Kazakh
Ақжонас ұлы Ер Кеңес
Қырық таңбалы Қырымда, он екі жарым Үрімде он екі жарым хан өткен. Сол хандардың біреуі Ақжонас болған. Өзінің жасы жетпісте, әйелінің жасы елуде еді.
Өзінің баласы жоқ еді, бірақ Ақжонас оны ойға алмаған. Бір күндері қатыны кеңес құрып былай деді:
– Жас болса жетті, Үлкендік те меңдетті.
Бір перзент бермей бұл күнде, Құдайдың өзі шөлдетті.
Алпыс деген алыс па, Ер өледі намысқа, Құдайдан бала тілелік.
Сонда Ақжонасқа ой түсті, ой түсіп мұңайды. Сонан соң бәйбішесі: – Мұның қалай? – деп Жонастан сұрайды.
“Мен ертең қазы, ғұлама, билерімді жинайын, сосын мұның қалай екенін сұрайын” деп ойлады. Ақжонас ертеңгісін әкімдерді шақыртып алып сұрады:
– Қазы, мүфти, сіз, – деді, Перзентсіз болдық біз, – деді.
Жас жетпіске толғаны Үлкендіктің мысалы – Жүз алпыс екі тамырдың Бәрі бірдей солғаны.
Елуде еді алғаным,
Бір перзенттің зарпынан Күшті болды арманым. Сонда қазы, мүфти қамалды, Патшасы бұлай айтқан соң, Таба алмады амалды.
Аралхан дейтін бір зор қазы бар еді, сол қолындағы кітабын суырып алып, Ақжонасқа былай деді:
– Түйе тілесең, сұлтаным, Ойсыл қара пірі бар, Одан барып тілеңіз.
Қой тілесең шопан бар, Мұнан барып тілеңіз,
Басына барып түнеңіз. Тілесең сиыр, сұлтаным, Зеңгі баба пірлер бар, Соған барып тілеңіз,
Басына барып түнеңіз.
Бас тілесең, сұлтаным, Шаһимардан оған бар, Алланың шері Арыстан, Арыстан деп ат қойған Соған барып түнеңіз, Содан перзент тілеңіз. Мырзалықты тілесең,
Садуақас оған бар. Оған барып түнеңіз,
Одан мырзалық тілеңіз, –
деді.
Сонда тұрып: – Арышланның қабірін табатын кім бар? – деді. Сонда
Арал тұрып: – Мен кітаптан қарайын, кітапта болмаса, иншалла, біз табамыз, – деді. Ертең қарармыз, табылса келіп жауап береміз, – деді. – Ертең келді. Кітаптан ашып көрдім, – деді. Бұхардың арғы шетінде, Амударияның жағасында Мұхамбетәлі деген кісінің баласы мен өзінің моласы бар, – деді. – Сонда табатын болса, кім жүреді? – деді. Сонда Арал сөйледі: – Біз үш кісі жүреміз, – деп. Үшеудің біреуі – Сұлтанымның өзі, – деді. Біреу Құраннан тәпсір ашып, қарайтын біз боламыз, – деді. Тағы біреу атқосшы болады, – деді.
Қандай ер жігіт бар дегенде, бір Сұлтанәлі деген ер шықты. Сегіз күн сүрек қылды. – Ноғайда жақсы ат болса, тауып ал, – деді. Сегізінші күн толғанда, екі кісі келгенде Ақжонастың әйелі: – Мен де жүремін, – деді.
Сонда Арубибі сөйледі:
– Айналайын, алғаным, Дүниенің білдім жалғанын. Сен кеткен соң далаға, Мендей сорлы бейшара
Іші жанып өртеніп, Тұра ала ма қалаға?!
Шырын-шекер, бал татқан, Тар төсекте бір жатқан, Егер кетсең далаға,
Кім бас болар қалаға? Айналайын, алғаным, Дүниенің білдім жалғанын. Осы жерде отырып,
Жақсы емес пе мұнан да Бір аруды алғаның?
Сонда Ақжонас сөйлейді:
– Әуре болма, жарқыным, Сексен күнде келермін Қайта айналып мен, – деді,
Отыра бер ордаңда, Қайғы етпе, сен! – деді. Сол сөзді айтып Ақжонас, Батыр туған еріңіз
Кетуге атты жөндеді.
Сол кезде үшеуі дүйсенбі күні жол шегіп шықты.
Өтті Шаттан аяңдап, Отыра алмады баяулап. Екеуінің мінгені
Белгілі қату көк еді. Жануардың шабысы
Таусылмастай көп еді. Жонас мінген Ақтанау Ауыздықпен алысып, Аспанға қарғып келеді. Бүкең-бүкең желеді, Шаңқай түсте жөнеді. Ар жағында тар қолтық, Одан өтіп келеді.
Бірнеше күн болғанда, Күн намазшамға толғанда,
Оның арты Құбатау, Соған барып енеді. Астындағы Ақтанау
Қайраты оның таусылмай, Әлі дөңгеленіп келеді.
Арғы жағын сұрасаң, Амудария су еді,
Жағасы қалың ну еді. Сол нуды келді жағалап,
Қырық күндей жол жүрді,
Азғана емес мол жүрді. Аты арып, тон тозып, Сонда жеткен секілді
Әзірет Әлі жатқан жерлерге, Мекендеген елдерге.
