Қозы Көрпеш – Баян сұлу (Б.Мақанов)

Ерекше сұлу Баян жаралыпты, Дүниеге сұлулығы таралыпты. Сыртынан құрғақ ие болып жүрген, Жанына Қодар қашан бара алыпты? Баяннан таба амайсың талдай мінді, Ақ жүзі жарық қылған қараңғы түнді. Баласы тоқсан байдың іздеп келіп, Бәріде қолы жетпей, құл боп сіңді. Баян боп бәрінің де ынтызары, Қолы жетпей, құл болып сіңді...

Kazakh
Қозы Көрпеш – Баян сұлу (Б.Мақанов)
Ерекше сұлу Баян жаралыпты, Дүниеге сұлулығы таралыпты. Сыртынан құрғақ ие болып жүрген, Жанына Қодар қашан бара алыпты? Баяннан таба амайсың талдай мінді, Ақ жүзі жарық қылған қараңғы түнді. Баласы тоқсан байдың іздеп келіп, Бәріде қолы жетпей, құл боп сіңді. Баян боп бәрінің де ынтызары, Қолы жетпей, құл болып сіңді бәрі. Белгілі соның бірі асқан тазша, Баласы Тоққараның Көсемсары. Бәрін де айдап, өргізіп жүрген Қодар, Қодарға қарсы келмейт, ешбір олар. Баянға алмақ түгіл, сөйлескен жоқ, “Бұқа – буға” деген сөз сонан қалар. Кәрі құлақ есіткен, көрген жоқ көз, Ақын сөзін түзеген ол Бейім тез. Қарабай, Қодар, тоқсан жата тұрсын, Азырақ Балталыдан сөйлейік сөз. Қозы Көрпеш он алты жасқа келді, Шешесі таққа мініп, ел биледі. Он алты да шеп бұзып, шерік бастап, Жылқыдан таңдап мінді ........ . Садағын асқан мерген сағымға ілген, Ақ жүзі шағылысты жарық күнмен. Ішінен ханым байғұс, тәуба қылып, “Сақта” деп жалғызымды көз бен тілден. Баласы бір кемпірдің болды мықты, Қайраты балталыдан озып шықты. Бір [зор] бай баласына қыз ұзатып, Бір үлкен ат шаптырып, той қылыпты. Кемпірдің баласының қайраты мол, Сол тойға бас палуан боп, тұрады ол. Шыға алмай Тайлақ жақтан оған ешкім, [Ұрықсат] Тайлақ биден сұрады ол. Тайлаққа Қозы Көрпеш келді жетіп, – Мынаның кетті маған ызасы өтіп. Осымен күресуге мен барайын, Жат елге қалар, – деді, – намыс кетіп. Тайлақ айтты: – Әлпештеген Қозы бала, Сен едің әлпештеген жаңғыз қара. Қарағым, мен ұлықсат бере алмаймын, Есітсе ханым ұрысып жүрер жана. Алмас кездік жатпайды қап түбінде, Мен сандыққа салатын бұйым емен, Қазам жетсе егерде онсыз да өлем. “Жас-жас” деп құр қалдырма шар-талаптан, Жалын жігер шығады жастық шақтан. Бәйге алсам топ алдында сізге мұрас, “Жетімді жеткердім” деп сонда мақтан. “Ұлықсат бер, Қозының сөзі жөн” деп, Тайлақты қамады елі тұс-тұс жақтан. Бата алып, ұлықсат ап, Тайлақ биден, Ер Қозы күресуге түсті аттан. Болат білек Қозының қолы қатты, Орап алып, иріп зырқыратты. Жоғары көтеріп ап соққанында, Ол балуан сүтпісірім талып жатты. Жүгіріп келді кемпір баласына, Біле алмай істің ақ пен қарасына. Өткір тілді, орақ ауыз сұмырай кемпір, Қарамай қарғай берді шамасына: – Қу жетім, тумай шөккір, тудың қайдан? Әкеңді тумай жатып жұтқаныңнан. Төбеңнен менің балам құй қаздыма, Іздеп ал, жесіріңді Қарабайдан! Жүрекке кемпір сөзі жара салды, Жесірі не, біле алмай аң-таң қалды? Сөйлеспей еш адамға Қозы Көрпеш, Үйіне келді дағы жатып алды. Жүгіріп есіткенсін ханым келді, “Ауырды ма, бір жерің қалқам?” – деді. Қозы айтты: – Жалғыздан сыр жасырасың, “Бермеймін, саған жауап, әрман” деді. Болғанын бір сұмдықтың ханым сезді, Шақырып Тайлақ биді әкелгізді. Ханымға бастан аяқ айтты Тайлақ, Сұмырай бағанағы кемпір сөзін. Елі-жұрты сол арада болды жиын, Ханымға бұл әңгіме болды қиын. Ханым айтты: “Не қылсаң да, Қозыны уат, Бабын тап, енді өзің, Тайлақ биім. Тайлақ келіп көтерді Қозы басын, Қозыға шын аударған ықыласын. “Жесірі” деген сөзді түсіндіріп: “Сол итті іздеймін”, – деп, – не қыласың?” Қозы айтты: Бұл сөзің рас болса, биім Тайлақ, Ыза-кегім қозғалды, ішім қайнап. Қызынап жақсы болса, жар қыламын, Артыма жаман болса, салам жайдақ. Тайлақ айтты: Жүре бер, Қозы, еліңде ойнап-күліп Менің де жүрегімде жүрген ілік. Аямай мал-басыңды әперейін, Жолыңда кісі өлсе де қан төгіліп. Тұр екен қандай жерде, қызы қандай, Әуелі Айбас барып, келсін біліп. Айбас та болса керек ердің ері, Егессе ер жігіттің керек жері. Елінің намысы үшін іздеп шықты, Тайлақтың