ҚИССА ДОТАН ҚҰБАҚАНБАЙҰҒЛЫ

Жарандар, сал құлағың тыңлап бізге, Сөйлейін бір қиссаны енді сізге. Кешегі Ормамбет хан заманында Өтіпті Құбақанбай жапан түзде. Дүниеде ойлап тұрсам әуре-сарсаң, Жігіттер, тәубе қылғыл қайда барсаң. Сөйлейін бір қиссаны Құбақаннан, Жарандар, біразырақ құлақ салсаң. Шығардым көңілімнен һәр түрлі жол, Бітірген соның бә...

Kazakh
ҚИССА ДОТАН ҚҰБАҚАНБАЙҰҒЛЫ
Жарандар, сал құлағың тыңлап бізге, Сөйлейін бір қиссаны енді сізге. Кешегі Ормамбет хан заманында Өтіпті Құбақанбай жапан түзде. Дүниеде ойлап тұрсам әуре-сарсаң, Жігіттер, тәубе қылғыл қайда барсаң. Сөйлейін бір қиссаны Құбақаннан, Жарандар, біразырақ құлақ салсаң. Шығардым көңілімнен һәр түрлі жол, Бітірген соның бәрін он саусақ қол. Өтіпті Құбақанбай жапан түзде, Өзінің Құдай берген дәулеті мол. Өзінің Құдай берген дәулеті көп, Қырық ұлы, қырық қызы бар, көңілі тоқ. Алыпты жалғыз өзі тоғыз қатын, Елсізде жатады екен уайым жоқ. Жапанда өскен екен ел көрмей-ақ, Елсізде жалғыз ауыл жатты саяқ. Есебі жоқ өзінің көп-ті малы, Құдайым ұл, қыз берген аямай-ақ. Бір өзі ұлға да бай, малға да бай, Өзінің дәулеті мол, көңілі жай. Құдайым һәрне берсе бірдей берген, Іздеген төрт түліктің бәрі де сай. Әзелде артық қылған Хақ Тағала, Мекені елсіз-күнсіз жапан дала. Құдайым мол дәулетті берсе дағы, Түспепті есігіне келін-бала. Сөйлейін бек мазмұндап енді мұны, Белгісіз адамзаттың өткен күні. Қырық ұл, қырық қыз бір күн ақылдасқан, Қиссаның тыңлайтұғын келді жері. Сексені ақылдасты болып қапа: «Жарамас жүргеніміз, үлкен аға, Жақында ел бар болса, баралық» деп, Салады тұлпарларға алтын таға. Сексені ақылдасып атқа мінді, Іші пысып кеңесіп жиылды енді. «Жақын жерде барар ел бар ма екен» деп, Малын баққан бір шалдан сұрайды енді. Балалар һәрбір ойды ойлайды енді, Еркіне шал байғұсты қоймайды енді. – Жақын жерде ел болса біз баралық, Әй, ата, білгеніңді сөйле, – деді. Дүние екі айланбас бір келеді, Балалар байғұс шалды көп тергеді. Балалар көп жалынып сұраса да, Шешіліп байғұс шалың үндемеді. Балалар қоймайды енді сөйлемеске: – Жауап бер, – дейді, – баба-ай, бұ кеңеске. Білген ісің бар болса, айтқыл бізге, Білгеніңді айтқаның еп емес пе. Сонда шалың сөйлейді байпаң қағып, Балаларға барады сөзі жағып. – Оңтүстікте бар еді бір бәйтерек, Онан жақын нәрсе жоқ жүрмін бағып. Һешқайда онан ары барғаным жоқ, Аралап жердің жүзін алғаным жоқ. Білгенімді айтайын, шырақтарым, Жақында ел дегенді көргенім жоқ. Оңтүстікте бір тоғай бар, – деп айтты, Миуалы қалың тоғай тал, – деп айтты. Тілімді алсаң менің, шырақтарым, Бәрің де қару-жарақ ал, – деп айтты. Һәр жолға өзі бастар Алла Тағалам, Сіздердің мен сөзіңе қайран қалам. Елсіз, иесіз тоғайда жау бар шығар, Жүргейсіз тұлпар мініп бәрің, балам. Адамның сөз білмейді бір қарасы, Қандырмас құлағыңды сөз жаласы. Құбақанның қырық ұлының арасында Бар еді тоқалының бір баласы. Құдайым бақ бергей де бендесіне, Ғаріпті патша Құдай жөндесін де. Кенжесі Ер Дотанға сөз айтады, Айтпайды жөнді жауап өңгесіне. Сөз айтты Ер Дотанға байғұс шалың: – Сырымды сенен аяр бар ма халім?! Қулықтан Қаракөк тай туған еді, Соны ұстап жылқыдағы мінгін, жаным. Қолыңа мылтық алғын соны мініп, Жетерсің айшылыққа күн-түн жүріп. Тілеулес мен мүсәпір ғарібің, – деп, Жөнелтті Ер Дотанға бата беріп. Һәр алуан сөз айтады жас балаға, Ақылды, мұсылманға бас балаға. Каракөк тайды мініп, қару алып, Ер Дотан жүрмек болды құр далаға. Қасына ағаларын ертіп алды, Тұлпар-тай мініп алды майда жалды. Атасынан рұқсат бата алып, Саулатып ол балалар жолға салды. Не қылса Қадір Ием өзі білүр, Балалар неше күндер жүріп келүр. Он күн жүріп, он бір күн болған шақта Қалың тоғай, бір өзен су көрінүр. Ол тоғайды көрді де, келді жетіп, Аттарын қамшы басып екпіндетіп. Сексені шабуылдап жетіп келді, Не бар, не жоқ көргенше есі кетіп. Жағалай келіп түсті ол ағашқа, Жұпар жағып аңқытып қара шашқа. Миуа жеп, баршасы жатып қалды, Аттарын байлап-байлап қойды басқа. Бәрі бірдей паңдықпен ұйықтап жатыр, Тіккені бастарына алтын шатыр. Иісін адамзаттың алғаннан соң, Бұларға бір жалмауыз келе жатыр. Білмейді ұйықтап жатып жалмауызды, Жұтқалы балаларға салды ауызды. Жалғыз жатқан қалыпты Дотан аман, Өзгесін, бәрін жұтты ұғыл, қызды. Жалмауыз балаларға келіп қалды, Бір сұмдық балаларға болып қалды. Бір ұртына өзгесін тығып тұрып, Қасына Дотан бала жетіп барды. Баланы ұйықтап жатқан көрді сонда, Қайран боп нұсқасына тұрды сонда. Жұтайын деп баланы келгенінде, Тай теуіп жалмауызды қалды сонда. Ол тайдың кемпір көрді қасиетін, Шалдың Дотан ұғыпты өсиетін. Тай тепкен соң жалмауыз кейін тұрды, Көрсетті ол кемпірге көп қайратын. Баланы тайы теуіп оятады, Оңтайлап өзін-өзі жаратады. Дотан бала оянып көзін ашып, «Кімсің?» деп қу кемпірге сөз қатады. Түріне жалмауыздың қарай қалды, Мылтықты атайын деп қолына алды. Қараса, қасындағы жолдасы жоқ, Мылтықпен атайын деп оңтайланды. Мылтықты ұмтылады қолына ала, Қорықпастан он бір жасар ғаріп бала. «Ұлсызға ұл, қызсызға қызбын» дейді, Қу жалмауыз мылтықты көре сала. Кемпір сонда «атпа» деп жалынады, – Сабыр қып [жөн] сұрасаң нағылады? Шырағым, мені атпай сөз сұрасаң, Жоғыңның бәрі менен табылады. Бала сонда кемпірдің сөзін тосты, Бар Құдай есіркесін көңілі босты. Баланы тайыменен асап қойып, Жұтпастан ауызынан қайта құсты. Сонда кемпірдің балаға айтқаны: – Шырағым, сөз айтайын саған, – дейді, Қызмет қып бересіз маған, – дейді. Жолдасыңның бәрін де мен тастайын, Қызмет қылсаң болайын анаң, – дейді. Сөйлейін бір хикаят саған, – дейді, Жолдасың бәрі де тұр тамам, – дейді. Жұмсайын сізді, балам, бір жұмысқа, Жеті жылда жетерсің оған, – дейді. Сөйлейді сонда бала он бір жасар, Құдайым сүйген құлын қылмас нашар. – Қылайын қызметіңді, ана, сіздің, Бар Құдай қандай жерден нәсіп шашар. Қылайын қызметіңді, білсем бәрін, Көңілім осы күнде болды жарым. Шамам келсе, атқарам қызметіңді, Әуелі тастасаңшы бауырларым. Сөзіме менің, кемпір, құлағың сал, Жаратқан бәрімізді Пәруардигар. Не де болса қылайын қызметіңді, Өзіңде жолдас болар бір ағам бар. Әй, кемпір, мұндай сөзді айтасың-ай, Көңілің аударылған жай тасындай. Келейін үлкенірек атқа мініп, Атым нашар астымда, қайтесің-ай. – Шырағым, ағаларың мен берейін, Басыңды патшаларға теңгерейін. Үйіңде саған жарар атың жоқ қой, Тәуекел деп тайыңмен жіберейін. Ағаларын қояды бәрін құсып, Қуанысты баршасы түгел түсіп. Бір-бірін аман-есен көргеннен соң, Отырысты баршасы қуанысып. Кемпір сонда сөйлейді Дотан ерге, – Жүр, – дейді, – жеті жылдық алыс жерге. Менен сен енді, сірә, құтылмайсың, Қанеки, ағаларың жүрсін бірге. Жеті жылда жетерсің тынбай жүрсең, Құданың құдіреті-дүр нені көрсең. Шынтемір деген жан бар күнбатыста, Һешкімнен кем болмайсың тірі жүрсең. Қызы бар Шынтемірдің Күнікей деген, Сол қызға балам ғашық боп жүдеген. Қараңғы үйде тұрса жарық қылар, Ол қызға һеш адамзат теңелмеген. Менен сен, соны әпкелсең, құтыласың, Болмаса тағы қайта жұтыласың. Күнікейдің сұлулығы артық дейді, Соны әкелсең, батамды сен аласың. Жас бала қу кемпірдің тілін алды, Құдайым көңіліне ақыл салды. «Кемпірдің жұмысына барамын» деп, Барды да ағаларға хабар салды. – Барамын жау кемпірдің жұмысына, Бар Құдай, жәрдем бергіл тынысыма. Ағалар, жолдас болғын енді маған, Сіздерні берді Құдай ырысыма. Балаға ағалары сөз айтады, Тоқтатып кешіктірмей тез айтады. – Біздерден һеш қайыр жоқ, бара алмаймыз, Барсаң өзің жүре бер, – деп айтады. Бар Құдай, өз пендеңді өзің оңла, Мұхаммед шапағатшы Расул Алла. Ағалардан һеш қайыр болмаған соң, Бір өзі тәуекел деп түсті жолға. Әлқисса, қасына ағалары ермеген соң жылағаны: Сонда бала жылайды, Көзінің жасын бұлайды. «Рақым қыл, – деп, – мен құлға», Алладан медет сұрайды. – Ермедіңдер, ағалар, Не іс қылсам ұнайды. Жеті жылдық жол екен, Жалмауызға кез болдым, Ғаріптік деген сол екен. Аман сақта, Құдай-а, Арасы сусыз шөл екен. Он бірге келген жасым бар, Әуреде сарсаң басым бар, Құданың жазған тағдыры, Бармасқа ылаж болмады. Сақтағаны мол екен, Жолдасым жоқ қасымда, Қабырғалы ат емес, Мінгенім тай астымда. Аман болғыл, ағалар, Салды Алла бір істі Он бірге келген жасымда. Ата-анама сәлем де, Ағаларым, аман бол, Кай таудың қалам тасында. Әзелде жазған жазуға Бәнденің болмас шарасы. Қырық ұл