Көрпеш һәм Баян сұлу (Шоқан нұсқасы)

Мекен іздеп, жігіттер, кел кетелі, Ортасында көктөбе белгі етелі. Азаматым, ерінбей тыласаңыз, Қозы Көрпеш – Баянды тербетелі. Қыл көпірден адамды айдар еміс, Қылмысшылды тамұққа айдар еміс. Тыңдай тұрған жігіттер, ерлер болса, Ерте заман бір екі бай бар еміс. Сол екі байдың жайлауы төмен еміс, Киік атып, аң етін жеген...

Kazakh
Көрпеш һәм Баян сұлу (Шоқан нұсқасы)
Мекен іздеп, жігіттер, кел кетелі, Ортасында көктөбе белгі етелі. Азаматым, ерінбей тыласаңыз, Қозы Көрпеш – Баянды тербетелі. Қыл көпірден адамды айдар еміс, Қылмысшылды тамұққа айдар еміс. Тыңдай тұрған жігіттер, ерлер болса, Ерте заман бір екі бай бар еміс. Сол екі байдың жайлауы төмен еміс, Киік атып, аң етін жеген еміс. Екі байды сұрасаң, азаматым, Қарабай мен Сарыбай деген еміс. Бай да болса пиғылдары тар секілді, Тәңір берген дәулеті бар секілді. Малды беріп, Құдайым басты бермей, Бір шыбындай перзентке зар секілді. Ал, Қарабай мен Сарыбай аңға шықты, Екі байдың мергендігі даңға шықты. Екеуінің зайыбы шүбәлі екен, Ғайып жерден алдынан аң қашыпты. Қарабай мен Сарыбай аңға барған, Буаз марал алдынан пайда болған. Атайын деп Қарабай оғын салған, “Үйімде зайыбым буаз” деп атпай қалған. Көксеңгірден екі бай бөкен тосқан, Буаз марал алдынан душарласқан. Буаз марал алдынан душарласса, “Атпайын” деп Қарабай қайта қашқан. – Жасағаннан тілеуім көп-дүр, – дейді, Киік атып, аң етін жепті дейді. Буаз марал алдыңнан душарласса, Неге атпадың, Қарабай? депті дейді. –Жата-жата үйімде ішім пысты, Жігіттікте көп қылдық мұндай істі. “Атайын” деп үйімнен шығып едім, Сол жерде көңіліме бір қиял түсті. –Ал, мергендікті қоймадық тамам, – дейді, Душар келді бір марал саған, – дейді. Душар келген маралды атпай қалып, Қиялыңды айт-сана маған, – дейді. – Алда қалай бола-дүр заман, – дейді, Буаз маралды көп атпақ жаман, – дейді. Үйде менің зайыбым шүбәлі еді, Сол есіме түсті де, обал, – дейді. Талай қызық көрерміз аман болса, Мергендікті қоярмыз жаман болса. Құда болар менімен бар ма жайың, Құдай перзент көрсетер заман болса. Қаса мерген – екі бай дейді деді, Киік атып, аң етін жейді деді. – Құдай перзент көрсетер заман болса, Болсақ, бола қалайық, – дейді деді. Қарабай мен Сарыбай ат тоқыған, Ат тоқыған жерінде хате оқыған. Қосқанының белгісі сол емес пе, Түсе қалып, сол жерде бата оқыған. Жиын қылып Қарабай бие сойған, Бір биенің етіне жұрты тойған. Қарабайдың қатыны қыз тауыпты, Баян Сұлу депті де, атын қойған. Аягөздің бойынан ел ауыпты, Қылады екен Сарыбай бір қауіпті. Үш күндей толғатып, азаматтар, Сарыбайдың қатыны ұл тауыпты. – Сарыбай қай жаққа кетті? – дейді, Тазша, шүйінші тілейік, – депті дейді. Асығыста шүйінші тілемеймін деп, Сарыбайдың ажалы тиді дейді. Шүйінші тілер тазша құл жүгіре түсіп, Асықпаса не етеді, көтін қысып. Қуанғаннан Сарыбай шапқан екен, Мойны үзіліп өліпті, аттан ұшып. Жұрт жиылды сүйегін жерлеймін деп, Қарабай айтты: “Бұ жұртты көрмеймін” деп. Көше қашып Қарабай кетеді енді, “Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп. Сарыбайды, жігіттер, Құдай алды, Ақыр заман Құдай былай салды. Көше қашып Қарабай кеткен екен, Жесір қатын, жетім ұл білмей қалды. Тамам молда жиылып оқыр хатым, Жеткізіп-дүр Сарыбай жұртқа датын. Сарыбайдың қатыны ұл тауыпты, Қозы Көрпеш қойыпты оның атын. Сол екі байдың ауылы көшкен екен, Бір перзент көкейін кескен екен. “Қатынымыз қыз тапса екеуіміздің, Қол бақшасы бір болсын” дескен екен. Сол екі байдың ауылы көшкен екен, Бір перзент көкейін кескен екен. “Екеуі де ұл туса енді осының, Таң еткендей дос болсын” дескен екен. Сол екі байдың ауылы көшкен екен, Бір перзент көкейін кескен екен. “Біреуі ұл, біреуі қыз болса, Құдай қосса, біз қостық” дескен екен. Ақ хан өліп, Қара хан босқан екен, Көксеңгірден киікті тосқан екен. Қозы Көрпеш құрсақта, Баян іште, Іште жатқан екеуін қосқан екен. Көшіп кетті Қарабай аңға көнбей, Сол кеткеннен кете-дүр, қайтып келмей. Сөйтіп қосқан қосағын Қозыекемнің Сол Қарабай кете-дүр қалай бермей. Қозы Көрпеш һәр нені ойлайды еміс, Дегеніне бір жетпей қоймайды еміс. Ересек болған соң Қозы Көрпеш, Тазшаменен асықты ойнайды еміс. Қозы Көрпеш атадан жаста қалды, Асық ойнап тазша мен пері салды. Тазша бүгін асығып ұтып алса, Зорлықпенен Қозыекем тартып алды. Өштес қылған екеуін Құдай ма екен? Жаман сөзді Қозыекем тыңдай ма екен? – Қатынына бара алмай, – деп жүр дейді, Асығымды тартып алды деп жылайды екен. Асық ойнарға Қозыекем үйден келе, – Сарсаң қылдың, ау, тазша, мұнда неге? Сарсаң қылмай, айтсана расыңды, Алтын сақам берейін шүйіншіге. –Сол екі бай бөкенді тосып еді, Сенің білген ақылың осы ма еді? Есің болса, онда ойлап білмес пе едің, Атаң жастай біреуге қосып еді. –Кетейін Алашада енді бір мен, Жаңа менің көңіліме сәна кірген. Өтірікші болмасаң, тазша, деймін, Айтып қосқан қосағым қайда жүрген? Сарыбай бұл ғаламнан өтіп еді, Қозы Көрпеш Құдайға не етіп еді? “Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп, Көше қашып Қарабай кетіп еді. –Құдай қосса, соңыңнан қалмаймын ғой, Жамандықты есіме алмаймын ғой. Өтірік қана айтасың сарсаң қылып, Тазша, сенің тіліңе нанбаймын ғой. –Құдай саған бермеді сана деймін, Һештемені білмейсің, бала, деймін. Менің айтқан тіліме сен нанбасаң, Үйіңе барып шешеңнен сұра деймін. –Жүруші едім адамнан көңілім қайтпай, Сен қайтардың көңілімді жалған жаттай. Кішкентайдан қосылған қосағымды Шешем қалай жүрген-дүр неге айтпай! –Алдайсың да жоқ дүние өтеді деп, Ғазирайыл соңыңнан жетеді деп. Сенің шешең жасырып айтпай жүрген, “Жалғыз балам лағып кетеді” деп. Сүйдеген соң Қозыеке нанды дейді, Тазша жатып сол жерде қалды дейді. “Ғафияда бір алдап сұрайын” деп, Жүгіргеннен үйіне барды дейді. Жүгіргеннен үйіне кетті дейді, Демін алмай үйіне жетті дейді. “Қарным ашып барады, Тәңірі деген, Бидай қуыр, шешеке”, депті дейді. Жүгіргеннен Қозыеке келді дейді, Жау тигендей қылады елді дейді. “Жарықтығым қарыны ашқан-ды” деп, Беген бидай қуырып берді дейді. Қозыекемнің көңілі