Kazakh
Әмет Батыр
Әмет батыр ағасы Алаудың орнын қуып батыр болады. Қарақобда бойының Елекке құйған жерінде ағалы-інілі оншақты үй болып, қоныстанып отырады. Мұнымен бірге басқа да қара ноғайдың да елі отырады.
Бір күні Әметке ой түседі. Ол ойында Әмет батыр ерлік атақ шығарғысы келеді. Бір күні ағасына келіп: – О, аға, өзің болсаң қартайдың, мен де жетісіп қалдым ғой, қонысымыз тар ғой, қоныс кеңітпесек болмас. Басыма ерік берсең, қару-жарақ берсең, мен кетер едім, – депті. Алау: “Ә, менің қарағым жігіт болған екен. Ағаның орнын ұстайды екен” деп қуанып, өзінің сарайда бағылып тұратын Ақтанау тұлпарын беріп, өзінің қаруларын береді. Осыны қолына беріп тұрып, Алау ағасы: – Ә, Әметжан, қай жаққа барасың, жөніңді айтып кет, хабарсыз кетсең іздерміз, Қара ноғайдың батыры көп қой, – дейді. Сонда Әмет батыр сөйлей бастады:
– Барысымды сұрасаң, Маңғырдың қырын жайлаған Көп қалмақтың елі еді.
Етегінде аққан су
Малға жайлы дер еді. Ойладым соған барарға, Сондағы қалың қалмақтың Қонысын тартып аларға, Қалмаққа ойын саларға.
Ноғайлар маған айтады: “Тумай кеткір сен дейді, Ағаңдай болып тумадың, Ағаңның жолын қумадың”. Осы сөзді есітіп
Отырғаным жарар ма?! Барар жолы бір айлық, Келер жолы бір айлық. Аман болып, сау тұрсам, Екі айда келемін.
Тап қылғанын Алланың Сол арада көремін.
Кетейін деп жатқанын шешесі біліп қалып, келіп баласының тізгінінен ұстап тұра қалып, сөйлей бастады:
– Перзентім, кетпе далаға, Қартайған анаң сорлыны
Кеткенің тастап бола ма?! Ағаң да қалды қартайып, Бағып жүрген қалмақ ел Кетсе шауып жарай ма?!
Қолымда кенже баламсың, Қартайған мынау ағаңның
Бұрынғыдай әл кетті Соғысты жалғыз саларға. Тілімді алсаң, бармашы, Боғданың бойы боз қамыс, Електің бойы ен қамыс, Осыдан артық қоныстың Керегі бізге болар ма?! Анаңның тілін аласың,
Осыдан алмай кетсең сен, Көңіліме қаласың.
Аязды күні айналдым, Бұлтты күні толғандым,
“Қарағым шошып кетер” деп, Бесіктен шешіп қолға алдым. Сүйтіп баққан анаңды
Қайда жүріп бағарсың? –
деп еді. Батыр: – Ағам ұлықсат етті, сен қанша айтсаң да сапарымнан қалмаймын, – дейді. Сонда шешсі баласының кетерін білген соң, қол жайып бата береді:
– Жолыңды Алла оңдасын, Қызыр Ілияс жар болып,
Қыдыр ата қолдасын! Қолтығыңнан көтеріп,
Қолыңнан ұстап демесін! “Көп тілегі – көл” деген, Аман-есен келерсің.
Бір Алланың салғанын Не де болса көрерсің. От басы мен ер басы
Көрмесі болмас дүниеде, Не де болса көнерсің, –
деп анасы қала берді. Әмет батыр жалғыз өзі кете берді.
Ақтанаудай тұлпардың Қалмаққа басын қаратты,
Қамшымен бұтын таратты,
Бауырынан жаратты. Дөңгеленіп желеді, Арандай аузын ашады, Аяғын топ-топ басады. Еті қызып тұлпардың Ә дегенше болмай-ақ, Біраз жерге асады.
Тұлпарға батыр мінген соң, Бұрынғы ердің бойынан
Кез жарымдай асады, Әруағы ердің тасады. Он екі күн дегенде
Қырдың шықты басына. Жайылып жатқан мал көрді, Қалың жатқан ел көрді.
“Екі-үш мыңдай ел ғой” деп, Алыстан тұрып шем берді.
Айыл-тұрман бекітті, Құйысқанын қысқартып,
Сол қалмаққа шабуға Енді батыр жөнелді. Көк сүңгісін өңгерді, Азын көпке теңгерді. Көп те болса шабуға
Көкірегі ойлап жөн көрді.
Бұл елдің адамы жоқ екен. Қатын, бала, жесірді қашырып, орнын
босатып, сол орнына өзінің елін әкелейін деп батыр кейін қайтты. Бұл елдің бас көтерері Ындысқа аттанып кеткен екен. Еліне келсе, орнында елі жоқ.
Батыр елін іздеп сөйлей бастайды:
– Елім кетіп, жұрт қалған, Айналайын, Құдай-ай, Елді шауып кім алған, Елге бүлік кім салған?
