Kazakh
ҚЫЗ ЖІБЕК (Мұсабай жырау нұсқасы)
Бұрынғы өткен заманда, Қалың қазақ ішінде, Базарбай деген бай бар еді, Төрт түлік малға сай еді,
Төлеген деген бір баласы бар еді.
Төлеген мырза дер еді, Сұлулыққа келгенде Сырлаған қызыл жебе еді. Жасы он беске келгенде
Халыққа көзін сала алмай, Үш ай тамам қыз іздеп, Қазақтан сұлу жарамай, Сұлу тауып ала алмай, Мырзаға сұлу жарамай, Әуре болып жүр еді. [Жайықтың] арғы жағында, Шыбық судың бойында Қыпшақ деген ел еді.
Орта жүз бен кіші жүз
Барымталасып жау болып, Қуысып жылқы жүр еді. Тамам қыпшақ аттанып, Базарбайдың елімен Барымталасып жау болып, Бес жүз елу жылқы алды. Кіші жүз болып сөйлесіп, Көп қыпшақтың еліне Сәлем айтып хат жазды:
–Барымта десе, мал қайтсын,
Салауат десе, оны айтсын. Сонда қыпшақ болып кеңесті, Орта жүз болып сөйлесті, Сөйлескенде не десті:
–Былай барсақ, қалмақ жау, Былай барсақ, қазақ жау,
Не қылып күнді көреміз? Базарбайға сәлем де, Жіберсін бізге хабарды, Биылғы алған жылқыны
Ізінен қайтып береміз.
Сонда бес жүз елу жылқының соңынан екі жүз кісі жүрмек болады. Көп қыпшақтың ішінде Алашабай деген бай бар еді. Бұл Алашабайдың алты ұлы бар еді.
Алтауының қарындасы Жібек сұлу деген бар екен, Айтулының өзі екен, Қырымдағы сұлу қыз екен. Оймақтай аузы бүрілген,
Ішкен асы асылдың Тамағынан көрінген. Қостан әйкел тағынған, Жүз теңгелік опа, ендік
Екі бетке жағынған. Жібекті алты ағасы Айттырса, жұртқа бермейді,
Еш жігітті де тәуір көрмейді. Бидай өңді, нұр жүзді, Секпілі жоқ, қой көзді.
Әйел де болса, бір сөзді, Жібек он бес жасында, Сексен бір нөкер қасында, Он екі жорғаның мойнына
Күмістен қоңырау тақтырып, Сауырға жібектен жабу жаптырып, Пәуескелі күймемен,
Парлатып жорға жектіріп,
Ел көшкенде сексен қыз нөкерге Алтыннан сая көтертіп.
Күйменің терезесін ашып қойып, саяда жатып ұйқтады. Сөйтіп, сондай жұрттан асқан Жібектің сұлулығын Төлеген мырза естіді.
Төлеген мырза сөйлейді: – Екі жүз елшімен
Мен де бірге барайын, Берсе малмен алайын,
Егер малға бермесе, Тіземен тартып алайын.
Сүйдеп мырза жүрмек болады, Бір зергерге барады.
Қырық ат беріп Төлеген Алтынды ер сатып алады. Қырық атқа алған алтынды ерді Жорғаға салып ерледі,
Екі жүздей елшімен Жолдас болып жөнеді.
Молда оқиды мешітте Таң сарғайып атқанда, Баласының кеткенін Бәйбіше сонда есітті. Ақ жаулығы мойнында, Шам-шырағы қолында,
Баласының соңынан Жаяу қуып жөнеді, Соңынан қуып келеді. Шешесі сонда сейлейді:
– Мінгенің жорға қазанат, Беліңе будың шар болат, Тілімді алсаң, елге қайт, Ақ ордаңа бар да жат! Армансыз дәурен сүрейін. Кіші жүз деген еліңнен, Қатар-құрбы теңіңнен,
Бүкіл малым берсем де Айттырып сұлу берейін, Бұл тілімді алмасаң,
Ауылға қайтып бармасаң, Аса жұртқа барғанда, Ердің көркі мал болар, Қолыңда малың бар болса, Қара басың хан болар. Қолыңда малың жоқ болса, Үстің тұман шаң болар.
Қарағай көркі – тал, – дейді. Алуа көркі – бал, – дейді, Аса руға барғанда
Ердің көркі – мал, – дейді. Егер кетсең, шырағым, Жалғыз бала, қарағым, Сауырсы шұбар жорғадан Екі жүз жорға берейін, Жүріп жорға ал, – дейді. Екі жүздей елшіге,
Сол жорғаны айдатып, Байдың сұлу қызына Мырзалық етіп бар, – дейді.
Шешесінің айтқан сөздерін Әулиедей көреді,
Ауылға қайтып келеді, Ауылға қайтып келген соң, Сауырсы шұбар жорғадан Екі жүз жорға береді.
Көп елшіге айдатып Және қайтып жөнеді.
Қырық атқа алған алтынды ер Төлеген мінген жорғаның
Сауырсына жарасты.
«Төлеген кепті» деген соң Батырдың жүзін көрмекке, Қалжыңдасып күлмекке,
Тәуір көрсе біреуі соған тимекке. Тамам қыздар бас қосып, Соңынан қуып таласты.
Төлегенді көре алмай, Елден шыққан қалың қыз Жол таба алмай адасты.
Төлеген заулап жөнелді, Мінді атының беліне, Нан піседі деміне. Арада он бес қонады, Көп қыпшақтың еліне Аман-есен барады.
«Төлеген келді» деген соң Бауырға шатыр құрады.
Барымтаға түскен жылқыны Санап қолға алады.
Жылқыны алып болған соң
«Қыз Жібектің ауылы Қайда отыр?» деп сұрады.
Жібектің ауылын білген кісіні Әулиедей көреді.
Екі жорға тең ұстап Сүйіншіге береді.
Ақсақалдан бата алып, Молдалардан хат алып, Базарбайдың жалғыз ұл
Төлеген мырза аталып. Мінген аты қара-ды, Елден шыққан жорғаны Қайтып келіп санады. Мырзалықпен тауысып Он екі жорға қалады. Және бір күн болғанда, Қыз Жібектің ауылы Жылғалысайдан көшіпті, Уықбауын шешіпті.
Тамам көштің соңында Он екі жорға жегіпті. Сексен қыз сая көтеріп, Төлегеннің хабарын Жібек сонда есітті. Халық еңкейген төрені
Біз де көрсек десіпті.
Сол уақытта Төлеген Тартты көлден борықты. Жетемін деп Жібекке
Сол күні салды жорықты. Сексен қыз сая көтерген, Қыз Жібектің көшіне Соңынан қуып жолықты. Алтын есік күйменің Саясында ұйықтаған Жібекті көзі көреді. Төлеген сонда ойлайды:
– Қорықса қызын берер, – деп, Кедейлер жорға мінер, – деп,
Өзім барсам Жібекке Басыма кемдік келер, – деп. Қаптаған көштің Төлеген Жақындап барып қасына, Бір төбенің басына.
Алтын баулы шатырды Мырза құрып үстіне, Жатып ұйықтап қалады. Қарасайшы кедейдің Есіріп жүрген масына,
Сол уақыттар болғанда Асқар төбе бел еді, Сөйлер сөзге кен еді. Қызыл тілін безеген, Тілден теңдік бермеген, Қаршыға деген бір жырау Домбырасын қолға алып Көш қасына келеді. Жібекке сонда сөйледі:
– Бидай өңді, нұр жүзді,
Сепкілі жоқ, қой көзді, Әйелде ару бір сөзді, Әйелде ару сен едің Тілдегі шешен мен едім. Алшын рудың елінен, Базарбайдың белінен, Төлеген мырза туыпты, Атаның жолын қуыпты. Екі жүздей елшімен Жібек, сені көрмекке,
Бес жүз елу жылқымен Айттырып алып сүймекке, Елінен іздеп келіпті.