кенже інісі – Айбас шері. Астына көк тұлпарды мініп алды, Көк тұлпар – қамыс құлақ, қақпан белді. Есіліп жел қайықтай, желдей желді, Арада аз жүрді ме, көп жүрді ме, Тауына [Тарбағатай] бұ да келді. Қажырлы қажымайды Айбас мықты, Білмейді болдыруды тұлпар тіпті. Мөлшерлі жұрттың айтқан болды ғой де, Басына Айсәуленің келіп шықты. Жортқан ер көреді талай жерді, Биіктен жан-жағына көз жіберді. Қырағы, қыран көзі түстік жерден, Отырған Аякөзде елді көрді. “Шаң шыққан маңайынан будақ-будақ, Ауылы Қарабайдың осы ғой”, – деп, “Тұлпардың желаяғы Көк тұлпарым, Барыңды бүгінгі күн қарыштап бақ!” Деді де, Көк тұлпарға қамшы салды, Түс болмай ел шетіне жетіп барды. [Бөктерде] жеміс теріп ойнап жүрген, Алдынан үш қыз душар бола қалды. Айбас айтты: Еріксіз адам басы болса сарсаң, Дәл келсін ер жігіттің жан жолдасы. Жолаушымын, жөніңді айтқыл, сұлу, Үшеуің қандай бақтың сандуғашы? Қыздар айтты: Түсі игі, жолаушының майда тілді, Ұйқысы түн қатқандай күндіз-түні, “Түсі игіден түңілме” дегендейін, Сіз кімсіз, өзің батыр, жүзің жылы. Айбас айтты: [Бір қайғы көрген жандай] Сіз бұрын айт, жөніңді, кенже ақмаңдай? Баян айтты: Сұрасаң, менің атым – сорлы Баян, Бәндеге жазықсызым өзіме аян. Әкем атын сұрасаң, хан Қарабай, Қайырсыз, мал жинаған бақа-шаян. Қайқы төс, қазмойынды тұлпар мініп, Сарамжақ, сауыт-сайман, садақ іліп. ............................................................ Сіз кімсіз, өзің батыр тидің жылы? Айбас айтты: Балталы, бағаналы елден келдім, Тайлақ би ел меңгерген, жерден келдім. Сәлемін Қозыкемнің жеткеруге Қырық күн, күн-түн қатып, шөл ден келдім. Тайлақ би – ағам аты, атым – Айбас, Қас батыр Қозым – сұңқар жаудан жаймыз, Еңбегім сені көріп, жаңа жанды, Ал, Баян, біздік болсаң, белді байлаш. Баян айтты: Ағекем, түсің жылы, тілің майда, Мен даяр өз беліңді мекем байла. Мөңіреп құр тұлыпқа мен не дейін Қозының мені алатын, өзі қайда? Тайлақ би балталыдан озған шынар, Қозыға көрмесем де болдым құмар. Ағаға сендей басшы ере алмаған, Ат ерттеп міне алмайтын біреу шығар. Айбас айтты: Сертінен уәделі әкең тайған, Жас түлек Қозым сұңқар қанат жайған. “Туат” деп сіздей асыл ойлаушымек, Ақылсыз әкең сынды Қарабайдан. Ол ақ сұңқар, сен көлдегі лашын, Толады айдай нұрға ақ құлашың. Әкеңді жерге кірсе құтқармайды, Байлай бер, уәдеңнің шын-расын! Баян айтты: Ер Айбас Көк тұлпармен түстің ізге, Кез келдің, жапан дүзде келіп бізге. Уәдемізді тез байлап айрылалық, Қодар келіп қалмасын үстімізге. Айбас айтты: Қалпыңнан сұлу Баян таппадым мін, Сүйтсе де айтылмай тұр, жалғыз бір шын. Үрейің қос құдаша ұшып кетті, Қоқитқан құбыжық қып, Қодарың кім? Қыздар айтты: Тартынбас, еш адамнан Қодар тайып, Есітсе, бұл сөзіңді, салар айып. Қодардың атасы жел, анасы көл, Кез болған сары далада ол бір ғайып. Торғауыттан бізді іздеп Қодар кепті, Бетпақ шөлде бізді кеп қуып жетті. “Жылқыма құдық қазып бере гөр” деп Малы қорда әкем сонда зар еңірепті. Жылқыны алып өтті аман-есен. Еңбек қып, су шығарып не тереңнен. Әкемнің Қозы Көрпеш ойында жоқ, Баянды Қодар құлға берем деген. Айбас айтты: Қоныстың Қозым қонар тынығына Кіріспес кім көрінген былығына. Қонбайды олай болса, бізің Қозы, Қодардың әлде қандай құдығына. Баян айтты: Шыққан жоқ Қодарменен жаманатым, Құдайға әлі таза сыр-сыпатым. Қарызым келмей қалса, өз мойнында, Сақтаймын ақыретке аманатын. Айбас айтты: Қодармен кез келеді қайрат сынар, Менің де ондай іске жаным құмар. Мақтаған Қодарыңды маған келтір, Кездеспей кісісіне жүрген шығар. Баян айтты: Бір тау ғой кәпір Қодар кім таласар, Тұлғасын көрген адам жаман сасар. Ағеке-ау тілімді алсаң, көрінбей кет, Кетпестей сүйегіңе таңба басар. Жалынып үш қыз сонда: “Барма, – деді, Тығылып жата бер, осы жарда, – деді. Тығылып үш күн жат та, еліңе қайт, Қозыға бізден белгі ал да, – деді. Тығылып сол арада үш күн жатты, Аунатып серіктірді Тайкөк атты. Тамағын неше түрлі қыздар тасып, Тынығып рахатқа әбден