Шынтасұлы Төрехан

Төрехан алты жасында асық ойнап жүреді, балалардың асығын ұтып алды. Төреханның қолындағы асығын балалар тартып алады. Төреханға ешкім болыспаған соң, жылап үйіне келді. Шешесіне келіп жылады. – Шырағым, неге жылайсың? – деді шешесі. Сонда Төрехан сөйледі: – Айналайын, шешеке, Балалар ойды көзімді, Сабады-ау менің өзім...

Kazakh
Шынтасұлы Төрехан
Төрехан алты жасында асық ойнап жүреді, балалардың асығын ұтып алды. Төреханның қолындағы асығын балалар тартып алады. Төреханға ешкім болыспаған соң, жылап үйіне келді. Шешесіне келіп жылады. – Шырағым, неге жылайсың? – деді шешесі. Сонда Төрехан сөйледі: – Айналайын, шешеке, Балалар ойды көзімді, Сабады-ау менің өзімді. Бізде жақын жоқ білем, Мені сабап жатқанда, Болыспады бір кісі, Сүйегім сүйтіп езілді. Аламын деп басымды, Жұламын деп шашымды. Ағайын-туған жоқ па еді, Болыспады бір бала. Айналайын, шешеке, Бұл сөзіме, сен, қара. Сонда кемпір жылайды, Көзінің жасын бұлайды. Жалғызы жылап жатқан соң, Анасы қалай шыдайды?! – Айналайын, қарағым, Атаң Шынтасхан еді Білігін жұрттан асырған. Туған артық жан еді, Атадан жалғыз сол еді. Сол айтқаным жол еді, Атаң артық ер еді. Ерегіссе ел алған, Дұшпанын басып кек алған. Атаң таққа мінген соң, Ноғаймен халқың дем алған. Аға да жоқ, іні жоқ, Ерліктен басқа міні жоқ. Астана жұртты меңгерген, Азын көпке теңгерген Артық туған хан еді, Асылы артық жан еді. Сонан туған, қарағым Төрежан, жалғыз бала едің, Атадан тақ жан едің. Қарағым, барма балаға, Өзің баршы қалаға. Сен түскен соң бұл жерге, Жүруші едім қуанып. Терегім өссе дүниеде, Саясы пана болар, – деп. Жасы онға келген соң, Қатарға балам толар, – деп. Сол кезде Шынтасханның ақтабан қара аты бар еді. Сол қара атқа Төрехан батыр қарады. Ақтабан атқа барады, Барады да сол бала Атқа ерді салады. Ақтабанды ерледі Ерлеп жүріп терледі. Ерлегенін баланың Шешесі мен әкесі Байқап оны көрмеді. Ерлеп атты болған соң, Жүгіріп үйге келеді. Басына киіп дулыға, Үстіне киді шарайна. Әкесі мен шешесі оны көрмеді. Және балдағы күміс ақберенді бала байлап, үйден найзаны алып шықты. Ақтабан атқа мінеді, Атқа мініп алғанын Шешесі сонда біледі. Келе кемпір сөйледі, Сөйлегенде бүй деді. Көзінің жасы төгіліп. Жылай берді егіліп: – Айналайын, жалғызым, Барасың қайда сен деген. Сен кеткен соң далаға, Нем қалады өлмеген?! Балам болсаң, көріп кет, Қолыңнан қазып көміп кет. Кетпеші сен далаға, Егер кетсең далаға, Әкең болса қарт болды, Кім ие болар қалаға? Алсаң, балам, тілімді, Ағаң мен жоқ ініңіз, Жалғыздығың білінді, Атаң Шынтасхан еді, Алпысқа келген шал еді. Есіз қалаң қалмай ма, Атаң Шынтасхандарға Дұшпаны көзін салмай ма, Қорлыққа басы қалмай ма? Сол жауапты естіп, үйден қарындасы Ханбибі жүгіріп шығып, ағасының жауға кеткелі тұрғанын көрген соң, сонда қарындасы сөйледі. Қызың сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Айналайын, жан