едік, ағалар, Құбақанның баласы, Аман болғыл, ағалар, Жүрегімнің парасы. Хақысын кешсін ата-анам, Тілінде болып сәнасы. Ғаріптік, мехнат көргенде Ерлернің болсын һәрқашан Жаратқан Тәңірім панасы. Көп сәлем де атама, Батасын маған берсін-ай. Мұратына жеткер деп, Дұғада болып тұрсын-ай. Бес уақыт намазда Көңілін маған бұрсын-ай. Ғаріп ата-анама Үш қайтара сәлем де, Тілегім тілеп жүрсін-ай. Жалмауыз кемпір қорқытып, Алысқа мені айдады, Тілегі мұның құрсын-ай. Айналайын, ағалар, Аман-есен болыңдар, Үйге қайтып барыңдар, Қартайған мұңлық атама Жақсы қызмет қылыңдар. Құбақанның ұл-қызы, Сексен едік атадан. Мендей мүсәпір ініңді Аман қайтып келгенше, Тастамаңдар батадан. Жолымды Алла оңғарып, Құтқарсын өзі қападан. Қызыр, Ілияс жар болып, Сақтасын Тәңірім жападан. Жау кемпірдің жұмысы, Маған болды асқар бел. Көз жасым толды қойныма, Ағып барып болды сел. Түстеніп, қонып баратын, Арада жоқ һешбір ел. Жүгірген аң, ұшқан құс, Жолдасым болды соққан жел. Аман болғыл, ағалар, Қош, риза бол, апалар, Бізден бұрын неше хан, Неше сұлтан баласы, Қыз іздеп жүріп далада Тартқан екен жапалар. Аналарға сәлем де, Жете алмадым он беске, Ағалар, қалып барасыз, Бірің ермей жолдасқа. Маған ылаж болмады Бұған да, сірә, бармасқа. Дотан бала бұны айтып жолға түсті, Не болса Тәңірі қылар һәрбір істі. Көк тайға екі қоржын алтын артып, Алла деп ағаларға қош айтысты. Еліне ағалары кетті қайтып, Жіберді Дотан бала сәлем айтып. Жалғыз өзі елсізге шыққаннан соң, Жылайды ғаріп бала қайғы тартып. Көк таймен Дотан бала жолға салды, Жер жөнін сұм кемпірден сұрап алды. Жүріп бара жатқанда кемпір келіп, Баланың оң бетінен сүйіп алды. Ал жөнеді бала, жөнеді, Алланың салған ісіне Һәрне болса көнеді, Жалтаңменен жалтаңдап, Тайға мініп қалтаңдап, Жолға түсіп келеді. Майдан-майдан, майдан жол, Майдалай басып келеді. Алтыншы таудан ары асып, Жетінші тауға жанасып Қарсақ жортпас қалыңнан Қарғып кетіп барады, Түлкі жортпас түлейден Түнде кетіп барады. Бұлың-бұлың жерлерден Бұлдырап кетіп барады. Асқар-асқар таулардан Асып кетіп барады. Баланың көңілі дариядай Тасып кетіп барады. Ауыздығын көк тайы Басып кетіп барады. Аузынан көбік бұрқырап, Шашып кетіп барады. Жас баланы Құдайым Айдап кетіп барады. Екі көзі баланың Жайнап кетіп барады, Мінәжат қылып Құдайға Жағы тынбай бұлбұлдай Сайрап кетіп барады. Бір заманда қыс болды, Қары жауып, мұз қатып. Бір заманда жаз болды, Ұйықтаған жоқ бір жатып. Ат үстінен ұйықтап, Қалғып кетіп барады. Бір заманда жаз болып, Көк шығады жайқалып. Астындағы көк тайы Құнан шығып жүн тастап, Жорға болды тайпалып. Иіп алды бөксесін, Екі бұты талтайып, Құрықтай мойны ұзарып, Түзеп алды мүшесін, Сауыры шықты томпайып. Жаз ортасы болғанда Қаракөк құнан түрленді Ортекедей құнтиып. Анық тұлпар осы екен, Жал-құйрығы сымпиып. Шу десе тұлпар ағады, Ауыздықпен алысып, Шалқая тартып шіреніп, Ұшқан құспен жарысып. Маядай мойнын созады, Тарта-тарта баланың Алақаны тозады. Еті қызып желіксе, Бой бермейді қарысып. Ермегі жок ерікті, Күндіз-түні жүрумен Жалғыз бала зерікті. Арада неше қоныпты, Талма түстің шағында, Мидай жапан далада, Құланның ішкен қағында, Сұлап жатқан бір жерде Бір адамға жолықты. Сұлап жатқан адамды Анадайдан көреді, Іркілместен жас бала Қасына жетіп келеді. Сипатына қараса, Жасы үлкен кісі екен, Иіліп сәлем береді. Сәлемін алып ол адам, Мұсылманша сөйлесіп, Жөнін сұрай береді. Сонда бала сөйлейді: – Он екіде жасым бар, Әуре болған басым бар, Басындағы уақиғын Айтып сөйлеп қылды зар. Жалмауыз кемпір бұйырып, Қылды маған қатты кәр. Күнбатыста бір шаһар, Шынтемір деген ханы бар, Күнікей сұлу дейтұғын Ханның жалғыз қызы бар, Сұлулығын сұрасаң, Күндей болған жүзі бар, Соны алмаққа барамын. Аллаға қылып тәуекел, Жеті жылдық жолы бар. Алла, өзің оңда деп, Мен мүсәпір талапкер. Әлқисса, анда ол адам айтты: – Менің затым – мұсылман, атым Тыңлаушы деген едім. Елімізні жау шауып, мен елсізде жүргелі жеті жыл болды, емді ермексіз болған соң, жер астында бір хан қыз ұзатып, той қылып жатыр еді, соны тыңлап жатырмын, –дейді. Енді мен де сізніңменен бірге ел табайын, – деп бірге жаяу болып жүрділер. Екеуі жолдас болып бірге жүрді, Арада неше күндер ойнап-күлді. Екеуі тағы бір жыл бірге жүріп, Бір үлкен өзен-суға кез болды енді. Жағалап ол өзенді келе жатыр, Серік боп бір-біріне екі батыр. Бірі атты, бірі жаяу келе жатса, Бір адам мылтық ұстап қарап отыр. Қасына іркілместен жетіп келді, «Бұл кім, – деп,– мекен қылған жалғыз көлді? Әуелі кім екенін білелік» деп, Қасына жақын келіп сәлем берді. Ол дағы сәлем алды түрегеліп, Тұрады не сұраса жауап беріп. Мұсылманша тіл біліп сөйлескен соң, Барады екеуінің көңілі еріп. – Ай, ата, жапан түзде нағып жүрсің, Қай жұрттан, қай рудан, нәсілің кімсің? Қолыңда мылтығың бар, жолдасың жоқ, Жөніңді айт, балаларың естіп білсін. – Айтайын мен жайымды, балам, – дейді, Көңілім қуанып тұр саған, – дейді. Далада аңда жүріп білмей қалдым, Ел үркіп, кетіп қапты тамам, – дейді. Кеткенін елдің қайда біле алмадым, Қаңғырып һешбір жаққа жүре алмадым. Бұрынғы менің елім мекені осы, Кетуге мұны тастап қия алмадым. Еліміз мұнан үркіп, кеткен жосып, Сіздерге кез боп тұрмын Құдай қосып. Кеше түсте атып ем бір аққуды, Отырмын осы жерде соны тосып. Һәрқашан құс ауаға ұшушы еді, Қайратым сонда менің қысушы еді. Ауада ұшқан құсты бүгін атсам, Уақытында қайта айналып түсуші еді. Сөйледім мен жайымды сіздерге енді, Сіздер де маған енді айт жөніңді. Бұлар да бастан-аяқ айтты сырын, Сол уақтыда аспаннан аққу келді. Аққуды алып, бұлармен жүрді бірге, Бар Құдай жолдас қылды Дотан ерге. Екі жаяу, бір атты жолдас болып, Келеді неше күндік алыс жерге. Үшеуі жолдас болып, бірге жүрді, Сапарда бірнеше күн ойнап-күлді. Үшеуі жолдас болып келе жатса, Аң қуған бір жаяуды көзі көрді. Өзінің тоты құстай басы бар-ды, Мөлшері жиырмада жасы бар-ды. Ол жаяудың қасына жақын келсе, Екі аяқта қазандай тасы бар-ды. Үшеуі аяңдасып жетіп келді, Сөйлескелі көңілі кетіп келді. «Тас байлап, зыр жүгірген неткен жан» деп, Күлісіп көп тамаша етіп келді. Киікті жаяу қуып ұстап алды, Бұлар жақын келген соң тұра қалды. Екі аяқта қазандай екі тасқа, Киік ұстап алғанға қайран қалды. Киікті ұстап, бұларға қарап тұрды, Көрді де үшеуіне сәлем берді. Сәлем алып үшеуі жауап қылды: –Дүниеде көрмедік, – деп, – сіздей ерді. –Сұрасаң, менің атым Желаяқпын, Адамзаттан бір шыққан қу аяқпын. Екі аяққа екі тас байламасам, Тоқтамай ғайып болып кетер-ақпын. Қызырдың маған тиген дұғасы бар, Құданың өзі берген қуаты бар. [Жапан] түзде жүрген мен тірі ғайып, Айтайын мен жайымды, сұрасаңдар. Мен өзім тірі ғайып түзде жүрген, Һәркімге жолдастыққа іздеп жүрген. Тышқан, құстан басқаны жібермеймін, Бар Құдай осылайша қуат берген. Ағалар, мен жайымды айттым саған, Сіздер де айт жайыңды енді маған. Бұ жермен һеш адамзат жүрмеуші еді, Айдаған не себептен Алла Тағалаң? Бұлар да Желаяққа сырын айтты, Қалдырмай бастан-аяқ бәрін айтты. –Күнікей Шынтемір хан қызы, – дейді, Сол үшін барамыз, – деп зарын айтты. Бұларның айтқан сөзін біледі енді, Алладан ізгі пәрмен тіледі енді. –Сіздермен мен де бірге барамын, – деп, Желаяқ та ілесіп жүреді енді. Қосылып бұл төртеуі жол жүреді, Күн-түні есебі жоқ мол жүреді. Бір жыл жол жүрген соң тағы бұлар Бір үлкен асқар тауға кез келеді. Аралап таудың ішін келе жатыр, Жолдас боп бір-біріне өңшең батыр. Қарғаның құйрықтарын жұлып алып, Қайтадан қыстырады басқа-басқа. Әлқисса, бұлар келіп, ол адамға сәлемдесіп жөн сұрадылар. Ол адам айтты: – Мен Көзбайлаушы едім, ермек қылып һәр нәрсеменен ойнап жүремін. Өздеріңізге жол болсын, – дейді. Анда бұлар һәм жайын айтты, аннан кейін Көзбайлаушы һәм бірге жүрді. Басында жалғыз еді, бесеу болды, Оңдағай патша Құдай енді жолды. Аз да болса, жолдасы бәрі мықты, Бөгейтін һәрқайсысы мың-мың қолды. Ат болды алты жасар Қаракөк тай, Жолдан жолдас қосылып көңілі жай. Хазіреті Қызырның жәрдемімен Бұларны берген екен патша Құдай. Жүргелі бұлар тағы бір жыл болды, Көреді тірі пенде һәрбір жолды. Қаракөк тұлпарының жүрісіне Дотанның жылдан-жылға көңілі толды. Келеді неше қабат таудан асып, Бар Құдай жапан түзден нәсіп шашып. Келе жатса, үш биік, сүмбіл шырпы Алдында төбенің тұр қатарласып. Ол тауға жетелік