Жақын қалды моласы, Моланың көрді қарасын. Ақжонас та ер еді, Астындағы тұлпардан Түсе қалып ханыңыз,
Жолдасқа атты береді. Етігін салып иыққа, Жаяулатып жөнеді. Желген атқа ол батыр
Бір перзенттің зарпынан Жүгірумен ереді.
Моласының басына Келді батыр қасына.
Табытын оның құшақтап, Хан да болса жылады,
Көзінен жасы бұршақтап. Ақжонас сонда сөйледі:
– Асыл туған Арыстан, Бір перзентке зар болып, Басыңа келіп түнедім,
Жатып перзент тіледім. Тілегімді бере көр,
Көздің жасын көре көр. Тілекті егер бермесең, Жіберме мені, алып қал,
Тар шұңқырға мені сал.
Бір кезде Ақжонастың көзі ілініп кеткен екен. Арыстан келіп: –
Ақжонас, енді тілегіңді бердім, аулыңа қайт, кеңеспен шығып едің, әйеліңнен ұл туар, атын Кеңес қой! – деп өзі ғайып болды. Ақжонас басын көтеріп алып, серіктеріне “тұрыңыз” деді. Қырық қадам шыққанша атқа мінбеді, қырық қадам жерге шыққан соң атқа мінеді.
Шылбырдан ұстап алады, Үзеңгіге аяқ салады.
Үшеуі де сол жерден Атқа мініп қалады.
Атқа мініп жол жүрді, Қисабы жоқ мол жүрді. Баяғы кеткен ізімен Отыз күнде барады.
Бір мезгілдер болғанда,
Ауылдың көрді қарасын, Көрініп қалды шамасы.
Сонда Арубибі алдынан шығып, Жонасқа келіп сөйлей бастады.
Көзінің жасы төгіліп, Арубибі бәйбіше Келді жылап еріне,
Жылай тұрып жырлады: – Сау-саламат қайттың ба, Арызыңды сіз барып Арыстанға айттың ба?
Алла тілек берді ме,
Көзің жасын көрді ме? – Қабыл болып тілегім, Кірді жаңа реңім.
Жарылып тұр, алғаным, Бұ дүниеде жүрегім.
Берермін деді бір перзент, Кеңесіп көрген перзенттің Атын Кеңес қой, – деді.
Осынан үйге барған соң, Қыларсың жақсы той, – деді.
Жетпіс күнге толады, Қатын жерік болады.
Қойдан қошқар сойдырды, Жерігі оған қанбады.
Сиырдан бұқа сойдырды, Жерігі бұған қанбады.
Жылқыдан сойды айғырды, Тағы жерігі қанбады.
Түйеден бура сойдырды, Жерігі оған қанбады.
Сонда Аралхан қазыны шақыртып алады. Ақжонас айтты: – Мынау әйелдің жерігі қанбады, бұған не амал етемін? – деді. – Бұрынғы уақытта осындай жерігі қанбаған кісі айдаһардың, не сарыүйектің басын жесе қанатын еді, – деді. Сонда хан бұйырды: – Қайдан да болса осыған жеті сарыүйек алып келіңдер! – деді. Баяғыдан тілектес болып жүрген Сұлтанәлі батыр сол сарыүйекке кетті.
Таудан барып батырың Сарыүйекті жеті алады. Суырып тілін алған соң, Дорбаға оны салады.
Үйге келген соң, үйдегі жандарды шығарып жіберіп, сарыүйекті дорбадан алып, көптің алдына шашады.
Маңайдағы қатындар
Жыланды көріп қашады. Былайғы қатын қашса да, Арубибі қашпады,
Екі көзін қадады.
Жыланды алып келгені
Ол Аруға жарады.
Жыланның алды басын-ай, Арубибі аруың
Барды сонда қасына-ай. Шикі тұрған жыланның Аузына салды басын-ай. Шайнамай тұрып жұтады, Жерігі сонда қанады.
Жеті жыланның бар басын Шайнамай жұтып алады.
Тоғыз ай, он күн толғанда, Таң атар шақ болғанда,
Қатын сонда толғатты. Адалбақан құрдырды, Ноғайлының кемпірін Қатарына жидырды.
Отыз кемпір болады, Кемпірге үйі толады.
Ақжонас үйге тұрмады, қатын он күн толғатты. Үйден ұзап та кетпеді. “Есітір ме екем, – деп жүрді, – дауысын шырылдаған баланың”.
Он күнге дейін Аралхан қазының қатыны сол Арубибінің қасында отырды. Бала шырылдап жерге түскенде, Ақтанау тұлпардан Ақжонас та жерге түсіп қалды. Аз ғана жатып, басын көтеріп алды. Аралдың әйелі Ақбибі Ақжонас басын көтергенде, баланы бауырына басып, Ақжонастың қасына барып, Арубибі сұлу сөйледі:
– Халық ұстаған ханымыз, Артық туған жанымыз,
Көтер, сұлтан, басыңды, Перзентің келді қасыңа.