Бар десең, Жібек, барайын, Халыққа берген жорғадан Мен де жорға алайын.
Төлеген ерді көрейін, Мен де жорға мінейін,
«Теңі келсе, тегін бер», Жақтырса сені берейін.
Сонда Жібек сөйлейді:
– Қаршыға жырау, сен, – дейді, Барсаң барып кел, – дейді.
Салтаң атты кедейдің Жорғасын ал да мін, – дейді. Сол уақытта Қаршыға, Төлеген жатқан шатырға, Бұра шауып жөнейді.
Қасына жетіп барады,
«Төлегенді көрсет» деп,
Екі жүздей елшіден Өлеңменен сұрады. Құдай берген көп сөзін Кеудесінде сақтады. Келген жерден Қаршыға Төлегенді мақтады.
«Төлеген» деп айтқаны Kөп елшіге жақпады.
Мырза ұйықтап жатқанда,
«Келген мырзаң мынау» деп
Біреуі де айтпады.
Сол уақыттары болғанда Таудан аққан бұлаққа-ай,
«Төлеген» деген бір дауыс Шалынды барып құлаққа-ай. Сол уақытта Төлеген
Мініп алды дөненді Киді жібек беренді.
Шатырдан басын шығарып Төлеген айтты өлеңді.
Т ө ле ге н:
– Ат мініп, аяңдамай желмегенің, Дем бітіп, жетіп қаза өлмегеннің.
Кетер ме бұл қорлығың, ер Қаршеке, Еліңнен сұлу тауып бермегенің.
Қaршыға:
–Биенің саудырмайды тебегені, Құлынның сүт бермейді емегені. Қыз туды біздің елден Жібек деген Кіші жүздің болсын жолың Төлегені.
Төлеген сонда сөйлейді:
–А, Қаршеке ер, – дейді, Дос болалық кел, – дейді.
Қалған тоғыз жорғадан Екі жорға мін, – дейді. Өлгенше риза болайын
Қуып жетіп Жібек қыздың көшіне Ақ саясын көтеріп,
Ақ күймеге енгізіп,
Бетінен сүйгіз, жүр, – дейді. Сонда Қаршыға жүреді, Төлегендей батырды Әулиедей көреді.
Қосақтаған қос жорға Қолынан алып мінеді. Төлегенді ертіп ап, Қыз Жібектің көшінің Соңынан қуып келеді.
Сексен қыз сая көтерген Жібектің қасына барып, Төлеген сонда сөйледі:
–А, сексен қыз, сексен қыз, Тергенің таудың шиесі.
Бәрің сая көтеріп, Қыз Жібектің басына Халыққа тиер киесі.
Ханшадай өскен Жібектің Бар ма [екен] қыз иесі?
Сонда Жібек күймеде жатып сөйледі:
–Салтаң атты қу кедей, Келмеші менің шеніме, Менің кеулім ауар ма,
Сен сықылды кедейдің Былшылдап айтқан сөзіне? Көп сөйлемей, қу кедей, Жүре бер әрмен жөніңе.
Дариядан су ағады, Шаруа малын бағады. Не қылайын деп едің Халыққа кесір болса да Өзіме майдай жағады.
Сонда Төлеген сөйлейді:
–Басы айыр да, түбі жоқ Жиделі құмның көсігі.
Дуалы бай орайды
Шым жібектен есігін.
Менің атым – Төлеген, Ханның қызы ханша Болушы еді несібім. Кедей дедің күймеңнен Кімге дәрі болыпты Сендей күңнің тесігі.
Тағы Жібек сөйледі:
–Есіктің алды толқын соқ, Айттырып әкем берген жоқ. Сен сықылды кедейдің
Нешеуі маған келген жоқ. Жалғыз менің соңымда Кімдер кетіп өлген жоқ? Сарайшықта сарай бар, Сары орамал орай бар, Көп сөйлемей жүре бер, Салтаң атты жолаушы, Мені алмаққа талай бар!
Төлеген кейіп жөнеді, Бара жатып Жібекке
Және [мырзаң] не деді:
–Жібек, саған бүгін қонаға келмесем, Алты жүздей жылқымен
Айттырып, Жібек, алмасам, – деп, Ханша басың күң қылып,
Жібек шашың жүн қылып, Айттырып, бәлем, алмасам, Ашуланып жөнеді.
Қаршығаға кайта келеді, Кейіп Төлеген сөйледі:
– Салтаң атты кедей деп, Қарындасың қыз Жібек Сүйдірмеді бетін, – деп. Бетінен сүйгіз жүр, – дейді, Сүйгізбесең бетінен, Қожамысың, бекмісің – Қосақтап жорға бергендей, Соңыңа еріп жүргендей, Жеті енеңді ұрайын,
Алған жорғам бер, – дейді.
Мырзадан алған қос жорға Қолдан кетер болған соң, Қаршыға не істерін білмейді, Жібекке шауып жөнейді.
Сол уақытта Қыз Жібек Қаршығаның алдынан Қарсы шығып жөнейді, Алдынан келіп сөйлейді: – Алты ағам бар еді, Алтауы да ер еді,
Алтауының соңында Жалғыз нашар мен едім. Не басыңа күн туды, Алланың таңы атқандай? Арым бетке басқандай, Қанша күнәм бар еді, Салтаң атты кедейге Қарабасым – қос жорға Көш-жөнекей сатқандай?
Қаршыға бүй деп толғайды:
– Бөз өтпейді бояқтан, Жылқы тұрмас саяқтан. Тіріде кеуілім қалмаған, Сөз есіттің қай жақтан? Керге біткен жауырдан, Адам түтпес бауырдан. Сатқаным жоқ, Жібекжан, Алып едім қос жорға, Көш-жөнекей тамырдан. Шыққан екен жұртынан,
Сені тәуір көріп сыртыңнан.
Өлгенше риза болайын, Шақырып алып Төлеген Ақ күймеге енгізіп, Дидарыңды көргізіп, Бір сүйгізсең бетіңнен. Сонда Жібек сөйлейді:
–Патша ма екен деп едім Төлеген ердің тұлғасын. Астыңа міндің жорғасын,
Жібер мұнда мырзаны, Көрсетейін кейпімді Лебізің жалған болмасын.
Сонда Төлеген жорға мініп тебініп, Жібек жатқан ордаға
Аттан түсіп жүгіріп. Жібек жатқан күймеге Кіріп келсе үңіліп, Отыр екен Қыз Жібек Оймақтай аузы бүріліп.
Сұлулықтың белгісі
Ішкен шайы тамағынан білініп.
Сондай сұлуды көреді. Қонаға қызға келмек болып, бес жүз елу жылқыны калыңмалға бермек болып, айттырып Жібекті алмақ болып, сол күні кешке бармақ болып, екі жүздей елшіге Төлеген қайтып барады. Үйінен бермек болып бес жүз елу жылқыны көтермеге қарыз алады. Өзге елшіні еліне қайтарып, қасына бес жігіт ертіп қалады. Қасындағы бес жігітке бес жүз жылқыны айдатып, Қыз Жібектің ауылына қонаға қайтып барады. Көп жылқының алдымен мырза келе жатса Қыз Жібектің ауылы бір салаға қоныпты.
