Көкшенің ұлы Ер Қосай

Қосай әкесі өліп, жетім қалды. Сол уақытта Сарыбай деген бай болды. Алты ұлының ортасында оның Қарабек деген жалғыз қызы болды. Көкшеден Қосай үш жаста жетім қалды, жасы бес-алтыға толғанда шешесімен еріп Сарыбайдың үйіне барды, барған кезде Сарыбайдың қызы Қарабек Қосайдың шешесінің қолтығына бір нәрсе салып жіберді....

Kazakh
Көкшенің ұлы Ер Қосай
Қосай әкесі өліп, жетім қалды. Сол уақытта Сарыбай деген бай болды. Алты ұлының ортасында оның Қарабек деген жалғыз қызы болды. Көкшеден Қосай үш жаста жетім қалды, жасы бес-алтыға толғанда шешесімен еріп Сарыбайдың үйіне барды, барған кезде Сарыбайдың қызы Қарабек Қосайдың шешесінің қолтығына бір нәрсе салып жіберді. Ол затты шешесі үйіне келіп қарайды. Қараса, Қосайға өңкей жібектен тіккен киім екен. Сол киімді киіп алып Қосай төңірегіне қарады. Қосайдың Селме-селім деген құлы бар еді, соны Қосай шақырып алып: – Бар, Қарабекті маған айттырып кел, – деді. Сонда құлға Сарыбай: – Неге келдің, тума? – деді. Сонда тұрып Селме-селім айтады: – Ай, Сарыбай, Сарыбай, Елітпеге келіппіз, Ер мен байдың баласын Телітуге келіппіз, – деді құл. Сонда Селме-селім құлды жылатып сабады. Таяқ жеген құл Қосайға қайтып келді. Сонда Селме-селім құлға Қосай: – Аға, не қылып келдің? – деді. –Ай, не қылғаның құрысын, барам деп таяқ жеп, өліп келдім, – деді. Сені жарлы деп, қыз бермеймін, – деді. –Мал жоқ десе, жез бұйдалы нартайлағымды алсын, жезтұяқты жиреншемді алсын, күміс тұяқ күреңшемді алсын, – деді. Мал десе бұған берсін, ер десе маған берсін, бар соны барып айт, – деді Қосай. Құл тағы кетті. Келіп манағы сөзді айтады: – Ай, Сарыбай, Сарыбай, Елітпеге келіппіз, Бай мен ердің баласын Телітпеге келіппіз, – деп тағы айтты. Манағы сабау-сабау ма, тағы сабады. Сонсын: – Не бересің? – деп сұрады. Сонда құл айтты: – Қосай жезтұяқты жиреншемді алсын, күміс тұяқ күреңшемді алсын, жез бұйдалы нартайлағымды алсын, мал десе соған берсін, ер десе маған берсін, – деп құл Сарыбайға айтты. Сарыбай оған да қызын бермеді. Селме-селім қайта Қосайға келді. Сонда Қосай: Шамырқанып шамданды, Буырқанып бұрсанды, Мұздай темір құрсанды. Жарлы-бай деп бөлген соң, Өз-өзінен долданды. Сонда тұрып Ер Қосай Селме-селімге: – Күміс тұяқ Күреңшені алып кел, – деп бұйырды. Күміс тұяқ Күреңді Сонда Қосай ерледі. Үйде тұрған ақ сауыт Оған жақын барады, Үстіне киіп алады. Ақ найзасын Ер Қосай Тағы да қолға алады. Балдағы алтын, күміс, болат, Оны белге шалады. Дулыға киіп басына, Атқа таман барады. Атқа мініп алған соң, Қасына келіп анасы, Анасының балаға Айтқан сөзі мына-ды: – Айналайын, перзентім, Ерегіссе ел алған Көкше батыр атаңыз. Жас кезінде ер болып, Дұшпаннан басып кек алған, Кек алғанда жер алған. Тірі кезде Ер Көкше Айтарлықтай ер болған. Тоқсан баулы ноғайдың Қатыны мен баласы Сонсоң тұрып демалған. Атаң Көкше ер еді, Сол секілді шер еді. Төбесі шоқты қалмақты Талай сүйреп жеп еді. Жалғыз туған перзентім, Қасыңдағы анаңды Тастаймысың сен, – деді. Атқа міндің, кетерсің, Тірі болсаң, перзентім, Дұшпанға