аға, Болсын жаным садаға. Сен кеткен соң далаға Алтын басым күң болар, Сіз кетсең далаға. Атаң тұрған алтын тақ Есіз қалып тұл болар. Орнында оның тұратын Сұрасақ сізден кім болар? Сіз кеткен соң далаға, Жасы жеткен қарт әкең Ие бола алмас қалаға, Басы қалар бәлеге. Айналайын, ағеке, Көзіңмен мені көрсеңші. Мынау тұрған атаңа Жолығып жауап берсеңші. Төрехан сонда сөйледі: – Ата менен анамыз, Жалғыз туған баламыз. Қодарқұлдай қалмақтың Еліне кетіп барамыз. Алла оңғарса жолымды, Сол бір жауды аламыз. Ата, жауап беріңіз Төбесі шоқты қалмаққа Ата, келер әліміз деп. Төрехан батыр жүрудің қамын ойлайды. Шынтасхан сонда сөйледі: – Қолыңды жай, сен, – деді, Беремін бата мен, – деді. Жолыңды Құдай оңдасын, Қыдыр ата жар болып, Қыдыр менен Ілияс Болсын сенің жолдасың. Тапсырдым Аққа мен, – деді, Жылап көрген жалғызым, Саламат бол сен, – деді. Қодарқұлдай қалмағың Жеті төре ел еді, Ақтабандай тұлпарға Тек екі айлық жер еді. Ақтабан атпен желеді, Алты жасар күнінде Батыр туған Төрехан Іркілмей-ақ жөнеді. Мекенді деген ел еді, Он сегіз күн болғанда, Жетітөре еліне Іркілмей батыр келеді. Қодарқұл бұл жердің ханы еді, өзі бір мықты жан еді. Етірек-күргендегі қызылбасқа аттанып кетіпті. Есіз жатқан бұл елге Төрехан ойын салады. Жеті күндей талқандап, Елін шауып алады. Жетітөре қызын алып, “Қодарқұл қалмақ келсін” деп, Сол жерде жатып қалады. Өзі сол жерде бір ай жатты. Қодарқұл кідіріп келмеді. Қызылбастан жесір алып Қодарқұл қалмақ келе жатқанда, алдымен қалмақтан хабар келді: – Еліңді ноғай шапты, – деді. Сонда Қодарқұл оза салды. Сол жерде екеуі кездесіп, сонда Қодарқұлдың сөйлегені: Сонда Қодарқұл сөйледі, Сөйлегенде бүй дейді: – Менің атым – Қодарқұл, Мен қалмақтың ерімін. Енді ноғай өлгенің, Өлім болды көргенің. Қаза айдаған сор маңдай, Қалай мұнда келгенің? Сонда Төрехан сөйледі: – Мен ноғайдың елі едім, Ноғайдан шыққан ер едім. Шынтасханның баласы Төрехан батыр мен едім. Алдым жеңіп қалаңды, Шулатып қатын-балаңды. Сендей болған қалмақтың Көрейін дедім шамаңды, Танытайын дедім бабаңды. Сол бір сөзді айтқан соң, ерлер біріне-бірі шамданып екеуі жекпе- жекке соғысады. Қалмақ, ноғай алысты, Жағаласып қалысты. Бес күн салды жағалас, Екеуі де артық ер екен, Қайраты болды шамалас. Күн беске толғанда, Сондай заман болғанда, Қодарқұлдай қалмақты Көтеріп алып Төрехан, Түбі терең, суы жоқ Бір құдыққа салады. Жағаласқан жерлері Ала құйын шаң болды, Көрмегенге таң болды. Қодарқұл аузын таспен толтырды. Сонда Төрехан “тағы да қалмақ болар деп, бары келер” деп, қасына ит ертіп, аң аулап, сонда жата береді. Ендігі сөзді Төреханның қарындасы Ханбибіден естіңіз. Сонда Ханбибі әкесі Шынтасқа келіп айтады: – Әке, менің жалғыз ағам Төрехан келмеді, кешікті. Маған бір желмая бер, – деді. Сол жалғыз ағамды іздейін, құр басым үйде отырып не етемін, – деді. Сонда