Сол ауылдың сыртында, Бір төбенің басында,
Жүз қаралы кісінің ішінде, Өзі жетпіс жасында, Құрдай көзі қызарған, Өкпедей беті бозарған,
Кейіп отырған кәрі шалға Төлеген бұрын келіп жолықты. Шалға сәлем береді, шал сәлемін алмай, Төлегенге кейиді. Кейіп шал сөйлейді:
–Айттырып жұртқа бермеген, Шеніне адам келмеген,
Жалғыз қызым Жібекті Еріксіз көрген кім едің?
Сонда Төлеген шалға кейіп сөйлейді:
–Асқар төбе бел едім, Алшын деген ел едім, Елден шыққан ер едім. Танымасаң айтайын, Жалғыз қызың Жібектің, Алтын саясын көтеріп, Бетінен сүйген мен едім. Жеті енеңді ұрайын,
Қызыңды сүйген кісіге Не қылайын деп едің? Сүйдеп айтып тұрады, Бес жігіттің айдаған
Бес жүз елу көп жылқысы Шаңдатып келіп құлады. Көп жылқыны көрген соң Шал есінен танады, Ақылын жылқы алады.
Ер Төлеген екенін
Алашабай таниды,
Танып Төлегенге сөйлейді:
–Ақ балдақ қылыш байлаған, Бөрідей көзің жайнаған, Алты жүздей жылқыны Алдыңа салып айдаған,
Төлеген мырза, сен бе едің? Танымаған алдыңда Алжыған кәрің мен бе едім? Байлаған қылыш беліңе
Тіріде адам келер ме Төлеген ердің шеніне? Хан баласы патшадан Төлегеннің кемі не? Шақырып кел Қаршығаны Мен де жорға берейін. Жалғыз қызым Жібекті Қосқан екен теңіне. Алдыңда өзім өлейін,
Бұл сықылды батырға
Жалғыз қызым Жібекті Қалыңмалсыз берейін.
Бес жүз жылқыны қолына алып, Бес жігіт құда ертіп,
Шал ауылға жөнеді, Кешке құда түседі.
Бие саумал, сүт, қымыз Сапырып қойған ішеді. Бүкіл малын қырады, Жау тигендей Жібектің
Сол күні тойын қылады.
Таң атқанша қызық қылып жатады, Қызықпен таң атады.
Таң атқан соң бес жігіт Бес жүз елу жылқыны Киітке киіп жөнеді.
Бес жігіттен айрылып Қыз Жібекті қия алмай, Дән адамнан ұялмай,
Жалғыз өзі Жібекпенен қосылып,
Он жеті күн жатады. Он сегіз күн болғанда, Еліне қайтпақ болады.
Жібек орнынан ерте тұрады, Төлеген мінген жорғаны, Қырық атқа алған алтынды ер Сауырға салып ерледі.
Ұйқыда жатқан батырға
«Атыңа мінсең, кел» дейді.
Төлеген Жібектен айрылып,
Еліне қайтып жөнейді. Арада жалғыз қонады, Екінші күн болғанда, Күн сәскеге толғанда, Келе жатқан жөнінде,
Көк Жайықтың белінде, Алпыс кісі алдынан
Бір шоқ қара көрінді. Алпыс қара кісінің Ел екенін білмеді,
Жау екенін білмеді. Ортасынан қақ жарып, Қайрылмай шауып жөнеді. Алпыс кісі артынан Қалмай шауып барады. Жау жағадан алады,
Шалқып жатқан Жайықтың Табан жолын жау алып, Тік жарға әкеп қамады.
Мінген аты көк екен,
Сол қыпшақтың еліндегі Бекежан сынды ер екен. Жеті жастан Жібекті Аламын деп ала алмай, Жалғыз өзі жүр еді.
«Жібекті Төлеген алды» деген соң,
«Құдай сүйсе [оған] берсін» деп,
«Аулақта жалғыз келсін» деп,
«Ер екенімді білсін» деп, Алпыс кісі қосшы алып,
Шашақты қара ту алып,
Төлегенді өлтірмекке ойланып, Өңкей батыр жиналып, Төлегеннің алдын тосып тұр еді.
Сонда Бекежан батыр Төлегенге қарап толғайды:
–Сен бір жүрген есерсің, Қарқындаған жорғаның Сауырынан түсерсің.
Үстіңдегі ақ сауыт
Қан қылмай-ақ шешерсің. Ашуыма көп тисең,
Мойныңнан аққан қара қан, Қос уыстап ішерсің. Былтыр елге келгелі
Халқыма қылдың қорлықты. Қалың малсыз қыз алып, Қақ ортамнан жол салып, Маған қылдың зорлықты.
Кезекпен келген дүние, Белдем-белдем замана, Неше әулие болсаң да
Бермейсің бе теңдікті?
Сонда Төлеген батыр ойлайды:
–Жаудан қашқан қатын деп, Жауға шапқан батыр деп, Қорамсаққа қол қойып, Қозыжаурын оқ алып,
Алпыс кісі Бекежанмен Атысуға оңдалып.
Төлеген батыр оқ атты, Жалғыз атқан қол оқпен Он бес кісі құлатты.
Және қайта оқ атты
Он жігіт және құлатты. Үшіншіге келгенде Тағы атамын дегенде, Мінген аты қызыл-ды, Сарыжаның кірісі Тартуға келмей үзілді. Атайын десе оғы жоқ, Басынан өтті дүние боқ.
Шалқып жатқан Жайықтан
Өтейін десе өткел жоқ. Жауы көп те бұл жалғыз Қашпай қарап [тұрады]. Үйі күйгір Бекежан Алдынан душар болады. Ортаға алып қамады, Қарақалпақ ұранды,
Ақ сырық мылтық қолға алды.
«Қақ маңдайдың тұсы» деп,
«Өлер жерің осы» деп,
Төлегендей батырды Сол уақытта Бекежан Атайын деп оңдалды. Басып келіп қалғанда
Төлегеннің маңдайынан оқ тиді, Жұлым үйдей шұқшиды.
Маңдайдан тиген ажал оқ, Көк желкенің түбінен, Жылжып өтіп барады.
Сол уақытта Төлеген
Қисайып барып құлады. Бекежан сонда қасына Шауып барып қарады. Төлеген мінген жорғаны Астына мініп алады. Төлегеннің киімін
Өзі үстіне киеді. Жапан түзде тулатып, Көмбей тастап жөнеді.
Өлейін десе, өле алмай,
Өлімге басын қия алмай, Бекежанға сөйледі:
–Атаңа нәлет, Бекежан, Аяп едім өзіңді,
Жау да болсаң, Бекежан, Жасыра кет жүзімді.
Осыдан өліп мен кетсем, Қарғалар шұқыр көзімді.
Сонда-дағы Бекежан Қайрылып келіп көмбеді,
Бір киімін бермеді Қайрылмай шауып жөнеді. Төлеген тулап жатқанда Үстіне бес қаз ұшып келеді. Артындағы еліне
Сәлем айтып Төлеген, Бес қазға сонда сөйледі:
–Қайрыла кетші, қоңыр қаз, Біздің елге барғанда Күзекке тартып болар жаз.
Есен барсаң еліме, Жалғыз інім Сансызбай
«Төлеген қайда?» дегенде
«Жалғыз ағаң Төлеген Сәлем айтты дегейсің. Ағаң мінген жорғасы Кекте кетті дегейсің.
Төлеген киген ақ сауыт Септен кетті дегейсің. Алпыс бөрі бір қойды
Тоса кетті дегейсің.
