Kazakh
Айсаның ұлы Ахмет
Айсаның жасы қырық жасқа келеді. Сонда баласы Ахмет те он бес жасқа келеді. Бір күні ақсақалдар жиналып отырып айтады, солардың біреуі кәрі батыр Алау болады, кеңесінде: – Айсаны бас қылып, өздері осы ноғайдан бөлінелік, басқа бір жерге қоныс тауып алып, көшелік, – деді. Айналасы алты айшылық Еділдің бір шетіне барып қонып отыра береді. Сонда Асанқайғы қарттың да бар кезі еді. Асанқайғы сонда баласын шақырып: – Кешегі ноғайдың артынан бар, қалай, жері жақсы ма екен? – дейді.
– Ай, Абатжан, Абатжан, Қасыңа өзің ертші
Жол білер ағаң Ер Тоған, Баршы, балам, соған да. Қарғабойлы, Қазтуған, Соларды қасыңа ал дағы, Кешегі көшкен ноғайдың Артынан қуып бар, – деді, Қонған жерін көр, – деді.
Айсадайын басшыға Жолығып жауап бер, – деді. Абат пенен Ер Тоған,
Қарғабойлы, Қазтуған, Салған жолы сүрлеудей, Ерлерсің ғой жолың азбаған.
Сонан соң төрт батыр киініп, ат ерттеп жүруге айналды, “төртеуміз де азбаған ерміз, жау көрінсе соғысармыз” деп жүрді.
Астарында ерлердің Жан азбаған тұлпар бар. Қолында бар ақ найзасы, Басына киіп дулыға,
Жайлаған шықты елдерден. Шыққан соң елінен,
Және де өтіп барады
Жазық ойпат жерлерден. Ол Еділді жағалап
Келеді өтіп көлдерден, Және де өтіп барады Қалың тоғай жерлерден. Күні онға толғанда,
Жетер шағы болғанда,
Сонда жеткен секілді Айса тұрған елдерге.
Ауылдың артына келсе, бір бала өтіп барады екен, сол балаға Абаттың айтқаны:
– Әй, бала, бері келші, бері келші, Айсадайын басшыңа хабар берші. Қасында үш те бірдей батыры бар Баласы ол Асанның Абат деші.
Сонда бала Айсаға келіп айтады: – Кешегі біз көшіп кеткен Еділден Асанның ұлы Абат келіп тұр, – деді. Сонда Айса шығып барады. Сонда Абат сөйледі:
– Ассалаумағалейкүм, ай, Асеке, Мен келдім сахаралы Еділден. Содан қуып келгенім,
Сізге сәлем бергенім.
Асан атам жұмсады,
Кешегі кеткен Айсаның Артынан соның бар, – деді, Амандығын біл, – деді, Сонсоң қуып келгенім.
Елі-жұрты аман ба Ахмет пен Ер Алау? Олар да аман ол бар ма?
Ие болмаса олар да,
Кетіп жауға қалды ма?
Қасымдағы ерлерім – Арыстандай Ер Тоған. Және ертіп алғаным – Салған жолы азбаған Қарғабойлы, Қазтуған. Дәулетіне қарасаң,
Жүре-жүре сазданған. Ерлігі мен байлығы
Маңыраған қойдай қоздаған.
Сонсоң Абатты қасындағы ерлерімен алып барып түсіреді. Сонсоң Алау мен Ахмет келеді. Келгеннен соң, сонда оларға қарап амандасып тұрып, Абаттың айтқаны:
– Аманбысың, құрбы-достарым,
Келдім сіздің соңыңнан. Кекшіл арлан тәрізді Алау менен Ахмет.
Сендерді көзім көрген соң, Қуанып жүрек қоштадым. Қасымда бар сұрасаң, Айбаты асқан Ер Тоған, Асқан ерің бұдан болмаған. Ертіп және келгенім
Қарғабойлы, Қазтуған.
Қары аралас жаңбырдай Әруағы ердің бораған.
Асан атам жіберді
“Қайтсын, – деп, – кейін Еділге. Біраз ноғай болалық,
Жиналып кеп отырсақ, Болмай ма, – деді, – Еділде”.
Сонан соң ерлер жиналып отырып, сол сөзді мақұлдады. Сонан соң ерлер отырып қымыз ішіп, мас бола бастады. Сүйтіп отырып, Абат қызып сөз сөйлеп, ерлік салыстырды:
– Атамның атын сұрасаң, Ноғайдан асқан ақылы Асан қайғы дер еді.