Шынтасхан қуанды: “Бұл қарағым қатарға әйел де болса қатарға енген екен, ағасын іздеймін дегені қандай жақсы” деп Шынтас қуанды. Желмаяны алдырды да, азық-түлік тамақ берді. Қызды жөнелтіп жіберді. Қыз бірнеше күндер жүріп, қалмақтың елінің шетіне жетті. Келсе қырылып жатқан адамды көрді. – Алда, жалғызынан жабысқыр-ай, жан қоймаған екен, – деп, Ханбибі ағасын қарғай берді және Қодарқұл, Төреханның жағаласқан жеріне келеді “бұл не қылған шаң?” деп. Маядан түсіп қарап және сол жерде қазандай қара тас көреді. Тасты аударып, астында бір құдық көрді. Құдыққа еңкейіп тұрып: – Бұл құдықта кім бар? – деп сұрады. Сонда Қодарқұл қызға сөйлей бастайды: – Болайын шешең мен, – деді, Шығара көрші сен, – деді. –Мен шешесіз қалайын, – деп, Қодарқұлды кесекпен ұрды. – Болайын әкең мен, – деді, Шығара көрші сен, – деді. Құдықта жатып Қодарқұл Қақсап сөйтіп сөйледі. –Мен әкесіз қалайын, – деп, тағы да ұрды кесекпен. – Болайын ағаң мен,– деді, Шығара көрші сен, – деді. Осылай деп Қодарқұл Тағы да айтып сөйледі. –Мен ағасыз қалайын, – деп, тағы ұрды. –Болайын інің мен, – деді, Шығара көрші сен, – деді. Құдықта жатып Қодарқұл Қоймай қақсап сөйледі. –Мен інісіз қалайын, – деп, тағы да ұрды. –Болайын байың мен, – деді, Шығара көр сен, – деді. Сонда қыз: –Қалай шығарайын мен, – деді, –Арқанды сал сен, – деді. Арқанды салып қалады, Қодарқұлдай қалмақты Қауғадай тартып алады. –Мен жүре алмаймын, буыным бітіп қалыпты, – деді. Сонда қыз арқалап, Көтере алмай қайқалап: “Жорға жүріс жоқ-ты деп, Аяң жүріс көп-ті деп, Осы жүрісім епті деп, Қызарады, бөртеді, Аяңдайды, жортады. Алып келіп үйіне, Кең сандыққа салады, Қодарқұл жатып қалады. Төрехан сыртқа кеткенде, Ойнап қызық алады. Төрехан үйге келген соң, Оның бірін білдірмей, Отырып қызың қалады. Төрехан үйге келгенде, Сандықты мықтап жабады, Қодарқұлды бағады. Дым көрмеген кісідей Қарындасы сөйтіп жағады. Қарындасы мен Қодарқұл Бір күні кеңес құрады. “Төреханды қалай өлед” деп Бір-бірінен сұрады. Қодар айтты: – Елік суы деген су бар, ол судың басында Қазанбас қара дәу бар, барса, ол Төреханды өлтіреді, – дейді. Төрехан үйге келгенде, сен ойдан қырға домала. – Іші-бауырым жанды де, Мені Құдай алды де. Торсықты алып іліп қой, Осы айтқанды біліп қой. Қарасын оның көргенде, Ойдан қырға домалап, Келе жатқанда Төрехан Қызың онда қарады, Өртеніп іші барады, Төрехан жетіп келеді. – Айналайын, жан аға, Өлдім енді мен, – дейді. Елік суын мен ішсем, Қанар едім шөлімнен, Құтылар едім өлімнен де. Сонда Төрехан Шыдамады бауырға, Кететін болды кәуірге. Тастан салған табан жол, Тәңірі оңдаса аман жол, Оңдамаса, жаман жол. Сол жолмен кетіп бара жатқанда Шыман ханның қызы Шыңбике сұлу бар еді. Төрехан атқа мініп шыққаннан сол қыз жансыз салдырып қойып еді. Сол Төреханның не істегенін, қарындасының не істегенін сол Шыңбике білуші еді. Шыңбике сұлу сол