Төлеген атқан қайың оқ Таса кетті дегейсің.
Маңдайынан оқ тиіп, Қара қаны маңдайдан Жоса кетті дегейсің. Жалғыз ағаң зар жылап, Тулап жатыр дегейсің. Мың сауысқан, жүз қарға Улы етке таласып,
Шулап жатыр дегейсің. Дүғай сәлем дегейсің,
Және Сансызбай сынды асылға Алпыс кісі қол [ға] алып,
Жалғыз інім Сансызбай, Келіп кетсін қасыма.
Біздің көрген бұл істі Сансызбайға бермесін. Бұл жалғыздық жаман-ды,
Екі үйдің арасында жүрсе де,
Жолдассыз, сірә, жүрмесін».
Айтып, айтып болды да, Иманын айтып, үзілді.
Сол уақытта Төлегеннің
Бес қазы шулап ұшып жөнеді. Арада жалғыз қонады,
Таң сарғайып атқанда Төлегеннің еліне, Алты жасар Сансызбай Жылқы баққан жеріне
Бес қаз ұшып келеді.
Сансызбай қазды кереді, Сансызбай да ағасындай ер екен. – Жалғыз ағам Төлеген
Қай уақытта келер, – деп, Қашан көзім көрер, – деп, Бала алты жасында,
Торы ала аты астында, Ақ найзасы қолында,
Төлегеннің келетұғын жолында
Алдынан шығып тұр екен. Сансызбай сынды батырың, Төлегендей ағасын
Бес қаздан келіп сұрады.
–Асудан келген, қоңыр қаз, Аса рудың елінде
Келе жатқан жөніңде, Жалғыз ағам Төлеген Көре алдың ба, қоңыр қаз? Былтыр кеткен Төлеген
Келмес пе екен биыл жаз?
Сонда қаздар сөйлейді:
–Аса рудың елінде Төлегенді көрдік, – деп. Төлеген мінген жорғасы Кектен кеткен екен, – деп. Жалғыз ағаң Төлеген
Тулап жатыр екен,– деп. Қара қаны маңдайдан Зулап жатыр екен,– деп.
Алпыс бөрі бір қойды Тоса кеткен екен,– деп. Төлеген атқан тал оғы Таса кеткен екен, – деп. Қаздар ұшып жөнеді, Төлегеннің өлгенін Сансызбай сонда біледі. Бала қазға кейіпті:
–Атаңа нәлет, қоңыр қаз,
«Жалғыз ағаң Төлеген
Тулап жатыр дегенше, Өліп қалды» десейші, Шыныңды айтып келсейші. Ағасының өлгенін
Қоңыр қаздан есітіп, Үйіне қайтып барады. Тамағынан ас өтпей, Өткір пышақ қолға алып,
Тоғайдан жыл он екі ай болғанша Оқ жонумен болады.
Сексен екі түйеге Екі ат сатып алады.
Екі аттың үстіне масақты қырлы оқ артып, Төлегеннің жолдасы Шеге деген жырауды жолдас қылып ертеді.
Бала ақыл ойлайды:
«Аса жұртқа барайын, Өліп қалса, сүйегін Іздеп, тауып алайын» деп Ақ сүңгі найза қолында, Шеге жырау соңында, Ағасын іздеп жөнейді.
Сол уақыттар болғанда, Бекежан батыр еліне барып, ішінен ақыл ойлайды.
–Бүкіл малды қырайын,
Жеті күн ойын қылайын.
Ауыл қонған Жыңғылды ой, Қыз Жібекті алмаққа, Бекежан батыр [еліне]
Хабар айтып қылды той. Сәрсенбі күні сәскеде Мал шығарып шалады, Ұзын өлке салаға.
Тамам халық жиналды,
«Бекежан той қылад» деп,
Сонда хабар тиеді Жібек сұлу балаға. Сонда тұрып Қыз Жібек
Сексен қыз нөкер қасында, Алты ағасы алдында,
Алты жеңге жолында, Он екі жорға мойнына
Күмістен қоңырау тағады. Бекежанның тойына
Той бастауға барады.
Жібек тойға келген соң ... алтын әйкел құрғызып, жеті күндей айтысып, он төрт жігітті жеңіпті:
Сол уақыттары болғанда, Байы өлгені жоқ екен Қыз Жібектің ойында.
Мақтанып Жібек тұрғанда, Төлеген мінген жорғаны Бекежан мініп тұрады.
Төлегеннің қырық атқа алған алтынды ер Арқасына салады.
Жібекпенен өлең айтысуға Бекежанның өзі сонда барады.
Жібек үйдің ішінде, Бекежан аттың үстінде,
Жібекке былайша деп сөйлейді.
Б е к е ж а н:
–Әуеден борай жауған қар дейсің бе, Түйеде дулыға өркеш нар дейсің бе? Келмеген он екі айда Төлегенің
Қыз Жібек, сол немені жар дейсің бе?
Арасы екі ауылдың табан екен,
Бір келген бұл да болса заман екен.
Келмеген әліге шейін Төлегенің
Қыз Жібек, ойлап тұрсам жаман екен.
Ж і б ек:
–Сұрасаң ер Төлеген хан қасында, Таң қалар көрген кісі тұлғасына.
Төлеген тірі болса келер тағы,
Бар шығар мендей сұлу өз қасыңда.
Б е к е ж а н :
–Қыз Жібек, олайша айтып есің таншы, Болмасаң ақылы жоқ, сорлы ойлашы.
Төлеген тірі болса берер ме еді, Жорғаға астымдағы көзің салшы.
Сонда Жібек тағы сөйлейді:
Береді кей пендеге айдар малды, Қинайды пендесі өлсе кәріп жанды. Сығалап ақ ордадан қарағанда, Торы атын Төлегеннің мініп келген
Бекежанды Қыз Жібектің көзі шалды. Өлгенін Төлегеннің білгеннен соң Қыз Жібек осы тойда ойбай салды.
Ж іб ек:
–Қу қазық жол үстінде тұрған екен, Ат-тонға үстіндегі көзім салсам, Құдайым әне мені ұрған екен.
Өлтіріп Төлегенді жау Бекежан Той қылып мені алам деп,
Үміт етіп халықты жиған екен.
Алты ағасын шақырып Бекежанды қарғайды, Қарғағанда не дейді:
–Алғаның мендей жыласын, Азаматың сұласын,
Мінген [атың] құласын, Үйіңнің іші шуласын,
Қатын-балаң дуласын.
Сүйдеп Жібек жылап тұрғанда,
Жібектің алты ағасы бірдей ер екен, Өлең айтқан дауысын,
Естиміз деп олар да Сырттан тыңдап тұр екен.
–Жібекке тиген кім ед, – деп, Алты ағасы жетіп келеді Бекежанның қасына.
Ортаға алып қамады,
Аударып аттан алады.
«Тие берсін Төлегенге» деп, Алты ағасы Жібектің Сақалынан көтеріп,
Бекежанды құрқыратып шалады. Бекежанды өлтіріп,
Барша жұртпен жау болып, Жалғыз үй көшіп барады.
Талдысайдың бойынан Басқа елге көшіп кетеді,
Қазақ пенен қалмақтың Шекарасына көшіп Барып мекен етеді.
Арғы жағындағы қалмақтың ханы Қоренге Бекежанның елінен екі жігіт барып, Қыз Жібектің сұлулығын мәлім етіп сөйлейді.
–Әй, хан аға, хан аға, Бағына келдік қалаға. Аймақ, аймақ қол еді, Біздің қыпшақ деген ел еді. Алашабайдың Қыз Жібек Қырымдағы сұлу қыз еді.
