Манашыұлы Тұяқбай

Ноғайлы елінде он бір би болады. Сол елге көп әскерімен Ындыс қалмақ деген кәпір Ащағар сайының бойындағы ноғайлыға келеді. Ноғайлының он бір биінің үлкені Орманбет биді шақыртып алды, сонда Орманбетке Ындыстар былайша жауап айтты. –Дініме менің кір, – деді, Айтқанымды қыл, – деді. Айтқанымды қылмасаң, Біздің жолмен жү...

Kazakh
Манашыұлы Тұяқбай
Ноғайлы елінде он бір би болады. Сол елге көп әскерімен Ындыс қалмақ деген кәпір Ащағар сайының бойындағы ноғайлыға келеді. Ноғайлының он бір биінің үлкені Орманбет биді шақыртып алды, сонда Орманбетке Ындыстар былайша жауап айтты. –Дініме менің кір, – деді, Айтқанымды қыл, – деді. Айтқанымды қылмасаң, Біздің жолмен жүрмесең, Еліңді шауып аламын. Еліңді салып бүлікке, Талапайды саламын! Сонда Орманбет: – Мен сенің дініңе көнбеймін, елімде он бір биім бар, содан хабар аламын, солар көн десе көнемін, көнбе десе көнбеймін, –деді. Қалмақтар “сен көнбеймін деп айтасың” деп, Орманбет биді өлтіреді. Он бір биді шақыртуға адам жібереді. Сонда он бір би жолға шығуға атқа мінеді. Манашы мырзаның үйіне түседі. Билер отырғаннан кейін сөз бастап, Манашыға былай дейді: –Мына жауға баралық, Осындай қиын кездерде Өшіруге жаудың оттарын Ерлік айла біз істеп, Соған барып қаралық, – дейді. Сонда Манашы жүруге айналды. Шешесі тұрып ой ойлады: “Бұлар өздері елдің басшысын бір пәлеге ұшыратар” деп, Манашының анасы ере жүрді. Баратынын сұрасаң, Ащағар сайдың басы еді, Жабағы сайдың қасы еді, Баратын жері осы еді. Он бір би соған барып түсті. Сонда кәпір қамады, ойлап ақыл табады. Сонда Манашының жолдастары он бір би шеткері шығып кеңес құрды. Сол кеңесте олар Манашыны міндетке беріп кетуге ұйғарды. –Міндетке бергенде үш күнде келеміз делік, үш күнде келмей көшіп кетелік, – деді. Енді Манашыны Ындысқа береді. Манашыны бұлар міндетке бергеннен соң, Манашының қайғы түсті басына, анасы келді қасына, сонда Манашының айтқаны: – Атаңа нәлет ит кәпір, Ұстама мені сен, – деді, Мынау тұрған он бір би Келмейді саған бұл, – деді. Атаңа нәлет он бір би Келмей енді қашады, Осы айтқаным шын, – деді. Ол кәпір “анау он бір би келемін” деп адам берген соң, Манашыны алып қала берді. Сонда Манашы шешесіне сөйледі: – Айналайын, анамыз, Мен едім жалғыз балаңыз. Жал-құйрықты кесіп ап, Құдай жалғыз қылған соң, Неге келсін шамаңыз?! Иесіз қалды-ау, шешеке, Жинаған дәулет қарамыз. Тым болмаса болмады-ау Иесі болып қалатын Бір сәби де балаңыз. Үш жасар қалды қыз бала, Алған жарым бұл қалды, Еңсесі биік ақ орда Адыра болып тұл қалды. Бастан бақыт құсы ұшып, Ол құс қайта қонар ма? Қонғанменен, шешеке, Бұл жалғанда оңар ма? Асыл туған, анажан, Бұл дүниеден мен кеттім, Ант ұрып кеткір он бір би Сүйегімді жасытып, Осы жолы меңдетті. Ақ сүтіңді кеш, – деді. Сол жауапты айтқанда, Кемпір тұрып егілді, Көзінің жасы төгілді. Жалғызы өлімге кеткен соң, Көкірегін басып шер, Қабырғасы сөгілді. Сонда кемпір сөйлейді: – Айналайын, жалғызым, Жапанда