демейді-мыс, Жаман-жақсы адамға демейді-мыс. Беген бидай қуырып шешекесі, Салып берсе табаққа, жемейді-мыс. Мен айтайын, Қозыекем, бұ бір кеңес, Қозыекесі шешесіне айтушы емес. Қозыекемнің көңілінде әлде не бар, Қазанымен берсе де, тағы жемес. – Қаз келе-дүр, ей, шеше, айтайын да, Ұйқым келді, төсек сал, жатайын да. Еңбекпенен өсірген, ай, шешеке, Қолыңменен бер сана татайын да. Не жамандық Қозыекем көрді дейді, Баласының тіліне ерді дейді. Алдағанын Қозыекем қайдан білсін, Қолыменен шеңгелдеп берді дейді. – Шеше, сенен көрмедім пайда, – дейді, Мың жылқыны өзің-ақ айда, – дейді. Ыстық бидай қолына басып тұрып: – Құдай қосқан қосағым қайда? – дейді. –Қолым күйді, ей, балам, мен қайтейін, Дәнемең жоқ Алашта, неңді айтайын. Құлазытқан көңіліңді тентек етіп, Сарсаң қылған кім еді, жоғалтайын. –Тазша бір сөз айтты ғой маған кеше, Қолың түгел бүріссін маған десе. Кішкенеден қосылған қосағымды Енді қалай айтпайсың маған, шеше? –Сол төріде еш көзін аша алмасын, “Іздеймін” деп, ай, балам, кім жолдасың? Құлазытқан көңіліңді тентек етіп, Естірткен кім еді, еш оңалмасын. Жылқы жайған бір тазшса бала айтады, Түйе айдаған ақсақал шал айтады. Тым-ақ рас секілді, жан шешеке, Шөрік иірген бір кемпір және айтады. Оғын жөндер Қозыекем тазқарадан, Жасын ұзақ тілеймін азғанадан. Ерте кеткен Баянды іздеймін деп, Түзде кеңес сұрайды бозбаладан. Етті дейді Баянды көңіліне тоқ, Бір ойнаса жарымен арманы жоқ. Түзде кеңес сұраса бозбаладан, Оңды кеңес айтпайды бозбала боқ. Ақсақалды біреуге қорлатыпты, Алып келіп тазшаны жырлатыпты. Алып келіп тазшаны жырлатқан соң, Құлақ салып ақсақалға тыңдатыпты. – Дүниеден еш лаж жоқ өтейін бе, Құдай қосқан Баянға жетейін бе? Құдай қосқан менің сол қосағымды, Іздейін бе, іздемей кетейін бе? –Қозыекем, сен тәубаңды жаңыласың, Еш көрмеген Баянды сағынасың. Одан жақсы қалындық алып берейік, Ерте кеткен Баянды не қыласың? Тамам қызды бір үйге салды дейді, –Ағаларға көңілім қалды, – дейді. “Енді қыздан бір кеңес сұраймын” деп, Жүгіргеннен қыздарға барды дейді. –Суға біткен солқылдақ жекен деймін, Құдай қосқан қосағым екен деймін. Құдай қосқан сол менің қосағымды, Ай, апалар, іздесем бе екен деймін. –Қартайғанша ер жігіт “қыз” дер болар, Жасы үлкенді өзінен “сіз” дер болар. Ол айтқаның рас-дүр, жарықтығым, Құдай қосқан қосағын іздер болар. –Ондай кеңес шайтандық ермегейсің, Өз ойыңдай, Қозыекем, көрмегейсің. Өз ақылың өзіңе бола тұрған, Ұрғашының тіліне ермегейсің. –Көргенім жоқ Баянды, өзі қандай? Беті айдай депті де, бойы талдай. Ерте кеткен Баянды іздемейін, Баяндай қыз бар ма екен, сірә, ондай?! –Тілімді алсаң, Қозыекем, бара көрме, Ондай ойды көңіліңе ала көрме. Құлазытқан көңіліңді тентек етіп, Сен Баянды есіңе ала берме! –Енді қайтіп жүрейін есіме алмай, Жүруші едім адамнан көңілім қалмай. Көңілім менің таразы еш тағатсыз, Әкем қосқан Баянға мен бір бармай. –Мен бір кеңес айтқан соң көңілің қалар, Қодар деген бір құлы қиял болар. Ерте кеткен Баянды іздеймін деп, Бір шыбындай жаныңа зиян болар. –Үйдемеңіз, сына-дүр сағым, – дейді, Қарабайда кетіпті хақым, – дейді. Қарабайдан хақымды ала алмасам, Мұнда жүрсем, тең-құрбым “қатын” дейді. –Айтса дағы, Қозыекем, тіл алмассың, Барғаннан соң сен қайтып келе алмассың. Ерте кеткен Баянды іздеймін деп, Енді қайтып бұ жұртты көре алмассың. –Есен болсам, мен қайтып келейін де, Келе алмасам, сол жолда-ақ өлейін де. Құдай қосқан сол менің қосағымды Қодар құлға, жігіттер, берейін бе? –Қарабайдың ауылы енді қай жақ, Бөлініп қалған жылқыдан бұ бір саяқ. Ерте кеткен Баянды іздеймін деп, Қодар атты құлыңан жерсің таяқ. –Айтып салды бір тазша әлде қалай, Өзің оңда, жасаған Алла Тағала-ай! Әлі де болса, жұртым, жіберіңіз, Құлдан таяқ жегенше, алсын Құдай! –Не таба-дүр Қозыекем онда барып, Қодар құлдар алмасын жүрген жанып. Ерте кеткен Баянды іздеймін деп, Қиық Қодар қоймасын басыңды алып. –Сарсаң қылдың, Құдайым, мұндай ғана, Менің әлім жоқ па екен құлдай ғана! Құлдан өлсем жатайын тұрмай ғана, Еш басыңа жамандық келтірмесін. –Еш басыңа жамандық келтірмесін, Таппадым құлдардың білдірмесін. Ерте кеткен Баянды іздеймін деп, Қиық еді Қодар құл, өлтірмесін. –Қодар құлдар дегенің құл ма сірә? Құлдан өлсем, жатайын тұрмай сірә. Бір сөз айтса, өледі дей бересің, Жораң қалай жаман-дүр, жұртым, сірә?! –Мақтанады Қозыекем мұнда тұрып, Қайтіп алар Баянды құлдық ұрып. Сол алпыс құл ортаға бір алған соң, Өлмек түгіл қаларсың өме тұрып. –Жан болмайын жарымды құлға берсем, Сөйлетпейді менің құрбым мұнда жүрсем. Әрне болса, жұртым-ау, жіберіңіз, Жатқанымнан тұрмайын, құлдан өлсем. –Талай кеңес үйреттім енді, ботам, Кеңесімді алмадың сен де, ботам. Кеңесімді алмадың, кері барғыр, Білгеніңмен бола гөр енді, ботам! Шешесіне келіп, шешесі айтқаны: –Қаз келеді, шешеке, атайын-ды, Бидай қуыр, қолыңнан татайын-ды. Атты ертте, ей, шеше, азық сайла, Ай, әкем қосқан Баянға кетейін-ді. –Ай-һай, балам, ай, балам, кете алмассың, Аягөздің бойынан өте алмассың. Құлазытқан көңіліңді тентек етіп, Ерте кеткен Баянға жете алмассың. –Ай-һай, шеше, ай, шеше, көтер-ақпын, Аягөзің бойынан өтер ақпын. Сол Қарабай кеткелі қырық жыл болған, Қырық жыл қусам соңынан, жетер-ақпын. Көздің жасын көл қылып төкті дейді, Бір тазшаны түгел жұрт сөкті дейді. –Көзім жасы көл-дария болды, балам, Одан қайтып өтесің? – депті дейді. Қозыекемнің мінгені Көкті дейді, –Жасағаннан тіледім көпті, – дейді. Көзің жасы көл-дария болса, шеше, Көпір салып өтермін, – депті дейді. Көзінің жасын көл қылып тағы төкті, Бір тазшаны жиылып жұрты сөкті. –Қиқулының қырық бөрі бар-дүр, балам, Одан қайтіп өтесің? – тағы депті. –Уайымды көп айтпа маған, – дейді, Өзің оңла, Жасаған тобам, – дейді. Қиқулының қырық бөрі келсе жетіп, Қырық кез оғым жалынсын оған, – дейді. –Ойлай берсе, ой түбі қайда кетпес, Жұртын тиған Қодарға әлің жетпес. Тілімді алсаң, Қозыекем, бара көрме, Асқаралы тауы бар адам өтпес. –Ай-һай, шеше, ай, шеше, кетер-ақпын, Құдай қосқан жарыма жетер-ақпын. Асқаралы тау душар болса алдымнан, Қылыш