қайрат етерсің. Артыңдағы анаңыз, Анаңызға қараңыз. Атқа мініп сен алдың, Алла болсын панаңыз. Сізден басқа аз еді Біздің туған баламыз. Күміс тұяқ Күреңше Малдан шапса қалмаған. Біраз айттым сөзімді, Өзің, бала, аңдағын. Қайырлы болсын сапарың, Қай заманда келесің, Енді бізге сен? – деді. – Барарымды сұрасаң, Үш айлық ол жол еді. Жерінің атын сұрасаң, Үш Бөкембай деп еді. Көп кешігіп қаламын, Алты айларда келермін. Қалмақ деген ел, – деді, Өзі де байтақ жер, – деді. Тәңірі оңғарса сапарды, Барармын соған мен, – деді. Қош айтысып анамен, Қосай сонда жөнеді. Күні-түні жол жүрді, Қисапсыз жолда мол жүрді. Құйындайын бұрқырап, Атқан оқтай зырқырап, Күміс тұяқ Күреңше Аяқ басып сол жүрді. Жазылып келіп бүгілсе, Жер бауыры сөгілді. Омыраудан аққан тер Жаңбырдай жауып төгілді. Ұшқан құстан кем емес, Жер басқанға тең емес. Бірнеше айлар жүреді, Жапан түзде Ер Қосай Жалғыз жүріп келеді. Бір-екі ай болғанда, Көрді елдің қарасын. Көрген соң елдің қарасын, Астындағы Күреңше Қос құлағын қадады. Ылди демей, сай демей, Ырғып кетіп барады. Сүйдегенше болмай-ақ, Шетіне елдің Ер Қосай Барып сонда қалады. Айналасы тау екен, Тауға шығып Ер Қосай, Жиылған сондай ерлердің Айналасын қарады. Мол екен елдің қарасы, Байтақ жатқан ел екен. Шамасын соның қарашы, Абайсыз жатқан ел екен. Барып қалды қалаға, Есен, Серек қалмақтың Аралады елдерін. Білейін деп шамасын, Қаланың ішін аралап, Елеусіз болып жүреді. Артық туған ер еді, Ханның тұрған ордаға Сол жүріспен келеді. Жақын келіп ордаға, Батыр ойға қалады. Сол ойлағанда “ханға барайын, ер, билерін жинасып, ханына хабар салайын” деп ханға келіп: – Жатырмысың, сен, – деді, Келдім саған мен, – деді. Ол Қырымнан іздеген Мен ноғайдың ері, – деді. Атам атын сұрасаң, Көкше батыр атанған Ноғайлыдан асқан ер, – деді. Менің атым – Ер Қосай, Келгенім сізге тап осы, Келдім саған мен, – деді. Еліңді жишы, ханымыз, Ұрысамын десең сен, – деді. Батыр мен жиы бектерің, Үш күн бердім мұрсатты. Үш күннен егер сен қалсаң, Салайын саған ойынды. Көп әскерімен Серек батыр қызылбасқа кеткен екен. Орнында Есен ханы қалады. Ол халқын жинайды. Есен хан үш жүз кісімен Қосайға келіп сөйледі: – Келгеннен соң сен, – деді, Үш жүз кісі әскермен Білейін деп шамаңды, Аттанып келдім мен, – деді. Асылыңды айтшы сен, – деді, Тезінен жауап бер, – деді. Сонда Қосай сөйледі: – Асылымды сұрасаң, Дін-мұсылман ел, – деді. Асылды бергі сұрасаң, Қырық сан Қырым елінде Ноғай деген ел, – деді. Әкем аты – Ер Көкше, Ер Көкшенің барында Қыл жалаулы сен қалмақ, Болғансың сондай жем, – деді. Менің атым – Ер Қосай, Емеспін саған тең, – деді. Дәмең болса, сен қалмақ, Жекпе-жекке кел, – деді. Сонда қалмақ жапырды, Аққан судай сапырды. Жекпе-жекке келмей-ақ, Сонда Қосай ақырды. Қалмаққа салды ойынды, Үш жүз кісі кәпірдің Шығаруға тойыңды. Үш күн салып жағалас, Қалмақтың көбін қашырды, Қуып қырдан асырды. Жесір-жетім көп алды, Ірі ерлер өлген соң, Қуып жолға мал салды. Оның кеткен шағында, Артынан оның бір кемпір Қолында бар орағы Қалды келіп