Kazakh
ЕҢСЕГЕЙ БОЙЛЫ ЕР ЕСІМ
Кірісу
Төле дейді ұраным. Қоғалы дейді тұрағым. Бақтиярдан ажырап,
Бәйдібек бай Жәнібек, Жалғыз ұлы – Жарықшақ Домалақ деген ананың.
Албан, Суан, Дулат боп, Бөлініп бері шығамын. Жарылғамыс, Жанту боп
Жаныстан келіп тарадым, Патша менен ханы көп,
Байы менен жарлы көп, Ілгергі өткен заманның. Ұлы Шыңғыс ханыңды Алдымен баян қылайын.
Хан Шыңғыс
Өте ерте заманда қазақ, өзбек болып аталмай тұрып, күншығыста бір хан болған. Хан неше жылдай перзент көрмей жүргенде, әйелі құрсақ көтеріп, бір күні қыз туады.
Туғанда, қызының реңі қараңғы үйді жарық етеді. Хан: “Бұл қызымды ерге бермеймін”, – деп, қызына темірден сарай салдырып, соның ішіне қойып бағады екен. Күндерде бір күні темір үйдің ішіне иненің жасуындай тесіктен күннің сәулесі түсіп, қыздың бойы соған балқып кетіп, жүкті болады.
Ханның бұған қаһары келіп, неше күн ас ішпей, азаптанып дағдарып, ақыры хан өзінен туған қызын өзі өлімге бұйырады.
Ханның туысқан інісі қарындасына артықша жаны ашып, жаллаттардан жасырып қызды сарайдан алып шығады. Қарындасымен жыласып қоштасқан соң: “Іле бойы адам, ақыры біреуге кез боларсың”, – деп, тіллә сандыққа салып, Іле дариясына ағызады.
Орнына бір жазықтыны өлтіріп, киімдерін қандап, жаллаттарға да, ханға да қызды “өлді” деп жариялайды.
Екі адам моңғолдардан шықты аңға, Зер салды тамаша етіп дарияға.
Жарқырап алтын сандық келеді ағып, Иаскукей баһадурмен қалды таңға.
Сандықтың таңдап бірі ішін алды, Екеуі уәдесінен қажымады.
Ішінде бір қыз жатыр шала-жансар Аспанға нұры шығып жарқырайды. Ол қызды таңдағаны кетті алып, Қараса, өзі жүкті, пайымдайды.
Өзінің ресімінше неке қиып,
Қасына бір күндерде жақындайды. Тылсымат дарбазасы аман екен, Құлыбы ашқан сайын шатырлайды.
Дүниеге бір күн бала пайда болды, “Ділікүнболдақ” деген жерінде еді. Қатындар кіндік кескен назар салса, Оң қолы қан уыстап жұмулы еді. “Зілінде үлкен патша болар” десіп,
Аттарын Темушин деп, қойыпты енді. Жұрт сұрап даражаға жеткеннен соң, Лақабын сонан кейін Шыңғыс дейді.
“Қожа – нұрдан, төрелер – сағымнан” деп, Бұл сөздің осылайша мағынасы еді.
Тоғыз ұл туды артынан аналары. Он екіге келгенде әкесі өлді. Санаға 1237 жыл толғанда,
Жасында жиырма екі патша болды.
Темушин өсе келе өзінің ақылымен, ерлігімен жұрт көзіне түсті. Тоғыз ұл оны күндеп, көре алмайтын болды. Бір күні анасы айтты: “Сенің мыналармен анаң бір болса да, атаң басқа еді. Бір күні болмаса, бір күні зорлық қылар. Осылар есейіп, өз беттерімен кеткенше, Іленің басына барып, садақ атып күн көр. Іленің беті құстың жүні болса, сенің тірі екеніңді білемін. Мына алтын жүзігімді қай кезде жіберем, сонда кел. Онан бері келме”, – дейді.
Темушин Іле басына барып, аң атып, құс жүнінен кепе қылып жатады. Садақ жасап, оқ жонады. Табақ жасап, табақтарына: “Мынау – хан табағы, мынау – жасауыл табағы” деп ат қояды.
Дәл осы кезде манғұл елінің ханы өліп, кімді хан қоярын білмей, манғұлдар дағдарады. Ел хандыққа таласып, бөлініп, келісе алмай, ақылы зерек Темушин анасына келіп, ақыл салады.
Әйел айтады: “Менің алдыма талапкерлердің бәрін жиыңдар. Аспанға садақ тартсын. Кімнің садағы сағымға тоқтаса, соны хан сайлаңдар”, – дейді. Талапкерлер жиылып, садақты қанша тартса да, ешбірі сағымға тоқтата алмайды. Сонда әйел: “Ендеше, мына жүзікті алып, Іле басындағы менің балама барыңдар”, – деп, жүзігін беріп баласына ел басшыларынан бірнеше адам жібереді.
Шақырушылар барған жерде Темушин бұларға қарсы садақ тартпақ болады. Келгендер жүзікті көрсетіп, анасы шақыртқандығын айтты. Темушин отырып: “Ендеше, мен жанды нәрсеге мініп бармаймын”, – дейді. Келгендер ойласып ағаштан иіп арба жасады. Темушин арбаға мінді. Жүргенде арбаның қаңқылдап дауысы шықты. Сондықтан арба қылған ұстаның атын “Қаңқулы” деп қойды. Соның өзін халық бері келе “Қаңлы” атап кетті.
“Қаңлы” деген сөз – “арбалы” дегенді білдіреді. Арба қылған ұста келе жатып: “Енді осы хан болатын болды ғой, жанасам, қор болмаспын”, – деген оймен өз аяғын шотпен шауып, ақсақ болды. Соған Темушин мейірі түсіп: “Арбаны істеп берген осы ғой” деп бірге мінгізіп алды. “Қаңлы елінде хан бар, кәделі елде қаңлы бар” деген қазақта мақал бар. Және “Хан жоқ болса, қаңлыдан хан көтер” дейді. Бұл мақалдар содан қалған. Қаңлы елі әлі күнге дейін өзге қазақпен: “Арбаға ханмен бірге мінгенбіз”, – деп талас етеді. Бұл таластың мәні осылай. “Түрік патшасы қаңлыдан” делінеді. Олар Шыңғыс ханнан қашып барған 300-400 үйдей қаңлы тұқымынан. Шыңғыс халықтарды қырып, опаттап, өзіне бағындырып жатқанда, үш жүз-төрт жүздей қаңлы араб жұртына қашып барады. Шыңғыс ханнан кейін оның немересі Алаку деген хан араб жұртының Абесения руынан болған “Мутауакәл-Алала” деген патшасын Бағдат шаһарынан қумақшы болады. Баяғы Шыңғыс заманында қашып барған қаңлылар өсіп, құралданып қалған екен. Араб патшасы қорқып, Бағдаттан қашпақшы болып жатқанда, бұлар патшаға келіп: “Сен ұрысқа қарсы тұра алмасаң, тілхатпен патшалықты бізге бер. Шыңғыс хан нәсілдерімен біз ұрысамыз”, – дейді. Патша тілхатпен патшалықты береді. Олар Шыңғыс немересімен ұрысып, жеңіп, қуады. Мұнан соң қаңлылар арабпен қатар түрікті де билейді.
Түріктің хандық тұқымы қаңлыдан қалған. Түріктің осы күнгі патшасы да сол тұқымнан делінеді.
Арбасын даярлап,
Кілемге алтын салады. Қызмет етіп ардақтап, Еліне алып барады.
Хабар тапты Шыңғыстан Маңғұлдардың тамамы.
Хабар айтып жұртына Теп-тегіс жинап алады. Садағын тартып аспанға, Сағымға тоқтап қалады. “Сағымға ілген садағын
Төрелер”, – деген мақал бар, Осы еді – себебі.
Жеті мәрте оқ атты.
“Осыдан мысал, әлеумет, Жеті жүз жыл әулетім,
Дүниенің жүзіне
Хандық құрар”, – деп еді. Әмір Темір патша да,
Шыңғыс ханның нәсілінен, Айналып бәрі төре еді.
Орыс алып жоғалтқан, Кенесары, Наурызбай, Ақырғы жері бұл еді. Құлақ салсаң, әлеумет, Бұл да – Шыңғыс әулеті.
Тәуекел ханнан баяндап Әңгіме қылып берелі.
Тәуекел хан
Ал тыңдасаң, әлеумет, Түркістан атты қалада, Дешті-Қыпшақ далада, Баласына үш жүздің Тәуекел атты төреңіз
Хан болып көп жыл тұрады. Он сегізде хан болып,
Қырыққа жасы кеп еді.
Осынша хан болғанмен, Бір перзенті жоқ еді.
Жері байтақ, елі бай, Алтын-күміс, қазына сай. Иісі қазақ баласы
Лақап қылып сол күнде “Хандардың ханы” дер еді. Қазақстан жұртының Атырабын болжасаң,
Еділ, Жайық, Қапқазбен
Бір шеті Жаркент, Құлжамен, Омск пен Томск,
Ауған, Бұқар арасы, Есепсіз жұрты көп еді. Зарлаушы еді дәйімі: “Жүз жасадым да, Рәббім, Ақыры ажал келеді.
Аяды перзент”, – дегенді. Бір күн айтты зар жылап, Гүлханым деген зайыбы
Ханыңыздың бар еді:
“Қосылған жастан, алалым,
Сөзіме енді құлақ сал. Оңашалап айтайын
Білдірейін сырымды: Бұрынғы жастық күнім жоқ. Сақалым болса ағарды,
Не қылғанмен, қартайдым. Құдайға зарым жетпеді,
Датымды кімге айтамын.
Немере сүйіп, ұл көрді Өзімнен соңғы қатарым. Сорлы болдық сіз бен біз Қуарған ағаш мысалы, Абайлап мұны байқағын. “Өліп кетсе ханымыз, Орнына өзім болам деп, Қазына, мүлкін алам” деп, Жыбыртқылап сөзі бар. Алмас болды тілімді,
Сөзім өтпей барады. Уәзірлерді байқадым Көзім тірі күнінде.
Тәж-тағымды тастайын. Шаһар мен шаһар қыдырып, Қалендер болып жүрейін.
Құдай берсе тілекті, Қайтып таққа мінейін. Диуана болып, күлпарап, Қолыма аса алайын.
Әулие қоймай, қыдырып, Бәріне бір-бір барайын. Осы жасқа келгенше,
Естімедім дауысын Үйімнен ешбір баланың. Башәрат бірі бермесе, Көзімнің жасын көрмесе, Ендігі сөздің қысқасы
Меккеге таман барайын”... Гүлханым сонда сөйледі,
Ханға қарап қамығып. Қол ұстасып зарлады Екеуі де тарылып:
“Жақсы күнде жолдасым Жаман күнде ажырап,
Қалайын сізден, не қылып?” Дәулетіңе серік ем,
Күлгеніңде қуандым, Жыласаңыз, қуарып.
Халықтан шығып, тарынып,
Аударып қоныс көрейін. Жұрттан шығып жаңылып, Сенімен бірге көнейін. Құдайдан мен де тілейін. “Алал жүріп, ақ тұрса,
Қырық күнде берер, – деуші еді, Әйелдердің тілегін”.
Несіне айта берейін? Берместен, Құдай қасарса, Етегіңнен ұстап ап,
Сіз өлген жерде өлейін”. Қайғымен әбден қамыққан, Перзентті ойлап зарыққан. Хан мен көріп ханымын, Салы деген уәзірдің, Сондағы айтқан сөзі еді:
«Қадірлі тәуке ханымыз, Насихат сөзге құлақ сал. Қыдыруың қашпайды,
Дамыл қылып біраз күн,
Тақтыңызда қарар ал. Ел ішінде әзіз көп,
Мұстажап дұға адам бар. Жарлығы қылып қайырды, Сынықтардың көңілін ал. “Кіші Мекке” деуші еді, Әзірет сұлтан, Арыстан бап. Оларға түнеп, құрбан шал, Басыңнан қылып садаға.
Асыңыздан қайыр бер,
Қылып көр қолда барында. Ықтияры кетпестен,
Құдай берген малың бар, Құдайдың берген шағында. Ханға рауа қырық қатын, Біреу түгіл онды алғын. “Біреуінен болмаса – Біреуінен дегендей,
Ол болмаса, тағы да ал. Құдайдың берген шағы бар,
Жасық жер дақыл бермейді. Адамын тауып алғын да,
Сүдігер етіп, дақыл сал. Биесін тауып жем берген, Жабыдан тұлпар туады.
Әуелі сөйтіп өшіңді ал, Жаңа астың қырықтан. Сен қатарлы кедейлер
Қатыны түгіл малы жоқ. Құдайдың ол да пендесі,
Осыларды жадыңа ал. Болмаса тағы айтайын:
Жала қып ешкім әкетпес, Білдірместен жасырын
Бозбаланың көңілін ал. Бір жағынан тағы да, Тәуіп, құшнаш, бақсыға, Молдаларға оқытып Алланы айтып, зікір сал. Есің барда, етек жап,
Армансыз мұны қылып қал. Бәрінен де болмаса,
Онан соң айтар сөзім жоқ. Маңдайыңның соры бар, Жұрт иесіз қалмайды, Тон жағасыз болмайды,
Біріміз хан болармыз, Қайда барсаң, сонда бар. “Жүйе” деп бәрі шулады, Мәжілістегі адамдар.
Салының айтқан сөзіне, Арқасынан қағады.
Тәсіл келіп бұл сөзі Ханыңыздың өзіне:
“Жайымды білер құрбым” деп, Ден қойды қатты өзіне.
Ойланды хан қиял қып Бала күннен қосылған Теңгеріп алған бойыммен.
Алғаным қашпас, иншалла,
Гүлханым сынды ханымға Әуелі адам салайын. Жүруші еді: “Алғын” деп, Әуелі байқап сынайын”. Ойланып мұны ханымыз, Гүлханым сынды ханымға, Әуелі адам салады.
Ханынан алып хабарды, Гүлханым енді біледі Елінің қылған кеңесін.
Көмейі бос бұл жалған Разылық бергендей, Бұдан артық не десін?
“Барамын мен да қартайып, Бірақ әлі де үміт бар.
Сонда да маған сенбесін. Таңдап алсын дұрыстап Ақылды, пайым данадан, Ұяты бар жақсыдан.
“Кіші қатын – кәрілер,
Кісі қатыны” деуші еді. Жастар жанап, қырындап, Қарамасаң арыңа,
Алал істер арам боп, Үй-іші топар болмасын. Нәсіп болып бір сұлу Ала қалса көп елден,
Жасқа ауып ниеті, “Кәрі-құры” демесін. Алдап тұрсын кезінде,
Суғарып тұрсын егінді. Шілдедей болып қақырап,
Уатым шөлдеп қалмасын”.
* * *
Естіген соң ер Тәуке Гүлханымның жауабын, Халыққа салды хабарды. Тұранның жалпақ еліне Дешті-Қыпшақ жеріне.
Жайылды тегіс бұл сөзі: “Тіллаға тартып аламын,
Жақса егер адамы”. Дүниеге көңлі ауып, Көрсетпекке қыздарын, Қолдарынан жетектеп, Үзіріне барады. Кейбіреуі ертелеп, Кейбіреуі кешелдеп, Ордаға қарай самғады. Ұялды хан бұл істен
Салған соң халық қауғаны.
Отырып тақта, назар сап, Қапа болып, қамығып. “Еріккен Құдай екі күйеу Қылады” деген сөз бар. Дана Салы уәзірін
Оңашаға шақырып, Осыған ақыл салады:
“Қарашы, қазір, тысқары, Тағы да бұған амал тап, Қандай қылсақ болады?
Қыздарын қолдан жетелеп, Мазамды алып барады”.
Уәзір Салы не деді? Ханға жауап береді: “Айналайын, хан тақсыр,
Тағыңда тыныш отыршы! Осы келген жұртыңа Менің өзім барайын.
Ұят болса, бұл істі
Қылдырмас еді Құдайым.
Мастықпен қылған жерің жоқ, Бұл да өзіңнің талайың... Дүние үшін бастарын
Базарға салып бәрі жүр, Айналып оң мен солына. Бәрі емес, біреуін,
Бір дұрысын қарайын. Әдемілеу, аласа,
Орта бойлы, дембелше, Айыр құйрық, мүшелі,
Күләлі жақсы сиырдай, Біреуін таңдап алайын.
Жаққаны маған бар болса, Сізге де жағар ақыры.
Арғысын ары өзің біл, Қойныңызға салайын”. Осыны айтып ер Салы, Аралап бір-бір қарады, Келгендердің тамамын. Ешбір адам жақпады,
Орта жүздің елінен. Абиырлы реңдер
Бірінің тапты хабарын, Құштар еді көп бала,
Айымқыз дейді аттарын. Алып қалды осыны, Дүние беріп аямай,
Разы қылып қалғанын. Оңашаға апарды.
Хан да барды қамданып.
Құпиялап айтайын Онан соң не болғанын:
Дәуірін сүріп неше жыл, Қайғы кетіп көңлінен. “Берер, – деп, – тәңір ақыры” Бірнеше жыл шыдады.
Уақытсыз бола ма?
Сонда да нышан болмады. Бір күні тұрды қамығып, Артықша етіп наланы:
“Пешенемде жоқ екен, Не қылсам да, болмады”. Бөлінді түрлі қиялы.
Шақырып алып кішісін, Ханның айтқан жауабы:
“Айымқыз, болды әулие түнегенің, Құдайдан бір ер бала тілегенің.
Ешбір жан бір дегенде тәуір көрмес, Бәрі де жеккөрінішті тіленгеннің”.
Үмітсіз жалғыз шайтан деген сөз бар,
Үмітпен сарғайтыпты реңдерің. Кетемін енді, міне, жаһан кезіп,
Кеудемнен жан шыққанша жүре берем. Ұл түгіл, қызын Құдай аяп қойды, Болғанда, қайғырмас ем, бір ермегім.
Өмірің менде тұрсаң, өтер босқа, Болмасын саған обал, өсіп-өнгін. Бар, рұқсат, мен риза, Құдай риза, Айнал да Әзіретті жүре бергін...”
* * *
Осыны айтып хан Тәуке,
Рұқсат берді Айымға, Қалмайын деп забырға. “Рақым қылдым, ойланып Сенің де жас жаныңа
Бір баланың зарпынан Жапанға қаңғып барамын.
Жүрер болса бірлесіп, Бәйбішені Гүлханым Жолдас қылып аламын. Көңілдегі болмастан,
Қаңғырып кетіп барамын. Тірегімді бермеді,
Көзімнің жасын көрмеді. Болмасына көз жетті, Бұл қиялды қоямын”.
Егіліп жүріп ер Тәуке Астанасын айналды. Хан тағына хан етіп
Уәзірді Салы сайлады. Ханның тастап киімін,
Қалендер киді лыпасын. Тәңірге мойын ұсынып, Қолына алды асасын. Бірлесіп шықты Гүлханым, Тастап зерлі торқасын. Ханға қарап тарынып,
Бір сөзді сонда сөйледі. Төгіп тұрып көз жасын:
“Мұңдасым, ақылдасым, құлағың сал, Иесіз қалды шіркін дүние-мал,
Бір жерде өліп кетсең, кебін болар, Әжетке жарарлықтай дүние ал. Жиреніп, көмген адам, ерінбейді, Зеріңнің көз жұмғанша керегі бар.
Тұл қалып жеті жылдай тумай жүрген, Жылқыда құла торы бір байтал бар.
Е, тақсыр, баяндайын алдыңызда, Байталдың адам тәріз ақылы бар.
Зарлансам кей уақытта, кісінеп кеп, Иіскеп тұрушы еді бұл жануар.
һәм, жолдас, һәм мінерге көлік болсын, Хайуан да болса, ақыл осында бар. Түбіңіз – Шыңғыс ханнан келе жатқан Нақышты дүрри гауһар бір жүзік бар. Салсам, – деп, – итаяққа ойлаушы едім, Ішінде алтын сандық тұрған шығар.
Мәбада сізден бұрын ажал жетсе, Саусағым шірімесін, қолыма сал. Еңбек мал, әлдекімге бұйырасың? Дүние мұндай болсаң, адыра қал.
Хан қолына жүген алып, жылқыға келіп еді. Құла байтал көзінен жасы шұбырып, ханның қасына келіп тұра қалды. Хан көңілі бұзылып, аяп кетіп, мойнынан құшақтап, жылап тұрып айтты:
“Деуші еді хан Тәуекел патша мені, Мінбекке жүгендедім, хайуан сені. Адамнан сорлы болып мен шығып ем, Қасартты, мендей қылып, Құдай сені.
Таптым ғой бір қылмыстан, – деп ойлаушы ем, Жануар, себеп қылды саған нені?
Ұрықсыз жаралғанда мақұлық жоқ, Ағаш та жапырақтап, мәуе береді.
Биылғы шашқан ұрық жазға шығып, Мамыр боп дүние-жиһан көгереді.
Тасбақа қырық күн қарап қадалумен, Онан да бір талай боп ұрық толады. Жануар, Құдай иіп, құлын тусаң,
Тағы бір ниетім бар көңілдегі. Мәбада Құдай маған бала берсе,
Ат қылып, жақсы ниет, мінсін соны. Қуансақ, қуарсақта бір жүрейік, Қосылып, қайда барсақ, екі сорлы”. Осыны айтып Тәуекел,
Жүгендеп мінді биені.
Гүлханыммен екеуі
Ел-жұртымен қоштасып, Арыздасып жыласып, Бет алып енді жүреді.
Жер-жиһанды кезеді. Әулиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып, Бір перзентті тіледі.
Бір күндері болғанда,
Ыдырыс нәби, Ысқақ бап
Бұған да келіп түнеді.
Болмады ешбір башарат, Онан да өтіп жөнеді.
Ешбір белгі болмады. Әулие қоймай қыдырды, Етегін шеңгел сыдырды. Нағышбанға бармақшы, Бәрінен үзіп күдерді.
Бәйбішесімен екеуі, Қоқанменен айналып,
Бұқараға кірді аралап.
Баһауиддинге түнеді, Белгілі нышан болмады. Қарадария дегенді Қайтты енді жағалап.
Байталын отқа қояды, Тағамын ішіп саялап.
Жарылып дария күңіренді, Бір хайуан шығып келеді. Кеудесі жылқы, басы адам,
Осындайша сүйегі.
Байталға келіп асылды, Иіскелеп аймалап,
Түсіп кетті қайтадан,
Байталы қалды арам ап. “Иншалла, ат болсын, Құлындаса балалап”.
Жүрегі кетті жарылып, Жыласты біраз қамығып.
Бір дауыс келді ғайыптан,
Ұйықтаса көз ілініп: “Талабың сонда болады,
Қашқарда бар Базұрық”. Бейшаралар қуанды Көргендей әзір жұбанды. Жалаң аяқ, жалаң бас
Қашқарға бармақ талабы. Келе жатса жеделдеп, Жолықты сансыз саудагер. Танымайды ешбірі
Хан мен мынау ханымын. Алыс-жуық, жақыннан Жай-күйлерін сұрады.
Көп саудагерлерден: “Алыс-жақыннан естіген-білген не хабарлар бар?” – деп сұрап еді, саудагерлер жамырасып жүрген жерлерін, алған бұйымдарын, тапқан пайдаларын айтысты. Екі мүсәпірді бұлардың сөзі тойдырмады. Ақыр соңырда біреуі: “Қашқарда Аппақ қожа Ешен деген пайда болды. Ешен рақым етсе, тумаған әйел ұл туып, жылағандар қуанады екен”, – деді. “Көп сандалғанымыздың бірі-дағы, соған да бір барып, зиярат қылайық”, – деп, хан мен ханым Қашқардың жолына түсті. Бірнеше күн жол жүріп, табандары ойылып, Қашқарға кетті.
Ерлі-қатын бірлесіп,
Жол тартты бұлар қабағат, Бола ма деп дарамат.
“Аппақ қожа пірім” деп, Зарлайды жолда етіп жат. Аянбастан жүрген соң, Аяқ-қолы болды жарақат.
Еңбектері жансын да, Осынша тартты қасірет. Бір күндері болғанда, Астанаға бас ұрып, Қожаны қылды зиярат. Түнде жатса жазғандар, Дәрет суын жолына Әзірлеп қылды қызмет.
Жақсы-жаман жауап жоқ, Қылғанымен көп пұрсат.
Бір күндері болғанда, Қожасынан түңіліп, Көңілі тағы бұзылып, Гүлханым айтты Тәукеге:
“Жер-жаhанды аралап, Бір бала, деп, зарладық, Өмір өтті заяда.
Босқа жүріп сандалдық, Өлі әулие бермеді.
Тірі әулие жебей ме?
Болмады перзент лайық. Онан-дағы патша,
Қызылбасқа баралық. Алтынға тең тартсақ та, Бір бала сатып алайық. Өзімізден туды деп,
Әмбеге хабар салайық. Елде қалсын сүйегің, Қой, енді елге барайық.
Хан айтты: “Бәйбіше, бұл не дегенің? “Тауып алмай ұл болмас, сатып алмай құл болмас” деген. Кісінің шырағын кісі шығарма еді, елге не деп барамыз? Онан да жалғыз жанды күйттеп, Мекеге баралық”, – деді. Екеуі түнімен ұйқтамай жатып, таңға жақын көзі ілінді. Тәукенің түсінде аспаннан нұр түсіп, бәйбішенің етегіне кіріп, нұр қайтып көкке шығып, ай болып туып, бара-бара оншақты ай болып бытырап кетті.
Ұйқыдан шошып оянып, қуанғаннан жылап, бірі-біріне жориды:
“Бәйбіше, мен бір түс көрдім,
Осылайша баяны.
Сен де соны көрдің бе,
Елестейді алдымда. Көргендей әзір өңімде,
Ай болып туды жарқырап. Бара-бара көбейді.
Ұрығының бәрі хан болып, Дариды екен көбіне,
Ұзақ өмір көп жасап. Жанады екен шырағым.
Сұрағаным қабыл боп, Болады екен мұрадым.
Қызығын еркін көрмеспін, Құдыққа түсіп құладым.
Бүгін өлсем арман жоқ. Естісем даусын баланың”. Біріне-бірі жорытып,
Кірді шат боп ажары. Қуанып бұлар тұрғанда, Білінді Ешен хабары.
Сәлем беріп байғұстар Тағзым етіп тұрады. “Жанар болды еңбегің
Башарат бүгін көрдің”, – деп, Арқасынан қағады.
“Бір бала”, – деп, бейшара Талай жерге сандалдың.
Әулие қоймай қыдырдың, Бәрінен бар хабарым.
Жағасында дарияның
Су тұлпар шауып биеге, Бір Құдай салды назарын. Мінер аты белгісі
Туатұғын баланың. Пәлен күнде туылар, Пәлен айда білініп. Есің кетіп көріп ең,
Есім қой атын балаңның. Аллау әкбар, рұқсат,
Бар, жолыңнан қалмағын”.
Бата алып бұлар жөнеді, Қуанып елге домалап. Көңілдері шадыман, Төте жолды жағалап.
Бірнеше күн жол жүріп, Аз ғана емес, мол жүріп, Адам шықты алдынан
Келе жатыр еді жазғандар Алтайдың тауын аралап. Салы уәзір хан болып,
Тұрушы еді орындап. Хан кеткеннен қапа боп,
“Тілегін Құдай берсін” деп, Көзінің жасын көрсін деп, Дерек салып әр жұртқа, Сұраушы еді хабар сап.
Іздеушілер жолығып Амандасты қолын ап. Елдің жайын сұрады, Тағам ішіп, демін ап.
Еліне есен келеді,
Қарсы алды халқы қуанып. Әр түліктен мал сойып, Той қылып жұртқа береді.
Есімге жүкті болып ханым тұрды. Биеден құла торы сөз білінді.
Жүні жоқ қара құлын құлындапты, Жабыдан түрі бөлек неше қилы.
Бір бауға адам бармас қоя беріп,
Жанына жан жолатпай бағып жүрді.
Шапқанда шаңына жан жете алмайды, Бақшадан бақшаға ырғып қуаныш қып. Гаухардан нақыштатып ер қылдырды. Енді мен иесінен сөз қылайын:
Су тұлпар бола берсін осы түрлі. Бірнеше уақыт өткен соң, Гүлханым жүкті болады, Құрсағы шығып томпайып,
Бара-бара ұлғайып
Тоғыз ай, он күн тауысып,
Бір ұл бала туады.
Жүзі жарық баланың, Тұрғанындай шам жанып. Ханнан алды сүйінші,
Елі-жұрты қуанып. Қазынаның ашып ауызын, Сыйменен халқын суырып, Есім қойды аттарын, Пірінің сөзін ойланып.
Түсірмей жерге қолға алып,
Жібекке орап бағады.
Алтын бесік жасатып, Гауhардан шеге қағады. “Жараға берік болсын” деп, Киелі дәрі жағады.
“Әмбеден әзіз болсын” деп, Алтынмен жуып алады.
Жетіге жасы жеткен соң, Оқуға ауды талабы.
Он беске жасы жеткенше,
Әр түрлі ғылым алады.
Осы жастың ішінде,
Білгір, тапқыр артықша, Адам болды саналы.
Топ ішінде сөйлесе, “Олай емес, бүй десе”, Халқы көріп таң қалды, Бұл сықылды дананы.
Су тұлпардан туғаны, Қара жорға ат болды.
Желден жүйрік жануар Иесіне тап болды.
Мініп алып Есекең,
Баптанып қарсы жауына Тартады садақ толғанып. Өнерге сонша жетілді, Теңгені дәлдеп, обаны, Тастайтын болды аударып. Ғылым, өнер үйреніп Есейген соң Есекең,
Хан, уәзір кеңесіп,
Қосынға қойды сардар қып. Жетіге Есім жеткенде,
Анасы туған бір қызды, Ханымша қойған аттарын. Бір ұл, бір қыз көрген соң, Артықша Құдай берген соң, Қайта жасап екеуі,
Қуанышпен шаттанып, Ажыратпай қасынан.
Пәруана болып басынан, Отырғызып қасына,
Тағына бірге апарып. Қай түрлі іс болса да, Түсініп алсын аңғарып. Ие болса халыққа
Артымда кейін соң қалып.
Есім Қашқарға аттанды
Бір күні қайтты жеке өзі Хан Тәукенің алдынан. Келе жатса баласы,
Алдынан шықты анасы. Бетінен сүйіп аймалап:
“Айналайын Ешеннің Түскен-ай, – деді – саясы. Өмірің берсін, шырақтар, Ақыры Құдай аласы”.
Сонда Есімге қайал түсіп. “Менен де жақсы көретін ол – қандай Ешен?” – деп, анасынан сұрады.
