекем байлағын. Бола бермес өлгенше Өне бойы ойдағың.
Әкемді тауып әкелсем, Соңынан ертіп тайлағын. Сүтіңді ақтап, анашым,
Болармын сонда майлығың. Күреңдейін тұлпарды Жетегіме алайын.
Жүрісі тыныш жануар Жал-құйрығын тарайын. Шұбырған елдің ізімен
Қамшыны баса шабайын. Төңірекке жер жазық Көз жанарын қадайын.
Көп мағына аз сөзден
Кешікпей енді барайын. Сонда шешесі мұңайды, Мұңайып тұрып жылайды:
– Кім көреді жасымды-ай, Ермек едің, қарағым,
Сен тұрғанда қасымда-ай. Алғаным кетіп қалғасын, Болып едім арманды-ай. Екеуіңнен айырылып, Қалдым тағы сор маңдай. Шыдасын ба бейшара
Ішінен шыққан балаға. Кетемін деп тұрғасын,
Еш қайрылмай анаға. Қалмақ пенен бұл ындыс – Екеуі де жаман ел. Сапарыңда кез болса,
Неғыласың, балам, сен? Алысып әлің жете ме, “Жүзден жүйрік,
Мыңнан тұлпар” деген бар. Күрең тұлпар болса да, Онан құтылып кете ме?
Ортаға түссе, басыңды Тостағандай қылады. Қоя ма қалмақ өлтіріп, Тәніңді жерге тығады. Дүниеге көзің салғайсың, Алыстан қара көрінсе, Тасаланып қалғайсың. Абайсызда қалмақтың Түсіп қалма қолына.
Кез қыла көрме бір Құдай
Залымдардың торына.
Осынша байтақ елдерден Ермеді бір жан соңыңа.
Арам қатқыр Бозмая Бітті менің сорыма.
Құдайға айттым бозқасқа, Қарағым, сенің жолыңа.
Бұл ордада зарланып Қалып барам мен, – деді. Қозғалмаймын, құлыным,
Келгеніңше сен, – деді. Тірі қайтар күн болса, Осы орынға кел, – деді. Сонда қызы сөйледі:
– Алла оңғарса сапарды, Әкемді алып келемін.
Ақ жүзіңді, анашым, Осы арадан көремін.
Қарсы алдыңнан жау келсе, Қара бұлттай төнемін.
Қолдаса әруақ қолтықтап, Алдырмаймын, жеңемін. Қос қанатты тұлпардың Шабысына сенемін. Сонда кемпір үйінен
Маймаңдай басып шығады, Желбегей салып желеңін, Қызына қарап тұрады.
Жайдақ мініп тұлпарға, Қолына найза алады.
“Найзаға ерлік етем деп Ерлік етпей не етем” деп, Шапшаңдығым білінсін,
Сынасын көріп шешем” деп, Шешесіне бұрылып, “Қолыңа, – ал деп, – құмалақ. Найзамен түйреп көрейін”, Түскенше жерге домалап.
Шешесі құмалақ алады, Лақтырып жерге қалады.
Кетіп жатыр құмалақ Алды-алдына домалап. Ыңғайланып қыз дағы Тұлпарға қамшы салады, Жерді басып тұрмады,
Орындай мылтық зырлады. Еңкейіп найза салады.
Түскенше жерге құмалақ Біреулеп шаншып алады. Ат зырылдап өткенше,
Он-он бесін еңкейіп Құмалақтың алады. Шапшаңдығы кемпірге Баланың сонда ұнады. Азық-түлік бұл алып, Арқан менен қауға алып,
Қолына ұшты найза алып, Әкесінің киген шарайна Үстіне киіп алады.
Үйде қалған қорамсақ
Ерге іліп алады. Еркектің киіп киімін, Өн бойына қарады. Төбеге түйіп тұлымын, Қынына қанжар салады. Ат қасына барды да,
Шешесіне қарады.
Шешесі сонда мұңайып, Өксіп-өксіп жылайды,
Жыламай көңілі тынбайды.
Ордасы иесіз қалғасын,
Қамықпай кемпір неғылсын?! – Қарадан туған жан едің, Айырдан туған нар едің.