жақынға, Келе салып ол кемпір: – Қосай батыр ер, – деді, Малды иесіз деймісің? Иесі келер оның да, Сауындығымды бер, – деді. Қосай артық ер еді, Отыз құлынды бие босатып, Ол кемпірге береді. Сөйтіп Қосай жөнеді, Неше күндей жол жүріп, Еліне қайтып келеді. Қосай ілгері озып жөнеді, құлдарға “сендер кейін келерсіңдер” деп мынаны айтты: –Алдыңызда алты ақ үй тұрар, соның биесінің желісін ағытып, өздерің жылқыны қуып келің. Егер алты адам шықса ұрып жығыңдар, – деді. Қосай шабумен отырып келсе, төбенің басында Сарыбай отыр екен, соған келді. Сонда Сарыбай: –Қайдан келе жатқан адамсың? – деп сұрады. Сонда тұрып ол адам: –Мен кешегі Ер Қосайдың жорығына кетіп едім, шіркін ер екен, ер де болса өлді-ау, – деді. Сарыбай: –Өлсе жатсын, менің қызымды аламын деп әбден мазамды алып еді, – деді. Сонда Қосай қымыз ішейін деп Сарыбайдың үйіне келді. Сонда Қарабек сұлу тұрып, аяққа қымыз құйды, әуелі әкесіне құйып берді, онан соң шешесіне құйып берді, ол екеуіне де толы аяқ берді. Сонан соң Қосайға орта аяқ құйып берді. Сонда Қосай Қарабекке сөйлей бастады: –Әкеңе бердің толы аяқ, Шешеңе бердің толы аяқ, Маған бердің орта аяқ. Күндердің күні болғанда, Шекеңе тиер тал-таяқ. Сонда қыз сөйледі: –Әкеме берсем толы аяқ, Әкем малдың иесі, Шешем қара сабаның иесі. Саған берсем толы аяқ, Ұрар астың киесі. Сонан соң Қосай үйіне барып жата берді. Бір заманда артынан шаң көрінді. Сонда Сарыбай тұрып: – Алла, қан жауғыр-ай, манағы Қосай болып артынан келе жатқан әскер болмаса игі еді, – деп Сарыбай ішінен қауіп қылды. Соны айтып ауыз жиғанша болмай-ақ әскер келіп қалды. Олар келген бойда жылқының бауын ағытты, ағытып болып жылқыны қуып алып жөнеле берді. Сонда үйде отырған алты баласы алты қолағаш алып, жүгіріп шығып еді, алтауын алты жерде ұрып, жығып кетті. Олар жылқыдан дәмесін үзді. Сонда жылқы Қосайдың жылқысымен бірге тұра берді. Сарыбай Қосайға келейін десе қорықты, келмейін десе жылқы кетті. Сонда Сарыбай қызына келіп, “балам, мына жылқыны қалай аламыз?” деп Қарабекке ақылдасты. Сонда Қарабек сөйледі: – Жеті қанат ақ отау Ол түрулі тұрады, Қасынан барып өт, – деді, Қосайға барып сөйлеспе. Қара сабам қаусады, Сары аяғым саусады, Алған жарың Қарабек, Ол да болса сусады. Соны айтып, атажан, Қасынан өт те кет, – деді. Сонда Қосай: – Менің қалың малыма малыңды қоса берер, – деді, Сонда Сарыбай мұның айтқанын мақұл көріп, соған кетеді, барып тұсынан сөйледі: – Қара сабам қаусады, Сары аяғым саусады, Алған жарың Қарабек, Ол да болса сусады, – деп, Сарыбай Қосайдың тұсынан өтіп жүре берді. Сонда Қосай тұра келіп: –Мына Сарыбайдың жылқысын түгел жиып және қырық құлынды бие жиып беріңіз, – деді. Сол қырық құлынды биені қосып, Сарыбайдың жылқысын айдап апарып берді. Бір кезде Қосай үйінің киізін түріп, ұйықтап жатыр еді, Жезтұяқты Күреңше үйінің сыртынан келіп тебеді. Сонда Қосай: – Неге келдің, жануарым, сөйлей бер, – деді. Сонда Жезтұяқты күреңше тұрып сөйледі, сөйлегенде бүй деді: –Ай, Ер Қосай, Ер Қосай, Алтын тұрман, күміс жүген Өзіңде сенің