деп аяңдайды, Жүруден, аслан, жанын аянбайды. Шетіндегі екі тау қимылдап тұр, Қорыққаннан қасына таянбайды. Дотанның жібереді жалғыз өзін, Айтқан соң, қайырмады жолдас сөзін. Қол бұлғап, жолдастарын шақырады, Үш тауға өзі барып жақындады. Ол тауларға Ер Дотан сәлем берді, Алдына жетіп барып жөн сұрады. Сәлемін жақсы құптап алады енді, Жолдастары қасына барады енді. – Қалай, – деп, – қоқаң-қоқаң еткендерің? Таулардан мәні-жайын сұрады енді. Әлқисса, бұлар диюлар екен. Ортасындағы үлкені жауап беріп айтты: – Мына екеуі менің екі балам еді, екеуі еншіге таласты, сонан соң мен екеуін таластырмай, күшін салмақтап, күші артығына енші көп берейін деп тұр едім, – дейді. Емді кіші ұлымның күші артық екен, соған артық берейін, – деп, еншілерін берді. Емді бұлардың жөнін сұрады. Бұлар жөнін айтқан соң, сіздерменен Шынтемірханға мен де барып, қызық көріп келейін деп, тау салмақтаған дию бірге жүрді. Басында біреу еді – алтау болды, Қайғыменен күні өтіп жалқау болды. Шынтемірханға көктемде жетеміз деп, Алтауы ақылдасып келеді енді. Мұнымен әңгімеміз тұра тұрсын, Алтауы аяңдасып жүре тұрсын. Хан жағынан сөйлейік біраз енді, Жамағат, қандырайын құлақ құрышын. Әуелі бисмилла-дүр сөзнің басы, Шынтемірхан бірталай елдің басы. Мекені Мұхит теңіз жағасы екен, Бар екен жалғыз қызы, бес баласы. Өзінің Құдай берген дәулеті асқан, Нелер қиын патшамен жағаласқан. Қара қылды қақ жарған әділ екен, Уақытында һеш патша жоқ мұнан асқан. Уақытында патша болған салтанатты, Халқына жағымды екен ғадалатты. Алтындап неше қабат сарай салып, Құдайым берген екен артық бақты. Күнбатыс уәлаятқа патша болған, Қазынасы тоқсан екі сарай толған. Зүбәржат, лағыл, гауһар тас орнатып, Қызына алтындатып сарай салған. Оңаша жатады екен Күнікей қыз, Қасында нөкері бар жиырма қыз. Алтын сүйек, ақ тамақ Күнікейден, Жарандар, аз әңгіме айталық біз. Сарайы Күнікейдің зүбәржат тас, Істер бар тамашалы адам нанбас. Бақ-шарбағы сом лағыл [алтын] қақпа, Баршасын тамам қылып айтып болмас. Күнікей бір күн жатып түс көріпті, Түсінде көп тамаша іс көріпті. Шаһарына алты адам келген екен, Тамам жұрт алтауынан күш көріпті. Түсінде алты адам көреді енді, Күнікей қыз да болса зерек еді. Түсіндегі көргенін айтайын деп, Ең үлкен ағасына келеді енді. Күнікей ағасына жетіп келді, Қорқып өңі-түсі кетіп келді. Жүзіне қарай салып Күнікейдің, – Не жұмысқа келдің? – деп сұрайды енді. –Шырағым, неге келдің, Күнікейжан, Көңілің қапа тартқан түсің жаман. Шырағым, жүзің солғын болды неден, Жаман сөз естідің бе бір адамнан? Әлқисса, сонда Күнікейнің ағасына берген жауабы: –Жан ағеке-ау, құлақ сал, Көргенімді айтайын, Ішіме сыймай барады, Сізге айтпай қайтейін, Құлақ салып тыңлағыл, Түнде көрген түсім бар. Айтқалы келдім, ағеке-ау, Көңілімде қайғы ісім бар, Қатты қорқып бір түстен, Зағыпырандай сарғайған, Реңім солған түсім бар. Сарайда жаттым жасымнан, Арыстан туған ағалар, Құс ұшырмадың басымнан. Қайғы түсті көңіліме, Бір түс көріп тосыннан. Келе жатыр алты адам Ақбөкендей жосыған. Түсі суық алты адам Күншығыстан келіпті, Орғыта басып желіпті. Сол сияқты адамды Осы келген Күнікей Қарындасың көріпті. Ішінде бар бір бала, Мінген аты сұр жайдақ, Тайраңдай басқан қу жайдақ, Жеті жыл болды шыққалы, Дамыл таппай келеді Атқан оқтай бұлдырап. Төрт тұяқтың сарыны Зәремді алып барады, Түскен мұздай сылдырлап. Мойыны құлаш Қаракөк, Кісінеген дауысы Төбемді жарды шыңғырлап. Асқар таудың қиясын Тегіс жердей басады. Аруағы баланың Күннен-күнге асады. Талма түс мезгіл болғанда Ойынды еті бұлтылдап, Бота тірсек, бос мойын, Аузынан көбік шашады. Алтауының бетінен Дәу, перілер қашады, Ішіндегі қу бала Дариядай көңілі тасады. Астындағы Қаракөк Арандай аузын ашады. Мен білсем, аға, алтауы Ерегіскен дұшпанның Қанын судай шашады. Келе жатыр бір бала, Қасқыр бетті сұр бала, Арыстандай жүректі, Жолбарыстай білекті Он сегіз жасар қу бала. Жауырыны қақпақтай, Қайғыменен аһ ұрып, Көзінің жасы көл бала. Көргенімді айтайын, Тыңлағыл мені, жан аға! Шаһарыңа келеді, Қанша дұшпан болса да, Бәрін жеңіп алады. Қарсыласқан дұшпандар Қор болып бәрі өледі. Ертең түсте келеді, Өзіңе сәлем береді. Ағасы сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Мен бір жауап айтайын, Тыңлап мұны тұр, – дейді, Көңіліңді бұзбай, шырағым, Үйіңе қайтып бар, – дейді. Келе қалса, шырағым, Қайратын оның көрерміз, Сөйлесіп жауап берерміз. Саған, қарғам, келсе ол, Һәр іске оны салармыз. Жарар болса әгарда, Тұрпатын сынап қарармыз, Денің сүйсе баланы, Өзіңе жауап қылармыз. Һеш бәндеге шығарма Ішіңдегі сырыңды, Күлкі болып жүрмелік, Көрмей көңіл сенер ме?! Мынау жақта бар еді Қалмақ деген бір дұшпан, Шамасы оған келер ме? Көп жылама зарланып, Көрген түске қорланып, Мұны қалмақ естісе, Кәріп қылар біздерні, Бірақ күнде қамданып. Үйіне қайтып келеді, Ғаріптерні жияды, Ер басына бір алтын Құдайы қылып береді. Мың пақырны жиып ап, Садақа нәзір қылады. Патша қызы Күнікей Бір баланың тілеуін Ғашықтықпен тіледі. Алтауы тынбай жүріп келе жатыр, Бес жаяу, біреуі атты, өңкей батыр. Арада жеті жылдай сапар жүріп, Еліне Шынтемірхан келді ақыр. Құдайым бұлай айдап нәсіп етті, Қорқытып қу жалмауыз тентіретті. Арада талай бейнет көрген байғұс Бұралып Шынтемірге жаңа жетті. Көреді ел қарасын енді бұлар, Арада талай бейнет көрді бұлар. Ел қарасын көргенге шүкір қылып, Бір жерде тамақтанып дем алдылар. Сол жерде тамақтанып дем алысты, Енді елге баралық деп жолға түсті. Бір өзенді жағалап келе жатып, Бір жалғыз қараша үйге кез келісті. Бір ұрғашы, бір еркек ол үйдегі, Үстінде лыпасы бар, жоқ көйлегі. Аш-жалаңаш отырған ол мүсәпір, Бұларға «кімсіздер?» деп сөз сөйледі. – Сөйлейді сөйле десең қызыл тілім, Мехнат бәрі қиын көрген күнім. Жеті жылдай сапарда жүріп келдік, Қызына ғашық болып ханыңыздың. Айталық жайымызды енді саған, Көңліміз жеті жылда-ай жаңа тынған. Алыстан даңқыменен іздеп келдік, Ауылы қайсы ханыңның, айтшы маған. Бұл елдің жақсы адамы кім болады, Жігітке сапар деген сын болады. Сұраймыз, әй, мүсәпір, тағы сізден, Тағы да епті адамы кім болады? Ол адам сөз сөйлейді бұларға енді: – Көңілің мен сөйлесем тынар, – дейді. Айтайын білгенімді енді сізге, Ханымның бес баласы болар, – дейді. Көңілің артық туған бала екенсің, Сен өзің һәрбір іске дана екенсің. Күнікейні мал беріп алайын деп, Шырағым, талап қылып жүр екенсің. Сөйлейін енді, балам, саған жауап, Меккені күші жеткен қылар тәуап. Күнікейдің дидарына ғашық болып, Он мың қалмақ шаһарны алған қамап. Өзіңнің артық екен салтанатың, Жақсы адам шығармайды жаман атын. Он мың қалмақ шаһарға келіп кетті, Жазира деп қойыпты оның атын. Жазира артық патша қуаты көп, Өзінің ләшкері мол, көңілі тоқ. Күнікейді аламын деп хүкім қылған, Һеш қайрат қыла алмады жиылған көп. Қорықты жұрттың бәрі көргеннен соң, Ақырып аюдай боп [төнгеннен] соң Алдынан қыз Күнікей қарсы шықты, Қорыққаннан ел-жұрты иілгеннен соң. Көрген соң Күнікейні болған ғашық, Көңілі қуанғаннан кетті тасып. Күнікейні бермекке уәде қылды, Қорыққан соң ел-жұртымыз қара басып. Ханымыз бес ұлымен қойдай ықты, Ол қалмақ Жазира атты, өзі мықты. Күнікейні береміз дегеннен соң, Уәде қылып шаһарына қайтып кетті. Жолы бар ол қалмақның тоғыз күндік, Бермесек Күнікейні, ақыр өлдік. Ханымызның бір баласы – ақын Шорман, Беліне буынғаны алтын белдік. Әзелде ақылы артық баласының, Саны артық, өзі патша, қаласының. Ала алмайсың Күнікейні, қайтқын, балам, Тілімді менің айтқан аламысың. Өзің жалғыз баласың, жолдасың аз, Шырағым, жаным ашып қыламын наз. Өлтірер бәрімізні, қалмақ білсе, Несіне, ай, шырағым, боласыз мәз. Ол бала сөз айтады онан кейін: – Сөзіне бұл адамның мен не дейін?! Көрерміз қалмақ жаудың мәні-жайын, Ханыңмен сөйлеселік оған дейін. Жеті жыл Сарығудан шыққаныма, Жеті жастан үлгі сөз ұққаныма. Күнікейні еліме алып кетпей, Көрмей-ақ қу қалмақтан қорыққаным ба? Мүсәпір, сенің өзің сөз білмейсің, Жазира бір ақырса, үндемейсің. Қаңғырған өңшең жаяу не қылар деп, Бойыңа біз пақырды теңгермейсің. Сөзіңді сенің айтқан аңғарайын, Қалмақ жау күшті болса таң қылайын. Ауылын ханыңыздың маған көрсет, Аулына ханыңыздың мен барайын. Жас бала осылайша жауап етті, Қалмақтан көрдің бе деп хүкіметті. Шаһарын патшасының көрсеткен соң, Алтауы