Сонда баланы көрсетпей тұр екен. – Рас па деді сөзіңіз,
Әкелдің бе, – деді, – өзіңіз?
Бауырда басулы жатқан баланы: – Мінеки, – деді, – балаңыз. Өз көзіңізбен қараңыз, – деді. Сонда хан баланы ұстайын деп жүріп еді, қатын баланы бермей, кейін шегінді.
–Бермейсің неге сен, – деді, Еремін бе мен, – деді.
Сонда қатын сөйледі:
–Бермегенім мен, – деді, Бекісін деп ойлаймын, Ханымыз, сенің буының.
Сонда берді баланы, Ақжонастай ханыңыз Баланы алды құшақтап. Омырауын ашады, Бауырына басады.
Ақжонастың еті тиді етіне,
“Осының бала екені рас па” деп, Бетін сонда ашады.
Үйге алып келеді, Келген отыз кемпірге
“Ізі-жолың құтты” деп,
Бір жаулық, бір қойдан береді. “Жасың ұзақ болсын” деп, Кемпірлер берді батасын.
Той қылам деп Ақжонас
Ноғайға салды хабарды, Ноғайды жинап алады. Атағын оның білдіріп, Ортаға оны саларға Кеңес жерге түскен соң,
Билер, мырза, беглері Бәрі тойға жиналды, Артық туған ерлері.
Үш күн ұдай той қылып,
Тоғыз күн ұдай ойын қылып, Балуан тұрды күресіп.
Ат шаптырып, той қылып, Алтын қабақ аттырды,
Қызыққа сүйтіп баттырды. Баланың жасы төртке толады,
Недәуір жігіт болады. Сақа топай қолға алып, Балаға таман барады.
“Қарағым жігіт болды” деп, Анасы сырттан қарады.
Баланың жасы бес толды, Шешесіне недәуір
Бала жақсы ес болды. Алтыға жасы жетеді, Үйге келмей баламен
“Ойнаймын” деп кетеді. Ойнады бала асықты, Асық ойнап машықты. Тартып алды балалар
Сақа топай, асықты. Бестен жасы өткен соң, Алтыға жасы жеткен соң, Артық туған Ер Кеңес Баламен салды төбелес.
“Атадан жалғыз қу бас” деп,
Балалар оны сабайды.
Үйіне келіп Кеңес анасына сөйледі:
–Айналайын, анамыз, Желді күні панамыз, Жоқ па еді іні-ағамыз,
Атадан жалғыз болдық па? Есіркейтін пенде жоқ,
Жаны ашитын ел де жоқ. Сонда кемпір сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
–Айналайын, шырағым,
Ұстаған қолға пырағым, Атаң еді Ақжонас,
Ежелден о да жалғыз бас. Аға менен іні жоқ,
Ерліктен басқа міні жоқ. Айтушы еді билікті,
Ақылы көп мол еді.
Ақылмен жанды билеген, Ақылы асқан сол еді.
Астана халықты меңгерді,
Азын көпке теңгерді, Атаң сондай ер, – деді. Жас басыңнан жабықпа, Ел билерсің сен, – деді. Енді барма балаға, Қаңғырма құр далаға, Асыл туған ер, – деді. Атаңның бар да қасына, Жүре берші сен, – деді. Кемпір сөйтіп сөйледі.
Кеңес еш нәрсе айтпады, тек былай деп ой ойлады.
“Үйде тұрып не етем деп, Енді ерлік етем” деп,
Кеңес бала ойлады “Ер белгісін етем деп,
Басқа жаққа кетем” деп. Шығып Кеңес қарады, Ақтанауға барады.
Алтынды тұрман, ер жүген Атқа тегіс салады.
Айыл-тұрман бек тартып,
Құйысқанын қысқартып, Жақсылап бекітіп алады. Шығарып атты алған соң, Үйге таман барады.
Ақжонас киген ақ сауыт Үстіне киіп алады.
Басына киді дулыға,
Үйде тұрған сұр жебе Оны қолға алады.
Керегеде ақ берен
Мұны да белге салады. Жайыменен қозғалып Ақтанауға барады, Бара мініп алады.
Әкесі мен шешесі
Жүдә білмей қалады. Үй сыртында ақ сүңгі, Қайта оған барады, Суырып қолға алады. Есікке жақын барады,
Шешесі біліп қалады. Шыға келді шешесі, Еш патшадан кем емес Ер Кеңестің мүшесі. Анасы кіріп сөйледі, Көзінің жасы төгіліп, Жылай келді егіліп:
– Сұңқарым енді қонар ма? Құба аралап жортар сонарға. Жалғызым, кетсең сен, – деді,
Кәріп болдым мен, – деді. Артыңда қалды атаңыз, Жылап қалды анаңыз, Анаңызға қараңыз.
Сәби туған баласың,
Жас басыңнан жау іздеп, Жапанда жалғыз қаласың, Шырағым, қайда барасың? Жолдассыз туған дарасың, Адам тастап кете ме
Өзінің ата-анасын?
Кімдер алып кетпейді Атаңның тұрған қаласын? Жасы сексенге толғасын, Білемісің атаңның Қандай қайрат шамасын? Сексенге жетіп меңдеген, Тек жаны бар әкеңнің
Бұл жалғанда өлмеген. Жетпіске жасы келгенше
Бір перзентті көре алмай,
Әкең еді шөлдеген.