бар, – деді, Үстіме менің сал, – деді. Ойлап едім мен сорлы Қарабектей сұлуға Қалындық ойнап барар деп. Енді уақыт тар болды, Елің шапқан қалмақтың Батырлары сор болды. Астыңа мені мін, – деді, Жауға қайрат көрсетші, Соған таман жүр, – деді. Ендігісін өзің біл, Естіртуге хабарды Саған келдім мен, – деді. Сонда Қосай атқа мінейін деп барып Жезтұяқты Күреңшені ерлеп, ерін тегіс үстіне салып болған соң, үйден қаруын асынып, үстіне сауытын киді. Қосай атқа мінді деген соң, тұстасып жатқан тоғыз кісі де олжа алайын деп жүрді. Баяғы шапқан елдерден, Сондай алыс жерлерден Шыққан екен мың кісі, Елінің өңкей ірісі. Тоғыз кісі әскермен Келді Қосай алдынан. Сонда мың кісі әскер он кісіні қамай тұра қалып: – Сен кімсің? Бізге Қосайдың елі керек, – дейді. Сонда Қосай сөйледі: – Ноғай деген ел, – деді, Қосай артық ер, – деді. Қосайға барсаң өлесің, Қосайдың барма еліне, Жатқан оның жеріне, Жиналған оның қолы бар. Егер қалмақ көп келсе, Шабамын деген Қосайда Бар еді онда ой, – деді. Сонда қалмақтың біреуі Қосайға қарап сөйледі: – Қосай болма сен, – деді, Аты-жөніңді дұрыс айт, Боласың кім сіз, – деді. Сонда Қосай сөйледі: – Мен ноғайлы деген ел едім Тоғыз кісі қасымда. Егер қалмақ мен көрсем, Алайын деген ер едім. Атамның аты – Ер Көкше, Менің атым – Ер Қосай. Іздеп шықсаң, сен қалмақ, Сол Қосайың тап осы-ай. Сол тұрған мың кісі Тұрып сонда жапырды, Ала құйын шаң болды. Жапырған жерде баршасы, Тоғыз кісі жолдасы Қалды өліп, қарашы, Қосайдың өлді жолдасы. Қалды сонда олжасыз, Батыр Қосай, қарашы. Үстіне киген шарайна, Басында бар дулыға. Қолына ұстап ақ найза, Бір қолында қылышы. Тарылмады қарасаң, Қосайдың батыр тынысы. Жауар бұлттай түнерді, Айдаһардай ысқырды, Ен қалмақты тықсырды. Астындағы Күреңше Тарылмады, оның да Білінді соның жүрісі. Үстіне киген шарайна Шапса қылыш өтпеді, Салса найза батпады, Таусылды сонда бар айла. Өтпесін қылыш білген соң, Сонда қалмақ қашады, Ердің пысы басады. Жарағы қанға тоя ма, Қашқан жауды құтқарып, Жезтұяқты Күреңше Жетпей оған қоя ма?! Талайын оның өлтірді. Бір үш-төрт күн болғасын, Қалмақты қырып болады. Шет жағында бір қалмақ Тұрып жалғыз қалады. Мүйізі бар басында, Найзасына сүйенген Жалғыз сондай қалмаққа Қосай батыр барады. Қосай жетіп барғанда, Жиренше аттың үстінен Найзаменен көтеріп Ер Қосайды алады. Сонда Қосайға сөйледі: – Ей, Ер Қосай, Ер Қосай, Қайратыңның болғаны, Танып шіркін қалғаны Осы ма еді, Ер Қосай? Сонда Қосай найзаның ұшында тұрып сөйледі: – Ай, ит қалмақ, ит қалмақ, Ақылыңнан танғаның, Үстіңде едім бұрында. Әлі мынау Қосайдың Басыңнан сенің ол асып, Төбеңе ойын салғаным. Қосайды жерге түсіріп жіберді де, сонда тұрып қалмақ сөйледі: – Әй, Ер Қосай, Ер Қосай, Болайын деймін сенімен Қияметтік мен дос-ай. Қалмаққа сен келгенде, Өлтірер едім мен, – деді, Біздің елді шапқанда, Шешем менің келіпті. Менің мынау шешеме Астына ат беріпсің, “Шөлдесе сусын ішсін” деп, Құлынымен қосақтап, Биенің сондай отызын Шешеме менің беріпсің, Адам құрлы көріпсің. Анам маған кетерде Мынау сөзді ол