Алау батыр

Айсаның інісінің баласы – Алау. Сол Есен, Сүйін деген қалмаққа аттанады. Олар Уағаш, Даяс қасында отырған ел екен. Сонда Айсаның Алауға айтқаны: – Жетіде қалдың әкеңнен, Ересек болып сен жеттің. Асыраған ағаңнан Енді кетіп барасың. Біздей туған ағаңнан Ерлігіңді бұрын етпедің, Ағаңмен бірге кетпедің. Шырағым деп атағың...

Kazakh
Алау батыр
Айсаның інісінің баласы – Алау. Сол Есен, Сүйін деген қалмаққа аттанады. Олар Уағаш, Даяс қасында отырған ел екен. Сонда Айсаның Алауға айтқаны: – Жетіде қалдың әкеңнен, Ересек болып сен жеттің. Асыраған ағаңнан Енді кетіп барасың. Біздей туған ағаңнан Ерлігіңді бұрын етпедің, Ағаңмен бірге кетпедің. Шырағым деп атағың Қалдың бөлек сен, – деді. Ахметің де жоқ еді Қатардан, сірә, кемдігі. Бірге жүрсең ағаңмен, Көрер едің жақсы мен жаманды. Кетемін деп ойладың Бір үлкен жауға жалғыз бас. Жалғыз кетсең дарасың, Атқа бір мінсең келмейсің. Қалмақ деген жаман ел, Жалғыз қалмаң қапыда. Дұшпанның білмек керек шамасын. Мінген атың сұр еді, Неше жылдай байлауда Бағыңда шарбақ тұр еді. Сауытсыз кидің шарайна, Жебені қолға алмадың. Будың алмас беліңнен, Жалғыз кеттің еліңнен. Найза менен жебең жоқ, Өзің де жас баласың. Он жасыңа келгенде, Жалғыз қайда барасың? Тірі келсе Ахмет, Қатарына ер, – деді. Дұшпанға еткен айласын Ахметжанның көр, – деді. Тілімді алсаң, сен, – деді, Айтып болдым мен, – деді. Барамын деген бұл жауың Жүдә бір мықты ел, – деді. Бұрын ноғай көп барып, Ала алмай жүрген елі еді, Бекіп қалған жер еді. Тілімді алсаң, Алаужан, Қызылбасқа бар сен, – деді. Қызылбас емес қалмақтай, Босаңырақ ел, – деді, Және жақын жер, – деді. Қызылбасқа сен барсаң, Екі айда балам жетесің. Есен, Сүйін қалмаққа Төрт айда талып жетесің. Есен, Сүйін қалмақты Іздейтін болсаң, сен балам, Шаттың бойын жағала. Темір деген бір жер бар Ол Шаттың жатқан бойында, Жемнің түстік бетінде, Ол бір биік Төрткілде. Төрткілден өтсең құм болар, Құмның арғы жағасы Асу дария бұл болар, Ол ағып жатқан Сыр болар. Арғы жағын араласаң, Ұзыннан жатқан ну болар, Елсіз жері бу болар. Жаздың күні көлеңке, Қысты күні ық болар, Байтақ жатқан жер, – деді. Құр көргендей жалпаңдап Шаба берме сен, – деді. Ерлік деген бір болар, Айла деген оң болар, Айласыз ер сор болар. Сонда Алау сөйледі: – Ақылы қәміл дана едің, Халық билеген хан едің, Талайды көрген жан едің. Он жасымда ат мініп, Жетейін деп әр жолға Сапар шығып түзелдім, Барайын деп тар жолға. Жері қиғаш құм дедің, Жүдә алыс бұл дедің. Барайын деп кезендім Есен, Сүйін қалмақтың Мекен қылған жеріне. Мен тәуекел етермін, Атқа мінсем кетермін, Тапсырып Аққа қалысты. Мінгесін атқа кезеніп, Енді бармай не етемін?! Алау дейін ер еді, Атқа мініп алғасын, Іркілсін бе батырың Қорамса жоқ белінде, Ақ сүңгі жоқ қолында, Алты құлаш алмасты Беліне тартып буады. Алмасты бекітіп алады, Сонан басқа қару жоқ, Батыр да кетіп барады. “Жауды көзім көрер деп, Қолына алған қаруды Жаудың өзі-ақ берер” деп, Сауыты жоқ шарайна, Басында бар да қалқаны, Дулыға жоқ басында, Жолдасы жоқ қасында, Күні-түні жол жүрді. Шаттың бойын жағалап, Шаршамай