тұрған бәйтерек Бір күні қурап солғаны. Жалғызым, сенің далада Отың жанған құл болып, Атаңа нәлет он бір би Ұшырды ма далаға. Мен айналып болайын, Жалғызым, сенен садаға. Қолыңнан қазып көмбедің, Өлгенімді көрмедің. Сорлы болған мен бе едім? Аманатын Алланың Көз алдыңда бермедім. Баласының қасына барайын деп еді, қалмақтар итермелеп барғызбады. Сонда Манашы мен анасы қалмақтың қолында қала берді. Сонда он бір би кетіп барады, бұрын түсетін еді, бұл жолы түспей Манашының аулының тұсынан өтер болды. Сонда қыз жүгіріп қапталдай сөйледі. Қапталдап айқай салады: – Ай, он бір би, он бір би, Ағам менен шешемнен Хабар берші сен, – деді. Айтайыншы жеңгеме Хабар етіп мен, – деді. Он бір биге бұл қарап, Қызың сүйтіп сөйледі. Сонда он бір би қарамай: – Ағаң менен шешең келеді, – деп, өтіп жүре берді. Сонан соң бала қайғырып үйіне келеді. Сонда бала жеңгесіне келіп сөйледі: – Айналайын, жеңеше, Ол кісінің ішінде Аға менен шешем жоқ. Бұрын үйге келгенде, Таласушы еді он бір би Мені алдыма алам деп. Он бір бидей залымның Болғанды ісі өзгеше, Тұр, киімді ки, – деді, Көкемнің мінген көк тұлпар Шығарып алып сарайдан Астыңа оны мін, – деді. Көкем менен шешемді Он бір би тастап кеткен-ді, Соны барып біл, – деді. Ноғайлы шіркін сасқан-ды, Төбеге шықсаң көресің Босқан елдің қарасын. Манашыдан қалған көк тұлпарды ерттеп алып, Манашының бар қару- жарағын асынып, босқан ноғайдың артынан төбеге шығып қараса, ноғайдың барлығы жапырыла көшіп жатыр екен, содан кейін қатын не істерін білмей үйге келді. Сонда кішкене қыз сөз сөйледі: –Жеңеше, біз ноғаймен қатар көшпелік, ноғайдан қалып, артын ала көшелік, егер бірге көшсек бізге ноғай су бермес, – деді. Сол уақыт болғанда, Малды қуып жинады, Көш қарасын көреді. Көшке жүдә санаспай, Көштің бөліп қарасын, Бөліне көшіп келеді. Көшіп қашқан көп ноғай Отыз күндей босады, Малды сүйтіп қинады. Сарыойық деген көлдерге, Сондай шүйгін жерлерге Көшіп келіп көп ноғай, Сол жерлерге қонады. Манашының ауылы Кейін шетте қалады. Ноғайға кіріп қона алмай, Бұрынғыдай бола алмай, Манашының қатыны Буаз еді сол күнде, Айы-күні толады. Адалбақан құрдырды, Сол ноғайдың елінен Бес-он кемпір жидырды. Толғатумен сол қатын Үш күн ұдай ол тұрды, Сонан соң барып ұл туды. “Батырдан қалған тұяқ” деп, Тұяқбай атын қойдырды. Ендігі сөзді Манашының шешесі Күйкеннен естіңіз. Үш күні біткен соң, Манашыға барған адам болмайды, сосын барып, Ындыстар Манашыны өлтіреді. Сонда Манашының басында отырып, кемпір жылап сөз айтады: – Айналайын, жалғызым, Су түбіне шым батты. Көрсеткенің, Құдай-ай, Осы ма еді жалғанда? Жалғызымнан айырылып, Сынды менің қанатым. Қос қанатым қайырылып, Отырып менің қалғаным. Айналайын, Құдай-ай, Жалғызымнан айырып, Басыма мұңды салғаның. Бүйтіп қорлық бергенше, Емес пе жақсы алғаның?! Кемпір мұңайып отырып ен далаға қаңғырып кетті. Бір жерлерге келгенде, Аратөбе шың көрді. Сол шыңдарға шығады, Шың екенін көреді, Солай