ҚЫЗ ЖІБЕК (Шеге ақын нұсқасы)

Әркімнің болу керек жүрегінде, Жалғанда жеткен бар ма тілегіне. Бөленіп торқа тонға отырсаң да, Қоя ма ажал келсе керегіне. Талайы ғашықтардың арманда өткен, Сұм жалған алдастырып еркелеткен. Қастығы қара түннің адастырып, Жайылған болып кеңес сол себептен. Біреуі сол ғашықтың ер Төлеген, Жазықсыз жас өрімнің қанын төк...

Kazakh
ҚЫЗ ЖІБЕК (Шеге ақын нұсқасы)
Әркімнің болу керек жүрегінде, Жалғанда жеткен бар ма тілегіне. Бөленіп торқа тонға отырсаң да, Қоя ма ажал келсе керегіне. Талайы ғашықтардың арманда өткен, Сұм жалған алдастырып еркелеткен. Қастығы қара түннің адастырып, Жайылған болып кеңес сол себептен. Біреуі сол ғашықтың ер Төлеген, Жазықсыз жас өрімнің қанын төккен. Шығып жүр бұл Жібектің екі түрі, Халыққа жыр ғып жайған Шеге бірі. Бай қылып Базарбайды көрсетуші, Шектіде Қаршығаның жайған жыры. Шеге ақын Қараменді бай деп кеткен, Екі ақын екі елге салған сыры. Бұлайша ер Шегеден қалған кеңес, Бәрін де көзбен көрген жалған емес. Ол кезде аты шулы Қарамен бай, Байлығы Базарбайдың болған емес. Шеге ақын бескөріктің шуылдағы, Сөйлесе бал тамызған тіл мен жағы. Сыйласып құрметінде болып жүрген, Жақсы аға Төлегеннен болса дағы. Кейінге осылайша сөз қалдырған , Артық деп Төлегеннің әруағы. Еріксіз үміт солай кездестірген, Қарадан хан боп шығып туса дағы. Қарамен бай боп шықты жетірудан, Аспады бескөрікте ешкім бұдан. Қулыкөл, Талдыкөлді жайлау қылып, Ақ қарға сүйіндікте қоныс қылған. Шуылдақ түйтеменен бескөріктен, Келейін мен айыра ата тектен. Атақты аймағына байлықпенен, Қарамен жер жүзіне даңқы кеткен. Түйтеден Базарбай мен Қарамен бай, Алты ауыл әр уақта бәрі де сай. Үш жүздің баласына аты мәлім, Өзінің болып тұрған заманында-ай. Білмеген Қараменді ер болмаған, Тең келер сәулетіне ел болмаған. Базарбай малға шола болса дағы, Қадірі ағайынға кем болмаған. Тағы да келді кеңес Қараменнен, Басына бақыт-дәулет бәрін берген. Есептеп аяқты мал айтып болмас, Қара жер қайысқандай төңкерілген. Отарлап қырға көшіп малы симай, Исімен мұрын жарып жас көкорай. Айдынды қайда болса бәрін біліп, Қанаттас қонушы еді көл жағалай. Жайласып мал өріске, ел қонысқа, Самалы салқын көлдің көңілге жай. Ордасы Қараменнің тоғыз қанат, Жайылған жібек кілем сән-салтанат. Екі үйдің арасына керме керіп, Ойнатып түр-түрімен тізілген ат. Алты ауыл алты ағайын аймақтары, Жиылып ертеңді кеш соның бәрі. Кезекпен алты ауылға қонақтасып, Шарада сапырулы қымыздары. Базарбай бөлек ауыл кейін қонып, Дейтұғын кедей ауыл аңыздары. Бір Нияз бір енесі аты шыққан, Жауапсыз жан кіргізбес үйге сырттан. Бүркіттей бүрген адам оңбайтұғын, Есіне дұшпан түгіл досы бұққан. Айбыны Қараменнің сенетұғын, Бұған сай адам жоқ деп жеңетұғын. Екі ұлы Қараменнің Егіз, Жатақ, Ынжық деп елі шулап күлетұғын. Келеді қатар өсіп Егіз, Жатақ, Егізге берген қалың малды матап. Екі ұлы біреуінен бірі өтеді, Бола ма жайылмасқа жаман атақ. Жайылды момын аты ел ішіне, Туысы риза болмай жүрісіне. Қарамен құдасымен ат салысып, Қуанып мақтанғандай өресіне. Егіз де көріп тәуір кісі оны, Мырза деп сыйлайтұғын елі мұны. Сен десе қыңырайып кететұғын, Болғанмен аузы қисық байдың ұлы. Ағалары ызаланып ұрысса да, Ешкімді тыңдамайды келсе жыны. Қой баққан қойшыларға еріп кетіп, Қасында болатұғын күні-түні. Он беске жасы толып өткенінше, Болды деп неге мұндай сөздің шыны. Сыпайы ел ағасы десе мырза, Халықтың бұл сөзіне әкесі ырза. Кісіге едірейіп екі көзі, Батырлық, байлық қылып етер жаза. Қалжың мен келекені айырмайды, Дегенмен халқы мырза, ақыл таза. Әркімдер жүрген ертіп қошаметтеп, Біреу ат, біреу шапан алады ептеп. Біреулер қылып мазақ қалжыңдаса, Қалатын жөн таба алмай бүгежектеп. Бәрін де көрген көзі мұны Шеге, Басыңа берсе бақыт пәлен деме. Мас болып әкесінің дәулетіне, Жаям деп мырза атын қалың елге. Көрген іс жүру анық көңіл ойда, Жігіт боп келе жатыр өсіп бойға. Жанасып жанын жағып епті жігіт, Қылатын сүйікті боп бәрі пайда. Бұл сөзім осыменен тұра тұрсын, Келейін енді тоқтап Базарбайға. Базарбай отыратын ауылы бөлек, Қарамен теңсінбейтін бұрын елеп. Ұшан теңіз көлбеген кең сар дала, Қонатын көшкенде де кейінірек. Қоныстың сүйген жері байлардікі, Шеткерек отыратын елден ерек. Сыйлайтын Базекеңді ел арасы, Қарсы айтар Қараменнің жоқ шарасы. Жеткенше Қаратауға жайлап жүр ғой, Арқаның жетпей ме деп кең даласы. Оңтүстік Қамысақты деп айтады, Көкорай малға шүйгін айналасы. Кейінгі басқа жұрты Базарбайды, Дейтұғын ақылға кең ел ағасы. Болса да кісі құны Базарбайға, Тоқтайтын қайда болса сөз таласы. Жастары келіп қалған алпыс беске, Жері жоқ кемітетін ақыл іске. Екінші әйелінен Қайырсұлтан, О дағы қаза тапты жасы бесте. Ас беріп жұрт жиылған ауылына, Баласы жалғыз басқан бауырына. Ел-жұрты басын қосып көңіл айтып, Қайғының ер шыдар деп ауырына. Көтеріп жерден басын Базарбай шал, Риза боп жұрттың сөзі қауымына. Бескөрік бәрі ағайын аталасы, Замандас бәрі келіп баталасы. Жеңіл жүк Базекеңе болмай қалды, Сүйенген етек тартар бар баласы. Базарбай жалын жұтып қалды солай, Ақырын қайырлы ет деп жүрген жылай. Дегенде тілек қабыл, дұға мақбұл, Сол әйел бір ұл туды туған айдай. Базарбай қылды тойды бәрін шашып, Қайғының бәрін жойды қалған басып. Ағайын, елі-жұртын тағы жиып, Жанды деп өшкен отым судай тасып. Баланың Төлеген деп қойған атын, Артықша жаратқандай мұның затын. Баланы сурет қылып айтып болмас, Түскенде күннің көзі шағылатын. Ақылдың белгісі бар байқағанға, Тамылжып беттің қаны тамылатын. Ерліктің белгісі бар бөлек-бөлек, Қарасаң тал бойынан табылатын. Балаға көңілі толып Базарбайдың, Біріне теңегендей күн мен айдың. Көзінің ағы, көгі, қарасына, Шүкір ғып бергеніне бір Құдайдың. Төлеген осы берген бұдан былай, Қарамен көріп мұны шыдай алмай. Өзінің баласы ондай болмағасын, Ішінен күйетұғын жаны қалмай. Қарамен Базарбайға келетұғын, Келгенде Төлегенді көретұғын. Егіздің бір жыл туған құрдасы деп, Екеуін дос қылам деп күлетұғын. Қам қылып Базарбайды ішке тартып, Баланың болашағын білетұғын. «Бақ қарар бай қараса» дегенде деп, Базарбай келекелеп ілетұғын. Жыландай арбасады қадап көзін, Көрсеткен бұдан бұрын қадап тезін. Ертеде берген қорлық еске түссе, Көрермін туса күнім келер кезін. Жетіге Төлегеннің толды жасы, Маңдайдың кере қарыс екі арасы. Қырмызы қызыл жібек шырайланып, Сүйкімді артып жұртқа дәрежесі. Сөйлетіп байқаушыға сөздің түрін, Үлгілі көрініп тұр бой тұлғасы. Сүйінген Төлегенді көрген халық, Әулеті Қараменнің іші жанып, Жібектей ширатылып нұрын сеуіп, Шапағын шашыратып шырайланып. Соңынан сегіз жылдан бір ұл туып, Ат қойды Сансызбай деп жұрт жиналып. Күн туып нұр үстіне нұр төгілген, Шомылып ай сәулесі гүл себілген. Сексенде қолмен сермеп шал Базеке, Жасарып күннен күнге өң берілген. Айнадай балаларын ортаға алып, Базарбай қылып шүкір төңкерілген. Балалар өсе берген бұдан былай, Ішінде бала қайың өрім талдай. Толықсып екі сурет мөлдіреген, Жанары көрген көздің шағылғандай. Байқаған кісілерге шойын білек, Тоқтамай әр нәрсеге соғып жүрек. Төлеген бір көк тайды алды сынап, Астындағы атын беріп қылып тілек. Сүтпенен қараңғы үйге баға берген, Күмістей жылтыраған жүні жібек. Кеседей төңкерілген тұяқтары, Жылқыдан туғанменен түрі бөлек. Он төртке Төлеген[нің] жасы толып, Жасаған артық қылып берген көрік. Құнаннан дөнен шықты көк тай ойнап, Ер тоқым, сауыт-сайман жатпай сайлап. Толғасын бестісінде мінермін деп, Көрсетпей жұрт көзіне қойды байлап. Баласы Қараменнің келіп жүрген, Бірге ойнап қайда жүрсе еріп жүрген. Сөздерін Төлегеннің екі қылмай, Керегін не десе де беріп жүрген. «Жаныңнан Төлегенді қалдырма» деп, Қарамен о да бұған сеніп жүрген. «Қайныңа қашан барып аласың» деп, Келеке, мазақ қылып күліп жүрген. Жүретін осылайша қалжыңдасып, Қосылып Қараменнің малын шашып. Көрсеткен әкесіне зәбірлерін, Қай жерде қайтарам деп азу басып. Базарбай ұлға қалың бере алмай жүр, Қысқа жіп күрмеуіне келе алмай жүр. Кедейден өз теңдесін айттыруға, Тағы да Төлегенге сене алмай жүр. Өздері тірі болса тауып алар, Лайық тәуір қызды көре алмай жүр. Жетпейді Базарбайдың байға малы, Келтелеу болып жүр ғой құйрық-жалы. Ел-жұрты қыздырмалап айтса дағы, Болмай жүр Төлегеннің жақтырғаны. Төлеген он алтыға келген кезі, Тиеді құлағына елдің сөзі. «Екі жыл төңіректен қыз жаратпай, – Деп айтқан сонда біреу,– мұның өзі. Төлеген алып қашып алар еді, Жаратып өзі сүйген болса қызы. Жетпесе сенің малың елміз ғой,– деп, – Қорықпа көтерерміз келсе кезі». Базарбай бұл сөздерге қалды ойланып, Сөйледі жігіттерге бұл толғанып: – Біреудің ақ батасы боп жүрмесін, Басы бос қыз қараңдар сұрау салып. Бұл сөзге: – Жарар,– деді айтқан жігіт, Осы еді ойлағаным қылып үміт. Шеге еді әлгі сөзді бұған айтқан, Шын досы Төлегеннің айтар үгіт. Базарбай Шеге сөзін шамалаған, Алды-артын – бәрін тосып қамалаған. Шегені сондай тәуір көретұғын, Дұшпаннан сақтаныңдар табалаған. Жасы аға, Төлегеннен аздап үлкен, Бетіне мұның жан кеп қарамаған. Үйретіп бестісінде көк жорғаны, Істетіп масатыдан ат дорбаны. Зерлетіп неше түрлі тас орнатып, Соқтырған атқа лайық ер-тұрманы. Төлеген бұдан кейін қыз қараған, Жайылып әрбір елге сөз тараған. Біреуін көрген қыздың жақтырмайды, Ат жетер жерді іздеп тамам қылған. Ұлы жүз, орта жүздің елін кезіп, Лайық бір сұлуды таба алмаған. Бұлардың жүрген жері ұлы жиын, Қылады айт пенен той барған үйін. Тамызып, сорғалатып тілдің майын, Ер Шеге талай жерге тартып сыйын. Жанында ер Төлеген жүрді балқып, Өзіне көрген жанды алар тартып. Мөлдіреп талай қыздар қала берген, Біріне көз салмайды міндет артып. Төлеген жүрген жерден қыз таба алмай, Үйіне Базекеңнің келді қайтып. Базарбай не болды деп қалды ойланып, Жүр еді көрем қызық деп қуанып. Бұйрығы Жаратқанның болмады ма, Бос қалып жүрген көңіл тым жұбанып. Төлеген білдірмеді ішкі сырын, Естіген Қыз Жібекті бұдан бұрын. Есітіп жолаушыдан ғашық болып, Малы кем айдап барып кіруге орын. Елінен жігіт жақпай о да жүр деп, Жеткізген бұған айтып оның түрін. Алыстан дабылменен естіген сөз, Көзбенен көрмегесін білмей сырын. Хабары естіген сөз естен кетпей, Сыртынан болған ғашық көрмей түрін. Оныңмен шыға алмай жүр белді буып, Жабысқан өзегіне бойын қуып, «Сол елге қалай барып жетемін,– деп, Жер емес есітуім жақын, жуық. Малым жоқ айдай барып көретұғын, Біле алмай не қыларын көңілі суып. Іздеген тілегіме жете алмасам, Атадан не болғаным артық туып». Сыртынан іштен тынып болып ғашық, Бір жанға сездірмейді сырын ашып. Ыза-кек бір жағынан қолы қысқа, Күш керек баруына жері қашық. Төлеген дейді: «Бүйтіп жүріп болмас, Көрейін Шегеменен ақылдасып. Біледі жоқтығымды бұл жетіру, Қалайша мен жияйын елден жылу. Маңдайға жазған істі көру керек, Болмас деп құр ойланып қарап жүру». Қоршылық кім шыдайды мұндай күйге, Шегемен бір күн кірді оңаша үйге. Өзінің бастан-аяқ сырын айтып, Екеуі ақыл салды ой мен миға. – Жайықта бар екен ғой алты шекті, Қария маған айтқан көрген көпті, Сездірмей мұны сізге жүруші едім, Ақыры өз басыма қайғы,– депті. Сол елден жігіт таңдап жақтырмаған, Естідім аты сұлу Қыз Жібекті. Ойымнан жатсам тұрсам бір кетпейді, Өлгенде сүйегіммен бірге кетті. Бір барып соны іздеп көріп қайтпай, Бұл жерде баса алмаспын мен жүректі. Ішінде жетірудың сенерім сен, Айтыңыз енді осыған ,– депті. Шектіде Қыз Жібектің болуы анық, Сұрадым жөн-жүйесін әбден қанып. Жетсе мал, жетпесе бас көремін деп, Барыпты талай жігіт құмарланып. Бәрі де барған жігіт кеткен қаңғып, Біріне көз салмаған шырайланып. Бір барып Қыз Жібекті көріп қайтпай, Бұл елде жүре алмаспын мен айланып. Бар дейді одан басқа бірнеше қыз, Мысалы күлімдеген көкте жұлдыз. Айтуға бәрін мақтап тіл жетпес деп, Нануға болмайды ғой көрмесе көз. Сұраймын ақылыңды оңашада, Жаратқан бұл ісіме жол аша ма? Көп ойлап мұның артын шеше алмадым, Көңілімойды бұзып адаса ма? Сырымды ашпай келдім бұған шейін, Көңілден кетпейтұғын түсті түйін. Кез келдім мехнатқа қол жетпейтін, Қазақтың қалыңмалы бұ да қиын. Салт атты сабау қамшы барғаныммен, Не деймін бата аяқ деп салса бүйім. Беретін оған топтап менде мал жоқ, Көремін елдің бетін қайтіп кейін. Мен барып бөтен елдің арасына, Жібермес маған беріп таласса да, Алыстан алып қашу бұ да қиын, Ойлаймын қалам ба деп жаласына. Мен жүрмін әуре болып, міне, осындай, Естіген ұзын құлақ даласына. Айтасыз қандай ақыл мұның үшін, Әуре боп жүрген жанмын жетпей күшім. Аралап талай тәуір қызды көрдік, Біреуге көз салмадым аның үшін. Байлаған сол жолына мен бір лақ, Тағдырға не болармыз көнбегесін? Ер Шеге бала сөзін қылды уайым, Жүрекпен елжіреді айтқан сайын: – Әуре боп бекер жүріп қыдырғанша, Ертерек неге айтпадың мұның жайын? Төлеген, елі-жұртың бар емес пе, Жалғыздық жолы ауыр тар емес пе? Мен қайран бекер бүйтіп жүргеніңе, Жоқпын деу ер жігітке ар емес пе? Төлеген бір құбылып, бір қызарып, Сөздері ер Шегенің түсін жарып. Қалықтап бастан тұман арылғандай, Жеткендей мақсұтына қайраттанып. Ер Шеге бітірген жоқ әлі сөзін, Баланы тербеткендей қадап көзін. Күн туса ер басына серттескендей, Сонда да ойлау керек мұның өзін. – Төлеген, қапа болып саспа,– деді, Ешкімге әзір сырың шашпа,– деді. Әр істің ақырына сабыр керек, Баласын Қараменнің ұста,– деді. Қалдырма қайда барсаң өз жаныңнан, Көрсетіп әр нәрсеге нұсқа,– деді. Ішіңде өз есебің бола берсін, Көтеріп не десе де қоста,– деді. Қайнына барам деп жүр ертіп апар, Маған да жүр деп отыр жегі Жапар. Ол өзі қайынымен тәуір емес, Қисықтың біреуі сол жатып атар. Қайыны тамадағы бай Құдабай, Оның да шыққан аты кер бұландай. Алдынан атыменен адам өтпес, Халқына қадалатын сұр жыландай. Мырзаңа оның қызы риза емес, Бұдан да сақ болыңдар қапы қалмай. Риза емес мырзаңызға оның қызы, Сынаған мырзаңыз ды көріп көзі, Ұрсысып былтыр барып қайтқан болар, Осылай айтылып жүр елдің сөзі. Бір қайрат осы жерде көрсетіп бер, Бұл істің сәті болар келер кезі. Жақында жүру керек қазына артып, Не қылсын Қарамен бай одан артық. Той малы кәде жора елу қара, Тағы да не дейді деп отыр шалқып. Бермесе осы сапар келінімді, Күшпенен алдырмақшы енді тартып. Осы жер бір ерлікті қылу керек, Келінін қайтсең де алып беру керек. Мінесін Қараменнің желкесіне, Бағынып ерлігіңе сену керек. Бір ауыз сен барғасын тілге келмес, Сыртыңнан атағыңды білу керек. Шеге ақын өзі дана ердің ері, Күнде той, күнде сауық жүрген жері. Білмейді екеуінен басқа кісі, Осылай сөз байлады екі сері. Жайраңдап берді қуат өзіне-өзі, Жүрекке дем бергендей Шеге сөзі. Егіз де келіп