батыр сол жүрді. Төрткілдің келіп ол шықты Алау батыр басына. “Көрінер, – деп, – барғасын”, Білуге жердің шамасын. Көрінетін қара жоқ, Хабарлар жан және жоқ. Алда жатқан құм болды, Түстік жағы шаң болды. Құмнан арман бұл өтсе, Шалқыған айдын көл болды. Көлден әрі өткесін, Ағып жатқан қара су болды. Ол қара суды байқаса, Амудария деген бұл болды. Дарияны кетті жағалап, Алла болды паналап, Қисапсыз көп бұл жүрді. Алау артық ер еді, Ну ағашты аралап, Солай қарап ер кетті, Арасында жиырма, отыз күн өтті. Күні бір жүзге толады, Сонда үш ай он күн болады. Сонда көрді бір елдің Жайылып жатқан қарасын. Кім екенін білмеді, Мал шетіне жақындап, Келді батыр, япыр-ай. Айтқан сөзге түсінбеді Малшыларға былдырлаған кәпір-ай. Сөйтіп көрді қалмақтың Мал бағып жүрген баласын. Жайылып жатқан қойы көп, Сиыр мен бар-ды түйесі. Жылқысы жоқ ел екен, Дәулетінің ең азы Жылқы әбден кем екен. Сонда бір шал жүр екен Мал баққанның ішінде. Талайды көрген шал екен, Көпті көрген жан екен. Жетіп келіп қасына: –Кімсің? – деп Алау сұрады. Сонда шалың сөйледі: –Біз бір байтақ ел, – деді, Қалмақ деген біз емес, Жақсылап көрші сен, – деді. Есен, Сүйін ханымыз, Сондай мықты жанымыз. Жас күнімде көп қаңғып, Қаріп болдым мен, – деді. Көздің нұры танулы, Кәрілік те жетіп қалулы. Көзім жетіп танысам, Ноғай ма деп тұрмын мен сізді. Сонда Алау сөйледі: – Мекенімді сұрасаң, Ащыбас – Шаттың бойы еді. Өз елімді сұрасаң, Ноғайлы деген ел, – деді. Іздегенім сұрасаң, Есен, Сүйін қалмақтың Мекен еткен жері еді. Уағаш деген дарияда Сол қалмақтар бар еді. Енді маған айтыңыз, Бұл не деген жер еді? Сонда қартың сөйледі: – Ай, жас бала, жас бала, Жылқыдан міндің сұр, – деді. Енді айтайын қалмақтың Асылын саған мен, – деді. Қатыным мен балам жоқ, Аға менен іні жоқ, Ешбір дәулет қарам жоқ. Тоқсанға жасым мен жеттім, Хабарларға шарам жоқ. Аяйын ба қалмақтың Айтайын бәрін мен, – деді, Сабыр қыл, бала, сен, – деді. Есен, Сүйін қалмақта Қалап қойған кесек бар. Ол сыртында қорған жоқ, Жинаған қала ел, – деді. Сенімен емес тең, – деді, Қалмақ ноғаймен емес ел, – деді. Қапы қалып, жас бала, Орылма көктей сен, – деді. Ол қисапсыз жатқан ел, – деді, Мұнда жоқ әскер қол, – деді, Биһүдә жатқан ел деді. Мынау жақсы-жаман айтты деп, Оны тәуір көріп сыйлама, Қара бауыр қалмағың. Сыйлайын десең, тістелер Сонда сенің бармағың. Далаға шауып атыңды Жөнсіз жерге қинама, Тапсырдым Аққа мен, – деді, Жүре бер, балам, сен, – деді. Алау дейін жас бала Кідіріп сонда тұрады, Атының басын бұрады. Қайта айналып жол келіп, “Не керегің бар, пақыр?” деп, Шалдан келіп сұрады. Сонда шалың жылайды, Жылып сонда жырлайды: – Асыл туған қарағым, Ашылмайды-ау аяғым. Қысқарып менің адымым, Жүруге жоқ дәрменім. Жайылған қойға ере алмай, Қой артында қалғаным. Астымда мінер ат болса, Бармас па едім қалаға, Жүрмес пе едім далаға, Жүре бер, балам, сен, – деді. Баратын жердің арасы Осы жерден тап бір күндік жер, – деді. Есен, Сүйін ханымыз Тұрған жері сол еді. Қорғаны жоқ бос дала, Шеткерілеу тұрғанда Сырты қылаң ақ қала. Үстіне барып сен қалсаң, Хан да