қарап жол жүрді. Сол жүргеннен қаңғырып, Аз ғана емес, мол жүрді. Бір жерлерге келіп отырып, сонда кемпір тағы да мұңайып сөйледі: – Айналайын, жан Алла, Кереметің бар, Алла, Манашыдай жалғызым Келмеске енді ол кетті, Қараңғы көрге ол жетті. Бір бұтаның түбінде Мені Құдай сөйлетті!.. Бір мезгілде күн батты, Ай қараңғы, күн бұлт, Кемпір тағы жүреді. Кемпіріңнің көзінен Қанды жасы бұл ақты. Жүргені шыңның басы еді, Сөйтіп келе жатқанда, Ылдилау жерді бұл басты. Көзінің нұры тамғаны – Кәрілік жетіп қалғаны. Сонда кемпір ұшады, Сол ұшумен ол барып, Бір жартасты құшады. Сонда жаны кетеді, Баласының артынан Бұ да көрге жетеді. Сол кемпірдің ұшқан жері бұрын Аратөбе шың еді. Содан кейін “Күйкен” деп аталды. Он сан байтақ бөлген жер, Орманбет бидің өлген жер, Күйкен сырты Манашы, Манашы соның баласы. Баласымен екеуі Он бір бидей залымның Айласынан бұлардың Анасы мен баласы Қаза тапты, қарашы! Ендігі сөзді Тұяқбайдан естіңіз: Тұяқбайдай баланың Беске жасы толады. Шешесіне ес болып, Недәуір жігіт болады. Балалармен ойнайды, Ойнап жүріп ол бала Кеудеге ақыл ойлайды. Тұяқбай үйге келіп, апасына сөйлей бастады: –Ақ сүт берген анамыз, Балалармен ойнауға Біз де, шеше, барамыз. Екеуден жұрт жүреді, Екеуден жұрт жүргенде, Біз де жалғыз барамыз, Іні мен жоқ па ағамыз? Шеше, бізде жоқ па еді Әлдилеп сүйген бабамыз? Шешесі қатты мұңайды, Алғанынан айрылған Есіне түсіп бейшара, Төгіліп көзден жастары. Шешесі жылап тұрған соң, Апасы сонда сөйледі: – Айналайын, сұңқарым, Атаң еді Манашы. Артынан сені көрген соң, “Асылдан қалған тұяқ” деп, Тұяқбай атың қойдырған. Манашыдай мырзаның Сен едің жалғыз баласы. Асыраған әлпештеп Күйкен еді анасы. Атаңа нәлет он бір би Ертіп кетті қасына. Ындыс деген көп кәпір Ноғайдың келді қасына. Ащағар сайдың түсіпті Ындыс келіп басына. Он бір бидің басы еді, Орманбетті шақыртып, Алды кәпір қасына. Қалмақ сонда сөйлеген, “Біздің дінге көн деген. Біздің дінге көнбесең, Өлтіремін мен” деген Орманбеттей биіңіз. Елімде бар он бір би, “Сол көн десе көнемін, Көнбе десе көнбеймін” деп, Сүйтіп ханың сөйлеген. Сонда “сен көнбейсің” деп Орманбетті өлтіріп, еліндегі он бір биін шақыртқан, сонда он бір би не істерін білмей, біздің үйге келді. –Келген соң он бір би, Көкемді менің азғырды, Баралық жауға біз, – деді, Қатын менен баланы Кәпір етіп алмалық Біздерге басшы сен, – деді. Атаңа нәлет он бір би Көкеме сүйтіп сөйледі. Көкем атты ерледі, Ерлеп жүріп терледі. Жалғызы кетер болған соң, Шешем де сонда жүруге, Баласына еруге, “Барайыншы мен” деді. Манашыдай көкемді Залым туған он бір би Міндетке беріп сол жерде, Көкемді менің тастаған. Келіп қайта елдерге, Мекендеген жерлерге, Сонда елді көшірді. Шешем менен ағаңның Атаңа нәлет он бір би Сүйтіп үнін өшірді. Шешем еді ол Күйкен, Итке-құсқа жем болып, Далада қалды сүйегі. Әкең еді Манашы, Үш күні оның біткен соң, Кескілеп ындыс өлтірген. Осы сөзді есітіп, Сегіз жасар Тұяқбай Жүрегі сүйтіп