кетіп жүретұғын, Кісі деп ойламайтын түсіп көзі. Айтқандай кешікпей-ақ Егіз келді, Келгенін бір жұмысқа оның білді. Келгеннен Төлегенді сөзін тартып, Жақындап айтуға отыр ішкі сырды. Өткен жыл қайынына барғандағы, Қалдырмай бәрін сұрап болған жырды. – Жағалай қалың тама екі бөлек, Азғырған әбден қызын беріп көмек. Таласып алып барған дүниеге, Бір жанжал шығармақ боп қылып себеп. Ағайын отыз үйлі құтқожадан, Ат байла босағаға бәрі демек. Мен алсам Құдабайдың қызын алам, Кісі деп отырған жоқ мені де елеп. Отырмын ертең тағы баруға ұрын, Жоқ еді ісім түскен саған бұрын. Шақырта әкем сені жіберіп ед, Қалдырмай алып кел деп сені бүгін. Төлеген барайын деп уәделесті, Сөйлесіп ішкі сырын бәрін шешті. –Қолқаңыз маған салған осы болса, Бола ма ертіп бармай сендей досты? Олжаңа ортақтастыр осы жолы, Бола ма қолдан беріп ар-намысты. Бұл сөзді Төлегеннен естігесін, –Болды, – деп ұшып тұрып қолды алысты. Төлеген бұдан кейін даярланды, Жабдықтап көк жорға атқа ер-тұрманды. Төлеген білектінің көрер едім, Көңіліне қылып түйін бар арманды. Болуға күйеу қосшы еріп келді, Жиылған бозбалаға көрік берді. Шақыртып Шегені де алған екен, Қосылып бір-біріне серік болды. Ақсақал барлығына Қадірімбет, Бар еді ығай-сығай толық болды. Үлкені одан соңғы Қыдырәлі, Құдалар отыз кісі болды бәрі. Осы жол тамаменен байқасам деп, Көпірер сөйлегенде ауыздары. Таманы көшірген-ді отыз үйлі, Өрбіген құтқожадан ата тегі. «Осы жол келінімді қалдырмасын, Жеткендей мазағының болды шегі». Жөнелтіп құдаларды Қарамен бай, Сірескен жетірудың өңкей бегі. Хабаршы малын айдап бұрын кеткен, Келед деп Құдабайға хабар еткен. Тіккізіп кең далаға қонақ үйін, Келетін құдалардың жолын күткен. Есітіп бұл хабарды байдың қызы, «Бармаймын, өлтірсін» деп алып беттен. Қызына адам салып елін жинап, Қойсын деп үгіт айтып үміт еткен. Жетіру тегіндікпен кетпейді деп, Жинаған бар адамын сол себептен. Есітіп елі-жұрты байдың сөзін: – Баласын жақтырмайды сенің қызың, Қарамен азар болса малын алар, Байқау керек қалай да мұның өзін. Аялап асыраған жалғызыңды, Бересің қалай ұстап қиып көзің. Азғырды қыз әкесін елі қалмай: –Жатыр,– деп,– қызың жатыр ес жия алмай. «Ол жаманға барғанша өлемін» деп, Айтатын сөз бар ма деп содан былай. –Құдеке,– деп азғырды,– ақылға кел, Көз жасы қызыңыздың болды,– деп,– сел, Байлығы Қараменнің неге керек, Баласы оңбайды деп шулайды ел. Жанына күйеу қосшы соны ертіпті, Баласын Базарбайдың қылады бел. Қыз қарап өткен жылы өтіп еді, Болмас-ты ондай бала шалқыған көл. Сөйлесіп сол балаға түсіндірсек, Басқасы жетірудың бәрі де жел. Ақыл, ерлік баланың бәрі өзінде, Обалына қалма,– деп,– енді өзің біл. Қарамен қолына алған Төлегенді, Әуелде Базарбайды бөле келді. Арасы Қараменмен тәуір емес, Ыза, кек балаға да ере келді. Олардың екі арасын жақсы білем, Айтуға түсіндіріп жөні келді. Тамада аз ел емес Сыр бойында, Бір шеті жайлап жатыр Қарақұмда. Біреуін ағайын деп тартпаушы едің, Болдым деп жер тәңірісі өз ойыңды. Мінекей ағайынның керек жері, Басыңа келсе жұмыс осындайда. Жетіру құдалары келді қалып, Дүбірі солқылдатып жерді жарып. Алдынан саятшылар қарсы шығып, Түсіріп қонақ үйге алып барып. Тігілген қонақ үйлер оңашаға, Шуылдап жүгіріп жүр бала-шаға. Кермеге керіп қойған атты байлап, Қарайды ел жиылып тамашаға. Күйеуге бір отауды тіккен бөлек, Беренмен оюлатқан дөп-дөңгелек. Әңгіме, үйдің сырты гуілдейді, Күйеуді көреміз деп қылып тілек. Уығын алтын сырмен сырлатыпты, Күміспен кереге көзін березелеп. Сөйледі Қыдырәлі сонда шалқып, Келгенге сұрланады қанын тартып. Осы жол не болса да боламын деп, Қояды бір жағынан күшін айтып. Бүлкілдеп бір жағынан Қадірімбет, Шымшылап Құдабайды о да қамтып. – Айтатын сөзің болса алдыма сал, Біз емес кететұғын тағы қайтып. Осылай Құдабайды қамалайды, Дос күліп, дұшпандары табалайды. Жөнелтем қызым көнсе дегендей ғып, Тұруға табан тіреп жарамайды. Құдабай ағайынға келді қайтып, Естіген сөздерінің бәрін айтып. Келіпті бұл жетіру күшін жинап, Отырды қайтеміз деп күйін тартып. – Мен көрдім Төлегенді сенген кісің, Байқадым оның дағы әңгімесін. Жақындап ары-бері сөз тартсам да, Бермеді шырайланып маған түсін. Бойына бар қаруын байлап келген, Көнбейтін қандай қыз деп қайрап тісін. Тез бер деп жауабыңды кешіктірмей, Сөйлесем өзім барып байқап түсін. Түңілдім Төлегеннің келбетінен, Қалайда жиып келген барлық күшін. Қайтарсаң елдің малын көнер емес, Біліңдер не қылсаң да ендігісін. Кеңесіп Төлегеннің өзі келсін, Былауда болып жатқан қызды көрсін. Алдында қызмет етіп сұранайық, Төресін көзбен көріп өзі берсін. Айласыз оңашалап сөйлесейік, Көндірсе қызды үгіттеп өзі білсін. Бұлай деп Төлегенді шақыртады, «Көндірер, жә көнер» деп көрсе түсін. Төлеген шақырғасын келді өзі, Ордада жатыр екен байдың қызы. Көзінің жасын тыйып, әдеп сақтап, Төлеген кірген кезде түсіп көзі. Көк шығып, қоңыр түске ел қонғандай, Құбылды неше түрге қыздың жүзі. Ләззатпен иіледі тағзым қып, Майысып сенгендей боп өзіне-өзі. Қыр мұрын, қызыл жүзді көрікті екен, Ертеңгі туған шолпан екі көзі. Қайғының қара тасы бар үстінде Бұлай деп аз отырып айтқан сөзі. – Жә, тақсыр, бас құрмандық жолыңызға, Алыпсыз ел намысын қолыңызға, Өткен жыл бір тең іздеп өтіп едің, Отырмын таң боп тағы мұныңызға. Әркімді өз ойыңдай көру керек, Тұрмайтын еріп келген арыңызға. Басымды қанжығаңа мен байлайын, Алсаңыз көз жасымды мойныңызға. Төлеген тұрды тыңдап қыздың сөзін: –Атыңа құмар едім, көрді көзім, Біреудің мен де өзіңдей жұлдызымын, Алдыңа жүгінуге келді кезім. Өткен жыл өлтіргені естен кетпес, Шындықты сүйетұғын бір мінезім. Тояттап қызға қарап тұрды қыран, Белгілі Мұхамбеттің жолы бұған: –Түсініп шыққан сөзге шын көңілден, Өзімдей бір жан екен алды тұман. Белгісіз қасіретпен атқан тәңір, Дауасын таба ала ма біздің жаман. Қасына бір себеппен еріп келдім, Сіз болып тапқан дауам айналадан. Бір жұмбақ жүрегіме орнағасын, Шыбын жан қала ма деп содан аман. Әруағын елі-жұрттың бір сыйлаңыз, Артпай-ақ ауыр жүктің бәрін маған. Дүниеге келген жандар мұңсыз өтпес, Айтамын түсіндіріп мұны саған. Жем болған жапалаққа ақ маралсың, Бұл күнде кеміп отыр сенің бағаң. Тіреліп кедергіге келіп тұрмын, Тағдырға Тәңірі жазған болмай шарам. Сөздерін құлақ қойып қыз тыңдап тұр, Байқаса ой жеткісіз бір терең сыр. Кей сөзін қалай айтқан түсіне алмай, Жәудіреп екі көзі мөлдіреп тұр. – Асылзат, түсінбедім мұныңызға, Жете ме менің басым құныңызға. Дауасы дертіңіздің болып тұрсам, Айтқаным жаным құрбан жолыңызға. Апарып отқа салып өртесең де, Байлаулы бас ноқталы қолыңызда. Бұлай деп Төлегенге берді қолын: – Асылзат, қайда жүрсең болсын жолың, Айыпқа екі тоғыз мойынымда, Белгілеп дәрежеңді қойдым орын. Төлеген үлкендерге қайтып келді, Дұшпанның өсегі деп айтқан тілді. Қаракөз сездірмеген елге сырын, Риза боп бұл хабарға бәрі күлді. Түсініп барлық сырға отыр Шеге, Сөзбенен шашу шашып, сеуіп гүлді. Қалдырмай айтты деді барлық сырын, Екі әйел жіберген деп бұдан бұрын. Арасын екі жастың шағыстырып, Сөз айтып арасына қандай зұлым. Істеуге даярланды енді тойын, Жарасып құдалармен ашты қойын, Біреулер өсек қылып алып қашып, Қалайша бұрылды деп қыздың мойнын. Біреулер көп жаса деп бата беріп, Алды деп екі елдің абыройын. Бәрі жүр Төлегенді ортаға алып, Пері ме, періште ме құмарланып. Қуаныш екі жұрттың бәрін кернеп, Жетіру еріп келген масаттанып. Көз салып жұрт таңданып бәрі соған, Сыбырлап қыз-келіншек бір жағынан. Сымбатты, жүріс-тұрыс бәрі бөлек, Түрінен жат көрінер сондығынан. Сыпайы, сұлу сымбат, насат қандай, Таласып Құдай артық жасатқандай. Жиылып қалың тама шуылдайды, Топырлап ортасына тас атқандай. Өгіздей еркіншілік тиді көпке, Қамытты мойынынан босатқандай. Арасын екі елдің табыстырған, Дұшпанның өзі бітіп шағыстырған. Той өтіп енді қызын ұзатуға, Құдабай елге қызын таныстырған. Сонымен неше күнде тарқады ойын, Бірталай қылып шаңдақ Сырдың бойын. Көпшілік алғыс айтып Құдабайға, Тамаша таң қалғандай қылды тойын. Алдырып ордасына құдаларын, Көрсетіп алдарына салды бүйім. Алатын жанат ішік алтындаған, Күмбездей аппақ отау оюлаған. Сәукеле алтын шашақ күмбез таққан, Не қажет рахатсыз дүниядан. Оң жақта отыр күйеу күжірейіп, Тігеді екі көзін ежірейіп. Көгеріп екі езу көбігімен, Мойынын ішке тартып кіжірейіп. Айсұлу Төлегенге иек қағып, Көзбенен сөйлеседі мұңын шағып, Ақылы әр тарапқа алып қашып, Дегендей жолдасыңыз отыр нағып. Айсұлу біліп отыр терең ойлы, Бала еді ер жүректі, орта бойлы, Төлеген күйеу жолдас болғаннан соң, Кеулінде ескі кептің бәрін жойды. Әукеннің аясымен Төлегенге, «Отырмын бір сен үшін болып пенде. Болғанмен сыртым – бүтін, ішім – жалын, Байқаңыз отырғанын кірмей көрге. Бақытын басындағы тебер едім, Сіз үшін шығып отыр басы төрге». Бұ да еріп қазынасын жатыр тойлап, Дүниеге көз салмайды бірін ойлап. Толтырып тоғыз нарға қазынасын, Жаптырып жібек кілем бәрін сайлап. Айсұлу қанын тартып тіл буылып, Көріс деп әкесімен жұрт бұйырып, Төрдегі әкесімен қоштасуға Орнынан әрең тұрды қыз шойылып. Екі ауыз әкесіне берді жауап: – Басымды малға сатып көрдің сауап, Малменен мені сатқан пайдаланып, Келгейсің Байтуллаға қылып тәуап. Жағалай жұртқа сұлу бір қарады, Әкесі сөз қата алмай көңілі дауап. Ер-тоқым алтын, шапқан құла жорға, Қамшыны күміс сапты алды қолға. Көрісіп көрінгенге сыр алдырмай, Кездескен кісідей боп тұйық жарға. Бес кісі қосшы болып жанына ерген, Халайық амандасып қала берген. Ызғытып бір ауылдың малын айдап, Аулына Қараменнің алып келген. Қарамен қылған тойды келін түсіп, Өзінен көрген қызық көңілі өсіп. Жиылып жетірудың жақсылары, «Қайырлы, құтты аяғы болсын» десіп. Қуаныш қылды сауық елін жиып, Бәрі де келгендердің басын иіп. Қоныслар құл секілді дөңгеленіп, Алдына келген заттың бәрін үйіп. Қамқа тон, қызыл берен, жанат ішік, Арнаулы бас басына киіт киіп. Бәрі де білдіреді ырзалығын, Көргесін құдасының мырзалығын. Дүние жаратымды бәрі де асыл, Тай шешіп, тең ақтарып жұрт барлығын. Құрмет қып Төлегенге тіке тұрып, Сөйлесіп Айсұлумен еркін жүріп, «Қадірін Айсұлудың ұмытпа» деп, Егіз де қалжыңдайды түпке ұрып. Айсұлу Төлегенге басын иіп, Білдірмей сырдың кілтін ішке түйіп. Жайдары жай қараған адам құсап, Пікірін көрсетеді назды сүйіп. Қылғанмен қанша құрмет жүрген жері, Көзіне көрінбеді соның бірі, Елестеп көз алдында тұрғандай боп, Бетіне ғашығының соғып желі. Төлеген қатарынан артық туып, Жалғанға көз салмайды дүние қуып. Белгісіз керуен өмір өтіп барад, Жастықпен көтеріп жүр көңіл жуып. Төлеген кеткен қайтып амандасып, Екеуі аттандырды сөз жарасып. Бір талай арасында күндер өтті, Жүреді келіп кетіп араласып. Егіз де көтеріліп қоятұғын, Сыпайы сырын бермей қалжыңдасып, Жардағы жапалақтай жазды күнгі, Тыңдайды не десе де аузын ашып. – Баратын тағы сенің бір жерің бар, Жалпиып жата бермей ұйқы басып. Басыңда бақыт құсың тұрған шақта, Әлемге атыңды жай айдан ашық. Жетпей жүр көп адамның бұған қолы, Барғандар сыйлық алып болған жолы. Шен алып ақ патшадан қайтып жатыр, Достығым саған айтар ойла мұны. Атаның дәулетінің арқасында, Табылар талаптансаң малдың құны. Бұл дәурен екі айналып келе бермес, Беделің артар жұртқа сөздің шыны. Мақтанып бұл сөзіне көңіл өсті, Барайық Айсұлуға жүрсек десті, Мырзаның отауына келіп кіріп, Отырып сұлу сөзбен күлімдесті. Айсұлу ағакелеп жаннан жатқа, Елжіреп бермейтұғын жанға түсті. Төлеген Егізге айтқан сөзді бастап, Ақылың болды керек сенің десті. Төлеген Айсұлуға қадап көзді, Көзбенен түсінісіп айтқан сөзді. Екі бет уылжиды қаны тамып, Жеткізбей жүр дегендей өмір бізге. Ақылмен өлшеу қылып байқасаңыз, Отырмын біледі деп көңілімізді. – Асылзат, түсінемін түйініңе, Өзіңмен бірдей күйдім күйігіңе, Жеткенше мақсұтыңа мырзаң, міне, Аянбан қолдан келер бүйіміңе. Осы еді Төлегеннің көздегені, Бола ма әр адамның өз дегені. Басына бақыт берген пендесіне, Табылар әр уақытта іздегені. – Жастықта көру керек жердің шегін, Болғанмен бөтенге ауыр, бұған тегін. Арқаңда сенің шалқып мақтан қылып, Жүрсең де болам жолдас күні бүгін. Жайықта қызы сұлу шекті бар дейд, Көрейік баса жүріп азы-көбін. Шен алып, ақ патшадан қайтар болсақ, Жаратсақ алармыз деп тауып ебін. Қыз тапсаң малын өзім берем дейтін, Көрсетіп, сылтауратып сөздің шегін. Қуанып түрекелді: – Барамын,– деп, Әкемнен бүгін рұқсат аламын,– деп, Ешкімнің айтқанына мен көнбеймін, Көнбесе бір лаңды саламын,– деп. Егізге: – Асықпаңыз, тоқта,– дейді, Қызулық қылып жүрме жоққа,– дейді. Жайымен түсіндірер алдын орап, Сездірме бұл сырыңды жұртқа,– дейді. Ақылмен оңашалап түсіндірсең, Өз әкең сені салмас отқа,– дейді. Екеулеп оңашалап айтты ақылын, Еппенен бастау керек сөзді ақырын. Шен алып, шекпен киіп қайтам десең, Қуанып өзі жияр бар жақынын. Егізге айтып ақыл түсіндірді, Қолтыққа ұрып-ұрып ісіндірді. Бәрі де өз айтқаның болады деп, Бармақ қып осы жолға ұсындырды. Айсұлу бір жағынан демдеп отыр, Ауруының емін тауып емдеп отыр. –Басыңда бұл бақытың бар шағыңда, Шен алып ақ патшадан кел,– деп отыр. Жіберген қайрап-қайрап Қараменге: –Сенен жоқ осы күнде артық пенде, «Шырағым, сабыр ет» деп тоқтау айтса, Сөзіне сылтауратқан, сірә, көнбе. Төлеген өзі аттанып жүріп кеткен: –Хабарын берерсің,– деп,– келсе жөнге. Бұл сөзді мен айтты деп айтпағайсың, Сұраса жұбауратып, сірә, сенбе. Барады әкесінің ордасына, Егізді шақырады өз қасына, Сондағы әкесіне берді жауап: –Балаңның не бересің қолқасына? –Бұл сөзің не деген сөз,– дейді,– қалқам, Тірлікте қуанышым сенің арқаң. Міне мал, міне дүние, бәрі саған, Ала бер тағы болса салар қолқаң. – Қолқам бар оңашалап айтатұғын, Бұл жерде бола алмаймын көзге тығын. Бір жерге жүретұғын талабым бар, Азырақ болам шығар малға шығын. Батаңды беремін деп уәде бер, Сонан соң мен айтайын сөздің шынын. Қарамен аз ойланып қалды қайтып, Қабағын мал дегенде тұнжыратып. – Шырағым, қандай сапар ойлағаның?