Қыз Жібекке таласып,
Бекежан мен Төлеген Екі батыр тең өлді.
Алты ағасы Жібектің Бекежанды өлтіріп, Ағайынмен жау болып, Сізге көшіп кеп еді.
Ай бұлты айға ашық, Күн бұлты күнге ашық,
Қыпшақтан шыққан Жібектің үйі Өзіңізге жарастық.
Батырым алып Жібекті, Ойнасайшы бас қосып.
Алтын тақта жатқанша, Қорылдап бекер боқ сасып.
Сонда Қорен қуанып, Қырық жігітін қолға алып: – Қырық жігітім ер, – дейді, Көк арбаға мін, – дейді.
Қыз Жібектің аулына Сендер барып кел, – дейді.
Алты ағасы Жібектің Мұнда көшіп келсін, – деп. Қарындасы Жібекті
Әкеліп бізге берсін, – деп, Біздер – жезде, ол – балдыз Уысы толып [ақшаға] Китін алып кисін, – деп.
Егерім Жібек қызды бермесе, Айтқаныма көнбесе, Айдауыма жүрмесе,
Бататын жерге батсын,– деп,
Жау болатұғын жерін айтсын, – деп. Дүние деген қиырды,
Шаруа жияр сиырды. Айтып болып хан Қорен, Қыз Жібектің аулына Қырық жігітін бұйырды. Сол уақытта қырық жігіт Мәстекке арба үйретіп, Зеңбірек тобын сүйретіп,
Көк арбаға мінеді,
Жібектің аулына қарап жөнеді. Арада жеті қонады,
Жеті күн арадан өткенде, Сарт тоқиды ақ мата, Сөзімде жоқ еш қата
Қыз Жібектің аулына Қырық жігіт келді таң ата. Келе жатқан сандатты Алты ағасы көреді,
Алдынан шығып сөйледі, Сөйлегенде не деді:
–А, сандаттар, сандаттар, Қалада жатқан қалмақтар, Темірден киім киіпсің, Көк арбаға мініпсің,
Сандаттар, сізге жол болсын, Не жұмыста жүріпсің?
Олар сонда сөйлейді:
–Асауға салған шідерді
Қорен сынды хан патша, Бізді сізге жіберді.
Сіз – темір де, біз – көмір Ерітпекке келемін.
Жетім құлын бізде бар, Құлын [ды] бие сізде бар Телітпекке келемін.
Алтайы қызыл сенде бар,
Ақ шәулім сұңқар менде бар, Ілдірмекке келемін.
Жібек пенен Қоренді бір қосып, Күлдірмекке келемін.
Патшаның жауабын Білдірмекке келемін. Қарындасың Жібекті Қорен сынды ханыма Алдырмаққа келемін. Екі қолыңды алтынға Малдырмаққа келемін. Піскен қауын сенде бар,
Өткір пышақ менде бар, Жардырмаққа келемін. Ханнан келген жаушы мен, Жібекке келген даушы мен.
Сонда алты ағасы кеңесті, Далаға шығып сөйлесті:
–Бұлай барсақ – қазақ жау, Бұлай барсақ – қалмақ жау, Не қылып күн көреміз?
Осы қыздың кесірінен
Қатын менең баланы Қолдан ұстап береміз. Қалмақ та болса Қореннің Береннен киген тоны бар. Құдай артық жаратқан Кәпірде кімнің зоры бар? Қыз Жібекті берейік, Сүйеніп күнді көрейік.
Талансыз болған Жібектің Маңдайының соры бар.
Сөйтіп, Қоренге Жібек қызды бермек болып қайырды. Еліне жаушы қайтып барған соң:
Аттанып келді хан Қорен Алты мыңдай қолменен, Қазылған арба жолменен. Арақ пенен бал артып, Қара нанды көп артып, Кеп сандатын шулатып, Алты күн ойын қылады, Жеті күн тойын қылады, Сондай сұлу Жібекті Қорен алмақ болады.
Сол уақыттары болғанда Қорен жұртындағы Ақша хан деген патшасына ұшбу қағаз салады.
– Қазақта сұлу бар екен, Денем сүйер жар екен.
Алсын десе алайын, Алмасын десе қайтайын. Неке қияр хат берсін, Ақойнақ деген ат берсін. Сол уақыттар болғанда, Күн жетіге толғанда, Патшаның алдынан:
«Жібекті алып, Қорен қайтсын» деп
Неке кияр хат келді, Ақойнақ деген ат келді.
Сонда тұрып хан Қорен Жібектің алты ағасын шақырып сөз айтады:
– Қарындасың Жібек қыз қасыма жуық келіп, айқайлап өлең айтсын,— деп оларға бұйрық қылыпты. Айтса өзімді мақтап өлең айтсын деп, қасына көшіріп алады.Алты қырдың астына Қореннің өзі құсын салады, қазақтан бір адам [Жібекке] бармасын деп алпыс сандат қарауылға қояды.
[Сорлы болған] Жібек қыз Ақ орданың ішінде
Өлең айтып толғайды. Бүгін топқа атса да, Қорен деген жауапты Аузына асылын алмайды.
Жібек жылап тұрғанда, Түн ортасы ауғанда,
Күні-түнін бір етіп, Ұйқыға көзін үйретіп, Қабағы төмен жабылып, Төлегеннен айрылып, Жібек сұлу жеңгесін
Бір көрмекке сағынып, Қырық сегіз күн жол шегіп, Астына мінген бедеудің Шоқтығынан тер төгіп, Алаңқайдан қар кетіп,
Майса шығып, жер кеуіп, Елде қалған Сансызбай Шеге жырау қасында, Бала жеті жасында,
Ұйысып жатқан қалмақтың Қол шетінен құлады.
Бір сайлау жерге келеді, Екі аттағы масақты-оқ Түсіріп аттан іледі.
Бір бүліктің болғанын
Сансызбай бала біледі.
Қасындағы Шегеге Бала сонда сөйлейді: – Осы қолға барайын,
Не ағама қылған той шығар,
Не Жібекке келген жау шығар. Қол шетінен барайын,
Жаяу барлап келейін. Шегеге атты ұстатып, Сол араға тастайды.
Жап-жалаңаш жас бала, Қалмаққа қарап Жүгіруді бастайды.
Жүгіріп қолға келеді, Жібек жатқан ордаға Кірейін бала деп еді, Кіргізбей оны көп сандат Омыраудан тіреді.
Көп қалмақты көрген соң Бала қорқып шошынды.
Жеңгесінің дауысын Тыңдайын деп отауға Қолын созып асылды.
Сол уақыттары болғанда,
«Төлеген» деп Жібек қыз, Үйде отырып жылайды, Жылағанда не дейді:
– Төлеген еді жұбайым, Жұбайымнан айырып, Шұнайтты ма Құдайым?
Қарадан болды талайым, Ашылмады маңдайым,
Жеті жасар Сансызбай сынды баланы Әпкелер ме екен Құдайым?
Осы бүгін келмесе, Тілекті Құдай бермесе, Қорен ханға тигенше,
Қор болып онда жүргенше, Ақ пышақты алайын, Қоренге де салайын,
Өзіме де салайын.
Күнде қорлық көргенше, Бүгін-ақ өліп қалайын.
Осыдан өліп мен кетсем, О дүниеге барғанда Үрдің [қызы] мен қылып, Үр жігіті ол қылып, Екеумізді тең қылып, Кейінгіге жол қылып, Қосар ма екен Құдайым?