Сағынып көрген баласың, Ата менен анаңды
Тастап қайда барасың? Алтыға жасың толғанда, Жауға барсаң болмай ма? Өзің жігіт болғанда,
Алтыға келген жасыңда, Жолдасың жоқ қасыңда,
Қандай жерге барасың, Қандай жауды аласың? Сонда Кеңес сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Берсе Тәңірі тілекті, Барарымды сұрасаң,
Қалмақтың ханы Қара-ды. Қайғы етпеңіз, анажан, Балаң соған барады.
Құр қайғыдан пайда жоқ,
Тілімді алсаң, жылама. Астымдағы Ақтанау Ол шабыстан тана ма? Атқа мініп алған соң, Бармай жауға, анажан, Балаң енді қала ма?
Сонда кемпір қарады, Шығарып емшек алады.
– Шырағым, емші мамаңыз, Сағынып көрген баламыз.
Не шара бар Құдайға?! Жылауменен қаламыз.
Сонда Ақжонас үйден шыға келіп, баласына бір сөз сөйледі:
– Айналайын, жан балам, Ақжонас жаяу қалды, – деп, Қалмақтар қалар қуанып, Мен қалдым ғой қуарып.
Қалмақ келер қалаға, Мен қалдым ғой пәлеге. Тілімді алсаң, перзентім, Кетпегейсің далаға.
Мекендеп тұрсаң болмай ма Осы тұрған қалаға?
Енді, балам, мен өлдім, Астыма мінер атым жоқ, Қолыма алар қару жоқ, Мен өлгенге теңелдім.
Енді мені өлді де,
Арыстан болсын панаңыз. Не қылса да әкеңде
Енді қылар шама жоқ!
“Қош-аман бол” деді де, Қала берді Ақжонас Кеңестейін балаға:
– Қош, аман бол, – деді, Кетті бала далаға.
Ақтанаудай тұлпармен Кеңес бала келеді,
Табандатып желеді.
Сексен күндік жол еді, Он бес күндік шөл еді.
Сол сексен күндік жерлерге Зыр желумен отырып,
Жетермін қырық күнде деп еді.
Сонда қалмақтың қызы Қарлығаш жатып түс көреді, келіп әкесі Қараға сөйлей берді. Қара деген қалмақтың қарғысы қатты жан еді, қарғағаны өлмей қалмайтын еді. Егер әскермен шабуға қол келсе, теріс қарап жатып қарғаушы еді. Оның қарғысынан жан қалмаушы еді. Оның қарғысы атқан оқтан бетер еді. Қарғысынан қырылған кісінің сүйегі бір тау болып тұрушы еді. Сонда Қарлығаштың айтқан сөзі:
–Әке, келдім мен, – деді, Жатырмысың саламат?
Басыңды көтер, әкежан, Мен сізден туған балапан, Көрейін жүзің мен, – деді!
Сонда қара қалмақ есін біліп, етегін жинағанша, баласы әкесін, әкесі баласын көрмеген екен.
–Перзентім, бері кел, – деді, Бұрын-соңды көрмедім,
Көрейінші енді мен сені!
Сонда Қарлығаш келіп әкесіне сөз сөйлей бастайды:
– Асылы артық данамыз, Ақылы асқан бабамыз, Ата, көрдім түс, – деді.
Аспаннан қарақұс келді Келген құсың қонарға. Халқың болып шулады, Сол қарақұс қонарда.
Сол қарақұс қонарда Қатын бала шулады,
Шулаған халқың оңар ма? Бәрін басып ол кетті, Қалаңда сенің тұрмады. Қара келді қонарға, Астана халқы шулады, Шулаған халық оңар ма? Осы түсім жаман түс, Келетін жау болар ма? Келмей отыр реңім,
Тітірей отыр жүрегім.
Егер қонса қалаға, Дұшпан осы болар ма? Осы түстен қорықтым, Көруге келдім өзіңді. Жорышы осы түсімді, Көтергін, әке, басыңды.
Отырдым, әке, қасыңда, Келген дұшпан бұл болып, Ала ма, әке, қалаңды?
Жылатпасын балаңды.
Жинашы, әке, еліңді, Бекіте берші беліңді.
Тастамай, әке, жинашы Қайратты туған еріңді. Жина қылыш, найзаны, Тастама жауға айлаңды. Жасашы айла сен, – деді, Болдым айтып мен, – деді. Сонда Қара сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Қайғы етпе, балам, сен, – деді, Теріс қарап жатармын, Қарғыспенен атармын,
Ұрттап қанын татармын. Егер келсе қалаға,
Олжаға атын алармын. Қанша қатты болса да, Сүйегін отқа жағармын. Үйіліп жатқан сүйекке Оны да, балам, салармын,
Сүйтіп құлқын табармын. Өлтіремін мен, – деді,
Қайғы етпе, қызым, сен, – деді. Жиналып келсе көп әскер,
Болады маған жем, – деді. Қарғасам өзі өледі,
Елді оған жимаймын, Көз алдыңда өлімді Өзі жақын көреді.