“Шырағым, сен бітпей тұрғанда, неше жыл көз жасымыз көл болып жүріп, Қашқардағы Аппақ қожа деген Ешеннің себебінен пайда болғансың”, – деп, анасының айтып тұрғаны.
Гүлханым сонда сөйледі: “Сұрап алған оғланым, Не күндер өтті басымнан, Қайғылы күнге шыдадым.
Көз жасымнан көл тұрған, Гүлханым сынды анаңның. Әулие қоймай қыдырып, Бәріне бір-бір барғанмын. Төбе көрсем, бір түнеп,
Бір малдан құрбан шалғанмын. Болмаған соң бәрінен,
Естігенбіз Қашқардан Бір әулие хабарын.
Аппақ қожа піріңнің, Тәңірі салды себебін. Тумай тұрып аталып,
Қойылған сонан намдарың... Сізден кейін туылған Ханымша – мынау ділмәрің. Сол күндер естен шығып жүр, Туған соң екі қарағым.
Жақсылығын көрген соң, Болса да алыс, ықыласпен Әрдайым еске аламын.
Бейнетін қатты көрген соң,
Рәтін көрсет, Құдай-ау, Алдымда екі баланың”. Анасы осылай деген соң, Білді Есім жайларын.
Тумай тұрып, әуелі Бәшарат сонан болғанын. Құмар болды көрмекке.
“Бір көрсем” деймін қаялым, Бармаққа ауды талабым
Жақсылық көрген жеріңе, “Еңбекте де жет” деген Нақылы бар сананың.
Дуамен ер көгерер,
Көпке арзысын бір басым, Дұғасын барып аламын.
Ата-анам, бер рұқсат, Керек емес тәж-тағың,
Қашқарға енді барамын”.
Мәжілістен келіп хан Тәуке,
Ұлының көрді зарлығын.
Білді сұрап анығын. Қоймасына көз жетті, Арада қанша сөз өтті. Қанып апты ханымнан
Қашқарда Ешен барлығын... Көтеріп басын ер Тәуке, Ұлына айтты: “Шырағым, Бір насихат айтайын.
Керегін кейін білесің,
Сөзімнің тыңда кәмілін. Шекарасы – Қазығұрт,
Шаhары – Ташкент, Самарқанд Қатаған деген бір жұрттың.
Шибани дейді хандығын Осыдан үлкен жауың жоқ. Арада өткен қысас көп, Келе жатыр бұрыннан
Атадан-ата дұшпан боп. Дос пенен қасты байқағын,
Жетеді енді пайымың.
Пәлен ғарда қазына бар, Осы күнде көріп кел,
Білдірмей жұртқа, жасырын. Салы атты уәзір бар,
“Өл” десе өліп-тірілген.
Дос пенен қасты байқасаң, Үлкені осы досыңның.
Қырық жігітті сайлап ал, Палуан нағыз айлалы.
Келгенше – барып тосам мен...
Тілеп алған жалғыз ұл Досы келсін қасына, Дұшпанын алыс қашырған. Қуанып барып, күліп қайт, Аллау Әкпар, рұқсат,
Артымда жалғыз нәсілім.
Бір кетсең қайтып көрмеспін, Та – қиямет болғанша, Жоруы осындай түсімнің.
Қолыңнан сусын бермедің, Көзіңмен көрмей өлгенім. Бойыңды аулақ қашырдың Бір тәңірі, саған тапсырдым, Аман бол, жалғыз нәсілім”.
Хан Тәуке баласына бата берді, Қазына – алтын, күміс артады енді. Қасына қырық жігіт сайлап алып,
Қашқарға аттың басын тартады енді. “Шырағым, қияметте көрермін” деп,
Тәуекел жылап-еңіреп қайтады енді. Аң атып, тамаша етіп тау мен тасты, Күндері шаттықпенен өте берді.
Арада таулар асып, сулар көшіп, Қашқарға бір күндері барып кірді.
Халқымен Аппақ Ешен отырғанда, Іздеген хан ұлынан хабар келді.
Ер Есім қырық жігітпен аттан түсіп, Иіліп әдеппенен сәлем берді.
Ап келген тартуларын тамам беріп,
Хал-жайын Тұранының айтады енді.
Білмейді ойын-қызық тамашамен, Арада алты-жеті ай күн өтеді.
Ер Есім Ешенінде жата тұрсын Хабарды Тәуекелден айталы енді.
Хан Тұрсын Түркістанды шапты
Сол заманда Ташкентке Қараған көп халықтың, Қатаған дейді намдарын.
Шибани ханның нәсілінен, Шаh–Тұрсын дейді хандарын.
Қарақалпақ, Қатаған
Самарқанд, Жызақ Қоқан мен Сұраушы еді барлығын.
Мұсылманның кетірген О басынан, әлеумет, Алалық деген шендерін.
Хан Тұрсыннан сөйлейін, Түсініп бәрін, аңғарғын. Бір күні айтты шаһ Тұрсын, Жиып алып жұртына:
“Арқан дәулет, құлақ сал, Бір пайдалы сөзім бар.
Жеткілікті бәріңе
Осы жолы дүние-мал. Ежелгі қазақ дұшпаның, Бұл сөзімді жадыңа ал. Түркістанды Тәуекел
Қазақтың қазір ханы сол. Қартайған ғана шалы бар. Қымыз ішіп, мас болған,
Халқының аңқау әлі бар.
Ұлы кетті Қашқарға
Адамын алып жарамдар. Қарауылсыз, күтімсіз,
Бейқам жатқан жайы бар. Шөлейтпенен барайық, Олжа, жесір талайық.
Білінбей барып түнінде, Түркістанда шабайық.
Бір аяқ жансыз жіберіп,
Әуелі хабар алайық, Неше жылғы кегіңді Сөйтіп бір енді алайық. Осы жолы тілімді ал
Бірің қалмай, бәрің бар. Қызыл тұмсық боласың,
Есепсіз қанша дүние-мал”. Осындай деп хан Тұрсын
Ташкенттен шықты сайланып. Желбіретіп туларын,
Жалаң қылыш байланып, Қатаған деген елінен Есепсіз қосын айдалып.
Түркістанды қамады, Түн ішінде айналып. Нақақ төкті қандарын,
Есепсіз халықты жамғарып... Түркістанды қалың қол Айнала қоршап алады.
Қатты састы халығы.
Жекеге шыққан ер болса, Ортаға алып қамады.
Қарайғанды оқ жұлып, Тартылды қазақ заманы. Бөксе жағын бөрі жеп, Кеуде болды аманы.
Қорықса да қой өлді, Дұшпандар тұтты жағаны. Жанды қарға ұшқызбай, Осындай болды лаңы.
Зеңбірек, мылтық, оқ атса, Жұлдыздай болып ағады. Тәуекел айтты жұртына: “Тірлік бұмен болмады
Мың күн жүріп, жаманат Ілінгенше басыңа,
Бір мәртебе өл деп, жақсы атпен”. Машайықтың кебі еді.
“Қырық жыл қырғын болса да, Ажалды өлер адамы”.
Қазынаның аш ауызын, Испаhанлы қылыш ал. Өлсең қалсын денеңде, Сауыттар кигін жағалы. Қазам жетсе, кебінім
Жылдамдатып кигізгін, Алтын айдар гүләні.
Шошып тұрмын мен бүгін, Заманым қандай болады?” Ханымша атты қыздарын,
Бауырына қысып ап, Сүйіп-сүйіп алады.
“Өлгенде көрген шырағым, Жазым болсам майданда, Заманың қандай болады?
Бұрынғының нақылы “Сұрап алған жалғыз ұл Жолда, жұртта қалады”.
Армансыз болып өлер ем, Осындайда бір көрсем
Артымда жалғыз баланы”.
Халқын жиып Тәуекел, Майданға шықты қамданып. Артына ерді ерлері,
Баршасы да сайланып. Доп, зеңбірек қояды, Жау тарапқа оңғарып.
Сары жай тартып, оқ атты Тудың түбін болжал қып. Көрсетті хан өнерді
Есік-есік жол салып: “Тірлікке қайрат қылайын, Заман жоқ келер айланып”. Сілтегенде Тәуекел
Он адамнан жамғарып, Мұнар болды жер-жаhан, Күннің көзі қызарып.
Үріккен қойдай қашып жүр, Қай тарапқа бет алса, Жапырақтай түсіріп,
Кәріңіз қылды тамаша.
Сел болып сайдан қан ағып, Нөсер болды оңаша.
Құмдай боп қаны ағып тұр, Жаны шығып, жерге құласа. Кім бар, кім жоқ белгісіз, Әдиса таң-тамаша.
Тәуекел атты ханыңыз Он бес жерден жаралы, Денесін бір күн қараса.
Есі кетіп, сандалып, Құлады жерге жанаса. Туы құлап қалыпты, Есін жиып бір уақта, Оң-солына қараса.
Хан есін жиып, жан-жағына қарап еді. Туы құлап, халқы қашып, ада болғанын көрді. Гүлханым бәйбіше мен жеті жасар қызы Ханымша қолға түсіп, зарлап қалың жаудың ортасында тұр екен. Хан өлерінде айтты:
“Замандас, жау да болсаң, құлағың сал, Азырақ саған айтар арызым бар.
Баршамыз мұсылманның баласы едік,
Мұхаммед шапағатшы ақ пайғамбар. Тән бердім, күмәні жоқ тағдырына,
Ажалым сенен себеп болған шығар. Сипай көр жетім-жесір маңдайынан,
Бір қыз бен Құдай берген жалғыз ұл бар. Пәтшағар, бейәбиір қылып жүрме, Біріңе, тірі болса, қатын болар.
Жалтаңдап, жетімсіреп қалар болды,
Атам, – деп, – хан Тәуекел, кімге асылар. Бүгінгі ажал маған, ертең саған,
Құдай – бір, кезек – екі, ойланыңдар! “Басыңды жомарт кессін” демеп пе еді,
“Жанымды, жаллат болсаң, қанамаңдар.
Сүйегім ит пен құсқа жем болмасын, Хан Тұрсын, замандас ең, тасалай сал. Айтарсың білімсізің: “Жалынды” деп,
Жарғақ қып, енді менің шонтайымды ал”. Қаза жетіп Тәуекел
Дүние салды осылай. Дұшпанын шауып мұқатып, Хан Тұрсынның көңілі жай. Қуанып елі теп-тегіс,
Төрт түлік малға болды сай.
Олжа, жесір үлесіп,
Не қылғанмен болды бай. Мал айдалып шымалдай, Дүние кімді тасытпас, Жарлысы да, байы да, Кәрісі де, жасы да,
Бәрі шалқып қуанды-ай. Ташкент барды хан Тұрсын, Көңілі тасып, шаттанып.
Ерлердің көңлі раушан, Есепсіз қанша олжа алып. Қатыны шоры жұмсады, Мастықпен бәрі паңданып.
“Артым қандай болар” деп, Өкінбейді ойланып.
Сұрап алған Ханымша Қорлық көрді мал бағып. Өмірі өтті осымен, Ертелі-кеш сандалып.
Опасы жоқ дүние-ай, Гүлханымдай бәйбіше Су әкеліп, от жағып,
Қылмасына лаж жоқ, Қолына балта, шот алып. Бұлар тұрсын қорлықпен Қашқардағы баладан Енді Есімнен қозғалық.
Есім Қашқардан қайтты
Аппақ Ешен қолында
Қашқарда жатты бес-алты ай.
Қызметкер бар аз адам, Ішкені болып таза шай. Зеріксе шығып аң аулап, Қару-жарақ бәрі сай.
Әмбені бір-бір мас қылған, Бозбаланың саудасы-ай.
Бір күні ұйықтап кеткенде, Бір іс көрді ер Есім.
Түркістанды өрт алып, Қараңғы тұман боп тұрды,
Көпке дейін ашылмай. Атасы тұр теріс қарап, Тәжісі жоқ басында-ай. Қарындасы, шешесі, Салы уәзір – үшеуі
Аяқ-қолы шынжырлы, Тұман түскен басына-ай. Қарғалар шулай бастады, Жақындап еді қасына-ай. Аппақ қожа Ешені,
Тұйғын салды бір нұсқап,
Қырғын сап бұған қосылды-ай. Қашқар жақтан жел тұрып, Шаhардан тұман ашылды.
Бір қол шығып ғайыптан, Атасының тәжісі,
Киіліп қалды басына-ай. Жылай берді оянып,
Түсінен жаман шошыды-ай. Айқайлап қатты жылады,
Түсінің әлгі дерегі. Бәрі шошып оянып,
Жігіттер жиылып келеді. “Ханның ұлы ханзада, Ойбай тақсыр, не? – дейді.
Шошынсаң, тақсыр, періден, Ешенге хабар берелі.
Тәуіп, құшнаш, балгерге, Дем салдырып көрелі...” Жылаудан бала тынбады,
Айтуға аузы келмеді.
Жалғыздың жары – бір Құдай, Жаратқан болсын көмегі.
Ата-анасы қорлықта, Баласы болса, далада. Көрсетпесе қайратын, Баланың не керегі.
“Жігіттер несін сұрайсың? Бір сыр болды халыққа, Хан Тұрсын болып себебі.
Қайранда өткен атаекем, Насихаты көп еді, Байғұс басым білмеппін, Осынша маған деп еді”.
Үрей боп бұлар тұрғанда, Ешеннің білді сарынын. Әлейкі алып сөйледі, Түрін көріп бәрінің:
“Тағдырға тән бер, шырағым, Сөзін тыңдап піріңнің,
Хайуан да сыйлар ұлығын.
Әмбеден де зары бар Ойлап тұрсаң өлімнің. Қанаты бүтін жан бар ма? Ұнатам көңіл сынығын.
Насихат сөзін естігін, Сөзін тыңдап кәрінің.
Тәкәппарлық қылмайсың, Кем-кетіктен жетілгін, Өткен іс келмес орнына
Ақырын хақтан өтінгін.
Мүләйім болып, сынық бол, Үлкейген сайын кішіргін.
Рас қой бол, шын сөйлеп, Хақ жолына ұсынған.
Асқанға қанша жаза бер, Көңілін аула кішінің.
Қаласында Самарқан Әмір Темір патшадан Қалған екен бір қылыш,
Жазып алса, он бес кез, Бүктеп келсе, бір уыс. Осыны беріп Есімге, Байлап жатып беліне:
“Қан ұрттамай, шырағым, Қатысына түспейді, Бұйағына түсінген,
Ырымға алған пал қылып. Әкең сойған қойының Сақтап едім ілгері
Ту қара қойдың асығын.
Дабылға тілла иіргін, Оңқадан тұрса, оңладың. Басқасы болса, насырың,
Жолың болсын, бар балам, Хан Тұрсынды қашырғын”. Ешені насихаттап бата берді,
Ақылын бастан-аяқ айтады енді.
“Жан балам, есендікпен көрсетсін” деп, Қоштасып, шығарып сап, қайтады енді.
Келеді жардан ырғып, тастап сырғып, Көргенше шыдай алмай ата-ананы.
Бәрінен жігіттердің озып шығып, Тұлпарға қамшы басып жөнеледі. Көргенше шыдай алмай елін-жұртын, Жас төгіп жолда зарлап еңіреді.
Түркістан, шаhар Сайрам аман ба екен, Қазағым киіз туырлық, керегелі?
Жараным Дешті-Қыпшақ аман ба екен, Жарлы-бай, жақсы-жаман, жас пен кәрі?
Қамқорым, дұғагөйім аман ба екен, Көретін күн бар ма екен ата-ананы? Сүйенішім, таянышым әм қанатым – Ханымшам ағакелеп көрсе мені.
Алғыскөй, қыбылагерім аман ба екен? “Дұғамен ер, – деген сөз, – көгереді. Жолықсам сау-саламат осыларға
Мекке мен күзерлер ем Мединені. Алматы, жеті дуан, шаhар Сайрам, Өзбек, Ақмешітім, Қазалымен.
Ата-анам қайтып шыдап отыр екен, Бір сағат тайдырмайтын назарынан. Түсімді көргеннен-ақ шошып едім,
Сенбеймін бұл жағыма, ойбай қайдам!..” Осыны айтып ер Есім,
Тұлпарға қамшы салады. Еті қызса жануар, Жұлдыздай болып ағады. Қызған сайын шабады, Үй жыққандай екпіні.
Көлденең ұшқан құс болса, Омырауда қағады.
Көтеріліп үйрек ұшқанша, Жұмарланып қалады.
Қусырылып жердің танабы, Артында жатып қалады.
Қара тасқа кезіксе, Жаңғырықтай қылып шағады. Кейбір тастан от шығып,
Шамдай болып жанады.
Неше тауға кезіксе, Анда-санда қалады.
Бір күн шапса су тұлпар, Айшылық жолды алады. Жер-жаһанды күңірентті, Көргенше ата-ананы.
Келе жатса, алыстан Көреді бір топ қараны, Жайылған көп пада екен. Отынға жүрген қатынға
Баланың түсті назары.
Жасырындап тыңдап тұр, Қатынның айтқан ғазалын.
Анасының зары:
“Қашқардың жолы қашықта-ай, Сүйегімді жасытты-ай,
Лаж бар ма тағдырға, Көрер күн болса осындай? Алатауда ақша қар,
Ташкентте залым Тұрсын бар. Айналайын атыңнан,
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар, Отыз үш мың сақаба
Медет бер тақсыр, Әліайдар! Тоқсан тоғыз мың машайық, Сұлтанлы-арпыл назар сал.
Кәтте Базырық әзіздер Болсаңдаршы хабардар
Тұз-наныңды татып ем, Аппақ қожа қолымды ал. Бір патшаның зайыбы ем,
Отын, сумен болдым қор. Әулие қоймай қыдырып, Сұрап алған жалғыз ұл, Еш болмаса, хабар ал.
Жолбарыс, қабылан сақтаған, Торғайдың қалың бадалы.
Аспаннан бұлт қашырар, Қыбыланың соқса самалы. Бейнет, қайғы, жылаумен, Әл-дәрменім қалмады.
Сусын десе, беруші ем, Шекер менен алуаны. Қара су болды ауқаты,
Атам, – деп, кімге шағады. Залымдарды ұрмады
Жәс нәресте обалы. Жеті жасар қызымды Ортаға күнде алады. Қабырғасы қатпаған, Кімге де тиді залалы.
Армансыз боп өлер ем,
Бір көрсем жалғыз баланы.
Дәйімі зарлаумен күнім өтті,
Ұстадым күн жебелеп, балта-шотты. Қамқаны апта киіп тастаушы едім, Сол күнім, қазір менің қайда кетті?! “Дәулет бер қартайғанда” деген екен, Шағымда өлетұғын имеңдетті.
Талайға қол қайырды қылып едім, Алдыма бірде-бірі келмей кетті.
Ханымшам, қайран жаным, ерке қызым, Жалтаңдап әркімдерге өмірі өтті.
Қосылған бала күннен керт Құдайым, Әйтеуір, менше қорлық көрмей кетті. Құдайдан өліп-талып сұрап ап ем, Құлыным Есім атты қайда кетті?!
Тимесе ол дүниеде, бұл дүниеде Пайдасы жалғызының тимей кетті”. Осындай деп Гүлханым,
Зарлайды қатты қамығып.
Арқан-жібі қолында
Ескі тонды жамылып. Қанша мықты болса да, Шыдасын енді не қылып? Анасы бүйтіп тұрған соң, Тұра алмады сабыр қып. Атынан түсті секіріп, Тұра алмады бекініп.
Айқайласып көрісті, Анасымен өкіріп.
Осылай бопты ел-жұрты, Көрмесе бәрі өтірік.
Айтуға аузы бармастан, Құшақтасып жыласты. Аз ғана емес бұларға Хан Тұрсынның лаңы. Құшақтап Есім анасын, Өксіп жылап тұрады.
Анасы айтып жылайды: “Сұрап алған, оғланым,
Бір жыл айтсам таусылмас, Басымнан өткен мұңдарым. Мен білмеймін ұрыста,
Қазақтың қандай болғанын. Хан Тұрсын қосын жиып кеп, Қамал қылды жарым ай, Түркістан атты қалаңа.
Ұрыс болды неше күн Шаһар менен далада. Жазым қылды әмбені.
Қараңғылық орнады, Бала менен шағаға.
Сонан қайтып көрмедім, Көп қосынмен атаңыз Шығып еді далаға.
Бөксеңді қойды бөрі жеп, Қадамың жетті жаңада.
Екі көзім далада, Сорлы көңілім балада. Серуендеп сен жүрсің,
Баланың көңілі далада.
Атаң сорлы ашынып, Бара жатып майданға Бармағын тістеп зарлады:
“Бір перзент” деп қоймап ем, Қыдырып Дешті даланы.
Өліменен тірі ісі жоқ, Жастық қойып басына, Сусыны нәсіп болмады. Атаңның кегін жібермес,
Баласы болса алалы. Төмен етек әйелмін Жауға қылар шама жоқ. Қазынадан айрылдық, Сол қырғында талан боп.
Кеудеден жаны шыққанша, Зарлап кетті “бала” деп.
Ажалға ара тұрмайсың, Қисайған сүйеп басынан Армансыз болып кетеді,
Қолыңнан қойсаң кебіндеп…
Есім анасына: “Енді жылама, өткенге өкінбе, жетпесті қума”, – деген. Сен осы бойыңмен ешкімге білдірмей, осы жерде тұра бер. Мен қарындас пен Салы уәзірді тауып алып келейін. Үшеуің Түркістанға қарап жүре беріңдер, – деді.
Өзі жансыз бөтен кісі болып, хан Тұрсын алдына бармақ болды. Осы атырапта үш хан болушы еді.
Олар – айтылып отырған хан Тәуке, хан Тұрсын және Үргеніш жағын Әбілғазы баһадүр хан билейтін. Есім хан Тұрсынға осының жіберген елшісі болып бармақ болды.
Осылай етіп ер Есім,
Анасына айтты: “Жауап бер, Заман шіркін айналып Қараң кетіп ағың кел.
Жазым болсам қапыда,
Халқымды бассыз тағы жер”. Осылай деп ер Есім,
Қамшы басты атына. “Елшімін” деп танытты,
Қатағанның жұртына.
Бір тараптан шу шықты, Қарап еді артына.
Ханымша
Байқады қарап шамалап, Біреулер қуып келеді, Жеті жасар баланы.
“Қашасың ба, залым” деп,
Ортаға алып сабады. Әрқайсысы бір түртті, Жәкетайлап жылады,
Ешбір рақым қылмады. Біреулер кеп сол жерде, Өңгеріп алды сабалап. Есімге келіп тығылды, Жолаушы деп шамалап. “Айналайын, көкетай, Мыналарды тоқтатшы, Барайын бірге өзім-ақ”. Қарындасы Ханымша,
Қараса байқап, назар сап.
Дірілдейді бейшара, Қамаласа, ортаға ап.
“Мен-ақ алып жүрем” деп, Тоқтатты бала илалап.
Қыз бейшара жылайды: “Қашқарға кеткен көкекем, Келер күнің бар ма екен?
Жамалыңды сағындым, Атам өліп, жетім боп, Көрінгенге таңылдым.
Алуа ішкен шекермен, Атала ішіп қаңғырдым. Сабалайды ортаға ап, Мен бұлардан түңілдім. Жеті жасар күнімде
Осыншалық қылғандай, Ойбай, тәңірі не қылдым?” Осылай деп жылады,
Ешбір рақым қылмады. Қаһары келіп Есімнің
Түгі тесіп шығады.
Әрқайсысын бір іліп, Найзамен шаншып ұрады. Өліктерін жасырып,
Оңаша жерге тығады. Қарындасын құшақтап: “Айналайын бауырым, Туысқаным, туғаным, Қарындасым Ханымша,
Қашқарға кеткен сорлы ағаң,
Мен едім ғой”, – деп жылады…
“Шырағым, мынау аттың бірін мініп, біреуін жетелеп, падада жүрген шешеңе жет. Қарындарыңды тоқтап, атқа мініп, Түркістанға қарай жол тарта беріңдер. Жолда қашқындар жолықса ертіп алыңдар. Мен хан Тұрсынды бір жайлы қылып барамын, – деді. Есім елші пормасына түсіп, ханның алдына кіріп келеді. Хан орнынан ыршып түрегеледі. Елші бірнеше күн елшіханада қонақ болып жатты. Елші бала алдына кіріп келсе, хан орнынан еріксіз ыршып тұра беретін болды. Бұлай деп айтқанға сенбеген соң, уәзірлер бір күні ханның етегіне киіз тігіп қойды. Бала кіріп келгенде, хан киізді көтере түрегеліп, сонда сенді. Баланың қағазын көрсе, Үргеніштегі Әбілғазы баһадүр ханның елшісі. “Әбілғазы баһадүр күллі мұсылман хандарын шақырып, бір үлкен мәжіліс құрмақшы еді, соған сізді шақыра келіп едім”, – дейді бала.
Хан бұған нанды. Жарамды ерлерін алып: “Әңгіменің ішінде болалық”, – деп Үргенішке жүріп кетті.
Есім хан көтерілді
Есім далаға шығып, ілгері айтқан хабары бойынша үш жүздің баласын тегіс жинап, хан көтерілді. Әскер құрып, сап түзеп, елеулі ерлерін іріктеп, шығарып сап алдына қойды. Сол күнде үш жүздің баласында атақты төрт батыр болар еді. Ұлы жүзде, Бөгежілі елінен Шабайұлы Жақсығұл деген мерген еді. Қоңыраттан Алатау деген батыр еді. Кіші жүз Алшын-Жаппаста Бөрітоғашұлы Жиембет деген еді. Үйсіннен Сүлеймен батыр. Қай Үйсін екені белгісіз.
Далаға шығып ер Есім, Жинады қазақ жаранын. Тұтқындарын босатып,
Шақ қылды қосын тамамын. Сапсыз ерлер жиылды, Айтайын бір-бір хабарын.
Ұлы жүзден – Жақсығұл, Бөгежілі затынан,
Руы еді Жаныстан –
Шабайдың ұлы Жақсығұл, Ауада ұшқан аққудың
Шашар еді қандарын. Ер Алатау Қоңыраттан, Батыры еді әмбенің.
Бөртоғашұлы Жиембет, Алшын дейді, аңғарғын. Үйсін батыр Сүлеймен, Білмеймін ру намдарын, Пана қылды қазақтар.
«Атасының орнына,
Есім болды хандарың,
Нәсілі – Шыңғыс төреден Қабыл тұт мұны барларың. Құтты болсын тақымың, Мүбәрак болсын қадамың, Жолың болсын, әумин…» Дуылдасып қалың жұрт,
Кілемге алтын салады. Қазығұрттың басына
Хан көтеріп шығады… Ту көтерді, сарын қып, “Есім хан” деген ұранды. Шаппаққа енді қамданып,
Ташкенге қосын шығарды. Сапсыз ерлер жиылып,
Дүркін-дүркін айдады. Білдірместен шаһарын, Түн ішінде қамады.
Әр дарбаза аузына,
Мыңнан әскер қояды.
Зеңбірек атып, талқандап, Ордасын ханның бұзады. Аллалап тегіс ұран сап,
Қазақтың бәрі ұрады. Атқан садақ қалаға Қардай болып борады. Тұман боп оқтар түтеді, Өткізбеді аспаннан Жайын ұшқан қарғаны.
Тастан берік сарайды, Дәрі қойып ақтарды.
Найзамен түйреп кәрісін, Жасының басын жояды. Қарап етіп халқын,
Өз қылғанын қылады.
Жақсығұл атты мылтығын, Қалың топқа жобалап.
Талқандады саптарын, Қабаттап өтіп қидалап.
Қазақтар болды шадыман, Қатағандар жыламақ.
Алатаудай батыры
Қасқырдай тиді аралап, Жиембет асты бәрінен Тұс-тұсына қуалап.
Сауытқа тиген оқ болса, Жерге түсті домалап, Сүлеймен батыр жұмылды, Қабаттап қырқып, жаралап.
Өшпенді баз жазғандар, Қашқан жауға қатын ер, Күші жетпес жазғандар, Өлігін жүр сабалап.
Кейбірі кейіп сөгіп жүр, “Ұрайын қызыңды, өлдім-ақ”.
Тәшкеннің қырғын салды қаласына, Алалық бастан кірген арасына.
Ордасын бір күн, бір түн ойран етіп, Келтірді өзі қылған жобасына.
Сапсыз қазақтарға олжа түсті, Үлесін алып жатыр бас-басына. Қазына-мүкамбалын артып алды,
Өрт қойып хан Тұрсынның ордасына. Бір қатар Қатағаннан кетті қашып, Бармаққа Үргеніште хан қасына.
Есім хан айтты: “Халқым, құлағың сал, Олжаны тақсымымен үлесіп ал.
Алдынан жолын тосып іс қылайын,
Хан Тұрсын Үргеніштен қайтқан шығар.
Қасыма ығай-сығай жүзің ілес, Өзгеңіз осы арадан қайтыңыздар.
Әйтеуір жауды шаншып, намыс әпер, Болса да қанша олжа өздерің ал ”.
Шығарды Шыңғыс ханнан қалған туды, Туды ұстап жарқыратып, тұлпар мінді. Туына хан Шыңғыстың жасын сүртіп,
Ішінен тарқатты Есім сары суды. Сайланып, іріктеніп өңшең батыр, Ерлердің наһансінген бәрі жүрді.
Бір порым бәрі бірдей сыпайылар, Өнерпаз ығай-сығай неше түрлі… Сырдария бадалына жеткен кезде, Азырақ Бұқар жақтан шаң білінді.
Хан Тұрсын хабарланып қайтқан екен, Үш мәрте “Есім хан” деп дабыл ұрды. Қасына бірін-бірі жолатпастан, Атысып екі жақтан оқ жаудырды.
Найзамен хан Тұрсынды шаншиын деп, Есім хан тұлпарымен дарияға ұрды.
Ақыры араласып, кескілесіп,
Сырдария қызыл қан боп ағып тұрды. Ешені Аппақ қожа берген семсер
Он бестен-жиырмадан қан қып тұрды. Қайтпай, қашпай екі жақ,
Қырғын қылды қабағат. Қарсы шапқан ер дейміз,
Қашқынға болмай маламат. Хан Тұрсын келіп күрзі ұрды, Есім ханға дауамат.
Сүрініп барып түзелді Астындағы тұлпар ат. Ақылы ауып тоқтады,
Күшпенен қылды парасат. Жүгіртіп келіп найза ұрды, Жиембет деген азамат.
Тобышақ жазым боп кетіп, Хан Тұрсын түсті домалап. Қайрылып қожа жөнелді, Сүлеймен кетті қуалап.
