Kazakh
ЖАҢБЫРШЫҰЛЫ ТЕЛАҒЫС
Жетпіске Жаңбыршының жасы толды, он бес жаста Телағыс болды. Телағыс әкесіне: – Әке, жасым жетті, мен жауға аттансам, – деді. Сонда Жаңбыршы Телағысты шақырып алып, былай деді:
– Телағыс, балам сен, – деді, Сенің әкең мен, – деді.
Өзіңнен өзге бала жоқ, Аға-іні және жоқ.
Сен кетсең егер алысқа, Бұл дүниеге ие болып Тұратын бізде шама жоқ,
Жетпіске жасым толған соң, Үлкендік жетіп болған соң.
Тоқсан баулы ноғайлы Қыз тауып ала алмадың, Балам, өзің қолайлы.
Кетемін дейсің, сен балам, Бегеңдейін қалмаққа,
Қасыңда жоқ жолдасың. Сонда Телағыс сөйлейді:
– Ертемін, ата, мен, – деді, Мұсадан туған отыз ұл.
Орақ пенен Мамай жоқ,
Қарасай, Қази жас бала, Жүруге онда шама жоқ. Бір бөлек әскер қол, – деді,
Болмай ма жолдас сол, – деді. Сонда Жаңбыршы сөйлейді,
Баласына бата береді:
– Алланың шері арышлан Жәрдем бергей сіздерге. Жалғызым қайта бұл келіп, Көрсеткей Алла біздерге.
Берік еді қаласы,
Аз кісінің бұл келмей
Жүрмесін қалып шамасы. Қалмақтың салған оры бар, Болман деген ноғайға Қашаннан оның ойы бар.
Астында мінген Телкүрең, Шабыстан ол тана ма?!
Аяғы төртеу жылқыдан Озбай күрең қала ма?!
Телағыстай жас берен Жаңбыршының ақ сауыт Үстіне киіп алады.
Үйде тұрған сұр жебе Қасына ердің іледі.
Беліне буып көк балдақ, Беліне шала байлады.
Көк сүңгіні қолға алып, Атқа батыр барады,
Үзеңгіге аяқ салады.
Атқа мінер болғанда, Алпыстағы анасы
Ат қасына барады. Сонда кемпір сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
– Перзентім едің сен, – деді, Қасыңа келдім мен, – деді. Барасың қайда, перзентім, Жалғызым едің сен? – деді.
Тастай ма екен туған баласын,
Тастай ма екен анасын? Іздегенің мал болса, Төңірекке көзің сал.
Сонда Телағыс тұрып сөйлейді: – Айналайын, анамыз,
Желді күні панамыз, Көруге жердің шамасын, Барайын деп мен тұрмын Бегендей қалмақ қаласын.
Мұңаймаңыз, анажан,
Алыс жолға барғанда, Қайтара ма екен анасы Өзінің жалғыз баласын?! Шегуге сапар мен тұрмын
Қалмақтың сондай елдерге. Қуайын деп ойлаймын Алыс сондай жерлерге.
Мұсаның отыз баласы Расын оның сұрасаң, Қалу менен Сары еді.
Тобаяқ бар ішінде Жиналыпты Мұсаның Орақ пенен Мамайдан, Қарасай мен Қазидан Басқасының бәрі еді.
Сол сөзді айтып Телағыс, Жүрудің қамын ойлады. Жөнелер болды Телағыс, Мұсаның отыз баласы
Бірікті бәрі, қарашы!
Баратынын сұрасаң, Беген қалмақтың елі еді. Алыстығын сұрасаң,
Екі айлық жер еді. Есепсіз жолда жүреді, Бірнеше өтті белестен, Бірнеше өтті таулардан. Бір күндері болғанда,
Қаланың көрді қарасын. Келеді ноғай деген соң,
Мың кісімен аттанып
Жатқан екен көп қалмақ. Бастығы оның Беген-ді, Қылдырған екен дегенді. Көрінген соң қарасы, Беген бастап мың кісі, Өңкей шора бектері,
Артық шықты ерлері,
Бөлініп шығып жөнелді. – Азғана өзі кісі еді,
Өлтірелік біз, – деді. Баршасын оның қыралық, Аты менен тондарын
Ортаға олжа қылалық, Жүріңіз енді сіз, – деді. Бөлініп алып мың кісі Шабуылды салады.