батты. Алтын тон, күдері белбеу, гауһар жүзік, Берді де тоғыз белгі, жазды хатты. Бір қатын тезек терген сол арада Қыздарды Айбаспенен көріп қапты. Ер Айбас қайтпақ елге бет түзеді, Белгіге тон бастаған тоғыз берді. Тезегін қабындағы төге тастап, Қодарға зыр жүгіріп қатын келді. Бір жігіт жан жетпейді бағасына, Пері ме, періштенің баласы ма? Үш қызбен сөйлескенін көрді көзім, Сол анау қалың томар арасында. Есітіп Бақа айғырмен Қодар салды, “Қайтем” деп қыздан аяп бұ қу жанды. Үш қызбен сөйлесіп тұрғанында, Айбасты келе сала ұстай алды. Екеуі жағаласып тартысқанда, Аттары шөге түсіп, жатып қалды. Үш қыздың қорыққаннан зәресі ұшты, Қопарып түбірімен шөптің түбін, Жұлқысты әрі-бері екі күшті. Қимылдар өкім-өкім Қодар тіпті, Белінен Қодар қатты қысқанында, Айбастың тертіректеп зәресі ұшты. Айлалы сұлу Таңсық жүгіріп кеп: Шегістің, батыр Қодар, мұның кім? – деп. Сүйгені қайын бикең сұлу Айдың, Адастың, батыр, тоқта, жолдан тайдың. Сенің жарың Баянмен жұмысы жоқ, Бар қызын қорисың ба Қарабайдың. Айып бер, ат пен шапан, бажаңызға, Ұстаған жағасынан жазаңызға. Әркімнің өз сүйгені – өзіне әсіл Қарамайт ол пысқырып, Баян қызға. Қодар батыр тоқтады сөзге нанып, Айбастың алатыны айдан анық. Шынында Ай сұлуды алмақ болған, Екеуі келген күні сөз байласып. “Басында неге маған айтпадың?” – деп, Отырды қоя беріп, демін алып. Қодар кетті сол жерде жылқы жаққа, Бажасымен келгесін ынтымаққа. Баян сәлем айтады жылап тұрып, “Қайтем” деп Айбас атқа мінген шақта. Алмайды Қодар мені, алады жер, Әуре боп, бекер босқа, жүр арам тер. Егерде Қозы Көрпеш келмей қалса, Келер жыл неде болса хабарын бер. Ағеке-ау, шын ғашықпын ініңізге, Қосылар күн туады қашан бізге? Тоғыз жүз, тоғыз белгі сәлемім бар, Тапсырдым екі аманат өзіңізге. Қозының сәлем анасына дерсің, Көзімнің көл боп аққан жасын көрсін. Болғанда Қозы – Айы, мен – Шолпаны, Іздеуге мен сорлыны ұлықсат берсін. Айта бар балталының баласына, Тайлақ би елден асқан данасына. Қозыдан бөтен көрсе, Құдайға шерт, Қозының сәлем дерсің анасына! Сонымен Айбас жүріп кетті. Тәулігіне бір нәр татып, Сарыбай ханның ордасына келіп, белін шешті. Онда қыздың сәлемдемелерін бергеннен кейін, Қозы бала жалғыз өзі жүрмек болды. Тайлақ айтты Қозыға: – Баласың көптің ауған ықыласы, Елі-жұрты жоқ кісідей жаңғыз барсаң, Ол – үлкен масқараның масқарасы. Жігіт ал елден таңдап сексен батыр, Жаңғыздық қассыз ердің сыбағасы. Қозы айтты: – Кісі ертпеймін, жаңғыз кетем, Көсем де керек емес, батыр да керек емес. “Алды, – деп, – Қозы біздің арқамызбен”, Ертең кеп бәрі желдей еседі де. “Жесірін іздеп барып, әпердік”, – деп, Қалмаймын Балталының өсегіне. Шешесі сонда сөйледі: – Қарағым, бұл сапардан қалсаң нетер, Көзіңді мен ғаріпке салсаң нетер. Алсаң да отыз қатын малың жетет, Бір сұлу елден таңдап, алсаң нетер? Сол иттен қайтіп жақсы қыз туады, Айбастың айтқан сөзі тіпті, бекер. Баянды еркештейді аты Еркеш, Көп қойды бастайтұғын көсем серкеш. Кептіріп мен сорлыны [қубас етіп] Кетесің кімге тастап, Қозы Көрпеш?! Қозы айтты: – Деуші едім сені шеше, халің азар, Қатты ғып тапқаныңды өзіңнен көр Баянды мен іздеймін, жатаалмаймын, Ұлықсат, ырзалықпен батаңды бер! Бұршақтап жауып тұрса, алдымнан оқ, Бет бұрып бұл, сапардан қайтарым жоқ, Сұлуын дүниенің жисаң дағы, Көзіме көрінбейді Баяндай боп. Шешесі: – Қарағым, қартайғанда сені көрдім, Дәм тұзды тартқан шығар талай жердің, Жалғызым, қайда болсаң жолың болсын, Ұлықсат, ырзалықпен бата бердім! Қозы айтты: –Баянды көрмесем де болдым құмар, Құмарлы кеуіл шіркін қашан тынар? Бөгемей сапарымды, жөнелейін, Ер Айбас, мен мінетін қандай ат бар? Айбас айтты: –Жылқыны аралаушы ем ерте-кешті, Біреуі жүйрік, біреуі жорға десті. Шыққыра көзім шықпаса, мен таныдым, Дейтұғын бір атың бар Күрең бесті. Күреңді әкелдіріп Қозы мінді, Сауыт-сайман, сарамжақ, садақ ілді. “Қош айтысып Қозыға қаламыз”, – деп, Басы Тайлақ би болып ел жиылды. Қозы айтты: –Батагөи