күйеді. Тұяқбай үндемей тұрып кетеді, апасы мен шешесі ұйқыға кеткен соң, шешесінің пышағын ұрлап алады. Етіне шекпен киеді, Қолына алып пышағын, Сарыойықты жағалап, Он бір биді іздеуге Тұяқбай сонда жөнеді. Қыдырып жүрді шамалап, Ноғайларды аралап. Бес күн жүрді жағалап, Билерді көрді шамалап. Танып әбден алуға Билерді жүрді сағалап. Биді танып алды. Бір мезгілдер болғанда, Қонақ сонда болуға Бір ауылға барады. Билер барды ауылға Артынан жүрді Тұяқбай Сол билерді аңдуға. Түс мезгілі болғанда, Ақсақалдар тарады. Шетке тіккен отауда Он бір би жатып қалады. Билер ұйықтап танады, Оңаша ұйықтап қалады. Билер ұйықтап қалғанда, Тұяқбай да үйге жақын барады. Тұяқбай үйге келген соң, Бидің бәрін жарады, Биді қырып салады. Тұяқбай кейін қайтады, Жалаң аяқ, жалаң бас, Елеусіз жүрген жас бала Үйіне қарай тартады. Ауылдың келді адамы Ол билерді көрмеге, Қонағасын сыйлап бермеге. Келген соң көрді қызықты, Бұл секілді бұзықты. Ағып жатқан қан көрді, Қырылып жатқан жан көрді. Үйі қаннан толады, Аса қызық болады. Мұны көзі көрген соң, Ауылдағы көп адам Есі кетіп талады. Ауыл адамы тарады, “Қырылып билер қалды” деп, Шабуылды әр жерге Адамдар сонда салады. Билердің келді баласы, Өліп билер қалған соң, Жиналды халық, қарашы! “Бұл қайдан болды?” деп Бірінен-бірі сұрады. Айласын оның таба алмай, Қамалып ноғай тұрады. Сол Орманбеттің баласы Әли деген бар еді: – Сол он бір бидің тұсында ауылға келген адам бар ма, біреуің білмейсің бе? – деді. – Кім екенін білмедік, бір пақыр бала келіп отырды, – дейді. – Манашыдан бір бала туды деп еді, сол бала болмасын, соны ойлап қараңыз, – деді. Ауылдың бір әйелі тұрып: – Мен от жағып жүргенде, жүгіріп бір бала кеткен,– деді. Олар жаңағыдай болып жатқанда, Тұяқбай үйге барып пышақты тастай берді. Сонда Жұбай деген апасы сөйлей бастады: – Айналайын, шешеке, Көтерші бермен басыңды. Тұяқбайдай жас бала Алла жолын оңдағай, Болмағай енді масқара. Қару-жарақ сайлай көр, Сарайда тұрған Көк тұлпар Шығарып сыртқа байлай көр. Сұр жебе мен қылышты Сандықтан оны ала көр! Сонда алды қорамса, Беренді белге байлады Тұяқбайдай жас бала. Ер қаруы бес қару, Оны да алды асынып, Ұрысуға жаулармен Тұрды сонда сайланып. Бара атты ерледі, Ерлеп жүріп терледі. Алтын тұрман, ер жүген Атқа тегіс салады. Атадан қалған ақ сауыт Үстіне киіп алады. Айыл-тұрман бек тартып, Құйысқанын қысқартып, Көк ала шұбар ту байлап, Жолдың шықты басына, Барды малдың қасына. Ендігі сөзді он бір бидің отыз баласынан естіңіз. Сол уақытта отыз баласы Тұяқбайдан көріп: – Кел, Тұяқбайға баралық, – деп, ойлап кеңес құрып, бұлар да қаруын асынып, Тұяқбайды іздеп жүрді. Сол отыздың басы Орманбет бидің баласы Әли болады. Сонда атқа мініп келіп: – Тұяқбай қайда? деп ақыра бастады. Сонда үйден апасы шыға келді. Сонда апасының берген жауабы: – Анау жатқан мал, – деді, Малдың қасы жал, – деді, Жал басына бар, – деді. Үстінде тұрған қарасаң, Көк ала туды байлаған Ер қаруы бес қару Асынып