Жазбаған тобын кісіге Беген бастап алдымен Шауып жетіп барады.
Бегендей залым қалмағың
Телағысқа келіп сонда сөйлей береді:
– Айтшы өзің кім едің, Танымаймын сіздерді? Менің атым сұрасаң, Бегендей батыр ер едім. Өз дегенім болмаса,
Кісі дегенін қылмайтын Артық туған шері едім. Ноғай деген елдерді
Табанға салып жер едім. Жүз кісі бар қасында Алыстан дұшпан бұл келсе, Жүн қылып оны жер едім. Сонда Телағыс сөйлейді:
– Біздің текті сұрасаң, Ноғай деген ел едік.
Сол ноғайдың елінен
Бөлініп шыққан ер едік. Қалмақтың іздеп қаласын,
Елін оның шабуға Шығып едік елдерден, Мекендеген жерлерден. Қасымдағы ерлерім – Артық туған беглерім. Қош көрген соң олар да, Оңай олжа табуға,
Егер қалмақ болсаң жау, Олжа қылып аламыз, Талапайды саламыз,
Ат-тонымыз жоғымыз, Ат-тонды боп қаламыз.
Сонда Беген екі кісі еліне жібереді хабарға, елден әскер жинап аларға. Сонда екі кісісі еліне барып, екі мың кісі әскерді жинап алды. Жолға шықты. Бұлар әлі төбелеспей тұр екен. Әскері келген соң, Беген аз кісіге сөйлей бастайды:
– Қалмақ деген елдерім, Артық туған ерлерім, Мынау тұрған аз кісі – Келген өзі ноғай ғой.
Аз кісі мынау ноғайды Шауып алу оңай ғой. Жапыралық біз, – деді, Қамады сонда ерлерді.
Ортада ерлер қалған соң, Қысылып сонда терледі.
Сонда Телағыс отыз кісі жолдастарына сөйлей бастады:
– Ай, жолдастар, жолдастар, Заманы қатар мұңдастар, Бір сапарда қолдастар, Қалдық қамау жерлерде, “Өлмейміз” деп ойламаң,
Кегіміз болып кетпесін,
Іс болды-ау қиын ерлерге. Телағыстай жас батыр,
Қалмақпенен қас батыр Сонда тұрып ақырды
Қасындағы ерлерге. Өлеміз деген ойменен Тұтасымен жапырды. Қалмақ, ноғай арасы
Қан төгіліс болып арада, Судай құйған сапырды. Телағыстай жас батыр Қылышын алып қолына,
Онды-солды сермеді. Қалмақ сонда көбейіп, Аттың талайы босады.
Қырғын күшті болған соң, Ат тұяғы астында
Қаны ағып жосады. Қалмақтың басы төгілді, Қара жерге домалап.
Ерлер қайрат қылады, Үсті-үстіне сабалап.
Қалмаққа мүшкіл туады, Шеткері қолдан ол шығып,
Бегендей қалмақ қашады, Елдердің пысы басады.
Артынан қуды Телағыс, Сол Телағыс батырдың Әруағы судай тасады.
Қалмақ мінген қара-ды, Қараменен ол қашып, Ұрып сонда қара атты,
Басы, көзге сабады. Астына мінген байқасаң, Телағыстың Күреңі.
Ешбір малдан кем емес, Сол Күреңнің реңі.
Арандай аузын ашады, Аяғын топтап басады.
Мұрсат та қоймай қалмақтың Сонда алдын тосады.
Алдын оның басқанда,
Бегендей ол қалмағың Бұлтара келіп қашады.
Не істерін білмей сол жерде, Бұтына тышып сасады.
Телағыстай батырдың Әруағы басады, Ұстап сонда алады.
Мұндай жазық далада Екі батыр алысты.
Найза ұстап қолдарына,
Біріне-бірі қарысты, Қарсы тұрып шабысты. Найзасынан шыдамай, Аттан түсіп екеуі,
Жағалас жаяу салысты. Қара қанға батысты, Сол уақыт болғанда, Күн екеуге толғанда Ханды қара басады.