Қатағандар тоқтатты,
Тұс-тұстан найза сидалап. Араласып шауып жүр, Қалқан ұстап паналап… Қаһарланып Жиембет
Ұстады найза қолына, Араласты аянбай
Қатағанның тобына.
Хан Тұрсынға күрзі ұрды, Сүйенді аттың жалына.
Ту ұстаған адамын Екі бөлді атымен
Келтірді батыр табына. Қатағанды қашырып, Қойша айдады алдына, Қашқанменен қоймады, Түсті ерлер соңына.
Әр жерде аттан түсіріп Сұлатты көбін жолына. Ақырында қашқындар
Жеткізбей кетті шаңына.
Хан Тұрсын қашты жұртымен Үргеніштің көліне.
Қарамады қайрылып
Қырғын тапқан еліне… Есім хан айтты айғайлап:
“Залым ит, бар ма арманың? Айнымай келді басыңа Өзіңнің қылған ылаңың.
Сен қылғанды мен қылдым,
Сенен артық не қылдым?
Пендем де, қатын-балаларым Қорқады деп ойлама,
Шыдасаң, тағы шындадым! Арманда қалсаң бұл сапар Тағы қайта қамданғын.
Сенімен бармын, хан Тұрсын, Сынғанша қылыш-балдағым”. Осыны айтып, ер Есім
Үлеске салды олжаны.
Дүниеге кенелді
Қасына ерген ерлері… Сауыт-сайман, асыл зат Шат болысты келгені. Қайтты енді жұртына, Жадырай түсіп елдері… Қайтып келді Есім хан Түркістан атты қалаға. Тамаша болды неше күн Бала менен шағаға.
Атасының басына
Қатым Құран түсіріп Әдия беріп молдаға,
Жұртына болды ұлы той. Неше күн өтті арада… Үргеніштің ханы еді Әбілғазы баһадүр:
“Жарасқын, – деп, – екеуің” Түсе берді араға.
Әбілғазы баһадүр хан
“Ассалаумағалейкум,
Арқан дәулет Есім хан.
Үргеніштен келемін. “Әбілғазы баһадүр”
Деуші еді мені қанша жан. Бітімге келген жайым бар, Сөз тыңда, уәзір, сыпамен.
Хан Тұрсынмен жау бопсың, Қандым көп сөз араңнан.
Пенделері себепкер,
Жақсы-жаман Құдайдан.
Насихат айтам, тыңдасаң, Жолдас болған кісімін, Тәуекел хан атаңмен. “Әкемнің көзі көрген” деп, Бір мәрте тұтсаң қадірдан. Жыламасын жас бала, Қорқыңыздар Құдайдан, Қайтыңыздар райдан.
Насырани жуит қарсы емес, Бәріміз де мұсылман.
Өсер ғана басың бар,
Шырағым, сенен сұрадым, Өз жұртың да аз емес, Тілеуін соның сұрағын.
Босатып бер пендеңнен Хан Тұрсынның адамын. Құсемет кетсін араңнан, Кідірут кінә шығарғын. Өлмесе де, өлімші,
Білдің бе Құдай ұрғанын?
“Алдыңа келсе құнын кеш Әкенің” деген сөзі бар, Машайықтың ұнауын.
Біріңе-бірің мұнан соң Ала көзбен қарама.
Нан сындырып, шартнама, Ортаңа Құран қоямын.
Әкең қатар хан едім, Бейәбир қылмағын.
Пайғамбар жасын жасап ем,
Бір жолға, балам, сыйлағын.
Пәтті бәби себеп ән, Құранның сөзін аңдағын. Көнбесеңдер мұныма, Менің жайым – Үргеніш, Бірің өліп, бірің қал,
Қызығыңды көріп тұрамын”.
Әбілғазы баһадүр
Осындай көп сөз нұсқады. “Кештім” деді ер Есім,
Құрмет етіп патшаны. Құсеметтерін тастады,
Қағаз қылып шартнама. Хан Тұрсын Құран ұстады, Өтірік қана өтініп,
Иламен көзін жастады. “Қулығым асып осыдан, Бізге болсын,”- деді де, Қолына ұстап бір бізді, Лақтырып тастады.
Әбілғазы сөйледі:
“Бұдан кейін жамандық Қайсысың қылсаң, мабада, Аруақ ұрсын ұранмен, Қияметке дейін оңалма.
Ұрық, нәсілің құрысын, Ағаштай боп, қуар да. “Әумин” десін періште, Машайық болсын дұғада. Батагөйің мен болдым,
Үргенішке қайтамын,
Сау болғын енді, жан балам, Тапсырдым сені Құдайға.
Есім хан айтты бір сөз: “Құлағың сал, Баһадүр Әбілғазы, арызым бар.
Мынау іс осылайша тындым болды, “Кеңге кең, – деген еді, – тарларға тар”. Адамнан, Әзіреті бермен қарай Жауымен ғазат қылған падишалар.
Қырық жыл күндіз-түнгі ғибадаттан, Ғазатқа бір-ақ қылыш артық шығар. Баласын мұсылманның жылатпайық,
Өр жақта қалмақтайын дұшпаным бар. Омск, Томскінің айналасы,
Темір хан, Атас пірас кәпір шығар.
Хан Тұрсын мына жұртты аңғарып тұр, Зерек қас, надан достан артық шығар.
Тапсырдым баршаңызды бір Құдайға, Көргенше қайта айналып, кім жоқ, кім бар”.
Қалмақты алуы
Еңсегей бойлы ер Есім,
Талап етті жүргелі, Ниетін қылып ілгері. Темір ханның жұртына
Жүзі ауды өрдегі. Қалың қалмақ қара қол, Атас Пірас дінді еді.
Неше сапар жұрт шауып, Жетім-жесір, жәбір қып,
Төрт түлік малын неше айдап, Бүлдірген еді елдерді.
Тіпті тыныштық бермеді Қайғымен өтіп қазақтар, Шашынан көп еңіреді.
Атасы өліп біреудің Інісі өліп біреудің
Біреулер жардан айрылып, Жазылар малдан қамығып. Жалғыз-жарым саяқтап, Не ерлер өлген зорығып.
Үш Алаштың баласы
Жылаушы еді күніге. Қысасы бар бәрінің Қуанады жүргелі.
Күшті боп қалмақ сол күнде Өзгелер сірә ел ме еді?
Нәсілі кетті түзеліп,
Шыңғыс хан осы дінде еді. Жеті ықылым халқын “Жердің жүзін алған” деп, Айтып едім ілгері.
Заманнан неше бері қарай
Он үшінші тақсым Шыңғыс хан. Шежіре нұсқа көргені
Жолға қарап көз сүзіп, Қыналап, қамдап ат мініп,
“Құны, – деп, – басым арымның”. Үш жүз енді сайланды,
Қам қылып жатыр барғалы, Қос ат, жарақ қамданып.
Қылыш, мылтық байланып
Қош айтысып, қоштасып, Көрісіп қолын ұстасып.
Әбілғазы, хан Тұрсын Сарпай беріп қайтарды. Қайта-қайта дайындап, Ішкі арманды айтады: “Селтеңдеген неме еді, Кім біледі сайтанды?”
Сол уақытта Есім хан Біреуін қоймай айттырып,
Жинап алды қазақты.
Жұртты аузына қаратты. “Есікке жұртым, бекем бол, Дұшпаның көп оң мен сол. Алдыңғы жағым оңланса, Артқы жағым алақ-ты.
Болжаңдар шартарапты, Жуық арада келмеймін, Барған жерге өрлеймін. Қанағатсыз ел еді,
Қатағанға сенбеймін, “Бұған да түсін ер” деймін. Үш жүз қазақ баласы,
Үш би сайла, ойласып. Таянышымды кім деймін? “Аузы бар бақандай,
Қайратты болсын ер” деймін. “Жасып туған атадан,
Басқара алмаса қор” деймін, Осалға өкім бермеймін.
Жақсығұл мерген елде қал, Қылатын сенің ісің бар.
Шолғыншы болып айланып, Асынып мылтық байланып, Елдің шетін електеп,
Некен-саяқ деректеп, Рақат ұйқы көрмейін.
Шолғыншы болып жүр деймін. Алдымдағы қалың жұрт,
Анықтап айтшы билерді,
Аттарын сірә, кім деймін?
Үш жүздің енді баласы Қарар тауып ойлады.
Ынтымақпен сайлады: Құдайберді Жаныстан- Ең әуелі болғаны.
Орта жүздер сайлады
Арғын Шаншар мырзаны. Қаз дауысты Қазыбек
Осыдан тарап шығады.
Кіші жүз – Алшын Жидебай, Баласы мұның – Әйтеке.
Шежіреде шығады,
Ескі ұлт нұсқада
Осындай дейді хабары. Атап-атап берейін Енді Есімге келейін.
Жеті мың әскер жинап ап, Қалмаққа деді жүрейін.
Қалған жұрты тарқады,
Қайыр-қошын айтады.
“Ақ жүзді абырой бергін деп, Көздің жасын көргін деп.
Есен барып, сау қайтқын Сапары еді қатерлі…
Хан Тұрсындай ханымыз, Ағармапты көңілі, Жаулықпен өткен өмірі. Темір хандай қалмаққа
Жасырын сәлем айтады.
Қағазында не депті Қанеки, оқып байқалы. “Жанабыңа үрметлу,
Темірхан саған көп сәлем! Достық сөзін байқағын,
Жазылған мынау хатымнан. Есім хан саған бара жатыр, Жарамды, жаулы адаммен. Оза шауып, мал алған, Шығаннан шыққан ерлері,
Жүрегі өскен қолайдан. Досыңды шақыр қабыңа, Жау тірелді маңайдан, Дұшпанды бездір панайдан. Достығымды білдірдім, Пешене көр маңдайдан.
Егей-сығай адамы Қозғалтпасын қалаңнан. Қайратың болса, өлтіргін, Ханнан шырақ өшіргін.
Біреуін тірі жіберме Осы барған адамнан. Нан пісіп тұр деміне, Осы биыл таланмен”. Сөздің енді қысқасы, Қалмаққа тиді намасы.
Қағаздан қатты шалынды, Темір хан деген патшасы.
Шапқыншылар жүрдіріп, Жаудың түрін білдіріп
Бүлінді қалмақ немесі.
Әскербасы, онбасы, Қарауылшы, құрбасы. Арбаға таңып зеңбірек, Оқ-дәрісін түгендеп Хабарланды топ басы.
Қарауыл қойып күтініп, Берік болды қаласы Шаһар мен Дешті даласы.
Жол-жолға мерген төктіріп
Жай-жайына сап қылып, Бұқтырма болды арасы. Темір хан жүр жол тосып, Қалың қолмен бас қосып.
“Келетін жолы – осы” деп, “Ұрысатын жердің басы” деп, Бір парсаң жерде арасы.
Мұның жайы мұнымен, Енді Есімнен қозғашы.
Еңсегей бойлы ер Есім,
Келе жатыр сап қып, Жер қайысқан қосынмен,
Шенінен пенде шошыған. Қызмет етіп сыпалар,
Ажырамайды қасынан. Кигені темір көк сауыт, Артынан жалпы жығалы, Кекке шығып мұнары.
Жасынған жаудың алдында, Ажалды киік тұрады.
Дүркіреген дүбірі
Түстік жерге шығады. Күншілік жерден елеуреп, Керең болып құлағы.
Панайында хайуан, шу жын, Тауларға үркіп шығады.
Таймаған бағы басынан, Талқылы туған жасынан, Бет алған жер қашық па? Ақбөкендей жосыған.
Аралап киік, аң атып, Кез келгенді сұлатып,
Бірнеше күн жол жүрді, Аз ғана емес мол жүрді. Қалмаққа жақын кеп кірді, Көрмеген жер тосыннан.
Аралап келді қонбаққа, Бір өзеннің басынан.
Шөлейтке қонды қапылдан, Су таппады жақыннан.
Көп қосын кетті су іздеп, Рұқсат алып ханынан.
Аттарын жалпы суғарып, Су құйып меске тақсымен. Бүлдіргенге кез болып, Тере берді қызығып, Жүгіре түсіп атынан,
Хабарсыз бәрі артынан. Қосты бағып бір өзі
Қап еді жалғыз Есім хан.
Сапсыз қосын сау етіп, Түсе қалды тосыннан.
Кебенек шекпен киіп ап, Шыға берді бөлініп.
Жүре алмай қалды жұртында, Төрт шолақ байталмен.
Астында тұлпар аты жоқ, Қалмаса игі еді майталман.
–Кім, – деп, – шаһар, тек жайың? Сұрайды жауап Темір хан.
–Мен өзім – нәсілім төре, қазақ – затым,
«Түркістан, Сайрам” дейді шаһарым атын. Есім хан –осы күнде жұрттың ханы,
Қалмақтың талап етер уәлаятын. Қасында егей-сығай ерлері көп,
Төбені, сары жай тартса, аударатын. Бет алса қай тарапқа, талқан қылар, Ешкімнен сыңайы жоқ жасқанатын. Егескен қанша патша болғанменен, Жеңіліп, қара жерді жастанатын.
Баршасы ат суғарып кетіп еді, Солардың азғыны едім қос бағатын.
–Қарасам, қай патшадан кем шығарсың Ақылға бір қатардан кең шығарсың?
Қараға сендей тұлға бітпеуші еді,
Бір ермен жұрт иесі тең шығарсың? Кебенек шекпен киіп, елеусіз боп,
Еңсегей бойлы Есім хан сен шығарсың? Оңаша, Лат-Манат кездестірді, Дұшпаным мен іздеген сен шығарсың?
Қанжармен жүрек-бауырың араласса, Саспағын, бәлем, енді тыншығарсың”.
Айтты да қалмақ мынаны, Ерлерін тегіс жияды,
Көзінің жанып мұнары. Айнала қамап, айғай сап, Қылыштарын шығарды. Қысылды енді ер Есім, Арасында қас-кірпік Көргеннен соң мынаны,
Қатты арман қылды.
Астында тұлпар аты жоқ, Састырды жау тосын кеп, “Аңдыған жау – осы” деп. Ақырынан сүйінтсін,
Әуелі тұр басым боп, Сыр берместен тұрады. Аз кідірсең, қызығы Арт жағында болады.
Білінді қосын хабары,
Алдын бастап келеді Жиембет батыр-сардары. Ақырында түсініп, Әуелінде дағдарды.
Жаудың түрін аңғарды. Айқай-сүрен салысып, Қолына найза алысып, Кимелесіп жақын кеп, Ажыратты хандарды.
Жеткерді Құдай жамбарды.
Тоғысып біраз, соғысып, Екі әскер айрылды
Біріне-бірі батпады. Екі жақ та байқады
Қарауыл қойып күтініп,
Кездескен жерде ұмтылып, Жай-жайына жатады.
Рауаж тауып дін ислам, Кәпірдің қашқай сайтаны.
Бір уақытта таң атып,
Сүбы садық білінді.
Намазын оқып мұсылман, Қыбылаға жүзін үйірді.
Салауат айтып Расулға, Салды дұға, зікірді.
Қайратты ерге күн туды, Көрсететін ер тұрды.
Аллалап бәрі ұран сап, Майдан жерге жиылды. Қалмақ, қазақ екі жар,
Қанды жұртқа қаһар бар.
Түйіліп дабыл ұрылып,
Сап түзеп майдан құрылып, Сырнайдың даусы білінді.
Майдан
Екі жұрт келді қаптап майданына, Кең қойып майдан жерді аңғарына.
“Қырғында кімнің басы жойылар” деп, Қауіпте қорқағы мен сардары да.
Барша жан тіршіліктен күдер үзіп, Қой айтып Қорасанға жалбарына.
Әркімге мынау ажал елестеді,
“Құдайым, қуат берсе, – деп, – қалғаныма”. Не қырғын, не ұрыстар болып өткен,
Заманда әр патшаның заңдарында. Боялған неше сапар жердің жүзі, Келеді ұрық болып қалғаны да.
Шейіттік нәсіп болса, жақсы өлім, Кісідей ағайынды иманына…
Жекеге қалмақтардан шықты біреу, Таң болып, жұрт түңіліп тұрғанында.
“Қазақтан қандай сабаз шығады” деп, Қырдағы көзін тікті, ойдағы да.
Жекеге шықты бір қалмақ, Қолында кездей шоқпар.
Оң мен солға айғайлап, “Талапкер” деп айтады. Қарсы қарап ұмтылып, Оң мен солға жүгіріп, Қарсы жауға қасарып, Долдығынан жас алып,
Екпіндетіп ат шауып, Қорқар емес жасқанып. Бұяқтан да талапкер, Есім ханнан бата алды.
Жүгіре барып шанышып, Тездіктен дайын боп қалды. Қарсыласқан қазақтың Келдесі ұшты аспанға.
Насыр қалмақ мақтанды Шауып шықты жесір боп,
Иесіз аты бос қалды.
Шалқая барып артынан, Қара жерді жастанды.
Насырдан шықты қатты айқай: “Қатынға теңе қашқанды, Қара жермен теңейін.
Қорықсаң, қайтып келмейін, Есім хан саған біл деймін.
Келелеп айда дұшпанды”. Ыза болып Есім хан,
Бұрылды оң мен солына, Жасанған қазақ қолына: “Кім берсе бұған жазаны, Шашайын алтын жолына.
Жұрт үшін туған бар ма екен Иісі қазақ ұлында?”
Жаяулап келіп бата алып, Шыдай алмай Сүлеймен, Ақ жалау найза қолында, Жүре берді жолына.
“Еншіңді Насыр беремін, Ажал жетсе өлермін, Жұлдызым туса оңына”. Атқан оқтай зырқырап, Көзін таймай самғады.
Шаншар жерін пайлады, Анда-санда бұрқ етіп, Шіреп ұстап найзаны,
Жүректен шаншып Насырды, Көтеріп алды қолына,
Лақтырып жіберді Қалмақтардың тобына.
Намыскөй басты жүрегін, Берген соң Құдай тілегін Іс айналып оңына.
Артынан келіп інісі, Барып түсті жанына, Жекелеп еді тағы да. Үлкен кілем көтеріп, Түсетін жерін ескеріп,
Өлтірмей қалмақ жабыла. Сүлеймен тұрды тіктеніп, “Талапкер” деп тағы да.
Сүлеймен күдер үзді майдан жерден, Екеуін жайлап салды ербеңдеген.
Қалмақтың енді сапы “бәнт” боп қалды, Ілесіп кеткендей-ақ өлгендермен.
Темір хан ыза болып айқай салды, Бір қатар күдер үзіп келгендерден:
“Қазақтан аз ғана әскер шошындың ба?
Қозыдай қалмақ едің көгендеген.
Қырылып, иә қырылатын күнің туды, Келіпті аз ғана әскер төменгі елден.
Күш көрсет, оза шауып, олжаланып, Бұл жерге неге келсін, өлем деген.
“Болса да қырық жыл қырғын күндіз-түні, Бекер ме еді ажалды өлер” деген.
Еш уақытта жау санасып ұрыса ма, Ерлерім, жоқ боп кеттің дікеңдеген. Бірме-бір пышақтасып өле бергін,
“ – Екеудің бірге күші келер” деген.
Осылай дей айқайлап, Айналдырды көтеріп, Қамшы алып басына,
“Біреуі қалмай ұмтыл” деп, Има қылды қосынға. “Әкең де болса, аяма, Бекер-қорқып, шошынба!
Тілеген жауың тұсыңда, Көрнек көрсет осында!
Пәстеген көңілім тындырсаң, Жарақ қып күрзі ұрсаң, Тоқтаусыз қыз беремін
Есім ханның басына”. Біреуі қалмай қалмақтар Майдан жерге ағылды. Құмырсқадан қалың-ды, Борандай түтеп жабылды.
Артынан демеп, төніп тұр Айнымайды қалыбы.
Айланбаса оңына, Көптің қиын айбыны. Аллалап бәрі ұран сап, Қарсы шапты қазақ та, Жанын қиып ғазатқа. Дариядай толықсып Екі әскер қосылды.
Шыққандай жайын толқыны, Бесін шашып онынан
Озық ерлер ұмтылды.
Тозаңы ұшты аспанға, Күннің көзі тұтылды. Үні бітіп ерлердің,
Қап-қараңғы боп тұрды. Атасы кетіп баладан, Іні айрылды ағадан.
Алтын жаға сауыттар
Жыртылып тозды жағадан. Қара жерді қандады, Қандалмай жер қалмады.
Өліктер бітеп аңғарды,
Бидайдың орған бауындай, Қыр менен адыр, сайларды. Сел болып сайлар қан ағып, Нөсер басты ойларды.
Ажалсыз шығар сырлығып, Қырғыннан аман кім қалды. Сүлеймен батыр, Жиембет, Қылып жүр ерлер тойларды. Ешкім осал демейді,
Қоңырат Алатау ер еді Ұрыстың алған әдісін, Керіп тартып қылышын. Бәрі де ұлы салдар-ды.
Қойдай қырып айдап жүр, Кез-келгенін жайлап жүр. Шымалдан көп ел екен, Шегірткемен тең екен, Есекең барып еңсерді, Көрмеген қырғын ел екен,
Өліктер қалды төбе боп. Қазақтар аз, қалмақ көп, Қосылып тұр күн сайын,
Тұс-тұсынан жәрдем кеп. Көкте дұшпан, жерде шөп Ұрыс қызды қабағат.
Ұдайы төрт күн қырғын боп, Бесінші күн толғанда,
Ұлы сәске болғанда,
Қаз-қатар қуды артынан,
Үркітіп жауын жалпымен.
Қалмақтар қашты тоз-тоз боп, Қашқан жауға қатын ер,
Артынан шанышты, қуып кеп. Қойдай қырды қалмақты,
Кім санайды түгендеп? Шәріне тақап жақын кеп, Дарбазасын бұзбаққа
Ой қылды қазақ жалпы көп. Кетпен ұрып ақырындап,
Дүркіреп келді жақындап.
Қайта қуды артына.
Борай хан деген біреу кеп, Елеместен ұрысты, Жатушы еді ғапыл боп.
Ер Алатау шанышты, Алдынан тура қарсы кеп. Күрзі ұрған зарпына,
Жөнделді, аттан ауып кеп. Қармақтай жұлып ап кетті,
Кете берді көкпар боп. Сүлейменге күрзі ұрып, Атынан доптай ұшырды. Болжамай кетті,
“Өлді” деп.
Жиембет батыр қоста еді, Қалып еді зақым жеп.
Кез-келгенді аман қоймады, Не ерлерді жайлады,
Әмбеден күші басым боп.
Батыр Борай
Ұрыста қарсы шығып, қарысқанның, Өлтіріп, басын кесіп, төкті қанын.
Өрек боп, еңбекпенен қуғанында, Осынша қалың қазақ жасығанын.
Әзірге қазақтарға болды зауал, Төгілер, күні болса тасығанның.
Халықтың үріккен қойдай болды бәрі, Бармады ешбір пенде алдына оның.
Бас тығып батыр ерлер қойдай ықты, Болмаса бір-ақ өзі Есім ханның.
Қуады оңын оңға, солын солға, Дестелеп, не ерлерді қойды жолға. Кездеспей адамына жүрген қазақ,
Пана іздеп, тау мен адыр, тасыманда. Бытырап алды-алдына кетті тозып, Бастарын қай уақытта қосылар да.
Уақытында ерге лайық дұшпан шығар, Дұшпаның биік болсын досыңнан да. Өрек боп, көңіл тасып, ұран салып, Борай хан жетіп барды Есім ханға.
Сонда Есім хан сөйледі:
–Іздеген жауың – мен,- деді, Жамандық тамыр табылар, Сөйленсін әуел сыр,- деді.
Аты-жөнің кім болар Көрмеп едім ілгері.
Деніңнің сау күнінде? Бүгінді ғанибет біл,- деді. Шынардай болып көріндің, Болжап тұрсам, келімің.
Алтын жығаң қисайса, Бір нұсқау шығар өмірің. Түсінемін аяғын, Ұрысатұғын көріндің, Сенімен мен терілдім.
Армансыз сөйлеп, мүддеңді айт, Патшасы – мен өлімнің.
Асығып сөйлеп, азамат, Тікесінен ұрындың.
Жылауды Құдай оңғарса,
Ерде кие бар болса, Есебін табар Есім хан Сен сияқты көрімнің.
Борай хан сонда сөйледі:
–Түсіндім, Есім – сен,- деді, Көрмеп едім мен де ілгері. Ерлігің мен шерлігің
Көз алдымда тұр,- деді.
Адамыма кездестім,
Бір өлім ақыр шын,- деді.
Келген екен түрің де, Тумайды сендей ұл,- деді. Аман қайтсақ біреуміз, Дос-дұшпанға сын,- деді. Менің жасым ілгері,
Кезегімді бер,- деді. Жасың кіші баласың
Оттай қаулап жанасың, Білмейсің атаң шамасын. Уызың кеппей, қу бала,
Осынша қарсы шабасың. Мен жайымды сөйлесем, Күні бұрын жыларсың.
Сансыз қол дес бермеді, Сен неге тұлға боласың? Менің атым – Борай хан, Неден үміт қыласың?
Меніменен соғыссаң, Құдайыңа барасың.
Азғантай қазақ, шошайып,
Аламын деп келдің бе Мәнжүрдің дардай қаласын? Садағым тартып көрейін, Өлмесең, бәлем, мерейің.
Кезегің беріп, кәнеки,
Қасқайып қарап тұрасың. –Мақұл деді Есім хан, Қарсы тұрып көлденең.
Пәсейер ақыр өрлеген, Тасығанға зауал бар,
Не кешпейді пендеден… Садақты қолға алады,
Жерде тұрып шамалы, Майысып аты, бүк түсіп, Үзеңгіде табаны.
Шыдай алмай барады, Қабат-қабат сауытын, Күшімен барып қабады,
Жыртып барып тоғызын, Торқаға барып шыдады.
Аппақ қожа пірінің, Аруағы жар болып.
Тоқтатқан екен залалды.
Жыртылып барып тоқтады Сауыттың алтын жағасы, Қиын екен шамасы.
Қызыр Ілияс шылаулап, Қашаннан бергі панасы. Өлмегенін білген соң,
Кезегін берді ағасы.
“Қалай қылсаң, олай қыл, Былай барып, былай тұр. Арманда, балам, қалмашы”. Есекең де садақ ап, Толғанып неше шіренді,
Үзеңгіге аяқ тіреді, Оңай деп пе бұл ерді? Шыдай алмай, жіберді. Екінші тартса, үзгендей Жібектен иген шідерді.
Көкірегіне Борайдың Оғы барып тірелді.
Өтпесе де сауыттан,
Тоздырып барып торқасын, Дарыды етке бір елі.
Шыдамай Борай зарпына, Жасы ағып жылап жіберді. Жығыса алмай мұнымен, Қылыштасып шабысты, Найзаласып алысты,
Садақтан үзіп күдерді, Жай-жайына ажырап, Күн батқан соң түнеді. Таң атқан соң айқайлап, Майдан жерге жөнелді. Қарама-қарсы келеді, Күндегіден бетер боп.
Ұрыстары үдейді, Зарпына тау-тас күңіренді. Алыса алмай алысып,
Өткерді неше күндерді, Алысып ұдайы түндерді. Күрзілесті кезекпен,
Ақыры бір күндері.
Алысып үш күн, үш түн ұрыс қылды, Күрзі ұрып, қылыштасып, неше қилы. Күрзімен Ескеңді ұрып еді,
Су тұлпар шыдай алмай тізе бүкті.
Шаң шығып, майдан жерді кетті қаптап, “Өлді” деп, сыртта жүрген қауіп қылды.
Борай хан екпінімен кетті өтіп, Неше уақ есеңгіреп атта тұрды. Қуатын денесіне әбден жиып, Майданға төрезада қайта кірді.
Тоқтамай, Борай ханды кетті жұлып. Ұран сап, үш қайтара жерге ұрды, Көтеріп жерден алып, көкке атты.
Сауыт-сайман, анжамы жарқырапты. Айналып қара құстай келе жатыр, Түсерде, доптай ұстап, қағып апты.
“Ініңе енді, жәке, разы бол”,- деп,
Тас байлап аяқ-қолын, шынжырлапты. “Шынымен бәрің тозып кеттің бе?”- деп, Халыққа ата үкіммен хабар айтты.
Тау-тасқа шілдей болып тозған халық, Сай, тасқа, пана жерден теріп апты. “Қазағым, бұлай боп ел болмайсың”,- деп, Есім хан қапаланып бір сөз айтты:
“Өлімде малы-басың, күнде талан, Алты ауыз ала болсаң бұл сияқты.
Өр жағың – қалмақ, қытай, бұяғы – орыс, Қатаған не қып жатыр артқы жақты?!
Артынан Есім ханның ере берсең, Сендерді жұрт қылармын бір сияқты.
“Қалмаққа қысас ғазат”,- деп, Күніге айтып, ерледің,
Құлаққа маза бермедің. “Неше сапар қырған”,- деп, Тыншымастан еңіредің.
Қатаған қылды ондай іс.
Барып қайтып Қашқарға, Арасында келгеннің. “Жұртым үшін тудым” деп, Сендер үшін келгенмін.
Ат болғандай үйіліп, Борайға дес бермедің.
Ит пенен құсқа жем болып, Мұнда қалсаң, өлгенің.
Күштерің болды белгілі, Өрексіген ерлерім.
Қу әдетті қойсаңдар,
Қалмаққа тағы өрлейін”. Енді келіп Есім хан,
Бір сөз айтты Борайға:
“Бір нәрсе десем, жарай ма? Аман қалсаң осыдан, Кетерсің, батыр, талайға.
Иманды болып өлгендер Кіреді алтын сарайға.
Келте қылып айтайын:
Пайғамбарға үмбет бол,
Жарайма бұл сөз, жарай ма?” Тәсір қылды бұл сөзді, Борайдың жақсы мінезі.
Мұсылман болды кәлиме айтып, Не қылайын ұзайтып.
Әскербасы қып қойды, Орын беріп сорайтып. Алтын сауыт кидірді, Арғымақ тұлпар міндірді.
Көрсетіп көпке өрнегін, Олай-бұлай жүрдірді.
Қайтадан бәрі жол тартып, Қалмақтың барды шәріне. Баяғыдай қараса, Азаймапты әлі де.
Жетім-жесір, саяқты, Олжа қылып талапты,
Кезіккен аман қалмапты. Қамал қылды қаланы,
Бейсарамжал тамамы, Қалмақтың жалпы адамы. Ынтымақ қылып ханымен, Ойласып жасы-кәрімен,
Қазаққа қалмақ қарады.
Жарасып, қалмақ, қазақ тату болды, Шақырды хабар беріп, қалың елді.