пенен жол салып өтер-ақпын! –Ай-һай, балам, ай балам, барасың ба? Мекен кетіп, бір қадар табасың ба? Тілімді алсаң, Қозыекем, бара көрме, Қырық күндік шөлі бар арасында. –Алдауыңа мен енді көнбен, шеше, Өзге қызбен дәуренді сүрмен, шеше. Құдай қосқан жарымды естіген соң, Енді мұнда жан болып жүрмен, шеше! –Барамын деп, ай, балам, бара алмассың, Ерте кеткен Баянды таба алмассың. Елі-жұртың қақсайды “бармасын” деп, Жұрттың тілін алмассаң, оңалмассың. –Өлімін бе, ай, шеше, тірімін бе, Алдауына адамның кірермін бе? –Қалтақ балам, жүрмісің кетейін деп, Кетіп мені сергердең етейін деп. Айтсам тілім алмадың, ей, жүгірмек, Ажалыңа асығып жетейін деп. –Ай-һай, шеше, ай, шеше, кетейін де, Құлдан өлсем, жан болып не етейін де? Сол секілдер қақсатқан, сірә, мені, Қарабайдың түбіне жетейін де. –Асқан тауы бір қиын бел-ді, балам, Мұнша неге қақсаттың мені, балам. Айтсам тілім алмадың, ай, жүгірмек, Ажал айдап жүр де осы сені, балам. –Шеше, мұнша мұқаттың ажарымды, Мен білгенмін Аллаға жазарымды. Енді бұлай болған соң, кеткенім-ақ, Құлдан салса, көрермін ажалымды. –Жайып қойған түсерсің торға, балам, Бір шыбындай жаныңды қорға, балам. Арасында аңдыған жауы көп-ті, Өлім іздеп жүрмесең, барма, балам! –Ақылымды тұра тұр бөлмей, шеше, Тірі болсам кетпен-ді келмей, шеше. Құдай қосқан жарымды іздемесем, Не қылайын жан болып, өлмей, шеше. –Қақсап қалсын Қарабай мендей, балам, Содан ары кетерсің, келмей, балам. Айтсам тілім алмадың, ей, жүгірмек, Қайтып содан келмессің, өлмей, балам. –Ақылымды тұра-тұр бөлмей, шеше, Тірі болсам кетпен-ді келмей, шеше. Сарсаң қылған сол мені Қарабайды Қара жерге қойман-ды енбей, шеше. –Мен қайтейін, балам, сен кеткеннен соң, Жалғыз ұлым ғаламнан өткеннен соң. “Емшек берген, ары жат”, – дерсің, балам, Баян сұлу жарыңа жеткеннен соң. –Айыр емшектен сүт берсең, емейін бе? Емген сүтім татиды көмейімде. Ондай атты күн туса, ай, жан шеше, “Емшек берген, ары жат”, – демейін де. –Сен кеткен соң, ай, балам, мен өлермін, Кеткенен соң ішімнен күңіренермін. Еңбекпенен өсірген жарықтығым, Сен кеткен соң, мен қайтіп күн көрермін. –Сен өлмессің, ей, шеше, мен өлермін, Құса болып бармасам енді өлермін. “Өледі” деп тілеме мені, шеше, Есен болсам, мен қайтып бір келермін. –Асқан тауы бір қиын бел-ді, балам, Ерте кеткен таппассың елді, балам. Айтсам тілім алмадың, ей, жүгірмек, Кетсең, сірә, сен жоқсың енді маған. –Дүниеден осылай өтпен, шеше, Қалай қусам мен осыған жетпен, шеше? Қарабайдан хақымды алғаннан соң, Қайтіп саған бір келмей кетпен, шеше? –Тәңір шешер көңіліңе хақың, балам, Ерте болар малыңды басқаң, балам. Тілімді алмай барасың, әй, жүгірмек, Енді маған сен жоқсың, кетсең, балам. –Артылған соң тоқтамасын көшім, шеше, Еш қайғырар жоқ менің достым, шеше. Енді бұлай болған соң кеткенім-ақ, Көріскенше күн жақсы болсын, шеше. –Ай-һай,балам, ай, балам, кетемісің? Кетіп мені сергердең етемісің? Ақ сүтімді сауармын көкке, балам, Менен кетіп мұратқа жетемісің? –Ақылымды өзіме салма, шеше, Баяндай қыз Алашта бар ма, шеше? Жақсы жолға барайын деп тұрғанда, Жаман сөзді аузыңа алма, шеше! –Ала тұрған Баянды сен бе, балам. Сенің жұртың бұл сенен ел ме, балам. Айтсам тілімді алмадың, ей, жүгірмек, Барғаныңнан, қайтейін, келме, балам. –Сәнаменен сарғайып іші толсын, Естірткен сол тазша байғұс болсын. Ақ сүтіңді емгенім сенің, шеше, Маған деген қарғысың алғыс болсын. –Ай-һай, балам, ай, балам, менен кеттің, Құлазыған көңілімді тентек еттің. Ақ сүтімді сауармын көкке, балам, Еш қызығын көрмейше өнер еттің? Қақылдайды, қақсайды жазған бала, –Қақсасаңда, ей, шеше, жоқпын саңа. Үшбу жолда сен мені қарғай бердің, Емшегіңнің ақ сүті аруланбай. Шешесі қалған жеріне бір айналып келіп, ат сұрағаны –Құдай маған қоймады ат, – деді-дүр Қылған екен атам маған бір бата, – дейді. Құдай қосқан жарымды іздер едім, Қандай атты мінейін, апа? – дейді. –Есен-аман, Қозыекем, жүре көрші, Жарыңменен бір ойнап күле көрші. Жүгеніңді шылдырлат, жаным балам, Қарағанын бетіңе міне берші. Қонған жері ауылыңның қап-қараған, Мың жылқыны шұбыртып ат қараған. Мың жылқыдан бір жылқы қарамады, Қозыкүрең жаман тай жалт қараған. Қозыкүрең жаман тай қарап тұрды, Ұстай алып мойнынан жүген ұрды. Мың жылқыдан бір жылқы қарамады, Жойқансыздың тұқымы қайда құрыды. Жүгендесе жаман тай құнан болды, Ақыр заман, қараңғы тұман болды. Ерте кеткен Баянды іздеймін деп. Не басыңа сенің [балам] лаң болды? Ерте ерттесе, құнан дөнен болды, “Құдай сақтағаннан” деген болды. “Ерте кеткен Баянды іздемейін, Баяндай қыз бар ма екен мұнда да оңды?” Өзі мінсе, дөнені бесті болды, Сәнаменен сарғайып іші толды. Ей, Жасаған жар Құдай, өзің оңда, Көргенім жоқ бұрын еш мұндай жолды. Бір сөз айтса, түгел жұрт мат болыпты, Алты жасар бестісі ат болыпты. Қозыекемнің сорына, азаматтар, Бірге жүрген Қарабай жат болыпты. Жүреді екен Қозыеке сөзге қанып, Құдай қойды көңіліне қайғы салып. Енді іздемек болыпты Баянды, Арымас ат, таусылмас азық алып. Қозыекеме жиылды жұрты дулап, Азаматым, тұра тұр мұны тыңдап. Күн көремін деп жүрген жалғыз ұлдан Қайран ана айырылып қалды жылап. Қозы Күрең астына мінді дейді, Құрсай садақ беліне ілді дейді. Періштелер түсіне аян беріп, Қосыларын Баянға білді дейді. Қозы Күрең мінді де кетті дейді, Көл-дарияның бойына жетті дейді. Көл-дарияның бойына жеткеннен соң, Көпір салып үстінен өтті дейді. “Әуре-сарсаң, Құдайым, не етіп едің, Әурешілік жолменен кетіп едім. Жүрген сайын жолыма кесір қылып, Ау, Жасаған Құдайым, не етіп едім?!” – Шөлден жүрме, Қозыекем, атың сусар, Баянға қыз Алаштан қайдан ұқсар. Бір бөгеттен құтылып бара жатса, Қиқулының қырық бөрі болды душар. “Үш уақытта Аллаға жүрдім жылай, Әуре-сарсаң, Құдайым, қылдың былай. Бір бөгеттен құтылдым деп едім ғой, Тағы да аңдып жүр ме едің мені, Құдай?” Жұрт жақтырып сөзімді қолқалаған, Қайғырмаңыз өткен соң енді оған. “Қайтатұғын бір амал болар ма” деп, Қасқыр болып шешесі доталаған. Ғазірейіл келіпті жаппар-фәрмен, Бір басыңа зор келсе, жаның қарман. Енді өзің жаратқан