есіркеуші сенсің бабам, “Тоқтаттам сапарыңды” дей көрмеңіз, Кеуілің құлдық, ата, қалар маған. Тайлақ айтты: –Қарағым, шыдай алмай келдім еріп, Мен келдім қалайын деп сені көріп. Мен бөтен Балталыдан санамаймын, Айбасты ерт, тым болмаса ақылсерік. Қайтейін, тіл алмадың амал бар ма? Қаламын қош айтысып, бата беріп. Қозы айтты: – Жиналған елі-жұртым, кәрі-жасым, “Кісі ерт” деп, қинап мені, неғыласың. Ешкімді ортақ қылмай жаңғыз тартам, Тағдырдың жақсы-жаман сыбағасын. Елі-жұртым, ере бермей, ал тоқтай қал, Артымда қалды менің сансыз көп мал. Тапсырдым бір өзіңе, Тайлақ биім, Сол малды өз қолыңа түгелдеп ал. Қылмас ем өз басымды ешбір арман, Шешеме туар екен қандай зауал? Деп Қозы қатуланды қайраттанып, Күреңді қамшыменен жанып, жанып. Жер сүзіп, күрең тұлпар желді алып, ......................................................... Лашын түсі керік мұздай сұрғылт, Жарасып сауыт-сайман, сарамжағы. Артына бір қарамай кеткеннен соң, Ханымның сонда тұрып зарлағаны. Тиянақ, алданышым, жалғыз балам, Қурады, өшті шырақ – менің панам. Күн батпай, таң атпайды қасіретпен, Артыңда сарғаяды қассыз анаң. Кетем бе қызығыңды анық көрмей, Жан шіркін неткен берік, тұрсың өлмей. Жасымда алты қатын үстіне кеп, Бар ма екен қайғы тартқан, сірә, мендей? Топырақ жаңғызымнан бұйырмады, Тастап кеттің, өлмей-ақ тірі көмбей. Ер Қозы айналмады, жүріп кетті, Алдында ақ белеңге барып жетті. Қозыны жіберуге көзі қимай, Жүгіртіп батыр Айбас жетіп кепті. Қозы айтты: –Ей, Айбас, мен – ініңмін, сенсің ағам, Басқадан артық сенің маған бағаң. Артымда – қалың жұртым, шешем қалды, Тапсырдым бір аманат батыр саған! Айбас айтты: –Бұл елге батыр Тайлақ, би емес пе, Бәрі де мал басыңа ие емес пе? Жерім ғой көріп келген тура бастап, Барғаным саған еріп, сый емес пе? Қозы айтты: – Ей, Айбас, осы сөзді не деп айттың, Мен үшін Баян қызды көріп қайттың? Айбас айтты: – Ендеше жүретұғын жолың былай, Оңғарсын сапарыңды патша Құдай. Ғашықпын менде өзіңдей, амал бар ма, Сәлем де Ай сұлуға дұғай-дұғай. Айсұлу жүрген шығар күл-күл жайнап, Қайтейін кеттің, Қозы, жіпсіз байлап. “Жетпеді уәдеміз” дей көрмесін, [Әр дәйім ғашығымды жүрмін ойлап.] Танбаймын, мен иемін өз сөзіме. Егерде шыдамаса, кінә өзіне, Тірі болсам, келер жыл мен барамын, Жетіліп Көк жеткенсін ат кезіне. Ер Қозы айналмады жүріп кетті, Алдында сар белеске барып жетті. Болмаса ашықлық па қайта ойлатқан, Артынан батыр Айбас жетіп кепті. Ей, Қозы, мен ағаңмын, сенсің інім, Басқадан артық маған бағаң сенің. Артыңда қалың жұртың, шешең қалды, Қанеки, айтшы жайлап дұғай сәлем. Суыққа Қозы Көрпеш салды бетті, “Қажыттың қайта сөйлеп мені, – депті. – Шешем мен елі-жұртым сұрай қойса, Дегейсің барса – келмес жерге кетті”. Ер Қозы айналмады жүріп кетті, Бірталай жүре-жүре күні көшті, Бетпақ шөл, меңіреу дала – шөлді кешті Қиусыз көп сандалды, ел табалмай, “Мол шөлі Айбас айтқан болды” десті, Жүре-жүре бірталай күні көшті, Бетпақ шөл, меңіреу дала, шөлді кешті. Арықтап күрең аты болдырғасын, Басына ғаріпшілік сонда түсті. Ер Қозы кейде аяңдап, кейде желіп, Қопаға арық атпен зорға жетті. Жүгенін, ер-тоқымын сыпырып ап, Сол жерде күрең атты қоя берді. Ер Қозы аң атуға асқан шебер, Өзінің қайратына әбден сенер. Ер Қозы аң атып жеп, қорек етті, Қопаға келгеніне бір ай жетті. Бір ай оттап, Күрең ат көбеңдепті, Жүруге енді он күн жарар депті. Қопаның Қозы жатқан жиегіне, Қытайдан қайтқан қалың керуен кепті. Керуенді көргеннен соң Қозы барды, Ішінде бір адам бар ақсақалды. Қозының аты менен түрін көріп, 410 Шақырып әлгі ақсақал қасына алды. Ақсақал адам екен керуенбасы, Қозыға ауып кетті ықыласы. “Қалайша жаңғыз жүрген жас бала”, – деп, Сескенді жанындағы көп жолдасы. Арығаны болмаса атың – тұлпар, Хан ұлына ылайық – өзің сұңқар. Жаңғыз бүйтіп қаңғырар жан емессің, Қарағым, жасырмай айт, не сырың бар? Айтады Қозы Көрпеш жайдың бәрін, Баяндай іздеп жүрген ашық жарын. Ақсақал ынтысымен