айтты: “Ой, балапан шырағым, Ер Қосайға сен барсаң, Тигізбе қолың сен, – деді. Егер қолың тигізсең, Болмаймын шешең мен”, – деді. Сөйтіп маған сөйледі, Тимей тұрмын мен, – деді. Тоғыз кісі өлді деп, Еліңе бар сен енді. – Мың кісі менен өлді деп, Қосай артық ер-ді деп, Барайын елге мен, – деді. Мидай жазық далада Екі батыр болды дос. Көңілдері ерлердің Біріне-бірі болды қош. Айырылып екеуі, Енді еліне қайтуға Аттың басын бұрады. Сол уақытта Қосайға еліңді қалмақ шапты деген хабар келді. Сондай туған Ер Қосай Еліне өзінің бара алмай, Елінен әскер ала алмай, Сүйген жары Қарабек Жолығып жауап бере алмай, Арманда болып ол кетті. Шырай-жүзін көре алмай, Алла салды бақытыма. Жапанда кетіп қаламын, Жолдасым жоқ қасымда. Тәуекелге бел байлап. Кеткен жауға анасы Барша халқы келеді. Батыр Қосай оны ойлап, Астындағы атына Сонда батыр сөйледі: – Астыма менің мінгенім Жезтұяқты Жиренше, Анам менен малымды Айырып соны келгенше, Жануар адым аша көр. Алдыңда қара көрінсе, Жылдам ұстап баса көр. Ол қалмақтың елі еді, Сүмбетемір алаңдай Қалмақтың жатқан жеріне, Барсаның еді жағасы, Сол жаққа да кетіпті Зұлым қалмақ баласы, Залымдығын қарашы! Ұстады найза қолына, Қосайдайын батырың Жұлдызы туды оңынан. Жезтұяқты Күреңше Құлаштап адым ашады, Аяғын жылдам басады. Ұшқан құстан кем емес, Жер басқанға жануар, Сірә, ол бір тең емес. Алыстан қара көрінсе, Жетейін деп үңілген. Жазылып келіп бүгілсе, Қайыстайын созылып, Жер бауыры сөгілген, Омыраудан тері төгілген. Неше күндей жол жүрді, “Жетемін” деп ол жүрді. Бір айға күні толады, Жететін мезгіл болады. Жердің жазық даласы Айға күні толғанда, Тауға шығып өрлеген. Көрінді елдің қарасы, Ол көрінген қарасы Елу кісі қол екен, Қарауылда жатқан сол екен. Іркілсін бе Ер Қосай, Келді сонда жақындап. Алдынан шықты он кісі Көрейін деп қараға. Елсізде адам көрген соң, Келмей оған тұра ма?! Іркілмеді жағалап, Келген жалғыз қараны Тұра қалды қамалап. Ортасында қалмақтың Жалғыз Қосай тұрады. “Сен кімсің?” деп Қосайдан Келіп сонда сұрады: – Астыңдағы Күреңің Бала қалай реңің? Жау боп бізге келсең сен, Жер астында шіриді Әлпештеген сом жүрегің. Келген кісі он, – деді, Ұрысам десең, жас бала, Саған болды жол, – деді. Маңдайыңда болды ма Арылмайтын сор,– деді. Қалмақтың келдің қолына, Құтыламын деген түсе ме, Бала, сенің ойыңа? Сонда Қосай сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Руымды сұрасаң, Ноғай деген ел, – деді. Сол ноғайдың елінде Көкше деген ер, – деді. Көкшенің ұлы Ер Қосай Деген батыр мен, – деді. Іздеп жүрмін қалмаққа Қалмақты барып алмаққа, Қапы қалма, сен, – деді. Елімді шауып кетіпсің, Келдім іздеп мен, – деді. Сонда тұрып көп қалмақ Жау екенін білген соң, Өшпендісі келген соң, Қалмақ сонда жапырды, Батыр Қосай ақырды. Араласып алған соң, Артындағы қырық кісі О да шапты айқайлап. Араласып келеді, Қосай да артық ер еді. Қылышын алып қолына, Дұспанына сермеді. Көптігінен қалмақтың Аттар тұрып кернеді. Ақ берені жарқылдап, Талайының басын жояды. Қалмаққа салды ойынды, Шығарды иттің тойын