жолға түсіп жүріп кетті. Атты-жаяу жолменен келе жатыр, Не көрмес тірілікте бәнде пақыр. Баяғы қыздың түсі рас болып, Бұларды ақын Шорман көреді ақыр. Алыстан бұлар келді сапар жүріп, Қайғысы басылды енді көңілі тынып. Сымбатын қыздың айтқан таныған соң, Алдына қызмет қылды зыр жүгіріп. Баланың түсі кірді баяғыдай, Ер жігіт айтқан сөзден таяды ма-ай. Жеті жыл сапар жүріп ара жолда, Ел көрді тірілікпен аяғында-ай. Данышпан ақын Шорман ақылы артық, Бақыты заманында тұрды шалқып. Бұларды мейман кылып күте берді, Һешбірі сөйлемейді жауап қатып. Сонда Шорманның бұлардан жауап сұрағаны: – Жол болсын, сөйлей отыр, меймандарым, Көңіліңе немене еді алғандарың? Қай жақтан келесіздер, айт жөніңді, Бір тұқымдас елмісіз осы бәрің? Һәрқайсың мың кісідей бар ғой күшің, Біледі айтпасаң да менім ішім. Қайғылы қапалықпен жүр екенсіз, Қарасам, һәр алуан һәрбірісің. Жас бала, артық екен сәулетіңіз, Сөз айтар бар ма бізге нәубетіңіз. Жасың бар он жетіге жаңа келген, Қарасам, жаннан артық сипатыңыз. Сұрасаң, ақын Шорман – менің атым, Бәріңнің жұрттан бөлек салтанатың. Жол болсын деп сұраймын, меймандарым, Боласыз қай рудан, азаматым? Сөйлейді сонда жауап Дотан бала, Нәсілін артық қылған Хақ Тағала. – Көңілімде һәр алуан жұмысым бар, Айтайын, сіз сұрасаң, жаным аға. Жерім атын сұрасаң Сарығу-ды, Қайғымен көзім жасы бетім жуды. Басымызға іс түсіп сапар жүрдік, Шыққалы елімізден жеті жыл-ды. Әкем атын сұрасаң Құбақанбай, Тілегін артық берген Жаппар Құдай. Қырық қатын әкеміз алған екен, Жиһанда төрт түліктің бәрі де сай. Әкеміз бай болыпты жасынан-ақ, Құдайым дәулет берген басынан-ақ. Әкеміз сегіз сарай үй салдырып, Астына мінген [екен] алтыннан тақ. Бір күні тақта жатып түс көріпті, Түсінде сұлу көркем қыз көріпті. Сипаты жаннан артық бір қыз көріп, Мұны қайдан табам деп күш көріпті. Қырмызы қызыл жібек айтса жүзін, Құлақпен есіткендей айтқан сөзін. Шынтемір хан кенжесі жалғыз қызы, Күнікей деп айтады оның өзін. Әкеміз көрген түсін бізге айтты, Сөзін бізге айтқан соң қайта жатты. Соны іздеп табыңдар деді бізге, Әкеме қайғы дерті жаман батты. Сонан соң талап қылдық ізденуге, Аралап жер шаршысын кезденуге. Ағалардан һешбіреу ермеген соң, Мыналар жолдас болды сонда бізге. Жеті жыл мен шыққалы болған екен, Көңіліме қапа-қайғы толған екен. Даңқыңды сыртыңыздан естіп алып, Үйіңе меймандарың келген екен. Жасым бар он жетіге жаңа келген. Тар жолда Ғайып пірім медет берген. Тай еді мінгенімде Қаракөгім Ішінен он мың жылқы таңлап мінген. Келеміз сонан бері арып-ашып, Айдады бері қарай тағам нәсіп. Шаһарыңа есен-аман келгеннен соң, Отырмын алғандай боп көңілім тасып. Нелер қиын таулардан асып келдім, Адам баспас жерлерні басып келдім. Он жасымнан көргенім – жол бейнеті, Азып-тозып қуатым қашып келдім. Бүгін мен келіп түстім өзіңізге, Хабар айт патша менен биіңізге. Ертең тұрып, бүрсікүн жауабың бер, Тынығып біз келгенше күйімізге. Айдаған бізді бұлай Құдай ісі, Арада тынбай жүрдік жазы-қысы. Жеті жылдық жолыңды іздегенім, Әкемнің қайғы болды іші-тысы. Осы еді жұмысымыз, Шорман аға, Тайынан Қаракөкке салдым таға. Жеті жыл азып-тозып жүргеннен соң, Қалмады ініңізде титтей баға. Патшаңыз ардақтаған Күнікейін, Қолынан разы боп берсін бізге . Сөз айтар ақын Шорман оған қарай: – Бұл жерге айдап келді Жаппар Құдай. Көңіліме қатты тиді айтқан сөзің, Шырағым, Күнікей деген сөзің қалай? Сөзіңнің артық көрдім затын, сірә, Қолыңда бар ма жазған хатың, сірә. Ұшып келген Сарығудан тоты құстай, Бар ма еді Күнікейде ақың, сірә. Арада жеті жылдай жол жүріпсің, Тоқтамай күні-түні мол жүріпсің. Не де болса, Күнікеймен өзің сөйлес, Сөйлесіп армансыз боп көңілің тынсын. Ой ойлар неше түрлі ақын Шорман, Болмайды бәрі тегіс көңілге алған. Тез келіп меймандарға көрінсін деп, Ағасы Күнікейге кісі салған. Күнікей шақырған соң келе жатыр, Күйме мініп, қолға алып алтын шатыр. Күнікей жарқ-жұрқ [етіп] кіріп келсе, Қайран боп қарап тұрды өңшең батыр. Сәулетпен келе жатыр нөкерімен, Дүниенің өкінерсің бекерінен. Қырық қыздың ішінде Күнікейің Жалтырап маңлайынан күн көрінген. Күнікей жүдеп жүрген ала жаздай, Сол елде жалғыз басты көптен аздай. Күймеден түсті дағы үйге кірді, Қойқаңдап көлге қонған қоңыр қаздай. Әлқисса, Күнікейдің алдынан Шорман ағасы келді, сонда Күнікейдің ағасына айтқаны: Жан аға, амансыз ба, данышпаным, Һәрқашан дұшпан келсе алысқаным. Топқа һеш мені, сірә, шақырмаушы ең Састың ба бір нәрседен, арыстаным?! Қырғи құс торғай ілер көкте жүріп, Жақсы адам іс бітірер ептеп жүріп. Жақсы мейман келгендей куаныпсыз, Алдымнан шыға келдің зыр жүгіріп. Басқамен менің, сірә, ісім бар ма, Қараңғы үйді жарық қылар түсім бар ма?! Дауысы бір тұйғынның шаңқылдайды, Жан аға, бұл үйіңде кісің бар ма? Жағалай өзен-суға бітер құрақ, Кімдікі мынау тұрған қару-жарақ? Бұрын өзім көрмеген істер көріп, Жан аға, соның үшін тұрмын сұрап. Қыз едім, еркек емес менім өзім, Сарғайған сәнаменен қызыл жүзім. Осынша топ ішіне шақырыпсыз, Бар еді маған айтар қандай сөзің? Сөйлейді сонда ағасы жауап беріп: – Шырағым, шақырған соң тұрсыз келіп. Не қыларын мұнан былай Алла білер, Міне тұр, тілеуіңді Құдай беріп. Бір түсті маған келіп айтып едің, Асығып айта салып қайтып едің. Шырағым көрген түсі келер ме деп, Ескеріп сонан бері байқап едім. Жалтырап сауытымен келген екен, Бір саған іңкәр болып жүрген екен. Өзі қалмақ, кешегі Жазира итті Бұлар да сырттан сұрап білген екен. Қарағым Күнікейжан, ақылың артық, Жүруші ем қу қалмақтан ішім қорқып. Ер Дотан өзің айтқан іздеп келді, Біле бер ендігісін ақыл тоқып. Келтірді сау-саламат жалғыз Алла, Жүрген соң медет беріп шыбын жанға. Шырағым, көргеннен соң үйіңе қайт, Жүрмелік күлкі болып көп дұшпанға. Дұшпаным осы күнде толып жатыр, Келіпті сізді іздеп бір өңшең батыр. Данышпан ақылы артық адам екен, Ұнатсаң, мен беруге қылдым ақыл. Күнікей мына сөзге қуанады, Ағасы айтқан сөзін құп алады. Баланы көргеннен соң тамаша қып, Тез қайтып өз үйіне жөнеледі. Үйіне келіп кірді Қүнікей қыз, «Жазира, енді менен үмітіңді үз». Бір арғымақ құдайы қып бауыздады, «Құдай-а, қоса көр, – деп, – балаға тез». Құдайға бір арғымақ шалып сойды, Баланың дидарына көңілі тойды. Алтын сарай қазына, ішіктерін, Бәрін де қуанғаннан ашып қойды. Көрінді тіпті жақсы қызға бұл іс, Күнікей енді алмады бір дем-тыныс. «Құдай-а, бұл балаға қоса көр» деп, Ғаріптерге үлестірді алтын-күміс. Құдай-ау, бөгеу берме қызыл тілге, Кез келді алты кісі рулы елге. Қызды көріп, бұлар да қуанады, «Бір Құдай, медет бер, – деп, – біздей ерге». Қызды көріп жөнелді ханға бәрі, Дотанның табылған соң теңі-жары. Хан үйіне «сөйлес» деп жетіп барды, Көңілінде Күнікей боп ынтызары. Сөйлес қылып қақпада тұра қалды, Көрген адам бұларға қайран қалды. – Алыс жолдан біз келген меймандармыз, Қонамыз, – деп патшаға хабар салды. «Қонсын» деп мейман үйге кіргізеді, Алдына қызметкерлер жүргізеді. Астына кілем жайып, көрпе төсеп, Неше түрлі тағамдар бергізеді. Жатады мейман болып ол үйіне, Бұлар да түсіп жүрген зар күйіне. «Меймандар қайсы жұрттың адамы екен, Біліп кел» деп бұйырды бір биіне. Ол биі жетіп келіп сөз сұрайды, Мейман жайын білуге тез сұрайды. «Қай жерлік, қайсы жұрттың адамысыз? Баян қыл мәні-жайың» деп сұрайды. Әлқисса, сол халде Шынтемірханның Бақтияр деген ақыны бар екен, сол домбырасын қолға алып, «оларның жайын мен білемін» деп сөйлегені бұ тұрұр: – Ей, ханым, мен сөйлейін, тыңласаңыз, Тыңлаңыз, алыс жерді болжасаңыз. Бар екен Құбақанбай күншығыста, Айтайын бізге ашу қылмасаңыз. Жолы бар жеті жылдық жері шалғай, Атасы қызы-ұлының Құбақанбай. Тоғыз қатын бір өзі алған екен, Беріпті және қырық қыз Жаппар Құдай. Өзінің Құдай берген дәулеті мол, Жан-жағы елсіз болар жеті айлық жол. Һәммасын, мәні-жайын білгеннен соң, Баян қып алдыңызға айтқаным сол. Ұйықтапты бір күн өзі тақта жатып, Құдайым түс көрсеткен таңырқатып. Түсінде бір сарайға кіріп барып, Аралап көп қызыққа қалған батып. Түсінде ол сарайға кірген екен, Сарайда Күнікейні көрген екен. Түсінде қызыңызға ғашық болып, Құдайым қатты қайғы берген екен. Құбақан сол түсінен оянады, Бұ түсім қалай түс деп ойға алады. Түсінде Күнікейге ғашық болып, Ішіне жаман қатты қайғы алады. Түсінде қызың жөнін айтып берген, Түсінде бәрін мұның