Жүре бер, балам, сен, – деді,
Қорықпаймын мен, – деді. Әскері көп болса да, Болмайды маған тең, – деді. Қарадай қалмақ ханыңыз,
Қызына солай сөйледі.
Қызы тұрып кетті. Таң мезгілі болғанда қыз тағы әкесіне келеді, келе сөйлей береді:
– Көтер басың, әке, сен, – деді, Келдім, әке, мен, – деді.
Күн шығуға таянды, Келуі жаудың аян-ды. Күн астына қарасам,
Құйындай жалғыз шаң көрдім. Шаң астына қарасам,
Қыбырлаған жан көрдім. Астында мінген қара ат бар, Белінде буған болат бар.
Табандатып желеді, Төрт аяқтан шыққан шаң Төрт тарапқа кетеді.
Желгеніне сол аттың Жер солқылдап келеді.
Жақындады қарасы,
Секілді дұшпан шамасы. Көтер, әке, басыңды,
Жылап тұрмын қасыңда, Көрсеңші, міне, әкежан, Көзімнен аққан жасымды. Тұрсаңшы, әке, сен, – деді, Келе жатқан дұшпанды Әке, тұр да, көр, – деді.
Сонда Қара сөйледі:
– Теріс қарап жатайын, Қарғыспенен атайын. Теріс қарап ол жатты, Сонда Кеңес батырың Жетіп келді тебініп, Жалмауыздай емініп. Қарлығаш тұрды есікке,
“Кіргізбен, – деп, – Ер Кеңес. Қорамсаны қолға алды, Атайын деп оңдалды.
Сонда Қарлығаш сөйледі:
–Асылың артық ер, – деді, Тілегім бар, сұлтаным, Тілегімді бер, – деді.
Көзімнің жасын көр, – деді, Жалынса, жақсы кешеді, Жаныса, болат кеседі.
Сонда Кеңес сөйледі:
–Тарт қолыңды сен, – деді, Қырылып жатқан адамның
Сүйегін байқап көр, – деді. Егер қолың тартпасаң, Атамын сені мен, – деді. Сонда қолын қыз тартты, Тартып қалды қол оқты. Жұмсап қалды болатты Қарадайын қалмаққа. Атқан оғы өтпеді,
Етіне тіпті жетпеді.
Ол оқ атқанда Қара тұрып: – Қарлығаш, мені маса ма, сона ма бірдеңе шақты, қақ, – деді.
“Айтқан сөзін қара” деп,
Алмасты батыр алады. Жүгіріп барып алмаспен
Мойнына салады,
Бөлініп басы қалады. Ақтанауға мініп ап, Қалаға ойран салады. Қарадай ханды өлтіріп, Қалмақты жүрді аралап. Ішіндегі мықтысын Өлтіре берді шамалап.
Қалмақтың елі көніп қалды, Қарлығаштай аруды ат көтіне міңгестіріп өзі алды.
Ендігі хабарды Ақжонастан алыңыз. Кеңес кетіп қалған соң, қалмақтардан қорыққан ноғай қашып, тарады. Жалғыз үй Ақжонас көше алмай, жұртта қалып қояды. Бағлан таз деген бір қалмақ ежелден келе жатқан жау еді. Ақжонасты аңдып жүрген жан еді. Сонда Бағлан таз мың кісімен Ақжонасты шабуға аттанады.
Күні-түні жол жүрді, Есепсіз тазың мол жүрді. Ноғай тарап кеткен соң, Ақжонастай еріңіз
Отырды өзі қалуға. Жау да таяу келеді Ақжонастың елін алуға.
Жақындап елге келген соң, Бөлініп шығып кетеді
Он кісі қалмақ баласы.
Бағлан таздай залымның Айласын оның қарашы!
Сонда Бағлан таз жансыз есебінде сақал, шашына ақ кірген бір шалды жібереді: – Ақжонас үйінде бар ма екен, қалай екен, шамасын біліп кел, – деп. Шал Ақжонастың үйіне кіріп келеді, өзінің неге келген себебін білдірмей: – Қатыным өліп, жетім бала-шағамен қалған едім, – деп мұңаяды. Сонда Ақжонас басын көтеріп, қатынына қарап: – Мынаған ас бер, –
деді. Нанды алып қалтасына салып, келген жұмысын әбден байқап біліп алып, шал кейін қайтты. Сонда шал Бағлан тазға келіп айтты: – Ақжонас қарусыз отыр, аты да жоқ, баласы да жоқ, – деді.
Шал шығып кеткен соң, Ақжонастың әйелі тұрып: – Жаңағы кісі қалай кісі, бұл жерде ауыл жоқ еді, – деді. Сонда Ақжонас: – Ой, қаңғырып жүрген шал дағы, не бір қатыны өлген ноғай шығар, – деді де, отыра берді. Сонда әйелі үйден жүгіріп шықты. Ақжонасты шақырды: – Анау шаң не зат? – деп бір сөз айтты:
– Айналайын, алғаным, Ұл мен елден айырылып, Ен майданда қалғаның.
Қаруың жоқ, затың жоқ, Астыңа мінер атың жоқ. Осы келген жау болып, Бізді шауып кетпесін.