да. Қызыл жоса қан қылды, Кесіп сонда мойынды. Ер Қосайдың қолынан Отызы тұрып өлген соң, Жиырмасыншы тұрып қашады, Ердің пысы басады, Қорқып қалмақ сасады. Ақ семсері жарқылдап, Қашқанды сонда қуады, Қашқанға да мүшкіл туады. Қуа-қуа қалмақты Еліне оның тағы да Жау жетті сонда деген соң, Хан, мырзасы бас болып, Бір мың кісі әскермен Алдынан оның шығады. Алдынан сонда Қосайдың Толып жатқан жан шықты. Барлығының алдынан Келіп сонда хан шықты. Қосайға келіп ханыңыз, Сонда бастап сөйледі: – Жапанда жүрген дарасың, Қаңғырып қайда барасың? Әй, жас бала, жас бала! Айт атаң менен анаңыз, Білінсін бізге шамаңыз? Сонда Қосай сөйледі: – Өз дінімді сұрасаң, Мұсылман тобы ел едім. Қарымымды сұрасаң, Ноғайлының ішінде Қырық сан Қырым ел едім. Атам атын сұрасаң, Көкше деген ер еді. Ол Көкшенің баласы Қосай батыр мен, – деді. Мен қалмаққа кеткенде, Алыныпты қаламыз, Жау қолында кетіпті Ақ сүт берген анамыз. Залым қалмақ, сен, – деді, Іздеп келдім еліңді Істеуге саған көрімді. Қалаңды шауып мен алып, Көрсетермін өлімді. Алуға келдім кегімді, Тыңда, қалмақ, кебімді. Талқандаймын қалаңды, Шулатармын қатын, балаңды, Тарттырармын сазаңды. Сонда қалмақ сөйледі: – Саған болды жол, – деді, Мынау тұрған көп әскер Жиған біздің қол, – деді. Мықтымсынып сөз айтсаң, Қылады саған той, – деді, Мен ноғайды көргенмін. Және көрдім сұрасаң, Көкшенің тұрған қаласын. Жесір қылып мен алдым Еліндегі қатын, баласын. Барлық ерін қиратып, Алдыма салып айдадым Баққан сиыр, танасын, Жылқы менен түйесін. Кек алам деген болсаң ер, Отқа жанып күйесің. Сонда Қосай сөйледі: – Ол күнде жоқпын мен, – деді, Қатын менен балаға Мен жоқта келдің қалаға. Ұрысуға келдім кез, – деді. Жекпе-жекке сен шықсаң, Мықтымсынып тұрсаң да, Өлесің сорлы тез, – деді. Іздеп келдім мен, – деді, Алатын ерім сен, – деді. Жазық дөңнің бойында Жиярмын қатын, балаңды, Қойман қалмақ мен, – деді. Көп кідіріп тұрмаймын, Кезегімді бер, – деді. Егер берсең кезекті, Өлесің сорлы сен, – деді. Сонда қалмақ сұрады: – Жасың кіші баласың, Бабаңдай кісі тұрғанда, Кезекті қалай аласың? Сонда Қосай кезек бердім деп тұрды. Тұрды Қосай қасқайып, Үстіне оның кигені: Ішіне киген ақ сауыт, Сыртына киді шарайна, Басына киген дулыға. Қалмақ сонда оқ атты, Бірінші рет оқ атты, Жезтұяқты Күреңше Үстіндегі батырмен Сонда бұғып қалады. Қалмақтың оғын байқасаң, Жоғары кетіп барады. Екінші рет оқ атты, Жезтұяқты Күреңше Жоғары қарғып асады, Оғы тағы танады, Ерге тимей қалады. Үшінші рет оқ атты, Аты сонда бұлтарып, Оғы таппай қалады. Сонда қалмақ оқ атты, Үш оқты бірден босатты. Сонда Қосай сөйледі: – Ақылсыз қалмақ, сен, – деді, Қолға кезек келген соң, Өлтіремін мен, – деді. Сонда қалмақ қақшайып, Екі көзі бақшайып, Екі бұты талтайып, Ермін деп тұрды қалшайып. Сауыты бар қалмаққа Сауыт бұзар оқ алды. Садақты қолға ол алып, Керіп сонда қозғалды, Он екі тұтам оқ алды. Масағына келтіріп, Сонда атып қалады. Тартып қалды қол оқты, “Қалмақ ердің қасы деп, Қақ жүректің басы деп, Жан денесі осы” деп, Қалмақтан өтіп кетеді. Ар