қайтіп көрген?! Жас бала атасы үшін келген іздеп, Қасында бес кісі бар жолдасқа ерген. Арада жеті жылдай жүрген екен, Атасы хатқа жазып берген екен. Тақсыр-ау, кесіп алсаң, міне басым, Алмаққа қызыңызны келген екен. Мұны есітіп хан орнынан түрегелді, Меймандарын көрмекке жүреді енді. Қандай жандар екенін білейін деп, Үстіне меймандардың кіріп келді. Келді де Шынтемірхан сөз сөйлейді, Отырып тізе бүкпей тез сөйлейді. – Жұмысың қиын көңіліңе алған, жарқын балам, Келмейді қолымыздан, – деп сөйлейді. Айтайын, келмейтұғын жайын, – дейді, Қылғалы келіп пе едің қайын, – дейді. Жазира атты қалмақның ханы шығып, Жау болды бізге осы дәйін, – дейді. Аттанып мың сан қолмен келді бізге, Жарқыным, құлағың сал мына сөзге. Күнікейді бермесең, шабам деді, Сөзім жоқ айтатын мұнан өзге. Оған бізнің халіміз келмес болды, Қанша айтсақ өзге іске көнбес болды. Күнікейді бермесең, шабамын деп, Айнала қамап алды оң мен солды. Қорыққан соң Күнікейді бермек болдық, Жұрт үшін бір баланы құрбан қылдық. Берелік Күнікейді, қайтыңыз деп, Қайтып келіп алғыл деп сөзді түйдік. Жазира сонан кейін қайтып кетті, Уағада келемін деп айтып кетті. Жазираны өлтірсең, қызды аласың, Мінеки, тыңласаңыз бізнің кепті. Әліміз біздің, сірә, келмейді оған, Жау қалмақ [алмай қоймас], өзі жаман. Жазираны өлтіріп ала алмасаң, Айтатұғын сөзім жоқ енді саған. Бұл сөзді мақұл көрді сонда бала, Көңілін һеш нәрсеге қылмайды ала. Жазираны өлтіріп берейін деп, Сауытын киіп алды тұра сала. Дотанның ханға айтқан жауабы: – Тақсыр хан, уағадаңнан жаңылмағыл, Жазира алады деп қам қылмағыл. Жазира өлгеннен соң қызың бермей, Қалаңды бекер-босқа шаң қылмағыл. Калмаққа жүрмек болды тәуекел деп, Оңласа Жаппар Алла, алайын деп. Патшаның Телқоңырын жетекке алды, Алдыңа басын ап кеп салайын деп. Алмады жалғыз жолдас осы бала, Оңласын ердің жолын Хақ Тағала. Ер Дотан «иә, Алла» деп түсті жолға, Айдады Жаппар Алла, бар ма шара. Сауыт киіп, садағын қолына алды, Алланы мінәжат қып көңіліне алды. Жалғыз барып қалмақпен соғыспаққа Бастарын қос тұлпардың жолға салды. Жалғыз кетті жас бала, Бір Құдайға жалбарып Қылады күнде көп нала, – Бағымды, Құдай, ашқыл, – деп, Дұшпанның көңілін басқыл, – деп, Айтады күнде мың сана. Талап қылдым қалмаққа, Шаһарын бұзып алмаққа, Жаратқан Тәңірім, бол пана. Жөнеді бала, жөнеді, Шәкпір ұрып келеді, Құдайға бәнде болғансын, Не салса да көнеді. Тоғыз күн ұдай жол жүріп, Аз ғана емес, мол жүріп, Қалмақтың шаһарын көреді. Құбыладан соққан борандай Қос тұлпардың тозаңын Бұрқыратып келеді. Шаһардың күндік жерінде Тоғыз кісі аң аулап, Қарауылда жүреді. Келе жатқан жас бала Бұларға жетіп келеді, Бірін-бірі көреді, Жолын сұрай береді. Сонда бала сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Менің өзім баламын, Оттай қаулап жанамын, Жасымнан қайғы көргенім, Ішім толған сәнамын. Ханыңа барып сәлем айт, Алла маған жар болса, Басын кесіп аламын, Жұртыңа бүлік саламын. Іздегенім шәджағат, Мұсылманға панамын. Сонда бұлар сөйлейді: – Тұра тұр енді сіз,– дейді, Баралық елге біз, – дейді. Жапа-жалғыз жас бала, Майданды неге іздейді?! Бала тұра қалады. Олар шауып желбіреп Ханына жетіп барады. Кіріп барып ханына Енді сөйлей береді, Тоғызының ішінен Біреуі жауап береді: – Келді жалғыз бір бала, Он сегізде жасы бар. Мен байқасам, баланың Мың кісілік басы бар. Қол астындағы еліңнен Бір кісі шықпас оған пар. Қаңтарда жауған бұлттай Заһарлы суық түсі бар. Іздеп келді өзіңді, Соғысатұғын ісі бар. Бұл жұрттан бөлек тұрпаты, Сан кісілік күші бар. Мұны есітіп Жазира, Жұртына хүкім қылады, Батырларын жиып ап, Қайраттарын сынады. – Алдынан жылдам бар, – дейді, Үлкен майдан сал, – дейді. Жалғыз жүрген жан болса, Басын кесіп ал, – дейді. Бес жүз кісі аттанды, Хан Жазира шаттанды, «Алып кел, – деп, – дұшпанды», Үйде отырып мақтанды, «Ажал айдап бұл жүрген Не қылған жалғыз адам» деп, Жазира қалмақ саптанды. Бес жүз кісі барады, Барып қалмақ көреді, Жалғыз тұрған баланың Жан-жағын қоршап алады. Қамаған жауды көрген соң, Аллаға қылып мінәжат, Тұлпарға қамшы салады. Ақырды күндей күркіреп, Қабағынан қар жауып, Кірпігіне мұз тоңып, Жауған күндей сіркіреп, Алла деп енді ат қойды. Ол шетінен кіреді, Бұл шетінен шығады. Қойға кірді бір бөрі, Бөріктіріп ақырды, Бір баланың кәрінен Шыдай алмай көп қалмақ Үріккен қойдай қашады. Тұлпарға қамшы басады, Қайраты судай тасады. Кез келгенін қырады, Қылышпенен ұрады, Қалмақтар жаман сасады. Жас баланың аруағы Қалмақтың үстін басады. Толып жатқан қалмақтың Қанын судай шашады. Аттанып келген қалмақтың Қырғыннан аман қалғаны Қалаға қарай қашады. Қашып барды ханына, Жәбір тиіп жанына, Ханына арыз қыла алмай, Тақат қылып тұра алмай, Қашып кірді тамына. Мұны көріп қалмақтар Ханына жетіп барады, – Бір пәле келді, тақсыр, – деп, Алдына басын салады, – Ойран қылып барады, – Дейді, – шаһар-қаланы. Мұны есітіп Жазира Қорқады жаман сандалып. Хабар салып шаһарына, Мінді атына қамданып. Қалмақтар жаман қорқады Ол балаға таңланып. Атына мініп Жазира Балаға жетіп келеді, Іркілмей саспай паңланып. Сонда қалмақтың балаға айтқаны: – Ай, балам, ажал айдап келді сені, Хан Жазира деп айтұр, білсең мені. Ажалыңа асық боп жүр екенсің, Көрерсің көп теперіш тұрсаң әлі. Ай, балам, кім болады атың сенің, Қайсы жұрттан болады затың сенің? Ажал айдап келтірген сорлы балам, Қолыңда бар ма белгі хатың сенің? Жазира мына сөзге ашуланды, Шыдамай ашуынан оттай жанды. «Ай, бала, кезек беріп мықты бол» деп, Садағын атайын деп қолына алды. Садағын тартып қалды, кезеп тұрып, Ер Дотан қарап тұрды кезек беріп. Тасқа тиген оқтай боп тайып шықты, Тақсыр Қызыр тоқтатты қалқан болып. Оқ түсті тақсыр Қызыр қалқан болып, Оқ өтпей қалмақ тұрды көңілі солып. Ер Дотан қол қояды садағына, Қалмаққа сөз сөйлейді сонда тұрып: – Ай, қалмақ, ажалыңыз енді келді, Аузыңа қаратыпсың тамам елді. Мұны айтып садағымен тартып қалды, Кірістен өтіп алып оқ жөнелді. Қалмаққа кақ жүректен тиді барып, Оқ кетті қалқан, сауыт қабат жарып. Жиылған көп қалмақтар батпай қалды, Тіке қайта жөнелді басты алып. Қайтадан Дотан жөнеді, Басты байлап жанына, Бұрқыратып келеді. Бір жерлерге келгенде Телқоңырға мінеді. Шынтемірден шыққанға Сонда он күн боп еді. Кезек-кезек мінеді Екі тұлпар атына, Намаз оқып, дем алды Бір таудың келіп шатына. Онан тағы жөнеді, Қарамады артына, Дәл он бес күн болғанда Жетіп келді Ер Дотан Мұнара қорған сатыға. Сол жерлерге келгенде Ел қарасын көреді, Мұнара қорған дейтұғын Қарауыл пана жер еді, Күнікей сұлу сол халде Сарайдың шығып үстіне, Жолына қарап жүр еді. Әне-міне дегенше, Ашып көзді жұмғанша, Ұйытқып саулап келеді. Жазира кәпір қалмақтың Басын әкеп салады. Жасауылдар, билері Жазираның басыны Ханға алып барады. Шынтемірхан ал сонда Басны алып көреді, Басны көріп таниды, Дотанға жетіп келеді. Келіп сөйлей береді: – Қуанып кеттім, шырағым, Өзіңді аман көрген соң. Дұшпаным жау қалмақтың Басын әкеп берген соң Басын танып білген соң, Ай, қарағым, Дотанжан, Елі-жұртым жияйын, Тамаша тойлар қылайын, Анық батыр екенсіз, Тағы да бір сынайын. Тауып келсең сонымны, Қызымны саған берейін. Сонда Дотан сөйлейді: – Шынтемірхан сіз болсаң, Құлақ салғыл сөзіме, Дұшпаныңа жіберіп, Уәде қылдың өзіме. Сіздей әділ жандарның Уәдесі жалған болғаны Дұрыс па екен өзіңе?! Құлақ салғым келеді Уағданың түзік тезіне. Сонда ханың сөйлейді: – Уағдамды бұзбаймын, Бір уағда қылғансын, Һеш нәрсеге қызбаймын. Жүз байтал маған тауып бер, Қалың малы сол болсын, Онан ары созбаймын. Бұ сөзні естіп Ер Дотан Жолдастарға келеді. Шынтемірханның жауабын Айтып сөйлеп береді. Жүз байтал сатып апкел деп, Бір қоржын басы алтынды Қолдарына береді. Жолдастары жүгіріп Базарға жетіп барады, Жүз байталды бір жерден Сауда қылып алады. Ханына айдап барады, Жүз байталды апарып, Хан алдына салады. Жылқыны көріп Шынтемір Елі-жұртын жияды, Екеуін де бітірді, Екі қайта сынады. Һәр түліктен мал сойып, Енді тойын қылады. Қызын неках қылмаққа Дотан сынды батырға Ақылына сияды. Жаратқан барша жанды Құдайым-ды, Жамандар көп ойлайды уайымды. Той қылып Шынтемір хан гулеп жатыр, Болады бір бұзықтан сөз дайын-ды. Той қылып Шынтемір хан гулеп жатыр, Жиылды тамашаға өңшең батыр. Бар екен ханның биі Орман деген, Тойына шақырған соң келе