Дүр, маржан, алтын-күміс, жауһар шашып, Бастады Есім ханды шәріне енді.
Той қылып, неше күндей жұртын жиып,
Ізетпен неше түрлі күте берді.
Қалмақтың бағындырды қалаларын, Көңіл қош, қылып жатыр қалағанын. Мешіт пен медіресе бина қылып,
Дінге сап, жол үйретіп және бәрін.
Бұл күнде Омскінің айналасы
Бір қала намын айтар Есім ханның. Алтыннан айбалтасы – белгісі бар. Бар дейді он шақты үйлі төре тағын… Солар да осал патша болмап еді,
Аумат бақ жүргізер де аруағын… Алдынан Есім ханның көңілі қош, Хабар ап білмедік-ау арғы жағын. Бұзылды Есім ханның бір күн түсі, Қайғыда аңғарады аналарын.
Бір күн жатып түс көрді, Былайынша түстері:
Қой бағып қапты, қойшы боп, Бөріге бір күн тұс болды.
Аузын ашып арандай
Кез-келгенін тістеді, Барған сайын күштеді. Кез-келгенін талады, Өрлеп кетіп барады.
Сабаншының жалындай Шұбатылып қалады.
Есеңгіреп, сандалып, Қалғаны тіпті шамалы. Қатты шошып оянып, Осылайша аяны:
“Хан Тұрсынды ант ұрған Бола ма, бұл іс болады.
Көптен кейін талаурап, Тағы ұйқыға барады.
Көзі ілініп кеткенде, Гүлханым көрді ананы: “Айналайын, жалғызым, Мені мұнша ұмыттың, Көңілді тіпті суыттың, Пайдасын көріп жүрсің ғой
Алыс пенен жуықтың. Ата-анасы бір-ақ пұл Өзінің көңілі тынықтың. Итке күнін бермесін, Артыңдағы халықтың, Осыншалық тарылттың.
Күн-түн қатып, жетпесең, Өлеріме жуықпын.
Қарға сені желіндеп,
Мұзға барып туыппын.
Қандай боп сені тапқамын, Бұтасын қоймай шатқалдың. Толғағың тіпті ауыр боп, Ұдайы үш ай жатқанмын. “Әмбеден әзіз болсын” деп, Алтынға бөлеп баққанмын.
“Көңілі раушан болсын” деп, Бесігіңе айнала,
Гауһардан шеге қаққанмын. Өлмесең, балам, деректе,
“Еркек” деп сені тапқанмын”… Тағы да шошып оянды,
Әр түрлі болып қиялды. Ұйқтамады бір түнге, Таң-тамаша болады.
“Алдымнан жүріп оңалсам, Артқы жағым қараңғы.
Бұяғын бассам қолыммен, Бұяғынан ұрады.
Біреуінен құтылсам,
Біреуі даяр тұрады. Аппақ қожа Ешенім, Сен таппасаң есебін, Арт жағымда өсегім.
Тумастан тұрып себеп боп, Жақсылық қылған кісі едің. Қолымды қойып көксіме, Қалендар болып кетемін.
Қори алмай қор болдым,
Қазағым, сені қайтемін?…”
Ер Есім осылай деп жылайды зар, Көзіне кең дүние көрінді тар.
Жар бопты Аппақ қожа бабалары, Тағы да ұйықтап кетсе, аяны бар:
“Шырағым, ер тарықпай, молықпайды. Мойныңа “нар” деп жүкті артқан шығар. Туғаннан туысы артық, талқылы едің, Қайтсең-дағы, еліңнің қамын жегін. “Сары алтын – сабыр түбі” деген сөз бар, Тәңіріңнің іс ақырын сұрай бергін.
Бек сайлап, бажың алып мынау елден, Кідірмей, енді еліңе сапар еткін.
Бір үлкен енді алдыңда майданың бар, Онан соң дәулет, рақат, тыныштық көргін.
Көп заман нәсіліңнен бақ арылмас, Өр болып жұрт иесі әулеттерің.
Рұқсат, Аллаху акпәр, барғын, балам, Нәсіліне болдың зауал бір тайпа елдің». Бір түнде үш ұйықтап, үш оянды, Бәшерет белгі көріп, әбден қанды.
Сүлеймен, Жиембетті шақырып ап, Көргенін құпиялап, баяндады.
Ойласып Алатаудай сардарына,
“Ешкімге сездірме, – деп, – осы халды”. “Темір хан енді бізге рұқсат бер” деп, Бегіне шырындықпен сөзін салды.
“Қас едің әуелінде, енді доспыз, Көруге қайта айналып болдым зарлы. Ынтымақ, бірлік, тірлік күн көрейік, Күш келсе, біз де мүштеп жасқағанды.
Таяныш керек кезде болысайық,
Ел жауын бірдей көріп, басқаларды”. Қайсысқан жеті жүз нар қазына артып, Жау-жарақ, жол жабдығын тастамады. Есекең аттың басын тартты елге,
Қоштасып қалды шулап, қалмақ халқы.
Хан Тұрсын қазақты қайта шапты
Барып қайтты ғазатпен Қалмақтың мекен қалаға. Бір жыл өтті арада,
Қайтардың ханды жаңада.
“Хан Тұрсынмен шартнама– Құран қағаз болған” деп, Айтып едім бағана.
Сөйледі бір күн хан Тұрсын Уәзір, сыпа, данаға:
“Есім ханды жібердік Алдауменен итеріп Қалмағы көп қалаға. Өлмей тірі қала ма?
“Өлтірдік , – деп, – тамамын,
Қырдық, – деп, – жалпы адамын”, Құпиялап жансызы
Темір ханнан хат әкеп, Білдірді маған жаңада.
Қашқын, босқын бар болса, Артынан қуып тауысқан,
Шаһар Жаркент, Құлжада. Сөзімді қабыл көрсеңдер, Артымнан жалпы ерсеңдер, Ойым соған кетіп тұр
Бел ауырмас олжаға. Олжа, жесір үлес бар, Қарық боласың барғаның. Қатынды бол бойдағың, Кетпейді босқа қармағың. Армандасың қалғаның, Бай боласың барғаның,
Төрт түлік малын айдағын. Буаз қатын кез келсе,
Жау болар нәсілі есейе,
Ішін тіліп жайлағын. Нәрестелер кез келсе.
Найзамен түйреп жамғырғын, Қазақтан там-тұм қойсаң да, Төреден тұқым қоймағын.
Қазаққа, міне, аттандық, Қалмағын қапыл, қалмағын! Бір уәзірі сөйледі.
Құдайменде аты еді, Қатағанда заты еді:
–“Болмайды бұл іс жөн,- деді,- Не істер өтті ілгері.
Не деп едің ілгері? Тағы бірге діндері.
Тураға тура жаратқан, Қиянатқа жүрмейді.
Сел пәсейтем десең де, Көрмейсің бе, өрлейді? Аққа зауал бермейді, Арамның ауы жүрмейді.
Есім ханға Құдай жар, Көзі жоққа Құдай бар. Бата қылған сертің бар.
Оның да сансыз халқы бар, Әуелін құртсаң, арты бар. Бұл райдан қайтыңдар,
Кесірің тиер халыққа. Міскіндерді налытпа, Тоба қылған барлыққа,
Зорлықтың түбі қорлықта.
Алдына келер пенденің,
Бақ-дәулет тұрмас қалыпта. Кең жерге қанағат қылмаған, Тұс болар ақыры тарлыққа. Хан, қаралар, не дейсің?
Мына сөзім анық па?
Насихат Құдайменде айтты дана: –Зауал бар алтын тақта падишаға. Сынбайды ақ иіліп, қара өрлеп, Пәтуа, әдіс, нұсқа кітапта да.
Халықты кесірімсіз ұрып кетер, Жеңді іс жөнделеді алыста да.
Есім хан Құдай үшін бел байлаған, Ғазатқа әуел баста барыста да.
Хан Тұрсын, кесепатың көпке тиер, Аруақ ұшынды боп жабысса да.
Ойландым мына істің түбі ауыр, Жалпы көп, өздерің біл, не қылса да?!
Хан Тұрсын көзін алартып, Қатты нықтап сөйледі:
–Ерлердің белін босатып, Мынаған қаза бер,- деді. Былай-олай жүрсек те, Өткізерміз дүниені.
Уайым арты тұңғиық, “Озбыр өлмес” деп еді.
Жұмыстың бәрі Құдайдан, Әзірге пайда жегені.
Бүркен де, өзің жата бер, Намыс қылсаң ергелі.
Осылай деп хан Тұрсын, Жинады қосын елінен, Ташкент деген шәрінен. Сырдария, Мырзашөл, Қоқан, Бұқар төрінен.
Келіп жатыр көбінен Жас, кәрі, құрбы теңінен.
Қылыш, мылтық байланды, Сауыт-сайман сайланды.
Арғымақ мініп жөнімен
Пенде жүрмес шенінен.
Армансыз болып сайланды, Дүркіретіп айдады.
Жар шақырып деректеп,
Бос қалғанды қоймады. Қырғын салды қазаққа, Самалын Құдай оңдады. Кезіккендер қырылып, Алды-алдына аңдады, Қара жерді қандады.
Буаз қатын кез келсе, Ішін тіліп жайлады. Бас қамында анасы,
Шырылдап жылап баласы Бесіктер қалды жол-жолда.
Найзамен түйреп жамғарды. Өлікпенен бөгеді,
Қыр менен адыр, сайларды. Ошаң етер кісі жоқ,
Сапасыз көрді пайданы.
Төрт түлік малын айдады, Тозғыны шығып қазақтың, Бір бөлігі ауды Бұқарға Жиделі Байсын барғалы.
«Ұлы жүз алты ауыпты
Байсынға» деген сөзі бар. Хан Тұрсынның заманы, Ең әуелі барғаны.
Бес ауыпты мұнан соң, Әзіз Төле нұсқасы.
Сонда айтылар қалғаны, Шежіреден оқыңдар, Сөзімнің болса жалғаны.
Көбірек ауқым Шуға ауды, Отан қылып тұрғалы.
Кейінірек күнінде
Үш ата өткен заманда, Қоңтаж деген бір қалмақ, Бері қарай тағы айдады. Бір бөлігі ұрысты
Қарсы тұрып жаулармен.
Біреуі жоқ сау қалған Ұрысқанның көбі төре еді. Нәсілі аз боп қалмағы – Алалық болып бірлік,
Осындай болып тірлік, Әлі жеткен басып жеп, Бірінен бірі басым боп, Нәрестені зарлатып,
Сол себептен патшалық
Мұсылманда қалмады.
Анасы мен қарындасының қоштасқаны
Жаудың түрін көрген соң,
Жақындап дұшпан келген соң, Гүлханым мен Ханымша
Қоштасып зарлады:
–Айналайын, анажан, Қандай заман, күн болды, Қорлықпен жасап күндерді. Бұрынғы ұрыс өтірік,
Осы жолы шын болды.
Бет алдыма қаңғырып, Талап еттім жүргелі.
Қатағанның елдерін
Табым жоқ қайта көргелі. Тірі қорлық көргенше, Сазайы болып жүргенше, Пенденің жақсы өлгені.
Бір арманым көңілімде Жәкемді Есім көрмедім,
Саулықта сәлем бермедім.
Тіріміз болса қорлықта, Ит-құсқа жем өлгенім.
Бір кетсем, сені көрмеймін. Жау сияғы жаман боп,
Жыға-жыға шаншады, Ұстамастан жағамнан.
“Ақ батаңды бер” деймін, Бұл дүниеден көрмеймін. Сайрам су, Бадам, Ақсу бар, Тау сағалап қашайын
Жоғарылап өрлейін.
Бәлеңнен құтқар Құдай-ай,
“Артым – жау, алдым – ел” деймін. Қия алмастан құшақтап,
Гүлханым өксіп жылады. “Аһ” деп лебін шығарды: Зарлай-зарлай қайғымен, Көзімнің алды мұнарлы. Білсем бола ма, шырағым, Құдайым мұндай ұрарды.
Он ай сені көтердім,
Омыртқам менің бүгілді, Аязды күні айналдым
Бұлтты күні толғандым. Түн ұйқымды төрт бөлдім, Қабыртқам менің сөгілді. Өліңнен өлі айрылдым, Көремін қашан тіріңді?!
Ақ батамды берер ем,
Біле алмай тұрмын, шырағым,
Қайта айналып көруді.
Қайыр қош, енді, ана, қайғырмағын, Аяғы мынау болды айрылғанның.
Пайғамбар шапағатқа отырғанда, Күнінде қияметтің жолығармын. Құдайдың жылатпаған пендесі жоқ, Көз жасын көре берсе зар қылғанның.
«Ханымша тірі ғайып жоғалды деп, Бәріне сәлем айтқан оңлылардың».
Тас қамал, қорған тас қып қалай берді,
Аралап, пана тұтып, таудың бәрін. “Хан қызы шаш тараған” деп айтады, Сайрам суда бір бөлек таудың нәмін. Хан Тұрсын Ханымшаны таппай қалды, Болжаса сарамжалдап жұрттың бәрін.
Әр жаққа талаптыны деректетті,
“Алғын, – деп, – сансыз дүние тапқандарың. Шымкеттің өр жағы Алатаудың,
Аңғарын тегіс қара шатқалдарын”. Ханымша Алатаумен арыздасты,
Қуғыншы көргеннен соң жаудың бәрін: Айналайын, Құдай-ай,
Жалғыздық түсті басыма Өркеш-өркеш тасы бар, Сайрам су басы осы ма? Сазан ата, Сарыайғыр, Балдыберек, Қасқасу, Белгісізбін басында.
Суын беріп кебіндеп Көметұғын пенде жоқ,
Ажал жетсе осында.
Шешемнен тірі айрылдым, Әкемді алып жасымда.
Бәйшешектей солдым ба Сегіз-тоғыз жасымда?
Қарға-құзғын, ит пен құс Келеді қазір қасыма.
Қарлы тау, мият жолдасым, Жәкем келсе қалмақтан, Менен сәлем дегейсің.
Жылай, зарлай мен сорлы, Көктей солды дегейсің.
Ұядан жұбай бір ұшқан Тай-құнандай тебіскен, Әм іздерім, сұрарым, Әм сүйеуім, медеуім,
Кейіннен келсе деректеп, Сазаната, Сарыайғыр, Менен сәлем дегейсің.
Жас нәресте баланың
Қабыл болып көз жасы, Ғайып болды сол жерде, Білінбестен қарасы.
Артынан қуған дұшпанның Таба алмай қалды әмбесі.
Қарлы тау, Азар биік басындағы, Сарыайғыр, Сазаната қасындағы. Бәрінің осы айтқанның белгісі бар, Елдер де аңыз қылады қасындағы. Өрт шалып, олжа, жесір қолдан қолға,
Тайған соң кімнің бағы, осы-дағы.
Бейнеті дүниенің ысапсыз көп,
Шашыңнан, есептесең, басыңдағы.
“Таба алмай, осылайша сыр көрдік” деп, Жоқшылар қосынға кеп қосылады.
Хан Тұрсын Ханымшадан күдер үзді, Не қылсын, таппаған соң осы бәрі?
Мергеннен Жақсығұлдай сөз сөйлейін: Жұртқа ие шалғыншы еді басындағы.
Жақсұғұл мерген
Зерігіп кеткен еді тауға таман,
Аң атып, жолбарыс пен аю, қабылан.
Үш жүзге аты шыққан даңғар еді, Атақты озық мерген осыншадан. Аспаннан аққуды атып түсіреді, Жердегі былай тұрсын жүгірген аң. Болжаса жолдың бойы кесілген бас,
Көп өлік, жердің жүзі қып-қызыл қан. Хан Тұрсын елді қырып, қойған жамсап, Байлауда бір қатары қалғандардан. “Қалайын бір атысып Құдай үшін,
Өлгенде артықпын ба, осынша жан?” Қарлы тау зорға шықты ең басына,
Дәрісін оң келтірді жамбасына. Бастады қатағанға қырғын түрін,
Тоғыстың Бадамменен арнасында. Түтінін түтініне қосты атып, Жаңғырық пайда болды тау-тасына. Жақсығұл атты мылтық топ үстіне, Кез келген тұра алмады ат үстінде. Тең екен Сұрмергенмен батыр сабаз,
Оқ атып, құлайды жау үсті-үстіне.
Базыға іштен өтіп тура барды, Базыны қос өкпеден туралады.
Ысқырып оғы барып түскен жердің, Арасы үріккен қойдай ашылады.
Қызығып қырғынына тұрғанында, Оқ-дәрі жақындапты жанындағы. “Қориын қалғанымен енді өзімді
Шаң жетпес, сірә, жалғыз қашығалы”. Артынан қуғандар атып тастап,
Бадалмен қайтты ығыстап басындағы.
«Алдынан Есім ханның жол тосайын, Жарар, – деп, – әжетіме осы дәрі».
Әулиеата тарапқа
Сапар тартты Жақсығұл, Аңғыртырақ жақсы ұл.
«Алдынан шығып кезіксем, Ел түрін баян қылайын.
Бұл болды сары уайым. Аң кезіксе, атын жеп,
Өлмес ауқат қылайын». Жұртқа басшы сабазым, Қалып тұр әзір ұятқа,
Жұтатқан малын байдай боп, Ісі тынды бұяқта.
Жылап-жылап алады, Елді ойлап аулақта.
Хан Тұрсын олжаны үлеске салды
Хан Тұрсындай ханыңнан Енді баян қылайын:
Қатағандар қуаныш,
Қазақтарда уайым.
Төрт түлік малдан кемі жоқ, Ұшы қиыр, шегі жоқ.
Бұзауы қалса, санатып, Лағы қалса қаратып,
Қол бала малдай түгелдеп, Саяғы болса шідерлеп, Жер жаһанды шаңдатып, Дабыл, сырнай аңыратып, Аз ғана жол арада,
Дария Шыршық жағасы Барып кірді қалаға.
Мақтанып қатын-балаға, Мұндай олжа бола ма?
Сүйінтпесе соңынан, Әзіргісі бояма.
Хан Тұрсын атқа мінген соң, Қазақты аман қоя ма?
Хан ұлына – қасқалдақ, Бек ұлыма – безгелдек,
Теп-тегіс барғам, көр, – деді.
Оза шапқан онды алғын,
Қырқа шапқан қырықты алғын. Белгілі батыр бесін ал,
Таңдап-таңдап естіні ал. Аты – ұрғашы демегін. Іске жарар ісі бар,
Саргерделер сегізді ал, Саралап барып семізді ал, Затында бар негізді ал.
Қамалды бұзған қатын ал, Жаманнан бойың сатып ал, Жақсы-жаман парқы бар.
Қос-қос жетім, қос-қос жесір, Әуелінің арты бар.
Аңдап алсын оңлылар, Есіктің де төрі бар.
Санаққа барған сорлылар Пұшығың барып көрін ал, Көрі болса, көріп ал.
Отын алғыш, су құйғыш, Жалықпасаң көбін ал,
Ақсағың барып қонысты ал. Мінасарға дұрыс бар,
Әрқашан десең жетеді Бас-басыңа тоғыз пар.
Жастарың барып жасын ал, Маржан тіс, қара шашы бар. Күл, көмірден көбірек, Құдай қосар басы бар.
Шалдардың барып кемпір ал, Үй-ішіңе қарым ал.
Кәрі-құры демегін Мұның да әйел аты бар. Қайдан құлақ шығарса, Қазаншының еркі бар. Саудагердің түйе ал, Көші-қонға жүйе мал.
Бәріңе де жетеді, Жүйе-жүйе ие бар.
Қымызға құмар жылқыны ал, Жауға көрікті сырты бар.
Көрмеге бойлы арғымақ,
Қазақтан сансыз мүлкім бар. Қыстақларың сиырды ал,
Ұзамайтын үйір мал. Шешілетін күндерің, Жүрегінде түйін бар. Қалағаның қойын ал,
Шаруа, байлыққа ойы бар,
Сүті шырын, еті бал, Тегін олжа демегін, Арт жағында ойым бар. Есі кеткен ешкіні ал, Есіңді жинар ешкі мал.
Тау-тасқа қарғып оттаған, Ауру, сауға емі бар.
Мыңдап, жүздеп жетеді, Екі беті Шыршықтың
Шегірткедей сансыз мал.
Алтын менен күміс бар, Сауыт-сайман, қылыш бар. Хан Тұрсынға сыбаға Қанды жұртта ұрыс бар.
Олжадан бәрі құрсан боп, Жай-жайына тарады, Елді-еліне барады.
Әйелдері су құйғыш, Малшы қылды баланы. Кемпірлер алып баласын,
Қай іске келсе шамасы, Сол орынға қояды.
Әйтеуір босы болмады. Құл менен күң соры боп, Күндер өтіп барады.
Гүлханым бір күн бала алып, Жұбатып қиял ойланып, Айтыпты осы наланы.
Әлі күнге мақал боп, Айтады қазақ тамамы.
Анасының зары:
“Отын алған біздің қыз, Суды құйған біздің қыз,
Қызметкер, күң, шорымыз. Еңсегей бойлы ер Есім Есен барып, сау қайтса,
Біздің қызға ұқсар ма екен Сіздің қыз.
Жылама, бөпем, жылама, Жүгермек, бөпем, жылама! Алатау қарлы, Бадалым,
Тауысты әзір адамың. Еңкейген кәрі күнімде Тағы да тұс болғаным. Көретін осы күнім бе,
Быламық ішер асым ба? Жасаған жасқа обалым, Он сан өлім, аз ауру,
Не қып нәсіп болмадың? Қосқанмен алмай қосақтап, Тәуекел сенен қалғаным.
Ұлым кетті Ұрымға, Ханымшам кетті Қырымға, Баласындай жаулардың.
Бетіңнен сүйер күн бар ма? Тіріңді әлі білмеймін, Ханымша атты шырағым.
Басымда дәулет барында, Жанымнан жалпы түңілдім, Әулие қоймай қыдырдым,
Өлдім-талдым дегенде
Тырнағыма іліндің.
Алдым кешу, артым тар, Қарауылы өлімнің.
Тірі қазақ тілектес,
Қай уақта көзге көріндің? “Шүкірден” басқа сөзім жоқ, “Тобадан” бөлек кебім жоқ. Ерден кие кете ме?
Тілімнен қате етті ме? Аппақ қожа әулие
Қашқардан ұзап кетті ме? Жоқ, дүниеден кетті ме? Шарапатың көрмедім, Иә, бәшірет бермедің.
Жылама, бөпем, жылама, Жүгермек, бөпем, жылама!
Ал, бөпем, әлди-әлди, жыламағын, Көңілді босатады жылағаның.
Нәресте тілсіз, ессіз, зарары жоқ, Қайтейін, күйгенімнен бұрап алдым.
Жас күнде көрсеткенге шүкір деп ем,
Бүкшеңдеп қартайғанда жүре алмадым. Көп жылап, тілегімді бермеді ме,
Ақыры не боларын біле алмадым. Алдымен бір күн күлсем, он күн жылап, Сорлы талық, қорлық өмір ұнағаның.
Жалғызым, көріп өлсем арманым жоқ, Дерегің өлі-тірі біле алмадым.
Адам боп, алдаса да, арта қалсын, Береке мыңын беріп, бір адамның.
Батаңды, өлтірмесең, тілегім бер, Қорлыққа бұдан артық шыдамадым».
Осындай деп жылады, Етпетінен құлады Керең болып құлағы, Боп еді сәрі уағы
Көзі ілініп барады. Аппақ Ешен пайда боп, Басын сипап тұрады.
Осылайша аяны:
“Біраз күндік бейнетің Енді кірер дәулетің.
Тұйғының қонып тұғырға, Түзеледі сәулетің,
Іс айналар оңына. Ұзын баулы ақ сұңқар Бекітіп байла қолыңа.
Аштықтың бар тоқтығы, Тоқтықтың бар – жоқтығы, Бейнеттің түбі – рақат,
Жылатқанды – шырғатар. Қуанышың бар соңында, Қайтайын енді жолыма,
Жылай берме, зарланып…” Ұйқыдан кетті оянып, Жори берді қуанып.
Осындай түстің түрлерін, Көрмеуші еді ілгері, Лүпілдеп кетіп барады,
Басылып қалған жүрегі.
«Рахманы болсын деп,
«Айнымай түсім келсін», -деп,- Есен келіп, Есім хан
Көз жасымды көрсін»,- деп,
Жазасын жаудың берсін, - деп,- Аллаху әкпар” деп еді.
Сыртынан дұшпан сезеді, Хан Тұрсынның қатыны Байқаусызда кеп еді.
Кідірместен жылдамдап,
Ханға келіп не деді?
Баяндап айтып береді:
–Айнымай кетіп жүрмесін, “Әумин” иттің дегені.
Хабар айтып халыққа, Жар шақырып, анықта. Ойланбаған іс – ойран, Қиянатың көп еді
Қамыңды сен же, – деді.
Хан Тұрсын соғысқа даярланды
Хабар айтты хан Тұрсын
Қарасты жәмі халқына.
Бағынған жалпы жұртына, Қоқан, Бұқар, Әндіжан, Жалалабат, Наманған,
Қатаған, тәжік, сартына:
«Жетіден жетпіс жасаған Кәрі-жасың қалмасын, Ақсақ, соқыр, ауру мен Қатынды тастап артыңа. Біреуіңді қоймаймын,
Сенімен әуел ойнаймын. Бұғып қалған сабаздар,
Болады шексіз тойларың. Қырдағы мен ойдағың, Тасадағы, сайдағың
Қос-қос жетім, қос жесір, Қалың, олжа алғаның.
Тайсалдатып, тайсалтпа, Іске жарар балаңды, Інің менен ағаңды.
Басын тартып қалғанның Мал-басы таланда,
Көресің пәле табанда. Насихат айтып арыздас, Бала-шаға, қатынмен, Үйдегі қалған адамға.
Кім өліп, кім қайтады Көреді қайсы заманда. Тағы бір сойқан болады,
Түркістан, Шымкент, Сайрамда”.
Осындай деп хан Тұрсын, Үйінде пенде қоймады.
Қалмай келді бәрі де, Қырдағы мен ойдағы, Даладағы, таудағы, Бура, бота, тайлағы.
Армансыз болып, қамданып, Іріктеп сайлап ат мініп,
Белгілі батыр, сардары, Биі менен бек, хандары.
Даярланған қырмандай, Жер бетін өрт шалғандай. Құмырсқадай өрмелеп,
Мысалы, шіркей, көбелек, Жердің жүзін қаптады,
Жүрген жерін таптады. Қамын жесін қазақтың,
Армансыз болып қамданды. Шекарасы бұрында
Белдің шығып қырына
Қарауыл қойып күтініп, Қазықұртқа жайлады.
Зеңбірек тізіп биікке, Аттарына сайлады, Келетін жауға аңғары. Түнде ұйықтап түнеріп,
Баспалап қарап, тынбады. Оқ-дәрі, сайман тасытып, Садағын жонып қырлады. Шақырым жерде желбіреп,
Жыбыр-жыбыр тулары.
Еріккендер атып ап, Аспаннан ұшқан қарғаны. Кез-келгенді қандады.
Еліріп тұр көп қосын, Тап бергенді, ап беріп, Бір шаң шықса қуғалы. Дұшпан шықса тұсынан,
Дап-дайын сойқан салғалы. Күн-түн келіп қосылып,
Дариядай тасып кернейді.
Барған сайын өрлейді. Жау санасып ұрысса, Иесіз қазақ баласы Оннан бірге келмейді. Көптің келсе қолынан, Жуық арада бермейді. Қатағандар қам емес, Қам қалатын жан емес. Есім ханның алдынан,
Өрлеп кеткен Жақсығұл Айтайыншы мергенді.
Әулиеата тараптан
Бір хабарын білген-ді...
Бара жатыр бұл жазған Кеше, күндіз салақтап, Жан-жағына алақтап, Жалғыздықтан зерігіп, Дәрмені қалмай ерігіп. Мергендігі тағы бар,
Біразырақ бағы бар.
Аянбай жүріп барады. Көлденең тауға кезігіп,
Үстіне шығып қарады, Жаһанға назар салады. Алыс жерде шаң шығып, Көз ұшында шамалы,
Жақын тартып барады. Ақ туы бар басында Кез боп қалды қосынға.
Шырамытып, елеріп, Жақындады қасына.
Сыбызғы, сырнай дауысын, Жақтырғандай құлағы,
Есім ханның ұраны Елеріп біраз тұрады. Құшақтап кеп көрісіп, Айқай салып жылады. Еузынан емеріп,
Көп қосын да шулады.
Мергенің айтты мынаны:
–Келдің бе, тақсыр, аман боп? Арнаған жауға шаршы көп.
Екі көзім жолыңда, Кеше, күндіз алаң боп, Күнім өтті қараң боп. Бұяғыңды білмеймін,
Бұяғың кетті талан боп. Ілгерідей заман жоқ, Алдың ел, артың арам боп,
Тапсырып па ең жұртыңды?
Хан Тұрсынға адам деп. Несін айта берейін.
Иісі қазақ ұлынан
Қашқан, босқын болмаса, Тігерге тұяқ қалған жоқ. Осылайша деп еді,
Есім хан еңіреп жылап жіберді. Есінен танып көп уақыт,
Ақылына келеді.
Сөз қатпай жанға түнерді. “Атаңа нәлет, хан Тұрсын, Хан Тұрсынды ант ұрсын! Алдыменен сендіріп,
Арт жағынан іс қыпсың. Қара болсам, мені ұрсын, Жүйесіз болса, оны ұрсын! Екі аруақ, Құдайға,
Шет болып, өзі ұрынсын. Келтірмесем алдыңа,
Тауыспасам ұрығын,
Есім хан – атым құрысын! Жақсығұл саған айтамын: Аңғырт, шалыс адамсың, Адам емес надансың, Қапқа тыққан сабансың, Мергендігің болмаса,
Мысалы, бір қабансың. Бас ие болып, бата алып,
“Еркекпін” деп қалғансың.
Етегі салпы ер Дулат, Қопал халық тамамсың. Шыдай алмай өрмелеп, Тауға таман барғансың, Сөйтіп қапыл қалғансың. Алдымен келіп аптығып,
Қазақтың құрттың баласын. Сүйеп айтсаң болмай ма,
Қырғын деген оңай ма? Бұғып жатқан қазақ көп,
Әлі тоғай-тоғайда.
«Есіл мерген өлді» деп, Күйінер ем сыртыңнан Сол қырғында томпайып, Көппен өлсең болмай ма? Жалғыз тұлға болар ма ең? Бірге адассаң болмай ма? Құдіретті кең биру бар Тілсіз балалар өлгенше,
Сен жаман өлсең болмай ма?