Қарағым, жалғыз бала едің, Кетемін дедің далаға, Келгеніңше кімдер бар, Күндер өтер арада.
Бұршақ салып мойныма, Үш айналып болайын,
Қарғам, сенен садаға. Қыз да болсаң тұяғым, Қош-аман бол, шырағым,
Жар болсын Жаппар Құдайым! Төбенің түспен басынан, Келгеніңше қасыма.
Мал қанар деп ойлаймын Көзден аққан жасыма.
Ризамын мен, – деді,
Тапсырдым Аққа сені, – деді.
Көргенше күн жақсы, – деп, Қызының қолын ұстады, Тезірек бар, сен, – деді, –
Кешегі шұбырған елдің соңынан. Сонда қызы сөйледі:
– Қош-аман бол, – деді,
Тапсырдым Хаққа мен, – деді. Әкемді барып көргенше,
Қайта айналып келгенше, Не көрсең де көн, – деді.
Қылатын Аққа айла жоқ, Мендей болып қаңғырған Адам баласы қайда жоқ. Көлденең шыңды жағалап, Жүре берді баяғы
Кеткен ізді шамалап. Түсіп ізге жүреді Сонда қызың жағалап. Күні-түні жүргесін, Құба дөңге бұл жетті,
Сай саладан көп өтті. Шұбырған елдің ізімен Дөң үстіне келгесін, Жан-жаққа көзін салады. Бұлдыраған қараны Алыстан көзі шалады. Екеуден басқа қара жоқ, Ашылды екеуінің арасы,
Біреуі бұған қарай жүрді шамасы. Қасқайып келеді біреуі,
Сонда қызың кідіріп, Атынан түспей қалады, Күреңге мініп алады. Жеке келді біреуі,
Көзін салып қараса, Секілді бөтен реңі.
Қыздың келіп қасын-ай, Сөйлей берді осылай:
– Жапанда жүрген ер, – деді, Кім боласың сен? – деді.
Кім де болсаң, жарқыным, Жауапты тез бер, – деді. Мен қалмақ деген ел, – деді,
Қарғабойлы, Қазтуған Екеуі басты дегесін, Шабайын деп аттанған
Біз бір әскер қол, – деді. Қарауыл едім мен – деді, Айтшы, кім боласың, сен? – деді. Сонда тұрып қызыңыз
Қалмаққа қарсы сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Мен ноғайлы деген ел, – деді, Асылымды сұрама,
Емеспін болат құрама, Қазтуған батыр мен, – деді. Шамаң келсе, хабарла, Аяма, қалмақ, сен, – деді.
Қарауылда жүр едім, Артымда әскер мол еді.
Үш мың кісі әскермен Қарғабойлы батырың Ол да осында келеді.
Құмар болсаң, сен қалмақ, Жақынырақ кел, – деді.
Беремін хабар десеңіз, Жинап кел әскер, сен – деді. Сонда тұрып қалмағың
Бір ауыз сөз сөйледі:
– Қапы болып қалмайық,
Алды-артымызды андайық. Ноғайға хабар сен салып, Қалмаққа хабар мен салып, Екі жақтың әскерін
Бәрін бірге жинайық, Қаруды мықты сайлайық. Сонда қалмақ торығып, Ұрысуға қорқып,
Дем ала алмай зорығып, Қайтайын кейін мен, – деді.
Сонда қызың қарады,
“Кідіре тұр, қалмақ” деп. Тастай беріп Торы атты, Қалмаққа жақын барады. Көлденең найза қолға алып, Түсіруге қозғалып,
“Әскерге хабар салсын” деп,
Құр кетпесін бұл заңғар Жаралы болып барсын” деп, Ұмтылып еді мынау қыз,
Шауып қалмақ қашады, Түсі кетіп сасады.
Қалмақтың істеп пайдасын, Өлмейтұғын жерлерге
Қыз да сұқты найзасын.
– Бері кел, қалмақ, сен, – деді, Қазтуған батыр мен, – деді.
Шақырмаймын әскерді, Тап осы жерге кел, – деді. Қайта барды қалмақтар,
Әр жерінен қан ағып.
Басылып тіске бармақтар, Жалтақтайды қаранып.