болса таң қалар. Айтып болдым мен, – деді, Көп кешікпе, сен, – деді. Сонда Алау батыр сөйледі: – Анау тұрған көлденең Биік құмның басында Үш күнге дейін тұр, – деді. Алау батыр жөнелді, Тебініп атқа желеді. Ызғытып Есен, Сүйін хандардың Ордасына келеді. Қаланың көрді қарасын, Мың кісіге бас болып Есен дейін ханыңыз Қызылбасқа кетіпті. Алау мініп сұр атқа, “Жеткізгей, – деп, – Алла мұратқа”, Ор қояндай ұйытқып, Ақ бөкендей жортады. Алдынан шығып он кісі Алауға қарсы келеді. Мінген аты қара еді, Қару-жарақ түп-түгел Онында да бар еді, Алауды қамап қалады. – Бір-бір байтақ ел, – деді, Қайдан жүрген адамсың? Қамап тұрған он кісі “Кімсің?” деп сонда сұрады , Ұрыспай батыр тұрады. Сонда қалмақ сөйледі: – Уағаштың елі дария Мекен қылған жер еді, Қалмақ деген байтақ ел еді . Есен, Сүйін ханымыз, Ешкіммен жоқ-ты бәсіміз. Мың кісі әскер бұл кетті Қызылбастың еліне. Тағы да әскер қол алып, Ноғайлының еліне, Жүреміз деген ойымыз бар Үшқиянның байтақ жеріне. Жарқыным, өзің баласың, Жолдасың жоқ дарасың, Сор маңдай, қайда барасың? Сонда Алау сөйледі: – Атаңа нәлет сұм қалмақ, Сен қалмақ деген ел ме едің? Мен ноғай деген ел едім, Ноғайдан шыққан ер едім. Ындыс пенен қалмақты Көрсем алам деп едім. Шулатуға қатын-баласын, Көрейін деп шамасын. Әскерің қайда, ел? – деді, Ер болсаң, енді, кел, – деді. Сонда тұрып Ер Алау Жанға қолды салады. Балдағы алтын беренді Суырып қолға алады. Тұс-тұсынан қалмақтар Қылыштарын сыбады. Ол өтсін бе қалқаннан, Алау да қарап тұрмады, Қылышын сонда сермеді, Тарылтты жаудың тынысын. Он кісі тұрған қалмақтың Тоғызы қалды жығылып, Тізесі жаман бүгіліп. Тұра алмады далада, Бәрі қашты қалаға. Алау сонда қуады, Қалмақ қалды бәлеге. Келді қуып батыр-ай, Айқай дүбір шыққасын, Үйден шықты хандары, Жылап қашты баллары. Атын мініп ханыңыз, Сауыт саба кие алмай, Әскер қолын жия алмай, “Енді қалай етем деп, Жалпылдап қайда кетем” деп, Шығып алып хан шапты, Ақылды сонда бұл тапты. Алауға қарсы хан келді, Келе сонда сөйледі: – Жылқыдан міндің сұр, – деді, Бала, сабыр ете тұр, Білмеймісің шамаңды, Танырсың енді бабаңды. Азғана сабыр етіңіз, Керек болса жаныңыз. Кетер енді сыныңыз, Қалады жерде басыңыз, Қысқарады жасыңыз. Басыңды алмай қоймайды, Жарағым қанға тоймайды. Шыдамады батыр да, Бұл да сөйлей бастады: – Білемін, қалмақ, өзіңді, Тыңда менің сөзімді. Жіберген он кісің іздесең, Әрқайсы әр жерде, Өлімтігін қараңыз. Жалғыз келдің жалпылдап, Екі аяғың салпылдап. Атқа жайдақ мінгенің, Енді біл, сорлы, өлгенің. Алау дейін ер еді, Іркілмейтін ол еді. Алмасты қолға алады, Сүйінді сонда салады. Басы үзіліп түседі, Домалап жерде қалады. Қалмаққа салды ойынды, Ете берді тойыңды. Жері жазық ен дала, Жарағы қанға тоймады, Қашқандарды қоймады, Өлтіріп жерге салады. Қызылбасқа кеткен мың кісі Ол да хабарланып қалады. Сол хабарды тапқасын, Жесір алып қайтқасын, Көңілі өскен бұл қалмақ Бес жүз кісі әскермен Еліне қарай шабады. Қатын-бала бұл шошып, “Ноғай ит келіп қалар деп, – Елге әлек салар” деп, Бара берің, сіз, – деді, Кейін барамыз біз, – деді. Елді жинап алады, Есен