Төреханның жолына, таспен салған табан жолға алты қатар үйді тіктіріп, сол алты қанат ақ үйдің есігінен құдық қаздырып қойдырды және үстіне мата төседі. Мақпалмен бетін жауып қойды. Төрехан келіп тұсынан: –Кім бар? – деп мұнда шақырды. –Шықпаймын үйден мен, – деді, Мазамды алма сен, – деді. Сонда Төрехан: –Келтірмейтін мені, – деп, Өлтірейін сені, – деп, Суырып алып қылышын, Шығарды қатты дыбысын. Үйге кіріп келеді, Есікті сонда ашады. Табалдырықтан бұлай сап, Аяғын сонда басады. Басып қалды мақпалды, Ішіне түсіп кетеді. Сонда Шыңбике сұлу келеді, Отыра қалып құдыққа, Келе сөйлей береді: – Асыл туған сұңқарым, Шаршамас мінген тұлпарың. Алдың алыс жер, – деді, Барма соған, ер, – деді. Тілімді алсаң бармағын, Қарындасың кәуірді Сіздей болған ерлерден Қодарқұлды көрді тәуір-ді. Қодарқұлды алулы, Кең сандыққа салулы, Жақсы қылып бағулы, Не құлқын іздеп табулы. Ол залым қылды қалаға, “Бармасын, – деді, – ата менен анаға”. Сіздей асыл жандарды Қодардан қылды садаға. Бармағын, батыр, сен, – деді. Осы айтқанның бәрі рас, Аштырып кең сандықты, Қодарқұлды көр, – деді. Сонда Төрехан тұрып сөйледі: – Қарындасым бауыр-ды, Жақын қылып алмайды Менен артық кәуірді. Қодарқұлды алған жоқ, Оның түскен шыңырауға Қарындасым барған жоқ. Қалайда болса кетемін, Қазанбас дәуді өлтіріп, Елік суға жетемін. Үш күн жатты Шыңбикенің қасында. Төртінші күні бір құлды Төреханға қарақұс қылып дуалап берді. Осы құсты дуалап берген соң, Шыңбике айтты: – Осы барғаннан барып ақтабан тұлпарды бір күн жарымдық жерге тастап, мына құсқа мініп бар да, суды ал да қаш. Ол жұма күні түске шейін ұйықтайды. Сол судың сылдырынан оянып қуар, қуса жетпей қоймас, қол оқпен оң қанатын атып сындырсаң қалады, – деді. Егер сындыра алмасаң, сенің өлгенің – деді. Қыздың айтқанындай күн жарымдық жерге барып атын тастап, өзі жаяу емес қара құсты мініп келеді. Келсе, айтқанындай ұйқыға кіріскен екен. Торсықты батырып ала қашты. Судың сылдырынан дәу оянып түре келді. Тұра дәуің қуады, Қумай қалай тұрады?! Күн бесінге толғанда, Біраз заман болғанда, Артынан қуып жетеді. Артынан қуып жеткен соң, Ататұғын талабын Төрехан батыр етеді. Артынан қуып келгенде, Батыр туған Төрехан Дәлдеп дәуді атады. Оң қанаты сынған соң, Сұлап дәуің жатады. Шыңбикенің үйінде Төрехан тағы үш күн жатып, сол мезгілде Төрехан қарындасын ойлап, елге баруға талаптанды. Бірнеше күн жүріп еліне келді. Елге жақын келген соң, Көрінген соң қарасы, Ойбай салып жылайды, Қарындасын қарашы. Түсе қалып Төрехан Суды алып береді, Су екенін көреді. Ішіп алып Ханбибі Сонда демін алады, Өлімінен қалады. Аң қағуға Төрехан Енді шықты далаға. Қарғылы тазы ерітіп, Ақсұңқарын қондырып, Ақ найзансын қолына ап, Қарап жүрді қыдырып. Қодарқұл мен Ханбибі тағы кеңесті. Біріне-бірі ақыл берді, сонда Қодарқұл айтты қызға: –Сен ағаңнан сұра, “аға, сенің үзбейтін затың бар ма? деп