Жығыларға таянды,
Жығылып сонда ол қалды. Телағыстай еріңіз
Суырып қанжар қолға алды. Астында жатып Бегенің Сонда сөйлей бастайды:
– Ай, Телағыс, Телағыс,
Ер екенсің сен, – деді, Қалмақтан айла асырған Ер едім сондай мен, – деді, Сондай болған ер, – деді.
Қатын менен баласын Көрмей оны шөлдеді. Енді менің өлгенім, Өлім болды-ау көргенім.
Бақытымның бұл қайтып, Шырағым жанған сөнгені. Сол сөзді айтқан кездерде, Қанжарын қолға берік ұстап, Сонда оған салады.
Өлтіріп тастап Бегенді,
Телағыстай батырың Кәпір залым қалмаққа Істеткен екен дегенді. Қайта атқа барады, Қара атты жетекке ап, Күреңге мініп алады, Шабуылды салады. Жауды қуған жеріне Қайта батыр барады. Жатқан екен соғысып
Отыз кісі ноғайлар. Кетпеген екен ыдырап, Жүрген екен отызы Біреуін бірі ол қорғап. Іш қазандай қайнады, Талайының ол қолын Телағыс батыр байлады, Өлімге оны сайлады.
Шәһарына қарай кәпірдің Қуып, сабап айдады,
Жеткенінше бәрін қырады. Еліне барып кәпірдің:
– Мұсылман дінге көн, – деді. Артық сондай діндерді
Бар да, соны көр, – деді. Қатын, бала, жандарын Мұсылман дінге көндірді,
Шырағын жанған сөндірді. Айтқанын етеді,
Кәпірдің алып қаласын,
Көрді соның шамасын. Дүниесін бөліп алады, Мұсадан туған отыз ұл Дүниеге қолды салады, Бөліп бәрі алады.
Телағыстай батырың Аты шығып қалады. Аман-есен отызы Еліне қайтып барады. Телағыстай батырың
Отыз шапан, отыз ат Ағалыққа алады. Еліне аман ол барып, Ананың жүзін көреді, Атаға сәлем береді.
Арада бірнеше жыл өтті, батыр Жаңбыршы өлерге жетті. Сонда Мамайды шақырып алды. Сонда Жаңбыршы Мамайға айтты:
– Ай, Ер Мамай, Ер Мамай, Айтшы, білші, сен Мамай, Егер өлсем мен, – деді,
Мынау жалғыз Телағыс “Қияметтік өкіл бала” деп,
Тарыққан жерде жебей көр, Қысылған оның жерінде Қолтығынан сүйей көр.
Мамайға тапсырып, сосын бір-екі күн тұрып қайтыс болды. Осыдан біраз уақыт өткеннен кейін Телағыс “Мамайдың қарындасын аламын” деп, бұл жұмысқа Мұсаның отыз баласы қарсы болып, “бергізбейміз” деп және Телағысты өлтірмек болады. Соны естіп Телағыстың Аққозы деген жылқышысы келіп сөз бастады:
– Ай, Телағыс, Телағыс, Мен бір жаман іс білдім. Мұсаның отыз баласы Айласын оның қарашы, Сонда кеңес құрыпты.
Мұсаның отыз баласын Белгілі Құдай ұрыпты.
Ең кенжесін сұрасаң, Қалу менен Сары еді, Қызғаншақ іші тар еді.
Ақбілектей бір сұлу Ортасында бар еді. Сонда олар құрыпты
Шақырып ертең аларға. Біреуі тартып ер күйін, Біреуі тартып би күйін, Біреуі өлең айтады,
Біреу жырды жырлайды, Сүйтіп кеңес құрыпты. Ортаға сені саларға,
Есіңді сенің аларға. Сүйтіп еліріп кеткенде, Қиындық сізге саларға. Өлтіріп сені алған соң, Ен малды бөліп аларға. Қази менен Қарасай Орақтың батыр сұрасаң,
Екі сондай баласы-ай. Сондай кеңес құрыпты, Айттым саған мен, – деді, Есіңе ал сен, – деді.
Үй сыртынан ол келіп, Телағысқа сөйледі.