пендең еді, Әу, Жасаған, болмаса кетті дәрмен. Кете алмайды Қозыекем үйге қайтып, Сарсаң қылды сол тазша қайдан айтып? Қиқулының қырық бөрісі келсе жетіп, Қырық кез оқпен кетіпті бір-бір атып. Қозы Көрпеш іздеді ауған елді, Алла Тағалам жаратты асқар белді. Бір бөгеттен құтылып бара жатса, Асқаралы бір тауға тағы келді. Арымас ат, жыртылмас тон қылыпты, Таусылмастай азығын мол қылыпты. Асқаралы тау душар болса алдынан, Қылышпенен шапқылап жол қылыпты. Жалғыз туған бір ұлдан ел қашыпты, Асқаралы көрмеген тауды асыпты. Бір бөгеттен құтылып бара жатса, Он екі айлық қырық күн шөл басыпты. Сарсаң болды Қозыекем үйден кетіп, Он екі айлық, қырық күн шөлден өтіп. Он екі айлы, қырық күн шөлден өтіп, Ел шетіне Қозыекем келді жетіп. “Үш уақытта сиындым, Алла, саған, Мұндай қатты азапты қылдың маған. Бір бөгеттен құтылдым, өзің оңла, Ендігіден сақтай гөр, Құдай тәубам!” Қозы Күрең мінді де желді дейді, Жаңа тапты Қозыекем елді дейді. Айдалада қайғырып келе жатса, Бір кемпірдің қасына келді дейді. Жаңа тапты Қозыекем елді дейді, Бір кемпірдің қасына келді дейді. “Әлдеқалай бұ да бір адам-ды” деп, Қол қусырып сәлемін берді дейді. Кемпір берген сәлемін алды дейді, Ол бір сәна көңіліне салды дейді. Қол қусырып Қозыекем сәлем берсе, Таң-тамаша сол жерде қалды дейді. – Көкірегің қайғылы, көңілің жарық, Келесің қайсы жақтан, атың арық. Атың арық, өзің аш, қаңғып жүрген, Жаным, қалай адамсың жүзің сарық? –Мен алыстан келемін қиуадан, Ата ғұрпын білмеген болдым надан. Қалайымды сұрайсың, ау, енеке, Әуре қылған Құдайым мен бір адам. Хаса мырза Қозыекем депті дейді, Киік атып, аң етін жепті дейді. –Атың арық, өзің аш, қаңғып жүрген, Жаным, қалай адамсың депті дейді. –Мен үйімнен шыққалы алты ай болды, Мінген атым астымда тайдай болды. Естідің бе, білдің бе, ау, енеке, Қарабайдың ауылы қайда болды? –Жалғыз ешкім білмеді келгеніңді, Мен де айтайын өсітіп білгенімді. Қарабайдың ауылын көрсетейін, Бастап, балам, айт сана бір жөніңді. –Талай нәрсе түседі көңілімізге, Көп кейітпей айт сана енді бізге. Атым арып, жолаушы кейіп келдім, Қарабайдың ауылын көрдіңіз бе? –Көрсетейін, саспай тұр, елді, балам, Расыңды айт сана енді маған. Қарабайдың ауылын сұрай беріп, Мұнша сұрап Қарабай нең-ді, балам? –Қамшыласам жүрмейді атым тосаң, Ене, менің сорыма болдың қасаң. Көп кейітпей айт сана енді бізге, Қарабайдың ауылын көрген болсаң. –Біле алмадым Қарабай әлдеқайда, Әлі де болса атың мен тоның сайла. Арып-ашып, әй, балам, мұнша іздеп, Не қатты ісің бар еді Қарабайда? …Құдайдан жоқ екен тым-ақ тәтті, Іздеймін деп, енекем, сілем қатты. Білмесеңіз, енеке, енді айтайын, Қызы бар ма үйінде Баян атты? –Жаңа жетіп келесің елге, балам, Қатты жүріп атыңды желме, балам. Қарабайдың ауылын сұрай беріп, Сарыбайдың жалғызы – ол сен бе, балам? –Аягөзді жағалай бітер қайың, Өксіп болған Баянды уатайын. Қарабайдың ауылын көрсет сана, Біратола атымды суытайын. –Жер-дүниені келдің сен түгел құртып, Қарабайды қалыппын мен де ұмытып. Жаным балам, бұлай бір қарай түсші, Көріне ме ештеме қарауытып? –Ене, мені жамандап табалама, Құдай әуре қылғандар оңала ма? Қарауытып бірдеме көрінеді, Қарабайдың ауылы сол бола ма? –Қарабайды сұрадың мұнда келе, “Тұр” деп әуре қыласың мені неге? Әбден болжап қарашы, жаным балам, Қара мола, қара адыр көріне ме? –Қара мола, қара адыр көрінеді, Көрсеткелі енекем ерінеді. Қара мола, қара адыр көріп тұрмын, Қарабайдың жайлаған жері ме еді? –Қара мола, қара адыр көріне ме? Сен тұр деп әуре қыласың мені неге? Қара мола көрінсе, бойы оның, Қара адыр көрінсе, қойы оның. –Қара мола көрінген – бойы ма оның? Қара адыр – жайылған қойы ма оның? Қара мола, қара адыр көріп тұрмын, Қай жағынан жүремін енді соның? –Сен қайдан тауып келдің мұнда ғана, Жайлаушы еді сол жерді жылда ғана. Қара адырды қақ жарып, жаным балам, Сол молаға барғайсың тура ғана. –Сізден басқа жұрт маған ел емес-ті, Қарабайдың қылығы жөн емес-ті. Әлі менің ақылым жеткен жоқ-ты, Әй, ене-еке, тауып бер бір кеңесті. –Жеткіншектен айырылған жер таянды, Қылған ісің, Қозыекем, жұртқа аян-ды. Алтын күйме ішінен шығушы емес, Енді қайтсең көрерсің сол Баянды. –Мың жылқыдан мініппін ат шабанын, Құдай, сірә, қоспасын жар жаманын. Әлі менің ақылым жеткен жоқ-ты, Сен таба гөр, енеке, бір амалын. “Қозы Көрпеш құл болып түсер қойға”, Сөйтер ме деп жігіттер келеді ойға. –Жұмыршақты басыңа кие салып, Тазша болып барғайсың Қарабайға. –Тауды, тасты күңірентер жел ескенде, Баян қайда жүреді ел көшкенде. Барғаннан соң Қарабай бір сөз сұрар, Не деп жауап берейін сөйлескенде? –Жасағанның ісіне жоқ-дүр шараң, Мен қайтейін, оңласын Алла Тағалам. Барғаннан соң Қарабай сөз сұраса, Кісілікке жүремін дей гөр, балам. Тартады екен Қозыекем күйді дейді, “Енді қайтіп көрмен-ді үйді” дейді. Бір тоқтыны сол жерде соя салып, Жұмыршағын басына киді дейді. –Есен-аман баламды келтіргейсің, Қодар құлдан өзгесі не етер дейсің. Зиян келсе, а, балам, содан келер, Ебін тапсаң, Қодарды өлтіргейсің. –Енеке, Қодар бізді не етер дейсің? Өстіп менің дүнием өтер дейсің. Өзгесінен сақтасын бір Құдайым, Есіктегі Қодар құл не етер дейсің? – Сен, сірә, барар болсаң енді үйіне, Қарабайдың құлдары талай неме. Қисық құлын кәпірдің не деп болмас, Асы болып Құдайға, олай деме. Тазша болып Қозыекем кетті дейді, Аягөзден сал байлап өтті дейді. Әншейін-ақ қаландар адам болып, Қарабайдың еліне жетті дейді. Қарабайдың қасына келді дейді, Тәңір салған ісіне көнді дейді. Қарабайдың қасына келіп тұрып, Қол қусырып сәлем берді дейді. – Уағалайкүм, – Қарабай, – сәлем, – дейді, Мен көрмеген бұ қалай адам? – дейді. Атың арық, өзің аш, қаңғып жүрген, Жаным, қалай адамсың, балам? – дейді – Ел ішінде қаңғырған мен бір ғаріп, Келіп едім алыстан атым арып. Күн көрейін деп едім, әй, атеке, Сіздей ғана біреудің малын бағып. –Ақылыңды білмеген баламысың, Енші бөліп берейін, аламысың? Мен де өзіңдей перзенттен кемтар едім, Маған бала, жарқыным, боламысың? –Қарабай ата-еке, кез болып келдім саған, Өзіммен туысқан жоқ еді