сұра, – деді қызға. Төрехан келген соң қыз отырып: – Аға, саған өтетін қару бар ма, темірді болса үзесің. Үзбейтін затың бар ма? – деп сұрады. Сонда Төрехан: –Адам болсын, жан-жануар болсын өз түгін үзе алмайды деген, айдарымды үзе алмаспын, – деді. Сонда қыз: – Оны немен кеседі? – деді. – Оны табанымда алтын кездігім бар, сол кеседі, – деді. Төрехан жатып ұйықтағанда, айдарын кесіп алып, кескен соң, жіп қылып есіп алады. Қол-аяғын байлаған, Қозғалмастай сайлаған Қарындасы Ханбибі Ағасын сөйтіп жайлаған. Қасындағы терекке Төреханды байлаған. Байлап оны болған соң: – Аға, енді, тұр, – деді, Тұрса қолы байлаулы. Кең сандықты ашады, Қодарқұлға тұр, – деді. – Мынау залым ноғайды Байладым, мұны ұр, – деді. Түрегеліп Қодарқұл Қылышын сонда сермеген, Салды және найзасын. Біреуінің де тимеді Өлтіруге пайдасы. Сол уақыт болғанда, Тепкіледі Қодарқұл Төреханның басына. Төреханды теуіп жатқанда, Барып тұрды қарындас Төреханның қасына. Төрехан сонда мұңайды, Өксіп-өксіп жылайды, Жылап жатып жырлады: – Айналайын, егізім, Алтын еді лебізің. Ноғай деген ауылым Аралап өзім көрейін. Өзіңнен қатар бір жанға Қарағым, сені берейін. Босатсаңшы қолымды, Туғандығың қай жерде? Мынау құлға тептіріп, Қайнаттың ғой сорымды. Ата мен қайда анамыз? Біз солардың баламыз. Ата тілін алмадым, Ана тілін алмадым, Ақырында қор болып, Бір ағаштың түбінде Саулы інгендей зарладым. Сонда қызың сөйледі: – Мұнан жақсы өлгенің, Өлім болсын көргенің. Байлансын сенің тіліңіз, Өшсін сенің үніңіз. Естімеймін сөзіңді, Алсын Құдай өзіңді. Қодарқұлдай бекзада Ойсын сенің көзіңді. Сол уақыт болғанда, Аулы көшіп кетеді. Төрехандай ерлерді Ағашқа байлап оны да, Тойын соның етеді. Теректе жатып Төрехан Соның айтқан сөзі екен: – Бір ағаштың түбінде Байланып енді қалғаным. Ата-ананы көре алмай, Болды күшті арманым. Бұл ағаштың түбінде Тұруға жоқ-ты дәрменім. Оңғарылып жел шығып, Естілер ме екен дауысым Ақ сүт берген анаға, Өсірген жастан атаға. Көруге бізге күн қайда Мекен салған қаланы?! Ойлай ма екен ата-анам Біздей жалғыз баланы?! Сол күні түнде Шынтасхан түс көрді, түсінде жаман іс көрді. Ертең таң ата желмаяны алдырып, Төреханды іздеді. Бірнеше күн жүріп, терекке байланып жатқан Төреханның үстіне келді. Сонда “не қылып жатқан баласың?” деп Шынтастың айтқаны: – Не қылып жатқан баласың? Қу ағашқа байлаулы, Бекітіп жақсы сайлаулы. Жапанда жатқан жас бала, Жаудан көріп қорлықты, Болыпсың шын масқара. Бала, сенің не еткенің, Балалықты етіпсің. Оның қайда кеткені. Сонда Төрехан мұңайды, Жатып сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді. Төрехан танымады бабасын, Шынтасхан танып тұр туған баласын. – Жасың үлкен жан баба, Босатсаңшы менің қолымды. Дүниеде бейбақ мен болдым, Оңдамаған Құдай жолымды. Сонда Шынтасхан түйеден түсе қалып, баланың қолын босата бастады. Босатып болған соң, баланы бал, миуамен