жағында бір төбе Тостағандай төңкеріп, Онан да өтіп кетеді. Ар жағында тауларға Іркілмей оғы жетеді. Сонда қалмақ құлады, Қалмақ та сонда жапырды, Аттан түсіп сұлады. “Қосай кел” деп ақырды, Қосайдайын еріңіз “Аллалап” ұран шақырды. Жапырғанда көп қалмақ, Көк балдақтан еріңіз Қылышты сонда суырды, Апшысын жаудың қуырды, Қалмақ жаман қысылды. Қысылған уағында Қан төгіліп қойнына, Алмас тиіп мойнына, Талайы аттан жығылды. Мұрттай ұшты талайы, Қысылған соң қалмақтар, Аттан түсе қалады. Кетті сайды паналап, Сөйтіп жүріп қалмақтар Қалаға барды жағалап. Шығарды бәрін қаладан, Еңбектеп олар жүргенде, Бірнешеуін өлтірді Қосай батыр қуалап. Артынан кетіп барады Еліндегі халқы да Әрбір жерге тарады. Қосай батыр қалмаққа Тажалдай ойын салады. Аллалаған даусынан Отыра алмай шешесі, Үйден шықты жүгіріп. Баласын өзі танып ап, Тұра алмады кідіріп. Шешесін көзі көрген соң, Тұрды батыр кідіріп. Шешесі сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Жапанда тұрған терегім, Сағынған күні керегім, Сен кеткен соң далаға, Құйылды қалмақ қалаға. Келген соң қалмақ қалаға, Күн туды біздей анаға. Есім кетіп мен деген, Тек жаным бар өлмеген. Отын алып от жақтым, Жау қалмақты мен шақтым. Жатып ұйқы көрмедім, Тек жаным бар өлмедім. Бір көре алмай жүзіңді, Құлыным, саған шөлдедім. Ішімнен шыққан шырағым, Жүгіріп үйден мен шықтым, Аллалаған дауысты Есіктен соң құлағым. Аман-есен жүрмісің, Туған, қайран шырағым?! Көрдің бе, қарағым, қалаңды, Іздедің бе дүниеде Біздей сорлы анаңды? Қатыны құрғыр ұрады Таяқпенен басыма. Қарамайды ол кәпір Төгіле аққан жасыма. Қабыл екен тілегім, Жарылды менің жүрегім. Құлынымның алдында Ол Аллаға ризамын, Бітсе бүгін сүрегім. Айналайын, балам-ай, Қашан келдің қалаға? Өзіңменен, қарағым, Келген қатар ер бар ма, Жаны ашыған ел бар ма? Көрдің бе қалмақ қаласын, Білдің бе құлдың шамасын? Қамап қойды қалаға Күміс тұяқ Күреңше, Жез бұйдалы нартайлақ, Бәрінен қалдым айырылып. Сонда Қосай сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Әй, анамыз, анамыз, Жауынды күні панамыз, Алуға келген кегімді Атадан қалған, анажан, Мен едім тұяқ балаңыз. Анасы сондай сөйледі: –Қалмақты жина сен, – деді, Елден хабар алдың ба, Перзентім едің сен? – деді. Сонда Қосай сөйледі: –Ел шетіне барғанда, Қалмақтың елді шапқанын Сонда білдім мен, – деді. Елден әскер алуға Шыдамады, ана, бетіміз. Сонан соң келдім қалмаққа, Қалмаққа таман бармаққа, Еліне ойын салмаққа, Айырып жесір алмаққа. Сүмбетемір алаңдай Шаптым, шеше, қаласын. Елімді шапқан қалмақтың Шулаттым қатын, баласын. Әй, шешеміз, шешеміз, Сені ұрған қатынның Төбесін ойып, шақ, – деді. Сол қатынның барлығын Сабап қойдай айдашы, Қасыңда өзім болайын, Қолын екі байлашы. Қалмақтың елін жинады, Бекзаттарын өлтіріп, Сорлатып жанын қинады. Ноғайдан кеткен жесірдің Тауып бәрін алады. Бірнеше мың жан болып, Еліне қарай барады. Үш айлықтай жолдарға Атаңа нәлет кәпірді Сабап соның барлығын Алдына қуып салады. Қарабұлақ, Ақшағыл, Соған таман келеді, Таудан төмен құлады, Аяғына тас кіріп, Талай