отыр тыңдап, Айтады Қозы Көрпеш әмде жайлап. Ақсақал Қозыға тым ықыласты, Кім жатырқар сол сықылды уыз жасты. “Қозыны іні қылам” деп малын сойып, Екеуі жапан дүзде құшақтасты. Ақсақал айтты сонда: – Бақ сөзіме, Егерде тыңдамасаң, кінә өзіңе. Дос емес жанның бәрі саған мендей, Көрінбе бұл түріңмен ел көзіне. Берейін жаман киім, таздың кебін, Барғанда ел шетіне соны киін. Әрі қожа, молламын дуам күшті, Қарағым қысылғанда маған сыйын. Көрмейсің мұнан былай мехнатты, “Табасың ашығыңды” деп жұбатты. Дейтұғын Қара Қожа қожаң менмін, Айтқаны келетұғын кәрәматті. Арыстандай айбатты, отты жүрек, “Ашу – дұшпан, ақыл – дос” деген, сірә, Бойыңды ақылменен жеңу керек. Бір нәрсе сұраймын, берсең қашпай, Қанішер боп қолыңды былғай көрме, Ашу үсті достыңа ақылдаспай. Айрылды он бес күндік азық берді, Күйтіне күрең ат та әбден келді. Басына Сандықтастың шығып тұрып, Отырған Аягөзде елді көрді. Бір жерде Қозы бала аттан түсті, Бар киімін қоржынға қаптап салды. Қожа берген қой жүні қоңыр пөстек, Басына таздың кебін киіп алды. Қуанып ел көргесін таз келеді, Құбылып тазша болып өзгереді. Құлдилап Аягөзде келе жатса, Бір тазға қойды жайған кез келеді. Қой жайған, Қозы бала, тазға келіп, Таз келіп, таз қойшыға сәлем берді. – Бұл қойың, кімнің қойы, қой жайған таз, Айта бер елдің жөнін бізге? – дейді. Аласа тапал бойлы кәрі тазша, Сұрайды айранымды депті ойы. Теріс қарап, қыңыртықтап жауап берді: –Қайырсыз хан Қарабайдың қойы. Қозы айтты: –Кеселді таз мінезі емес майда, Болады желікпелі осындайда. Қайырсыз хан Қарабай қойы болса, Байыңның тура сілте, аулы қайда? Шал айтты: –Басыңды сенің жеген құрт мен емес. Шаш шығар басымызға құрсақ кеңес, Үш барып кешке шейін үш келесің, Ауылы осы арада ұзақ емес. Қозы айтты: – Өсіпті самай шашың ешкім алмай, Сіркесі тізіліп тұр таңдай-таңдай. Екі таз аулақ жерде сырласалық, Бойжеткен Қарабайдың қызы қандай? Шал айтты: – Антұрған таз, тобаңнан жаңыласың, Қой жүні пөстегіңді жамыласың. Жалатбас қыздар саған табанын да, Қышылын сұ м тазшаның не қ ыласың? Қозы айтты: – Келеді, міне, осындай малшы деген, “Бастасын” деп сыр сұрап ем, тазша, сенен. Бермеймін мен кеулімді байлығына, Садақа қызы қабат малыменен. Шал айтты: –Алдама сендей тантық көргенім жоқ, Соларға пар келе ме сендей шартық. Салтанат, киген киім, жүрісі анау, Сені мен сонда дағы менен артық. Қозы айтты: –Сұлу деп естіледі әруағы, Артық та артық болса, менен бағы. Баласы мен де адамның [солар құрлы] Қызы бар қандай-қандай сонда дағы? Шал айтты: –Сұрасаң қыздың жайын, тазша бала, Екі қыз Ай мен Таңсық – ол бір дана. Қыпша-ай бел, алма мойын, алтын жүзді, Олардан Баян сұлу жеке қара. Қозы айтты: –Біз түстік әңгіменің ұзын сарын, Бар шығар теңлес кісі біреу-жарым. Малшылар бай қызымен сырлас келер, Көрдің бе кіріп шыққан тамырларын? Шал айтты: –Бар екен сен тазшада бір шағым қу, Бетіңнен ашық оты шықты ду-ду. Тоқсан құл Қодар менен сере бойдақ, Бәрін де бір сұлулық қойды байлап. Баянға алмақ түгіл, сөйлескен жоқ, Күлмейді езу тартып, Баян ойнап. Қозы айтты: –Байғұс шал жас күніңнен болдың малшы, Ашиды жаным саған тілімді алшы. Жетерлік өміріңе пұл берейін, Қойыңды мен жаяйын, кетіп қалшы. Шал айтты: – Мен үшін қойды жайсаң егер, балам, Қорлықпен сөнді менің жігер санам. Тәшкенді пұлым болса, табар едім, Көрінбей кетер еді бұл таз ағаң. Ер Қозы барлық сырын айтты шалға, “Бұл сырды айтпа”, – дейді, – тірі жанға. Үстіне хан Қарабай келіп түсті, Екеуі ақылдасып отқанында. Қойшыны келе сала шақырады, “Қой жаймай отырсың”, – деп ақырады. Қамшымен тарсылдатып сорлы тазды, Мейлінше қиянаттап бақырады. Қамшысын тазша бала ұстай апты, Қарабай Аққайыңмен омыраулатты. Ұстап ап, шоқтығынан басып қалса, Аққайың шөге түсіп, жатып қапты. Қорықты Қарабайдың өңі қашып, Атынан түсе қалды асып-сасып. Түсті ме, қорықты ма, әлде ойына, Тазшамен жөнге келді, сөз сұрасып. Тазша айтты: – Осы шалдың баласы ем, Әдейі әкемді