Бір төбенің басында Тұрып қалып қызыңыз, Екі атты бердей байлады. Айыл-тұрманын бекітіп, Ұрысуға сайлады.
Мың кісімен ол қалмақ Төбенің шықты басына.
Келейін деген ойы бар Бұл баланың қасына. Қалмақ хабар береді:
– Екі мың кісі әскермен Қазтуған ерге жолықтым. Ұрысып едім мен, – деді, Оған шамам келмеді.
Жаралы болып жау жақтан, Келгенім мынау жалбақтап. Жіберді мені олжа ғып,
Әр жерімнен қан ақты, Найзаменен шабақтап. Астында бар-ды Күреңі, Тайсалатын ер емес, Таймайды ешбір жарағы. Осы отырған қалмақты Жеңе ме деп мен қорқам, Талайының жетіп ажалы. Қалмақ байтақ ел еді, Онан бері жақындап
Жуықтау жерге келеді.
Мұны көрген батыр қыз Астына менген Күреңнің Жал-құйрығын өреді, Жау қарасын көреді.
Көлденеңнен Күреңмен Қиғаштай басып желеді, Жауға қарап жүреді.
Алдынан шығып бұ қыздың Бір қалмақ жақын келеді.
Қалмақ жақын келгенде, Күреңнің басын тартады.
Тұра қалып қалмақтан
“Не сөзің бар?” деп сұрады. Қалмақ сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Мен қалмақтың бегі едім, Асыл туған ер едім.
Ноғайлыдан ер көрсем, Алармын басын деп едім.
Қарғабойлы, Қазтуған Бөлінген екен ноғайдан
Кетемін, – деп, – Шамдарға. Шығып едім мен іздеп, Жолықсам, – деп, – заңғарға. Соның үшін келемін, Қараны көрсем желемін.
Анық хабар аларға Қарымыңды сұраймын,
Қай халықсың сен? – деді.
Қыз тұрып сонда сөйледі:
– Қарымымды сұрасаң, Ноғайлы деген ел, – деді. Сол ноғайдың ішінде
Өз атымды сұрасаң, Қазтуған батыр мен, – деді. Тұрамыз ба бөгеліп,
Соғысалық кел, – деді.
Шыққан болсаң жекпе-жек, Кезегімді бер, – деді.
Қазтуған соны айтқанда, Қалмағың кейін шегінді. Жасқанғанын білгесін, Қызың сонда тебінді, Оңдады жауға найзасын.
Енді қызың ойлады
Өз жанының пайдасын. Сонда артына қалмақ қарады, Кейіндеп жылжып барады.
Артындағылар шақырды,
“Кел жылдам!” деп ақырды.
Сонда тұрып қызыңыз Салады қамшы Күреңге,
Арышлан, жәрдем бер, – деді, Жалғыз едім мен, – деді.
Қасиетті ер болсаң, Әскер болып көрінші Бұл қалмаққа сен, – деді. Қалмаққа қол салысты, Үш күндей ер соғысты,
Қалмақпен қатты тоғысты.
Қалмақ кетті қыруға, Мұрсат бар ма тұруға? Мүмкіндігі болмады Аттың басын бұруға. Астындағы Күреңі
Тер шыққан сайын өрледі. Омырауынан аққан тер Жаңбырдай болды тамшылап. Арандай аузын ашады,
Құлаштап аяғын басады. Аяқтан шыққан топырақ Құйындай болып шашады. Атты кісі қалмақтың
Талайын жерге басады, Үстінен қарғып асады. Қолында бар-ды найзасы, Найзасы қылған айласы. Неше күндей қалмақпен Салады сонда соғысты,
Ен майданда тоғысты.
Кірді ердің реңі,
Қалмақтың бітті сүреңі. Жалғыз-жалғыз ыдырап, Алды-алдына бытырап, Сүмеңдеп кетіп барады. Күні-түні алты күн Үлкен соғыс салады.
Қалмақ жаман қашқасын,
Қолы қосылып сасқасын,
Ердің пысы басқан соң, Бір мың кісі қалмақтың Жарма-жары өледі.
Құтылды-ау тек үш жүзі, Жеті жүзі жоқ болып, Сол сапарда қалғаны.