Баласының атын сұрасаң, Асып туған Ер Абат.
Қасымда бар Ер Тоған, Ахмет пен Ер Алау, Бұлар да кем бе екен Абат пенен Тоғаннан? Тоғаннан соң сұрасаң, Қарғабойлы, Қазтуған Ахмет пен Ер Алау Бұлардан да кем бе екен?
Қазтуғанның әруағы Жауды көрсе түйіліп, Жауатын бұлттай сыздаған. Ерлігі де Тоғанның
Жауды көрсе қоздаған. Бұрынғы бізден уақытта Жасы толмай өтіпті Нәріктің ұлы Ер Шора. Маңдайының арасы
Екі қарыс сері екен.
Басы бақыр қазандай, Ту сыртынан қарасаң, Жайын менен сазандай. Артып туған ноғайдан Өз тұсында ер екен. Абат пенен Ер Тоған
Бұлардан аз-ақ кем екен, –
деп отырып, жатып қалады. Ахмет бұл сөзге өзінен-өзі арланып жауға кетуге маңдай түзейді.
Ерлер ұйықтап жатқанда Атын сонда ерледі, Батыр Алау кернеді.
Бадана көзді бөрік сауыт Баса үстіне киеді.
Басына киіп дулыға, Және де киіп шарайна, Атына мініп алады.
Үйде жатқан ерлердің Біреуі де көрмеді.
Айса сонда біледі, Баласына келеді. Сонда Ахмет сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Айналайын атамыз,
Сенен тудым мен, – деді. Асанның ұлы Ер Абат, Солардан мен кем бе едім?! Кемітіп сөз айтқаны –
Мылтықпенен атқаны. Жүрегіме найзадай Әр сөзінің батқаны.
Самсаған сары қалмаққа,
Ата, мен де барайын, Барып кегім алайын. Көше берің сендер де,
Аман барып, сау қайтсам, Еділге өзім барармын.
Жақсысына ой салып, Жаманына той салып, Ақыл айтып қарармын. Халқымды өзім ұстауға Тірі болсам жарармын –
дегенде, атасы сөйлей бастады:
– Айналайын, жан балам, Қарадан туған хан балам, Алла жолың оңдасын, Ол дұшпанға бар, балам. Және де сөз айтайын, Сөзіме құлақ сал, балам. Сом темірге балға бар,
Сомсынған ерге Тәңірім бар. Мұңайып сөз айтпашы,
Тарқатар мұңды Құдай бар.
Жалғызым, бата берейін, Жайшы қолың, сен, – деді. Әуелі Алла, екінші
Әулие шайқы қолдасын. Қысылған қиын тар жолда Қолтығынан демесін,
Қасыңда жүріп жебесін.
Сол сөзді айтып болған соң, Ахмет жалғыз өзі елінен шығып жөнеп кетті.
Ақ найзасы қолында, Жұлдызы туып оңына,
Астындағы Құлаша
Арандай аузын ашады, Аяғын топ-топ басады. Ойға келсе орғиды,
Қырға келсе қарамай, Ор қояндай сырғиды. Жерді басып тұрмайды,
Құлаша аттан тер шықты. Табаны қызған ол тұлпар Одан сайын күшейді.
Қолы сусып батырдың
Жалғыз бару ол жауға Оған да қиын іс енді. Қолындағы ақ найза, Жарқылдайды жебесі.
Садақтың бауы сыртылдап, Сарт-сарт етіп соғады Жанындағы ақ берен.
Ендігі сөзді елдегі қалған батырлардан естіңіз.
Түре келді батырлар Шошынғандай боп денесі. Тұрса және Ахмет жоқ,
Белдеудегі ойнаған Ахмет мінер ат та жоқ, Қару-жарақ зат та жоқ. Ерлер сонда кеңесті, Кеңескенде не десті:
– Ай, Ер Абат, Ер Абат, Ерлік айтып сөз сөйледің, Ахмет пен Алауды
Біздерден де кем дедің. Алау қалып, Ахмет
Кетті қалмақ еліне,
Қалмақтың мекен жеріне, Қайтеміз енді біз десті.