Шошынып тұр жүрегім,
Кетіп тұр-ау реңім,
Сен, шамаң келсе аса көр, Осы шаңнан тез кетіп, Елге қарай қаша көр.
Тыңдамас менің сөзімді, Егер келсе жау болып, Өлтірер сенің өзіңді.
Сонда Ақжонас сөйледі, Сөйлегенде бүй дейді:
– Ажалға болмас еш айла,
Ажалсыз жан қайда? – деп, Жаяу қашсам жүгіріп,
Болмайды жанға пайда, – деп.
Сол уақытта жау қарасы көрініп қалды. Сонда тұрып қатыны жылай
берді.
Тұра берді Ақжонас:
–Бізге өлім жетті, – деп, Мен өлсем егер, бұл жерден Сізге бейнет көп-ті, – деп.
Сол замандар болғанда, Жау да жақын жетті кеп.
Сонда Бағлан таз алдымен келді. Ақжонасқа: – Сен кім едің?!.. – деп ақырды.
–Менің атым – Ақжонас,
Қасымда тұр алғаным. Ат, жарақтан айырылып, Осы күн кешті арманым, Жаяу тұрмын мен, – деді. Тірі болса Ер Кеңес, Төбеңді сенің ояды,
Болдырады тойыңды! Қалмақ шіркін қамады,
Қатынымен екеуін
Қосақтап алып сабады.
Қайыра қолын буады, Ақжонастай батырға Шынымен күн туады. Екі қолын байлады, Еліне қарап айдады. Талқандады ордасын Жинап алды малдарын,
Жинады сүйтіп жандарын. Қалмақ кетті еліне,
Өзінің айдап жеріне.
Күні-түні жол жүрді, Елу күндік жер жүрді. Аяққа салды кісенді, Мойнына салып күндіні,
Томарға мықтап байлады. Ақжонастай батырдың Сүйтіп соры қайнады.
Қатынын салды сиырға, Қатынымен екеуін Қуды сүйтіп қиырға.
Сиырды бақты далада, Ерте кетіп, кеш келді Өзі жүрген қалаға.
Сонда Бағлан таз Ақжонастың жұртына келіп: – Мен жұртыңда жатайын, Кеңес келсе сояйын, қанын ұрттап тояйын, – деп жата береді.
Ендігі хабарды Кеңестен алыңыз.
Кеңес батыр келеді Ақтанаудай тұлпармен. Мінгестіріп сұлуды,
Табандатып желеді. Жетіп келсе жұртына,
Қалмақ шауып алыпты. Иесіз қалған елдерге
Талапайды салыпты.
Тыс-тақыр болып жұрттары Ақжонастың қалыпты.
Түсіріп тастап Қарлығаш, Сонда жұртын қарады.
Ой-шұқырды қоймады, Бәріне тегіс барады.
Жер ошаққа барады, Ошақта жатқан киізді Көтеріп Кеңес алады.
Астында жатыр таз бала,
Сол тоқымды жамылып Жатқан екен бейшара. Сонда Кеңес сөйледі:
–Сен не қылған бала? – деп, Бері, бала, қара, – деп.
Сонда Кеңес: – Бұл жердің елі қайда, білесің бе? – деді. Бала: – Еліңді Бағлан таз деген қалмақ шауып кетті, – деді.
–Әке менен шешенің Екі қолын байлады,
Кірерге көрін сайлады. Қосақтады екеуін,
Елу күндік жерлерге
Қамшыменен сабап айдады. Асыл туған әкеңнің
Аяғына салды кісенді, Мойнына салды шынжырды. Бір томарға байлаған,
Бекітіп оны сайлаған. Бибі сынды анаңның Тезекпенен күні өтіп, Сүйтіп соры қайнаған.
Сиырды жүріп бақ, – деді, Жоғалғанын тап, – деді.
Әйелінің алдында Еңбектеп отын жақ, – деді. Тіліңді егер алмаса, Маңдайын оның кес, – деді. Басынан қанын ағызып, Төбесін оның тес, – деді.
Кеңес: – Елді қайдан табамын? – деді. Сонда таз: – Мінгестіріп жүрсең, мен тауып беремін, – деді. Қарлығашты сол жерде қалдыра тұратын болды. Сонда Қарлығаш сөйледі:
– Сіз кеткен соң келгенше, Кімдер бар да, кімдер жоқ.
Екінші сізді көргенше,
Тапсырдым Аққа мен, – деді.
Оң қолыңды бер, – деді, Қолдасалық кел, – деді. Кеңес қолын ұсынды, Қарлығаш ұстап қолынан, Бауырына қысады.
Қолдасты да Қарлығаш Кеңес ерден қалады.
Ақтанаудай аттарға
Мінгестіріп тазшаны Кеңес батыр алады. Ақтанаудай тұлпармен Табандатып желеді.
Неше күндей желумен Әлі жүріп келеді.
Сонда Ақтанау тұлпар сөйлейді:
– Асыл Кеңес ер, – деді, Тазшадайын жаманың Бөксемді алып барады,
Түсіріп таста сен, – деді. “Түс” деп еді тазшаға, Түспеймін аттан мен, – деді. Сүйдегенге болмады,
Екі аяғы атының Қарсы жерге енеді.