ағам. Әлі де болса сізге де болайын да, Сізден артық табылмас маған адам. –Жылқы бақсаң, міне көр қара жалдан, Еш зиян көрмессің кемпір-шалдан. Өз еркіңе салайын, жаным балам, Сүйгеніңді баға гөр мынау малдан. –Келе жатып мен өзім ойлағанмын, Ойлап-ойлап ой түбін қоймағанмын. Өз еркіме салсаңыз, ай, атеке, Жаныма тыныш, әйтеуір, қой бағамын. –Қартайғанда мен қойды бақтым, – дейді, Тазша, жаңа жаныма жақтың, – дейді. Үйге барып Қарабай қуаныпты: “Мен бір қойшы, жігіттер, таптым” дейді. Бүгінгі өткен нешесі туған айдың, Еш қадірін білмейді Баян байдың. Бір Баянның дертінен, азаматтар, Алты ай қойын бағыпты Қарабайдың. Бай болыпты Қарабай мыңғырыпты, Қозыекемді алып келіп құл қылыпты. “Бұған да енді бір амал табайын” деп, Бір тоқтының аяғын сындырыпты. Қойға мінген қара атан бақырады, Қозы Көрпеш шыңғырып, ақырады. “Мұрындары зерлі қой қалды” деп, Қозы Көрпеш дауыстап шақырады. Шыңғырады бір адам, қата ма екен, “Тыңдаңдар, балаларым, тазша ма екен?” Со тазшаның аяғын сындырғаны – Асыранды Баянның тоқтысы екен. Қарабайдың жайлауы Телікөл-ді, Ауыл көшесе, сол Баян жорға мінді. “Мұрындары зерелі қой қалды” деп, Жорғасымен қайырылып Баян келді. –Алты қанат ақ орда қалады тұл, Өз-өзінен не қылып сынады бұл? Денем сүйген тоқты еді қойдағы бір, Мұны не қып сындырдың, шұнамыр құл? –Бұрын, сірә, көрмедің мендей құлды, Мұнша да әуре қылдың ба мен бір сұмды. Менен көрме, ақ Баян, Құдайдан көр, Бұ тоқтының аяғы өзі сынды. –Таңдырайын, мұны кім жейді, – дейді, Денем сүйген бір тоқты еді, – дейді. Үйге алып Қодарға таңдырайын, Өңгерт былай, шұнақ құл, – деді дейді. Қозы Көрпеш көңіліне қайғы салды, Бір Баянның дертінен бақты малды. Көтере алмаған тоқтыны кісі болып, Оң жағынан санынан шымшып алды. – Асықпай тұр, бедірек, қаның тасса, Жіміре қыл да іше бер, қарның ашса. Қойға келген жерімде ондай етіп, Менің теңім сен бе едің, шұнақ тазша? – Мұндай тиіп жұмсама құлды, Баян, Құдай әуре біздерді қылды, Баян Әй, аулақта сұрайын осындайда, Құдай қосқан қосағын кім-ді, Баян? Баян әрмен жөнеліп кетті дейді, “Сірә, қалай осы адам?” депті дейді. Яғни тазшаның айтқан сөзі Көкейіне Баянның өтті дейді. Қозы Көрпеш құл болып, қойға түсті, Жасағанның қылығы сондай күшті. Бұрын, сірә, ештеме білмейді екен, Енді Баян ішіне пікір түсті. Амал тауып Баянға бара алмады, Жақындатып қасына ала алмады. Алты ай қойын бақса да Қарабайдың, Содан артық ештеме таба алмады. Қойды тастап, Қозыкем жылқы бақты, Қарабайдың жанына жаңа жақты. Көгал жерге желіні тартып барып, Жұмырықпен қазықты бір-ақ қақты. Жылқы түнде кете-дүр жер дүниеге, Қайтара гөр, Қодар құл, дүлдүл мін де. Қарабайдың жылқысын сол алпыс құл Әзер түгел қылады алпыс күнде. Тазша ғаріп кетіпті ерте тұрып, Айқай сала-дүр тазша иттей ұлып. Баға алмаған жылқысын алпыс құлдың Бір-ақ өзі келіпті түгел қылып. Жылқы жаяр Қозыекем айқай салып, Құрығына шығдасын байлай салып. Жалғыз жылқы қалмастан жиылыпты, Келді дейді ауылға айдап алып. Оны естісе алпыс құл арланады, Жылқы баққан бір тазша зарлатады. Ол тазшаның, жігіттер, қылығына Үйде отырып Қарабай таң қалады. Қозы Көрпеш бір нені ойлайды-мыс, Тимесе де, Қодар құл қоймайды-мыс. Қозыекеммен жылкыға бара жатып, Аударыспақ алпыс құл ойнайды-мыс. Қозыекеме алып келіп мал бақтырды, Мал баққанын тазшаның жұрт жақтырды. Аударыспақ алпыс құл ойнасқан соң, Әрқайсысын әр жаққа лақтырды. Өткен іске өкініп біз не етелі, Айтып-айтып мұратқа бір жетелі. Ат үстінен Қозыекем лақтырса, Алты құлаш түсіпті құл көтені. Қозы Көрпеш жарына жаңа жеткен, Арасында Қодардың ниеті кеткен. Түсіп қалған көтенін саламын деп, Ептей алмай кұлдардың есі кеткен. Қозыекем мен Қодар құл жақ ойнайды, Жеңілсе де қоймайды, тағы ойнайды. Суға алып барып батырса Қозы Көрпеш, “Мен өлдім” деп Қодар құл ойбайлайды. Айдалада алпыс құл қорласыпты, Айдалаға шыққан соң сырласыпты. Айдалаға шыққан соң сол алпыс құл, Бір тазшамен алыспақ ойнасыпты. Қозы Көрпеш – бір байдың мөлдір көзі, Сірә, қата кетпейді айтқан сөзі. Айдалада алпыс құл ойнасқан соң, Алпыс құлды басыпты бір-ақ өзі. Қозы Көрпеш сол құлдан жас-ты дейді, Арақ ішкен Қодар құл мас-ты дейді. Айдалада алпыс құл ойнасқан соң, Алпыс құлды бір тазша басты дейді. Тұс-тұсынан алпыс құл алаң қылды, Бір тазшаның жанына жаман қылды. Алпыс құлдың алпысын жығып тұрып, Ең астына салыпты Қодар құлды. Бұл тазшада кайғы бар мұңды дейді, Бір-ақ өзі басыпты құлды дейді. – Жаңа келген, ей, тазша, тұршы – дейді, Түгел менің қабырғам сынды, – дейді. Сірә, Қодар жүрмейді көтін қысып, Осындайда қояйын мықтай түсіп. “Қодареке, тұрайын” деген болып, Басып-басып қойыпты нықтай түсіп. Тазша бала болар ма мұндай мықты, Алпыс құлды бір өзі басып жықты. Қодар айтады тазшаға: – Тұршы жылдам, Ай, уәй, менің көтімнен боғым шықты. Тазша ғаріп үстінен тұрды дейді, Қыран-топан кұлдарды қылды дейді. Ең астында Қодар құл күрсінеді, “Құдай мені, жігіттер, ұрды” дейді. Тазша тұрып, армаған кетті дейді, Қыран-топан кұлдарды етті дейді. Енді бір айналып Қозыекем кайтып келіп, –Қодарекем, күрсініп нетті? – дейді. –Мұны тазша бұ маған қылған сөйді, Құдай мені, жігіттер, ұрған сөйді. Бір отырған орнымнан қозғалтпады, Түгел менің қабырғам сынған сөйді. –Ыңқылдайсың, бір жаман дерт болды ма, Мұнша алысып біздерге серт болды ма? Бір отырған орныңнан қозғала алмай, Қодареке, бір жерің мерт болды ма? “Тұр” десе де жатады, сірә, тұрмай, Айтса, тілді алмайды тазша сұмырай. –Түгел менің қабырғам қиратылды, Жазылмаса, ау, мені ұрды Құдай. –Тазша бізді немене етер дейсің, Әлі қайтіп тазшаның жетер дейсің? , Қалжа жесең, жазылар жатып-тұрып, Қодареке, қабырғаң не етер дейсің? Он сан ноғай жиылып жиын етеді, Ол жиынға жиылып жұрт кетеді. –Өкпе-бауыр алып келіп берейік, – деп, Тазша, малға берік бол, – деп кетеді. Адам қалмай, жиынға жұрт кетіпті, Ала тайға, жігіттер, тіл бітіпті. –Күн жайлатып бір амал таба гөр, – деп, Қозыекеме сол жерде үйретіпті. Астын-үстін күнді сол жайлатыпты, Алып келіп биесін байлатыпты. –Тағы да бір амалын тауып бер! – деп, Ала