Қартайған кетті анамыз, Інімен кетті аға да. Жолын білмей қалдым-ау, Артынан іздеп барарға. Ойланамын, қараймын
Ақыл ойлап табарға,
Жау болған біз дұшпанның Еліне ойран саларға –
деп батыр найзасына сүйеніп қамығып тұр еді. Бір ошақтың астынан бір бала шықты. Үлкені қалуға айла таба алмай, жер ошаққа сол баланы көміп кеткен екен. Бала тұра келеді. Сонда Әмет батыр балаға сөйлей бастады:
– Ел қайда, бала, ел қайда, Өскен-туып жер қайда?
Ата мен қайда анамыз, Іні мен қайда ағамыз?
Неғылып жатқан баласың, Келбетіңе қарасам,
Бозарасың ғой, соласың, Өзің жалғыз баласың.
Мидай жазық далада Жалғыз қалай қаласың? Қалмақ елді шапты ма, Содан елім қашты ма,
Қонысты тастап асты ма? Айтшы, кәне, сен бала, Қапияда дұшпан басты ма? Сонда бала жылады,
Көзінің жасын бұлады. Жылап тұрып сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Әмет батыр ағамыз, Желді күні панамыз, Сен кеткен соң артынан
Қалмақ шапты еліңді. Мал менен кетті дүние, Ана мен кетті ағаңыз,
Сындырды дұшпан беліңді. Алау батыр ағамыз
Қапияда ғой жатқанда, Оны ұстап қолға алды. Аяғы менен қолына Салды қос-қос кісенді. Жалғыз қалған ағаңа
Қиын болды, ағеке,
Байқасаңыз қиын іс енді. Сәлем айтты байқасам, Ақ сүт берген анаңыз, Сәлем айтты ағамыз, Өзіңіз ойлап қараңыз.
Бар болса өзің білерсің Көкіректе ақыл-санаңыз. Ол сәлемі мынау еді:
“Қобдаға таман барсын” деді,
Орақ пенен Мамайдың
Қасынан әскер алсын деді. Келсін деді сосын дұспанға, Онан басқа келмесін,
Келіп босқа өлмесін. Қаптап жатқан қалың жау Ойыншық деді көрмесін”.
Орақ, Мамайға батыр барайын деп ойлады. – Орақ, Мамайдың елін таба аламысың?” – деді батыр Бала: – Табамын, – деді. Қобданың жоғарғы жағында отырады дегенді есітіп едім, осы судың жоғарғы жағынан табылар. Өрлеп жүре бер, – деді. Баланың айтуымен үш түн, үш күнде Жаңбыршыұлы Телағыстың аулына келді. Үйден Жаңбыршы шыға келіп: – Ә, балам, қайдан жүрген баласың? Қай ноғайсың, кімнің баласысың, қайдан келесің, қайда барасың? – деп сұрады. Сонда Әмет батыр сөйлей бастады:
– Мекенімді сұрасаң, Қобданың төмен сағасы. Барысымды сұрасаң,
Қобданың жоғарғы жағасы. Іздегенім сұрасаң,
Орақ, Мамай, Телағыс –
Басындағы ноғайлы баласы. Менің тегім сұрасаң,
Мен ноғайдың елімін. Ер Алаудың інісі,
Атымды Әмет дер екен. Біз де ноғай баласы, Іздеп келдім әдейі
Солардан көмек болар деп, Көкіректің болмас, – деп, – аласы. Келген менің себебім:
Өзім жауға кеткенде, Елімді қалмақ шауыпты. Ұйықтап жатқан Алауды Ұстап қалмақ алыпты.
Келсін неге шамасы, Аяққа кісен салыпты. Шауып елді бүлдіріп,
Олжа оңай тауыпты. Келсем жұртқа, елім жоқ, Мына тұрған бір бала Жер ошақтың астында
Жасырынып қалыпты. Хабарды маған беруге Жатып мені бағыпты. Ағамыз еді ер Алау, Сәлем бізге айтыпты.
Жауға депті жалғыз келмесін,
Қаңғып депті өлмесін. Қобданың жоғарғы жағасы Бар депті ноғай баласы, Әскер сонан ал депті. Сосын келіп дұшпанға Ойын-соғыс сал депті. Соның айтқан жолымен Елден шығып келемін. Берсеңдер әскер аламын, Қалмаққа таман барамын,
Ойын-соғыс саламын. Бермесең де кетермін, Жесір беріп тұра алман,
Жалғыз да болсам жетермін. Бермеген әскер ноғайға Айла нешік етермін.