жатыр. Отырды хан қасында дардай болып, Шөктірген жота жерге нардай болып, Аздырмаққа ол ханды ой қылады, Сөз аңдыған ұрғашы қарыдай боп. Оңашаға ол ханды шақырады, Есітуге бидің сөзін хан тұрады. «Жалғыз жүрген жолаушыға қыз берме» деп, Патшаны шайтан болып азғырады. – Ай, тақсыр, ой ойламай неге састың, Малыңды неге сойып бекер шаштың? Алдалық амалменен ол баланы, Ұят-ты қыз алғаны жалғыз бастың. Жалғыз басқа қыз берме, тақсыр ханым, Қызың берсең бұл жұртқа кетер сәнің. Жүз байталға қызыңны неге саттың? Атасы хан болмаған, білсең, оның. Патшаңыз мына сөзге тоқталады, Бұзуға уағдасын оқталады. –Кім аты озса қызны алады деп, Балаға Шынтемірхан сөз салады. –Той болған соң ат шаппай жараспайды, Жақсыға жаман кісі жанаспайды. Аты қалса қызымнан құр қалғаны, – Деп Шынтемір тағы да сөз бастайды. –Бұл сөзің, – Дотан бала, – жарар, – дейді, Не айтсаң да бәрі аузыңа қарар, – дейді. Бәрекелді, ат шаппақ жақсы кеп деп, Ер Дотан мақұл көріп, барам, – дейді. Патшамыз уағдасынан неге тайған?! Қорқытып Жазира хан жүрек шайған. Уағдасынан патшаның тайғаны сол, Аты озған алсын деп жауап айған. Дотан бала патшаға кісі салды, Қаракөкті егерлеп мініп алды. –Аты озған жан қызыңны алмақ болса, Шығар, – деп, – бәйгі атыңды, – айғай салды. Бұл сөзді хан есітті хабар барып, Ат жиды хан еліне қаһар салып. «Екі қонып, үшінші күн қайтыңыз» деп, Айдады үш жүз тұлпар жиып алып. Тартады үшінші күн аттың басын, Сөзіме тыңлаған жан таңырқасын. Ер Дотан Қаракөкке өзі мінді, Көрінді үш жүз аттан күші басым. Ат қайтты Сарыжазықтан шұбатылып, Жалғызға қылсын Алла жәрдемшілік. Сан қолдан жеке-дара озып кетті, Дотанның Қаракөгі жалғыз шығып. Аруағы Ер Дотанның асады енді, Қамшыны Қаракөкке басады енді. Сан қолдан жалғыз келген көк тұлпарды Көргенсін Шынтемір хан сасады енді. Көк тұлпар үш жүз аттан жеке келді, Бар Құдай бейшараға медет қылды. Құдайға шүкір қылды Дотан бала, Қорқытты ханы түгіл, бүкіл елді. Қаракөк үш жүз аттан жеке келіп, Отырды жолаушылар көңілі тынып. Аты озып Ер Дотанның алды бәйгі, Аты қалып хан отыр сағы сынып. Тағы да ханға Дотан кісі салды, Жіберді тау көтерген батыр шалды. –Уағдасымен тез енді қызын берсін, Бермейтін Күнікейні несі қалды?! Уағдасын хан енді Қайта-қайта бұзбасын. Азғырылып һәркімге, Жел сөздерге қызбасын. Берсін қызын тез енді, Уағда қылған сөзімен Бекер қаңғып қозбасын. Хан айтты: – Бір бәйгі бар, бәйгі күрес, Орынсыз, бекер сіздер қылма егес. Бәйгі тігіп бір палуан тұрғызалық, Ерлерге асығыстық мақұл емес. Саған бермей қызымды не қыламын, Қыз бермекке ел жиып той қыламын. Хан тойы деп айтады мұның өзін, Қылалық көп тамаша енді, жаным. Көрерсіз көп тамаша, һәр ойындар, Тамашаға келіп тұр көп адамдар. Палуан күрес қылалық бәйгі тігіп, Жарыссын онан кейін жаяу жандар. Күрессін екі жақтан палуандар, Көрсетсін һәрбір өнер алуандар. Көрелік палуандарның тамашасын, Қарасын тамашаға тірі жандар. Ер Дотан мақұл дейді хан сөзіне, – Не десең де көнемін, хан, өзіңе. Уағдаңны қайта-қайта бұза беріп, Күйе жағып жүрмесін, хан, жүзіңе. Хан шығарды палуанын батыр Барақ, Жиылған күллі шаһар тұрды қарап. Шығыпты Таусалмақтағыш енді бұған, Келеді күреспекке қылып талап. Күресті екі күндей екі палуан, Көрсетті түрлі өнер алуан-алуан. Тілеуі Ер Дотанның дұрыс болып, Барақты көтеріп ап жыға салған. Балуаны Шынтемірхан жығылады, Балшыққа басы барып тығылады. Жаяу бәйгі қылғаннан оза алмасақ, Тамам жұрт бір-біріне соғылады. Қылады жаяу жарыс мұнан кейін, Жеңілсек не болар деп үшке дейін. Бір кемпірді шығарды Шынтемірхан, Азырақ жаяулардан сөз сөйлейін. Шығарды Желаяқты батыр Дотан, Медет тілеп тұрады бір Құдадан. Екі етекті беліне түріп алып, Екеуі үш күншілік жерге барған. Екеуі үш күншілік жерге барды, Отырып бір арада демін алды. –Ай, шешеке, мен қатты шөлдедім деп, Желаяқ қу кемпірге айтып салды. –Шөлдесең, міне, сусын, ай, қарағым, Даярлап қолына алды ақ арағын. Жаяуға жеңіл болар бұл, ай, шырағым, Жан қалтамда бар еді ақ шалабым. Қулығы қу кемпірдің асады енді, Арақ ішіп Желаяқ сасады енді. Желаяқ мас болып бір қалған жерде Қу кемпір елге қарап қашады енді. Бір күн, бір түн жөнелді кемпір қашып, Желаяқты қалыпты қара басып. Желаяқ бір күннен соң есін жиып, Қарады төңірекке көзін ашып. Қараса, қу кемпір жоқ, кетіп қалған, Күн көтеріліп сәскеге жетіп қалған. Екі етегін беліне түріп алып, Артынан «иә, Алла» деп бұ да салған. Екі етегін түріп ап жүріп кетті, Жүрген ізін кемпірдің көріп кетті. Бір күн, бір түн алдынан бұрын кеткен Кемпірді дәл бесінде қуып жетті. Бір уыс топырақты қолына алды, Қасына қу кемпірнің жақын барды. «Жеттің бе, шырағым» деп жалт қараса, Көзіне топырақты құя салды. Кемпір қалды көзіне топырақ кіріп, Желаяқ кетіп қалды зыр жүгіріп. Желаяқ тап сол күні күн батпастан Отырды демін алып елге келіп. Сонда хан мұны көріп қайғыланды, Үшке шейін қалған соң назаланды. Таң атып ертең сәске болғанында Тырбаңдап сорлы кемпір зорға келді. Хан тағы жарлық қылды жұртын жиып, Екі жұрт бір қыз үшін жанын қиып. Жамбы аттырам деп сонда бәйгі қылып, Бір қарағай орнатты тіптен биік. Ол жерге тағы келді ел жиылып, Құдаға бір қыз үшін көп сиынып. Қалтаға ат басындай алтын салып, Қарағайның басына қойды іліп. Алтынды қарағайға асады енді, Мергендер мылтықтарын басады енді. Оқ тиіп біреуміз өлерміз деп, Қорқақтар быт-шыт болып қашады енді. Атады талай мерген мылтық алып, Барады талайының көңілі қалып. Үш жүз мерген жиыпты Шынтемірхан, Тамам жұрт қарап тұрды көзін салып. Барады Аққуатқан оған таман, –Мергендер, келмеді ме бұған шамаң? Бәрің де түсіре алмай шаршадыңдар, Азырақ сабыр қылып, берші маған. Атып болсаң, бәрің де былай тұрғыл, Сіздер менің өнерімді сынай тұрғыл. Жамбыны бір атқаннан мен түсірсем, Ыза болып бәрің де жылай тұрғыл. Сұрмерген келе жатыр мылтық алып, Кезек берді баршасы қарай қалып. Көздеп тұрып мылтықты басып еді, Оғы кетті жамбыны жұлып алып. Жаратқан барша жанды Жаппар Алла, Һәрқашан жалғыздарға болғай пана. Жамбыны бүгін түсте атып еді, Түседі қайта айланып сол уағында. Кешегі атқан жамбысы бүгін келді, Барша жұрт мұны көріп қайран болды. Бәйгіні төртке дейін алғаннан соң, Сандалып Шынтемірхан қайғыланды. Сонда елін Шынтемірхан жиып алды, Ұлық-кішік бәріне ақыл салды. Басындағы азғырып ақыл айтқан Қасына Орман дейтін биін алды. –Би едің, өзің қазы, ақылың дана, Қорқытты ғой мені енді осы бала. Отыз күндей тоқтаттым амалменен, Бір ақылды тапсаңшы тағы жаңа. Орман би сөз сөйледі сабыр қылып, Сасқанын Шынтемірнің анық біліп: –Баста күдер үзгізбей, бермеймін деп, Несіне енді маған тұрсыз келіп?! Падиша айрылыпсыз дана сөзден, Осынша сасып тұрмақ өзіңізден. Беремін деп қызыңны уағда қылмай, Неге ақыл сұрамадың бұрын бізден? Айтайын бір ақылды енді сізге, Бұл бала бәле болды осы кезде. Күнікейді бір жаққа қашыралық, Таппаған боп қаралық өзіміз де. Қырық жігіт алып кетсін түнде барып, Сандықпенен арбаға салып алып. Қайда кетіп қалғанын қайдан білсін, Таппаған боп қаралық ертіп алып. Хан сонда мына сөзді мақұл көрді, Жиылып сарайдағы қызға келді. Ұйықтап жатқан жерінде оятпастан, Күнікейді сандыққа салады енді. Сандықның тас бекітіп аузын жапты, Сандықты әкеп арбаға таңып апты. Қашқалы жатқанында Жертыңлаушы Бәрін де осыларның естіп қапты. Тың тыңлаушы саққұлақ бәрін білді, Білгенсін жай отырып өзі күлді. Бұларның істеп жатқан әрекетін Қасында жолдастарға баян қылды. –Мынау ел бір әңгіме ойлап жатыр, Арба жегіп аттарын сайлап жатыр. Күнікейді сандыққа салып алып, Ол сандықны арбаға байлап жатыр. Осы күні жүріп кетті маған нансаң, Біздернің есіткенімізні қайдан білсін. Білгенімді мен сізге баян қылдым, Ер Дотан айналайын, көңлің тынсын. Ер Дотан құлақ салды тыңлап тұрып, Хан бұзды уәдесін Құдай ұрып. –Соғыс қылып шаһарды қиратам, – деп, Дотан тұра жөнелді атқа ұмтылып. Ер Дотан қаһарланып ақырады, Қасына жолдастарын шақырады. Көзбайлаушы алдына жетіп келіп, Неге қапа болдың деп сөз сұрады. Ер Дотан сөйлемеді ашу қысып, Жолдастың бәрі келді жүгірісіп. –Көзін байлап тал түсте ап келем, – деп, Жолдастарға айтады басын қосып. Барайын дұға оқып қашқандарға, Өз-өзінен жалбырап сасқандарға. Алтауымыз алты мыңдық адамдармыз, Құтылмас ұшып кетпей аспандарға. Қашқандарға [жетейін] түнде барып, Келейін