– Сұрады алдастырып, сылтауратып. Баланың қайсарсыған бетін танып, Болсын деп жүрсең жолың жылмаңдатып. Бала айтты: – Алыс сапар ойлағаным, Бір сапар аямайсың дүние малын. Көрісіп ақ патшаны көріп келем, Атағым жер жүзіне болсын мәлім. Бұ дәулет, бұ бақыттың ортасында, Лайық па бір шен тақпай отырғаным. Қарамен баласының сөзін естіп: –Жассың ғой, әлі ертерек,– деді,– жаным. «Бердім» деп баласының бетін сүйді, Баланың айтқан сөзі жанға тиді. «Жолыңа талап етсең мал аяма», Бір сапар шашуына малын қиды. –Бұл жұмыс қиын емес,– дейді,– маған, Айтатын жауабым бұл,– дейді,– саған. Қыс өтіп қар суымен жөнелтейін, Дайындық ету керек,– дейді,– оған. «Жарар» деп әкесімен қол алысты: – Қамсыздық болу керек жол алыс-ты, «Нұр жауар талапты ерге» деген, балам, Дегенмен айта келе сөз алысты. Шырағым, бұл жұмысқа жүрек керек, Жолдасың болсын тәуір, көмек керек. Жолдасың жаман болса жолда алдырар, Әр істің болуына себеп керек. Жүрерде мен жиярмын қалың елді, Сабыр ет, әзірінше барың енді. Жидырып жолдас-жора, жол жарағын, Шырағым, дайындармын жүрер жолды. Болды деп әкесімен амандасып, Көңілі қайтты отауға судай тасып. Шақыртып Төлегенді алдырады, Араға кісі салып хабарласып: – Ал енді алдағы істі өзің жөнде, Жүреміз қар суымен араласып. Егіздің айтқан сөзі жанға тиді, Болар деп істің жөні көңілі түйді. Отырып әзілменен Айсұлуға, Тапсырды қаға бер деп жүгі шиді. – Ендігі міндет сізде бұдан былай, Жарар,– деп сөз алысып қалды жылай. Білмеген сағым сөзге болдым іңкәр, Не шара салғаннан соң көңіл ылай. Көңілін көтермелеп демесең де, Кездесер кезегіне екіталай. Бір сапар жүргізгейсің көтермелеп, Жүрмесін сөзден тайып тауып себеп. Бұл дәурен екі айналып келе бермес, Тұрғанда басыңда бақ әруақ жебеп. Тіліне ағаларың азба, – дейді, Қыс өтіп келіп қалар жаз да, – дейді. Кеңесіп осы бастан не керегін, Тапсырып өз әкеңді қозға, – дейді. Жиынған соныменен уәде етіп, Арада бірнеше айлар, күндер өтіп. Төлеген Шегеменен басын қосып, Жүретін мырзасының жолын күтіп. Қарамен бір күндері елін жиған, Шақырып ел тәуірін қылып мейман. –Баламды ақ патшаға жүргізем, – деп, Отырмын қайтара алмай талабынан. Мақтанып шонжарлардың басын қосқан, «Жарайды» деп көтермелеп әрбір тұстан: –Жиған мал, абырой, бақ – бәрі сенде, Дегендей бәрекелді ақыл жастан. Бәрі де үзеңгелес қариялар, Бақытқа берген Құдай кім таласқан. – Шен алып ақ патшадан балам қайтса, Жалғанда жан бар ма, – деп, – менен асқан. Даярлап жол жабдығын қылды жиын, Көрсетіп ел-жұртына артық сыйын. Жетеді Қараменнің көп дәулеті, Сыйлыққа арттырады асыл бұйым. Жігіттің жидырады еректерін, Ат-сайман даярлайды керектерін. Басшы ғып Төлегенді баласына, «Бар болса тағы да айт, – деп, – тілектерің». Шегені алды дейді хабар беріп, Дайындық қыла жүрген о да біліп, «Сапары құтты болсын мырзаның» деп, Көріскен Қараменге о да келіп. Жігіттер дайындалған қосын артып, Қарамен дәулетіне отыр шалқып. Жүз жігіт басшы, қосшы болды бәрі, Жөнелмек болды осылай күшті тартып. Баласы Қараменнің маң-маң басып, Кемпірлер табақ-табақ шашу шашып. Көк көйлек көлбең қағып Айсұлу жүр, Шығарып саламын деп амандасып. Толтырып қырық нарға жүгін артып, Тізіліп бара жатыр қырдан асып. «Оралып орайына болсын жолың», Айсұлу Төлегеннің қолын қысып. Көзбенен сөйлеседі оңашалап, Жақындап келген жерде жанасалап. Білдіріп көңіліндегі шын достығын, Жүргенсіп жігіттерді тамашалап. Шығарып күндік жерге бұл аттанып, Аңғарып білдіргендей сырын анық. «Сапарың құтты болсын, сұлтаным» деп, Қош айтып қала берген жолын танып. Айдатып көшпен бірге жөнелтеді, Жылқыдан үш жүз жорға бөліп алып. Қош айтып елі-жұрты қала берген, Ел-жұрты, ағайыны бәрі келген. «Сый алып ақ патшадан қайтыңдар» деп, Қол жайып молда, қожа бата берген. Жөнелді қолды бастап Шеге батыр, Сәулетпен неше түрлі келе жатыр. Жүз жігіт басшы, қосшы бәрі сауық, Тігіліп түскен жерге алтын шатыр. Бәріне жүрген жердің болды мәлім, Шұбыртып артып айдап дүние малын. Шеге ақын өзі батыр, өзі шешен, Қаратып ауызына қолдың бәрін. Барады күліп-ойнап өңкей жастар, Жүруге су жағалап қылды жоспар. Бұларды көрген халық таң қалғандай, Бірінің сөзін тосып бірі қостар. Жиылған ел іргесі өңкей манап, Шектіге жақындайды күнді санап. Жетемін тілегіме дегендей боп, Төлеген ішкен асы бойға тарап. Жүрегі келе жатыр алып ұшып, Білдірмей ерген көпке іштен пысып. Елестеп алдарынан үміт сағым, Сом жүрек жарылғандай көңілдесіп. Көргендей көз ұшында әлденені, Біреу ме алдап кеткен әлде мені. Бет түзеп жақындады төте тартып, Ерусіз қолды бастап күні-түні. Тоқтаусыз келе жатыр бұдан былай, Жібекті бір көрсем деп берсе Құдай. Көлденең Жетісуды кесіп өтіп, Үдере көшті тартып дәл екі айдай. Шектіге Жайықтағы келіп жетті, Құрдырып алтын шатыр туын тікті. Ешкімнен қорынбайды өңкей батыр, Өріске малды жайып еркіндепті. Бұларды шекті көріп хабарласқан, Таңырқап сәулетіне жұрттан асқан. Жетіру Базарбайдың баласы деп, Қыз іздеп келеді деп хабар шашқан. Жайылып Төлегеннің аты шығып, Егіздің аты өшіп қара басқан. Егіздің көңілін аулап алдастырып: «Бірге өскен дос едік,– деп,– бала жастан». «Қыз тапсаң, мал аяма, ала бер» деп, Алданып алдау сөзге аузын ашқан. Шеге кеп бір жағынан өсиет деп, Қояды көтермелеп қошаметтеп. –Малыңды айдап келген бұған берсең, Кім саған қарсы келер баса көктеп. Араңда ала ауыздық болмасын деп, Егізді өгіз қылып қояды ептеп. –Сөзіңді шын бер,– дейді,– осы бастан, Туғанда бола алмайды артық достан. Достықтың арасында шын сөз керек, Достықтан айрылмаңдар Құдай қосқан. Екеуі ортаға алып оңашалап: – Жүрме,– деп,– малға ие боп жанасалап. Аузыңды ашқаныңмен оңбайсың,– деп, Молдадай жүгіндіріп берді сабақ. Егіз де: – Бердім,– дейді масаттанып, Мен үйден шықпай айтқам қос аттанып. Абырой осы жерде берсін саған, Таласып не қылайын қосақталып. Содан соң Төлегенді білген шекті, Біреуден біреу естіп келген көпті «Қыз таңдап біздің елге келіпті» деп, Жайылып жалпақ елге даңқы кетті. Көріскен Төлегенге келіп бәрі, Таңдана келбетіне жас пен кәрі. Құрмет қып қонағасы шақырыпты, Қазақтың ерулігі ескі заңы. Өбектеп баласындай бір шал отыр, Сыпайы сөзін байқап өрімталы. Тіктірген оңашалап қонақ үйін, Көрсетіп мырзаларға тартып сыйын. Ту жылқы, асауларды ұстап сойып, Қан соқта қылып жатыр ұлы жиын. Кім қызын бермес дейсің мұндай бекке, Таныды шал да сынап асыл текті. Отырып қонағасы болғаннан соң: – Шырағым, сен бар,– дейді,– Қыз Жібекке. Тыңдаңыз, мен айтайын оның жайын, Мырзасы біздің елдің мұңды уайым. Бір жанға езу тартып түс бермей жүр, Жаратты сонша паң ғып бір Құдайым. Қыр мұрын, қызыл жүзді, қиылған қас, Ішінде көк теректің бала қайың. Есітіп шалдан атын Қыз Жібектің, Құбылып тұра алмай тұр айтқан сайын. Жағалай Ақжайықта алты шекті, Сырлыбай ханымыз бар көрген көпті. Алты ауыл, алты ұлы бар Сырлыбайдың, Жалғыз қыз ең кенжесі Қыз Жібек-ті. Жібектің он жетіге жасы толып, Төбесі тіреп отыр аспан көкті. Тотыдай алтын түгі түлемеген, Сөз салған жақтырмай жүр талай бекті. Кездесіп көре алмайды барғанменен, Кімсің деп сұрамайды ата текті. Сол ханның ер Қаршыға уәзірі бар, Айтулы тілге шешен жырау епті. Әуелі соны тауып қолдарыңа ал, Сенеді Қаршығаға алты шекті. Қыз Жібек алты ағадан кем көрмейді, Болмаса тіл алуың қиын,– депті. Төлеген отыр тыңдап қимылдамай, Болар деп алдағы үміт әлде қандай. Қадалып тікенектей денесіне, Кейде ащы, кейде тұщы, кейде балдай. Жүрегін өртегендей шалдың сөзі, Тым-тырыс мөлдірейді екі көзі. Жібектің атын естіп қуанғаннан, Құбылып неше түрге нұрлы жүзі. «Не ажал, не махаббат бұ жалғанда, Көрейін не де болса келді кезі». Ұнады шалдың сөзі көңіліне, Секілді дем бергендей өміріне: – Кездесіп Қаршығаға жолығайын, Ер болса ерсе керек серігіме. Ақсақал, айттың ақыл арамызға, Біз іздеп Қаршығаны табамыз ба? Жағалы ел жолаушыны қайдан білсін, Тағы да етсең қызмет балаңызға. –Шырағым, алыс емес Қаршыға ақын, Болады сәскелік жер аулы жақын. Есітіп дабылыңа сенің қанық, Шақыртып алдырайын көрсең мақұл. –Әрине, шақырсаңыз болар еді, Күтелік сөзіңізді көріп нақыл. –Руы шекті ішінде тілеу екен, Кенжесі Сырлыбайдың күйеуі екен. Ақсақал атышулы Жақас деген, Қадірлес адамының біреуі екен. Жібектің іздегені осы ғой деп, Жаратып өз көңілімен таңдайды екен. Жіберген бір жігіті кетті шауып, –Әкел,– деп,– Қаршығаны іздеп тауып. Әзірге жариялап сыр шашпаңдар, Келер,– деп күте берген құрып сауық. Барғасын шақырушы ер Қаршыға, Өзі де отыр екен көңілі ауып. Жақастың үйіне кеп кешке таман, Сұрасып отырысты есен-аман. Қос тартып келіп жатыр бір шаһизат, Жалғанға келе бермес мұндай адам. Жетіру Базарбайдың баласы екен, Есітіп Қыз Жібекті іздеп содан. Мырзаны көргеннен соң ұнатарсың, Оңаша ебін тауып көрсет соған. Лайық Қыз Жібекке мен ұнаттым, Оның да іздегені келді саған. Біреуі тырнағына пар келмейді, Мазасын алып жүр деп өңкей жаман. Қаршыға ақылдасып бұдан кейін, Көруге ынтық болып түсті зейін. Жақастың сөзі тоқтап көңіліне, Ешкімге түс бермеген бұған шейін. – Дабылын мен де естіп көрмек едім, Жақсыны көрмек үшін дегендейін. Қаршыға Төлегенді келе көріп, Төлеген шылбыр тұтты сәлем беріп. Көрініп бой сипаты жаннан басқа, Таңданды айбатына біткен көрік. Кең маңдай, ай қабақты, қызыл жүзді, Жоталы кең жауырын тұрған керіп. Бес қару жарасып тұр тал бойына, Ақылы ажарына болған серік. Жел сөзге екі аяқтың бұлбұлы екен, Сөйледі көрген жерден көңілі еріп. –Сенбісің Базарбайдың Төлегені, Қозының ерте туған көбегені. Тудырып бұл секілді асылзат қып, Жаратып Жасағанның жебегені. Есітіп дабылыңды көре келдім, Қалмады елдің шулап демегені. Сайланып шыға қапсыз жолаушылап, Танысып жөн сұрауға келді жөні. Елінде алты шекті Ақжайықта, Қаршыға жырауың мен, білгіл мені. Алыстан дабылыңды естігесін, Әдейі іздеп келдім сұрап сені. Қайырлы сапарыңыз бола берсін, Естуім іздеп жүр деп таппай теңін. –Мен болам Төлегені Базарбайдың, Қыз іздеп үш арысқа қанат жайдым. Дәм айдап бұл елге де келіп қалдық, Тағдырда жазуы боп бір Құдайдың. Бармаған бұл түбекте шекті бар деп, Бір келіп аралауға болды уайым. Мен болам Базарбайдың үлкен ұлы, Алланың шыныменен сүйген құлы. Осы елде бір сұлу бар деп есіттім, Жүр деген жігіттердің жетпей қолы. Есітіп ел аузынан ұзын хабар, Біз дағы келіп тұрмыз іздеп соны. Сұрауға күтіп едім соны сізден, Дабылға кім нанады көрмей көзбен. Айыбым екі жорға жетегіңе, Жақсыны көрмек үшін деген сөзбен. Отырды сөзін тыңдап ер Қаршыға, Дегесін жетегіңе екі жорға. Жалындап жанған оттай құбылады, Тұрғандай асау толқын шыдап зорға. Ешкімнен сыр білетін талабы жоқ, Алғасын Қаршығаны омырауға. Төлеген тұрды тыңдап көзі жанып, Райын байқағасын сөзін танып. Ойлаған өз ойымнан шығар-ау деп, Бұлайша сөз бастады бұ толғанып. Осы бір келген Қаршыға Бұ да бір асқан ер еді. Төлегенмен сөйлесіп, Анықтап әбден көреді, Ерлігін танып біледі. Баланы көріп ұнатып, Іздегені Жібектің Табылды деп сынатып. Абыройын алайын, Жібекке ертіп барайын. Талай бектер барып ед, Қайтарып еді талайын. Көпті көрген күн дейді, Сөйлесе ескен жел дейді. Ай сәулесін көргендей, Көңілі сүйіп елжіреп, Кезіне тура келгендей. Толықсып тасып сөйлеген, Сөзінің байқап салмағын, Жанға шырай бермеген. Жұрт қамалап жан-жағын, Төгілте сөзді сермеген. Барған сайын аспандап, Жиылып қосын келді аңдап, Бір жез таңдай көрмеген. –Ау, Төлеген, Төлеген, Асқармысың, белмісің, Болмаса шалқар көлмісің. Сәулетіңе қарасам Ханзадамен теңбісің. Келбетіңе қарасам Шаһизада ұлмысың. Айбатыңа қарасам, Қас батырмен теңбісің. Осы көптің ішінде, Артық туған мүсінді, Базарбайдың баласы Төлеген мырза сенбісің? Жібектен хабар есітіп, Бес қару байлап шошытып, Іздеп келген ермісің? Ерлігіңе сүйеніп, Тегін алам дермісің? Жібектің жайын айтайын, Ханымыздың жалғызы, Таңның шолпан жұлдызы, Бұ жалғанда теңі жоқ, Тең болмаса хор қызы. Келіп жатыр талай бек, Малын айдап түбектен, Бәрі де қайтқан түңіліп, Сөз ала алмай Жібектен. Жолына отыр қаратып Бұл Жайықтың адамын, Жақсы менен жаманын. Жібектен жауап ала алмай Тауысып отыр амалын. Бір тең таппай өзіне Бұ Жайықтың алабын. Көптің бірі боларсың, Көрсетейін апарып, Қайтпас, мырзам, талабың. Бір жаратқан білмесе Кім[ге] сүйіп барарын, Екінші сөзім біл,– дейді, Сексен жігіт елшіден Бес жігітті бөл,– дейді. Томағаңды көтеріп, Шабатұғын бүркіттей, Қосыныңды аңдатып, Жайықтың бойын шаңдатып, Елдің шетін үркітпей, Бөлгенің, мырзам, жөн,– дейді. Қорқытып көппен алуға Жібек сұлу көнбейді. Тәңірім ашсын бағыңды, Кел соңымнан ер,– дейді, Кереметім көр,– дейді. Қаршыға сөзін есітіп Анығын біліп түйінді, Сөзіне көңіл сүйінді. Шегеменен бас қосып, Егізді алып ортаға, Ақылдасып жиылды. –Егіз мырза сен,– дейді, Сексен жігіт елшіден Бес жігітті бөл,– дейді. Басқасын ертіп қосынның Қайтқаның енді жөн,– дейді. Шен алам деп желігіп, Шығып едің ерігіп, Ендігі сөздің байлауы, Ертіп шықтым мен сені, Пайдаңды бүгін көруге, Айдатқанмын жылқыңды Бата аяққа беруге. Қалың қолмен топтанып Болмайды екен еруге. Қосынды алып қайтыңыз, Бола ма көпке сенуге. Әкеңе дұғай сәлем де, Жауабын қайтсам берермін. Малымды басып алды деп, Жар салмасын әлемге. Жолдас болып ауылдан Еріп шықтық бәріміз, Жалғаны жоқ сөзіміз, Жібектің мынау хабарын Көріп отыр көзіңіз. Қыз тапсаң малың берем деп, Айтып еді аузыңыз. Қайтарармын малыңды, Аман болса жанымыз. Бір жылқы төліңнің зекеті, Ендігі жерде біздікі Айдап келген малыңыз. Хабарын естіп жете алмай Сарқылып еді қанымыз. Қайтпадым деп шен алып, Төгілмесін арыңыз. Мырзалық қылып, құрдасжан, Осымен кейін барыңыз. Сонда Егіз сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Ау, Төлеген, Төлеген, Басшы қылып қосынға Шығып едім сені елден, Бөлініп бүгін отырсың, Жібекті тауып бұл жерден. Бермеймін десем жылқыны, Қабағың қарыс түнерген. Бұ жерлерге әкеліп, Қылдың ба күлкі қосынға-ай. Өз қылғаның дұрыс деп, Тұрсың сөзді асырмай, Іздегенім Жібек деп, Айтсаң дағы жасырмай, Апарам деп патшаға Алдамай-ақ басында-ай. Мал аяп сенен қалам ба, Бар десең ойым осындай? Мал түгіл менен сұрасаң Беремін саған басымды-ай. Алып қайтсаң ризамын Жібектейін асылды-ай. Бес жігітті сайлап ал, Жылқыны жиып айдап ал, Сұрағаның осы ма-ай. Алып қайтсаң Жібекті, Тәңір берсе тілекті, Күлкі болам демеймін Дұшпаным мен досыма-ай. Жолың болсын, Төлеген, Дүние десең тағы да ал, Бәлен-түген демеген. Болды екеуі кеңесіп, Ризалық беріп көрісіп, Берген бұйрық қосынға-ай. Бес жігітті бөлдіріп, Жылқының бәрін қалдырып, Қайтқан екен осылай. Егізден қалып бөлініп, Айтып сәлем еліне, Төлеген мырза толықсып, Семсерін ілген беліне. Ердің көңілі талпынып Алдыңғы тілек өмірге. Жылқыны айдап төңкеріп, Ақ сауытты бөктеріп, Көшкен елдей үдеріп, Қыз Жібекті көруге. Оқ бойы жер қыр болып, Төлегеннің бұл ісі Кейінгі бізге жыр болып. Көп ой салды көңілге, Бірнеше күн жол жүріп, Түн ұйқыны төрт бөліп. Басты тікті бәйгеге, Бір көрсем деп Жібекті, Аты мәлім әйгіге. Адам қарап тоймаған, Сөз сөйлесе толғаған Төлегеннің жүзіне. Қамшы басып кесіліп, Көк жорғаның аузына, Дәл жеті күн малды айдап, Жаңа жеткен секілді Көп шектінің еліне. Келсе елі көшіпті, Жазғы жайлау жеріне, Мұны біліп Қаршыға: –Көшкен екен ел,– дейді, Бір жігітпен бас қосып, Жылқыны айдап кешікпей, Сіздер кейін кел,– дейді. Қыз Жібекті жөнекей Көрсетейін мен,– дейді. Істің жөні келгендей, Басқа бақыт төнгендей, Болса жаным кеудемде. Жылқыны айдап жетіңдер, Өзіне-өзі сенгендей. Бес жігітке тапсырып, Енді озуға жол тартып, Бір көруге Жібекті Төлеген мырза құмартып, Көшкен елдің соңынан Жылқыны айдап шығартып. Төлегенге Қаршыға Талай көшті танытты. Көшкен елге жыр болып, Көргендерге сыр болып, Талай көштер қалыпты. Туған айдай нұрланып, Көремін деп қуанып, Ат аямай сабылтты. Жібекпен бойын ораған, Жорғаны мініп жараған, Әлемге өзін балаған, Талай қыздар кездесіп Жібек деп алдын ораған. Төлеген жетіп келгенде Екі көзі жалтылдап, Алпыс екі тамыры Қаны жүрмей салқындап, Қадалып көзі қараған. «Жетейік,– деп»– Жібекке» «Бұл емес Жібек» дегенде, Талай қызды қалдырған. Артынан қарап күңкілдеп, Бұл кім еді деп қаңғырған. Бір тілдеспей кетті деп Көрген қыздар аһ ұрған. Талай көштен өтеді, Сонда бір көшке жетеді. Бір қыз кетіп барады Жанасалап шетінде, Күн сәулесі бетінде. Көгілдірі аққудың Бір кіршік жоқ етінде. Толықсып кетіп барады Перінің қызы секілді. Ақ маңдайы жалтырап, Танадай көзі жарқырап, Айырып қойған кекілді. Жанына жетіп барады, Төлегенді көргенде, Аясымен үкінің, Көз астымен барлады. Иба ғып сұлу майысып, Бетінде қаны қайнады. Қаршыға жетіп соңынан «Бұл емес Жібек» дегесін Тастап бір асып жөнелді. Және айқасқан бір көшке, Бір көш емес әр көшке, Көш алдына қараса Бір қыз кетіп барады. Жанына келді асығып, Бес қаруын асынып, Көзінен оты шашылып. Қыздың түрі мынадай: Таң мезгілі болғанда Шолпанның туған жұлдызы, Киген киім құлпырар Асыл, жібек, қырмызы, Қарағанда қылмиып, Көзбен күлер жылмиып. Екі беті алмадай, Бейіштен шығып келгендей Бұ жалғанға хор қызы. Белі нәзік, өзі иілген, Маржандай тісі тізілген Судың сұлу құндызы. Осыдан артық туар ма Адамзаттың бір қызы. Осы болар Жібек деп, Қаршығаны күтеді, Кім де болса бұл өзі. Қаршыға жетіп келеді, «Жібек емес» дегесін Дөңгелентіп жөнеді. Қаршыға мен екеуі Әзіл айтып ойнайды. Астындағы көк жорға ат Ауыздығын шайнайды. Әбден қызып алғасын Көзі оттай жайнайды. Жол танабын қуырып, Жердің шаңын суырып, Тас бұршақтай ойнайды. Жағалай салды өзенді, Бір көруге Жібекті Асығып жүр тез енді, Төлеген мырза кезенді. Сол кездері алдынан, Бір көш шықты шұбалған. Көкорайлы өзектен Салтанатын түзеткен. Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады Отыз түйе тіркеген, Жібекпен бетін бүркеген, Сары мая үлектен, Мұрындығы сары жез Бидасын өрген жібектен. Қара шашы құндыздай, Көкте көгім жұлдыздай, Көрген жанды жүдеткен. Осы болар Жібек деп Қаршығаны күтеді, «Бұл емес Жібек» дегесін Одан да өтіп кетеді. Тұлпарға қамшы басады, Қос құлағын қамшылап, Бауырдан тері тамшылап, Ауыздығын басады. Алдындағы белеңнен, Кеселі қарғып кезеңнен, Орғытып келіп басады. Төлегендей мырзаның Көңілі судай тасады. Дөңгеленген қаңбақтай, Екпіні желдей шаңдатты, Көбігі қардай ұшады. Және айқасты бір көшке, Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады. Жанасалап сұлудың Жанына жақын келіпті. Қызды қарап көріпті, Кім екен деп көрікті, Жан екен деп сүйікті. Нөкері бар қасында, Өзі он жеті жасында, Ақ маңдайы жарқылдап, Шағылып күнге жалтылдап, Кәмшат бөрік басында. Қырық нарға жүк артқан, Жібек кілем жайнаған, Жүк үстіне жаптырған, Алтын қоңырау көшіне Неше жерден тақтырған, Көшіргендей дүниені Бұл жалғаннан арттырған. Қазына артқан қырық нарға Жібектен арқан тарттырған. Берен бешпент белсеніп, Жорға мініп теңселіп, Жалғанды жалғыз еңсеріп, Алтын қамшы қолға алып, Жорғамен бірге қозғалып, Төлеген жетіп келгенде, Құбылып жүзі назданып, Сөйлесуге жөн таппай, Неше түрге сазданып. Қасындағы қыздарды Кейін тұр деп шамданып, Келгенін біліп тосыннан, О да өзінше арланып, Төлеген мырза қайрылып Аттың басын бұрады. Қаршыға қашан келгенше, Қасында қыздың тұрады. «Осы ма,– деп,– Қыз Жібек?» Қаршығадан сұрады. «Бұл емес Жібек» дегесін, Сонда көзін алады. Төлегеннің көңілі Оттай қаулап жанады, Неше бір асқан сәулетпен Он бір қыз кейін қалады. Жібекке қашан жетем деп, Тұлпарға қамшы ұрады. Және бір көшке айқасты, Көштің алдын байқасты. Бір қыз кетіп барады, Орта бойлы кеудеше, Кигені жібек жейдеше, Жанына келді жүгіртіп Шыдамай төзіп көргенше. Сыр сипатын қараса Әлгі қыздан өзгеше, Өзгеше демей не дейін, Гүл төгілер сөйлесе. Қатарында тең болмас, Хор қыздары келмесе. Құбаша келген қой көзді, Талмада бойлы нұр жүзді, Адамның емес баласы, Туған айдай иілген Екі қастың арасы. Суда сұлу сүліктей Он саусақтың саласы. Маржандай аппақ тізілген Отыз тістің арасы. Жанып тұрған шамшырақ Көзінің гауһар қарасы. «Осы болар Жібек» деп, Төлегеннің кетіп тұр Естігенше мазасы. Қаршыға жетіп келеді, «Бұл емес Жібек» дегенде Бетіне қарап күледі, Одан да өтіп жөнеді. Және айқасты бір көшке Көш алдына қараса Бір қыз кетіп барады. Қара жорға мінгені, Қара жібек кигені, Бұл сияқты перизат, Қыз іздеп жүріп Төлеген, Жоқ еді, сірә, көргені. Екі көзі сүрмелі, Киген киім құлпырған Сылдыры судың күлгені, Қадалған шоқтай жабысты Бір-біріне көздері. Сексен түйе қомдаған, Сексен түйе үстінде Алтынды жағдан орнаған. Асыл қымбат кілемнің Жібектен гүлін торлаған. Қыз сипатын қараса, Ақ бетінде кіршік жоқ, Айдын көлдің қуындай, Екі көзі жалтылдап Ханның тіккен туындай. Сөйлеген сөзін байқаса Тұнығы зәмзәм суындай, Ауызының демдері Сары алтынның буындай. «Осы болар Жібек» деп, Төлеген мырза қуанды-ай. Қаршыға қашан келер деп, Кім екенін біле алмай, Қаршыға жетіп соңынан, «Бұл емес Жібек» дегенде, Жөней берді тұралмай. Астындағы көк жорға ат Дөңгеленіп бұландай. Көрген түстей елестеп, Сұлу қарап артынан Қалдым-ау деп тіл алмай. Көз жіберіп алдына Төңкеріліп қырандай, Қыз Жібекті бір көріп Арманынан шыға алмай, Жанған жүрек тына алмай, Шыға алмай жүр құмардан. Көз ұшында бір көшке Келіп жетті шұбалған. Көш алдына қараса Бір бәйбіше ақ маңдай, Ертеңгі туған шолпандай, Көшті бастап келеді Ерні жұқа, жез таңдай. Көш сәулетін көргенде, Тіл жетпейді айтуға, Төлеген қарап таңданды-ай. Екі жүз түйе қазына, Кім тояр екен жалғанға-ай. Екі жүз түйе барлығы, Сары алтыннан жабдығы, Жазығы әйел демесе, Байқағанға кем емес, Манағы қыздан салдығы. Жанына жетіп келіпті, Қаршыға қашан келгенше Төлеген мырза зерікті. Жазығы әйел демесе, Манағы қыздан көрікті. Кестелі кебіс жарқылдап, Омырауда алтын алқасы Шағылып күнге жалтылдап. Омырауды басқан бұғағы Шайқалғанда былқылдап. Сөйлегенде дыбысы Аққудайын сыңқылдап. Жібектің туған шешесі, Жазығы әйел демесе Көрген қыздың нешесі, Келмейді бұған мүшесі, Қаршыға менен Төлеген Қиялай шауып көсілді, Дәнеме жоқ есінде, Екінші күні бесінде, Келіп жеткен секілді Қыз Жібектің көшіне. Көш сәулетін байқаса Есебі жоқ дүниенің, Тоқталайын несіне. Келсе Жібек жоқ екен Сол кездері көшінде. Қаршыға жетіп келеді, Жоқтығын Жібек көреді: – Елдің бәрі көшкенде Көш қасында өзің бар, Жібекжан қайда кеткен-ді? Қалжың сөзбен Қаршыға Сылтаурата келеді, Шешесі тұрып сөйлейді: – Жыраужан, қайдан келесің, Көшпенен бірге жүрмейді, Жібекжан жайын білесің. Бетіме тозаң тиед деп, Жектіріп ерте күймесін, Азаннан ерте кеткен,– деп. Жаныңдағы бала кім, Алды-артымнан бір шықты Келген жерден екпіндеп. Бес қаруы белінде Көрінеді асқардай, Көшімнің алды-артына Көзін тігіп жасқанбай, Жанған оттай жалыны Шарықтайды аспанға-ай. Қаршыға тұрып сөйлейді: – Кім екенін, ханымжан, Бекер емес сұрадың, Көрген жерден абайлап Баланы байқап сынадың. Ел орынға қонғасын, Көңілдің аршып қырауын, Айтпадың қазір дей көрме, Білдірер кейін жырауың. Ұстап келдім қолыма Бір баланың шылауын. Бекер жерге мен баспан, Орынсыз өрге жанаспан, Жырауың жүрген жерінде Бала қояр жылауын. Қаршығаның сөзінен, Бетті бұрған тезінен, Ханым сезген білгендей, Көңілі жұмсап игендей, Баланың байқап сыр, түрін, Көңіліне түйгендей. Қаршыға менен Төлеген Атының басы бұрылды-ай, Әдеп сақтап ибамен, Көлденеңдеп қырандай, Көштен озып жанасып, Шыға шаппай таласып, Аттың басын тежесіп, Кеткенінше қыр асып, Қыр астына түскесін Тұлпарға қамшы бір басып, Дөңгеленді қояндай. Бағымды Алла ашқыл деп, Бабаларға сиынды-ай. Қыз Жібектің жолына Бәйгіге тікті шыбындай. Көштен қара үзілді, Шаң шұбалып тізілді. Тақымды басып түйінді, Асыққан ісі қиын-ды. Бір көруге ынтызар Жібек сындай қызыңды. Алмас қылыш сартылдап, Қыз Жібектің ізімен, Келе жатыр жарқылдап. Бүктеледі көк жорға ат Құйысқаны сартылдап. Ақ сауытын бөктерген, Басқа киер қалқанын Иыққа іліп төңкерген, Садақтың оғы салпылдап Дөңгеленіп желеді, Алты қырдан асқанда, Жетінші қырды басқанда, Қоңырау дауысы келеді. Найзасы аумай қолынан, Жұлдызы туып оңынан, Көк жорға атты жүгіртіп Келді жетіп соңынан. Қыз Жібек мінген күймесі, Жабулы салған түймесі, Алдын-артын айналып, Көрем бе деп ойланып, Жатқаны ма бұл несі. Ат айдаған көшірі Тиетіндей кесірі, Жолатпайды жанына, Келтірмейді маңына, Жұғатындай күйесі. Қаршыға кейін қалыпты Көз ұшында қараса. Төзе алмайды күтуге Күймеге келді жанаса. – Бұл күймеде кім бар?– деп, Тілдеселік аңғар,– деп, Көңілдің қиын жарасы Іздеп келген жан бар,– деп, Үшке шейін шақырып, Көшірі «кет» деп бақырып, Берген қорлық қарашы. Жібектен жауап ала алмай, Енді кейін айналып Қорлығы деп бір қыздың Таусылғандай шарасы. Өз елінде тантықсып Асқан екен қанасы. Өтпеуші еді алдымнан Адамзаттың баласы. Қапаланып Төлеген Өтті деп мұның ызасы, Қаршыға жетіп келеді, Қабағы тастай түйілген Төлегенді көреді. –Сөйлеспей Жібек кетті,– деп, Азары мұның өтті,– деп, Адам ба еді дені сау, Бұл не қылған төре еді? Үшке дейін шақырдым, Кісі екен, сірә, демеді. Қаршыға тұрып сөйлейді: –Ау, Төлеген, Төлеген, Жібектің жайын мен білем, Көрінгенге бет ашып Сөйлесіп, сірә, көрмеген. Қапаланба, шырағым, Көрінгенмен көрісіп, Езу тартып күлмеген. Адамзаттың шырағы, Маңынан шайтан жүрмеген. Сөз алайын мен өзім, Амалын тауып тілменен. Қаршығаға қосылып Жанына жетіп келеді, Қаршығаны көргесін Көшірі тізгін тежеді: –Ояу ма,– деп,– Жібекжан, Дауыстап хабар береді. Қаршығаның сөздері: –Уа, Жібекжан, Жібекжан, Ояумысың, шырағым. Қаршыға көкең келіп тұр, Сөзіме салғыл құлағың. Тұғырдағы ақ сұңқар Қанатын қағып талпынар. Негізін ойлап әр істің, Асыл бекзат сөз тыңдар. Бұл заманда, шырағым, Сендей болып кім туар? Артық болып анадан Ешкім сендей туылмас. Қайнап жатқан бұлақтай Ешкім көзін буалмас. Көтерші бері басыңды, Дүниеге келгесін Алашқа атың шашылды, Тәңірім көрік бергесін. Көрсетейін саған деп, Ертіп келдім, шырағым, Шынжырлы тұқым асылды, Сенің үшін, шырағым, Бәйгеге тіктім басымды. Іздеп келген Төлеген Жайылған жұртқа даңқыңнан. Бұ да өзіңдей шаһизат Қадірі асқан халқынан, Сөз сөйлесе толғанып, Естіген адам балқыған. Тап өзіңе лайық Бір көрінші көзіне, Келгесін қуып артыңнан, Салып құлақ сөзіме. Талай бекзат көріп ем, Жүзін жисаң осының Жетпейді басқан ізіне. Қаршыға көкең келгесін, Бір көрсетші жүзіңді. Сонда Жібек сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: –Көке де болмай жерге кір, Тыңдамаймын сөзіңді. Алты ағадан кем көрмей Жүруші едім өзіңді. Ел қыдырған жолаушы Ат беріп саған асылған. Белсене белің желпініп, Ашылғандай желтеніп, Не күн өтті басыңнан?! Екі тайға ұялмай Мені сатып сыртымнан. Ұялмай не деп кеп тұрсың Дұшпаның мен досымнан. Күйеу тауып әкел деп, Қашан саған айтып ем, Көрінбей жоғал қасымнан. Қаршыға тағы сөйледі: –Өтірік емес, Жібекжан, Екі жорға алғаным, Байқамаған екесің. Бұл сөзді айтып тұрғаның. Арадағы дұшпанның Өсегіне нанғаның. Дұрыс па екен, Жібекжан, Іс ақырын байқамай Өтірік жанжал салғаның. Мен айтайын, сен тыңда Шын сөзімнің болғанын. Екі жорға мен алдым Төлегенге дос болып, Айтпаймын сөздің жалғанын. Міне тұрған Төлеген, Еріп менің қасыма, Дүние малын алмаймын, Шырағым, сенің басыңа. Қаршыға көкең келіп тұр Көрінер деп досыма, Көрсетпесең өзіңді, Тыңдамасаң сөзімді, Сыйлағаның осы ма. Түбін ойлап әр істің, Сипатына сөзі тең, Ханзадамен өзі тең, Бір қарашы, шошыма. Сонда Жібек сөйледі, Көшірге атын тежетіп. Қаршыға менен Төлеген Күйменің аузын күзетіп, Сылдыр қағып сыңқылдап: – Көкежан, сөзің жарайды, Тереңінен сөз толғап, Балқытушы ең талайды. Мырзаңнан алған қос жорға Күймені ашып көрінсем, Бойыңа ас боп тарайды. Мырзаменен дос болып, Келгеннен соң екпінді, Тыңдамасам сөзіңді Салың суға кеткендей, Қайтарып ем талайды. Қаршыға көке келгесін, Көрінейін, жарайды. Бұл сөзді айтып Қыз Жібек Тоқтаттырып күймені, Ағыттырды түймені. Бетін ашып азырақ, Бір-біріне шамшырақ, Амандасып көзімен, Жылы ұшырап жүзімен, Көзі түсіп жадырап, Күймеден басын шығарып, Ақ маңдайы жалтылдап, Құндыздай шашы жылтылдап, Қаршыға келіп Жібекті Ұйытып сөзбен жылпылдап, Кермиығы оқтай теңеліп, Оймақтай аузы бүріліп, Екі қастың арасы Туған айдай иіліп, Екі беті алмадай, Туған шолпан таңдағы, Киген киім құлпырар, Көз тұрғызбай ойнады. Күймесін сұлу жапқанша, Төлеген көзін алмады. Сол кезде күйме жабылды, Іздеген ерге табылды. Өзі он жеті жасында, Төлеген тұрды кете алмай, Айналақтап қасынан, Бір тілдеспей қалдым деп Не де болса осыған. Оймақ ауыз, гауһар көз, Іздеген ерге келді кез, Көңілі судай тасыған. Сондағы Жібек суреті, Аға Жүніс болмаса, Өзгеден артық құрметі, Зылиқа-Жүсіп болмаса, Өзгеден артық келбеті. Қыз сипатын байқаса Шамның жанған шырағы. Гауһарлы тас сырғасы, Жалт-жұлт еткен құлағы, Омырауын жауып тұр Шағылысып бұғағы. Екі беттің қызылы Ақ тауықтың қанындай, Ақ білектің мүсіні Айбалтаның сабындай. Қыз Жібекке Төлеген Көз мейірі қанып тұр, Белі нәзік талып тұр, Пейіштен жанған шырақтай Екі көзі жанып тұр. Не деп бір жауап айтуға Төлеген ойға қалып тұр. «Іздегенім табылды, Іздеп шыққан елімнен, Кезіктім бе бұ жерден, Бір тіл алмай шыныммен, Қайырып мұны көрейін, Сөйлесер сонда менімен». –Уа, Қыз Жібек, Қыз Жібек, Салғыл құлақ сөзіме, Азырақ айтып өтейін Келген сөзді көңілге. Тасқындама, Қыз Жібек, Кім сенеді өмірге, Кесірлік жөні солды ма, Жаныңа адам келместей, Не басыңа көрінді?! Өзіңмен кетпей қырсығың, Бүлдіріп жүрер еліңді. Іздеп келді Төлеген Басайын деп деміңді. Шалқыма, Жібек, шалқыма, Ойланып алды-артыңа, Қыз басыңмен алшақтап Түспеймін деп салтыңа, Кесірің тиіп жүрмесін Ағайын-жұрт, халқыңа. Сонда Жібек сөйледі, Күймені қайта аштырып, Төлегеннің сөздері Қыздың көңілін бастырып: – Олай десең, Төлеген, Мен жайымды айтайын, Айтасың бекер демегін, Болдым ерке жасымнан, Көлденең келген жел сөзді Асырмаймын басымнан, Ағыным судай тасыған. Кесірім