Сүйдеп Жібек жылап тұрғанда, Бала шыдап тұрмады,
Кейін қалған Шегеге Бала қайтып келеді, Шегеге келіп сөйледі:
– Шеге аға ер, – дейді, Төлегендей батырды Берген Құдай алыпты. Көп қалмақтың ішінде Жібек жесір қалыпты,
Тірідей есін таныпты.
Өлгендігін білдіріп, Құлағыма салыпты. Қартайсаң да бар, – дейді,
Алтын домбыраңды ал, – дейді. Келгенімді білдіріп,
Құлағына сал, – дейді.
Жаманшылық жер болса Шақырып мені ал, – дейді. Сол уақытта қарт ақын
Алтын домбыра қолға алды, Жүрейін деп оңдалды.
Ақ сақалы жалпылдап, Шеге заулап жөнеді.
Жібек жатқан орданың Тұсына жетіп келеді.
Көп қалмақтың сыртынан, Үйде отырған Жібекке, Шеге келіп сөйледі.
Сонда Шеге жырау не дейді:
– Асқар төбе бел, – дейді, Екі батыр соғысса
Қазасы жеткен өледі.
«Алшын-ай!» деп жылайсың, Көп қалмақтың ішінде Жалғыз өзің зарлайсың, Алшын сенің нең еді?
Үйде Жібек сөйледі:
– Алғысы жақсы аға екен, Тілге шешен жорға екен.
Берменірек келсейші, Бұл ордаға енсейші.
«Алшын-ай» деп жылаймын, Жібектен еді айылым,
Судан алған жайыным. Көп қазақтың ішінде Жағалбайлы қайыным.
Сонда Шеге сөйлейді:
– Алшын болса қайының, Кешіксем жолдан қаламын.
Қазақтан келген баланың Келгендігін білдіріп, Құлағыңа саламын.
Ауылың қонған құм болар, Жүрсе қоян жым болар, Алғаны өлген тұл болар.
«Алшын-ай» деп жылайсың, [Алшын саған кім болар?] Бір шыбындай жаныңды Төлеген үшін қинайсың?
Ол сықылды батырдың
Ата-енесі кім болар? Сонда Жібек айтады:
–Туған күндей батайын, Құдай мұндай қылды деп Оларды нағып атайын?
Сонда Шеге тағы сөйлейді:
–Жақсының ісі бітеді, Шебер ұста бекітер, Үзбелі сапты жетені.
Құдай мұндай қылған соң, Атай берсең не етеді?
Атасаң көңілім бітеді, Айтпасаң арым кетеді. Сонда Жібек сөйлейді:
–Айтпасам кеулі толмас,– деп, Атамасам болмас, – деп,
Әуел, әуел, әуел-ай, Сыйынғаным бір Құдай, Атам аты – Базарбай.
Биыл шықты жетіге, Тірі болса артында
Қайнымның аты – Сансызбай. Айтып еді Төлеген
Қыз күнінде салғаны Ақ төсіне алқа, – деп, Елу жасар енемнің
Аты [болар] Қамқа, – деп. Ескі[ден] қалған көне, – деп, Үзбелі алтын түйме, – деп,
Алпыс жасар елімде Жырауым аты – Шеге, – деп. Сонда Шеге сөйлейді:
–Олай болса, ау, балам, Асқар төбе бел болар, Сол сықылды батырдың Шеге жырауы біз болар!
Сонда Жібек қуанып, бүйдеп жылайды:
–Келіп пе едің, қайынаға, Қайынағам келер күн болса, Қара басым садаға!
Қасыңда бар ма, қайынаға,
Жеті жасар Сансызбай сынды жас бала?
Қасыңда болса, Сансызбай сынды жас бала Шақырып алып көрсетші,
Адыра қалғыр ордаға!
Сонда Шеге ақырды,
«Сансызбай!» деп атасам, Қалың қалмақ білер деп, Даладағы баланы
«Атқосшылап» шақырды.
Шегенің дауысын есітіп, Жын ұрғандай құтырды. Екі оқты қолға алып, Тастай тұман қараңғыда, Жібек жатқан отауға
«Аллалап» жалғыз ұмтылды. Бала жаман үйеді,
Не боларын білмейді. Көзі ештеме көрмейді,
«Аллалап» жаяу жөнейді.
Көп қалмаққа көрінбей, Дән адамға білінбей, Жібек жатқан орданың Шегеменен екеуі Тұсынан жарып келеді. Сансызбай мен Шегеге
Жібек қыз [келіп] үшеуі қосылып, Қашып кетіп жөнеді.
Жеті қырдан асады, Бір аулаққа шығарып,
Ол бетінен бір сүйіп, Бұл бетінен бір сүйіп, Бір отырып, бір тұрып, Күйгенінен қан сиіп Сансызбайды құшақтап,
Көзінің жасы моншақтап, Сонда Жібек сөйлейді:
–Мінген атың – ақтабан, Айтулы екен мақтаған.
Өтірік болса өзіне,
Төлегеннің суретін Бойына құйып қаптаған? Өліп едім «көрмен» деп Әлде болса көп екен,
Аһ Жасаған Құдайдың
Мен сорлыға сақтаған!
Сен еліңнен [сапар] шектірді Жібектің екпіні.
Жалғыз ағаң өлген соң Бетіңе түсті секпілі.
Өліп едім «көрмен» деп Әлде болса көп екен Мен сорлыға көп күні. Бар далаға бар, – дейді,
Далаға қосың сал, – дейді. Енді ауылға барайын, Ертең ауыл көшкен соң, Сақау жеңгем жіберіп, Қорен мінген Ақойнақ Сұратып алдап алайын.
Ағаңнан қалған ат өлсін, Ат сауырға салайын.
Талықсыған тал түсте Өзім қашып барайын, Жан алсаң да нан, – дейді.
Сансызбай бұ сөзіне нанады, Сол жерден кейін қалады.
Жібек қайтып барған соң, Сол күні барып жатқан соң, Азан менен таң атты,
Алты қанат орданы Алты нарға жүк артты.
Қоренге қарап Қыз Жібек Сөйтіп тұрып жол тартты. Тұсынан өткен Жібекті Сансызбай көзі көреді, Бала көріп кеийді,
Шегеге бала сөйлейді: – Шеге аға ер, – дейді,
Бұл жатқаның нең, – дейді,
Ырғып атқа мін, – дейді, Осы көшке жүр, – дейді. Көшке қарап шабайық, Талайсыз болған жеңгемді Тартып алып қалалық.
«Әйелге сенбе – діні жоқ, Суға сенбе – түбі жоқ», Бекер сөзге мас болып, Далада жатып не етелік?
Екеуі айтып боп атқа мінеді,
Екі батыр бас қосып, Көшке шауып жөнеді. Келе жатқан баланы Жібектің көзі көреді. Жетектеген түйесін Сол араға тастады, Жүгіруді бастады.
Жүгіріп барып [Қыз Жібек], Сансызбайдай батырдың Шылауынан ұстады.
Сансызбайға сонда Жібек сөйлейді:
–Келбетіңе қарасам, Сүйегің асыл төресің. Бедеудің жалын өресің, Темірден киім киесің.
Көшке қиқу салмаққа, Қаһарланып қалмаққа,
Сенбестік етіп мен сықылды бейбаққа, Қалмақтан мені тартып алып қалмаққа. Баяғы жерге бар, – дейді,
Аулаққа бойың сал, – дейді.
Өзім көшке барайын, Сақау жеңгемді жіберіп, Қорен мінген Ақойнақ Сұратып алып қалайын. Сіздерменен қосылып,
Ел-жұртымды табайын.