Сонда Телағыс күрсініп дем алды. Сонда қатыны домалап кетіпті. Таңертеңмен Күреңше атқа ер салып, атты ерттеп, қолына жылан бауыр қамшыны алып, жол кетуге шықты. Сонда қатыны барып шылбырдан ұстап алды:
– Аптықпа, батыр, аптықпа, Аптықтың тимес пайдасы. Жасанысқан жау болса,
Кетпеңіз оған жарақсыз.
Осыдан барып сен өлсең, Мен қалармын қарақсыз. Сонда барып сен өлсең, Тігулі үйіңде кім қалар, Адыра қалып тұл болар. Басқа жерге бұрылма, Көкем менен Мамайдан Сосын хабар ал, – деді. Оның сөзін тыңдамай,
Қамшыменен бір ұрып,
Өте берді Телағыс.
Мамай сарала таңда шапанының бір жеңін киіп, бір жеңін кимей, аяғына кебісін жалаң аяқ киіп жүгіріп кетеді. Бір шаршы ақ шүберекті басына тартыпты. Соған Телағыс қарсы келмеді. Келіп Мамай сөйлей бастады:
– Ай, Телағыс, Телағыс, Өкіл бала сен едің.
Орағымның барында Алушы еді тілімді.
Қарасай, Қази жас бала “Үндеме” дейді сен қу бас, Баласыздық білінді.
Тілімді алсаң Телағыс, Боғданы талақ ет, – деді,
Мұнан көшіп кет, – деді. Еділдің бойы ен қамыс, Боғданың бойы боз қамыс. Енді барсаң Телағыс,
Еділ бойын жайлаған,
Қырымды ноғай жайлаған, Қырымды ноғай сол, – деді, Баршы соған сен, – деді.
Ақбілектей аруды Алып жұбай ет, – деді.
Ол Мұсаның отыз ұл Ер болса ол қайда-ды.
Ағалыққа отыз ат, отыз шапан Сен алғанда қайда еді?
Сонда Телағыс сөйлейді:
– Айналайын, ағамыз, Дүниеге қолды салыңыз. Керегің болса дүниеден Болғанша толы алыңыз, Елге біздің барыңыз.
Сонда Мамай сөйлейді:
– Алмаймын сенен мал, – деді, Ағам деп мені сыйласаң, Тілімді менің ал, – деді.
Еділдегі ноғай Қырым-ды, Соған көшіп бар, – деді.
Сонда тұрып Телағыс, Отыз ұлға бармады.
Келіп атты ерледі,
Айыл-тұрман берік тартып,
Құйысқанын қысқартып, Енді атына мінеді.
Атқа мініп алған соң, Қарауға шықты малдарын, Тұр екен соны алуға.
Боғданы талақ бұл етіп, Ағайыны Қырым-ды, Соған таман баруға
Бес күнде малды жинады. Құйысқаны шартылдап,
Атты Күрең қинады.
Малдың сондай көптігі, Сегіз күндей шұбыртып, Қара өткелден өткізді.
Сол өткелден өткенде, Хан Мамай бар қасында. Мұсаның отыз баласы Хантөрткілдің басында Шығып тұрды, қарашы. Телағыстай батырың
Отыз ұлдан хабар алуға, Жаулығын оның білуге Аттың басын бұрады Соған таман баруға. Сонда әйелі сөйледі:
– Артық туған сұңқарым, Астыңда бар-ды тұлпарың. Жасанысқан жауыңа
Барма жақын сен, – деді. Мамай көкем бар болса,
Жақындап жетіп барғанда, Тура қарап тұр, – деді.
– Егер ноғай жау болса, Мамай көкем басындағы бөркін алып, былғап теріс қарап тұрар, онда барма, егер оны істемесе, жақын бара бер, – деді. Сонда Телағыс келіп жақындады, сонда Мамай бөркін сілкіп теріс киіп, теріс қарап тұрады. Сонда Телағыс батыр кейін барып сөйлей бастады:
– Боғданың бойы боз қамыс, Еділдің бойы ен қамыс.
Еділде жатқан көп ноғай Баршасы оның Қырым-ды, Алдырмаспын сырымды.
Мен барғаннан барармын,
Қырымға хабар салармын. Қырымдағы қырық батыр,
Қырықты қасқа алармын. Жолымды Алла оңдаса, Қайтып келіп еліне, Қайратыңды көрермін.