майдай жағады, Халқым малдай бағады, Қайғырып жаны ашыған. Көлеңкеме қол жетпей, Көлденеңдеп сөз өтпей, Талайдың көңілі басылған. Кесірім тиіп оңалмай, Аурудың емін таба алмай, Көңілі жездей жасыған. Аулақ жүріп одан да, Бас сауға қыл аманда, Еліңді таппай жүрерсің, Кесірім тисе осыдан. Арқамды жапқан қолаң шаш, Еркелік қылсам көтерген Ағайын туған қарындас. Ат-тоныңды қалдырып, Еліңді таппай қаңғырып, Азып кетсең жарамас. Төлеген тағы сөйледі: –Уа, Қыз Жібек, ерке қыз, Сөз сөйлеңіз абайлап, Алыстан естіп хабарың Мінгенмін атқа бел байлап, Жақсыға айтсаң жан еріп, Ұғып көңілін шын беріп, Алдын-артын көп ойлап, Іздеп келген Төлеген Сені алуға мал айдап. Қаршекеңді басшы ғып Келіп тұрмын көрерге, Жақсыға мысқыл өнер ме, Сенің жапқан кесірің, Маған әсер етер ме, Көбелектей көлбеңдеп, Өртенбеңіз бекерге . Осы бір айтқан сөздерің Күндердің күні туғанда Көңіліңнен кетер ме. Ойнап айтсаң ойлап айт Деген нақыл бекер ме? Тағы да Жібек сөйледі: – Уа,Төлеген, Төлеген, Сіздей, сіздей әр жерден Неше бектер келмеген. Малын айдап, ту алып, Өз-өзімен бұланып, Сені алмасам ба демеген. Көлеңкеме қол жетпей, Бәрі де қаңғып жөнеген. Сен де келіп осындай Жолаушылап көлденең. Елің қағып елестеп, Сөз түйіні білінген. Ақыл ойдың дариясы Ой талпынып бөленген. Сөйлесетін мен емес, Көш жөнекей сенімен. Өзің де, мырза, тасыма, Тасыған жетер басыңа. Күлкі болып жүрерсіз Дұшпаның мен досыңа. Малымды айдай келдім деп, Бос жатқан қыз деп осында. Осы айтқаның болмаса Салармын сәлде басыңа. Төлеген тағы сөйледі: –Жақсы айтасың, Қыз Жібек, Жүргенсің сәнсіп еліңде. Сөйлесермін сенімен, Иелеп басыңа күн туып, Алдыма келген жеріңде. Бұл сөзіңді ұмытпан, Болар есте өлгенде. Атыңды естіп алыстан Болып келдім шерменде. Бұл сөзді айтып Төлеген Аттың басын бұрады, Жылқыны күтіп артында, Бес жігітке қосылып, Кеңесіп басын құрады. Көшпен бірге малды айдап, Қалың елмен жағдайлап, Жайылып даңқы тарады. Сол күндері болғанда Бір топ кісі қарасын, Бұрқырата шаңдатып, Кең Жайықтың даласын, Келе сөйлеп бұларға, Көрсетеді шамасын. –Шақыртып хан жіберді, Жаныңнан үз деп күдерді, Қаршыға, сені әкел деп, Ертіп жүрген қалдырмай Жанындағы баласын. Қызын ханымның сатып Енді қайда барасың? Кейіп жатыр ханымыз, Масқара болдық бәріміз, Үлкеніміз, кәріміз. Өз обалың өзіңе, Ашығанмен жанымыз. Қаршыға тұрып сөйледі: –Бір топ кісі келгенге, Сасатын кісі бұл емес Ентелете желгенге, Жүре бер ертең барамын, Айта бар ханға көргенде. Болған істің бәрі рас, Айтамын шынын сендерге. Ханға сәлем айта бар Ертең түстен қалмайын, Болмасын деп шерменде. Сендермен кейін сөйлесем Арам тер айдап келгенде. Естігесін бұл сөзді Келгендер қайтып жөнелді. Ханнан алған жарлығын, Айтты сөздің барлығын. Хан алдына келгесін Бәрі шулап таласып, Жарымай келген жамандай, Жәрдемге келген жаны ашып, Қаршығадай жыраудың Жанында жүр бір бала, Нұры көкке жанасып. Кеткім келмей жанынан Біраз тұрдық қарасып, Жамандап келген мыналар Нағыз дұшпан адасып, Беліндегі бес қару Тал бойына жарасып. Екі талай боп шықты Келгендердің сөздері, Ертең түстен қалмайды Келеді деп өздері. Айтқандай ертең көрінді Көп жылқының шаңдары, Айдап салып өріске Келе жатқан қарасын, Қоруға әукем шарасын. Жиылып би мен хандары, Қаршыға көріп таныған Жүз кісідей шамасын. Төлегенге Қаршыға: – Енді өзің бар,– деді, Сәлем беріп қолын ал, Не дер екен хан,– деді. Бұл сөзді естіп Төлеген Бес қаруын тағынды, «Тәңірім ашсын бағымды», Жанған оттай жалынды. Көк жорға атпен теңселтіп Хан алдына келеді, Иіліп сәлем береді. Төлеген жетіп келгенде Хан мен билер жаңылды. Бәрі қарап таңырқап, Ашуы тарап жадырап, Төлегеннің сәлемін Ғалейке алды көп шулап. Бидің бірі ортадан: –Келіп тұрған ханзадам, Сапарыңды сұраймын, Жолыңыз болғай, жан балам. Топтатып жорға айдатып, Тұлпар мініп ойнатып, Жігіттің сайлап ірісін, Беліне байлап қылышын, Құтты болғай талабың, Сән-салтанат жүрісің. Қай сапарға барасың, Айтыңыз, балам, жұмысың? Төлеген тұрып толғады Қасара қарап таймастан: – Бір сұлу іздеп ел кездім Аттың ерін алмастан, Жақында келдім еліңе. Мен риза өмірге, Жібектің атын есітіп Қылдым талап көруге. Жолдас болды Қаршекем, Басшылық қып шеруге. Кең алаптың бойында, Қалың шекті елінде, Жібекті тауып сөйлестім Көш жөнекей жолында. Шәлкім шалыс ауылы Тасқындық бардай бойында. Ақырында келісіп, Қолын беріп танысып, Қаршекемнің алдында. Ел жайлауға қонғасын, Кетіп еді Қыз Жібек Келіңіз деп ауылға. Жиылған топты көргесін, Сәлем бере мен келдім Осы отырған қауымға. Сырлыбай ханның жауабы. Сырлыбай Төлегеннің байқап түрін, Ризалық білдіреді ішкі сырын. –Кешегі айтқан бала осы ма екен, Сөз айтқан екі араға қандай зұлым. Ризамын Қаршығаға жүрген бастап, Кемітпей құрбысынан тауып орын. Отырған хан қасында ақсақалдар Бәрі де берген бата жайып қолын. Төлеген жүре берді бұдан кейін, Ризалық байқаған соң тіл көмейін. Ендігі қалған кеңес солардікі, Шегені Қаршығамен жіберейін. Төлеген Қаршығаға келді қайтып, Ризалық көптің берген сөзін айтып. –Екеуің Шегеменен барыңдар, – деп, – Батасын есітіңдер өзіне айтып. Аяма сұрай қалса дүние малын, Райынан қайтқандығы болды мәлім. Екеуі ханға келіп бата сұрап, «Тегін бер теңі келді» деді ханым. Отырған хан менен би қылды бата, Айналды ізгілікке көнген жапа. Шектіде алпыс жігіт бұған ғашық, Есітіп бұл хабарды болды қапа. Мысалы ұйқыдағы көрген түстей, Дүние адамзатқа бердің бе опа. Тіктірген бір отауды кең далаға, Ауылдан көрінім жер бір салаға. Жиылып алпыс жігіт кеңеседі, Әзәзіл кірді шайтан екі араға. Бір ауыл шекті, арғыны бар, Дейтұғын қу Бекежан батыры бар. Жібектен көңіл етіп жүретұғын, Отыздан асқан жасы, қатыны бар. Жиылып алпыс жігіт ақылдасқан, Шақырып Бекежанды басын қосқан. «Бір қайрат осы жерде көрсетіңіз, Ер болсаң әруақты бала жастан». Сондағы Бекежанның айтқан сөзі: –Жігіттер, ойланар іс мұның өзі, Қыз Жібек біреуіңді сенің сүймес, Тұрғанда Төлегеннің көзі тірі. Баруың Төлегенге қазір қиын, Қазірде оның жаны ұлы жиын. Қай күні қыз апарса қалар жалғыз, Сол жерде қимылдауға келер иын. Жібекті қашан алып барар екен, Сабыр ет, жігіттерім, соған шейін. Бұл сөзбен Жібекті аңдып жүре берген, Бұлардың жүргендерін біреу білген. Жиылып алпыс жігіт қызға ғашық Білдіріп Төлегенге хабар берген. Бұл хабар болды уайым Төлегенге, Бір жанға сездірмейді салып тілге. Шақыртып Қаршығаны кел деп бізге, Сенерім болмады деп сенен өзге. Қаршыға кіріп келсе төмен қарап, Айналып нұрлы жүзі қара түнге. Қаршыға тұрып сөйледі: – Шақырғасын Төлеген, Келіп едім үдеріп, Неден қапа болдыңыз, Қабағың бұлттай түнеріп?! Айтшы маған шыныңды, Мен білейін мұныңды. Ешбір адам көрген жоқ Көріп жатқан күніңді. Құдай артық жаратқан, Неге бұздың түріңді? Жаманның тілі тиді ме, Кім келіп саған ұрынды? Шошып тұрмын, шырағым, Тезірек айтшы сырыңды. Қаршыға атым жойылсын Таба алмасам кіріңді. Төлеген тұрып сөйледі: – Ау, Қаршеке, Қаршеке, Естіген мынау хабарым, Не болар екен заманым. Сенетінім жалғыз сен, Табыңыз енді амалын. Жібектің жауы көп екен, Жібектен үзбей күдерін Дәмеленіп жүр екен. Алпыс жігіт сөз байлап, Өлтіреміз дер екен. Аңдыған жау алар деп, Адам сенбес жер екен. Қаршыға тұрып сөйледі: –Асу да асу бел екен, Аса бір соққан жел екен, Өлтіретұғын кім екен? Бұл сөзімді біл,– деді, Кел соңымнан ер,– деді, Сенген ерің мен,– деді, Кереметім көр,– деді. Базарбай ұлы Төлеген Бұл сөзін мақұл көреді, Алдырып атын мінеді. Қаршығаға қосылып, Талма-тал түс кезінде Отаудан шығып жөнелді. Қалың елді қақ жарып Іркілместен жүреді. Қаршығамен жүргенде Кім бетіне келеді. Сырлыбайдың алты ұлы Алтауы да ер еді. Ең кенжесі Жиренбай Сол жылы түскен отауы, Келіншегі баяғы Жақасбайдың қызы еді, Айтулының өзі еді. Төлегенді қарсы алып Ақ отауға енеді. Ердің жайлап көңілін, Көрсетіп асқар ерлігін, Ыңғайланып жүруге, Ер көңілін тербеген, Бұрын айтып көрмеген. Айтайын деп бұл сөзді Төлеген мырза кезенген: –Ау, Қаршеке, сен,– дейді, Анықтап бүгін көрейін, Жібекті ертіп кел,– дейді. Қыз Жібектен сөз алып Барар емес жан адам, Тағы үш жорға берейін, Береді деп біле бер, Қолқаң болса қалаған. Әлі де болса өзің ал Абыройын арадан. Мынау сөзді есітіп, Жан аяр ма баладан. Жібекке жетіп келеді: – Айналайын Жібегім, Шыныдай аппақ сүйегің, Құдайдан нені сұрайсың, Табылған соң керегің, Болды қабыл тілегің. Көтерші бері басыңды Қаршығадай көкеңе. Айтқан сөзі ақылды, Шеткі отау ішінде Жаңа түскен жеңешең, Шырағым, сені шақырды. Сонда Жібек сөйлейді: –Өзің шешен батырсың, Ағып тұрған ақылсың. Бір мырзаны қолға алып, Олжаға батып жатырсың. Сыйғыза алмай олжаңды, Тілдің майын ағызып, Жазып жүрген ақынсың. Ау, көкежан, көкежан, Абыройды ала бер, Барайын қазір, бара бер. Шақырғанда бармасам, Көкемнің тілін алмасам, Ақыр бір күн болармын Сол жігітке ұяткер. Қаршыға естіп сүйінді, Асыл киім киінді, «Шақырғанда бармасам, Абырой алсын Қаршекем, Бармай қалсам қиын-ды». Қаршығадан басқа жан Қыз Жібектен сөз алу, Қиын болар іс еді. Жібектің жайын сұрасаң, Жаратылған артық боп, Шаһизада кісі еді. Кісі бойы алтын тақ Қояндай ырғып түседі. Қаршыға кетіп барады, Білді бір іс боларын. Төлегенге ертерек Берейін деп хабарын. Төлегенді қуантып Айтып өткен келерін. Айдай Жібек жарқырап, Жұлдыздай Жібек жылтылдап, Омырауын басқан алқасы Шағылып күнге жалтылдап, Гауһарлы алтын сырғасы Иыққа түсіп салпылдап. Айдынды туған Қыз Жібек Мойындары бұлтылдап, Буындары былқылдап, Ауылға қарап жөнеді. Кер маралдай керіліп, Сары майдай еріліп, Тәңірі берген екі аяқ Бір басарға ерініп, Көрінген көзге дүниенің Бәрінен де жиреніп. Аққан судай жылысып, Ел шетіне ығысып, Үркердей айға тоғысып. Бір жан ертпей жекелеп, Шеткі отауға төтелеп, Келе жатыр ойқастап, Бұлаң қағып бой тастап, Жан-жағына байқастап, Кірпігі оқтай тігіліп, Кәмшат бөрік басында, Үкісі көзге төгіліп. Сол кездері көрген жан Өз жанынан түңіліп. Қыз Жібектің екпіні Пейіштен самал ескендей, Талма тал түс шағында, Маңынан шайтан көшкендей. Сол кездері бір көрген Шыбын жаннан кешкендей. Сылдырап Жібек келеді Отауға қарап сескенбей. Ғашық жарын көруге, Жан аямай еруге, Көрінген жанды ескермей. Берен тонды жамылып, Сәулесі күнмен шағылып, Жібекті келіп көргенше Төлеген мырза зарығып. Жеңгесі шықты алдынан Сары алтынға малынып. Жалғанның асыл тастарын Дәл бойына тағынып. Қалмайын деп ұялып, Жібек сондай сұлуың Етек-жеңін қағынып. Отауға кіріп келгенде Төлегенге жолығып, Екі ғашық бір-бірін Көріседі сағынып. Отыра кетті жабыса, Мойынға қолы қабыса. –Неге келдің, Қыз Жібек, Талма-тал түс бесінде? Айтқан сөзің кешегі Бар ма сенің есіңде? Өз айтқаным болар деп, Айтып едің несіне? Сонда Жібек сөйледі: –Көлге біткен құрағым, Суырылып озған пырағым, Жанып келген жүрекке, Алдағы өмір тілекке Су сеппеші, шырағым. Әзіл қып айтқан бір сөзді Әлі ұмытпай жүр ме едің? Әзіл сөзді абайлап Түсінбестей ер ме едің? Екі ғашық қосылып Күндей күліп балқыған, Зылиқа-Жүсіп деген-ді Көрген халық сыртынан, Екі нұрдың суреті Таралғандай лаухидан. Ғашық жардың қасында Кешке шейін отырған. Сол күнгі көрген қызығы Болды бөлек жалпыдан. Бұдан кейін Төлеген Екі ай жатып қайнында, Өткен күнді білмеген. Жібекті алып кетем деп, Дәмеленіп жүр еді, Кездесті бәле көлденең. Күнде салып жорықты, Алпыс жігіт жиылып Алты жүздей болыпты. Күннен-күнге көбейіп Бүлінген-ді көп шекті, Жібекті алып бір шығар, Бәрі ғашық ынтызар Торуылдап күзетті. Ел хабарын есітіп, Ел арасы бүлер деп, Сырлыбай хан толықсып, Елінің жиып адамын, Ел бүлініп кетер деп, Осылай етсем нетер деп, Есітіп елдің хабарын. –Құдаларым, қайтыңдар, Төлегенге айтыңдар, Ел өсегі жаманын. Біле алмай қазір отырмын Кімнің адал, арамын. Жолдарың тосып алпыс жау Жүр дейді ашып аранын. Күдерін үзбей Жібектен Жүр екен шайқап шалабын. Келер күзге келерсіз, Жау аяғы басылсын. Өз-өзінен түңілер, Бір кеткесін бытырап Бастары қайдан қосылсын. Осыменен сөз байлап, Жүрмек болып жағдайлап, Төлеген мырза толықсып, Алдын-артын енді ойлап, Әкетуге ел жауы, Елге барса мал дауы, Дәл басына түскендей Дүниенің құрсауы. Жүрмек болып буды бел, Аттандыра қалың ел, Төлегеннің бұл ісі Кейінгі елге болып жыр. Ғашық жары Қыз Жібек Жүретін күні түс көріп, Көзінің жасы болып сел. Шақырып алып жеңгесін: – Төлегенге барып кел, Тілімді алса жүрмесін, Бұдан кетсе Төлеген, Білгізді Құдай мен сорға, Бұл жерді қайтып көрмесін. Жарық дүние опасын Қайтып көзге ілмесін. Жеткіншегі бар ма екен, Жал-құйрығы мол ма екен, Жә болмаса, жеңеше-ау, Жалғыз атты қу ма екен? Мұны естіп жеңгесі Төлегенге келеді, Келгенін мұның көреді. –Бикешжан келіп кетсін деп, Кетпесін жүріп деп еді. Еріп келіп отауға Төлеген мырза енеді, Сонда Жібек сөйледі: –Ау, Төлеген, Төлеген, Тілімді алсаң жүрмегін. Жібегің бүгін өлмей тұр, Айтуға тілім келмей тұр, Шошыдым көрген түсімнен Не қыларын білмей тұр. Атаңның аты кім болар, Анаңның аты кім болар? Айтып кеткіл, Төлеген, Қандай заман күн болар. Астыңдағы көк жорға ат Құйрық-жалы шұбалып Жабығулы көрінді. Үстіңдегі ақ сауыт Шығыршығы созылып Сөгілулі көрінді. Беліңдегі ақ берен Құндағынан бөлініп Үзілулі көрінді. Қолыңдағы ақ сүңгі Сағасынан майысып, Бүгілулі көрінді. Пендем десең, Құдай-ай, Көруге маған лайық па, Бұ секілді көрімді. Бір кеткесін, Төлеген, Келмейсің маған көрінді. Төлеген сонда сөйледі: –Астымдағы көк жорға ат Жабығулы көрінсе, Буланып жауға шабылар. Үстімдегі ақ сауыт Шығыршығы сөгілсе, Жау жағасы жыртылар. Белімдегі ақ берен Бөлінгенше құндағы Бұрқырап жауға атылар. Қолымдағы көк найза Сағасынан келгенше Қанды суға жуылар. Кезеңіне кездескен Мұндай түс қайдан табылар. Не деп айтып сен тұрсың, Маған жорып түсіңді, Жаратқанға тапсырдым Не де болса ісімді. Алпыс жаумен айқасып, Көрсете алмай барамын Бір айқасып күшімді. Ел бүлініп кетед деп, Түбімізге жетед деп, Үлкенің мен кішіңді, Қалдырам сені деп пе едім Кетті арманым ішімде. Сабыр берсін ажалға-ай, Өлім десең көңілім жай, Сұрасаң айтып кетейін, Атамның аты – Базарбай, Анамның аты – Қамқадай, Омырауы ділдә алқадай. Сансызбай атты інім Қой ішінде марқадай, Жеткіншегім ақ маңдай, Су ішінде шортандай. Елімнің шешен көсемі – Шеге деген жез таңдай. Олай-бұлай боп кетсем, Келіп жетер өр таңдай. Адам болып туғасын Өлімнен қашып қорқам ба-ай. Бұл басыма өлім бар, Олай-бұлай боп кетсем, Жаманға сені қор қылмас Жеткіншегім менің бар. Басшы болар балаға Шеге деген ерім бар. Жолымды Құдай оңдаса, Қар суымен келермін, Келед деп күтіп тұрыңдар. Бұл сөзді айтып Төлеген Қол алысып көрісіп, Жаратқанға