Жалғызбын деп тұра алман, Сиынармын Құдайға, –
деп Ер Әмет сөзін тоқтатып еді. – Қаңғырып шетке шығып жүрген ноғайға, әскер бере алмаймын, жөніңнен қалма, кете бер, – депті. Батыр ашуланып қайырылып тұра қалып сөйлей бастады:
– Ай, Жаңбыршы, Жаңбыршы, Құдайымнан көрермін,
Жетсе ажал өлермін. Егер ажал жетпесе,
Қалмақ елін талқандап, Айналып қайта келермін. Көп ішінде сыйыңды
Жас та болсам берермін. Әулиелер қолдаса, Ұстап қолдап демесе, Ақтанаудай тұлпармен
Дұспанға қарай желермін.
Осыны бала айтты да, Тұлпардың басын бұрып, Маңдайын жауға қаратты.
Алпыс күндік жер екен, Жиырма бір күнде келіпті. Әбжыландай қалмақтың
Қалың елін көріпті. Айыл-тұрман бекітіп, Баданасын баса киеді. Көк найзасын өңгеріп,
Көкірегі желденіп,
Мыңдаған әскер қалмақты Бір өзіне теңгеріп,
Қайта атына мініпті. Қарауылшы тұр екен, Әметтейін батырдың Келгенін енді біліпті, Қарауыл хабар беріпті. Осы хабар алған соң, Мыңнан аса қалмақтар
Соғысуға жүріпті.
Қалың қалмақтардың ішінен біреу шығып жүре қоя беріпті, бұған қарсы Әмет батыр да жүреді. Келе тұра қалың қалмақ сөйлей бастайды.
Келе қалмақ сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Жанжал ғана болмасын, Жарқыным, қайда барасың? Мыңдап жатқан ауыр қол Ноғайдан келдің бір өзің,
Қалай шауып аласың? Ат, қаруыңды бер дағы, Біздің дінге көн дағы,
Босқа өліп қаласың.
Шапқанмын сенің еліңді, Талқан қылдым мекен жеріңді. Ұстап қолға алғанмын
Алау батыр еріңді,
Тар зынданға салғанмын. Қайтаруға келдің бе
Қалмақтағы кегіңді? Ерегессең, қалмақ ерлері Жояды сенің көзіңді,
Көрсетеді көрімді.
Тарқатар сүйтіп ноғайым Көкіректегі шеріңді.
Сонда Әмет сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Балам, балам дей берме, Сенің балаң мен емес, Менің әкем сен емес, Дегенің балам жөн емес. Көптігіңді көріп мен,
Қылмаса Аллам келемеш.
Ат-тонымды беріп қашқандай Қойшы ноғай мен емес.
Әулиелер қолдаса, Сапарымды оңдаса,
Басыңды, қалмақ, шабармын. Артыңа ерген қалмаққа
Оған да ойын салармын. Жалғызбын деп тұра алман, Тәуекел етіп барармын.
Тәуекел десе қайғы жоқ, Көп ұзатпай алармын. Сонда қалмақ сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Мына тұрған ағаңа Кезегімді бересің.
Жасым үлкен болса да, Қайратымды көресің.
– Ал қалмақ, ағасың ғой, кезегіңді ала бер, – деді.
Сонда қалмақ оңдалды,
Қорамсаққа қол салды. Атып қалмақ қалады, Әметке оғы барады. Оғы бірақ өтпеді,
Екінші атып қалады, Өтпеді де, жетпеді. Үшінші атып қалады, Тоғыз қабат сауыттың Алтауын оқ жарады.
Жаңылтпай жазды тобаны, –
Кезек келді батырға, Садақты қолға алады, Сауыт бұзар оқ салды.
“Қалмақ ердің қасы деп, Қақ өлер жерің осы” деп,
Толықсып тұрған қалмақты Толғап тартып қалыпты,
Қалмаққа оғы барыпты. Өтпесе де қалмаққа,
Қабатын алты жарыпты.
Алып оқты тағы атты, Ит қалмақты жайратты.
Жығылып ері қалған соң, Сонда қалмақ жапырды.
Семсерін батыр қолға ұстап, “Қырамын” деп ақырды.
Қылышын жауға сермеді, Батырды ашу кернеді.
Батырдың үстін қан жапты, Арыстандай ақырып,
Сонда да кезек бермеді. Қайраты тасып өрледі,
Қаптаған қалың қалмақты Бұта құрлы көрмеді.
Он екі күн соғысты,
Мыңдай келген қалмақтан Тек жүз кісі ғана көрінеді. Мұны көріп алған соң, Әруағы асады,
Ердің нысы басады.
Қалғандары қалмақтың Еліне қарай қашады.
Қалмақтар қашып келіп қалаға тығылады. Қалаға тығылған соң батыр: – Менің дініме көнесің, көнбесең бәріңді де қырамын, – деді. Сонда қалмақтар көнеді. – Ал менің ағам, шешем, қарындасым қайда, соны тауып бер, және басқа елім қайда, соны тауып бер? – дейді. Қалмақтар бәрін бір зынданға салған екен, тауып береді. Қалмақты бұл жерден кетіріп мұсылман дінге көндіріп алып, мал, дүние-мүлкімен қайтады, өзінің отырған жеріне шұбыртып алып кетеді.