Сонан кейін көшіп барып қонады. Сол ноғайдың шетіне барған соң, танысқан соң, Асанқайғының үйіне барады. Сонда Асанқайғыға келген жай- жапсарын айта бастайды:
– Ай, ағамыз, ағамыз, Желді күні панамыз. Егер бізді соқса жел, Панаңызға барамыз. Дидарласып көрмедік,
Қол алысалық, кел, – деді.
Ұстап тұрып қолдарын, Сонда Асанқайғы сөйледі:
–Ай, жас бала, жас бала, Танымай тұрмын мен, – деді, Қай баласың сен? – деді.
Сонда Телағыс сөйледі:
–Жөнімді менің сұрасаң, Мен Қырымды ноғайлы. Әкемнің аты – Жаңбыршы, Өзімнің атым – Телағыс.
Мекендеп жатқан жеріміз Боғданың еді жағасы. Жаңбыршыдай батырдың Мен едім жалғыз баласы. Мұсадан туған отыз ұл Көзін маған салғаны.
Басымды менің алуға Қиындық басқа салуға, Бөліп алып бар малды, Ақжелектей аруды
Алады-ау деп ойлайды. Сылтау қылып сіздерге Сосын көшіп мен келдім. Боғданы талақ еткенім, Осы жерге жеткенім. Асанқайғы қартымыз,
Қырымның қырық батырын
Жинап маған бер, – деді. Егер жинап бермесең, Жалғыз да болса барамын
Сол ноғайға мен, – деді.
Үш күн мұрсат алып, Қырымның қырық батырын жинап берді. Ішіне Сыпыра қартты Асан қайғы қосып жіберді. – Осы барған қырық батырмен ол отызын соғыстырма, қырылыстырма, – деді.
Сол кісінің ішінде Айсаның ұлы Ахмет, Асанның ұлы ер Абат Аламанның басы екен. Жүрген екен ішінде Тоғай батыр ол қабат.
Сонда Телағыс: – Сендер артымнан келе беріңдер, мен өзім алдымен барайын, – деді. Қара өткелдің арғы бетінде бір адам қара жамылғыш жамылып кетіп бара жатыр екен, сонда Телағыс “тұр” деп ақырды, айнала тұра қалды. Сонда Ақбілек сөйледі:
– Артық туған ханымыз, Асыл туған жанымыз, Бір тілегім тілеймін,
Қарасай мен Қазидың
Бір қасық қанын бер, – деді. Артыңа өзім мінейін,
Күңің болып жүрейін, – деді.
Күннің алды батқанда, кісінің алды жатқанда, Ақбілек сұлу қара жамылып, қара өткелдің аузында жүр екен. Сонда жаңағы сөзді Ақбілек Телағысқа айтады. Сонан соң “енді кегім қайтты” деп, Телағыс қырық батырға келіп, еліне қайтады.
Сонда Мұсаның отыз баласы, Қарасай, Қази, Мамай барлығы жүре бастады.
Сонда Қазидайын батырың Ашуланып тұлданды.
Беренге батыр сыймады, Жалаң найза қолына ап, Алдыменен жөнеді.
Сонда қырық батыр жауды көрген соң, ұрысуға тұра қалды, жирен қасқа тұлпармен жасы жеткен Сыпыра: – Мен барайын, – деп, Мұсаның отыз
баласына қарай жүрді. Сонда Мамайдың алдына келіп тұрып, сөйлей бастады:
– Асылы туған хан Мамай,
Ноғайлының ханы едің, Ақылың кемел жан едің. Қарасай мен Ер Қази, Орақтан қалған бала едің.
Мен талайды көрген бабаңмын, Айтарға келдім сөзімді.
Анау тұрған қырық батыр – Ол қырымның баласы.
Әрқайсысын сұрасаң, Мың кісілік, қарашы!
Бұл кісінің ішінде Асанның ұлы Абат бар,
Маңдайы жаудан қайтпаған Асылы батыр Тоған бар, Көкшенің ұлы Қосай бар, Және ерді айтайын
Қарғабойлы, Қазтуған, Жеті атадан ерлігі Алау батыр және бар. Шынтасұлы Төрехан,
Ақжонасұлы Ер Кеңес, Бір-бірінен кем емес. Үйінде келмей қалулы Нәріктің ұлы Шора бар. Меніңменен ере бар,
Өз көзіңмен көре бар. Маңдайының арасы Екі қарыс сере бар.