Арт жағымнан жау шығар, Алдымды ел етемін.
Кейінгі балалар қамы деп, Ел қорғауға кетемін.
Алдым тар, артым қараңғы, Тірлік қайтіп етемін.
Қарыса алмай қор болдым, Қазағым сені, қайтемін!”
Есім хан осылай деп күйіктенді, Өрт болып, неше жанып күйіп тегі.
Ажалы келген күні табытқа атар, Тақтағы патшаларды биіктегі.
Құранда неше жерде дәлел айтқан, Ақты кім сындырады иіп тегі...
Осындай қатты күйіп жылаған соң, Сол тауда осы күні “Күйік” дейді. “Бәлеге – сабыр, – деді, – қазаға ырза”, Бел байлап тәуекелге, жүріпті енді.
Түбіңе не кірмейді, дұшпан не деп, Пендесі кеміте алмас білікті ерді.
Есім хан одан келіп шақпақ шаққан, Аңғарсаң одан бергі биіктерді.
Пейілі қатағаннан кегін алмақ, Баласын үш алаштың жиып тегі.
“Жақсылар, енді жұмыс не болсын” деп, Ойласып, сөз салады іріктерді.
Есім ханның халқын соғысқа үгіттеуі
Халыққа айтты Есім хан, Күйікте естіп, күйініп:
–Шақпақтың өттік тауынан Жуалыға жиналып,
Отырмыз әлі қауырман. Мынандай болып ақыры, Айырылыппыз бауырдан. Туысқан-туған бәрінен, Ағайын, құрбы, жәмінен, Бастар кетіп малымен, Бір жыл өтті ұдайы,
Шыққалы біз ауылдан».
«Ергелі саған, сұлтаным. Ұрысқа ұрыс ұласып,
Құтылмадық дауылдан Жаман болдық аурудан.
Күн-түн қатып, қыр асып,
Түнде ұйқы, күндіз тыныштық жоқ, Қатыңқы қабақ салынған.
Биттеп, құрттап жабығып, Зорығып жалпы келеміз, Ілгері бассақ өлеміз.
Жүрегіміз шайылды Бәлен-түген демеңіз.
Бір-ақ уыс боп қалдық, Қай жауға шыдас береміз. Қатағандар қанша ел,
Қырғыннан аман ылди-өр.
“Құмырсқа мен шымалдай”, Деп айтады көргендер.
Өзің-ақ өлтір қолыңмен, Ел билеген төреміз.
Сабыр қылып шыдайық Құдайдан күтіп тұрайық.
Аман қалған ел бар ма екен?
Шотымызды шабуға
Әр жерге дерек салайық. Қосылуға лайық
Таусылып қалса қалың ел, Қалғанымыз ұрық болайық. Көппенен жауды жаулаңыз, Әр қиялға аумаңыз.
Жауласып нені бітірдің Үркердей қазақ шоштайып.
Есім хан айтты: –Халқым, Осы ма ойың бәріңнің?
Құрымады қопал қалыбың. Тірлігің қорлық әм бейнет, Мал-бастан тегіс айрылдың. Сірә, бір халқым, ел болып, Ынтымаққа келмейсің.
Аз емессің әлі де,
Мысалы, қара жердейсің. Шегірткемен теңдейсің.
“Қысас талап болдық” деп, Былай-олай жүр дейсің.
Олжаласаң мақтанып,
Қырылсаң, маза бермейсің, Күбежектеп сөйлейсің.
Бір адам шаншып түсірсең Біріңді-бірің “балуан” деп, Мақтай сөйлеп “ер” дейсің. Ала болсаң, алты ауыз, Қорлықтан басқа көрмейсің.
Бөксеңді қойды бөрі жеп, Осынша қорлық көрсең де, Тірі боп тағы, өлмейсің.
Құдайдан соңғы патша Менің атым – Есім хан. Тіке-тіке сөйлейсің. “Жұрт” деп едім сендерді, Мінездерің өзгерді.
Бірақ қалмақ қашырып,
Қаншаңа ажал кез келді. Күйеу жолдас қалмаққа, Барып ем ертіп сіздерді?
Бұл айтқаның жөн емес, Бір басымның қамы емес, Ел қоритын Есім хан, Қашанғы жүрер дейсіңдер?
Болмаса, қойдым мен, – дейді. –Дәрет қыла бір сайға,
Оңаша бір күн барып ем. Құтырған бір ит кез келді,
Қапқанына қырық күн Есептесем күндіз-түн. Құтырамын мен де енді, Кесірім ұрар сіздерді, Құтылар жерің кез енді. Үркіп қашты қанша жұрт, Қағылысып “тез” деді.
Бір-екеуін атты да,
“Тыңдаушы халқым, сөз”, – деді. Бір насихат кез келді.
Қуып ем жалғыз құтырып, Бәрің қаштың ұмтылып.
Құтырыпсың бәрің де, Қатағанды жыттырдың Рас па, бұл сөз өтірік. Осындай Есім деп еді, Бәрі де ұнап, жөн көрді. “Түсінбеп едік ілгері
Басшысына әр жұрттың, Сәлем қағаз береді.
Құдайберді, Жидебай, Құдайберді өлген соң, Әлібек деген баласы Орнына би боп тұр, – деді,– Шаншар мырза Орта жүз –
Қолыңмен қойған би, – деді,– Жиделі Байсын төрінен,
Ауқымы елдің Шуда еді. Ауып көшіп Арқаға, Еділ, Жайық жағалап,
Ноғайымен бір, – деді, – Қалған шығар ұрықтық Жұрт емес пе кен, – деді, – Армансыз айтып қамданған,
Сабырлықпен қыл, – деді, – Жүрген шығар бәрі де,
Алқымына таянып,
Дерегің білсе, келеді”. Сол жерде бұл сөз боп еді.
Осыдан мысал қып жүрміз,
“Құтырған Сарыбұлақ” дегенді. Есім хан қуаттанды көрген соң,
Қазағы іркес-тіркес жөнделген соң. Қырғынға екі сапар ұшыраппыз,
Тұрайын қайтіп шыдап, көз көрген соң. Әлі де неше қырғын көрмейсіңдер?
Қасарып, қысас жолын іздеген соң. Бейнетті дүниенің, рақаты бар, Сопы боп, тәркі дүние безбеген соң. Пәлеңді неше түрлі сөндірермін,
Лайық заманыма кез келген соң.
Өлгенше, маңайымнан жүргізбеймін, Не болсаң, ол бол, қазақ, мен өлген соң.
Билерге жазған сәлемі:
Осындай деп ер Есім, Атап-атап билерге,
Сағыныш қағаз береді. Әбілғазы баһадүр, Болған бұрын басында. Өкпесін айтып, өкініп, Саясатпен жекіріп,
Қағазда мынау дегені: “Әбілғазы баһадүр – Дұғай сәлем досыма! Боп едің ғой басында, Алдамаққа әдісқой, Сен екенсің ашына.
Аман болып Қатаған,
Қырылған қазақ, қырылсын, Бір келіп кет қасыма.
Не деп едің басында?
Кетті, – деп, – іс жасынға.
Ағарғанда сақалың, Әуел сенен қапамын. Болғаның аға осы ма? Бұдан артық не дейін? Көзіме әуел бір көрін,
Иә, өлтіріп, өлейін. Жұмыс кетті қандай боп? Отырып ең дардай боп, Сенен бұзық адам жоқ.
Екі жүзді қардай боп,
Жорғалап тіпті болмадың. Обалы саған көп елдің, Бала менен шағаның.
Хан Тұрсын өзін өлтіріп, Қоймас па едім тамамын. Құрып кетсе бір тайпа ел, Жүктермін сенің мойныңа, Хан менен қара обалын.
Міне, өкініш, пұшайман,
Тілін қайдан алып ем, Сен сиқты қабанның.
Құдайдан қорықсаң, қысқа сөз: Үркіп барған шеніңе
Қазақтың ұлы болса кез, Білдірмесіне білдіріп
Көшпесе “көш”, – деп, қайтар тез. Билерге айтқан сәлемі
Мынамен тұрсын мына сөз: “Мына сәлем ханыңнан
Қабыл көргін жаныңмен.
Құдайберді баласы Әлібек деген Жанысқа. Әкеңнің берсін иманын, Аман еді барыста,
Шалқайма, жатып алыста. Жақында болса сырласып, Айқайлаған алысқа.
Хан Тұрсынмен, мінеки, Тағы түстім жарысқа.
Ер өледі намысқа, Барларыңды қарышта. Менің дерегім,
Иә, өлтіріп, өлемін.
Бұяқтан қаппыз мұндай боп, Ояқтан тасып кеп едім.
Естігенде, жүре бер, Біреумізге серт болды, Әзір осы келгенім.
Ұлы жүздің бәріне айт,
Жасың менен кәріңе айт.
Сіргелі мен Қаңлыға айт, Жалайырға барып қайт. Жетіден жетпіс жасаған Іске ілінер қалмасын,
Істің қиын жайын айт. Суанға, Албан сәлем айт, Дулат атам ұлына айт, Жалғанын айтпа, шынын айт. Ылди менен өріңе айт,
Оңың менен солыңа айт.
Қатыны кетсе, байына айт, Жесірі кетсе, қайнына,
Әкесі өлсе, ұлына айт... Екінші сәлем айтайын: Орта жүз Шаншар еріме, Басшы деймін еліме,
Білдіргін хабар тезінен, Құрбы, қатар теңіңе.
Арғын, Найман еліңе,
Көші-қонмен жүрген-ді Сарыарқаның жерінде.
Тоқсан бір баулы халық еді, Сансыз қыпшақ жегіңе.
Қоңыратың да қалмасын Сырдария шенінде,
Бала-шағаңа арыздас,
Кім өліп, кімдер қалады, Разы болып өлімге.
Қатаған қыпты былайша іс
Қалмақта жүрген жерімде...
Үшінші саған сәлемім:
Кіші жүз Алшын Жидебай, Есекең жауға бармайды, Алды-артын жинамай.
Түрін аңда наманың, Әлім ұлы, Байұлы,
Алшын, Жаппас, Тамамен, Жетірулар хабарын.
Хатым тисе қолыңа,
Екі көзім жолыңда.
Бір күн де болса, кідірсең, Әуелі түсем соңыңа.
Ас ішсең, шала іш, тоймағын, Күліңді жерге қоймағын.
Шаң болса жүз бен қабағың,
Лай болса аяғың, Жумастан бері жөнегін. Енді арманда қалмашы, Үш алаштың баласы,
Ақыры бір Құдай аласы.
Басың болса өлімде, Малың болса, таланда, Бұ да ғой ада қалғаның. Иә, адам бол, ада бол, Ең қысқасы, болғаным:
Үйде қалса, қоймаймын, Әуелі соны жайлаймын. Бұрынғы ұрыс ойыншық, Хан Тұрсынмен ойнаймын.
Ол жеңсе қылар білгенін,
Мен жеңсем, тұяқ қоймаймын. Сөзі тамам наманың.
Кезігелік сол жерден, Ертелі кеш келе бер. Мен іздесем табайын, Түркістанның ар жағы,
Шымкент жақын күншілік, Арыстың салқын аралын”.
Осындай хабар айтты елдеріне,
Қара көк шынжыр балақ ерлеріне. Сарыарқа, Еділ, Жайық, Сібірдегі, Көкшетау, Орынбордың жер-жерінде. Лаж жоқ бұғып жатқан жазған халық, Бәрі де бөлінеді елді-елінде.
Олжа боп жетім, жесір, қираған жұрт, Баршасы қайыл болып өлгеніне.
Шымал мен шегірткедей еніп жатыр, Тау күйіп, тас өртеніп жүргеніне.
Топ-топ боп, будақ-будақ шаң шығарып,
Жер күйіп, күн қараңғы жүргенінде. Қос атын, азық-түлік қамдап алып, Жарамды ат сайлап мініп ерлері де. Айбалта, алтын сауыт, тілла қалқан, Ерлердің жарасқылық жүргеніне.
Ағаш үй, киіз туырлық, жазған қазақ, Білмеймін кез боп қалды іргеліге.
Армансыз алды-артын жинап болды, Неше ай, неше уақыт күндерінде.
Шалғыншы алды-артын тығыздайды,
Күтініп, қарауылдап түндерінде. Сақасын иірмекке қолына алды, Бал еді Ешен берген ілгеріде.
Үстіне тіллә дабыл тастаушы еді, Бет алып жау тарапқа жүргенінде.
Ту қара қойдың асығы,
Қашқардан келген асылы. “Тайғақ кешу, тар жолда Көз жасын көр жесірдің. Жетім, жесір, балалардың,
Бола ма мүддем, болмай ма?
Бәйгеге тіктім басымды. Пірім берген, ақ сақа, Осы күнде мен қапа.
Көрейінші бір опа, Алдап кетіп жүрмегін, Жұмыс болып бейопа. Алшың да сенің жаудікі, Тауаң да сенің жаудікі, Бүке-шікең жаудікі,
Хан Тұрсындай хандікі, Іс ағына айналса,
Бір-ақ оңқаң менікі. Төтендесе оныкі, Тураласа менікі,
Оңқаңды көрсет, жануар”. Осындай деп ұстады, Тастауына нұсқады. “Әумин” деп қол жайып, Иісі қазақ жасқанды.
“Аллаху әкпар” деді де, Тіллә дабыл үстіне,
Лақтырып тастады.
Дірілдеп барып қисайып, Оңқасынан жанышталды.
“Оңлайтын күнің бар ма?” деп, Қазақтар шулап жіберді, Күңірентіп тау мен тастарды.
Айқай салып “Алла” деп, Есім хан төре бас салды.
Нәзір айтып пірлерге, Салауат айтып Расулға. Иман айтып Құдайға, Енді ұрысқа бастады.
“Әбиір алып осыдан, Орнаса мүлкім орнына, Аппақ Ешен жолыңа Түйеден нар тоғыздан, Сиырдан бұқа тоғыздан, Қойдан қошқар тоғыздан
Тәжі, бақтым әдия.
Кегін алсам қазақтың, Хан Тұрсындай доңыздан, Тілегім осы бастаған”.
Балдыберек деуші еді, Сайрам су бір саласын. Домбыра шалды бір төбе, Азат биік бас жағы,
Басына шығып төбенің. Нағыра шалды Есім хан,
Күңіренді тау мен тастары.
Хайуандар үркіп інінен, Құстар тайып у-шудан. Жүгірген аң, ұшқан құс Дірілдей бәрі бастады, Хабарланды даусынан. Күншілік жер арасы, Хан Тұрсынның әскері, Қимылдай бәрі бастады. Жатқан жері – бел үсті,
Қазығұрттың бас жағы.
Екінші рет айқайда, Көшіргендей аспанды. Жүрексіздер жасқанды, Жүрді ерлер ілгері,
Дүйсенбінің күнінде. Жылай берді зарланып, Ыстық, суық көп көріп.
Тарынды көріп жерлерді, Күндіз-түнді білмеді.
Жақсығұл айтты: Есім хан, Ғайып болған Ханымша Сонау тұрған жер деді.
Қалаған тасын көр деді, Қаратөбе жер деді.
Алатаудың қастары, Қарамұрттың бас жағы. Жылап айтты Есім хан: “Е, кермісің, кермісің,
Қаратөбе, сенбісің?
Көзіме суық көріндің,
Шымкенттің өрі сенбісің? Қазақтың ұлын жайлатып, Қатағанға байлатып,
Төрт түлік малын айдатып, Талан қылған жермісің?
Е, кермісің, кермісің, Қоңыртөбе сенбісің? Жетпіске жеткен жасында Ата-анамды зарлатып,
Аяқ-қолын байлатып, Пенде қылып айдатып, Тарындырған жермісің? Е, кермісің, кермісің, Шутөбе осы сенбісің?
Таянышым, сүйенішім – Қабырғамда қанатым.
Таласып емшек еміскен, Тай-құлындай тебіскен,
“Ағамды жалғыз көрсем” деп,
Жолығуға зар болып, Әркімдерден түрткі жеп,
Жалынып жауға, жалтаңдап, Көре алмастан арманда, Ғайыптан болған жалғанда, Қарындасым Ханымша
Зар жылатқан жермісің?
Апырмау, қайдан сені көргенім-ай, Көріндің көзге суық жерлерім-ай! Не қырғын, не пәлені өткеретін,
Түркістан, Шымкент, Сайрам ерлерім-ай!
Ойлансам есеп қылып, бір жыл бопты, Қалмақтың барып қайттым өрлеріне-ай.
Кір төгіп, кіндік кескен жерім ғой, – деп, – Әйтеуір отаным, – деп, – келгенімді-ай!
Не қырғын, неше ойран істер көріп, Бейажал уақыты жоқ өлмедім-ай!
Алды ел, арты дұшпан боп жүрсің деп, Құдайым көп ермекті бергені-ай!
Су құйып, отын алып, “жалғызым” деп,
Бейшара тірі сүлде жүргенің-ай!
Қандарын Қатағанның суша ағызсам, Бадамның сайрам сумен өрлерінде-ай. Түркістан өскен жерім, Шымкент қала,
Бір жағың Шолаққорған, Созақ жана. Сыртымнан қарай-қарай келеді, – деп, Жүрген-ді тілеулес боп қатын-бала.
Тілеуін солардың да қабыл етіп, Өткен күн екі айналып келсе жана. Ұядан екеу едік ұшқанымда
Бұл күнде жеке тамыр болдым дара. Көгертіп арт жағымды дуа алғызып, Сүйінтсін ақырынан Алла тағала.
Бейнетті қайғыменен жояр ем-ау, Көріссе сау-саламат ғаріп ана...
Сырбаз ет, сары қымыз Шымкент едің, Семіз сөз, салқын жайлау бір кент едің. Жайылған шымалдай боп төрт түлік мал, Аңқайып қалыпсың-ау, дүр кент едің.
Алдымнан келерімде пәле дайын,
Айналып жыл құсындай бір кетемін.
Есім хан әгәр өзгермесе,
Бір қара қарсы жауға көрсетермін.
Болмаса Құдай бекер, Құран жалған, Баласын өзімдей қып еңіретермін.
Қорымал мендей қазақ біте бермес, Жүз жасап парлағанда мен де өтермін. Бір көрсем қайта айналып қазақ сені, Берсе егер ықтиярын көп кетердің.
Артымнан бұл қалыппен ере берсең,
Бәлеге қарсы келген міндеткермін.
Өнерлі Түркиядай болмасаң да, Ауғандай Иранменен қып кетермін. Өлгенше өзім, қазақ, қор қылмаймын, Онан соң ит пен құстың жеп кетерін. Шұбалған шаңы шығып, жауым шығар, Тездетіп саптарыңды, ту көтергін.
Шыдамай Есім хан келеді, Дүбір жақын кеп еді.
Арғымақтар еліріп,
Алды-артына төнеді.
Қайта-қайта пысықтап, Насихат айта береді:
–Үлкені едің алаштың,
Басшысы ең Ұлы жүз – Жанастың. Әлібектей әз аға,
Жақын келді жауыма. Ту ұстаған ерімсің,
Таяу тұрған соңыма. Әзір боп, оң мен солыңа
–Жақсығұлдай мергенім Оғың тайса, өлгенің,
Мылтығыңды ал қолыңа. Түнерген қалың тобына, Түтінін қос түтінге.
–Алатаудай батырым, Бар күшіңді шақырғын. Әзір бол, сенде тобыңа. Дайын бол, сенде тобыңа.
Дайын бол, Шаншар, сабыңа.
Өлмей пенде қайтпасын, Қайта-қайта дайында, Ажырайып, қарулан,
Сескенер дұшпан айбынға. Құшақтасып өле бер,
Адасқан көппен қалыңға.
––Жидебай батыр, жиналғын, Дестелеп тобын, жамқарғын. Әлімұлы, Байұлы
Жетірулар жамдарың,
Қамданғын, ерлер, қамданғын!
–Сүлеймен қайда, бармысың? Алды-артын шол қосынның.
–Жиембет батыр – сардарым, Дос пен қасты аңлағын.
Дабыл түйіп, ұран сап, Желбіреткін туларды. Сескендіргін қуларды, Аңырат енді сырнайды. Топтың қойып ішіне,
Жүрексіз жаман қуларды.
Жау сарыны ұлғайды Бара-бара еліріп, Судан шыққан жануар,
Астында тұлпар тұрмайды, Ортекедей ойнайды.
Дәл сол күні, халығым, Есім хан түрін айтайын: Алдын бастап әскердің, Айдай болып жамалы.
Жарық болып қараңғы, Тілла жыға, көк сауыт
Басында тәжі жағалы. Гауһардан көз орнатқан Алтын кемер белінде,
Бүктеме семсер қолында, Айбалта алтын қолға алып, Әбжыландай толғанып,
Етек-жеңін сыбанып, Сақал-мұрты тебіндеп,
Жиырмаға жетпеген, От шашырап көзінен, Тірескен аман кетпеген. Қабағынан қар жауып, Кірпігінен мұз тоңып,
Жауатын күндей түнеріп, Жауап қатпай пендеге, Жан-жағына еліріп,
Күн түскендей жарқырап, Сәулесі басып әлемді,
Көргенше құмар ұрысты.
Бір саласы Бадамның, Дейтұғын Тоғыс бір жер-ді. Қалған қазақ қарсы кеп, Тоғысқа келіп тоғысты.
Екі жағы өзеннің Екі бөлек боп түсті.
Шатырын тікті хан Тұрсын Шатыртөбе дегенге.
Тауға қарай ығысып,
Арқасын сүйеп кемерге. Бадамға жақын өзенге, Есім хан да сап тартты. Мыңбайырды жағалап Орда қонды бір ұшы, Қоғадай халқы жапырып, Қоғалы деген өзенге.
Үркер мен айдай тоғысып, Қас пенен дос кез келді.
Белтек шықты ортадан,
Мұны да баян қылайын: Ханы еді қырғыздың
Ер Көкім би деген-ді. Алатауды жайлаған, Киіктей болып ойнаған, Бұлаң-бұлаң тауларды Өтен қылған неме еді.
Бір тайпаға тең еді, Қырғыз деген ел еді. Жұлдыздан да көп еді.
Сыбайлас жұртқа белгілі, Есім хан мен хан Тұрсын – Екеуінің дерегі.
“Жеңген жаққа қосылып, Олжа алсам”, – деп еді.
Бұ да үміткер ел еді. Дүниеге көзі тоймаған, Пікірлі айтты ниетін.
“Маған жәрдем бергін” деп, Екі жақ та кеп еді.
Қағазбенен хат беріп, Мүддесін жазып ап келіп. Хан Тұрсынға Есім хан Елші қылып жіберді.
Нама сөзі бұл еді:
“Хан Тұрсын, саған сәлемім, Жасың үлкен аға едің.
“Ақыры болар бір жайлы, Мұсылман ғой”, – деп едім. Бұрынғың да – ауыр іс,
Қашқарға барып кеп едім.
Құнын кешіп әкемнің, Жетім-жесір, баланың, Іні мен үлкен ағаның, Төрт түлік мал тамамын. Әбілғазы бітіріп,
Сақалыңды құрметтеп, Тапсырдым да Құдайға, Пәлен-түген демедім,
Кешіріп ауыр күнәңді.
Өз көңілімдей көрдім де, Ант пенен сертке сендім де, Азат қылып жібердім.
Надан достан – зерек қас, Таяныш сені деп едім...
Дұшпанға ғазат жөнедім, Жайылған мал, жалпақ үй, Мынау бопты өнерің.
Кездестім, қайтып кеп едім. Әуелі менен өтініш,
Білмегенді кешіріс.
Құдай, аруақ күтейін,
Алдыңнан тағы өтейін, Кім өліп, кімнің қалуы Пешенеде жазылыс.
Жарамайды асығыс,
Даяр тұр ғой бір ұрыс. Аяғы қозы, лақтан, Бұзау, тана, торпақтан, Төрт түлік мал әмбесін,
Қалдырмастан тамамын, Үй мүкамбал, айнамды, Жырытмастан біреуін Жарамасын, жарарын, Жетім, жесір, кәрі, жас, Құл менен күң, қарабас, Бесіктегі баланың, Досыңменен ойласып,
Жай бағыстап, жайғасып, Нысапқа келіп бергейсің.
Ханға десең бұяғын Осылармен тынайық, Құдайға жөн қылайық,
Дінге қылыш ұрмайық. Мың толғанып, ойлаңдар, Үмбеті бәрі Пайғамбар
Көрмеген бар, көрген бар, Қырықта қызыр, мыңда өлі, Дуалы ауыз ерлер бар, Жалғыз-жарым, кәріп бар,
Хан Тұрсын аға, не дейсің? Тездікпен жауап бергейсің. Егер жазым боп кетсең, Дүниеге екі келмейсің.
Жөнделіп жөнге жүргейсің. Қысқасы сөздің, өлмейсің”. Елші болып Көкім би, Амандасып, көрісіп,
Хан Тұрсын барды алдына. Жауаптасып, сөйлесіп,
Отырды барып жанына, Қағазды беріп қолына, Мағлұматын білдірді.
Әр қилы кеңес жүрдірді, Уәзір, сәргер, жәміне.
Құлақ салып отырды, Қайтатын жауап сарынға.
Қатағандар бас қосып, Мәслихат құрып, ойласып, Неше күн-түн жиылып,
Бір жерге ерлер үйіліп.
Хан Тұрсынның жауабы: “Есім хан, рас айтқаның, Мынаны оқып байқағын. Жап-жас қана басыңмен,
Осынша жасқап қайтардың. Ұнаған жақтан есіріп,
Семірген екен сайтаның. Басында ер боп қылып ем,
Лоққыңнан неге қорқайын?
Ұзыннан өш, қысқа кегім бар, Бұрынғы тек атаңның.
Соның зарпын қайтардым. Бұл олжа кеткен қиынға, Айналып келмес жиюға.
Арыстанның аузына, Түркпенннің түбіне, Пәрғана, Бұқар кенітке, Қарақалпақ, Қатаған, Өзбек, сарт, тәжікке,
Дария мен шөліне,
Қыстақ-қыстақ еліне, Бөлек-бөлек ауылға, Ылди менен өріне, Өлі менен тіріге.
Болар ма еді бір сәп, Келе алмай тұр бергім де, Үлесіп тозған әркімге, Мұны қайтып жинайын.
Дуана боп қайтіп ақтайын,
Алтын, күміс, гауһар тас Дүниемен сыйлайын.
Түтінге салық салсам да, Өстіп ізет қылайын.
Тиместікке шарт қылып, Өткен іске тоба деп, Бала орнына бала деп, Жөні келсе аға деп, Көңілімді ағартып,
Қайтадан іні қылайын.
Мұны қабыл қылмасаң, Қасарып тағы, шындасаң,
Қыласың да білгенің. Қолынан не келеді, Аз ғана елдің дерегі? Әуелі менен көп еді,
Шілдей тозып қазағың, Қалғаны болса, жөнелді. Үркердей сорлы ел болдың, Еріксең жемім сен болдың.
Қалай қылсаң, олай қыл, Екінші пәлен деме енді. Көкте дұшпан, жерде қас Қатағанның елі еді,
Шегірткедей орады.
Қорықсам мұндай қылмас ем, Көп айтып, азбан сойылмас, Көттеріңді көрелі”.
Мұңайып, пікір ойланып, Алдырған нанын сарттай боп,
Көкім би қайтып келеді. “Өздерің оқып көріңдер, Білмеймін қағаз не дейді”. Есім хан оқып көрсетті
Қағазды қазақ ұлына,
Бұрылып оң мен солына: –Қара қол, дана, кәрі, жас, Бәріңе де тәуір ме?
Айналды жұмыс ақырға – Ойланбаңдар мен үшін,
Жорысаң көрген бұл түсім. Артымда жылар балам жоқ, Қатын, інім, ағам жоқ.
Бар болса қапты бір шешем, Өлі, тірі хабар жоқ.
Қайда барсам, әзізбін,
Іс тұтпаңдар “маған” деп. Жұртым үшін туғанмын Қынай белді буғанмын.
Қорыққаның қайт ауылға,
Ұрынбай тұрып қауырға.
–Көкім би, тағы барғын да, Шекараға тез келсін, Шартнамаға қол қойсын!
Тігерге тұяқ қоймасын,
Қазақтың жеңсе баласын, Арманда, қапы қалмасын.
Егер оны мен жеңсем, Осындай дедім жобасын. Қимап едім, ілгері,
Осы ма еді білгені?
Кім өліп, кімнің жыласын Пешенеңде сынарсың.
Қараны Құдай табарсың. Қарар қылды ұрысқа
Бітіре алмай қалыс та. Екі жақта мөр басып, Қол қойысты қағазға.
Көкім би жазды намасын, Жарысты күтіп қарарсың.
Ұрыстан хабар білінді, Дабыл, керней ұрылды, Үсті-үстіне түйілді.
Қорқақтар шошып, Ерлері атқа жүгірді.
“Жекеге кім шығар” деп, Көргенше жұрт құмар боп, “Кімнің аты жесір боп,
Иесіз босқа қалар” деп, Майданға барша үңілді.
Майдан
Қатаған, қазақ қарады, Есірік, аңқау, ер шалыс Қазақтың бірі бар еді. Сереңдеген жаманы, Көрнекті еді қарамы.
Болмады шығар адамы, Оң-солына қарады.
Кеткен еді олжаға, Некеленген алалы, Жүруші еді шыдамай
Шыққанша ұрыс хабары, Қалмастан сабыр қарады. Есім ханнан бата алып, Ала атына аттанып,
Шекесін тартып жібекпен, Майданға жетіп барады.
Ат ойнатып көлбеңдеп, “Жеке” деп айқай салады. Ояқтан да табылды,
Мінасар байғұс адамы.
Өзі сыпат бір байғұс, Қарама-қарсы барады. Екі жақтан ырғалып, Біріне-бірі көз салып, Шанышуға келгенде, Екеуі қалды тоқталып. Әлі тұр, ерлер әлі тұр,
Найзаларын шоштиып. Жұрт қайран боп қалады, “Жын ұрды ма бұларды?”
Ет пісірім тұрады.
Шыдай алмай Сүлеймен, Барып көрсе аттанып, Жүрегі болмай шаншуға, Көздерін жұмып тұр екен. Екі салды қамшымен, “Сендерді Құдай алсын” деп,
“Сорлылар неғып жүрсің” деп, Кейіп-кейіп екеуін,
Екі жаққа қайтарды.
Онан кейін Сүлеймен Өзі келді Есімге:
–Түсіп тұр бір сөз есіме, “Сағындым” деп ата-анам Кіріп еді түсіме.
Екі-үш күндік өмірім, Өтермін кіші бесінде. Аруақ жолдас хақым бар, Жас бала, жесір қатын бар.