сандығымен ұрлап алып. Өздері онан ары кете берсін, Аттарына арбасын байлап алып. Мұны айтып Көзбайлаушы жолға түсті, Не қылмас құдіретті Құдай күшті. Күнікейді түнде барып тауып алды, Һеш адам біле алмады мынау істі. Көздерін қашқандарның байлай салды, Сандықпен Күнікейді ұрлап алды. Күнікейді Көзбайлаушы алып қайтты, Ол жерде һешбір адам білмей қалды. Көздерін дұғаменен байлап кетті, Аттарын арба салған айдап кетті. Күнікейден айырылып қара басып, Сорлары байғұстарның қайнап кетті. Пәлені қашқандарға салып келді, Бір түнде талай жерді шауып келді. Түнде кетіп, тал түсте Көзбайлаушы Өңгеріп Күнікейді алып келді. Амалы Көзбайлаушы асады енді, Келген соң тез аттанып қашады енді. Үш күн, үш түн жүрген соң бір жерге кеп, Сандықның аузын бұрап ашады енді. Сандықтан қыз Күнікей түрегелді, Батырды Дотан сынды көзі көрді. Күнікей түрегеліп тағзым қылды, Құдай тілек бергенін енді білді. Күнікей Телқоңырға мініп алып, Батырлар елге қарай желдей желді. Жетеуі, «иә, Алла» деп аяңдады, Жүруден күндіз-түні аянбады. Алты жыл дамыл алмай жүріп келді, Бір жерде үш ай жатып аялдады. Алтауы сол арада ақылдасты, Айтқанын бір-бірінің мақұлдасты. «Кемпірге қандай хайла қыламыз?» деп, Кемпірден енді бұлар жаман састы. Енді тағы ол жерден бір жыл жүрді, Құдай оңлап еліне жақын келді. «Жалмауызға бір хайла қылыңыз» деп, Ер Дотан жолдастарын жібермеді. Күнікей білмейді екен кемпір барын, Әбден ұғып біледі соның бәрін. –Құдай қосқан қосағым, батыр Дотан, Болды ма енді менің айрыларым?! Күнікей мұны айтып қылады зар, Деуші едім Құдай қосып жолықтым пар. Жалмауызға қылатын хайла жоқ па, Һәрқайсың мың кісілік өнерің бар. Ер Дотан қайраттанды мына сөзге, – Бізні де батыр дейді көрер көзге. Сізді беріп кемпірге қалғанымша, Өлелік ажал жетіп екеуміз де. Аққуатқан айтады Дотан ерге: –Сіз дағы, Күнікейжан, жылай берме! Жалмауызның амалын мен табайын, Жаталық үш күншілік жырақ жерде. Желаяқ сұлу екен жаннан асқан, Баршасы Желаяққа ақылдасқан. Желаяқты Күнікей деп алып барғыл, Бұ жерде жарамайды бекер сасқан. Сіздерменен баралық екеу бірге, Қос-қолаңды қоялық осы жерге. Палуанменен екеуміз бірге барып, Қалалық екеуіміз екі жерде. Баршасы осы сөзді мақұл көрді, Мергеннің бұ айтқанын ақыл көрді. Қылдан өріп, шаш қылып Желаяққа, Үстіне қыз киімін киіндірді. Желаяқты Телқоңырға міндіреді, Ерлернің бұ ақылын кім біледі? Мерген менен палуанды жолға қойып, Кемпірге Дотан өзі тік жүреді. Кемпірге бұл екеуі келеді енді, Жалмауыз бұл екеуін көреді енді. Желаяқты Күнікей деп алып келіп, Қолына жалмауызның береді енді. Сөз сұрар сонда кемпір Дотан ерден, Кемпір тұра жүгірді келген жерден. –Шырағым, аман-есен келдің бе? – деп, Дотанға жақсы қызмет қыла берген. Дотанның атын байлап түсіреді, Неше түрлі тағамдар пісіреді. Атын байлап кіргізіп үңгіріне, Қыз болып қу Желаяқ күрсінеді. Отыр деп төрге кемпір киіз салды, Қызым деп Желаяқты қасына алды. – Шырағым, Күнікейжан, келдің бе? – деп, Бетінен Желаяқның сүйіп алды. Қап-қара боп қалыпты сүйген жері, Күнікей, – дейді, – қалқам, отыр бері. Екі ат басы Дотанға алтын берді, Жөнелді отыр десе ары-бері. Ер Дотан кідірместен жүріп кетті, Жолдағы екеуіне барып жетті. Жетті-ау деген уақытта Желаяқ сұм Кемпірге «сиемін» арыз етті. – Сие қойғыл, шырағым балам, – дейді, Мен болдым енді сенің анаң, – дейді. Мен де бірге сиейін, шырағым, – деп, Екеуі түзге таман аяңдады. Жау кемпір сар еткізіп жібергенде Желаяқ тұра сала қашады енді. Кемпір тұра қуады қашқаннан соң, Дамбалын жия алмады сасқаннан соң. Дамбалына оралып үш сүрінді Оралып аяғына басқаннан соң. Желаяқ келе жатыр құстай ұшып, Жығылды қу жалмауыз жерні құшып. Дамбалы талқан болып кеткен шақта, Қосылды жалмауыз да жолға түсіп. Желаяқ құстай ұшып ағындады, Жүруі екеуінің сағымдады. Дамбалға оралмаса кәдік екен, Палуанға жеткенде жақындады. Аз жүгірсе жалмауыз жетпек болды, Аузын ашып жеткен соң жұтпақ болды. Теңкейте жеткенінде жалмауызды Палуан бір төбемен салып қалды. Ол төбені көтере түрегелді, Тұра сала тоқтамай тағы желді. Бір төбені жұлып ап тағы да ұрды, Жығылмастан төбені ап жөнелді. Төбені жығылмастан ап жөнелді, Онан өтіп мергенге қарсы келді. Маңлайында табақтай жалғыз көзді Сұр мерген көздеп тұрып басып салды. Оқ келіп жалғыз көзден тура тиді, Кемпірнің тыпырлатып жанын қиды. Тостағандай оғы бар мылтығының, Көзінің шарасына тура сыйды. Жалмауыз шошқаға ұқсап шыңғырады, Желаяқ жолға түсіп дыңғырады. Хазірет Қызыр жар болған Ер Дотанға, Болмаса мұндай істі кім қылады?! Ер Дотан екеуіне келді шауып, Жалмауыз өліп қалды қаза тауып. Күнікей мен жолдастарын ертіп келіп, Қазынасын жалмауызның алды тауып. Жеті сарай толы екен алтын-күміс, Он төрт жылдық бұл өзі болды жұмыс. Кемпірнің қазынасыны тамаша қып, Сол жерде үш күн жатып алды тыныс. Үш күн жатып еліне жүрмек болды, Аман болса ел-жұртын көрмек болды. Аллаға шүкір қылды бейшаралар, Жалмауызды өлтіріп көңілі толды. Әлқисса, Құбақанбай Дотанны сағынып, һәрқашан Алла Тағалаға мінәжат қылып айтқан ғазалы: Құдірет Алла Жаратқан, Тілегімні берсеңші. Дотанымды аман келтіріп, Көзімнің жасын көрсеңші! Беріп едің, Құдай-а, Тілегімді жасымнан. Дотаным менің келмеді, Ұшатұғын бола ма Дәулет құсым басымнан. Кешіре көр, Құдай-а, Күнәм менің көп еді Басымдағы шашымнан. Перзент, дәулет мол бердің, Өз құрбымнан асырып. Ертелі-кеш жылаймын, Әулиелер аруағы, Қабіріңе бас ұрып. Рахман атлық, иә, Алла, Тілегімді беріп ең, Неліктен мені зар қылдың, Қолымнан құсым қашырып? Үйдегі отыз тоғызы Бір Дотандай болмайды, Толып жатқан көп жаман Қолынан түк келмейді. Бәріне басшы сол еді, Бір дұшпан келсе ауылға, Мұндағы отыз тоғыздың Біреуін көзге ілмейді. Кұбақанбай зарланып, Күндіз-түні жылауда, Аслан ойнап-күлмейді. Берсеңші, Алла, тілегім, Дотанымды аман келтіріп. Құтылар ма екен, Құдай-а, Алдындағы дұшпаны Жалмауызды өлтіріп. Жаратқан Патша Құдай-а, Көзімнің жасы көл болды, Жалмауыз деген бір дұшпан, Алдында асқар бел болды. Балаларым ер жетіп, Ел көрем бе деп едім. Ойлаған ойым баршасы Ағып кеткен сел болды. Жаратқан Жаппар Құдай-а, Берсеңші Дотан баламды. Келер уақыты болды деп, Күндіз-түні зарланып, Көңілім менің алаң-ды. Дотаным менің келмесе, Үйімді келіп көрмесе, Тілегім Құдай бермесе, Көрген де күнім қараң-ды. Кұбақанбай осылай деп жүрді жылап, Құдайдан күні-түні медет сұрап. Шешесі Ер Дотанның о да бірге Көл қып жүр көзінің жасын күнде бұлап. Анасы Ер Дотанның көп еңірейді, Келе ме жалғыз ұлым, – деп еңірейді. Сегіз қатын ұл-қызы бәрі түгел, Мен қу бас болдым ба, – деп бек еңірейді. Сол уақытта бұлар елге жақын келді, – Сүйіншіге біреуің барғыл, – дейді. Сағынып жүрген шығар ата-анам, Қуантып қалағаның алғыл, – дейді. Мергенді сүйіншіге жібереді, Бір салып атты бұтқа жөнеледі. Сәлдесін Құбақанның жұлып алып, – Балаң келді, сүйінші бергіл, – деді. Мергенге үш тоғыз бен шапан жапты, Бәрі шулап алдынан қатар шапты. Дотанды көргеннен соң ата-анасы, Ағытқан қойдай болып жамырапты. Көрісті атасымен, анасымен, Асқар таудай басында панасымен. Шешелермен көрісіп кезек-кезек, Көрісті отыз тоғыз ағасымен. Амандасып, көрісіп елге келді, Көп сыйлап жолдастарын мейман қылды. Күнікейді ата-анасы құрмет етіп Алтынды ақ ордаға алып келді. Құбақанбай бесеуіне бес қыз берді, Бала қылып алады өңкей ерді. Жамағат, оқығаның айып етпе, Сөз қылдым Дотан сынды кемеңгерді. Күнікей келін болды Құбақанға, Ағалары Күнікейге қалды таңға. «Қыз тауып ағаларыңды үйлендір» деп, Құбақан бір күн айтты Ер Дотанға. Сонда Дотан бұ сөзді мақұл көрді. Атасының айтқанын ақыл көрді. Қыздарға да күйеулер табамын деп, Отыз тоғыз ағасын ертіп жүрді. Бесеуін аға қылып малға қойды, Қырық күндей қуанышқа қылды тойды. Ер басына бір қоржын алтын алып, Баршасы ел іздеуге қылды ойды. Баршасы қолына алды қару-жарақ, Жүреді Дотан ерді мыңға балап. Айлық жерде, оңтүстікте ел бар дейді, Бармаққа соған қарай қылды талап. Отыз тоғыз ағасы Дотанға ерді, Көрмекке ниет қылды шалғай жерді. – Бар Құдай бақтарыңды өзі ашсын, – деп, Құбақан балаларға бата берді. Бәрінің де мінгені өңкей тұлпар, Келеді қыз алмаққа болып іңкәр. Бар Құдай Ер Дотанға медет берсін, Қасында жолдасының бәрі дімкәр. Құбақанбай жіберді қырық баласын, Балалар жақсы көрер өз анасын. Мінгені