Сансызбай [бала] сол сөзбен Және кейін қалады,
Жібек көшке барады,
Бір жеңгесіне барып сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
–Жеңеше-ау, Жайықтың арғы шеті, бергі шеті, Мен өзім бір анадан тудым жеке.
Сәлем де хан Қоренге, жеңешеке, Біздерді тәуір көрсе Қорен ерім, Мінуге Ақойнақ ат берсін бізге.
Мінейін жалғыз көшке ер аты деп, Барған соң бүгін кешке қияр неке. Сонда барып жеңгесі
Хан Қоренге сөйлейді:
–Қорен патша күйеуім,
Аттың майы тілегім. Үйіңе сұңқар түнепті Жалғыз көшке мінбекке, Ер аты деп жүрмекке, Жібек атты сол жарың Іші боқ та, сырты түк, Бір тайыңды тілетті.
Көре алмаған көп жаман
Досты айырар, көп көрер, Ақойнақ атты бермесең, Жібек сұлу өкпелер.
Сонда Қорен сөйлейді: – Атаңа нәлет ит, сақау,
Былшылдамай кет, сақау! Жұрт егесі хан болсам, Қырық қақпалы,
Қала толған жан болсам, Қатынға атым бере алман.
Қатынға беріп атымды, Өзім жаяу жүре алман. Хат жазармын қалаға, Ақойнақ атым бермеймін, Жібек сұлу шаяға.
Қыз Жібекке сәлем де, Өкпелесе, қалма!
Сонда сақау сөйлейді: – Келіп едім сыртыңа,
Атыңды қызға бермесең,
Тіпә, сенің бетіңе!
Шамырқанып, шамдансаң, Боқ сасыған, хан Қорен, Сиейін мен мұртыңа.
Мен бикешке барайын, Араңа отты қояйын, Шағыстырып жау қылып, Кәпір саған қылайын.
Сүйдеп сақау жөнеді, Сонда Қорен ойлайды:
– Осы сақау барар, – деп, Тату Жібек жарыммен Шағыстырып қояр, – деп. Берсем қалай болар, – деп, Бермесем кеулі қалар, – деп, Қуып жетіп соңынан,
Өзі әкеліп береді.
Сөйтіп, өзі қайтты
...[Қорен] берді, Төбе шашы үрпиіп.
Ақойнақ атты жетелеп, Көшке келді төтелеп. Жібек атты алады,
Көштен жалғыз қалады. Төлегеннің алтынды ер Ат үстіне ерледі.
Төлеген киген киімді, Өзі үстіне киеді, Атқа жылап мінеді.
Көште кеткен сақауда
Сәукелесі бар еді, Сонда кеткен сәукеле
Барып алдап, сұрап алмаққа. Көш артынан ұйтқытып, Жалғыз шауып жөнеді.
Тұсынан өткен Жібекті Қореннің көзі көреді.
Отыр екен хан Қорен, Отыз төре қалмақпен Арақ ішіп қауласып,
Өз-ді өзі жауласып. Өтіп кеткен Жібекке Қорен өлең айтады:
–Айтамын бисмилладан сау ма, Жібек, Біздерге арам кеулің бар ма, Жібек?
Ақойнақ жамандатқыр басы қатты, Жығылып қатқылдауда қалма, Жібек! Қыз Жібек, таба алмассың мендей затты, Төрелер біздей, біздей жалғыз жатты.
Қыз Жібек тыңдамайды мұндай кепті,
Құдайым, қабыл қылғай бұл ниетті!
Ілгері сақау тартқан көшке жетті, Бикешті кейін қалған көргеннен соң, Сол сақау куанғаннан өлеңдетті:
–Келеді сұлу Жібек судай тасып, Қоренді қалған екен қара басып. Жаратқан Құдай артық сұлу Жібек Қор болды Қорен итке Құдай қосып.
Сонда Жібек сөйлейді:
–Жайықтың арғы шеті, бергі шеті, Сәукеле адыра қалғыр сен киетін.
Берсейші, мен киейін, жеңешеке!
–Жайықтың арғы бұршы, бергі бұршы, Бикешжан, көп кешікпей бермен жүрші! Шырағым, бұл айтқаның рас екен, Сәукеле адыра қалғыр сен-ақ киші.
Сәукеле адыра қалғыр алдап-сулап қолына алды, Белбеуге бет моншағын түйіп алды,
Сақауға: – Аман бол, – деп айтып салды.
Сансызбай жатқан төбеге Атының басын қаратты,
«Аллалап» Жібек жөн тартты.
«Айт, жануар, шүу!» дейді, Табаны жерге тимейді.
Табанға тиген қара тас Саз балшықтай илейді, Басына күшті бермейді.
Сансыздайдан сексен аршын бой жазып, Ағып өтіп жөнейді.
Тұсынан өткен Жібекті Бала көзі көреді,
Көріп [енді] еңіреді. Қасындағы Шегеге:
–Аға, [маған] ер, – дейді, Бұл жатқаның не, – дейді. Жылдам атқа мін, – дейді, Кел, қашалық жүр, – дейді. Қазасы жеткен өледі, Тілекті Құдай береді.
Көргенім шайтан болмаса, Ақойнақтай ат мініп,
Ат құйрығын шарт түйіп, Өлген ағам Төлеген
Көп қалмақтың ішінен Тіріліп қашып келеді.
«Ажал тигеннің қорғаны болмас көбенің» Өлгендер киер кебінді,
Өзі қашып келген соң, Сол сықылды қалмақтан Төлеген емей немене?
Толғап алды қолына
Төрткілдеп соққан жебені, Оятты сонда Шегені,
Енді үшеуі бас қосып, Еліне қашып жөнеді.
Сансызбай мінген торы ала ат Ақойнақтай тұлпардың Жорғасына ермеді.
Шапса қара көрмеді,
Иә жорғалап, иә жортып, Сансызбай мен Шегені
Әр төбенің басында Тосып алып жөнеді. Адыра қалғыр, Көкшетау, Көрінбесе не етеді, Көрінсе есі кетеді.
«Жібек қашып кетті» деп, Толықсыған Қоренге Хабар [барып] жетеді.
«Жібек қашты» деген соң, Қореннің есі кетеді.
Басындағы киімін Қорен жұлып алады, Алып жерге ұрады. Хан Қореннің қолында Бір сыншысы бар еді,
Тоғыз мың қолды аралап. Өлсе, аямай қырық байтал, Тірі болса, он байтал бәс кесіп, Мойны қырық кез қара атты [Ел] аралап сатып алады,
Шашақты қара ту алып, Қыз Жібектің артынан Ерісе қуып барады.
Молда оқиды мешітте, Жұрт құлағы тесік-ті. Алты ағасы Жібектің Жылқы бағып жүргенде,
«Қарындасың Қыз Жібек Қашып кетті» десіпті.
Қарындасының қашқанын
Сонда алты ағасы бірдей есітті,
«Біз де қуайық» десіпті.
–Соңынан қуып барайық, Айырып алып қалайық.
Патша болған Қоренге Жақсы кісі болайық, – деп, Арғымақ атқа жем беріп.
Азын көпке теңгеріп,
Қоңыраулы найза өңгеріп, Көрсете көр деп «Аллалап»,
Әр бұтаны далдалап, Қоренге де көрінбей, Көп қалмаққа білінбей, Бұлар да қуып жөнеді. Ерте кеткен хан Қорен Шарайнасы жалтылдап,
Астына мінген қара аттың Тұяққа тиген қара тас Жұлдыздай оты жалтылдап, Намаздігер болғанда,
Үшеуінің соңынан Қуып жетті жақындап. Шаңы-шаңға ұласып,
Қырық нөкермен хан Қорен Қуып жетті шуласып.