Қарайлап, қармап, қарай жүр,
Бір ердің, – деп, – тұяғы Орнына санай жүр.
Сиқымбай деген ұлым бар, Он алты да жасы бар, Жалғыз еді өзімде,
Ісі орнына келмей жүр. Нешеуі менен өлерін, Майданға кірмек табым бар. Осыны айтып Сүлеймен, Майданға қарай самғады,
Атқан оқтай парлады.
Сабыншының жолындай Шұбатылып шаң қалды. Боз арғымақ астында,
Ошақтай көрмес аңғал-ды. Хан Тұрсынға жалтаңдап, “Бос қойма” деп майданды. Хан Тұрсын бұған жұмсады, Қараман деген сардарды.
Көрген соң ерлер қарасын,
Екеуі де оңланды.
Жаман кетер дерексің, Жақсылардан ат қалады.
Қараман шапты зырқырап, Шатыртөбе баурынан.
Сүлеймен барып айқасты, Мыңбайырдың тауынан. Айқай, сүрен бергенде, Тігілісіп келгенде,
Қараман батыр жығылды
Қара арғымақ саурынан. Болжай алмай халық тұр, Арылғанша шаңынан.
Артта қалды мал-басы, Хан Тұрсынға көз жасы. Қарамандай ерінің, Аспанға ұшты найзасы. Сүлейменге бұйырды,
Ат, қылыш, сайман, олжасы. “Әттең ғана ерім” деп,
“Арманда болып, қалдың” деп, Хан Тұрсын басын шайқады. “Неғылып шыдап тұрсың?” деп, Інісіне айтады,
Өлгенін бұ да байқады. Ақыры қандай боларын, Әуелгі ісі шайналды.
Атының белін тартады, Үйіне сәлем айтады.
Түрлі қиял ойналды,
Жалаулы найза қолға алды.
Атқан оқтай жылыстап, Сүлейменді пайлады.
Сілкінткен ерлер бір елді, Қазасына кез келді.
Мұны да шанышты жүректен, Өкпесіне тірелді.
Бұ да түсті олжаға, Шарайна қалқан, үдері.
Несін айта берейін?
Сүлейменнен сол күні, Жекелеп келіп, оны өлді. Уақыты шам кеші боп, Барабан, дабыл ұрылды, Жай-жайына қайтады.
Қарауылдар ұйықтамай, Шолғыншылар жортады. Атырабын байқады, Бүркеніп жатыр көрпесін Есіңгіреп қорқағы.
Сүлейменді Есім хан, Түнімен алып қасына:
–Үзеңгі жолдас, сырласым, Бір гүлі тәжім сен едің.
Бақ серіктес басымда, Әбиір берсе осыдан, Арт жағынан шошыма.
Ұйықтамай таңды атырды. Намаз оқып халық тұрды. Ұрысқа құлақ сап тұрды,
Бүгін қандай боларын.
Қазақты бір күн шат қылды. Хан Тұрсындай ханыңыз: “Оңтайлы енді кім бар” деп, Таң-тамаша боп тұрды.
Көңілінен өткеріп,
Жаманды-жақсы парық қылды. Бар еді бір ер кезеңді
Зарпы тиген көп елге. Олжа, жесір, жетім қып,
Қазақты қанша жамсаған.
Әр аттанып келгенде,
Жылаған бала жұбанып, Зарпынан үркіп, шұбалып, Қазақтар шошып түсінен, Ұйқыдан шошып оянған, Айрылмас батыр дегенде. Жастығыма ап жатсам,
“Кезіксе” деп Сүлеймен, Шықпай тұрып үйінде
Нәзір айтып піріне.
Хан Тұрсын айтты хабар қып, Самсаған қалың көп елге,
Жоғары мен төменге:
–Күйе жағып бетіне,
Жамандар, сенен түңілдім. Көп болар әлі бұл күнің, Келген жерден сүріндің.
От басында томпайып, Қатыныңа мақтанып,
Істемекке құмарсың, Жата кетсе талтайып.
Өзіміз қылған жұмыс та, Датты кімге айтайық?
Қазақтан шықса бір жалғыз, Құлай кетіп жантайып,
Дөңбектей боп тоңқайып, Жығыласың, қаласың, Барасың да шолтайып.
Ауыздарың ашылып,
Бұзылған тамдай аңқайып.
Туғанда бос туып ең,
Қылжырайып, қисайып...
Басында неше шауып, олжаны алдың, Мен емес, жалпы бәрің олжаландың. Қоймастан түтін тергеп, адам санап, Өзіме тоқтатпадың қолда барын.
Шашыңның есептесем түгі жетпес, Қолында сап-шоты молдалардың.
Шыршыққа малдың қаны судай аққан,
Олжасы Арқа, Жаркент, Құлжалардың.
Тегін ас, етің түгіл сүйекке өтіп, Еңкейген, еңбектеген ырзаландың. Тізеден қан болғанда, беліңнен май, Білмейсің мұны неге, мырзаларым?
Құл жұмсап, шоры от жағып, көңілің хош, Тегін мал, аузың аста, құрғамадың.
Ойланшы енді ақырың не болады,
Есім хан, жазым қылып, жеңсе бәрін? Құдайдың мендей баста ұрғаны жоқ,
Сөзіме өзім айтқан тұрғаным жоқ.
Самалы Есім ханның оңала ма? Барады шуу дегеннен ырғағы көп. Әзіреті Адамнан бермен қарай
Бақ-дәулет бір қалыпта тұрғаны жоқ. Жамшит, Зәқық, Придом, Самнаримен Жаһанды неше талқан қылмады кеп.
Ескендір, Шаддат, Намірет, Сүлейменге, “Еш опа, – айтады ғой, – қылмады, – деп». Үрістем дүниені дүр сілкіндіріп,
Ақыры жазым еткен інісі кеп. Өзінің әмірі жүрсін заманында, Жан болған осылар да ақылы көп. Шеріден Әзірет Әлі бақ қайтқанда, Мауия зорлық қылған ақыры кеп. Қашырған дәу, періні Қойқаптан
Алмадай тауларды атқан опырып, жеп. Ер Асан Пайғамбардың сүйген ұлын, Жайлаған заһарменен қатыны кеп.
Опасы дүниенің сәл-ақ екен,
Мысалы, әуелі бар, ақыры жоқ.
Тұқымын бір тайпаның құртар болдым, Шулатып құлағымды “кесірлі” деп,
Жаман ат қияметке алып кеттім. Адамнан өлі-тірі кесірім көп, Қалды ма ажал шіркін таянып-ай! Түс көріп, түрлі-түрлі қиялым-ай!
–Айрылмас, жекеге бір өзің шықшы, Кәдімгі істі бастап баяғыдай.
Қойша айдап көше қырып, шауып,
Шыршықтың қып тасташы, аралындай.
Кірбіңі көкіректің бір ашылсын, Тамырым үш жүз алпыс оянып-ай!
Қар жауып кірпігіңнен, мұздар тоңып, Қайтпайтын қасарғанды ада қылмай. Қазақ пен қатағанның хандарына, Қара жер бір қаларсың боялып-ай!
Хан Тұрсын осылай деп, бата берді. Қойдан қошқар, түйеден нар атап енді. Сауыттан алтын жаға тоғыз берді,
Құнымен бір-бір қыздың қатар еді. Бүктелген бір-ақ уыс семсер берді, Деміне шақырымнан тартар еді.
Заманынан Әмір Темір бері қарай, Бұрышында қазынаның жатыр еді. Он кілем, бір қап күміс тағы берді, Қатарынан бес жүз адам жатар еді. Біреуін өзге жерге апарғанда Пәлен алтын, тілләдан сатар еді.
Жететін жеті пұтқа зерлендірді,
Баяндап, қайсы бірін айталы енді.
Хан Тұрсын қазынаға сондай толық,
Лақап қылса Қытаймен қатар еді.
Қырғынмен неше сапар таусылады, Қымбат шаһар Қоқан мен Бұхар еді.
“Адамның жанынан бөлек табылар” деп, Сол күнде жердің жүзі айтар еді.
Хан Тұрсын қазынаның аузын ашты, “Тарынған басын малға сатар” деді. Айрылмас армансыз боп шықты жеке,
Баяндап майдан жерді айталы енді.
Айрылмас батыр
Енді батыр қам қылды, Үстіні еді айбынды.
Қаһарына шыдамай, Сауыттары айрылды.
«Жетеуінен өтер» деп,
«Сегізі әлде қайтер» деп, Тоғыз қабат жам қылды. Қалың мақта ішінен Сырытып барып, жайдырды
Керіктің қалың терісін,
Басына қалқан қойдырды. “Түтеген мылтық тиер” деп, Көзінің алдын тор қылды.
Кемінің бәрін толтырып, Тіллә дабыл төңкеріп, Қара арғымақ жабдықтап, Бөктергісін тоқ қылды.
Шекесін тартып жібекпен, Жалаулы найза қолға алып,
Көрнекті үлкен төбедей, Дарияға жүзген кемедей, Майдан жерге кеп тұрды. “Жеке, жеке!” деп тұрды. Қазақтан барды бір жігіт, Бата алып жекеге.
Бір-ақ шаншып түсірді, Келіп еді төтеге.
Қолындағы найзасын,
Жығылды барып, көтере.
Артынан келіп ағасы, Онаң да келмей шамасы, Бір кездей шығып көтерді, Арқасынан найзасы.
Лақтырды халқына, Көрінбей кетті қарасы. Жерге түсіп мида боп, Күл-күл болды денесі. Жетеуі келіп қазақтан, Жекеге шығып ұрысып,
Қара жерге жайласты.
Оңына келсе он шауып,
Қыратынан қырық шанышты. Аударылып, ат шауып,
Жарқыратып жон асты. Келмеген соң еш адам, Садақ тартты келеме, Керіп-керіп құлашты.
Әрбір атқан оғынан Он бес адам сұлатып,
Не қылса батыр жарасты.
Қазақ халқы бір састы.
Жекеге ешбір адам келмей тұрды, Атқан оқ бірді-бірді ұрындырды. Көздеген не ерлерді көкке ұшырып, Мауырытте туға жақын келіп тұрды. Қосынға мауырытында араласса, Алдынан дүркіретер жүзді, мыңды. Қазақтан сапсыз кеп олжа алған, Үзіп жеп, оза шауып, неше түрлі.
“Сүлеймен, не Жиембет бірің кел!” деп, Айқайлап шамалыға келіп тұрды.
Сүлеймен батыр
Естіген соң сарынды,
Қамданып батыр Сүлеймен, Қабаттай шапты қалыңды, Шаршамапты қалыбы.
Ошақтай болып ойылып, Шапқан жері айрылды.
Үй жақындай екпіні Жауаптасып азырақ,
Қарама-қарсы боп тұрды. Айрылмас сонда сөйледі, Сөйлегенде не деді:
–Қош, палуан, келесің, Сын-сипатың төресің.
Аты-жөнің баянда,
Кім деген өзің немесің? Осал неме емессің,
Мына түрің тұрғанда, Қара тасты бөлесің.
Біріміз абиыр алармыз, Халқың үшін келгенсің–. Сүлеймен сонда сөйледі: –Асылым қазақ еді, Баяндайын жайымды:
Жақсы-жаман болсам да, Көңілімде арман қылатын Бір адамым бар еді.
Жылаған бала жұбанып, Қалың қазақ халқыма
Тіпті даңқы зор еді.
Жолығып өлсем арман жоқ, Көңлімді мүлік неме еді.
Шыққанымда ауылдан, Қорасанға қой айтып, Әулиеге ат айтып, Тілеп едім Құдайдан.
Көпті көрген бір ерсің, Сол айтқаным сенбісің? Айрылмас деген ер еді.
Айрылмас айтты атынан, Баяндап ұрық затынан:
–Мұратыңа жетіпсің. Дұрыс ниет халқыңнан,
Менің де шықпай жадымнан, Тілеуші едім сыртыңнан.
Қырғынында Шибан хан Бір сұлу жесір алыпсың. Бір ата, бір анадан, Туып ем сол қатынмен.
Табыса алмай екі жұрт, Бара алмай осы қаупінен. Кектеспін сол уақыттан, Дос пенен қас болсам да, Бір қумақшы ем артыңнан.
Ұрыспай қайтсақ, һәм намыс, Дос екенбіз, қас болдық,
Ер ажалы жақыннан, Бір ажалы қатыннан. Әйелге ажал баладан,
Ақ та күйер жаламен.
Өлтіреміз, өлерміз,
Қалды ма перзент артынан. Сүлеймен айтты: –Жүйелім, Бұл сөзіңе күйемін.
Өзі өліп, арты бар,
Сиқымбай деген бұл күнде, Он алты жасар жиенің.
Өзіңе тартса, қор болмас, Құдайдан осы тілегім.
Келіп едік екеуміз
Екі жұрттың ары үшін. Құда деп, құн кешпейді, Сібіт болар білемін,
Сатпайық сүйек, көп елді. Шартнама Құран боп еді, Өлтіріп, яки өлсек те,
Бір-бірімізге ырза боп, Қияметте көрейік.
Ізетің болса қыла бер,
Кезегіңді берейін.
Армансыз қамдан, қайыным, Айтқан жездең – мен едім.
Айқай салды: “Берік бол” деп, Шатыртөбе барды да.
Алатаудың жанында, Айқайына селк етті,
Халықта жүрек қалды ма? Аты үркіп біреудің, Домалап түсті алдына.
Ұрыс деген оңай ма? Иман айтып Құдайға, Оқ келеді зырқырап,
Сүлеймен қарсы жайында. Қақ жүректен тиеді.
Шыдай алмай зарпына, Жер кеміріп жануар, Боз арғымақ сиеді.
Босатты жүйе-жүйені, Ері кетіп быт-шыт боп,
Тоқымға желдік мінеді.
Тоғыз қабат өтіп сауыттан. Кезегін алып атпаққа, Айрылмас келді жайына.
Қайым тұрды жолына,
Толғап-толғап садағын, Өткірін алды қолына.
Нысана қойып атқанда, Тоғыз белді төңкеріп, Кетпенен тоғыз өтетін.
Бар күшімен тартқанда, Сәскелік жерге кететін. “Кенеп осал болар” деп, Жібектен күш берілген. Тарамыстап, пайыл қып, Қарағаштың қаттысын,
Қатырып әбден желіммен. Жұмсамайтын бекерден, Керегіне келгенде,
Төрт адам жерден көтерген.
Ұстаға Әлім соқтырған Орай төбе затында.
Мақтасы қалың қамзолға, Әлсіз боп оғы тірелді, Етіне дарып бір елі.
Сайрамда сансыз бап, Әзірет Сұлтан жар болып, Сүйеп қалды бұл ерді.
Сәл болғанды үш алаш, Үзіп еді күдерді.
Әр қайсында дауыстап, Айрылмас тағы үш атты. Ақылдан танып базында, Ердің қасын ұстапты.
Сонда-дағы дәс беріп, Бәріне де шыдапты.
Сауыттар тозып жұлдыздай, Шіріген жерде бөздей қып, Шілте қылып жіберді.
Жарыла жаздап халықтың
Қалбыр болған жүрегі.
Бұрыннан даңқын біледі, Көрсетті қанша өнерді, Армансыз қылды бұл ерді. Тауысқанын құралдан,
Есім хан да түсінді.
Қалмақтан артқан қазынаның, Бәрінің теңін шештірді,
Өткізіп көзбен келтірді. Алтын жаға кіреуке
Тоғыз қабат даярлап, Қалдырмастан керегін, Еріне гауһар орнатқан, Жабдықтаған алтынмен, Тіллә дабыл төңкеріп, “Жаңалап ат мінгін” деп,
“Армансыз боп жүргін” деп, Көк арғымақ төбедей,
Алып келіп ұсынды. Киіп алып жаңасын,
Ескі анжамын шешінді. Жарқырайды айдай боп, Тұрпаты келіп пішімді.
Тартпасын қатты тартқанда, Көк арғымақ астында
Уыс боп белі қысылды. “Армансыз бол, ерім” деп, “Кезегіңді бердім” деп, Айрылмас та ұсынды.
Сүлеймен шықты айқайлап,
Мыңбайырдың төріне, “Кезегімді бердің бе?”
Шыдатпай садақ сындырды, Шіреп-шіреп көрді де
Лақтырды Есімге, Ортасынан бөлді де.
Мұны да алды жаңалап, Енді тәуір келді ме?
Қалмақтар соққан сары жай, Темір ханның елінде.
Садақты қолға алады, Толғап-толғап қарады, Түнерді жаман қабағы. Көк арғымақ бүк түсіп, Үзеңгіде аяғы.
Тықыршып аты барады, Өлмесе де белі үзіліп, Қашан оғы кеткенше, Талаусырап қалады.
Үй жыққандай екпіні,
Гулеп оғы барады. Төсіндегі сауыттың, Ортасынан жарады.
Талқандап жыртып әмбесін, Денесіне сәл дарып,
Әлсіз боп оғы қалады. Үш мәртебе жіберді, Бірінде батты бір елі.
Төртінші барып атқанда, Тура тимей, жантайып,
Сәл-сәл дарып етіне, Сауыттың бәрін талқандап, Қаңғырып кетіп барады.
Там қаралы төбе еді, Шалқасынан аударды. Шөгіп жатқан түйе екен, Онан өтіп, кезігіп, Өлтіреді жануарды.
Керегі болды күрзінің, Атысумен болмады.
Бір-біріне ұран сап, Атқан оқтай зырқырап, Тіктеп ерлер шабады. Шанышқанда тіктесіп, Найзалар күйреп қалады. Қатты тасты тесетін Бұларды не қып аяды?
Сол күні түс болғанда, Түсіре алмай бір-бірін, Оннан жиырма найзаны,
Отын қып, ерлер санады.
Болмаған соң онымен, Жағасынан алады.
Аудара алмай бір-бірін, Аттарға заһар салады. Қандар сиіп, тобышақ, Жата-жата қалады.
Күрзілесіп, салысты, Шекелесіп алысты.
Нәубетпен күрзі ұрғанда,
Бүк түсіп аттар, тізерлеп, Қара жерге барысты. “Ертең келіп ұрысайық, Кеш болып тіпті қалыпты”. Қосына барып қоныпты.
Таң атып, күн шыққан соң, Қайтадан майдан жаныпты. “Амандасып, қоштасып, Арыздасып алайық,
Ажал жақын қалыпты”.
Айрылмас айтты: –Жезде бір түс көрдім, Хабары Пайғамбардың дұрыс, – дедім.
Бұрын да, неше сапар аян берген, Айнымай келіп жүрген мініскерім. Иншалла, екеуміз де шейіт болдық, Сіз бен біз, айтуынша, пейіштеміз. Есім хан біздің жұртты жеңеді анық, Аяғы бір жайлы боп бұл істердің.
Серт бойы, қатағаннан тұқым қоймас, Мен сізге дайындаймын бір іс, – деймін.
Қатыным Қаңлы қыз жүкті еді, Көрмедім, арманым сол, туыс жерін. Осыдан бір ұл бала туса керек, Шалынып құлағына періштенің.
Нәсілі Қатағанның содан қалар, Ақырын Құдай білер әр істердің. Ақыры Шанышқылы болып тарар, Ақиқат түсіндірді мәніс жерін.
Бұған да “Айрылмас” боп ұран қалар, Арасы бөлінгенде әр істердің.
Болмаса, күшім емес біліс менің. Барғын да Есім ханға, құпиялап, Сүйінші сездірместен сұрап келгін. Баламды, өз балаңды дайындағын,
Қатынның тарылтпасын мукаммалын. Ұлыңды ұлымменен табыстырып, Шығарсын өкпе-кінә жалындарын.
Сыртымнан иә ырза боп, лағнет айтар, Көргенде, сонда сенер зайыр бәрін.
Сәскеде мені, ортақ, өлтірерсің,
Жазуы құдіреттің, қайғырмағын.
Болған соң мені өлтіріп, сені өлтірер, Бір мерген біздің елде тамырларың. Сізді мен, өлтірсең де, дос тұтындым, Туынан Асан, Үсен тауып алғын.
Есім хан сансыз бапқа қойсын мені, Ұрпағы, жұрнағы еді Шахарлардың. Есекең осыларды жайғастырса, Саған да, ханыңа да ырзамын.
Жетеді енді халқың мақсатына,
Зар жылап, басып жүрген азуларын.
Хан Тұрсын емес, бәрін Құдай қылған, Пендесі екі қылмас жазуларын. “Тағамның әнжамы” деп Құран оқыр,
Бәрін де әнжамыңның дайындағын. Патшаның сіз бен бізге әмірі уәжіп, Айтқанын мойнымызда қалдырмайын. Болмаса екеумізге ұрысар жөн жоқ, Түсініп, бұрыннан соң қайылдандым. Жиғаннан мұсылманға иман артық,
Лә иллаха, илалла, мұсылманмын.
Сыр берместен пендеге, Арыздасты екеуі.
Аманаттай болды да, Дүниенің қаупі кетеді.
Жылыстап барып Сүлеймен, Қосынына жетеді.
“Сезді ме” деп, білдіріп, Оңашалап төндіріп, Баяндады кептерді.
Көп өтініш етеді, Манзұр көріп тамамын, Кейінгі жақта боларын, Есім хан шарт етеді:
–Аруағыңды сыйлармын, Мал түгіл, басым қиярмын, Құдайдан ерлер, күт, – деді, Көп уәде береді.
Кідірмей қайта жөнеді, Айрылмасқа келеді.
Кәдімгі дұшпан қалыпта, Аянбай ұрыс береді.
Қабатын жазып семсердің, Сүлеймен келіп төнеді.
Мойнынан бір шапты, “Лә иллаха” деп еді,
Басы жерге домалап, Атынан жерге құлапты. Қайғы-қамнан тиыш тапты, Айрылмастай батырың
Ақырет сапар жөнеді.
Хан Тұрсын жыртып жағасын, Халқы шулап жылапты.
Әнжамын бүткіл жинап ап, Семсерін бүктеп, тығып ап, Жетелеп барды қосынға, Ер Сүлеймен қара атты.
Қатағандай елінің
Айбындысы жайланды, Қырсығына айналды.
“Сүлейменнің келдесін Алып келген адамға
Беремін, – деп, – көп дүние”, Жар шақырып хан Тұрсын, Оң мен солға айналды.
Қылып жатыр болжалды, Онымен де болмады. “Төмен қып тұр жүзімді, Қайғы басты өзімді.
Бір шаһарды сұрапты,
Беремін, – деп, – күмәнсіз, Нұрбике деген қызымды”. Білінді жұртқа дерегі,
Күш қуаты кем еді. Дүниенің бар керегі, Аты шыққан ұранға, Бір туылған шағында,
Белгілі халыққа нәмдері Бар еді Танау мергені.
Танау мерген
Мынандай еді түрлері:
Аққуды атып аспаннан Аң құтылмай қашқаннан,
Сары жай жонып, тартқанда, Өткерген қара тастардан.
Қуып атып киікті,
Түтінге түтін қосқаннан. Үш атқанша, бір атып, Болғанша қимыл, құлатып, Аспаннан ұшқан тырнаны. Жол жағалай шұбатып,
Қырына алса қырық атып, Қып жүрген ісі ілгері.
Қатаған тәнті елдері. Айнытпай барып тигізген, Ұстап тұрса бір адам,
Шақырым жерде теңгені, Көз жұмғанша, демде еді. Жұбатпаса көңілін,
Хан Тұрсын әзір дендеді. Қол қусырып алдына
Ізетпенен келді енді.
Шыға келді тосыннан: –Міндеткермін осыған.
Қызыңды барып алармын,
Басқа олжаңды бер”, – деді, – Нақты қылып алмасам, Жарамайды екен далбасаң.
Тәуекел ханмен ұрысқанда, Алдап едің ілгері.
Шығарып едің есіңнен,
Оқ тигізіп төсінен
Себеп боп менен өлген-ді. Бергін де, көрсет, жата бер, Сәскелік болсын жердегі.
Жамына түсіп ілгергі, Ұялып ханың терледі. Несін мақтап айтайын, Қысқа сөзбен тартайын. Тауыспайды тергенмен, Кем емес еді бергеннен,
Айрылмасқа ілгергі. Бұйырар болса өзіне Мергенің де зерленді. Сүлейменнің шамасы, Екеуінің арасы
Жеті шақырым жерде еді. “Зер шынас болсаң байқағын, Қай жерін пайлап атайын. “Жақынырақ кел” деді, –
“Өз көзіңмен көр” деді, –
Көкірегінде сауыттың,
Теңгедей ашық жер”, – деді, – Толғап-толғап садағын,
Шіреп, тартып жіберді. Екпіні тұрған самалдай, Зырлап оғы жөнелді.
Көкірегінен қақ жарып, Сауыттарын дал-дал ғып, Қаңғырып оғы жөнелді. Бірнешеуді сұлатты,
Жерді қауып құлатты. Қосынға тура кеп еді, Жерге батып жарым кез Жантайып барып тірелді. Үркітті тағы көп елді.
“Алла” деп, аттан құлады, Жалғаннан ісі тынады.
Үш түрегеп, жығылып, Ашуына тығылып, Саламат қылсын иманды,
Жан тәсілім қылады.
Хандардан шынар құлады, Не болар екен бұяғы...
Таң қалды екі қосын мергенге енді,
Тәсін қып көрмеген де, көрген де енді. Мысалы, қардай борап, тұттай төгіп, Мылтықтың дүркін-дүркін оғы келді. Опырып оңынан он, солынан қырық, Ажалы жайлап жатыр келгендерді.
Түтінін тұмандай қып шұбатып тұр,
Танауың рас терлеп, төнгенде енді.
Айдады оңын оңға, солын солға, Боятты қызыл қанға қара жерді.
Қарғадай құстан қашқан, үркітіп тұр, Әркімге әр түрлі бақ берген енді. “Мал түгел, тәжі-тақтым әдия” деп, Хан Тұрсын тарына ма бергенге енді. “Оғыңды жалпылама қор қылмастан, Әр жерді туралап ат көргендерді”.
Арманда Есім хан да болып жатыр,
Жақсығұл сол күндері ауру еді.
Баласы Сүлейменнің ер Сиқымбай, “Атамды көрейін” деп, іздеп келді.
“Жарым күн бұрын келсем, көрер ем” деп Зарланып арманда боп, жылай берді.
Ер Сиқымбай
“Дүниеден өттің, ата-еке, Ғазатпен қылыш жастанып, Іс қылмадың жасқанып.
Ақыл-есім жарым боп, Жапа шектім жас қалып.
Ағы, көгің мен едім,
Бір күн бұрын келмедім, Жастық қойып басыңа, Қолымнан су бермедім. Бір шешіліп сөйлесіп, Өз көзіммен көрмедім.
“Ұлым, қызым” дедің де, Нелер күнді көрмедің. “Әл бөпем” деп, өсіріп, Қызығымды көрмедің.
“Орнында бар оңалар, Артымда қал деп едің.
Есім хан айтты: –Балажан, Жылай берме зарланып.
Мен сияқты сен болдың, Атадан сен де соң қалып. Біреуге ата болармыз,
Қатын алып, малданып. Өлгенмен арты ілеспес, Жайбағыстап жамдалып.
Атаға ұқсап туған ұл Ісін тұтар арланып.
Өлгеннің даңқын асырар,
Дабысын жайып намдар қып. Ішіңде болсын ендігі іс,
Сырыңды алар көп дұшпан.
Дабыр қылып сырды жаймалық Мына жаумен ойналық...
Есім хан көп насихат сөзін берді, “Бір Құдай аман қылсын өзіңді енді”.
Тапсырған мал-мүліктің берді бәрін, Аруақ сыйлап, Сүлеймен сөзін енді. Шамада әр нәрсеге талабы бар,
Бұл бала осал емес көзі көрді.
–Бір мерген харап қып тұр халықты, Парласам қайтер еді өзіңді енді.
Ақжолтай боп, қадамың маған жақса, Қылар ем бір уәзір өзіңді енді.
Сиқымбай айтты: –Тақсыр, жүйелі сөз, Он тақсым палуандық өзі, – деді, –
Түнінде бір әдисә іс қылайын, Келмейді күндіз ебі, көзім көрді.
“Жолың боп, есен барып, сау қайтқын” деп, Барша жұрт қойдай шулап бата берді.
Күн батып, құтпан уақыты болғаннан соң, Сиқымбай топтан шығып жүре берді...
Майдан тарқап кеш болды, Қарауыл қойды кешке енді. Аярлық киіп киімін,
Сиқымбай сөзін ескерді.
Мысықтай боп кеп өтті, Секіріп барып, топ етті. Құмырсқадай жорғалап, Төрт аяқтап сырғанап, Білдірместен қарасын,
Әскердің жарып арасын, “Үлкен тудың қасы” деп, “Хан Тұрсын орны осы” деп, Шамалап мұны көздепті.
Діттеген жерге кеп жетті.
Әрқайсысын іздеумен, Біраз уақыт боп кетті. Іздеп жүріп Танауды Хан Тұрсынға кез болды. Дәрі сүйкеп мұрнына, Тонап алды тамамын,
Қымбат баға жарарын,
Тәжі, сауыт-сайман, әнжәмін. Сақал-мұртын күзеп ап,
Қара жағып бетіне,
Тығып қойды көтіне.
Шұбар-шұбар ала қып, Бояу жақты етіне.
Қағаз жазды басына: “Келемін ертең қасыңа, “Сүлеймен ұлы Сиқымбай, Осындай қылып кетті” де. Еншіңді беріп, даярлап,
Жетемін ертең аяңдап. Енді қыраж жөндеп қой,
Болмаса, үлкен болар той.
Айтқанымды қылмасаң, Өрексіп, егер шындасаң, Әйелің, еркек белгісіз, Өлімнен қиын, ұялмақ,
Кетемін ертең қаяңды ап”. Осындай қылып жасқады, Түзетіп кетті патшаны.
Жиған-терген мүлігін, Бір жыраға тықты да,
Қосынға жақын тастады.
Шығып барып далаға Қайтып келді және де. Адамы бөлек бастығы,
Танау мерген нұсқауы, Мұны да тауып ұстады. Дәрілеп, мұрнын көтерді, Көп қосыннан өтеді.
Салбырап кетіп барады, Шуы түскен қойдай боп,
Сүйретіліп бас жағы. Кідірместен алып кеп,
“Тартуым, – деп, – Есім хан”, Теуіп-теуіп басына,
Лақтырып тастады. Түн ішінде оянып, Тамам адам қуанып,
Даярлап дарды, құрдырып, Түн ішінде тындырып,
Халық көзіне көрсетіп,
Таң ертең дарға асқалы. Жайластырып болды да, Құрсандықпен ұйқтады. Лезде жазғы таң атты, Памдаттың болды уағы. Екі әскер, екі жақ,
Жай -жайына тұрады, Дабыл, сырнай даусымен Керең болды құлағы.