Сонда Абат Алауға Келіп бір сөз сөйледі:
– Ай, Ер Алау, Ер Алау, Түсіп бізге бір талау, Айсаның ұлы Ахмет Кеткенге ұсайды қалмаққа. Ашуланып, арланып,
Қалмақтан кекті алмаққа. Кешегі бір айтқан сөз үшін Ашуланған, арланған, Ерлікті соған қолданған. –
деп ерлер Алауға айтты. Сонан кейін Алау оларға: – Біз де соның артынан қуып барайық. Айсекемді бас қылып, елді Еділге көшірелік те кетелік, – деді.
Айсаға келіп ер Алау Сонда тұрып сөйледі:
– Ахмет кеткен көрінеді, Біз де артынан кетелік, Барып қайрат етелік.
Көшіріп елді Еділге,
Ағайынның қасында Отыралық Еділде.
Сол сөзді айтып болған соң, Ерлер қару асынып,
Аттарына мініп ап,
Артынан қуып жалғыздың Сонда ерлер жөнеді.
Алау менен Ер Абат,
Және де асқан Ер Тоған, Қарғабойлы, Қазтуған
Қаһарланып олар ұмтылса, Қары аралас жаңбыр бораған.
Сонан кейін ел көшіп Еділге барады. Еділге барып Асанқайғының қастарына қонады, сонда Асанқайғы: – Балалар қайда? – деп сұрайды. Сонда Айса ерлердің ерегісіп жауға кеткенін айтады.
Ендігі хабар ерлерден болады:
Бірнеше айлар өткенде, Сонда жеткен секілді Ахметтің артынан
Аттары болып қара тер, Құйысқаны шартылдап, Ақ найзасы жарқылдап, Ауыздығымен қаршылдап. Соғыспаған Ахмет,
Тұр екен әлі кідіріп. Қасына жетіп келеді, Абат мерген Ахметке
Сонда сөйлей бастады: – Ай, Ахмет, Ахмет, Аманбысың-саумысың, Сау-саламат бармысың? Ашуланып бір сөзге,
Кеткен қызыл жармысың, Көңілі тар шермісің?
Досқа досы сөз айтпай, Ойын-сауық бола ма? Ойын-сауық құртылып, Отырғанмен оңа ма? Ашуланба, қаттанба, Буырқанба, бұрсанба, Мұздай темір құрсанба, Еділге қарай көшті ел. Аман болсақ барармыз, Медет берсе бір Алла.
Қалмақты шауып алармыз, Еліне бүлік салармыз.
Сол сөзді айтып болды да,
Арыстандай бесеуі
“Қалмақтың елі қайда?” деп, Сонда жортып жөнелді.
Жоғары ұстай найзасын, Найза ұшында туы бар. Өтті талай белдерден,
Қарағайлы батпақ жерлерден,
Айдынды шалқар көлдерден, Көлгірсіген құба дөңдерден, Биік өтті таулардан.
Сар желумен келеді
Жақын биік таулардан. Ор қояндай орғытып, Одан да өтіп жөнеді.
Қолдарында ақ найза, Ен далада бес бөрі
Бөкең-бөкең желеді,
Әлі де жетпей келеді. Таудан асқан мезгілде, Алдарынан олардың Кемпір болып аяулы Ерлерге жақын келеді. Сонда ол кемпірге Абат тұрып сөйледі:
– Ай, шешеке, шешеке, Мұнша неге қаңғыдың, Бала-шағаң жоқ болып,
Көңілің жыртық болды ма? Айналаңда ел бар ма,
Мекендеген елді жер бар ма? Түзден арып келеміз,
Ат суарар көл бар ма?
Шыныңды айтшы, шешеке? – Деп бір Абат сұрады.
Сонда кемпір сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Ақылыңа қарасам,
Патшадай толғаған
Ақылды туған данасың. “Шешеке” деп сөз сөйлеп, Көңілдің кірін аласың, Сөзіме құлақ саласың.
Тұқымыңды сұрайын, Қай халықтан боласың? Жүрген жолың сұрайын, Өзің қайда барасың?
Айбатыңа қарасам,
Жолбарыстай қалыпты, Қатқан қабақ кірпікті, Түн ұйқысын көріпті,
Қатты жолға жүрдің бе? Сонда Алау сөйледі:
– Әй, шешеке, шешеке, Тұқымымыз ноғайлы. Қалмақтан кекті алуға, Сол қалмаққа баруға, Еліне ойын салуға,
Олжалап елін алуға, Ұлын отын етуге,
Қызын қатын етуге Біз барамыз, шешеке.
Жолымыз жүрген солай-ды. Сонсоң кемпір жөнелді Өзінің кеткен жөніне.