тамақтандырды, сол жерде бір күн жатты, қабағын ашты аяғынан тұра бастады. Айнала тұра қалады, Терекке қолды салады, Теректі түбімен суырып алды. Теректі иығына салып алды, Еліне Қодарқұлдың қайта барады. Қодарқұл Төреханның қарындасын алмай, отын-суға салған екен, өзі Жетітөренің қызын алған екен. Сөйтіп, соры қайнап, көзі жайнап қалған екен. Қодарқұлдың үйінің алдына келіп: – Шық бері! – деп ақырды. Үйден шыға келгенде, Қодарқұлдың басына Терекпенен салады. Құл жығылып қалады, Үстіне мініп алады. Қарындасын шақырды: – Етегіңді жайыңыз, Мінеки, бауыздалды ғой Сорлы ағаңды сатып, алған бай, – деді. Қодарқұлды өлтіріп, Ақтабан атқа мінеді, Қару-жарақ іледі. Қалмақтың бірін тастамай, Үш күндерде жинады, Шауып атты қинады. Үш қонып шыққаннан кейін Шынтасхан Төреханға былай деп жауап айтты: – Біз Шынтас деген бабаңыз, Сен едің біздің баламыз. Бозтеректе жатқанда Келіп тұрдым қасыңа. Шештім сенің қолыңды, Оңғарды Құдай жолыңды, Берегірек кел, – деді, Атаңның жүзін көр, – деді. Ақ жүзіңнен сүйейін, Сағынып келдім мен, – деді. Сонда Төрехан әкесі екенін сонда біліп, әкесіне сөйлей бастады: – Айналайын, жан баба, Саламат күйлі бармысың? Аман ба үйде анамыз? Алла оңғарса сапарды, Біз де елге барамыз. Анаға сәлем береміз, Ананың жүзін көреміз. Сонда қалмаққа хабар салды. Жинап парымен бес жорға алды, күймелі арба алды, үстіне шатыр құрды. Шынтасқа алтыннан тон кидірді. Отыратын жеріне мақпал төсеп, бір арбаға Шынтас мінді, екі кісіге қызметін істетті. Сонда қарындасы қалмақтардың артында жаяу жүгіріп келеді. Үш күндік жерге келгенде, Төрехан ілгері озып кетеді. Ордасының сыртына келіп дауыстап шақырады. Сонда шешесі: – шығатын адам жоқ, – деді. Төрехан сөйледі: – Төрехан келді балаңыз, Үйде бар ма анамыз? Сол жауапты айтқанда, Жүгіре шыға келді анасы. Аттан түсе қалады Төрехандай баласы. Анасы сонда сөйлейді: – Айналайын, қарағым, Жаулы жерде жарағым, Сағынып көрген беренім, Сағынған күні керегім, Сағынған мұнда-ай келдің бе, Төрехан сынды шырағым? Бауырыма басайын, Жабыққан көңіл басылсын. Келдің бе, қарағым, бабаңды, Көрдің бе іздеп, қарағым, Ақ сүт берген анаңды? Мекендеген көрдің бе Өзің туған қалаңды? Разымын бергенге, Дидарыңды көргенге, Қабыл болып тілегім. Мен Құдайға ырзамын Бітсе де бүгін сүрегім. Шыман ханның қызы Шыңбике сол уақытта Төреханның тойына келіп қалды. Тоқсан баулы ноғайға хабар салды, баршасын ноғайлының жиып алды. Тоғыз күн той, он екі күн ойын болды. Былайғы жұрт тарап кеткенде, қарындасы тұрып қалды. Қарындасына айтты: – Саған не керек, қырық қысырақ аламысың, қырық қыңырақ аламысың? – деді. Сонда: – Қыңырақ құрысын, қысырақ аламын, – деді. Құлдарға қырық қысырақ алдырды, қырық қысырақтың құйрығына байлады. Қырық қысырақты қырық бөліп алып кетті. Сонан бай болып, барша мұратына жетті.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.