Төтелеп құстар ұша алмай,
Іннен безіп хайуандар, Қашыңқырап тұрады. Сарыны алып әлемді, Күннен-күнге күшейіп,
Қиын болды ұрыс сияғы. Жел көтеріп тозаңды, Екпінімен шаң тынады. Хан Тұрсыннан азырақ Айтайыншы хабарды:
Сәскеге жақын оянды,
Тұра салып ұялды.
Жауап қатпай пендеге, Төмен қарап тұрады, Қарамақ түгіл, бұғады. Екі көзден бөлегін, Тасалап жауып паналап, Қарай алмай, сығалап, Бет аузын шарып орап ап, Жас ағып көзінен,
«Аурумын» деп шығарды.
Киімдерін кидіріп, Бір уәзірін шығарды.
Не әмір айтса сыбырлап, Ишарат, иман қылады.
Керең болды құлағы,
Бас жағынан хат тауып, Жылай берді есі ауып. Мәнісіне түсініп,
Өсік көңілі кішіріп: Есіл ғана мергенім –
Асқар тауым, інім,- деп, – –Түбіне жетті жүгермек,
Иә өліп, бүгін қырыл» деп, – Әлемет баста бүгін»,– деп, – Құмырсқадай өрмелеп, Қардай жауып төтеле,
Шықпай-ақ қой жекеге. Құшақтасып өле бер, Біреуге күшің жете ме? Өзі азғантай қазақты
Қырып тастап, төтелеп, Біріне оның боласың, Жүзің бірін сабайсың. Үркердей боп халқы тұр,
Көптіктен болса, боласың. Оның халқы көшпелі,
Сен қыстақтың баласың. Хайуан қатар даладан, Не қылып кейін қаласың? Бұрынғыдан жаман қып,
Шулатайық баласын.
Қайтпай, қашпай ұрысып, Тұқымдарын тауысып, Өшірелік қарасын.
Өршісең жауды аласың, Өршеленсең, боласың. Малы-жаны, жесірі Бұрынғыдан бетер боп, Үйме-үйге тарасын.
Көтере бермей табасың,
Хан Тұрсынның тұрысында Жеті ата, жеті пұстыңа
Теп-тегіс бай боласың. Егер мұны қылмасаң,
Құдды осындай боласың. Күннен-күнге сұйылып, Жасып кетіп барасың.
Біреуіңді жіберсем,
Жүректерің жоқ па еді, Жау, санаса, көп пе еді?
Аяқтарың талтайып, Ауыздарың аңқайып, Аралдағы томардай, Қапқа тыққан сабандай, Өліп-өліп қаласың.
Боққа ұйлыққан қарғадай, Жел ұшырған тозаңдай Ада болып барасың.
Әкем берген малымды ал, Қазынада барымды ал!
Азсынсаң оны, тағы да ал, Тағы түгіл тағымды ал!
Сүлейменнің баласын, Көңілімде арман қалмасын, Сонау тұрған көрдің бе?
Иә өлі емес, тірі емес, Дардың болжа ағашын. Танау мерген қарасын.
Жаңбырдай жауып барыңдар, Ажыратып алыңдар,
Келтірместен шамасын.
Осындай деп сөйледі, Майданның жеке өрнегі, Үстін-үстін түйіліп, Дауылдың даусы кернеді. Ар жағына бір шауып
Ат тұяғы тас қауып,
«Сиқымбайлап» ұран сап, Нағыра тартып жіберді.
Иман айтып әр қилы
Үйінен үзіп күдерді.
Хайуандар безіп інінен, Адасып бірі-бірінен,
Тау мен тастар күңіренді. “Хан Тұрсын, Хан Тұрсын, Хан Тұрсын, сені ант ұрсын. Білді ме ешкім мәнісін?
Сүйегіне дарысын.
Тақсым-тақсым қылып ем,
Салған тамға қабыл боп,
Үстіне жаққан дәрісін, Ерлердің жібер асқанын. Түрі бар Рүстем дастанның. Қолы қатты қандысын, Қоймай айда жандысын.
Шошынсаң ерлер, жекеден, Тобыма кел төтеден”.
Он екі алуан ойнады, Жалғыз аяқ, жалғыз қол. Үстінде қаз тұрады,
Кейде жатып қалады Бұяғынан айналып, Бұяғынан шығады.
Түсіп қалып жалп етіп, Қарғып шыға қалады. Айнымай кетіп барады, Шақпақ бөркі басында, Торы арғымақ басында, Түтінге шауып көлденең, Сондай-ақ туар пендеден.
Қуса жетіп, қашқанды Қуса, теңдік бермеген,
Кірапта болып көрмеген. Әзіреті Жүсіптей,
Мысалы, рең, сияғы. Кисек, киім жарасқан, Жаңа ашылған қызыл гүл,
Тартқандай жарық қараңғы. Барған сайын өрлейді, “Қайратымды көр” дейді,
Сүлеймен ұлы Сиқымбай, “Танысаң міне – мен” дейді. Ыза болып хан Тұрсын,
Қамшы алып қолына, Оңмен солға сермейді. Біреу тұрды орнынан Ұлықсат алып жүргелі, Қоқаннан келген тәжіктен. Алтынменен малынған, Атпенен тоң торлады,
Көрмеген мұндай ілгері. Қолдан соққан моладай, Келген екен қарамы. “Тұз-наныңды көп жеген,
Қасыңыздан дәндеген, Жолдасың қалды жарамай, Тәуекел деп баралы”.
Бөктергісін тоқ қылып, Тіллә қылыш өңгерді. Түсінгілік болмай тұр,
Майданның жайын білмеді.
Бұ да жүрді ілгері, Екеуі қарсы кез келді. Жауаптасып, қатысты, Түсінікті болмай тұр, Бір-біріне тілдері.
Аттарын сабап бауырға, Бір-біріне тездеді.
Даяр ма еді кездері? Шаншар жерін көздеді.
Қорқатын болса өлімнен, Майданды неге іздеді?
Қолтыққа таяп найзасын, Қолдарына алады.
Құстай ұшып барады, Қарсы найза салады,
Қағып тастап Сиқымбай,
Қолындағы найзасын
“Дәл жүректің басы” деп, – Жанды жерің осы” деп, –
Толғап-толғап салады.
Жарым кез шығып арқадан, Жантайып барып, шалғайдан, Айландырып көтеріп,
Көкке қарап ырғытты. Жерге түсті шамалы. Ілінбестен олжаға,
Аты қашып барады. Ендігі іс не болсын? Мұнымен де болмады...
Сиқымбай ұран салды оң мен солға, Жекеден тайлығыпты барша жан да. “Қорықсаң, енді өзім барайын” деп,
Найза ұрып, қылыш шапты кез болғанға. Мысалы, көктен жауып, жерден еніп, Қозғалды толқындай боп Қатаған да.
“Жас бала жау бетінде жалғыз-ау” деп, Тықыршып Есекең де жата алмады.
Ұран да “Алаш” деген көкке шықты, Қай бірін санай бердік атағанға?
Аллалап екі әскер араласты,
Қорқыныш керек екен, бас аманда. Адамның қаны кетті судай тасып, Нөсер боп шаң-топырақ тасаланды. Бидайдың бауындай боп қалды өлік, Үйіліп төбе-төбе қыр мен сайда.
Жиембет, ер Алатау, ер Сиқымбай, Айдап жүр оңын оңға, солын солға. Ет қызып, дүбіріне шыдай алмай,
Хан Тұрсын бұ да шапты, Есім хан да.
Дүние қараңғылық шаңдарына, Қарасаң, қарлы боран аңғарына.
Кезіккен кездескенді шауып жатыр, Бытырап, әрқайсысы алды-алдына. Айрылды ұл атадан, іні ағадан,
Атасы парық қылмай балаларына. Белгісіз кімнің бары, кімнің жоғы, Есен ер есептелер, қалғанында.
Жол тауып, атылған доп жүре алмайды, Тоғыстың қандар толып сайларына.
Не қырғын, неше ойран болып өткен, Шымкенттің Бадам менен сайларында. Ұдайы үш күн, үш түн ұрыс болып, Қол қойды төртінші күнге айналуға.
Есекең ыңғайланып түсті жолға, Семсерін испаһанлы алды қолға.
Жиырма, жиырма бес басын алып, Нөсердей қан ағызып әр ұрғанда. Шуылдап жүрген жері қойдай үрікті, Жаратқан Құдай артық басқадан да.
Су тұлпар атқан оқтай зырқырайды, Жануар рас қызып тасқағанда.
Аузына сақал-мұртын бұрап тістеп, Хан Тұрсын ларза түсіп патшаға да. Ат басып не ерлердің жүрегінен Торы шолақ толып жатыр ақсаған да. Мысалы, сондай болып қалды өлік, Пал қылып, бидай орып тастағанда.
Қараңғы жердің жүзі шаң мен тұман Ұқсайды күндізгі күн кеш болғанға.
Әзірге, бұл ұрыстан көз жетпей тұр, Тоғыстың сай-шұқыры бос қаларға. Бытырап алды-артына кетті әркім,
Білінбей ұдайы ұрсып күн менен түн. Қадірі аманшылық, сау күнінде,
Бағасы бірақ бақыр өлігіңнің.
Тас күйіп, тау жаңғырып дауысына, Адасып хайуандар таппады інін.
Қақ жарып қалың топты тасқа батып, Жақсығұл атқан оғы батырыңның.
Сабынан қабатталған түйреп өтіп, Шығып тұр ол шетіне саптарының. Оғы бар пиаладай мылтығының, Жарығы жасылдай боп атқанының.
Қоңыраттың Алатаудай оннан шаншып, Домалап басы жерге жатқанының.
Он беске оза шауып өрлейді ерлер, Бәрі қап ұят-аят, жасқанудың.
Сиқымбай жұлдыздай боп, қырғында жүр, Тау менен бәрін кезіп шатқалының.
Семсерін екі жақтап, керіп шауып, Дағы қап қара тасқа батқанының.
Жиембет жолбарыстай нағыра тартып, Ойлайды “бір жетсем” деп, тудың түбін. Сауытын топтан шығып сілкінгенде, Бұршақтай оғы төгіліп көздерінің.
Қашырып қатағандар, қайтарып тұр. Бәрі де барып-қайтып екпіндінің.
Ұдайы алты күн-түн қырғын болды, Болғанда, ұрық қалмас, бір апта, он күн.
Есім хан айтты: “Жануар, Судан шыққан неме едің, Су тұлпар деген сен едің. Атқан оқпен жарысқан, Жұлдыздай сені дер едім. Көлденең ұшқан құстардың, Көлденең ұшқан үйректің, Қанатын басып жөнедің.
Ерге лайық ат туар, Маған серік сен едің.
Жалықтың ба, жолдасым, Шабандау сені көремін, Осы бүгін керегің.
Хан Тұрсынға бір жеткіз, Иә өлтіріп, иә өлейін.
Сеніменен бір қылыш, Бір-ақ сақа керегің.
Мирас едім бабамнан,
Дабылға тіллә салғаннан. Қызырдай боп дарып ең,
Үшеуіңді алғаннан. Қалып едің басында Ықпалы жүрген әлемге. Алты ықылымды сұраған, Әмір Темір нәмінен,
Жылаған бала жұбанған. Бүктесем сиып уысқа, Қандасам түсіп қатысқа, Тағыммен тіллә тең едің. Опаңды көрсет жануар,
Сенімен менің мерейім. Хан Тұрсынға барайын, Қарсыласып қарайын”. Осындай деп Есекең, Ілгерілеп айдады.
Атқан оқтай самғады, Шапқан жері ойылып, Будақ-будақ шаң қалды. Жер ошақ құрлы көрмеді, Алдындағы аңғарды.
Оң мен солға айналды. Керіп тартып қылышты, Оңынан келсе, оң шапты,
Қырына келсе, қырық шауып, Алдындағы аман қалмады.
Аждаһадай деміне, Келеді тартып әмбені, Шеніне пенде бармады,
Ойнаса бұрын, шындады. Осындай ерлер көп еді,
Баршаны ажал ұрлады, Тұтқа болып тұрмады. Бір жерлерге келгенде, Қирата шауып көп елді, Қылышынан қан тамған. Тұла бойы қызыл қан,
Алдынан үркіп мың мен сан. Оза шауып қиратқан,
Тәж киіп, жібек шырмалтқан. Саптарын бұзып ұзақтан,
Сансызды қырып қазақтан.
Әнжамы сай өтімді,
Көне бура секілді,
Хан Тұрсынға кез келді. О да мұны іздеген.
Арада қанша сөз болды: Келдің бе, жәке, кезіме, Құмар едім өзіңе.
Жолыға кеттің көзіме. Неше сапар алдандым,
Сенімсіз сеніп сөзіңе.
Себеп боп халықты жамсаттың. Құдайыма мың шүкір,
Көрсетті ме көзіме! Сонда да әуел сыйладым,
Армансыз болып қамданғын, Кезек бердім өзіңе.
Хан Тұрсын айтты: –Қарағым, Артық еді талабың.
Кірді ме сайтан ойыма?
Бұзықтар бұзып қойды ма?
Өткен іс келмес орнына, Құдайдан шығар әр жұмыс. Пәтті байы – себеп ән, Жазулы Құран бойында.
Күтініп, жина күшіңді, Қол қойдым ауыр ойынға. Осындай деп семсермен, Есім ханды үш шапты.
Қалқанын бөліп әуелгі,
Жаңалап бәрін ұстапты.
Екіншіде сауыттар
Шіріген бөздей қирапты. Тілген жерін уатты.
Үшінші зақым ұрғанда, Өтіп барып тоғыздан
Қабатын қырып киімнің, Екі елі дарып етіне,
Ары бармай тоқтапты. Есекең де қамданды,
Бітірген соң нәубетті.
Бұған де кезек үш келді Бір-біріне тұс болды.
Анжамдарын талқандап, Сүйектерін кеспеді,
Сол сипат семсер өтпеді. Қапаланып, сұс болды,
Өкініп бармақ тістеді. Қылыштасып болмады, Найзаласып қалады.
Түйреп өтіп сауыттан, Тәніне тоқтай қалады. Әр істің бар себебі,
Уақытымен болады. Ада қылды екеуі
Он бестен отыз найзаны. Қылмаған соң бұлар кәр, Аударыспақ ойнады,
Ұстасып бір-бір қолынан. Бір қолдар аттың жалынан.
Майысып аттар бауырлап, Неше уақыт өтті сонымен. Шалығып қанша, шаршады, Жүректері айнып, қабынан. Бірнеше уақ боп кетті,
Күрзінің келді нәубеті. Бұрынғы анжам тасталды, Күрзімен ойын басталды. Хан Тұрсынның бар еді,
Бірнеше пұт салмағы,
Болаттан соққан шоқпары, Өткерген қанша патшаны... Түнеріп Есім қабағын,
Үзеңгіге тіреп аяғын,
Қабаттап қалқан ұстады. Үш мәртебе айқайлап, “Берік бол!” деп, тастады. Жерге жетіп сәскелік,
Жаңғырықты жердің тастары. Қалқандары дал-дал боп
Шоқ болып жерге тасталды.
Тізе бүгіп су тұлпар, Дүр сілкініп, жасқанды. Ақылы айнып Есімнің,
Тізгіні аттың бос қалды... “Кезегіңді сен де ал” деп, Ұсынып басын нұсқады. Есім хан жиды қуатын,
Шіреніп қармап қолына
“Жәдігер менен болсын” деп,
Беріп еді Борай хан.: “Салмақты күрзі ауыр деп,
Зарпынан өлген көп ел» деп, Бірнеше пұт салмағы.
Бір атқа өзін арттырып, Ап жүрушы еді шідерлеп. Толғап-толғап алады, Айнала шауып майданда. Айнадай жерге барады, Гулеп барып бір салды.
Құлақтары шыңлады, Күркіреген күндей боп. Тау менен тас жаңғырып, Бездірді іннен хайуанды. Хан Тұрсынның есі ауып, Шаңнан тұман орнады.
Белі үзіліп атының, Қисая барып құлады. Есін жиып бір уақта
Хан Тұрсын тұрды орнынан,
Жамбасын сүйеп қолымен.
Тағы бір атты жеткеріп, Мінгізді біреу тобынан. Туына қайта қыңырықтап Қайтайын деді жолымен, Қашудың ұят-арымен.
Сөйтіп ерлер тұрғанда, Қалың оқ жауған жаңбырдан Бір оқ келіп тиеді
Есім ханның қолынан.
Саусақ жақтан жарып кеп, Тоқтады тұйық тұғылдан. Қосыннан шықты бөлініп, Зақымет ауру мұңымен.
“Бар ма, – депті, – талапты ер, Тіліп, ыстар оғымды?”
Әмбеге бір-бір көрінді, Алуға болмай шамасы, Шайқады басын әмбесі. Ешкімнің табы болмапты.
Тістеніп тұрып тістерін, Қолына алды пышақты, Қабағын шытса ұят-ты. Жарып келіп тұғылдан Ысытып алып тастады. Біразырақ қан ақты.
Ақ дәрісін жақты да,
Шүберекпен байлапты, Елеместен зақымын.
Елеуреп тағы батырың,
Тартпасын тартып атының Майданға қарап ат шапты. Талқандап бұзып сап-сапты, Аңғарады жау жақты. “Келтірме, – деп, – жақынға” Жүгіріп жаяу, атты да,
Қатағандар шулапты. Аңғарлы салып құлақты, Қарсы келсе жамғарып, Жетер жерін ойланып,
Лақтырып өлігін, Алдын ашып атының, Жиембеттей батырың. Пәйтіне түсіп барудың, Тіпті жақын шамалы, Есік пен төрдей араны. Алла болып ұраны,
Ту ұстаған Құраны, Іспаһани қылышпен Төбесінен бір шапты.
Бар күшімен нұсқапты,
Қақ жарып барып, тас қапты. Екі жаққа керіліп,
Атымен теңдей бөлініп, Қора батыр құлапты.
Қара жерді қабады. Қисайып туы барады, Тасмас деген біреуі, Түсірмей ұстап алады. Нәсілі тәжік ел еді,
Өзі қопал неме еді.
Бұрыла алмай артына, Екпінімен тұлпардың, Ағып өтіп барады.
Оңай емес, өршіл жұрт, Қатағандар қамады.
Қолынан түсіп бәрінің Асығыста жарағы,
Тас кесекпен сыбады, Кез келгенмен ұрады.
Қорыққандай от басып, Айнала шауып құрлады.
Айналып кетті қырынға, Туына қайта ұруға.
Әр тарапқа сүріліп,
Кезіккен жауға ұрынып, Қашықтатты араны.
Басым көріп ерлерін, Туынан өтіп желгенін, Қораны екі бөлгенін
Болжаған соң ер Есім Көңілі өсіп, айқайлап, Айтқан мынау ұраны.
Хан шақыруы:
“Қымыз ішіп, сырбаз жеп, Қанды қызыл, алашым!
Айран ішіп ағарған, Қарыны кең, алашым! Сүйегі тың, май жілік, Миы толық, алашым! Қатаған, сарт, тәжікті,
Аямай шаншы, алашым!
Кең далада, кең өскен, Ысырап қып көп ішкен, Малға сайлы, алашым!
Өзіндей қылып жылатқын, Қатағанның баласын!
Әбүйір берсе осыдан, Үш алаштың баласы, Ер басына ілесіп,
Қос-қос жетім аласың.
Шылауды қызыр ұстаса, Әбүйір беріп, бақ қонса. Бағың тайып басыңнан, Досың кетіп қасыңнан Туың құлап, Хан Тұрсын, Алтын жығаң қисайса,
Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз, Қалауынша қыларсың.
Қос-қос жесір аларсың. Ұлы жүздің ағасы,
Елтірі тонның жағасы, Әлібек би қыласың, Құдайберді баласы.
Қамыстан көп Жанысым,
Өрнекті жұрт табысың.
Жақсығұл қайда мергенім? Көрнекті қайрат көргенім, Жыға шанышқын ерлерім. Сіргелі, Қаңлы, Жалайыр, Қара ағаштай Дулатым,
Қарсы жауды шулатқын. Ер Алатау – Қоңыратым, Жау бетінде миятым.
Тоқсан бір баулы Қыпшағым, Олжаға толсын құшағың.
Арғын, Найман, Қызайым, Дүркін-дүркін айдағын, Алшын, Жаппас, Адайым, Жидебай, сені қалаймын. Білінсін ерлер сыңайың,
Талқылы боп талайың. Ер Жиембет, қайдасың?
Жыға шанышқын найзасын. Танып тұрсың сыңайын,
Бостау тартып келгенің. Бәрекелді, ерлерім!
Иісі қазақ баласы,
Қос жесір, жетім аларсың. Қалауыңша қыларсың.
Қайда кеттің көрінбей,
Сүлеймен ұлы Сиқымбай? Жалықпай жауға шабатын, Жаңа талап, ерінбей.
Мінген атың кер дөнен, Түтінге шап көлденең. Ел жоғары, жау төмен, Бәрекелді, ерлерім!
Іс ағына айналса,
Қызыр дарып, бақ қонса, Көрген түсің оңалса,
Хан Тұрсынның иншалла Тәжі, тақтын аларсың, Қазына, мүлкін таларсың”. Осындай деп сөйледі,
Қуаттанып досынан, Ерлердің бәрі өрледі. Ашылып барып, жауындай, Тудың түбі түнерді.
Ынтымақ қылып, бірлесіп,
Тізе қосып екеуі,
Ер Алатау, Жиембет Туға қарай жүргелі, Ер Сиқымбай артынан
Бұларды қорып демеді. Тұс-тұсына әзір боп, Топтанып ерлер келеді. Әзір беті қайтқандай, Шегірткедей ел еді, Тауларды өлік бөгеді.
Сел болып сайдан қан ағып,
Нөсердей боп келеді,
Хан Тұрсын халқы көп еді. Қоралаған қойдай қып, Тұс-тұсына бөледі.
Қиратып, шаншып, аралап, Ірілерін саралап,
“Өлдім, талдым” дегенде, Туға жақын келеді.
Таймас деген батырың Асылы тәжік елі еді.
Өзі қорқақ неме еді. Елеңдеп екі құлағы,
Шу-шу жақын келгенге, Зорғадан туды ұстап тұр. Ерлерді байқап көргенге Жылап, мұрны сорайып, “Өлейін” деп қылжиып, Осалдап байғұс келеді.
Пұшайман болып алғанға, “Неге ұстадым” дер еді.
Жиембет батыр бір шауып, Келеді де, бөледі.
Таймас батыр жер қауып, Ажал жетіп өледі.
Туы құлап, хан Тұрсын,
“Не болсаң, халық, ол бол” деп, Ташкентке қарай жөнеді.
Жұлдыздай ағып арғымақ, Құстай ұшып келеді.
Шілдей тозып қосыны,
Бұлар да қашып жосыды.
Аллалап бәрі ұран сап, Артынан қазақ қосылды. Өршігіп барып, қуанып,
Қашқанмен қуған шұбалып. Түсіргендер артынан,
Әр жерде олжа бір алып, Қара жерді қандады.
Епшілерді сонда көр, Оза шауып олжа алды.
Ұмтылғаны озық ап, Ерінген қорқақ құр қалды. Біреулер жүзді алғанда, Біреулер зорға бірді алды. Орта буын оңды алды.
Есім хан қырып ысапсыз, Етекпенен айналды.
Қазығұрттың астымен,
Шымкент, Сайрам үстімен. Сауыршымен төтелеп,
Келеспенен жағалап,
Семізін қырып, саралап, Қойға шапқан қасқырдай, Оза шауып аралап,
Қуып, қырып жөнеді. Теп-тегіс қуып келеді, Көкім би де бүйректен.
Бұ да қырып қосылды
“Олжа алам” деген тілекпен. Екі жақ болып жөнелді,
Сапсыз қашқан көп елді.
Екі ажырап қатаған,
Бірі өрде, бірі жотамен.
Пәс жағын қырып Есім хан, Бір тарабы өр еді,
Қатаған қашып келеді. Қазығұрттың өр жағы Бұлың-бұлың сайы бар, Тауға жақын жер еді.
Тас біткен тауменен,
Биік жота бел еді.
Сонан қалған атақ боп, “Көкінің белі” демегі. Қашқан менен қуғандар Бәріде де Ташкент айдады. Бәрі де сонда қосылар
Үш тайпаның аймағы.
Бұл жерде ешкім қалмады, Қырдағы мен ойдағы,
Тасадағы, сайдағы.
Ташкентке қуып, қашып бәрі барды, Сән кетіп бір жағынан, бірі сәнді.
Бас кетсе бір жағынан, бірі олжа алып, Болғанда бірі малсыз, бірі малды.
Ұғынар енді халық айтпасам да,
Басында ант қып қойған шарты бар-ды. Кез келсе еркек тұқым, бірін қоймай,
Кезіксе буаз қатын, ішін жарды. Тапқанға еркек бала сүйінші айтып, Үлесіп жетім, жесір қатындарды,
“Нәресте Қатағаннан” десе біреу, Тең тартып сүйегіне тіллә алды. Үлесіп сүйіншіге тауысыпты,
Қайысып нарларға артқан қазынаны. Жылшылық жерге қашса, қуып сұрап, Қауышты жерді қоймай аралады. “Бар болса, жер жүзінде Қатаған” деп, Өтініш әр патшаға хабар салды. “Дүниені, бірі қалса, бұзады” деп,
Зер беріп, сәлем-сауқат, көп жалбарды.
Қамданып, бір топ адам, қашқан екен, Паналап Әбілғазы ханға барды.
Есім хан қуып барды арт жағынан, Бір адам сүйінші айтып осыларды...
Хан тілегі:
–Қош, патша, амандасып сәлем бердім, Көргелі бармасаң да, іздеп келдім.
Ақыры мынау жұмыс, мұндай боп тұр, Сенімді еркек патша басында едің.
Бір ауыз сенің тіліңді алмағанда,
Тұқымы құрымас еді бір тайпа елдің.
Өзгесі аман болып қалмас па еді?
Өлтіріп хан Тұрсынды-ақ қояр едім.
Жамандық, жақсылығым болғаннан соң, Сен қалдың обалына тәмәм елдің.
Бір тобын қашып келген жасырыпсың, Қоймаймын біреуін де шартым менің. Баласын Әзірет сұлтан өлтірген соң, Қараған қожа Ахмет тамам елін. “Дүниеде сүйір халқы қалмасын” деп, Сөзі бар пәтуа, кітап көнелердің.
Сол кісі жазу десе, қоймас па еді? Ондай-ақ әулие емес, бір пенде еді. Сақаптар Мәуияға аунаған соң, Қырғанын білмеуші ме ең Әлі шердің. Сақаба, әулиені қоймай қырған, Көңіліне жақпаған соң тамам елін.
Сыйласа “мұсылман” деп қырмас еді, Бұлар да сол сияқты жауым менің.
Қаласаң мейлі алтын, мейлі жұрт ал, Не жайлы Қатағанды тәуір көрдің?
Сөйледі Әбілғазы сонда тұрып, Өтініп, қол қусырып, құлдық ұрып: –Бәрі де тағдырдағы жазу шығар, Ақырын ойланамын қайдан біліп.
Пайғамбар ғайып ісін болжамаған, Жазасы – тауысыпсың бәрін қырып. Жібермек тіпті құртып, Құдайға қас, Бұлар да дүниеде болсын ұрық.
Зерің де, шаһарың да керек емес, Қоймасаң, қыз берейін тарту қылып.
Бұтаға қорғалаған торғай қалар,
Қайтпаған нәмірт най үміт, көкке шығып. “Болса да кәпір, нәй үміт қайтпасын” деп, Оғына балықты ұстап қарам қылып, Зеріңді, тағымды ал, жұртымды да ал,
Жалынып қайта-қайта құлдық ұрып...” Есім хан лажы жоқ бермек болды,
Ұсынып тұрғаннан соң, мойын ұсынып, Қоштасып, көп дүние алып, қайтып кетті. Зер, алтын ізет қылған тіпті көп-ті.
“Бұзық халық саған бір сыр көрсетер” деп, Дайындап қайта-қайта айтып кетті.
“Ант пенен бұл халыққа әуәде жоқ, Сонда бір сөйлесермін саған”, – депті. Әзірше алып қалды ажыратып, Сөйлейін қалғандардан біраз кепті.
Біраз күн сыр берместен жүріп еді, Бір күні хан қызына ғашық бопты. Төсектен бір күн түнде ұрлап алып, Жабылып, ортаға алып, арын төкті.
Түсініп анық бұзық екеніне, Есітіп, Әбілғазы қаһары кепті.
Түгелдей дарға аспақ боп тұрғанда, Жиылып уәзірлері арыз етті.
“Әй, тақсыр, баста сұрап өзің алдың,
Көп айтып, зарлап еді бұзылғанын. “Тілеген жаңбыр, еңбек басқа” дейді, Бұрыннан ескі, көне адамдарың.
Семірсе арық адам, басқа тебер,
Май етер, бақсаң, ауызды арық малың.
Онан да екі-екіден алысқа айдап, Таратып әр патшаға жібер бәрін. Бұл жәбір, бұл жаза да соған жетер.
Мүсәпір түрткісі бар барша адамның... Бұл күнде Ауған, Бұқар арасында,
Бар дейді сол таралған Қатағанның. Бір шеті шаһар Бұқар атыраптан,
Бір шеті Қайсар Күләп”, – дейді намын. Бұл жақтан бір жайлы боп қайтып еді, Бұл жақта не боп жатыр Есім ханың?
Хан Тұрсын Ханабадта бой бермей тұр, Өзгенің тамам етіп қырды бәрін.
Ада қылып Есім хан,
Еркек жынысын жайлады, Бала да болса жамдады.
Буаз қатын кез келсе,
Ішін жарып, жамғарды. Бір қалғанда бір күні Қаңлы қызы кез болып, Даяр тұрды жаллаттар
Басын кесіп алғалы.
Айрылмастың қатыны, Тапсырып кеткен осыны, Түсініп жайын, аңдады. Есім хан дос еді,
Атасы оның әм тағы.
Қызы тұр зарлап жалынып, Тарылды бұ да налынып,
Батпай тұр сұрап алғалы. Жауап берді Есім хан,
Естіп мұны барша жан.
“Шешілсін, досым қапаң” деп, – “Байдың қызы Дарқан” деп. “Шанышқылы” дейді туылып, Дарқан боп содан таралған, Сұрасаң тарих санадан.