шабуылды салады. Бес жүз кісі әскермен Қалың шаңды көргесін, Алдынан шығып Ер Алау Соған қарсы барады. Сонда Есен сөйледі: – Ноғай деген сен бе едің? Сүйіндей басыңды алармын, Кесіп жерге салармын. Бір мың кісі қолым бар, Сен секілді ноғайды Алатұғын ойым бар, Саған етер тойым бар. Сүйіндей басыңды алмасам, Кесіп жерге салмасам, Бірге туып не етейін, Ер белгісін етейін. – Қызылбастың қолдарын, Талқандап неше ерлерін, Сындырып неше белдерін, Енді іздеп баруға Келе жатыр едім ноғайды Мекен еткен жеріне. Ер болсаң артық тұр, – деді, Атыңның басын бұр, – деді. Жалтақтама, сен, – деді, Басыңды алам мен, – деді. Осылай деп Есенің Алау ерге сөйледі. Сонда Алау сөйледі, Сөйлегенде не деді: – Қолыңнан келсе аяма, Шамаң келсе, сен, – деді. Менің атым – Ер Алау, Салармын саған мен талау. Сонда Алау ер еді, Астына мінген сұр еді. Бес жүз кісі әскермен Сонда Есен жапырды, “Қаптаңыз!” деп шақырды. Сонда екеуі ұрысты, Ұрысып қатты соғысты. Батырың сонда ақырды, “Алла” деп ұран шақырды. “Соғыспай қалай қалам” деп, Тәуекел етіп іс қылып, Қалмаққа салды ойынды, Көрсетті сонда тойыңды. Қызыл қанға толады Қалмақтың талай қойыны. Ішінде мықты жан қалды. “Менің кегім кетер” деп, Есен дейін хан қалды. Қарсы шауып хандары, Қарсыласып бұл қалды. Екі бірдей жандары, Есен дейін ханыңыз Ол да алмасты сермеді. Батыр да қарап тұрмады, Жағаласып қалады. Басында бар-ды дулыға, Онан алмас өтпеді, Етіне ешбір жетпеді. Суырды алмас белінен, Дулығаны қайырып, Маңдайын сонда ашады. Астындағы сұр атқа Алау да қамшы басады. Өтпегесін қылышы, Жан тәтті екен сорлының Қалмақ та тұра қашады. Артынан батыр қуады, Құтылсын ба қашқанмен, Артынан жетіп алады. Айнала тұрып алысты, Екеуі қатты соғысты. Аясын ба батырың, Басын жұлып алады. Басын жұлып алғасын, Есен хан өліп қалады. Айдады жесір шұбыртып, Тұрғызбады кідіртіп. Күндіз-түні демеді, Шұбыртып айдап келеді. Тұрғызсын ба далаға, Неше күндей жол жүріп, Еліне жақын қалғанда, Жесірді кейін қалдырып, Алдынан озып келеді Айсадайын атаға Барып сәлем етерге. Балаң келді дегесін, Алдынан шықты ат мініп. Ат үстінде қолдасып, Сәлем берді баласы. Сөйледі сонда бабасы: – Сау-саламат келдің бе, Берді ме қуат бір Алла, Алау деген баламыз? Әлі елге келген жоқ Ахмет дейін ағаңыз. Барған ісің бітті ме, Қайратың жауға жетті ме? Есен, Сүйін хандарың Алдың ба шауып қаласын, Қатын менен баласын? Сонда Алау сөйледі: – Ақылы жетік данамыз, Қайраты асқан бабамыз, Сау-саламат келеміз. Жеті ай болды кеткелі, Осы елден шыққалы. Есен, Сүйін хандарды, Өлтірдім сондай жандарды. Он екі күн ұрысып, Босаттым тұрған қаласын, Сөйтіп көрдім қалмақ шамасын. Айдап келдім қарасын, Жетім-жесір баласын. Айса барды қарарға, Ноғайлының аш-арық Ол да келді шетінен Олжа сұрап аларға, Сауға сұрап барарға. Айсадайын бабамыз Қызықты сөйтіп көреді. Сауға сұрап келгенге Аямай бөліп береді. Алау артық туған ер, Қалмақпенен соғысып, Мекенін тартып алған жер. Ер Алаудың бұл түрі Қырымның қырық батырындай бар еді. Айсадан туған Ахмет Сонымен бірге жүр еді.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.