“Тағы да аттан түс” деді, “Түспеймін” деп тазша тырысты, “Түсесің” деп Ер Кеңес
Тазшаға қатты ұрысты.
Жағасынан алады,
Тазшаны жұлқып қалады. Түсіріп тастап тазшаны Кеңес батыр жөнеді.
Астындағы Ақтанау
Жаман тазша түскен соң, Арандай аузын ашады, Аяғын топ-топ басады.
Ер Кеңес пен тазшаның Арасын лезде-ақ ашады.
Сонда артынан түсіп қалған тазша айқайлайды: – Сен бара бер, мен де барармын, – деді. Атының құйрығының қылын тұтатып еді, сонда Бағлан тазға қос торы ат келді, біреуін мініп, біреуін жетелеп алып, Кеңестің қасынан: – Бағлан тазың мен, дәмең болса, кел, – деп өте шықты. Оған Кеңес қысылмады, табандатып желіп жүре берді. Ер Кеңес таздың елінің сыртына
келді. Қалмақтың елінің сыртына келгенде бір дорбасы мойнында, бір дорбасы қолында, сиырдың жүрген соңында анасын көрді. Анасы жылай жүріп жырлап жүр екен, сондағы айтқаны:
– Сағындым жалғыз перзентім, Естілер ме екен дауысым Жапанда жүріп зарлаған?
Жалғызым менің Ер Кеңес, “Дұшпанға кегім кетер” деп, Алты жаста арланған.
Қаумалаған көп қалмақ Сиырға салып қорлады, Баяғы заман болар ма? Сиыр бағып жүргенде,
Біздей сорлы оңар ма? Ұшып кеткен ақсұңқар
Шақырсам қолға қонар ма? Біз секілді бейшара
Мұнан қалып оңар ма? Патша болған атаңыз Теректе тұр байланып, Қалды сонда айналып.
“Жалғызым” деп көре алмай, Пәнде болдым, енді, көр,
Маңдайымда болар ма Арылмайтын мықты сор?
Сол сөзді айтқан соң Кеңес шешесінің алдына келіп сөйлей бастады:
– Балаң мендей болар ма? Жоғары жүрген ақсұңқар Қолыңа келіп қонар ма?
Ақсұңқар қонса қолыңа, Баяғыдай боларсың,
Жақсылық келтір ойыңа. Біздей болса балаңыз, Қайғың болса, анажан,
Тағы да айтып қараңыз.
Сонда шешесі айтты:
–Бағлан таздың қатыны Белгілі жаман залым-ай. Кесе берме алдымды, Тұрмын, бала, танымай. Сонда Кеңес сөйледі:
–Танымай ма екен баласын, Баласы келіп тұрады
Қарсы көріп анасын.
Атаңа нәлет қалмақтың Мен салармын ол қойға Қатыны мен баласын,
Көрермін сөйтіп шамасын. Менің анам сен, – деді, Сенің балаң мен, – деді.
Көзіңді ашып, анажан, Шыныменен көр, – деді, Мамамды менің емейін,
Мамамды, ана, бер – деді.
Сонда кемпір сөйледі, Сөйлегенде бүй дейді:
–Танымаймын өзіңді, Мегзетемін сөзіңді.
Сонда Кеңес сөйледі:
–Асыл туған анамыз, Жастықта емген мамамыз, Ақжонасың қай жақта, Шешеке, біздің бабамыз?
Сонда кемпір қарады,
Аттан түсіп Ер Кеңес, Кемпірге таман барады. Сонда кемпір сөйледі:
– Жауды жерде жарағым, Аман-есен келдің бе, Перзентім менің, қарағым? Тастай беріп дорбасын,
Жетіп келді қасына-ай, Құшақтады басын-ай. Лақтырып жіберді
Тезекті терген қабымен, Екеуі кетті шағымен.
Кемпірдің барды қасына-ай, Көзінің төкті жасын-ай.
Кемпір берді мамасын, Таныды сонда баласын. Кеңес батыр жөнеді Іздеп туған бабасын.
Кеңестейін ер еді, “Жүре бер” деп анасын,
Атасына жөнеді.
Сонда Ер Кеңес келеді, Ақтанаудай атынан Келе түсе қалады.
Атасының Ер Кеңес Келіп қолын алады. Қолын алып жатқанда, Мың кісідей әскермен Бағлан таз келіп қалады. Босатуға шама жоқ,
Жалғыз туған Ер Кеңес Айқай жауға салады.
Қамап тұрған әскермен Соғысып батыр барады. Жартысы жаудың өлген соң, Қырылғанын көрген соң, Қалғаны жаудың қашады.
Тұруына шама жоқ, Айқай салып Ер Кеңес Албастыдай басады,
Тұра алмай қалмақ сасады. Бағлан таз шапты қасқарып, Қалатын ба еді Ер Кеңес, Жауға келді егескен.
Екі батыр майданда Қайраттарын теңескен. Қарсы келіп қалысты, Белдерінде алмас бар, Жекпе-жекке шабысты. Өтпеген соң қылышы
Бола ма ердің тұрысы?
Жағаласып қалысты, Жағасынан алысты, Бір-екі күн жағалас Ат үстінен салысты.