оны сайлаған. Дәмең болса бара бер, Төбеде тұрған Тұяқбай, Тұяқбайды бар да көр! Сонда: Отызы бірдей ақырып: –Тұяқбай үйде қалмасын, Жасырып тұрма сен, – деді. Сонда қызың сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: –Ақылсыз ноғай, сен, – деді, Жасырамын ба мен? – деді. Анау тұрған Тұяқбай Өзіңмен қатар тең, – деді. Еркек болсаң еркекке Бара берші сен, – деді. Олар жөнеліп баратқанда, қыз өзінің шешесіне сөйлей бастады: – Айналайын, анамыз, Тұяқбайдай балаға Осы қиын іс болса, Тұтамай отқа жанамыз, Алла болғай панамыз. Құдай нашар қылған соң, Неге келер шамамыз? Арышлан, жәрдем бергейсің, Көздің жасын көргейсің?! Ендігі сөзді Тұяқбайға кеткен отыздан естіңіз. Шабуылды салады, Шабуылды салумен Тұяқбайға барады, Жақындасып қалады. Шапқан атты көрген соң, Тұяқбай мінген Көк тұлпар, Аспанға қарғып тұрмады. Сонда отыз кісі келіп: – Тұяқбай сен бе? – деді. Сонда Тұяқбай “мен” деп сөйлей бастады: – Әкем еді Манашы, Ащағардың бойында Атаңа нәлет залым он бір би Міндетке беріп кетіпті, Қасында қалды анасы. Ындыс деген кәпірге Ұстап беріп кеткені, Сөйтіп қорлық еткені. Ұстап беріп кеткен соң, Иесіз қалған қарасы, Баласыз екен Манашы. Сол күнде іште қалған Мен едім соның баласы. Сол себепті он бір би Өлтірсем деп ойладым, Өлтіріп кекті мен алдым, – Деп бір сонда Тұяқбай Тұлпарға қамшы салады. Еті қызып жануар, Аспанға қарғып ойнады. Үстіндегі Тұяқбай Көзі құрдай қызарды, Құм сағыздай сазарды. Сонда Әли тұрып сөз бастады: – Ноғайлының баласы, Аңғарыңыз сөзді деп, Айтып тұр ғой өзі деп, Тұяқбайдың бұл сөзі Болып шығар жөн, – деді. Ноғайлар кеңес құрды, бірінен-бірі “бұл қалай?” деп сұрады. Сонда “бұл қалай?” деп Орманбет бидің баласынан кеңес сұрады. Әли сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Ай, жолдастар, жолдастар, Бір жылы туған мұңдастар, Бір сапарды қолдастар, Біздің туған атамыз Істегені қателік. Бұл айтқаның сөз емес, Тұяқбайдай қайсар ер, Бізге болар ер емес! Сонда Әлиге: – Өзің бар, не болса да Тұяқбайға айтып көр, – деді. Сонда Әли келіп, Тұяқбайға сөйлей бастады: – Тұяқбай бала, ер, – деді, Сабыр етші сен, – деді. Мәжіліс құрып көруге Сөйлесуге келдім мен, – деді. Мынау тұрған он бір би Оның болсын жазасы, Манашыны өлтірген Тартсын өзінің сазасын. Кел сіздің үйге кетелік, Аз ғана ноғай еліміз, Ұрыс ашып арада, Құр жау болып нетелік! Тұяқбай Орманбет бидің баласымен екеуі дос болады. Сонда бұлар барлығы Манашының аулына келіп түседі. Түсейін деп жатқанда апай аттан түсірмей қояды. Сонда қызың сөйледі: – Аттан түспе Тұяқбай, асылы туған сен, – деді, аттан түспей тұра тұр, не бұйырсаң да істейін, – деді, – тұра берші, сен, – деді. “Қызметің етем” деп жүгіре берді, апасы тарта берді табағын, табағын тартып болған соң, жиналып ноғай атымен, сонда келіп барлық жан “енді жаман болмас” деп, жеңгесімен қолдасты “рұқсат” деп жолды ашты. Сонда Тұяқбаймен дос болып, барлығы еліне қайтып кетеді. Тұяқбай “бір айдан қалмай