тайға сол жерде ойлатыпты. –Астын-үстін боран кыл опыр-топыр, Аңлағанға, Қозыекем, ісін білдір. “Мына малың қырылды, жаным бике” деп, Елден бұрын кел дағы мені сыпыр. Сүй дейді де ала тай қалды дейді, Жүгіріп үйге Қозыекем барды дейді. –Шапшаңырақ тұра гөр, жаным бике, Мына малың қырылып қалды, – дейді. Сол Баянды оятып алды дейді, Ала тайға жүгіріп барды дейді. Ала тайға жүгіріп барған екен, Қос аяқтап жүректен салды дейді. Ала тайға жүгіріп барды дейді, Қос аяқтап жүректен салды дейді. Қос аяқтап жүректен салған екен, Алтын айдар жарқырап қалды дейді. Баян жетіп жылқыға келді дейді, – Бұған не амал болады, енді?, – дейді. Баян жетіп жылқыға жақындаса, Жарқыраған айдарды көрді дейді. Ұйықтап жатқан сол Баян ояныпты, Жүгірерге табанын аяныпты. Алтын айдар шумақтап келе жатса, Түбі келіп тазшаға таяныпты. Болған боран болды да, тына қалды, Құдай қайдан тазшаны ұра қалды. Түбі келіп тазшаға таянған соң, Ішін тартып сол жерде тұра қалды. Жау айдасын иесіз малды дейді, Тазша мұнда жығылып қалды дейді. “Аулақ үйге апарып салайық” деп, Жерден Баян көтеріп алды дейді. Аулақ үйге апарып салды дейді, Аулақ үйде сырласып жарыменен Сонда айқасып екеуі қалды дейді. Боран болып түгел мал ықты дейді, Өз ісіне Қозыекем мықты дейді. Жарыменен ойнасып Қозы Көрпеш, Бір кұмардан екеуі шықты дейді. Қарабайдың құлдары көп-ті дейді, Келе салып бірдеме етті дейді. –Әуеде торғай шырылдайды, қайран жалғыз, Таң атыпты, түрегел! – депті дейді. –Адам қалмай жиылып кепті, – дейді, Жата тұршы, аһ, жарым, нетті, – дейді. Таң атпақтан күн шықсын, біз қайтелі? Тар төсекте жаталы, жан шықсын, – депті дейді. Қодар енді жиыннан қайтты дейді, Тазша келіп Баянмен жатты дейді. Екеуінің жатқанын көре салып, Қайтып барып жиынға айтты дейді. – Айдалаға тазшаекең құрар шатыр, Қызыңменен жатыпты тазша батыр. Қарабайым, той тойлап мұнда жүрсің, Қызыңды той тойлатып, онда жатыр. Айдалаға тазшаекең құрар шатыр, Қызыңменен жатыпты тазша батыр. Баян қыздың үйіне кіріп барсам, Екі аяғы төрт аяқ болып жатыр. Қарабай жиыннан келді дейді, Жиын кылып жиыпты елді дейді. –Менің жұртым, ойлай гөр, азаматым, Бұған не ақыл бола-дүр енді? – дейді –Сол тазшаны армаған жітіріңіз, Жітірмесең, шақырып келтіріңіз. Бір тазшаға түгел жұрт қысым қылып, Алып келіп аяғын сындырыңыз. Бір тазшаға түгел жұрт қысым қылды, Алып келіп тамам жұрт аяқты сындырды. – Шынаш қылып берейін тамағыңа, Енді сенің, ай, байғұс, мысың құрды. Қылды дейді бір үшін балағына, Тоғыз бегі қарайды қабағына. “Ішкен кісі бол дағы, құя бер” деп, Шынаш қылып беріпті тамағына. Босағада құл отыр екі жақтап, Арақ ішпес Қозыекем әлін шақтап. Жүгіре шығып Қозыекем кеткен екен, Бірін-бірі қалыпты құл пышақтап. Жүгіріп атқа Қозыекем барды дейді, Үзеңгіге аяғын салды дейді. Ғафияда түгел жұрт қайдан білсін, Апыр-топыр адасып қалды дейді. Жүреді екен Қозыекем сөзге қанып, Бал аша-дүр қолына кітап алып. Қозы Көрпеш құтылып сала берді, Алдын ашып, артына тұман салып. – Анау әрман құтылып кетті, – дейді, Жібермеймін осы жерден көпті, – дейді. Менің жұртым, ойлай гөр, азаматым, Оған не амал болады? – депті дейді. Қала жаздық осы жерде қанға батып, Бір кеткен соң сол шіркін келмес қайтып. Пышақтасып осы жерде өле жаздық, Қаңғырып жүрген немесің қайдан қашып? О бастан Қозыекем өзі сұм-ды, Шоқтеректі барды да мекен қылды. Мұндай сарсаң етерін білер болсам, Баяғыдан қырмас па едім мұндар құлды. Боз пұшыққа мінді де кетті қашып, Баян үйден қарайды жапсар ашып. Шоқтеректің түбінде торғай көріп, Бозторғайы береді мейіз тасып. Боз торғайын жіберді: – Біліп кел, – деп, Есен болса сол жарым, көріп кел, – деп. Бес бауырсақ, бір қүлше арқалатты, “Азық қылып жарыма беріп кел”, – деп. Қалған екен Қозыекем түзде жүдеп, Торғай ғаріп қайтыпты бір күн түнеп. Қуанғаннан бозторғай келе салып, Қуантыпты Баянды шүйінші тілеп. Күнде барып бозторғай келеді екен, Баян азық жасырып береді екен. Бозторғайдың келгенін, азаматтар, Аңдып жүріп жеңгесі көреді екен. Бозторғайы бір күні шырлай қалды, Бір жеңгесі тасадан тыңдай қалды. Жаңа Баян жіберіп жатқанында, Сол жеңгесі мойнынан ұстай алды. – Жеңешеке, торғайым жібер, – дейді, Осы торғай бірдеме білер, – дейді. Осыншама жалынып тілесе де, Құрып қалғыр жеңгесі жібермеді. Баян жылап ішінен күңіреніпті, Ерте кеткен тазшаны кім көріпті? Мойны үзіліп торғайдың бара жатса, Жазған Баян аяпты, “жібер” депті. Баян жылап сол жерде тұрды дейді, Торғайды әуре сол жерде қылды дейді. “Көре жүрген тазшаны айтпайсың” деп, Түгел жүнін торғайдың жұлды дейді. – Мен не қылдым Тәңірге “жоқ” дегенде “Ештемені көргенім жоқ” дегенде. Өзге жүнін жұлғанда үндемеген, Төбе жүнін жұлғанда “Шоқ” деген де. Торғай ғаріп бір жақтан келді дейді, Аңдып жүріп жеңгесі көрді дейді. Төбе жүнін жұлған соң бозторғайдың, “Шоқ!” деді де бозторғай өлді дейді. Етін асып торғайдың қайнатыпты, Сауын етіп биесін байлатыпты. Бозторғайы Баянның “Шоқ” деді деп, Жұртын жиып Қарабай ойлатыпты. Алыс болып Баян кыз бара алмайды, Жіті хабар жарына бере алмайды. Жұртын жиып Қарабай ойлатса да, Сан кісіден бір кісі таба алмайды. – Асықпаңыз, жігіттер, келсін Қодар, Қарай-қарай Қодарға көзі талар. Сан кісіден бір кісі таба алмады, Мұны ақыры, жігіттер, Қодар табар. Жоғын қарап Қодар құл келді дейді, “Шоқ” деді де, бозторғай өлді дейді. Сан кісіден бір кісі таба алмайды, “Сен таба гөр, Қодар құл, енді” дейді. – Қайда кеткен, сірә, осы жұрттың есі, Таба алмайды еш ойлап мұны несі. Бозторғайы Баянның “Шоқ” деп өлсе, Шоқтеректің түбінде жатқан-ды осы. Мінді дейсің Қодар құл Көксеректі, Өлтіруге сумұрын бедіректі. Ағайынын Қарабай жиып тұрып, Енді іздемек болыпты Шоқтеректі. Бұрын құлдан Қозыекем бұқпайды екен, Ояу болса, Қодарды мықтайды екен. Бір ұйықтаса, жігіттер, Қозы Көрпеш Күні-түні он төрт күн ұйықтайды екен. Ағайынын жиып Қарабай алды дейді, Баян жылап үйінде қалды дейді. “Басын алмай мен мұның қоймаймын” деп, Шоқтеректің түбіне барды дейді. Айдалада құрулы шатыр дейді, Алтын айдар жарқырап жатыр дейді. – Әлі