қылып зар, Екі сурет балбырап, Көздерін қадап жаудырап, Деп айтысып «Алла жар». Қалың шекті көп елден Тәуекел деп жөнелген. Алпыс жауы арбасып, Жолын тосып кезенген. Тап беруге бата алмай, Оқ шығарып ата алмай, Талай сала өзеннен Төлегеннің сескеніп Шошымайды жүрегі, Төлегенді тоқтатып Елдің қалған тілегі. Жібек қалып артында, Зығыры қайнап келеді, Қорамсаққа қол салып Бір тарта алмай білегі. Артында Жібек қалғасын, Көрсете алмай тұлғасын, Алпысының айқасып Бұзбас па еді ордасын. Беті қайтпай жол тартып, Қос атына қос артып, Шұбыртып бес жолдасын, Жауынан үзіп қарасын. Қиялай басып жол шекті Арқаның кең даласын. Көңілге талай ой түсіп: «Не қылды екен Қарамен, Жатыр ма екен әлде деп, Бүлдіріп елдің арасын. «Малыңды беріп кеттің» деп, «Түбіме менің жеттің» деп, Не қылды екен баласын? «Не де болса көрейін, Басқа салған бәлесін». Қайғылы көңіл қайдағы, Ақылды бөліп ойдағы, Жақындап елге келгесін, Хабарын алып қалың ел Егіз елге барғасын. Баласын алып ортаға, Шен алам деп патшадан Айрылып малдан қалғасын, Егіздің берген жауабы: –Малымды айдап мен бердім Кездесіп Жібек тұрғасын. Дүниеге сатпадым Төлегеннің бір басын. Қарамен естіп бұл сөзді, Бармағын шайнап өкінген, Өзіне-өзі қылғасын. Алдауына түстің деп, Егіздің жайын көргесін. Өз қолын өзі кесе алмай Төбеден Құдай ұрғасын. Базарбайға бата алмай, Төлеген тірі тұрғасын. Қараменнің әулеті Қарғадайын шулайды, «Бұл не деген қорлық» деп, «Кімге қылад зорлық» деп, Үйге сыймай толады. «Базарбайды шабам» деп, «Кегімді шалдан алам» деп, Тұлыбына сыймайды. Ауыздары көпіріп, Өгіздейін өкіріп, Қыр басына шыға алмай. Елі-жұрты тоқтатып, Төлеген өзі келсін деп, Ердің көңілін қия алмай. Бұлар сөйтіп жатқанда, Төлеген келіп қалады. Алдынан шығып ел шулап, Қайда деп сұлу сұрады. Болған істің барлығын, Бәрін баян қылады. Жібектің жайын есітіп, Көңілі мұңды Базарбай Ақылға салып сынады. Баласына қуанып Шабылып тойын қылады. Малын алып көп шекті Жібекті бермей қалған деп, Елге өсек тарады. «Қараменнің малымен Бір сапар барып келді,– деп, Енді қалай барады? Жақын, жуық жер емес, Бармай-ақ енді қояр» деп, Мазасын ердің алады. Базарбайдай шалыңыз, Болашағын болжаған, Ел өсегін аңдаған, Төлегенді шақырып: –Жыл өткізіп барғыл, – деп, Төлегеннен сұраған. Жолдассыз кетіп жүрме,– деп, Қылды тілек баладан. –Барғаныңмен көп шекті Тағы да саған берер ме? Елдің түрін байқасам Жақын-жуық жер емес, Тірі боп саған ерер ме? Құс ұшпас құла жапанда Енді қайтып көрер ме? Әуреге салдың басыңды, Шырағым, саған не дейін. Қарамен енді қарар ма, Жететұғын жер емес Елдің жиып кедейін, Сабыр ет, балам, сөз тыңда, Батамды саған берейін. Сөз аяғы басылсын, Содан кейін барарсың, Болсын құтты мерейің. Бұл сөзді естіп Төлеген Әкесіне «жарар» деп Үйден шығып жөнелген. Баланың танып сыңайын, Дос-жарына Базарбай Төлегенді тапсырып, Қылды тілек көп елден: – Сөзіңді сенің тыңдар,– деп, Көзің көріп келді ғой, Көп сұрады Шегеден. Қапа болып балаға, Базарбай шал зарлана: –Біреуің бұған ермеңдер, Жүруге рұқсат бермеңдер. Кемпір мен шал жылаған, Төлеген жүр деп тіл алмай. Ел-жұртына көп айтып, Не қыларын біле алмай. Ел жиылып айтса да, Төлеген жүрді бұрылмай. Жалғыз да болсам кетем деп, Көптің сөзін ұғынбай. Ат-тұрман, сауыт керегін Сансызбайдың дайындап Келмесін қайтып білгендей, Осы кеткен жолында-ай, Сырын шешпей адамға-ай. Қараңғы тұман ой басып, Сене алмай мынау заманға-ай. Ғашықтық оты жүректі Қайнатады қазандай. Шалды сыйлап ел тоқтап, Айтқан сөзін бұза алмай. Көк жорға атты баптады, Оңашалап сақтады, Жібек еске түскенде Ішкен асы батпады. – Мен сырымды айтқанмен Халқым маған сенер ме? Айтқан сертке жетпеген Ер жігітке өнер ме? Қараменге барғанмен Енді малын берер ме, Айтқаныммен жалынып, Мені тәуір көрер ме? Ер басына күн туса Басын байлар өлімге. Ат-тұрман, сауыт керегін Далаға тығып сақтаған, Сенбегесін көп елге. Ұшатын құстай қомданып, Жаратқанның жазуын Не де болса көрерге. Сансызбаймен сырласып Көктемнен қалмай жүрерге. Мұны біліп Сансызбай: – Айналайын, көкежан, Жалғыз қалай кетесің? Жақын-жуық жер емес, Құс ұшпастың шөлінен Кесе қалай өтесің? Жазатайым, көкежан, Болып кетсең нетесің? Еліңді тоқтап жисайшы, Сұрап отыр ел-жұртың, Сапарыңды қисайшы. Ел ермесе соңынан Өзім еріп кетейін, Сенен жаным артық па, Жанымды аяп нетейін? Батасын сұрап әкемнің Алдынан мен де өтейін. Төлегенге қылып наз, Жақындап еді болып жаз, Сол кездері болғанда Төбеден өткен екі қаз. Төлеген [енді] тұра алмай, Басқаға мойын бұра алмай, Сансызбайға сөйледі: –Әл-қуатым болдың жас, Бір еруге жарамай Ағайын-туған, қарындас. Екеуміз бірдей кеткесін Кемпір-шалың жылатып, Қанды жасын аралас. Не көрсем өзім көрейін, Ергенің сенің жарамас. Қара жерге кіргенше Не көрмейді ғазиз бас. Артымнан ерген құйрығым, Сурылып озған жүйрігім. Жалғыз кетіп көрмекпін Тағдырға жазған Тәңірінің Не де болса бұйрығын. Сабыр қылып тоқтауға, Жігіт жиып топтауға, Айдатайын топтатып Қай жылқымның үйірін? Оған дағы мал керек, Кім тыңдайды бұйрығым? Елдің түрін байқадым, Еретұғын адам жоқ. Мамық жүнді балағым, Қозы жүнді жабағым, Жасыңды тый, шырағым, Қанша айтсаң да амал жоқ, Сенен бөтен кімім бар, Алды-артыңа қарағыл. Сенетұғын заман жоқ, Құдай басқа салғасын Тоқтайтұғын шарам жоқ, Сен қалғасын артымда Әл-қуатым көңілім тоқ. Тәңірім ашса жолымды Келер күзге келермін, Тағдыр жетсе Тәңірден Үйде болсам да өлермін. Олай-бұлай боп кетсем, Дайындап кеттім бәрін де Ат, тұрман, сауыт керегің. Асыл туған Жібекті Бір жаманға қор қылма, Білінбей кетсе дерегім. Сапар тартып жол шексең, Басшы қылғыл Шегені, Жауға бермес серігін. Талабынан танбады, Сансызбайды жылатып Қимай тұрды көңілін. Босатты бауыр жүйені, Сансызбайдың бетінен Қайта-қайта сүйеді. Қол ұстасып қоштасып, Қол алысып жол тартты, Төңкеріліп қырандай. Сауыт-сайман бөктеріп Көк жорға атпен бұлаңдай. Жер бауырлап жалғызы Қалды жылап тұра алмай. Қарасын үзіп кеткенше Көзден жасын тия алмай. Амандық бер деп жолына Қу бауырды қия алмай. Аманбайдың ақ тіккен Бет қойып соған жөнелген. Бірінің түспей көзіне Қарасын үзген көп елден. Құс ұшпас құла жапанның Талай асқар дөңінен, Астындағы көк жорға ат Дөңгеленіп желеді. Құс ұшпастың даласы Неше күндік шөл еді. Дамыл алмай үдеріп, Таңдайы қатып түнеріп, Асуда қиын жер еді. Атқа қамшы салады, Шеттік шеңгел тақымдап, Бауыздауға жақындап, Сегіз күн өтті арада Шөлден қатып аңсаған, Құла түзде қаңсыған Тұлпардың белі талады. Шөлдеуменен зорығып, Төлеген мырза келеді. Атынан көңілі торығып, Торықпасқа болмады. Жақындап суға келгенде Жау алдынан жолығып, Атаңа нәлет алпыс жау Аш қасқырдай обығып, Талықсып жеткен баланы Енді ортаға алады. Жау екенін білгесін, Атынан қару кеткесін, Қасқайып қарап тұрады. Не қыларын біле алмай, Сауыттың көзін де іле алмай, Жаулары қамап айнала, Ілеміз деп найзаға, Атаңа нәлет Бекежан Етеді о да айланы. Жауын танып шошиды, Атынан қару кеткесін Қайраты қайтып жасиды. Тірелгендей өңменнен Су сепкендей басылды. – Жиырмадан өткізбей, Көрінген суға жеткізбей, Осы жерде алуға Жазып па ең Құдай жасымды. Алыстан жарға ғашық қып, Әуреге салдың басымды. Атым шаршап келгенде Іште кетер арманым. Жібек үшін алпыс жау Басқа бәле салғанын. Толықсып тұрып Төлеген Қорамсақтан оқ алып, Садағын кезеп қолға алып, Толғай тартып жіберді. Жастығым ала жатайын, Жаннан үзіп күдерді. Оғы кетті зуылдап, Қалың шекті шуылдап, Жетеуін озып өтеді. Енді оғын алғанша, Қорамға қолын салғанша, Атаңа нәлет Бекежан Айналып артын жағалап, Шоқ сеуілді паналап, Төлегенді атқалы Жанына жақын келгесін, Көтеріп енді кеудесін, Қолындағы беренге Енді білте басады, Әруағы асады, Маңдайдағы сауыттың Көздеп ұрған түймесін. Сасқалақтап Төлеген Елемей қалған елмісің. Қой боғындай қорғасын Дәлдеп келіп тигесін. Қанын судай шашады, Көңілі судай тасады. Сауыттың көзін қақ жарып, Дәл маңдайдан оқ дарып, Ажал болып жабысты. Атаңа нәлет Бекежан Жібермейді намысты. Толықсып атта тұрғанда, Жаны ашып сүйейтін Таба алмады танысты. Толықсып аттан құлады, Ердің көрген қорлығы-ай, Жаудың қылған зорлығы-ай, Бәлеге салып ақ істі. Жығылғанын көргесін, Жабыла шауып келісті. Шектіден өлген жетеуін Төлегеннің жанына Өлігін жинап көмісті. Анталап тұрған жауына Төлеген жатып сөйледі: – Ау, Бекежан, Бекежан, Алдың ба менен кегімді, Бұ жерлерге келгенде Қаным сенен төгілді. Қыр соңымнан қалмастай Не жазығым бар еді, Не басыңа көрінді?! Мен көрмесем ел көрер, Көгергенің сенің де. Қанымды саған кешейін, Қарға-құзғын жемесін, Белгіліп кет көрімді. Білінбей кетпес дерегім, Ат-тұрман, сауыт бәрін де Жатырсың жиып керегін. Берсе Құдай өмірін Сансызбай берер сазаңды, Тәңір алдында көрермін. Төлегеннің тілдері Екінші сөзге келмеді, Батқан күнмен қызарып, Үш қайтара Жібек деп, Дүниеден көшіп жөнелді. Төлегенді өлтіріп Көңілдері тынады. Қазандай қара тас жинап Басына белгі қояды. Таспен ойып бастырып, Көңілдерін тастырып, Қарабұлақ дөңінде, Ерліктерін арттырып. Алғандай болды Жібекті, Шуылдайды көп шекті Ерлігін қылған жақтырып. Көңілдерін жайлады, Бұлақтан әкеп суарып Көк жорға атты байлады, Су ішіп алып қанғасын Бекежанның астында Ойнап бір басып жайнады. Жолын аңдып неше күн Тігіп еді көздерін, Мақұлдасып сөздерін, Аударысып ойнайды. Көк жорға атты ортадан Бекежанға береді, Киім, дүние, қаруын Басқалары бөледі. «Қайсымызға тисе де Қызғанбайық Жібекті», Бәрі тоқтап көнеді. Көк жорға атты тасалап Бөленіп елге келеді. Күдерін Жібек үздіріп, Төлеген оған енді жоқ, Оны іздейтін ел де жоқ, Өзінен өзі бездіріп. Соңынан келер кісі жоқ, Ел жайланар ісі жоқ, Біз алмай оны кім алар Ақыры өзі сездіріп, Сөзді байлап тарады. Төлегеннен хабарсыз Алты жыл өтті арада. Сол жылдары Сырлыбай, Жерге көшіп малға жай, Саркөлді келіп жайлаған, Көгіне бие байлаған. Төлегенді Жібек сағынып, Берен тонын жамылып, Төрт қыз ертіп қасына, Қызылжардың басына, Сейіл құрып ойнаған. Аңдып келіп Бекежан, Сейілде жүрген Жібекке Айтайын деп ойлаған. Көк жорға атты жабулап, Еркелетіп баптаған. Екі көз бен төрт тұяқ, Қамыстай қылып қос құлақ Жабуменен қаптаған. Тірі жанға сездірмей Неше жылдай сақтаған. Естімесе тимес деп, Ерлігімді білгесін Төлегенге күймес деп, Дәмеленіп жүретін Басқаны менен сүймес деп. Жібекке жетіп келеді, Келе сөйлей береді: – Бұ қалай сенің жүрісің, Келіп тұрған Бекежан, Сенде болып жұмысым. Бекежан[ның] жұрт білер Ерлігінің белгісін. Ашайын деп мен келдім Сөздің терең желісін. Ердің көңілін қайтармай Берерсіңіз келісім. Масқаралап халыққа Тастап кетті Төлеген Жұртқа мәлім бұл ісін. Тастап кетті өзіңді, Көкке бояп көзіңді, Қылған ісі құрысын. Сонда Жібек сөйледі: – Нең бар менде, қарақшы, Жұмысың маған түспесін, Тұқымың сенің өспесін, Ел бүлдірген арапшы. Жаныма менің жолама, Көкірегіңді көтеріп Кімге дәрі болмақшы. Төлегеннің өзінен Кет садаға ізінен. Көзіне оттай басылып, Көк жорға атты таниды Жалтылдаған көзінен. –Астыңдағы тұлпарды Қайдан алып сен жүрсің, Айтшы, маған тезінен. Көк жорға атқа қадалып Жас төгілді көзінен. Бекежан тұрып сөйледі: –Мен жүр едім аусырап, Қарабұлақ дөңінде, Дәнеме жоқ көңілде, Кең алаптың бойында Жалғыз қара келеді, Қара жоннан қиырда. Тұрдым күтіп алдынан, Жолымда неғып жүрсің деп, Сұрамастан кімсің деп, Келе найза үйірді. Ат-тонымды олжаға Бер деп маған бұйырды, Ерлігім қысып мені де Болды қиқу со жерде. Менен тілін тартпады, Жұлып алдым қаңбақтай, Сөзінен пайда таппады. Құлатып аттан аударып, Найзаны қанға суарып, Сондағы маған айтқаны: «Басыма белгі қойып кет, Көк жорға ат пен Жібекті Деді саған қиғаным». Қарабұлақ дөңінде Басына жиып тас үйіп, Мен айтқанмын иманын. Көк жорға ат астымда, Орындауға сол сөзін Саған айтып тұрғаным. Бұл сөзді айтып бітпей-ақ, Білді Құдай ұрғанын, Қапсыра жерге құлады. Сонда Жібек сөйледі: –Көрсетпе маған жүзіңді, Есіттірме сөзіңді, Алдыңа Құдай келтіріп, Тәңірім ойсын көзіңді! Мендей болып зарлатсын Қатын-бала, қызыңды! Келтірсін Құдай көзіме Маған қылған осыңды. Нағып көзің қиды екен Артықша туған мүсінді! Қызылжарды жаңғыртып, Бес қыз шулап ән қосып, Жібектің дауысын есітіп, Шешесі танып, ел шошып: –Қарағыма не болды, Жүрген бар ма ел тосып? Ел шұбырып келеді, Жоқтау айтқан бес қызды Жұрт жиылған көреді. Ирелеңдеп жыландай Бекежан тартып жөнелді. Тынымсыз Жібек жылауда, Бүлініп жатыр бұлауда, Берен тонды бүркеніп Төлеген деп зарлауда, Төлегеннің артында, Қалдырдың деп арманда, Төлегеннен қалғасын Жүрмеймін деп жалғанда. Жұбата алмай Жібекті Ел жүр шулап жалынды. Көп жиылып жанына, Сабырлық ет деп табына. Қиын болды бұл жұмыс Сырлыбайдай ханына. Үстіне орда тіктірді Тұрмағасын орнына. Екі беті даладай, «Мені орнымнан тұрғызба», Белгі салмай бес қызға Әкесіне шағына. –Қарабұлақ дөңінде Төлегеннің сүйегі Белгі құр,– деп,– тағы да. Осы айтқаным болмаса Келме,– деді,– жаныма. Жібектің сөзін есітіп Елі-жұрты жиылып, Мақұл деп басы иіліп. Белгі болып қалсын деп, Қызылжардың тасынан Үйдіреді бес оба, Обасы деген бес қыздың Кейінгіге айтылып Келе жатыр сол жоба. Қарасайдың басынан, Қарабұлақ қасынан, Төлегеннің іздетіп Далада қалған сүйегін, Еркелетіп өсірген Істеймін деп Жібектің Не десе де тілегін, Сырлыбай хан өксіді Кемсеңдетіп иегін. Қарасайдың басынан, Қарабұлақ қасынан, Төлегендей мырзаның Үйілген қара тасынан, Іздеп тауып сүйегін Үстіне белгі салдырып Бес аршын қып биігін, Қызылжардан тас тасып Белгі салып осыған. Елін жиып ас беріп Қырдырып малдың үйірін. Қыз Жібектей сұлудың Басқан екен күйігін. Бекежан кеткен ұстатпай, Алпыс жігіт шектіге. Хабарласып ол жатпай, Жібектің түрі жаман деп Өлмей тимес сендерге. Өлуге бейіл тіл тартпай, Алпысы басын қосыпты Ат шаптырып жан-жаққа-ай. Бекежанды ұстауға Көп шектіден ел жатпай. Ел арасы бүлер деп, Сырлыбай хан тоқтатып Елді басып қозғатпай. Қайнысы келіп қалар деп, Келмесе жібер хабар деп, Айтып ақыл ұзатпай. Билері шығып арадан Өздеріне қараған, Қыз Жібекті жұбатып Тоқтау салып тараған. Сансызбай келіп қалар деп Үмітін үзбей баладан. Күнде тұрып азаннан, Төлеген деп толғаған, Қыз Жібектен арылмай Қайғының бұлты торлаған. Қуарып түсі өзгеріп, Қанша айтса да жиылып, Кете алмады жөнделіп. – Артықша туып жаралған, Қалдым зарлап артынан Жүрекке түсіп жалыны, Тілектестік қалпынан. Не қылып жалғыз шықты екен Жағалбайлы халқынан. Менің үшін жан беріп Ғашықтық оты шарпыған. Төлегенді алғасын, Артында зарлап қалғасын, Көңіл, шіркін, төзбеді Жаудан жазым болғасын. Қарақшылар жиылып Басқа қайғы салғасын. Не болар енді заманым, Тәңірдің салған