Тастай беріп қалмақты, Қайта шапты атына.
Байлап қойған жануар Кете алсын ба далаға,
Кісінейді қараға.
Түсе қалып Күреңнен, Торыға ерді салады.
Атпен шауып жүрсе де, Қыз да шаршап қалады. Атқа мініп алғасын, Торы ат қатты ырғытты, Қамшы басып сырғытты. Қамшы етіне тигенсін,
Торы жорға жаман зырлады
Сарыжанның оғындай.
Күні-түні сабалап, Торы ат жүрді жобалап. Елдің жолы соқпақтай, Табаны жерге тиеді Торы жорға атының
Құлаштап ұрған тоқпақтай. Сабалап таудан құлады, Жер жазыққа түскесін,
Қызымыздың көрінбей
Келе жатыр қарасы.
Майданда жазыққа түскен қыз Мұңайып бір жылайды,
Жылай тұрып жырлайды: – Көрінбейді-ау бабамыз, Отыр екен нағылып
Үйде қалған анамыз?! Жамандатқыр Бозмая Айырдың ғой бабамнан, Тағы айырдың анамнан.
Жапанда жүріп меңдедім, Бабамды көрмей шөлдедім. Сүйегін көріп бабамның
Қатарында өлмедім. Екеуі қатар тұрғанда, Ажалды неге бермедің?
Көрдім жердің жазық даласын, Ен майданда зарлаттың Қазтуғандай батырдың Жалғыз туған баласын.
Жетекке алдым Күреңін, Егер көрсем қарасын,
Жарылар еді-ау жүрегім, Кірер еді-ау реңім.
Сөйтіп қызың мұңайды, Өксіп-өксіп жылайды,
Жыламай көңілі тынбайды. Қамшы салды төкпелеп, “Асыл туған торы жорға ат, Жүрісің сенің аз ба” деп,
Мінген атқа өкпелеп.
Көрінді Жемнің қарасы, Қазбек, Қандыаралы Көшкендегі жер тап осы. Қандыарал деген дөң еді,
Асты-үсті жатқан жем еді. Сол Мая сол қашқаннан Сол жерге дейін жазбаған. Суды ішіп Бозмая
Шөлі қанып бір тұрады.
Есіне түсіп ботасы,
Төңірекке қарай ыңыранды. Жем беруге атына
Қазтуған да келді қасына. Сауатын бұйым таппады, Етігін шешпей қайтеді, Етік демей сауғаны.
Иіді мая талтайып, Сүтін ішіп қанады.
Тұсап қойып үш күндей
Батыр демін алады.
Төртінші күн болғанда, Күн сәскеге толғанда, Жетелеген торы атпен Көрінді қыздың қарасы, Білінді жердің шамасы. Қатты жүрген қоя ма
Жақындап қалды-ау арасы. Сонда өзінің қызы екенін Танығасын Қазтуған,
Алдынан жаяу шығады.
Естігенде дыбысын,
Қыз да аттан түсе қалады. Жақындасып келгесін, Құшақтап алып әкесін, Мойнына білек салады.
Қазтуғандай еріңіз
Құшақтай алды “балам” деп. Сонда қызы жылайды,
Жылап тұрып толғайды:
– Айналайын, бабажан, Ризамын Алла бергенге, Сені көзім көргенге, Тең болып едім өлгенге.
Көре алмай сені шөлдедім, Жоқ болып ажал өлмедім. Ағайын-туған болмады, Тоқсан баулы ноғайда
Бір жаман еріп жүрмеді. Қарғабойлы шақырып
Ноғайлыға көп айтты. Айтқан тілін алмады, Бірі еріп бармады.
Анамнан басқа қара жоқ, Жинаған дүние бұл қалды. Жаңа кірді реңім,
Жасың үлкен бабамыз, Сау-саламат жүрсің бе? Қуандым қатты, жан баба, Сіздің көріп қараңыз.
Тілегім қабыл болды, – деп, Жеткізді Құдай енді, – деп, Сонда Қазтуған сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Омырауым ашып тұр, Айналайын, жалғызым, Аспандағы жұлдызым, Су түбінде қол жетпес Асыл едің құндызым.
Жалғыздық түсіп есіме,
Неше түрлі жас шықты.