өңкей тұлпар тынбай жүріп, Көреді он бес күнде ел қарасын. Ұқсайды жүрістері соққан желге, Дотанды бәрі балар асқар белге. Ханы жоқ қырық мың үйлік бөлек жатқан, Келеді бөлек жатқан аз ғана елге. Бір байға мейман болып келіп қонды, Сұрайды «кімсіздер?» деп енді жөнді. Мән-жайын бастан-аяқ батыр Дотан Сұраған ол адамға айтып болды. Бұларға мейман қылып мал сояды, Алдына екеуара ас қояды. Құп сыйлап, жақсы қызмет көрсеткен соң, Қырық жігіт разы боп бек тояды. Тамаққа тойғаннан соң жатып қалды, Шаршап келді, ұйқыға батып қалды. Таң сарғайған уақытында біреу келіп, «Тұр, атқа мініңдер» деп айғай салды. Сонда бұлар оянды көзін ашып, Қараса елі жатыр асып-сасып. Айқай салып шулаған елді көріп, Отырды қайран қалып таңырқасып. Таң асып суып тұрған өңкей тұлпар, Дүбірге шыдамайды жерді қазып. Еркек қалмай тамам жұрт мінді атқа, Тауды өрлеп шауып кетті биік шатқа. «Иә, Алла» деп Ер Дотан түрегелді, Шулаған қайран болып жамағатқа. Ер Дотан «тұрғыл» деді ағаларға, – Біреуің мына елге бар хабарға. Ел-жұрты жаман қатты шуласып жүр, Неліктен душар болған жапаларға. Ағасының біреуі барып келді, Барып елден хабарды алып келді. Қыз аламын деп келген жазған байғұс, Қатты кейіп ол өзі налып келді. Ағасынан Ер Дотан гәп сұрады, – Неге қатты кейідің? – деп сұрады. – Әдейі іздеп келіп тапқан елді Жау шауып алады ғой, деп жылады. Ағасы жылап келіп гәп айтады, Уайым өз басы үшін жеп айтады. – Жау шапса, мынау жатқан елді шабар, Бізнің немізді алады,– деп айтады. Аттарын шалдырады отқа қойып, Тамақтанып алдылар әбден тойып. Түс қайтып, үлкен бесін болған шақта Жау жеңіпті бұл елді қырып-жойып. Бесінде жеңілдік деп хабар келді, Елді үркітіп қашырмаққа хабар берді. Батыр Дотан мініп ап Қаракөкке, Иірді қашып келген тамам елді. Батыр Дотан бұл елден сөз сұрады, Мәні-жайын білуге тез сұрады. –Қандай жұрт дұшпандарың, баян қылшы, Білейін мәні-жайын, – деп сұрады. Дотанға сұраған соң айтады сөз: –Қырық мың үй, Қырықбоз деген ел едік біз. Уәлихан дейтұғын датқамыз бар, Айталық, бастан-аяқ есітіңіз. –Қалмақтан Қалдан деген хан шығыпты, Көп жанды қырып-жойып жерге тықты. Бұ жердегі қазақның бәрін жеңіп, Аттанып бөлек жатқан бізге кепті. Аттанып жүз мың әскер бізге келген, Қиратты біздің елді келген жерден. Қалмақтың әскері көп, қаруы сай, Һешкім қарсы шыға алмадық бізнің елден. Бір шетін еліміздің шауып жатыр, Олжаны бізнің елден тауып жатыр. Он мың үйді сыпырып, малын алып, Қолға түскен еркекті қырып жатыр. Бізнің ел сол қалмақтан өлмек болды, Қайтадан тағы олар келмек болды. Жарақсыз бекер жатқан ел екен деп Олжалап еріккенде алмақ болды. Бұ сөзді тыңлап тұрды Дотан батыр, –Қалмақтан жеңіліпсіз болып ғапыл, Қалмақ алып һешқайда құтыла алмас, Айтайын, мүсәпірлер, мен бір ақыл. Қалмақтан қорқыпсыздар есің кетіп, Бастарыңа тұр екен зауал жетіп. Үш мың кісі тауып бер маған бүгін, Қалмақ малды сіңірмес алып кетіп. Үш мың ер маған тауып бергін, – дейді, Қазір менің артымнан ергін, – дейді. Аллаға тәуекел деп мен барайын, Сіздер менің ерлігім көргін, – дейді. Мынау ел Дотан сөзін мақұл көрді, Құдай айдап келіпті мұндай ерді. Ел жиылып кеңесіп ары-бері, Қолына үш мың кісі жиып берді. Көрсетпек болды Дотан бір қайратты, Қаракөк мініп алды тұлпар атты. «Иә, Алла, Қызыр бабам, медет қыл» деп, Ер Дотан көп қалмақты қуып кетті. Бас болып батыр Дотан өзі барды, Жолдас қып үш мың кісі қасына алды. Жер қайысып бара жатқан көп қалмақпен Ер Дотан жалғыз өзі соғыс салды. «Ия, Алла» деп Ер Дотан Қалмаққа жалғыз кіреді. Кірген жерден әскері Мал үстінен түреді. Батыр Дотан қалмаққа Қырғынды қатты салады. Айдаған малы қалмақтың Далада бекер қалады. Артындағы үш мың ер Малды жиып алады. Бас-басымен қайғы қып, Батыр Дотан қалмақты Айдап кетіп барады. Қойға шапқан қасқырдай Кез келгенін қалмақтың Шайнап кетіп барады. Кейде садақ тартады, Кейде мылтық атады, Кейде қылыш шабады, Қырылғаны қалмақның Қойдай жусап жатады. Қасындағы жолдастар Қызыққа әбден батады. Басында Құдай батырды Жау үшін арнап туғызған. Бір күн, бір түн соғысып Қалмақтың қолын қашырып, Қанмен бетін жуғызған. «Қашқан жауға қатын ер», Қалмақның сесі қайтқан соң Қасындағы қазаққа Найзалатып қуғызған. Жолдастар қызық көрсін деп, Айдап жүріп қалмақты Шапқан шөптей қырғызған. Жар болып Алла Дотанға Қалмақты жаман қырады. Үш күн, үш түн қуалап, Атының басын бұрады. Тірі қалған қалмақның Үсті-басы жаралы, Сағы жаман сынады. Атының басын бұрған соң, Айғай салып Ер Дотан Өз әскерін жияды. Қалмақты қырып қашырып, Тірісін таудан асырып, Өлігін атқа бастырып, Қалмақты жаман састырып, Көңілдері тынады. Қазақтар енді қайтып, жиды малды, Дотанның ерлігіне кайран қалды. Бір тауға қашып кіріп қалған екен, Екі жүздей қалмақты ұстап алды. Қалмақты үш күн, үш түн көп қиратты, Сол күнде-ақ қырық мыңдайын қырып сапты. Жаралысы, сауы бар төрт жүздейін Тірі жүрген жерінен тауып апты. Ер Дотан елге қайтты малды айдап, Дұшпаннан төрт жүз аса кісі байлап. Қызыр шалған бір ернің арқасымен Келеді елдеріне күліп-ойнап. Кеткен малды түп-түгел айдап келді, Қуантты жесір-жебір болған елді. Һәрқайсысы өз малын танып алып, Қуанып елі-жұрты бек шат болды. Уәлихан Ер Дотанға өзі келді, Алдына қызмет қылып аттай желді. Өзінің барша жұртын жиып алып, Уәлихан еліменен кеңес қылды. – Бұл жігіт Құдай айдап келген екен, Жылаған көзнің жасын көрген екен. Ұнатсаң, хан қылыңдар мұны, жұртым, Құдайым бір асылды берген екен. Ал сонда қабыл көрді жұрттың бәрі, Айтқаны Уәлиханның болды дәрі. Қариялар билерімен бата қылып, Дотанды хан көтерді баршалары. Хан болып батыр Дотан төрге отырды, Ағалары қасында бірге отырды. Хан болған Ер Дотанның құрметіне Һәрқайсысына ап келіп бір қыз берді. Хан болып батыр Дотан хүкім қылды, Патша Құдай мұратқа жеткізді енді. Бәнде болған қалмақтан төрт жүз кісі Хан айдатып алдына алдырды енді. – Төрт кісіні еліне қайтсын, – дейді, Қалданға бізден сәлем айтсын, – дейді. Мекенім Сарығуда, атым Дотан, Сол жерден керек болсам тапсын, – дейді. Хан болып сонда Дотан үш ай тұрды, Ағалары бірқатар қызық көрді. Һәммасына сол елден қыз ап беріп, Хан Дотан өз еліне кетпек болды. Хан болып батыр Дотан үш ай жатты, Көрсетті халайыққа ғадалатты. Өз еліне қайтпаққа батыр Дотан Жұртын жиып, сұрады рұқсатты. Сонда жұрт жауап берді Дотан ерге, –Қайда кетсең ала кет, енді бірге. Һәр уақыт дұшпан келсе қор болғанша, Біз де өлейік, сіз барып өлген жерге. –Олай десең, ал көшіп жүргіл, – дейді, Көшіп жүріп көп қызық көргіл, – дейді. Жүз мың үй сиятұғын қонысым бар, Артымнан іле жортып ергіл, – дейді. Ел сонда көшті дейді мақұл көріп, Қырық мың үй бір Дотанның соңына еріп. Өлеңтібел дейтұғын жерге қонды, Бір ай жарым арада көшіп келіп. Сарығуның аяғы Өлеңтібел, Сол жерге келіп қонды ол көшкен ел. Маңайына дұшпан жау жолатпастан Дотан хан болып тұрды бірнеше жыл. Патша Құдай Дотанға берген нәсіп, Ағалары сөйлейді желдей есіп. Һәрқайсысы бір-бір қызды таңлап алып, Атасына келеді елден көшіп. Хан Дотан той қылады үйге барып, Өзінің күллі жұртын [жиып] алып. Қырық мың үй, төрт жүз елу қалмақпенен Кетіпті қырғыз деген ел атанып. Қырық күнде той тарқатты ат шаптырып, Тойына қырық мың үй ел шақырып. Алдына хан Дотанның ұлық-кішік, Һәммасы қызмет қылды тіке тұрып. Той қылып Құбақанбай пікір қылды, Төрт жүз елу қасына отау қонды. Жалғыз үйі Құбақанның көп ел болып, Құдаға мың мәртебе шүкір қылды. Той тарқап, жұрттың бәрі қайтып кетті, Хан Дотан қылды жұртқа әділетті. Қара қылды қақ жарған әділ болып, Сөйтіп жүріп мұратқа бәрі жетті. Дотанның тірлігінде жау жоқ болды, Еріксе олжа қылды оң мен солды. Жылдық жерде қазақ болса айдап келіп, Аузына қаратыпты талай елді. Хан Дотан талай жауға қырғын салды, Қалмақтан үш жылда бір алым алды. Өзінің бектерінің балалары Құбақанның қыздарын олар алды. Мұратқа ол адамдар сөйтіп жетті, Ақыры дүниеден олар да өтті. Басында ертегі еді қисса болып, Аяғы бұ сөзімнің енді бітті. Бұ сөзні осылайша қисса қылдым, Мұны да көптің бірі нұсқа қылдым. Нәсіп болып басылса олжасы бар, Көп қызметні бұрын мен босқа қылдым. Басында ертегі еді мұның өзі, Осындай қып біреудің айтқан сөзі. Қисса қып шығаруға лайық көріп, Жүсіпбектің бұ да бір салған ізі.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.