келіңдер” деп жолдастарына солай айтып жіберді. Бір айға күні толғанда, Айтқан шағы болғанда, Отыз кісі бұл келді. Басшысын оның сұрасаң, Орманбеттің баласы Бастығы сол, қарашы! Бір күн жатты бөгеліп, Кететін болды екінші күн Жауға сонда жөнеліп. Атқа мініп алғанда, Апасы келіп қасына Сонда бастап сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Қуанып едім күлгенде, Жарылып еді жүрегім, Сен бір атқа мінгенде, Қатарға шығып жүргенде. Барасың қай бір елдерге, Қандай-қандай жерлерге? Сен кеткен соң далаға, Не күн туар, қарағым, Атамменен анаға Кім ие боп тұрады Қалған мынау қараға? Көз салмайды кімдер кеп, Сен кеткен соң біздерге. Артыңда қалған інің жоқ, Сен кеткен соң ол жаққа. Сонда анасы келді жүгіріп, Отыра алмады кідіріп: – Асылы туған, қарағым, Егер кетсең далаға, Кімді қойып кетесін Мұндай иесіз қалған қараға? Кетемісің сен тастап Анаң менен апаңды? Кетіп есім меңдеген, “Дүниенің жүзінде Бір перзентім көрсем” деп, Мен де байғұс сорлы едім, Бір көре алмай шөлдеген. Тоғыз ай, он күн көтеріп, Көрген балам сен деген. Тастап кетсең бұл жерге, Нем қалады өлмеген?! Тілімді алсаң, бармай қал, Алмасаң тілді, нетейін?! Жоқ жақында ағайын, Аллам жалғыз жаратты, Ағайынды қайдан табайын? Айрылсам сенен, жалғызым, Көрер көзім құм болар, Сөнген соң отым күл болар. Кетем десең кетесің, Қош аман бол, перзентім, Тапсырдым Аққа мен, – деген. Сонда Тұяқбай сөйледі: – Қайғы етпе, анамыз, Атам менен шешемнің Кегін жаудан алуға Ындысқа кетіп барамыз. Қияметтік достарым – Қасымдағы жолдасым. Жолымызды бастайтын, Орманбет бидің баласы! Жолымды Құдай оңдасын. Сол сөзді айтып Тұяқбай, Жауға қосын салады. Отыз кісі жол жүріп, Жапанда кетіп барады. Ол үш айлық жол еді, Алыстағы сол еді. Ақ берені жарқылдап, Ай жарымдық жол жүрді, Аз ғана емес мол жүрді. Ноғай келер деген соң, Ындыстың ханы Мейрамхан Елі-жұрты, халқынан Аттанған екен мың кісі. Қарауылға шығыпты, Алдында қара көрген соң, Мың кісінің ішінен Жүз кісі шықты барарға, Содан хабар аларға. Бұлардан екеу шығады Әли менен Тұяқбай. Сол уақыт болғанда, Екі қолын таянды. Қайсысының жеңері Көкірегіне аян-ды. Жақындап жетіп келгенде, Сонда Мейрамхан сөйлей бастады: Танымай тұрмын мен, – деді, Қай халықсың сен? – деді. Асылыңды айтып, ер болсаң, Осы жолы бер, – деді. Мекен еткен қашаннан Мен Ындыста хан, – деді. Іздегенім сұрасаң, Ноғай деген ел, – деді. Көрейін деп келемін Мен ноғайдың баласын. Шабайын деп келемін, Талқандап оның қаласын! Сонда Тұяқбай сөйлейді: Іздегенім сұрасаң, Бұл Ындыстың қаласы. Мейрамхандай қалмақтың Алуға келдім қаласын, Шулатуға баласын. Тыңда, қалмақ, кебімді Жібермеуге іздедім Сенен кеткен кегімді. Қапияда шауыпсың Байтақ жатқан елімді. Орманбет биді өлтірген Ащағар сайдың басында, Манашы мырза қасында. Сол кегімді аларға, Басыңды жерге саларға Іздеп келдім мен сені. Өзіңді сенің өлтіріп, Желкеден басың аларға. Сол екеуін өлтірген Мейрамхан залым сенбісің? Сол залым хан сен