де болса Баянды қосалық біз, Мұнан артық табылмас батыр, – дейді. Көңілім менің бұрылды әлденеге, Жағып жүрген неме еді ата-енеге. Әлі де болса Баянды қосалық біз, Бұдан артық береміз қай төреге. Көргеннен соң Қарабай қия алмады, Көзінің жасын сол Баян тыя алмады. Ажал жетсе, жігіттер, амал болмас, Қан тартыпты, Қозыекем оянбады. Сүйдеді де Қарабай кайтты дейді, Қайт-сана деп Қодарға айтты дейді. “Басын алмай мен мұның қайтпаймын” деп, Қамыс оқпен жүректен атты дейді. Жағы тым-ақ Қодар құлдың қатты дейді, Қамыс оқпен жүректен атты дейді. Қамыс оқпен жүректен атқан екен, Оғыменен айқасып жатты дейді. Өлгеннен соң Қозыекем әлі нешік, Барад дейді Қодардың көңілі өсіп. Бұл Қодардың қылығын қайтерсің, Бара салып алыпты басын кесіп. –Еш дегбірің жоқ екен әлі де, ата, Ақша бетім сарғайды жалғыз жата. Атың арық, өзіңнің жүзің сарық, Сен қайда барып келдің, ау, айт сана, ата?! –Бір жаман ат, қайтейін, болды маған, “Жүр” деді де қоймады Қодар ағаң. Өткендердің соңынан өкінбеңіз, Қозыекедей мырзаны таптым саған. Тілімді алмай, сен, қайда кетіп-келдің, Менің немді бітіріп жетіп келдің? Тілімді алмай, сен, сонда кетіп едің, Құдай қосқан жарымды не етіп келдің? –Мен біреудің тіліне сеніп келдім, Алла оңғарса, сіздерді беріп келдім. Өткен ердің соңынан өкінбеңіз, Қозыекедей мырзаны көріп келдім. Алжып жүрсің, әй, ата, өлейін деп, Ойлаушы едім өнерін көрейін деп. Күйеуіңді өлтіріп, азған қақбас, Қодар құлға келдің бе берейін деп. –Елден-елді қыдырып барайын да, Емен таяқ қолыма алайын да. Елден-елді қыдырып, жаным балам, Бір теңдесті мен іздеп табайын да. –Енді не деп барасың елге, ата, Мен бейбаққа қылмақ па ең екі бата? Елден сәурік жиғандай қайытқалы, Тоқтамас байтал, айт-сана, мен бе, ата? Сірә, маған жақпай тұр сенің сөзің, Қарай-қарай, Қарабай, төрт болды екі көзім. Ақша отаудың ішінде қайтелі, Айқас тағы, жата қал енді өзің. Қодар түзден бір ойды ойлап келді, Мойнын созып Баянға бойлап келді. Бұ Қодар құл қылығын қайтерсің, Басын кесіп жанына байлап келді. Қырық құлаш Баянның шашы дейді, Бұ Қодар құл Құдайға асы дейді. Алып келіп Баянға тастай берді, –Бақты қара, байыңның басы, – дейді. Бәрекелді Қодардың тентегіне, Қозы Көрпеш жүрмейді жетегіне. “Ал, байыңның басы” деп тастай берсе, Баян тосып алыпты-ау етегіне. Құлдан өлген болар ма мұндай айып, Оңдамады о бастан бабам ғайып. Алған жары өлген соң жазған Баян, Бетін жыртып жылайды, шашын жайып. –Өлгендердің соңынан өлме сана, Өзге адамға көңіліңді берме сана. Мына жалған дүниеде кім қалады, Ақша бетке дақ сала берме сана! –Қодареке, қай жақтан келдің жетіп, Енді мені кім алар сенен өтіп. Енді мені сен алмай, кім алады, Сол жарымды кел-сана бір көрсетіп. Баянды ертіп Қодар құл кетті дейді, Көрсетейін жарыңды депті дейді. Алған жарын өлтіріп бедірек құл, Бек әуре Баянды етті дейді. Сол Қодар кұл Баянды көзден салмас, Бедіректің қылығы естен қалмас. Өткен жарын сол Баян іздеймін деп, Бара жатып Қодармен болды жолдас. Ханышадай Баянды құл жақтаған, Аламын деп Қодар құл ыржақтаған. “Қодар құлдан бір зиян келе ме?” деп, Баян Сұлу бетіне бөз қаптаған. Құл зиянын Баянға тидіріпті, Көңілін бермей Қодарды күйдіріпті. Өтіріктен Қодардың көңілін аулап, Шүберектің сыртынан сүйдіріпті. Он екі айдың жақсысы жаз болады, Жаздың алды үйрек пен қаз болады. Шүберектің сыртынан сүйдіргенге, Соныменен Қодар құл мәз болады. Көрпеш Баянның күйеуі нақ, Жаны шықпай ... жүр Қодар құл ол талай шақ, Шүберектің сыртынан сүйдіргенге, Ақ бетіне Баянның түсіпті дақ. Құлға Баян тие ме, қазақ құрып, Құлға не деп тисін ол Құдай ұрып. “Мен ойнағандай жер екен, жаным бике” деп, Баянменен келеді әзіл құрып. –Қодареке, жүре тұр жөніңменен, Құдай енді қосты сеніменен. Сол жарымды бастап бір көрсет сана, Ойнауыңыз қаша ма меніменен. –Сенің жарың емес пе әнеу жатқан, Қодарекең белінен бір-ақ атқан. Ай, мақтап жүрген байыңды, бейбақ Баян, Бірақ атып Қодарекең ыңқылдатқан. –Қодареке, осы жерге түселілі, Тал кіракіс бойыңа пішелілі. Айдалада қаңғырып шөлдеп өлдім, Су алып бұл құдықтан ішелілі. Қодар енді құдықтан су алады, “Аламын” деп шыңырауға шомылады. Алдағанын Баянның қайдан білсін, “Аламын” деп ішінен қуанады. Шашын байлап құдыққа салды дейді, Кебіспенен бір суды алды дейді. Кебіспенен бір суды ішіп тұрып, Баян енді “сусыным қанды” дейді. Шығамын деп құдықтан Қодареке, Күнге күйер ақ бетің, басың бүрке. Суға сенің сусының қанған болса, Шығалы, ал, далаға, тартшы, бике! Көңілі қалды Баянның ағасына, Бір таянды Қодар құл тобасына. Сұғып-сұғып алады пышақпенен, Тартып тұрып құдықтың жағасына. –Ақырын тарт, үзесің мойынымды, Шығысыммен аша гөр қойыныңды. Жаным шығып барады, жаным бике, Қырға шыға қыл сана ойынынды. –Ойнайды екен бедірек меніменен, Ойнатқанша, Тәңірі алсын сеніменен. Мұндай қылық, ай, саған болар ма еді, Көтің қысып, тек жүрсең жөніңменен. Қодар енді құдықтан су алады, “Аламын” деп шыңырауға шомылады. –Алған байың өліпті, бейбақ Баян, Енді сені мен алмай, кім алады? –Аламын деп жүр ме едің ойыңда, құл?! Ойнар едің Баянның тойында, құл. О дүниеге барғанда, еркекпісің, Екі жастың обалы мойныңда, құл. Шығамын деп аяғы тая берді, “Тарт сана” деп құшағын жая берді. Тартып тұрып құдықтың жағасына, Шашын кесіп, шыңырауға қоя берді. Қодар құлдың ажалы жетті дейді, Биде пышақ өкпеден өтті дейді. Шашын кесіп, құдыққа қоя берсе, Шыңыраудың түбіне кетті дейді. –Ай-һай, Баян, сен маған былай қылдың, Мені тентек, жігіттер, Құдай қылды. Онда өліп, байыңнан онда айрылдың, Мұнда тірі байыңнан тағы айрылдың. –Құл да мұндай болар ма сірә ғана, Ажал айдап жүр екен сені ғана. Жарықтығымды өлтіріп бедірек құл, Алатұғын неме екен мені ғана. Енді өмірдің тілеймін көбірегін, Өзімнен гөрі ақылыңның кемірегін. Жарым өшін алғанмын мен де өлтіріп, Сонымен жатып тұр, бедірегім. Қодар өліп құдықта қалды дейді, Баян жарының қасына барды дейді. Баян жарының қасына барып тұрып, Басын барып мойнына салды дейді. Қырық күн жауын жауыпты бір жел тұрып, Баян келді құдықтан құлды өлтіріп. Қодар