ісінен, Болмай отыр амалым. Жылауменен күн кештім Ағайын-туған, жараным. Сағынсам да білдірмей Жүруші едім ішімнен. Келмесіңді білгенмін Көрінбей кеткір түсімнен. Жалғанда жанып өлермін Қылығың кетпей есімнен. Артыңда қалып Жібегің Жылаумен күнін кешірген. Әлқисса, Қыз Жібек жата тұрсын, Сансызбай он жеті жасқа толып, Төлегенді іздемек болып, әкесінен бата сұрап келіпті, екі көзі көр болып жатады екен. –Айналайын, жан ата, Көтергіл бері басыңды. Алдыңа келіп отырмын Етер деп қабыл осымды. Төлегенді сағынып Іше алмадым асымды. Іздеусіз қалай тастайын Жеткізді Құдай жасымды. Қалай бетпен көрейін Дұшпаным мен досымды. Не болса да кешігіп Көңілім төзбей шошыды. Басшы қылып Шегені Жар салмай-ақ көп елге, Батаңды бер, жан ата, Кетерінде көкем де Басшы қыл соны деп еді. Көкемді таппай келмеймін, Дүниені көзге ілмеймін. Хабарын анық білгенше Күдерімді үзбеймін. Сағындым мен, сарғайдым, Іздемей енді төзбеймін. Іздеусіз қалған лайық па Туған соң бауыр біздейін. Рұқсат бер, жан ата, Ешкімге көзім сүзбеймін. Жатыр еді Базарбай Екі көзі суалып, Естігесін бұл сөзін Дем бергендей қуанып. Бір жақсылық күткендей, Төлеген деп зарлаумен Ақырғы демі біткендей, Не қылуға біле алмай, Салы суға кеткендей, Қол көтерді Базарбай, «Әумин» деп Сансызбай: –Бақытын ашқыл баламның, Жаратқан жалғыз бір Құдай, Алдынан туғыз алтын ай. Болсын десең көңілім Он сегіз мың әлемде Жоқтан өзің бар еттің. Ризығын ұлыстың Жер жүзіне тараттың, Рұқсат бермей жіберіп Ақырында Құдай-ай, Бір көруге зар еттің. Өлерменің шағында Зарлатып мені қор еттің. Бір өзіңе тапсырып Баламды мынау жөнелттім. Өзеннің көркі жар, балам, Дұшпанның көңілі тар, балам. Ақ жолға басың түскесін, Алтын көрсең қызығып Алайын деп болма алаң. Жаратқанға тапсырдым, Жолың болсын, бар, балам. Екінші және тапсырдым Қасиетті өткен жан бабам. Бұл сөзді естіп Сансызбай Жанған оттай жалындап. Ат-тұрман, сайман жарағын Төлеген кеткен дайындап. Кемпірімен өксіді Жалғызды айтып уайымдап. Ер қаруы бес қару, Тал бойына қайымдап. Шегені ертіп жанына, Жаратқанға жалына, Кемпір-шалын тапсырып Ағайын, жұрт, халқына. Ерлердің түсіп салтына, Сапарға басын салады. Екеу ара үш тұлпар Қосарға бірін алады. Халық шулап артынан, Сансызбай атты жас берен Тұлғасы бөлек бір алып, Ай мүйізді қошқардай, Әруағы тасып аспанға-ай. Кезеңіне кездескен Жау көңілін басқандай. Айдалада көрген жан Айбатынан сасқандай, Кеуілі тасып келеді Ағасын іздеп тапқандай. Жолды бастап Шеге ақын Қиялай жортып жақпарлай. Маялышты құмайттан, Бүлдіргенді шыңайттан, Тобылғылы нұрадан, Сексеуілді арадан, Екі батыр жол шеккен Көлденең жатқан електен, Жетемін деп зеріккен Жайыққа жетіп шетінен. Сұрау салып ақпарлай, Сырлыбайдың аулына Жолыққандай бауырына, Жетіп көңіл тасқандай. Жақындап елге келеді Ауыр әскер, қалың қол, Ел үстіне салып жол. Екі батыр көреді Қарғадай шулап адамы, Көз жеткісіз даланы, Сырнай-керней тартылып Елді басқан тозаңы Алып жатыр мазаны. Жалаулы шатыр тігілген, Ел қайғылы бүлінген, Болып жатыр үлкен той, Бөлініп бұған көңіл ой. Ілгері-кейін жүгірген, Мұның жайын білуге Бір малшыдан қос батыр, Ауыр әскер қол жатыр, Көк найзалы ақ шатыр: –Білуге сізден болар ма, Жолаушы едік мүсәпір. Малшы тұрып сөйледі: –Бұл Жайықтың бойында Алты шекті елі бар, Алты шекті елінде Сырлыбай деген ханы бар. Ханымыздың жалғызы Жібек деген қызы бар, Қырмызы қызыл жүзі бар. Әлемге жайған аты бар, Хор қызындай заты бар. Патсайыдай құлпырған Құлпырғаны құрысын Қалмақтың ханы хан Қорен Жаушы салып былтырдан, Аламын деп Жібекті, Ризалықпен бермесең Әскерін төгіп құтырған, Бермесең елді шабам деп, Қуырып елдің заманын, Туын тігіп ортаға Желбіретіп жалауын. Зәресін алып ұшырды Қатын менен баланың, Қаһарынан қорқып қалмақтың Жер тітіреп даланың. Хан менен қара кеңесіп Көріп жаудың аранын, Соғысуға ел батпай Неше жинап адамын, Өлген Жібек өлсін деп Тауысып халық амалын. Жібектің елден сұрауы, Басылмаған жылауы, Отыз күн ойын өтсін деп, Қырық күн тойым бітсін деп, Осыны қалмақ күтсін деп, Күнде жиған жырауы. Сырлыбайдай ханыма Хан-төрені бақтырған, Қайғылы күйін тарттырған. Қан балталы нөкерін Бәріне сый арттырған. Сансызбай тұрып сөйледі: – Күйеуге бұрын берді ме, Берген күйеу келді ме, Осы тойда бар ма екен, Одан хабар білдің бе? Тағы да малшы сөйлеген: –Бұрынғы берген мырзасын Келе жатқан жөнінде, Қарабұлақ дөңінде, Аты шөлмен зорығып Құсұшпастың шөлінде, Араға кірген арапшы, Бекежан деген қарақшы, Төлегенді өлтірген Ылаңға салып елімді. Содан бері Қыз Жібек Қайғы отына бөленді. Қайғыға жамап қайғыны, Қармағына қалмақтың Сорлаған Жібек ілінді. Күнде күтіп жылаушы ед Келеді деп қайнысын, Пәлеге мынау кездесіп Күнде арттырып қайғысын. Уа, балалар, шырағым, Түрлеріңді байқасам Жол бейнетін көргендей. Қастарыңды байқасам Түн ұйқыны бөлгендей. Қос атына қос артып Көшіп қонған керуендей. Бес қаруды белге іліп, Қарсы жауға төнгендей. Келбетіңді байқасам, Болып тұрмын, шырағым, Төлегенді көргендей. Жөндеріңді айтшы, шырағым, Атаңнан тұрған жерің бір, Жүрегім менің толып тұр, Бір жақсылық білгендей. Танып тұрмын көзіңді, Білдірші, балам, өзіңді, Қуантайын мен жетіп Жібек сындай қызымды. Әкесінен Жібекжан Кем көрмейді өзімді. Сансызбай естіп шыдамай, Көзінен жасын жіберді. Шалдың айтқан сөзі де Босатқандай жігерді, Үздіргендей күдерді. Талықсып ауып атынан, Қайғының қара бұлтынан. Сансызбайды құшақтай Жүгіре шал да ұмтылған. О дағы жерге түседі Шеге де өксіп атынан, Сансызбайды құшақтай О да келіп сыртынан, Қайдан айттым дегендей Шал өкініп артынан. Сансызбай жатып сөйледі: – Алтынды сүйек көкешім, Бейсағат күн кетіпсің Жағалбайлы жұртыңнан. Қапияда жау алып Аңдып жүрген сыртыңнан. Табам деп сені қуанып Келіп едім артыңнан. Қанша айтса да тыңдамай Ағайын-туған халқынан. Жалғыз кетіп жол кешіп, Аңдыған жауға кездесіп, Бір ғашықтың зарпынан. Құсұшпастың шөлінен, Шөлден қатып зорығып, Арманда өткен жан көкем, Баса алмай көңіл шалқыған. Төлегенді табам деп Шығып едім елімнен, Дүниеге келгесін Жан құтылмас өлімнен. Бұ жерлерге келгенде Өлгеніңді есітіп Қабырғам менің сөгілген. Алтынды сүйек көкежан, Қайғың кетпес көңілден, Бекежанды бір көріп, Жалындаған демінен Алмай кетсем қаныңды, Туғаным бекер сенімен. Сансызбайдың сөзіне Шал да жылап өксіді, Жасын сүртіп жеңімен. Сонда отырып сөйледі: –Сабырлық қылшы, шырағым, Сабырлық пенденің Тәңірім берер мұратын. Болған іске болад боп, Ақырын енді сұрағын. Сүйегімді балқытып Жүдеттің, балам, атаңды. Байқамай айттым асығыс, Кешіргіл, балам, қатамды. Ізгілікке айналтып, Жаратқан жалғыз жебесін Көрген бейнет жапаңды. Көрген түстей сұм жалған Бердің кімге опаңды. Өзекті жанға өлім хақ, Қалмады кімнен алтын тақ. Құдай өзі бастаса Бәрі жақсы бойға шақ. Қанаты бүтін сұңқар жоқ, Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, Қан төгілер жеріне Пендесі келмей амал жоқ, Қанша айтсақ та бұру жоқ. Айы біткен айында, Күні біткен күнінде Дем таусылса жүру жоқ. Сабыр ет, балам, шырағым, Құлағың сап сөзіме, Зар болып қалдың мінеки, Кеше күткен Төлегеннің Басып кеткін ізіне. Мүсәпір жолда жүргенде Берсін қуат өзіңе. Шалдың сөзін есітіп, Шеге ақын сабыр қылады, Ылажын таппай Сансызбай Ішінен судай тынады. Сансызбайды жұбатып Отырды сүйіп маңдайын. Көңіл айтып ер Шеге Безеді о да таңдайын, Басқа түскен қайғының Ер көтерер қандайын. Сансызбайды жұбатып, Шалды алады ортаға, Шал жауаптан қорқа ма: – Жібектен бізге бір хабар Әперуге болар ма? Сабыр етіп күтелік Көрінбей-ақ оларға. Шалдың берген жауабы: –Жібекке кешке барайын, Шырағымды қуантып Болайын жаушы ортаңнан. Не десе де жауабын Келейін алып қолқаңнан. Тірі жанға сездірмей, Сабыр ет, балам, бүгінше, Ел көзіне көрінбей. Қамап отыр қалың жау, Түрлерің бөлек бұл елден, Жұрт көзіне ілінбей. Көрінбеңдер бұ жауға, Көріне барып сұрауға, Алуың жауап қиын ды, Жау күзетіп барлауда. Жібектің [халін] сұрама, Күнде жоқтап жылауда. Малшыдан күтіп бір хабар, Сабырлық етіп қос батыр Ат шалдырып тоғайға. Малшы қайтып кешкілік, Қойын айдап өрістен, Сездірмейді бір жанға Күндізгі көрген бар істен. Жібекке келіп ақырын «Шырағым» деп көріскен. – Оңашалап айтар ем, Келіп ем, балам, жұмыспен. Көріп келдім бір сұлтан, Жолдасы бар бір бұлбұл, Тау бөрідей талабын, Алты кісі аталмас Беліндегі садағын. Қара бұлт басқандай Түйіп отыр қабағын. Сансызбай келіп отыр деп, Айдаһардай шабынып Жиып отыр әруағын. Құдай берсе жауыңның Тартпас па екен табағын. Ел көзіне түспе деп, Айтпай-ақ түрін таныдым. «Бір күнше, балам, сабыр ет, Берейін жауап кешке» деп, Төлегенді менен есітіп, Зарына шыдап тұра алмай Көзімнің жасын тыймадым. Баланың түрін байқадым, Батыл қайсар мінезі, Бекежанды бір көрмей Тоқтар емес ол өзі. Қарақшыға бір зауал Келген шығар бір кезі, Не деп жауап берер деп Ердің күткен бар сөзі. Сонда Жібек сөйледі: – Айналайын, жан ата, Сансызбайды көрдің бе, Кім екенін білдің бе? Алдап жүрген болмасын, Анығын өзің сендің бе? Жасаған, күнің туды ма Жарылқайтын мені де? Болды ма қабыл тілегім, Ашылатын қабағым, Тіріліп келсе өлгенім Жарылсайшы жүрегім. Атеке, барып айта гөр, Арып-шаршап келгенде, Кегі қайнап кеудеде, Қамап алып қалың жау Басқа қайғы түскенде, Қанға тұрар қаны жоқ, Жанға тұрар жаны жоқ, Бекежанды көргенде. Құтылғанша бұл жаудан Қарақшыда кек кетпес, Көк жорға ат астында-ай, Жарқылдатып жасылдай, Аламын деп сөз салып, Кеше келіп осында-ай, Дәмеленіп соңымнан Ауыртады басымды-ай. Беліне қару байланған Ешбір жаннан шошынбай, Сөйлесуге онымен Жау бұлты ашылмай, Ел көзіне түспесін, Айта гөр, атам, осымды-ай. Іздеп әуре болмасын, Бұл сөзімді тыңдасын, Келіп жатқан қалмақтың Ала алсам сұрап жорғасын. Екі тұлпар аты бар, Кірмесе жерге бұл басым, Не де болса көремін Құдай басқа салғасын. Ізімен кейін қайтарып, Сілтеп жібер, атажан, Қарақұдық қолжасын. Ертең түстен қалмаспын, Кездесермін сол жерден, Бірі күлкі, бірі зар, Көрмесін елдің көз жасын. Қаршығаны жіберем, Болып жатқан хабарды Кейін жатып тыңдасын. Жалынына жалындап, Келем деп әуре болмасын. Мұны айтып шалды жөнелтіп, Қаршығаны шақыртып Іздетіп ханның ордасын. – Айналайын көкежан, Сенерімсің, сырласым. Сансызбай келіп отыр дейді, Анығын өзің көріп кел, Ер Шеге болар жолдасың. Іздетіп сені шақырдым, Берер деп тауып ақылын. Ердің бағын тәңірі ашып, Отырмын сұрап ақырын. Адам тілге түсінбес, Жатқаны мынау кәпірдің. Отыр дейді Сансызбай, Кетпеймін деп кек алмай Бекежандай батырдан, Неше бір жылдан зарланып, Жолын күтіп аһ ұрдым. Алса бір тіліңді айта гөр, Ер қайтпаса бетінен, Жауым көп деп жасқанбай. Іздеп әуре болмасын, Көрініп қалар дұшпанға-ай. Қаршыға естіп қуанып, Шалдан біліп анығын. Ертемен мініп бедеуін, Таңның күтпей жарығын. Өртенгендей өзегі, Тоғайдың бойын кезеді, Ат ерін алмай шалдырған, Шалды күтіп отырған, Қос батыр да келеді, Қаршыға[ны] көргесін Ер Шеге танып біледі. Төлегенді көргендей Танысып жасын төгеді. Болып жатқан жағдайдың Бәрін де айтып береді. Қаршыға Сансызбаймен амандасып, Көргендей Төлегенді көңілі тасып. Жібектің айтқан сөзін бәрін айтты, Отырды не болар деп ақылдасып. Қайғысы Төлегеннің өртегендей, Ыза-кек Сансызбайға ерік бермей. Қаршыға қанша айтса да сабыр ет деп, Көрсет деп Бекежанды отыр көнбей. Төгеді Төлеген деп көздің жасын, Баланың ер байқады ықыласын. –Көкемнің қанын алмай бұдан кетіп, Көруім менің бекер ел қарасын. –Шырағым, жау көп,– дейді ер Қаршыға, Қайтесің болып әуре болмашыға. Жеткізсін Құдай ақыр тілегіңе, Әр істің ой керек қой шарасына. Қаларсың жатқан жауға көзге түсіп, Бір иттің болып әуре баласына. – Мен естіп Төлегенді міндім атқа, Есітіп өлгендігін күйдім отқа. Көкемнің қанын алмай бұдан кетіп, Беремін не деп жауап барып жұртқа? Байқады Сансызбайдың енді түрін, Айтпақ боп Бекежанның енді сырын: –Қазірге жатқан жері қиын емес, Абайлап көрсетейін жүрген жерін. Жеткізсін тілегіңе, шырағым,– деп, Келеді ер Қаршыға бастап ерін. Көк жорға ат жарап қатқан бауырынан, Жабуын төгілдіріп сауырынан. Мезгілі түске жақын күн шағылып, Бекежан шығып келед ауылынан. Қаршыға тани кетті көрген жерден, Бұларды көз ұшында о да көрген. Шықсын деп елден ұзап осы жерге, Сансызбай жолын [тосып] тұра берген. Жақындап елден ұзап шыққаннан соң, Сансызбай қос жауына қарсы жүрген. Бекежан: – Жас жігітім, кімсің?– дейді, Алдымнан кесе келіп тұрсың,– дейді. Кісідей мені күтіп жұмысың бар, Кімді іздеп, кімді күтіп жүрсің?