«Олай емес, бұлай» деп, Біреулер мұны сөйлейді:
–Туылған егіз ұл»,- дейді,-
Құдайназар – ағасы,
Арназар – дейді інісі.
Құдайназар, Дарқан боп, Аталады бәрісі.
Жайылған мәшһүр жабысы. Ақиқат жер – бұл, – дейді,- Інісінен Ерназар
Туылыпты үш бала.
Таралған қалың ел, – дейді. Шежіре сана білгені.
Баба Дербіс әулие
Болған екен пірлері.
“Шаныш, құлым” деген себептен, Ат тағылып келеді,
Дуалы ауыз ілгері.
Сол заманнан бері қарай, Өсіп-өніп көбейіп,
Іргелі жұртқа теңелді. Болмағанда мұндай іс, Бір тайпадан көп еді. Патшалы ел еді.
Нағашылы, жиен боп, Қаңлы, Шанышқылы дегені. Заманында Қоқанның,
Сіргелі мен Дулатқа, Сүйек қас боп кеп еді. Арада істер көп еді...
Бұлардан көңілі тынған соң, Қосынын жинап Есім хан Ханабадқа жөнеді,
“Хан Тұрсын сонда” деп еді.
Ташкентпенен арасы, Сәскелік қана жер еді.
Оң бетінде Шыршықтың Бір шақырым бар еді.
Қатын, қызын, малайын Бірге алып қасына, Құтылып жалғыз кеп еді. Басқадан үзіп күдерді, Бұрыннан соң істетіп,
Бекем еді қаласы.
Тегіс еді даласы.
Салынған жері дөңестеу, Биік еді шамасы,
Аспап, әнжам сай қылып,
Пенде бұзып кірмейтін Болат еді қақпасы.
Саяхат, дәріханасы, Ортасына қойылып, Мүкәмбалы жиылып Керекті нәрсе үйіліп,
Алтын, күміс әмбесі, Амандап барып бір өзі, Қасында жоқ жолдасы.
Хан Тұрсындай ханынның, Болар еді үш қызы.
Қоңырбике, Айбике, Нұрбике дейді нәмдері... Есім ханның келерін, Анасы шексіз біледі, Тауысқанын көп елді.
Үш қоржын бас алтынды Арғымаққа салдырып, Жол қаражат жам қылып, Әлі деген қызметкер
Бар еді сарты алдырып. Арыздасып, қоштасып,
Жыласын қанша, сықтасып: Қияметте көрермін,
Есім ханға тұс болмай. Шоры болып жүргенше,
Жарылқасын алдынан. Тірі болсаң, шырақтар,
«Бізден де қалсын ұрық» деп. Ерге таңдап тиерсің,
Қор болмайтын дүниең бар, Қалағаның киерсің, Өздерің тауып жүйесін, –
Деді де енді анасы, Құшаққа кеп еңіреді. Есім ханнан ілгері
Шығарып жолға жіберді.
Күн-түн қатып жүреді, Орта жүз Тобықты еліне Әлі сартты басшы қып, Тұс боп соған келеді.
Ерлерге таңдап тиеді.
Еліне Тобықтының нәсіп болды, Қаңғырып, тәңірі айдап тура келді.
Жазылған пешенеге жұмыс болар, Әлі сарт тура бастап алып келді.
Атақты ерлер шығып ұрығынан,
Нәсілінен қыздың тұяқ қалыпты енді. Шәкәрім санасын жазған екен, “Ақиқат бұл – мамамыз анық” дейді.
Есім хан Тұрсын ханмен не қып жатыр, Қамал қып Ханабадқа барып па еді?
Хан қамалы
Жиылып барып көп қосын, Айналасын қоршады.
Жақындап барып ілгері, Жол таппады көргелі.
Есігі болат темірден, Шапса қылыш жүрмеді. Биіктен тартып садағын Дүркін-дүркін жіберді, Қардай болып түнерді. Тағы өлтірді көп ерді.
Оққа ұшырып жіберді, Алатау батыр дегенді. Жарып өтіп жүректен, Сауыттарын талқан қып,
Қара жерге тірелді.
Жазым қылды көп ерді.
Оқ жерден жетер сырлығып, Серпіліп қосын жөнелді.
Жалғыз өзі сұс қылды Қуғыншы қазақ көп елді.
“Әдіс қылсақ, қайтер” деп, Оң жағына келеді.
Қарғадан сақ хан Тұрсын Оларды да көреді,
Әдісқой әккі неме еді. Жауған қардай садағын Тартып-тартып жіберді. Сап-сабымен қиратып, Тағы өлтірді көп ерді.
Әр оғына он өлді,
Қырына келсе қырық өлді. Айналып келсе арқадан, Құлата берді шалқадан.
Бір қатары тағы өлді,
Инедей көзге ілмейді. “Тауысар оғым” демейді. Сол жағынан кеп еді, Ашылды үдеп өнері.
Қиратты тағы нешеуін, Болмаса ақыр өледі.
Қайтсін байғұс хан Тұрсын, Таусылып қалды көмегі.
Атырабын қаланың Төрт тараптың тамамын,
Неше дүркін ат шауып Әлденеше айналып, Есім хан үзді күдерді. Әр айламен ептеді, Түнінде де кетпеді.
Атқан оғы аспандап, Таса жерге жетпеді.
Зеңбірек, мылтық, доп атса, Қаласынан өтпеді.
Іші шала болған соң,
Алысқа ұзап кетпеді.
Ең қиын жауы осы еді. Өлтірмей кетсе, еп пе еді? Мұныңдағы кетпейді.
Мінажат қылып зарланып, Бірнеше күнді өткерді.
Ұйқы көрмей, ас ішпей, Диқат болып жырлады, Болмай тұр мақсат-мұраты. Ерте тұрып Есім хан,
Таң қарасы болғанда, Тамашалап айналып, Биікке пәс зер салып, Көзін тігіп тұрды.
Ербең етті бір нәрсе, Анық байқап көргенше, Қаланың шығып басына, Бір әйел келді қасына.
Шошайтып қолын нұсқалап, Су шығатын бұрышына,
Мезгіл-мезгіл тұрады.
Су кіретін жер екен, Анықтаса сияғы. “Тілегіңді берем” деп, Әйелге уәде қылады.
Хан Тұрсынның қатыны, Осының айла-ақылы.
Ерлерін өңкей жияды, Тесігінен сияды.
Қосынды жиып, шақ болып,
Қақпасын талқан қылады.
Ұйқысын тездеп оятып, Даяр болып тұрады.
Ақырын барып қозғады, Ұйқысынан оянды.
Түсінеді өзі де,
Үстінде жоқ құралы. Есім ханның жауабы:
–Пайғамбардың сүннеті, Жауап сәлем бердім мен,
Жәке, не қып айрылдың Дария шалқар көліңнен. Ажырап құрбы теңіңнен. Біреуі де қалмады
Мың кісілік әрқайсы, Жора-жолдас бегіңнен, Қазақтан көп еліңнен. Бағың тайып астыңнан, Тәжің түсті басыңнан.
Арылды құрал тәніңнен
Бәрі кетті қашыққа, Енді өзіңді жасытпа! Пешенеде бар шығар, Көресіз де тәңірден”.
Хан Тұрсын айтты: –Шырағым, Не қылса Құдай, ұнадым,
Анықтап білмей сөзіңді, Керең боп тұр құлағым. Өлмесе бәрі жойылсын, Оларды не қылайын?
Осы ма еді уайым?
Тәжі-тағым тауысса, Саған табыс қылайын, Інімсің ғой қияйын, Дүниеде қызық өлімді. Нәубет-нәубет көрулі, Дүниеге тұлға бол, Тұл қалғанға ие бол, Бәрі саған берулі.
Ел түгіл, тақ, жерімді,
Қылып ем мен де тәнтімін, Қылғаныма шыдайын...
Есім хан сонда сөйледі: –Асы жапы пендеміз.
Кім ақысын жедің бе?
Жылатып жетім, жесірді,
Сөз айтып, қорлық бердің бе? Маған да кезек келді ме?
Бар шығар көп қатамыз, Тәуекел атты атамыз:
“Ит пенен құсқа жем қылмай, Айналайын, хан Тұрсын,
Жасыра кеткін», – деді ме? Гүлханымдай анамыз,
Үстінде бүтін киім жоқ,
Быламық іштім, етім жоқ, “Айналайын, хан Тұрсын, Құлақ салшы”, – деді ме? Қарындасым Ханымша Әрқайсыңа жалтақтап,
“Жәкетай”, сірә, – деді ме?
Арам, алал жегізгем, Ұлым, қызым дегізген, Қарсы тұрып ажалға, Енді жәрдем берді ме?
Хан Тұрсын сонда сөйледі: –Қам сүт емген пендемін, Пенде боп нені көрмедім. Қасарғанға қасарып, Қарсы қылыш сермедім.
Мен де жаза бергемін Өзім де тірі күнімде. Зарлап тұрса бір адам,
Көз жасын қабыл көрмедім. Ханның басын хан алар, Қардың басын қар алар.
Қуып қашып кезекпен, Қарайып дүние жоғалар, Жазуға не шара бар?
Жақсы адам жанды қинай ма?
Жаманның ісі табалар. Өліге азар бергенмен Мына сөзің бара бар. Иман айтып Құдайға, Намаз оқып алайын.
Көрдім, көндім, Құдай-ау, Иманымды сұрайын,
Жетерсің ақыр мүддеңе,
Сабыр қып ерлер тұра бер, Жаның шығып бара ма?
Есім хан қабыл көреді, Азырақ сабыр береді. Дәрет суын даярлап,
Қатыны жақын кеп еді, Бармағын тістеп, бас шайқап, Теріс қарап бұрылып:
“Е, опасыз” деді енді. Әйеліне түнерді.
Екі рекет намазбен
Қыбылаға жүзін жіберді.
Салауат айтып Расулға, “Лә иллаха” деп еді, Толғап-толғап садағын, Мекірегін жіберді.
Жүрегінен қақ жарып, Қара жерге қан тамып, Түйреп оғы қадалып,
Шымырқанып, шырқанып, Қашан жаны шыққанша,
Сірә, бір сыр бермеді.
Отырып еді тізерлеп, Сол бойынша жөнеді. Тәуіп, құшнаш жүрегін, Сыбанып екі білегін, Ақтарып жарып көреді. Додаланып, шырғалып, Самал тұрса ырғалып, Шудасындай түйенің Жүрегінің түгі бар еді. Сүйектерін түгендеп,
Жаназа оқып, кебіндеп, Сағанасын тұрғызып, Жалаулап белгі жүргізіп, Бұйырған жерге көмеді. Ханабадта деп еді.
“Надан достан, зерек қас”. Әттең дүние опаң жоқ,
Ап жатырсың себеп боп.
“Жазым болды-ау бір ер деп. Мен де өтермін дүниеден,
Осындай болып кезек кеп”.
Есім хан жылап жіберді:
“Дүниеге тоймас қу көзім, Тындың ба, сірә”, – деді енді. Ақтарып көрсе қазынасын, Алтын, күміс, гауһар тас.
Қуанысып кәрі, жас,
Кемі жоқ, тіпті көп еді,
Қытайдай мүлкін дер еді. Төгілген жері теңелді.
Бөгеді олжа көп елді, Бәрін де артып келеді. Тәуекел ханның тәжісі Бір сандықта тұр екен. Көңілі шат боп, қуанып, Басына Есім киеді.
Хан Тұрсынның қатынын, Айтайын енді ақырын:
Күн сайын сыйлап кетеді. “Жүйе” деп тентек мақұлын,
Жайылып жастық болады Қабағына қарады.
Осындай ізет көрсе де, Күн сайын азып барады.
“Қандай, – деп, – мұның себебі”, Есім хан бір күн сұрады.
Қатынның мынау жауабы:
–Хан Тұрсынның маған қызметі, Осындай боп ізеті:
Қырық қойдың май жілігі
Әр күніне дайын боп, Тұрушы еді қайыл боп. Жақсылығын айтамын, Азбай, тақсыр, қайтейін, Өлгеннен соң жазым боп,
Өгейсіндім соны деп...” Есім ханның қаһары кеп,
–Опасыз жалған әйел, – деп, – Болса да, мен дұшпан ем.
Сондай күткен еріңді
Маған ұстап бердің, – деп, – Кімге опа қыласың?
Берейін саған жаза, – деп, – Қинап-қинап өлтірді.
Қатын да кетті тамам боп.
Қатынның мынау болды ақыр түбі,
Ғибрат ал үлкен-кіші, ойлап мұны. Еркексіз әйелдің де күні болмас, Әйелсіз еркектің де болмас күні.
Опалы алалына кез қылмаса,
Бір опық жегізеді ақыр түбі.
Бұл дүние, ол дүниеге залалы бар, Осындай кесапаттың тисе бірі.
Өз байын дұшпанына ұстап берді, Осындай-ақ бір еркек жақсылығы. Күткеннен опа қылса, қылар еді, Бар ма еді еш нәрседен тапшылығы. Түбіне не ерлердің әйел жеткен Ойлағын, үлкен-кіші, жақсы, мұны. Есімді анасына келтірелік,
Осындай тақалды ақыр жаудың түбі.
Ана насихаты
Енді келіп Есім хан, Анасын іздеп жолықты. Аман-есен көріпті,
Ботадай боздап, көрісті. Өкпесін айтып зарлады, Жүрегі қалған шемен боп. –Өтірік пе, рас па?
Түсім бе осы, өңім бе? Қозым, сені көргенім.
Көргеніме сенбеймін, “Елестеп қаял жүр” деймін. Не көрмедім дүниеде?
Алысқа кетсең, арман боп, Қалбыр жүрек боп өлдім. Бір-ақ өлім көрмедім, Туғаның кейін болған соң, Өлгеннің қадірін білмейсің. Басыңа келсе білесің,
Ата-анасын алдында ал,
Баланың дағы қалмасын. Сенде мендей боларсың, Үйленіп қатын аларсың, Қатын-бала табарсың,
Ұл сүйіп, қызды боларсың. Өз жайыңа қонарсың.
Өзен, суға барарсың... Атаң кетті жайланып,
Көрмей қалдың арманда, Қартайған әкең қарасын.
Мені қайдан табарсың, Ұялас ұшқан сұңқарың, Қанат-құйрық, жұбайың, Іздеп, сұрар жекжатың, Артта медеу, миятың,
Ханымшаң кетті қай жаққа? Оны қайдан табасың?
Қайта жасап ата-анаң, Інімен бітіп қарындас, Түгендер ме еді шаласын.
Арт жағыңнан көгертіп, Сідігіңе дарытса,
Перзентті, балам, боласың. Қызба табан желікпе, Әрдәм қиял ойыңыз,
Мас буын әлі бойыңыз. Елде жаршы қойдырып, Төрт түлік малдан сойыңыз. Ақ батамды берейін,
Құтты болсын тойыңыз!
Өлгенге Құран оқытып, Сағанасын бекітіп.
Қосылып ем он бес жасымда, Бірге жатсам қасында,
Құдай қосқан жолдасым Бабаатада қап еді.
Терең қазып тепкілеп, Қасына бірге қойыңыз.
Келеді, балам, жақындап, Түсімде көрген осы кәп.
Біздің де болар тойымыз.
Мүдделі осы ойымыз... Топырақтан бір түріп, Ақ туына жүгіріп,
Маһшардың жарқын күнінде, “Үмбетім” десе Пайғамбар, Өткенге тоба келтірдім.
Көргенге шүкір бір уа бар... Насихатым және де:
Жалаңаш, шөлейт жер еді,
Байтағыңды тұрғызба Түркістан атты қалада. Ауасы салқын, жері саз,
Тірлікке бейнеті аз, Сары қымыз, сырбаз ет, Көңілің қош, қысы-жаз,
Шымкент, Сайрам жарасар, Осында тұрсаң жарасар.
Әзірет Сұлтан атасы Сансыз баптың жайы бар.
Көгере жайлау Алатау, Еріксең, әр қилы аңы бар. Екі Келес, бір Талас,
Қозыбағар, Иірқас, Төңіректе сәні бар. Асанқайғы сөзі бар. Наны тәтті, ісі күш, Бір қиялға ауыр іс. Еңбекпен күн көретін
Ташкент деген бір шаһар.
Әділ сұрап, қатты тұт.
Көшпелі, қопал жұрт еді, Сақтаған ғана айуан мал. Жыламасын бұқараң,
Нашардың бағы боп жүргін. Жетім-жесір, балалар.
Олжаға көп жүгірме, Дүниең жетер бүгінге. Адамымен жолдас боп, Ғаріптердің көңілін ал,
Дуасы алтын емес пе? Жетік пірден бата ал.
Берекесін соң мыңға арзыт, Артымда, балам, аман қал. Бұ да шала қалмасын.
Көкім бидің сөзі бар. Тірлігі Есімнің,
Осындайша көп еді. Сарамжал қылып кеп еді. Қимай тұр кезі беруге.
Қашырғанда серік боп, Бұ да қырып кеп еді.
Қырылып, қашып біткен соң Хан Тұрсынның байтағын Көкім би жайлап қап еді.
Былай шығып Есім хан, “Былай тұрғын” демеді. Ер Көкімнің сондағы
Айтқан сөзі бұл еді:
Көкім би Ташкентке бек сайланды
–Армансыз, ер Есім хан, олжаландың,
Бір тайпа түгел алып олжаларын.
Арманың бұл жалғанда қалғаны жоқ, Мүддеңнің бәрі болып, ырзаландың. Ынтымақ, ауыз бірлік қып тұрайық, Сайлы жұрт, жасаған жау, қырса бәрін. Найыбың өзіңнен соң мен болайын, Баласын қырғыз-қазақ бір санағын.
Артыңнан мен інің боп сүйенейін, Қолайтты, қатты жауға жұмсап алғын. Бір шеті халқыңыздың Қапқыз болды,
Бір шеті Қытай болып шегараңның.
Ұрыссақ, еш патшадан бос келмейміз, Баршасы түгел тұрса бұқараңның.
Бытырап ауыз бірлік болмаған соң, Русия жақындатты Қырым ханын.
Халқымен Ауған, Бұқар шырын болып, Үйреніп ғылым, өнер бірталайын.
Кәпірге оң жақтағы қарсы тұрып, Кірейік қолайтына Түркияның.
Қамын да балалардың ойлау керек.
Еңбексіз жегеннен соң жұрттың нанын.
Сөзінің мынау айтқан жөні келді, Бас изеп жұрттың бәрі “Тура” деді.
“Шағылып орыстан да қалып ек” деп, Ұнатып “мақұл” десті көбі де енді.
Мысалы, әскер басы адамдай қып, Іштері бір-біріне жылы келді.
Ташкеннің найып сайлап қаласына,
Неше уақ халқы тыншып, тыным болды. Осымен біраз уақыт кетті өтіп,
Халқы шат, сансыраған халі кетіп.
Есім хан жақсы жерден үйленген соң, Келеді ұл ержетіп, қыз бойжетіп.
Бір күні ер Есім хан қамданады:
«Зиярат қыламын, -деп,- Қашқар өтіп. Әр түрлі асыл, қымбат нәрсе алды, Нәзірім осы болсын, көрсем жетіп...
“Барамын, – деп, -Қашқарға”, Есім батыр қам қылды.
Уәзір, ханын жам қылды.
Уәзірі – Жақсығұл, Алшын-Жаппас Жиембет, Сүлеймен ұлы Сиқымбай, Ілгеріден уәзір бұл.
–Көкім би, саған бұйрық бұл! Ташкенттің жасап, қарасын, Ойран болған орласын,
Түзетіп, жасап, тәуір қыл. Тапсырдым саған, мұны біл. Осы күнде Ташкентте
Көк күмбез деген орын бар.
Піна қылған Көкім би.
–Дайындадым артымды, Болжам, байқа халқыңды. Ер Жиембет, Жақсығұл, Ертең өткен жау болса,
Бос келместен, аңдып тұр. Қашқарға барып келейін, Көрмеп едім неше жыл.
Көп айтысып қоштасып,
Кідірместен жүреді.
Бірнеше күн жол жүріп, Аз ғана емес мол жүріп, Аман-есен көреді.
Құшақтасып, көрісіп, Жайы-күйін терісіп, Аңсап тіпті кеп еді.
Әңгімесі көп еді,
Хан Тұрсын жайын қалдырмай. “Тамамдап бәрін жайладым,
Қашқанын тауып, қоймадым, Тауыстым, – деп, – адамын”. Бәрін де айтып береді.
Бір күптігөй арман бар, Ақыреттік уайым.
Құпия баян қылайын,
Хан Тұрсынның қатынын. Сауыт-сайман, әнжаммен, Ұстап ап, зина қып едім.
Айтқан сөзі батылдың:
“Игілігін төсектің
Хан Тұрсыннан көп көрдім, Сенен көрдім, азамат,
Игілігін үйірлік
Салмағы ауыр бөксемнің, Есесін оның жеткердің...” Пұшайман болып, ойланып, Айтқан сөзін жек көрдім.
Заманым қандай болады, Кешер ме осы күнәмді?
Аппақ қожа ойланып, Қаялданып сөйледі:
–Ғайып ісін болжал қып, Пайғамбар да демеді.
Құдай өзі біледі. Сонда-дағы, шырағым,
Жұбатпасам бір кеппен, Көңіліңе келеді.
Жәседің сенің қойылар, Қоспа судың өзені.
Бір замандар болғанда, Сары жүзді, қой көзді Адам алып, ем қылар, Бір нәрсеге тәніңді.
Кешілмесе сол уақта, Күптігөймін мен енді, Ақыретің болсын, – деп, Сонда да дұға береді.
Осы сөздер мақал боп, Көп заманға келеді.
Құлақтанып біреулер, Біреуден біреу есітіп, Әңгімеде дер еді.
Өр жағынан Шымкенттің, Тіке құйған саласы
Сайрам су оны дер еді.
Қасқа су барып құйылған, Айналып бір тығырдан, Қоспа өзені сол еді.
Қуандық, Жаныс бір ата,
Отан қылған жер еді. “Нарбай сазы”– деп еді.
Байжігіт, Жандар дейтұғын, Ағайынды неме еді.
“Бар, – деп, – ашып дүние”, Адамның басын көреді,
“Қазандай үлкен” деп еді. Отқа салып, күйдіріп, Жауырына аттың себеді.
Жақты ма бұл іс өзіне?
Бардам болып, өрледі, Онан соң кемдік көрмеді. Тірі күнде есіттім.
Осы адамдар өздері Кешегіде бар еді.
Есім ханның мүрдесін Осы күнде сол дейді. Өтірік пе, рас па?
Шежіре сана дегені.
Есім хан қайтпақ болды көп күн жатып,
Қожа мен мауқын басты қона жатып.
–Тақсыр-ау, сырттан дұға қып тұрыңыз, Алыстан ғайып-ана, сәлем айтып.
Енді жүз қияметте көрісерміз,
Үзілсе нәсіп болмай және қайтып. Бегімен, ерлерімен амандасты...
Қашқардан Шымкент, Сайрам келді қайтып. “Елеуреп елдің жайын біліп тұр” деп, Хандарға ұзақ-жақын сәлем айтып...
Қазаққа сондай заман болған емес,
Көсіліп қол-аяғын тыныш жатып. Ілгергі көнелерден бір сөз қалған, Сылтау қып, тарынғанда, осыны айтып: “Есім хан, Сиқымбаймен өліп тағы,
Айтатын күн көрдік”, – деп, мақалдатып. Байтағы онан кейін Шымкент болған, Ташкентте Көкім бидей бегі жатып.
Жаз болса, Алатауды жайлап жүрген, Ұлы жұрт, кіші жұртқа желі тартып. Дегені “Үлкен Орда”, “Кіші Орда”,
“Бәйбіше” деген жер бар бүгін де артық.
Қызығын дүниенің көріп өткен,
Жау жүрмей маңайынан онан қайтып. Онан соң күллі қазақ мамыр болды, Мал бітіп, қарын тойып, тәуірленді.
Қой бітіп, қоңсы қонып қарасына, Қарны аш, жалаңаштар іздеп келді. Мүддесін көңілдегі әркім істеп, Диқандар сүдігер қып тәуір жерді. Желпініп жүйрік атпен көкпар шауып,
Қаламай халқы ауырды қалыпты енді.
Тәсімін сауда-саттық әркім істеп, Қауыпсіз әр патшаға барып келді.
Жетім ұл, жесір қатын мың қой айдап, Бозторғай ұя салды жүніне енді.
Жаман қыз, жаман қатын былай қалып, Сұлу қыз, жүйрік атты бәрі іздеді.
Пұшық қыз, кер шолақты таңдап тиіп, Мінәсар, әркім сүйіп, теңін тапты.
Отырып халық орнында, хан тағында,
Дұшпанға құлақтары түрулі еді.
Хан өсиеті
Шақырып, Есім айтты, қазақ ұлын: “Қадірін білісу керек бұл дәуірдің. Көлденең, қарсы жауға неше шаптық,
Кейде жау, кейде барып жұртқа ұрындық. Сырбаз жеп, қымыз ішіп, ақымақ боп, Зілінде жарамайды көшпелігің.
Даланың жазын жайлап, көгін көктеп, Өнерсіз тағы садда аңқаулығың.
Қалалы, орнықты ел болмадыңдар,
Киіз, туырлық ағаш үй тірлігің.
Қарның тоқ, уайымың жоқ болғаннан соң, Қамы жоқ инедейін кейінгінің.
Қай жерге қарсы жауың қуып, шаншып, Қатты жау қалмақ еді кердең-күрдең.
Талқыңа қуып шығып, белін буып, Салмақты патшаларға теңелдірдім. Менен соң күнің қысым, малың талан, Көп болар, алты ауыз боп, көрген күнің. Парласам бір-ақ жүзге жасым келер,
Түбіңе жетер түбі алалығың.
Бұл жақта – жапон-қытай, бұл – жақта орыс, Біреуі алмай қоймас өнерлінің.
Менен соң қилы-қилы заман болар, Қоңсы боп, шегір көзді адам қонар. Атаны бала рая қылмайтұғын,
Ағаға іні қарсы табан қояр.
Біріңді-бірің шағып, күнде өлтіріп, Мал-мүлкің, қатын-балаң талан болар. Соратын теспей қаның, басшы болып,
Ақырың осыменен тамамдалар.
Біріңнің бақайыңнан бірің тартып, Мен емес, мына күндер саған болар.
Мейлің қор, мен кеткен соң, мейлің зор бол, Менен де санаулы күн ада болар.
Қос-қос орда, қос орда Қосылып қонбас бізден соң. Бала сыйлап атасын, Құрметтемес бізден соң.
Жетегіне ағаның
Іні жүрмес бізден соң. Ауыз бірлік, ынтымақ, Бола бермес бізден соң, Бала қамын ойланып, Ер тумайды бізден соң. Ғылым-өнер үйреніп,
Қазақ болып қарайып,
Халық болмас бізден соң. Қарсы тұрып қарасып, Жаумен ұрыспас бізден соң.
Берекелі күндер боп,
Мамыр болмас бізден соң. Тиын пара жеместен, Төре жүрмес бізден соң.
Қалай болсаң, олай бол, Өзім, қазақ өлген соң”. Есім хан осылай деп еді,
Барша жұрт жылап жіберді... Дүниеге кімдер келмеді, Құдайдан бөлек өледі.
Солар да дүниеден кетті өтіп, Санаулы уақтылы күндер жетіп. Есім хан балаларын үйлендірді, Тегі бар, сұлу қыздан деректетіп. Екі ұл екі қатыннан пайда болған, Қояйын аттарын да мәлім етіп:
Деуші еді Көркем Уәли, Уәлибақы, Хан болды, бұларға да кезек жетіп. Баласы бәйбішенің, хандық тимей, Араз боп, Үргенішке кетті өтіп.
Арасын есептесең төрт атамен Тоқтайды хан Абылай ханға жетіп. Қолында Төле бидің түйе бағып, Біраз күн жәбір көрген, тарлық жетіп.
Сол күнде мәшһүр болып, хан сайланған, Қонтажы тұрғанында күш көрсетіп.
Қасым хан – отыз ұлдың біреуі еді, Хан болды Кенесары одан өтіп.
Наурызбай, Кенесары өлгеннен соң, Қарады Русияға, хандық кетіп.
Түсінде Тәуекел хан он ай көрген, Осылар сол көргені тарап кетіп.
Бәрі де осал кісі болған емес, Дұғасы Аппақ қожа дарып кетіп.
Әмбесі Шыңғыс ханның нәсілі еді. Баяндап бас жағында айтып еді.
“Қожа – нұрдан, төрелер – сағымнан” деп, Шежіре санада да айтушы еді.
Тарайды Әмір Темір осы ұрықтан, Бәрі де бұл әулеттің барыт еді.
Жеті жүз елу жылдай жұртқа ие боп, Сұраған төрелердің нәсілі еді.
Қалдырмай, мұны-дағы баяндайын, Бір сөзді хан Абылай деген еді.
Абылай ханның дегені: “Мысалы, біз – жолбарыс, Бізден қабылан өнеді.
Қабыланнан қасқыр туылар, Қасқырдан түлкі төменгі”.
Қан шеңгелдеп туылған
Қасым хан қабылан боп еді. Қасқырдай шапқан жауына Наурызбай, Кене төре еді.
Ешкім осал демеген
Кене менен Науан төрені. Орыспенен ұрысып, Алдынан қашқан бұлтылдап. Түлкісі Сыдық төре еді.
Хандығы кетіп, тауысып, Пәстеп-пәстеп кеп еді.
Шыңғыс ханның нәсілінен Мұнан соң хандық түгелді.
Арасында қазақтың Шежіре сана аралас Бұдан үлкен әңгіме, Болған емес тағы да.
Нысаны бар жерлердің, Сөздерінің бәрі рас.
Таусылды өлеңі,
Мұны жазған ақынның.
Перзенті Жаныс затының Қазанқап – атын дер еді.
Осы сөздің ішінде, Жаныстың халқы нәсілінен, Құдайберді баласы
Әлібек би боп аталды. Алты ұлы бар осының: Бесінші ұлы – Төле би. Ең кенжесі – Елібай.
Мұны жазған ақының Сонан барып тарайды. “Үш алаштың баласын
Сұраған үш би”, – деп айтар, Қазақтардың мақалы.
Қаз дауысты Қазыбек Бұл кісінің баласы,
Айтып ем Шаншар мырзаны. Кіші жүздің билерін Жидебай деп атайды,
Заманнан бері қарай. Есептесек болжал қып, Сегіз ата тарайды, Санап қоссам баланы. Атадан ата тарауы...
Тамамдайын бұларды. Есім хан төре, патшадай Баршаны жеткіз мұратқа,
Қол жайып дұға қылалы.