Дөңгеленген көзіңнен Айналайын, құлыным, Қыз да болсаң ұлымдай Сенен мұндай шығар деп, Жоқ еді менің ойымда-ай. Ризамын мен, – деді,
Сау-саламат келдің бе, Қарағым, енді, сен? – деді. Артыңдағы аман ба
Қамқор болған анаңыз? Өзіңіз шығып кеткенше Аман-түгел қалды ма Жинаған дәулет қараңыз? Неше күн болды шыққалы, Қарағым, жалғыз баламыз? Сонда қызы сөйледі:
– Айналайын, жан баба, Мен шыққалы санасам,
Бір жиырма бес күн болды.
Жолда байтақ ел көрдім, Хас қызықты мен көрдім,
Қалмақтан шыққан қол көрдім. Бір мың кісі қол екен, Аттанған қалмақ сол екен. “Қарғабойлы, Қазтуған
Ол жерлерден асты” деп, Естіген екен хабарды, Іздеп соны барады.
Мың кісі ертіп шығыпты
Шабайын деп елдерді, Аламын деп қараны, Олжа қылып алуға
Қатын менен баланы. Қарсы қалмақ тап келді, Құба дөңнің үстінде Қарсыласып кез болды, Кімсің деген сөз болды. Ойлап ақыл тапқаным,
“Қазтуған деген ермін” деп,
Атыңды, әке, сатқамын. Жал-құйрығын бір өрдім, Қамшы басып күреңге,
Қызығын жаудың мен көрдім. Қарсыласып алғасын,
Қалмаққа салдым ойынды. Талай жерден бунадым Кеңірдек пен мойынды.
Қалмақтардың қан қылдым Омырауын ашқан қойынды.
Жеті жүзін қырғасын, Үш жүзі қашып құтылды. Күні-түні алты күн
Ұйықтамай салдым соғысты, Қалмақ сөйтіп тоғысты.
Қоймайтын едім оны да, Бір-бірден қашып тарады, Арты қашып барады.
Оны да қоймай жояр едім, Сізге асығып шыдамай,
Шөлден бабам танар деп, Бір жерде жатып қалар деп, Асығып кеттім мен, – деді.
Шөлдемей, ашпай, шаршамай, Келдің бе, бабам, сен, – деді.
Қоржынды ашып алады, Азыққа қолды салады.
Не керек тамақ табылып, Ол қоржыннан қалады.
Екеуі жатып сол жерде Тағы үш күн дем алады. Демін алып болғасын,
Бозмаяны жетелеп Елге қайтып барады.
“Жүрісі тыныш осы” деп, Торы жорғаны әкеліп
Әкесіне береді.
– Талай да жүріп көргенмін, Мін атқа, балам, сен, – деді.
Елге жуық келгенде, Оқ, Балқан тауының Қарасы енді көрінді.
– Келе берші сен, – деді, Ілгері барып анамды Қуантайын мен, – деді. Аттың басын бұрып алып, Елге қарай жөнелді.
Торы жорға атының Басын сонда жіберді.
Ала құйын шаң болды, Аттың шаңы бұрқырап, Атқан оқтай зырқырап, Табаны жерге тимеді.
Жүрген екен анасы Атқа мініп қыдырып, Отыра алмай кідіріп. Әр төбенің басына
Шығады екен бейшара Қарауыл қарап жүгіріп.
Көрді қызы анасын, Көріп былай шамасын. Атынан түсіп жаяулап, Қыз алдына жөнелді.
Жақындасып келгесін, Бәйбіше сонда жылады. Омырауын ашады,
Құшақтасып тұрады. Сонда тұрып бәйбіше
Қызына бір сөз сөйледі:
– Қарағым, енді қондың ба, Сұңқарым едің сен ұшқан? Іздеген аңды алдың ба, Әкеңе тауып бардың ба?
Тірі ме екен жан көкең, Анық хабар алдың ба? Кеткен болса дүниеден, Сүйегін тауып алдың ба? Астыңда мінген күрең жоқ, Біз пақырда ерік жоқ.