Одан шықпай еш нәрсе Аттан түсе қалысты.
Екі күндей жағалас Жаяу жүріп салысты. Ақжонастың қатыны
Тұра алмады кідіріп.
Жонасқа сонда келеді, Сиырды тастап та жүгіріп. Келіп сөйлей береді:
– Айналайын, сұлтаным, Астыңда жоқ тұлпарың, Қолыңда жоқ беренің.
Жәбір шеккен ер едің, Қарағымды көрдің бе, Көріп сәлем бердің бе?
Көрдіңіз бе баланы?
Атаңа нәлет ит қалмақ Бізді келіп қамады.
Сонда байлауда тұрып Ақжонас сөйледі:
– Бері келші, сен, – деді, Мынау менің етігім Қолыңмен ал, – деді.
Етікке қолың сал, – деді, Ұлтанының астында
Екі елі кездік бар еді, Шығарып соны ал, – деді.
Кемпір қолды салады, Етікті тартып алады, Алып ішін қарады.
Екі елі кездікті
Қатын қолға алады.
Кездікті мынау салады, Аяқтағы темірге
Кісенді кесіп алады.
Ақжонастың қолындағы бұғауды, аяғындағы кісенді қатын кесіп тастады. – Пышақпен қолыңдағы жөке арқанды да кес, – деді.
Ақжонас та ер еді,
Артындағы жөке арқан,
Қолындағы кездігі
Жалғыз тал қылдай көрмеді. Босанған соң қол-аяқ,
–Кездікті маған бер, – деді. Кездікті алып қолына,
Мойнында тұрған шынжырды Оны да кесіп алады.
Босанып тегіс алған соң,
–Манағы бала қайда? – деп, Ер Кеңеске жүгірді.
Шыға келсе төбеге Жағаласты салулы.
Жағаласып жатқанда, Ақжонас келіп қалулы.
– Тазшаның сырты алтын, іші боқ-ты. Қару өтпейтін жері жоқ-ты, – деп Ақжонас Тазшаны алмаспен жарып жібереді. Ақжонас төңірекке қарады. Тазшаның мінген қос торы ат барып мініп алады.
Тазшадай қалмақтың Бар қаруын алады.
“Аллалап” ұран шақырып, Қалмаққа ойын салады.
Бір жағынан Ер Кеңес
Үш күнде қоймай қалмақты
Бір жерге қуып жинады.
Ақжонасқа Ер Кеңес
Жәбір бергіш қалмақтың Басын кесіп сыйлады.
Анасын ұрған қатынды Жақсы қылып қинады. Қайырып қолын артына Біразының байлады.
Баяғы кеткен жұртына Қойдай сабап айдады.
– Кегім қойсын бұ, – деді.
Мен ілгері кетейін,
Жеріме таман жетейін, – Деп Ақжонас ханыңыз
Бағлан таз мінген торы атпен Шабуылды салады,
Он күнде жетіп барады. Ақжонас келгенде, Қарлығаштай аруың Иіліп сәлем береді.
Сонда Ақжонас сөйледі:
–Ай, жарқыным, сен, – деді, Перімісің, жанбысың,
Адамбысың, шынбысың? Танымадым мен, – деді. Жапанда тұрған жанбысың? Иіліп сәлем бергенің,
Сен енді мені кім дедің? Сонда Қарлығаш сөйлейді:
–Жасың үлкен данасың,
Ақылың артық бабасың.
Көргеннен соң жүзіңіз Кеңестейін ерлердің
Деп тұрмын сізді бабасы. Кеңес ерді деп тұрмын
Сіздей ердің баласы. Балаң алған балаңмын, Атам Қарахан еді,
Мен де жалғыз бала едім. Саламат-күйлі барсыз ба,
Қуатты-күйлі бар ма екен, Аман ба еді анамыз?
Сау-саламат барды ма Іздеп сізді балаңыз?
Атасы тұрып сөйледі:
– Келді біздің баламыз, Қиналған сүйтіп бабаңыз. Аман түгел алған соң, Талқандап қаласын, Жеңгеннен соң елдерін,
Сындырған соң белдерін, Бағлан мінген қос торы ат Оны да алып мінгізді.
Шауып алып елдерін, Артқызды нарға теңдерін.
Қасіреті-қайғы көп көрген Атасы мен анасын
Сағынған сүйтіп баласын Құшақтатып сүйгізді.
Сүйтіп Кеңес қарағым
Астыма торқа төсетіп,
Жылқыдан жорға мінгізді, Езу тартып күлгізді.
Осы сөзді айтқанша, Кеңес келіп қалады.
Жұртта қалған Қарлығаш Неше уақыт тарыққан, Келе ме деп зарыққан.
Кеңес ерді көргенде, Қуанғаннан талады.
Неше айлар сақтаған,
Келгенше дәм татпаған.
Жарын мұндай көрген соң, Оттай күйіп жанады,
Құшақтап келіп алады.
– Жан серігім, жолдасым, Тар жерде болған мұңдасым, Басыңды көтер, келші, – деп, Көзінің жасы тамады.
Қарлығаш көзін ашады,
Мауқын сүйтіп басады.
Ерлігін елге көрсетіп, Мәртебесі асады.