Сонда үшеуі тұра қалды ойласып Сонда Жібек сөйлейді, Сансызбайға сырласып:
–Артымыздан шаң шығады ұласып, Жетті қалмақ дуласып.
Қалмақтан шықты демесең, Астымдағы ақойнақ,
Шырағым, мінсең жарасып, – деп, Астындағы атын [Қыз Жібек] Сансызбайға түсіп береді,
Батыр бұл атқа мінбеді.
Сонда Сансызбай Жібекке тұрып сөйледі:
–Сорлы, Жібек, аяңда, Ашуыма көп тимей Жол үстінде жүре бер,
Көп сөйлемей жайыңа. Өзің мін де, қызық сүр, Кәуірден алған тайыңа. Ашулансаң кетерсің, Қорен қалмақ байыңа. Арам киім кимеймін, Жау жүрегін өсіріп Жау атына мінбеймін!
Уайым жеме, қайғы алма,
Ту түбінен қозғалма,
Алтын басым жоқ болмай, Сені жауға бермеймін.
Сонда Жібек айтады:
–Артыңа көз сал, – дейді, О да өзіңдей жан, – дейді, Ендеше кейін қал,– дейді,
Құдайым болсын жар,– дейді, Жолыңа айттым жан,– дейді. Сонда тұрып Сансызбай, Аттың басын бұрады,
Қашатұғын қатын ба, Сасатұғын батыр ма? Жекелеп қайтпай тұрады. Қорен келді кекелеп, Сансызбай шапты төтелеп, Сонда екі батыр соғысты, Қарсы [тұра] қалысты.
Қорен батыр ақырды:
–Қашпа, – деп, – балам, – шақырды, Шақырып Қорен сөйлейді:
– Қорен әкең мен, – дейді, Бала, бермен кел, – дейді, Жібек атты жарымды
Алып қашқан нең? — дейді. Атаңа нәлет, Сансызбай, Торғайдай мойның жұлайын! Бала саған келейін,
Мен бір жатқан айдаһар Құйрығымды неге басасың? Жібек жатқан орданы
Сұраусыз неге ашасың?
Жібек сынды сұлуды Алып қайда қашасың? Сонда бала сөйлейді:
–Сансызбай батыр мен, – дейді, Мен де өзіңдей ер, – дейді.
Зорлыққа көніп жүретін, Саған қызды беретін, Қатын туған кім? – дейді. Сонда Қорен сөйлейді:
– Сақалымның ағы бар, Ағалығым тағы бар, Әуелгі атпақ менікі, Соңғы атпақ сенікі,
Кезегімді бер, – дейді. Сонда Сансызбай сөйлейді:
–Кәпір де кезек алсын, – деп Армансыз атып қалсын, – деп, Тайынбай қарап тұрады.
Сол уақытта Қорен хан
Қорамсаққа қол салып, Қозыжаурын оқ алып, Қараша үйдей шоң алып, Өлер жерің осы,– деп, Қақ жүректің басы, – деп, Қорен сонда оқ атты.
Сансызбай мінген сары ала ат Қарғып бұлай кетеді,
Оғы тимей кетеді. Қорен атқан тайлық оқ,
Ар жағындағы екі тау Қабатымен көшіріп,
Жеті қабат жер астына кетеді. Үшке шейін жыға алмай Балаға кезек жетеді.
Сонда бала да атпаққа әуес етеді. – Қорен қалмақ ер, – дейді, Маған да кезек бер, – дейді.
Мен атайын, ит қалмақ, Ерлігімді көр, – дейді.
Бала да кезек алсын, – деп, – Армансыз атып қалсын, – деп, Бұ да қозғалмай қарап тұрады. Сол уақытта Сансызбай Қозыжаурын оқ алды,
Атайын деп оңдалды. Қаражермен серттесіп, Жеңетін жауды кейіптеніп,
«Аллалап» бала [ақырып], Қоренге қарап оқ атты,
Атуына шыдамай
Сансызбай мінген сары ала ат Жер бауырлап бір жатты.
Қыз алатұғын қалмақты, Мойны қырық кез қара аттан Тоғыз бөлек қылды да, Шалқайтып барып құлатты. Оған да оғы тоқтамай,
Ар жағында топтанып тұрған қырық сандаттың
Қырқын бірдей құлатты.
Оған да оғы тоқтамай, Және тастан жани ақты. Жолындағы ағаштың Бәрін бірдей қиратты.
Қорен ханды өлтіріп, Құдай берді балаға Таудай қылып бір бақты. О да қарсы шабады,
Бұ да қарсы шабады,
Үшеуі қамалап ұстап алады,
Мойны қырық кез қара атты. Үшеуі басын қосып тұрады, Кейінгі жаққа барады.
Сонда артынан шаң шықты, Ақ қара бас ту шықты.
Ту астына қараса, Қоңыраулы найза өңгерген, Аламанға дем берген,
Жібектің алты ағасы ол шықты. О да мұны көреді,
Бұ да оны көреді.
Алтауының алдынан
Үшеуі қарсы шауып келеді, Жібектің алты ағасы сөйледі: – Қолға біткен жекен деп, Бүртігі жоқ тікен деп, Төлегеннің інісі
Сансызбай шырақ екен, – [деп], Құшақтап жылай береді.
Кезек-кезек көтеріп,
Алдына алып сүйеді.
Басын тоғызы қосып тұрғанда, Талма-тал түс болғанда, Мінген аты кекілді,
Қайратты келсе хан жұмсар Қызылбастан жетімді, Қореннен қалған көп қалмақ Сонда жеткен секілді.
Сонда Сансызбай жауды көреді, – Құдай тілек берді, – деп,
Іздегенім жау еді,
Жауды көзім көрді, – деп, Ұрыспағым жол-ды, – деп,
Жауға «Аллалап» жалғыз тиеді. Алты құлаш найзаға Сыйғанынша түйреді.
Найза толған сүйекті, Сілкіп тастап жөнеді. Сол уақытта Сансызбай Оң келгенін оң атты,
Сол келгенін сол атты.
Әр төбенің басында Жүз сандатты құлатты. Таудан аққан қара қан Ойға қарап ағады.
Жіліншіктен қан ағып, Күңіреніп жерлер толады. Кәрі күйіп қалмақтың Бәрі бірдей болады.
Екі көзі алақтап,
Қанға тоймай жалақтап, Қалмақ – қой да, бұл – қасқыр, Кейін тастап жөнеді.
Қасқырдай тартып тамақтап, Күн тоғызға толады.
Тоғыз күнде қырғаны Тоғыз мың кісі болады. Көп қалмақты тауысып, Қыз Жібектің ауылына Аман-есен қайтып барады.
Қыз Жібектің ауылын [Қалмақтардан айырып], Жыл он екі ай болғанда Аман-есен көшіріп,
Өз еліне қосады.
Сол уақыттар болғанда Сансызбай мінді аттың беліне, Нан піседі деміне.
Жібек қызды ұзатып, Келді бала өз еліне.
"Балам өлді" деп уайымдап жүрген Сансызбайдың атасы мен анасы өлмей аман көреді.
Еліне келіп Сансызбай Ағасының жылын береді. Үлкендер[і] ойласып,
Сансызбайға Жібекті неке қияды. Ақын, молда жияды
Төлеген деген еріңіз
Осылай тамам болады.