Қалған дәулет бәрі аман, Жылап жүрмін егіліп, Көзімнің жасы төгіліп, Тек жаным тұр өлмеген. Қанды бүгін сусыным,
Қарағым, менің шөлдеген. Сау-саламат келдің бе, Перзентім, аман сен? – деген. Сонда қызы сөйледі:
– Айналайын, шешеке,
Мен едім туған балаңыз.
Келе жатыр көкекем, Жетегінде Бозмая.
Шамға барған кезімде
Көкемнің көрдім реңін,
Жарылды-ау менің жүрегім. Кел, ауылға кетейік,
Ордамызға жетейік. Көкем келер кідірмей, Соған қызмет етейік.
Ертіп жүріп шешесін, Үйге келді тебініп.
Аттан түсе қалады, Қой алдырып сояды, Қазанын отқа қояды.
Сар қымызды сапырып, Самаурын қатар қояды. Құяды жақсы шайларын Етін қойды пісіріп, Қазанды қойды түсіріп.
Құлынды қойды байлатып,
Қызымызды қойды сайлатып. Қызы менен батыр келгесін, Кемпір байғұс қуанып, Алдынан барды жүгіріп.
Кемпір сонда батырдың Қасына барып сөйлейді: – Аманбысың-саумысың, Сау-саламат бармысың? Мұнда қалған ноғайдың
Қараңыз бір үйі жоқ.
Жеткізді Құдай сіздерге, Көргеннен соң көзіміз, Ризамыз Аққа өзіміз.
Үйге жетіп келгесін, Аттан түсе қалады.
Піскен май мен қымызға Батыр да жақсы тояды. Бұл жерде бір ай дем алып Батыр сонда жатады.
Молдау суға барғасын,
Отыр екен бөгеліп.
Он бес күндей демалып, Бұл да көшті жиналып. Жарты ай тұрып кідірді, Қазтуғандай батыр-ай Шаршаған екен апыр-ай. Жарты айдан соң көшеді
“Ноғайлыға жетем деп, Онан қалып не етем” деп.
Екі күні өткесін,
Үшінші күні жеткесін, Жері жазық дала еді, Алдыңғы кеткен ноғайда
Қазаншық деген жер бар еді. Суы бұлақ мол еді,
Отырған жері сол еді. Қазаншық деген су еді, Суы артық сол еді.
Қарғабойлы батырдың
Отырған жері осы еді.
Серен деген бір қалмақ Аттанып еді “жетем деп, Басып елге кетем” деп.
Ол қалмақтың көңілі бар “Ноғайға қуып жетем деп, Барсам олжа етем” деп, Бір мың кісі қол алып, Қуған екен қол алып.
Жетеді қалмақ бір күні
Қарғабойлы хандарға,
Ноғайлы деген жандарға. Қарғабойлы тұр екен Жансыз алып далада “Біреу зарар қылар, – деп, – Қатын менен балаға,
Болар деп ие қараға”. Жансызы келді бір күні “Бізге дұшпан келді, деп, Хабарла, батыр, енді” деп.
Қарғабойлы шаптырды
“Қазтуғанға жетің деп, Барып хабар етің” деп.
– Келген болса Қазтуған, Келе көрсін ер – деді, Қарғабойлы батырың Ноғайды жинап алдырды, Ноғайға хабар салдырды. Қазтуған ерге жіберген
Кісі де келіп жетеді,
Хабарды баян етеді.
Астындағы көк тұлпар
Тұрған екен белдеуде, Шығып атты ерледі.
– Барайын оған мен, – деді. Сандықтағы әр нәрсе
Бер алып маған киімді. Жаудан қашу қиын-ды. Шарайнаны ол алды,
Үстіне киер бұйым бұл алды.
Дулыға киіп басына, Балдағы алтын беренді Сандықтан тартып оны алды. Он екі тұтам сұр жебе
Ер қасына іледі.
Атқа мінер шағында Бәйбішесі бұл барды
Қазтуған ердің қасына. Бәйбіше сонда сөйледі:
– Артық туған сұлтаным,
Шаршамады деп едің
Жүрсе де қанша тұлпарың? Ақ сүңгіні қолға алып,
“Жау келді, – деп, – ноғайға, Қаның қашып долдандың.