іздеп, мен шығып ем. Ұлықсат болса әкемді қайтарамын, Орнына енді қойды жаямын мен. Қарабай айтты: – Келіпсің, балам, жүріп бірталай жер, Қартайған сұмырай әкең, кімге дәркер. Өзі де қой баға алмай қалжырап жүр, Ұлықсат бердім, енді қайтара бер. Соны айтып, хан Қарабай қайтып кетті, Қызы мен қатынына айтып кепті. “Жарайтын не керекке қайраты мол, Шал тазшаға жас тазша таптым” депті. Қозының бұл жұмысы оңға кепті, Табады ақылменен бұл себепті. Қойнына сары алтынды толтырып ап, Шал тазша Тәшкен тартып, жүріп кетті. Ер Қозы барлық сырды шалдан ұқты, Ер Қозы өз ісіне өзі мықты. “Тазшаны жаңа келген көреміз”, – деп, Алдынан қой қайтқансын үш қыз шықты. Баянды Еркеш дейді еркелетіп, Кигені кәмшат бөрік, күміс етік. “Үш қызды көреміз” деп тазша бала, Алдынан қоя берді мөлтілдетіп. Тазша айтты: –Шал емес күндегідей, мен – жас тазша, Болмайды қыздың жолы менен қашса. Тасқан су шарасынан асқан емес, Кетпейді таудан асып, талдан асса. Қыздар айтты: –Шал емес күндегідей, сен – жас тазша, Құдыққа дәрет етер құлдар тасса. Тұншығып, сорлы тазым, өліп қалма, Ұстап ап “түйе бас” қып қыздар басса. Тазша айтты: –Байқап бас маған қарап аяғыңды, Тұншықтыр Қодар, тоқсан саяғыңды. Дәнігіп құл-құтаннан жүр шығарсың, Есіңе бір салармын баяғыңды. Қыздар айтты: –Таз емес, таз мінезі ерен екен, Өз мінін сұмырай тазым көре ме екен? “Теп-тегіс елдің бәрін құл-құтан” деп, Құл емей, қой жайған таз, төре ме екен? Тазша айтты: – Бойымда талдай мін жоқ көретұғын, Соңымнан сендей қыздар еретұғын. Сыртым тазша болғанмен, ішім дана, Қасиетім бар қыздар жақсы көретұғын. Мен көрдім қарағатқан аққу құсты, Ұша алмай ащы теңіз көлге түсті. “Тоятқа сол аққуды ілемін” деп, Алыстан бір күшіген тілеп ұшыпты. Баян айтты: – Көргенің ақ құтан ғой, аққу емес, Көрінген көл бетінде көзге елес. Тояты күшігеннің – тышқан, жемтік, Күшіген, сірә, аққуды ілем демес. Жақсыны жаман күндеп, табалайды, Ақылдың жан шамасын шамалайды. Түс көрдім өткен күні жоры, тазым, Сол көлді бір ақ сұңқар жағалайды. Қозы айтты: – Баян қыз, сен ортаға шыққан шынар, Бәрі де Қодар, тоқсан саған құмар. Сол көлді бір ақ сұңқар жағаласа, Еркешім, сені алатын күйеу шығар. Соны айтты, хан Қарабай айқай салды: – Қотанға әкеп йір, тазша, малды. Күреңмен қой қайтарып, желіп жүріп, Шырқатып, тазша бала әнге салды. “Күркілдейт кәрі бура тісін қайрап, Қотанға кәрі інгенді қойдым байлап. Матауда қос құнанша босана алмай, Боздайды арқандаулы ақ нартайлақ. Ауылды бақа менен шаян басты, Шошқаға тоқсан дөнен қабан басшы. Болғанда шошқа-қабан, бақа-шаян, Былығып ылғи нажас араласты. – Тазшаның, – Таңсық айтты, – кесел сөзі, Өтеді өңменімнен екі көзі. “Таз болмас тегін кісі” дегендейін, Таз емес, тіпті, тегін таздың өзі. Оспадарсыз Қарабайдың сөзі ерсі, Қайдасың, ойбай, Таңсық, бері келші. Өлеңмен сұм тазшаның айтқаны не? Шешуін сол сөзінің шешіп берші. Тыңдамас хан Қарабай ылди-өрді, Қыс өтсе таяғымен ұрар жерді. Мазасын “айтшы, айтшы” деп кетіргесін, Таңсық қыз Қарабайға айтып берді: – “Бура” деп, кессең тілін, өзіңді айтты, Байлаулы інген – бәйбішең шынын айтты. Матауда қос құнанша – Таңсық бен Ай, Арқандаулы нартайлақ – жалғыз қызың. Тоқсан мың бақа шаян бұларды айтты, Тоқсан сал – тоқсан шошқа бұларды айтты. Күйеуің су иесі Сүлеймендей, “Қабан” деп қорсылдаған соларды айтты. Қарабай айтты: – Не дейді, тоба Құдай, әстаупіралла, Қарақтарым, малды бақсын, тазшаны алда. Сөзінің не десе де, керегі жоқ, Болады жайлы болса маған малға. Соны айтты, тазша батыр үйге келді, Күндегі тазшадай-ақ күйбеңдейді. Сайманын босағаға іліп жатыр, Бір табақ өкпе салып қойды алдына, Күндегі өкпе жейтін тазша пақыр. Тазша айтты: –Қарабай, мың мен жарлы сансыз малды Өкпеден басқа тамақ қайда қалды? Мен өкпеңді жейтұғын кісі емес, – деп Табағын қойып жерге, екі жарды Қарабай айтты: –Біреу бай, біреу жарлы күндемелік, Дананың қылған ісін міндемелік. Басымды табақ түгіл, жарса дағы, Кетеді