қалмақ жылады. Онан соң жетті Үшханға, Қалмақтарды қысқанда, Бір күндері болғанда, Еліне таман таянды. Өзінің келді еліне, Мекендеген жеріне. Сонан кейін ілгері озып Сарыбайға келді. Отыр екен Сарыбай Төбенің шығып бетіне. Қасына оның келген соң, Түсті аттан Ер Қосай. Сәлем берді оған бұл, Сонда тұрып Сарыбай Қосайды қалды танымай. –Қай баласың сен? – деді, Айтшы, балам, жөніңді, Танымадым мен, – деді. Сонда Қосай сөйледі: –Жөнімді ата сұрасаң, Қосайдың елін шапқан жау Артынан соның барғанбыз, Айырып жесір алғанбыз. Сол соғыстың ішінде Ер де болса сол Қосай Қазасының жеткені. Ата-анасын көре алмай, Алам деп жүрген Қарабек Оны да кетті көре алмай, Арманда болды Ер Қосай. Аты-жөнім сұрасаң, Сареке, біздің осылай. Сарыбай сонда жылады, Көзінің жасы төгіліп. Енді маған өлерде-й “Дүниеде жоқ, күйеу” деп. Қабырғасы сөгілді, Көзінің аққан жастары Тамшыдай жерге төгілді. Сарыбайға танытпай, Ер Қосай атына мініп алып, елін қондыруға кетті. Сонан соң сол жылауымен Сарыбай үйіне келді, келіп Сарыбай қызына сөйлей бастады: – Ортасында алты ұлдың, Қызым, жалғыз сен едің. Қосайдайын ерлерге Айттырған мен едім. Елін шапқан қалмақтың Артынан кеткен ер еді. Жаңа хабар мен алдым, Өліпті Қосай ер, – деді. Не қылам енді мен, – деді, Ақылын тапшы сен, – деді. Сонда Қарабек сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Әй, атамыз, атамыз Қайғырмашы сен, – деді, Жаңағы кеткен кісіңіз, Қосайдайын ер, – деді. Білдірмей кетті атамыз, Ақыл қойып барлаңыз, Сол кеткен Қосай балаңыз. Сонан Қосайдың елі келіп, бұрынғы орнына қонады. Елін қондырып болған соң, бұрынғы еліне жеткен соң, Қосай Қарабекке қалыңдық ойнауға Күміс тұяқ Күреңшені ерлеп жүріп кетті. Тігулі тұрған отауға Қосай келіп кіреді. Түсті күйеу деген соң, Алып тамақ жеңгелер Күйеуіне барады. Отырған кезде мазақтап, Жеңгелер жауап айтады. Күйеу бала сіз, – дейді, Әкеліп қызды бермейміз, Жалынбасаң, біз, – дейді. Сонда Қосай қарады, Керегеге барады. Қамшыны қолға алады, Әрқайсысын дойырмен Қатындарын сабады. Қатын шығып жөнеді, “Енді күйеу құрсын” деп, Отауда жалғыз тұрсын” деп, Қарабектей сұлуға Қатындар сонда барады, Қарабекке сөйледі: – Әй, еркежан, еркежан, Күйеу жаман ол, – деді Егер барсаң сен оған, Таяқтан өлесің сен, – деді. Сонда тұрып Қарабек: – Соқты ма, жоқ, сөкті ме? – деді. Онда қатындар: – Сөккен жоқ, соқты, – деді. – Сөкпесе болар, сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді, – деп Қарабек қатындарға солай жауап берді. Сонан кейін Қарабекті Қосайға берейін деп Сарыбай үлкен той жасады. Сол тойдан кейін Қарабек шатырынан шығып, Қосайдың қасына келді. Қарабектей сұлуың Лағыл, маржан тағынды-ай. Ер Қосайдың көзіне Көрінеді сағымдай. Жүрісін оның байқасаң, Белгілі қарғын ағындай. Сарыбайдай байыңыз Көктен шатыр көш ертіп, Көк жорға атты пар жегіп, Салтанатпен жүрдірді. Сонда келіп Ер Қосай Атқа мініп алады. Сұлу қыздың қасына Батыр Қосай барады, Қызға дарып қарады. Қарабектей сұлуың Қосайға да жарады.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.