Сіз кеткесін далаға, Тұра алмады балапан Баулы құстай талпынып. Мынау сіздің ордаңыз,
Артыңда тұрған бұл бала –
Өзі нашар бір қара.
Ойламаңыз, ноғайлы, Бірге туған бауыр деп. Қызың жылап тұрғанда, Біреуі еріп бармады.
Қарғабойлы батырдың Еш ноғай тілін алмады. Әлдеқандай күн болар Байқасаңыз, батыр-ай,
Біз болдық қой пақыр-ай.
Алай-бұлай іс болса,
Кім қорғар біздей пақырды-ай. Иесіз қалып меңдеген
Ол бір айдың ішінде
Мен ғаріп едім шөлдеген. Қанша күнде тап болар
Шұбырып кеткен ноғайың. Қазтуған батыр сөйледі:
–Артық туған алғаным, Көше берің, сіз,– деді,
Алыс емес ол шіркін,
Тек бір он күндей жер еді. Келіп тұр ғой хабарға, Бара тұр озып, сен, – деді. Қазтуған батыр жөнелді,
–Барамыз жауға біз – деді. Жиналып тұрған ноғайдың Әскерімен ол жетті,
Күн-түн жүріп бұл жетті. Серен дейін қалмағың
Қалған екен жиналып.
Алдынан шығып Қарғабойлы Қазтуғанға сөйледі:
–Қатар жүрген сыбайым, Аман-есен келдің бе,
Сақтады ма Құдайым? Ноғай деген ел, – деді, Балаға бірі ермеді.
“Барамын, – деп, – әкеге”, Жылап келді-ау шырағым
“Жіберіп едім хабар” деп.
Мынау қалмақ біздерді Қорқамын басып алар деп. Тірі болса ол батыр
Шақырғанға келер деп,
Дұшпанға қарсы көмек берер деп. Мынау ноғай мол, – деді,
Бірлігі жоқ ел, – деді. Ілгері таман барайық, Қалмақтан хабар алайық,
Сенбейік біз бұларға.
Қарғабойлы, Қазтуған Екі батыр жөнелді,
Ел қарасы үзілді. Сол уақыт болғанда,
Көрінді қалмақ қарасы. Жүз кісі алып қасына, Серен деген қалмағың Ноғайға қарап барады.
“Аз болса алмай нетем деп,
Хабар алмай неге кетем” деп, Шыққан екен елінен.
“Басып жатқан ноғайды Алып олжа етем” деп.
Жақындасып келгесін, Серен шықты ілгері,
Қасына жолдас бұл алып. Жолдасы да бір кісі,
Жақындасып келгесін, Бірі-бірін көргесін,
Қарғабойлы, Қазтуған
Парыменен келеді. Екі бірдей ер еді, Бір-біріне тең еді.
Сонда тұрып Сереннен “Сен кімсің?” деп сұрады.
–Мен қалмақ деген ел, – деді, Етек-жеңім кең, – деді.
Мың кісі бар әскерім, Іздегенім сен, – деді.
Сонда тұрып Қазтуған
Бір-екі ауыз сөз сөйледі:
–Асылымды сұрама,
Мекеннен көшіп шұбырған Қарғабойлы, Қазтуған
Деген батыр – біз, – деді. Серен қалмақ сен болсаң, Тұрамыз ба сөз сөйлеп.
Өзің қатар тең болсаң, Іздеген жауың біз болсақ,
Беліңді бу да, кел, – деді.
Серен қалмақ сөйледі:
–Жекпе-жеке кел, – деді, Маған кезек бер, – деді. Сонда тұрып Қазтуған Қимылда, қалмақ, сен, – деді, Аямаймын мен, – деді.
Ноғай менен бұл қалмақ Ежелден емес тең, – деді. Сен секілді қалмаққа
Боламын ба мен, – деді.
Оңғарса Құдай жолымды, Боларсың маған жем, – деді. Іздеп келген ерсің ғой
Алайын деп ел, – деді. Атуға, қалмақ, іркілсең, Кел, атайын мен, – деді.
Сонда қалмақ сұрланып, Қаруды қолға алады.