болсаң, Оярға сенің көзіңді, Өлтіруге келдім өзіңді, Тыңда менің сөзімді. Тұяқбай сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Саройықты жайлаған Сұрасаң менің елім бар, Кеткен сенде кегім бар. Мен бір туған ер, – деді, Манашыны өзің өлтірдің, Баласы соның мен, – деді. Дәмең болса ит қалмақ, Алысалық, кел, – деді. Сонда Мейрамхан сөйлейді: – Ащағар сайдың бойында Ноғайдың елін үркітіп, Жақсыларын өлтіріп, Ноғайға салдым мойынды-ай, Қан қылғам шауып ойыңды-ай, Қылғанмын сүйтіп тойыңды-ай. Қолыңнан келсе, кегіңді ал, Шаптырым сондай жеріңді ал. Қолыңнан олар келмесе, Үре-үре өзің қал! – деп, Мейрамхан тұра берді Сол бір сөзді есітіп. Тұяқбайдай батырың Қылышты алды қолына, Жұлдызы туды оңына. Қылышын қолға алған соң, Алып сонда сермеді. Мейрамхан да ер еді, – Соғысам десең, кел! – деді. Сол бір мезгіл болғанда, Қарсы найза салысты, Қарт бурадай алысты. Ат үстінде екі күн Жағаласты салысты. Үстіндегі ерлердің Айбатына шыдамай, Астындағы айуан да, Шөге жата қалысты. “Жіберем бе” деп ойлайды, Біріне-бірі намысты. Сол мезгілі болғанда, Шөккен аттан түсіп ап, Жаяу жүріп жағалас Ерлер тағы салысты. Күн төртеуге толғанда, Мейрамхандай кәпірдің Буыны кетті әлсіреп, Тізесі оның бүгілді. Бүгілмес еді тізесі Әлсіреп өзі жүргенде, Аяғы тасқа ілінді. Қайраты оның таусылып, Құрыған сонда сілесі. Тұяқбайдай ол бала Қанша мықты болса да, Астына бұрап бір салды, Қанжарын сонда қолға алды. Бүркіт алған қозыдай Тамаққа қанжар ол салды. Мейрамхандай кәпірдің Артындағы көп қолын Жапыра бәрін шабады. Тұяқбайдың қолынан Бұрын келіп қалады. Олар келіп қалғанша, Әли менен Тұяқбай Атқа мініп алады. Мініп атқа алған соң, Әлденеше болмай-ақ Екі жақтан шабысқан, Бірнеше күн айқасқан. Тұяқбайдай жас берен Астында мінген көк тұлпар, Қолына алып семсерін, Оң келгенін оң шапты, Сол келгенін сол шапты. Атаңа нәлет кәпірдің Талайын сүйтіп сұлатты. Қайратты туған ерлердің Айбатына шыдамай, Өлді сонда ұзамай. Қырылды сегіз жүз қалмағы, Өлді сонда ұзамай. Өліп көбі қалған соң, Қашты көбі шыдамай. Отыз ердің ішінде Төртеуі өліп қалыпты. Қалаға келді көп қалмақ, Қаланың ішін шаң қылды, Қызыл жоса қан қылды. Қалаға ойын салады, Жесір-жебір шұбыртып, Қалмақтан соны көп алды. Шұбыртып оны айдады, Солардың соры қайнады. Мейрамханның баласын Ағашқа таңып байлады, Өлімді оған сайлады. Сонда келді еліне, Өзінің мекендеген жеріне. Сонда шешесі сөйледі: – Айналайын, қыраным, Аман-есен келдің бе? Қыраным деп сүйген, шырағым, Қалмаққа сен бардың ба, Кегіңді одан алдың ба, Айдап жолға салдың ба? Бұздың ба оның қаласын, Көрдің бе оның шамасын? Қорлыққа салып айдашы Қатыны мен баласын. Жаңа кірді іреңім, Жарылып тұр жүрегім. Толып тұр менің бұл ордам Бүгінгі күні келді ғой Манашы мен анамыз. Сау-саламат келді ме Қасыңдағы ерлерің? Сенің күтіп жолыңды Арманым жоқ, өлмедім! Тұяқбай батыр өтіпті, Мұрадына жетіпті, Алып беріп ел кегін.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.