құлды өлтіріп келгеннен соң, Алған жарын жоқтайды енді отырып. Жоқтағанда не дейді енді Баян, Салғанына Алланың көнді Баян. Кішкентайдан бірге өскен қалқатайын, Өлсе, жоқтап басына келді Баян, –Жатырмысың, ей, жарым, жер бауырлап, Қарға жүнді қамыс оқ, оны ауырлап. Құдай қосқан қосағың Баян келді, Түрегелсең не етеді күліп-ойнап? Кішкенеден атадан жетім едің, Тілін алмай жүртыңның кетіп едің. “Сан кісіге бір өзім” деуші едің ғой, Есіктегі Қодардан не етіп өлдің? Байғұс, сені қалыпты қара басып, Қодар келді ісіңе араласып. Жасағаным-Құдайым жан беріп те, Құшақтасар күн бар ма қойындасып? Жатырмысың, ей, жарым жалғыз оққа, Жауырыныңнан күн өтті, жаның жоқ па? Әзер инміш болса да, қайғырмаңыз, Інісі жоқ соңында жалғыз жоққа. Кішкенеден атадан қалдың жетім, Жалғыз жатып сарғайды ақша бетім. Құдай мұндай көзіме көрсеткен соң, Сірә, түбі бір енді оңар бетім. Құлда қисық болар ма мұнан асқан, Қылтақ жарым қан тартып, қара басқан. Көрсетпесі бар екен өтер бетін, О бастан азған қақбас неге қосқан? Азған қақбас о бастан қоспасашы, Қосқаннан соң мұнша үркіп қашпасашы. Кімнің құлын аядың, жазған байғұс, Баяғыда қырып-ақ тастасаңшы. Алтын-ды ер, ақбоз ат міне алмадым, Мен бүйтерін Қодардың біле алмадым. Өзің қосқан жарыңды алдың Тәңір, Бір армансыз ойнап күле алмадым. Сол амалынан құтылып қаша алмадым, Қара басып, ұйқыңды аша алмадың. Өзің қосқан жарыңды алды-ау Тәңір, Ойнап-күліп мауқыңды баса алмадың. Сені есітсе, жұртыңыз жылар ма екен, Қозыкүрең кебіндеп тұлдар ма екен? Жасатқаным-Құдайым жан беріп те, Тағы дағы тірілер күн бар ма екен. Бұлай Баян ойлады ойды дейді, Басын оңға қаратып қойды дейді. Құдайынан сол жерде жан тілепті, Астындағы Ақбоз атты сойды дейді. Жүреді екен сол Баян сәна қылып, Құдай қойған көңілін ала қылып. Алған жары өлген соң жазған Баян, Үш уақытта жылайды нала болып. Қозыекеме тұлдайды қара көкті, Әулиеге сиынып, көп түнепті. Астындағы Ақбоз атты айтып сойып, Құдайынан сол жерде жан тілепті. Барад дейді Баянның дәурені өтіп, Құдай қойды байғұсты әуре етіп. Тізесінен басына қан жүгіртіп, Бабай Түкті Шашты Әзіз келді жетіп. Ақ шалмалы біреу жүр аты ақсаған, – Қалай адам далада зар қаксаған? Тілегіңді тілеші, жаным балам, Бір-ақ тілеу беремін енді саған. –Нала қылса, Құдайдан елші келер, Таяғы бар қолында аса темір. Іште жатып қосылған жарым еді, Енді осыған тілегін жеті ай өмір. –Салғанына Алланың көндің, – дейді, Дауысыңа шыдамай, келдім – дейді. Тілегенің ол болса, жаным бәндем, Ал, жеті ай өмір саған бердім, – дейді. Жер дүниенің бәрі де күңіреніпті, Мұндай ақыр заманды кім көріпті? Ерте кеткен, жігіттер, Қозыекеме, Бабай Түкті Шашты Әзіз жан беріпті. Жасағанның қылығы күшті дейді, Сырлы аяққа бал кұйып ішті дейді. Үш күндей ойнасып жарыменен, Баяғыдай қалпына түсті дейді. Мінді дейді Қозыекем Көксеректі, Мекен қылды сол жерде Шоқтеректі. Жеті ай түгел қыдырып Қозы Көрпеш, Кезді дейді шарық ұрып төңіректі. Өз жұртынан Қозыекем безді дейді, Дүниеден күдерін үзді дейді. Жеті ай түгел қыдырып Қозы Көрпеш, Дүниенің төрт бұрышын кезді дейді. Ердің жасы – екі отыз болды дейді, Салғанына Алланың көнді дейді. Жеті ай түгел қыдырып Қозы Көрпеш, Төрт бұрышынан дүниенің келді дейді. –Кесір қылдың, Құдайым, жасқа мына, Жақын отыр бері маған, қашықтама. Еңсем түсіп барады, Алла, менің, Жастық қойшы, Баянжан, басқа мына. Шартарапқа қыдырып келді дейді, “Бармаған жер қалды ма енді” дейді. Шоқтеректің түбінде күні бітіп, Қозы Көрпеш со жерде өлді дейді. –Қалған жаным не болар мұнан аяп, Ақша бетін салыпты қанға бояп, Құшақтасып сол жерде жата қалды, Биде пышақ ұшына ішін таяп. Қозы Көрпеш сол жерде өлді дейді, Үш жылдан соң бір адам көрді дейді. Үш жылдан соң бір адам көріп, Екі айырып екеуін көмді дейді. Қалған екен Қозыекем сағынысып, Бір ойнайды жарымен табылысып. Ақ жұмыртқа болысып, жерден шығып, Жер жүзінде ойнайды шағылысып. Ата-анасы Баянды қарамайды, “Балам қайда кетті?” деп сұрамайды. Ақ жұмыртқа болысып жерде ойнаса, Жалғыз болып Қодар кұл аралайды. Әр ісіне Құдайдың әркім көнер, Үш жылдан соң бір адам барып көрер. Үш жылдан соң бір адам барып көріп, Екі айырып екеуін тағы көмер. Қарашық алды қара су түбі бөккен, Қозыекемнің түбіне Қодар жеткен. Екі айырып екеуін көмген екен, Екі жерден бәйтерек болып біткен. Қозыекем мен Қодар құл атысыпты, Жана барып жарымен жатысыпты. Екі жерден бәйтерек болып бітіп, Басы барып аспаннан шатысыпты. Мініп келді Қозыекем қарасына, Дәрі құяр сол Баян жарасына. Қозыекемді өлтірген сол Қодар құл Тікен болып бітіпті арасына. Құл өлтірген ханды да жай қылыпты, Оны өлтірген кұлды да жай қылыпты. Қозыекемді өлді деп есіткен соң, Сонда жүріп сол Айғыз кайғырыпты. Қозы Көрпеш – бір байдың жалғызы еміс, Баян Сұлу сіңлісі – Айғыз еміс. Қозыеке өлсе, қайғырған Айғыз сұлу – Қозыекемнің туысқан балдызы еміс. Алпыс кұлдың Қодар құл басы еді дейді, Қозыекеммен өштескен қасы еді дейді. Қозыекемді өлді деп есіткен соң, Тамағынан Айғыздың асы өтпейді. Ақ шалмалы айтады пірің-ді деп, Құл көрінсе, жарайын біріңді деп. Айғыз сонда қайғырып жүргенінде, Қозыекемді есітті тірілді деп. Бір қылмысты айта-дүр мен едім деп, Тәңір салса, әрнеге көнемін деп. Жүгіре шығып сол Айғыз кетті дейді, “Жездем менің тірілсе, көремін” деп. Қозы Көрпештің өлгенін көп естіді, Тәңір ұрмаса, сол Айғыз неге естіді? Айғыз жолда жете алмай бара жатса, Қозыекемді тағы өлді деп естіді. Қозыекемді өлтірді құл қас болып, Алпыс кұлға Қодар құл сол бас болып. Қозыекемді өлді деп есіткен соң, Тұра қалды сол жерде сын тас болып. Қозы Көрпеш – Баянның болған шағы, Таза гүлдей ашылып солған шағы. Қозы Көрпеш өлгенде, Баян да өлген, Сондай болсын әркімнің алған шағы. Қозы Көрпеш атанды мөлдір көзге, Қосылады әр жерде айтқан сөзге. Өлсе дағы Қозыекем, арманы жоқ, Төрт болып та бітіпті Аягөзге. Жан біткенді жалмаған қара жерсің, Өзің туған, Қозыекем, сен бір ерсің! Жебеп-желеп жүре көр, есіңе алып, Ақыр соңы Қозыекем тие берсін.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.