– дейді. Сансызбай сонда тұрып Бекежанға: – Жұмысым тап өзіңде қапы қалма, Інісі Төлегеннің мен Сансызбай, Қаныңды ішейін деп келдім қанға. Атаңа алты лағынет, қарақшы,– деп, Жүгіртіп келген жерден салды найза. Ұмтылып ат үстінен аршындады, Алқымнан буындырып қаршылдады. Қысылып Бекежанның сонда жаны, Секілді төбет иттей ырсылдады. Суырад семсерді аш бүйірден, Жалтылдап найзағайдай көкке үйірген. Төңкеріп Бекежанды көк жорғадан, Қылышпен басын үзіп екі бөлген. Жетелеп көк жорға атты жетегіне, Тал түсте таң қалдырып жүре берген. Кез келді тілегендей оңашада, Қаршыға тұрды қарап тамашаға. –Ал енді жолдарыңнан қалмаңдар,– деп, Жібекті қуантайын бара сала. Қоштасып жөнеледі қол алысып: –Шырағым, қалмаңдар,– деп,– көзге түсіп. Құдықтан уәде айтқан күтіңдер,– деп, Жөнелді екі батыр желдей есіп. Көк жорға ат жетегінде келеді ойнап, Білгендей бір қуаныш алдын кесіп. Қаршыға Жібекті кеп қуантады, Қайғылы отыр екен жұбатады. Көк жорға ат жетегінде алып кетті, Ерлігін ердің айтып сынатады. Қыз Жібек жасын төгіп көкежандап, –Даярлан жүруіңе жолды қамдап, Жеткізсін тілегіңе, шырақтарым, Қорынның бір тұлпарын алдыр алдап. Танысам ел аралап десең берер, Ағартып екі көзін бәлем қалмақ. Тапсырып тәуекелге беліңді бу, Көрейін не де болса артын аңдап. Сәлем де Сансызбайға, абайласын, Соңынан шұбыртармын қылып шаңдақ. Талайын желкесінен бауыздармын, Жеткенше жетіруға жанды қармап. Қыз Жібек бұны естіп белді буды, Ағызып екі бетін жаспен жуды, Қаршыға қолын сүйіп амандасты, –Жатпа,– деп,– қимылдайтын күнің туды. Жеңгесін атын сұрап жіберіпті, Аралап танысам деп Жетісуды. Жеңгесі келген ертемен, Қорынның құрған шатырға, Күйіп-жанып сөз бастап Кім түсінбес ақылға: –Жөнелтеміз бикешті, Көп қалған жоқ жақында, Бикешжан сізге жіберді, Ақыр ертең кетем деп. Елден үзіп күдерді. Бір тұлпарың сұратып, Танысамын елменен, Жайықтың бойын аралап, Қоштасамын көлменен. Біреуін бүгін бересің, Бүгін күннің батысы Айдында туған бикешпен Ақ шатырға кіресің. Еркелетіп еркемді, Қызығын бүгін көресің. Уа, күйеужан, шырағым, Не деп жауап бересің? Сонда Қорын сөйледі: –Ат таба алмай сұратып, Атымды мазақ қыла ма, Өзі келіп көрінбей, Өзімді мазақ қыла ма?! Ерлер мінер тұлпарды Қыздар мінер бола ма?! Екі ай болды жатқалы Келіп өзі кетпес пе?! Ханымдары хандардың Келіп құрмет етпес пе?! Өзі келіп алдымен Тілегенін мінбес пе?! Көрінбей жатып ат сұрап, Болмасын әуре өнбеске. Мінем десе атымды Келіп кетсін ол кешке. Қалмақтың атын ала алмай, Жылап келді Жібекке, Түсіп уайым жүрекке. Жеңгесін Жібек жұбатып: – Өзім барып қарайын, Алдап сұрап алайын, Тәңірі берсе тілекті. Он қыз ертіп қасына Қорынның келген қосына. Қара көзі айнадай, Қорынның көңілін мас қылып, Үлбіреген ақ беті Қыз Жібектің жайнады-ай. Көрген жерден ғашық қып, Қорынның көңілін жайлады. Жездекелеп алысып Он қыз басып ойнады. Ырсылдатып қабандай, Әбден соры қайнады. Тікендей көзі қадалып Жүрегіне қалмақтың, Сөйледі Жібек таймады. –Атыңды неге бермедің, Масқара қылып халыққа Мені өзіңдей көрмедің, Ойлаушы едім асылзат, Түсінер сөзге деп едім. Ақыры ертең кетемін, Ағайынмен танысып Қоштасайын деп едім. Көңілімді көрсетіп, Бір жүрейін деп едім. Құдай қосқан қосағым, Сенген ерім сен едің. Аттың терін аяйтын Қай төреден кем едің? Сонда Қорын күлімдеп: – Өзіңді көріп мінеки, Көңілім жаңа басылды, Бір көре алмай ынтық боп, Көңілім менің жасыды. Қайғыңнан бөліп шерменде, Іше алмадым асымды. Алдыма келдің аяман, Бір көруге ынтық ем Сен секілді асылды. Не десең де ризамын Беремін саған басымды. Ерлігімді білерсің, Екі тұлпар атым бар Қай сүйгенін мінесің. Сонда Жібек сөйледі: –Атыңды айтып мақтайсың, Қолымды енді қақпайсың. Ақылыңа сөзің сай Алыстан болжап байқайсың. Айтқан сөзің бәрі рас, Қолыңа келіп тигесін Ақ уыз ғып шайқайсың. Ер көңілі кең деген Кешікпессіз көрерсіз, Танысамын елменен, Туып өскен жерменен, Көк сандалың берерсің. Балқы[тып] сөзін Қыз Жібек Хан Қорынды көндірді, Көк сандалды шығарып Ерін салып кидірді. «Тілегімді бергей» деп, «Көзімнің жасын көргей» деп, Жаудың көзін жайнатып, Алды мініп сандалды. Тақымын қысып ойнатып, Қалмақтар қарап қызығын Сырнай, керней тойлатып, Мініп алған хан Қорын Қаз мойын қара тұлпарға, Жібекке жақын келеді Атының сырын айтарға. Қайырылып келді Қыз Жібек Не дейді деп байқарға. –Ханым, қайда барасың, Не айтуға келесің? Лайық па осының, Ел бастаған төресің. Хандығың сенің қайда бар, Неге артымнан келесің? Масқара қылып мені елге Не бетіңмен ересің? Нәсіліңе қарасам Жеті атадан хан болған, Өзі шауып жол салған, Қара басың байқасам Жақсылардан үлгі алған, Ерлігіңді байқасам Елдің қамын ойлаған. Халқыма қылып масқара Лайық емес бұл саған. Сонда Қорын сөйледі: –Қайт десең қазір қайтамын, Басы қатты тұлпарым, Сырын бір саған айтамын. Алып кетіп жүрмесін, Айрылып қалып мен сенен Жұрт масқара күлмесін. Шыдай алмай мен келдім Ойнатқаның көргесін. Енді қайтып келмеймін, Кешке жақын атымды Қолыңнан әкеп берерсің. Қалмақты кейін қайтарып, Келместей қылып тойтарып, Тұлпардың бойын қыздырды. Құтқар деп Құдай бәледен Отауға жетіп келеді. Жібекті күтіп отырған Жеңгесін келіп көреді. Даярлаған азығын Қоржынын алып бөктерді. Төбеге шашты түйеді, Құндыз бөркін киеді. Шалбар киіп сыптай боп, Жад қылды тұрып Иені. Жеңгесімен қоштасып Екі беттен сүйеді. Алтын қамшы қолға алып, Жан-жағына көз салып, Жүрмек болды толғанып. Жеңгесіне сөйледі: –Ау, жеңеше, жеңеше, Сапарға басым мен салдым, Барасың қайда демеші. Көп тұруға шара жоқ, Сау болыңдар көргенше. Кетерін анық білгесін Жеңгесі тұрып жылады: –Ашылсын, қалқам, мұратың, Кәпірден көңілін басқай, – деп, Өз теңіне қосқай, – деп, Ертеңді-кеш сұрадым. Мен ешкімге айтпаспын, Барасың қайда, қарағым? –Тұлпардың қалған тұяғы Сансызбай іздеп келіпті, Кетейін деп мен тұрмын Берсе Құдай ерікті, Құдайымның дұшпаны Алам деп мені желікті. Бұ жауды маған кез қылып, Басыма салды ғаламат, Тәңірім берсе тізгінді Жаппарға жан аманат. Бұл сөзді айтып Қыз Жібек Аттың басын бұрады, Кетерін анық білгесін Сансызбайға сәлем деп Жеңгесі тұрып жылады. Қол алысып қоштасып Сапарға басын салады, Айнала бере ел сыртын, Қыр астына түскесін Қарақұдық қолжасын Бетті қойып түзеді. Ауыздықпен алысып, Ұшқан құспен жарысып, Әбден қызып алғасын Тұлпардың бауыры жазылды. Төрт тұяқтың басқан із Жер ошақтай қазылды, Тақиядай көрмеді Жібек сындай қызыңды. Құйындай шаңы бұрқырап Дөңгеленіп келеді. Сансызбай мен ер Шеге Кіші бесін кезінде Қыз Жібекті көреді. Келе жатқан жарқылдап Қыз екенін біледі, Екеуі мойнын созады, Тарта, тарта Жібектің Екі қолы тозады. Әне-міне дегенше Жанына жетіп келеді. Атынан түсіп анадай, Жаяулап Жібек иіліп, Бұрынғы жолы осы деп, Шегеге сәлем береді. –Ашылсын, балам, бағың,– деп, Тәңірім болсын панаң,– деп, Ер Шеге бата береді. Бала қаздай байпаңдап Жақындап ерге келеді, Бірін-бірі көреді. Мойнынан қысып құшақтап Сансызбайдай төрені. Көзінің жасы моншақтап, Шүкір қылып Құдайға Көңілін басып екі жас, Екеу еді үшеу боп Тәуекелге қойды бас. Бәрі қалды артымда, Қалың жаудың қолында, Ағайын-туған қарындас. Елге тисе кесірі Қаршығаның сөзі сол, Қумай қалмас кәпір нас. Алла деп атқа мінеді, Өңкей тұлпар мінгені Ескен желдей гуледі. Көлденең жатқан Жетісу Көктей өтіп өрледі. Қыз Жібектің кеткенін Қаршыға менен жеңгесі Осы екеуі біледі. Кеш болғасын сұратып Қорын атын жіберді, Қабағы қатып түнерді. Сұрау салып таба алмай, Кеткенін қайда біле алмай, Ел үзеді күдерді. Ат мініп Жібек жүрген жоқ, Ешкім оны көрген жоқ, Ізде деп әскерге Жөндеп жауап берген жоқ. Болды, болды дегесін, Қалмақ жауып қабағын, Шулатып елдің алабын, Найза-қылыш жарқылдап Қуырып елдің заманын. –Атым менен Жібекті Қазір тауып бергін, – деп, Қазір тауып бермесең Қайратымды көргін,– деп, Қойсаң да тығып табамын, Қиратып елің шабамын. Әскерін жиып көп қалмақ Елін қамап алады. Кәрінен қорқып бұ жаудың Қатыны менен баласы Шуылдап елдің жылады. Жан батпады тығылды, Елдің жүні жығылды, Әскерін төгіп аңдатып Елді басып шаңдатып, Ағытылып тоғылды. Қалмақтың түрін көргесін Жан батпаған қалмаққа Қаршыға жетіп келеді, Қаһарланып тұрған Қорынға Сүрінбей жауап береді: – Уа, күйеужан ханымыз, Қатардағы нарымыз, Сөзге де құлақ салыңыз. Ашуыңды басыңыз, Қосылған бүгін бәріңіз. Атың бәле кетпесе, Жоғалмас келер жарыңыз. Алып кеткенде қашып Ертемен ізін кесуге Атқа мініп барамыз. Танысып елде жүр шығар, Аман келсе Қыз Жібек Төгілмей ме арыңыз? Елдің үстін шаңдатпай Әскеріңді алыңыз, Дұрыс па екен, күйеужан, Мезгілсіз қылған кәріңіз?! Қарсы жауап айта алмай, Кетіп тұр, тақсыр, сәніміз. Елді бүгін қырсаң да Тауып берер адам жоқ, Кетпесін шығып жаныңыз. Тұлпардың сырын білесің, Біліп тұрып бересің. Ел сұрап алып бергендей Елден неге көресің?! Аман келсе Қыз Жібек, Қисынсыз қылған ісіңнің Берерсің не деп төресін?! Бүгінше, тақсыр, сабыр ет, Алмашы елдің зәресін. Балқытып сөзбен қалмақтың Қайтарып ашу-ызасын. –Бас болып атқа мінемін, Ат ізін тауып беремін, Түсіңді неге бұзасың? Ішінен біліп түйіп жүр, Сансызбайға жеткізіп Тарттырсам деп жазасын. Әлқисса, Қорынның ашуын басып Қаршығаға былай деген дейді: –Әуелден осылай деп айтса нетер, Демеймін бұл айтқаның мен де бекер. Мінезі көк сандалдың қызу еді, Айтып ем Қыз Жібекке алып кетер. Шатырға қайғыланып келіп түсті, «Жібегім үстіндегі әлденетер». Қалмақтың уайымы Жібек болды, Сөздері Қаршығаның көмек болды. «Қай жерге атым тастап кетті екен» деп, Ас ішпей, ұйқы көрмей жүдеп болды. Ертемен қалың әскер ізді кесті, Қаршыға басшы болып жүрсін десті. Жібектің кеткен жағы бұған мәлім, Қалмаққа басшылық қып салды күшті. Қалмақтар қоқиланды тұра шауып, Кетіпті алып қашып ізін тауып. Жеткенде қарақұдық бес із болып, Кездескен біреумен деп қылды қауып. Хан Қорын қаһарланды мұны көріп, Он екі қазағы бар келген еріп. Хан Қорын ақылдасып қумақ болды, Әскерін осы жерде екі бөліп. Хан Қорын екі мыңдай әскер алған, Жібектен айрылғасын қылып арман. Басшы ғып Қаршығаны әскеріне Шұбырып қалған әскер қайта оралған. Қалғанын біз келгенше жата тұр деп, Сайланып екі мыңмен ізге салған. Он кісі еріп шықты мұсылмандар, Қаршыға бұларға айтқан: – Қысылмаңдар. Кезіне келтіретін күнім жақын, Жеткізсін тілегіме сөзімді аңғар. Алты күн ұдайынан қуады өктеп, Келеді күндіз-түні қол түйдектеп. Басшы ғып Қаршығаны әскеріне, Хан Қорын өзі шауып болды кетпек. Жеткізбей қалың елге барып жетсе, Келуін әскерінің болды күтпек. Тапсырып қалған қолды Қаршығаға, Жатқызбай күні-түні алып жет деп. Шу деп бір қалмақ жөнелді, Қалдырып кейін көп елді. Әскерге айтып ақылын, Сансызбайдың ізімен Қаз мойын қара тұлпарға Енді басты тақымын. Қабандайын қорсылдап, Кебеже қарын, кең құрсақ, Еріне симай былқылдап, Найза-қылыш сартылдап, Тас түлек құстай шаңқылдап, Көбігі шықты бұрқылдап. Қаз мойын қара тұлпардың Ойынды еті бұлтылдап. Қамшы басып санына, Жәбір беріп жанына, Тозаңы шықты бұрқылдап. Қаһарланып келеді, Дәл он бір күн дегенде Сансызбайдың қарасын Қорын қалмақ көреді. Көк найзасы қолында, Тастай қашар Жібекті Деп келеді ойында. Қарасын ердің көріпті, Бауыздаудың бойында, Қарғысын тағып мойынға, Хан Қорынды зәнталақ Қарасын анық көргесін, Екі көзі қанталап, Жетсе шауып жоюға. Хан Қорынның тозаңы Бұрқырайды құйындай, Күннің көзі жабылды. Жау екенін білгесін, Сансызбай берен шабынды. Басымнан дәурен өтті деп, Қалмақ қуып жетті деп, Аш күзендей бүгілді. Қыз Жібектің көзінен Қанды жасы төгілді. Ауыр күндер түскендей, Шеге менен Жібекті Елге қарай жөнелтіп, Сансызбай қалды жол тосып, Жүрегі жаудан сескенбей, Толғана мойын бұрады. – Қашатын бар ма қатын,– деп, Қасқайып қарап тұрады. Өзі ілгері барғасын, Жауды күтіп жас бала Жалғыз өзі қалғасын, Мұңды болған Қыз Жібек Бір төбеге барады. Көк сандалдың тізгінін Мойнына орап салады, Зарланып Жібек жылады. Жаратқанға жалынды: – Артымнан қуып жау жетті, Ашпадың Құдай бағымды, Жарылқасаң не қылды, Құтылам деп бұ жаудан Аралай қаштым тауыңды. Сақтаған Құдай көп екен Маған деген жауыңды. Басымнан кетті сәулетім, Бетімнен кетті суретім. Құртамысың, Құдай-ай, Бұл ғаріптің әулетін. Көрсетер Құдай көп екен Маған деген нәубетің. Құтқарып ең бұ жаудан Рахымыңмен барлатып, Бұ жерлерге келгенде Соңымнан жетті шаңдатып. Жаратпасаң болмай ма, Мені мұнша зарлатып. Құтылар қашып шара жоқ, Өзіңнен басқа пана жоқ, Бір өзіңе тапсырдым, Рахым қылсаң көңілім тоқ. Сол кездері болғанда Қорын жетіп соңынан, Сансызбайдың тұрғанын Көлденең тартып жолынан, Көріп көзі түсіпті, Көзі мен басы ісіпті. –Жібекті ұрлап, қу бала, Барасың қайда?– десіпті. Келген жерден бұрқырай Қаһарын жая өшікті, Зеркелін қаға жекірді, Бұрқырап аузы көпірді: –Көлденең тартып сен тұрсың Соғысар батыр секілді. Жібек менің қатыным, Қайда алып оны барасың?! Менің атым хан Қорын, Неден үміт тілейсің?! Соғысар болсаң жөніңді айт, Мойныңды маған бұрасың. Сансызбай тұрып жай ғана, Қалмаққа берген жауабын: –Сабыр ет, – деп, – аз ғана, Артымнан келе жатқасын Қалпағың күнге шағылып, Құтырған иттей қағылып, Жүрісің бөлек болғасын. Жолыңды күтіп мен тұрмын Жүрген жан деп нағылып. Келіп тұрсың, хан Қорын, Өліміңді сағынып. Келе маған жекірме, Доңыздай болып өкірме. Хан Қорын сен болсаң, Сансызбай батыр мен болдым, Көпіресің бекерге. Бас аман қылып қайтсын деп, Кеткенмін тимей нөкерге. Келіп тұрсың ырсылдап, Қабандайын қорсылдап, Маған тісің өтер ме. Әкетсем жеңгемді әкеттім, Әкеңнің құны кетті ме? Ажалыңа серік боп, Соңымнан қуып жеттің бе? Соғысуға мен дайын Жол бермеймін кектіге. Сонда Қорын сөйледі: –Жақсы екесің жас бала, Адамыңа жолықпай, Көлденең тартып қорықпай, Болып жүрген мас қана. Жібек пен ұрлап атымды Халыққа қылып масқара, Әкеңді келген танымай Кесе таңып атыңа Байлайын сені тас қана. Ерлігімді көрсетіп, Барайын сені қосқа ала. Ат-тоныңды тарту ғып Мен көрінбей көзіңе, Қисығыңды түзетіп Салайын сені тізеге, Өнеріңді көрейін Кез келгенде көзіме. Буырқанды, бұрсанды, Киімге сыймай долданды, Көк найзаны қолға алды. Қаһарланып келеді, Қасқайып тұрған баланы Қуыршақтай көреді. Ажалыңды сағынған, Тумай жатып қағынған, Қайдан келген неме еді, Өзіне-өзі сенеді. Найзасын толғап желігіп, Астында қара тұлпарды Жақындаған тебініп, Етегін белге түреді. Есіп бір толып кебініп, Келе бір сілтеп найзасын, Сансызбай қағып өшірді Асырып жаудан айласын. Сансызбай атты жас берен Беліндегі семсерін Қынабынан суырды, Жауапшысын қуырды. Ұстарадай сыпырып, Ителгідей жұтынып, Қарсы шауып ұмтылып, Жағаласа, жармаса, Аламын деп арбаса, Қанжар алып қармасты. Қабандай мойнын бұра алмай Қорсылдап жүр албасты. Жағаға қолы тигесін Білді кәпір оңбасты. Жаудың жүні жығылып, Қойынға басы тығылып, Қақырғанда қан ұшты. Қара аттың жалын құшақтай Төңкеріліп жер құшты. Қаз мойын қара тұлпарды Жетегіне алады. Шеге көріп ауғанын Зар қылып о да жылады. Жібекке атой береді, Сансызбайды көреді, Қуаныш қылып тұрғанда Сансызбай жетіп келеді. Шеге менен Қыз Жібек Жас беренді құшақтап, Көзінен жасы моншақтап, Бетінен келіп сүйеді, Атына қайта мінеді. Хан Қорынды көруге Тағы үшеуі келеді. Құрқырап жатқан қалмақты Аттан түсіп Қыз Жібек Көзіне құмды себеді. Денесінен басқа қып, Семсерімен өзінің Басын шауып бөледі. Домалатып басын-ай, Азырақ тұрып қасына-ай: –Еркіндік бермей басыма-ай, Жылатып едің хан Қорын, Қарамай көзім жасына-ай. «Бір тасқынға, бір тосқын», Алла әмірі осылай. Шүкірлік қылып шыдайын, Көтере гөр Құдайым, Не деп бір әмір берді екен Кейінгі қалған қосынға-ай. Келсе көріп қосын-ай, Қуар ма екен тағы іздеп Көрсе келіп осыны-ай. Жарар еді тимесе, Жаратқанға тапсырдым, Кейінгі елге кесір-ай. Сансызбай тұрып сөйледі: – Қыласың қайғы несіне-ай, Жатпайды қалмақ білемін, Жеткізсе Құдай тілекке, Сазайын кейін беремін. Амалын таппай жатпайды, Қаршығаға сенемін. Бұ жерде жатып күтпеймін, Тәуекел етіп жүремін. Көлденең жатқан көк бектен Көктей өтіп келсе де, Бала жаудан құтылып, Көңілдері өседі, Кемпір-шалды қуантып Барып жетсек деседі. Қос аты бар қолында, Қуғыншы бар соңында, Екпіні желдей еседі. Тағы да бұлар жол шегіп Еліне аман жетеді, Ел жиылып күтеді. Сансызбайдың келгенін, Төлегеннің өлгенін, Есітіп халқы нетеді. Базарбайды жұбатып, Ас беріп думан шулатып, Алдынан жұрты өтеді. Жалғыздың сұрап өмірін Халқына көңілі бітеді, Қыз Жібектей сұлуды Сансызбайға қосады, Той тарқап бетін ашады, Жігітті көріп жұбанып Кемпір-шал көңілін басады. Риза болып келген жан Жиылып шашу шашады. Бұл не деген ақ маңдай, Сөйлеген сөзі мақпалдай, Көркіне ақыл сай, Кемпір-шалды жұбатып, Қызмет етіп аққудай.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.