Бір төбеден ол асып, Көрінбеді ерлердің Байқап тұрса көзіне.
Сонда Ахмет сөйледі:
– Ай, ерлерсің, ерлерсің, Жаңағы тұрған кемпірдің Байқап сырын көрдің бе? Сол бір жансыз болған-ды. Батыр аңқау, ер көдек, Дүние болмас дөңгелек.
Алдағанға нандық қой, Өлтірмей соны қалдық қой. Сырымызды біздің алған-ды,
Өлтірелік біз, – деді,
Кім шабады, жел?! – деді. Жарап жүрген аттарды
Қамшыменен бір салып, Артынан қуып жөнеді. Ахметтің мінген Құлаша Барлығының алдына Үдеп шығып кетеді.
Артында оның келеді Алаудайын еріңіз
Ақтанау мінген атымен. Онан соң шығып келеді Шапқан қатты Ер Абат. Артынан оның келеді Қарғабойлы, Қазтуған, Батыр туған Ер Тоған. Үшеуі қалған артында Келеді сонда қат-қабат. Сонда кемпір көрінді, Артына сонда қарады.
Астындағы Құламен Кемпірге жақын барады. Кемпір де мұны көреді, Екі аяққа жалынып, Кемпір сорлы жүгірді, Жаман қатты сыдырды. Ахмет мінген Құлаша
Жете алмай оған желеді, Қалаға да жақын келеді. Ахметтей еріңіз
Құлаға қамшы басады. Бабасына және сиынып, Мыстан жансыз қасына Сонда бір жетіп барады. Ақ найзасы қолында
Сонда түйіп өтеді,
Желкеден найза кіреді. Мысықтай боп мырысып, Сонда кемпір қарады, Қарады да құлады.
Артында оның Ер Алау, Асанның ұлы Ер Абат, Қарғабойлы, Қазтуған, Батыр туған Ер Тоған Ерлігіне Ахметтің Сүйініп олар келеді. Кемпір әлі өлмеген, Қаны ытқып аузынан, Отыр жылап бақырып. Батыр туған Ер Тоған
Найзамен тағы түйеді, Кемпірдің бітті сүрегі. Кеудеден жаны кеткен соң, Қара жер болды тіреуі. Ахмет кетіп барады,
Атқа қамшы салады, Суырып қамшы алады. Ақ семсері жарқылдап, Қалмақ тұрған қалаға Сонда жақын барады.
390 Қалмақтың тиді шетінен, Албырттанып қызарған Қайратын оның көреді. Ахметтің бетінен
Қалмақ сонда қашады, Қатты жаман сасады.
Ханына жылап көп қалмақ Сонда жетіп барады.
Жетіп барып шулады, Кейбіреуі шулап тұрғанда,
Біреуі ханға сөйледі:
– Ай, ханымыз, ханымыз, Кеудедегі жанымыз,
Ол қалаңның шетінен Тиді келіп бір жаһи. Келбетіне қарасаң,
Қызарады, бөртеді.
Қатын мен бала шулатып, Қаланың шетін өртеді.
Ар жағынан қарасаң,
Және шықты төртеуі. Аюдайын ақырып
Біздерге айқай салады. Бірдеңені шақырып, Олар да келіп тиген – Болды бесеу барлығы. Қалаңа ойын салулы, Қатын-бала, ел шулап,
Шыға алмай о да қалулы. Ескерттім мен саған,
Ендігісін өзің біл. Әйтеуір, бір бесеу келулі, Келгеннен соң ол бесеу, Қалың дуыл көбейді. Өлтіреді бас салып,
Қырылды халық демейді. Сонда тұрып ханыңыз Халқына сөз сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Ұлы, кіші, жамағат,
Қорықпаңдар азамат, Өзім оған барайын, Кім де болса ол итті
Айдап жолға салайын. Өлген-жіткен кектерін Өзім барып алайын.
Қолға найза алайын, Сол кәуірге барайын.
Қызығын оның көріңдер, Итке етін салайын.
Сонда тағы да тұрып: – Менің қасыма екі жүз кісі еріңдер, – деді. Бір адамды өзінің күйеуіне жіберді: – Сен барып хабар бер, – деді. Сонан соң өзі ерлердің тұрған жеріне қарай келеді.
Ақ найзасы жарқылдап, Қалмақ мінген кер еді. Ол қалмақтың артына Екі жүз кісі ереді. Ойнай басып кер атпен, Ақ семсері жарқылдап, Ерлерге жетіп келеді.