малды бақпай, үндемелік. Үндемей үйден тазша шығып кетті, Күреңді мықты арқанмен арқандапты. “Ұйқымды бір қандырып алайын” деп, Қалың қойдың шетіне барып жатты. Алаңсыз ұйықтап қалды, тіпті қатты, Қойнында еді көрсетпей буып алған, Ақ семсері алтын шеге, гауһар сапты. “Сол үш қыз келген екен байқайын” деп, Бір нәрсе кеудесінде жарқырапты. Келіп көрсе, сабы екен семсерінің Семсерге сонда үш қыз таңырқапты. “Бұл семсер тазға ылайық семсер емес, Мұнда бір сыр бар екен кәрәматты”. Үшеуі тұрып, тұрып қайтып кетті, Тазшаны оятуға бата алмапты. Енді үш қыз үйге келіп, ақылдасты, Бірі ол, бірі бұл деп көп таласты. Біле алмай қорқарын да, қуанарын да, Тазшаның салауаты мықтап басты. Ерте тұрып ерттеді Күрең атты, Ер салып, Күреңіне мініп апты. Таңдағы бозторғайға дауыс қосып, Шырқатып тазша бала, әр шырқапты. Сыбызғының сырындай нәзік әнді, Тамылжытып, қалқытып, сорғалатты. Ауылдағы кәрі-жас бәрі оянып, Таңертеңгі ашылды ұйқы тәтті. Таң жырымен қосылып салған әні, Үш қыздың сай сүйегін сырқыратты. Тазшаның сонда мынау айтқан сөзі, Бір нұсқа белгісіндей ишаратты: Таң атпай мен мінемін Күреңіме, Жетем бе, жетпеймін бе тілегіме. Кім білсін, әлде қастым, әлде достым, От салған шақпақ салып жүрегіме. Тоғызы кем толтырып бірдің орнын, Сегіз-ақ сан қалды деп күледі ме? Баян айтты: – Не болды, сендер, түйіп, Өне бойым барады қызып, күйіп. Білмеймін қорқыныш па, қуаныш па, Жүрегім кеудеме тұр әзер сыйып. Тазшаның даусы маған әсер беріп, Сай сүйегім сырқырап кетті еріп. Біліңдер кім де болса тазша жайын, Түсте әкеп қой жусатар қалың [шілік]. . Аунасын деп жіберді Күрең атты, Жатты да шалқасынан бір саяға, Былай деп тазша өлеңді қоңырлатты: – Мен кіммін, мен – хан ұлы мінген таққа, Бөленген мәнсап, сыйлық, дәулет, баққа. Күмістен босағасы ақ ордада, Жатушы ем, үрлеп ішіп рахатта. Рахат дегенімнің бәрі – өкініш, Былғанып жатыр екенмін қиянатқа. Сол елдің мен бастадым айт пен тойын, Мен барсам тіке тұрып, қол қусырып сояр қойын. Бозбала, қыз-келіншек жинап алып, Болғанда күндіз жарыс, түнде ойын. Төрт түлік түгелдеусіз менің малым, Лықылдап алып жатқан өлке бойын. Жол сауда қыпша сұлу талай құштар, Ай жүзді, ақша маңдай, жұпар қойын. Қолға алып жалаң найза шаптым жауға, Олжалап жанға талай бердім сауға. Ел шауып, еге болып, кісі өлтірсе, Төрелік беріп едім, талай дауға. Әкемнен жас қалыппын, алған тілеп, Артымда кәрі шешем қалды-ау жүдеп. Алда аға, артта іні болмаса да, Азулы [керік] міндім айға сермеп. Бәрін де сол өмірдің талақ етіп, Туған ел, туған, өскен жерден кетіп. Сүйгенім ақ Баянды іздеп келіп, Қойшы боп қоржын салдым, шарық мініп. Батагой тілін алмай Тайлақ бидің, Өзгені қой, шешемді нағып қидым. Сен үшін Қарабайдың қойын жайып, Тазшаның сау басыма кебін кидім. Мен ырза сені іздеп келгеніме, “Келсін” деп сен белгіні бергеніңе. Мехнат, көрген қызық бәрі де ұмыт, Тұрмайды жүзіңді бір көргеніме. Алыстан лебің мені алды тартып, Қозғадың хан тағымнан жатқан шалқып. Мен саған аяғымнан бара алмаймын, Берсем де тіршілікте мүлде сарқып. Ырза боп бір көргеннен ашық жарын, Нұрына өлең айтып, жатыр балқып. Сен үшін өлсем дағы арман емес, Жана да сүйгенім жоқ сенен артық. Барған қыз сөзін тыңдап, ұғып алды, Ауылға көрінбестен қайта салды. Домбалдай екі көзі көп жылапты, Баян қыз көргеннен соң, шошып қапты. –Білдің бе, кім екенін тазша жайын, Жүрегім от боп күйді, барған сайын? Әлде бір жаман хабар есіттің бе, Жылайсың неге мұнша айналайын? –Барып ем, қоя берді тазша зорлап, Сөзінің бір ұштығын Баянға арнап. Зарына шыдай алмай, кеулім босап, Сол жерде жаттым тыңдап, сөзін барлап. Сол тазша сар далада көп сөйледі, “Баянға мен де ғашық” деп сөйледі. “Қалды, – деп, – малы құрсын, кәрі шешем”, Өзінің қамын тағы жеп сөйледі. “Балталы, бағаналы елім, – деді, Тайлақ би ел меңгерген бегім, – деді. Қалды деп малы құрсын, кәрі шешем”, Тазшаның соны айтып егілгені. “Өтірік сөз, айтпаймын, жалған, – деді, Баянға