Оңтайланып атуға
Қарғабойлы батырға Қалмақ жақын барады,
Жақындап қалмақ қалады. Іркілсін бе бұл қалмақ, Өзіне ерік тигесін,
Атып оқты қалады. Атқан оғы қалмақтың Шарайнадан өтеді,
Ақ сауыт сетінеп кетеді. Үшке дейін оқ атты,
Оғын қардай боратты.
Үшеуі де өтеді, Етіне барып жетпеді.
Артық туған төре еді, Қарғабойлы ер еді. “Сен секілді қалмақпен Кезектесіп тұрам ба?” Атайын деп жебені Қарғабойлы жөнеді.
“Қарсы тұрсаң қабақ деп,
Оқ өтетін өзегің
Жұтқыншақ мынау тамақ” деп, Оғын қардай боратты.
Атқан оғы өтеді,
Басын жерге қалмақтың Домалатып кетеді.
Қарғабойлы батырдың Атқан оғын қарасаң, Сауыт бұзар оқ еді,
Не де болса шоқ еді.
Он екі тұтам бұл оқтың
Өтпейтін жері жоқ еді. Серен қалмақ қарады, Жолдасы өліп қалғасын, Артына айғай салады.
Артында жүр жүз кісі, Жақын еді арасы.
Қалмақ пенен ноғайдың Араласты баласы.
Жеңісуге қалды ғой
Өңкей ерлер шамасы.
Артында қалған мына бір Алдыңғы шаңды көргесін, Артқысы да шабады.
Серен дейін ханыңыз Кейін қашты шегініп. Қарғабойлы, Қазтуған Екеуі бірдей ұмтылды, Жетемін деп тебініп.
Артынан қуды қалмақтың
“Ханымыз кейін кетсін деп, Кейінгі көпке жетсін” деп. Салды жаман ұрысты, Жапырам деп тырысты.
Көп қалмаққа жеткесін, Үлкен соғыс еткесін, Жинаған қалмақ баласын Қарғабойлы, Қазтуған Жауға намыс бермеген.
Ақ сүңгі қолға алып,
Тұс-тұсынан сермеген.
“Серен қалмақ қайда?” деп, Қарғабойлы, Қазтуған
Бір-бірінен сұрады.
–Серен басын алайын, Алып жерге салайын. Сол қалмақты өлтіріп, Кегімізді алайық.
Қазтуған батыр жөнелді “Артынан қуып жетем деп,
Серенге бармай не етем” деп.
Қазтуғандай батырың Қуып жетті ақыр-ай. Құтылмады қашса да, Тұра қалды бұл Серен Таянғасын, япыр-ай.
Кете алмады қашқанмен, Ақыл ойлап көңілінен Аттың басын бұрады.
Серен қарсы келгенде,
Қазтуған батыр сөйледі:
–Серендейін қалмағым, Ауыр ма менің салмағым? Көп қалмақты қырдырдың, Тістелді ғой бармағың.
Әуелден-ақ сен едің
Басыңды кесіп алмағым. Құмарың болса сермей бер,
Қаруыңды, қалмақ, сен, – деді. Суырды Серен қылышын,
Аламын деп тынысын.
Жоқ екен қалмақ найзасы, Аз екен оның айласы.
Шапқанменен болмады Қылыштың ешбір пайдасы. Қазтуғандай батырдың Алмастан екен найзасы.
Салып қалды найзамен “Жұтқыншағың қайда?” деп. Сонда Серен қақалды,
Кеңірдек пен өңештен
Қабат өтіп көк найза Омыртқаға тақалды. Сонда Серен қалмағың Атынан түсіп бұл қалды. Серендейін қалмақтың
Кідірмей басын сонда алды. Қалмақты тонап сол жерде, Ат-жарағын алады.
Арам дене секірді,
Айдалада долданды.
Самсаған қолын айдады, Қалмақтың соры қайнады. Ер қазақтың баласы
Гүлшешектей жайнады. Тындырғасын көңілін, Ел аңыз ғып айтады Қазтуған ердің өмірін. Естіген елден ертектей
Жыр қылып ұзын ырғасын
Өрдім жырдың өмірін.
Естігенді елге жаймасам, Алдына беріп қоймасам, Басылмайды көңілім.
Тағы да талай жырлармын,
Жыр кестесін сырлармын, Жетсе егер өмірім.