Ту сыртынан қарасаң, Бекіре балық сазандай.
Қарсы алдынан қарасаң, Басы бақыр қазандай.
Қайтадан қырық батырға келеді, келіп Сыпыра тағы сөйлей бастады:
– Асанның ұлы Ер Абат, Қасындағы ер Тоған, Тұрыңыз ерлер сен қабат. Көріп келдім мен, – деді, Қарасай, Қази ер, – деді.
Қази ердің қарасаң, Бұзылып тұр реңі, Қайтар емес жүрегі.
Қайнарлы қара бұлттай Қайтпас қайсар неме екен. Өз дегені болмаса,
Кісі дегенін қылмайтын
Шынжырлы артық ер екен. Жалаң аяқ, жалаң бас
Ақ найзасы қолында, Жайдақ аттың үстінде Қази артық ер екен.
Қорқар емес өлімнен,
Қалың беріп, қыз алған Ноғайда үлгі қашаннан. Малды сендер беріңіз, Ұрыспаңыз, ерлерім, Сөзіме менің еріңіз.
Сонда Сыпыра қарт Мамайға келді, Мамайға сөйлей бастады:
– Асыл туған ерлерім,
Шынжыры мықты беглерім, Келдім сізге мен, – деді.
Қатар еді Телағыс, Қарындасың Ақбілек
Сол батырға бер, – деді. Қайсысынан батырдың Ол Телағыс кем еді? Ұрыспаңыз, ерлерім, Ашуыңды басыңыз, Еліне барып батырдың,
Қалыңмал алып қайтыңыз. Қыз алып, қыз беру – Қашаннан-ақ дәрбіміз .
Тілімді алсаң, балалар,
Менімен еріп барыңыз.
Асанның ұлы Абат сонда Сыпыраға сөйледі:
– Жасы үлкен қартымыз, Азды-көпті демеңіз,
Алам десе сол малдың
Жайын оған айтыңыз.
Сонда Қази сөйлей бастады:
– Бұрын туған данасың,
Білесің халықтың шамасын. Ықтиярсыз тартып алар ма Мұсаханның баласын?
Орақтан тудым мен, – деді,
Тоқалдыққа қыз беріп,
Емес пе қорлық көрмеген, Неміз қалсын, баба, өлмеген, Ойлашы, баба, сен деген.
Сонда сөйлейді Сыпыра:
– Жақсы туған баламыз, Орақтан қалған тұяғым, Екеуің де асылсың.
Асылы артық шырағым, Артық туған ер, – деді.
Егер тілек сен берсең, Меніменен еріп жүр, – деді. Телағыстай батырды
Бар да өзің көр, – деді, Болалы құда кел, – деді. Сонда Қази сөйледі:
– Жасың үлкен бабасың, Жақсы менен жаманның Білесің өзің шамасын, Ақылың көп данасың.
Тоқсан баулы ноғайда Ықтиярсыз қыз алған Бар ма еді ноғай баласы?
Бұрын-соңды онда болмаса, Орынсыз сөзді айтқаның, Өзің байқа, қара да.
Сонда Сыпыра сөйледі:
– Орақ пенен Мамай бар, Жан білмейтін бір талай Толып жатқан ноғай бар.
Ноғайлы деген ел, – деді, Толып жатқан ноғайды Аралаппын ба мен, – деді. Ақылы көп жас бала,
Жасы үлкен аға бар,
Ақылы көп дана бар,
Сексенге келген Мамай бар. Ақылға қамал ұғып ал,
Сен оларға жеткенше, Қази бала талай бар.
Бұл жиынның ішінде Смайыл – Тобаяқ, Қалу менен Сары бар. Мұсадан туған отыз ұл
Орақтан басқаның бәрі бар. Тақылдама, жас бала,
Ағаларыңа ақыл сал, Соларға таман өзің бар. Сонда Мамай сөйлейді:
– Ноғай деген ел, – деді,
Қыз алып, қыз беру – Атаның жолы сол, – деді, Бұрыннан келген жол, – деді. Жасың үлкен данасың,
Біздер бердік билікті. Екі жанның байқасаң, Өзің шешші арасын.