Қарсы келіп ерлер қалады,
“Жекпе-жек” деп сол қалмақ Ерлерге айқай салады.
Айқай сонда шыққан соң, Ахмет сонда жөнелді. Екпіндеп шауып келеді, Қарсы келіп тұрады,
Аты-жөнін сұрайды. Сонда қалмақ сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Қайдан келген жан едің? Сөзіме құлақ сал, – деді.
Мен қалмақтың елімін,
Ішіндегі ханы, ерімін. Сұрасаң, атым – Қайыспас, Адам жейтін бөрімін. Қаңғыртып келіп сен өзің, Шығасың қайдан төріме. Есігімде болады
Басқа жанның ері де. Өзің қайбір халықсың? Аты-жөнің айтшы,
Өлместен бұрын сен? – деді.
Сонда Ахмет сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Ай, ит қалмақ, ит қалмақ, Болмассың маған ағайын. Алысқан соң өлерің,
Болады сенің тағайын. Батыр туған ер болсаң, Жекпе-жекке кел, – деді, Қайратымды көр, – деді. Бабаң келген қасыңа,
Оны анықтап біл, – деді. Ауыр мықты қолыңды Арыстандай ақырған
Қасымдағы ерлерім
Қылады оны ұн, – деді. Көткеншектеп екеуі Қарсы қарап шабысты. Ақ найзасы айқасып, Аюдайын ақырып, Жолбарыстай алысты.
Қалмақтың жүр ерлері Өздерінше олар да
Бабасына сиынып. Сол уақыт болғанда Ұшы болат найзасын
Екпінмен Ахмет түйреді, “Ажал оқтың тұсы деп, Өлерің сенің осы” деп, Сонда найза енеді.
Екпінімен түйген соң,
Қайыспастай хандарың Ат сауырына жөнеді. Қолынан түсіп найзасы, Жерге құлап өледі.
Қашты қалмақ сол кезде, Асығып тұрған ерлерің Қалмаққа сонда тиеді.
Талайы аттан құлады, Жаны шығып сұлады. Талайы аттың босады.
Сол мезгіл болғанда, Бес жүз кісі ертіп,
Серке батыр бас болып, Ноғайменен қас болып, Елінің келді шетіне.
Бес жүз ері қасында,
Кідірсін қалмақ несіне? Жолбарыстай бес батыр Бұларды сонда көреді.
Бес жағынан бесеуі
Оларға сонда тиеді. Араласып жүргенде, Қазтуғандай ерлерге Серке батыр болды кез. Қазтуған сонда қарады, Найзасын қолға алады. – Ата жауым сен едің,
Келсең, жеке кел, – деді. Қазтуған батыр сол кезде Найзасымен Серкені
Сонда тұрып түйреді. Серке де аттан құлады, Ұзынынан түсіп сұлады. Ол Серкені көргенде, Қалмақ талай жылады. Серкенің мінген қарасы
Қалмақтарды қақ жарып, Сонда өтіп кетеді.
Үстіндегі иесі өлген соң, Кетпей ол ат нетеді?!
Айқай салып батырлар Сонда жауға тиеді, Найзаменен түйеді.
Бес ерлердің ішінде Алау менен Ер Абат, Айсаның ұлы Ахмет Жау ішінде жайнайды. Қарсы келген қалмақты Найзамен жайлайды.
Ерлігіне қарасаң,
Қайыспай шабар аюдай. Қайратына қарасаң, Жолбарыс пен піліңдей Ерліктері білінді.
Онан соң ерлік істеген Артып туған Ер Тоған. Қалмақтың алған аюын Қарғабойлы, Қазтуған. Сол бес батыр қосылып,
Қалмақтың жойды қаласын.
Шулатып қатын-баласын, Көндірді елін дініне. Қорыққаннан ол қалмақ Бірнеше мың мал мен бас Алдына түсіп жүгірді.
Табандарын тас тіліп, Жалаң аяқ сыдырды. Арада неше күн жүріп, Ақ Еділдің бойына Сонда жеткен секілді.
Елден кеткен бес батыр Ата-анамен қосылып, Отырыпты Еділде.
Әуелі алған малдарын Ноғайлының аш-арығы, Жетім менен жесірге Сонда бөліп беріпті.
Жарлысы байға теңеліп, Ақ Еділдің бойында Асанқайғы, Айсаның
Елдері дәурен сүріпті.