аяғымнан барман, – деді. Жана да сүйгенім жоқ одан артық, Көрмеймін өлсем дағы арман”, – деді. Баян айтты: – Уәделі күні еді келер деген, Мен үшін Қозы ма екен қайғы жеген. “Мен сендерге кеше айттым тек емес” деп, Жүрек сорлы білгеннен дүпілдеген. Қыз Баян осы таздан үміт етті, Бір үміт көз алдында елестепті. Лайық торқа киіп үлде-мүлде, Алдынан қой қайтқансын үш қыз кепті. Баян айтты: –Емессің кешегідей бүгін тазша, Сөйлеселік, азырақ кеңес баста. Кереметің бар екен білдік, тазым, Қыздың жолы болмайды сенен қашса. Қозы айтты: –Қыз Баян үкі тақтың желегіңе, Ойыңның салып тапшы тереңіне. Мырзаға Қодар сынды қол артқанда, Тазшаның мен сықылды керегі не? Баян айтты: – Қой жайып Аякөзді өрледің бе, Көп ішіп қ орық тығ ың терледің бе? Кешегі өзіңізге жортқан түс – Далада ақсұңқарды көрмедің бе? Қозы айтты: –Тұяғы ол сұңқардың полат тағы, Тұғыры маңайына жолатпады. Алыстан тілеп, ұшып келген сұңқар Түнде кеп қой ішіне қонақтады. Баян айтты: –Сұңқардың жалғыз ұшқан сияғы не? Сөзіңнің басын ұқтым, аяғы не? “Есіңе бір салармын” демеп пе едің, Саласың қ ашан еске баяғ ыны? Қозы айтты: – Наныңдар тура жолдан таймасыма, Қастықпен ешкімге көр қазбасыма. Есіңе сонда салам баяғыны, Қашанда шаш шыққанда таз басыма. Бір келіп шолып қайтқан тастүлегі, Бұл келген жас балапан жас тілегі. Тұғырға қонбақ түгіл, жоламайды, Күшіген кетсе саңғып қаскүнемі. Соны айтып, тазша батыр үйге келді, Бәйбіше “көтен, мойын қойдым”, – депті. Мойынын көтенімен итке тастап, Үндемей үйден тазша шығып кетті. Бәйбіше айтты: – Мінезі бұл тазшаның тіпті жаман, Бәрі де малшылардың өкпе жейді, Бұған мен жал-жаяны қайдан табам? Күреңді байлады да қазығына, Тәңірім сақтасын деп жазығынан. Қораның шетіне кеп жатып алды, Өзінің жеді дағы азығынан. Ер Қозы Баян үшін меһнат шекті, “Сездірмейік еш адамға қыздар” депті. Теп-тегіс елдің бәрі ұйықтағасын, Қасына Қозыкеңнің үш қыз кепті. Қыздар айтты: – Келіп ек сізді ұйқыда мықты ма деп, Сөзімді әлде теріс ұқты ма деп. Бастаймын баяғыны деп едіңіз, [Біз келдік] басыңызға шаш шықты ма, – деп. Көтеріп Қозы сонда алды басын, Баянға шын аударған шын ықыласын. Басынан таздың кебін алып тастап, – Мінекей, шықты деді менің шашым. Көтеріп қолтығынан отауға әкеп, Болғансын неше түрлі тамағын жеп. Ай, Таңсық екеуіне төсек салып, Жатқызды “қосағыңмен қосаағар” деп. Жібектей күлтеленген таңдайланып, Баянның нұры тасты гүл-гүл жанып. Полатпен қайнағандай, Қосылды, екі ашық мейірі қанып. Баян айтты: – Келіпсін, жалғыз саяқ, Қоңыр күз, қыс та болса, қалды таяп. Көрерсің неде болса, жаз шыққансын, Жүре бер, қойды жай да, арланбай-ақ. Баянның құмары асты күн-күн сайын, Қозының не керегі бәрі дайын. Баян мен Қозы Көрпеш жата тұрсын, Айтайық біз Қодардың біраз жайын. Бір күні жылқы жақтан Қодар кепті, Қарабай күйеуіне әмір етті. “Тойынсын жаздай сауған жабағылар, Биеден байланбаған байла”, – депті. Жылқыдан жүз биені бөліп алды, Сол күні тазша бармай қойдан қалды. Жылқыны Бақа айғырмен жинап келіп, “Тоқпақ, құрық, желі”, – деп айқай салды. Қарабай тазшасына әмір етті, Ноқтаны желі менен алып кетті. “Тоқпақты құрық пенен апар”, – десе, “Олардың керегі жоқ, маған”, – депті. Қодар айтты: – Ақымақ жаман тазша, Басыңды жұлып алып, қазық қақса. Құрықты, тоқпақ пенен әкелмедің, Ұстарсың сирағынан құлын қашса. Үш қыз бен хан Қарабай қарап тұрды, Қодар да Бақа айғырдың мойнын бұрды. Қалғанда тізесімен бір-бір басып, Қазығы ұңғысынан жерге кірді. Тазша айтты: – Қодар-ау, сіз байбатша, Баян –жарың, Тазшаң да білмейсің бе, қайрат барын? Сүйретіп сирағынан желіге әкеп, Байлады ылғи асау құлындарын. Қодар батыр [сол кезде] мазаттанып, Қарық-қарық күліп қақты арқасынан. Жарайды серіктіктікке де осы тазша, Ұстайды сирағынан құлын қашса, Тұрмайды бір керекке сенен басқа. Аякөзде жатады жылқы байлап, Көрінгенмен жү реді Қодар ойнап... (Аяғы жоқ)
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.