Сыпыра сонда сөйледі:
– Берсең билік біздерге, Барайын мен ерлерге,
Ерлердің тұрған жерлерге.
Сыпыра қырық батырға келіп сөз сөйлей бастады:
– Абат, бері кел, – деді, Тоған да батыр, ер, – деді. Қарғабойлы, Қазтуған Сендер де бері кел, – деді. Жаңбыршыұлы Телағыс, Ерлерімнің басы едің,
Өшіккен жауға қас едің, Сен де бері кел деген.
Шақырып алып ерлерді,
Ортада тұрып Сыпыра, Сонда тұрып сөйледі:
– Асылы туған ерлерім, Артық туған беглерім, Өшіккен жауды қорлаған, Әруақ қонып торлаған,
Табыңнан ерлерім,
Байқап келіп отырсам, Әрқайсыңыз батырсыз Мың кісіге болмаған.
Шерқұртының елінде Мамай деген хан еді, Ақылға кәмал дана еді. Ортасында байқасам, Қарасай, Қази бар еді, Смайыл мен Тобаяқ, Қалу менен Сары еді. Мамайдайын ханыңыз Билікті маған ол берді. Татуластыр ноғайды,
Арасында бол, – деді. Соған келдім, ерлерім, Неғыл дейсің сен, – деді. Ірмеліп ноғай тұрғанда, Қазтуған батыр сөйлейді:
– Ноғайлының ерлері,
Жақындап келің сен, – деді. Жасы үлкен қартыңа
Билікті бәрің бер, – деді, Айтқанына көн, – деді.
Телағыс сонда сөйледі:
– Бұл кісінің ішінде Асанның ұлы Ер Абат, Біріңе-бірің қат-қабат. Көп ноғайдың баласы, Жасы үлкен данасы, Жел жағында панасы,
Жиналып келген жамағат, Ендігісін өзің біл.
Сыпыраға Абат еріп, Мамайдың тобына келіп сөйлейді: Сонда Абат сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
–Көп ноғайдың елі еді, Шерқұртты мен Қырымды, Бір қыз үшін тартысып, Көрсетпе бүйтіп түріңді.
Асан атам үйде еді, Елің қандай күйде еді.
Сыпыраны бас қып жіберіп, Біздерге атам бүй деді:
–Көп ноғайдың баласы,
Тату болып айырылма. Араға дұспан түсіріп, Бірлігіңді ұшырып,
Бір қыз үшін жауласып, Елдігіңнен айырылма. Мамайға сәлем айтарсың, Іреңін елдің кетірмей, Мамай мұны байқасын, – Деген қарттың сөзі еді, Осылай деген сөзі еді.
Жиылып түгел бас қосып, Телағыстың аулына
Жүрейік енді тез, – деді. Мынау сөзге қиналды, Бұл айтқанға иланды.
Сонда Мамай сөз бастап, Ноғайлының қорғаны Асан ата деген соң,
Ер Абат бастап келген соң,
Қырымнан келген қырық батыр
Бұл Абатқа ерген соң, “Бірлікке тартпай оңбас деп, Енді бармай болмас” деп, Көп әлеумет жиналды.
Сонда бәрі жол тартты, Мамай бастап отызын, Алып келді ерлерге.
Қырымның қырық батырымен Татуласып ерлердің,
Қолдасқан осы жер еді.
Телағыстың еліне Біраз шеру қол болып, Сонда ерлер жөнеді.
Еліне оның барады, Барып тойын қылады. Қалыңмалға сұрасаң, Жүз елу қой береді, Елу жылқы қосады.
Мамайдайын батырға Берендікпен белдіктеп,
Шұғаменен терліктеп,
“Ағалығы оның” деп, Астына тұлпар ат берді, Беліне қару зат берді.
Қарасай, Қази ерлерге Басына киер дулыға, Үстіне киер шарайна, Қолына берді ақ сүңгі, Сүйтіп қайтты еліне.
Арасын ашпай ерлердің,
Батырлардың сұрасаң, Біріккен жері осы еді.